Пәннің жұмыс бағдарламасы (syllabus)


Дәріс №4 4.Дүниежүзілік шаруашылық



бет22/34
Дата30.04.2020
өлшемі266,42 Kb.
#65251
түріЖұмыс бағдарламасы
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   34
Байланысты:
zhusipbaeva r.s. umkd geografiya 2019

Дәріс №4

4.Дүниежүзілік шаруашылық

4.1. Дүниежүзілік шаруашылық, қалыптасу және даму жолдары

4.2. Халықаралық еңбек бөлінісі

4.3.Халықаралық экономикалық интеграция

4.4.Халықаралық ұйымдар мен экономикалық-аймақтық және салалық топтар.

1.Дүниежүзілік шаруашылық – халықаралық экономикалық қатынастардың обьективті негізі және маңызды бөлігі. Халықаралық экономикалық қатынастар (ең алдымен сауда – саттық қатынастары) дүниежүзілік шаруашылық қалыптасқанға дейін де бар болған. Мысалы, Ұлы Жібек жолын, Еуропа мен Солтүстік Африка, Еуропа мен Таяу Шығыс елдері арасындағы сауда қатынастарын атасақ та жеткілікті. Бұл қатынастар мемлекетаралық, аймақаралық сипатта болды. Ал, дүниежүзілік шаруашылықтың пайда болуына байланысты халықаралық экономикалық қатынастардың да қызмет ауқымы кеңейіп, тереңдеп әлемдік сипатқа ие бола бастады. Халықаралық экономикалық қатынастар өзінің дамуы үшін дүниежүзілік шаруашылыққа “қарыздар” деп те айтуға болады.

Халықаралық экономикалық қатынастардың қалыптасып, орнығуы оны өз заңдары, қызмет ету нысандары, ішкі механизмдері бар дербес құбылысқа айналдырды.

Қазіргі дүниежүзілік шаруашылық рыноктың экономикалық обьективті заңдарына негізделген, өзара байланысты және бір – біріне тәуелді ұлттық экономикалардың жиынтық әрекеттерін көрсететін экономикалық организм.

Өзінің қалыптасу және даму жолдарында дүниежүзілік шаруашылық ұзақ “ тар жол, тайғақ кешулерден” өтті. Мысалы, Рим империясының өзі сол кездегі дүниежүзілік шаруашылықтың сипатында болды, - деп есептейтін зерттеушілер бар.

Тағы бір ғалымдар дүниежүзілік шаруашылықтың қызметі ұлы географиялық жаңалықтар ашу ғасырларында (XV-XVIғғ.) басталғанын дәлелдейді. Шынында XV-XVI ғасырлардағы ұлы географиялық жаңалықтарды ашу кезеңі асыл тастардың, хош иісті дәмдердің, бағалы металдардың, құлдардың халықаралық саудасын жандандырып, дамытты. Бірақ,ол замандардағы дүниежүзілік шаруашылық алыпсатарлар капиталы шеңберімен шектелген болатын. Қазіргі дүниежүзілік шаруашылық капитализмнің өзінің монополистік кезеңіне аяқ басқан шағында қалыптаса бастады.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі дүниежүзілік шаруашылық экономикалық емес әдістерге: мәжбүр ету, ықтиярсыз бағындыру, күштеу саясатына негізделді. Әрине мұндай “ саясат “ қатаң “ текетірестіктерді” туғызып, дүниежүзілік шаруашылықты тұрақсыздандырды. Бұл қайшылықтар, тарихтан белгілі, екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепші болды. Өткір қайшылықтар дамыған және дамушы елдердің арасында да молынан кездесті.

ХХ ғасырдың ортасына қарай дүниежүзілік шаруашылық капиталистік және социалистік болып қақ жарылды. Әлемдік экономикалық жүйеде капиталистік шаруашылық басым позицияларды иемденді. Мысалы, 90- жылдардың басында халықаралық саудадағы олардың үлесі 9/10 болды. 80 – жылдары халықаралық экономикалық айырбаста капиталистік елдердің жиынтық жалпы өнімінің 1/5 өз тұтынушыларын тапты. Ал, бұрынғы социалистік елдерде дүниежүзілік ұлттық табыстың 1/3 өндірілді, соның ішінде өзара экономикалық көмек кеңесі елдерінде ¼ өндірілген болатын.

Үстіміздегі ғасырдың 60 –жылдарында дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне дамушы елдер келіп қосылды. 70 –жылдардың ортасына қарай олардың қатарынан, “ жаңа индустриалды елдер” – “төрт жолбарыс” – Оңтүстік Корея, Тайвань, Гонконг және Сингапур суырылып алға шығып, дүниежүзілік қауымдастыққа дамудың ерен қарқынын паш етті.

Латын Америкасы елдерінің ішінде өнеркәсібі жедел дамып келе жатқан мемлекеттерге Бразилия, Аргентина және Мексика жатады.

КСРО ыдырап, Шығыс Еуропа елдерінде болып өткен “ барқыт революциялардан” кейін дүниежүзілік шаруашылық біртұтас мәнге ие бола бастады.

Құрылу мен қалыптасу үстіндегі бүкіл дүниежүзілік шаруашылық өз құрамына экономикалық өсу деңгейлері бірдей емес- өнеркәсібі дамыған, дамушы және экономикалық жүйесі өтпелі кезеңді басынан кешіріп отырған елдерді біріктіріп отыр. Қаншалықты қайшылықты және әрқилы болса да ХХ ғасырға қарағанда ХХI ғасырдың табалдырығында дүниежүзілік шаруашылық мейлінше біртұтас, үйлестірілген, динамикалық қозғалыстағы шаруашылық болып көрінеді.

Қазіргі дүниежүзілік шаруашылық рыноктың және халықаралық еңбек бөлінісінің принциптеріне негізделген, интернационалдық бағыттағы шаруашылық бейнесіне ие болып отыр.

2.Халықаралық еңбек бөлінісі

Қоғам дамуының бастапқы кезінде еңбек бөлінісінің қарапайым түрі еңбектің еркектер мен әйелдер арасында, ересектер мен бала – шаға, қарттардың арасында бөлінуі болды.

Өндіргіш күштер дами келе бұл бөлініс қоғмдық еңбек бөлінісіне айналды. Бұл ұғым – анағұрлым ауқымды ұғым. Ол қоғам ішіндегі болсын, сондай –ақ экономиканың салалары арасындағы, жекелеген кәсіпорындар және тіпті жекелеген адамдар арасындағы болсын еңбек бөлінісін қамтиды.

Қоғамдық еңбек бөлінісінің ажырағысыз бір бөлігі географиялық (немесе аумақтық) еңбек бөлінісі болып табылады. Мұның өзі аумақтардың мамандануы және олардың арасындағы арнаулы өнімдермен және қызмет түрлерімен алмасу процесі болады.

Географиялық еңбек бөлінісінің ең жоғары түрі – халықаралық еңбек бөлінісі, яғни жекелеген елдердің шаруашылығының өздері айырбастайтын белгілі бір өнім түрлерін өндіруге мамандануы.

Мұндай маманданудың пайда болуы үшін белгілі бір жағдайлар болуы қажет. Біріншіден , халықаралық еңбек бөлінісіне қатысушы елдің ең болмағанда біраз мемлекеттер алдында тиісті өнімді өндіруде қайсыбір артықшылық жағдайы (мысалы, табиғи ресурстардың молдығы) болуға тиіс; екіншіден, сол өнімді қажетсінетін елдер болуы керек: үшіншіден, өнімді сататын жерге жеткізуге кететін шығын оны өндіруші ел үшін тиімдіболуға тиіс.

Халықаралық еңбек бөлінісі тарихи тұрғыда қалыптасты. Оның жекелеген элементтері ең ежелгі замандарда болды. Рим империясы Карфаген, араб халифаттары және басқа да мемлекеттер тауар айырбастауды кеңінен жүргізді. Алайда қоғамдық еңбек бөлінісі тарих тұңғиығындағы сол бір кезде халықаралық еңбек бөлінісінің дамыған түрлерінің қалыптасуына негіз боларлықтай дәрежеге әлі жетпеді. Әлем картасындағы “ ақтаңдақтар” жойыла келе, көліктің, сауда мен капиталистік экономикалық қатынастардың дамуына орай ғана халықаралық еңбек бөлінісі қалыптасты.

Көптеген елдердің шаруашылық бейнесі олардың халықаралық тұрғыда мамандануына қарай анықталды. Мысалы, Жапония дүние жүзінде автомобильдерді, теңіз кемелерін, радиоэлектроника мен робот жасау саласының өнімдерін экспортқа ең көп шығаратын ел (70 –ші жылдарда жапондарға тән “ Электроника елдің мұнайы болмақ” деген ұран болды). Болгария агроөнеркәсіп кешенінің өнімдері мен көтергіш-көлік жабдықтарын

шығаруға маманданған. Дамушы елдердің бірі – Замбия- дүние жүзінде мыс рудасы мен кесектелген мысты экспортқа ең көп шығаратын ел.Қай мемлекеттің болсын халықаралық еңбек бөлінісіне қамтылу дәрежесі ең алдымен оның өндіргіш күштерінің даму деңгейіне байланысты. Сондықтан индустриясы дамыған елдер қазіргі халықаралық еңбек бөлінісінде, әсіресе қымбат тұратын, “ мәртебелі” өнім – машиналар мен жабдықтар, ұзақ пайдаланылатын тауарлар шығаруда алдыңғы орындарды алады. Ал Азияның, Африканың, Латын Америкасының көптеген жас елдеріне келетін болсақ, онда олардың халықаралық еңбек бөлінісіндегі рөлі негізінен өнеркәсібі дамыған елдерді ресурстармен жабдықтау есебінен көтеріледі. Олардың шикізат беруге отарлық заманда мамандануы қазір де сақталып отыр.

Кейбір елдердің халықаралық еңбек бөлінісіне қатысуына географиялық факторлар да едәуір әсер етеді. Мысалы, Ұлыбритания өткен заманда көбіне басты- басты теңіз жолдарының торабында орналасқан жағдайы арқасында “ дүние жүзінің фабрикасы” болды, өнеркәсіп революциясының нәтижесін пайдаланып, капитализмнің отанына айналды. Кейбір өнім түрлері ресурстық негізі мол белгілі бір елге не ауданға “ орнығады”. Таяу Шығыстың нақ сол мұнай – газ ресурстары бұл өңірдің әлемінің ең ірі отын- энергетика базасына айналуына жағдай жасады.

Алайда географиялық жағдайы да, табиғи ресурстары да халықаралықеңбек бөлінісінің тек бастама факторлары ғана болады. Бұл орайдаәлеуметтік – экономикалық жағдайлар шешуші рөл атқарады.

Халықаралық еңбек бөлінісі дүниежүзілік шаруашылықтың құрылуы жағдайында прогресті ғана емес, болмай қоймайтын да процесс. Ол шаруашылық өмірдің интернационалдануының обьективтілік негізі әрі мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің іргетасы болып қызмет етеді.

3.Халықаралық экономикалық интеграция

Экономикалық интеграция (экономикалық бірігу) - түрлі елдердің ұлттық шаруашылықтары арасындағы ынтымақтастық және олардың толық (немесе ішінара) бірегейлендірілуі; осы елдер арасындағы саудада кедергілерді жою; бір үлкен (ортақ) нарық құру мақсатымен жекелеген елдердің әрқайсысының нарықтарын жақындату, экономикалық объектілердің жуықтасуы, өзара астасуы (бірлесуге Дейін).

Экономикалық бірігу үдерісі түрлі деңгейлерде жүргізіледі. Деңгейлес (компания бәсекелестің компаниясын өзінің бақылауына алады немесе өндірістік үдерістің бірдей сатысындағы бірдей салада істейтін компанияларды қосып алады) және сатылaс экономикалық бірігу (компанияның қызметі ақырғы өнімді өндірудің технологиялық тізбегіндегі екі не одан көп буынды қамтиды; ол өнімді өндіру мен еткізудің барлық сатысын: шикізатты өндіруден көтерме немесе бөлшек саудаға дейін қамтуы мүмкін) түрлеріне бөлінеді. Экономикалық бірігу халықаралық сипатта болады және ұлттық шаруашылықтарды бірыңғай халық шаруашылығына бірігуге дейін жақындастыруды көздейді. Экономикалық бірігу - шаруашылық өмірдің интернационалдануының жоғары нысаны. Оның негізін капитал мен өндірістің интернационалдануы құрайды, ол әуелі микродеңгейде (фирмалар Мең банкілер деңгейінде) болады, сонан соң макродеңгейге (мемлекеттер деңгейіне) шығады. Сонда экономикалық бірігу халықаралық келісімдермен және шарттармен ресімделеді. Экономикалық бірігу өзінің жогары көрінісінде институттық сипат алады, яғни тұрақты эрекет ететін халықаралық органдар нысанында болады. Халықаралық интеграциялық бірлестіктердің басты нысандары: еркін сауда аймағы, кеден одағы ортақ нарық, экономикалық және валюталық одақтар — экономикалық бірігудің жоғары нысаны. Қазіргі кезде әлемде экономикалық бірігудің жоғары сатысында Еуропа одағы (ЕО) тұр, ол ортақ нарық сатысынан өтті. Еркін сауда аймағына НАФТА (Солтүстік-американ еркін сауда қауымдастығы) үлгі бола алады. Ресей, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан арасындағы Кеден одағы туралы келісім жасасылды.

4.Халықаралық ұйымдар мен экономикалық-аймақтық және салалық топтар.

XX ғасырдың екінші жартысында күрт күшейген жаһандану процестері, оған сәйкес әртүрлі елдер мен халықтардың өзара қарым-қатынасының дамуы жаңа халықаралық ұйымдардың қүрылуына септігін тигізді. XXI ғ. басында әлемде қызметі, мақсат-міндеттері, бірлесу түрі, қатысушылар саны, өкілеттігі алуан түрлі ондаған мың халықаралық үйым бар. Бірлесу түріне байланысты халықаралық үйымдар үкіметаралық және үкіметтік емес болып бөлінеді. Үкіметаралық халықаралық үйымдар мемлекеттер арасындағы келісімдер мен шарттардың негізінде қүрылып, қызмет етеді. Олар:Біріккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық валюта қоры, Бүкіләлемдік сауда ұйымы, Солтүстік-атлантикалық келісім ұйымы,'Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы және т.б.



Үкіметтік емес халықаралық ұйымдар қоғамдық құрылымдар мен ғылыми қауымдастықтарды, жеке компанияларды, мекемелерді, мемлекеттің атынан кіретін жеке түлғаларды біріктіреді, үкіметаралық үйымдарға қарағанда, халықаралық қүқық субъектісі болып танылмайды. Олардың ішіндегі ықпалдылары: Парламентаралық одақ, Халықаралық Олимпиадалық комитет, Рим клубы, Гринпис және т.б.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   ...   34




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет