МӘдібаева қанипаш қайсақызы


Толғау, зарлау, сарнау, арнау, тақпақ, естірту, жоқтау



бет3/22
Дата31.12.2019
өлшемі1,9 Mb.
#53947
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

Толғау, зарлау, сарнау, арнау, тақпақ, естірту, жоқтау. Осы тұста ғалым халық атына теліп (халықтың атаулардың қалыптасуындағы орны даусыз, әрине – Қ.М.), Х.Досмұхамедұлы, А. Байтұрсынов жіктеуін келтірген сияқты.

Жалпы ең жөн қисын, сол әдебиет жасаған дәуірге аса жақын, әрі сол үлгілердің бірталайы әлі де қалпы бұзылмай сақталып отырған кезде оларды теориялық сарапқа салған Ахмет Байтұрсыновтың қисындарын ХІХ ғасыр әдебиетінің көркемдік жүйесін саралауда негізгі тұғыр етіп алған аса жөн. Орыс әдебиеттану ғылымы арқылы мәжбүрлеп қабыстырған көп теорияға қазақ әдебиетінің жаратылысы келе бермейтін, бүйректен-сирақ шығып тұрғандай тұстарды қисындап, қиқымдап келістірген уақыттарымыз болғаны рас. Бұл әсіресе фольклортануда, қазақтың ХІХ ғасырда әдебиетін тануда байқалып отырды. (Кезінде қисынсыз теорияларға тықпаланған әдеби жәдігерлер жайлы мысалдар келтіріліп отыратын болғандықтан, бұл тұста тәптіштеуден бой тарттық – Қ.М.).

Жалпы әдеби мұраның өзіндік, ұлттық сипатын тануда А. Байтұрсынұлы “Әдебиет танытқышының” орны өлшеусіз. Өзге қай кезең, қай дәуірдегіден де гөрі дәл ХІХ ғасыр әдебиетіне аса тән, тым тәуелді сол әдебиет танытқыш тұжырымдарды үстірт шолып кете беруге дағдыланып, науқандық, өтпелі дүниедей, уақыт биігінен қажетсіздеу көріп қарап жүрген жоқпыз ба?

Әрине, соңғы 10-15 жылдың әдеби зерттеулерінде ара-тұра Ахаңа “бұрылып” қарап қою үрдісі қалыптасып келеді. Алайда, осы бір сарқылмас нәрлі бастаудың бар тұнығын қанып іше қойған жоқпыз.

Бұл зерттеуде қажет жерінде “Әдебиет танытқыштың” әр тұсынан, жүгіне түсер орайы келгенде, қисынды ойлар кіріктіріліп отыруды мақсат еткеннің өзіне, негізінен, әсіресе, таза, ХІХ ғасыр әдебиетінің табиғатын аша түсер тұстарын зерттеуіміздің ғылыми негіздемесі етіп алуға тура келді.

Бұл қазақ әдебиеттану ғылымының Байтұрсынұлысыз дамыған кезеңдеріндегі табыс-жетістік, зерделі зерттеулер мансұқталды дегендік емесі белгілі. Қайта ол зерттеулер мен Ақаң зерттеулерінің бір үдеден шығып жатқан тұстарын әдебиетіміздің теориялық тарихындағы ақиқат қисындар есебінде айғақтай түсуге мүмкіндік бергені – рухани ырыс.

А. Байтұрсынұлы ХІХ ғасырдағы ауыз әдебиет үлгілерін, ауызша әдебиетті, жазу әдебиетті арнайы, солай атаулап (ХІХ ғасыр әдебиеті деп – Қ.М.) бөліп отырмағанымен, тура сол жәдігерлерді қарастырғаны даусыз, айқын тұстар, тұжырымдар бар.

А. Байтұрсынұлы – ХІХ ғасырдағы тарихи жырлардың табиғатын алғаш барша айырым белгісімен таныған, әрі оған нақтылы қысқа-нұсқа теориялық негіздеме жасаған зерттеуші.

“3. Әуезе жыры. Қазақтың ерте заманда ерлік қылған адамдарының ерлігін, батырлығын жыр қылып шығарған сөздер ертек жыр деп аталатыны жоғарыда арнайы әдебиет туралы сөз болғанда айтылып еді. Нақ сондай болмағанмен, соған ұқсас сөздер ділмар әдебиетте де болады. Ұлт өмірінде болған, ұлт тарихына жазылған, яки халық аузында әуезе болып айтылып жүрген уақиғаны алып, яки уақиғада халықтың еткен қайратын, азаматтың көрсеткен өнерін, жігерін, ерлігін, намысқорлығын, яки адамшылығын әдемі түрде әсерлі сөзбен жыр қылып шығару бар. Сыпайы әдебиеттің сол сияқты шығармалары әуезе жыр деп аталады” [12, 45 б.].

Толғау түрлеріне тоқталуда А. Байтұрсынұлы кәдімгі лирикаға анықтама беретіні белгілі. Мысалға Абайдың “Адамның кейбір кездері” өлеңін алады.

Ахмет Байтұрсынұлының “Әдебиет танытқыштағы” (1926) теориялық негіздемелері ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті нұсқаларына аса қатысты. Сөз жоқ, қазірде қазақ әдебиеттану ғылымы, қазақ әдебиетінің теориялық тарихы – жан-жақты зерделенген іргелі ғылым саласы. Алайда, Ахмет Байтұрсынұлының сонау ХХ ғасыр басындағы қисындамаларын және бір тірілте отырып сөйлеу – ғылым мүддесінен туар парыз.

Қазақ әдебиетінің қайталанбас қас ерекшеліктері аз емес. Сол орайда ауыз әдебиеті үлгілерінің профессионал әдебиетке ойысу, айналу үрдісін тану, табу, ғылыми негізден айқындап көрсету – әлемдік әдебиеттануда тек қазақ әдебиетінің теориялық тарихының ғана еншісі болып көрінеді. Сол үрдісті танудың басындағы кәделі орын – Ахмет Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттануындағы тарихи орны.

Қазақ әдебиетінің тарихындағы фольклор дәстүрі әдебиеттану ғылымында ендігі кезеңде ауқымды зерттеулерге ұласып отыр. Мәселенің мәні – оның сарқылмайтын, таусылмайтын көркемдік негіздерден құйылған шығармашылық өзгеше жаратылыс сырында. Осы жөнде Жанғара Дәдебаев былай дейді: “Жалпы қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуы мен дамуында, жанрлық салалануында фольклордың қызметі мен мәні арнайы зерттеуге лайық үлкен проблема ғой деп ойлаймыз” [83, 181 б.].

Қазақ әдебиеттану ғылымының теориялық мәселелеріне өзіндік зерттеу еңбек арнап, ХІХ ғасыр әдебиетін жанр, түр, стиль, тіл жағынан арнайы қарастырған ғалым Қ. Өмірәлиев “Жыр” анықтамасын қарастыруда


З. Ахметовтің еңбегіне тоқталды дедік. Қ. Өмірәлиев бұл еңбегін жазған тұста М. Әуезовтің еңбектерінің өзі толық нұсқада басылмаған. Аталған зерттеуде қайсыбір теориялық негіздемелерді әрідегі (іргелі) зерттеу нәтижелерімен сабақтастыра қарауды Қ.Өмірәлиев алғаш рет жүйеледі.

Қазақ әдебиетінің арғы бастауларында “Сөз” жанры болғанына


Қ. Өмірәлиев алғашқылардың бірі болып назар салды.

Қ. Өмірәлиев ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарына дейінгі қазақ поэзиясының өлең түрлерінен толғау, зарлау, арнау, сарнау, т.б. атайды. Осы жіктеуге ұқсас жүйенің ілгеріде А. Байтұрсынұлында болғандығын қазір білеміз.

Қ. Өмірәлиев “ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ поэзиясына сипаттама” атты тарауда: “Байырғы жыр үлгісі біреу болды. Ал сол үлгіде әр алуан тақырыпта; әр алуан мазмұнда сөз туды. Халық осы сөздерді мағынасына қарай жік-жікке бөліп, оларға ат беріп отырды”, – дейді [31, 67 б.].

Айтыс өлеңді саралауда Солтүстік, Шығыс, Жетісу өңірі айтыстарының аймақтық ерекшеліктеріне тоқталады.

“... Тезек, Құлманбетпен айтысқанда бұл Жетісу ақындары дәстүрімен он бір буынды өлеңді ааәаббвбббгбдб – түрінде еркін ұйқасқа құрып айтқан” [31, 75 б.].

Қ. Өмірәлиев Жетісу айтыс ақындары айтыс жанрында “жыр” үлгісін сақтап қалғанын айтты.

ХІХ ғасырдағы дәстүрлі айтыс өнерінің Құлмат Өмірәлиев сипаттаған бір ерекшелігі – айтыстың қайта айтылып өңделіп, поэмаға (дастанға) айналып барып қалған жаңа туынды есебінде көрінуі.

Бұған ыңғайлас А. Байтұрсынұлы “шығарма айтыс” дегенді айтқан. Ғалым “Түбек пен Қарқабат”, “Әсет пен Кемпірбайдың тілдесуі”, “Әсет пен Ырысжан”, “Біржан мен Сара” айтыстарын қайта айтуға, редакциялап айтуға түскен “ұзақ өлең, поэма үлгісіндегі” айтыс өлеңдерге жатқызады.

Қ. Өмірәлиевтің ХІХ ғасырдағы әдебиеттің жанрлық, стильдік жөндерін ғылыми негіздеудегі құнды тұжырымның бірі – өлеңді композициялық құрылысына қарай жіктеу өлеңнің әу баста ауызша я жазбаша туғандығын анықтаудағы жүйелі шешімін таппаған даулы қисын екендігін атап көрсетуі.

Ғалымның қазақ поэзиясындағы сурып салып айтатын өлеңнің екі түрін айырып көрсетіп, олардың мәнін жыраулық моделі дайын терме өлеңдер мен ол модель жарамсыз арнау өлеңдердің өзгешелігі арқылы ашуы – негізсіз емес.

Х. Досмұхамедұлының “Қазақ халық әдебиеті” еңбегінен өзіміз осы диссертациялық жұмыста қолданып отыратын “Еуропа үлгісіндегі қазақтың жаңа жазба әдебиеті” деп қарастыруымызға түп негіз тірек, тұжырымдар таптық.

Зерттеуші мәселені анық-анық қойып, кәнігі әдебиеттанушы деңгейінде түйін түйіп отырған. Әдебиеттің зерттеу, теориялық, тарихи мәселелерін өз баяндамасында қарастырмайтынын айтып отырғанының өзінде қаншама ғылыми жүйе, жүлге жатыр.

“Осы “ақтаңдақтың” орнын толтыру үшін біз мүмкіндігінше қазақ халық әдебиеті мазмұнын баяндай отырып, жіктеп-жіліктеп, сондай-ақ үлгілері мен бұлақ-көздерін көрсете отырып, барынша сығымдалған түрде оның ықшам очеркін жазып шығуды мақсат тұтып отырмыз. Біз, әрине, халық әдебиетінің даму тарихын мүлде сөз етпейміз, сол секілді бұл әдебиеттің осылайша жан-жақты дамуына ықпал еткен себептер мен жағдайларға, сырттан болған әсерлер мен қазақтарға туыстас халықтардың халық әдебиеттерімен өзара ауыс-түйіс мәселелеріне де тоқталмаймыз. Біз халық әдебиетінің қазіргі еуропаланған қазақ көркем әдебиетінің пайда болуы мен дамуындағы рөліне (орнына) және осы жаңа әдебиеттің жекелеген өкілдеріне оның ықпалын талдамаймыз” [13,
14 б.].

Осы мәселе әлі де күн тәртібінде.

Х. Досмұхамедұлы ХІХ ғасырдағы толып жатқан әдебиет үлгілерін атап, сипаттама берді. Алғашқылардың бірі болып қазақ әдебиетін жасаушылардың ХV ғасырдан бергі жекелеген өкілдерін атады.

Х. Досмұхамедұлы жазба авторлық мәселесіне байланысты былай дейді:

“Кейбір мәліметтерге қарағанда бұндай авторлық ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан басталады деп жобалауға болады. Бұл қазақтың жазба әдебиетінің басталуы.

Қазақтың жазба әдебиетінің негізін мұсылманша оқыған, сауатты ақындар салғаны сөзсіз. Сондықтан да жазба әдебиеттің алғашқы үлгілерін халық поэзиясының діни және ғибраттық түрлерінен іздеу қажет” [13, 33 б.].

Ауыз әдебиет, жазба әдебиеттің айырым белгісі хатқа түскен, тасқа басылған сөз фактісінде емес, шығарманың, туындының жазылу стилінде, дәстүр, үрдісінде, жанрлық өзгешелігінде жатыр.

Қазақ халқы көркем әдебиетінің ежелгі жазба мәдениеті ХІХ ғасырда бірнеше ғасырлық тоқырауды бастан кешіп келіп, қайта жаңарып, жалғасын тапты. Енді көркем сөзге Батыс үрдісі мен үлгісі араласа бастады.

Ежелгі жазба мәдениет дегенде Ө. Күмісбаев әл-Фарабидің әдебиет теориясына қатысты еңбектерінен бір үзік ой ұсынып, көп мәнді, құнарлы ғылым бастауына тартады.

“Әл-Фараби ақындарды үш топқа бөліп қарайды. Біріншіге суырып салма ағып тұрған табиғи дарындарды жатқызады, бұлардың көңілі түскен тақырыпты теңеу, метафоралармен әсем мүсіндеп бере алатын қабілетіне тоқталады. Ғұламаның бірінші топқа берген бағасы қазіргі айтыс ақындарына келетін сияқты.

Екінші топқа өлең түрлеріне, қағидаларына жетік, поэтикалық құралдардың қисынын кәміл келтіретін ойшыл ақындарды айырады. Бұл топта енді жазбаша ақындардың мінезі бар екендігі – хақ” [49, 47 б.].

Әрине, бұл жөннің тек қазақ әдебиетіне байланысты ғана айтылмағандығы аян бола тұра, әдеби дәстүр жөнінен қазақ әдебиетіне де әбден қатысты.

Ө. Күмісбаевтың айтысты атауы қисынды. Қазақтың қайталанбас қас өнері айтыс ХІХ ғасырда мүлде жаңа сапада, жан-жақты түрде өрістеді.

“Айтыс сөздерінің молдығы мен көп жайылғандығына қарасақ, қазақ елі ақындық теңізі сияқты көрінеді. Өзге жұрттың әдебиеті тарихын өлең түріне бөлгенде, айтыс өлеңі деген бөлім, не жоқ болады, не болмаса өте аз кездеседі. Қазақтың өзге түрдегі ескілігінің барлығына өзге елдігіне ұқсастық болса да айтыс өлеңдері барлығынан да жат, жаңа түр. Қазақ әдебиетінің өзіне ғана меншікті саналады” [10, 173 б.].

“Қазақ әдебиетінің өзіне ғана меншікті” (Ө. Күмісбаев) түр ХІХ ғасыр әдебиетінде әлденешеу.

Фольклортанушы ғалым Шәкір Ыбыраев нақтылы мәселенің мәнін айқын ашып, ХІХ ғасырдағы әдебиет нұсқаларын бірде фольклор – ауыз әдебиеті деп, бірде ауызша, жазбаша, жазба дегендей қисындармен айғақтап келе жатқан түрлі тоқтам-танымымызға түйін боларлық ұстаным жөнін көрсетеді.

“Түркі топырағында пайда болған құбылыстардың бәрі де Еуропа мәдениетінің табиғатынан туған теорияларға сәйкес келе бермейді. Мәселен, көшпелі түріктердің өмір салтына лайық қалыптасқан ауызша авторлық поэзия айтылуы, орындалуы, мезгілдік және мекендік шарттары (көпшілік алдында бірден ауызша импровизаторлық жолмен шығарылуы) бойынша фольклордың да, жазба әдебиеттің де ерекшеліктеріне сәйкес емес. Бұл құбылыс Еуропа халықтарының әдебиетінде болмағандықтан, олардың әдебиет тарихында да жоқ. Ал, біз оған қалыптасқан еуропалық теория бойынша орын таппағандықтан, авторлық ауызша поэзияны біресе фольклорлық, біресе жазба әдебиеттің құрамында қарастырып келе жатырмыз” [84].

“Шолпан” журналының 1922 жылғы 2, 3 сандарында, 1923 жылғы 4, 5 сандарында Мұхтар Әуезовтің “Қоңыр” деген бүркеншік атпен “Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі” деген зерттеуі басылды. Кейінде бұл зерттеу


М. Әуезовтің (1927) 1991 жылы “Ана тілі” баспасынан М. Мырзахметов алғы сөзі, түсініктемесімен жарық көрген “Әдебиет тарихы” еңбегінде, сол баспадан 1993 жылы шыққан “Абайды оқы, таңырқа...” жинақтарында басылды [85].

Осы зерттеуде М. Әуезов қазақтың ауызша әдебиеті мен жазба әдебиеті жайлы ой қозғайды. Сол кездегі М. Әуезовтің “Бұл мәселе туралы біздің өз жазушыларымыздың бір жерге қойылған пікірі, бір қалыпқа тоқтаған сыны әзірше жоқ” деген пікірі қайсыбір жағдайда әлі де көкейтесті. М. Әуезовтің “Әдебиет тарихы” қолға тигеннен кейін, Л.М. Әуезова мен М. Мырзахметов құрастырып шығарған “Абайтанудан жарияланбаған материалдары” қолға тигеннен кейін М. Әуезовтің сонау ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында ауызша әдебиет үлгілері мен жаңа жазба әдебиеттің теориялық негіздеріне, жанрлық жайына көп үңілгенін көрдік.

Түрлі саяси қисындар тұсында қазақ әдебиеттану ғылымы “қағаберіс” қалдырып алған, біле тұра, “білмей” бұра тартқан көп бұлтарыс-қалтарыстың әдеби мұраны осы ауызша мен жазба әдебиет үлгілеріне жүйелеуде жатқаны даусыз. Бізде, қайсыбір жағдайда, күні бүгінге шейін қисса өлең де, тарихи жыр да, айтыс та – Абайға шейінгінің бәрі ауыз әдебиетінің еншісі есебінде ұғынылады.

Ал әдебиет тарихының негізін қалаған Әуезовтің осы мәселеге байланысты қисындары сол “қатып” қалған таным-түсініктің сеңін бұзар қуатты, шыншыл сөз...

Әрі қазақ әдебиеттану ғылымының қазіргі мүддесімен аса үндес сөз. М.Әуезов айтыс өлеңдердің бергі замандағы үлгілерінің ішінде жазба әдебиетке кіретіндерін атап айтты. Әдебиеттегі ауызшадан жазбаға көшкенді көшпелі дәуір деп көрсетіп, оның өкілдерін атады. “Бұл күнге шейін қазақтың жазба әдебиеті жайынан сөз жазушылардың көбі біздің жазба әдебиетіміздің басы Абайдан басталады деп есептейді. Бұл пікір суретті художественная литература ретінде қарағанда дұрыс болса да, әдебиет тарихының ретімен қарасақ, үлкен адасқандық болады.

Қазақта жазба әдебиет Абайдан көп бұрын басталған. Бұл есепке, көбінесе, дін мақсұтымен жазылған қиссаларды кіргізбесек те, айтыс өлеңдерді кіргізбеуге болмайды.

Наурызбай мен Тілеуқабақтың қызының айтысуы, Біржан мен Сараның айтысуы, бір жағынан, ауызша әдебиетке кірсе, бір жағынан, жартылап келіп жазба әдебиетке кіреді” [10, 227 б.].

М. Әуезовтің жазба мен ауызшаны айырудағы өлшемі – бет, белгі, сарын. Бұл бет, бұл белгі, бұл сарын көшпелі дәуірде айрықша көрінді деп түйген


М. Әуезов сол себепті де ол дәуірдің ақындары даусыз жазба әдебиеттің басы дейді. Себебі, бұлардың өлеңінде М. Әуезовтің көрсеткеніндей, ел тұрмысының бұрынғы айтылып жүрген жалғыз қызығы мен желігінен басқа, тұрмыстағы негізгі дерт, негізгі себептер айтыла бастаған.

“... жазба әдебиеттің өз міндетін ұға бастап, қазақ тұрмысындағы кем-кетікті қолға ала бастағаны да Абайдан бұрын басталады. Бұл жағынан қарағанда, Абайдың алдындағы адамдар деп Шортанбай, Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп, һәм Нарманбеттерді алу керек.

Бұл адамдардың кейбірінің Абайдан жасы кем болғандығын есеп қылуға болмайды” [10, 228 б.].

М. Әуезовтің бұл зерттеуі құнды тұжырымға толы. Тарата, кеңіте сөйлеуге, астарын аша түсуге зәрулігін әрдайым ескеріп отыруымыз қажет екені даусыз.

Сөз Мәшһүр Жүсіп жайлы болған соң, жазба әдебиеттің басында тұрғандардың ішінде есімін Мұхтар Әуезов өзі атаған соң осы жайдың ендігі бір ұшығы қайда жатқанын айта кету парыз. Абайтанушы ғалым
М. Мырзахметов “Абай жүрген ізбенен” (1985) [86], “Абайды оқы, таңырқа...” (1993) [87] жинақтарында Алексей Белослюдовтың қолжазбасын береді. Сондағы деректі кейінде ғалым Уәлихан Қалижанов “Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым” монографиясында келтірді.

“ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ әдебиетінің жаңа кезеңі – жазба әдебиеті басталады.

Жазба әдебиеттің негізін салушы есімі Мәшһүр деген атпен белгілі болған Жүсіп Көпеев: ... өз руы мен өзін мадақтайтын ақындардың ертеден келе жатқан дәстүрінен ірге теуіп, алғаш рет Жүсіп Көпеев халықтың мұңын жырлай бастады. Мәшһүр Жүсіп өлеңді жазып шығарды, мұның өзі қазақ әдебиетінің тарихында халықтық сипаттағы жаңа бағыттың дамуына зор түрткі жасады” [54, 198 б.].

А. Белослюдов сол кездегі талантты жастың бәрінің Мәшһүр Жүсіпке еліктегенін, ақын деген ұғымның ендігі жерде жаңа қырлары белгі беріп, сипаты ашыла түскенін атап көрсетті.

Мәшһүр Жүсіптің қастерлі есімі қазақ әдебиетінің тарихында өз нұрымен жарқырап келе жатыр, жанып тұра бермек. Оның негізі – халқының сөз мәйегін “Қара меске” құйып кеткен өлшеусіз бейнеті, ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасыр басындағы қазақ басылымдарына қатысып, дәуір сөзін сөйлеген көсемдігі, ұлт иманын ұйытқан әулие болмысы... Осының бәріне қоса қазақтың жаңа жазба әдебиетінің көшін бастаған аз ғана асылдың арасында болғаны...

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ХІХ ғасырдағы қазақ баспасөзіне қатысы өз алдына, қолмен жазып қалдырған кітабында сұлу тілді шешендікпен өрілген оралымдар, жазба стиль өзгешеліктері тым айқын.

Мәшһүр Жүсіп ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерін “Үлгілі сөз”, “Бата”, “Жар-жар”, “Беташар”, “Сыңсу”, “Жоқтау”, “Қара өлең”, “Қайым өлең”, “Айтыс”, “Бақсының сөзі”, “Өтірік өлең”, “Жақсылардың мысал сөзі”, “Тақпақ”, “Мақал-мәтелдер”, “Шешендік сөз”, “Лиро-эпос”, “Батырлар жыры” сияқты түрде хатқа түсіріпті. Бұлар – әріден келе жатқан ауыз әдебиеті үлгілері. Бұл үлгілердің барлығы да сол ХІХ ғасырда жасады.

М. Көпеев шығармалар жинағының алғы сөзінде Сәрсенбі Дәуітов мынадай құнды қисындар жасайды: “М. Көпеев біраз айтыстарды қағаз бетіне түсіріпті. Ол айтыстардың қалай, қандай жағдайда болғанын, кімдердің жеңіп, кімдердің не себепті жеңілгенін де айта кетіпті. Қайым өлеңнің, жырдың кімнен басталғанынан да біраз мәлімет беріпті. Ол былай дейді: “Бұрынғылар домбыра ұстап, өлең айтатұғыннан қайым білесің бе деуші еді... Қайым деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда қайым өлеңнің ілкі басы Күдері қожа мен Ұлбике қыздың айтысы. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі мақал, тақпақ. Бұлардан бұрын жырлап сөйлейтін болған. Жырлап сөйлеушінің тұңғышы – ноғайлыдан шыққан Мөңке би, қазақтан жырлап сөйлеушінің басы – Бұқар жырау”, – деп жалпы қайым өлең мен жырдың шығу, қалыптасу жайында біраз сөз етеді” [88, 16 б.].

М. Көпеев “Қара меске” әдебиет үлгілерін көшіруде еркін шығармашы да.

Оның қара сөзі, баяндау тілі құйқылжып, құйылып тұр. Қазақы шешен әңгімешілдікті баяндауында емін-еркін, көсіп-көсіп қажетіне жаратады.

“Бөлтірік би” әңгімесінде Бөлтіріктің шешендігін әңгімелеп беруі қандай жатық. Қазақы қара әңгімені жазба күйге түйінді, мәнді тұсын жарқыратып, жұтынтып жеткізеді. Кәдімгі жазба мәнер. Оқиға, кейіпкер, жанды сөз бар. Нақты, айқын, шешен, сұлу тіл бар.

“Бір қалың жиылыста Бөлтірік гуілдеп сөйлеп отырғанда...”. Мәшекең сурет жасайды.

“... Намаздыгер болып қалыпты, намаз оқиық”, – деп көп ду түрегелгенде Ұлы жүздің кісілерінің ішінен ұзын бойлы, нар жонды, шекпенді, ер қара кісі түрегеліп тұрып, Орта жүз кісілеріне қарап сөйледі” [55,66 б.].

“Бөлтірік би” баяны – қазақ әдебиетіндегі көркем прозаның эссе мәнді әрі алғашқы, әрі үздік үлгісінің бірі.

Мәшһүр ақын адамның мінез-құлқын, кісілік түрін (характер – Қ.М.) бір ауыз сөзбен, тастай етіп түйіндейді.

“Бұл Жарылғап Қарсын Кернейдің кезінен даушақ, бұл даушақтың ұрпағы да күні бүгінге шейін дау-жанжалсыз отырмайды” [88, 71 б.].

ХІХ ғасыр әдебиетіндегі көп үлгі, көпжанрлылық, әдебиет туғызушылардың алуан құрамы бұл кезең әдебиетін тұтас қамтып ғылыми негіздеуге оңай алынбас аса күрделі мазмұнмен беттестіреді.

Академик Серік Қирабаев: “Қазақ әдебиеті барлық кезеңде де әр түрлі стильдік, түрліше арнадағы талантқа байлығымен ерекшеленеді. Онда Махамбет, Шернияз есімдерімен байланысты күрес поэзиясы, Жанақ, Шөже, Сүйінбай, Жамбыл сияқты алыптары бар айтыс ақындарының мектебі, Біржан, Ақан, Әсет, Кенен бастаған әнші-ақындар тобы еңбек еткен. Әр дәуірдің тарихи тұлғаларын дәстүрлі қаһармандық жырлар үлгісінде суреттеген жаңа эпос туғызушылар да аз болмаған. Бұған Абылай, Кенесары, Наурызбай, Исатай-Махамбет, Қабанбай, Бөгенбай, Ағыбай сияқты батырлар туралы жыр-дастандар куә. Осы дәстүр Ұлы Отан соғысының батырларын жырлауға ұласты. Бүгінгі біздің ұлттық рухани байлығымызды құрайтын әдебиет үлгілері осылардан тұрады” [25,13-14 бб.].

Осындай бай рухани мұраның тегі мен түрін теориялық жөннен негіздеудің бір мәселесі фольклорға қатысы жөнінен қарастырылып келе жатуы – әдеби дамудың негізінен туындайтын заңдылық. Бұл мәселені “фольклор ма, әдебиет пе?” деп, алғаш көтерген ғалымның бірі Мырзабек Дүйсенов болды.

Т. Тебегенов мәселені орнықты ойлармен, орынды пайыммен тарата түседі. Пісіп-жетілген ойдың ғылыми жүйесінде сөйлейді: “Қазақтың ауызша ақындық-жыраулық поэзиясының әдебиет атты негізгі ұғымның аясында қарастырылатыны, бірақ таза фольклорлық заңдылықтармен өлшеуге болмайтыны ақиқат...

Әрине жазылған еңбектердегі құлаққа сіңісті болып қалған терминнен ажырай қою қиын. Себебі қазақтың әдебиеттану және фольклортану ғылымдарының салаларына қатысты іргелі зерттеулер жазған А. Байтұрсынов, М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаев, М. Ғабдуллин, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов еңбектерінде авторы белгісіз таза фольклорлық және авторлығы анық ақындық-жыраулық мұралардың барлығы да “Ауыз әдебиеті” терминімен аталды. Ал,
Х. Досмұхамедұлы екеуін де “Халық әдебиеті” атауының аясында қарастырған болатын...

Қазақ сөз өнерін зерттеулерде көп уақыттар бойы шығармаларын ауызша шығарып, туындылары жұртшылықтың ортасында ауызша сақталған ақындардың барлығын да фольклортану аясында қарастыру орын алып келеді. Енді бұл мәселеге жаңаша қарауымыз керек.

Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедұлы қалыптастырған қазақтың әдебиеттану ғылымының ұлттық-халықтық табиғатына сай жазылған пайымдаулардың кеңестік кезеңдегі қате көзқарастарды түзейтін жаңаша бағдары айқындала бастады. Соның ең бастыларының бірі – халық ақындары мұраларын көркем әдебиет үлгілері ретінде тану, бағалау. Бұл орайда біз тілші-зерттеушілер Р. Сыздықованың, Қ. Өмірәлиевтің, С. Исаевтың, әдебиетші-зерттеушілер С. Қирабаевтың, Р. Бердібаевтың, М. Дүйсеновтің,
Р. Нұрғалиевтің, С. Қасқабасовтың, Е. Тұрсыновтың, М. Жармұхамедовтің,
Қ. Сыдиықовтың, Ш. Ыбыраевтың, С. Негимовтің, Б. Әбілқасымовтың және т.б. үндес пікірлерін ескереміз” [39, 18-19 бб.].

Осы орайда Т. Тебегенов арнайы монографиялық еңбекте қамтып, қарастырған халық ақындарының шығармашылық мұрасы, негізінен, осы


ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілері болғандығын, сол зерттеудің негізгі нәтижелерімен санаса отырып, диссертациялық еңбекте ХІХ ғасыр әдебиетінің жанрлық даралық сипаттарын өлең құрылымы, жанрлық айырым жөндерінен қарастыруды қозғап көрдік.

Т. Тебегенов атап көрсеткен халық ақындары шығармаларындағы ежелгі Қорқыт дәстүріндегі өнер тұтастығы ХІХ ғасырдағы әдебиет нұсқаларының ән өлең, айтыс өлең, қисса-дастан, тарихи жыр түрлерінде айқын көрінеді.

ХІХ ғасырда халықтың рухани қанағатына айналған сал-серілік, жыршылық, айтыскерлік кәсіби ақындықтың сан алуан мүмкіндігіне жол ашты.

“ХVІІІ-ХІХ ғасырларда ақындар поэзиясындағы азаматтық лириканың аясына тарихи оқиғалардың, махаббат, табиғат туралы өлеңдердің ене бастауы – авторлық шығармашылықтың жаңарғанының белгісі. Ақындардың жаңарған, жаңғырған авторлық тұлғаларының пайда болуы, қалыптасуы – тарихи құбылыс. Бұл – таза әдебиеттік тұғыр. Авторлық шығармашылықтың мазмұнындағы суырып салмалық (импровизаторлық) өнердің сақталуынан, жыршылықтың және халық әдебиетіндегі жанрлардың бәрінің қолданылуынан фольклорлық дәстүрлер жаңғыртыла сабақтасып, әдеби дамудың көркемдік іргетасы нығая түсті” [39, 63 б.].

Т. Тебегенов халық ақындары шығармаларын жанрлық жақтан жүйелеп, ондағы дәстүрді, фольклор және әдебиет дәстүрін атап қарастырды. Ғалымның Ахмет Байтұрсыновтың әдебиет зерттеуінің құндылығына “құныға” бас қойғаны байқалады. Зерттеудегі халық ақындарының лирикалық өлеңдерінің тұрмыс-салттық негіздерінің мейлінше анықталып көрсетіліп, айтылуы – белгілі көрінетін жайдың ғылымдағы беймәлім, қызықты қисындары. “Беташар”, “Тойбастар” өлеңдер, мұң-шер өлеңдер, т.б. фольклорлық негіздегі поэзия үлгілерінің ХІХ ғасырдағы ақындық шығармашылықта жаңғыра өрістегені, жанрлық жақтан лириканың өзгеше бір арнасы есебінде жасағаны рас.

“Беташар – авторлық ақындық поэзияның лирикалық өлеңдері қатарынан орын алатын шығармалар. ХІХ-ХХ ғасырлардағы ақындар поэзиясында беташар өлеңдер тұрақты жырланып келеді. Мысалы, Базар Оңдасұлының, Әсет Найманбайұлының және т.б. ақындардың өлеңдері беташар өлеңдерінің лирикалық арнау, толғау қалпындағы эстетикалық табиғатын айқындайды” [39, 150 б.].

Ғалым беташарды “халықтың мәдениет қағидаларын түсіндіруші жанр” дейді. Т.Тебегенов өз еңбегінде әдеби дамудың қисындарын ғылыми негізде, қанық ұғыммен қарастырып, бай мұраның барша зерттеу нәтижелерін сіңіре отырып жүйелеп, жинақтап сөйлейді. Әдеби үрдістің даму сипатындағы заңдылықтарға іштен алып анықтама жасайды. Мәселен, жазба айтыстар жөнін саралаудағы қисын монографиядағы қарастырылған бар мәселеде көрінген байыпты таным, байқампаз барлау.

“Ақындар шығармашылығындағы әдебиеттік дәстүрдің тиянақтанған қалпын танытатын жазбаша айтыстардың ерекшеліктеріне былайша тиянақтап тұжырымдар жасаймыз:

1. Жазбаша айтыстар – ұлттық сөз өнерінің әлемдік әдебиеттегі эпистолярлық жанр табиғатымен үндесетін шығармашылықтың үлгісі. Жазбаша айтыстар – поэзияның фольклорлық дәстүрлі ауызша әрі синкретті өнер тұтастығы қалпынан көркем әдебиеттің сипатқа ауысу процесіндегі аралық деңгейдегі шығармалар. Авторлық поэзияның психологиялық құбылыстармен жырланатын көңіл-күй сарындары жазбаша айтыстарда мол орын алады.

2. ... ... ... ... ... ... ... ...

3. ... ... ... ... ... ... ... ...

4. Жазбаша айтыстар – шығармашылық бағдарлары үндес белгілі бір әдеби ағымды құрайтын ақындық ортаны біріктіретін жанр.

... Демек, жазбаша айтыстар – ақындық ортаның әдеби сыншылдық ойларын дамытатын шығармашылық құрал.

5. Жазбаша айтыстардың кейбір үлгілері қисса-дастан жанры қалпында танылады” [39, 307 б.].

Осы орайда бір есте ұстайтын жай – негізінде ауызша әдебиеттің өзіндік ерекшеліктері ілгергі М. Әуезов, А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы, т.б. еңбектерінде аталып, көрсетіліп отырғандығы, кейінде бұл жөнде тілші ғалымдар Р. Сыздық, Қ. Өмірәлиевтердің ғылыми негіздемелері болғандығы.

Қазақ поэзиясының жанры мен стилін арнайы зерттеген ғалым бұл жөнде мынадай ойлар айтады.

“Тек соңғы кезде Р. Сыздықова ғана өз мақалаларында жалпы ауыз әдебиетінен (фольклордан) қазақ ақын-жырауларын жіктеп бөліп, оларды “әдебиет” деп, онда да “ауызша әдебиет” деп, ал бұлардың тілін “жазбаға дейінгі ауызша әдеби тіл” деп айырып атап жүр. Және бұл пікір қазақтың ауыз әдебиеті табиғатын әрі әдебиетші, әрі тілші ретінде анық дәл танудан туған” [31, 204 б.].

“Осы тұрғыдан келгенде, қазақтың ауызша әдебиетін құрайтын жанрлар – дидактикалық жырлар, толғау жырлар, ерлік-жорық жырлары, тарихи жырлар, шешендік сөздер. Ал бұл сөз үлгілерінің белгілі шығарушылары бар немесе олар “пәленшенің сөзі”, “түгеншенің айтқаны” деген анықтамасы мен бір жырауға, я ақынға телініп жүреді.

Міне, осы сөз үлгілері – ертегілер, тұрмыс-салт жырлары т.б. сияқты фольклор шығармаларынан бөлек сөз үлгілері – жазбасы дамыған өзге елдердегі “әдебиет” деген терминмен аталатын сөз мәдениетінің орнындағы “қазақ әдебиеті” деген әдебиеті.

Қазақтың бұл ауызша әдебиеті түгелімен жыр түрінде немесе өлең өлшеміндегі сөздер түрінде болғандықтан, бір атпен “қазақ поэзиясы” деп аталады”, – дейді Қ. Өмірәлиев [31, 212 б.].

ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің сол заманнан күні бүгінге шейінгі зерттеу нәтижелері, әдеби нұсқалардың шығармашылық жаратылысы негізінде ХІХ ғасыр әдебиетін тұтастай:


  1. ауыз әдебиеті (авторы белгісіз мақал-мәтел, жұмбақ, қара өлең, нақыл сөз, ертегі, т.б.);

  2. ауызша әдебиет (авторлық, өнертұтастығы дәстүрі айқын үлгілер: толғау-термелер, ақындар айтысы, ән өлең, қайсыбір шешендік сөздер, т.б.);

  3. жазбаша әдебиет (қисса-дастан, айтыстың жазба түрі);

  4. жазба әдебиет (зар заман әдебиеті, еуропалық үлгідегі жаңа жазба әдебиет жанрлары) – деп, шартты түрде бөліп қарастырып, сол түрлердің өлең заңдылықтары (өлең құрылысы, тілдік, стильдік – Қ.М.) негізіндегі өзгешеліктерін айқындай түсу – ХІХ ғасыр әдебиетінің теориялық тарихын жасаудың бір мұраты.

Сол жөнде мәселенің жекелеген әдебиет үлгілеріне қатысты қайсыбір қисындары осы диссертациялық жұмыстың тұтас мазмұнында белгілі бір дәрежеде қамтылып, қарастырылады.

Осы түрлердің барлығында да белгілі бір шамада фольклор дәстүрі жатқандығы біздің әдебиетіміздің туу, жасау үрдісіндегі тарихи негіз екендігі даусыз.

Ғалым Ғарифолла Есім фольклордың руханият тарихындағы орны жайлы мынадай ой түйеді: “Қазақстан территориясындағы қалалардың жойылуымен бірге жазба мәдениеті толық өшіп, жоғалып кеткен жоқ. Ол өзге күйге, өзге формаға ауысты. Сөйтіп, халық рухы тарихи сергелдеңдер заманында өшіп жойылмай, көркем сананың ерекше формасы, фольклорда сақталып қалды. Фольклордың одан кейінгі басты әлеуметтік қызметі ұлттық, этникалық консолидация факторына айналуы. Әсіресе, ол әдеби тілді сақтап, жетілдіруі арқылы көрінді. Тіл мөлдірлігін сақтады. Халық тіл мәдениетін жоғары дәрежеге көтерді. Рухани мәдениет көп жанрлар болып дамыды. Билер сөзі, шешендік сөздер, нақылдар, жұмбақтар, дастандар, тұрмыс-салт өлеңдері, т.б. толып жатқан әдеби үлгілері болды.

Абай нәр алған қайнарлардың бірі – ауыз әдебиеті дегенде осы жайлардың бәрін еске алған жөн” [95, 34 б.].

“Сонымен, Абайды дүниеге әкелген заманды Ренессанс дәуірі деп атауға әбден болады. Бұл қазақ Ренессансы. Оның мәні – түркі жазба мәдениеті дәстүрінің қазақ топырағында қайта жандануы. Түркі тілдес қазақ халқы өзінің тектілік жазба мәдениетіне қайта оралды” [95, 36 б.].

1935 жылы Ғаббас Тоғжанов Абайдағы өлең түрлері жайлы өзіндік тұжырым ұсынған.

“... Абай өлеңдерінде сұрыпталған 16 өлең түрі бар. Соның бірсыпырасы қазақтың ескі ауыз әдебиеті – миф, хисса, қазақ өлеңі, әндерінен алынған түрлер. Қазақтың бар өлең түрлерін Абай түгел пайдаланған деуге болады. 11, 12 буынды хисса, қара өлең түрі, 5, 6 буынды қазақ өлеңдері, 7, 8 буынды екі жолды, қысқаша қайырылып отыратын жырау түрі – осылардың бәрі да Абай өлеңдерінде көп кездеседі.

Бұлардан басқа өзінің тыңнан шығарған, орыс, араб, парсы әдебиеттерінен алған үлгілері де жоқ емес. Біздің жалпылап шолуымыздың өзінде-ақ Абай өлеңдерінен 7, 8 өлең түрлері қазақтың бұрынғы әдебиетінде болмаған түрлер дейміз [206, 73 б.].

Ханғали Сүйіншәлиевтің ХІХ ғасыр әдебиетінің тұтас табиғатына тән мынадай ерекшеліктеріне тоқталуында да ХІХ ғасырдағы қазақ халқының бай сөз мұрасы барша қилы мазмұн-мәнімен айқындала түседі.

“ХІХ ғасыр ақындары өзінің жаңа идеяларын поэзияның бұрынғы дәстүрлі үлгі-формаларында жырлады.

... Әсіресе, халықтың қара өлең, толғау, терме, жыр жүйелері кең пайдаланылады. Ақындар арнау, айтыс, өлең формасын жиі қолданады. Осылардың ішінде, ХІХ ғасыр поэзиясын кең өріске көтеріп, ілгері дамытқан жанрлары деп арнау, толғау, айтыс формаларын ерекше атап көрсеткен орынды” [22, 441 б.].

Тәкен Әлімқұлов “төркіні тым әрідегі қазақ поэзиясының ұлттық өмірде араласпаған саласы жоқ” деп, қазақ өлеңінің тарихи мәнін тап басып айтқан.

“Сәбидің тілін сындыратын жаңылтпаштан дананың жұмбағына шейін, жар-жардан жоқтау жырына шейін, қаһармандық дастаннан ғашықтық дастанына шейін, тойбастардан хиссаға шейін, ауыз-екі айтыс пен қағаз жүзіндегі айтысқа шейін поэзия үстемдігін жүргізді.

Терме, тақпақ, жарапазан айтылса, жезтаңдай шешендер сөзі ырғаққа құрылды” [90, 6 б.].

ХІХ ғасырдағы дәстүрлі әдебиет үлгілерінің жанрлық даралану жөндерін айғақтауда, ең әуелі, ғылымдағы тарихилық ұстанымына жүгінеміз.

Тарихилық – жеке фактілермен ғана түгесілмейтін тарихи жағдай, тарихи негіз, қоғам аясындағы адамзаттық таным, пайым эволюциясына, т.б. толып жатқан даму құбылыс-заңдылықтарымен сабақтас күрделі категория.

Сейіт Қасқабасовтың “Миф пен әпсананың тарихилығы” зерттеуіндегі тұжырым, сөз жоқ, әдебиет үлгісінің жанрлық құбылысына да қатысты. “Фольклордың тарихилығы деген ұғым өте кең мағынаға ие. Біріншіден, бұл фольклордың өзі тарихи құбылыс деген сөз. Фольклорлық ойлау, фольклорлық дәстүр, фольклорлық шығарма – міне, осының бәрі тарихта болатын нәрсе, оны аттап кету мүмкін емес.

Бұлардың бәрі тарихтың белгілі бір кезеңінде болуға тиіс, сол дәуірдің жемісі, адамзат мәдениетінің бір сатысы деп танылуы керек.

Екіншіден, фольклор адам тіршілігімен тікелей байланысты, оның болмысының бір бөлшегі. Сондықтан ол адам өмірінің барлық жағын бейнелейді, шаруашылығынан, тұрмысынан, әдет-ғұрпынан, салт-санасынан толық мәлімет береді. Үшіншіден, фольклор тарихи оқиғаларға тікелей де, жанама да байланысты болады...

Төртіншіден, фольклор халықтың өзінің тарихқа қатысын, көзқарасын танытады, маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға берген халықтың бағасын, қарым-қатынасын көрсетеді. Бесіншіден, фольклор әр дәуірде қоғам өміріне сәйкес өзгеріп, тарихи циклизациядан өтіп отырады. Соның нәтижесінде жанрлардың трансформациясы жүріп жатады.

Әрине, бұл айтылғандар фольклордың барлық жанрында бірдей емес. Әр фольклорлық жанрдың өзіндік қасиеттері оның тарихилығына әсер етеді. Көрсетілген бес белгі түгелімен дерлік, негізінен, дамыған, көркем жанрларға, яғни ертегіге, әпсана-хикаятқа, эпосқа тән” [73, 82 б.].

Б. Әбілқасымов фольклорда қай жанрдың болсын туғызған тарихи алғы шарттары барын айтады [142].

Ш. Ибраев: “Ендеше, тарихилық ұғым шығарманың тұтас өзіне ғана емес, оның ішкі құрамдас бөліктеріне, атап айтқанда, образдар жүйесіне, сюжеттік-композициялық құрылымына, көркемдік кестесіне де қатысты. Осылардың әрқайсысындағы тарихилық (историзм) мәселесі бір жанрдың аясында да, жалпы фольклордың аумағында да (мәселен, қазақ ауыз әдебиетіндегі образдардың тарихилығы деген сияқты) арнайы қарастыруға лайық”, – дейді [73, 274 б.].

ХІХ ғасырдағы әдебиет нұсқаларының күні бүгінге шейінгі зерттелу-зерделену, танылу қисындарының бар мазмұнында қилы көркемдік мәнді біртұтас ашуға мүмкіндік беретін тарихилық ұстаным негіздері жатыр.

ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілері, әдеби жанрдың туып, қалыптасу, даралану жөнінде, дамуында тарихтың айқын ізі қалды. Бұл әдебиет танылу, саралану тарихында әр уақытта да тарихилық танымының сан қырлы өлшемімен бағаланып отырды.

ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерін белгілі бір тарихи кезең аясындағы жанрлық жаңғыру жөнінен тұтас қамтуды бұл еңбекте қажет деп таппадық. Себебі, көпшілік жөнде айтылып, ашылған мәселелерді құрғақ қайталауға ұрынған болар едік.

Мәселен, ХІХ ғасырдағы шешендік өнер табиғатын Н. Төреқұлов [143],
С. Негимов [144], Ж. Дәдебаев [145], Бөлтірік Әлменұлының шығармашылығын зерттеуінде Р. Әбдіқұлова түп-төркінінен таратып, мейлінше нақты, айқын айғақтайды.

“Шын мәнінде, шешендік сөздер шешендік өнер туындысы, өзін тудырған заман мен заман адамының көкейтесті мәселелерін көркемдікпен бейнелеген поэтикалық шығарма” [90, 16 б.].

ХІХ ғасыр әдебиетін тарихилық жөннен зерделеудің басты-басты ұстанымдары Ж. Тілеповтің “Тарих және әдебиет” монографиясында айқын ашылды [35].

ХІХ ғасырдағы әдебиет – “сол дәуірде қалыптасқан жаңа дүниетанымның” (С. Қасқабасов) көп жанрлы, бай үлгілі көркемдік алымы.

Ақселеу Сейдімбектің қазақ фольклортану ғылымының зерттеу методологиясының өзекті ұстанымдары жайлы ой толғай отырып, ортаға салған қисындары, біздіңше, барша мәдени мұраны игеру, соның ішінде ХІХ ғасыр әдебиетін ғылыми жөннен негіздеу мәселесінде де аса көкейтесті.

“Мұның өзі фольклордың жеке жанрлары туралы байсалды ғылыми тұжырымдар жинақтап, этникалық мәдениет жөнінен танымның жаңа өзгерістерге шығуға жол ашатын бірден-бір қажеттілік екені даусыз. Өйткені, бұл сияқты дифференциялық тәсілмен игерілген зерттеу қорытындылары өзінен-өзі интеграциялық зердеге ұласып, этностың мәдени-рухани әлемі туралы жүйелі (системалы) тұтастықта ой қорытуға мүмкіндіктер тудырады” [185, 3 б.].

Ғалым ұлттық идеологиямыздағы төлтумалық солай дамиды дейді. Орынды, орнықты сөз. Төлтумалықты дамытып қана емес, дарытатын да құбылыс осы болса керек.

Рымғали Нұрғалиев әдебиеттің теориялық-методологиялық мәселелерін саралаған “Телағыс” монографиясында қазақ әдебиеттану ғылымының даму негіздерін былайша айқындайды:

“Қазіргі таңдағы қазақ әдебиеттану ғылымының барысы, даму тенденциясы төрт салаға ойысып отыр.

Біріншіден, сөз өнерін тарихи тұрғыдан бағалау бағыты.

Екіншіден, проблемаларды арнайы тексеру бағыты.

Үшіншіден, әдебиеттің дамуына әсер еткен көрнекті суреткерлердің творчествосын қарастыру бағыты.

Төртіншіден, көне нұсқаларды, классиктер туындыларын қайта жариялау, текстологиялық ізденістер бағыты [4, 67 б.].


Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет