Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын



бет5/8
Дата04.11.2016
өлшемі1,27 Mb.
#300
1   2   3   4   5   6   7   8

1)«Абайдың шәкірттері кімдер?» деген сұрауға, үшінші рет, советтік дәуірде Ташкент қаласында шыққан «Шолпан» атты журнал жауап бермек болды. Журналдың 1923 жылы шыққан 2-3 және 4-5 сандарында «Қоңыр» атты псевдониммен біреу «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген мақала жазды. Мақаланың авторы, жоғарыда, «Абай» журналында жарияланған «Екеудің» пікіріне түгел қосылып, ондағы революцияға қарсы пікірді тереңдетті, Совет өкіметіне қарсы құралды күрес жүргізген Ахмет Байтұрсынов пен Мыржақып Дулатовтан бастап, «Абайдың шәкірттері» деген тізімге он ақын, жазушының атын тіркеді, солардың жетеуі – Октябрь революциясына, Совет өкіметіне ашық қарсы боп, қазақ халқының тарихында қара тақтаға жазылғандар.

2) Әуезов жолдастың Шәкәрім мен Көкбай туралы сөздері саяси қате пікір екендігіне, бұл айтылғандардың көпшілігі Абайдың таза бетіне күйе жағу болатындығына кейінірек толық ораламыз. Әзірге айтарымыз, осы пікірін Әуезов кейінгі мақалаларында да қолдап, халық жауы Шәкәрімнің атын 1940 жылы Москвада орыс тілінде шыққан «Абайдың өлеңдері мен поэмалары» деген кітапта да (18-бет) қайталайды. Абайдың 1940 жылы басылған Шығармаларының толық жинағына жазған мақаласында, Әуезов жолдас Абай «шәкірттерінің» тізімінен Шәкәрімді шығарады да, оның орнына саяси бетінде Шәкәрімнен түк айырмасы жоқ Тұрағұлды қосып, ол туралы: «Шыныда да Абайдың уағыз-өсиет айтып, адам болсаң сен ғана боласың, үміт қылатын сендер ғана дейтін ет-бауыр, жақын жастары да осы Көкбай, Тұрағұл болатын», – дейді (269-бет). Тұрағұл Абайдың 1948 жылы шыққан Толық жинағында өте сүйкімді сөздермен аталады, осы кітаптың 121-бетінде, Абаймен түскен фото-суреті басылады.

Әуезов жолдастың, Шәкәрім бандит боп өлгеннен кейін де, оған мейрімді көзбен қарауы, ең жеңіл тілмен айтқанда – ұят.

Әуезов жолдастың былтыр басылып шаққан «Ақын аға» деген романында, Абай шәкірттерінің бірі боп Шұбар деген жүреді. Оның Шәкәрім екені өзінен-өзі көрініп тұр, өйткені, ол, Мағауиямен жарысып, «Еңлік-Кебек» атты поэма жазып жүреді, сонда ол Шәкәрім болмағанда кім? Олай дейтініміз кітап боп шығып елге тараған «Еңлік-Кебек» – Шәкәрімдікі. Мағауия «Еңлік-Кебекті» жазыпты деген сөзі әлі дәлелденуі керек. Өйткені, Мағауияның өзге өлеңдері әртүрлі жазбаларда сақталғанда, ол «жазыпты» деген «Еңлік-Кебек» ешқайда сақталмай, тек, Мұхамедхановтың айтуынша, Мұхтардың Семейдегі архивынан табылыпты-мыс. Ол не қылған архив? Және ол архивты 1934 жылғы мақаласына дейін Әуезов жолдастың өзі неге білмеген?!. Одан бұрынғы мақалаларында неге атамаған?!. Бұндай бандиттың шығармаларын біз талқылап жатпаймыз.

3) Екінші – Тұрағұл. Жақсы көретіндердің еркелетіп қойған аты – Тұраш. Абайдан туған бала болғанымен, бұл да совет қоғамына жат, жау кісі. Ол да «Алашорда» партиясының ардақты адамының бірі боп, «Сарыарқа» газетіне Совет өкіметін жамандап мақала жазған. 1928 жылы, Совет өкіметінің ерекше декретімен, қазақтың бес жүз бай-феодалдарының мал-мүліктері конфискацияға алынғанда, Тұрағұл да сол тізімде болған. Осындай жолда өлген адамды да, 1951 жылға дейін Әуезов жолдастың, оны қуаттап Жиреншин, Мұхамедханов жолдастардың дәріптеуіне қайран қаламыз!

4) Үшінші – Нармамбет Ормамбетов. Бұл адамның да «Алашорда» партиясында болған сырлары ашылып, архив документтерімен дәлелденіп отыр. Сондықтан ол туралы да ешкіммен бұл жолы айтысқымыз келмейді.

5) Абай шәкірттері аталатындардың ішінде Көкбай Жанатаев та бар. Бұл адам 1862 жылы туып, 1925 жылы, совет тұсында, 63 жасында өлген. Биографиялық материалдарға қарағанда, Көкбай жас күнінен, совет өкіметі құрылғанға дейін, мешіт ұстап, өзі сонда жиырма жылдай имам боп, мешіт қасына діни медіресе ашып, өзі сонда дін сабағынан жиырма жылдай дәріс оқыған адам.

6) Төртінші – Әріп Тәңірбергенов. (1856-1924). «Абай шәкірттері» деген тізімге оны қосып жүрген Мұхамедханов. Біз Әріппен де таныспақ боп, жиналған шығармаларын түгел оқып шықтық, олардың біразы «Абай шәкірттері» деген жинаққа қосылған, біразы қолжазба күйінде, Ғылым Академиясының архивында сақталған. Солармен танысқаннан кейін келген қортындымыз: шығармаларының не идеялық, не көркемдік жағынан оның Абаймен ешбір байланысы жоқ. Ол өз бетімен өрістеп жүрген ақынның бірі көрінеді.

7) «Абай шәкірттері» аталып жүрген консерваторлар мен реакционерлердің шығармалары совет баспасөзінің бетінен орын ала алмайтынын, соларды жоқтаушылар түсінген сияқты да, бар шығармаларын бастыруға болмағанмен, біраз шығармаларын майлап өткізуге көп жыл даярлық жасаған сияқты. Большевикше, турасын айту керек, осы даярлық жасаудың алдында Әуезов жолдас жүреді.

8) Осыған сенудің кесірі, Хажым Жұмалиев пен, мен қол қойып, 1950 жылы орта мектептің 9-класына арнап шығарған әдебиеттік оқу кітабына да тиген. Кітаптың алғашқы жартысын (107-бетке дейін) жазған Жұмалиев жолдас, кітаптың 6, 36, 83-беттерінде Ақылбайды, Мағауияны, Көкбайды «Абайдың шәкірттері» дейді, «Абай оларға тема берген еді» дейді. Сонда Әуезов жолдастың мәліметіне сүйенген. Әуезовтің мәліметтерін первоисточник қып, сүйенетіндер тағы да толып жатыр.

9) «Қазақ әдебиеті тарихының» екі томында рушыл-феодалдық ескі өмір дәріптелсе, «Абай шәкірттері» деген мәселенің төңірегінде ескілік дәріптелсе, ескілікті дәріптейтін бірнеше ғылми диссертациялар мақталса, осылардың басында жолдас Әуезов отырса, бұлай дәріптеулер бір емес, бірнеше жылға созылса, Әуезов жолдас олай деп ойласын, ойламасын, мұның аты ұлтшылдық, бұрмалаушылық, ал мына аталған залалды шығармалар халқымыздың, әсіресе, жастардың сана-сезімін улайды.

Бұл былықтан қалай аршыламыз? Әрине, большевиктік қатаң, әділ сынның жәрдемімен ғана аршыламыз. Ондай сын болды ма? Әрине, болды. Соңғы бес-алты жылдың ішінде, Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті 1945 жылы «Қазақ ССР тарихының» екінші рет басылуы туралы, 1947 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және Әдебиет институтының жұмыстарындағы саяси өрескел қателіктер туралы қаулы алды. Осы қаулыларда байшыл-ұлтшылдық идеологиялық көріністері большевиктік тұрғыдан қатты сыналып, оларды түзетудің жолдары көрсетіледі.

Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің тілі «Социалистік Қазақстан» газетінің 1947 жылғы 14 марттағы 52-санында С. Баишев жолдас «Профессор М. Әуезов өткендегі қателіктер шырмауында» деген атпен мақала жазып, Әуезовтың 1932 жылы басынан кешкен саяси қателігін баспасөз бетіне мойнына алғаннан кейін де, ескі қателіктерінен шырмалып шыға алмай жүргені, талассыз документтермен дәлелденді».
Бұл дәлденіп көзделген қарауыл болса да, оғы бытыра еді. Кейін бұл бытыра ұайта құйылып, қорғасынға айналды. Өзге де шешендер сөйлегенімен, олардың демешілік қана демі бар еді. Сондықтан да келтіріп жатпаймыз.

М.Әуезов «Енді Абай мектебі мен оның шәкірттері туралы мәселеге тоқталайын. Тоқтала отырып: баяндамашы бұл мәселені күн тәртібіне дұрыс қоя алмады, яғни, баяндамашы Мұхамедхановтың Тіл және әдебиет институтында қорғаған дессертациясы кезіндегі жанығу мен даңағазаны қайталай жаңғыртуға тырысқанын мәлімдеймін.



Әйтпесе, алпыс жыл өмір сүрген Абайдың өз ортасын қалыптастырғанына күмәндануға бола ма? Меніңше бұған күмәндануға болмайды. Оның ақындық мектебі туралы мәселе дәл қазір тар шеңберде ғана күн тәртібіне қойылып отыр, яғни, оның өзінен кейінгі ақындар мен қазақ әдебиетіне әсері қозғалып отырған жоқ. Соңғы мәселе өте ауқымды және бұдан кейін де айтыла бермек. Ал шәкірттеріне келетін болсақ, бұл нақты және қарапайым ғана мәселе. Дәл қазіргі әңгіме – оның айналасындағы және өзі жақын араласқан әр деңгейдегі шығармашылық тұлғалар жөнінде қозғалып отыр. Алайда ұстаздың жөні бір басқа, шәкірттің жөні бір басқа. Олар Абайдың өзі сияқты талантты да емес, шығармалары Абаймен салыстырғанда әлдеқайда төмен, егерде Абаймен теңдесетіндей болса, онда шәкірт емес, олардың өзі жаңа бір мектептің ұстазы ретінде танылар еді, бірақ олар бұл деңгейге көтерілген жоқ, сол шәкірт күйінде қалып қойды.

Сіздер: олардың кейбіреуінің қателескені, идеялық, саяси қайшылықтары бар туындаларды жазғаны үшін шәкірт қатарынан шығарып тастап, сол арқылы Абайды қорғағыларыңыз келетін сияқты. Шындығына келетін болсақ, мұндай қайшылықтар мен кемшіліктер, идеялық-саяси қателіктер Абайдың өз басында да болғанын назардан шығарып алғансыздар. Біз Абайды бір жақты емес, оның жеке басындағы кемшіліктерді көрсете отырып, жан-жақты зерттеуіміз керек. Маркстік ойлау жүйесіне дейін өмір сүрген барлық ақындар сияқты Абай да қоғамдағы өмірді өзгертетін басты фактор – адамгершілік бастауы деп білді, Абайдың өз діні болды, тағы басқа да қателіктер жіберді.

Әрине, оның шәкірттері үлкен-үлкен қателіктер жіберді. Мысалы, Көкбай Кенесарыны мақтап дастан жазды. Дәл қазір бұл оның басты кінәсі және Абайдың да қателігінің түп тамыры ретінде қаралып отыр. Алайда Көкбай Кенесарыны жырлаумен тоқталып қалған жоқ, бұдан өзге де дүниелер жазды.

Жазушы-зерттеуші жолдастар, сіздер Көкбайдың өзге шығармаларын біле білмейсіздер, басқасын былай қойғанда, Абайдың өзі оған 4 өлең арнады және өзінің төл шәкірті деп есептеді, қоғамдық өмірдің өзге де құбылыстарына арнап көптеген өлеңдер жазды. Абай көтерген мәселеге арнап оның шәкірті Әріп те өлең жазды. Мысалы, соңғы аталған шәкірт (Әріп) Абай қозғаған тақырыпты жалғастырып, еңбек, әйел тағдыры, орыс мәдениеті туралы жазды. Көкбай да, Әріп те контрреволюцияшыл, ұлтшыл Дулатовты өлеңмен сынады, бұдан кейін және ең бастысы Әріп В.И. Ленин туралы бірнеше өлең мен дастан жазды. Әріп 1924 жылы маусым айында қайтыс болды. Сондай-ақ Көкбай да өзінің соңғы өлеңін Ленинге арнады. Ол 1923 жылдан бастап төсек тартып ауырып, 1926 жылы дүниеден озды.

«Абайдың шәкірті Мағауия Шәміл туралы дастан жазды», – деген сөз қазір сондай үрейлі естіледі. Алайда, құр аталып өткені болмаса, нақты ештеңе жоқ, өйткені ол дастан із-түссіз жоғалып кетті. Анығына көшсек, 90 жылдардан бастап Шәміл туралы жаппай жазылып келді, кезінде Лев Толстой да қалам тартқан болатын.

Сонда, өткен ғасырдың 90-жылдары Көкбай Кенесары туралы немесе Мағауия Шәміл туралы дастан жазды деп, оларды бүтіндей сызып тастауға бола ма, сонымен қатар Абай мектебін жоққа шығаруға бола ма? Анығын айтсақ, қазақ кеңес жазушылары мен зерттеушілері күні кешеге дейін Кенесарыны мадақтаған, таң қалған ыңғайда еңбектер жазып келді, сонда оларды да мәңгілікке біржола сызып тастаймыз ба?

Жоғарыдағы айтылғандарды негізге ала отырып, Абай мектебі мәселесін ойланып барып, Кенесарыға араластырмай дербес қараған жөн. Бұл мәселені кеңінен кеңесіп, кімді Абайдың шәкіртінің қатарына қосу керек, кімді сызып тастау керек – деген мәселені олардың шығармаларын талдай отырып шешу керек. Әрине, Абайдың айналасында өте жағымсыз адамдар да болғанын ескеруге тиіспіз. Бұл мәселелердің барлығын Кенесарының қозғалысымен араластырмай, пайымды түрде жеке зерттеу қажет».
Иә, бұл келешектегі Абай төңірегінде қозғалатын бетбұрысты талқылардың басы, Абайға емес, жеке М.Әуезовке бағытталған үлкен саяси науқанның екінші соққысының желқағары болатын. Мұнда абайтанушы Әуезов әлі де Абайдың шәкірттен тұл емес екеніне, ол шәкірттерінің мүлдем оңбаған емес екеніне, С.Мұқанов ишара еткен тастүлектердің ұшатын бағытынан жаңылмағанына сенім бар, сондықтан да қорғай сөйлейді.

Мәжіліс қорытынды шығаруға ойысады.

С.Нұрышев: «Қаныш Имантайұлы Ғылым академиясының біріккен президиумында: «Абайтану» туралы мәселенің «саяси шапкасын кигізіп» 1- шілдеге дейін шешімін әкеп беріңдер деген. Мұхамедхановтың диссертациясы туралы шешім анық (Диссертация жоққа шығарылып, оның өзі қамау,а алынған болатын). Ал ол Абай мұражайында қандай дұшпандық идеологиялық бүлдіру жұмыстарын жүргізді, қаншама сұлтандар мен хандардың портреттерін ілді, Абайды қалай теріс насихаттады, ол үшін арнайы адам жіберу керек... Мені қатты алаңдататыны – Абайдың ақындық мектебі туралы мәселе. Ақылбайды Абайдың ақын шәкірттерінің қатарында қалдыруға болар. Ең бастысы: Абайдың ақындық мектебі маркстік тұрғыдан зиянды бағыт ретінде дауысқа салу арқылы емес, ғылыми негізде мүлдем жабылуы керек. Осы мектепті әшкерелей отырып, Әріптің тағдырын шешуіміз керек.

М.Әуезов: Мен де ол мәселені комиссия шешсін деп отырмын.

С.Нұрышев: Әріпті, Көкбайды хрестоматияға қосу керек пе? Мен Көкбайдың архивінің көзі жойылсын деп тұрғамын жоқ. Біздің мектептерде дәріс ретінде өтілген ақындық мектептің антимаркстік-идеологиялық бағытын әшкерелеу керек. Беделді мүшелерден құрылған комиссия қатаң түрде қарап: бұл зиянды теория жиырма жыл бойы қалай мектептерде оқылып жүр, оны өткізіп жүрген кім, жалған теорияны кім ойлап тапты, әлі де сол танымды ұстанып, насихаттап жүрген ғалымдар кімдер? Соларды нақты көрсете әшкерелеу керек. С.Мұқановтың: Абай мектебі шәкірттерінің шығармаларын аудартып, содан кейін талқыға салайық дегені – ескі жалған идеяны қалдырайық дегені, ескіні жойып, жаңа идеяға көшуге тиіспіз».
Бұл арада С.Нұрышев Қаныш Сәтбаевқа сүйене отырып, халық жауын әшкерелеу туралы ұсынысты қаулыға кіргізуге тырысып отыр. Абайдың ақындық мектебінің авторы кім? Әрине, Әуезов. Ендеше, соны қаулыға кіргіз, сөйтіп, соттатып жіберейік деп отыр. Қауіпсіздік комитетінің күткені де, Қ.Мұхамедхановты тұтқындап, қалайда Әуезовті әшкерелеп бер – деп бопсаға салып жатқан тұс та осы күндер еді. Әуезов те жандәрмен сұрақ қойып үлгереді:

«М.Әуезов: Жаңа ғана сенің өзің зерттеуді жалғастыру керек дедің емес пе?

С.Нұрышев: Зерттеу керек, бірақ ол үшін Ақылбай, Әріп сияқты қарабайыр ақындармен Фадеевтің басын ауыртудың қажеті жоқ. Мәселе оларда емес, олардың шығармаларын дұрыс бағытта талдауда. Міне, солай жұмыс істеу керек.

Ғ.Мұстафин: Аға әдебиетшілер Пушкиннің шығармашылығын қалай зерттеп жатыр, біз де Абайдың ақындық мектебін, оның Ақылбай, Әріп, Көкбай, Мағауия сияқты шәкірттерінің тағдырын солай шешу керек. Мен Нұрышевтің ұсынысымен келісемін.

Қ.Жармағамбетов: Мұқановтың ұсынысына келсек, онда шығармаларының 99,99 пайызы ислам дінін насихаттаған Көкбай туралы мәселе анық, оны тақылауға салмаймыз. Әріпке келсек, онда мәскеулік жолдастардың келгенін күтейік.

Қ.Жұмалиев: Мен қарап шығайын.

Қ.Жармағамбетов: Онда қалған екі авторға (Ақылбай мен Мағауия) комиссия құрайық. Құрамына Мүсірепов, Әбішев, Ысқақов кірсін.

Мүсірепов: Абайтану туралы талқы аяқталды деп есептелсін. Арнайы топ ұсынысты хатқа түсірсін. Әйтпесе бәрі бос сөз боп шығады.

Мұқанов: Абайтанудың талқысы аяқталды дейсің бе, онда Абай мектебі мәселесі қайда қалады?

Әуезов: Әңгіме ақындық мектеп туралы болып отыр. Жекелеген адамдар Әріп пен Ақылбайдың шығармаларымен танысып шықпақ.

Жұмағалиев: Абай мектебінің мәселесі шешілді, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Тек Әріп пен Ақылбайдың шығармаларымен танысып, екі-үш күнде ұсыныс жасасын.

Мұқанов: Әріп те, Ақылбай да менің жеке басымның жауы емес екенін баяндамамда айттым. Кенесарыны талқылағанда жалпақшешейлік таныттық. Ол басымызға тиіп отыр. Жалпы ғылымға жат, саяси зиянды Абай мектебіне мен Әуезов үшін емес, бәрінен жоғары партиялық принциптің сақталуы үшін қатал қарауымыз керек деп отырмын. Әріп – дін ұстазы, Кенсесарыда құдай сүйер қылық жоқ. Комиссия бұл адамдардың реакцияшыл-консерватор екенін біледі, әділдік жеңетіні сөзсіз. Бояма жасамайық.

Әуезов: Бұл дұрыс қой. Бірақ та сенің баяндамаң абайтанудағы істелген үлкен жұмыстарды жоққа шығарды, өте ауыр айыптар тағылды. Бәріне, оқулықтарға дейін, басқа ешкім емес, тек Әуезов кінәлі боп шықты. Сенің баяндамаңда: Әуезовтің айыбы Бекмахановтан да сорақы – деген біржақтылық басым болды, осы кеңестің өзінде қателіктері көрсетілген өзге адамдар да, Сәтбаевтің сөзінде аталған ел білетін жетістіктер де ескерілмеді. Сенің қорытындыларыңда бұлар да айтылмады, сыңаржақ кеттің. Сен Әуезовті Бекмахановтан да алыс түкпірге жібердің.

Мүсірепов: Комиссияның ондай шешім шығаратынын сіз қайдан білдіңіз?

Шойынбаев: Қазір абайтану мәселесі жөніндегі комиссия құрамын шешейік.

Жұмағалиев: Комиссия құрамына Ғабдуллинді, Нұрышевті, Покровскийді ұсынамын, жауапты, мәселеге терең және принципті түрде қарайтын адамдар.

Шойынбаев: Ғылыми кеңесте Абай мектебі мен Мұхамедхановтың диссертациясын бірге қарауды ұсынамын.

Ғабдуллин: Мұхамедхановтың диссертациясын қоспаймыз, ол ғылыми кеңесте жеке талқыланады.

Жұмағалиев: Мұхамедхановтың оппоненты болғандықтан ғана Әуезов пен Сильченконы комиссияға қоспау ыңғайсыз.

Жармағамбетов: Мен де солай ойлаймын. Абай мектебі мен Абайдың ғылыми өмірбаяны туралы комиссияның құрамына Ғабдуллин (төраға), Сильченко, Мұқанов, Әуезов және Мүсірепов кірсін.

Шойынбаев: Бұл жөнінде арнайы ғылыми кеңес құрайық, бірлескен ғылыми кеңеске ұсыныс жасасын.

Сильченко: 2-3 күн бұрын Академиядағы талқылауда ашық пікірлер айтылды, ал қазір оның қандай шешім қабылдағанын ешкімде тура айта алмайды. Меніңше комиссия шешеді.

Жармағамбетов: Комиссияның ішінен комиссия құрылмайды. Әр мәселе жөнінде жеке топ құрып, нақты ұсыныстар жасауды соған тапсырамыз.

Ғабдуллин: Абайдың ақындық мектебі мен шәкірттері туралы комиссия мүшелері мыналар...

Мұқанов: Мен ол кезде болмаймын, менің орыныма Нұрышевті қосыңдар.

Ғабдуллин: Нұрышев енгізілді».

Бұл мәжілістің қорытындысы С.Нұрышев пен М.Ғабдуллиннің 1953 жылғы атақты баяндамасымен аяқталды. Пікір қайталаулары болмас үшін біз оны кейінге қалдырдық.

3.

Бұл қызылкеңірдек науқан тағы да екі жылға созылды. Енді Қ.Сәтбаевқа, М.Әуезовке шындап қауіп төне бастады. С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев арасындағы кикілжің де тиылмады. Әр жиналыста, жазушылардың пленумдарында бет жыртысу жалғаса берді. Үш жылдан бері шайқалып барып түзелетін бәйтеректің (М.Әуезов) де түбі босап, құлауға бет алды. 1953 жылдың 30 қаңтары күні сол «Правда» газетінде Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов туралы «Сынау орнына мадақтағандық» атты П.Кузнецовтың мақаласы шықты. Бұған себеп болған З.Кедринаның «Мұхтар Әуезов» («Советский писатель», Москва), Т.Нұртазиннің «С.М.Мұқановтың творчествосы туралы» (Қазақ мемлекеттік кқркем әдебиет баспасы, Алматы) атты зерттеу кітаптарының жарыса жарық көруі еді. Әрине, олардың жарыса шығуының өзі де кездейсоқтық емес болаты. Кеңес өкіметін қолымен құрған, сол үшін ұлтшылдармен жағаласып келе жатқан С.Мұқанов туралы моногрфия әлі орыс түгілі қазақ тілінде жарияланған жоқ. Ал ұлтшыл М.Әуезов туралы Мәскеуден (!) монграфия шығып жатқан көрінеді. Бқл қалай, неткен әділетсіздік! Сіз де қалыспаңыз, Сәбе! Ана орысша сауатты қудалаудан келген Темірғали Нұртазин қызметсіз, қаражаттан қысылып, Мұхтардың романын орысшаға аударып жүр. Оның қолынан келеді. Масқарадан сқйтіп құтылайық, Сәбе – десе керек пәленшелер мен түгеншелер. Сөйтіп, ол кітап та тез жазылып, жарыса шықты. Қазақ сыны масқарадан сөйтіп құтылды. Екеуінікі де жөн. Бірақ бас жазудан қолы тимей жүрген үшінші адам тағы бар еді. Мұны 1953 жылы 23 ақпанда өткен Жазушылар одағындағы жиналыста Ғ.Орманов ашық айтты.



Ұзақ жылдар бойы бірін-бірімен ырғасып келгене екі тұлғаның да жеке басына шынымен қауіп төнгені енді анық болды.

П.Кузнецов: «Осы романның үшінші кітабы – 1951 жылы «Знамя» журналында жарияланған «Абай жолы» әлі де жете талдап шығуды керек етеді, (очеркте ол туралы жанамалап қана айтылған). Қазір жазушы біртұтас циклдің төртінші кітабын жазуда. М. Әуезовтің ірі шығармасы әлі аяқталмаса да, сыншы ол шығармадағы кемшіліктерді автордың жете айтпағанын немесе оның теріс айтқанын көрсетуге міндетті еді. Мұндай көмекті, объективті бағаны М.Әуезов сыншыдан алған жоқ. Мұның орнына 3.Кедрина шығарманы «көшпелі қазақ даласының тарихы, этнографиясы, экономикасы және правосы жөніндегі күрделі ғылыми еңбек» деп жариялауға асыққан. Мұндай сөздердің тек таңдандыруы ғана мүмкін, ал роман авторының өзін қолайсыз жағдайда қалдыруы ықтимал. Мысалы, қазақ және орыс халықтарының қас жауы Кенесары ханның он жыл бойы қан төгіп ойран салғаны сияқты Қазақстан тарихындағы қасіретті кезең М. Әуезовтің романында бейнеленбегендігі жұртқа мәлім. Ал шынында мұның өзі романдағы басты кейіпкерлердің бірі, Абайдың әкесі Құнанбайдың тірі кезінде болған уақиғалар болатын» .


Сыншы П.Кузнецовтың «Абай жолы» романдарында Кенесарының бейнеленбегеніне шын өкініп отыр ма, жоқ, жорта арандатқысы келген бе? Өйткені осының алдында ғана шығармада Кенесарының аты аталғаны ғана үшін ұлтшыл саналып, ол тұстарды қысқартқан болатын. Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов 1951 жылы қазан айында өткен пленумда:

«М.Әуезов отызыншы жылдардың өзінде «Хан Кене» деген ұлтшылдық пьесасында Кенесары Қасымовты және оның қозғалысын жақтады. М.Әуезовтің 1949 жылы «Әдебиет және искусство» журналында басылған «Ақындар ағасы» деген жаңа романында да Кенесары Қасымовтың өз басын біраз дәріптегендік болды. С.Мұқанов 1923 жылы «Жайлауда» деген поэмасында Кенесары мен Наурызбайды «өткен заманның батырлары», «қазақ халқының сүйікті және зор құрметті батырлары» деп атады. С.Мұқанов Кенесары қозғалысын 1942 жылы шыққан «Балуан Шолақ» деген повестінде де дәріптейді» – деп ескертіп те өткен.
Егерде М.Әуезов Кенесарыны романда Құнанбаймен қатар суреттесе, онда бұл шығарманың жолы кесілетін еді. Ал С.Мұқановқа одақтық деңгейде бұрын-соңды естіп көрмеген, естимін деп ойламаған саяси сын айтылды.

П.Кузнецов: «Оның (С.Мұқановтың творчествосында, әсіресе, роман жанрында және әдебиет зерттеу саласында елеулі идеологиялық кемшіліктер мен сәтсіздіктер де болды. Әрине, арнаулы зерттеуден принциптік сын, осындай идеялық кемшіліктер мен қателіктерді тудырған себептерді талдаған зерттеу тапқың келетіні анық. Оқушы Т.Нұртазиннің кітабінің бүкіл үш жүз бетінен осы міндеттің қалай шешілгенін табамын деп текке әуре болады. Кітаптың алғашқы тарауларынан бастап-ақ жүрек айнырлық жағымпаздық сарынның лебі еседі»,деп («Әдебиет және искусство», 1951, №4) «большевиктіктерше турап» тастады.


Біз де «большевиктерше турасына» көшсек, екі алыптың ортасында ызыңдап жүрген бөгелек осылай оларды уын жая шағып алды. Әрине, арандатушы идеология қызметкерлері мәжбүр етпесе, үнемі масаң жүретін П.Кузнецовтан мұндай деңгейдгі көсемдік шықпайтыны анық болатын. Бұл ерегескен екі тұлғаны да тығырыққа әкеп тығу еді. Бұдан шығатын жалғыз-ақ жол бар. Ал ол жол екеуін де түрменің есігіне бастап баратын. Мұны С.Мұқановтан бұрын М.Әуезов тез аңғарды. Аңғарды да ең соңғы қорғанысқа шықты.

Бұл тұста жазшылар одағын: «партияның қатал тізгінін ұстап, екі алыпты ауыздықтап, сабасына түсіруге жіберілген, әйтпесе, олардан сөзсіз айырылып қалатынын ескертіп, тәртіп орнатуға тапсырма алған» (өз сөзі) тура мінезді Ә.Жаймурзин басқаратын. Ол өзінің баяндамасында ешкімнің беті-жүзіне қарамады. Әсіресе, С.Мұқанов өзінің әдеттегі еркіндігінен айырылып қалды. Саяси-идеологиялық тұрғыдан сауатты тағаланған Мұхтар Әуезов бар зар-мұңын арыла төкті. Біздің ойымызша, бұл оның мінбедегі ең шешен, ең аңғарлы, ең шынайы, «Абай» романын тәргіден аман сақтап қалуы үшін өзінің өмірлік көзқарасы мен ғылыми қайраткерлігінен бас тарта сөйлеген жан айқайы еді. Әрі үш жыл бойғы кешкен азап жолынан арылу үшін ұмтылған соңғы мүмкіндігі еді. Сондықтан да осы жиналыстағы М.Әуезов пен С.Мұқановтың сөзін түгелдей келтіреміз. Иә, үзінді ұзақ. Бірақ амал жоқ. Өйткені мұнда бізге аяулы екі тұлғаның кісінеген жан дауысының жаңғырығы бар. Жалыққан оқырман бұл беттерді жауып кетуіне еркі бар.

Сонымен, 1951 жыл.Жиырма үшінші ақпан. Жазушылар жиналысы. Бұл жолы сөздің кезегі бірінші болып өмірінде бірінші рет Сәбит Мұқановтан бұрын Мұхтар Әуезовке берілді.
М.Әуезов жолдас (стенограмма бойынша аударылды): «Правда» газетінің осы жылғы 30 ақпандағы «Сынау орнына мадақтағандық» атты мақаласы Қазақстанның жазушылар қауымының талқылауына ұсынылып отыр, ал бұған оның бар жағынан алғанда да өмірлік, заңдық, саяси-идеялық негізі бар. Осы мақаладағы пайымдаулардың басты обьектісі ретінде, әрине, бұл талқылаудан мен де тыс қала алмаймын.

Сонымен қатар, жалпы мақала туралы өзімнің көзқарасымды анықтай отырып, ең алдымен мынаны мәлімдеймін: менің түсінігімше «Правданың» мақаласы – партияның, кеңес халқының бізге бағытталған үні. Және ескерту берген, обьективті сынаған, әділетті дауыс. Аталған мақаланы көп рет қайтара оқығандағы менің алған әсерім осындай.

«Правданың» бұл сөзін онда көтерілген мәселелердің, менің шығармашылығыма қаратыла айтылған сыни ескертпелердің шеңберінде ғана түсінуге тырысқамын жоқ, керісінше, кең ауқымда терең түсінуге ұмтылдым, өйткені осы мақала арқылы біздің қоғамдық пікірімізді қалыптастыратын мұндай беделді мінбенің бүкілодақтық көлемді деңгейде менің қайраткерлігіме назар аударғанына құрмет көрсетіп, лайықты бағалауға мен міндеттімін.

Мен шын асылды қадірлей білуге тиіспін және онда жанашыр-жақындықпен, батыл, негізді айтылған сөздердің ішінен өзімнің алдағы іс-әрекетіме пайдалы пікірлерді барынша іріктеп алуға міндеттімін, бұл сөздер жетістіктерді сызып тастап, жазушының жеке басына үкім шығару үшін айтылмаған, қайта сол жазушының еңбегін барынша құнды, барынша пайдалы ету жолында кедергі келтіретін қателіктерден арылту үшін айтылған.

Мұның барлығы тұтастай алғанда қазақ кеңес әдебиетіне, оның идеялық тазалығына деген асқан қамқорлықты көрсетеді, соның ішінде маған – кеңес суреткеріне деген, кеңес жұртшылығының маған деген үлкен сенімін ақтасын деген қамқорлықты сезініп отырмын. Мұның барлығы: Ленин-Сталин партиясының маған, кеңес қазақ жазушысы ретіндегі тағы бір нақты қамқорлығы екенін түсінбесем, онда мен кеңес жазушысы деген атқа лайық болмаған болар едім.

Осындай алғышарттарды алғай отырып З.Кедринаның мен туралы кітабына мақалада көрсетілген мен туралы көзқарас тұрғысынан қараймын. Бұл кітап – менің де, қазақ кеңес әдебиетіне де пайдасын тигізу үшін жазылмаған, бұл – жазушыға және оның шығармашылығына кеңестік принципті бұқаралық сынның қазіргі талабы тұрғысынан жауап беретін кітап емес. Кітап жалаң мадақтауға құрылған, ол «Правданың» мақаласындағы: «М.Әуезов, өзге де кеңес жазушылары сияқты, оның жетістіктері мен кемшіліктерін көрсететін принципті әділ сынға зәру», – деп әділ айтқан негізгі талабына жауап бермейді.

Көзі тірі жазушы туралы газет, журналдағы кез-келген мақала, кез-келген оқулықтағы, жинақтағы, арнайы монографиялардағы, қыл аяғы диссертациялардағы пікірлерді оның жеке басы мен жеке шығармашылығының жылнамасына айналдыруға қақы жоқ, тірі авторға ескерткіш қоюға тырысуға да құқы жоқ. Зерттеп отырған авторын өмір сүріп жатқан замандастарынын, жазушылардың ортасынан бөліп алып, жеке тұғырға шығаруға ұмтылған Кедринаның ұмтылысы әбестік. Оның үстіне отбасылық, тамыр-таныстық, топтық пиғылдың мүддесін көздеп бір авторды екінші автордан жоғары қою – орынсыз дәріптеу, ұятты және зиянды талпыныс болып табылады.

З.Кедринаның кітабына байланысты менің кінәм – одан менің шығармашылығымды талдау барысында обьективті бағыт ұстанып, сыни тұрғыдан талдап, пайымды тұжырымдама жасауды қатаң талап етіп, ескерту жасамағандығым.

Бұл қолжазбаны 1950 жылдың басында оқып шыққаннан соң, мен оған: менің 1932 жылға дейінгі шығармашылығымды зерттеудің қажеті жоқ, егер қажет бола қалса, өткенімді сыни тұрғыдан қарастыр, – деген болатынмын.

Осы әңгімеден кейін қалғандарының барлығын Кедринаның өзіне сеніп тапсырдым. З.Кедрина – маған жауапты, байсалды сыншы боп көрінгендіктен де, оған сеніп қалуым да менің қателігім болып табылады, оның үстіне З.Кедринаның кітабін Москвадағы Кеңестік жазушылар одағының президиумының қолдауымен «Советский писатель» баспасының өзі жоспарға енгізген еді. Ол кітап Сталиндік сыйлықтың лауреаттары туралы басылымдардың қатарында 1949 жылы, яғни, мен сыйлық алған жылы жариялануға тиісті еді. Бұл сериямен шыққан кейбір кітаптар, мысалы Е.Мозольковтың «Якуб Коластың шығармашылығы», Брайнинаның «К.Фединнің шығармашылығы» туралы кітаптар бүгінде Сталиндік сыйлыққа ие болып отыр.

Маған белгілісі, З.Кедринаның кітабі Қазақ әдебиетінің Москвадағы онкүндігінен кейін іле жазылып, соңғы уақытқа дейін ұсталып тұрғаны. Бұл кітаптың өзінің жеке редакторы бар, ал Москвадағы баспалармен менің ешқандай да байланысым, өзара ықпалым болған емес.

Мұнымен қоса, белгілі сыншы ретінде З.Кедрина туысқан республикалардың көптеген жазушыларының шығармашылығы жөнінде орталық баспасөзде пікір білдірді және қазір де ол аса кең таралған және беделді басылым «Литеретурная газетаның» туысқан республикалар әдебиеті бөлімін басқарады. Ол тек қана Әуезовтің шығармашылығы туралы емес, сонымен қатар Мұқановтың, Мұстафиннің, Мүсіреповтің, т.б. шығармашылығы жөнінде журналдық, газеттік мақалалар жазды. Менің шығармашылығым жөнінде, соның ішінде менің «Абай», «Абай жолы» романдарым туралы 1949 жылы осы «Правда» және 1951 жылы «Известия» газеттерінің беттерінде мақала жариялады.

Мұның барлығын айтып отырған себебім, жеткілікті дәрежеде дербес пікірі бар қуатты сыншы, сондықтан да өзінің мақалалары мен кітаптарына өзі жауап бере алады, бұған қоса айтарым, менің шығармашылығым туралы бұл зерттеуін декада кезінде мен жөнінде жазылған, жарияланған материалдардың, тыңдаған баяндамалары мен пікірлерінің, менімен ғана емес, Қазақстанның өзге де жазушыларымен жүргізген сұхбаттарындағы пікірлердің негізінде жазды.

Шындықты қалпына келтіру мақсатында келтіріп отырған бұл мағлұматтардың өзі бұл кітапты Кедрина менің қолпаштауыммен, арбауыммен, қитұрқылығыммен және менің топшылдық ұмтылысыммен жазбағанын анық көрсетеді, З.Кедринаның өзім туралы кітабын сынай отырып, оны жақтамай, керісінше, міней сөйлеуімнің себебі де, міне, сондықтан.

Мақалада көрсетілген менің шығармашылығым жөніндегі нақты ескертпелерге келетін болсақ, мен ең алдымен Абай туралы романдарға тоқталамын.

Мақаладағы: романда Абайдың және бұқара жұртшылықтың Кенесары Қасымовтың халыққа қарсы рекациялық қозғалысына көзқарасы екіұшты емес, нақты және анық көрсетілуі тиіс – деген пікір өте орынды. «Ақын аға» кітабында Кенесары мен Көкбайдың дастанын бағалауда кеткен идеялық-саяси қателіктерімді айтқанда, бұл мәселе жөніндегі өзімнің әдеби шығармашылығым мен зерттеулерімде ұзақ уақыт адасқанымды ескере келіп, оған жадағай мәлімдеме арқылы емес, шығармашылығыммен, нақтырақ айтсам, «Абай жолы» атты кітабымда, Абайдың Кенесарының өзін де және оның қанды жорықтарын жырлаған феодалдық реакционер ақын Көкбайды да қатты сынаған көзқарасы арқылы жауап беруге ұмтылдым. Абайдың Кенесарының монархиялық-реакциялық қозғалысына көзқарасын «Правданың» мақаласында көрсетілген талаптар тұрғысынан білдірдім және мұны Абайдың бала кезіндегі өткен оқиғаларының қатарында емес, кейінгі, ойшыл, қайраткер Абайдың ауызымен жеткіздім, онда тек Кенесары мен Наурызбайды сынап қана қоймайды, сонымен қатар орыс халқымен арадағы достықты терең толғаныспен, айнымас сеніммен айтады.

Романның осы тұсынының әділ сыналғанын мойындай отырып, мен бұл мәселе жөніндегі өз қайшылықтарымды «Абай жолы» романының соңғы кітабында ескеретін боламын.

«Правданың» мақаласында көрсетілген романдағы тағы бір кемшілікті ескерсек, ол – өткенді дәріптейтін тұстарға қатысты. Осы мәселе жөнінде романның бірінші кітабына айтылған сыншылардың дауысына құлақ түре келіп, кезінде «Абай» романының екінші кітабіна – ауылдағы таптық тартысты күшейте көрсететін бірнеше көріністер қостым. Оны кезінде біздің сыншылар да, Шаяхметов жолдас та өзінің сөзінде атап өтті.

Дәл қазір, ХІХ ғасырда өмір сүрген біраз ақындардың шығармашылығының халыққа қарсы, реакциялық мәні ашылған соң, «Абай» романының бірінші кітабінің соңғы басылымы тұсында өзіміздің «Мемлекеттік көркем әдебиет» баспасының басшыларымен ақылдаса отырып, бұрын өзім дәріптеген Дулат, Шортанбай сияқты халық ақындарына байланысты түбірлі өзгерістер енгіздім.

«Абай жолының» соңғы өңделген нұсқасында Абай Кенесарының қарақшылық қозғалысының маңызына мүлдем жағымсыз баға беретінін жоғарыда айтып өттім. Алайда тек мұнымен ғана, сегіз баспа табақ көлеміндегі өңдеумен шектеліп қалғамын жоқ, сонымен қатар жұртшылықтың абайтану жөніндегі талқыда айтылған сындары мен пікірлеріне орай да өзгерістер енгізілді.

Абай мектебі жөніндегі өзімнің қателіктеріммен қоса біздің оқулықтарда жіберілген қателіктерді сезіне отырып, романда бейнеленген Абайдың айналасындағы образдарды суреттеулеріме қатаң шығармашылық сын көзімен қайта қарадым; Абайдың ықпалы үшін күрескен, мақсаттары қарама-қарсы, өзара идеялық түрғыдан жау екі топтың: біріншісі – өткеннің дәріптеушілері Шұбар, Көкбай сияқты панисламшыл-реакционерлер тобының, екінішісі – Абай арқылы Россиямен жақындасуды барынша жақтайтын Әбіш, Дәрмен, тағы да басқа жастар тобының тартысын суреттедім.

Әр тілде жарияланып, жылы қабылданып, соншалықты жоғары бағаға ие болған «Абай» туралы романымнан біздің әділ, сыншыл, принципшіл жанашыр оқырмандарымыз бұдан да басқа менің қателіктерімді табуы мүмкін екенін мен өте жақсы білемін. Міне, «Абай» романының бірінші кітабінің жарық көргеніне де он жыл өтті. Біздің өміріміздің кейбір құбылыстарына қаншама жаңалық енді, біздің көркем шығармашылық өнімдерімізге байланысты халықтың идеологиялық саяси, мәдени-тарихи талаптарына орай қаншама маңызды, құндылықтарды өмірлік тарихи тұрғыдан қайта бағалайтын өзгерістер жасалды десеңші? Сондықтан да біздің жұртшылығымыз өзінің сыни ескертпелерін, пікірлері мен тілектерін әлі де айта бермек. Осы принципті әділ сындардың ішінен менің романдарыма байланысты құнды да, сенімді де шынайы ойларды іріктеп ала отырып мен өзімнің кітаптарымның келесі басылымын өңдеу кезінде пайдаланамын. Сонымен қатар бұл тілектер мен талапты орындауды өзіме міндет ретінде ала отырып, оны социалистік реализм өнерінің міндеттерін лениндік, сталиндік ұстанымға сай қоғамдық көріністерді ең сенімді даму қозғалысын суреттейтін жаңа кітаптарыма жаңа ой ретінде енгіземін.

Мен сонымен қатар қатал да әділ, принципті, жолдастық сотқа тек қана сөзбен және уәдемен емес, іспен жауап беретінімді ашық мәлімдеймін, мен мұны осы уақытқа дейін шама-шарқымша теориялық тұрғыдан жүзеге асырып та келдім.

Мен өз шығармаларымның көзі тірі авторы ретінде өмірдің, заманның, тарихтың тірі дауысына құлақ аспау мүмкін емес, ол дауыс маған көмек ретінде үн қататынын білемін және сенемін. Маған қаратылған сыни ескертпелерде жақсыны жақсы деп танитынын, ал кемшілігімді көрсеткенде менің бойымдағы сол жақсылықты мейірімге айналдырып, бұрынғыдан да құнды кеңес беретін кеңес халқы бұған өзінің адамгершілік жетістігі ретінде қарайтынын білемін және соған сенемін. Егер де мен өмірдің дауысын, барлық жазушыларға ұлы шабыт беруші Сталин жолдас басқарған партияның дауысын тыңдамасам, онда мен ең сорлы өзімшіл топас, дарынсыз көбік, қыңыр, қазақ кеңес әдебиетінің күншіл күйігі, ең соңында тынысы біткен бақытсыз жазушының өзі болған болар едім.

Иә, мен тек қана өткенді суреттейтін романдарымда ғана емес, сонымен қатар бүгінгі тақырыпқа қатысты маған қойылып отырған талаптарға творчестволық тұрғыдан жауап беруге ұмтыламын.

Бұл орайдан алғанда партияның ХІХ съезінің шешімдерінен туындайтын және Қазақстан КП орталық комитетінің театр репертуары туралы желтоқсандағы шешіміне жауап ретінде мен қазір «Алуа» атты – кеңестік қазақ әйелі, райкомның хатшысы, социалстік еңбек ері, ғылым кондидаты, тарих ғылымындағы буржуазиялық ұлтшылдықты әшкерелеген кеңестік қазақ әйелі туралы пьесамды жазып бітірдім. Мен бұл тақырыппен бір жарым жыл бойы жұмыс істедім, бұл пьесаны бітіргеннен кейін де өзімнің алдыма қойған басты мақсатым партия жетекшісінің образын сомдау. Өткен жылдардағы менің жіберген қателіктерімді көрсеткен сынға жауап ретіндегі менің бұл мақсатымның жүзеге асуына көпшіліктің көмектесуін өтінемін. Менің аса үлкен идеялық ойымның абыроймен жүзеге асуына көмектесулеріңізді өтінемін. Біздің қазақ кеңес әдебиетінің бүгінгі күнгі тақырыпты игерудегі жетістікке жету жолындағы күрделі мәселені жүзеге асыруға көмектесуді өтінемін.

Менің қазақ және орыс тілінде жарияланған мақалаларым мен зерттеулерімдегі буржуазиялық ұлтшылдықты дәріптеген қателерім «Правданың» мақаласында орынды аталып өткен. Олардың саны мақалада көрсетілгеннен де көп. Олардың біразына 1951 жылғы Кенесары Қасымовтың қозғалысына байланысты «Правданың» мақаласын талқылау тұсында тоқталып, өзімнің өткендегі және кейінгі жылдардағы қателіктерімді мойындаған болатынмын. Қазақ ССР ғылым академиясы коллективінің мәжілісінде, жазушылар одағы мен Тіл және әдебиет институтының жиналысында, сонымен қатар, Алматы қаласы интеллигенттерінің жалпы қалалық жиналысында сөйлеген сөздерімде өзімнің әдебиеттану саласындағы өрескел қателерімді мойындаған болатынмын. Осы жиналыстардағы және біздің республикалық баспасөздердегі әділ сындарды ести отырып, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің VІІІ пленумындағы Шаяхметов жолдастың баяндамасында және республика партия ұйымының V және VІ съезінде менің өрескел идеялық саяси қателерімнің көрсетілгені есімде және оны білемін.

Ғылыми зерттеу саласындағы қателерімді қайта қарау барысында мен қазір Абай туралы монография жазу үстіндемін. Мен онда өзімнің және басқа да зерттеушілердің абайтанудағы жіберген идеялық саяси қателерін түзеуге тырыстым. Қазақ ертегілері туралы зерттеуімді кеңес фольклористикасының талаптарына сай маркстік-лениндік түсініктің негізінде қайта жазып шықтым.

Қазақ эпостары, лиро-эпостары, тарихи жырлар туралы өзімнің бұрынғы және кейінгі кездегі қателіктерімді де білемін және есімде. Осы аталған еңбектердің әрқайсысындағы жіберілген қателіктерге дәл қазір тиянақты түрде талдауға мүмкіндігім болмағандықтан да, сол кемшіліктердің барлығына ортақ және ең бастына ғана тоқталамын. Оның басты себебі, мен әдебиеттануға нағыз ғылыми тұрғыдан үлкен біліммен емес, әсіресе, әдебиеттану саласында маркстік-лениндік тұрғыдан дайындықсыз келдім. Отыз жылдан бергі өмірімнің әр тұсында әрқандай мақалалар, сөздер, зерттеулер жаздым. Дәл қазір анық түсінгенім – 1938 жылға дейінгі буржуазиялық ұлтшыл идеялық ұстанымым мен кейінгі мұндай өрескел көзқарастан идеялық, творчестволық тұрғыдан жырақтап кеткен кезімде де, бәрі бір мен ұзақ уақыт бойы марксизм-ленинизм философиясына сүйенген шынайы ең сенімді әдебиеттану ілімін бойыма сіңіре алмадым. Сондықтан да біздің кеңестік вуздардың оқулықтары мен ғылыми зерттеу мекемелеріндегі бағдарламаларын идеялық-методологиялық қате тұжырымын кеңестік ғылымының жетістігі ретінде бағалап келдім. 1932 жылдан кейінгі өзімнің кейбір қателіктерімді бұрынғы және қазіргі қазақ әдебиеттанушыларының барлығына ортақ қате деп есептеймін. Бұл орайдан алғанда мен кейбір әдебиеттанушылардың, «Правда» газетінде жалған ғалым деп дұрыс баға берген, өзінің және оның достарының қателіктері кездейсоқ қате деп сендірген (ол қателіктері бір емес, екі емес, жиырма рет қайталанса да), ал сол мәселе жөнінде, сондай мазмұнда тура өздерінің пікірі сияқты Әуезовтің қателігі – қасақана қателік, яғни Алаш Орданың идеясы дегісі келген Жұмалиев сияқтылардың пікірлерін мойындамаймын және жоққа шығарамын.

Мен бұл өзін өзі ақтауға ұмтылған жалған ғалымдардың – топшылдардың, өздерінің қателіктерін өзінен өзі түсінікті мәселе деп жортақтатып, біреудің қатесін ауырлатып, бір мәселе жөнінде айлылған біртектес пікірлердің иесінің бір тобын ақтап, екіншісін қаралайтын мұндай топшылдарды бұрын да әшкерелеп келгенмін, қазірде әшкерелеймін. Олардың ойынша қарапайым адамдар үшін бір бөлек, таңдаулылар үшін бір бөлек қате бар сияқты. Партияның сын және өзара сын туралы міндеттері мен жалпыға ортақ идеясына осы қылық та сай келе ме? Бұл топшылдардың осындай сорақы өзгертімдері партияның ұранын мазақтау емес пе? Иә, бұл жекелеген сорлы, өзімшіл адамдардың өз кемшілігін жасыруға ұмтылғандығы, жекелеген жазушылардың өрескел қателігі. Қазақстан партия ұйымының жетекшісі Шаяхметов жолдастың ауызымен Жұмалиев пен Мұқановтың және менің де буржуазиялық ұлтшыл қателігімді көрсеткен партияға рахмет.

Менің қателіктеріме қоса және менімен бірге Мұқановтың қателіктерін күн тәртібінде талқылауға себеп болған – «Правдаға» рахмет. Сондай-ақ, Жаймурзин жолдастың баяндамасынан бастап Әбішев жолдастың және де басқа да жолдастардың біздің қателіктерімізді тең дәрежеде көрсетуіне мүмкіндік берген осы мәжіліске де рахмет.

Жалпы алғанда өзімнің ғылыми зерттеу жұмыстарым туралы айта келіп, таяу жылдардағы творчестволық міндеттерімді іріктеп, саралай келіп, мынандай шешім жасағанымды айтып өткім келеді: бір мезгілде аса ауқымды көркем шығармашылық жұмыспен қатар ауыр еңбекті қажет ететін әдебиеттану саласындағы ғылыми жұмысты қатар алып жүру өте қиын, мүмкін де емес және осы уақытқа дейін оларды қатар алып жүруге тырысқаным құр әурешілдік сияқты.

Ғылым бәйбіше-тоқалдықты көтермейтін кірпияз сала десек, көркем әдебиет одан да өткен қызғаншақ кәсіп.

Мен қазір жиырма бес, отыз жаста емеспін. Қызмет істей алатын он-он бес жыл ғана уақыт бар, ендеше өзім үшін ең қолайлы, ең сенімді (әрине, ғылым саласындағы педагогикалық қызметімді сақтай отырып), тек кәсіптік тұрғыдан барынша дайындығым күшті, күнделікті шығармашылық тәжірибем қалыптасқан көркем шығармашылықпен айналыссам деймін.

Сонымен қатар ғылым мен әдебиеттанудағы менің сыншыларымның да көп екенін ұмытпауларыңызды өтінемін. Өйткені, әдебиет тарихы ғылымының кейбір мәселелері, өткенге қатысты кейбір тақырыптарды мен өзімнің ұзақ жылдар айналысқан жазушылық қызметімнен кейінгі, көркем шығармаларымнан кейінгі екіші, кейде үшінші мәселе ретінде қарастырдым. Менің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Қобыланды» пьесаларыммен және «Правда» осы мақаласында жоғары бағалап, объективті түрде баға берген он екі жыл бойы жазып келе жатқан «Абай жолы» романын еске алыңыздаршы. Фольклорлық тарихи тақырыптарға жазған барлық шығармаларымда идеялық көркемдік тұрғыдан дұрыс баяндауда ғалым-зерттеуші ретінде емес, жазушы ретінде табыстарға жеттім. Тақырыпты көркем тұрғыдан игеру барысында мен маркстік диалектиканы творчестволық тұрғыдан терең меңгере алдым.

Ең бастысы мен қазір бүгінгі күнгі біздің өміріміздің өткір шындығын бейнелейтін пайымды да, көлемді көркем шығарманы дүниеге әкелемін деген сеніммен үмітті өмір сүріп келемін. Өзіме-өзім: алып та жығатын, шалып та жығатын шабытты өмірімнің ең жасампаз кезеңіне қадам басқандай сезінемін.

Сондықтан да мен сіздерге: менің алға басқан қадамымыды өткен дәуірде жазған «Абай» романымен өлшемеңіздер, мені сол романдарда жеткен жетістігім мен шыққан биігіммен ғана өлшемеңіздер. Біздің әділ де, талапшыл принципті сынымыз сол кітаптардағы кемшілігімді жоюға көмектессін, маған және біздің мұқым қазақ әдебиетіне көмектесе отырып, менің алдағы уақыттағы ең басты мақсатыма – біздің кеңестік адамдар туралы – коммунизм құрылысшылары туралы біздің кеңестік бұқараның өміріне сай, партияның талабына сай жақсы жазуыма, шын мәніндегі үлкен полотно тудыруыма қол үшін берсін.

Сөзімнің осы бөлімін аяқтай келе, Одақтың төралқасынан менің осы мәлімдемемді республикалық баспасөзде жариялауға көмектесуін өтінемін.

Жолдастар, жазушылар одағындағы жікшілдік және оған менің қатысым туралы мәселе де талқыға ұсынылып отыр. Өткен жолғы үзіліп қалған жиналыста Жароков жолдас менің тобым-мыс делінетіндердің қатарында қазір саяси қылмыстары әшкереленіп отырған Сүлейменов пен Мұхамедханов бар-мыс деп дәлелдеуге тырысты. Бәрінен бұрын айтарым, біріншіден, мен дәлелсымақтың шындығы мен қисынына тоқталайын. Мен Жазушылар одағының ішіндегі жазушылардан топ құрғаным шын болса, онда өз тобыма мүше етіп жазушыларды емес, неге сырт адамдарды тартамын? Сүлейменовтің де, Мұхамедхановтың да жазушы емес екені бәріңізге белгілі емес пе. Ендеше жазушылық шығармашылыққа қатысы жоқ, жазушылардың ортасымен байланысы жоқ адамдардан құралған жазушылар одағындағы қайдағы топ? Алайда бұл адамдарды менің тобымның, немесе мені олардың қылмыстық, дұшпандық тобының мүшелерінің қатарына қосып жүр. Әр нәрсені атымен атасақ, онда кейбір адамдар жер бетіндегі барлық күнәні маған үйіп-төгіп, мені тура осылай көрсетуге дайын тұр!

Мен мұндай ауыр айыптаудан түбегейлі бас тартамын, бас тартып қана қоймаймын, мені бұлай тұздықтауын ызамен айыптаймын.

Сүлейменовтен бастайын. Осы жерде отырғандардың көпшілігі оны кезінде көзіміз көріп, құлағымыз естіген әрекеті арқылы қандай деңгейде білсе, мен де оны сондай дәрежеде ғана білемін.Оның ішкі пиғылы қандай еді, халық жауының элементі ретінде не ойлап, не бүлдірді? Оның бұл жағы сіздерге қандай белгісі болса, маған да сондай көмескі. Әрине, ол қашан тұтқындалғанша мен оның жаулығын аңғарғамын жоқ. Онымен қосылып ешқандай жұмыс жасағамын жоқ, ешқандай шығармашылық ой бөліскемін жоқ, сондай-ақ менің шәкіртім де емес, мен – филологпын, ол – тарихшы.

Сондай-ақ Мұхамедханов туралы да айта кетейін. Абайтану жөніндегі талқылаудың нәтижесінде анықталған, менің баяғыдан бергі қалыптасқан Абай мектебі туралы қате көзқарасымды негізге алған оның жұмысын қолдағаным рас, бұл менің қателігім. Оның сол кезде Абайдың отанынан жинақталған, маған бұрын белгісіз жаңа материалдардың негізінде жүргізген зерттеу жұмысын тұтастай алғанда қолдау арқылы тағы да бір жас кеңес ғалымының өсуіне көмектестім деп ойладым. Ал Исмаиыловтың диссертациясының қорғалуына менің ешқандай да қатысым жоқ. Алайда анықтама, бұл тұрғыдан алғанда ерекше анықтама бере кетейін, профессор –филолог дәрежесі бар адам болғандықтан да, ондай мамандардың тапшылығына байланысты, мен көптеген диссертациялардың қорғалуына қатыстым, егер ол адамдардың барлығын менің шәкіртімнің немесе жақтасымның қатарына қосса, онда докторлық немесе кандидаттық дәреже алғандардың өзі 24-25 адамға жетеді, солардың ішінде әшкереленген, жау адамдардың саны екеу, оның біреуі – қырғыз Саманчин, екіншісі – қазақ Мұхамедханов. Әрине, бұл екеуінің де болмағаны дұрыс еді. Олардың кім екенін алдын-ала білсем, оларды көпшіліктен көрі көбірек білсем, олардың ортасында көбірек болған болсам, онда біздің қоғамға жаулықпен қарайтын, қылмысты адамдарға сөзсіз қолдау көрсетпеген болар едім.

Осы себепке байланысты, Сүлейменов пен Мұхамедхановқа қатысты, менің олармен әшкерелік байланысым жөнінде сөзімді қорытындылай келе, айтарым мынау: анық көрініп тұрған нәрсеге көзді жұмып қарау – анықты танық деу болса, менің атымды мұндай оңбаған қылмыстық типтермен байланыстырып, мені де ағаш атқа теріс мінгізу де сондай ақылсыздыққа жатады.

Намыс пен абырой туралы, менің жеке басымның абырой-намысы туралы болмаса да, жеке тұлғаның, тым құрығанда еңбекші қазақ халқының социалистік кеңестік мәдениетінің қандай да бір жетістікке жетуіне септігі тиген жауапты қазақ кеңес жазушысының абырой-намысы туралы да ойлаған дұрыс.

(Иә, бұл оның ең соңғы жан айқайы еді)

Топшылдық мәселесі жөнінде тағы да мынаны айта кетейін: маған Қазақстан жазушыларынан басқа жақын орта, олардан жақын адам, олардан артық тығыз араласқан дос менде жоқ. Олардың арасында менен жасы үлкендер де, 20 жылдан астам уақыт бойы таныс жазушылар да бар, мысалы, Қалмақан, Жақан, Сапарғали, Асқар, Ғали, Әбділдә, Тайыр, мен сендерден сұрап тұрмын, айтыңдаршы, Мұқанов жолдасқа қарсы топ құру үшін мен сендерді қандай бір кезде болмасын, үгіттедім бе, жолдарыңнан тайдырдым ба? Біздің қатарымызда жас жағынан алғанда кіші: Жұмағали, Әлжаппар, Әбу, Дихан, Дмитрии Снегин, Леонид Макеев, Хамит, Мұқан, Сейтжан, Жұбан және көп, көп жазушылар да бар, қане сендер де айтыңдаршы, Мүқановқа қарсы күресуге сендерді қайрап салдым ба, тіпті, бір ауыз сөзбен емеуірін таныттым ба? Жоқ! Ондай оқиға болған емес! Соған қарамастан жікшілдік болды, бұл жөнінде бүгін осында сөйлеген жолдастар дұрыс айтты. Біздің осы қырғи қабақ қарым-қатынасымыз, жікшілдігіміз біздің оқырман қауымының да «тілін емізіп» жүр. Егерде бұл туралы «Правданың» өзі жазып отырса, онда шынымен де асқынып кеткен екен.

Ал топқа бөліну үнемі шығармаларды талқылау барысында басталады, ондай топшылдық менің де, Мұқановтың да басында бар. Өзінің шығармашылығын қызғыштай қоритын мұндай табиғи ұмтылыстың соңы дертке айналды. Өзіңнің ішіңдегі пиғылдан азат болмай, таза сана, нәзік сезім, жарқын ойлы шығарма тудыра алмайсың. Ал бұл пиғыл сөзсіз сені өзімшілдікке, қызғанышқа, тағы да басқа ішмерездікке алып келеді.

Алайда, осындай көріністермен қатар, біздің арамызда өзімізге аса қажетті обективті, талапшыл, нақты, шынайы жазушылық сынның да бар екенін айта кету керек. Соңғы пікірге орай менің айтарым мынау, әрине, тыпнақшаның ішінде, иә, мен топ құрып келдім, тобымды көбейте беремін, алдағы уақытта да ол топты нығайта беремін, менің бұл тобым – нашар шығармаларды аяусыз сынайтын болады, өкінішке орай, Мұқановтың ішінара шығармалары сондай болып шығатыны бар.

Менің ойымша, біздің бұл арадағы кезекті әдеби күлдібадамдар туралы пікірлеріміз, бағалауларымыз бір жерден шықты ғой деп ойлаймын.

Әрине, мұндай жағдайда мен өзімнің пікірімді барлық жазушыларға бірдей ашық білдіре бермеймін, ең алдымен өзім жақсы араласатын, өмірдегі дос адамдармен көзбе көз отырып пікір бөлісемін. Ал мұның барлығын мен сынап отырған автор: өзіне деген менің дұшпандық ұстанымым, сол авторға деген, тіпті кеңес құрылымына деген жаулығым деп, ол аздай алашордашылдың дұшпандық қастандығы деп баяндайды.

Ал осы авторды біреу сынай қалса, егерде оның өзіне жақын дос-жар адамы болмаса, онда бұл адамдарды мен әдейі қайрап салды, оны қасақана ұйымдастырған мен деп тон пішеді, көп жылдан бері орын алып келе жатқан, тым асқынып кеткен мұндай әшкерелі шеңберден, тұңғиық тұйықтан қалай шығарымды білмедім.

Бұл мәселені талқылап, шешіп берулеріңізді өтінемін, бұл дертті – қауымдық негізі әрі тәуелсіз, әрі таза, әрі қуатты, әрі намысты нық екенін сеніммен айта алатын біздің ұйымымыз бірлесіп емдесін.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет