Мазмұны Түйіндеме бет



бет2/2
Дата15.09.2017
өлшемі3,93 Mb.
#33766
1   2

Көкқұтан – Үлкен аққұтаннан сәл кішілеу. Мойыны, жемсауы, құсағы ақ, тұмсығы қанжар құсап біткен, сары түсті, мойнының алдыңғы жағында тұмсығынан омырауына дейін созылатын қара жолағы, басында желкесіне қарай салбырап тұратын қара түсті айдары бар. Арқасы мен екі бүйірі күлгін сұр. Аяқтары сары.

Көкқұтан ұшып бара жатқанда мойнын S әрпі құсатып иіп алады да сирақтарын артқа қарай созып жібереді. Қанаттарын сирек қағып, қалықтап, әдемі ұшады. Қонып отырғанда биіктігі 1 метрге дейін барады. Салмағы 2 килодай. Осыншама ірі құс болса да, егер қапелімді қауіп төнсе бірден көтеріліп, ұшып кете алады. Теңіздің, өзен-көлдердің суы тайыз жағалауларында, батпақтардың жиегінде кездестіруге болады.

Құтандардың ішінде біздің жақта өте сирек кездесетін Қошқыл құтан және Бақылдақ құтан деп аталатын түрлері бар. Әкем екеуіміз екеуін де көрдік, суретке түсірдік.

Қошқыл құтан – Көкқұтаннан сәл кіші құс, кейде Қызыл құтан деп те аталады. Бұл да ұзын мойын, ұзын сирақ, тұмсығы да келіскен, бойлы-сойлы құс.

Қошқыл құтан біздің жақта өте сирек кездесетін құс. Көбіне мамыр айының ортасы мен маусым айының басынджа немесе қыркүйек айының аяғына таман көріп қалуға мүмкіндік туады. Негізгі өмір сүретін ортасы – қамысты, батпақты, тайыз сулы жерлер. Адам көзіне түспеуге тырысады, жасырынып, жүпеді. Қауіпсіз жағдайда ол ұзын сирақтарымен суды асықпай кешіп жүріп немесе бір орнында тапжылмай тұрып, балық аңдиды. Балық кездессе тұмсығымен түйреп алады да, аспанға лақтырып жіберіп, басын төмен қарата қағып алып, жұтады. Балықтан басқа шаян, қоңыз сияқты ірі жәндіктерді де азық қыла береді.

Қошқыл құтан табиғи ортасында 20 жылдан аса өмір сүретін көрінеді.

Сонымен бірге Тырна да кездеседі деп естідік, бірақ, әзірше біз оны кездестірген жоқпыз. Бірақ Тырна тұқымдастарға жататын Қызылқасқа сутартар деген құс туралы айта кетуге болады.



Қызылқасқа сутартар – Кептер шамалас құс. Бірақ, Кептерден тіпті бөлек. Ол, басын ырғап қойып, асықпай басып жүргенде кәдімгі тауықтан аумайды. Сондықтан болар, әлемнің бірқатар елінде оны «Су тауығы» деп те атайды.

Қызылқасқа сутартар - өте сақ, тығылып, жасырынып жүріп өмір сүретін құс. Тұмсығы қызыл, сол қызылы жоғары қарай созылып келіп, маңдайына дейін барады. «Қызылқасқа» аталуы содан. Өзінің түсі қара қоңыр немесе қара сұр, екі бүйірінде анық көрініп тұратын 3-4 қауырсыннан тұратын ағы бар. Сирақтары ашық жасыл-сары.

Қызылқасқа сутартар су жағасына шығатын жас шөпті, қамыс пен қоғаның жұмсақ жапырағын, аласа бұталардың жемістерін, су бетінде кездесетін, төмен ұшатын жәндіктерді қайсысы алдымен кездессе қағып алып қылғыта беретін, тамақ талғамайтын құс. Күндіз көбіне қамыс арасына тығылып жатып, кешке қарай ғана жайылуға шығады. Жақсы жүзеді, сүңгиді, қауіп төнсе қамыс арасына кіріп кетуге тырысады, ол болмай қалса, жеңіл көтеріліп ұшып кетеді.

Қызылқасқа сутартар – жыл құсы. Біздің жақта тек көктем мен күзде ғана ілуде бір кездесіп қалады.

Сондай-ақ, батпақты-балшықты көлшіктердің жағалауынан Қарабай деп аталатын құсты да көруге болады. Ол – тұрқы орташа құстардың қатарында. Қазақстанда сирек құстардың бірі. Көбіне Түпқарағанның теңіз жағалауында, Атыраудан солтүстік Жайық өзенінің сағасында кездеседі. Адам кездеспейтін су жағаларында, қамысты-қоғалы төңіректерде болады. Наурыз айының соңы мен мамыр айының аяғына дейін оңтүстіктен келіп болады да, тамыз айында жекелеген құстар оңтүстікке қайта бастайды. Жылы жаққа жаппай көшуі қыркүйек айының басы мен ортасында байқалды. Үш бұрышты болып, топтанып ұшып бара жатады.

Қарабай ұшып бара жатқанда ұзындығы 0,5 метрден асатын, қанатын жайып жібергенде 1,2 метрге дейін жететін, түсі қошқыл, қоңыр, жоны мен қанатының сырты қара, ұзын, имек тұмсығы бар ерекше құстардың бірі. Қорегі – ұсақ балық, су шаяндары мен моллюскалар. Ұясын жартастардың үстіне, су жағасында тал болса, соның ең үстіне салады. Балапанын екеулеп басып шығарады.

Қорегін негізінен су жағалауынан іздейтін құстардың тағы бір үлкен тобы – Балшықшы құстар деп аталады. Балшықшы құстардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады, солардың ішінде Тат реңді балшықшылар және Тауқұдірет тектес балшықшылардың саны көп. Балшықшы құстардың ұзын саны 50-ге жақындайтын түрін Баутин кентінің батысындағы көлшіктен көре аламыз. Бұлардың ішінде Алтынжон татрең, Тарғақ, Жылқышы, Кәдімгі тауқұдірет, Қызғыш, Шаушалшық сияқты түрлерін бұрын-соңды ешкім Маңғыстаудан кездестірмеген.

Қызғыш – біздің жақта сирек кездесетін жыл құсы. Сондықтан ол туралы толығырақ айтып кетуге болады. Мен Әдебиет кітабынан қазақтың ұлттық батыры және атақты ақын Махамбеттің:

«Ей, қызғыш құс, қызғыш құс,

Қанатың қатты, мойның бос,

Исатайдан айырылып,

Жалғыздықпен болдым дос...

...Ел қорыған мен едім

Мен де айырылдым елімнен.

Көл қорыған сен едің,

Сен де айырылдың көліңнен.

...Сені көлден айырған,

Лашын құстың тепкіні...» деген өлеңін оқып едім. Сол Қызғыш құс – осы!

Қызғыш – дене тұрқы кептермен шамалас. Балшықшы құстар тобына жатады. Арқасы күнмен жалтырап тұратын жасыл түсті, оның құрсағына ұласатын жиегі күлгін, қызғылтым немесе қызыл түске боялып, құбылып тұрады. Құрсағы ақ. Тұмсығы қара. Тұмсығынан басталатын қара қасқасы басының үстімен барып, шошайып тұратын айдарымен бітеді. Тұмсығының астынан басталатын қарасы омырауын жауып, арқасының жасылына ұласады. Басының екі жағы мен мойыны ақ боз немесе ақ. Сирағы қызыл.

Барлық Балшықшы құстар сияқты, Қызғыш та ылғалы, батпағы мол жерлерде жүреді. Жазда Қазақстанның суы мол жерлерінің бәрінде болады, ұя салып, балапан ертеді. Көрген адам Қызғышты басындағы айдарына және жалтырақ жасыл түсіне қарап, бірден таниды. Махамбет ақын: «Қанатың қатты, мойның бос» деп айтқандай, мойнын ырғап қойып, асықпай жайылып жүреді.

Тарғақ – Балшықшы құстардың тағы бірі. Дене тұрқы, жүрісі, қонысы Қызғыш құсқа өте ұқсайды. Бірақ түсі Қызғыш сияқты әдемі емес, қоңырқай ғана құс, айдары жоқ. Басы Шүрілдек торғайға да ұқсайды. Тұмсығы қара, тұмсығынан басталатын қара жолағы көзінен асып барып бітеді. Төбесі қара, оның астыңғы жиегі ақ. Құрсағы қара, құйрығының астыңғы жағы ақ, басқа денесі қоңырқай.

Тарғақтың біздің жақта болатынына алғаш куә болған, суретпен дәлелдеген әкем екеуіміз сияқтымыз. Біз осы құсты біздің жақтан көріп, суретке түсіріп, оны «Birds.kz» сайтына жарияланғанда орнитологтар мен осы салаға жақын жүретіндердің бәрі бір ауыздан «оның Маңғыстау жерінде болатынын бірінші рет біліп отырмыз» деген болатын.

Тарғақ – адам көп жүрмейтін, шөбі сиректеу, тегіс, жайылымды жақтарда көбірек болатын құс. Ұясын жерге салады да олар көбіне мал тұяғының астында қалады, немесе, қарсақ, түлкісияқты аңдар мен таған, қарға тектес құстарға жем болып кетеді. Кей жерлерде мал айдап өткеннен кейін сол маңдағы Тарғақ жұмыртқалары түгел жойылып кеткені тіркелген. Соңғы жылдары таралу аймағы тарылып, саны азайып келе жатыр. Сондықтан Тарғақ Қазақстанның және Халықаралық «Қызыл кітаптарға» жойылып бара жатқан құс түрі ретінде енген.

Шағала тектес құстардың қатарына кіретін Өгізшағала, Көкшағала, Көлшағала, Қарабас өгізшағала, Кіші шағала, Кіші қарқылдақ, Өзен қарқылдағы, Қарабас қарқылдақ, Чеграва, Қара қарқылдақ, Аққанат қарқылдақ деген түрлері де біздің жақтың сәні, базары деуге болады. Әсіресе, Өгізшағалалар біздің жақта қысы-жазы болады. Қорегі – ұсақ балықтар мен суда болатын басқа да жәндіктер.

Түпқараған өңірінде жыртқыш құстардың да үлкен бір тобы тіршілік етеді. Олардың ішіндегі ең үлкені – Бүркіт. Бүркіт– Маңғыстауда кездесетін жыртқыш құстардың ең ірісі. Оның ұзындығы тұмсығының ұшынан құйрығының ұшына дейін 1 метрге жақындайды, ал қанатын жайып жібергендегі ұзындығы 2,5 метрге жақындап қалады. Салмағы 5 килограмға жуық. Ұшып бара жатқанда ересек бүркіттердің асты толықтай қара қоңыр не қошқыл қара түсті болып келеді. Арқасы мен қанаттарының үстінде қою сұрғылт не қоңырқай қауырсындары болады. Ұшып бара жатқанда Бүркіттің Қарақұспен ұқсастығы бар, бірақ, Бүркіт ірілеу келеді және оның құйрығы ұзындау, мойнын қатты созбайды. Ал Қарақұстың жауырын тұсында ақ таңдақтары болады.

Бүркіт Маңғыстауда Үстірттің шыңдарында көп кездеседі, ал Түпқарағанда Теріс жаға жақтағы жартасты-шыңды сайлардың аңғарларында көріп қалуға болады. Адам көп жүретін жерлерде бүркіт кездеспейді.

Бүркіт – аса қырағы, көзі өткір құс. Күннің жарық мезгілінде ол тас арасына тығылған қоянды 2 шақырымнан көреді екен. Ал, жемін көріп, шүйлікенде, немесе алыстан көрген жеміне қарай ұшқанда оның жылдамдығы сағатына 240-320 километрге дейін баратын көрінеді!

Бүркіттің негізгі жемі – қоян. Сонымен бірге ірі тышқандарды, күзендерді, түлкілерді, үйректер мен кептерлерді, кекілік пен дуадақтарды, басқа да шағын құстарды аулай береді. Ірі бүркіттер киіктің лағына, ал, күшіне сенгендері қасқырға түседі. Ал, торғайлар Бүркіт ұясының астындағы қуыстар мен қалтарыстарға ұя салғанды ұнатады екен, өйткені, Бүркіт оларға назар аударып қарамайды да, оның есесіне Бүркіт бар жерге ұсақ жыртқыш құстар жоламайды.



Дала қыраны – Бүркіттен көп кіші жыртқыш құс. Дене тұрқының көлемі жағынан Қарақұспен шамалас. Ұзындығы – 70 сантиметр шамасында, қанатын жайып жібергенде 2 метрге жақындайды, ал салмағы – 2,5 килограмм шамасында.

Дала қыраны – аты айтып тұрғандай ашық даланы, шөлді және шөлейт аймақтарды мекен етеді. Ұсақ құстарды, кесіртке, ірі жәндіктер мен өлімтіктерді жейді. Дала қыраны да түсі қара қоңыр, тұмсығының түбі сары болып келеді. Дала қыранының Маңғыстау жерінде ұя салатыны туралы дерек жоқ.

Біздің жақтан біз әкем екеуіміз Бүркітті, Дала қыранын, Аққұйрық субүркітті, Тілеміш, сондай-ақ, Қырғи, Лашын, Тұрымтай, Жағалтай, Жамансары, Кезқұйрық бүркіт, Құладын, Мықи, Күйкентай, Арашыл тұйғын деген жыртқыштарды және оның түрлерін көріп суретке түсірдік. Өкінішке орай, Қарақұсты, Кезқұйрық субүркітті кездестірудің сәті түпей жүр. Сондай-ақ Үстірт тауларының шыңдарына Сақалтай бүркіт деп аталатын ірі жыртқыш құс та бар көрінеді, бірақ оны Түпқараған өңірінен ешкім кездестірмепті.

Су құстарының ішінде біз үшін ерекше қымбаты, қасиеттісі – Аққу. Біздің жақта Аққулардың үш түрі болады, олар – Сұңқылдақ аққу, Сыбырлақ аққу, Кіші аққу. Сыбырлақ аққу – қаз тәріздестердің ішіндегі ең ірісі – бізге жақсы таныс Ұшып бара жатқанда ұзындығы 1,8 метрге дейін барады, ал қанатын жайып жібергендегі ұзынды 2,5 метрге жуықтайды. Ұрғашы аққулардың салмағы 6 килограмм, еркектерінің салмағы 13-14 килограмм болады. Түсі ақ, тұмсығы қызыл немесе қызғылт сары, еркектерінің маңдайында дөңестері болады, қазақша айтқанда, шотмаңдай болып келеді.

Сыбырлақ аққу қазақ жерінің бәрінде кездеседі. Маңғыстауда теңіз жағалауының бәрінде де бар десек те болады. Ақтаудың теңіз жағасында негізінен қысқа қарай келеді. Ақтаулықтардың жем беріп асырағанына әбден үйреніп алған. Адамдарға тым жақын келіп, қолдарынан нан алып жей береді. Өкінішке орай, біздің Ақкетіктің адамдары аққуға ондай қамқорлық жасап әдеттенбеген екен. Қыста Аташтың айлағына көп келеді, бірлі-жарым болмаса, нан беріп жүрген адамды көрмедім. Содан болар, аққулар да бізге онша сенбейді, адам жақындап келсе үркіп, қашады.

Барлық аққулар сияқты, Сыбырлақ аққудың да қорегі – теңіз шөптері, ара-арасында ұсақ балықтармен де қоректенеді. Ұясында 5-6 жұмыртқа басып шығарады. Балапандары жаздың соңына қарай ұша бастайды да, салқын түсе, ата-анасымен бірге жылы жақтарға қайтады.

Далалық жерлерде Дуадақ, Кекілік, Бұлдырық, Шіл сияқты құстар мен олардың түрлері кездеседі. Осылардың ішінде Дуадақтар – құрып бара жатқан құстардың қатарында, біз де оны көре алмай келеміз.

Кекілік – дала құстарының ішіндегі ерекше әдемісі. Оны кейбір жерлерде «Тас тауығы» деп те атайды. Өйткені, Кекілік таудың беткейлерінде, терең сайларда, тау өзенінің аңғарларында, әйтеуір, таулы-тасты жерлерде жүреді. Өңі де тас сияқты, кейде сарғылт, кейде ашық күлгін, сұр түсті, әр жерінде қына өскен тас құсаған сарғылт дақтары бар. Оның ерекше белгісі – тұмсығының үстімен көзі арқылы мойнының екі қапталына барып, одан омырауына құлап барып бірігетін қара жолағы – ноқтасы. Сосын екі бүйіріндегі алақандай ақшыл таңбасындағы жоғарыдан төмен құлайтын қара жолақтары.

Кекілік – өте сақ құс. Түнде тас арасына тығылып жатып ұйықтайды да, таң атысымен жайылуға шығады. Тамағы – жабайы жуалар, шөптің тұқымдары мен гүлдері, жас шөптің өзін де жейді. Жәндіктерді де азық қыла береді, бірақ, алдында өсімдік тектес тамақ тұрса, жәндікке қарамайды. Күннің ыстығы бастала тас арасына тағы тығылып алып демалады да, кешке қарай су ішуге келеді. Сондықтан, Кекілік суы бар жерден тым алысқа кетпейді.



Кекілік – көп ұшпайтын құс. Қауіп төнсе тас арасына тығыла қояды, ондайда тап үстінен түспесең таба қоюың неғайбыл. Немесе, қашып құтылуға тырысады, онда да тез жүгіретіні сондай, тасты жермен жүгіріп жете де алмайсың. Басқа амал қалмаса, ұшып кетеді, бірақ, ұшқаны епетейсіздеу, қапылып, асып-сасып, далбақтап ұшады.

Құстардың да әртүрлі мінез-құлықтары, ерекшеліктері болады. Олар бір-бірінен ақыл-ойының деңгейімен де ерешеленеді. Мысалы, құстар әлемінде ең ақылды құстар деп Қарға тұқымдас құстарды айтады. Әлемде бұл топқа кіретін 120-дай құс бар көрінеді. Ал, біздің Қазақстаннан 13 құс кіреді екен. Олардың біразы Маңғыстауда да кездеседі. Олар – қарға, құзғын, шөл құзғыны, сұр қарға, таған, сауысқан.

Көрер көзге сүйкімсіз, сұрықсыз болғанымен, бұл құстар, ғалымдардың пікірінше, өте ақылды көрінеді. Ағылшын ғалымдары қарға тұқымдас құстар ақыл-ой өресі жағынан аса жоғары дамыған примат-маймылдармен тең дегенге тоқтап отыр. Біз үшін ең маңыздысы – Қарға тұқымдастар – жерге қараған малшының досы, жайылымды зиянды жәндіктерден қорғайтын құс.



Кәдімгі Көкек деген құсты алайық. Ол – аты мәлім құс. Алайда біздің жақта «көкек» деп Бәбісек деген құсты айтып жүр. Бұл мүлдем дұрыс емес. Бәбісек пен Көкек – екеуі екі басқа құс. Тек Бәбісектің дауысы Көкектің дауысына ұқсап кететіні болмаса...

Бұл – кептер шамалас құс. Көкектің арқасы, мойыны, басы бірөңкей күлгін қоңырқай түсті болады, тек бауыр жағы ақшыл, көлденең қара жолақтары бар. Отырғанда үнемі аяқтарын бауырына алып, құрсағымен отырғандай көрінеді. Кәдімгі көкектің азығы – жәндіктер. Әсіресе, басқа құстар жей алмайтын улы, түкті күйе-құрттарды қынадай қырады. Сонысымен бұл құстар ауыл, орман шаруашылығына қыруар пайда әкеледі. Бірақ, бір жаманы – бұл құстар кездесе қалса басқа ұсақ құстардың ұясын бұзып, балапанын өлтіріп кетеді. Кәдімгі көкектің тағы бір «арамдығы» бар – ол жұмыртқасын басқа құстардың ұясына салып кететіні.

Кәдімгі көкектің тағы бір ерекшелігі – жылы жаққа қайтқанда немесе оралғанда бұлар жеке-жеке және түнде ұшады.

Көкектің «Саңырау көкек» деген де түрі бар, оның Қазақстанда болатыны туралы дерек бар, бірақ, әзір ешкім суретін түсірмепті. Ал, Маңғыстауда ол түрі атымен жоқ деседі.



Бәбісек – біздің жақтың адамдарының Көкек деп атайтын құсы. Бірақ, оның Көкекке ешқандай қатысы жоқ екендігі туралы біз айттық.

Бәбісек жазда біздің жақта көп болады. Бұл – үлкен, әдемі жирен түсті, кейін қарай қайырылып тұратын айдары бар, айдарының ұшында қара мен ақ араласып келеді, денесі бір өңкей жирен түсті, тек қанаттары ғана қара жолақтанып тұрады. Тұмсығы ұзын, төмен қарай имиіп келеді. Негізінен тегіс, ашық шалғынды, шөптесін жерлерді жақсы көреді, жемі – жәндіктер. Жемін ұзын тұмсығымен ұстап алғаннан кейін жоғары қарай лақтырып жіберіп, аузын кеңірек ашып тосып алады да жұтады. Үлкендеу қоңыздарды жерге ұрып-ұрып, мылжалап барып жейді. Су жыландардың балаларын, ұсақ кесірткелерді де қорек ете береді. Зырылдай қашқан кесірткені қуып жетіп жегенін өз көзіммен көргенім де бар.


б. Құстардың пайдасы

Адамға құстардың пайдасы көп. Мысалы, торғай тектес құстардың басым көпшілігі өсімдік атаулының қас жауы – құрттармен, қоңыздармен, шегірткелермен, басқа да зиянкес жәндіктермен қоректенеді. Егер, құстар болмаса зиянкестер шөп атаулыны дымын қалдырмай құртып жіберер еді, онда далада мал жейтін шөп те, егін де, көкөніс те қалмас еді, яғни, адамдар аштан қырылар еді. Мен Интернеттен оқыдым, 1 түйір Қараторғай немесе Алаторғай бір айда 100 килограмдай шегірткені құртады екен. Әсіресе,

Алаторғайлар шегірткені тойғанына қарамай қыра береді. Сонда 20-25 құстан тұратын бір топ Алаторғай 1 айда 2,5 тонна зиянкесті құртады. Бұл деген кемінде 3 миллион шегіртке деген сөз. Бұншама шегіртке Таушық секілді ірі шаруашылықтың бүкіл мал жайылатын жерлерін тып-типыл қылып жеп кетер еді. Сондықтан, мал шаруашылығымен айналысатын кісілер құстарды қорғау үшін жұмыстануы керек, Алаторғайлар ағашы бар, талы бар жерлерді жақсы көреді, суы бар жерлерге тал егіп, құстардың келуіне жағдай жасау керек.

Торғай тектес құстар егіндіктерді, ағаштарды, бақшалықтарды құрттардан қорғайды. Жыртқыш құстар ұсақ құстардың ішіндегі ауруларын, сонымен бірге ауру тарататын тышқан құсаған кеміргіштерді құртады. Су құстары да ауру балықтарды ұстап жеп, теңізде жұқпалы аурулар таралып кетуінен сақтайды. Қарға, құзғындар қоқыстардың ішінен шіріп, ауру таратуы мүмкін тамақ қалдықтарын тауып жейді. Яғни, құстардың бәрі адамға көмекші. Балалар шамасы келгенше құстардың досы болуы керек, көмектесуі керек, қыста ұя жасап беріп, жем шашып, жазда көлеңкелі, биік жерлерге су қойып, қамқорлық жасап жүрсе, ол жерге құстар көп келеді. Сөйтіп, зиянкестерді құртып, сізге көмектеседі.



4. Қорытынды
Сонымен, Түпқараған ауданында кездесетін құстарды негізінен 3 топқа бөлуге болады. Олар: а) Осы жерде тұрақты мекен ететін құстар. Олар – Торғай тұқымдастардан – Айдарлы бозторғай, Үйторғай, Құлақты бозторғай. Қарға тұқымдастардан – Тағандар мен Құзғындар. Шағала тұқымдастардан – Өгізшағалалар. ә) Жыл құстары. Бұл – көктемде келіп, күзде қайтадан жылы жаққа ұшып кететін құстар. б) Транзитті құстар. Олар – көктемде солтүстікке, ал, күзде оңтүстікке ұшып өтіп бара жатып, аз күн аялдап өтетін құстар.

Түпқараған өңірінде кездесетін құстардың ішінде Кіші аққу, Сұңқылдақ аққу, Тарғақ, Үлкен аққұтан, Сары құтан, Қарақұс, Бүркіт, Аққұйрық субүркіт, Кезқұйрық субүркіт, Сақалтай, Лашын, Дала қыраны, Дуадақ деген құстар Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Яғни, бұл құстардың саны аз және одан сайын азайып бара жатыр, оларды қорғау керек, өлтіруге, ұясын бұзуға, жұмыртқасын жаруға болмайды.

Қорыта келе айтарым – біздің Түпқарағанның табиғаты ерекше. Оның өсімдіктер және жануарлар дүниесі бай. Әсіресе, құстар әлемі алуан түрлі болып келеді. Олардың ішінде ғалымдар бұрын Маңғыстау жерінде кездестірмеген, болады деп ойламаған түрлері де бар. Біз әкем екеуіміз тек Түпқараған өңірінің құстарын ғана зерттеумен айналысып жүрміз, егер, Маңғыстауды түгел аралайтын болсақ, әлі талай жаңалық ашылуы мүмкін.

Мен бала болсам да, құстарды қорғау керектігін жақсы түсінемін. Алайда, бұны түсінбейтін адамдар көп екенін білемін. Құстар дүниесін үлкендер де, балалар да біріге қорғауымыз керек. Сонда біздің табиғатымыз тамаша болады.




5. Ұсыныстар.

Түпқарағанның құстар әлемін сақтау және қорғау үшін біздің ауданымызда мынадай жұмыстар жасалуы керек деп санаймын:




  1. Балаларды Түпқарағанның құстар әлемімен таныстыру және табиғатқа сүйіспеншілігін арттыру үшін Баутин кентінің сыртындағы көлшік жағасына, Захар бақшасы жаққа саяхаттар ұйымдастыру;

  2. Баутин кентінің сыртындағы көлшікті құрып кетуден сақтау үшін балалар атынан аудан әкімдігіне оны сақтауды сұрап өтініш жазу;

  3. Осы көлшіктің айналасы мен түбін жақсылап тазалау керек. Қазір теңізге қосылмайтын болғасын көлшіктің суы шіріп, құстар үшін жарамсыз болып бара жатыр;

  4. Балалар арасында құстарға арналған ұя жасаудан конкурстар ұйымдастырып, жақсы ұяларды орталық саябақтағы талдарға ілу;

  5. Тамшалы, Саура, Қапы сайы, Мерет, Жығылған сияқты суы бар жерлерде құстардың көптеп келуі үшін бұталар мен талдар отырғызу;

  6. Ауданда «Табиғаттың жас достары» атты ұйым құрып, балаларды табиғатты қорғауға жұмылдыру; Соның ішінде аңдар мен құстарды қорғаушылар тобын құру.


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. «Маңғыстау» газетінде шыққан материалдар.

  2. «Қазақстанның өсімдіктер және жануарлар дүниесі» кітабы. «Жазушы» баспасы. 2002 ж.

  3. Интернет материалдары.

  4. О.В.Белялов. Пернатые хищники и их охрана. Сибиздат. 2010.

Каталог: uploads -> doc -> 0197
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0197 -> Сабақтың мақсаты: Канада мемлекеті туралы білімдерін ғылыми тұрғыда меңгеруге қолайлы орта жасау
0197 -> Сабақ: №14 Пәні: информатика Мектеп: №8 Оқытушының аты-жөні: Өмірзақ Р. Б


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет