Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі тарихи



бет1/7
Дата12.06.2020
өлшемі68,69 Kb.
#73259
  1   2   3   4   5   6   7
Байланысты:
Абай жолы


«Абай жолы» - Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы - қазақтың тұңғыш эпопеясы. 1-кітабы 1942, 2-сі 1947, 3-сі 1952, 4-томы 1956 ж. жарыққа шықты.

Эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949), «Абай жолының» тұтас төрт томына Лениндік сыйлық (1959) берілді.

«Абай жолы» арқылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. Сөйтіп, 19 ғасырдың 40-50-жылдарын М. О. Әуезов туған әдебиетіміздің даму тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ренессансқа айналдырды. Мұның өзі заңды да, өйткені «Абайдай» шығарма бұл тұсқа дейін қазақ әдебиетінде болған емес».[1] «Бұл да аз,- деді француз жазушысы Луи Арагон,- әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын; бұл, менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі». Ең талғампаз суреткерлердің аузымен айтылған осындай орасан биік бағаға «Абай жолы» қандай қасиеттері мен жетті? Бұл сұраққа жауап беру үшін эпопеяға тән негізгі ерекшеліктерді ескермей болмайды. Алдымен, тақырып туралы. Кешегі, яки тарихи тақырып: бүгінгі, яки қазіргі күн тақырыбы деп жүрміз. Бір тұста осылар жөнінде айтыс ашып, дауласып та көрдік. Бәрі шартты нәрсе! (Кеше, бүгін, ертең... Уақыт жалғастығында жік жоқ: таң атса, ертең бүгінге, бүгін кешеге айналады. Демек, кешесіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ). Сондай-ақ бүгінгі қазақ кім? Мұны тану үшін кешегі қазақты білу шарт. Тамыры жоқ ағаш, тарихы жоқ халық болмайды. Әуезов өзінің төрт том «Абай жолы» арқылы бүкіл дүние жүзіне, қала берді - өз отандастарына, керек десеңіз тіпті - қазақтардың өзіне қазақ дегеннің кім екенін танытты. Дәлірек айтқанда, қазақ халқының ұлылығын - оның өткен өмірін - тарихын, тарихының түбірлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан трагикалық Һәм шығармашылық дәуірлерді ғажайып көркемдік күшпен жарқыратып, ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берді. Сондықтан да, «Абай жолын» оқыған Бенжамен Матип «қазақ неткен ғажайып халық» деп өзін-өзі ұмыта таңырқаса, Константин Федин «өзінің қалай қазақ боп кеткенін білмей қалған». Сондықтан да бүгінде Л. Н. Толстойды оқымай орысты, О. Бальзакты оқымай французды білдім деу қандай қиын болса, Әуезовті оқымай қазақты білдім деу сондай қиын.

Қазақтың тұңғыш эпопеясы



«Абай жолының» бас кейіпкері - Абай. Біз ақын өмірінің елу жылына айғақ боламыз. Абайдың адам, азамат, ақын ретінде қалыптасуы сол жарты ғасыр ішіндегі қазақ қоғамының барлық саласындағы өмірдің барлық ойы-қыры, қия-қалтарысымен өріле суреттеледі. Абай арқылы өткен ғасырдың екінші жартысындағы және осы ғасырдың басындағы бүкіл халық тіршілігін, оның көп бұралаң тағдырын, ой-арманын, мақсат-мүддесін, күрес-тартысын... бәр-бәрін түгел шарлап өтеміз. «Халық» дегенде, бұл ұғымның негізінде ұлттың әдет-ғұрпы ғана емес, ұлттық рухы жататыны сөзсіз. Демек, «Абай жолында» кешегі қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы ғана емес, күллі рухы сайрап білініп тұр.

19 ғасырдың 2-жартысындағы қазақ өмірінің бұл төрт кітаптан тыс қалған бір де бір қалтарысы жоқ. «Абай жолының» мазмұн жағынан алғанда жалпы жұрт мойындаған энциклопедялық сипаты, жанр жағынан алғанда қазақтың тұңғыш эпопеясы екендігі де осында жатыр. Тағы бір күрделі ерекшелік - осынау кең құлашты халықтық эпопея бастан-аяқ тартысқа, қарама-қарсы күштердің қым-қиғаш күресіне құрылған және осылардың бәрі диалектикалық қимыл-қозғалыс, өсу-өрбу, өрістеу үстінде көрсетілген. Мысал үшін шығарманың негізгі арқауындағы арналы тартысты алайық. Бәрінен бұрын мұнда жеке адамдар арасындағы психологиялық шиеленістер, қарым-қатынастағы қайшылықтар, әлдінің әлсізге қиянаты, зорлығы, қаныпезерлікке ұласқан қаталдығы (Қодар мен Қамқа оқиғасы); одан өрбіген ру мен ру арасындағы кескілестер - жер дауы, жесір дауы, құн, барымта, алыс-жұлыс, айқастар; осылардың жалпы жұртқа тиген зардабы - түрлі сипаттағы қаналулар: кедейленулер, қаңғып-тентіреулер, жұтқа ұшыраулар, жатақтардың пайда болуы, қазақ даласына орыс қоныстанушыларының келуі, жарлы-жақыбайлардың өзара ынтымағы, олардың үстемдерге қарсылығы, бұл қарсылықтар үстінде көрінген жалаңтөстер, олардың жазалануы, жер аударылуы, осы арқылы бірте-бірте ескі мен жаңаның ара жігі ажырап, күрестің жаңаша сипат алуы... Осылардың бәрі қара қылды қақ жарған әділдікпен адал, ақиқат шындық шеңберінде тағы да нақты және даму үстінде көрінуі - шын мәніндегі реалист-суреткердің айта қалғандай дарын күшіне, талант қуатына саяды. Эпопеяда ешбір адам жоғарыдағыдай тартыс арнасынан шет қалмайды. Бәрінің характерлері, сол қым-қиғаш күрес үстінде қалыптасады. «Абай кезіндегі қазақ даласында,- дейді автор,- күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдегі ескіні мен Құнанбай образына жинақтадым. Ал, оның баласы Абай бойында енді туып келе жатқан жаңа бар. Сондықтан, ақын Абайдың қалыптасуын көрсету арқылы мен үлкен қоғамдық шындықты - ескі мен жаңаның диалектик, қарама-қарсылығын, күрес нәтижесінде ескіні жаңаның жеңуін ашуға тиіс болдым». Бұл - аса қиын әрі қатерлі адым. Күрес пен тартысты анық жауласқан қарама-қарсы екі жақ емес, туған әке мен баланың арақатысына құру бұрылтпас және көл-көсір психологиялық дәлелдер таппаса, көптің сана-сезіміне бір қарағанда жете қоймайтын нанымсыз нәрсе секілденеді. Реалист-суреткердің айта қалғандай шығармашылық күш-қуатының тағы бір керемет көрініс тапқан тұсы - осы ара: әке мен баланың өзара ымырасыз жауларға айналуы, нәтижесінде Абайдың әкеден біржола тұсау үзіп, іргесін ажыратуы. Оқырманды осыған қалтқысыз сендіруі - автордың қисапсыз шеберлігі болса, соның нәтижесінде көрінген «Абайдың қасиеті - өз табының тілегінен көп қиналыстар, толғанулар, тәнге-жанға түскен жаралар арқылы жыртылып айырылуында, өз заманынан биік тұруында».[2] Бұл - эпопеяның идеялықаласытақырыптық негізінің мызғымас мықтылығы. «Абай жолының» граниттей берік ірге тасы осынша шебер қаланған. Ал, сюжет пен композицияға келетін болсақ, мұнда да Әуезов суреткерлік шеберліктің үлгісін көрсеткен. Төрт кітаптың өн бойында адам образдарын жасауға қызмет етпейтін бір де бір деталь, штрих, керек десеңіз, бір де бір сызық жоқ. Бәрі де мінездеу мен мүсіндеу, жинақтау мен даралау міндеттерін атқарып тұр. Әр характердің жасалу тарихы бар. Әр образ тип дәрежесіне дейін көтерілген. Басты кейіпкерлер ылғи өрбу, өсу үстінде көрінеді. Ӏ-кітаптың басында қаладан аулына асығып келе жатқан бала шәкірт пен 4-кітаптың аяғында жарық дүниеден жөнеліп бара жатқан данышпан ақынның екі арасындағы қырық бес жыл тек қана Абайдың адам, азамат, ақын ретіндегі өзгеруімен, жаңғыруымен, жаңаруымен, құбылуымен, құлпыруымен өтетіні сияқты әрбір ірі, іргелі қаһармандар не ілгерілеп, не кері кетіп, не өрлеп, не құлдырап, не өліп, не тіріліп отырады. Статикалық түрде бір де бір құбылыс жоқ, бәрі динамикалық сипатта. Бұл сюжет мінсіздігінің нәтижесі.

Осылардың бәрі композициялық бүтіндікке көшкен жағдайда жазушының тағы да адам таң қалғандай шеберлігі ширатылып шыға келеді Мұны Мүсірепов дәл аңғарған: «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген - әр бөлімнің аттары. Осыны біріне бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат, шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға келе жатқан Абайды көресің. Бұл - үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге бұл - Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Сонда, Абайдың жолы - «қайтқанда, қат-қабатта, шытырманда, бел-белесте, өрде, қияда» болып шығады да, Құнанбайдың жолы - «қияда, өрде, бел-белесте, шытырманда, қат-қабатта, қайтқанда» болады. Бірі - көтерілу, бірі түсу, төмендеу жолы. Үшінші, бұл - Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы».[3] 1-кітаптың композициясын бұдан артық дәл сипаттау қиын. Сол сияқты әр кітаптың жеке-жеке және төрт кітаптың жалпы композициясын да осы ретпен таратып-тұтастырып шығуға болар еді. Бірақ ол шарт емес. Бәрінің бірімен, бірінің бәрімен бірлігі секілді, бәрінің түзілісін бірінің құрылысымен сипаттауға әбден болады. Жаңағы пікір 1-кітаптың жалпы мазмұнына қатысты айтылды. Сол сияқты мұндағы полифониялық сырды, я болмаса көп проблемалылықты, олардың бәрі барып тоғысар үлкен арнаны да әлгі ретпен байыптап шығуға болар еді. Айталық, 1- кітаптың 1-бөлімідегі бірінші тарау:

1) «Үш күндік жолдың соңғы күніне барын салған бала шәкірт» астындағы жарау құлабестісін ағызып-ағызып алып, жаппақ жазықтың белінен-беліне көтеріліп, қасынудағылардан оза шауып, алып-ұшып келеді. Бұл арадағы тақырып - туған жер, идея - сағыныш.

2) Жолаушылар жайлаудағы ауылға жетті. Абай әйелдер кұшағыңда, жаппай, жағалай сүйіс, енді бірде әже қасында, әжесін өлеңмен алдап үшкіру, қуаныш-күлкі, бәрі мәз-мәйрам, мәре-сәре. Бұл арадағы тақырып - ана, идея - мейірім.

3) Абай үлкен үйге кірді, Құнанбай қасында, Құнанбайды қоршаған ақсақал-қарасақалдар арасында үнсіз, жым-жырт тыныштық, бірін-бірі баққан суық жүздер, әлдебір кеселді құпияны әркім өзінше іштей салмақтап, сілтідей тынып қалған. Бұл арадағы тақырып - әке, идея - мейірімсіздік...

Дәл осы ретпен жеке алғанда бір кітаптың, жалпы алғанда төрт кітаптың бар проблемасын ақтара-төңкеріп, өріп шығуға болар еді. Сонда эпопеяның бар саласын, ойы-қырын түгел шарлап, кезіп шығуға болар еді... Бұл эпопеядағы сан алуан сыр мен шындықты, оның ірілі-ұсақты детальдарын бір желіге көгендеу болса, енді жеке кейіпкердің, яки Абайдың өз тұлғасын тұтастырудағы бір ғана композициялық сәтті алып қарайық.

Бірінші кітап

1-кітаптың басында Абай қаладан далаға келе жатады, асығып, алып-ұшып, аулын сағынып келе жатады; ал аяғында - даладан қалаға кетіп бара жатады, қарама-қарсылыққа, қайшылыққа толы өз аулынан өзі безіп, түңіліп қашып бара жатқандай. Осы екі арадағы он шақты жылда аулынан Абай көрген жайды, Абай кешкен хәлді, Абай ұққан, Абай сезінген, Абай түйсінген сырларды бір шолып пайымдасақ, тек Абай басында болған өзгерістерді ғана емес, кітап толы кейіпкерлердің бәрін бір атмосфераға алған үлкен эволюцияны аңғаруға болар еді. Бұл да зергер қиюластырған тамаша композиция арқылы тұтасқан шынайылық. Енді тип пен характерге көшсек, бұл арада да Мүсіреповке бір соғып өткен жөн. Асылы, Мүсіреповтің «Абай» романы туралы» деген сын мақаласы - әдеби шығарманы эстетикалық талдаудың үлгісі. Оны 1958 жылы I. Омаровқа жазған хатында Мұхтар Әуезовтің өзі де өте жоғары бағалаған: «Ойыма он бес жыл бұрынғы бір кез оралып еді,- деген ол. - «Абай» романының бірінші кітабы шығып, соны жазушылар, сыншылар, кейбір адамдары боп талқылап, танымақшы болып жатты. Бірақ бір күнгі ұзақ мәжіліс түк те берекелі нәр бермеді. Баяндамашы Құнанбайды Иван Грозный деп, Петр Первый деп әр биікке қарай жетектеп алды да, қаңғыды да кетті. Кейін сөйлеушілер де жетістірген жоқ. Әркім әрбір қабуын-шабуын дегендей сипалаған, сылаған болды да, кәдімгі белгілі саяз, сылдыр сөздерге сайды. Өте бір күйкі күйді амалсыз еске алғызды. Мен үндегем жоқ... Сол жиылыстың ең соңында күн бойы о да үндемей отырған Ғабит жиылысты басқарып отырған Сәбитке келіп бір ауыз сөз айтты: «Немене, адамша сөйлейміз бе, жоқ осымен кете барамыз ба?» - деді. Сол күннен бастап екі кеште ол бір баспа табақтай етіп өзінің роман жөніндегі, бар жұрттан оқшау, бөлек шырғау шыққан әділ, адал, саналы толғаулы ірі ойларын айтып шықты. Сөйтіп, келесі күнгі жиылыс «адамша сөйлеудің» нағыз өзін бастап еді».

Дәл осы сөзінде Мүсірепов романдағы типтер мен характерлердің бірқатарын бірер сөзбен былайша дәлме-дәл сипаттайды. «Сүйіндік - жалтақ; Байдалы - табанды, қырыс адам. Бөжей - сыр бермес, Қаратай - жеңген топтың қасында... Майбасар, Жұмағұл, Тәкежан, Қамысбайлар - патша үкіметінің жасаған болыстығының маңында болатын мансапқорлар... Зере - ел анасы, Ұлжан - соның жалғасы. Сары апаң - үстем рудың әрқашан өзімдікі дұрыс деп, қисыны келсе-ақ қарсы дау соғатын кеуделісі... Бұлардың бәрінің жиынтығы, сақасы сияқты Құнанбай - сонша сұм, сонша аруақты, сонша бір кесек образ! Абайдың өзін алатын болсақ - бұл бұқара халықтың тартқан жапа, көрген қорлық, төккен жасынан туған, ел тілегіне жаңа жолдар, ел болашағына жаңа бағыт іздеген, әзір таппаған, бірақ қайдан табатынын дәл сезіп болған ел басы, замана жасы. Құнанбай - елдің тоқырап қалған, өз биігінен аса алмаған ескі ойы болса, Абай - елдің алысты болжай алған, ілгері сүйреген ойы».[4]

Білгірлікпен берілген мінездемелер!.. Абай тұлғасы - эпопеяның жаны мен жүрегі. Бұл бейнені Әуезов өзінің кемел көкірегінде қолына қалам ұстаған күннен бастап аялап, ойында тербетіп, ғұмыр бойы қиялында өрбітіп келген. «Боваримен» дейтін Флобер секілді, «Наташа Ростова - өзім» дейтін Толстой тәрізді Әуезовтің өзі Абайға, Абай өзіне айналып кеткенше бұл бейнені қағаз бетіне түсірмеген, іштей пісіре берген. Әуезовтің өлеңнен өзге артында жазулы жазба дерек қалмаған Абай өмірінен романға материал жинау әрекетінің өзі керемет қызық, нұсқасы: «Алдақашан бел асып кеткен керуеннің айдаладағы жұртына кешігіп жеткен жүргінші,- деп жазады ол,- сөніп қалған от орнынан болмашы жылтыраған бір қызғылт шоқ тауып ап, оны демімен үрлеп тұтатпақ болды десек, романға материал жинаған менің хәлім де дәл сол әрекет сияқты еді. Мен қарт адамдардың көмескі жадында ұмыт болып қалған көп нәрселерді қайта ойлатып, айтқызып алдым. Алпыстағы Әйгерімнің әжімді бетіне қарап, оның бір кезде Абайды тұтқындаған жас шырайлы ғажап сұлу жүзін «қалпына келтіруім» де әлгідей еді». Міне, осы әрекетінің өн бойында жазушы өзінің бас кейіпкерінің образын ойша қорытып, санада жасап жүрді. Осылайша өзінің қаны мен жанына айналғандықтан да оның бас кітабында бас кейіпкердің тастан қашалғандай көп қырлы, мол бедерлі бейнесі, құдды тірі адамдай жанды, толыққанды тұлғасы тұтасып шыққан.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет