Оқулық баспа Философия тарихы Болмыс ілімі (Онтология) Эпистемология(Таным мәселелері) Әлеуметтік философия



бет4/231
Дата23.12.2022
өлшемі5,05 Mb.
#164080
түріОқулық
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   231
Байланысты:
философия Серик Мырзалы
150235, КУЕПВВПКВПКПВККВПКПКПКВВК, КУЕПВВПКВПКПВККВПКПКПКВВК, 2 сынып КТЖ, №1. Дәріс. Антенат.аур.Гипотрофия, №1. Дәріс. Антенат.аур.Гипотрофия, Задание по теме №3, 5 - практикалық сабақ АгрАгрономия негіздері инженерия, 5 - практикалық сабақ АгрАгрономия негіздері инженерия, 6-Тақырып практика каз, аргын, Занятия №4 вопросы, МВР реферат, 3 лабораториялық жұмыс, лабка3
§ 3. Философия пәні
Философияның Дүниеге деген ерекше көзқарастық мәнін ашқаннан кейін, мәселені нақтылай түсіп, келесі сатыда оның пәнін анықтауымыз керек.
Бұл мәселе бір қарағанда оңай сияқты болғанымен, бірақ жаратылыстану мен жеке гуманитарлық білім салаларының тез дамуы, жыл сайын жаңа ғылым түрлерінің пайда болуы философия пәнінің өрісін тарылтып, тіпті оны керек қылмай қалуы мүмкін,деген пікірді туғызуы ғажап емес. Ағылшын драматургы У.Шекспирдің «Король Лир» кейіпкері өзінің барлық байлығын үш қызына бөліп беріп, өмірінің соңында қайыршы болып қалғанындай, философия шенберінен бөлініп кеткен жеке ғылымдар оны өз пәнінсіз қалдырмас па екен деген сұрақты неміс философы В.Виндельбанд қойған болатын. Ал француз философы О.Конт философия өз дамуында 3 сатыдан өтетінін айтады. Олар теологиялық (tһеоs - грек сөзі, Құдай), метафизикалық (metа рһіsіса-грек сөзі, табиғаттан кейін, болмыстың алғашқы құдіретті бастамалары жөніндегі ілім) және позитивтік. Соңғы сатысында философия тек қана жалпы ғылым және таным методтары (method -грек сөзі, әдіс) жөніндегі пәнге айналмақ, қалған мәселелердің бәрі жеке ғылымдардың үлесіне кете бермек.
Философия пәніне деген мұндай көзқарасты сынға алу үшін, біз бұл ғылымның шығу тарихына көз жіберуіміз керек. Онда біз тарихи өндіргіш күштердің дамуы, ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінудің негізінде алғашқы ғылыми түсініктердің пайда болып (жер өңдеу, оған су әкелу, геометриялық, математикалық түсініктерді, мал бағу, көшіп-қону, жұлдыздар мен планеталарға, айға қарап, олардың қозғалуы, жерге тигізетін әсерлері жөніндегі білімдердің негізінің пайда болуына әкелді), мифологиялық және діни көзқарастың бірте-бірте алшақтап, Дүниеге деген ақыл-ойға негізделген білімді тудырғанын атап өтуіміз керек. Негізінен алғанда, бұл алғашқы өмірге келген білімнің синкретикалық табиғатын атап көрсеткен жөн: ол әлі философия, ия болмаса физика, психология т.с.с. емес, оның ішінде барлық болашақ Дүниеге келген ғылымдардың ұрығы болса керек.
Көне грек топырағында бұл алғашқы білімге философия деген атақ беріліп, ол, шынында, сол кездегі барлық дүние зерттеудегі пайда болған ғылымның алғашқы деректері мен тұжырымдамаларын өз бойына сіңірді. Сонымен қатар философияның өз табиғатына тән сұрақтары да пайда бола бастайды. Олар: Дүниенің негізінде не жатыр? Адам - ол кім? Ақиқат, Ізгілік, Әсемдік дегеніміз не? т.с.с. сұрақтар. Бұл Дүние жөніндегі шегіне жеткен ең жалпы сұрақтар пайда больп, өзінің мазмұнын ғасырлар өткен сайын тереңдете түсті. Көне заманның ұлы ойшысы Аристотель бүкіл философияны үлкен 3 бөлікке бөлді: ол теоретикалық философия (ой өрісінен шығады), практикалық (адамның өмірдегі жүріс-тұрысы мен іс-әрекетін зерттейді) және көркемөнерлік (шығармашылықты зерттейді).
Аристотель өз заманының ғұлама ғалымы ретінде ғылымның жеке мәселелерімен де айналысты, мысалы жануарлардың дене құрылысы, я болмаса, риторика т.с.с. (rhеtогіkе - грек сөзі, әсем сөйлеу өнері). Бірақ бұл ғылым салаларын ол кісі философиядан бөлек ажыратып қараған жоқ.
Орта ғасырларда дінге, діни сезімге басым орын берілгенімен, философия пәні жөніндегі Көне Замандағы калыптасқан көзқарас сол күйінде қала берді.
Алайда бұл жағдай дүниеге Жаңа дәуір келе өзгере бастайды. Ол, біріншіден, философиялық ой-өрістің діннен бас дербестік алуы; екіншіден, капиталистік қарым-қатынастардың дамуының арқасында өндіргіш күштердің жаратылыстану ғылымдарын жандантып, олардың дербес сала ретінде қалыптасуына әкелуі. Әсіресе, бұл үрдістер ХҮ-ХҮІІ ғасырларда белсенді жүріп жатты. Механика, астрономия, математика ғылым салалары өздерінің пәндік дәрежесіне көтерілді. XVIII ғасырда химия өзінше дербес ғылымға айналды. XIX ғ. биологиямен бірге антропология дербес ғылым ретінде қалыптаса бастады (сонымен қатар қоғамдық-экономикалық пәндер). XX ғасырда философияға өте жакын ғылым салалары - психология, этика, эстетика, саясаттану, әлеуметтану пәндері дербес ғылым саласына айналды. Ал XX ғасырдың екінші жартысында ҒТР күрт дамуы жеке ғылымдардың өзінің көпсалалы пәндерге айналуына, сонымен қатар, екі саланың қиылысқан жерінен пайда болған биофизика, астрофизика, биохимия сияқты жаңа ғылым салалары дүниеге келді.
Сонымен ғылымның қалыптасып, сала-салаға бөлінуі (дифференциация) бірте-бірте ғылыми салалардың түйіскен жерлерінен жаңа пәндердің пайда болуына әкелді (интеграция).
Ғылым саласындағы Жаңа дәуірдегі және ең жаңа XXI ғ. мұндай шытырман күрделі өзгерістер философия пәніне өзінің қандай ықпалын тигізді? Расында да, философия жеке ғылымдардың өзінше дербес пәнге айналуымен «жалаңаш корольге» ұқсас болып қалған жоқ па деген сауалдар оқырманның ойына келуі мүмкін.
Мұндай сауалдарға біз үзілді-кесілді: «Жоқ», - дер едік. Өйткені жеке ғылымдар саласы қалыптаса бастасымен-ақ, философия да бірте-бірте өз шынайы мәселелеріне тереңірек қарап, оның өз-өзін табуын жеңілдетті.
Тарихи философияның ғасырлар бойы «натурфилософиялық мәселелермен» айналысу себебі - жеке ғылымдардың дербес пән ретінде өмір сүре алмауы; сондықтан философия жаратылыстану мен әлеуметтік ғылыми деректерді бойына жинап, соларды сараптап, өз ішінде бірте-бірте дамытуға мәжбүр болды. Философия өзіне тән, шегіне жеткен ең жалпы мәселелерді ешқашанда сыртка қалдырған жоқ. Сонымен жеке ғылымдардың калыптасу жолында, философия да өзін ауырлататын натурфилософиялық мәселелерден құтылып, өз-өзіне бірте-бірте келе бастады (nаtura — табиғат, философиялық ой-өрістегі табиғат жөніндегі тұжырымдар).
Қорыта келе, мына пікірді айтуға болады. Философия өзінің тарихи бастауынан бастап, осы заманға дейін - 2,5 мыңжылдық шеңберінде өзінің пәнін, айналысатын мәселелерін өзгерткен жоқ. Жеке ғылымдардың қалыптасуы философияның өрісін тарылтқан жоқ және тарылта алмайды да, өйткені ешбір жеке ғылым дүниенің ең жалпы байланыстары мен қатынастарын зерттемейді. Керісінше, философия өз пәнін ғылыми деректер өскен сайын дамытып, өз өрісін кеңейтіп және тереңдеу үстінде.
Философия пәнінің қайнар көзі - жеке адам, я болмаса әлеуметтік топ, қоғамның Дүние мен адам және олардың арақатынасы жөніндегі жалпы мағлұматты қажет етуінде. Дүниені біртұтас ретінде және сол дүниедегі өзінің кім екені, ондағы алатын орны жөніндегі ойлар мен сезім тебіреністерін тудырады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   231




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет