«Күміс белдік» повесінде қызыл террордың адам басына әкелген тауқыметі


АЛТЫН ТӨС –––––-(очерк)––––––- Туған жердің туы биік болсын деп



бет7/18
Дата20.06.2018
өлшемі1,12 Mb.
#43622
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18

АЛТЫН ТӨС

–––––-(очерк)––––––-


Туған жердің туы биік болсын деп,

Жері-егінге, қыры малға толсын деп,

Еңбек еттім жанымды бір аямай,

Ел басына бақыт құсы қонсын деп!
Асанбай Асқаров.

Бұл жерге ұстахананың суреті. Ұстаның жанында бала тұрса

І.

... Мәскеу Коммунистік партияның ХХІІІ съезінің делегаттарын алаулатып, жалаулатып қарсы алды. Делегаттарды қарсы алғандар аса ілтипатпен қалы кілем төселген жолмен бірден автобусқа қарай бастады. «КПСС ХХІІІ съезінің делегаттарына жалынды сәлем!» деген ұран жарқырап тұр. Зыр жүгіріп жүрген қарсы алушылардың сыпайлылығы жүрекке жылы, көңілді көтерді. Жерде емес қалықтап, көкте жүргендей. Көңіл тасыды, бойға ерекше қуат құйлғандай. Қонақ үйдің алдына келгенде ғана беті қара қабыршықтанған қарлы жерге табандары тиді. Қазақстаннан келгендердің барлығын бір қонақ үйге орналастырды. Бөлмеге кірісімен үлкен терезеден сыртқа көз тастады. Көзіне бірден Кремльдің Съездер сарайы түсті. Тасыған көңіл таси түсті. Шаттана жан-жағына қарап: «Мүмкін бақыт деген осы болар», деп күбірледі. Қуанышын бөлісер жақыны жанында жоқтығына өкінді.Бір-екі рет оқталып, үймен—Құндызаймен сөйлескісі де келді. Бірақ райынан тез қайтты. Ауылдан шыққаны кеше ғана емес пе, түнге қарай сөйлескені дұрыс болар деп ойын түйіндеген ол тағы да терезеге жақындады. Құм барқандарының арасында бұйығып жатқан ауылы шын мәнінде ырысты, дәулетті, бірлікті елдің отаны. Алыстағы ауылы көз алдына келді. Құммен араласқан топырақ майлы әрі құнарлы. Сол даланың берекесін кіргізу үшін еңбектеніп жүрген азаматтардың маңдайынан аққан тер берекенің бастауы сияқты. Әдеттегендей берекенің бастауында шопандар тұр. Көз алдына қарбаластағы шопандар елестеді. Аласабыр уақыттың келген шағы ғой. Төл алу науқаны әрқашан да қауырт. Ал, биылғы жыл «Талас» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытының ұжымы үшін тіпті ерекше. Көктем созылып барып шықты. Абырой болғанда жемшөптің жеткілікті болуы малдың күйін төмендетпеді. «Шелді мал төлді» болатынын жақсы білетін Әбдір шопандарды аралаған сайын саулыққа зоотехникалық талаптар бойынша азықтың дұрыс берілуін қатаң қадағалауды бас зоотехниктен бастап барлық мамандарға жүктеуді ұмытқан емес. Тапсырманың орындалуын өзі қадағалауды жұмыс әдісіне айналдырған директор бұл кезде аса қатаң, талапшыл болып кетеді. Көктемде малды ауыл ғана емес оның адамдары да өзгеріп сала берді. Бос жүрген, жұмыстан қалған бір адам табылмайтын сәт осы кез! Ол түсінікті де, «Көктемнің бір күні жылға азық» екенін есте сақтаған әр есті басшы да, қосшы да дәл осы уақытты тиімді пайдаланып қалуға ұмтылады. Туындайтын проблемаларды да дер кезінде, тездетіп шешудің үлгісін көрсетеді. Ауылы, еңбекшіл азаматтары оның мақтанышына, махаббатына айналғыны қашан. Елдің еңбегі жансын, соның нәтижесінде тұрмысы көтерілсін, оқыған, тоқыған ата-баба салтын сақтаған ұлан көбейсін, деп еңбектеніп жүргенін өзі жақсы біледі. Осы бағытта қол жеткізген жетістігі ұшан-теңіз. Өзі шарушылықты басқарған соңғы он жылда оның өнім өндіру көлемі қырық бес есеге өскенін айтса да жеткілікті. Құмның арасында бау-бақшалы, әсем ғимараттары бар бақ мекендегі алты мыңға жуық адамдарды қуанышқа кенелту шын мәнінде моншақтап аққан тердің мәуелі жемісі.

Әбдір жымиып келіп, орындыққа отыра бергені де сол еді жай ғана есік қағылды.

– Есік ашық,- дегеніде сол еді шашы бурыл тартқан, мосқалдау кісі ішке ентелей кірді. Әбдір орынан ұшып тұрып, қонағына қарай адымдады. Өзіне жымия қарайды. Қайдан көріп еді, жүзі аса таныс қой.

– Танымадыңыз ба, Әбдір Сағынтаевич? Қартая бастағансыз ба, қалай өзі?!

– Кіріңіз, кіріңіз. Танымай жатқаным рас, оған айыпқа бұйырмаңыз.

– Мен Сізбен өткен жылы ғана Москвада өткен ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жиынында танысып, пікір алмасып едім ғой. Мен Федор Алексеевич Стародубцев емеспін бе? – деп бастырмалатып жатыр. – Москва облысынан. Мен де съезд делегатымын. «Съезде сөйлейсің» деп отыр, соған байланысты өзіңіз сияқты азаматтармен пікір алмасуды жөн көрдім. Шаруашылығыңыздың жетістіктерімен бірге, ауылшаруашылығына байланысты түйінді мәселелерді көтерсем деп едім.

– Ә, есіме түсті. Федор Алексеевич, жағдайыңыз қалай? Отбасыңыз аман ба? Әріптесінің жауабын күтпестен сөзін жалғастыра берді. – Біздің пікірімізді білгіңіз келгені дұрыс екен.

Әңгіме ұзақ болды. Екеуі бір-бірінің тыныс-тіршілігіне қанықты. Әбдір шаруашылығының соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері мен отбасы туралы әңгімеледі.

– Өзіңіз білесіз, біздің шаруашылық каракөл елтірісін дайындаумен айналысады. Мұның сыртында ет, жүн беру жоспары да бар. Мемлекеттік асыл тұқымды мал заводының атақ-даңқы одақ, тіпті шөл және шөлейт аймақтарға орналасқан мемлекеттерге тарап кетті.

– Білем, білем. Білген соң Сізді іздеп келіп отырмын. Жақында Сіздің шаруашылық туралы «Сельская жизнь» газетінен де толық хабардар болдым. Он жылдан аса тұрақты түрде жоғары көрсеткішке жету оңай шаруа емес. 1939 жылмен салыстырғанда қой саны он алты мыңнан алпыс бес мыңға көбейгенін білгенімде еріксіз таңғалдым. Сонымен бірге 2 мыңнан астам жылқы, 3 мыңдай сиыр, осыншама шошқа, мыңдаған құс, 1,5 мың түйені өсіру – шын мәнінде маңдай тер мен ұтымды басқара білудің нәтижесі екенін айтпасаңызда біліп отырмын. Мұның тиімділігі де, тиімсіз жағы да бар екенін де білемін.

– Рас айтасыз. Биыл Үкімет Қазақстанның шөл және шөлейт аудандарын игеру, онда қой шаруашылығын өркендету туралы арнаулы қаулы бойынша біздің шаруашылық үлгі-тірек шаруашылығы болып белгіленді. Ендігі жерде біріңғай қой шаруашылығын дамытуға бет бұрамыз.Атқарылатын іс шаш-етектен.

Шаруашылықты басқаруға отыз алты жасымда келдім. Бір күн, бір сәт шаруашылық жұмысы біткен емес. Оған жаны сірі адам ғана шыдайды. Біздің негізгі табысымыз шопандар еңбегіне тікелей байланысты. Олар тәулігіне жиырма төрт, тіпті, жиырма бес сағат жұмыс істейді. Шаруашылықтың жетістігі туралы айтқанда осылайша қысқа қайыруға болады. Ал өзім туралы әңгіме бұданда қысқа. Соғысқа да қатысқанмын. Москва маңында 1941-42 жылдары жаумен арпалысқанбыз. Қызыл Жұлдыз орденімен де осында марапатталғанмын. Бейбіт еңбекте алған наградаларым да жетерлік, – деп ол күле әріптесіне қарады. Өзі туралы айтқанына қысылып тұрғанын да жасырмады. Өмірлік жарым Құндызай екеуміз сегіз ұл-қыз өсіріп отырмыз. Алды қызметте...

– О, жарайсыз! Балаларыңыз бақытты болсын! Алтын Жұлдызыңыздың бар екенін айтпасаңыз да көріп тұрмын... Бұл Сіз басқарып отырған шаруашылықтың жағдайы. Барлығы бірдей емес қой. Құлдырап жатқандары да бар. Соларды қалай көтеру керек, мәселе осында емес пе?!

– Бұл мәселенің мәселесі. Ауыл шаруашылығын аграрлық-өнеркәсіптік негізге көшірмейінше, онда өңдеу кәсіпорындарын ашпайынша және тікелей еркін сауданы дамытпайынша көтеру қиынның қиыны. Біз өнімімізді неге өзіміз сата алмаймыз?! Осы мәселе турасында ойланып көрейікші, – деген Әбдір әріптесіне сынай қарады.

– Сіздің сөзіңіздің төркінін түсініп тұрмын. Онымен мен де келісемін. Бірақ, жүйе басқаша жұмыс істеуге міндеттемей ме?! Сіздің айтып отырғаныңыз капитализм жолы. Ол бізге жат қарым-қатынасты қоғам,- деген Федор күлді.

– Дегенмен де ой қозғап қоюға болады. Оған мысал да, дерек те жеткілікті. Ауыл адамына, жоқ барлық адамдарға қажеті қарынның тоқтығы, молшылық. Оларға қоғамның қарым-қатынасы, оның даму заңдылықтары қажетсіз екенін сіз де, бізде жақсы білеміз.бізде қазақта; «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деген мақал бар. Әркім теңімен өмір сүргісі келеді. Сондықтан да алдымен экономиканы көтеру керек, содан кейін ғана даму заңдылықтарына назар аудару қажет сияқты.

– Дұрыс айтасыз. Сіздің бұл ойыңызды қолдайтындар қазір көбейгенін де айта кеткім келеді. Бірақ әзірге бұл жол жабық.

Әңгіме сабақталған сайын Әбдір ашыла түсті. Көңілі тасып, қуаныштан жүрегі жарыларлықтай болып отырғанын да жасырмады. Ұстаның, шопанның баласы өзгелермен иық тірестіріп, Съездер сарайында отыруы, мәселені шешуге қатысуы бақыт емес пе, деген ой жылт етті.

Қонағы кетісімен ақыры ауылмен сөйлесіп, бір жадырап қалды. Алдымен сұрағаны төл төгіні болды. Қойды СЖК дәрмегі арқылы қолдан ұрықтандыру өз нәтижесін беріп жатқанын естігенде қатты қуанды. Бұл дәрмекті өздерінде дайындауды ұйымдастырғаны қандай жақсы болған. Бірақ бұны көп қолдана беруге болмайтындығын біледі. Бірақ амал жоқ. Мемлекетке көп қозы, көп тері қажет. Ол үшін ғылым жетістіктерін пайдаланып, табиғи заңдылықтарға қарсы шығуға тура келеді. Малға да, оны бағып жүрген адамға да орынсыз міндет арту үрдісі басталып кетті. Ақыры не болады, оны бір құдай біледі.Ол осылайша әртүрлі ой құшағында болып, кеш жатса да біразға дейін ұйықтай алмады. Ертең съезд басталады. Онда не айтылады, қандай мәселелер көтеріледі? Бұл сауалдар жалғыз Әбдірді емес барша совет адамдарын толғандыратынын жақсы білетін ол ертеңгі қуанышты күннің тез болуы үшін ұйқтауды ойлады.

... Москва. Әбдір бұл қаланы алғаш 1941 жылы вогон терезесінен ғана көрген. Одан кейін 1962 жылы СССР Жоғарғы Советіне депутат болғанда қаланы армансыз аралап, етене жақындасқан. Ұйқылы ояу жатқан Әбдір алғаш Москван жеріне табаны тиген кезді есіне алды.

Әскерге шақырылған бір топ таластықтар мінген пойыз арқырап, күркіреп, батысқа қарай жол тартқан. 1941 жылдың 14-маусымында Жамбылдан шыққан пойыз араға үш күн салып, Москваға жетті. Астана шаршағандай, қарауытқан, қабағы шытыңқы, құшағын жаймай, жұмылып, жұдырық, түнеріп түн болып тұрған кезі. Бұларды вагоннан алыстатпай бір жарым күн қаңтарып тұрды. Москваның биік ғимараттары мен көрікті көшелерін көре алмай арманда болған олар вагонның үстіне шығып, астанаға алыстан көз тастағын. Ақыры күн бата бұлар мінген вагонды паровоз Смоленскіге қарай сүйрей жөнелді. Алайда Могилев деген қалаға келгенде әлі әскери ант қабылдамаған, әскер киімін кимеген олар жаяу кейін қарай жүрді. Келе жатып, соғыстың басталғанын естіді. Тәртіп қатая түсті. Абыржыған командирлердің айқайы көбейді. Содан не керек тура бір ай бойы жаяу жүріп, Кучма деген қаланың жанына келгенде әскери киім киіп, ант қабылдағаны да есінде. Сол жерде Таластан бірге шыққан достары Әбділдә Рақметовпен, Шәріпхан Жамалбековпен, Жамалбек Сұлтанбаевпен және тағы да басқалардан бөлініп кетті. Неге екені белгісіз оны Москва санитарлық полкының құрамына жіберді. Аты санитарлық дегенімен алғашқы күннен қолдарына күрек алып, терең-терең ор қаза бастады. Күздің қара суығы өңменіңнен өтеді, ал жерге қадаған күректері тоңды бұза алмай қарш-қарш етеді. Сол күндері таптап кетерліктей Смоленскіге екпіндей жеткен жауға қарсы тұру үшін қайралып, шыңдалған олар шарболаттай шиыршықтанып, жауды қарсы алуға дайын болды. Қаһарланған командирлер жауынгерлердің алақандары ойылса да бір сәт тыныштық бермей қара жерді қаздыра берді. Өзері қазған ор қанша боздақтың жаны мәңгі тыным табар моласына айналатынын сол сәтте ойламап еді-ау. Талай майдандастарынан алғаш рет осы жерде айырылғанын ол қалайша ұмытсын. Кейін ауылға келгенде Әбділдәдан естіп, білгені Смоленскі маңындағы шайқаста Шәріпхан мен Жамалбек ерлікпен қаза тауыпты.

Жан беріп, жан алған шайқаста жау Москва түбінде алға адымдай алмай, маңдайы тасқа тиген балықтай есеңгіреп тұрды да қалды. Осы сәтті пайдаланып, шаршап, титықтаған жауды тықсыра тап осы Москва маңынан қуғаны есінде өмір бойы мықтап қалды.

... Мығым денелі, қараторы жүзінде қайсарлықтың, қайраттылықтың табы бар Әбдірге батальон командирі бағдарлай қарады.

– Ұлтың кім?

– Қазақ.


– Жасың нешеде?

– Жиырмадамын.

– Білімің?

– Жетіжылдық.

– Орыс тілін қайдан үйрендің?

– Біздің шаруашылықтың басшылары мен мамандары негізінен орыстар болатын. Орыс тілін қалай айтсаңызда үйренуге тура келді...

– Жақсы. Сен пулеметші боласың. Оны сүйреу үшін сен сияқты күшті солдат керек. Қара күштің пайдасын окоп қазғанда көрген боларсың. Алғашқы шайқастарда мықты да батыл екендігіңді көрсеттің. Сондықтан да мен саған пулеметті сеніп тапсырамын. Көмекшіні өзің таңдайсың. Таяу күндері шабуылға шығамыз, салпақтап қалып қоймаңдар.

– Құп болады, қалып қоймауға!

Әбдір кейін білді 1941 жылдың желтоқсан айының басында Москваға төнген қауіпті сейілту үшін Кеңес Армиясы шабуылға шығарда жаудың «Орталық» армиясына Солтүстік-Батыс, Калинин, Батыс және Брянскі майдандарының күшімен солтүстігіне соққы бере отырып Ржев, Вязьма және Смоленскі маңында фашистерді қоршап алуды жүзеге асыру міндеті қойылған екен. Сондықтан да әскери санитарлық оқу бөлімі болғанына қарамастан бұларды да алғы шепке әкеліп, орналастырған. Сол бір жылдарды еске алса Әбдірдің есіне бір оқиға орала береді.

... Алтыншы желтоқсанда басталған шабуыл фашистердің зәре-құтын алды. Көптеген техникаларын тастап, бас сауғалап, тырағайлап қашты. Аз күнде Калинин майданының құрамындағы 30-армияның сапындағы 10- санитарлық полк екі жүз шақырым алға жылжыды. Шабуылдың алғашқы күндерінің бірінде қас қарая бір кішкене деревнядан жауды қуып шыққан кеңес әскерлеріне демалуына рұқсат берді. Станокты пулеметті көтеріп Әбдір көмекшісі екеуі шеткі үйдің есігін ашты.

– Кіріңдер, кіріңдер, Сіздерді күтіп отырмыз, – деген қарт оларды жетелеп, төргі бөлмесіне оздырды. Қуықтай бөлменің ортасында тұрған столды жағалай жайғасты. Пулеметті қабырғаға сүйеп қоя беріп еді:

– Қаруыңызды қолға алыңыз, сіздерге мен алты фашисті дайындап қойдым. Соны тұтқындаңыздар, – деді. Әбдір көмекшісі Василийге қарап:

– Мына кісі не деп тұр, қайдағы фашистер? – деді таңдана.

– Күн бата менің үйімді бір топ фашист паналаған. Мен оларды асығыс жертөлеге жасырғанмын. Әлі сонда отыр. Араларында офицері де бар, – деген қарт еден төсенішін көтере бастады.

Қарсыласпастан-ақ фашистер жертөледен қолдарын көтеріп, шыға келді. Алты жау солдатын дедектете айдап, батальон командиріне жеткізгенде ол Әбдірдің арқасынан қағып, алғыс жарияламасы бар ма? Болған жайды түсіндіріп айтқысы келіп еді:

– Көп сөзді қой! Жауды әкелген сен, ұстаған да сен боласың. Мен полк командиріне осылай хабарлаймын,– деп әңгімені шорт үзді.

Осылайша полкте алғаш тұтқын алған Әбдір болып шыға келді. «Бақ қонамын» десе тез-ақ екен ғой деген ой сол кезде Әбдірдің санасына сіңіп еді. Бірақ сол бақты ұстап тұра алсаң абырой, ұстап тұра алмасаң ше?

Санитарлық полк Москваны қорғауда шайқастың қақ ортасында жүрді. 1942 жылы да майданда аса күрделі жағдай сақталды. Москваға деген қауіп бұл жылы да айтарлықтай сейілмеген. Дегенмен де мысық табандап болса да алға жылжыған кеңес әскерлері ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Сол жылдың желтоқсан айында Киров облысының Хелтурин қаласы үшін шайқас өте тартысты болды. Жау бар күшін төгіп, адам шығынына қарамастан алға жылжыған қызыл әскерлерді тоқтатуды ойлады. Қала көшелері тар. Танкілердің жүруі тіпті мүмкін емес. Сондықтан да алғы шепте қорғансыз жаяу әскер жүрді. Әбдір мен көмекшісі қаруластарына жол ашу үшін барынша жауға жақындай түсті. Қанша өрмелегені есінде жоқ, бір жерге аялдап, жан-жағын бағдарлағанда фашистермен бірге бір үйде екендерін білді. Қолайлы жерден орын алған Әбдір жайғасып алғаннан кейін жауға оқты қарша боратып бас көтертпеді. Олар да жанталаса шайқасты. Төбеден құлап түскен қалың плита бұлардың оқ өтпес қалқанына айналған еді. Пулеметшінің қолдауымен батальон өзгелерден бұрын жау бекінген үйлерді босатты. Жау шегінді. Осыны пайдаланған Әбдір де алға ұмтылды. Тағы да оңтайлы жер іздеп, орналаса бергені де сол еді оң қолына тиген оқ оны мұрттай ұшырды. Бір сәт есінен танып қалды.

Ауыр снарядтың жарықшағы тиген оң қолын дәрігерлер алты ай бойы емдеді. Бірнеше рет кесіп тастауға да ұмтылды. Алайда Әбдірдің табандылығы нәтижесінде қолы кесілмеді. Бірақ, сіңірі үзілген оң қол қысқа әрі қаруды ұстауға күші жетпей қалды. Осының салдарынан 1943 жылдың бесінші маусымында Әбдір әскерге жарамсыз деп танылып, ауылына қайтарылды. Хелтурин қаласын жаудан азат етуде көрсеткен ерлігі үшін ол Қызыл Жұлдыз орденімен наградталды. Бұл орден оған госпитальда жатқанда тапсырылды.

Ол мырс етіп күліп жіберді. Кейде құрдастары оң қолының қысқа екенін алға тартып, «шолақ» деп айтатыны да бар. Өткен күндерін еске алған Әбдір таңға жуық мызғып кетіпті. Түс көрді. Анда-санда түс көрген сайын алдынан шығатын ақбоз ат бұл жолы жалынан сипатып, мін дегендей ыңғай білдіріп, өзіне сүйкене берді. Әлден соң ақбоз ат пыраққа айналып, өңін өзгертіп, Қобыланды батырдың Тайбуырылына ұқсап кеткендей көрінді. Міне қызық: көк аспанда Қалымбет атасы көрік басып, дүкен қыздырып жатыр. Ол кісіні қаумалағандар «маған қара» дегендей ым жасап айналасында жүр. Әлден соң атасы бойын түзеп, алжапқышын қағып: «Балам бұл не жатыс, атың күтіп тұр! Мін!» деді де көрігін қалдырып, жарқыраған алтын төсті көтеріп алып жоқ болып кетті. Әбдір жалма-жан сәйгүліктің жалынан тартып, қарғып мініп, атасының артынан шаба жөнелді. Қанша шапқанын білмейді жете алмады, қолы қақсап, ауырды. Қайтқысы келіп, төмен қарап еді, жер көрінбеді. Оның есесіне бірте-бірте көк аспан шайдай ашылып, бейне бір тіршілік қайнап жатқандай көрінді. Қолының ауырғаны күшейгендей болды.

Оянып кетті. Оң қолын қысып, уқалап жатыр екен. Түсіне таңғалды. Атасының алып кеткені жоғалған төс емес пе екен? Әкесі ол төсті бекер іздеп жүрген болды ғой. Таба алмас деген ой жылт ете қалды. Атасы үйреткен калимаға тілін келтіріп орнынан тұрды. Терезеден сыртқа қарады. Аспан тура түсіндегідей шайдай ашық екен.

... Съезд бастаған күні «Талас» мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытың директоры Әбдір Сағынтаев Төралқа мүшесі болып сайланып, съезд төріне шықты. Партияның көсемдерімен, елге танымал азаматтарымен, аты әлемге аңыз болып тараған Фидель Кастромен, Луис Корваланмен, Тодор Живковпен, Янош Кадрмен... съезд төрінде отыру Жамбыл облысының ғана емес, Қазақстандағы шаруашылық басшыларының екісінің бірінің маңдайына жазбаған. Біразға дейін қуаныштан жүрек соғысы жиіледі. Съезд төрінде отырғанын ауылдастары, кеше ғана өзі үшін шын қуанышын білдірген Жаз-Ата қалай қабылдады екен. Бәрінен де жанжары Құндызай мен бауыры Кемелдің қуанғанын көрсе ғой.

Тағы бір есте қаларлық оқиға, съезд аяқталар күні болды. Әбдір КПСС-тің Орталық Тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланды. Партияның өзіне ерекше сенім көрсеткенін ол алғашқы сәтте түсініп, оған мәен де бермеген. Алдымен жанына Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров келді.

– Құтты болсын!



  • Сізді де құттықтаймын...

  • Сен енді Таластың ғана емес Қазақстанның атынан, барша коммунистердің атынан сөйлейтін боласың. Құтты болсын! 1966 жылдың осы сәуірін сен енді мәңгі ұмытпайтын боласың. Дәл бүгін сені бүкіл СССР-дің коммунистері сенім артып, партияның ең жоғарғы органына мүше етіп сайлады. Сен енді КПСС-тің атынан мәлімдемелер жасайтын боласың. Мұндай құрметке кез келген коммунист ие бола бермейді. Бұл биік мәртебе! – деген Асекең Әбдірді қайта-қайта құшағына қысты. – Димекеңе рахмет айтуды ұмытпа, бұл алдымен сол кісінің сенімі. Әбдір не айтарын білмей, сөз таппай абдырады да қалды. Ойына Мәскеуге жүрер алдында Талас аудандық партия комитетінің хатшысы Әбілқайыр Сатыбалдиннің сөзі түсті. «Бұл съезд сен үшін ерекше оқиға болатынын ішім сезеді. Партиялық мінездемені де қатырып тұрып, қысқа әрі нұсқа етіп жаздым. Омырауың жарқырап, мәртебең көтеріліп келетініне мен сенімдімін» деген. Енді ойлап қараса хатшы бір жақсылықтың болатынын алдын ала сезген екен ғой. Обкомның ғимаратында жолығып қалған Жаз-Атаның батасы шапағатты болғаны ғой.

– Неге ойланып қалдың, қуан! Халық сенімін арқалағаның үшін қуан! Асанбай Асқаров Әбдірді қолтықтай Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа қарай жүрді.

– Ал Әбдір Сағынтайұлы, қуаныш құтты болсын! Еңбегіңе қарай құрмет! Құмнан алтын, шопаннан қайраткер шығатынын ел білді!-деген Димекең Әбдірдің қолын қысып, құшағына басты. – Орысшаң, ойың таяз емес оған менің көзім талай жеткен. Жүрек те, тіл де, ақыл да бар. Қазақстан халқының мүддесін биік мінбелерден ақылмен қорғай біл!

Әбдірдің алқымына тас тығылып қалғандай үлкен кісінің алдында сөйлей алмады. Тек «Рахмет!» деген сөзді қайталай берді. Өзіне қандай сенім көрсетілгенін үлкен кісілердің құттықтауларынан кейін ғана сезінгендей. Жүрегі дүрсілдеп, жүзі алаулады. Сол бір сәттегі жүрек бұлқынысын айтып жеткізу қиын. Ең қуаныштысы сол кісілердің өзіне деген сенімнің күшейгені болды. Жанындай жақсы көретін Димекең бұрынғыдан да жақындай түсетіндігіне қуанды. Сыр бөлісер күн туса қандай ғажап болар еді. Ол үлкен кісінің мейірлі жүзіне бағдарлай қарады. Өзін мазалайтын кейбір ойларын ашық айтып, оған дәлелді жауаптар алса қандай ғажап! Ендігі жерде Москваға жанына кісі ертіп келуге болатындығын естігенде ерекше қуанды. Жанында өмірінің сәні Құндызай жүрсе бақытты сәттерін өткізетіні анық.

Съездер сарайында оның омырауына екінші Ленин орденін СССР Жоғарғы Советі Төрағасының өзі қадады. Москвада жүріп өзі басқаратын шаруашылықтың шопаны Ерқара Үдербаевтың Социалистік Еңбек Ері атағын, тағы да 48 еңбеккер орден-медальдар алғанын естіді. Бір шаруашылықтан осынша еңбек адамының марапатталуы оны ерекше марқайтты. Өзімен бірге ауылдастарының да көгергеніне қуанды. Ауылды сағынды. Құлағына маңыраған қозының, мал қайырған шопанның дауысы келгендей болды, көз алдына қырқасы гүл-бәйшешекке толған құм жоталары келді. Көңлі арқа-жарқа, ешкімді бөтенсінбейтін ауылдастарының ортасында тезірек болуды армандады.

... Москваның әуежайынан көтерілген күміс қанат ұшақ Алматыны бетке алды. Көңілдері көтеріңкі делегаттар біраз дастарқан басында болған әңгіме туралы, Димекеңнің сөздері жайлы біраз дабырласа пікір алмасып барып сабаларына түсті. Біреулері қолдарына газеттерді алса, енді бірі Москвада түскен суреттерге көз жіберген. Әбдір бір сәт көз шырынын алайын деп еді онысы бекершілік болды. Ойына жаңа ғана қазақстандық делегаттардың құрметіне берілген қонақасында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзіне арнап айтқан жылы лебізі есіне түсті.

– Бұл съездің шешімдері біздің тарихымызда алтын әріптермен жазылады. Жаңа бесжылдық жоспар халықтың тұрмысын көтеруге бағытталған. Әсіресе ауыл шаруашылығын көтеруге ерекше мән беріліп отыр. Мұның өзі мына Әбдір Сағынтаев сияқты ауыл шаруашылығының майталмандарының еңбегін еселей түседі. Біздің Әбекеңдер құм даланы бұған дейін де гүлге ораған болса, енді елге қажетті керемет ғимараттар салатынына, құмды саялы баққа айналдыруға болатындығын дәлелдейтіндігіне мен сенімдімін. Қарапайым шопанның ұлы, күні кеше ғана өзі де ақ таяқты ұстаған, майдангер бүгін Кремльдің төрінде отырды. Бұл үлкен бақыт! Оны түсіне, көтере білу керек! Барлықтарыңызға табыс тілеймін! деген Димекең жанында тұрған мұның арқасынан қағып, бауырына қарай тарта түскенде дуылдата шапалақ соғылды.

Сол күні мұндай жылы сөздер өзге де азаматтардың атына айтылды. Жаңа ұшаққа мінгендер Димекеңнің сол мейірімділігі мен қарапайымдылығы туралы ой бөлісіп жатты. Әбдір тағы көзін жұмды.

– Әбеке, ұйқыға кеткенсің бе? деген жайма-қоңыр дауыс оны селк еткізді. Көзін ашып, жанына келіп жайғасып жатқан Асанбайға жымия қарап:

– Енді ұйқы қайдан болсын, съезд шешімін жүзеге асыру үшін жанталаса еңбек етеміз ғой. Алдағы атқарылатын жұмыстарды да іштей саралап отырған жай бар, – деді.

– Сенің алда тұрған міндеттерді іскерлікпен шешетініңді білемін. Жалпы жағдайың қалай? Елдің тұрмысын айтшы?

– Елдің тұрмысы түзеліп келеді. Ауылда тұратындардың малы көбейіп, жайылым тапшылығы байқалады. Өзіңіз білетін Мойынқұмның қойнауының бәрі малға толды. Ақкөлден сонау Ұланбелге дейінгі аралықта бос жер жоқ. Қыс айларында құм арасына жайғасатын қойыңыз көктем мен жазда Аса мен Таластың жағасына симай кетеді. Енді Арқаны жайлау ету ойда бар, – деген Әбдірдің сөзін үнсіз тыңдаған Асанбай Асқаров досына қарай жақындай түсті.

– Әбдір, сен мынаны түсін: іс басында отырған біздің қазіргі міндетіміз ең алдымен елдің жағдайын көтеру. Жолын тап, ебін келтір, не десең де халық тоқ болғаны жөн. Енді мәдениетті, рухани байлықты көтеру бағытында жұмыс жүргізу керек. Бабаларымыз айтпап па еді: «Байдың малы бір жұттық, ақынның сөзі мың жылдық» деп. Сол артта қалатын іс істе. Мұны сені мен біз істемесек кім істейді. Оны өзің де түсінесің. Мәдени-тұрмыстық ғимараттарды көптеп сал. Соның ішін жұмыс істейтіндерге толтыр. Жарлылардың алдына мал салып бер. Мұны жайлап өзгелерге де айт. Әбдір досының сөзін жымия отырып тыңдады. Асанбай әңгімесін күрт үзіп:

– Неге жымиясың? – деді жай ғана қалың қою қара шашын саусақтарымен салалап, досына қарады.

– Жақында мен Сәду Шәкіровпен жолықтым. Батырмен бірге оқығанымды өзіңіз де білесіз. Оның сөзі әрқашанда өткір. Мен Сәдуге шаруашылықта малдың көбейгенін айтып, алдағы жылдары атқарылар істерге талдау жасағаным бар. Сонда ол менің сөзімді тыңдап алды да: «Жақсы, қазақтың жақсылығы қазір өкіметтің малының санымен емес, қарапайым халықтың қорасындағы қойымен, дастарқанындағы май-нанымен, көңілінің шаттығымен анықталатынын сен әлі түсінбегенсің бе?», – деп бетіме тесіле қарағаны бар. Мен алғаш оның не айтып тұрғанын бірден түсінбедім. Соны аңғарды ма ол әңгімесін қайта сабақтады. «Байқадың ба, ауылдастарыңның тұрмысына назар аудардың ба? Күн демейді, түн демейді өкіметтің жұмысы үшін жанын салады. Сен сияқты басшылар оларды қамшылап, бүгінгіден де жан аямай еңбек етуін талап етеді. Соның жемісі қандай? Қара шай мен көк есек қана ма? Сенің артыңда жақсы сөз қалуы үшін алдымен халқыңның тұрмысын көтер, соған жағдай жаса, шопанның көңіл көтерер уақыты болсын», деді. Енді, міне, сол ойды Сіз қайталап отырғандайсыз.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет