«Күміс белдік» повесінде қызыл террордың адам басына әкелген тауқыметі



бет6/18
Дата20.06.2018
өлшемі1,12 Mb.
#43622
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

ІІІ.

... Есік тарс етіп ашылғанда сығырайып тұрған пілте жалп етіп сөнді де қалды. Стол басында алдарына қағаздарын жайып тастап отырған үшеу орындарынан ұшып-ұшып тұрды.

-- Бұл кім? Жау қуғандай... есікті жұлқып ашып...

-- Иосиф Николаевич, шаршағансыз-ау деймін... мен ғой...

-- А... Василий Иванович, сен бе? Келгенің дұрыс болды. Мынаның есебіне жете алмай жатырмыз, - деген Иосифтің дауысы шықты.

Пілте шам қайта тұтанды.

Василий Иванович Саид Нагимович Сейфуллинді, Иосиф Николаевич Богданчиков пен Евсей Аронович Левинді көргенде қуанып кетті.

-- Дұрыс болды, бәріңді бір жерден таптым. Амансыңдар ма? Қане қандай жаңалық бар?

-- Айтарлықтай еш жаңалық жоқ. Халық Темірбековтің станогы бүгін күні бойы тұрды. Бұрғының ұшы қайта-қайта қайырыла береді, крен де толық алынбайды, - деп Евсей Аронович орнына қайта отырды.

-- Бұл ескірген хабар, жігіттер. Мен сендерге сол Халықтан келемін, станогы арындап тұр. Оның үстіне тағы екі бұрғылау станогын әкелдім. Таңертемен олар жұмысқа кіріседі.

-- Қалайша?

-- Халық бір жерден ерекше саз балшық әкеліп, сонымен станокты сылаған екен бұрғының ұшы қайрала түсіп, керш жұмсарғандай.

-- Азамат екен. Ол саз балшықты қайдан тауыпты? Қанекең оны өзіне бекер көмекші етпеген екен. Жарайсың, Халық, - деп ақкөңіл Евсей тап бір өзі ақыл тапқандай орнынан тұрып кетті.

-- Естеріңде ме, жақында маған жолдаған хатында Қанекең аттарын атап тұрып, қатардағы жұмысшылар-- Мырзабекке, Елгезекке, Халыққа, Тимофейге, Аннаға, Павликке, Федор Пастуховқа сәлем айтуы тегін емес. Бұл жөнінде Имантаевич маған бір емес бірнеше рет айтқан. Сондықтан да Қарсақбайдың қарт жұмысшыларына арқа сүйемей ісіміз алға жылжу мүмкін емес,- деген Василий әріптестеріне бағдарлай қарап тұрып,-- Ал, жігіттер, Қаныш Имантаевич «қорытындыларыңды беріңдер» деп асықтырып жатыр. Бұған не дейсіңдер?

-- Екі-үш күнде бітіреміз.

Иосиф Николаевич өзіне тән байсалдылықпен жауап берді.

-- Сенің көмегің де қажет. Найзатасты Қанекең зерттегенде сен жанында болып едің ғой. Сол кездегі жазбаларың болса дұрыс болар еді.

Василий бас инженердің сөзіне жымиып алды да, қолын сөмкесіне созды.

-- Міне. Мұнда Қаныш Имантаевичтің де кейбір есептері бар...

Адам жаны сірі екен. Ойлап қараса бұрын жылдар бойы атқаруға тиісті жұмыстар қысқа мерзімде нәтижесін беріпті.

Жездіде қауырт еңбек басталған үш айдың ішінде геологтар да, бұрғышылар да әбден шаршады. Оның үстіне майданнан жетіп жатқан суық хабарлар да бойды ызғардай қариды. Сонымен бірге, майданға сұранып қару алып, жаудың жағасын жыртуға геологтар да, бұрғышылардың да аттанып жатуы Жезді кенішін толық, әрі тез зерттеуге кедергі жасап-ақ бақты. Бәрінен де білгір маман геолог Евсей Аронович Левиннің майданға кетуі Василийге қатты батты.

Қайран, Евсей, жаны жайсаң азамат еді. Оның білгірлігін Қаныш Имантаевич әрқашан үлгі етіп, мақтап, оған аса бір құрметпен қарайтын. Жеңілдің үстімен жүруді білмейтін азамат Отан үшін майданда опат болды.

Василий ауыр күрсінді. Тағы да ой шырмауына оранды.

... Ақыры геологтар 1941 жылдың күзінде Жезді марганец кенішінің алғашқы қорын анықтап, тұжырым жасады. Өздерінің тұжырымдарын Алматыға, Москваға жіберді. Бірақ, қазақ геологиялық басқармасының «Қоры толық анықталмаған» деген хабары геологтарға маңдайдан балғамен ұрып жібергендей әсер етті. Ұнжырғасы түсіп, жігерлері мұқалғандай болып қалған геологтардың еңсесін Қаныштың хат арқылы жолдаған нұсқаулары көтерді.

«Жездіде барлау жүргеніне үш айдан асты. Нәтижесі теріс емес сияқты, тіпті үміт күттіргендей» деп геологтар мен бұрғышылардың жұмысына дем бере келіп: «Ең бастысы – Отан өндірістері Жезді марганецін дер кезінде кәдеге жаратып, уақытша зәруліктен құтылады», - деп жерлестерін алға жетеледі.

Москва түбінде 1941 жылдың соңында қызыл әскер жауды кейін шегіндіргенімен 1942 жылдың алғашқы айы қуаныш әкеле қоймады. Жау қолында Чиатура марганец кенішінің қалуы Жезқазған геологтарына үлкен ауыртпалықпен бірге сенім әкелді. Кен орнын барлау жұмысы мемлекеттік жоспарға енгізілді, арнайы қаржы бөлінді. Жоспарға енгізілісімен оның қорын талап еткен бұйрықтар да келіп жатты. Соған қарамастан Москвада, Алматыда қор комиссиялары геологтардың тұжырымдарын бекітпей сенімсіздік көрсетті.

Ойламаған жерден ақпан айында КСРО Қара металлургия халық комиссариатынан комиссия келді. Бұл аяздың қақаған, қардың қалың кезі болатын. Сондықтан да, Найзатасқа бармай-ақ қоюды ұсынды. Комиссия мүшелері геологтардың ұсынған зерттеу қорытындыларымен танысқанмен, Жезді кен орнын көрмей қайтпайтындарын айта келіп, комиссияның төрағасы жұқалтаң қартаң кісі былай деді:

-- Мені Халық комиссары Иван Федорович Тевосянның өзі жіберді. Ал, ол кісіге осында браунит тасының бар екенін кім айтқанын білесіңдер ме? Ол – Сәтбаев. Сондықтан да, маған жүктелер жауапкершілікті сендер өз бастарыңмен көтере алмайсыңдар. Мен сол жерді өз көзіммен көріп, кенін алып қайтуым керек. Сонда ғана менің таңым ертең ататынына сенімдімін...

Василий мен оның жолсерігі Нұрманбет Сердалинов екеуі комиссия мүшелерін әрең дегенде кенішке жеткізді. Үскірік аязға қарамастан олар қалың қарды күрекпен аршып, жер бетіне шығып жатқан марганец кенінің үлгісін алып қайтты.

...Комиссия кетісімен наурыз айында әлі белгісі де жоқ Жезді марганец кен басқармасының бастығы болып бекітілген Николай Федорович Михайлов пен оның бас бухгалтері келді. Таныстықтан кейін Николай Федорович бірден іске көшті.

-- Жолдастар, тапсырма өте қауырт әрі жауапты. Тез арада кен орнын игеріп, екі-үш айда Отанға марганец беру керек. Сондықтан да, мен тап бүгін кен орнына барамын. Екі-үш күннен кейін кен бетін аршитын техникаларды жеткізу сіздерге жүктеледі, - деп аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зейнеш Шәріпов пен Василий Ивановичке қарады.

-- Сонда қайда тұрмақсыздар? Онда адам түгіл аң-құс паналайтын орын жоқ, оның үстіне қар ерімей әлі сіресіп жатыр,- деген бас геологтың сөзін Зейнеш бөліп жіберді.

-- Болмаса болады. Адам барған жер меңіреу қалмайды. Тіршілік қызады. Мен Николай Федоровичті қолдаймын. Тапсырма өте жауапты және Отан басына қауіп төніп тұрған кезде біз қиындықтан қорқып отыра алмаймыз. Партия тапсырды, біз орындаймыз.

-- Академик өсиетін орындай алдық па, жоқ па. Мені осы сұрақ толғандырады...

... Жезқазған кен-металлургия комбинатының директоры Владимир Денисович Лысенко бас геологтың кабинетіне екпіндей кірді. Василий Иванович Жезқазған басшысының мына кейпіне таңдана қарады.

-- Иә, Денисыч, жүзің өрт сөндіргендей ғой. Жайшылық па?

-- Әлгі бірінші хатшы келді ме?

Василий Лысенкоға таңдана қарады

-- Пәлімбетов пе, әлде Сейітжан ба соны айтып отырмын.

Нақты жауап болмаған соң,сөзін қайта жалғастырды.

-- Қазір ол кісі келеді.Әңгіме содан кейін болады,- деп әдетіне басып, кегжиді де қалды.

Жезқазған геологиялық барлау партиясының бастығы Штифанов оған назар аудара қоймады. Алдында жатқан соңғы айда кеніштерден алынған кен мәліметімен таныса берді.Бас геологтың мына қылығына Лысенко жарылып кете жаздады.Онысын білдіргісі келмегендей сөзін самарқау бастады.

-- Василий, жалпы мен біреудің көкірек көтергенін жақтырмаймын.Бұл мінез жалпы біздің әулетімізге де тән,- деп үлкен столдың ар жағында отырған геологқа тесіле қарады.

-- Денисыч,о не дегеніңіз? Сөзіңіздің астарына түсіне алмадым,- деп Василий Иванович басын көтеріп, директорға көз тастады.Шын мәнінде директордың нені меңзеп отырғанын бірден-ақ түсінген. «Біздің әулетіміз» деген сөзді де әдейі айтқанын білді. Әулет деген сөздің арғы жағында ғалымдардың арасында үлкен дүрбелең әкелген ВАСХНИЛ-дің президенті туған ағасы Трофим Лысенко тұрғанын да сезді.

-- Неге түсінбейсіз, түсінесіз...

Лысенко сөзін аяқтай алмады. Кабинетке Қарсақбай аудандық партия комитетінің жаңадан сайланған бірінші хатшысы Сейітжан Пәлімбетов келіп кірді. Салқын амандасқаннан кейін бірден негізгі мәселеге көшті.

-- Әңгіме былай, Василий Иванович, біз Қарағандыдан жиналыстан келе жатырмыз. Жолай саған соққан себебім – Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінен келген ресми хат туралы әңгімелесу. Майдан үшін мыс керек. Оны орындау үшін зауыттарға құнарлы мыс кенін беруді Отан талап етіп отыр. Оған сендер – геологтар көмектесулерің керек. Қай жерде қандай кен жатқанын сендер жақсы білесіңдер. Соны Владимир Денисовичке айтсаңдар болғаны...

-- Аз беріп жатқанымыз жоқ. Қазіргі кеннің құнарлығы нөл төрт процент. Мұндай көрсеткіш еш жерде жоқ.

-- Бұл аз! -- Лысенко Штифановтың сөзін шорт үзді.--Әсіресе Балқаш зауытына өте құнарлы кен қажет. Онсыз оның жүруі қиын. Қайталап айтамын бұл аз! Мұны металлургтер де айтып отыр,- деген Лысенко орнынан тұрып кетті.

--Жалған! Металлургтердердің олай айтуы мүмкін емес. «Мұндай құнарлы кен әлемде жоқ» деп айтсам мен өтірік айтапаған болар едім. Егер біз бүгін құнарлы кен желісін қуалап кетсек ертеңіміз не болады?! Осыны неге ойламаймыз.—Осылай деген Штифановтың даусы қаттырақ шығып кетті.

Сөзге бірінші хатшы Пәлімбетов араласты.

--Василий, Отан, майдан, Сталин жолдас қазір бізден өнімділікті талап етеді. Табу керек. Беру қажет. Көп сөздің бүгін қажеті жоқ! Біздің бүгін саудаласатын да жөніміз емес. Жеңістен кейін жоғымызды түгендеп, кемшілігімізді түзетіп аламыз! Сіз коммунист екеніңзді ұмытпаңыз! --Осымен әңгіме бітті дегендей ол орнынан тұрды. Лысенко болса осы сөзді күтіп тұрғандай Василийге кекірейе қарап, бірінші хатшымен бірге кабинеттен шығып кетті. Геолог оның кежірейгеніне мырс етті де орындығына келіп отырды. Алдында жатқан Қанекеңнің 1942 жылдың 22 маусым күні өзіне жазған хатын қолына алып тағы да оқыды. «... Бұл оқиға ерекше өкінішті, амалсыз келісу керек. Қандай жағдай болмасын тірі болсам биыл міндетті түрде Жезқазғанға барамын. Оған деген сағыныш өлшеусіз...». Ұстаз келсе бұлармен әңгіме басқа болатындығын жақсы түсінді және оның келуін тіледі.

Қағаздарын аударыстырып отырғанымен ойы он сақта. Жаңа ғана осы жерде болған әңгімелерді ой елегінен өткізді. Шынында да металургтердің «кен құнарлы емес» деп айтуы мүмкін бе? «Зауытқа барып металургтермен сөйлесу керек» деп шешкен Василий киініп сыртқа шықты.

Қарсақбай мыс зауытының ауласы ығы-жығы. Алдымен шихта цехына барды. Кеннің құнарлы болуы ең алдымен шихтаның сапасына байланысты. Цех бастығы Александр Елизаров Василийді құшақ жая қарсы алды.

--Василий Иванович, сіздерге мың да бір рахмет. Геологтардың сілтеуімен өте құнарлы кен келуде. Қара мыстың өзі сары мыстай. Өзіңіз білесіз байыту фабрикасынан келетін пульпаңыз ұлпа болады. Сол ұлпаңыз мыс түйіршектеріне айналады. Бұған қалай қуанбасқа...

Шарпу пеші цехында Василий Қаныштың досы Қарсақбай мысын тұңғыш балқытушының бірі Мұзарапты жолықтырғанына қуанды. Киіз қалпағын көтере баса киіп алыпты. Қара торы жүзі алаулап, терге малынған.

-- Күн сайын жоспарды асыра орындап жатырмыз. Жарыс қортындысы апта сайын шығарылып тұр. Қызыл туды ешкімге бермей тұрмыз,- деп ол масаттана сөйледі. Пеште бұрқ-бұрқ қайнап, от моншақтары жан-жаққа шашылып жатқан сұлу көрінске көз тастап тұрған геологқа металлург жылы жүзбен қарап; --Қарсақбай мысынан жасалып жатқан гильзаларды көрдің бе? Өзіміз майдан даласына бармасақ та құйып жатқан мысымыз жауға оқ болып атылып жатыр,-деген ол қолындағы ұзын сүңгімені балқыманы сүңгіп-сүңгіп жіберді. Қарауытып жатқан балқыма от-жалынға оранып, алаулау түсті.--Әлі ерте, піспеген.

-- Кеннің құнарлығы қандай?

--Тамаша!-деп, Мұзарап бас бармағын көрсетті.—Жезқазған кеніштерінен жетіп жатқан мыс кені де, Байқоңырдан әкелінетін көмірдің де сапасы өте жақсы. Оның үстіне біз көмірдің қуаттылығын арттырудың жаңа әдісін игердік емес пе?! Ең бастысы біздің мыс фашистерге оқ болып атылып жатыр. Көптен күткен Жеңіс күні де жақындап қалды емес пе?!

Василий зауыттан көңілді шықты. Лысенконың жалған айтқанына көзі тағы да анық жетті. Енді бұл туралы Қанекеңе хабарлап, көңілін бір көтеріп тастаудың артықшылығы жоқ деп шешті. Артына бұрылып мыс балқымасына көз тастады. От жалындар алаулай түскен. Сап-сары балқыма наумен шөмішке сарқырай келіп құйылуда. Ғажап көрініс!

...Николай Николаевич Першаков Штифановты көңілді қарсы алды.

-- Қалай, Василий Иванович, денсаулық мықты ма?

-- Рахмет, шүкір. Әзірге құдайға шүкір өкпеміз жоқ. Тек тізе құрғыр қақсайтын болып жүр. Өзіңнің денсаулығың қалай?

Василий Иванович бар денесімен бұрыла Николай Николаевичке қарады.

-- Жаман емес, кеше аңнан келіп едім, сәл шаршап тұрғандаймын.

-- Қалай қанжығаларың майланды ма?

-- Жылдан-жылға жер де, аң-құс та, табиғат та тозып бара ма деймін. Бұрынғыдай емес, дегенмен де сенің қанжығаңа байлайтын табылады, - деді комбинат директоры жадырай күліп, сөйтті де тоңазытқышты ашып, столдың үстіне стақанмен арақ қойды.

-- Иә-иә... табиғаттың тозып бара жатқаны рас. Оны бүлдіретін өзіміз ғой. Есіңде ме Қаныш Имантайұлының ана жолы келгендегі әңгімесі. «Барымызды бағалап, үнемдей пайдаланып, оны байыта алсақ қана өткен дәуірдегісін айтпағанда он тоғызыншы ғасырдан бастап игеріле бастаған Жезқазған кені жиырма бірінші ғасырдың ұрпақтарына да жетеді» дегені. Ал сіздер ысырап етіп жатырсыздар,- деп, Василий комбинат директорының жүзіне бажарлай қарады. Першаков Қанекеңнің бұл сөзін есітті ме, есітпеді ме оны білмеді. Бірақ ұстазы өзіне Қарсақбай, Үлкен Жезқазған туралы жазған хаттарының бірінде тап осылай деген. Сондықтан да ұлы геологтың сөзін қадап тұрып айтты. Оның үстіне басшы біткен «Сәтбаев айтты» дегенде тартынып қалатынын да білетін.

Комбинат директоры ойламаған жерден жақсы басталған әңгіменің басқа арнаға түскеніне жиырылып қалды. Бас геологтың нені меңзеп отырғанын да бірден түсінді. Дегенмен де, өзіне тән сабырлықпен қонағының сөзін тыңдап, айтар ойын білгісі келген сыңай танытып, геологқа жақындай түсті. Директордың ұсынған арақ толы стаканын алып жатып, Василий Иванович әңгімесін жалғастырды.

-- Николай Иванович, екеуміз шалқайып отырғанымыз осы Үлкен Жезқазған кенішінің арқасы болса, одан кейін Қанекеңнің көрегендігінің жемісі. Сондықтан да, біз Жезқазған кенін үнемді пайдалана білуіміз керек. – Ол директорға тіктеп қарап алды да сөзін қайта жалғастырды. - Әңгіменің қиыннан емес, бірден өзінен-өзі қисынынан келгеніне қуанып отырмын. Менің келген шаруамның өзі табиғат байлығын үнемді пайдалану жөнінде болмақ. Ашығын айтсам, сіздердің геологиялық тәртіпті бұзып, кеннің тек бай құрамын ғана алып жатқандарыңыз ренжітеді. Егер біз кенді бүйтіп алатын болсақ, көп уақыт өтпей-ақ мына салынып жатқан Жезқазған мыс қорыту зауыты тас қорытатын болып қалуы әбден мүмкін.

Стақанды төңкеріп тастап, столға жайғасты да, қолына ұстап отырған папкасын жылдам аша бастады. Шытынаған қабағы жазылып, директордан әлдебір жақсылық болатындай кейіпке түсті.

-- Василий Иванович, мен бәріне түсініп отырмын. Әрине, пікіріңде дәлелді дәйектер бар екенін де білемін. Бірақ, бізден жоғары жақтың сұранымы көп болып тұрған жоқ па? Папкаңды ашпасаң да болады. Менің оны тыңдауға зауқым жоқ. Одан да жақсылап бір демалайық.

--Жоғары жаққа түсіндіру керек. Бүгін кеннің бай қорын алсақ, ертең не істейміз? Мұнымыз үшін келер ұрпақ рахметін айтпайды. Осыны неге түсінбейміз? Міне, қараңызшы, біздің бүгінгі жұмысымыз тонаушылық әрекетінен бір де бір кем емес. Ағылшындар құнарлығы 10,5 пайыз болатын өте бай жерді ғана игерді. Одан кейін біз алғашқы жылдар бес пайыз мыс болатын кенді алдық. Осының бәрі жылдан-жылға тау жынысындағы мыс кенінің құрамы азая беруіне әкеп соқты. Егер біз барлық кенді қатарынан араластырып алсақ, 20-30 жыл бойы 1,53 пайыздан төмен түспеген болар едік. Ал бүгінгідей бейберекет пайдаланатын болсақ он жыл өтпей-ақ тау жынысының құрамы бұдан да төмендейді.

-- Осы «келер ұрпақ бізді қарғайды, лағнет айтады» деген жалған патриоттықты қою керек қой. Мүмкін келер ұрпаққа бұл кен керек болмауы да ғажап емес, - деген директор Василий Ивановичтің сөзін тыңдағысы келмегендей орнынан тұрып кетті. Қолындағы стаканға тағы арақты толтырып құйып, қағып салды. Одан кейін бөлмеде әрі-бері жүрді де орындығына келіп отырып, қоңыраудың кішкентай түймесін басып-басып жіберді.

-- Кешір, Василий Иванович, мен қазір бас инженер мен бас кеншіні шақырайын. Тыңдасын олар да, - деген директор орнынан қайта тұрып, есіктен имене кірген хатшыға бұрылып әмірін айтты. Ол шығып кеткен соң: - Бізде бір жаман қасиет бар. Мақтаса да, даттаса да сөздің төркіні бірінші бастықты табады. Мен бұл қағидамен келіспеймін. Сондықтан да, бас мамандар да Сізді тыңдасын.

Жақсы басталған әңгіменің ресмиленіп бара жатқанына өкінген геолог сөзін одан әрі жалғастырды.

-- Мен комбинаттың бас мамандарында болғам, бір емес бірнеше рет айтылған әңгіме, дәлелдеп те бақтым. Бірақ, нәтиже жоқ. Шынтуайтқа келгенде, олар Сізден нұсқау болмай ешнәрсе өзгермейтіндігін ашық айтып отыр.

--Солай ма?

Комбинат директоры орнына қайта отырды. Осы кезде күткен адамдары да келіп кірді.

-- Отырыңдар. – Директордың дауысы салмақты шықты. Одан кейін Штифановтың келген шаруасын айта келіп, «бұған не айтпақшысыңдар» дегендей екеуіне үнсіз, бірақ сұсты қарады.

Алғашқы сөзді бас инженер Виктор Васильевич Гурба бастады.

-- Бұл өзі өте қиын шаруа. Кен жынысының құрамының төмен болуынан көптеген қосымша шығындар жұмсауға тура келеді. Қорыта айтқанда, бұл бесжылдықта қалыптасқан жағдайды өзгерте алмаймыз.

Василий Иванович қанша дәлелдегенімен, намысқа тиіп айтқанымен комбинат басшылары жоспарды алға тартып, әдеттегідей ешбір тоқтамға келе алмай тарасты.
ІҮ.

Ұлытаудың әр белесі елеулі оқиғаның куәсі, әр тасы шежіре белгісіндей. Көптен бері ойында жүрген істі соңғы екі-үш күнде жүзеге асырғанына қуанды. Ұлытаудың, Кішітаудың биіктеріне шығып, Зыңғыртаудың құпиясын ұғуға, Алашахан мен Жошыханның, Болған ана мен Талмас атаның кесенелерін көріп, Қаракеңгір мен Сарыкеңгір өзендерін жағалады. Даланың шежіресі мен құпиясын білу, сол өңірді мекендеген халыққа деген сүйіспеншілігін арттыратынын ол жете сезінді. Көрген, білгендері туралы ой бөлісіп, пікірін Қанышқа айтса қандай ғанибет болар еді. Жүрегі сазып, табан астынан көңілі құлазыды. Ұстазын сағынды. Тезірек үйге жетіп телефонмен тілдесуге асықты.

Үйге кіргені де сол еді Зоя Ивановна сыбырлап сөйлей жөнелді.

-- Қаныш Имантаевичті қызметінен босатыпты.

-- Қайдағы жоқты айтпа!- Василийдің аяғы дір-дір етіп, есіктің алдындағы орындыққа отыра кетті.

-- Қанышты қастерлемеген адамдар қандай көрсоқыр еді. «Ұлтшылдыққа, феодализмді аңсағандарға жол берді, өзі соларға түрткі болды» деген сияқты жалған кінә артыпты,- деген Зоя жанарына келіп қалған жасын сүртті.

Штифановтың қаны басына ойнап шыға келді. Орнынан тұрғысы келіп еді бірден тұра алмады. Бойын ауыр қорғасын басып тастағандай. Желауыздардан «Қанекең қызметінен кетеді екен» дегенінді естіген. Бірақ, оған айтарлықтай мән бермеген. Өсек қой деп қойған. Алайда күйе жағып, жазғырып қызметінен алады деген ой түсіне де кірмеген.

-- Жалған шығар, кім айтты? Василийдің даусы қатты шығып кетті.

-- Таисия Алексеевна телефон шалды. «Москваға кетеміз, сонда қызмет істейміз» дегенді де айтып қалды.

-- Әкел телефонды, Қанекеңмен сөйлесейін, - деп Василий киімін шешіп, төргі бөлмеге өтті.

-- Тездетіп сөйлескенің де дұрыс болар. Онсызда Таисия Алексеевна саған «звондасын» деп еді. Неге екенін айтпады.

Телефонды Таисия Алексеевна алды. Амандықтан кейін Қаныштың демалып жатқанын айтып, өзі сөйлей жөнелді.

-- Несін сұрайсың, баяғы әуен. «Ұлттық мәселелерді көтердің, эпостарыңда қазақтарды, оның батырын көтермелеу бар» деген сияқты далбаса сөздер. Кешелі берлі Қаныш ешкіммен сөйлеспейді, тіпті Ілияс келіп еді онымен де ой бөліспеді. Естісең Ілияс Омаровқа да сондай күйе жағып, оны да қызметінен босатты. Қызметтерінен алып жатқандар да, арыз жазғандар да өзіміздің қазақтар... Москваға кететін шығармыз... Қаныш қайда барса да Қаныш!... Оның қай жерде болмасын сыйы бар!

Василий Иванович Таисияның сөзін үнсіз тыңдады да, бір-ақ ауыз сөз айтып қоштасып, телефонның трубкасын орнына қойды. Одан соң біраз уақыт орнынан қозғалмай ұзақ отырды. Ұнжұрғасы түсіп, жүзі алаулады. Әлдекімге кейіп, жатын бөлмесіне кіріп кетті. Ол сол күні де, ертеңіне де тамақ ішпей, жұмысқа бармай бүк түсіп жатып алды...

Ойламаған жерден жаздың соңында Қанекең телефон шалды. Өзін күтіп алуды өтінді, басқа ештеңе айтпады. Бірақ, келетінін ешкім білмеуін қатты тапсырды.

Қанекеңді Василий Жезқазған теміржол вокзалынан жалғыз өзі қарсы алды. Көңілінің пәс екенін бірден аңғарды.

-- Ал Василий Иванович, мен енді сенің қарауыңдамын. Көпсінбесең, біраз күн осында боламын. Үлкен Жезқазған үшін әлі күресуге тура келеді. Жұмыссыз қалмаймыз мұнда әлі екеуіміздің өмірімізге жететін жұмыс бар. Көтер еңсеңді! Есесіне енді Арқаны, кен орындарын армансыз аралаймын. Мына Жезқазғанның оңтүстігінде мұнай көздері бар сияқты еді, сол өңірге барсам деймін. Даланы сағындым. Бой жазбасақ, езіліп бара жатқандаймын, - деп, дауысын көтере сөйлегенімен оның тамағына тығылып тұрған өксүгі бар екенін анық аңғарды. Көлікке отырғаннан кейін Қаныш Василийге бағдарлай қарады.

– Көңілсізсің ғой, не болды?

-- Сізді сағындым. Бәрі жақсы. Міне, көрдіңіз бе, жаңа машина алдық, - деп әңгімені басқа арнаға салуға тырысқан Штифанов жүзін бұрып әкетті. Досының сырын білетін Қанекең оның ойын жалғастыра жөнелді.

-- Шынында машинаң зулап тұр екен. Құтты болсын! Бұл машинаны маған бер, қайтқанша міне тұрайын. Алдағы айларда академияның сессиясы болады, соған дейін осында боламын. --Академик сөзінің соңын тұнжырай айтты.

-- «Сізден аяғанды ит жесін», деуші ме еді, - деп, өзіне тән жарқын мінезін танытып, ұстазын құшақтады.

Біраз күн Жезқазған кентіндегі геолог досының үйінде демалып, көкірегіндегі запыранын сыртқа шығарғаннан кейін Қаныш су жаңа «ГАЗ-63» автомашинасын мініп, Арқаны аралап кетті. Василий Қанекеңнің қайда болғанын кейін білді. Бұл жолы ұлы ғалым Жезқазған, Жезді, Кұмкөл, Ұлытау, Жаңаарқа, Атбасар айналасын аралаумен бірге туған жері Баянауылға дейін барыпты. Бірнеше дәптерге жазбалар түсіріпті. Бірақ, Жезқазғанға оралғаннан кейін де ұстазының масаттанған, тасыған көңілін көре алмады. Көрген-білгенін де әңгімелемеді. Мүмкін жергілікті басшылардың өзінен қашқақтағанына налыды ма, әлде басқа нәрселер әсер етті ме оны Василий түсіне алмады. Ашып сұрауға батпады. Ұстазының көңілі қаламағанды ешқашанда айтпайтынын ол жақсы білетін. Осыған орай Василийдің ойына баяғыда болған бір оқиға оралды.

...Қарағандыдан Қаныш біртоға кейіпке еніп, томаға тұйық оралды Сапардан келгеніне үш-төрт күн өтсе де бұрынғыдай жайдары, жарқылдаған күлкісі жоқ. Ұстазының күлкісі шуақ. Оның көтеріңкі көңілде болуы әрқашанда адамдардың бойына нұр құятын. Ондай сәтте шешіле бермейтін түйін жазылып, академик ағынан жарыла әртүрлі тақырыпта әңгіме айтатын. Мұндайда өзі ести бермейтін, біле бермейтін оқиғалардан хабардар болып, бір марқайып қалатын. Өкінішке орай Қарағандыдан келгелі ондай сәт болған емес. Василий ұстазын сөзге тартып көріп еді. Ернінің астына бір шөкім насыбайды тастай салды да; «Елден естірсің. Бәрі жақсы. Қобалжымай-ақ қой» дегеннен басқа ешнәрсе айтпады.

Шынында да көп ұзамай Қанекеңнің Қарағанды облыстық партия комитетінің конференциясында сөйлеген сөзі туралы әңгіме гу ете қалды. «Қанекең Мәскеуден келген дөкейдің өзіне тіке қарап тұрып; Қарсақбайдың мысы жақсы да, халқы жаман ба? Жезқазған мен Қарсақбайдың, Қарсақбай мен Жосалының арасында жол жоқ. Көшесі қүл-қоқыс. Коммуналдық қызмет дегенің атымен жұмыс істемейді. Басқа да қызмет салалары мардымсыз» деп нығыздап тұрып айтыпты» деген сөз ел арасында желдей есті. Әрине бұл әңгіме жоғарыда отырғандарға ұнамағаны анық. Сондықтан да жиналыстан кейін; «сіздің саясатқа араласудың қажеті не? Кеніңізді қаза бермейсіз бе?» дегендер де табылыпты. Сонда халықтың жағдайын айту саясат болғаны болды ғой. Осылай ой түйген Василий ұстазымен іштей келіскен.

Күзде Қанекең Алматыға қайтты.

-- Василий Иванович, пайданың зоры--дос үшін шеккен зиян екенін сен тағы дәлелдедің. Сондықтан да мен бұл жолғы олжам көп. Досың көз алдыңда болғанша, көңіліңде болғаны дұрыс екен. Уақыт таразы, бір күндік іске мың күндік досыңды сатпа, - деген Қанекең қош айтысып поезға мінгені әлі есінде. Бұл сөзді неге айтқанын Василий түсінді. Себебі бұрын Қаныш келгенде сәлем беру үшін келімді кісі көп болса үш айдай уақытта қарт жұмысшылар Жағыпар Сейілов пен Елгезек Байсалбаев ғана үйінен дәм татқызды. Басқа ешкім келіп сәлем де бермеді. Басшылар Қанекеңнің көзіне түспеуге тырысты. Осылайша Қаныш Сәтбаевты ешкім қарсы алмай, ешкім де шығарып салмады. Жаңағы сөздерді айтқызған да осы бір көңілге қаяу түсірер көрініс болса керек. 1951 жылдың жазының соңы мен күзінің басын осындай көңіл күймен өткізген Қанекең Алматыға Жезқазғаннан жабыңқы көңілмен аттанды.

Сол жылы 27 желтоқсанда Қаныш Имантайұлы Жезқазғаннан досына тағы да телефон шалды. Амандық сұрасқаннан кейін айтар ойының тоқ етеріне тоқталды.

-- Василий Иванович, қызметі жоқ, күйе жағылған менімен Кисловодскіге демалуға қалайсың? Қорықпайсың ба?

-- Қанеке, мен дайынмын, қай күні, қай жерде жолығайық, - деген Василийдың жауабына риза болған ғалым:

-- Отыз бірінші желтоқсан күні Москвада Зоя Ивановна екеуіңді вокзалда күтеміз, - деп телефон құлағын қоя салды.

... Пойыз сырғып келіп тоқтады. Василий ұстазын бірден байқады. Москвада қар аралас жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан Қанекең күздік пальто киіпті. Өзі тоңса да қолына ұстаған гүл үсіп қалмасын дегендей бауырына тыға түседі.

Алдымен Зоямен сәлемдесіп, қолындағы гүлін ұсынды. Зоя Қанекеңді көргенде құшақтай алып жылап жіберді.

-- Қалай аман-есен жеттіңдер ме? Жезқазған мен Жосалы арасы қандай екен. Сендерді, Жезқазғанды тағы да сағынып қалдым.

Кешке «Москва» қонақ үйіндегі Қанекеңнің бөлмесінде Василий Әлкей Марғұланмен бірге 1952 жылды қарсы алды. Кеш айтарлықтай көңілді болмады.

Ертеңіне Қанекең жазған екі хатты москвалық таныстарына апарып бергеннен кейін, сол күні кешке достар Кисловодскіге поезбен жүріп кетті. Олар Максим Горький атындағы санаторийге келіп тоқтады.

Осы жерде Василий алғаш рет қазақтың тағы бір марқасқа ұлы Ілияс Омаровпен танысып, достасып еді. Ілияс та бұл кезде қызметтен алынған екен. Күн сайын ескі достар пікір алмасып, сөйлесумен болды. Сол бір күндері Ілекеңнен ұйқы қашқан екен. Күніне екі-үш сағат ұйықтайды, қалған уақытта тек кітап оқумен айналысады. Философия, классикалық әдебиеттер, Иван Грозный кезеңіндегі боярлардың хаттарының көшірмесі бөлмесінде шашылып жататын.


Ү.

Есіктен кіріп келген бастығын көргенде хатшы келіншек орнынан ұшып тұрды.

--Ешкім мені іздеген жоқ па? – деген Василий Иванович қалшиып тұрған келіншектің жүзіне көз тастады.

--Василий Иванович, міне... міне... Қаныш Имантаевич... – деп арғы жағын айта алмай қолындағы көк қағазды бастығының қолына ұстата салып, екі қолымен бетін басып, еңіреп жылап жіберді. Бас геолог хатшының қолындағы көк қағазды жұлып алып, жедел хатты кім жібергеніне назар аударды. Жеделхатты жолдаған академик Сақтаған Бәйішев екен. Хатты оқыған сайын көзі қарауытып, басы айнала бастады. Терең тыныстап, әрең дегенде орындығына барып отырды. Тағы оқып шықты. Сонда ғана мәселенің байыбына барып, қолы күйіп қалғандай «ах» деп көк қағазды лақтырып жіберді. Тағы да меңіреу күйге түсті. Қалтасынан орамалын іздеді. Неге іздеді? Иә, бетін жуып жатқан көз жасын сүртпек екен ғой. Құлағы күңгірлеп, көзі ашыды. Басы қорғасыннан қалпақ кигізіп қойғандай ауырлап барады. Меңіреулік ...

--Василий Иванович, Василий Иванович, - деген дауыстан селк етіп, басын көтеріп алды. Алдында тағы да қалшиып хатшысы тұр.

--Москвадан звандап жатыр, - деді даусы дірілдей.

--А... Кім? Не дейді? Мынау телеграммаң жалған болар, - деп телефон трубкасын көтерді.

--Алло, алло бұл кім? Бұл кім? Министрліктен... Иә, мен... Штифанов тыңдап тұрған. Қаныш... естідім...

Құлағы күңгірлеп, тағы да ешнәрсені есітпей кетті.

--Қашан? Неге ? Операциядан кейін бе?

Трубканың ар жағындағы кісінің кім екеніне және не деп жатқанының байыбына бара алмады.

-- Барамын, бүгін, қазір ұшамын. Қайда? Алматыға... Неге Алматыға? Иә, Алматыға...

Жезқазғанның кішкене аэропортына келгенде алдымен көзіне Халық Темірбаев түсті. Екеуі бір-бірін құшақтай алды. Ал жыла ...

--Қайран, Қанекем-ай!

--Бәйтерегіміз құлағаны рас болса, біздің не болғанымыз?! – Қарт бұрғышы мен геолог бір-біріне көп жұбату айта алмай іштей түсінісіп, кеуделері қайғыдан қарс айрылды.

--Василий Иванович, осында тағы да біраз бұрғышылар мен Қанекеңнің тілеулестері жүр. «Жемісті ағаштың мәуесі жерге жақын болады» демекші Қанекең халыққа, бұқараға жақын еді ғой. Көлеңкесі саялы еді ғой. Жеке самолет алмасаң біз жете алмаймыз, - деп Халық орамалымен көзін сүртіп, тағы да егілді...

Самолеттің қос қанатының астында ақ қар жамылып кең дала шалқасынан түсіп жатыр. Бұл даланың ой-шұңқырына дейін өзіне таныс.

--Қайран Қанекем-ай, бұл далаға алғаш сүрлеу салған өзің едің ғой. Осы меңіреу даладан кен табылғанын дәлелдей алмай қаншама шаршадың десеңші. Бұл далада Қанекең салған соқпақтармен өзі қанша жүрді. Әрбір жол сапарынан кейін «Вася, не көрдің, не білдің?» деуші еді ғой Қанекең шәкіртіне.

--Есіңде ме, Вася, Қанекеңді 1941 жылы 22 маусымда Алматыға шығарып салу сәті, - деп Халық ауыр күрсінді.

--Неге ұмытайын күні бүгінге дейін көз алдымда ...

--Осы күнге дейін таңғалам, Қанекеңнің бізбен қоштасқан күні қаралы болғанын қарашы?! Сол күні соғыс басталып еді ғой, - деп Халық тағы ауыр күрсініп, Василий Ивановичке қарады.

Ауыр ой құшағынан әрең арылған Василий:

--Мүмкін оның да табиғи байланысы бар шығар. Мен Қанекеңнің көрегендігіне бас иемін. Алматыға жүрер алдында маған қайта-қайта Жезді кеніші туралы әңгімелеп еді. Есіңде ме, Қаныш Имантаевичті астанаға шығарып салысымен саған барғаным.

--Есімде. Ол күндерді ұмытуға бола ма? Соғыс бұлтсыз күнгі найзағайдай болса, Қанекеңнің бізден кетуі, шынында да, ауыр әсерде қалдырып еді.

--Иә, ол күндерді ұмытуға болмайды.

Қос қанатты кішкене ұшақ бір орнында қалықтап тұрып қалғандай. Василий иллюминатордан тағы да төменге қарады. Ақ қар жамылған шетсіз-шексіз дала.

-- Қайран Қанекем-ай, осы далаға нәр, рең берем деп қаншама тер төкті десеңші!

-- Жан дүниесімен осы далаға берілді емес пе? Жезқазған кенішінен кейін Жезді кені үшін қанша ұйқысыз түндер, мазасыз күндерді басынан өткізгенін екінің бірі біле бермейді... Василий Иванович басы ауырып, қан қысымы көтеріліп бара жатқанын сезді. Қалтасын қарманып, әлдене іздегендей болды. Нені іздеп жатқанын өзі білмейтін сияқты.

--Не болды?

-- Білмеймін, басым айналып тұрғаны. Қалтамда дәрім бар еді, таба алмай жатқаным.

Халық орынсыз болса да күліп жіберді. Себебі, Василийдің іздегені қолында болатын. Жезқазғанның бас геологының дәрісін қолында ұстап отырғанын бағана байқаған.

-- Іздегенің қолыңда емес пе?

Василий Иванович болса алақанын ашып, дәріні көргеннен кейін таңқалған жоқ. Құтының аузын ашты да біреуін алып тілінің астына аса бір жылдамдықпен тастай салды.

--Қанекең де сен сияқты білдірмей аузына насыбайды кішкене жібек орамалмен сүрткендей салып жіберуші еді.

Халық ауыр күрсінді. Көзіне келіп қалған жасты орамалмен сүртіп, жүзін бұрып әкетті.

--Шіркін-ай, десеңші. Қанекең Жезқазған кені үшін алыста жүрсе де жанын салып шайқасты емес пе. Бізді де соған жігерлендіріп отырды. Сондықтан да, біз Жезқазған кенін тиімді пайдалану үшін әрқашан кеншілермен бет жыртысып, Қаныш Имантайұлының атынан сөйледік емес пе? Қанекеңнің атын атағанның өзі комбинат басшыларына ерекше әсер етуші еді.Рас айтасың. Қашан, қай жерде болсын комбинат директорлары әрқашанда құнарлы кенді ғана өңдеуге ұмтылды, сол үшін күресті. Жоспардың жоғары екенін алға тартатын.Оларды Қанекемнің де тұжырымдары тоқтата алмады.Өкініштісі де осы еді.

Бұдан әрі әңгіме өрбімеді. Василий де, Халық та үнсіз қалды. Екеуі тағы да ой құшағына енді...

--Оның рас. Лысенко, Першаков, Гурба сияқты Жезқазған мен Қарсақбай жерінде «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған Жезқазған кен-металлургия комбинатының басшыларымен геологтардың қалай шайқасқанын талай естідік,- деп үзілген әңгімені Халық қайта сабақтады. -- Алдын ала болар істі болжай білуші еді. Оны көптің бірі білсе бірі білмейді. Жаңағы өзіңе айтқандай менің бұрғылау станогымды Найзатасқа әкелгенімде: «Халеке, қанша қиыншылық болса да төз. Мұнда керемет металл бар!» дегені әлі есімде. Одан кейін өзің бас болып, күндіз-түні бізбен бірге жүрдіңдер емес пе?!

Қанекеңнің ақыл кеңесімен, тікелей басшылығымен Василий Иванович кен зерттеудің және оның қорын анықтаудың қыры мен сырын терең меңгерді емес пе? Ойлап қараса өзінің бүкіл өмірі Қанекеңмен сабақтас екен. Жезқазғанның бас геологы өзіне де өзгеге де тыным бермеді. Геологтардың да, бұрғышылардың да көшіп-қонуы көбейді. Соның нәтижесінде осы меңіреу дала қойнауында мол қазынаны бүгіп жатқаны анықталды. Отызыншы жылдардың соңында Жезқазған кеніші мыс қоры жағынан елімізде бірінші орынға шықты. Бұл ерекше қуаныш еді. Бір топ геологтар мен бұрғышылар мемлекет наградаларына ие болды. Василий Иванович омырауына «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалін тақты. Мұның өзі жас жігіттің жігеріне жігер қосты. Жезқазған комбинатының ұзақ жылдарға арналған қорын жасау үшін жаңа зерттеу жобаларын дайындауда үлкен еңбек сіңірді. Ұлы Отан соғысы жылдарына дейінгі кезеңді еске алғанда Василий Иванович әрқашан тамсана әңгімелейді. Өзінің Сәтбаевтай ұстазы болғанын мақтаныш, бақыт санайды...

Василий Иванович сол бір ауыр кезеңді, адамдардың жанкешті ерлік еңбектерін есіне алғанда еріксіз толғанады. Отан амандығы үшін адамдар жанын пида етуге дайын екенін көрді. Қалың қар басқан меңіреу далада күрекпен жер қазып қолымен үй салған адамдарға ешнәрсе тосқауыл бола алмады. Талай ұйқысыз түндер мен дамылсыз күндер өтті. Бар ауыртпалық пен жауапкершілік Қанекеңе түскенімен, Василий Иванович бір есептегенін бірнеше рет тексеріп, басқа кен орындары кенінің құнарымен салыстырды. Тіпті 1942 жылы 12 маусымда кен бетін ашу жұмысы басталған 38 күннен кейін алғашқы марганецін Оралға жөнелткеніне қарамастан кеніштің қоры жөнінде айтыс бұрынғыдан да қыза түсті. Себебі оралдықтар Жезді кенінің құнарлығы мен құрамына тәнті болып, оны көптеп өндіруді талап етті. Ал, бұл кен басқармасы ұжымын тығырыққа тіреді. Олардың мол шикізат беруге ешқандай материалдық-техникалық жағдайлары жоқ еді. Ол кезде кімге жағдайыңды айтасың, көп шағынсаң жазаң жеңілдемейтіндігін олар сезді. Сондықтан да, кеншілер байбалам салып, «Кен қоры толық зерттелмеген, мол шикізат мұнда болуы мүмкін емес» деп жер-жерге хат жолдаумен болды. Сонда ғана олар жоспар азайтылады деп ойлады.

Бұл Жезді маргенц кенінің авторы Қаныш Имантайұлына үлкен мазасыздық әкелді. Бірде телефонмен хабарласса, бірде ол Жездіге келді, енді бірде хат жолдап, мән-жайды толық білуге асығып жатты. Ақыры Қаныштың тегеруінді, нақты дәлелдері нәтижесін берді. Жезқазған геологтарының табандылығы мен Қаныш Имантайұлының бірлігі олардың тұжырымдарының дұрыс екендігіне сенім туғызды. 1943 жылы маусым айында Бүкілодақтық қор комиссиясының төтенше мәжілісінде геологтар жеңіске жетіп, Жезді тартысына нүкте қойды.

Мәжілістен кейін Қаныш Имантайұлы Василий Иванович пен Иосиф Николаевичті құшақтап:

--Бұл екеуіңнің бірінші жеңісің! Үлкен Жезқазған кені үшін қандай жағдай болса да ұялмай күрес жүргізуге болады, - деп масаттана шәкірттерінің қолын қысты.

... Сол бір күндерді еске алса Василий Иванович әлі қамығады. Жезқазған кенін пайдалануда уақытша табысқа жетуді ойлағандар геологтардың ұсынысын қабылдамай тастады. Cол жылдары Жезқазғанда КСРО Ғылым академиясының көшпелі сессиясында бұл мәселені Василий Иванович тағы көтерді.

Сессияның бір үзілісінде Қанекең Гурба мен Штифановты шақырып алып:

--Сендер болашақты ойлаңдар. Қазақ өнеркәсібінің қара шаңырағы Қарсақбайдан бастау алған Жезқазған кені жиырма бірінші ғасырдың ұрпақтарына қызмет етуі қажет. Кенді ұқыпты әрі кешенді пайдалану дұрыс болады,-дегені есінде.Сонда:

--Қанеке, мен оның бәрін біліп отырмын. Орталық алқымымнан алып отыр емес пе? Кеннің құнарлылығын бүгінгіден сәл төмендетсек болды, жер тепкілейді,-деп Виктор Гурба төмен қарап еді-ау.

Жезқазғанның кенін кешенді пайдалану туралы әңгіме мұнымен біткен жоқ. «Мен бұл мәселені жоғары жақта да көтеремін» деп Қанекең өзін қолтықтап, бұрылып кеткен еді...

... Алматы әуежайы күңіреніп тұр. Қыстың соңғы айының алғашқы күндері болғанына қарамастан ауа райы сыбылыңқы. Василий Иванович бастаған жезқазғандықтар Мәскеуден Қанекеңнің мәйітін әкелетін ұшақты күтіп тұрғандарға жақындады. Бәрі таныс.Көпшілігімен талай пікірлескен. Жезқазғаннан Алматыға Қанекеңе келген сайын ғұлама ғалым Василийді жанына ертіп алып, өзгелерге таныстыратын. Тіпті кейде өзін мақтап, «Үлкен Жезқазғанның кілті Василий Ивановичте» дейтін.

-- Василий Иванович,- деген дауыс ойын бұзып жіберді. Бірден таныды. Анандай жерде пальтосының жағасын көтеріп алған Ілияс Омаров тұр.Екі құшақ айқаса кетті.

--Қанекеңнен айырылып қалдық,-көзінің жасын сүртіп жатып Василий қарлыға үн қатты. Бір-біріне көңіл айтып, сәлемдескен олар жайлап келіп тоқтаған ұшаққа қарай аяңдады.

-- Василий Иванович, есіңде ме 1952 қаңтар айында Қанекеңмен Кисловодскіде өткізген күндер, - деген Ілияс Василийге қарады.

-- Ол күндерді ұмытуға бола ма?

--Иә, ол күндер ұмытылмайды. Мен сол бір күндері Қанекеңнің кім екенін өте жақсы білдім. Білімі телегей теңіз еді. Басқа «пәле болып жабысқан» «Едіге» жырын жатқа айтып, орыстың жырларымен салыстыратын. Қайран Қанекем, осындай күндерді бастан өткіземіз деп ойлап па едік?

Қанекеңмен бірге өткізген күндерін еске алған сайын 1963 жылы күзде Москвада «Москва шайқасы» мемориалын бірге аралаған сәті көз алдына келеді. Ғажайып көріністі көргенде Василий тағы да Қанекеңнің орыс әдебиетінің үздік білгірі екеніне көзі жетті. Әңгімелеу шеберлігі, тарихты әдебиетпен байланыстыра білуінде ғұламалықтың самалы есіп тұрды. Тіпті сол күні оларды тасыған таксист те ғұламалықты танып, оған басын иіп, бұлардың берген жолақысын да алмады.

... Қанекеңнің мәйіті салынған табыт бірден Ғылым Академиясының бір бөлмесіне әкеліп қойылды. Ертең 5 ақпанда мәңгілік ұстазы Қанекеңнің денесі Жер-Анаға беріледі. Ұстазынан мәңгі айырылатындығын еске алғанда алқымына тығылған өксүк лықсып келіп, запыранға айналғандай. Бірте-бірте адам аяғы сабырси бастады. Өзгелердің үгітіне көнбей Таисия Алексеевнадан ғана рұқсат сұрап, ұлы ұстазының басында шырақ жағып, жалғыз қалды.

--Қайран өмірім-ай... Василий даусының шығып кеткенін өзі де байқамай қалды.Көлеңкеленген бөлме іші күңгір етті де тынши қалды. Қанекеңмен бірге болған отыз жылға жуық уақыты ғұмырының ең дәмді, ең бақытты кезеңі екен. Қандай істі қолына алмасын артына асқар таудай Қанекең тұратынын жақсы білетін. Сонау бір жылдары өндірістік тәжірибеден өтуге алғаш Қарсақбайға келгенде Қанекең үстінен шешіп берген костюмінің жылуы мәңгілік жүрек жылуына, ұғысуына ұласыпты-ау. Зайыбы Зоямен қосыларда да тойының басында болып, би билеп, ән айтқан Қанекең міне, алдында мәңгі көз жұмып, өмірмен қош айтысты.

Қос жанардан аққан көз жасын сүртіп орнынан тұрды. Алматы қарауытып, қаһарланып тұрғандай. Осы Академияның ғимаратын саларда Москваның талай жерін аралап, сәулетші таңдағаны да есінде. «Халық үшін, ел үшін, ғылым үшін» деп өмір сүрді ғой. Ол қазақ даласына, қазақ халқына ғашық еді.

Әлі есінде 1953 жылдың Жаңа жылын төртеуі Кисловодскіде сол баяғы санаторийде қарсы алғаны. Бір күні кешкі тамақ алдарына келгенде Қаныш Имантайұлы өзекті әңгіме бастады.

--Вася, сен қалай ойлайсың, мен қызметте Москвада қалсам қайтеді, әлде Қазақстанға қайтайын ба? Менің тағдырым таяу күндері шешіледі.

--Қазақстанда, туған еліңізде қалғаныңыз дұрыс сияқты. Сонда ғана сіз еліңіздің алдында адал екеніңізді дәлелдей алатын сияқтысыз.

Бұны естіген Таисия Алексеевна:

-- Сен ешнәрсені түсінбейсің, айналада не болып жатқанын білмейсің, - деп Васяны айқайдың астына алды. Қанекең ыммен Василийді бөлмеден шығарып жіберді. Ал, ертеңіне ол Қазақстанға қызметке баратыны жөнінде түбегейлі шешімге келгенін айтты...

Табыттың аяқ жағында орындыққа келіп отырған Василий қалтасынан валидолын алып, таңдайына басты. Ертең жерлеу сәтінде не деп сөйлейтіндігін саралады. Қалай сөйлегені дұрыс. Өзіне жасаған жақсылықтарын тізіп айтса қайтеді? Олай болса әңгімені сонау 1935 жылы Қарсақбайда танысып, табысқанынан бастап, 1963 жылы бүкіл одақтан алғаш рет 15 геологқа Социалистік Еңбек Ері атағын берерде Қанекең өзінің емес Василий Ивановичтың есімін атағанын да айту керек шығар. Жоқ, олай етуге болмайды. Ұстазының өмірінің соңғы сәтіне дейін Үлкен Жезқазған үшін, бүкіл Қазақстан мен қазақ халқы үшін жасаған еңбегін, әлемдік геология және минералогия ғылымына енгізген жаңалығын айта отырып, ұлы ғалымның данышпандығын, адамгершілік асыл қасиеттерінің айналасындағыларға шуақ болып төгілгенін айтқаны дұрыс шығар...

Таң бозарып атып келеді. Түні бойы көз ілмеген Василий Иванович терезеден сыртқа қарады. Ақ басты Алатау қара көлеңкеленіп, еңсесі басылып қалғандай.

Арайланып шығыстан күн көтеріледі. Алтын түстес шапақ жайылып, ақ таңға айналды. Қара көлеңкеленіп, аласарып тұрған Алатау да биіктей бастады. Сол атқан әрбір таңмен бірге Қаныш Сәтбаевтың да тұлғасы биіктей түсетіндігін өзі ғана емес, оның ондаған шәкірттері, дос-жарандары, ұрпағы түсініп, ғұламалығына бас иетіндер жылдан-жылға көбейетіндігін Василий жақсы білді. Көтеріліп келе жатқан күннен көз алмай ұзақ тұрды.



Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет