Нұрғали Қадырбаев көркем әдебиет көкжиегі


ӨЗ ӘЛЕМІН ЖАСАУ – АҚЫН БАҚЫТЫ



бет11/12
Дата25.12.2016
өлшемі2,85 Mb.
#5150
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12

ӨЗ ӘЛЕМІН ЖАСАУАҚЫН БАҚЫТЫ
Бүгінде көркем әдебиет оқылмайды деп жатады. Бұл рас та. Әйтсе де, әлемдік әдебиет те кардиограмма секілді бірде ұшар биікке, бірде шыңырауға құлап жататын кездері болатынын айқын аңғартады. Ұлы Дала әдебиеті де, сол хал-ахуалдан кенде емес. Демек, халық барда әдебиеттің, әсіресе, көркем әдебиеттің келешегі әлі де алда деп білеміз. Көркем әдебиетте, оның ішінде көркем де, ойлы, сырлы да, мұңды поэзияға деген ынта-ықыласты белгілі ақын Исраил Сапарбаймен болған оқырмандар, көрермендер жүздесуінде айқын аңғардық.

Әділін айтқан жөн, Исраил Сапарбай қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, өзіндік әдеби әлемі қалыптасқан, көркем поэзиясында сыр мен сезім үндескен талантты ақындар шоғырының жарығы мол жұлдыздарының бірегейі. Ақын тек қасиетті сөздерден өлең жолдары мен шумақтарын дүниеге әкеліп қана қоймай, әсем де көңіл толқытар, иірімге толы әуен де шығарушы, яғни сазгер, әрі драматург те. Бір сөзбен айтқанда, сан қырлы талант иесі. Төл өнеріміздің гүлденуіне елеулі үлес қосып жүрген танымал әдебиет және өнер тарланы.

Исраил Сапарбай – мерейлі 70 жаста. Айтулы ақынның өнер кеші Жетісай қаласындағы Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театрында талап деңгейінде өтті. Кешке белгілі театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай қатысты. Олар әдебиеттің мерейін тасыта сөз сөйледі. Өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды.

Ақын Исраил Сапарбайдың шығармашылық әлемі хақында арнайы тапсырыспен түсірілген «Бір тамшы көздің жасындай» атты деректі фильм де көрермендерге ұсынылды. Онда халқымыздың біртуар қаламгерлері Қадыр Мырза Әлі, Жарқын Бөдеш мерейтой иесі жайлы өз ой-толғамдарымен бөліскен тағылымды кадрларда көпшіліктің жадында жатталып қалды деп айтуымызға әбден болады.

– Әрбір ақынның өзіндік әдеби әлемі бар. Исраилда бұл әлдеқашан қалыптасқан. Исраил – талантты ақындардың бірі. Ол – классик ақын. Оның өлеңдері өзінің автопортреті, – дейді Қадыр Мырза Әлі. Ақын өлеңдерін оқысам, Исраилды көргендей боламын. Исраилды көрсем,оның өлеңдерін оқығандай сезінемін. Бұл – ақындық стиль. Стиль – ақынның өзі, – дейді ақын Жаркын Бөдеш.

– Халқымыз таланттардан еш уақытта кенде болған емес. Мәселен, Төлеген Айбергенов, Жұмекен Нәжмеденовтер ше? Олар құдайдың өзі бере салған айшықты ақындар. Олардың поэзиясы – өмірдің өзі. Поэзия –менің стихиям. Өз құбылысым. Өлең жолы оңай емес. Шахматтағы ойын секілді өз уақытым бітіп қалып, цейтноттық жағдайға душар болатын, жүріс таба алмайтын сәттер де жиі кездеседі. Уақыттың соңында қалғың келмейді. Уақыттың алдына да түсе алмайсың. Уақыт, шіркін, ешкімге бағынбайды. Ол ешкімге тәуелді емес. Дегенін істетеді. Әдеби сын әлі де мен жөнінде өз сынын айтқан жоқ. Өзіңді-өзің жете білудің өзі – үлкен бақыт. Сол себепті өзіңнің әдеби әлеміңе өзгелердің үңілгенін бағамдау, олардың бағасын есіту – өте қажет-ақ, – дейді кесек-кесек ой айтқан мерейлі той иесі ақын аға Исраил.

Сағыныш пен мұңды арқау еткен ақын кешінде әндер шырқалды. Ұлы Шәмші өмірі өзек болған ақын-драматургтың «Сыған серенадасы» пьесасынан сахналық көрініс қойылды.

Ақын өз көрермен-оқырмандарымен жүздесуінде өзінің өмірдеректерімен ашық бөлісті: – Үш жасымда әкемнен айырылдым. Қазірде суреті де жоқ. Көз алдыма елестете алмаймын. Ол кезде анамыз колхоздың жұмысына қатысады. Артель деп атайтұғын сол кезде. Тапқанын үйге әкелетін. Бір уыс, бір тостақ бидайды қазанға қуырып, бізге беретін. Кейде оны алдымызға шашып тастайтын. Бір-бірлеп теріп, уақыт өткізіп, ашырқанған асқазанның аптығын бассын десе керек. Сөйтіп, ер жеттік. Бұл әлі күнге дейін көз алдымда. Көзден де, көңілден де кеткен жоқ. Ағайындар анама жандары ашыса керек, балаларды балалар үйіне тапсыруға талай рет қолқа салды. «Жоқ. Балаларды ол жерге жібергенше, өзім өлмеймін бе?» деп бауырынан бір елі ұзатқан емес, – дейді ақын балалық шақтың балалық қызығы мүлдем жоғалған кезін бірауық еске алып.

Ақынның мерейтойында аудан әкімі Серік Тұрбеков өзінің шынайы сезімге толы сөздерін айтулы қаламгерге арнады. Айтыскер ақын Бөрібай Оразымбетов қара домбырасын төгілте, асау да арынды әнімен арқалана жыр арнады. Ел ағасы Тойым Жүнісов, өзбекстандық мейман Абдулла Рустамов, сыныптастары атынан Темір Аязбеков сөз сөйледі. Олар ақынның елге атын ардақтап, мәртебесін биіктете жылы-жылы лебіз білдірді.

Белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай әдебиет пен өнерді және мәдениетті бағалаушы қауымға арнап, өз ой-пікірін жайып салды: – Көркем әдебиетте өз жолы, өз ізі бар ақын – бұл Исраил.

Елудің өзі жетпіске арман болады. Отызында қартаятын адамдар бар. Жетпісінде реңін алдырмаған, болмысы, бүкіл жаны жас Исраилдей ағалар болады. Бұл – жан, рух тазалығынан. Өлеңдерін қараңызшы. Сезімді сөгетін, өркениетті сөз айтатын ақындар шоғыры болады. Солардың бірегейі – Исраил. Көп ақындармен, көп жазушылармен сапарлас болдым. Араларында жүрдім. Кәсіби мамандығым – сыншы болғандықтан, байқағаным, олардың көпшілігі кірпияз келеді. Ал Исраил – көпшіл. Сәби мінезді, бала тектес. Үлкенге иіліп, кішіге қиылып тұрады. Ендігіде Исраилді мейлінше тани түстім. Мінез жолда танылады. Ол өзіне ұйытып алатын адам. Көңіліне, көзіне оғаш жәйттерді іле бермейді. Бұл – оның поэзиясынан да байқалады.

Исраил – үш қырлы, көп сырлы, – деп ойын жалғай түсті театр сыншысы. – Біріншісі, ақындығы, шайырлығы. Ол – лирик ақын. Көңілдердің күмбезін күмбірлете біледі. Өлеңдері – әдемі, отты, өткір. Нәзік шумақтарынан ләззат табасың. Антұрған адамнан ақын тумайды. Оған осы уақытқа дейін кіріптар болмаған көркем әдебиетіміз – бақытты. Исраилдің өлеңдері қиялды шарықтататын, тарынған тұла бойыңды жазып, әртүрлі көңіл иірімдеріне ендіретін кең тынысты, пәк жүректі поэзия. Екіншісі, ақын драматургиясы. Бұл – Виктор Гюго айтпақшы, «Драматургия – поэзияның биік шыңы». Өйткені, нағыз драматургия – поэтикалық туындысы. Драматургтер баршылық. Шынайысы өте сирек. Көрермен тұщына көріп,талшық етерлік драмалар жетіспейді. Исраил 10-нан астам пьесалардың авторы. Соңғы жылдары тиісті режиссураның табылмауы себепті «Абай мен Тоғжан» пьесасы сахна сөресінде жатып қалды. Өкінішті-ақ. Әйтпесе, бұл пьеса қызыл тілдің, қасиетті төл тіліміздің нағыз құнары. Сөзді ойната білудің биік әлемі, қаламгер шеберлігінің айқын көрінісі.Үшінші қыры, ақынның сазгерлігі. Исраилдың өлеңдеріне жазылған әндер және оның өз сазгерлігі тыңдармандарды өзіне елітеді, баурап алады. Бейнелеп айтқанда, тоқсандағы шалға кемпірлердің өзін ғашық етеді. Ақындық, сазгерлік шабыт құдіреті дегеніміз – осы. Поэзиясы оқыған сәттен бастап-ақ, тұла бойыңды шымырлатады. Бұл – шынайы әуеннің күші. Сағынтады. Аңсатады. Нәтижесінде қуантады адам жанын. Табиғи әуен, сырлы әуен көңілді жуады, жаныңды шаяды. Бүкіл болмысыңды жаңартады, жаңғыртады. Бір сөзбен түйіндеп айтсақ, Исраил – бүкіл ел-жұртқа ән болып құйылып жүрген жұмбақ құбылыс. Ашылмаған әлем. Ақын әлі де ән шығарудан, көркем сөз айтудан қалмайды деп ойлаймын, – дейді Әшірбек Сығай өз ойын қорыта.

Осы орайда және бір ойдың ұшқыны жалт ете қалды. Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков айтпақшы, «Ердің бағын ашатын да – әйел, ердің сорын қайнататын да – әйел» демекші, Исраил ағаның 70-інде де жып-жинақы, ақ жағалы болып жүруінің бір себебі – Жұпар жеңгеміздің жайлы, жаймашуақ мінезі, жайдары қалпы дер едік. «Екі жақсы қосылмайды» деп ұйқастыра айтыла салған халқымыздың көңіл жақпас қысқа да нұсқа сөзінің бәтуасыз екендігіне де көзіміз жеткендей. Қосылғанда қандай. Бірін-бірі толықтырып, кемелдендіре түскендей.

Ақынның мерейтойына тыңдар құлаққа, құяр көңілге құнды, қайталанбас сөздер айтардай-ақ айтылды.

Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты,танымал ақын Ғалым Жайлыбай өз сөзін былайша өрді:

– Исраил аға – үркердей ақындар шоғырының өкілі. Кеңшілік

Мырзабеков, Сейсен Мұхтарұлы, Жұматай Жақыпбеков, Тынышбай Рахым, Дәуітәлі Стамбеков. Бұлар-бір толқын ағалар. Олар бүгінде арамызда жоқ. Бірақ олардың әрбірі-ірі-ірі ақындар болатұғын. Исраил аға солардың көзі.Ақын болмысын түсіну-ғажайып дүние. Құндылықтар өзгереді.Бүгінде соған куәміз. Қайсысы шөп, қайсысы шөңге. Таңдай алмай жүрміз.

Ақын Исраил туған топырағына келіп отыр. Бұл – сіздердің

тойларыңыз. Исраил өз еңбегін бұлдап жүрген ақын емес. Оған арқадан қақса, маңдайдан сыйпаса, соның өзі жетеді. Еліне, жеріне сағынып келді. Қазақтың өлеңі мен әнін сүйген әр жүректе Исраилдың есімі жазылып қалған. Шабытыңыз шаршамасын, демекпіз біз оған.

Шынында да, ақын халқы үшін өмір сүреді. Халқының ойын айтуға

сөз таңдайды. Сөз іріктейді. Бүгінгі оқырман Исраил поэзиясынан рахаттанып жүр десек, артық айтқандық емес. Мерейлі жастағы ақын поэзиясының қарқыны ендігіде бәсеңдейді дегенге сенгім келмейді. Өйткені ақынның өзі рухани байлығымызды тұшынта айтып жатқанда ел-жұрты да, өз оқырманы да аялы алақанына салуын бір сәтке де доғармасы хақ.

Сыныптастар атынан сөйлеген сол кездегі сыныптасы Темір Аязбеков былай деді: – Исраилмен 8,9,10-сыныптарда бірге оқыдым. 24 оқушы едік. Ол оқуға түсіп кетті. Көбіміз бара алмадық. Мектепте жүргенде момын жігіт еді. Қабырға газетін шығаратын ек. 2-3 шумақ өлеңдері сонда жарияланатын. Дәл сол кезде оның ақын болатындығын білген жоқпыз.

Исраил аға осы сапарында туған жерге тағзым етті. «Жылы су» ауыл округіндегі «Ноғайлы ат» қабырстанында анасы мен ағасы, туған-туыстары зираттарына зиярат етті. Құран бағыштады. №114 және М. Әуезов атындағы орта мектептерде болды. Мектеп ұжымы және ата-аналармен, шәкірттермен жүздесті. Тағылымды сөздер шертілді. Ақын- азамат қоғаммен, табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің қажеттілігін атап айтты. Құстар өмірінің өзі ғибрат екендігі жөнінде мысалдар келтірді. Құс екеш құстың төресі – қарлығаш та жыл сайын өзінің туған топырағына қайтадан оралады. Көгершін деген құс та адамның қолынан жем татады. Ұяларын жұптасып салады. Жұмыртқаны бірге шайқайды. Аққу құс та бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Мінеки, ақын Исраилдың өз аузынан айтылған тағылымы мол, өнегесі зор сөздер. Біз де өз кезегінде былайша дегіміз келеді. Исраил аға, сіз құстың сұңқары секілдісіз. Қарға деген құс болады, тапқан тамағын тұяқтарынан шашау шығармай, табанына басып, жасырып жейді. Сұңқар құс болса, шашып жейді. Өзі де жейді. Өзгелерді де жарылқайды. Сіз де сұңқар секілді дүниеге әкелген рухани жемістеріңізді: әндеріңізді, драмалық туындыларыңызды, өлең-жырларыңызды тек өзіңіздікі ғана етпей, көпшіліктің игілігіне арнай білдіңіз. Ендеше, сіз – сұңқарсыз. Ақындықтың да, адамилықтың да сұңқарысыз. Сұңқар – ерекше құс. Қасиеті де киесі де бір басына жетеді. Сұңқарлар барда шүрегейлер бой көрсете алмайды. Сұңқар болмысыңыздан алдағы уақытта да айнымағайсыз демекпіз.

Ақын тойы ешқашанда тарқалмақ емес. Ол жалғасады. Осы тойда біз осылайша ой толғадық. Ақынға туған-туыстары темір тұлпар тарту етті.


***
БАУБЕК ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ӨРШІЛ ПУБЛИЦИСТИКА


Қазақтың көркемсөз өнерінде өз орнын ойып алған қаламгерлер аз емес. Солардың бірегейі – Баубек Бұлқышевтың көркемсөз өнері дер едік. Өзінің саналы ғұмыры, жастық шағы сұрапыл шайқас жылдарына тура келсе де, ертеңі елеулі, шуақты болатынына күмәнсіз сенген жас жазушының ой әлемі, іс-әрекет ауқымы, мінез-құлық сипаттары бүгінде де өсемін, боламын деген жас ұрпаққа жаңылдырмас, жалтақ етпес бағдаршам, бағдар деп білеміз.

Қазақ әдебиетінде көркем әдебиеттің түрлі кезеңдері болғандығы белгілі. Біздер сол кезеңдер арасынан кеңестік әдебиетті өшіріп тастай алмаймыз. Олай етуге болмайды да. Қалай дегенде де сол уақытта халқымыздың көркем әдебиеті жасалғандығы мәлім. Ал соғыс жылдарының әдебиеті деп аталатын елеулі кезеңді де оқырман жадынан алып тастауға мүлдем болмайды.

Күні кешегі соғыс жылдарында жарық көрген Баубек Бұлқышевтың өршіл де қуатты публицистикасы мейір мен шапағатты ұлық тұта қоймаған бүгінгі уақытта ата-ана мен дос-жаран, бауыр-туыстың қаншалықты үлкен мәнге ие екендігін түсіндірумен, ұғындырумен және өзінің ұлағаттылығын байқатумен ерекшеленіп, көкейкестілігін айқын аңғартады.

Кеңес заманына қызмет еткен, оның ыстық-суығына шыдап, тоңған Баубек Бұлқышев өз уақытының адал ұлы, перзенті болғаны – бүгінгі ұрпақтар үшін үлкен тағылым, зор өнеге.

Біздер өткенді ұмытпауға тиіспіз. Оны жадымыздан жоғалтпауға дағдыланғанымыз абзалырақ. Өз заманының көркем ойы, ұшқыр қиялы мен шаршап-шалдықпас қанаты болған ерлерін бір сәтке де көкірек төрінен төменге түсіруге еш құқымыз жоқ. Шыны керек, Баубек Бұлқышев шығармаларының рухында талай-талай ұрпақ өсіп жетілді. Қалыптасты. Өркен жайды. Мейір мен шапағатқа бөленді. Ұрпақтар жалғастығына айналды.

Өйткені Баубек шығармаларын оқып отырып, шынайы қуана білу қасиетіне ие болдық. Шын пейілмен жақсылық жасауды үйрендік. Ағыл-тегіл мейірлену, сөйте тұра асып-таспаудың керектігін, егіле, езіле қайғыра білудің, солай бола тұра ішкі өзекті сындырмаудың, бордай тозбаудың аса қажет екендігін құнарлы тілімен, көкірек көзінің көргенді ділімен түйсіндіре білгені үшін алғаусыз алғысымызды жаудырдық та.

Баубек Бұлқышев кеңестік заманда ғұмыр кешті. Жердің алтыдан бір бөлегін алып жатқан КСРО деп аталатын алып елдің мүддесін ойлағаны рас-ты. Ата-бабаларымыз, біздің өзіміз де саналы ғұмырымызды сол елдің тағдырымен, тарихымен байланыстырдық. Бұл заңды да еді. Біз өз заманымыздың оғланы болдық.

Тәуелсіз ел жылдары ішінде Баубекті қайтадан оқып шықтық. Сол жастық шақта санада жатталған, жаттап алуға іңкәрлік танытқан Баубек Бұлқышевтың ғаламат ой орамдары, көркем де көшелі көсемсөздері ескірмес қалпымен, жасампаз да жарқыраған үнімен ұлғайған, өмір тәжірибесі молыққан біздердей замандастарымен қайтадан қауышқандай күй кештік.

Өйткені, Баубек біздің ортамызда. Өзіміздің арамызда. Туғанына ғасыр өтсе де, рухы, есімі өшпепті. Оның есімі мектептердің атында. Жүздеген, мыңдаған жас өскіндердің, түрлі жастағылардың бүгінгі ұрпақтарының есімдерінде еленіп, ескеріліп, ұлағатпен қайталануда. Баршамызға замандас қаламгер, айтулы жазушы Мархабат Байғұттың «Әдебиет пәнінің періштесі» хикаятында да әке өзегін жарып шығып, жарық дүниеден тым ерте көшкен ұлының есімі де осынау жалынды да оттай жарқыраған жазушы, көсемсөз иесі есімін иеленгенін айтқанымыз орынды-ақ.

1916 жылы ұлтымыздың Темірқазығы саналған Ұлытау топырағында дүниеге келген Баубек Бұлқышевтың прозасы адами-қаламгерлік талғам мен биік өлшемнің ұлағатты үлгісі. Ортақ мақсат, ортақ мүдде бар жерде, бүкіл іс-әрекет жүрек арқылы өткен сәттерде ізгілік те, парасат-пайым да биікке қанат қағатынын жас талант иесі мына төмендегі сөздерімен анық та ашық жеткізе білген. Ол былай дейді: «Ұрысқа берілген сәтте, өзімді-өзім ұмытып кетем де, бұйрықты қазақ тілінде беріп қалатын кезім болады. Жауынгерлер соны бұлжытпай орындайды. Ал ұрыс аяқталған кезде: «Жолдас, аға лейтенант, бұйрығыңызды орысша айтсаңызшы, біз сіздің тіліңізді білмейміз ғой, – дейді. Мінеки, тілімді білмесе де ойымды жүрегімен ұғады. Өйткені біздің бәріміздің де ой-мақсаттарымыз бірегей.»

Бұл ХХ ғасырдың 40-жылдарында туған тілімізге қауып-қатер әлі де төнбей тұрған уақыт болатын. ХХ ғасыр әлем тарихында, соның ішінде Ұлы Дала елінің тарихында әрқилы оқиғаларымен есте қалды. Баубек Бұлқышев те ХХ ғасырды ұлы деп атады. Адам өмірге адам болып келіп, адам күйінде қайтады деді. Адам деген атқа лайық ғұмыр кешу үлгісін өзі де көрсетіп кетті.

Содан бері талай су ақты. Талай көш керуені өтті. Әлі де адам баласы үшін адамгершілік, адам болып өмір сүру – мәнді де маңызды мәселелердің бірі екендігі айдан анық.

Өмірде алғаш рет сезілетін қуаныш, сүю, бақыт секілді ұғымдарды мәңгі-бақи, жиырма сегіз жасар кезіндегідей ұғынып, түсініп кеткен, түйсіне білген бірден-бір қаламгер осы Баубек Бұлқышев болатын. Ол жиырма сегіз жасында мәңгілік тұғырында қалды. Жалындаған, алаулаған жиырма сегіз жастың биігінде жарқыраған қалпында шоқтай жана білді.

Публицист-жазушы Баубек Бұлқышевтың туындылары сол кездегі «Комсомольская правда» газетінде жиі-жиі жарияланып жатты. Бұл газетте жариялану – қаламгерлер атаулысы үшін үлкен табыс болатын. Көркем дүниесі басылған қаламгердің қай-қайсысы болса да, сол кездегі ел аумағына әп-сәтте танымал болып үлгеретін.

Рас, романтика мен оның жастық жалыны, қуатты да көркем ойы жас талантқа серік болды. Өмір сүргісі келді оның да. Жеке өмірі өзі үшін қымбат екендігін де сезінді. «Өмір сүргім келеді» очеркі соның айтағы іспеттес. «Федя орыс, Вася беларус, мен қазақпын. Неше рет атакаға бірге кірдік, неше рет бір киімнің астында бірге жаттық. Неше рет жақсы көретін аспазшымыз Абдулкаюм пісіретін тамақты бір шелекшеден бірге жедік» дейді осы очеркінде отты да, алаулы жүрек иесі Баубек Бұлқышев. Бұл да өткен тарихымыз. Өткен уақыт шындығы. Алып елдегі түрлі ұлт өкілдерінің шынайы да табиғи достығының бір үзік көрінісі. Тек соны кей-кейде кей-кей ТМД елдеріндегі аумалы-төкпелі заманда шайқалтуға кей күштердің әрекет жасап жүргендігі қынжылтады. Қатты өкінтеді де.

Жазушының «Ана» атты монолог арнауын қара сөзден төгілген поэтикалық дүние дерсіз. Осынау анаға арнау сөзді мектеп оқушылары жатқа айтып, мәнерлеп оқып, сахна төрінен талай мәрте орындағандары әлі күнге шейін есімізде. Жадымызда жаттаулы.

«...Ана тілі, ананың махаббаты, ананың тілегі тіл жетпес жатқан бір теңіз емес пе! Па, шіркін, ананың айналып-толғанғаны кімнің есінен кетпейді!

Шырылдап жерге түскеннен-ақ сенің ең бір жақының, ең бір досың, ең бір ұстазың бар. Ол – ана: қара жерді баспай жатып, есіңді білмей жатып, тырмысып бауырына жабысатының, шырылдап уанбай жылап сенің іздейтінің – ана.

Міне, анаға деген махаббат сенің құндақта жатқан күніңнен-ақ басталады. Ананың жолы басқа. Ана деген сөздің өзі ыстық. Ана десе толқымайтын жүрек, тасымайтын қан, сезбейтін сезім болуға мүмкін емес!»

Осынау сөздер мен сөйлемдер, сөз тіркестері мен ой орамдары қазірде де көкейкесті. Толғақты. Ойлы. Мерейлі.

Баубек Бұлқышев өз уақытының перзенті. Ол Александр Пушкинді, Николай Некрасовты, Максим Горкийді, Шота Руставелиді, Тарас Шевченконы ұлықтады. Әлем ақындары: Шиллерді, Гетені насихаттады. Оларды өз ұлттарының руханият әлеміне зор үлес қосқан тұлғалар сипатында бағалады.

«Адам өмірінің биік шыңы – жастық» деген неміс ақыны Гетенің сөзін эпиграф ретінде алған «Алматы – қалам менің» атты аяқталмаған романы да жастар өмірі жайлы жазылған лирикалық, романтикалық, пәлсапалық көркем туынды.

Баубек Бұлқышевтың өлеңдері, аудармалары және «Айсұлу» поэмасы жастық романтикаға, замана шындығына суарылған поэтикалық дүниелер деп білеміз. ХХ ғасырдың 40-70 жылдарындағы басты ерекшелік – хаттар және ондағы ойлар мен сезімдердің ауқымы ғажайып бір әлем болатын. Баубек Бұлқышевтың осынау хаттарынан қаламгердің дүниетанымын, көзқарасын жан-жақты аңғаруға болады. Қазақтың көрнекті ақын-жазушылары Әбу Сәрсенбаевқа, Сәбит Мұқановқа, Қапан Сатыбалдинге, Мұқан Иманжановқа деген ізгілік пен парасатқа тола ішкі сырларымен біздер де ортақтасамыз.

Жігерлі де сергек әрі дана Баубек Бұлқышевтың туындылары өмірге деген құштарлықты арттырар дүниелер. Бүгінгі қым-қуыт уақытта талантты да тұлпар мінез жазушының прозасы мен публицистикасы өмірге деген ынта-ықыласты оятады деп білеміз.

Шыны керек, кеңестік жүйе кезінде біздер, ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы жастар Баубек Бұлқышевтың публицистикасына етене жақын болдық. Оның соғыс жылдарында жазған терең ойлы, сезімді селт еткізер туындылары қай-қайсымызды болмасын бейжай қалдырмады. Нағыз жүректен шыққан сөздер ғой бұл, өйткені. Сонысымен қымбат-ты жазушы дүниелері.

ХХ ғасырда ғұмыр кешкен кеңестік жүйе қазірде тарих шежіресіне енді. Теориялық тұрғыда адам баласына жаннат мекен орнатпақ болған биліктің ой-пікірлері, арман, мүдделері іс жүзіне аспады. Тіл мен дінге, діл мен ата-баба тағылымына, өнеріне өгей мінез танытқан алып ел тарап тынды. Күйреді.

Баубек Бұлқышевтың жанындай сүйген, Отанына адал перзенттік сезімін білдірген империя жан-жаққа бытырады.

Адамзат баласының ұлы ойшылдары адам баласына бостандық, теңдік, еңбек ету, білім алу, денсаулықты сақтау ісінде тең құқықты қамтамасыз етеміз деген шынайы идеяның күл-талқаны шықты.

Таза да романтикаға толы жастық өз идеясына, яғни адалдыққа, тазалыққа, шынайылыққа тола ой-пікірлері, әрине, қолдап-қуаттауға әбден лайық. Бірақ замана шындығы, бүгінгі әлемдік тарихи-қоғамдық жағдай осынау идеяның өзегіне жегідей жеген кұрт түскендігін дәлелдеп отыр. О баста әділдікті, бостандықты,теңдікті ту еткен идеяның түптің түбінде қызыл сөздің, әсіребелсенділік пен дақпыртқа мейілінше батқан қызыл сөздің астарында аярлық пен империялық пиғылдар мен мақсат-мүдделердің жатқандығы соңыра мәлім болды.

Сондықтан да сол жүйе тарихи уақыт ауқымында шектеулі болды. Баубек Бұлқышев адал қызмет жасаған жүйе өмір сүруін тоқтатты. Бұл үшін кейінгі ұрпақ, әрине, кінәлі емес. Адам баласы қашанда әділдікке, адалдыққа, теңдікке, бостандыққа ұмтылады. Ата-баба аманатын орындауға күш-жігер, қажыр-қайрат жұмсайды. Олай болмаған жағдайда тектіліктің тағылымы, ата-бабалар парызын орындауға тиесілі ар-намыс, қарыз бен парыз қайтадан оянады. «Мінеки, өмір мәні – күресте. Мен солай ойлаймын», – деп ұлы Баубек Бұлқышев жазғандай ұлт мүддесі мен намыс ширыға түсіп, кең көлемде атой салады. Бұл табиғи әрі заңды екендігін бүгінгі тәуелсіз еліміздің тарихы айқын дәлелдеп отыр.

Баубек Бұлқышевтың «Өмір» атты өлеңінде өз уақытына, заманаға, өмірге берген, өзіндік ойлары мен пәлсапалық тұжырымдары бар. «Өмірге терең көз салсақ: Қарт та өтіп барады, жас та өтіп барады, Күлкісі күнге шағылған, қайғыдан сірә айрылған, Көлден ұшқан аққудай, сұлу да өтіп барады. Тұлпар мініп ту алған, жігіт те өтіп барады. Сабағынан үзіліп, жерге түскен алмадай, жас қыршын өтіп барады. Кезегімен адамзат, күні біткен сағатта, Кезекпен кетіп барады», – дейді ақынжанды да кемел ой иесі Баубек.

Осы орайда ұлы Абайдың «Алдыңғы толқын ағалар, Кейінгі толқын інілер, Кезекпен өлінер, баяғыдай көрінер» деген алма-кезек ауысып жатқан адамзат көші керуенінің ұзақ-сонар тізбегін көз алдымызға елестете аласыз.

Көңіл-күйге сай лирикалық өлеңдерінде көркем де сергек, ойнақы да ойлы толқыныстар көз алдыңда көлбеңдеп тұратындығымен ерекшеленеді. «Қуаныш, егер болмаса, көңіл-күйі келер ме! Еркелетер ел болмай, Ердің көркі келер ме! Еркіндігі болмаса, Елдің көркі келер ме!» деген «Жаңа дүние» өлеңінде де дәл осындай көңіл иірімдері кездеседі.

Баубек Бұлқышев өмірді керемет сүйген, оған шынайы ғашық болған, іңкәр сағынышын еш жасыра алмаған аса талантты ойшыл, сыршыл суреткер. Өзі өмір сүрген қоғамға, қоршаған дос-жаранға, таныс-біліске пәк көңіл-күй дарытқан қарымды қаламгер. Жан дүниесі мөлдір, жазғы шықтай таза, ойлау жүйесі мейірім мен шапағатқа, бауырмал қасиетке толы жазбагер.

Баубек Бұлқышевтың прозасы мен поэзиясы, санқырлы публицистикасын зерделеу, сараптау, талдау және бүгінгі күн тұрғысынан бағалау көкейкесті мәселелердің бірі. Дүниеге келгеніне ғасыр толған көрнекті қазақ жазушысының жастықтың жалынына оранған тығылымды да ғибратты мұрасы әлі де өмір сүре білуге, оны шынайы сүюге, досқа, бауырға адал да мейірбан болуға үндеп тұрғандай сыңайлы.

Баубек Бұлқышев шығармаларынан бүгінгі оқырман мөлдірлікті, тазалықты, адал көзқарас пен қуатты іс-әрекетті, ерен мақсат пен асқақ арманды аңғарады. Қиындық атаулысынан қаймықпауға, жолда кезіккен кедергілерге шыдас беруге ұмтылдырады жалынды да мәңгі жас күйінде қалған қарымды қаламгер дүниелері.

***


ПОЭЗИЯ ӨЗЕГІ – ТӘУЕЛСІЗДІК
Тәуелсіз ел болғанымызға екі он жылдан астам уақыт өтті. Бұл аз да, көп те емес. Әрине, қазіргі уақыт тұрғысынан алғанда. Өйткені бүгінгі тәуелсіздікті ата-бабалар ғасырлар бойы аңсады. Отар ел болмасақ деп, ормандай ойлардың қалың шырмауынан шыға алмады. Тіпті, қазіргі таңда ғұмырының 40 жылын түрмеде өткізген Қажығұмар Шабданұлы отар ел болудың өзі қылмыс деп ат қойып, айдар тағып, 6 томдық «Қылмыс» романын дүниеге әкелді. Сондықтан да, Тәуелсіздік деген сөз – тым тәтті, тым жауапты.

Мінеки, осынау Тәуелсіздік үшін қан төгіп, жан беріп, жан алысқан өз ерлеріміз хақында өлеңнен өрнек тоқып, поэма деңгейіне жеткізген айтулы ақын Несіпбек Айтұлының «Арқатірек» кітабына орай өз ой-пікірлерімізді оқырмандармен бөлісуді жөн деп таптық.

Ел Тәуелсіздігі жайлы өз поэзиясына өзек еткен қазақтың көрнекті ақыны Несіпбек Айтұлының поэмаларына негіз болған қазақ батырларының галереясы осы кітапта да заңды жалғасын тауыпты. Көзіқарақты оқырманның жадынан Абылай, Бөгенбай, ер Қабанбай, Бердіқожа, Кенесары, Тайжан, Шақантай секілді батырлар да, батыл, қол бастар абзал жандар легі әлі де өше қойған жоқ. Ұлан-байтақ жерді көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізген нағыз ерлер, шынында да, біздерге көптік етпейді. Ел үшін қорған болған нағыз ерлердің арқасында, арқамызға тірек болар ұландарымызды ұлықтаудан артық міндет те, мақсат та жоқ бүгінде. Себебі сол, қалай мақтансақ та, ардақ тұтсақ та олар ұлықтауға лайық. Өзіміз ұлықтамасақ, өзге ешкім де ұлықтамайтындығы бесенеден белгілі. Бұл – шындық. Өзгелер біздің батырларымыздың, ерлеріміздің көп болғандығын қаламайды. Жоқ. Олай емес деп, көріңізші.

Ақын Несіпбек Айтұлының «Арқатірек» дастандар кітабына «Жалаңтөс», «Наурызбай», «Төлегетай», «Танабай» секілді поэмалар еніпті. Тәуелсіздік жайлы толғау «Әлқисса» атты беташар сөзде ақындық тілмен, көсемсөз леппен асқақ берілген. Публицистикалық сарын көркем сөбен дәріптелген. Төл тіліміздің нәрі мен құнарына тұшынған сайын, шөліркеген тіл мен ділге мейлінше қаныға түскенімізді айқын сезінеміз.

Ақын Тәуелсіздіктің баға жетпес терең де ұлы ұғым екендігін поэтикалық көркем тілмен жеткізе білген. Одан қымбат ешнәрсе жоқ екенін де жасырмайды. Өйткені, Тәуелсіздікке ақын-кейіпкердің өзегі талып жеткен. Сондықтан да, төбеден алтын құйылса да, бодандықта кешкен күн – күн емес. Ақын-кейіпкер солай дейді.

Ендігіде ше? Төбеде көк ту көкке желбіреп тұр. Арман жоқ бұны көрген елде. Қазақ елі әлемге танылды. Өз жері, өз Отаны, өз Астанасы бар елден ғажайып мекен болар ма?! Ақынның ойынша, Азаттық, Тәуелсіздік – бұл арқа тірек. Кітаптың дәл осылайша – «Арқатірек» аталуы да осынау өлең жолдарын оқыған кезде нақтылана түсетіндігіне сеніміңіз беки түседі.

Тәуелсіздікті өлең өзегіне арқау еткен ақынның поэзиясында көркемдік тіл элементтері – теңеу, эпитет, метафора көзге тұнып тұрады. Ақын өзі айтқандай, «Қара өлең – кәрі жырау» бүгінгі оқырман қауымға өгей күйде емес, өскелең үйлесімділікпен тіл қатқандай әсерге бөленесіз.

«Жалаңтөс» поэмасы – кітаптың бастауында тұрған туынды. Ғашық болған аруының жалғыз меңі үшін ғана Самарқант шаһарын бермек болған атақты ұлы ақын Хафиз жырлаған мәшһүр қалада мәңгілікке дамыл тапқан Жалаңтөс баһадүрдің ерлігі әлі күнге шейін дүйім жұртты толғандырып, таңқалдырып келеді. Әмір Темірдің бас уәзірі болған Ораз батыр –Жалаңтөс баһадүрдің бабасы.

Арқатірек – ақын поэзиясындағы тың атау. Шыны керек, тірек, тіреу тура мағынасында, терең мәнде сүйеніш, арқаңа сүйеу болар ізгі жанды меңзейді. Асқар тау – ата-анаң, туыс, бауырыңның бәрі де бір сөзбен айтқанда жауырынды жерге тигізбес, арқаңа сүйеу болар мықты сүйеніш. Кешегі өткен елін қорғаған әзіз ерлер де алты алаштың қамқоры, арқатірегі болған. Ақын солай дейді. Солайша ой түйеміз біз-дағы. Жалаңтөс батыр бүгінде көршілес Өзбекстанның Самарқантында жатыр. Ата-бабасы текті ұл елін қорғауда ерен ерлік үлгісін жасаған. Жауға қарсы төсін жарқырата ашып, қорықпай, атойлап шапқан. Найзасын ұстап, жебесін қолға алып, жауға ойран салған. Шежірешіл текті ел Жалаңтөстің текті ортадан шыққанын да ұмыт қалдырған емес. Жанарыстан Алшын, Алшыннан Әлім, одан Төртқара биді таратады. Төртқарадан (шын аты – Қармашақ) – Жаншұқыр, Оразгелді, Ораз, Қараш келеді дүниеге. Қараштан Ақпан, Тоқпан атты екі ұл туыпты. Сол Тоқпаннан – Тоғамыс, Сейітқұл және батыр Шобан тарайды екен. Ал, енді осынау Сейітқұлдан сегіз ұл туыпты. Сейітқұлдың Ақтұмар атты сұлу әйелінен Жалаңтөс дүниеге келген. Оның алдындағы ағасы Ақшаның анасы бөлек екен. Әйтеке би осынау Ақшаның Байбек деген баласынан туған дейді поэмадағы жыр жолдары. Поэманың танымдық, тағылымдық жағы да осында. Сонымен бірге, туынды ел шежіресін жаттап жаңғыртуымен де ерекшеленеді. Білмекке, ұғынбаққа ұмтылған есті ұрпаққа бұл да мәнді әрі қажет.

Поэмада сондай-ақ, қалмаққа қарсы соғыста Жалаңтөс батырмен біргелікте арғыннан Ағынтай мен батыр Қомпай, шапырашты ер Қарасай, Алшын Жиембет, Дулат Жақсығұл, Найман Көксерек, Қаңлы Сарбұқа, Суан Елтінді, қырдың қос батыры Көтен, Табай шайқасып, ерлерше ерлік танытқаны атап айтылады. Поэма – көсемсөз, поэма – тарих, поэма –тағылымның айтар сыры, айтпағы осылайша кестеленген.

Қазақтың Ұлы Даласы ерен ерлерімен есте сақталады. «Наурызбай» поэмасын оқығанда сондай сезімге бөленеміз. Айтулы батырларымызды түгендеудің өзі елге сын. Ал ақын атаулысына үлкен сынақ. Мінеки, бұл жауапты сын мен сынақты халқымыздың ақиық ақыны Несіпбек Айтұлы ойдағыдай еңсере білгендігі оқырман ретінде қуантады. Көңілге шуақ дарытады. «Түйіні тағдырының бізге жұмбақ, Уақыттың тереңіне шөккендердің» деп ақын айтпақшы, ерлік жыр ешқашан да таусылмайды. Түгесілмек емес те. Ел арасында Наурызбай батыр жайлы қаншама жыр, дастан болса да, ақынның осымен аттас поэмасының өзегіне аңыз негіз болған. Наурызбай батыр ту тіккен жерге, денесі байыз тапқан қасиетті тұстағы биік шың басына жылма-жыл қасиетті сұңқар ұя салып, балапандарын түлетіп ұшырады екен. Бұл кездейсоқ па? Жоқ. Табиғат – Анада себеп-салдарсыз ештеңе болмайды. Текті батыр мен текті құстың арасында көзге көрінгісіз байланыс бар. Қасиеті де мол екендігіне ешбір күмәнің қалмайды. Поэманың тағылымы сол, берер дәрісі де зор.

Көздің шарасына сыймас ұлан-байтақ жер берген ұлы жаратушының құдіретіне таң қалмасқа болмайды. Ал сол жердің бір қарысқа бара-бар сүйем жері мен ұлтарақтай аумағын жауға бермеген батыр ұлдармен қалай мақтансақ та жөн емес пе? «Аңырақай шайқасында» небәрі жиырмада болған Наурызбайдың ерен ерлігі – елдігіміздің алтын арқауы.

Айтулы батыр бабаларымыздың өзіне серік болған аттары да тарихтан берік орын алғандығы әмбеге аян. Мәселен, Алпамыс батырдың атақты Байшұбарын, Қобыланды батырдың Тайбурылын айтсаңызшы. Ер Найрызбайдың да ел-жұрт жадында сақталған Алааты да дәл солай. Алаат Наурызбай батырмен біргелікте сан шайқастарда кең даланың қанды майдандарында арымай, талмай шарлапты және де Алааты бір емес, екеу болыпты. Дамыл таппаған толқынды тірлікте қазақ халқы ақын жырлағандай: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөлде, Қаңғырып, қайың салған ел жаяулап. Иттей боп, таяқ жеген арлан қазақ, Көлденең көк аттыға болған мазақ» халді бастан кешкендігі де мәлім. Алғашқыда Ордабасы, Қарақұмда бас қосқан қазақтың игі жақсылары бертін келе Ұлытауда топтасты. Бірлік танытты. Елдік пен тектілік көрсетті. Қалмақтарға қарсы бірлесті. Қалың қол жиылды ұлы Қазақ даласынан. Мінеки, осынау жан беріп, жан алысқан алапат майданда «Абылайлап» ұран салған Сабалақ Әбілмансұрдың бағы жанды. Есімі, ерлігі, ақылы мен іс-әрекеті елге жайылды. Ер Наурызбай ерлігімен көзге түсті. Қалмақтың батыры Доланқарамен жекпе-жекте айбыны асты. Мәртебесі биіктеді. Қан майданда жас батырлардың жолдары ашылды. Олардың арасында жауға найза сілтеген халқымыздың аяулы ұлдары да аса көп еді. Батырлардың есімдері эпизодтық көріністе елес берсе де, іс-әрекеттері, өнегелі тірліктері ерен екендігін атап айтуға тиіспіз. Олардың әрбірі бір-бір поэмаға бас кейіпкер болуға әбден татиды. Рухтары биік, есімдері мәңгі өшпестей болуын тілей отырып, біз де осы орайда олардың өлмес-өшпес есімдерін қайталай кетуді орынды санаймыз. Бөгенбай, Қабанбай, Олжабай, Баймұрат, Малайсары, Көкжал, Барақ, Жібекбай, Шүйкебай, Молдабай, Байғозы, Баян, Жантай, ЕрЖәнібек, Хангелді, Бердіқожа, Дәулет, Жәпек, Құттымбет, Қазыбек, Әйтей, Байет, Тілеуке, Секербай, Сатай, Бөлек, Бөкенбай, Жарылқап, Қарабатыр, Сеңкібай, Мамыт, Қаумен, Шойбек.

Мінеки, елдің еңсесін көтерген қаһарман батырлар есімдерінің тізбегі. Эпикалық жырларға лайық батырлардың әрбірінің өнегесі мен тағылымы бүгінгі ұрпақ үшін үлкен сабақ деуіміздің сыры осы. Ер Қабанбай, Абылай мен Наурызбай секілді даңқты батырлардың атын естісімен ата жаудың тұла бойының тітіреуі – халқымыздың ерлерінің айбыны асқақ болғанынан хабар береді. Ойраттардың ойранының шығуы – елдігіміздің тұтастығының айғағы екендігі поэмада еркін сезіледі. Алайда бағасы аса биік жеңістен соң, қазақ даласында билік үшін болған айқас, қитұрқы мінез, астыртын іс-әрекеттер, әдіс-айласы мол, ішкі сырын бермес, иірімі қат-қабат қарым-қатынастар елдіктің іргесін сөкті. Бірлікке сызат түсті. Поэмада осынау тарихи шындық ақынның тілімен ашық айтылған. «Ұлы хан болмадым» деп қолбасы Әбілқайыр қан майданды тастап кетеді. Халық тағдырынан хан тағы жеме-жемге келгенде басым түседі. «Құйрығы шолтаң еткен қысқа өмірде, мансапты мұратым деп ұққан» психология белең алады.

Бүкіл өмірі жорықта өтіп, астындағы атының тері құрғамауы – еріккендіктің тірлігі емес-ті. Елді, жерді қорғаудың ісі еді. Осы бағыттағы ақын еңбегі де ұшан-теңіз болуы қажеттігін Несіпбек Айтұлы анық түсінеді. Сондықтан да шоң шайыр былай дейді: «Ақынға тура тартып төтелеген, Бір дастан әр ерлігі жекеленген. Алдында ел қорғаған бабалардың, Әлі де парызым көп өтемеген...»

«Жердің иесі, ердің киесі болады» демекші, ел ішіндегі аңыз бойынша Шапырашты Наурызбайдың саналы ғұмырында атойлап жауға шапқан кезінде желеп-жебеп жүретін қызыл шұбар Жолбарысы болыпты. Ел солай дейді. Ал, бүгінгі әлемдік көркем әдебиетте ел ішіндегі дәл осындай аңыз, әңгімелерді күрделі жанр – романға қосу үдерісі кең етек жайғанын айта кеткен жөн. Бұны әдебиеттану ғылымында постмодерндік тәсіл деп атайды. Бұның бәрі де дұрыс. Себебі сол, қазіргі ғылыми-техникалық өркениет дамыған сәтте адамзат баласы өзінің өткен тарихына, түп тамырына үңіле бастады. Өзі қайдан келгенін, кім екенін білуге деген ынта-жігер бүгінде, шынында да, күшейе, зорая түскені рас емес пе?! Поэмада осы іспеттес сарын бар. Әр елдің маңдайына ер бітеді дейді дастанның бір жолы. Рас, еліміздің маңдайына біткен ерлер баршамыздың ортақ қазынамыз. «Тамыры бостандықтың тереңдегі, Қанымен арыстардың суарылған.» Бұл да ақын айтпақшы, рас сөз. Тура лебіз.

«Төлегетай» поэмасы – елдік жайлы туынды. Төлегетайдан Тортуыл, Қаракерей, Садыр, Матай тарайды. Шежіре бойынша солай. Осылайша тарқату – түп тамырымызды індете іздеуден туындайды. Әйтпесе, жұрнағын да жинай алмай, жұрт та есеңгіреп қалған кездер де бастан өтпеп пе еді? Шежіре – ескіліктің қалдығы, сарқыншағы деп өзеурегеніміз де өзіміз. Сонымен, Төлегетайдан Қытай туады. Қытай секілді құмырсқадай өзінен өзі көбейсін деген ниетпен солай аталыпты. Өсе келе Қытай аңшылық құрады. Айдай бір аруға үйленеді. Қалыңдық жағы Қытайға Құлашкер атты қыранды сыйға тартады. Бірақ соңыра Қытайдың ажалы сол құстан болған деседі. Өз құсы өз иесіне түсіп, ажал құштырыпты. Ажалды естіртуге Арғынның Қанжығалы биі келіпті. Сөйтіп, Төлегетайға болған жайтты баяндапты. Көркем тілмен, меңзеу сөзбен бейнелеуінше, өзі ұшырған көбелегінен аңда жүріп, ойда-жоқта опат болғанын жеткізіпті. Сөйтіп, сабырға келуін өтінеді. Аман болса, артында қалған төрт бұтағы көгеретінін де еске салады. Соңында қалған төрт ұлы – Тортуыл, Қаракерей, Садыр, Матай уақыт өте келе, елге елеулі, халқына қалаулы азаматтар болып өскендігі және оқырмандар зердесінің төрінен берік орын алғандығын поэманы оқи отырып пайымдаймыз.

Поэмада түс көру және оны жору секілді бүгінгі әлемдік әдебиеттегі көркемдік тәсіл түрі де бар. Мәселен, Қытайдың төрт ұлы түс көріп, атасы Төлегетайдың алдына келеді. Төртеуі де өз түстерін айтып, жорытады. Қаракерей өз түсінде қара нарға жүк артып, көшіп бара жатқанын, жолда адасқанын, сөйтіп, қалың жынысты тоғайға тап болғанын, жанында еріп жүрген елімен сол жерде қонып қалғанын айтады. Атасы түстің мәні өте жоғары екендігіне тоқталады. Малы мен басының өсетінін меңзейді. Ұрпағы қара ормандай жайқалатынын, өзі жайсаң жанға айналатынын жайдары қалыпта жеткізеді.

Матай атты немересі өз түсінде ту ұстап, тұлпар мінгенін, қалың көшті бастап жүргенін тілге тиек етеді. Атасы бұл түсті де жақсы ырымға балап, болашақта іргеңнің қанаты кеңге жайылады дейді.

Кезек Садырға келеді. Ол өз түсінде қару-жарақ асынып, жаумен айқасып жүргенін, сөйтіп, бірте-бірте қаңбақ секілді шетке домалап кете барғанын айтады. Атасы бұл түсті де жақсылықтың нышаны деп жориды. Талай-талай жаугершілікті бастан өткересің, әйтсе де, өсіп-өніп жетілесің, еркін ғұмыр кешесің, дейді.

Немересі Тортуыл бір үйір қысырақтың басын қоса алмай, түсінде дал болғанын сөздің түйіні етіп айтыпты. Атасы сонда ұрпағың біразға жеткенімен, бытыраңқы, шашыраңқы ғұмыр кешерсің деген байлам жасайды. Түптің түбінде текті Төлегетай ата айтқан болжам сөздердің тарихи шындыққа айналғанын бүгінгі көзіқарақты ұрпақтың тағылым ретінде толғап отыруы да тегін емес.

Шежіре – бұл өткен тарих. Поэмада тарих ақындық сөзбен, деректі мәліметтермен өріле білген. Найманның қалың сегіз оғызы қанағаттың сол қанатын билепті. Атақты Тоныкөк те, Құлашор да Найманның даңқты оғландары дейді шайыр-шежіреші.

Сегіз оғыз Найман Бетеге, Көшеуіт, Ақсауыт, Найман-Қаңлы, Найман-Керей, Барлас, Дүрмен болып бөлініпті. Бабыр мен ақсақ Темір бүгінде өзбекке сіңген Барлас, Дүрмен атты аталардан екендігі де көзі ашық, көкірегі ояу қауымға жете таныс тарихи тұлғалар.

Әйгілі Тоныкөк көне Қытай елі – Табғашта он үш жыл оқып, зеректігімен, алғырлығымен көзге түскен. Талай жорықтарға қатысқан. Батыр болып танылған. Жетпіске келгенде қалың қолды Күлтегінге тапсырып, өз батасын беріпті. Тоқсан жасқа келгенде өсиет сөзін тасқа қашап, ұрпаққа аманат ретінде қалдырыпты. Поэма тағылымы осыған жетелейді.

Қағанаттың қалқаны болған ерлердің бірі поэмада жеке-дара айтылады. Ол – бірде Құлашор, бірде Күлішор делінеді екен. Осынау тұлға да батырлығымен елге қорған болған дейді поэма-тарих.

Ұлы Түрік қағанатына қызмет еткен ата-бабалар мәңгілік ел болуды аңсап өткен. Білге Бұқа хан тұсында Найман мемлекеті жеке ел болып ғұмыр кешті. Бастан бақ тайған кезде Таян хан мен Бұйрық хан өзара өштесіп, мемлекет іргесі сетінейді. Тұтасқан қалың ел екіге бөлінеді. Таян ханның үлкен ұлы – Күшлік хан он бес жыл бойы жауларымен арпалысады. Памир тауларының бір сілемінде ізбе-із оны қуып жеткен Жебе ноян батырдың басын шауып алады. Күшлік батырдың құрбан болуымен біргелікте найман мемлекетінің хандық жүйесі де күйрейді.

Жалғыздан Жалпақ рулы елге айналу да Табиғат-Ананың кереметі. Алланың шапағаты. Әйтпесе, тоқсан жасқа келген Найман қарт жападан жалғыз дүниеден өтіп кетуі де бек мүмкін еді. Бірақ ұрпақ қамын аса кемелділікпен ойлаған, күйеуі тым ерте кеткен келіні Әлпеш атасына қыз айттырып үйлендіреді дейді аңыз-шежіре. Созақ Белгібай атты ұл келеді дүниеге. Одан Сүйініш туады. Сүйініштен Төлек тарайды. Төрт немересі – Қаракерей, Садыр, Матай, Тортуыл өз бауырында өскендіктен ел-жұрт оны Төлегетай (Төлек Атай) деп атап кетеді.

Ақын бүгінде Төлегетайдың төртеуінен тараған игі жақсылдардың көп екендігін тілге тиек етеді. Олар шынында да, бір рудың яки тайпаның емес, бүкіл қазақ халқының, ұлтымыздың асыл перзенттеріне айналып үлгерген. Ақынның поэмасында олардың есімдері жыл жолдарымен тамаша суреттеледі. Мәселен, Матайдан шыққан ер Қаптағай бүкіл Найманға ұран болған. Шоңқай батырдан ақиық ақын Ілияс Жансүгіров, әйгілі Сара болса, Садырдан ер Алдияр тараған. Алдияр алдына келген жауды аман алып қалуымен, яғни елшілік қасиетімен ерекшелене біліпті. «Қазақпыз, – депті Алдияр, – үйге кірген Жыланның басына да тамызған ақ» дейтін өлең жолдары сөзіміздің дәлелі бола алады. Тарихшы Мұхаметжан Тынышбаевтың да өмірі ерте қиылғаны тарихтан әбден мәлім. Мұқан Төлебаевтың да даңқты елден ерек.

Қаракерейден ер Қабанбай тарқайды. Оның есімі бүкіл Қазақ даласына аян. Қабанбайдың мықтылығы сонда, ол дүниеден озғанда Абылайға ақыл қосқан Бұқар жырау мойнына бұршақ салып, көз жасына ерік беріпті. Дәл солай дейді поэма-толғау.

Біздің халқымыздың өткені тұнып тұрған шежіре. Тағылымды. тарих. Қыры мен сыры саналуан. Бірақ айтары – біреу-ақ. Ар, намыстан аттап кетпеуді ұғындыруымен тыныс-тіршілік етуінде. Бұл не сонда? Бұл рухтың биіктігін аңғартады. Еңкейсе де, рухтың түгел сынбағанын дәріптеуі. Келер күнге үкілі үміт артуы. Мысал келтірелік. Тортуылдан сап түзеген қолды бастаған Сарыбай қалмақтардың қолынан құрбан болады. Жоқтау айтылады. Бәйбішесі момындау болған соң, жоқтау айта алмайды. Үн шығармай, сорлап отырады. Сонда намыстанған ел батырдың інісі Түгелдің әйеліне жоқтатыпты. Қайғы Түгелді де езіп жібереді. Орнынан тұра алмай қалады. Батыр ағасының қазасы оның өзінің де өмірден баз кешуіне әсер етеді. Бір бесікте бір кездерде бірге жатқандықтан, бір көрге бірге енуді ендігіде мақұл санайды. «Қасірет қанатымды қайырғасын, Ағадан өлгенде де айырмасын. Қатынға мені қоса жоқтатыңдар, Бір жайған шашы қайта жайылмасын» дейді ішкі ділін сыр ете жайып. Сөйтіп, ол да о дүниеге аттаныпты.

Бұл бір ғана тайпаның яки рудың бастан кешкені емес. Бұндай мысалдар қазақтың өзге де ата-бабаларына тиесілі. Қазақ руларының бәріне де қатысты. Оны ақын да жасырмай айтып, ағынан жарылады. Ақын кредосы – бір ғана рудың талайлы тағдырын қозғау арқылы – Қазақ даласындағы ата-бабалардың биік рухын одан сайын асқақ ету. Мінеки, бұған оқырман ретінде сеніміміз әбден кәміл. Ақын мұраты да осында деп білеміз.

Кітаптағы «Танабай» поэмасы репрессия құрбандарына арналған. Алпыс жетіге келген Танабайдың екі аяғы тізеден жоқ. Мүгедек ешкіммен сыр шашып, тілдеспейді. Болмысы, кескіні сұсты. Екі биені арбаға жегіп, ел аралап жүреді.Үй-күйі арба және жанындағы шүйкедей кемпірі – Бәтеш. Поэмадағы Танабай бейнесі осылайша суреттеледі.

Танабай – қуғын-сүргін құрбаны. Замана бағыты солай болды. Бар кінәсі – бай болғаны. Ит жеккенге айдалды. Ағаш кесіп жүргенде, қарағайдың астында қалады. Мүгедек жанға айналады. Мүгедек түрмеге де қажет емес екен. Түрмеден босатылады. Еліне жеткенде аштықтан қырылған, тып-типыл болған өз ауылын көзі шалады. Елден жырақ тұста сол кезде жетпісті алқымдаған Шәкәрім ақынға жолығады.

Аштық жылдары трагедиялық суреттерге қанықтығымен есте қалады. Оқырман ақындық тілмен суарылған Қазақ Даласының айран-асыр хал-ахуалына жаны тітіркенеді. Кешегі зұлмат заман қаншама жандардың тағдырын тектен-текке қиды десеңізші! Ақын жаны осынау қайғы, зарды, нала, ренішті жыр жолдарымен қинала қайталайды. Қайталанбауын тілейді соры қалың кер заманның.

Поэмада ашаршылықтың ащы дәмін татқан кейіпкерлердің бірі – Құралай ана. Ол өз баласын аштықтан жемек болған күйеуінен қашып, қорғанумен жүреді. Баласын сақтап қалғысы келеді. Сөйтіп жүргенде күйеуі қайтыс болады. Жолында жолыққан Бәтешке қолындағы жалғыз құртын береді. Танабайға жас кезінде ғашық болған Құралай оған сәлем айтуды өтінеді. Сол жалғыз құрт Бәтешті аштан өліп қалмауына себеп болады. Трагедиялық сурет, қайғылы оқиға желісі, шыны керек, еңсені езіп-ақ кететіндей ахуалда оқылады. Бірақ бұл – әдейі баттастырыла жағылған қою қара бояу емес. Ақынның шындықтан аттай алмас суреткерлік шеберлігі. Шындықты ту ете білуі дер едік.

Құралай бейнесі мифтік бейне деңгейіне көтерілген. Жарық ай кезінде ол ақ боз атқа мініп, ел аралап жүреді дейді халық. Солай сыр шертеді ел аңызы. Жеті түнде солқ-солқ етіп жылайды дейді. Қайғы мен шерін солайша төгеді дейді. Бірақ Танабай Құралайдың елесімен бірде-бір рет жолыға алмай, арманда жүр екен. Бұл – арман. Бұл – аңсар. Бұл – үміт.

Ендігіде Танабайдың хал-ахуалы сықырлауық өз арбасы секілді. Бүкіл жан-тәні, сай сүйектері сықырлайды. Кәрілік әбден меңдеген. Анда-санда шер тарқататын досы Жарқынбайдың сырқат болып, жатып қалғанын естіген Танабай ол шақыртқан соң, жетіп барады. Бір кездері Шәкәрім қажыдан аманатқа алған ала қоржын ішіндегі қолжазба жайлы сөз болады сол шақта. Ол кез ел ішінде қызылдардың билік еткен шағы еді. Бұл заман жуық арада өзгерместігіне көзі жеткен Жарқынбай қолжазбаны өртеуге бел байлағанын айтады. Танабай сұм заманның қитұрқы иірімдерін көп көргендіктен, ешнәрсе демейді. Қолжазба отқа тасталады. Ақынның түйіні анық: қазақ тағдыры дәл осылайша ендігіде отқа түспесе екен дейді. Біздің де тілегіміз сол. Қазақ елі – ата-бабалар арман еткен Мәңгілік елге айналғай.
***




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет