МӘдібаева қанипаш қайсақызы



бет2/22
Дата31.12.2019
өлшемі1,9 Mb.
#53947
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

Зерттеу нысанына ХІХ ғасырдағы әдебиеттің аса бай жанрлық құрамын айқындайтын, көркемдік даралық сипат, өзгешелігін көрсететін қазақ әдебиеті тарихындағы ауызшадан жазбашаға өткен кезеңнің ХІХ ғасырдағы дәстүрлі әдебиет үлгілері (айтыс, тарихи жыр, ән өлең, қисса-дастан), саяси лирика, зар заман толғау, т.б.; жаңа жазба әдебиет нұсқалары: Махамбет, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтың шығармалары алынды. ХІХ ғасыр әдебиетінің көркемдік жүйесін тарихилық, теориялық тарих, жанрлық-даралық сипаттар жөнінен жүйелеуде бұл әдебиет үлгілері негізгі материал болды.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Қазақ әдебиеттану ғылымында ХІХ ғасыр әдебиеті Ш. Уәлиханов [11], А. Байтұрсынұлы [12], М. Әуезов [10],
Х. Досмұхамедұлы [13], С. Сейфуллин [14], С. Мұқанов [9], Қ. Жұмалиев [16; 17], Ә. Қоңыратбаев [18], Е. Ысмайылов [19], Б. Кенжебаев [20], Ы. Дүйсенбаев [21], Х. Сүйіншәлиев [22], З. Қабдолов [23], З. Ахметов [24], С. Қирабаев [25], Т. Кәкішев [26], Р. Бердібай [27], Ш. Сәтбаева [28], М. Мырзахметов [29],
Қ. Өмірәлиев [30; 31], С. Садырбаев [33], М. Жармұхамедұлы [34], Ж. Тілепов [35], С. Негимов [36], З. Сейтжанұлы [37], А. Жақсылықов [38], Т. Тебегенов [39], Қ. Алпысбаев [40], Б. Мамыраев [204], С. Қорабаев [41], А. Шәріп [42], Б. Омарұлы [43], Қ. Раев [44], С. Дәрібай [45], т.б. ғалымдар еңбектерінде ғылыми жүйеге түсіп, негізделді.

Белгілі бір кезеңдерде қазақ әдебиеттану ғылымы озған жұрттардың әдебиеттану ғылымының қалыптасу үрдісімен салыстыра қарағанда “жедел” дамуға мәжбүр болды. Ұзақ уақыттар бойы үстемдік жасаған саяси ықпалдың зардабын көркемдік таным да тартқаны баршаға белгілі құбылыс. Қайсыбір кең өлшеп, кең пішуге лайық көркемдік қисындар кемшін танымға таңылды. Оның үстіне, кезінде көрегендікпен айтылып ашылған айқын көркемдік алымдар ұзақ уақыттар бойы ғылыми айналымға қосыла алмады. Бұл құбылыстардың толып жатқан “ішкі”, “тысқы” себептері болды.

ХІХ ғасыр әдебиетінің зерттелу деңгейі уақыт биігінен қарағанда көңіл толтырарлық ауданды, ауқымды ғылыми олжа екендігін айтқан жөн.

ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің көпшілігі ежелгі, әріден келе жатқан нұсқалар. Жыр-толғау, шешендік сөз, айтыс өлең, т.б. Сол орайда, ілгергі кезеңдердің әдебиеті, әр түрлі үлгісі өз алдына арнайы зерттеулер нысаны болып отырды.

ХІХ ғасыр әдебиетіндегі жанр жөнін қарастыруда Қ. Өмірәлиевтің мына бір түйіні есте болмақ керек: “Әрине, белгілі бір жанрдың тууы мен былайғы дамуы бір қалыпта болмайды және таза күйіндегі жанр тағы да жоқ, бір шығармада бірнеше жанр элементтері жүреді” [30, 210 б.].

ХІХ ғасыр – жазба, жазбаша, ауызша, ауыз әдебиет үлгілері қатар жасаған айқын бір кезең.

Қазақ әдебиеттану ғылымындағы зерттеуші ғалымдардың ауызша мен жазба поэзияның аражігін ашып, айырымын көрсете айтуы – бір ғасырдан артық уақыт аралығында айқын-айқын айтылғанымен, қағаберіс қалып, нақтылы қойылымға түсе қоймай келе жатқан мәселенің бірі. Қазақ өлеңінің жасалу жұмбағы да бір жарым ғасыр уақыт бойы зерттелуде. Бұл, әрине, жаратылыс-жасауының ондаған, сандаған ғасырлық тарихы бар сөз өнерінің, қазақ өлеңінің бар бітімін тану, танытуда, салыстырмалы түрде “аз ғана” уақыт.

ХІХ ғасыр әдебиетіндегі тарихилық мәселесі негізінде арнайы


Ж. Тілеповтің еңбегінде қарастырылғанымен, ХІХ ғасыр әдебиетін зерттеген барлық әдебиеттанушы ғалымның назарында болған мәселе. Әрине, қилы кезеңде тарихқа көзқарас өзгеріп, түрленген сайын бұл бағыттағы ұстаным да өзгеріп отырды. Алайда тарихтың әдебиетке ықпалы, әдебиеттің ел тарихын кейінгіге жеткізудегі өлшеусіз орны, осы екі өзара аса тұтас мәселенің мәні қазірде де ғылым назарында. Себебі, көпшілік жаңа түр, жаңа жанрдың тууына тікелей тарихи жағдайлар ықпал жасады, себепкер болды.

ХІХ ғасырдағы тарихи жырда ғана емес, қиссада да, жаңа жазба әдебиеттің тууында да, айтыс жанрының ... байып, марқаюында да – барлық үлгіде тарихи даму, белгілі бір тарихи кезең шындығының ізі жатыр. Қазақ әдебиетінің жақұт ғасыры бар кезеңдегі асылды тануға жарығын шашты.

Абайдың, Махамбеттің әдеби мұрасы, ақындығының әр қырынан зерттелуі қазақ әдебиетінің теориялық тарихын жасауға көп тегеурін, екпін берді, құнарын құйды. Олардың өлеңін тануға ұмтылыс – қазақ өлеңінің жаратылысын теориялық, ғылыми негізде қисындап алуға жол ашты.

Қ. Өмірәлиевтің “Дулаттың өлең түрлерін табуы” деп арнайы қарастыруы, қазақ әдебиетінің теориялық тарихын жасауда назарда ұстап отыратын қисынды, құнды түйін-тұжырым.

“Дулат өлеңдеріне тән өлшем-өрнектердің қайсыбірі кісіні өте көне дәуірге жетелесе, ал енді бір парасы Абай өлеңдеріне, өлшем-өрнектеріне әкеледі” [31, 88 б.].

Жалпы қазақ әдебиетінің теориялық тарихын жасауда ХІХ ғасырдағы әдеби мұра негізгі материал болды. Әдеби мұраға көзқарасты айқындаудың көп қисын, ұстанымы да ең әуелі ХІХ ғасыр әдебиетіне деген ұстаным, танымымыз арқылы өрістеді.



Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Диссертациялық зерттеу жұмысының басты мақсаты – ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көркемдік дамуын нақтылы әдеби жанр, әдебиет үлгілерінің жанрлық, стильдік, даралық, теориялық негізделу тарихы жөнінен қазақ әдебиеттану ғылымының кейінгі кезеңдегі зерттеу нәтижелері аясында арнайы зерттеу болып табылады.

ХІХ ғасыр әдебиетін біртұтас: дәстүрлі айтыс өнерінің, сал-серілік, ән-өлеңнің; тарихи жыр; қисса-дастан; еуропалық үлгідегі жаңа жазба әдебиет үлгілерін ауызша әдебиет пен жазба дәстүр, ауыз әдебиеті сипаттары мен жаңа жазба әдебиеттің өзгешеліктері жөнінен арнайы, тұтас қарастыру – қазақ көркем сөз өнерінің жанрлық жаңғыру, даралану, даму үрдісінің теориялық тарихын жан-жақты, ғылыми негізде орнықтыра түсуде жаңа қисындардың көкжиегін көтереді.

Көп жанрлы, көркемдік сапасы айрықша айшықты, мол үлгілі ХІХ ғасыр әдебиетінің қазақ әдебиеті тарихындағы айтулы орнын айқындай түсудің жаңа мүмкіндіктерін іздестіре отырып, жекелеген әдебиет өкілдерінің әдебиет тарихындағы, әдеби ағым, бағыттардың қалыптасып, дамуындағы тарихи орнын айқындай аша түсуді көздедік.

Диссертациялық жұмыста ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің қазақ әдебиеттану ғылымындағы танылу, бағалану жөндеріне сүйене отырып жекелеген жанрлардың даралық сипаттарына түпнегіз, бастаулары; қоғамдық-әлеуметтік факторлардың ықпал-әсері; көркемдік даму заңдылықтарының табиғаты жөнінен мүмкіндігінше тұтас қамтып, өзіндік ерекшелігін айқындай түсетін анықтама беру көзделді.

ХІХ ғасыр әдебиетінің даралық сипаттарын айқындай түсетін әйгілі айтыс ақындарының, ежелгі жазба дәстүрді жаңғыртқан кітаби шығармашылықтың, дәуір болмысының айқын бір ағымы – зар заман әдебиеттің қазақ поэзиясының құнын асырып, өзгеше сөйлеген Махамбет өлеңінің, қазақ әдебиетінің жаратылысын өзгертіп, еуропалық үлгімен жаңғыртқан Абай ақындығының, т.б. өзгешеліктерін ғылыми негізделу нәтижелері аясында әрі қарай зерттей түсуде мынадай міндеттерді ұстандық:


  • Жекелеген әдебиет үлгілерін қазақ әдебиеттану ғылымындағы теориялық негізделу жөнін мүмкіндігінше тұтас қамтып, жүйелеп жинақтау. Әдебиет зерттеуші ғалымдардың ХІХ ғасыр әдебиетін танытудағы тарихи еңбегін айқындай түсу.

  • ХІХ ғасырдағы айтыс, ән өлең, зар заман өлең, қисса өлең, тарихи жыр, жаңа жазба өлеңнің ауыз әдебиетіне, ауызша әдебиетке, жазба әдеби дәстүр, жаңа жазба әдебиетке қатысына қарай арнайы ажырата қарастырып, сол жөндегі өзгешеліктерін айқындай түсу.

  • ХІХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі мен қазақ әдебиеті тілінің арақатысына байланысты мәселені нақтылай түсу мақсатында ой қозғау.

  • ХІХ ғасыр әдебиетінің қазақтың рухани дамуындағы тарихи миссиясының бүгінгі таным, пайым деңгейінен бағалануын зерделеу. Зар замандық діни ағартушылықтың тарихи мәніне кейінгі кезеңдегі таныла түскен дерек, дәйектер негізінде көңіл бөлу.

  • ХІХ ғасырдағы әдеби жанрлардың қазақ көркем сөз өнері дамуындағы әдеби дәстүр, әдеби үрдіс негізіндегі өзіндік ерекшеліктерін айқындай түсуге жетектейтін жаңа пайымдауларға ұмтылу.

  • ХІХ ғасырдың әдебиетінде әдеби дамудың стильдік, жанрлық жөннен алуан сипаттағы бірнеше үрдісінің қатар дамығандығын нақтылы әдебиет үлгілері, өлеңнің түрі негізінде ашып айқындай түсу.

  • ХІХ ғасырдағы аймақтық әдеби мектептердің қалыптасу негіздері көркемдік өзгешеліктерін айқындаудың қисындарын қарастыру.

Зерттеу жұмысының жаңалығы. Диссертацияның соны сараптамалары, жаңа пайымдаулары мына нәтижелерден көрінеді:

- Қазақ әдебиеті тарихының айтулы кезеңі ХІХ ғасыр әдебиетін әдебиеттану ғылымының зерттеу нәтижелерін негіз ете отырып, әдебиет үлгілері жөнінен алғаш рет арнайы, тұтас көркемдік жүйеде қарастыра отырып жасалған талдаулар мен тұжырымдар осы еңбектің басты ғылыми жаңалығы ретінде ұсынылады. Сол орайда диссертациялық еңбекте мынадай мәселелерге баса назар аударылды.



Біріншіден, ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің жанрлық даралық сипаттары, өлең үлгісіндегі түр өзгешелігі, туу себептері – дәстүрлі арналар мен дәуірлік даму бағыттары аясында алғаш рет тұтас қамтылып қарастырылды. Ш. Уәлихановтың қазақ халық поэзиясын түрге бөлуіндегі ғылыми айқындылыққа, ХІХ ғасырдағы өлең түрлеріне байланысты нақтылы тұжырымдамаға алғаш рет арнайы назар аударылып, дәйектеме жасалынды.

Екіншіден, ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілері: қисса-дастан, тарихи жыр, айтыс, ән өлеңнің жанрлық құрылысы, даралану үрдісі, ХІХ ғасырдағы дәстүрлі поэзияның көркемдік жөннен қисындалу негіздері; зар заман ағымының тарихилық жөннен негізделу мәселелері; ХІХ ғасырдағы жаңа жазба әдебиеттің туып, қалыптасу жолдары; Абай және ХІХ ғасырдағы қазақтың жаңа жазба әдебиетінің тарихи негіздері, жанрлық мәселелері жеке-жеке тарауларда қарастырыла отырып, олардың қазақ әдебиетінің тарихындағы көркемдік жөні біртұтас жүйеде жан-жақты қамтылып, негізделді.

ХІХ ғасырдағы әдеби мұраның қазақ әдебиеті тарихындағы көркемдік құндылығы бүгінгі ғылым нәтижелері негізінде және бір мәрте пайымдалды.



Үшіншіден, еңбекте ХІХ ғасырдың Дулат ақын, Махамбеттің, Абайдың, Ыбырай сынды айтулы тұлғалары шығармашылық мұрасының қазақ әдебиеті, қазақ руханиятындағы тарихи орны, ұлттық құндылығы дулаттану, махамбеттану, абайтану, ыбырайтанудың бүгінгі деңгейіндегі таным, пайым аясында тың өрістерге тартар қырларымен негізделе түсті.

ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін зерттеуші ғалымдар еңбегінің ғылыми құндылығы арнайы қарастырылып айқындала түсті. ХІХ ғасыр әдебиетінің зерттелу тарихнамасы мүмкіндігінше тұтас қамтылып, зерттеу нәтижелерінің қазақ әдебиетінің теориялық тарихын түзудегі өлшеусіз орны аталып отырды.



Төртіншіден, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті үлгілерінің жанрлық даралық сипатын айқындау жөніндегі ұстанымдарды тұтастай қазақ әдебиетінің ұлттық сипатына, тарихи негіздеріне сүйене отырып тұжырымдаудың қайсыбір қисынды негіздері атап көрсетілді.

ХІХ ғасырдағы жаңа жазба тіл стилінің қалыптасуындағы көркем әдебиеттің орны белгілі-бір деңгейде арнайы зерттеу нысаны болып, сол негізде мәселені айқындай түскен пайымдаулар жасалды.



Бесіншіден, ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің даусыз, басы ашық авторсыз фольклор үлгілері өз алдына, басқа нұсқалардың ауызша әдебиет пен жазбашаға қатысын болжауда теориялық меже есебінде әдебиеттанушы ғалымдар А. Байтұрсынұлы, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, З. Ахметов,
Қ. Өмірәлиевтің өлеңтану тәсілдерін ескеріп отырдық.

Ауызша мен жазбаға және бір меже – М. Әуезовтің жазбаша әдебиет қоғамның рухани қалпында белгілі-бір бет, бағыт, сарын пайда болған уақытта туды деген қисынын әдеби шығарманың негізі сарын, желілері арқылы (өлең үлгісі, құрылым емесҚ.М.) қарастырып отыруда ұстандық (Мысалы, зар заман).

Алтыншыдан, тарихилық жөнін тарихтың ізі баяндалған сюжет қана емес, жанрлық үрдістегі тың сипаттар ауқымында ашу үрдісі нақтылы айқындаулармен толыға түсті.

Диссертацияның үш бөлімінде қарастырылған мәселелер өзара сабақтастықта, бірін-бірі толықтыра түсіп, ХІХ ғасырдың тарихи болмысы, жалпы көркемдік даму заңдылықтары аясында қамтылып зерттелді.



Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесі бойынша мынадай тұжырымдар ұсынылды.

Еңбекте ХІХ ғасыр әдебиетінің басты-басты нұсқаларын мүмкіндігінше жан-жақты (зерттелу, жанрлық, жиналу, басылым, шығармашылық ерекшелік, т.б.), ХІХ ғасыр әдебиеті көркемдік арналар, әдебиет үлгілері тарихилық-теориялық тұрғыда қарастырылды.

– ХІХ ғасыр әдебиетінің жанр, түр, үлгі жөнінен әр кезеңдегі зерттелуі қазіргі кезеңдегі әдебиеттану ғылымының көкейтесті мәселелері аясына тартылып, жекелеген мәселелердің жаңа бағыттарын айқындай түсуге беталыс жасалды.

– ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің жанрлық-стильдік жөннен жүйелену мәселелерінің қайсыбір қисындарының теориялық тарихы сараланып,


ХІХ ғасырдағы жаңа жазба әдебиет жанрлары төңірегінде біршама негіздемелер түюге ұмтылыс жасалып, оған А. Байтұрсынұлының “Әдебиет танытқыш” еңбегін мақсатты түрде қатыстырылды.

– Еңбекте көркемдік даму бағыттарын айқындай түсуде ХІХ ғасыр әдебиет үлгілері тұтас қамтылғанымен, негізгі екпін Махамбет, Ыбырай, Абай шығармалары аясында, жаңа жазба әдебиет жанрларының қалыптасуының қайсыбір алғышарттарына орайластыра қарастырылды.

– Жазба әдебиеттің қазақ әдебиеттанушы ғалымдары атап көрсетіп келе жатқан айырым белгілері жүйеленіп, қайсыбір әдебиет үлгілерінің жазба әдебиет пен ауызша әдебиетке қатысын айқындай түсу жөнінде біршама қисындаулар жасалды.

– Жекелеген әдебиет үлгілерін түрге бөлу жөніне өзіндік ұсыныстар жасалды. Мәселен, дәстүрлі айтысты айтылу жөнінен:

1. суырыпсалма

2. шығарма – жазбаша деп негіздеу; мәніне қарай:

1. бас қағысу (қалжың, қағытпа)

2. руаралық

3. әлеуметтік; жанрлық түрлерін:

Қисса-дастандардың түп-төркін, жанрлық, нәзира дәстүрі жөнінен


ХІХ ғасыр әдебиетінің фактісі есебінде арнайы қарастырып, зерттеу проблемалары алға қойылды. Қисса-дастандардың ауызша әдебиет пен жазба дәстүрге қатысы жайы, көркемдік дамудағы ықпалы біршама қозғалып, қарастырылды.

ХІХ ғасырдағы тарихи өлең, тарихи жырдың жанр проблемасы қозғалып, тұтастану сипаты, ауызша, жазбаша әдебиет дәстүрлеріне қатысы сараланды.

– Еңбекте жеке тұлға, оның шығармашылығындағы діни желілер, сарындар жайын нақтылы қарастыру кейінде де зерттеу нысаны бола беретінін ескере отырып, жалпы ХІХ ғасыр әдебиетіндегі дін мәселесінің әлеуметтік негіздеріне нақтылы құжаттарды дәйек ете отырып тоқталдық.

– Еңбекте жаңа жазба әдебиеттің туып, қалыптасуы мәселесінде абайтанудың жетістіктері жинақталып, жүйелене түсті. Сол негізде Абайдың өлең құрылысы, Абай өлеңіндегі жаңа түрлердің түп-төркіні, Абайдағы сөз жасам, Абай тілі, Абайдағы дін, дүниетаным жайы, текстологиялық мәселелер, Абай ақындығының айналасы – ХІХ ғасыр жаңа жазба әдебиетінің фактісі есебінде мүмкіндігінше қамтылып, сол негізде абайтанудың қазіргі кезеңдегі өзекті мәселелеріне барлау жасалды.

– ХІХ ғасырдағы қазақтың жаңа жазба әдеби тілі мен жаңа жазба әдебиет тілінің арақатысы жүйелі түрде қойылды. Қайсыбір қисындардың жөні нақтылы жазба дерек, фактілер арқылы айқындалып, ашылды. Мәселенің қазіргі кезеңдегі зерттеу мүмкіндіктері, көкейтесті мәселелері атап көрсетілді.

Тақырып аясы, қарастырылып отырған мәселе, негізінен, ХІХ ғасыр әдебиетінің айтулы өкілдері, ХІХ ғасыр классикалық әдебиеті туғызушы Махамбет, Ыбырай, Абай шығармашылығы осы жөнде мүмкіндігінше жан-жақты қарастырылды. Оған себеп, біріншіден, бұл тұлғалардың әдеби мұрасы шын мәніндегі аса биік көркемдік өлшеммен жасалғандығы; екіншіден, белгілі бір тарихи дәуірдің саяси-әлеуметтік қажеттілігі туғызған жаңа жазба әдеби тілдің қалыптасуы осы тұлғалардың шығармашылық өрісімен тұспа-тұс келді.

– Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихында мейлінше ықпалды болған әдебиет теориясының, орыс әдебиеттану ғылымының қайсыбір жалпы қисындарының таза ұлттық әдеби үрдістерді айқындаудағы мүмкіндік жөндеріне уәж айтуға тура келді.

– Диссертациялық жұмыста ХІХ ғасырдағы қазақ тіліндегі баспасөз, басқа да басылымдардың негізгі айқын сипаттарына көңіл бөлінді. Көпшілік мәселелер өз алдына арнайы монографиялық зерттеулердің нысаны болғандығы ескеріліп, солардың ғылыми нәтижелеріне қайсыбір тұста жаңа бір қисындар жөнінен пікір білдіріп отыруға тура келді. Мәселен, тарихи жыр, дәстүрлі айтыс өнері, ән өлең, дастандар, т.б.



  • Әрбір нақтылы мәселені қарастыру іштей бірнеше мәннің сараланып отыруына ұласты. ХІХ ғасырдағы қазақ өлеңінің құрылымы мен жасалу жолдары белгілі шығармашылық тұлғалардың (Махамбет, Дулат, Нысанбай, Сегіз Сері, Жанақ, Құлыншақ, т.б.) әдеби мұрасы негізінде саралана түсті. Әдеби мұраның орындалу сипаты мен көркемдік өзгешелігін аралас қолданып жүрген тұстарымызға назар аударылды. Мәселен, кітаби әдебиет, кітаби ақын, қисса, нәзира.

  • Аймақтық әдеби мектеп мәселесінің тарихи негізде танылу мәселелерін нақтылы қойылымда ашу жолдары қозғалды.

  • Жұмыста арнайы қарастырылған барлық мәселенің де зерттелу тарихы, зерттеу нәтижелері үнемі назарда болды. Мүмкіндігінше әдеби үрдістегі қайсыбір құбылыстың жаңа зерттеу мүмкіндіктері, әдебиеттанудың ендігі даму деңгейінде бой көтеріп отырған жаңа қажеттіліктері айқындала түсті, сараланды.

– Жекелеген әдебиеттанушы ғалым, зерттеушілердің ХІХ ғасыр әдебиетінің теориялық тарихын жасаудағы еңбегі нақтылы мәселеге қатысты аталып өтіліп, айқындалып отырды.

– ХІХ ғасыр әдебиетінің көркемдік дамуының зерттелу жүйесі уақыт ұсынған мүмкіндік аясында тұтас қамтылды.



  • Еңбекте әдебиеттегі тарихилық мәселесі тікелей тарихи оқиға ізімен туған тарихи жыр жанрына да қатысты; жалпы заман туғызған жаңа сарын, жазудағы жаңа үлгілерге де байланысты қарастырылды.

  • Еңбектің үш бөлімінде қарастырылған мәселенің өзара тұтас құбылыс – әдеби үрдіс, әдеби көркем даму есебіндегі спецификасы үнемі ескеріліп отырды.

Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Жұмыстың негізгі тұжырымдары мен нәтижелері қазақ әдебиеті тарихының көкейкесті мәселелерін зерттеуді әрі қарай дамытуға үлес қосады. ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетін арнайы, жекелеген әдебиет үлгілері жөнінен оның зерттелу тарихын, теориялық негіздемесін ғылыми айналымға қосып отырып, бүгінгі ғылым талабы деңгейінде жан-жақты көркемдік жөннен жүйеленген бұл зерттеу еңбектің теориялық та, практикалық та мәні бар.

ХІХ ғасыр әдебиетінің зерттелу тарихының ғылыми негіздеме, нәтижелерін мейлінше тұтас қамтыған бұл еңбек осы саладағы маман, ізденушілерге көп жеңілдік жасайды. Диссертацияда қозғалған ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің ауызша әдебиет пен жазбашаға байланысты аражігін ажыратудың теориялық негізделу мәселелері, жаңа жазба әдебиет тілі мен ұлттық әдеби тіл мәселелеріне байланысты байламдар, т.б. ізденушінің тақырып бағытындағы өз ұсыным-ұстанымдары – ғылым өрісін өсірер негізді қисындар. Диссертациялық жұмыста ұсынылған тұжырымдар мен қорытындыларды жоғары оқу орындарындағы қазақ әдебиеті тарихы пәнінен өткізілетін жалпы курстар мен арнаулы курстарда, семинар сабақтарда пайдалануға болады.

Зерттеушінің жұмыс нәтижелерін қазақ әдебиеті тарихын таза көркемдік жөннен жүйелеуді жаңа методологиялық ұстанымдар бағытында негіздей түсуде пайдалануға болады.

Зерттеудің теориялық және методологиялық негіздері. Зерттеу жұмысы теориялық және методологиялық негізде қазіргі әдебиеттану ғылымының жетістіктеріне, қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің ғылыми нәтижелеріне сүйенді. Ғылыми жұмысқа арқау болған әдебиет нұсқаларын зерттеу барысында тарихнамалық, тарихи негіздер басшылыққа алынып, жүйелі-кешенді, салыстырмалы талдау әдістері қолданылды. Әдебиет теориясы, қазақ әдебиеттану ғылымының, әдебиет тарихын жасау, зерттеу тәжірибесі негізгі тірек болды. Қазақ әдебиетінің теориялық тарихын жасаудағы жеке тұлғалар шығармашылығының тарихи орны ескерілді.

Еңбекте әдебиеттану ғылымымен бірге тарих, философия, педагогика, т.б. ғылымдарының жетістіктері де басшылыққа алынды.



Зерттеу жұмысының сарапталуы. Диссертация ҚР Ғылым және білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының мәжілісінде талқыланды. Зерттеу тарихының негізінде 3 оқу құралы және отыздан астам мақала жарық көрді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, ҚРҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Қыздар мемлекеттік педагогика институтында, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өткен халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда баяндамалар жасалды.



Зерттеудің құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан тұрады. Диссертация соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі көрсетілген.

1 ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ӘДЕБИЕТ үлгілерінің жанрлық Өзгеріс, даралану үрдісі. Өлең түрлері. Ауызша Әдебиеттен жазбашаға ойысу
Әдебиет тарихының мәселелері түпкілікті қозғала бастаған жиырмасыншы ғасырдың басынан бері ХІХ ғасыр әдебиеті айрықша назарда болды.

Бұл дәуірдің әдебиет үлгілері, оның туу, жасау себептері тек қана сырт мазмұндау емес, көркемдік негіздермен дәлелденіп, айғақтала бастады.


ХІХ ғасыр әдебиетінің сан-саласы, оны туғызушылардың өмірбаяны, шығармашылық мұрасы ғылым назарына ілікті. Өкінішке орай, түрлі саяси қаулы-қарар; әдеби мұраны әрі тартып, бері тартып саясаттың, идеологияның көкпарына айналдырған тұста көркемдік әлем, сөз өнері жайлы ғылым жалаңдыққа, жасандылыққа барды. Тоқтамасқа да тоқыраған сәттері болды. Ол құбылыстардың ХІХ ғасыр әдебиетін танып, таратуда да өзіндік кері әсерлері болды. Сонау ғасыр басында ғылыми негізі қаланған таным көбіне саяси, мазмұндық талдау, бағаның тасасында қаға-беріс қала берді.

ХХ ғасырдың басында Х. Досмұхамедұлы халық әдебиетін көркемдік жөнінен жіктеп отырып, ХІХ ғасыр әдебиетінің бір қырын көрсетер мына бір жайларға тоқталады.

“…Кейбір мәліметтерге қарағанда бұндай авторлық ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан басталады деп жобалауға болады. Бұл қазақтың жазба әдебиетінің басталуы. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін мұсылманша оқыған, сауатты ақындар салғаны сөзсіз. Сондықтан да жазба әдебиеттің алғашқы үлгілерін халық поэзиясының діни және ғибраттық түрлерінен іздеу қажет” [13, 33 б.].

Х. Досмұхамедұлы әдебиет тарихындағы ХІХ ғасырда басталған тағы бір елеулі жайды атап көрсетті.

“Халық әдебиеті” ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жүйелі түрде хатқа түсе бастады. Әдетте оны қызығушылар мен Радлов, Потанин, Ильминский, Мелиоранский сияқты шығыстанушы мамандар жазып алды.

Қазақ халық әдебиетінің нағыз жинаушысы этнограф Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев болды. Қырық жылдан астам уақыт бойы ол шаршамай-талмай қазақ халық әдебиеті үлгілерін жинады, жүйеледі және орыс тіліне аударды” [13, 33 б.]. Диваев соның 86 баспа табағын революцияға дейін орыстың түрлі журналдарында бастырған.

Халық әдебиеті үлгілерін Омбыдағы орыс оқымыстыларының, зиялыларының тапсыруымен Шыңғыс Уәлихановтың, Шоқан Уәлихановтың жиыстырғаны белгілі.

ХІХ ғасырдың соңына қарай қазақ тіліндегі баспасөзде “Түркістан уәлаятының газетасы”, “Дала уәлаятының газетасы” беттерінде әдебиет материалдары, оларға қатысты пікір, сыни ойлар жарияланды. Яғни әдеби өмірде жазбаша әдеби сынның туа бастағыны да осы уақыт.

Орыс тіліндегі басылымдарда, қазақ тіліндегі басылымдарда Алекторовтың, Диваевтың, Радловтың, Лютшьтің еңбектерінде әдебиет үлгілері жарық көріп жатты.

ХІХ ғасырдың соңын ала, төңкеріске шейін Қазанда көптеген өлең кітап, жинақтар басылып шықты. Дулаттың “Өсиетнамасы”, Шортанбайдың “Бала зары”, түрлі қиссалар.

Бұл құбылыстардың барлығы әдеби үрдістегі ауыс-түйіс өткен сырт уақиғалар, фактілер болса, әдебиеттің ішкі ісінде, көркемдік шеңберлерінде де өзгеріс, жаңару, даму тенденциялары аса күшті байқалды. Қазақ өлеңі жаңа түрлер жасады. Оның басында Махамбет, Дулат тұр. Бұл құбылыс Абаймен жалғасты. Жаңа жанрлар туды. Европалық мәндегі жаңа жазба әдебиет қалыптасты. Мысал, сықақ, сатира жанры жаңғырып, жанданды. Поэма туды. Сырлы да нұрлы лирика толысты. Сал-серілер өнері шарықтады. Айтыстың мәні, мазмұны тереңдеді. Поэманың алғашқы нысандары көрінді. Тарихи жырлар туды.

ХІХ ғасырда жазба әдебиет туғанын М. Әуезов те нығыздай айтты. (Бұл тұста Ежелгі, Орта ғасырлар әдебиеті ортақ түркілік, қазақ әдебиетінің арғы арналары деп айтылмайтынҚ.М.).

“Біздің білуімізше, зар заман ақындарынан бастап біздің әдебиет екінші жікке қарай ауысады. Бұдан бұрын қарастырған әдебиет жұрнақтарының барлығын ауызша әдебиет десек, мыналарды жазба әдебиеттің басы деу керек. Не болмаса қазақ топырағында ең алғашқы жазба әдебиетті туғызған анасы осылар деу керек.

…Жаңағы зар заман ақындарына осы белгінің жалғыз өзін алып қарасақ, ақындар жазып айтпаса да, орта буыннан бастап, соңғыларының барлығы да жазып сөйлейтін болған” [10, 193 б.].

Ал Әуезовтің мына бір тұжырымы ХІХ ғасыр әдебиетіндегі аса елеулі көркемдік төңкеріс өткенін көрсетіп жатыр емес пе.

Сол көркемдік құндылық жөнінде кейінде біздер саясаттың ықпалымен көбірек сөйледік.

“Осындай ақын шығып, көптің жайылып жүрген бетінен бөлек бір жаңа бейнелер тауып, қалың елге жаңа өріс, жаңа жайылыс табамыз деген ниеттер туған соң, бұл елдің әдебиетінде ең алғашқы бағыт, мақсат деген нәрселер туды. Жақсылыққа бастасын, қайда тартса да, әйтеуір өз халқының бұрынғы халіне қанағаттанбай жаңалықты іздеп, “бастаймын, түзеймін, қазіргі күйге қанағаттанбаймын” деген күй беріліп, алғашқы рет тұтасқан ой құралып, әдебиет жүзінде елдің, әлеуметтің тіршілігі сөз бола бастаған соң, жазба әдебиет дәуірі туа бастады да есептеу керек. Ауызша мен жазбаша әдебиетінің арасын бөлетін белес, кезең осы” [10, 192 б.].

М. Әуезов түрлі саяси күйдің әдебиетке жаңа сарындар әлеуметшілдік, азаматтық бағыт әкелгенін айтты.

ХІХ ғасыр әдебиетіне байланысты Сәбит Мұқанов 1942 жылы мынадай тұжырым жасады: “ХІХ ғасыр әдебиетінің дәуірлері одан бұрынғы ғасырлардың әдебиет дәуірлеріндей көмескі емес, айқын, ашық. Мәселен: ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында ұлт бостандығын жырлайтын әдебиет жасалды. ХІХ ғасырдың 50-70-жылдарында “Зар заман” әдебиеті басым болды, ХІХ ғасырдың 70-жылдарынан бастап просветительдік (мәдениетке үндеуші) әдебиет туды.

ХІХ ғасырдан бұрынғы ғасырлардың ешқайсысының әдебиетін біз нақ ХІХ ғасыр әдебиетіндегі кезеңді дәуірлерге жүйелей алмаймыз”.

Сәбит Мұқанов ХVІІІ-ХІХ ғасырлар әдебиетінің бірнеше өзгешелік, өзіндік ерекшелігі тізбелеп келіп, мынадай тоқтам айтты: “ХІХ ғасырдың одан бұрынғы ғасырлардан өзгешелігі – бұл ғасырда шын мағынасындағы жазба әдебиет туды”.

Сәбит Мұқанов ХІХ ғасыр әдебиетінің өзіндік тағы бір ерекшелігін атады. “Жер жүзіндік классикалық әдебиетпен қазақ әдебиетінің шын мағынасында араласуы ХІХ ғасырда ғана” [9, 8 б.]. С. Мұқановтың сол тұста айтқан әдебиет тарихын жасау мәселесі, әдебиет мұраларын жарыққа шығару мәселесінен анағұрлым қиын, себебі жүйеге түспеген деген пікірі әр уақытта да есте болар шындық.

Мұқанов жіктеуінде, бөлуінде (1942 ж.) сыншыл реализм атауы, жоқ. Абай дәуіріндегі әдебиетті мәдениетке үндеу деп бөледі.

С. Мұқановтың “Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиет тарихынан очерктер” еңбегінің құнды қырының бірі – әдебиет мәселесін қозғағанда тарихи жағдайға кең түсінік беріп отырып таразылауы, сол дәуірлерде жасаған әдебиеттің өзгешелік, ерекшелігі неден туындап отырғанын тарата талдау. Саралау тұжырымдары көбіне аса объективті.

Сәбең Махамбет, Кенесары, қозғалыстарын кең аяда қарастырып, соларды сипаттайтын көркем шығармаларды талдады.

С. Мұқанов ХІХ ғасыр әдебиетінің бар ерекшелігін сол 1942 жылы-ақ тұтастай алға тартты. Ол Қоқан езгісі, сол өңірде туып, жасаған әдебиет туралы да айтты.

Ілгеріде М. Әуезов, С. Мұқанов жасаған сол бөлу, сол жүйе бүгінде қажеттілікке айналып отыр. Әрі қарай тереңдетуге сұранады.

С. Мұқанов Кенесары қозғалысына баға берді. Нақты деректермен сөйледі. Мына бір пікір, тек әдебиет емес, қазақ қоғамындағы, қазақ мемлекеттілігінің тарихындағы аса елеулі құбылыстарды ойшылдықпен сұрыптау, бағалау, байқау, “Кенесарының мақсаты хандықты сақтау. Хандық – қанаушы таптың қолындағы құралы. Бірақ осы хандықтың өзі, адам баласының өркендеу дәуіріндегі белгілі бір сатыда, халықтың елдігін сақтауға қажет және прогрестік құрал” [9, 81 б.].

ХІХ ғасыр әдебиетінің негізгі бітім-болмысы, саяси-тарихи жағдайлары
Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов,
Ы. Дүйсенбаев, Ә. Қоңыратбаев, Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, С. Қирабаев,
Т. Кәкішев, Р. Бердібаев, Ш. Сәтбаева, М. Мырзахметов, Ж. Тілепов,
М. Мағауин, С. Негимов, Т. Тебегенов, А. Жақсылықов, Б. Мамыраев,
А. Шәріп, Б. Омарұлы, М. Тәжімұрат, Қ. Раев, Л. Әбдіхалықова, т.б. ғалымдар еңбектерінде жан-жақты қарастырылды. Ұзақ жылдар бойы бұл әдебиет түрлі ағым-бағыт жөнінде, көркемдік құндылықтар жағынан қарастырылып келеді.

ХІХ ғасырдың әдеби танымға қатысты түрлі көкейтесті жайлары зерттелу, зерделеу үстіндегі жалғасын таба беретін процесс.

ХІХ ғасыр әдебиетінің туып, жасауының тарихи сипаттамасы жасалды. Ол негізінен орыс отаршылдығы түрлі саяси-экономикалық актілерді жүзеге асырған бар билікті тұтас алған, жерді иеленген, қаласын салып, қамалын орнатқан, қорғандап болған уақыт.

ХІХ ғасыр әдебиеті сол дәуірде жасаған әдеби жанрларды саралауға, көркемдік-саяси ағым, бағыттарды қарастыра, айқындай түсуге әлі де зәру.

Әдебиет тарихы оқулықтарында, әсіресе, ХІХ ғасыр әдебиеті жайлы жоғары мектептің профессор Ханғали Сүйіншәлиев жазған оқулығының кейінгі басылымында осы қажеттіліктердің ескерілгенін көреміз, уақыт әдеби мұраға көзқарасымызды мейлінше тұтас жеткізуге өзгертуге мүмкіндік туғызып отыр.

ХІХ ғасыр әдебиетінде қалыптасып, ХХ ғасыр басына ұласқан үлкен саяси-әдеби құбылыстардың ара жігі кейінгі уақыттарда жаңа мәреден қайта қаралып, көркемдік шындықтың аясында ашылып, ажыратылып жатыр.

Кезінде А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов, С. Мұқанов
ХІХ ғасыр әдебиет үлгілеріне қатысты жасаған тұжырымдар қазірде тұтастай ғылыми айналымға түсіп, бүгінгі ғылымның жеткен өлшемдерімен жатырқамай табысып жатқан көп жайы бар.

ХІХ ғасыр әдебиет үлгісі, түрі мол, сан жанрлы әдебиет. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет негізінен жыраулар поэзиясы түрінде көрінді. Онда негізінен жыр үлгісінің түрлі жанрлары басым болды. ХІХ ғасырда қазақ әдебиетінде жыр үлгісінің түрлі дәстүрлі жанрымен бірге жаңа өлең түрлері туып дамыды. Уақиғалы дастан-поэмалар, түрлі сырлы лирикалық өлеңдер, сатира, айтыс түрлері, қиссалар, ауыз әдебиеті үлгілері қатар жасады. Көркем прозаның үлгілері (Ыбырай әңгімелері) сыни мақалалар, түрлі баспасөз жанрлары, аударма әдебиет ғылыми-публицистика туып, қалыптаса бастады. Мазмұн мен түрдің жалпы сырт сипатына қарағанда әдебиет мынадай үлгілерде, салаларда көрінеді:

1. Жыр үлгісінде келген түрлі толғау, терме, үгіт-насихат өлең. Ерлік, бостандық күрес жырлары. Тарихи жырлар; жоқтау, естірту, зар;

2. Ақыл-нақыл, афоризм;

3. Айтыс өлеңдер;

4. Сал-серілердің ән өлеңдері;

5. Қиссалар;

6. Саяси-әлеуметтік көңіл-күй лирикалары;

7. Поэмалар;

8. Көркем қара сөз;

9. Публицистика;

10. Сын;


11. Аударма.

Ал осы әдебиетті туғызушы, жасаушы кім дегенде де алуан сөз өнері иелерінің түрлі, әркелкі қалыпта көрінегенін айтуға болады. Олар: жырау, жыршы, қиссашыл (кітаби) ақын, айтыс ақыны, сал-сері, жазба ақын, аудармашы, әңгімеші; тілші т.б.

ХІХ ғасыр әдебиетіндегі түрлі әдеби үлгі әр қилы саяси, тарихи себептердің негізінде, түрлі жағдайда туып дамыды. Ол әдебиет бостандық күрес, Исатай мен Махамбеттің, Кенесары мен Наурызбайдың, Жанқожа мен Бекеттің отаршылыққа қарсы қарулы бас көтеру; ұлт-азаттық күрес үстінде туды. Ол әдебиет Қоқан хандығы езгісінде болған өңірлердің өзгеше өз шындығынан туды. Ол әдебиет, “су түбіне кеттің, жұрт, тал қалған жоқ қармарға” деген торығу, қасіреттен туды. Ол әдебиет ендігі күні не болмақты ойлаған; енді жаудың тілін біл, көргенін көр, жасағанын жаса деген тірлікке шақырған жаңа сілкіністен туды.

Ол әдебиет өзін-өзі сақтау инстинктінен туды. Дініңді, тіліңді билеп-төстемек; оған көнбе, рухани мұраңды сақта деген қауіпсіздендіру ниеттен туды…

Не дегенде де аса бай, мол мұра – ХІХ ғасыр әдебиетін жүйелеу, көркемдік сипаттар, әлеуметтік мән жөнінен бағалау, саралау көп қаралғанымен, әлі де қыры мен сыры қайырым бермей жатқан күрделі құбылыс.

ХІХ ғасыр әдебиетінің аса көрнекті өкілдері



  • бостандық рухты жырлаған Махамбет ақын, Шернияз;

  • зар заман әдебиетінің айтулы тұлғалары Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір;

  • әйгілі айтыс ақындары Шөже, Орынбай, Кемпірбай, Түбек, Марабай;

  • атышулы сал серілер Сегіз Сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері;

  • қиссашыл ақындар;

  • жаңа жазба әдебиет өкілдері: Абай, Ыбырай.

Жалпы әдебиет тарихында жасаған ақын-жырауларды тақырыптың тар шеңберіне қарай қайырып отыру шартты құбылыс. Белгілі бір уақыттарда әлгі жіктеулер мен айырмалар ғылымның кең өрісінде көзге қораш көрініп қалары даусыз. Әріге бармай-ақ, осы ХІХ ғасыр әдебиетін сан түрлі қисынмен, түрлі ағымға, бағытқа, саяси арнаға қанша мәрте түрлендіріп бұрып келгінімізді еске алайық. Ғылым ақиқатқа айналасын түгел шолып барып жететінін ескерсек, қазақ әдебиеттану ғылымы да аспаннан Ақиқатты түсіріп ала қоя алмайды. Соған жетер жолда түрлі мәжбүрлеуге де көнді. Қилы шарттылыққа да жүгінді. Белгілі бір ғылым өрісі жеткен деңгейдің бәрі тоқтам шегі емес екені белгілі.

Кезінде Махамбетті М. Әуезов зар заман әдебиетінің ісшілдік дәуірінің өкілі десе; С. Мұқанов ХІХ ғасыр әдебиетіне бостандық күрес дәуірінің өкілі дейді.

Дулат Бабатайұлын кейінде зар заман әдебиетінің айтулы өкілі деген тоқтамға келсек, М. Әуезов та, С. Мұқанов та әуелгі еңбектерінде Дулатты ол жіктеулерге қосып қарастырған жоқ.

Шортанбайды зар заман әдебиетінің айтулы өкілі деп М. Әуезов,


С. Мұқанов, т.б. әрідегі ғалымдар, күні бүгінгі ғылымда көпшілік зерттеушілер айтып жүргенімен, профессор Б. Кенжебаев пен Х. Сүйіншәлиев құрастырған 1990 жылғы “Қазақ әдебиеті тарихы” бағдарламасында (Ежелгі дәуір және ХVІІІ-ХІХ ғ.ғ.) [46] Шортанбай мұрасы “ХІХ ғасыр әдебиетіндегі халықтық шығыстық сарындар” атты бөлімде қарастырылады. Ол сарында толғаған ақындар Мәделі, Майлықожа, Құлыншақ, Мұрат, Бұдабай, Базар деп аталған.

Ал Сегіз Сері мұрасы “ХІХ ғасырдың әнші-лирик ақындары” бөліміндегі Біржан, Сара, Ақан, Жаяу, Әсет мұрасымен бір емес, “Бұқаршыл ақындар” Дулат, Махамбет, Шернияз, Алмажан, Арыстан, Шөже, Орынбай, Кемпірбай, Сүйінбай, Бақтыбай, Түбек, Нұрым, Қашаған, Марабай т.б. ақындар мұрасымен бір қарастырылады.

Бұл жіктеулерде де ғалымның өзіндік түрлі негіздерге сүйенгені даусыз.

Шарттылықты және бір шолып өтелік. Түрлі жағдайда, сырт ерекшелікке қарай жүйелеуде нақтылы бір өзгешелік, ерекшелік белгіге жүгінуге тура келеді. Мәселен, жалпының ішін ашу үшін: Әйтпеген күнде, әдеби процесс шекара, шектің жөнінде көне бермейтін желілі, сабақтас, қанаттас процесс. Сал, сері, айтыс ақыны, күрескер рухтың ақыны, әлеуметшіл ақын, оятушы, ағартушы ақын, т.б. дегенде, әрине негізгі ерекшелік қамтылады. Сонымен бірге дәуірдің басты көркемдік бағыт, ағым, сарынына барлығы да белгілі бір дәрежеде тәуелді:

Қ. Өмірәлиевтің мына бір тұжырымдары да осы жайдан: “Айталық,
ХІХ ғасырдың орта тұсында Орынбай, Жанақ, Шөже, Тезек, т.б. айтыс ақындары болды. Олар тамаша айтыс өлеңдерін жасаушылар, айтыс өлең дәстүрін дамытушылар ретінде қазақ әдебиетінде артықша бағаға ие. Олар әрі азаматтық тақырыпта да өлең-жыр туғызды, әрі олар эпос, тұрмыс-салт жырларын айтушы жыршы ақындар болды. Яғни бұлардың репертуарында поэзияның бірнеше жанрына тән мұралар болды” [32, 27 б.]. Бұл пікірді сал-серілер өнернамасына қатысты да айтуға болады. Оны зар заман әдебиеті өкілдеріне де, Абайдан бергі әдебиетке де қатысты айтуға болады.

Әдебиет үлгілері негізінде қарастыру ХІХ ғасыр әдебиетінің саяси мазмұндық, тақырыптық жөнін де, көркемдік бағыт, ағымдарын да аша түсуді шектемейді, қайта молықтыра түседі.

ХІХ ғасыр әдебиетінде көркем сөздің қандай түрлері болды, олардың қатынасы қандай деген мәселе – әдебиеттің теориясына әрі тарихына қатысты мәселе.

Ол тұрғыда ғалым Қ. Өмірәлиев ХІХ ғасыр поэзиясын жанрлық, стильдік тұрғыда мүлде жаңа сапада, таза теориялық талаптар тұрғысынан арнайы, алғаш қарастырды десек – артық емес.

“ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ поэзиясына сипаттама” тарауында ХІХ ғасырдың 30-40-жылдарына шейінгі қазақ поэзиясының өлең түрлері, ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы ауызша поэзия және оның жанры мен стильдік сипаты, қазақ поэзиясында “мен – ақын” жасаған туындылардың жанры мен стилі туралы кеңінен қамтып, әріден тартып сөйлейді.

“Бірақ Дулат пен оның тұстас ақындары екі мектептің (осылай айтуға болса) ақындары болды.

Сабырбайдан бастап Жанақ, Түбек, Шөже, Орынбай, Балта, Құлмамбет, Арыстан, т.б. ақындар бір жағы айтыс ақыны, бір жағы терме-тақпақ ақыны, бір жағы мақтау өлең ақыны болды” [32, 71 б.].

Айтыс ақындары барды дамытып қосып айтушылар болды. Жаңа нәрсе жасаған жоқ. Терме-тақпақ айтқанда дәстүрлі дүние шарттары, адам болмысы, үгіт-өнеге, мадақ, қошемет, мақтау түрінде келеді.

ХІХ ғасырда жыраулық өнердің, жыраулардың қазақ хандығы дәуіріндегі миссиясы солғын тартты. Хандық билік жойылған соң жыраудың әлеуметтік тұлғасы да өзгерді. Алайда жыраулар әлі де жасады. “Ендігі би дау-дамайда шешендік сөзге, төрелік қоныс сөзге ыңғайланды да, ол ақындық қабілеті, дарыны молдары тақпақ сөзге көшті.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан бұлар Жәңгір хан қасындағы Алаша Байтоқ жырау, Кенесары қасындағы Нысанбай, Досқожа, т.б. жыраулар болды” , – деді Құлмат Өмірәлиев [32, 71 б.].

ХІХ ғасырда хат таныған, сауатты ақындар болды, олар жазба түрде де өлең-жыр туғызды. Қайсыбірі ежелгі ерлік дастандарды, аңыз-әңгімелерді жаңғыртып жазды. Түркі, татар тіліндегі діни қиссаларды қазақ тілінде жазып, таратты. Кітап (кітаби) өлеңдер аталған “Бозжігіт”, “Сейпіл-Мәлік”, “Ақсақ Темір хан”, “Сақып-Жамал” сияқты қисса-дастандарды атап айтып, ғалым
Қ. Өмірәлиев және бір ғылым мүддесін жеткізер тоқтамдарға келеді.

“Бұл дәуірдің ақындарының ендігі бір тобы екі ақындық мектептің қатар өкілі болды: олар әрі айтысқа түсіп, айтыс ақындарына тән машықтықпен өлеңді суырып салып табан астында ауызша шығарып отырды, әрі олар өлеңді жазып шығарды. Заман жайлы жаңа толғаулар жазды. Айтыста олар Жанақ, Түбек, Орынбай сияқты мақтау өлең иелері, ал, заман жайындағы толғауларында мүлде бөлек тұрпатты ақындар болды. Дулаттың соңын ала шыққан Шортанбай осы сипатты ақындардың басты өкілі” [32, 80 б.].

ХІХ ғасыр поэзиясын жанрлық, көркемдік жақтан арнайы қарастырған; Дулат ақынның шеберлік қисындарын, жалпы қазақ әдебиеті тарихындағы, қазақ қоғамындағы, қазақтың саяси тарихындағы орнын мейлінше ғылыми негіздермен орнықтыра түскен ғалымның ХІХ ғасыр әдебиетіне байланысты былайғы зерттеулерге негіз боларлық қисындары да аз емес.

ХІХ ғасыр әдебиетінде бірнеше әдебиет үлгілері сияқты түрлі бағыт, әдеби ағым-сарындардың қатар жасағаны ақиқат. Соның айғағы көп, ғасыр басынан бері, тіпті ХІХ ғасырдың соңынан бері саяси мән жөнінен де көркемдік жақтан да қарастырылып, айқындалып келе жатқан бір түрі, бір бағыт, бір ағымы – зар заман. Сол негізде жүйелесек, ХІХ ғасырда қазақ көркем сөзінде зар заман, айтыс, сал-серілер өнернамасы, еуропа үлгісіндегі жаңа әдебиет, аударма, нәзира сияқты әдеби арналар қатар жасады.

ХІХ ғасырдың әдебиетін өлең үлгісіне қарай жүйелеу үрдісі әріде Шоқан, Радловтардан [47] бастау алып, ХХ ғасырдың барысында А. Байтұрсынов,
Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов, С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Әлібек Қоңыратбаев, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, З. Ахметов,
Х. Сүйіншәлиев, Ә. Қоңыратбаев, М. Базарбаев, Қ. Өмірәлиев, С. Негимов,
Т. Тебегенов, т.б. ғалымдар еңбегінде орнығып, бекіп отырды.

Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқышта” қазақ әдебиетінің теориялық негіздемесін жасап, терминдік өрісін белгіледі. Сол әдебиеттің ХІХ ғасырдағы үлгілері де айрықша бөлініп ХІХ ғасыр еншісі деп қарастырылмағанымен (олай бөлудің Байтұрсынов зерттеуінде қажеті де жоқ едіҚ.М.), аса нақтылы ғылыми негіздеулердің фактісі, материалы болды.

Х. Досмұхамедұлы қазақ халық әдебиетінің жанрлық классификациясын жасады. Ол классификациясының да негізгі материалы – ХІХ ғасыр әдебиеті екендігі анық.

М. Әуезов “Әдебиет тарихында” қазақ әдебиеті тарихын жасаудың қисындарын алғаш рет мақсатты түрде алға тартып, ғылыми жүйенің үлгі негізін ұсынды. “Әдебиет тарихындағы”, “Тарихи жырлар”, “Зар заман әдебиеті”, “Айтыстардың” елеулі арнасы – ХІХ ғасыр әдебиетінің еншісі. Сонымен бірге, ХІХ ғасырда ауызша әдебиеттің байырғы үлгілері де қатар жасап отырғанын ескергенде, “Әдебиет тарихының” барлық бөлімінің


ХІХ ғасыр әдебиетіне қатысы бар.

Сәкен Сейфуллиннің “Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары” (1931), “Қазақ әдебиеті” оқулық-хрестоматияларында да ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілері молынан қамтылған.

1942 жылғы “Қазақтың ХVІІІ, ХІХ ғасырлардағы әдебиет тарихының очерктері” көмекші оқу құралында Сәбит Мұқанов ХІХ ғасырдағы әдебиетті әдебиет үлгілеріне қарай кеңінен қамтып қарастырды.

Қажым Жұмалиевтің “Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері”


(І том, 1958), “Қазақ әдебиет тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі” (ІІ том, 1960) монографиясында ХІХ ғасыр әдебиеті жан-жақты қарастырылды.

Зәки Ахметовтың “Казахское стихосложение”, “Өлең сөздің теориясы” еңбектерінде қазақ өлеңінің туу, жасалу заңдылықтары, негізгі жанр, үлгілері жөнінен айрықша негіздемелерімен ашылды.

Қазақ әдебиеттану ғылымында ХІХ ғасырдың әдебиетін арнайы қарастыру үрдісі – тоқталмай, үздіксіз жетіліп, дамып келе жатқан үлкен бір ғылыми арна. Оның айтулы саласы – бүгінде абайтану ілімі. Сол сияқты махамбеттану ілімі қалыптасып-дамып отыр. Абайтану өрісі де ауқымды. Зар заман өлеңнің зерттелуі де – өзіндік жүйесі, алымы айқын арна. ХІХ ғасырдағы қазақ өлеңінің түр, жанр, стильдік, тілдік, құрылым, өлең заңдылықтары жөнінен зерттелуі де ілгері ғылым.

ХІХ ғасыр әдебиеті қазақ әдеби тілінің дамуындағы орнына қарай да кең зерттеулер нысаны болып отыр.

Профессор Т. Кәкішевтің 1989 жылғы “Әр дарынның тарихта өз орны бар” атты қазақ әдебиеттану ғылымының кезеңдік саяси ықпалдардан көрген құқайы, оның әдебиет тарихы мәселелеріне тигізген зардабы жайлы ауқымды проблемалық ой-толғамында қадау-қадау ұстанымдар бой көтерген еді [26].

“Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысында тарихи сахнаға шыққан жаңа жазба әдебиетіміздің осындай жай-күйімен қатар көшпелі тұрмыстың өзінен өріс алған көркемдік екі құбылысқа назар аудару қажет. Бірі – ақындар айтысы болса, екіншісі – әнші ақындар, яғни сал-серілер поэзиясы қазақ әдебиетінің ұлттық ерекшелігі ретінде айрықша ағым, бағыт болып қарастырылуға тиіс сияқты” [26, 188 б.].

“... Дегенмен, христиан және ислам уағыздарымен қатарласа жеткен батыс, орыс пен шығыс әдебиеттерінің үлгілері кітаби ақындар бағытын туғызғандығына енді көз жұмып қарауға болмайды. Оған да тарихтан орын беріп, халықтың көркемдік таным-білігін қалыптастыруға әсер-ықпал жасағандығын именбей, жалтақтамай айтуға тиіспіз”, – деп ғалым әдебиеттегі ағым, бағыт мәселесін көркемдік жөннен айқындау мәселесін жаңаша қояды [26, 189 б.].

“Ал жазба әдебиет саласында дүниені бейнелеудің реалистік, романтикалық, сатиралық, символикалық машықтары болатындығын, шындық атаулының бәрі идеялық арқанға көгенделмейтінін білетін уақыт енді келді. Біздің осы уақытқа дейінгі буржуазияшыл-ұлтшылдық және ағартушылық-демократтық әдебиет деген түсінігіміздің домбалдай салған шаңырақ екенін, оны ұстап тұрған уықтардың басы шіріп екенін көріп отырмыз” [26, 199], – деп, мәселенің қойылымын нақтылай түскен ғалым ХІХ ғасыр әдебиетінің және бір бөлек ағымына ғылым назарын аудара түседі.

“ХХ ғасыр басындағы әдебиетті айтқанда Шәңгерей Бөкеевтің мүлдем тың тыныс, соны көрініс екендігін айта алмай булығудамыз. Рас, әдебиет тарихында аты аталады, арнайы орны да бар, алайда “өнер – өнер үшін” деген шатқаяқты жолға түсті деп, көркемдік қадыр-қасиетін күмілжіте баяндаймыз”. Шәңгерейдің эстетикалық ізденістері символизм мен романтизмнің арнасынан шығып, қазақ әдебиетіне жаңа бір көркемдік сапа әкеп жатқанынан қысылдық, күнәға батқандай сезіндік. Дарынның көркемдік ізденісін ауыз толтырып айта алмадық” [202].

Шәңгерей Бөкеевтің қазақ әдебиеті тарихындағы орны ұзамай Мақсат Тәжімұраттың ауқымды еңбегіне арқау болып, ғылым өрісі ұзара түсті... [190].

Қазақ елі ХІХ ғасырда түрлі саяси ахуалды бастан кешті. Қилы замандардың көлеңкесі ел әдебиетіне түсті. ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында Ресей құрамына ене бастаған Қазақстанның тұтастай қосылу процесі бір жарым ғасырдай уақытта өтті. Бұл дәуірде қазақтың дәстүрлі әдебиет үлгілері тарихи жыр, айтыс, ән өлең, дастан-қиссалар тарихи-әлеуметтік ахуал аясында түрленіп дамыды, қалыптасты.

М. Әуезов тікелей орыс отаршылдығымен байланыстырған зар заман ағымы – қазақ әдебиетінде елеулі ағым болып осы дәуірде қалыптасты. Сол орайда Ресей қол астына ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан былай қарай қосылған. Сыр бойы, оңтүстік, Жетісу өлкесінің әдебиеті туралы кезінде С. Мұқанов, кейінде Әуелбек Қоңыратбаев, Ә. Оспанұлы, М. Жолдасбеков [141],


Т. Тебегенов, С. Дәрібайұлы, Л. Әбдіхалықова, т.б. ғалымдар арнайы сөз қозғады.

“Ойраттардың 1771 жылы Алакөл алабында ақырғы рет талқандалуы қазақ қауымындағы батырлар тобының саяси үстемдігін біржолата аяқтады. Бодандыққа көшу билер институтын да түбегейлі өзгерістерге ұшыратты. Батырлық барымташылыққа, шешендік дәукесшілдікке, билік әкімгерлікке ұласты. Елдікті ойлаған ерлік пен билік дәреже мен дәулет қуған мансапқорлық пен пайдакүнемдікке орын босатты. Оның бәрі уақыт жағынан да, кеңістік жағынан да бірдей емес, біртіндеп жүзеге асты. ХVІІІ ғасырдың орта тұсында басталып, ХІХ ғасырдың аяқ шенінде аяқталып бітті” [140, 137 б.].

Ә. Қоңыратбаев бұл өңірдегі саяси ахуал, сол аядағы Бұдабай ақынның жөні туралы былай дейді. “Бұрынғы Қоқан хандығына бағынған датқалар орнына енді би, болыс, ұлық, ауылнайлар шығады. 1868 жылғы реформа негізінде штат сайлауының жүзеге асқан кезеңі де осы. Болыс сайлауы бұрынғы аталы билердің билігін әлсіретіп, жаңа байлардан шыққан ұлықтарды тәрбиелеп шығару мақсатын көздеді. Олар бүтіндей патша өкіметіне арқа сүйейді. Осындай екі түрлі заманның тоғысқан торабында өмір сүрген ақын көп уақыт замана жайын толық ұғынып, оған тиісті баға бере алмайды. Майлықожа, Мәделіқожа, Базар жырау, Құлыншақ, Құлан ақындар заман жайын жырлап, жарғық құлағы жастыққа тимей жатқанда, Бұдабай ел ішіндегі той-думанға қатысып, айтыс құрып жүр еді [18, 170 б.].

Мүбәрәк Үмбетаевтың “Ақындық өнер өрісі” монографиясында берілген мына мәлімет Қоқан хандығының ХІХ ғасыр қазақ тарихындағы ықпалының күшін нақтылай түседі.

“Сөйтіп, ХІХ ғасырдың ортасында он бес әкімшілік-бектіктен тұратын Қоқан хандығы Оңтүстік Памир тауларынан бастап, солтүстік батыста Іле өзеніне дейінгі орасан зор территорияны иеленген” [79, 161 б.].

Қоқан езгісіне қарсы бас көтерген батырлардың ерлігі, биліктің арамза саясаты ел ақындарының шығармаларында түрлі жанрда көрініс тапты. Қоқан билеген өңірлерде де дәстүрлі әдебиет үлгілері мейлінше нақтылы сипаттармен қанығып, толығып, дара сипатта дамыды. Жетісу, Оңтүстік өлке, Сыр бойында өзіндік бір дара сипатты жыршылдық дәстүр өрісін ұзартты. Дәстүрлі айтыстың жазбашалық сипатта жайылуы орнықты.

Ақындық айналасы аса кең асыл Жамбыл 1939 жылы 20 маусымда ауылына келген Қопабай атты туысына және оның жанындағы бір-екі туысына бек естелік айтқан екен.

“Екеуміз ертеде Арысқа, Түркістанға барғанымыз есіңде ме? Майлықожа, Құлыншақ ақындардан “Шора батыр”, “Қыз Жібек”, “Мұңлық-Зарлық” қиссаларын тыңдап, қайтарда атымызды ұрлатып жаяу қалғанымыз, ел болып ат мінгізіп қайтарып еді. Ой ол да бір қызық күндер екен ғой!” [80, 139 б.].

Ә. Оспанұлы “Дастан ата” жинағындағы Бейсембай Кенжебаевтың “Жарқын бейне” естелігіндегі мына бір тұсты келтіре отырып, Құлыншақтың Оңтүстік шайырларының дәстүрлі ерекшелігін аша түсер қырларын нақтылай түседі.

“Ертеде сенің аулыңда болғанмын, – деп басталған Жәкең әңгімесін қаз-қалпында алға тартады Бейсекең. – Ол жиырма бес жасар кезім еді. О, шіркін дүние, балалық-ай! Түркістанды қоныстап қалған Нұртаза есімді ағайын бар еді. Соның үйіне түстім. Оңтүстік ақындарын көрейін деген көңілде арман бар. Әсіресе, Сәді төреге жолықсам деймін. Үйіне іздеп барып едік, Ол кісі үйінде болмай шықты. Әзірет Сұлтанды аралап көрдік. Екі-үш күннен кейін Түркістандағы бір тойда Майлықожа, Балқы Базарға кездесіп, думанда бірге болдық. Сол жолы Құлыншақтан “Шора батырды” тыңдап, үйрендім. Ертеңінде Базармен айтысып қалдық. Айтыс аяғы бәдікке айналып бара жатыр еді, жұрт екеумізді, қой-қойлап аяғында әзер тоқтатты. Майлықожа: “Балам, сенікі жөн, тоқта енді” – деп арқамнан қақты. Мен сол сапарда Майлықожаны ұстаз тұтып қайттым ” [81, 24 б.].

Сыр бойы шайырларының шығармашылық ғұмырбаянында айтыстары, арнау-толғаулармен бірге жыршылық, ежелгі эпосты, шығыс қиссаларын жырлау өнері де болғаны даусыз.

Ақындық өнер ХІХ ғасырда соншалықты бай өнерпаздық дәстүрді дамытқан айрықша шығармашылық қуатқа айналған.

Ә. Оспанұлы қазақ эпос жырларын жаратудың негізгі ошақтарының бірі болған күнгей Қазақстанда ақындығының үстіне жырау-жыршылығымен де елеулі еңбек еткен тұлғаның бірі Құлыншақ екенін айта отырып, өкіндіретіні – ол кісі жырлады деген не ғашықтық, не батырлық, не тарихи жырлардың нақты нұсқаларының қолға түспей келе жатқаны дейді [81].

Әдебиет зерттеушісі А. Бұлдыбаев Оңтүстік Қазақстан жыр айту мектебі жайлы былай дейді: “Білімділікті, айтқыштықты, музыкалық дарынды керек ететін қисса дәстүрін дамытуға кезінде Жанкісі (1772-1849), Мәделіқожа Жүнісқожаұлы (1816-1888), Шортанбай Қанайұлы (1818-1881), Құлыншақ Кемелұлы (1840 – өлген жылы белгісіз), Мұса Байзақұлы (1849-1932), Жүсіпбек Шайхисламұлы (1857-1936), Ақылбек Еркімбеков (1863-1918), Сұлтан Аққожаев (1857-1936), Мырзабек Байжанов (1870-1945), Ергөбек Құттыбайұлы (1865-1917) және т.б. ерекше еңбек еткен. Оңтүстік Қазақстан жырау, жыршылары тек шығыс сюжетіндегі қиссалар айтумен шектелген деу бір жақты ғана болар еді” [82, 80 б.].

“Ертеректе ұлы жыршылар Қазақстанның әр жерінде-ақ болғанын тарихи мәліметтерден білеміз, “Қобыландыны” айтқан Марабай, Мұсабай, Мергенбайлар, “Алпамысты” жырлаған Құлыншақ, Майкөт, Әбдірайымдар, немесе қазақ-ноғайлының аса бай эпосын жадында сақтап, халыққа таратып келген әйгілі жыршы, жыраулар оны қандай мақаммен айтқанын біле бермейміз. Эпосты айтқан, өңдеген, таратқан, жетілдірген сансыз жыршылардың кейбіреулерінің ғана аты-жөні белгілі. Бұл – ғылым үшін орны толмас өкінерлік хал екені барған сайын сезіле бермек. Жер жүзі алдында мақтаныш тұтарлық ерен эпосымыздың көп ретте сөзі ғана сақталып, айтушылардың әуен-сазы ертеректе ұмытылған…” [64, 45 б.] – дейді
Р. Бердібай.

Қоқан, Хиуа халықтары билеген өңірлер әдебиетіндегі ақындық шығармашылықтың бір қыры жыршылық дедік. Қазақтың рухани өмірі, әдебиет, мәдениет тарихындағы осы бір өнердің ғылыми негіздері сонау Шоқан зерттеулерінен бері қарай жан-жақты қисындалды.

“Жырау, ақын, жыршы атауларының қазақ арасындағы мағынасы туралы зерттеушілер бұған дейін күрделі пікір толғаған. Мұны біз әсіресе
Ш. Уәлиханов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Е. Ысмайылов,
Қ. Жұмалиев, Ә. Қоңыратбаев, М. Ғабдуллин, Т. Сыдықов, М. Мағауин секілді ғылымдардың еңбегінен кездестіреміз”, – дейді ғалым Рахманқұл Бердібаев [64, 4 б.].

Жыршылар тек белгілі текстерді жаттап, соны жұрт алдында қайталап орындаушылар болып емес, бірақ жыршы өзге де өнер иелері сияқты сан қырлы өнерпаз дейді. Олар тек ертеден келе жатқан жыр-дастандарды жаттап айтып таратушылар ғана емес, оны дамытушы, эпикалық дәстүрді жалғастырушы


(Қ. Жұмалиев, Р. Бердібай).

Р. Бердібай жыршылықтың төрт түрлі сипатын саралайды.

Біріншіден, жыр нұсқаларын көп өзгеріске түсірмей дәстүрлі поэтикалық көркемдеу тәсілдерін сақтай отырып айтушылық.

Екінші ерекшелігі, жыршылықтың түрлі мектеп арасындағы айырмашылық мәселесі. Әр өңірдің жыршылық дәстүріндегі өзгешелікті саралай отырып ғалым Орталық Қазақстан айтушыларында лиро-эпостық, Батыс Қазақстанда қаһармандық аңыздаулардың басым болатын себебін осымен байланыстырады. Оңтүстік Қазақстан, Сыр бойында қаһармандық та, ғашықтық та жырлар қатар айтылған, оның үстіне, бұл өңірлерде Шығыс сюжеттеріне негізделген дастандар да кең тараған.

Әр мектеп жыршыларының репертуар жалғастығы ілгеріден кейінгіге берік сақталып отыруы да – дәстүрдің бір қыры.

Үшінші сипат жыршылардың орындаушылық шеберлігінің түрліше болуына байланысты. Айтушының дарын қуаты, тәрбие-тәлімі, эпос варианттарының көлемі, көркемдігімен екшелетін белгі.

Төртінші сипат, эпос, дастандарды түпкі нұсқадан көп өзгертіп, күрделі өзгеріске түсіріп айтушылық дәстүрі. Эпосқа жыршының “өзгеріс” енгізіп отыруы – жырды айтушының айрықша дарындылығына қатысты дейді зерттеуші.

Осы орайда белгілі әдебиет теоретигі Есмағамбет Ысмайыловтың жыршылық жайлы тұжырымдары қазақ тарихында жасаған айтулы жыршылардың шығармашылық сырларын аша түсуге көмектесетін айғақтар екендігі даусыз.

Е. Ысмайылов жыршылық өнерді ақындық өнерге жетілудің бір сатысы деп қарастырады.

“… Міне осы әуестену, қызығу дәуірінде жас ақын естігенін түгел жаттайды, домбыраны тез үйреніп, ән-күйлерді тартатын болады…” [19, 89-90 бб.].

Е. Ысмайылов ақындық пен жыршылықтың тұтасып келуі кең тараған құбылыс екенін көпшілік ақындардың шығармашылық ғұмырымен ашып, айқындай түседі.

Сыр бойының белгілі ақындары “Ер Қосай”, “Қарабек”, “Лұқпан әкім”, “Тақ Сүлеймен”, “Ләйлі-Мәжнүн”, “Мақпал қыз”, “Таһир-Зухра” жырларын айтқан.

Жыр алыбы Жамбыл Оңтүстік сапарынан Құлыншақ сынды ақындардан жыр тыңдап, үйреніп қайтқанын аруақты ақындар алдында кішірейе отырып, сол арқылы арқалана отырып айтпаушы ма еді.

Жыршылық мектептің ерекшеліктері жайлы ғалым Анарбай Бұлдыбай арнайы зерттеу еңбек жазды. Оңтүстік Қазақстан жыр айту мектебі туралы А.Бұлдыбай мынадай аса қисынды тұжырым жасайды: “Қазақ жыршылық өнеріндегі қайталанбас дәстүрі, өзіндік репертуар, сазы бар мектептердің тағы бірі – Оңтүстік Қазақстан жыр айту мектебі. Кезінде бұл мектеп басқа жыршылық дәстүрлерге де әсер етіп, бүкіл қазақ жерінде хисса айтудың таралуына себеп болған орта.

… Халық аталған шығармаларды орындаушыларды қиссашылар, кейде жыршылар деп атаған. Бұл дәстүрдің тараған жері негізінен Шымкент облысы мен Жамбыл облысының кейбір аудандары” [82, б.].

Ғалым хисса дәстүрі білімдікті, айтқыштықты, музыкалық дарынды керек ететінін атап көрсетеді.

Осы тұста Оңтүстік, Сыр бойы шайырлары, Жетісу ақындары қазақтың ежелгі жыр айту дәстүрін озық үлгіде, әр қалыпта дамытушылар болуымен бірге жаңа тарихи өлең, жырлардың да асыл өзегі болғандығын есте ұстаймыз.

“… Сарыбай бидің халыққа жақын келіп, жуықтаған бұл қыры Сүйінбай ақынның өлеңінде де көрініс тапқан.

… “Сүйінбай мен Қатаған айтысында” ХІХ ғасырдың қырғыз, қазақ халықтарының әлеуметтік құрылысы, сұлтандар мен бай, манаптар билеген феодалдық дәуірдегі елдің ауыр тұрмысы тарихи шындық негізінде терең ашылған…” [79, 71-72 б.].

Осы жөнде Ә. Қоңыратбаев мынадай мәселе қойған еді: “Бізде күні бүгінге дейін терең зерттелмей жатқан тарихи-ғылыми мәні зор тақырыптардың бірі – Сыр және Жетісу қазақтарының Россияға қосылуы, осы орайда туған көптеген тарихи өлең-жырлар” [56, 262 б.].

Ғалым бұл жөнде өзі нақтылы, нәтижелі зерттеу-зерделеудің өнегесін де көрсеткен еді.

“1809-1853 жылдары Ақмешіт Жақыпбекке қараса, Қармақшы, Қазалы қазақтарын Хиуа хандары билеп-төстеді. Бұл аймақты Қоқан ханы Мұхамед Омар кейін өзіне қаратқан. Бұл Сыр бойы қазақтарының өміріндегі ең ауыр кезең болды. Қазақ тарихи жырларының ерекше бір өркендейтін кезеңі – осы дәуір” [56, 263 б.].

ХІХ ғасыр басында құрылған Қоқан хандығының әкімшілік-билік, жалпы саяси құрылымы Ресей отаршылдығынан көп мәселе жөнінен өзгешеленетін. ХІХ ғасырдағы әдеби үрдіске, сөз жоқ, ол құрылымның көлеңкесі түсті.

Қазақ әдебиетінің тарихында, оның ішінде ХІХ ғасырдағы әдебиеттің дамуында Қоқан хандығы билігінің өз ықпалы болғандығы жөнінде кезінде Сәбит Мұқановтың “Қазақтың ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы әдебиетінің тарихынан очерктер” монографиясында жекелеген пікірлер, ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың тұжырымдары болды.

Әселхан Оспанұлы өзінің “Қаратау шайырлары” оқу құралында сол ыңғайда ой өрбіткен.

“… Есте жоқ ескі замандардан бермен қарай бірде үзіліп, бірде тізіліп жалғасып келе жатқан рухани қазына-байлығымыздың өмір жасы қаншама ғасырларды құшағына алып жатыр. Араб тілді Әбу-Нәсір әл-Фараби, көне түркі тілдес Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқарилар жаңа түркі тілінде тұңғыш сыршыл жырлар жаратқан Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Игүнеки, Рауанди Хорезмилер дамытқан өлең өнері бертінде, әсіресе ХІХ ғасырдың бірінші жарымында бастау алып, екінші жарымында мықтап ірге тепкен қуатты да құдіретті күнгейлік ақындық мектеппен ұштасып жатыр. Ерлік, елдік жыршылары Мәделіқожа, Құлыншақ, Майлықожа, Молда Мұса (Мұсабек), Нұралы, Ергөбек сынды еңбектері ел көңілінде мәңгілік жатталып қалған майталман ақындар шығармашылығымен ерекшеленетін бұл ақындық мектептің негізгі белгілері қайсы, жазу мәнерлері қандай дегенге келсек, біз мыналарды байқар едік.

Біріншіден, күнгейлік ақындар мектебі заманының саяси-әлеуметтік мәселелеріне жедел үн қосып отыруымен бірге байыпты, бұқарашылдық бағыт ұстанды. Сөйтіп, әлеуметтік, философиялық, табиғат, махаббат лирикаларымен қатар сықақ, мысал сипатындағы шығармаларды да дүниеге келтірді. Бұл ретте жоғары адамгершілік ереже-қағидаларды орнықтыруды көздеген көркем де терең мағыналы терме-толғаулар айрықша орын алды. Сондай-ақ аталған ақындық мектеп өкілдері батырлық-қаһармандық, ғашықтық жырларды өздерінше өңдеп, қайта жырлап, кеңінен насихаттау ісінде қыруар тірлік тындырды. Әрі-беріден кейін олардың көркем қара сөзбен баяндалуына күллі қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш болып негіз қалады. Нәзирәшілдік, яғни басқа әдебиеттерде толғанған тақырыптарды өзінше өңдеп жазу әдісімен шығармалар жаратуға негіз салып, үнді, парсы, араб жұрттарының інжу-маржандарын оқырмандарына таныстырды. Орта Азия халықтары әдебиеттерінен, атап айтқанда, өзбек әдебиетінен алғашқы аудармалар жасады. Осындай сан қырлы қызметті ақындарымыз ауызша да, суырып салма және жазбаша мәнер тәсілдерімен де өздерінің шығармашылығында шама-шарқына қарай біреуі көп, екіншісі аз мөлшерде жүзеге асырған” [81, 20 б.].

Соңғы жылдары қазақ әдебиетіндегі шығыстық желілер, қиссалар табиғаты, нәзира дәстүрі ілгерідегі саяси ахуалдар тұсында кеңінен ашып, аршып айтуға мүмкіндік болмаған тұстардағыдай емес, ғылыми негізде тарала, тармақтала түсіп отыр.

Р. Бердібайдың еңбектерінде, А.Қыраубайқызының “Шығыстық қисса-дастандар” (1997) монографиясында, Ө. Күмісбаевтың жекелеген зерттеулерінде, У. Қалижанұлының, Т. Тебегенұлының, А. Бұлдыбайдың,
М. Үмбетаевтың, С. Дәрібайұлының, т.б. зерттеулерінде ақындықтың өзіндік өнегесі, қалыптасқан күнгейлік мектептің ерекшеліктері де (айрықша бөліп қарастырылмағанымен деҚ.М.) көрінетіні даусыз.

ХІХ ғасырдағы әдеби үрдіс дәстүрлі сарындарды сақтап, замана ағымына орай жетілдіріп отырды. Ежелгі дәстүрлі сарындар: адамның тіршілік сабақтары, дүние-жаратылыс, ғұмыр жас кезеңдері жайлы толғам, ойшылдық пайымдары, не жақсы, не жаманның жөні түрлі жанрдағы шығармаға арқау болды. Ол мазмұн заманалық жаңа беталыстардың мәнімен толығып, аса айқын әлеуметтік үнге бөккен өзгеше бір үздік сөз өнері болып орнықты.

Әдебиеттің қайсыбір дәстүрлі үлгісі болмасын жанрлық жаңғыруға түсіп, нақтылы сипаттарға ие болды. Тарихтың көлеңкесін көркем сөзде жаңа бір әдіс, тәсілмен көрсетудің шеберлік алымдары ашылды. Бұл бөлімде біз әдебиет тарихындағы қайсыбір дәстүрлі үлгілердің тарихи аядағы сапалық өзгерістері айқындалып келген теориялық негіздеулердің орнығу тарихына (мүмкіндігінше тұтас қамтып отырыпҚ.М.) тоқтала отырып, ХІХ ғасырдағы әдеби үрдісті айқындай, даралай түсудің ендігі міндеттеріне көңіл бөлдік, қайсыбір қисындарымызды әдебиеттанушы мамандар назарына ұсындық. Мәселен,
ХІХ ғасырдағы дәстүрлі айтыс өнерін фольклорлық, ауызша әдебиет жөніндегі сипаттарын есте ұстай отырып, ХІХ ғасырдағы айтыстың өзіндік даралық сипаттарын айқындай түсу мақсатында, түрге бөлуді нақтылай түсу үшін, арғы-бергі дәстүрден шартты түрде бөліп алып, бағалап көру жөні.

ХІХ ғасырдағы айтысты шығарылу, айтылу жөніне қарай 2 түрге бөліп қарастыру:

1) Суырыпсалма айтыс

2) Шығарма – жазбаша айтыс.

Енді осы түрлерді іштей мәніне қарай:

а) Қыз бен жігіттің қалжың, қағытпа айтысы

ә) Ру айтысы

б) Әлеуметтік айтыс деп бөлсе.

Дін, білімді жұмбақтаған жұмбақ айтыс ағартушылық мәннен әлеуметтік айтысқа жытқызылуы керек.

Ал айтыстың суырыпсалмасы бар, шығарма – жазбашасы бар ауызша мен жазба әдебиетке қатыста, стильдік аяда өлең үлгісі, сөз қолданыс – көркемдік өзгешелігіне қарай қазақ поэзиясының өзіндік бір дара сипаты есебінде теориялық жөнінен бөлек негізделіп қарастырылса.

Жалпы, ХІХ ғасырдағы тарихи жырдың, қисса-дастанның, ән өлеңнің, т.б. әдебиет үлгілерінің көркемдік табиғатын аша, жанрлық өзгешелігін белгілей түсу мақсатында түрлі қисындарға бастайтын ойлар бірінші бөлімде ғана емес, жалпы диссертациялық еңбектің тұтас мазмұнында қажетті жерінде қозғалып отырды.

Солай бола тұра, осы бөлімде ХІХ ғасырдағы дәстүрлі әдебиет үлгілерінің даму үрдісіндегі жекелеген айқын өзгешеліктерді ХІХ ғасыр әдебиетін зерттеу нәтижелері негізінде анықтай түсуді мақсат еттік.

ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің даралық сипаттарын айқындап, аша түсу дегенде академик Зейнолла Қабдоловтың әдеби дамуға байланысты айқын тоқтамын ұстануды жөн көрдік.

“Әдеби даму да бір ағысты өзен: шымырлап өнген қайнар көзі, яки мөлдір бастауы, оған жалғас толқынды арнасы, одан әрі құяр сағасы бар. Халық өмірінің өзі, оның тарихи тағдырлары, оқиғалар мен құбылыстар, қайшылықтар мен тартыстар, қоғамдық қарым-қатынастар мен қарама-қарсылықтар, адамның рухани бітімі, моральдық кескіні, қысқасы, ақиқат шындықтың алуан-алуан саласы әдебиеттің тегін туғызады, қалыптастырады. Ендеше, қандай да болсын әдебиеттің тегі, тектің түрлері – ақиқат шындықтың өз қажетінен туған арналы тасқындар екені даусыз. Бұлардың бәрін жалпы алып қарасақ, біз орасан күрделі тарихи процеске кездесеміз; ал әрќайсысын жеке тексере қалсақ, әрбір әдеби түрдің туу, қалыптасу тарихы, бәрінен бұрын, мазмұндық түрдің даму жолдары бар екенін байқаймыз.

… Демек, бұлардың әрқайсысының терминдік тарихын білу мүлде жеткіліксіз: тегін тексеріп, табиғатын тереңірек тану, туу, қалыптасу, даму тарихын талдап тексеру қажет. Жанр жайлы ұғым сонда ғана шын мәніндегі ғылыми сипатта болмақ.

Әрбір әдеби шығарма – белгілі дәуірдегі қоғамдық шындықтың сәулесі. Әр дәуірдің өз шындығы бар. Бұлар бірін-бірі қайталамайды. Олай болса, әр дәуірдің шындығын сәулелендірген шығармалар да бірін-бірі қайталамайды, тектері мен түрлері ұқсас болғанмен…

Мұны да историзм принципінен қарағанда ғана аңғарамыз. Міне, осы өзгешеліктерді ажырату әрекетінің өзі жанр мәселесін тарихи тұрғыдан тануға әкеледі” [1, 304-305 бб.].

ХІХ ғасыр ішінде байырғы әдеби үрдіс ауызшадан жазбашаға өту дәуірін бастан кешті (М.Әуезов).

Жазып шығару, ендігі ел тарихы, ел тұрмысы қазақ өлеңіне түр жөнінен де, мазмұндық та өзгеріс әкелді. Құлмат Өмірәлиев бұл өзгерістің басына Дулат Бабатайұлын қояды. “Дулат қаламды қолға алып, сөзді жазып шығарды, өлең сөздегі формашылдық дәуірді бастады” [31, 85 б.].

Бұл тұста ғалым Дулаттан ілгерідегі суырып салып айтып алып, сонан соң хатқа түсірді, шәкірттері ептеп редакциялады дегенді айтып, Шортанбай, Нысанбайларды сол топқа жатқызады.

Қ. Өмірәлиевтің “Дулаттың өлең түрлерін табуы” деп арнайы қарастыруы қазақ әдебиетінің теориялық тарихын жасауда назарда ұстап отыратын қисынды, құнды түйін-тұжырым.

“Дулат өлеңдеріне тән өлшем-өрнектердің қайсыбірі кісіні өте көне дәуірге жетелесе, ал енді бір парасы Абай өлеңдеріне, өлшем-өрнектеріне әкеледі” [31, 88 б.].

Қ. Жұмалиев 1959 жылғы конференцияда Дулат өлеңіндегі бір ерекшелікке назар аудару қажеттігін айтқан еді: “Бір шумақ өлеңде үш жолы шұбыртпалы, екі жолы егіз ұйқас болып келетін өлеңдерді біз тек қана Дулаттан кездестіреміз. Бұл ол кездегі ақындардың басқаларында жоқ. Жалпы қазақ өлең құрылысының дамуын зерттеуде бұған тоқталмай кетуге болмайды” [93,
108 б.].

Қ. Өмірәлиев М. Қашқаридың “Сөздігіндегі” өлең-жыр үлгісін келтіріп, Дулаттың ХІ ғасырдағы түрік поэзиясының ауызша, жазбаша үлгілеріндегі аааб – єєєб – вввб… – ұйқасы 7-8 буынды өлеңді қайталайтынын көрсетеді.

Қ. Өмірәлиев қазақтың ауызша поэзиясы бұл үлгіні өте ертеде салттан шығарды дейді.

Осы орайда Дулат пен ХІ ғасырдағы түрік поэзиясы аралығындағы жыраулық жыр үлгісінің көркемдік-теориялық негіздемесін айрықша бөліп, анық тұжырымдама жасайды.

Бұл тұста зерттеушінің түйіндеуінде шумақаралық желілі ұйқас орнына түйдек ішілік желілі (сатылы) ұйқас пайда болды. Түйдек (тирада) тармақты өлең-жыр үлгісіндегі толғау, тақпақ (терме), сарын, жоқтау, жылау жырларының бәрі дәл осы түрде туды [31, 89 б.].

Ғалымның бір үлгідегі өлең-жырды ауызша, жазбаша деп бөлудегі шек не деп мәселе қоюы қазақ өлеңін тұтас қарастырудағы орны өз алдына,


ХІХ ғасырдағы өлең сөздің өзгеріс-өлшемін байыптауда, әсіресе жаңа жазба әдебиет үлгісіндегі өлеңнің ішін ашуда үнемі ескеріліп отыратын елеулі шарт болса керек.

Құлмат Өмірәлиев айтулы теоретик Зәки Ахметовтің тұжырымын келтіре отырып, ол үлгілерді Абайдан іздегеніне орайластыра отырып, ғалымның жыр өлшемімен жазылған жанрлық сипаты өзгеше лирикалық өлеңдер дегенді тану мәселесін қозғайды.

Осы орайда Абайдың 2 өлеңін салыстырып талдайды. “Берекелі болса ел”, “Келдік талай жерге енді” өлеңдері 7-8 буынды жыр үлгісінде жазылғанымен: бірінші өлең – ауызша поэзияға тән дидактикалық толғау үлгісінде; екінші өлең – элегиялы толғау үлгісінде. Алғашқы өлең ұйқас түрі жағынан да жатық. Тармақ тастап барып ұйқас құрайтын өлең. Екінші өлең – ұйқас түрі жағынан бөлек: ішкі ұйқасты тармақаралық желілі ұйқас жолдары бар өлең. Осыдан келіп зерттеуші мәселені мынадай мәнге тірейді. “Бұл желілі ұйқас жігінен өлең шумаққа (я бөлікке) жіктей, даралай бөлуге бола ма, жоқ па? Желілі ұйқас жолдардың осылай берілуі өлең өлшем-өрнегінің қай атауымен атауды қалайды? Бұлар өз алдына мәселе. Араб-парсы өлең поэзиясында буын саны бірдейлігіне қарамай, ұйқасты жолдардың сипатына қарай өлеңді жіктеуі еске аларлық жай” [31, 90 б.]

Өлеңді ұйқасты жолдардың сипатына қарай жіктеу (буын санының бірдейлігіне қарамай Қ.М.) – ауызша өлең мен жазбаша өлеңнің, жыр мен порымы бірдей көрінгенмен жаратылысы бөлек лириканың айырмасын ажыратудағы теориялық меже түріндегі өлеңтану тәсілі. Осы аса мәнді теориялық тұжырымды өлең сөздің жаратылысын тануда біліп, ескеріп отыру үрдіске айнала қоймаған сияқты.

Мұны ХІХ ғасырдағы әдебиет үлгілерінің даусыз, басы ашық авторсыз фольклор үлгілері өз алдына, басқа нұсқалардың ауызша әдебиет пен жазбашаға қатысын болжауда теориялық бір меже есебінде ескеріп отыру жөн көрінеді.

Және бір меже – М. Әуезовтің жазбаша әдебиет қоғамның рухани қалпында белгілі бір бет, бағыт, сарын пайда болған уақытта туды деген қисынын шығарманың негізгі сарын, желілері арқылы (өлең үлгісі, құрылымы емес – Қ.М.) қарастырып, ажыратып отыруды ұстанған дұрыс сияқты.

Дулат осы тұрғыдан келгенде жыр өлшемімен жазылса да “жыр” деп аталмайтын жанрлық сипаты өзгеше лирикалық өлеңді жасаған ақын” [31,
92 б.].

Қ. Өмірәлиев Дулат өлеңді әрі айтып, әрі жазып шығарған дейді. Ол – Дулат пен Абайдың бірнеше өлеңінің жасалу тәсілі, айтылу сарыны, тіпті көзқарас жөнінен өте жақын келетінін алғаш атап көрсеткен ғалым.

Дулаттың “өзгеше лирикалық” өлеңі ауызша әдебиет үлгісіндегі ұйқас үшін, ойға баспалдақ үшін көмек етер жанама жол, жанама сөзден таза.

Абайдың “Болыс болдым, мінеки”, Дулаттың “Сөзім бар да көзім жоғы”. “Ел жақсысының” сипатын Дулат та, Абай да көбіне бір көзбен көріп, бір жүрекпен сезіп сипаттайды.

Қ. Өмірәлиевтің ауызша мен жазба әдебиет мәселелерін қарастырғанда
А. Байтұрсынов, М. Әуезов, т.б. ғалымдардың пікірлерімен иықтас тұрған мәселелі, мәйекті түйін жасап отырады.

“Бұл ақындардың енді бір тобы екі ақындық мектептің қатар өкілі болды: олар әрі айтысқа түсіп, айтыс ақындарына тән машықпен өлеңді суырып салып табан астында ауызша шығарып отырды, әрі олар өлеңді жазып та шығарды. Заман жайлы жаңа толғаулар жазды. Айтыста олар Жанақ, Түбек, Орынбай сияқты мақтау өлең иелері, ал заман жайындағы толғауларында мүлде бөлек тұрпатты ақындар болды. Дулаттың соңынан ала шыққан Шортанбай осы сипатты ақындардың басты өкілі” [31, 80 б.].

Қ. Өмірәлиев әдебиет күйін (ХІХ ғ. орта тұсындағы) жанрлық жақтан қарастыруында сол әдебиетті туғызушылар құрамын, олардың даралық сипатын айырып, ажыратып топтайды.

Мәселен: “Сөйтіп, ХІХ ғасырдың орта тұсындағы қазақ поэзиясы, әрі оның шығарушылары жайлы мынаны айтуға болар еді: біріншіден, (астын сызған біз – Қ.М.) би ақындар болды, олар байырғы дәстүрмен, үлгімен тақпақ сөздер, мақалды сөздер жасады; екінші, сарай ақындары болды, олар мақтау жырлар жаратты; үшінші, айтыс ақындары болды, олар мақтау өлеңдер мен айтыс өлеңдерді шығарды; төртінші, шығыс әдебиетіндегі ғашықтар жайлы сюжеттерді (әрі қиссаларды) қайта жаңғыртып жазатын кәсіпқой ақындар болды, олар жыр, өлең үлгісіндегі ғашықтық дастандарды туғызды; бесінші, дін ислам өкілдері жайлы шығармалардан сюжет алып, өлең үлгісінде қисса жазатын молда ақындар болды; алтыншы, әрі айтысқа түсетін, әрі ауызша да, жазба түрде де толғау жыр шығаратын ақындардың жаңа тобы көрінді” [31,


81 б.].

Заманалық өзгерістер туғызған жаңа мазмұн өлеңге жаңа түр әкелетіндігі жайлы әдебиеттану ғылымында айтудай-ақ айтылды. Мәселен, Махамбет ақынның көтеріліс тіліндегі (Қ. Өмірәлиев) жырлары.

Поэзияны жасаушылар осылайша В. Радловтың, Ш. Уәлихановтың,
А. Байтұрсыновтың, С. Сейфуллиннің, М. Әуезов, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, Ә. Қоңыратбаев, т.б. зерттеушілер еңбектерінде топталып отырды.

Құлмат Өмірәлиев сол ХІХ ғасырдағы поэзияны түрге бөлу жайының өз еңбегі жазылған тұста қазақ өлеңі жүйесін түбегейлі зерттеу З. Ахметов еңбектерінде ғана бірқыдыру саралана берілгенін айтты. Бұл пікірін айтқан еңбек жазылған тұста Ахмет Байтұрсыновтың, Халел Досмұхамедұлының теориялық тұжырымдамалары ғылыми айналымда жоқ еді. М. Әуезовтің еңбектерінің өзі тұтас игілігімізге айналмаған тұс қой.

ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарына дейінгі қазақ поэзиясының өлең түрлерін Қ. Өмірәлиев арнайы қарастырды. Бір үлгіде, байырғы жыр үлгісінде осы уақыттарда әр алуан тақырып, әр алуан мазмұнды Сөз туды. Халық Сөздің мән-мағынасына қарай жіктеп, ат қойды.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет