«Күміс белдік» повесінде қызыл террордың адам басына әкелген тауқыметі



бет5/18
Дата20.06.2018
өлшемі1,12 Mb.
#43622
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

МЫС ДАРИЯ

(Дерекеті повесть)

Қазақ даласы қандай кең болса,

Қазақ халқы қандай дархан болса,

ол ғылымға да сондай ұл берді.

Ол – академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев еді.

Академик М.В.Келдыш.

Бұл жерге Қаныштың даладағы суреті салынуы керек

Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың жан досы, қиналған мен қысылған сәттерде ауыр күндерін бірге өткізген, жолдастарының арасында ең көп хат жазысқан сырласы, сенімді серігі атақты геолог Василий Иванович Штифановпен мен Жезқазған өңірінде еңбек еткен жылдарымда жете таныстым.

Сол бір орта бойлы, мығым денелі, ақ шашы селдіреп тұратын сары кісімен үш жылдай сырлас, пікірлес болдым. Ол жылдары мен Жезқазған облыстық «Сарыарқа» газетінде жұмыс істейтінмін. Көбіне әңгіме тақырыбы Қаныш Сәтбаев, қазақ өнеркәсібінің қара шаңырағы Қарсақбай, Жезқазғанның жер асты байлығы туралы болатын. Кейде Қанекеңнің өзіне ғана арнап жазған көңіл шерін ағытқан хаттарын көрсетіп, оқытатын.

Хаттарды қайта-қайта оқып, Василий қазақтың ұлы перзентімен бірге өткізген күндерін еске алғанда бойына – қуат, ойына – от, жігеріне – қайрат қосылатын. Оның өмірдегі табынатын құдайы да, пірі де Қаныш Сәтбаев еді. Ол осы пікірі мен сенімінен өмір бойы танбай кетті. Көңіл күйі қандай болмасын күн сайын Қанекеңді есіне алмау, атын атамау, ғұлама туралы естелік айтпау ол кісі үшін мүмкін емес нәрсе еді.

Бірде, дәлірек айтсам, 1986 жылғы Алматыда өткен Желтоқсан көтерілісінен кейін бүкіл қазақ халқына топырақ шашып, «ұлтшыл» деп баға берген компартияның қаулысына күйініп отырғанын да көрдім. «Сәтбаевтай, Ілиястай (Омаровты айтады), Марғұландай ұлдары бар халықты «ұлтшыл» деп айту ауыр күнә ғой», - деді ол күрсіне. Енді бірде оның Абайдың 1951 жылы орыс тілінде жарық көрген кітабын оқып отырғанын аңғардым. «Абай ұлы, оның аты Шығыстың жеті жұлдызының қатарында тұруы керек» деді ол күлімдей.

Бірде мен ол кісінің өмірі туралы очерк жазғым келетіндігін айттым.

-- Айналайын, мен туралы жазсаң ең бастысы мынаны ұмытпашы: мені Қанекеңнің көлеңкесінде жүргіз, менің бойымдағы бар жақсы қасиет сол кісіден тараған. Одан соң біз өткен өмір жолымыздың бұлтарыс-қалтарыстары көп болды. Бірақ оған тек күйе жаға беруге болмайды. Әр уақыттың өз шындығы, өлшемі, жағдайы болады. Күйе жағылуды басынан кешкен Қанекең кейін ақталып, беделі өскен сәтте де біреуге ренжіп, кеше өзіне қара жаққанның жағасынан алып, өш алуды ойламаған, - деді күрсіне отырып тебірене сөзін сабақтады. -- Сәтбаевқа бүкіл қазақстандықтар, оның ішінде жезқазғандықтар өмір-бақи қарыздар, ол қарыз оның Отанына, халқына сіңірген еңбегін мәңгі есте қалдыруымен өтелуі керек. Қазақта Қанекеңдей ғұлама ғалым санаулы десем қателеспеймін, ол қазақтың ғылымдағы жарық жұлдызы. Ал, маған жасаған жақсылығы шексіз. Сонау 1937 жылдары осы Жезқазғанда өндірістік тәжірибеден өтіп жүрген күндердің бірінде тоңып тұрғанымда Қанекең костюмін шешіп беріп алғашқы көңіл жылуымен, одан кейін бүкіл өмір бойы қолтығына алып,үлкен жүрегімен, телегей теңіз ақылымен, достық құшағымен қамқор болды.

Осы шығарманың арқауы еліміздің мыс дариясы-- Жезқазған жерін, Қарсақбай елін гүлдендіруге өзіндік үлес қосқан Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген геологы, Социалистік Еңбек Ері, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының Құрметті азаматы болған Василий Штифановтың Қаныш Имантайұлы Сәтбаевпен өткізген, бүгін тарихқа айналған арайлы күндерінің кейбір сәттері ғана...
І.
... Мәскеуден шыққан пойыз Жосалы стансасына араға екі күн салып жетті-ау. Пойыздан жүрегі алып- ұшып түскен Васяның өрекпіген көңілін айналадағы қораш көріністер су сепкендей басып тастады. Жосалы бекетінің көзге түсер көріністері өткен жылдардағыдан ешқандай өзгермепті. Темір жолдың маңайы ғана болмаса оның жеркепе үйлері Мәскеудің биік үйлерінен кейін бұған қораш көрінді. Әр жерде үйіліп жатқан жабдықтар мен техниканың көбейгенін де байқады. Оның бәрі Қарсақбай мыс қорыту зауытына қажетті жабдықтар екенін ешкім айтпаса да іштей түсінді. Теміржолмен қатарласа жатқан көшеге түсті. Көшенің май топырағы шаңы аяғыңды басқан сайын бұрқ-бұрқ етіп балағыңа жабысады. Жеркепе үйлердің боғаттарындағы қаудыраған қамыс Аралдан соққан желмен судыр-судыр етеді. Көше көріністеріне көз тастап, өз ойымен өзі болып, Қарсақбай зауытының жүк базасына келіп қалғанын да байқамады. Әркімнен Қарсақбайға баратын көлік жайын сұрастырып еді, ешкім біле қоймаған соң өзіне бұрыннан таныс база бастығы кеңсесіне қарай беттеді. База бастығының есігін именбей ашты.

Кішкене қара столдың арғы жағында тұқырайып отырған толық денелі, тәңкі танау, қара сұр кісі «Мен бос емеспін!» деп дүңк ете қалды да, артынша әлдене ойына түскендей басын қалтаң еткізіп көтеріп алды. Алдында галстук таққан, еуропаша костюм киген, қолында жол сөмкесі бар ақсары орыс жігітін көріп, орнынан ұшып тұрды.

-- Мен сізді әлгілердің бірі ме деп қалсам, кешіріңіз, жоғары шығыңыз, - деп жалпақтады да қалды. Жалтақ көзі: «Жолаушы не дер екен?» дегендей өзіне тесіле қарады.

-- Маған Қарсақбайға баратын көлік керек. Бүгін-ертең жүретін көлік бар ма?

Вася өзінің дауысының қатқылдау шығып кеткенін байқамай қалды. Әлде алдындағы адамның әсіре жалпақтаған мінезі әсер етті ме, әйтеуір жөнсіздеу қылық көрсеткеніне өзі қысылып қалды.

-- Аты-жөніңіз кім, қайдан келесіз?

-- Москвадан, Сәтбаевқа барамын.

-- Москвадан... Сіз ... – ол алдында жатқан қағаздарды аударыстырып, іздеген жоғын әрең тапты. – Сіз Штифановсыз ба?

-- Иә, - деп Вася таңқалған сыңаймен жауап берді.

-- Өте жақсы, Қаныш Имантаевич кеше ғана осында болды. Қарсақбайға кетті. Сізге көлік қалдырған... Бүгін жүресіз бе, әлде дем алып, ертең жолға шығасыз ба?

База бастығының сөзіне Вася таң-тамаша қалды. Сәтбаев мұның келе жатқанын қайдан білген. Мүмкін Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатына хабарласты ма екен? Ойына күні кеше ғана Москвада Халық комиссариатында болған әңгіме оралды.

...-- Құм суырған Қазақстанда не бар? Сені біз басқа жерге инженер, керек десең, бір геологиялық барлау кеңсесінің бастығы етіп жібереміз.

-- Жоқ, мен Жезқазғанға барамын. Мен Қырымды немесе Кавказды сұрап тұрған жоқпын. Жаңа өзіңіз айтқан құм суырған Қазақстанға сұранып тұрмын ғой. Неге жібермейсіздер?

Халық комиссариатының бөлім бастығы ашуланған сыңай танытып орнынан тұрып, орындықты айнала үнсіз біраз жүрді.

-- Сен қалай түсінбейсің, қазір бізге басқа жерлерге жіберетін геологтар керек. Біраз жерлерде әлі де халық жаулары отыр. Солардан тазаруымыз қажет. Сен большевиктер партиясының мүшелігіне кандидатсың, саған жауапкершілік екі, тіпті үш есе көп жүктеледі. Ал, қу дала Қазақстанда айтарлықтай кен байлығы да жоқ. Сен құм мен қоқыс арасында қаласың.

-- Сіздің бұл пікіріңізбен келісе алмаймын. Мені Жезқазғанға жіберіңіз...

Бөлім бастығы Васяның сөзінің соңын күтпестен телефонға жармасты. Содан соң бөлмеге аласа бойлы кісі кірді.

-- Міне сендердің гуманистерің. Біз белгілеген жерге барғысы келмейді. «Қазақстанға барамын» - дейді. Не істейміз?

-- Қайда барғың келеді?-деген әлгі кісі Васяға жылы қабақ таныта қарады.

-- Жезқазғанға. Сонда 1935-1937 жылдары өндірістік тәжірибеден өткенмін. Оның үстіне сондағы Жезқазған геологиялық барлау кеңсесінің бастығы Сәтбаевқа «келемін» деп уәде берген едім.

-- А... онда түсінікті. Қаныш Имантаевичтай геологтың қарамағында жұмыс істеуге болады. Дегенмен де, уәдені ертерек бергенсің. Сенің тағдырың біздің қолда...--Бір сәт үнсіздік орнады. --Меніңше, бұл жігітті қалап тұрған жеріне жіберуге болады, келісім берейік,- деп бөлім бастығына қарады.Бөлім бастығы үн қатпастан алдындағы жолдамаға «Қазақстанға... Қарсақбай аудандық партия комитетіне ... Сәтбаевқа...» деп жазды да берді.

-- Ал, жолың болсын «Басқа жерге ауыстыр» деп қайтып келіп жүрме.

Жолдамасы қолына тиісімен Вася алды-артына қарамастан, дөкейлермен қоштаспастан кабинеттен шыға жөнелді.

... Ойлап қараса, сол әңгіме Қаныш Имантаевичқа жеткен сияқты. Болмаса мұның келе жатқанын қайдан білсін.

-- Сонымен қашан жүресіз? Мен бұйрық берейін. Жүк тиелген машина дайын, - деп, база бастығы тағы да Штифановтың тершіген жүзіне қарады.

-- Ертең таңғы салқынмен.

-- Онда дұрыс, демалыс үйінде сіз үшін орын да дайын. Тамақты біздің үйден ішерсіз. Кешке өзім сізге барамын.

Вася рахметін айтып сыртқа шықты. Сәтбаевтың өзіне арнап көлік қалдырғанына таңқалды. Ойлап қараса бұған таңдануға да болмайды екен. Себебі, Қаныш Имантаевич, жақында ғана, дәлірек айтса 1937 жылы 13 желтоқсанында өзіне жолдаған хатында: «Институтты табысты аяқтап және бізге тезірек жұмысқа келуіңе тілектеспін. Біздің институтқа жіберген қатынасымыздың көшірмесін Сізге танысу үшін ұсынып отырмын. Сіз Жезқазғанға жіберуді табанды талап етіңіз және осыған байланысты қандай қиындық болса да жедел хабарлаңыз» деп жазған еді. Бұл оның мұны тағатсыздана күткені емес пе?! Осындай көңіл шуағы өзінің Жезқазғанға келуіне үлкен ықпал еткенін ол жақсы түсінді.

Таңсәріден бұрғылау машиналары тиелген автомашинамен қара жолдың шаңын бұрқыратып Қарсақбайға қарай бет алды. Күн қапырық. Соған қарамастан шофер жігіт Жосалыдан шығысымен орыстың халық әндерін құйқылжытты-ай келіп. Тіпті жанында адам отырғанын ұмытып кеткендей. Орыс әні өзіне студенттік шақтан таныс Абай әндеріне жалғасты. Жүрек тербер әсем әнге елтіп, көңілі тасыған Вася айналасына көз тастады. Көз тоқтатар биігі жоқ құлазыған қу дала. Осы даланың шексіз байлықты бүгіп жатқанына таңқалды. Бірде Қаныш Имантайұлы; «Асылға қол жеткізу қиын. Сондықтан да ол тереңде, адам қолы жете бермейтін жерде» деген сөзі ойына оралды. Шынында да солай. Адам баласы үшін алтынды алу қандай қиын екенін екінің бірі біледі. Суы да, нуы да жоқ мына даланың асты да толып тұрған байлық екенін Қанекең талай айтқан.

-- Ал, галстукты жігіт, ендігі кезек сенікі, - деп шофердың сөзі оның ойын бұзып жіберді. Шофер жігіт болса жанында адам бар екені есіне енді түскендей, өзіне бұрылып, ыржия қалыпты.

-- Мен өлең айта алмаймын.

-- Онда Қаныш ағамен жолсерік болуға жарамайды екенсің.

-- Неге?

-- Ол кісі жолға шыққанда міндетті түрде өлең айтады. Жанындағы кісілерден де соны талап етеді. «Өлең айтқан адамның көңілін кір баспайды» деген қағидасы бар.

-- Сонда саған қазақ әндерін үйреткен сол кісі ме?

-- Жоқ, мен Қаныш ағадан орыс әндерін үйрендім. Алдымен Евгений Онегинді жатқа соғады, сонан соң романстарды айтады. Ал, Абай әндері ол кісінің соңғы аккордтары. Жарайды, бізде жұмыс істесең бір-екі жылдан кейін әлі талай ән айтқызармыз. Әзірге таныса отырайық. Менің – атым Михаил, фамилиям – Кузнецов, әкемнің есімі – Иван.

-- Мен Василий Иванович Штифанов – Алматы тау-кен металлургия институтын бітіріп, Москвадан Жезқазғанға жолдама алып келемін.

-- Бұрын келмеп пе едің мұнда?

-- Үш жыл өндірістік тәжірибеден өткенмін. Жарым мен ұлым да осында тұрады. Сол жылдары үйленгенмін.

-- Е, Сәтбаев жолдастың аузынан тастамай жүрген жігіті сен екенсің ғой. Маған да айтқан. «Шаршатпай, шалдықтырмай, жолда ауылдарға қондырып, алып кел» деген. Қарсақбайға дейін бірнеше бекет бар. Түс ауа Мешіт бекетіне жетеміз. Сонда қонып, таңғы салқынмен ертең тағы жолға шығамыз.

Василий үн қатқан жоқ. Іштей Сәтбаевтың ілтипатына риза болып, көрегендігімен келісіп отыр. Өзінің негізінен қазақ жұмысшыларымен еңбек ететіндігін, сондықтан олардың дәстүрлерін біле беру қажет екендігін түсінді. Тағы да айналасына көз тастады. Сағымға оранған сардаланың табиғаты да ерекше екенін түйсігімен сезінді. Қазақтың Сарыарқасы Жер-Ананың бауыры болса керек. Осылай ой түйген Василий алысқа көз тастады. Дала өсімдіктерінің бойы аласа болғанымен сабағы мығым болып көрінді. Анда-санда жол жиегінен қашқан қоян мен зорман, сары тышқан көзге түседі. Дегенмен де өзінің туып өскен Алтай табиғатымен салыстыруға әсте болмайды. Алтайы есіне түскенде қозғалақтап, Михаилға жымия қарады.

-- Неге жымиясың? Әлде менің әнім дұрыс емес пе? – Шофер жігіт мұны әңгімеге тартқысы келгендей бұрыла сөйледі.

-- Жәй, туған жерім Алтайдың көркімен салыстырып келемін мына даланы.

-- Е, жайың белгілі болды. Келеріңді келіп алып, енді ұнамай қалды ма? --Михаил мысқылдай күлді.

-- Жоқ. Мен өзім сұранып келдім. Табиғаты көз тартарлық көрікті болмағанымен, өз жерінде жусан да тамаша! Бұл өңірдің адамдары жақсы. Оның үстіне Сәтбаев мен үшін... -Теңеу таба алмай, аузы жыбырлап, жұтынып алып, – Мен үшін идеал,-деді.

Василий орынды сөз тапқанына қуанып кетті.

-- Сенімен келіспеймін.

-- Неге?

-- Оған сөз жоқ. Адамдары ақ пейіл, күлкілері жарқын. Ондай кісіден жамандық шықпайды. Адамы жақсы болса, жері де жақсы. Себебі адам сол ортаның табиғатынан мінез алады.

--Орынды. Философиялық тұжырым. Сен өзің диалектиксің ғой. Бірақ, сенің шамданатын ешнәрсең жоқ. Мен бұл даланы жаман деп айтқаным жоқ, тек «салыстырып келемін» дедім емес пе?

--Бұл даланың табиғатының қаймағы бұзылмаған. Әлі осы жерден артық жер жаннатын іздесең де таба алмайтын ауруға ұшырайсың.Бұл өлкемен кеңес өкіметі орнағанда ағылшындар қимай қоштасқан. Қара жер де, оның байлығы да халықтыкі екенін ұмытқан олар бұл халықты теспей сору үшін олар не істегенін білесің бе? Білмейсің! Айтайын алдымен мысты көптеп тасу үшін темір жол тартқан. Осы Жосалыдан Қарсақбайға қарай 375 шақырымдық темір жол төсеген.

-- Не дейсің? Қайдағы темір жол.Ол қайда?

Михаил бар даусымен күлді.

-- Білмесең тыңда. Ол қулар 1914 жылы ұзындығы 13 аршын болатын, табаны тар темір жолды төсеп, соның бойымен жүк тиеген вагондары жүрген соң темір жолды қайта жинап алып, қайта төсеген. Осы әдіспен Қарсақбайға 1917 жылы қазан айында жеткізген. Бір қызығы олар жүктерін жеткізген күні патша үкіметі құлағаны туралы хабар келген. Бұған дейін жүгін түйемен тасымалдаған ағылшындар адамды қанаудың небір кісі төзгісіз жағдайын көрсеткен. Ағылшындарға дейін Қарсақбайдың байлығын патшаның жарылқаушысының бірі атақты Ушаков пайдаланған. Ол кезде мыс дегеніңіз тау-тау болып, жердің бетінде үйіліп жатса керек. Солай жігітім, бұл өлкенің байлығы баяғыдан белгілі болған. Тіпті бізге белгісіз заманда қазылған кеніштер де болған.

-- Апырай-а... Ғажап екен. «Мысы тау-тау болып үйіліп, жер бетінде жатқан» дейсің бе? Қызық екен. Бұл өңір туралы біраз мәлімет жинастырғанмын. Бірақ ондай кен орнын естіген емеспін. Сен айтқан ғажаптарды Қаныш Имантайұлы маған айтпап еді.

-- Ол кісінің білгенінің бәрін білу мүмкін емес. Қай тақырыпта болса да алдына жан салмайды. Аман болсаң талай ғажаптарды көресің, естисің...

Шофер жігіт газды баса түсті.

Қарсақбай мыс зауытының түтіні будақтаған мұржалары алыстан көрінді.

-- Міне Қарсақбайға да келіп қалдық. Сен өзің жолың болғыш—ақжолтай боларсың. Көп ұзамай дәлірек айтсақ 19 қазанда Қарсақбай мыс зауытының алғашқы балқыма бергеніне 10 жыл толады. Қарсақбай мыс қорыту зауыты бұл далаға жаңа өмір әкелгенін ерекше тойламақ. Жамбыл атамыз өлеңін арнап, біздерді Алматы төрінен құттықтап жатыр. Сол тойда Қарсақбайдың кереметтерін көресің әлі...

... Қаныш Сәтбаев Василийді қуана қарсы алды.

-- Молодец! Жігіт екенсің. Сөзіңде тұрдың. Естідім Москвада қалай шайқасқаныңды. --Ол жымиып алды да:

-- Мүмкін Зоя Ивановна мен кішкентай Володяны сағынып келген боларсың?

-- Иә... Жо-жоқ, Сізге берген уәдемнен қайта алмадым. Одан кейін басқа жерден сіздей ақылшы таба аламын ба?

--Дұрыс. Бірақ, мақтамай-ақ қой. Қазір басшыны мақтаудың өзіндік ызғары бар. Жүр, үйге барып, шәй іше отырып, әңгімелесейік. Түс қайта Рудникке жүріп кетерсің. Сені Жезқазған кен басқармасының кеніш аға геологы етіп жібергелі отырмыз. Оның үстіне отбасың да, үйің де сонда емес пе...

1938 жылы 12 маусымда Василий Иванович Штифановтың Жезқазған кен басқармасының кеніш аға геологы болып тағайындалған күннен бастап осы жердегі қызығы мол, қиындықтарға толы өмір жолы басталды. Жас геолог Жезді, Ұлытау аймағының тау-тасын шаршамай кезді. Қорғасында орыс капиталисі Железновтың бастаған заводын да, Дабейдің айналасындағы кеніштерді де аралады. Арғанаты, Жаман Айбат, Сарыоба аймақтарын зерттеді. Үш жыл бойы талмай-қажымай Қаныштың басшылығымен еңбек етті. Бір-біріне ұқсас күндер өтіп жатты. Есте қалғаны ойламаған жерден ертеде мыс өндірілген, ескі кеніштің табылғаны. Михаилдың айтқаны рас екеніне көз жеткізді, әрі өзі балаша қуанды. Кейінірек шахтадан табылған тері, май шамдарының қалдықтарын және малахит сынықтарын Қанекеңе көрсеткенде: «Мынау тарихи олжа, мұны Әлкей Марғұланға жіберейін. Саған рахмет. Жер мен елдің тарихын білмейінше сен бұл даланың қамқоршысы бола алмайсың. Сондықтан да, сенің мына қадамыңды құптаймын» деген Канекең бағзы заманда бұл өңірде кен қазу ерекше дамығанын нақты дәлелдермен майын тамыза айтты. 1928 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауыты алғаш қорытпа алғанда бағзы замандағы қорытпа қалдықтарын көптеп пайдаланғанын да әңгімеледі.

--Ойлап қарасаң қазақ тіліндегі металлургияға қатысты сөздерден- ақ бұл өлкеде қазба байлықтарды пайдалану ерте заманнан басталғанына көзің жетеді. Бүгінгі күні ғалымдар Европадан табылып жатқан мыс, қола, қалайы заттары Сарыарқа өңірінде қорытылғанын дәлелдеуде. Оған тағы бір дәлел латын, гот тілдерінде мысты біз сияқы «жез» деген, дәл солай демесе де осыған өте ұқсас. Кейін римдіктер Кипрден мол мыс кені табылған соң кірме сөзден қашып, мысты «киприум» деп атай бастаған. Бір ғажабы Қаракеңгірдің, Сарыкеңгірдің, Жыландыкеңгірдің, Жездікеңгірдің ( Қазір олардың аттары тура осылай болмағанымен ертеде солай аталған. «Кеңгір» деген сөздің мағанасы бір кезде «қазына» деген ойды білдірген) өзендерінің бойында ертеден қалған кеніштер мен шахталар көп. Бір ғана Милықұдықтағы кеніш неге тұрады?! Тағы бір дәлел қоланың алғаш шыққан жері де қазақ жері екені дәлелденді. Вася, айта берсе ағытылатын сөз көп, оның саған қажеті шамалы. Бірақ білсін дегенім ғой...

Қазір ойлап қараса Қаныш Сәтбаев көнені сақтауға, қалпына келтіруге ерекше назар аударған екен. Тіпті соғыс жылдары, дәлірек айтқанда, 1944 жылы өзіне жолдаған бір хатында 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің батыры Аманкелді Имановтың сарбазы болған, көтерілісшілерге қару соққан Бәймен Алтаяқовқа сол жылдары жасаған қаруды қалпына келтіруге көмектесуін өтінгені де есінде. Ақыры қару жасалып, Алматыдағы Орталық музейге жіберілгенінен де хабардар. Еске алса мұндай мысал көп екен...

ІІ.

... Сәтбаев шақырып жатыр деген соң Василий Иванович аялдамастан Қарсақбай кентіне келді.

--Василий Иванович, мен Алматыға жүрейін деп жатырмын,- деген ұстаз бірден әңгіменің тоқ етерінен бастады. -- Сонда қызметке шақыруда. Өзің білесің, бұған дейін де талай рет ұсыныс жасағанын. Енді шегінетін жер жоқ. Қазақта «Шақырғаннан қалма, шақырғанға зар боларсың» деген сөз бар. Қарсақпай, Жезқазған қанша менің өмірім болғанымен үкіметтің кеудесінен итере беру болмас.

-- Бұл қуанышты хабар ғой. Сонда қандай мекемеде қызмет істейсіз?

-- Қазақ ССР Ғылым академиясының Геология институтының директорлығына шақырып жатыр.

-- Өте жақсы, енді шеше алмай жатқан проблемаларды өзіңіз шешуге көмектесесіз, - деп Василий ұстазына күле қарады.

-- Әр нәрсе уақытымен. – Сәтбаев күліп алып, - кім біледі столдың күші мені де бюрократ етіп тәрбиелер... Жарайды, Үлкен Жезқазған үшін күрес ғасырдың соңына дейін толастамас. Әлі талай проблемалардың куәсі боласың. Енді геологиялық барлау партиясының бастығы ретінде күресті өзің жүргізесің. Күрессіз алға жылжу жоқ.

--Бастығыңыз не?

--Иә, иә, сені бастық етіп тағайындау туралы министрліктен келісім алып отырмын.

-- Сонда қалай болғаны, Богданчиков, Сейфуллин, Левин тұрғанда менің жұмсақ креслоға отырғаным ұят болмай ма? – деп Штифанов көкейінде тұрған сұрақты төтесінен қойды. Қаныш Имантайұлы ойланып қалғандай сыңай танытып, терезеден сыртқа қарап біраз үнсіз тұрды да:

-- Кім айтты «бастықтың креслосы жұмсақ» деп? Қызмет мансабымен ауыратын адамға қызметтің жұмағы мен тозағының арасы алыс емес. Жұмыс істемегенге жайлы болуы да мүмкін. Жұмыс істейтін, ойлай білетін адам үшін басшы болу – халық пен партия алдындағы жауапкершілікті еселей түседі. Ал, сені ұсынғанымыз – жассың, жігерлісің, денсаулығың да мықты. Саид Нагимович Сейфуллин ғылым жолына түспек. --Қаныш ағаның сөзінің басы қатқыл шығып, бірте-бірте жұмсара берді. – Көп нәрсені үйрендің, тамырың тереңдей түсті. Қорықпа, игеріп кетесің, бұйрығың міне, істі қабылда. Қабылдап алғаның жөнінде хаттама жаса, қол қойып берейін.

Қанекең еденді сықырлатып бөлмеде әрі-бері жүр. Үнсіз қалған Василий де ұстазының жүзіне тіке қарай алмай қолындағы қағаздарды аударыстырып, не айтарын білмей тұрып қалды. Мүмкін ұстазы мұның сөзінен кейін шешімі дұрыс емес екендігін енді байқады ма? Әлде күреспен өткен Жезқазған жерін қия алмай өмір жолдарын көз алдына елестетіп тұр ма? Василийдің осы ойларын іштей сезді ме Қанекең төрден төменірек тұрған орындыққа барып отырды.

--Жоқ, Вася, төрде орын бос болса есіктің алдына отырудың қажеті шамалы. Сенің орның қазір төрде. Ал, ол орынды үнемі өзіңе сақтап қалу сенің қолыңда.

Бірақ, Василий орнынан қозғалмады. Бөлмені тағы да үнсіздік басты. Ызыңдаған шыбынның ғана дыбысы естіледі. Анда-санда есіктің алдында Қанекеңді күтіп тұрған бұрғышылардың дауысы шығады. Олар Қаныш ағаның Алматыға кететінін біле ме екен? Білсе не дейді. Оларға Василийден Сәтбаев қымбат емес пе? Мұны бұрғышылар, геологтар сыйлай ма, құрметтей ме? Қанекеңдей бедел жинау үшін бүкіл өмір жетпейді ғой.

-- Қанеке, мен Сіздің орныңызға отыра алмаймын. Оның салмағы үлкен. – Бұл сөздің аузынан қалай шығып кеткенін Василий байқамай қалды.

--Онда өз орныңа отыр. Оның салмағын сірә білерсің. – Қаныш Имантайұлы жас досына күле қарады да, сөзін жалғастырды. – Бұл әңгімені осымен доғарайық. Бұрғышылардың да қалауы – сен, - деп, дәлізде дауыстары естіліп жатқан Халық Темірбаев пен Мырзабек Тұңғышбаевтың есімдерін атады. – Менің саған айтпақ сөзім басқа. Мұқият тыңда, қазір халықаралық жағдай өте қиын. Соғыстың болуы әбден ықтимал.

Василий орнынан ыршып тұрды.

--ТАСС-тың мәлімдемесі ше? Онда Германиямен қарым-қатынас қалыпты, өсекке сенбейміз деген емес пе?

--Оның себебін екеуміз түсіне бермейміз. Бірақ, ерте ме, кеш пе соғыс болады... Ары қарай тыңда. Сондықтан қорғаныс қабілетін арттыру үшін қуатты металдар керек. Әлгі өзіміз демалып жүрген Найзатастағы қара тастарды білесің бе?

-- Білгенде қандай, онда марганец бар.

--Иә, сол марганец кен орнын жан-жақты зерттеу керек. Осы мақсатпен Иосиф Николаевич Богданчиковты Никополь кен орнына жібергенбіз. Оны да білесің. Кеше Иосифқа телеграмма жіберіп, Жосалыда өтетін маусымның жиырма алтысындағы кездесу туралы хабарладым. Сен Богданчиковке барлық көмегіңді көрсет. Міндет – сол Бала Жездінің бойын зерттеу. Әрине, арнайы рұқсат та, қаржы да жоқ. Бірақ біз Үлкен Жезқазғанның болашағы үшін солай істеуге міндеттіміз. Білсең ел ішін аштық жайлаған 1933 жылы орталық Ұлытау өңірінде мыс кенін іздеуді де, қаржы беруді тоқтатқан. Сол кезде де байлықтың бар екеніне сеніп жұмысты тоқтатпағанбыз. Жұмысшылар бір жылға жуық ақысыз-пұлсыз еңбек етті. Бұл өңірдің халқына жағдайды ашық түсіндіре білсең болғаны. Ең бастысы саған сенуі керек. Мырзабек, Жағыпар, Халық, Егізек, Сейтқазы, Өтепберген сияқты азаматтарға жағдайды айтсаң болғаны, қандай қиындықты болса да жеңесіңдер. Бүгінгі күні бәріне де дайын болу қажет. Соғыс басталмағанның өзінде ол металл Отанға керек...

Бұл 1941 жылдың 20 маусымы болатын. Екі күннен соң Қаныш Имантайұлын геологиялық партияның бүкіл жұмысшылары мен қызметкерлері Жезді өзенінің бойында құрметпен шығарып салу рәсімі болды. Үлкен Жезқазғанның болашағы үшін небір ойлар айтылды, тостар көтерілді, әндер шырқалды. Бұл күн—Қанекеңмен қоштасу сәті -- бастаңғыда болғандарға ерекше әсер етті. Қаныш Имантайұлы өте көңілді болды. Үлкен Жезқазғанның болашағы зор екенін, әлі оның мысы әлемді өзіне тәнті ететінін, сапасы Лондон биржасында эталон болып қабылданатынын да айтқан еді. Бірақ, сол күні кешке «Соғыс басталды» деген сұмдық та, суық хабар қуанышқа толы жүздерді қайғыға батырды. Төбеден жай түскендей әсер еткен хабардан соң серуенге қатысушылардың барлығы аялдамастан Қарсақбай аудандық әскери комиссариатына қарай жол тартты.

-- Апырай-а, мынау қиын болды ғой. Енді ғана бой жазып келе жатқан халық тағы да бір нәубатқа душар болды, - деп Қаныш Имантайұлы басын шайқай береді. Жаңа ғана көңілді топ, қара жамылған азалы топқа айналғандай.

Василий Иванович жабырқау көңілмен:

--Қаныш Имантаевич, мынадай жағдайда мен геологиялық партияны қабылдай алмаймын. Мүмкін жоғары жақтағылар да шешімдерін өзгертетін болар, - деді.

-- Вася, мен де осы жайды ойлап келе жатырмын. Қарсақбайға барайық. Бірінші хатшымен сөйлесейік...

Қарсақбай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зейнеш Шәріповтың қабағы қатулы, жүзі түтігіп кетіпті.

-- Қанеке, Сіз тез Жосалыға тартыңыз. Сізді Алматыда күтіп отыр. Ал, Штифанов жолдас, қызметіңді қабылдап ал да, іске кіріс. Қосымша тапсырмалар кейінірек беріледі... Жаңа ғана радиодан Молотов жолдас сөйледі. Фашистерді әрі кеткенде бір айда тас-талқан етеміз. Жұмысшыларға осылай деп айтқаның дұрыс болар.

-- Зеке, менің бір ғана өтінішім бар. Тәжірибелі бұрғышыларды соғысқа жібермеу керек, - деді Қанекең.

-- Ол жөнінде нұсқау болады. Әзірге ешқандай жарлық жоқ. Молотовтың сөзінде де бұл жөнінде ешнәрсе айтылмады. Міндет біреу – Отан қорғау. Ол үшін қажеттің бәрін береміз. Ал, Қанеке, жолың болсын, аялдама, бұйрық солай.

Қарсақбай күні кешегі тынысынан айырылғандай, сұлық жатыр. Жаз бойы көрінбеген бұлт күн сәулесін көлегейлеп, даланы көлеңке жауыпты. Мұндай көріністі бұрын көрген емес. Ел түтіні будақтаған мыс зауытына қарай ағылып жатыр. Зауыт ауласындағы радиодан хабар естуге ынтық. Кеше ғана жарқыраған күннің бүгін түнекке айналуы жандарына батты. Зауытқа бет алғандар Қанышты көріп, бұрылып келіп сәлемдесіп; «Рас па, соғыстың басталғаны, не істейміз, ертеңіміз не болады?» - деп, жақсылық хабар естірдей үміттене қарайды. Бірінші хатшыдан жабырқау шыққан қос геологқа бұл көрініс өте қатты әсер етті. Жүздері жабырқау қарсақбайлықтарды көрген Қаныш уақыт өткен сайын тұнжырай түсті. Кім білсін, сол сәтте ұлтын ерекше сүйетін азамат халқының басына қандай ауыртпалық түскенін жете түсініп, қабырғасы қайысқан болар. Ұстазының сол сәтте кейпін бұрын да, одан кейін де көрген емес. Василий халықтың Қанекеңді қаншалықты құрметтейтінін де осы күні—ел басына ауыртпалық түскен сәтте анық байқады.

-- Ал, Вася, мен қазір жол жүремін. Әзірге бір ғана тапсырма бар. Ол – Жезді марганецінің қорын анықтау. Осыны жадыңда сақта. Бүгін болмаса, ертең Жезді кеніші назар аударуды талап етеді.Себебі, Жезді кенішінде қорғанысқа аса қажет берік металл бар.

Осы сөздерді айтып Қанекең бір сәт үнсіз қалды. Аупарткомның алдында өздерін күтіп тұрған машинаның жанына келген соң ғана сөзін сабақтады.

-- Есіңде ме, өткен жылы екеуміздің Найзатаста жүргізген зерттеу жұмысымыз.

--Иә.

--Соны ұмытпа. Алдағы істеріңе ол өте қажет болады. Қор көлемін соның негізінде белгілесең, жаңылыспайсың. Бір миллион тоннадан кемі жоқ ... Қайталап айтамын Жезді кенін бүгін сұрамаса да ертең сұрары анық. Соған бүгіннен дайындала бер.



--Қаныш Имантаевич, оған қам жемей-ақ қойыңыз. Қазір Найзатаста Халық Темірбаев жұмыс істеп жатыр. Қажет десеңіз, тағы да бұрғылау станоктарын қосуға болады.

--Қажет, қосу керек ...

Қара жолдың шаңын бұрқыратып, Қарсақбайдан шыққан «газик» Жезқазған поселкесіне қарай жол түзеді. Екеуі де үнсіз. Василий болса жанынан да жақсы көретін ұстазы Қанекеңнің Алматыға кетіп бара жатқанын, алда тұрған жұмыстарды ойлады. Өзін жассынып, Иосиф Николаевич, Саид Нагимович, Евсей Аронович тыңдамай, тіпті менсінбей жүрсе қайтеді. Оның үстіне соғыстың басталғаны мынау.

-- Жүрексінетін ешнәрсе жоқ, Вася. Бәрі қолыңнан келеді, - деген Қанекеңнің даусына жалт қарады. «Менің ішкі ойымды қайдан біліп қойды?» деп ұстазының жүзіне ұрлана көз тастап, тіл қатпады. Тек Жезқазған шахталарының биік оқпандары көрінгенде ғана: «Мен Сізді Жосалыға дейін шығарып салсам қайтеді», - деді.

-- Жоқ, енді ырғалып-жырғалып жүретін кез емес, - деп Қанекең кесіп сөйледі. Ұстазының осылай дейтінін білгенімен оған деген қимас көңіл айтқызбасқа қоймағанын ол кісі сол кезде білді ме екен.

Қимас қоштасу. Екеуі де енді бір мекемеде бірге жұмыс істемейтіндерін сезетін сияқты. Василий ұстазынсыз еңбек ету қиын болатынын жақсы түсінді. Қанекең қаласа өзін қайда болса да бірге жұмыс істеуге алып кету қолынан келетінін жақсы біледі. Бірақ... бұл ойының жүзеге аспайтындығын жүрегі сезеді. Оның да өзіндік себебі бар. Бірде дастархан басында Таисия Алексеевна Кошкина Қанекеңді қызметке шақырғаны жөнінде әңгіме қозғағанда Зоя Ивановна еріне күле қарап: «Онда Қаныш Имантаевич бізді де ала кетер» деп қалған. Сол кезде Қанекең ойламаған жерден ашу шақырып: «Жоқ! Мен Жезқазғаннан әзірше ешқайда кетпеймін. Кеткен күнде де Вася осында қалады. Ол Жезқазған кеніне жауапты болады!» - деген.

Енді міне өте қиын-қыстау күні Қанекең Алматыға кетіп барады. Ал, өзін Жезқазған үшін жауапты етіп тағайындады.

--Хабарласып тұрамын. Мән-жайды хабарлап тұр! Ал, жолыңнан қалма,- деген Қанекең жас досын құшақтай алды. Екі құшақ көпке дейін ажырамады...


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет