«Күміс белдік» повесінде қызыл террордың адам басына әкелген тауқыметі



бет10/18
Дата20.06.2018
өлшемі1,12 Mb.
#43622
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18

Партияның ХХІІІ съезінен кейін «Талас» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытына тәжірибе алмасуға алыстан да, жақыннан да келетіндер көбейді. Әсіресе шаруашылықтың шөл және шөлейтті аймақтарды игеру тәжірибесі қызықтырды. Құмды өңірдің оазисті жерге айналуы 1962-68 жылдары Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан, Ливан, Иордан, Сирия, Монғолия елдерінен келген ғалымдарды таң-тамаша қалдырды. Әсіресе Ливаннан келген атақты ғалым Иса Мустафа Әбдірді сұрақтың астына алып, әбден басын қатырды. Басты сұрағы құм көшкінін тоқтату, сексеуіл егу әдістері болды. Әбдір оның осындай сауалдарына ата-баба әдісі арқылы түсіндіруге ұмтылды. Құмға топырақ тасымағанын, егер шөл далада өсетін өсімдікті дәл таба білсе, сол өңір құнарлығы арта түсетіндігін түсіндірді. Құм көшкінін тоқтату үшін бірнеше белдеулер жасау керектігін айтты. Осы өңірде өсетін бес түрлі жусанды бірте-бірте құмға жақындата түсу керек. Өсімдіктердің қалдығы, малдың тезегі құмның құрамын бірте-бірте өзгертетіндігін де жеткізді.

Шетелдіктер құмдағы алма бағын көргенде еріксіз таңдай қақты. Қып-қызыл кеседей аппорттарды қайта-қайта қолдарына алып, сыйпай берді. Табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, шөре-шөре түйені, қорс-қорс шошқаны, қыт-қыттаған тауықты, су жүрек қоянды көрген олар шаруашылықтың сан-салалы болу себептерін білуге асықты. Егіншілік бригадасының өсіріп жатқан көкөністен дәм татқан олар көпке дейін тамсанып, таңдай қақты. Олар Кемел көкесі өсірген тары алқабын ұзақ тамашалап, құмды топырақта тары өсірудің сырын қайта-қайта сұрады.

Шетелдіктердің көп тамсанысының нәтижесінде Иса Мустафа Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен «Фермер Сағынтаев мырза» деген кітап жазды. Бұл шын мәнінде Кеңес елінің шаруашылық басшысы туралы БҰҰ-ның қабырғасынан шыққан тұңғыш кітап еді. Алғаш фермердің мағынасын түсіне алмай, сөздіктерді аударуына тура келген. Сол кезде ішінен «ондай күн қайда?» деп бір ой түйіп қойған. Жеке меншік десе өкіметің де, үкіметің де шоршып түседі. Шынында да «өзімдікі», «менікі» деген қағидат өндірісті алға жетектеуші үлкен күш екені айдан анық. Ал қазір «советтік», «ұжымдық» меншік кезінде, барлық еңбеккерлердің бойына «мынау сенікі» деген сенімді сіңіру қиын. Мұндай жағдайда жаны ашымастық, ысырапшылық орын алады. Қалай дегенде де еңбекшінің ынтасын туғызу үшін нақты жұмыс керек. Жарыс бұл міндетті орындай алмайды. Сондықтан да табысына қарай аямай ынталандыру сыйлығын беру керек. «Бай болып кетеді» деп қорықпау керек. «Елде болса ерінге тимей ме?!». Не керек, Исаның кітабын оқығаннан кейін Әбдір осындай ой қорытты. Ол әсіресе құмды өңірді игеру мәселесіне де ерекше назар аударып, атқарған жұмысын үлгі етіпті. Әсіресе изен, сексеуіл егудегі тәжірбиесіне ерекше ден қойыпты. Шынында бұл жұмысты тұрақты түрде жалғастырып тұрмаса, құм көшкіні болатыны анық. Соңғы жылдары осы бағыттағы жұмыс баяулап қалғаны бар.Үкімет назар аудармаған соң жергілікті жерде ынта қайдан болсын!?

Шетелдік журналист өте сұранымды қаракөк елтірі алуға қол жеткізудің қыры мен сырына да ерекше назар аударыпты. Мал асыл болмай көбеймейтіндігі бесенеден белгілі. Сондықтан да Әбдір шаруашылыққа басшы болысымен осы мәселеге жіті назар аударған. Алдымен мал мамандарының білімді, білікті болуына назар аударды. Соларға тапсырма беріп, дене бітімі ірі, егізден төл төгінін беретін саулықтарды және асыл тұқымды қошқарларды бір фермаға шоғырландырды. Одан кейін ғалымдарға жүгінді. Сол кезде одаққа белгілі ғалымдарды шаруашылыққа шақырып, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап көрді. Содан соң ғана малды асылдандыру туралы жекелеген ғалымдарға сенім артатындығын ашық айтты. Қазақ қаракөл ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Миргаяз Ширинский, Раиса Баймұратова, Любовь Васильева жергілікті мал мамандары мен шопандармен бірлесе еңбек етті. Ақыры 1962 жылы мемлекеттік комиссия «Талас» қаракөл совхозына «Талас» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауыты» деген атақ берді. Бұл өмірге қаракөлдің «таластық» деп аталатын елтірінің келуімен тікелей байланысты. Осы істе шаруашылықтың зоотехник-селекционері Елизавета Акатованың сіңірген еңбегін Әбдір Сағынтаев әрқашан да бөлекше айтатын. Алғаш отарлардағы асыл қойларды іріктеу, оларды Арал фермасына шоғырландыру жұмысын тікелей Елизаветаның атқарғанын үнемі айтып отыратын. Исаның кітабында малды асылдандыру мәселесін сөз еткенде бұл ашып айтылмағанымен асылдандыру жұмысында шаруашылықтың мал мамандарының ерен еңбегін аңғаруға болады.

… Аудан орталығынан шыққан «Талас» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытының директоры Әбдір Сағынтаев ауылға жеткенше асықты. Оның да өзіндік себебі бар. Ертең жолға шықпақ. КПСС Орталық Комитетінің берген жолдамасы бойынша биыл Құндызай екеуі Кисловодскіде демалмақ. Жаңа ғана аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына бұрынғы келісім бойынша ертең демалысқа шығатынын тағы да ескертті. Бүгін кеш болса да шаруашылық басшыларына берілетін тапсырмаларын нақтылай түспек.

Асығыс болса да Үшаралға бұрылар жерде:

– Серік, Жалқамысқа бұрыл, – деген директор орнынан қозғалақтап, алға қарай ұмтыла түсті.

Шофер үн қатпастан УАЗ-дың рөлін оңға бұрды. Жолдан жайлап шығып, машинаны жотаға қарай тіке салды.

Әбдір төбеде ұзақ тұрды. Серік бұрынғы әдеті бойынша машинасынан түспей директордың қимылын сыртынан бақылап отыр. Директор болса бір орнында ұзақ тұрды. Анда-санда көк аспанға қарап, жұлдыздардың орналасуын зерделегендей. Әлден соң Жалқамыс биігінің шығыс жағына қарай беттеген бастық көрінбей кетті.

Жақында ғана Әбдірдің жүргізушісі болып орналасқан Серік бастығының кейбір әдеттері мен іс қимылдары таңғалдыратынын саралады. Бастығының Жалқамыс биігіне көтерілген сайын жаңа шешім қабылдайтынын да біледі. Ол шешімдер негізінен шаруашылыққа қатысты болды. Серік бүгін де тағы бір түйіннің шешуі табылатынын сезді. Өткен жылы да курортқа кетіп бара жатып осы жерге бұрылғанын көрген болатын. Ол кезде үйренуші ретінде бұрынғы жүргізуші Валентиннің жанында жүрген. Сол жолы жотаның қырқасында жалғыз өзі ұзақ тұрғаннан кейін: «Зоотехникке сәлем айт, биыл қыс жұмсақ болады. Шамалы саулықты СЖКмен ұрықтандыруды жүзеге асыруды да ойластырсын» деген. Шынында да сол жылдың қысы жайлы болған. Төл төгіні мол болып, республика бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Ойлап отырса директордың кейбір ісі елден ерек. Мәселен міндетті түрде көлікте айран, дәрі, су, жылы киім мен жамылғының болуы алғаш қызықты көрінгенімен қазір мұның өте дұрыс екеніне көз жеткізді. Ой құшағында отырып бастығының келіп қалғанын да байқамапты.

– Кеттік. Конторға барамыз. Анатолий Федоровичпен сөйлесу керек, деген Әбдір үнсіз қалды. Серік бастығының обкоммен сөйлесер сөзінің тамырын да түсінгендей. Тағы да шаруашылыққа байланысты мәселе жөнінде Шаловпен пікірлесетінін білгендей. Екеуі бір-бірін аса қатты қадірлейтінін еске алған Серік екі азаматтың қалайша дос болғанын білгісі келді. Бастығынан оны сұрауға бата алмады. Мұны толғандыратын сауалға жауап беретін кісі Құндызай ғана.

Кеңсеге келгенше үн қатпаған директор кабинетіне кіріп бара жатып: «Күте тұр. Тағы баратын жеріміз бар», – деді. Жүзі қобалжулы. Дауысы салқын, сөзі баяу. Біраздан бері директорының мұндай кейпін көрмеп еді.

Әбдір кабинетіне кірісімен байланыс бөліміне телефон шалып, өзін Анатолий Шаловпен қосуды тапсырды. Телефон трубкасын құндағына қояр қоймастан коммутатордың дауысы естілді.

– Жәке, сөйлесе беріңіз, – деді жәй ғана.

– Анатолий Федорович, есен саусыз ба? Кештетіп телефон шалып жатқаныма ғафу өтінемін. Шалдың баласы болған соң, сізден ақыл-кеңес сұрап тұру біздің міндетіміз ғой, – деп Әбдір күлді.

– Әбдір, айтатыныңды тезірек айт. Жол жүргелі тұрмын. Меркі ауданына түнделетіп жүретін шаруа бар. Өзің білетін баяғы арыз-шағым ғой.

– Биыл қыс қалай болар екен? Сіздерде жоғарыдан келген ақпар жоқ па?

– Не, бізді жаратушымен сөйлеседі дейсің бе? Шалов бар дауысымен қарқылдай күлді.

– Жоқ. Әлгі ауа райын бақылайтын орынның мәліметтерін айтқаным ғой.

– Әзірге жүрек қобалжитындай хабар жоқ. Рас, кейбір жерлерде қар қалың жаууы мүмкін деген болжам бар. Бұл болжам ғана. Міне, қараша айының үшінші он күндігі басталса да қалың қарыңыз жоқ.

– Өзіңіз білесіз демалысқа кетіп барамын. Жүрегім бір нәрсеге алаңдауда. Қыс биыл созылыңқы болуы мүмкін.

– Барлық аудан: «Қысқа сақадай сай дайынбыз» деп ақпар бергені қашан. Қысқа дайындық туралы социалисттік жарыстың жеңімпаздарын да анықтап қойдық. Қорқатын ешнәрсе жоқ сияқты. Демалысыңа бара бер.

– Ол мәлімет қой. Шындығын сіз бен біз жақсы білеміз. Бар шөпті қыстауға жақындатып, малды топтастыру керек деп отырмын. Үлгергенімізше осы шараны жүзеге асырамыз. – Әбдірдің сөзі нығыздау шықты. Өзіңіз білесіз, бізде мал қорасы да жоқ. Жан жағына қөң, қи үйіп, суықта соны паналайды. Сонымен бірге қыста да жайылымның жайлы жерін іздеп үнемі көшіп жүретіні тағы бар. Дегенмен де қыста қатты суықтан паналайтын жерін әрбір шопан жақсы біледі. Соған қарамастан қыстауға жақын жерге шөп жинағандар шамалы. Бұл бұрынғы жылдардан келе жатқан әдет. Егер қалың қар жауса күніміздің не болатынын ешкім білмейді.

– Бұлтты қоюлата берме. Өзің көлеңкесінен қорқатын қоян болып кеткенсің бе? Бәрі жақсы болады...

Әбдір Шаловтың сөзіне қанағаттанбады. Болжамын қуаттайтынын немесе жоққа шығаратыны жөнінде нақты біле ала алмағанына өкінді. Орындығынан тұрып, бөлменің ішінде ары-бері ұзақ жүрді. Әлден соң есіне бір нәрсе түскендей сыртқы есікті ашып, Серікті шақырды.

– Барлық бас мамандарды алып кел. Жол жүрер алдында жаңа тапсырмалар беруге тура келіп тұр. Серік кетісімен тағы бірнеше кісіге телефон шалды. «Бостандық» совхозының директоры Сейілбек Әбдиев жұмыс орнында болып шықты.

– Жағдай қалай? Қалай ойлайсың, сен менен көрі көп білесің, райкомның хатшысы болған азматсың ғой, биыл қыс қандай болады?

– Жұт келсе бәрімізге бірдей келер. Жылдағы кең етектің кері. Алдау көп. Кеше ғана бүкіл қой қыстауларын аралап шыққанда көзім осыған жетті. Бүгін түнделетіп отырғаным – тездетіп жемшөптің мол қорын дайындауды тиянақтау.

Сейілбек өзіне тән ұқыптылық пен іскерлігін сөзінен таныған Әбдір досының көңілін көтере сөйлеп, пікір алмасқаны үшін рахметін айтып, қоштасты. Телефонды қояр-қоймста кабинетке бас мал дәрігері Ералы Аққұманов кіріп келді. Әбдір бір сәт тосылып барып сәлемдесті. Ералының бас мал дәрігері болғанына бір айдан асса да, үйренісе алмай тосырқап жүргенін жасыра алмайды. Иван Павловичтің орнын баса ала ма, баса алмай ма, оның бастаған істерін аяғына дейін жеткізе ме, жеткізе алмай ма – көңілінде осы күдік бар. 1970 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп келген Ералыны бірден Иван Павловичтің жанына қосқан. Краснояр өлкесінде білім алып, білімін нақты іспен Үшаралда жалғастырған Иван Мальцевтің орны әрқашанда бөлек болатын. Қажет десеңіз бүкіл ауданның, облыстың мал дәрігерлері оның аузына қарап, істеген істерінен үлгі алып, айтқанын тәжірибелеріне енгізуге ұмтылатын. Отыз жылдай қоян-қолтық араласып, «шәй» деместен бірден бір-бірін түсініп, еңбек еткен досының зейнетке шығып, ауылдан көшіп кеткені жанына батады. Әлі есінде, ол алғаш қызметке келгенде: «Директор жолдас! Қаракөл қойын өсіру басқа қойларды өсіргенге қарағанда анағұрлым қиын. Алдымен мұның негізгі өнімі – елтірісі сапалы болуы керек. Сонымен бірге, еті де, жүні де өтімді болуын ұмытпаған жөн. Оның үстіне қаракөл қойы табиғатында егіз туады. Егіз туатын малдың жем-шөбі құнарлы болуы керек. Мұндайда олардың организімін күшті ету үшін қосымша биологиялық дәрі-дәрмектерді де беруді ұмытпаған жөн. Сондықтан да мен бірге жұмыс істейміз десеңіз, осы бағыттарда нақты ғылыми, тәжірибелік жұмыстар жүргізем. «Керегі жоқ» деп қолымды байламаңыз. Мені қолдаңыз», - деді. Осылайша Үшаралда Иван Мальцевтің басшылығымен биологиялық пункт жасақталды. Онда алдымен, буаз биенінің қанынан алынатын қаракөл қойына аса қажетті шикізат дайындала бастады. Оны ғалымдар «сыворотка жеребьев кобыль», яғни қысқартып айтқанда СЖК дайындай бастады. Мұны ауызша қойға қан салу деп те атайды. СЖК-ның жергілікті жерде дайындылауы төл төгінін молайтуға жол ашты. Бірақ мұның айқай-шуы да көп болды. Малының күйіне, жағдайына қарамай СЖК-ны мөлшерінен көп беріп, саулықтың зорығып өлуіне ықпал жасаған сәттері болғанда бүкіл облыс тікесінен-тік тұрып, бұл қандай ауру деп таба алмай дал болып тұрғанда облыс басшысына қаймықпай тұрып Иван Павлович мұның «малға жасаған қысастық» деп айтқан болатын.

– Жәке, дайындаған уыздарымыз нәтижесін беріп жатыр. Көрші шаруашылықтар да қолқа салып сұрауда, - деген Ералының сөзіне селк ете қалған Әбдір ойынан әзер арылды.

– Қайдағы уыз?.. Е-е-е, қозыларға беретін уыз ба? Дұрыс-дұрыс. Көп жасаңдар. Қозыларды енесінен айырғанда салмақты болуы, алдымен, уызға тойып ішуіне байланысты. Уызға тоймаған мал түгіл адам да шыңжау болып өседі. Уыз жасауға қажетті сиырдың сүті мен жұмыртқа, балдарың мол ма? Алдынала тапсырыс беруді де ұмытпаңдар.

– Жәке, маған Иван Павловичке сенгендей аса сене бермейсіз-ау деймін. Қазақтың баласының қолынан Иванның атқарған жұмысы келмейді деп ойлайсыз ба?! Иван Павловичтің жанында табаны күректей он жыл жүрдім. Дәрігердің әрбір қадамына дейін ой елегімнен өткізіп, бастаған ісінің аяқсыз қалмауы үшін оқыдым, тоқыдым. Қосымша ғылыми әдебиеттерді көбірек оқуға тура келгенін де жасырмаймын. Бәрі орны-орнымен, жолымен жақсы іс жалғаса береді. Тіпті, қазір облыста алғашқылардың бірі болып малға операция жасауды жүзеге асыра бастадық. Оны өзім ғана емес, өзгелердің де меңгеруін талап етіп отырмын.

– Малға ота жасап жүрмін дейсің бе? Естігем... Бірақ бұл тәжірибе үшін қажет болмаса, шаруашылық үшін тиімділігі шамалы. Себебі, ғылымда да, өмірде де малдың қанша бөлігі өлім-жітімге, ауруға ұшырауы керек, бәрі белгіленіп қойылған. Аса қимас асыл тұқымды малың болмаса, ауру екен деп бәріне ота жасап уақытыңды өткізе беруге болмас.

– Дұрыс айтасыз. Малды емдеу үшін оның жаратылысын, ішек құрылысын білген артық болмайды. Сол үшін жаңа өзіңіз айтқандай малға операция жасау тәжірибе, ғылым үшін керек.

Әбдір жымиды. Жаңа мал дәрігерінің салиқалы да, сабырлы сөздері, бос сөзге емес нақты істерге бет бұруы қуантты.

Зуыттың бас мамандары түгел келісімен директор әңгіменің тоқ етерін айтты.

– Менің байқағаным – қыс созылыңқы болып, қар қалың түсуі әбден мүмкін. Байқасаң биыл жантақтың тамыры тереңге кетті. Бұл қыстың қатал болатынын білдірсе керек. Сондықтан да қысқа дайындық тиянақты болсын. Шамаларың келгенше шөпті қораға жақын маялаңдар. Шопандарға айтыңдар, биыл қойды қоралап жайсын. Табан астынан боран соғуы мүмкін, – дегеннен кейін әрбір басшыға нақты тапсырма берді. – Ең бастысы, аяғы ауыр келіндерді ай-күні жақындамай жатып-ақ орталыққа жеткізіңдер. Ауруханаға шаруашылықтың атынан азық-түлік беруді ұмытпаңдар...

... Биыл да жылдағы дәстүр бойынша «Қонақ ырыздығын Тәңір жеткізеді» дегенді өмірлерінің қағидасы еткен Құндызай екеуі Кисловодскі де, Есентуки де, Пятигорскі де демалып жатқан қазақстандықтарға дәм берді. Ескі таныстарын кездестіріп, көтеріңкі сөздер айтқанымен көңілдің күптілігі жазылмай қойды. Күзгі дала жұмыстарын бітіріп, күйекті зоотехникалық талаптарға сай өткізіп, алма бағын ретке келтіріп, жаңадан егілген жүзімдікті суықтан қорғап, көмуді де аяқтап, бір сөзбен айтқанда қысқа дайындықты тиянақтаған соң ұшаққа мінген. Кисловодскіге келгеннен кейін үш күннен кейін ауылмен хабарласып еді ауа райы малға қолайлы болып тұрғанын есітті. Бұдан кейін қобалжыған көңілдің лүпілін Қаптауының кереметтерін көру арқылы ұмытуға тырысты. Құндызай екеуі демалып жатқан жерінен біраз қашық болса да орыстың ұлы ақыны Лермонтов мекен еткен жерлерді, Қара теңіздің жағалауындағы кереметтерді тамашалады. Желтоқсан айы келгеніне қарамастан ауа райы жанға жайлы, өте жылы. Бұған алдымен Әбдірдің өзі қуанды. Құндызаймен теңізді жағалап, беймарал қыдыра жүріп, ауылдың әңгімелерін ағытты. Балаларының болашағы туралы әңгімелеп, олардың азамат болып өсуі үшін алдымен білімді маман болуларына жағдай жасауды ойластырды. Мұның өзі бір қуаныш болса, қатты суықтарда соғыста жараланған қолы қақсайтыны бар еді. Сол азаптан құтылғандай. Алайда көңілді демалыстарын күрт тоқтатуға тура келді. Желтоқсан айының алтысынан бастап, теледидардан Қазақстанда қардың қалың жауғаны туралы, кейбір жерлерде мал шығыны бола бастағаны туралы хабарлар бере бастады. Тездетіп ауылмен тілдесі. Олар өте күрделі жағдай қалыптасқанын айтты. «Алаңдамай демала беіңіз. Жемшөп жеткілікті, қазір қора басына тынбай тасып жатырмыз» деді. Соған қарамастан Әбдір сол күні ұшаққа билет алды.

...Ұшақтан түсісімен Әбдір Орта Азия әскери округінің қолбасшысы Николай Григорьевич Лященкомен хабарласып, қалыптасқан жағдайға байланысты демалыстан ерте келгенін айтты. Егер шаруашылықта жағдай аса қиын болса техникамен, адаммен көмектесу мүкіншілігі бола ма деген өтінішін жеткізді. Генерал өзіне тән мінезімен арқаны кеңге сала сөйледі.

– Үшаралда қар қалың болса келесі жылы Мойынқұмның аң-құсы да азаяды деген сөз ғой... Генерал осылай деп аңшы екенін еске алғандай сөйледі...

– Николай Григорьевич, мал, адам аман болса аң-құс табылады, – деген Әбдірдің сөзі қатқылдау шықты.

– Шамданбай-ақ қой. Жамбыл облысының бүкіл малы қырылып қалса да еліміздің байлығы ортаймайды. Алайда сенің орның мен үшін ерекше. Сен менің шын досымсың! Мұндайда досқа көмектеспесем мұнда несіне отырмын. Ренжіме... Құндызайға сәлем айт.Ол сенің бақыт құсың ғой.

– Саясы жоқ ағашқа бақыт құсы ұя салмайтынын білмейтін бе едің, – деп күлген Әбдір: – Коля, сенің көмегің алдағы күндері әбден керек болып қалуы мүмкін. Уәдеңді бер, – деп әңгіме тақырыбын қайта шаруашылық мәселесіне бұрды.

– Тауып кеттің, дұрыс айтасың, сенде бір саялы азаматсың ғой... Қам жеме, көмектесеміз. Жоғарыдан рұқсат та аламын. Мәселе шешілетініне сендіремін. Үшаралыңа алаңдамай жүре бер. Тек біздің көмек қашан қажет екенін айтсаң болды. Өзім де барып қалуым мүмкін. Қасқыр да қарға малтығып жатқан болар,- деп, сөзін аяқтаған генерал досына денсаулық тілеп, қоштасты. Алқындыдай сусып, сөзден ұстатпайтын досының ақжарқын мінезіне сүйсінді.

Әбдір облыс орталығына аялдамастан ауылға тіке тартты.

– Бүгін ғана Ақкөлмен екі ортадағы жолды аршып біттік, – деп амандық-саулық сұрасқаннан кейін Серік ауылда қалыптасқан жағдай туралы әңгімелей жөнелді. – Мұндай қар соңғы елу жылда Мойынқұмға жаумапты. Ал Жамбыл қаласының айналасында қар біздегідей қалың емес, күн де жылы. Біз болсақ бес күннен бері ферма орталықтарымен хабарласа алмай отырмыз. Ал, отарларда не болып жатқанын тіпті білмейміз. Үш күн болды біраз мамандар атпен ферма орталықтарына жүріп кетті. Олардан да хабар жоқ. Телефон желілері ауыр мұздақтарды көтере алмай үзілді. Радио байланысын бекер алып тастаған екенбіз.

Әбдір өзіне тән мінезбен Серіктің сөзін есітпегендей үнсіз қалды. Құндызай болса ауылдың жаңалықтарын, немерелерінің қылықтарын сұрап, сағынышын баса алмай, ентіге сөйлейді.

Ақкөлге жақындаған сайын машинаның жүрісі өнбей қойды. Жол шала-шарпы ашылыпты. Кейбір жерлерде машина қалың қарға тығылып, жүре алмай қалды.

– Бәрін айт та бірін айт – адам аман ба? – деген Құндызайға бар денесімен бұрылған Серік:

– Жеңеше, о не дегеніңіз, адам аман. Жаман-жәутік малдан шығын болуы әбден мүмкін, – деді.

– Алла тағаладан адамның амандығын тілейік. Аман болсақ бәрі орнына келеді, деген Құндызай жарына қарады. Әбдірде үн жоқ. Ол жолдың екі шетіндегі биік қар жалдарына қарап, ой тұңғиығына берілгендей көрінді. Артынша мынандай сәтте ой тұңғиығына берілді деп ойлаудың өзі артық екенін түсініп, мырс етіп күліп жіберді. – Әбеке, елің аман болса кемтігің бүтінделеді. Ойлана берме, – деп жарының қолынан сипап қойды.

– Мен әлі де болса мал шаруашылығын дамытуда кемшіліктер көп екенін ойыма алып келемін. Қора-қопсымыз әлі анайы. Баяғыдай, әкейлер қой баққан кезден өзгергені шамалы. Қыстан кейін сессияда мәселе қойып, Үкіметтің осы салаға қаржы бөлуін сұрау керек,- деген директор тағы үнсіз қалды.

Кештетіп ауылға жеткен Әбдір киімін ауыстырып, анасының қолын алып, балаларын құшқаннан кейін аялдамастан мал зауытының кеңсесіне келді. Амандық-саулықтан кейін жағдайды баяндауды өтінді.

– Барлық шопандармен байланыс орнатылды. Тоқты бағып отырған отарларда шығын бар. Сіздің нұсқауыңызбен отарларға жеткізілген азын-аулақ шөп алғашқы күндері жан сақтап қалуға үлкен ықпал жасағанын айта кеткеніміз жөн, – деген бас зоотехник Әрін Әйтекеев әр ферма бойынша қалыптасқан жағдайға тоқтала келіп ауа райы бұзылмаса екі-үш күннен кейін қатынас та, отарларлардағы жағдай да арнасына түсетіндігін айтты.

– Босаңсымау керек. Шөп тасуды жалғастыра беріңдер. Директордың сөзін телефонның шылдыры бұзып кетті.

– Иә, мен, Сағынтаев тыңдап тұрған. Ассалаумағалейкум, Бименде Сәдуақасович, жаңа ғана келдім. Жағдай анау айтқан жаман емес. Әзірге жем де, шөп те жетеді. Тек қуатты техника болса артық болмас еді. Рахмет. Күн сайын хабарласып тұруға уәде беремін. Сау болыңыз, Биеке.

– Тоқтай тұр, асықпа. Майдан даласындағыдай қуатты танкілер бере алмасақ та барын жіберіміз, ең алдымен малшылардың жағдайларын жасаңдар. Жақсы, көріскенше...

– Апырай-а... келіп қалғанымыз обкомның бірінші хатшысына да жетіп қалыпты. Өздерің естідіңдер, обкомның бірінші хатшысы техникамен көмектесетін болды. Солай, шөпті тасуды тоқтатпаған жөн. Отарларға қарды аршып, жол салуды да тоқтатпаңдар.

Көңілі жайланған Әбдір ертең фермаларды аралайтынын айтып, үйіне қайтты.Жолай облыс басшысы Бименде Сәдуақасовтың өткенде айтқан сөзі есіне түсті. «Екеуміздің достығымызды әркім әр саққа жориды.Біздің майдандас екенімізді білмейді ғой. Ел басына күн туған сәтте, қысылтаяң күндері бір-бірімізге демеу болғанымызды қалай ұмытайық. Талай боздақтар майдан даласында қалды. Сен Смоленск даласында жараланып елге қайтсаң, мен Европаның қақ төрінде болып, жеңіспен елге оралдық емес пе?! Қазір сол бір күндерді жиі еске алатын болдым. Екеуміздің алғаш танысқанымызды, бір батальонда болып, шайқасқанымызды, жауға бірге атойлағанымызды еске алып, соны жастарға айтып қоймайсың ба. Әйтпесе сенің туыстарың әртүрлі сөз айтып жүргенге ұқсайды. Мен ешкімге алақан жайып, дүние жинаған емеспін». Сол кезде бірінші хатшының бұл сөзіне аса мән бермеген еді. Қазір ойлап қараса осы сөздердің астарында әрқилы ойлар бар екен ғой. Шынында да майдандангерлердің басы қосылғанда өзінің бірінші хатшымен қырық бірінші жылдың қысында танысқанын айтып қойғанның артықшылығы болмас. Оны білмеген соң әртүрлі қаңқу сөздер айтыла береді. Екеумізді жақындатқан қан майдан екенін басқалардың да білгені жөн ғой...

Сол жылдың желтоқсан айының екінші жартысы мен Жаңа жылдың қаңтар айы жайлы өтті. Қалың жауған қар басылып, тіпті ақпан айының алғашқы күндері бауыры сөгіліп, ери бастады. Ескі жылдың қорытындысы бойынша фермалар арасындағы социалистік жарыста Шекербек Әсемов басқаратын № З ферма жеңімпаз болып танылды. Шаруашылық басшылары төл алу науқанына дайындала бастады.

Бірақ бәрі ойламаған жерден басталды. Алтыншы ақпан күні түске дейін ауа райы аса қолайлы көрінген. Қар еріп, саусақтың жуандығындай жылғалар пайда болған. Шатырлардан жылт-жылт еткен тамшылар көздің жауын алады. Кешікпей көктем келеді. Амалын тауып, жылғалап ағып, бекерден-бекер құмға сіңіп жатқан суды жинаса. Оған қазірге амал жоқ. Дегенменде мұны ойластыру керек. Малды суғармаса да аулалардағы қосалқы шаруашылықтарға нәр беруге болады. Әбдір бүгін Айбас екеуі №4 ферманың орталығындағы Кемел ағаларының үйіне баратынын еске алды. Ағасының қар ерісімен Іргежал, Илан мен Аралбай Доңғалын бетке алып, бабадан қалған төсті іздейтіні еске түскенде мейірлене жымиды. Кеңседен үйге келе жатып осы бір жүрек лүпілін жиілететін сәтті еске алды. Ағасының төс іздеуге шығуы бүкіл әулетте әжептәуір оқиға. Қарттар мен қариялар Кемелдің төс іздеуін әулетке байланысты тарихи әңгімелердің өзегіне айналдырса, жастар жағы «Ақсақ Кемел бабалары көміп кеткен алтын төс пен бірге асыл қымбат заттарды іздеп жүр» деген әңгімені қоздыра түседі. Ойына ағасының атадан қалған төсті іздеуге қатысты әңгімелер мен оқиғалар оралды...

... Небір оқиғаларды арта қалдырып, қыстауға қонған күннің ертеңіне Қалымбет атасы «менде барамын» деп қанша қиғылық салғанымен ағасы Кемелді ертіп, төсті қалдырған жерге бет алған. Іргежалдың етегіне жеткенде Қалымбеттің жүрегі зірк ете қалды. Айналаны сексеуілдің көмірі басыпты. Өрт болған. Атасының жүзін көргенде Кемел қорқып кетті. Екі ұрты салбырап, қабағынан қар жауып, түнере қалыпты. Мұндайда атасынан алыс болғанды қалайтын Кемел әр жерді қолындағы істік темірімен шұқылай берді. Бәрі өртеніп кетіпті. Тек әр жерде сексеуілдің тұқылдары ғана қылтияды. Ұзақ іздеді, төс табылмады.

– Кемелжан, төсті міндетті түрде табуымыз керек. Ертең тағы келеміз, – деген атасының жүзіне төстің табылмауына өзі кінәлідей немересі тіктеп қарай алмады. Қас қарайғанда атасы ауылға қайтатынын айтып, атқа әрең мінді. Біраз жүргеннен кейін мінгесіп отырған Кемелді алдына алды да бауырына қысып:

– Балам, жаурап қалған жоқсың ба? Біз міндетті түрде төсті табуымыз керек. Ол төс алтыннан да қымбат. Менің әкем, сенің бабаң Лепесбай маған «бүкіл дүкенді немереме түгендеп бересің» деп аманат етіп қалдырған. Немерелері Сағынтай мен Мәйкенге ат жалын тартып, азамат болғанда әкемнің аманатын тапсырған болатынмын. Екеуі де анау айтқандай ұсталыққа құмар болмады. Ерінбесе қолдарынан зергерлік келетінін жақсы білемін. Дегенмен де бұл жәді біздің ата-бабамыздың көзі. Ұрпақтарымның сабақтастығын жалғастырар ұлы күштей көремін. Қажет десең бұл дүкен біздің киеміз сияқты көрінеді маған, -деген Қалымбет атын тебінді.

Төсті атасы мен немересі екі жыл бойы іздеді. Бірақ таба алмады. Үшінші жылы қыстауға қонғанда аталары дүниеден өтті. Бұл кезде Кемелдің жасы оннан асып кеткен еді. Сол кезде Кемел төсті іздеу сарсаңы атасымен бірге кетті деп ойлаған. Себебі әкесі Сағынтай аталас бауыры Құлекейдің жолымен кеңес өкіметі орнасымен малын кедейлерге, одан кейін үкіметке өткізген. Құлекей диірмен жүргізсе, Сағынтай атадан қалған мұра дүкеннің жұмысын жандандырды. Жоғалған төстің орнын басқасы басты.

Жылдар жылжып өте берді. Ақ патшаның орнына билікке орысы мен қазағы аралас басшылар келді. Жеку, нұқу кең етек жайды. Қорадағы малыңды өсіруді емес, санауды жиілетті. Әкесі Сағынтай мініске қалдырған үш-төрт атты, бір-екі биені, он шақты қой-ешкіні жайып, біраз ермек етті де, артынша артельдің қойын өзі барып бақты. Сонда:

– Балам, бастың аман қалғанын айт, қанша азаматтар туған жерден алыстап барып дүние салып жатыр. Сендер аман болсаңдар, заман түзелсе, ашқұрсақ болмаспыз. Одан да келін түсіріп көбей. Сонда ғана айымыз оңынан туады деген еді, – деп жанында іс тігіп отырған әйеліне қарады. Бұған дейін болған әңімені бүгін де шиырлаған Кемел бір сәтте қалғып кетті. Болтан көзіне жас алды. Ауызына запыран толғандай болды. Ерінің неге бұл әңгімені қайталай беретінін жақсы біледі.

...Балғамен төсті бір мәнермен ұрғылаған дауысы ғана құлаққа еміс-еміс келеді. Отқа тамып жатқан судың шыж-шыж еткен дыбысы да естіледі. Бабасы Қалымбет самал желмен желкілдеген аппақ сақалын сол қолымен бір тарамдап алды да оң қолымен көрікті пісіп-пісіп жіберді. Жанында әкесі, інілері Нәмел, Айбас пен Әбдір. Міне қызық. Қап қара көрікті аппақ шәйі ақ матамен қаптап тастапты. Сол қолымен көрікті сипап тұрды да оң қолымен қысқашпен оттың ортасынан кішкентай бақырашты көтеріп алды. Одан соң бақырашты жайлап көтеріп, төстің үстіндегі саз балшықтан жасалынған қалыпқа ерітілген күмісті сыздықтата құйды. Тез арада қалыпты аударып, ішіндегі жіп жіңішке күміс білемді алып, қолындағы кірпіктің жіңішкелігіндей алтын сыммен құйманың бетіне әшекей сала бастады. Балқыманың бетіне салынған өрнек біркелкі болып өріле жөнелді. Анық көріп тұр. Атасының жүзінде қуаныштың табы бар. Бағаналы берлі өзіне бір көз тастамағанына таңғалды. Оның есесіне інісі Әбдірге мейірлене қарайды да күміс бетіне зер салуды көз ілеспес жылдамдықпен жүргізіп жатыр. Мұндайда күміс бетіне салынған алтын сірке ертеңгі күні бадырайып шығып тұрмайтын болады. Кенет атасы бұған көзінің қиығын салмастан-ақ өрнегі түгел салынып бітпеген күміс білезікті бұған қарай лақтырып жіберді. Атасынан мұндай қимылды күтпеген Кемел білезікті тосып алмақ болып алақанын жая алға ұмтылды. Алақанын жая Әбдір де ұмтылды. Ал, Нәмел мен Айбас теріс айналып кетті. Алтынмен жартылай ғана әшекейленген күміс білезік күн сәулесіне шағылысып, көкке көтерілді. Білезікпен бірге көкке Әбдір де көтеріліп барады. «Ата, білезік ұшып кетті, ұстай алар емеспін! Көмектес!» деп бар дауысымен айқай салды. «Қорықпа, енді әулетіңе ие болар Әбдір бар. Білезікті сол ұстап әкеледі». «Ата, мен де ұстағым келеді!», – деп бар дауысымен айқай салды...

– Не болды? Кемел, не болды? Неге айқайлайсың?-деген әйелі Болтанның дауысынан оянып кетті.

– Не болды саған, сонша жұлқылағаның не?

Қолыңды ербеңдетіп, «ата... ата » деп бар дауысыңмен айқаладың емес пе? Қорқып кеттім.

– Түс көріппін. Түсімде атам мен көкемді көріп жүрмін. Жарықтық атам білезікті соғып бітірместен маған қарай лақтырып еді, ол көкке ұшып кетті. Білезікті алуға менен бұрын Әбдір ұмтылып, ол да көкке өрледі. Онысы несі екен?! Атам маған менің төсті әлі таппағаныма өкпелі ме?! Жоғалтқан мен емес едім ғой...

Болтан ауыр күрсінді. Кемел әйеліне тесірейе қарап, ақ жейдесін киіп орнынан тұрды. Шығыс сүтке малынып, күннің көтеріліп келе жатқанынан хабар бергендей. Есіктің алдында қимылсыз ұзақ тұрды. Ауылдың әр тұсынан әтештер ән қосып, бір-бірімен сәлемдескендей қиқулады да кетті. Кемел сылти басып қораға беттеді. Ойы он сақта. Түсі болғанымен атасын да, әкесін де өңіндегідей көрді. Бірақ оған Кемел қуанған жоқ. Қайта көңілі құлазығандай, тіпті түс көргеніне өкінгендей. Шынымен күміс білезіктен айырылып қалғаны ма? Аспанға ұшып кеткені қалай?! Бұл нені меңзегені? Басы ауырлап, еңсесі езілді. Шомбал, мығым денесін әрең көтеріп келе жатқандай сезінді. Дегенмен де қораға кірісімен шөп суырғыш ілмек темір мен шотты алып қайта шықты. Екеуін де кермеде жайылып тұрған көне көйлегіне орап, қоржынға салды.

– Болтан, Болтан, – деп дауыстап әйелін шақырды.

– Тағы не болып қалды?

– Мен бүгін түзге шығамын, аң-құс аулаймын, өзіңе қатысты жарақтарды қоржынға сал. Оттық пен кішкентай шойын қазанды да ұмытпа. Кім білсін, қақпанымыз майланып, қанжығамызға түз аңы байланып жатса Желаяқ екеуміз қазан көтеруіміз де мүмкін, – деген Кемел кемпіріне мейірлене қарады. Болтан екінші әйелі. Әрқашанда істің көзін табады. Бірінші әйелі де жақсы кісі болатын. Алайда тұз-дәмі жараспады. Бір күні таңертеңмен киім-кешегін жинастырып төркініне тартқан. Мұны байқаған әкесі оның алдына үш рет атын көлденең тартып; «Қарағым, райыңнан қайтқаның дұрыс болады. Үй болған соң кесе сыңғырламай тұрмайды. Балам үшін мен кешірім сұраймын. Білем, қаталдығы бар, бірақ оның жүрегі өте жұмсақ» депті. Сонда да ол алған бетінен қайтпапты. Бұл өзіне қатты ренжігендіктің белгісі. Әкесі бұл оқиғаны өзіне кеии айтқанда жүрегі қан жылаған. Жазықсызды бекерге жазғырғанын түсінді. Адамды жиіркендірер мінез көрсетеніне өкінді. Сондықтан да Болтанды алақанына салып ұстамаса да екеуара сыйластыққа жол салуды өзіне жүктеген. Кейде дауысы оқыс шығып кетсе артынша оны артынан жуып-шаятын. Қазір де солай болды.

– Мәскеуден Шырақтың келгенін күтпейсің бе? Бауырыңның үлкен жерден марқайып, мәртебесі өсіп келуі қуаныш емес пе? Сиезден кейін қатысқан үлкен жиналысын «сессия» дейді екен. Не болса да қуанып келсе болғаны да. Алыстан Әбдірің келе жатқанда сенің аң аулауыңа жол болсын. Ел не дейді? – деген кемпірі қоржынды көтеріп ерінің жанына келгенде сөзін қайта жалғады. –Бұған мен таңғалмайтын да болдым. Шырақ Мәскеу, Алматыдан келер алдында осылайша төсті іздеуге шығатының әдетке айналған ғой. Өткенде сиезден келгенде «төсті енді іздемеймін» деген сөзіңнен таңғанына жол болсын, – деп күлді.

– Менікі сол баланың қуанышына қуаныш қоссам деген ниет қой. Әбдір келгенше келіп қаламын, бару керек. Қонақ күтуге дайындықты Айбас пен Құндызай-ақ жасай береді, – деді жай ғана. Жаңа ғана қабағындағы кірбің жазылып, жоғалған. Жиренінің жанына барып, жалынан сипап біраз тұрды. Көзінің қиығымен бәйбішесіне қарап қояды. Әлде не нәрсені айтқысы келетіндей. Жадыраңқы жүзі ойға шомылған. Неге екенін өзі де түсінбеді, қараторы жүзі алаулап, жүрек соғысы жиіледі. Мейірленді. Әйелге қатқыл мінез көрсететін өзінің бүгінгі мына қылығына таңғалды. Айтайын дегенін айтпай, жол жүруге дайындығын тиянақтай түсті. Майда-шүйденің бәрін алды. Ешнәрсені ұмытпаған секілді. Атқа мініп, Іргежалды бетке алғанда күн арқан бойы көтеріліп қалған еді.

Бүгін үшінші күн Кемел ақсақал Іргежалдағы әр сексеуілдің, әр ақтаспаның, әр сұңғыланың, әр жыңғылдың түбін шұқылап жүргеніне. Алғашқы күні қоянды атқан болып еді бүгін оны да қойды. Уақыт өткен сайын төсті табатынына сенімі жоғалып, көңілі құлази берді. Атасы дүниеден өтерде төсті табу туралы айтуын өзіне аманат деп түсінген Кемел жыл сайын бес-алты күн төсті іздеуді әдетіне айналдырған. Соған қарамастан төсті таба алмай келе жатқанына талай жылдар болды. Ойлап қараса бабалардан қалған төс, көрік, жауырын әулеттің асыл қазынасы, киесі іспеттес. Бұл заттар алғаш Қалымбет атасының үйінде сақталса, кейінірек оның үлкен баласы, мұның әкесі Сағынтайдың, енді міне шаңырақтың үлкені ретінде өзінің үйінде сақтаулы. Атасы Қалымбет «Бұлар бауырымыз Құлекенің диірмені сияқты біздің киеміз, аштықтан сақтап қалған берекеміз» деп отыратын. Соғыс жылдарында Сағынтайдың ұстаханасының еңбегі де ерекше болды. Шаруашылыққа қажетті құрал-сайманды дайындауда Кемел әкесі екеуі қаншама күн дем алмай, түн кірпік ілмей жұмыс істеді десеңізші. Сол кездері де төсті іздеуге уақыт тапқанына таңғалады. Бір-екі рет інілері Нәмел мен Әбдірді де ертіп барған. Қазір Нәмел жоқ. Ойламаған жерден өткен жылы бақилық болды. Анасы Теңгекүл үнемі: «Нәмелбегімнің түбіне жеткен қызыл тымақ» деп жылап отырғанын талай көрген. Күзде шөл бүркіті қызыл тымақ киген Нәмелбекке құйылып, басын бүрген. Абырой болғанда тез-ақ ажыратып алған. Бүркіттің бүргенінен айыға алмаған Нәмел дүниеден ерте озған. Енді артынан інілері Әбдір мен Айбас ғана. Майданға кеткен Әбдірдің саулығын тілеп, әкесі екеуі дұға оқитын күндер мен түндердің де арта қалғанына қуанады.

Кемел күн бесінге жақындағанда атына қонды. Төсті бұл жолы да таппады. Бірақ, неге екені белгісіз көкірегі ашылып, көңілі көтеріңкі болды. Күні кеше ғана Жамбылдан: «Әбдір депутат ретінде Үшаралға Ақкөлден тікелей асфальт жол салғызатын болыпты» деген қуанышты хабар бауырынан бұрын Үшаралға жеткен. Ол кезде Әбдір әлі Мәскеуде жүрген. Бұл хабар өзін ғана емес, барша үшаралдықтарды ерекше бір шаттыққа бөледі. Мүмкін Алла Тағаланың өзі ата аманатын орындауға талай уақытын сарп еткенінің қайтарымы осы деген болар. Не десе де Кемелдің тілегін Алла Тағала беріпті. Сол қуаныштан кейін жаңа леппен осыдан үш күн бұрын атқа мініп, Іргежалдың бойын тағы кезіп, құм жұтқан төсті іздеп шыққан. Бұл жолы да сәтін салмады. Мейлі, Алла сәтін салса табылар... Табылмаса да бүгін өкінбейді. Бабадан қалған мұраның басқа жұрнағының шапағаты, киесі тиіп, қолдап жүргенін жақсы біледі.

Жиренді бір тебініп қойып, ауаны сіміре жұтты. Құмға өмір келген. Барша табиғат сияқты құмына дейін жан бітіп, жыбырлап, қыбырлап, шөбі қылтиып, бойына Жер-Ананың нәрін алған сексеуілі мен жыңғылы,теріскен мен баялышы жұмсарып, жәндіктері жорғалай бастапты. Кемел тағы да терең ойға шомылды.

Иә, бабаларынан қалған дүкеннің киесі тиіп, қолдап жүргені анық. Әулетінің маңдайы, асылы, ардақтысы Әбдір майданнан жараланып келсе де аман келді. Қойшы таяғын ұстағаны құт болды. Социалистік Еңбек Ері атанды. Жастығына қарамастан ірі шаруашылықтың директоры болды. Шарушылығы қандай десеңізші! Ауылымыз қала болды. Әбдір Димаш Қонаевтың өзімен сөйлесіп, пікірлесе алады. Бәрінен де анау өңірдің әскербасы Лященконы айтсайшы. Жылына Әбдірдің үйіне бір келмесе басы ауырады. Ана жылы қар қалың жауғанда ұшағымен қойға шөп тасытып, көмек қолын созғанды. Бірақ табиғаттың күшіне адам қарсы тұра алмайды екен. Алпыс мыңнан астам қойдың жартысы қана қалды. Сол жұттан кейін екі-үш жылда қойдың саны бұрынғысынан да асып кетуін қалай бағалауға болады. Айналайын, Әбдірім, жолын тапты. Жан-жаққа шапқылап жүріп қойды көбейтті. Оған Димекеңнің көмегі ерекше болғанын ұмытуға бола ма?!

Атын кілт тоқтатты да, қайта тебінді. Айтпақшы мен Лященко досымнан неге мина іздейтін аппарат сұрамаймын. Мүмкін сонымен іздесем төсімізді табармыз. Тіпті солдаттарға іздеттірсем де болмай ма? Ол өз ойына өзі күліп жіберді. Мұндайға інісі Әбдір жол бермес. Тіпті «СССР Жоғарғы Советінің депутаты» деген куәлігімен ұшаққа билет алуға рұқсат бермегенде маған мина іздегішпен төсті іздеттіріп қояды ма екен?! Жарығым-ау, адал еңбек қана еңсені көтеретіндігін ол жақсы біледі. Марқұм әкеміз Сағынтай мен анамыз Теңгекүл біреудің ала жібін аттамауды өсиет етіп, бізді тек өз еңбегімізбен өмір сүруге тәрбиеледі емес пе?!

Кемел жалға көтерілгенде алдынан жарқ етіп Үшарал көрінді. Май тоңдырмайтын майда жел жүзін сипады. От шалқып, тіршілігі маздаған үйлердің сандаған жарығы қосыла келіп ауыл үстінде әлдебір нұрлы алауға ұласқандай. Жиреннің тізгінін тартты. Атынан түсіп, біраз ауылдың самаладай жарқыраған жарықтарына қарап тұрды. Бәрі таныс, бәрі маңдай термен салынған құрылыстар. Шынында да аз уақытта Үшарал адам танымастай өзгеріпті. Көз алдыма сонау 43-жылы Әбдірдің майданнан жараланып, елге оралған тұсындағы ауылдың кейпі келді. Боғаттары мүжілген, жатаған тоқал тамдар, жеркепе үйлер, тастан салынған кеңсе... бәрі-бәрі көз алдында. Міне, содан бері отыз-ақ жыл өткеніне қарамастан, ауыл құмдағы қалаға айналған. Тап осы жерге келіп, арнасы тарамданып, тарауға айналатын өзен суы үш бөлікке бөлініп, Үшарал атанған қашан. Ауыл бір-біріне көктем, күз айларында қатынай алмайтын кездер жиі болады. Су аяғы тартылатын кезде балықтары тулап, ауылдың жемсек асына айналатыны бар. Кемел жұтып, алға адымдай түсті. Тағы ауылға көз тастады.

Анау ауылдың жоғары жағындағы оңаша тұрған Иван Павлович Мальцевтің биопункті. Ісмер азамат пунктің айналасын мәуелі баққа айналдырып, тіпті, орталықта жоқ фонтандар салған. Кейінірек Иванның фонтандарының үлкен көшірмесі орталықтағы әмбебап дүкеннің алдына орнатылды. Жарығы жарқырап тұрған көшенің бойындағы елу орындық қос қабатты қонақ үй, тұрмыстық қызмет көрсету орталығы, шаштараз, суретке түсіру орны, киім тігу, лимонад цехтары, ат шаптырым азық-түлік дүкені, шағын асханасы бар әкімшілік сауда орталығы, одан арырақта салтанатты мәдениет үйі, ауылдың теріскейіндегі орталық алаң, зауыт кеңсесінің алдындағы құрметтілерге арналған тақта, гүлзарлар – бәрі көз алдына жақындай түсті. Құдай сәтін салса, Әбдірдің бастамасымен салынып жатқан мектептің де пайдалануға берілетін кезі алыс емес. Бағанадан бері көңілі селкеуленіп, іздегенін таба алмай келе жатқан Кемел жарқыраған ауыл шамдарын көріп, ерекше толқыды. Әлден соң есіне бірнәрсе түскендей атына қарғып мініп, ауылға екпіндете жүрді. Енді есіне түсті. Бағана Болтан айтқан болатын: «Бүгін алыстан Шырақ келеді, кешікпе» - деген. «Жарығым-ау, Асанбай досымен бірге Брежневтің жанында, сессия төрінде отырды емес пе? Тіл, көзден сақтай гөр. Мәскеуге Әбдірім барып келген сайын бізде той»,-деген ол атына қамшы басты.

Қас қарая Кемел Үшаралға көңілді келді. Төсті таппағанына ренжімейтін сияқты. Ауылға жақындаған сайын ыңылдап өлең айтуы күшейіп, бар дауысымен халық әндерін бірінен кейін бірін шырқады. Алдынан жүгіріп шыққан балалары Орынбасар мен Қаржау Жамбылдан жәкелері келгенін қуана айтты. Сонымен бірге олар апасының жәкелерінің үйіне кеткенін, ал оның өзін қайта-қайта іздетіп жатқанын айтысымен, атының айылын қайта тартып, екі баласын міңгестіріп, Үшаралды бетке алды. Інісін көргенше асықты. Есік айқара ашылғанда төрде омырауында Алтын Жұлдызы жарқырап, арқа-жарқа болып отырған Әбдірді көрді.

– Айналайын, бағың бабыңмен ашылды. Ел үшін еңбек етіп, Мәскеуден Үшаралға жол салуға ақша сұрап алғаның үлкен қуаныш. Ата-бабаңның рухы қолдап, шыңға шығарғанына мен шексіз қуаныштымын. Ана күні-ақ ақсарбас атап қойғанмын. Құдай қаласа, ертең елге қуанышымызды білдіреміз, – деп, сәл үнсіз тұрды да: – Шын сөзімді айтайын: енді мен төсті іздемеймін. Дастарқан басында отырғандар күлкіге көмілді.

-Кемел-ау, қанша рет «Төсті енді іздемеймін» деп айттың? Қысылсаң қайтеді.

-Қысылатын несі бар. Айтқан мен. Іздеп, шаршап жүрген де мен. Ешкімнің ешнәрсесі кеткен жоқ, елге зияным болған емес. Бірақ осы жолы айтқаным айтқан. Мен мынаны ұқтым: төс жоғалғанымен оның киесі қалыпты. Біздің киелі төсіміз сен! Жоғалғанымыз алтын төс болып қайта оралды, – деген Кемел қуаныштан жанарына келіп, кірпігіне ілініп қалған жасты аппақ үлкен орамалымен сүртіп, сөзін тақпақтай жалғастырып төрге озды. Шаруашылықтың басшыларымен бірге ағайын-туыстары да осында екен. Тіпті тұрмысқа шығып, мекені басқа болған бауырлары Бәтима, Ажар, Орынкүл де, Мәйкен көкесінің Жолдасбегі де келіп қалыпты. Бәріне жалпы сәлем берді де анасы Теңгекүлдің бетінен сүйіп, жанына отырды. Сол күнгі Кемелдің қуанышы мен шешендігіне жиналғандар ерекше ілтипат жасады. Әңгіме Кемелдің араласуымен тұшып сала берді. Бұған анасы Теңгекүл іштей марқайғанымен: «Үстемелеп ұзақ сөйлесең тәтті сөз кермек татитынын ұмытпа, балам» – деп, бір қағытып тастады. «Айтсаң малды айт, қазақтың бағын ашатын ырыс кені мал. Мына Әбдірдің де асқақтап жүргені сол малдың арқасы. Әкелерің байғұс Сағынтай өле-өлгенше малдың жағдайын жасауды ойлап кетті емес пе?!» Анасының бұл сөзін Кемел алдымен «көз тимесін» дегенге жорытып еді артынша «малдың қасиетін әңгімеле» деп түсінді.

– Бұл Ақсай мен Лақтың, мына жағы Суықжал мен Іргежалдың айналасы мен қойнау-қонауы малға толы болғанын өзім көзіммен көргенмін. Қазір Әбдір Арқаны жағалап жүр емес пе, неге екенін білмеймін аталарымыз сияқты малын іргеге қарай ысыра береді ғой.

– Қойшы-ей, неге білмей қалыпсың, Әбдірдің әдісі Абай ақын айтқандай «ерте барсам жерімді жеп қоямба» дейтін байлардың әдеті емес пе?! – деген Ақай қарияның сөзіне Кемел мырс етіп күліп жіберді. Тершіген жалпақ мұрнын қолындағы ақ ормалмен сүртіп тастап:

– Білмеймін. Қиналып жүр ғой. Түгін тарта білсе әлі Мойынқұмның иетіні анық. Мен бірінше рет бұл өңірде малдың мыңғырғанын 1924 жылы Жарасбай болыстың асына әкеммен бірге барғанымда көрдім. Мен ұмытпасам ол кезде он екідегі бала едім. Керемет аламан бәйге болды. Лепесбайдың әулеті де осы бәйгеге атымызды қостық. Мені бәйгеге шабатын баланың қосалқысы етіп апарған. «Аламан бәйгенің кермесінде жүз ат тұр» деді әкем. Оның ол кезде көп, азын қайдан білейін. Ұмытпасам бәйге аттары Сарыадырға қарай кетті. Сол жерден Лаққа дейін шауып келетін болып белгіленді. Біз осы Лақтың биігінің жанында қалдық. Бәйгені кім алғанын білесіңдер ме? Кемел орнынан қозғалақтап, ақсақ аяғын бауырына тартып, мұжып отырған омыртқасын жанындағы отырған жас жігітке бере салып, дастарқан басында отырғандарға ентелей түсті. – Әрине білмейсіңдер. Кемел масаттанды. Мұрнын тағы сүрті. Бір сәт үнсіздіктен кейін әңгімесін қайта жалғады. – Біз тұрған Лаққа бірінші болып, оқ бойы озып, сыйқым Мақұлбек болыстың қара аты келді. Сонда көрдім мыңғырған малды. Бәйге аттары келгенше әкем екеуміз талай жалдардан асып, ескі иесіз қалған құдықтарды іздедік. «Құдық табылса, күзде бір-екі отар қойды осында әкелеміз» деді. Бірақ құдық та, бос жайылым да табылмады. Толған мал.

– Ой, Кемел-ай, құдықты айтқанша қара аттың алған бәйгесін айтсаңшы.

– Айтайын ба?! 2100 қой, тай-тұяқ алтын жамбы, қоржынның екі бас толы күміс ақша берілді емес пе?!

– Қойыңызшы, сол кезде қазақта сонша көп ақшаның болғаны ма?

– Болғаны да. Мұның бәрін маған Сағынтай әкем айтып, құлағыма жол бойы құйып келді. «Сенің бабаларың бай болған, апақ-сапақта Әшімжан деген атамыз шешесінің асында да осындай бәйге тігіпті. Аламан бәйгеге үш жүздей сәйгүлік қатысыпты деген сөз бар. Оны да осы Мақұлбектің қара аты алған» – дегені әлі есімде. Ең қызығы бәйгені берерде болды. Шымырдың болысы Керімбай: «Ат та, бәйге де шымырдыке!» – деп, айқай шығарып, ақыры дау туды. Сол дауды шешуге Сағынтай да қатысты. Мақұлбекке мың қой ғана берілді. Қара атты жетектеп, алтын-күмісті арқалап Керімбай кетті. Бұл қара аттың соңғы бәйгесі еді. Жануар жаңа иесіне барысымен оттамай, оқырынып, кісінеумен болыпты. Әкем: «Жануар туған жерін емес, өскен жеріне бауыр басқан екен. Сағыныш сарыны оны бәйге жолына шығармады» – деп айтқаны да есімде. Бұл малдың екінің бірі біле де, сезе де бермейтін қасиеті...

– Дұрыс айтасың. Әбекең мініп жүрген күрең өте сезімтал ғой. Әбдірдің өзіне келе жатқанын алыстан сезеді ғой. Осқырынып, бойын жазып, тыпыршып, ернімен Әбдірді искелеп, басын бауырына тығады. Оны сәні мен салтанаты ғажап қой.Тұрқы ұзын. Мінсең желдің үстінде қалқып келе жатқандай боласың. Шайқалмайсың, селкілдемейсің. Тек желдей есесің, – деген Ақай қария күреңге мінгендей қопаңдап қойды.

Әңгіме көрігін қыздырып отырған Кемел ағасы анда-санда Әбдір мен Құндызайға көз тастап, «менің әңгімемді қалай қабылдап жатыр» дегендей қарап қояды. Мұнысын Әбдір бірден байқады. Енді міне, неге екені белгісіз Кемекең үнсіз қалды. Әбдір көзінің астымен ағасына қарады. Кемелдің ой құшағына қалай еніп кеткенін жанындағылар да, өзі де байқамай қалғандай.

Кемелдің өзі мен келіні Құндызайға деген сүйіспеншілігі ерекше. Тек Әбдірдің өмірінен нәр алып, өмір сүретіндей. Мұны ағайын-туыстары былтыр Әбдір, оның алдында Құндызай ауырғанда анық көріп, байқаған. Мойынына бұршақ салып, солқылдап жылап, Алладан оларды сауықтыруды сұрап, өзінің жаны солар үшін құрбан екенін қайталаумен болғанын көріп, естігендер бауырмашылдықтың алтын діңгектерін көргенін айтып, таңғалған болатын. Өзі ғана емдік қасиетін білетін «илан» деп аталатын шөпті алты ай жазда қазып әкеліп, Құндызайға шырынын ішкізгенде «ем болсын» деп Аллаға жалынып, жалбарынғанын ағайын-туыстары ұмытқан емес. Кейінірек Кемел ауырып төсек тартып жатып қалғанда айтқан сөздерін ағайындары бүгінгі күнге дейін жыр етіп айтады.

« ... Менің бүкіл өмірімнің саналы ісін артымнан ерген Әбдір інімнің бақыты мен абыройы үшін істедім. Әулетіміздің атын асқақтатып тұратын азаматымнан айналсам айып па?! Өмір бақи жоғалған төсті іздегенде бабадан қалған сол қасиетті мұраның киесі Әбдірді қолдап жүрсін деп тіледім, бір Алладан сұрадым...» Бұл Кемелдің өмірінің соңғы күндеріндегі ағайын-туыстарына, бауырларына, ұрпақтарына айтқан жүрекжарды сөзі еді.

... Құндызайдың түскі шайын асықпай ішкен Әбдір:

– Кемекеңе бір сыйлық тартатын кез келіп қалған сияқты. Бүгін Москвадан әкелген барқыт шляпаны апарсаң қуанатыны анық, – деген Әбдір орнынан тұрды. – Кішкене көз шырымын алайын,-деп төргі бөлмеге қарай беттеді.

Кешеден бері қайта-қайта ойына Майтөбеде тұратын Қожағаппар қожа мен Кеңес ауылындағы Жұмаділ қобызшы орала берген. Бүгін де олар есінен шықпай қойды. Осыдан бірнеше жыл бұрын мамырдың мамыражай күндерінің бірінде жолаушылап келе жатып Билікөлдің солтүстігінде, Қаратаудың қойнауындағы шағын ауылды мекен еткен Қожағаппарға соққан.Диванға жантайысымен сол кездесуді еске алды.

... – Сенің келетініңді білгенмін. Хош келдің! – деп орнынан аса бір жеңілдікпен көтерілген қожа Әбдірге екі қолын ұсына алға адымдады.

– Ассалаумағалейкум, қожеке! Деніңізге саулық тілеймін, – деген Әбдір өзі әулие санайтын ақсақалдың қолын ұзақ қыса амандасты.

– Уағалейкумассалам! Алланың нұры жаусын! Жоғары шық.

Мұнтаздай таза, аса бір жылылықтың лебі есетін үйдің төріне озып бара жатып, дөңгелек столдың үстінде жатқан Құранға көзі түсті.

– Қожеке, өткенде «Құран әкеп беремін» деп едіңіз.

– Алла сәтін салғанда бәрі болады. Мен Сізге рахметімді жеткізуге асығып жүр едім. Сіздің ерте көктемде берген түйеңіз мен үшін аса бір табылмайтын көлік болды. Биылдың өзінде жотаға, Жуалыға екі рет барып келдім. Пайғамбарымыз Мұхаммед салалаху ғалейху ассалам түйемен жүргенді ұнатқан. Маған да ұнады. Бейне бір кемемен теңізде жүзіп келе жатқандай күй кешкенде Сізге деген алғысым шексіз. Дұғама қосып, Сіздің тілеуіңізді тілеймін.

– Рахмет, қожеке. Сізге түйе беру ақылы – ағам Кемекеңдікі, сол кісінің ақылымен сіз сияқты «құдай»деген Алланың пенделердің шай-майын айырып тұруды парызыма айналдырғанмын. Ыбыраһым қарыға, Оқап,Мұзапар қожаларға, Әбдірәсіл молдаға Кемел ағам үнемі сыбағаларын жібертіп тұрады...

Дастарқан жайылды. Шай ішіліп, дәм татылды. Қожағаппар мен Әбдір әртүрлі тақырыпта әңгіме қозғады. Көзқарастарын білдіріп, пікір алмасты. Олардың бүкіл әңгімесінің арқауы имандылық, кісілік қасиеттер болды.

– Сізбен жүздескеннің сәті түскеніне Аллаға мың да бір рахмет. Аман-саулығыңызды біліп, қолыңызды алуды өзіме қуаныш санаймын.

– Рахмет, бауырым. Алланың рахымы жаусын. Мені сен сыйласаң, сені Алла Тағала нұрға бөлесін. Бәрін біліп тұрмын. Көңіліңде көп сауал соны ағыта алмадың ғой. Ауызға келген түкірікті «мәкүрік» дейді, оны қайта жұтуға болмайды. Сөз де солай.

Әбдір үн қатпады. Шынында да бастапқыда келгенде айтар сөз де, қойылар сауал да көп болатын. Әлде не нәрсе тосқауыл болып, жүрекжарды сөздерін айта алмады.

– Баяғыда жақсы әңгіме ауыл сыртында, қыр басында айтылған екен. Жақында Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» тағы оқып шықтым. Саралап көрсем көсем сөздер жаңа мен айтқандай жағдайларда айтылған екен,-деп күлген Әбдір молдаға сын көзбен қарады.

– Абай дейсіз бе? Абай Құдайдың сүйген ұлы болған. Данагөйдің Қара сөздері мен өлеңдерін зерделеп оқысаңыз Құран кәрімнің қасиеттерін бойыңызға сіңіресіз. Сіз бұл тақырып туралы Зүнін қарымен сөйлесіп көріңізші. Абай тағылымын ол кісі менен жақсы біледі.

– Менің айтпағым Абай емес, қазақ дәстүрі туралы болып тұр. Ауылдың сыртына шығайық дегенім ғой...

Өзін ойының тереңдігімен он орап, жанға азық болар сөзбен семіртіп жатқан діндарға тағы қарады. Көріпкелдігі, көргені көп ақсақал самал желмен желкілдеген сақалын сипап қойып, алға озды. Биікке көтеріліп, тоқтаған қожа шапанын тасқа төсеп, жайғасып отырды. Әңгіме ауаны имандылық, адамгершілікке ауды.

– Имандылық өте күрделі тақырып,-деп әңгімесін бастаған ол ұзақ уақыт үнсіз қалған еді.-Қарағым, Әбдір, иманды болу сауаптың үлкеніне жол салу немесе ие болу,-сөзін қайта сабақтаған ол толғай сөйледі. Бұл мәселе айналасында Әбдір талай рет ойланып, толғанған. Бұл тақырыпта ой толғау қиынның қиыны. Адам бойында болатын бұл қасиет Алланың нұрымен, Кісіліктің ұлы қасиеттерімен келеді. Алланны «қақ» деп танитындарға имандылық тез дариды. Сондықтан да иман мен имандылық туралы пікір айту оңай емес.

Кісіліктің барлық қасиеттерін бойына сіңірген адамды «иманды жан» дейді. Иман мен Имандылық ислам дінінің басты ұстанымы. Ислам діні иманды екіге бөледі. Біріншісі – такхихи, екіншісі – такледи деп аталады екен. Алғашқысы мызғымас қасиет болса, кейінгісі еліктеу арқылы бойға сіңген. Бәрінен де Алланың нұрымен келген санадағы имандылықтан артық ешнәрсе жоқ. Бойында мызғымас имандылығы жоқ адам жалғандыққа, яғни, өзін де, өзгені де алдауға бой ұрады. Өмірдің ағысына, ортасына қарай бейімделіп, айналасындағыларға имандылық қасиеттер бойында бардай көрініп, жалғандықа жақындай түседі. Олар имандылыққа еліктей отырып жақсылыққа, өз бойындағы жаман қасиеттерден арылуға ұмтылады. Бұл оңай жол емес. Алайда олар бір күнде екінші жаққа аунап түсуі де ғажап емес. Сондықтан да Абай қара сөзінде имандылық жолына түсушіге қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керектігін айтады. Егер жақсылыққа еліктеп, иман шарттарын бойына құюға ұмтылған жан осы талаптарды орындай алса иманды болуы әбден мүмкін. Абай ондайларды батылдыққа, айнымастыққа, жігерлікке шақырады. Осы биіктен көрінсең иманды кісі бола аласың дегенді айтады.

Имандылықты тәрк ететін, Отан алдындағы міндетін ұмытқан, адамдық қасиеттен ада болғандар ортаны былғайды. Ондайлар өзі үшін барлық қасиеттен аттап өтуге дайын. Қылмыскерлер мен алаяқтарды айтпағанда, зиялы болып жүргендер арасында «Тек мен ақылдымын, мен күштімін» деп өзін дәріптеуді ұнататындар көбейіп бара жатқандай. Олар үшін «ұят болады» деген түсінік басқаша реңде. Уақыттың ағысын өзінің ыңғайына пайдаланып, бедел жинайтындар да аз емес. Өзінің беделі үшін партияны бетперде етіп, жалғандыққа барады, өтірік ақпар береді. Ондайларды «зиялы», «иманды» деп қалай айтамыз?! Иманды адам ең алдымен өзгеге жасаған жақсылығы мен берген зекетін, қайырымдылығы мен мейірімділігін ешқашанда айтпайды.

Қожағаппар Әбдірдің ішкі ойын дәл сезгендей:

– Білесіз бе, Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде: «Иман – жүректегі білім...» делінген. Ұлы Абай да өзінің қара сөзінде имандылық пен білімнің байланысын айтады. Сондықтан да осы қасиеттерді бойына сіңірген азаматқа иманды болу парыз. Имандылық ең алдымен білімді, іс басында отырған қызметкерге, зиялы азаматтың айнымас серігі болуы керек. Себебі олар қоғамда ықпалды. Ең бастысы олар билік пен білімге ие. Иман білімге, ғылымға негізделген. Білімді азамат имандылықты алға алып барушы әрі өзгелердің бойына дарытушы болса жарасымды. Білім мен ғылымның жетістіктерін тек жақсылыққа бағыттау қажет екені бесенеден белгілі. Алайда білімге қол жеткізген кейбір азамат Кісілік қасиеттерінен тайқып, өзіне ғана жағдай жасауға ұмтылады. Білімді азаматтың қоғам алдындағы парызы өзгелерден көп екенін ешқашанда ұмытпаған жөн. Ғылым да имандылыққа негізделгенін жоғарыда айттық. Сондықтан да бүкіл ғылым жетістігі адамзатты тек жақсылыққа бастауы керек. Имандылық тек ғалымдардың ғана емес «мен адаммын» деген санасында саңылауы бар әркімнің ісінің көркі болуы шарт.

Осылай ой толғаған Қожағаппар ойламаған жерден әңгіме арнасын басқа жаққа бұрып әкетті.

– Қарашы, қандай ғажап! Билікөлдің айнадай жарқырап жатқанын қарашы! Табиғат – Анадан көркем ешнәрсе жоқ. Мен қайда барсам да осы өңірді сағынып тұрамын. Шөбінің дәмі ерекше. Берікқараның жабайы алмасындай алма ешжерде жоқ. Балығын айтсайшы, Алла Тағаланың өзі бауыздап қойған адал ас қой. Оған қалайша тәнті болмайсың?! – деген Қожағаппар тағы да жанындағы серігіне көз тастап, тамағын бір қырнап алды.

– Қожеке, бұл өңірдің көрікті екені анық. «Қарға баласын аппағым» демекші әркімге туған жері жұмақ екенін де ұмытпаңыз, – деп Әбдір жылы жымиды да имандылық туралы өз пікірін қайта жалғастырды. Имандылықты тәрк ететін, Алладан қорықпайтын, қатар жүрген әріптесінен ұялмайтын, Отан алдындағы міндетін ұмытқан, адамдық қасиеттен ада болғандар ортаны былғайды. Ондайлар өзі үшін барлық қасиеттен аттап өтуге дайын. Қылмыскерлер мен алаяқтарды айтпағанда, зиялы болып жүргендер арасында «Тек мен ақылдымын, мен күштімін» деп өзін дәріптеуді ұнататынды қалайша «иманды» деп айта аласыз?! Олар үшін «ұят болады» деген түсінік басқаша реңде. Уақыттың ағысын өзінің ыңғайына пайдаланып, бедел жинайтындар да аз емес. Бұған не дейсіз?

– Әрине, ондайларды «зиялы», «иманды» деп айту қиын, – деген қожа Әбдірге сүйсіне қарап: – Дұрыс айтасыз. Иманды адам ең алдымен өзгеге жасаған жақсылығы мен берген зекетін, қайырымдылығы мен мейірімділігін ешқашанда айтпайды, – деді ойлана...

Әбдір Қожағаппардың ауылынан көңілді оралған. Қожа әлгінде жатқа айтқан Абайдың:

Өмір, дүние дегенің,

Ағып жатқан су екен.

Жаман-жақсы көргенің,

Ойлай білсең у екен! – деген өлеңіне өзінің осы күнге дейін назар аудара қоймағанына таңқалды. Қандай тауып айтқан ғұлама Абай!

Көп әңгіме шертілді. Ойда жүрген сауалдар қойылып, жауап алынды. Әсіресе имандылық туралы ой толғауы ерекше әсер етті. Көңіл сарайы ашылғандай болды. Бойында күш, рахым нұры шалқыды...

Әбдір шошып оянды. Сағатына қарап еді көзінің ілінгеніне жиырма минут қана болыпты. Жаңа ғана көрген түсін есіне алды. Алапат құм суырған дауылда шыр көбелек айналып жүр. Басы ауырды. Тағы не көріп еді? ...Иә, Кемекеңе сыйламақ болған қалпағы ұшып кетті... Жүрек соғысы жиілеп кетті. Орнынан тұрды. Неге шыр көбелек айналады? Неге қалпақ ұшып кетті. Демалам деп, дел-сал болып тұрғанына өкінді. Есіктен Серік сығалады.

– Жәке, күн райы бұзылды. Желдете жапалақтап қар жауа бастады.

– Қар қай жақтан жауып тұр? Әбдір шоферіне тесіле қарады. Жаңа ғана жадырап тұрған күннің табан астынан бұзылғанына жүзінде ешқандай таңданыс та жоқ. Серік осыған таңданды.

– Оңтүстік батыстан...

... Қар екі күн тынымсыз желдете жауып, айналаны аузы мұрны жоқ ақ отауға айналдырды. Таңертең есікті ашып, сыртқа шығудың өзі қиынға түсті. Дала аппақ. Тек әр жерден сексеуілдің қылтиған ұштары ғана көрінеді. Қардың соңы сақырлаған сары аязға ұласты. Шаруашылық басшылары зауыт орталығынан қадам басып шыға алмады. Әліптің артын бағып екінші күні облыстық атқару комитетінің төрағасы Афанасий Зиновьевич Питуловпен сөйлесудің сәті түсті. Ақылдаса келіп әскерилерден көмек сұрау дұрыс деп шешілді.

– Достығыңды ортаға салып, әскери округтің қолбасшысы Лященкомен сенің сөйлесуіңе тура келеді. Көмекті сол кісіден сұра. Облыста қауқар жоқ. Өзге аудандарда да жағдай мәз емес, – деді Питулов.

– Афанасий Зиновьевич, менің генералмен алдын ала келісімім бар. Ол көмегін аямайды. Қазір-ақ сөйлесемін. Тек сіздердің келісімдеріңізді алсам дегенмін.

– Оның дұрыс, болмаса аудан жақтан «бізді тыңдамайды» деген сөздер анда-санда естіліп қалады, – деп облыстық атқару комитетінің төрағасы күлген болды. – Әбдір оның бұл сөзін есітпегендей үн қатпады. Тек ағасының «адам аласы ішінде» деген сен туралы да жаман сөз айтатындар табылады. Оны қызғаныштан туған жел сөз дегенімен, ондай сөзді үнемі сейілтіп отыру керек» деген сөзі ойына оралды. Соған қарамастан өзінің үнсіз қалғанына таңғалды. «Дұрыс» деді өзіне өзі. Бүгінгі күні сөз термелейтін күн емес. Алдымен малды аман сақтап алайық» деп ой түйген ол генерал досына телефон шалды.

Әбдірге генералдың дауысы көңілді естілді.

– Жаңа жыл құтты болсын, Әбдір! Ешнәрседен қам жеме. Көмек береміз. Армия мен халық әрқашанда бірге, – деп бар дауысымен қарқылдай күлді.

– Николай Григорьевич, тягач, үш осьті машиналарың, танк, тягачтарың болмаса өзге көліктерің жүре алмайды. Тікұшақ жіберсең де дұрыс болады.

– Айтқаның болады...

– Қолыңнан келсе маған ғана емес облысқа да көмектескенің дұрыс болар еді.

– Сен айттың, болды! Тек қайда бару керек екенін айтса болғаны...

Тездетіп обкомның бірінші хатшысына телефон шалды. Бименде Сәдуақасов Әбдірдің хабарына қатты қуанды.

– Өзің білесің әскерилермен сөйлесу қиын... Әбеке, дұрыс болған екен. Лященкоға қазір өзім телефон шаламын... Алдымен адамды сақтаңдар. Тікұшақпен аяғы ауыр әйелдерді, ауруларды аудан орталығына жеткізуді қолға алыңдар. Біздің «андваларың» орнынан көтеріле алмай қалды. Көтерілсе қона алмайтынын түсінетін шығарсың... Төменгі Шу болмаса өзге өңірлердің бәрінде қар өте қалың. Оның үстіне сары аяздың беті қайтпай тұр. Осы жағдай он күнге созылатын түрі бар. Айтпақшы, Димаш Ахметович сенің жағдайыңды сұрап жатыр. Сәлем айтты. «Қайрат көрсетер сәт екенін есіне сал», – деді деген обкомның бірінші хатшысы бір сәт үнсіз қалды.

– Хабарыңызға рахмет, Биеке. Қолдан келгеннің бәрін істейміз. Жемнен көмектессеңіз болғаны. Сау болыңыз, – деп Әбдір сөзін аяқтады.

... № З ферманың орталығы Арал ауылына бұрылар тұста УАЗ жүре алмай малтығып тұрып қалды.

– Ал, Серік, бізге не бұйырасың, машинаңды итерейік пе? – деген директор жанында отырған аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Алдаберген Сәрсенбаевқа қарап жымиды.

– Қазір, Жәке, күрекпен-ақ доңғалақтың астын тазалап, шығып кетеміз. Ауылға да келіп қалдық. Қазір-ақ ферманың адамдары келеді, – деген Серік қарды күрей бастады.

– Алдеке, тоңып тұрғанша жаяу жүре берейік. Арал дегеніңіз мына тұрған кішкентай ауыл. Өзің білесің, ферма меңгерушісі Шекербек Әсемов деген азамат. Өзі істің көзін тауып жұмыс істейді. Сіз біздің шаруашылықтағы ауданның көзі мен құлағы болсаң, біздің бұл фермадағы өкіліміз зауыттың кәсіподақ комитетінің төрағасы Шалбай Назымбеков екеуі көп жұмыс тындырды деп естідім, соны өз құлағыммен көріп, естімекпін, – деп жүре сөйлеген директор алға озды.

Жолдың жиегіндегі қардың биіктігінен айнала көрінбейді. Аппақ қарды басқан сайын шынының үстінде келе жатқандай сықырлайды. Сақырлаған сары аяз тез-ақ құлақтарын «шымшылай» бастады. Жабырқаған көңілі бұрынғыдан да селкеулене түсті. Қалың қарды айтпағанда аяз аш малды қырып салатынын түсінді. Директордың үнсіздігі аупарткомның хатшысының ұнжырғасын түсіріп жіберген. Жан-жақтан жетіп жатқан хабарлар бойынша шығын күннен-күнге көбейіп келеді. Тек осы фермада ғана шығын өзгеге қарағанда аздау.

Шекербек пен Шалбай қатарласа сәлем берді.

– Мен жаңа ғана шопандардан келдім. Жол жоқ. Мырзамұрат Мырзахметовтың бурасымен ферманың штабы Тақырбасқа әрең жеттім. Қуаныштысы орталықтан жіберілген тракторлар сол жерге жетіпті. Үш бұрыш темірлермен жердің беті аршыла бастады. Бірақ жел қайта-қайта аршылған жерді қармен үріп тастап жатыр. Оған дейін Ерқара Үдербаевтың, Қуат Алпамысовтың отарларында да болғанмын. Қуат қуатты жас жігіт ғой, қалың қар жауған күннің ертеңіне қойына кемірсе де талқалжау ғой деп сексеуілдерді сындырып беріпті. Ертеңіне малы тышқақ болған соң қатты болса да жүзген беріпті, – деген ферма басқарушысының сөзін үнсіз тыңдаған директор:

– Біз қазір отарларға жете аламыз ба? – деді жай ғана.

– Екі-үш отарға жол салынып қалған болар.Сіреу қардың көбесін сөгу қиынның қиыны болып тұр.

– «Сіреу қары» несі?

– «Сіреу қар» дегені, бір сөзбен айтқанда, тұтасқан мұз. Мына айналаның бәрін бір метрден асатын ақ мұз басып жатыр. Әбдірдің дауысы қаттырақ шығып кетті.

– Екі-үш отарға жол салынып қалса не тұрыс. Артымыздан келе жатқан жемшөп тиеген машиналар да келіп қалар, жүре берейік, – деді қайта-қайта құлағын уқалап тұрған хатшы.

– Тымағыңыздың құлағын түсіріп алмайсыз ба, – деген Әбдір УАЗ-ға қарай беттеді. – Кешіріңіз, мен шыдай алар емеспін. Мына ДТ-ның біріне мініп, осы айналадағы шопандарды аралаймын. Түнімен жүремін, күнімен жүремін. Әрі жол саламын, әрі шопандардың амандығын білемін. Сіз әскерилердің келуін осы жерден күтіңіз, – деген Әбдір тракторшыға тапсырма беріп, сүйретпеге молынан жанар-жағармай тиеуге тапсырма берді. Серік жүгіріп жүріп директордың керек-жарағын тракторшы Асанға тапсырып, не істеу керек екенін түсіндіріп жатты. Айран толтырылған ыдыс пен нанды кабинаға салды. Қарауытып, домбығып кеткен директордың жүзіне қайта-қайта көз тастап:

– Жәке, ауырып тұрған жоқсыз ба? Бармайақ демалсаңыз қалай болады, – деген Серікке тесіле қарап:

– Не деп тұрсың, менің жаным қар жамылып жатқандардан артық па?! Тягачтар келсе жол сала әрі жерді аршып, біздің ізіммізбен жетерсің, – деген Әбдір ДТ-ға мінді. – Тура осылай жүре берсең Сердалының отарынан шығамыз. Бұрылып кетпе. Рычагіңді түзу ұста.

Трактор итеңдеп, ақ қарға малтығып әзер жүріп келеді. Жал-жал құм белестері ұшы-қиыры жоқ ақ көрпесін молынан жамылып, тыныш. Әбдір етек-жеңі кең қара тонын қымтана түскенімен, алдына тесіле қарады. Анда-санда кәрі сексеуілдің ұшар басы мен ақтаспа, жүзгеннің қылтанақтары ғана көзге түседі. Қалғиын деді. Бүгін үшінші күн бел шешіп, демалған жоқ. Көзін ашып, жұмып, маужырап келе жатқан Әбдір бір белеске шыққанда көкке созылған түтінді көрді. Жүзіне қуаныш ұялады. Тонының алдыңғы түймелерін ағытып; «Айналайындар, аман екен» – деп Асанға қарады. Алған бағытының тура болғанына да қуанды. Қар жамылған, бір-бірінен айнымайтын құм жалдарының арасынан баратын жеріңе адаспай жетудің өзі қиын.

Келе жатқан отардың иесі, «Желқұдықта» отырған Сердалы Сүлейменов деген отызға енді жеткен жас жігіт болғанына қарамастан тәжірибесі мол, елдің құрметіне бөленген. Ұмытпаса 1965 жылы луговойлықтардың бастамасымен қойды екі жылда үш рет қоздату мәселесі көтерілгенде зауыттың бас мал дәрігер Иван Павлович Мальцев осы Сердалы бастаған төрт отарды таңдап алып, оларға барынша жағдай жасуды қолға алған. Бұл бастаманы іштей қолдамасада істің нәтижелі болуна назар аударып, ерекше бақылауға алған. Сол кезде осы Сердалы шын мәнінде бұл әдістің тиімді екенін дәлелдеп, төл төгінін де, алынған қозыны енесінен бөлінгенге дейін аман сақтауда үлкен жетістікке жеткен. Бірақ өзге шопандар Сердалы жеткен жетістікке жете алмаған. Шаранасын жарып жаңа ғана шыққан қозының аузын үріп, күншуақтатып, астына сабан төсеп, аузына емізік салып жұмыс істейтін шопанды табу оңай емес. Ал Сердалы болса осының бәрін істеді.

Сол жылы тамыз айында Аса өзенінің жағасында, көкмайсада, Ақсайдың арғы жағындағы Аққұдық деген жерде екі жылда саулықты үш рет төлдету жөніндегі бастаманың орындалуы туралы облыстық семинар өтті. Сол семинарда облыстан келген басшылар әр саулықтың бауырында жүрген салмаға 40-45 киллолық қозыны көріп таңқалған. Ел алдымен, сөзге осы Сердалыны тартқан. «Мұндай табысқа қалай жеттің?», «Шынымен, екі жылда үш рет төлдету пайдалы ма?» деген сауалдар қойылғанда Сердалы: «Мұның бәрі маңдайдың тері ғой»,- деп қысқа жауап бергенде өзінің риза болғанын жасара алмаған Әбдір көпшіліктің алдында қолын қысып; «Құдай қаласа кеудең жарқырайтын болады" деген. Сол жылы жиырма үш жасар Сердалы Сүлейменов Ленин орденімен наградталды. Бұл шын мәнінде өңірде, тіпті елімізде марапатталғандардың ішінде ең жасы еді. Сөйткен азаматтың мына қалың қардың астында қалып, орталықпен хабарсыз жатқанына он бес күннен асқан. «Не істеп жатыр?», «Аман ба?». Әбдірді толғандырып келе жатқан осы сауал болатын. Түтінді көрген шынымен қуанды. Трактордың шынжыр табаны айналып, алға жылжыған сайын Сердалы көрінетіндей ДТ-ның терезесін қолымен сүртіп, алға көз тастайды. Қандай қиын қыстау болсын Сердалының қиыннан қиыстырып жол табатынын, малын аман сақтап қалуда барын салатынын жақсы біледі. Соны өз көзімен көрсе кәні.

Трактор тағы бір құм жалға көтерілген сәтте Әбдірдің көзіне ақ қардан қоршау тұрғызылған алаңқайда жайылып жүрген қойларды көргенде өз көзіне өзі сенбеді. Трактордан түсе салып Сердалыға қарай екпіндей жүрді. Сердалы да директорға адымдай алға ұмтылды.

– Амансыңдар ма, айналайын?!

– Аманбыз. Әзірге малдан анау айтарлықтай шығын берген жоқпыз.

– Малды қойшы, өздеріңше? Тамақтарың бар ма?

– Тамақ жеткілікті. Бар күшімді малды сақтап қалуға жұмсаудамыз. Міне, күніне көксіреу болып қатып жатқан бір-екі гектардай жердің қарын мына торшолақтың күшімен аршып, сексеуіл, жүзген, ақтаспаның түбін қопсытып, малдың күйіс қайыруына, бір нәрселерді талғажау етуіне күшімді салып жатырмын.

Әбдір үн қатқан жоқ. Сердалының қолынан қысып ұстап, жерден азығын іздеп жатқан отарға жақындай түсті. Шыны солай екен. Пимасының өкшесімен қардан тазаланған жерді теуіп-теуіп көріп еді, сірескен көкпеңбек мұз жалтырап жатыр. Мұздың үсті қалың қатқан қар. Табиғаттың мұндай мінезін бұрын-соңды көрмеген. Жанындағы тракторшіге қарады:

– Асан, трокторыңмен біраз жерді айналып, қардың көбесін сөк. Әзірге мына батырға пайдамыз осы ғана. Сердалыға мейірлене қарады. Сердалы болса директордың аузынан шыққан әр сөзге мән беріп, айтқанын қалт еткізбей, жадында сақтап қалуға ынталы азаматтай директорға жақындай түеді.

– Сердалы, екі-үш күн шыда. Жемшөп артқан техникалар келіп қалар. Мына жұмысыңа мың да бір рахмет. Біз өзге отарлардың да жағдайын білейік.

– Тамақ ішіңіздер, кезекті отарға жеткенше біраз уақыт.

– Жоқ рахмет, нан ауыз тиіп жүріп кетеміз. Қараңғы түскенше жетуіміз керек.

... Ерқараның үйіне қонып жатқан басшыларды орындарынан қуатты техникалардың дауысы тұрғызды.

– Тягачтар келді! – деп үйге Ерқара қуана кірді. – Шөп тиеген сүйретпелері де бар.

– Шекербек, отарларға қарай тездетіп бөліп жібер. Әрбір сағат біз үшін қымбат, – деген директор сыртқа беттеді.

Әбдірдің көз алдына 1941 жылдың Москва түбіндегі шайқасы елестеді. Онда да қар, аяз болатын. Аппақ қар қызыл қанға боялып, адамдардың мәйіті танкінің табанында мыжылып жатса, қазір тау-тау болып үйіліп жатқан қойдың өлексесі. Онда жеңіске деген құлшыныс бар болса, қазір суықтан қарауытқан, домбыққан жүздерде қобалжу басым. Табиғаттың дүлей күшіне қарсы тұруға адамның қауқары болмағанына таңғалды. Алып техника да түк істей алмады. Тягачтар қарға малтығып жүре алмай, шынжыр табандары бір орнында айналып тұрып қалған сәттер аз болған жоқ. Сол жылы Әбдір адамнан қуатты күш жоқ екеніне көзі жетті. Олар жанын аямай еңбек етті. Шөп те тасыды, қарды да аршыды, ақ қардың үстіне шөп пен жем де шашты. Қалың қар мен сары шұнақ аяздың азабын тартып, тоңып, ауырса да, қол аяғы мен денесін үсітсе де «Шаршадық» деген сөзді айтпады. Құрылыс басшысы Сайлау Өтепов, шопандар Дулат Жанәбілов, Сердалы Сүлейменов, Ысқақ Имантаев, Әбдіқалық Кәдірсізов, шоферлар Сейдахмет, Ізбасар, Жақан, Бәйсейіт, Моргель сияқты азаматтардың ерлігі ерекше болды. Бірақ шопандар мен шаруашылық жұмысшылары қытымыр қысты жеңе алмағанына қапаланды. Мал шығыны өте көп болды.

Халық арасында «ақ мылтық» деген атпен 1969 жылдың қысы мал өсірген елдің есінде осындай ұзақ уақыт қалды. Жан аямай еңбек етудің, сырттан үлкен күштің көмекке келуінің нәтижесінде ғана шаруашылықтағы 60 мыңнан аса қойдың 28 мыңға жетер-жетпесі ғана қалды. Бұл облыста «ақ мылтықтан» ұсақ малдың ең көп қалған шаруашылықтың бірі болды.

«Ақ мылтықтың» атылуы әлі де болса «байдың малы бір қыстық» деген сөздің мәні жоғалмағанын, яғни, мал шаруашылығын дамыту бағытында социализм кезінде де айтарлықтай ешнәрсе атқарылмағанын көрсетті. Сондықтан да Әбдір КПСС-тің Тексеру комиссиясының мүшесі, Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде 1969 жылдың қысы туындатқан түйінді мәселелер туралы биік мінбелерден айтылуы, қорытындылар жасалынуы керек екенін жақсы түсінді. Ол міндетін орындады да. Қар ерісімен шығын болған малдың орнын толтыру үшін Әбдір көп жұмыс атқарды.

Шаруашылық басшысы Әбдір Сағынтаевтың малды қытымыр қыстан аман сақтап қалудағы және шығын болған қойдың орнын толтырудағы ерен еңбегі туралы он төрт жыл бойы ферма басқарған Шекербек Әсемов кейінірек былай деп еске алады:

– Кейде мен Сағынтаев, Әбдиев, Тәжімбетов Талас ауданының берекесі екенін еске аламын. Естен кетпес ерен ерлік жылы Таласта малдың сақталып қалуына олардың сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Әбекең таяқ ұстап қалған шопандардың алдына аз болса да мал салып беріп, олардың жалақы алуына ықпал жасады. Бес жүз қойды төрт шопанның бағуы осыны аңғартты. Күн жылысымен төменгі Шу бойындағы шаруашылықтардан алынған қаракөл қойын өсірсе, Батыс, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан алынған гисар тұқымдас қойды етке өткізу арқылы төл есебінен зауыттағы малды тез көбейтті. Соның нәтижесінде екі жылда асыл тұқымды мал зауытында қой 70 мыңға жуықтады. Қаракөл елтірісінің сапасы да сақталды. Басты міндеттердің бірі ретінде мал қораларын салып, шөпті қора басында жинауды қолға алды.

Кейінірек Әбдір сол жаман қыс пен оның салдарын еске алғанда алдымен адамның шексіз төзімділігі туралы жиі айтатын. Сол кездегідей төзімділік тек біздің халыққа ғана тән екенін аңғарды. Осы қасиеті үшін еңбек адамының тұрмысын көтеруге назар аудармау үлкен қателік екенін білді. Партия қанша шешім қабылдағанымен ауыл шаруашылығы барлық жерде жедел қарқын алып, бір деңгейде дамымады. Облыс, аудан көлемінде ауылдың тұрмысын жақсарту мүмкін емес екенін түсінген Әбдір өзі басқаратын шаруашылық аумағында қызметінің соңғы күніне дейін мәдени, әлеуметтік нысандарды салып, талайлар таңғалатын істерді жүзеге асырды.

... – Машинаңды Бекмұратқа бұр. Бүгін сонда демаламыз. Уақыт болса біраз болып қалды. Үйге барғанша түн ортасы ауады. Одан да бүгін Бекмұратқа қонып, таңертеңмен шопандарды аралап, төл төгінін көзбен көріп, ертең күн бата ауылға барғанымыз дұрыс болар.

Директордың сөзіне үн қатпастан Серік УАЗ-дың рөлін бұрып, оң жақтағы құм жолына түсті.

Әбдірдің жандүниесі оңаша ой отауында болуды қалайды. Оның бұл сырын жанжары Құндызайды айтпағанда, шаруашылықты 1957 жылдан бері шоферы болған Валентин мен Серік жақсы біледі. Олар өзінің оңаша ой отауында болғанда ойын бөлуді жақтырмайтындығын, көңілденгенде «Шилі өзен, қамыс-ай» деп өлең айтатындығын, «Қазақ радиосынан» берілетін соңғы жаңалықтарды үзбей тыңдайтындығын да жақсы біледі. Олар өзінің еңбек адамының алдында көкірегін көтермей, «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып отыруды қалайтынын, шопандар үшін барлық жақсылықты жасауға ұмтылатын да білетін болар. Қазір де, ойламаған жерден шаруашылықтың құмдағы штабы Бекмұратқа бұрылуының астарында сол қасиеттің жатқандығын машинаны жүргізіп келе жатқан Серік біле ме екен? Ол Тоқтасын Дүйсенбиевтің: «Соғыстың соңғы жылдары біздің №3 ферманың тұрғындарын Әбдір аман алып қалды» деген сөзінің мағанасын естіді ме екен?! Ол кезде майданнан жарадар болып оралған майдангер сол ферманың шопаны болатын. Ебін тауып, үкіметтің адамға емес, атқа бөлген арпасын бөліп елге бергені бар. Ешкім білмеді. Атта тоқ, адам да аман қалды. Сол оқиғаны Тоқтасын әркез айтып жүретіні бар.

Неге екенін өзі де білмейді. Үнемі елдің ортасында болғанды ұнатады. «Жастықтың албырт шағы» ғой дейін десе, жас емес. Міне, 1984 жылдың көктеміне де аман-есен жетті. Зейнеткер болғанына қарамастан құдайға шүкір Алла Тағала берген абыройдың арқасында қызметте.

Ой құшағына енген Әбдір өзінен өзі алыстап бара жатқанын байқамай қалды. Бекмұрат ауылы «Талас» асыл тұқымды қой зауыты шопандарының құмдағы штабы. Осында қыстауда отырған шопандарға қажеттінің бәрі бар. Дүкен, кітапхана, монша, «Ленин» бөлмесі, әртүрлі көрнекі үгіттер, қонақ күтетін бөлме, олар жататын жатақхана, қойды қолдан ұрықтандыратын пункт, қойма, жемшөп... бәрі осында. Фермалардың мал дәрігерлері, зоотехниктері де осында қоныстанатын кездері болады. Құрылысшылар да жататын орын бар. Тіпті, облыстан, ауданнан келген басшылар жиналыс өткізуіне де жағдай жасалынған. Осында елге танымал өнер шеберлері өнер көрсетіп, шаруашылық шопандарын өздеріне тәнті ететіні де жиі. Жақында Ілия Жақанов өткізген әңгіменің тартымды болғаны сонша, Әбдірдің өзі жазушы, сазгер, өнертанушы інісінен қобыз өнері туралы талмай сұрауға қысылған жоқ. Азаматтың көп білетіндігіне, әңгімесінің арқауы халықтың салт-дәстүрімен қабысып жатқанына қуанды. Оның алдында жас әнші Роза Рымбаева құм жалдарын әнге бөлегені есінде. «Социалистік Қазақстан» газетінің қызметкері, жазушы Садықбек Адамбековтің шопандармен кездескенде айтқандары талайларды толғандырды. Бұл ауылды қоныстырғанда шопандар үшін орталықтандырылған қызмет көрсетудің өзгеше үлгісін көрсетуді ойлаған. Ауылдың айналасын бау-бақшаға айналдыруды қолға ала бастады.

Қазір Бекмұратқа келе жатып Әбдір осы штабтың кешегі көрінісін де көз алдынан өткізіп келе жатқан. Ұмытпаса, 1962 жылы облыста алғашқылардың бірі болып шаруашылықтың радиостанция торабын ашқанда алдымен хабарлар осы жерден таратылған. Алысты жақындатып, қажетті хабарларды тез арада мамандар мен шопандарға жеткізуде станцияның атқарған жұмысы өлшеусіз. Өзі осы радиостанцияның жұмысын басқаруды жас жігіт Төлен Мырзахметовке тапсырғанда радиостанцияның тек хабар таратушы ғана емес, үгіт-насихаттың орталығы болыун да міндеттегені есінде. Шаруашылық орталығынан жетпіс шақырымдай жерде орналасқан Бекмұрат штабы шын мәнінде шопандардың сағына бас қосатын орнына айналғанын ол жақсы біледі. Қыстауға орналасып, жайланып алған шопандар бір-бірін соғым басына осы жерге шақыратында да дәстүрге айналдырған. Тіпті, кіші той-домалақтарын да осында өткізетін.

Бірақ бүгін шопандармен емес, өзі сол жерде жеке болуды қалап келе жатыр. Штабтың бастығы мамырға өзінің келе жатқанын да ескерткен жоқ. мамыр ғана емес шарушылықтың әрбір шопаны қонақ күтуге әрқашанда дайын болатынын Әбдір жақсы біледі. Дастарқанның киесі мен тазалықтың ғажаптығын Әдір әрбір шопанның бойына сіңіргенін жақсы біледі. Жақында шопандардың үйлерін аралап көрген облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әнуар Жақыпов: «Мына үйді қалай сылаған? Бидайдың дәніндей бұдыр жоқ! Керемет. Мұны ауылдың ғана емес, қаланың да құрылысшылары үйренсе болады. Шопан Сердалы Сүлейменовтың үйіне келгенде «Моншаңызды жағыңыз, қалай ысиды екен, көрейін. Бұл Сағынтаевтың көп қулығының бірі болар» деп, Әбдірге мысқылдай қараған. Темірден жасалынған шопан моншасы жетпісінші жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқанына бірінші хатшы тіпті сенгісі келмеген. Алайда моншаның кереметтігіне көзі жеткен соң өзі шопанмен бірге жуынғанын көпшілік жыр етіп айтып жүргенін еске алғанда күліп жіберді. Бірінші хатшының өзіне қайта-қайта шүйлігунің себебін жақсы біледі.

Қой қораланып, ел кешкі шайына енді отыра бергенде Әбдір сәлем беріп, Төленнің үйінің есігін ашқан. Директордың беймезгіл уақытта жалғыз келгеніне таңданыс білдірген үй иесі аңтарыла қайта-қайта жәкенің жүргізушісіне қарай берді.

– Келін, айналайын, әбігерленбей-ақ қой. Жеңіл-желпі тамақ ішіп, жата кетеміз. Демалғым келеді. Қартайғанбыз ба, шаршап қалатын болдым, – деп күлген Әбдір: – Ал егер, әнеугүнгі Әлшораның үйіндегі Айтан келін сияқты атала пісіріп жатсаң, оны да жейміз.

– Аталасы несі? – деген Мамыр директоорға аңтарыла қарады.

– Е-е-е, жақында осындай апақ-сапақта Әлшораның үйіне барғанмын. Келін сасқалақтады да қалды. «Айналайын, әуре болмай-ақ дайын тамағыңды әкеле бер» десем, ол күмілжиді. «Бүгін қайдан дайындай қойғанымды білмеймін, Әлшора «атала жаса» деп қоймаған соң, сол тағамды жасап жатыр едім», деді. Мен қуанып кеттім: «Әлшора ұнатқан тағамды біз де аңсап жүр едік. Атала атамыздан қалған ас. Әкеле ғой», – деп Айтан келінді сол тамақтан дәм татқызуына әрең көндіргенмін», – деген директор көңілдене күлді.

– Аталаны қалай дайындайды екен? – деді Төлен директорға шай ұсынып жатып.

– Бала кезімізде анамыз Теңгекүл бауырларым Кемелге, Нәмелге, Айбасқа жиі-жиі атала жасап беретін. Анамыз марқұм құрғақ ұнды қуырып, әбден қызарған кезінде қайнаған су мен майға шылап, бізге беретін. Атамыздың асы еді ғой. Қазір тоқшылықта ондай тағамдарды ұмыттық. Дегенмен де балалық шағың есіңе түскенде тағамын да, оны дайындайтын адамын да сағынасың.

Шай ішіліп, шопандардың өздеріне ғана дайындалып жатқан еті желінген соң, директор арқасын қабырғаға сүйеп, Төленді әңгімеге тартты.

– Осы сен комсорг болып жүргенде шаруашылықта қанша ВЛКСМ мүшесі бар еді.

– Екі жүздей.

– Қазір де сондай. Үшарал ауылдық советінің мәліметі бойынша жеті мыңнан аса халық тұрады. Жастардың күшін бір мақсатқа жұмылдыра білсек дейміз. Соңғы кездері халық театрының да өнері көрінбей қалды. Ұмытпасам, 1967 жылдары сендер Алматыда республика бойынша көркем өнерпаздардың фестивалінде екінші орын алып, әртістерің «Дубай Шубаевич», «Жалбыр» спектакльдерін көрсетіп, «Халық театры» атағын алғандарыңды сағынышпен еске аламын. Режиссер Мейрамбек Күздеубаевтың еңбегін ұмытуға бола ма? Кейде сол жылдардағыдай бүгінгі жастар белсенді емес пе деп ойлаймын.

– Одан бері жиырма жылға жуық уақыт өтті ғой. Бір жылдары радио станциясына тәуелді болып, хабардың бәрін эфирге радио арқылы жіберсек, 1971 жылдан бастап фермаларға, шопандарға электр желілерінің тартылуы нәтижесінде телефон байланысы орнатылды. Одан арырақтағы «шауыпкелдерді» ұмытқанымыз қашан. Орталықтың ақпарын фермаларға жеткізу үшін атпен шапқылап жүретін поштобайларды «шауыпкел» деп атаушы едік қой.

– Иә, әлгі әртіс жігітеріңнің біразының аты-жөнін ұмытып қалыппын. Солар қайда өзі?

– Алматыда көркемөнерпаздардың фестивалінде Майыр Тұрсынбековтың, Жақсылық Жүсіпбековтің, Қамбар Жарылқасыновтың, Амангелді Малқайдаровтың өнерлеріне көпшілік орындарынан тұрып қол соққан. Сіз Жамбылға барып Базарбек Жолтаев деген жігітті отбасымен ауылға көшіріп алып келіп, оған жағдай жасап, «Көркем өнерпаздар үйірмесін ұйымдастыр, «халық театры» атағын жеңіп алатын болайқ»деген тапсырмаңыз бойынша жұмыс жүргізген сол жігіттің таланты ерекше еді...

Әбдір бір сәт ойланып қалды. Шынында да біраз уақыт өтіпті. Бір ғана хабар таратып, ақпар жеткізу саласында қаншама алға ілгерлеушілік болған? Алғаш фермалар мен шопандарға «шауыпкелдер» арқылы хабар жеткізгенді шынында да ұмытыпты. 1957 жылы шаруашылықтың директоры болысымен, барлық жұмысты ғылыми негізде жүргізуге ұмтылды. Ауыл шаруашылығы саласындағы техниканың ең жаңасын, малға қажетті дәрінің ең тиімдісін алуға ұмтылды. Аса құнды өнім өнлдіретін шаруашылық біресе Шымкентке, біресе Алматыға, енді бірде, тіпті, тікелей Москваға бағыныста болды. Сол кездердің бәрінде қызметіне қарай міндет қылатын. Ауыл адамының еңбегін жеңілдетуге, олардың ынтасын көтеруге бағытталған шараларды жүзеге асыруға асығатын.

Әбдір қалыптасқан әдеті бойынша жатар алдында сыртқа шықты. Ауылдың іргесіндегі биік құм жалдың үстіне шығып, ұзақ тұрды. Айналасына қарап, самаладай жарықтары жарқыраған құм жалдарының ортасындағы Бекмұраттың көрінісіне көз тастады. Бүгін ауа тұнық, аспан ашық екен. Көк аспандағы сан мыңдаған жарқыраған жұлдыздар «мен сұлумын», «мен жарықпын» дегендей жымың қағады. Уақыттың зымырап өткеніне, кешегі күндердің бүгін аңызға айналғанына таңқалады. Майданнан жараланып келгені күні кеше ғана еді. Арал фермасына келіп, әке таяғын қолына алып, шопан болғаны соғыс біткеннен кейін үш жылдан соң Социалистік Еңбек Ері атанғаны, тіпті, директор болғаны да кеше сияқты. Қанша уақыт өтседе артында мәңгі өшпес із қалғаны анық. Ата-бабасының мәңгілік мекені Үшаралы жарқырады емес пе, айдай әлемге әйгілі болып, атақ-даңқы одақты шарлады. Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйғарымымен шөл даланы игеру, құм көшкінін тоқтату туралы тәжірибесі әлемге таратылды. Құмды топырақта бау-бақша егіп, жеміс ағаштарын өсіріп, суды жақсы көретін тары өсіргені шын мәнінде ғажап емес пе?! Осының бәрі үшаралдықтардың ақылымен, еңбегімен жасалды. Еңбегі бағаланды. Кеудесіне жұлдыз тақты. Кремелдің Съездер сарайында төрде отырды. Мәртебесі көтерілді.

Кейінгі кезде өткен өмір жолын көп ойлайтынына таңғалды. Зейнеткер болғанымен директордың орынтағынан кеткен жоқ. Көпшіліктің құрметі де азаймағанын жақсы біледі. Бірақ бір нәрсе өзін мазалайды. Мүмкін жалғандықтың көбейіп кеткені ме?! Облыс басшысынан бастап, жалған ақпар, мәлімет беруді қалайды. Тіпті, қалай жасауды үйретеді. Аудандық партия комитетінің біріншісінен бастап барлық хатшылары өздерін аттап өтіп, шопандарға барып, жалған ақпар беруді үйретуден жалықпайтын болды. Бұл жалғандық соңғы он жылдан бері үдей түсті. «Біз коммунистпіз, адалмыз!» деп көкірек қақанда да ұялмайтын болды. Кейінгі кезде белең ала бастаған осындай көзбояушылық туралы облыстың бірінші басшысына ашық айтқан. Тіпті, Алматы мен Москваға да барғысы келген. Шығармай қойды емес пе, жолын аңдыды, телефонын тыңдады. «Қонаевпен сөйлесіп қоймасын» деп, нақты тапсырма берді. Құрысыншы, жамандықты емес, жақсылықты ойлағаны жанға қуат. Жаман ой, сөз адамды тоздырады. Ана жылы Қожағаппар қажы Абайдың; «Жаман-жақсы көргенің, ойлай білсең у екен» дегенде ұлы ойшылдың сөзі көңіліне қона кеткен. Қазір де сол ұлағатты сөз ойға оралды. Көңілді кір басатын дүниені еске алғысы келмеді. Ой құрсауынан арылу үшін жататын бөлмеге қарай аяңдады.

Серік екеуі ананы-мынаны айтып біраз отырды. Күндегі әдеті бойынша Құндызай құтыға құйып берген айранды ішті.

– Жеңешең күтіп отырған болуы керек. Телефонмен звандап айтпадың ба, «ертең күн бата келеміз» деп.

– Қазір, Жәке, жаңа ойымда тұр еді,-деген Серік бөлмеден тез шығып кетті. Әбдір жарықты сөндіріп, төсекке жатқаннан кейін де жаңағы ойдың шырмауынан шыға алмады. Шынында да абыройлы болып тұрғанда өз еркімен қызметтен кетсе қайтеді. Ойына әр нәрсе келді. Анда-санда көңілді ашып тастап, әңгемелесетін көкесі Кемел мен жеңешесі Болтанның жоқтығыда көңілін бұзды. Жарықтықтар, өзі десе жүрегін жұлып беруге даяр еді ғой. Қазір ондай бауыр табыла ма?! Тынысы ауырлады, көңілі құлазыды, көзі ілінді.

... Алтын шапақ көзді қарып барады. Әбдір балғамен тағаны ұрған сайын ұшып жатқан қақтар бейне бір асыл тастай жалт-жұлт етіп, аспанға ұшады. Ақ аппақ көрік күмп-күмп еткен сайын алау биікке көтеріледі.

– Құндыз, көрікті жай бассайшы, қарып барасың, мен тағаны иіп үлгере алмаймын ба деп қорқамын,-деп, көрік басып тұрған жарына мейірлене қараған Әбдір балғасымен тағаны жылдамдата соққылады.

– Атам мен апам күтіп қалатын болды, тез болшы, шайларын берейін. Дәрет алатын жылы суларын да дайындауым керек.

– Асықпа, солар ғой «Бақытжанның сәйгүлігіне таға соғып бер» деп жатқан. Болмаса мен Кемекемнен ұста емеспін ғой.

-Иә...иә... бәрі бізге қарап тұр. Қарашы ұл-қыздарыңда келіпті. Көрікті соларға берейін бе?

– Жоқ, өзің бас. Сен басқандай бас алмайды.

– Баса алмаса үйренеді де. Бәрі жас емес. Көрікті Бақантайға берейін бе?

– Берсең бер, ағалары мен апалары көрікті кенжемізге бергеніміз үшін ренжімес.

Бақытжан нәзік саусақтарымен көріктің оттығын қыса ұстап, басып, басып жіберді. Айнала алтын шапаққа бөленді.

– Алтын төс күн сияқты. Сәулесі айналаны жарқыратып тұр, – деп күлген Бақытжанның ақсары жүзі алаулаған.

– О... жаным, сенің жүзің нұрлы, сәулелі болсын! Міне, таға дайын болды. Әбдір тағаны қысқашпен жоғары көтерді. – Білесіңдер ме, таға ер қанаты атты ұстайды, ат азаматты асқақтатады. Балам, тағаң таймасын!

Сағынтаевтар Бақытжанға, оның қолындағы тағаның ғажаптығына қарап қалыпты. Таға жарқ-жұрқ етеді. Тағадан тарап жатқан арайлы алтын шапақ айналаны жарқыратып жіберді...

Әбдір көзін ашып алды. Алтын шапаққа оранып, енді ғана көтеріліп келе жатқан күн сәулесі бетіне түсіп жатыр екен. Оны елеген жоқ, жүзін көлегейлемеді. Көргені керемет, ғажап көрініс. Түс болса да өңінде армандайтын көрініс! Әбдір төсегінен сергек тұрды.

Есікті жайлап ашып, Серік кірді.

– Жәке, жақсы жатып, жайлы тұрдыңыз ба? Шәй дайын.

– Рахмет, Серікжан.

Әбдірдің дауысы ашық шықты. Жәкесінің жүзінде күн сәулесі ойнап тұр екен. Серік қуанды...


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет