ПОӘК 042-18-28 09/03-2015 2015 жылғы № басылым



бет5/7
Дата25.12.2016
өлшемі1,63 Mb.
#4436
1   2   3   4   5   6   7

Бақылау сұрақтары:

1. Көркем әдебиет стиліне жалпы сипаттама беріңіз

2. Көркем әдебиет тілінің әдеби тілге қатысы

3. Көркем әдебиет стилінің көп стильдік болып келетіндігі жайлы баяндаңыз

4. Сөз образы категориясының сөз мәдениетін көтерудегі эстетика- стилистикалық қызметі.

Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:

1.М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев Қазақ тілінің стилистикасы - Алматы, 2005

2. Б.Шалабай Көркем әдебиет стилистикасы - Алматы, 2000

3. Ф.Мұсабаева Қазақ тілінің практикалық стилистикасы - А,1976

4. Р.Әміров Ауызекі сөйлеу стилінің синтаксистік ерекшеліктері – А., 1977
9- дәріс. Фразеологизмдердің стилистикалық қызметі.

Сөз мәдениетіне қарсы құбылыстар.
Дәріс сабағының мазмұны:


  1. Фразеологизмдердің стилистикалық қызметі.

  2. Тілдің фразеологиялық құралдарының стилистикалық қолданысы

  3. Тіліміздегі фразеологиялық тіркестер

  4. Сөз мәдениетіне қарсы құбылыстар

Фразеологизмдер – қазақ тілінің ең шұрайлы бөлігі. Қазақ тіл ғылымындағы фразеологияға қатысты еңбектердің қай-қайсын алып қарасақ та олардың ең басты көңіл бөліп, арнайы көрсеткен мәселесі – фразеологизмдердің синонимділігінің эмоционалды-экспрессивтілігі, себебі синонимділік стилистикалық мүмкіндіктерді жеткізудің ең басты көзі бола алады, себебі “қолданыс тілі стилистикасы”, “синонимдер стилистикасы” деп те аталынады.

Бейнелі фразеологизмдер, эмоционалды-экспрессивті фразеологизмдер, стилистикалық фразеологизмдердің құрылымдық ерекшеліктері мен лексика-семантикалық өзгерісі эстетикалық қызметтің орасан күшін көрсете алады. ФТ бейнелілігі – оның негізгі стилистикалық коннотациясынан таралатындығы. Қазақ тілінің аса бейнелі тілдік оралым болып саналатын фразеологизмдер стильдік қатарлары көркем әрі экспрессивті қасиеттерімен ерекшеленеді. Орыс тіл ғылымында және отандық тіл ғылымында фразеологизмдердің стильдік қабат құрайтындығы талас тудырғанмен, оның негізгі қызметі функционалдық стильдерде көрінетіндігін ашып айтқан болатын. Фразеологизмдердің сан алуан қасиеті – функционалды-стилистикалық, эмоционалды-экспресивтілік, коммуникативті-прагматикалық қызметіне тікелей байланысты. Фразеологияның прагмастилистикасы оқырманға қалай ықпал етуді көздейтіндігін анықтау мәселесін алға қоюда. Психологиялық зерттеулерде адам санасына таңба арқылы әсер ету екі негізгі түрге бөлінеді, бірі – сендіру, екіншісі – көндіру. Автор әр уақытта өзінің жадында тұрған ФТ эмоционалдығын дайын күйінде жұмсауға ниеттеніп тұрады, кейде адресант ішкі сезімнің әр түрлі контрастарынан айырылу үшін кәдеге асырады. Басқа стильге қарағанда ауызекі сөйлеу стилінде ерекше мәнге ие болады. Публицистикалық стильде адресант адресаттың интеллектісіне ықпал ету үшін стилистикалық фразеологизмдерді пайдаланады. ФТ айтылуы ауызекі сөйлеуде ситуацияға қатысты болса, публицистикалық стильде контекске және экстралингвистикалық факторлардың рөліне қатысты болып келеді.

Мысалы, публицистикалық стильде сойылын соғу деген ФТ қоғамдағы саяси мәселенің арақатынасын көрсету үшін жиі қолданылса, ұнжырғасы түсу ауызекі сөйлеу стилінде жиі ұшырасады.

Тіліміздегі фразеологиялық тіркестер – лексиканың ең бір айшықты бай саласы. Бұлар өзінің экспрессивтік –эмоциялық әсерлілігімен көзге түседі. Фразеологиялық тіркестер көркемдік қасиетіне орай көркем шығармада молынан қолданылады. Фразеологиялық тіркестерді қолдана білу – тіл білудің үлкен белгісі. Халық қазынасы болып табылатын фразеологизмдерді жақсы білетін кісі ой өрнегін түрлендіріп, ұтымды, түсінікті, ықшамды етіп береді. Сондықтан әрбір мәдениетті, сауатты кісі, тілге шешен болғысы келетін студент халық тіліндегі тұрақты тіркестерді көңілге тоқи жүріп пайдалануы тиіс. Сонда фразеологизм дегеніміз не? Кемінде екі сөздің тіркесуінен жасалған, мағынасы бір тұтас, құрамы мен құрылымы тұрақты, даяр қалпында қолданылатын тілдік бірлік, әдетте, фразеологиялық тіркес деп атайды. Мысалы: қас қаққанша, көзді ашып жұмғанша, ит арқасы қияда, тайға таңба басқандай, үріп ауызға салғандай, ат үсті қарау, ата мекен, су ми, су жүрек т.б. сияқты сөз тіркестері фразеологизмге енеді. Мысалы, Басқарма маған мына бір сөзді мірдің оғындай қадап айтып еді. Салым суға кеткендей жабырқау тартып үйге келсем, жастығымның үстінде Шегеннен келген хат жатыр екен. Фразеологизм мен күрделі сөздерді салыстыру. Мысалы, бас тарту; 1. Байсал ақсақалға қой сойып, бас тартты. 2. Бауыржан олрады қоштаудан бас тарты. Жағасын ұстау; 1. Марат келіп Мұқанның жағасынан ұстай алды. 2. Шұбар соны есітіп жағасын ұстап келді. Қазақ тілінде фразеологиялық тіркестер үшке бөлінеді: идиома, фраза және мақал-мәтелдер. 1. Идиомалардың білдіретін мағыналары олардың құрамындағы сөздердің мағыналары қатыспайды, мүлде басқа мағынада, сол тұрақты қалпында ойды әсерлі, образды етіп айту үшін жұмсалады. Мысалы: қара қылды қақ жару, аузымен орақ ору, қой аузынан шөп алмау, қой үстінде боз торғай жұмыртқалау т.б. Бұл идиомалардың білдіретін мағыналары осы тіркестерді құрастырушы сөздердің мағыналарынан келіп шықпайды. Мысалы, аузы-мұрны қисаймастан деген идиоманың білдіретін бір бүтін мағынасы осы тіркестің құрамындағы аузы-мұрны және қисаймастан деген сөздердің білдіретін мағыналарына мүлдем сәйкеспейді. Идиома ерікті мағынасындағы сөз бен фразеологиялық байлаулы мағынасындағы сөздің тіркесінен жасалып, өзінің даяр қалпында жұмсалады. Мысалы, мидай дала, асқар тау, шалқар көл, ата мекен, ата жау, аталы сөз, су жаңа, қыпша бел т.б. осы сияқты тұрақты сөз тіркестері енеді. Идиоманың құрамындағы ерікті мағынасындағы сөз алуан түрлі сөздермен тіркесіп жұмсалуға икемді болса, фразеологиялық байлаулы мағынасындағы сөз бір не бірен-саран сөзбен ғана тіркеседі. Мысалы, мидай дала, шалқар көл деген сөздер әр түрлі сөздермен тіркесіп жұмсала берсе (жазық дала, кең дала, ұлан-ғайыр дала, терең көл, кішкене көл т.б.) фразеологиялық байлаулы мағынасында мидай сөзі дала сөзімен, шалқар сөзі көл сөзімен ғана тіркеседі.



Тіліміздегі тұрақты тіркестердің бір түрі – мақал- мәтелдер. Олар халық данышпандылығының айнасы. Сонау атам заманнан, сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, екшелеп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп қалып жатқан ауыз әдебиетінің бай саласының бірі мақал-мәтелдердің ерекше қасиеті көлемінің шағындығы, мазмұнының кеңдігі, тілінің өткірлігі, мағынасының тереңдігі. Әрі ол барлық халыққа бірдей әсерлі, жалпы адамзатқа ортақ, көңілге қонымды, ұтымды келеді. Мақал-мәтелдердің көбі өмір шындығының қорытындысы, іс-әрекеттің ережесі болып келеді. Мысалы, «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұттан бол!», «Елінен безген ер оңбас, көлінен безген қаз оңбас!» - десе ата-бабамыз, қазіргі солардың ұрпағы біз оны қалай мансұқ етіп, бекер дейміз?! Мақал-мәтел аз сөзді, терең мағыналы, әрі ұтымды болғандықтан, сөйлеген сөзде пайдалана білуі жоғары мәдениеттілікті, ойлылықты байқатады. Өйткені «Сөздің көркі – мақал, жүздің көркі – сақал» дегендей мақал-мәтел айтылайын деген ойға мазмұндылық дарытады. Мысалы, «Шегірткеден қорыққан егін екпес», «Еңбек түбі – береке», «Еңбексіз егін бітпес, оқусыз білім бітпес» сияқты мақалалар еңбекті ұйымдастыру барысында әңгімеде пайдалану сөз мазмұнын жандандыра түседі. Осындай орынды қолданған мақал-мәтелдер ауызекі сөзде де, жазбаша сөйлеуде де шешендік, көркемдік элементтерінің бірі болғандықтан халықтың тіл байлығын қадір тұтып, тіл өнерін үйренемін деушілер оларды көп біліп, дұрыс пайдалануы қажет. Мақал-мәтел адамды бейнелі ойлатуға үйретеді.

Қанатты сөздер. Қанатты сөздерді айтылатын оймен орайластырып дұрыс қолдана білген адамның сөзі мірдің оғындай өткір, көңілге бірден ұялай қалатын, дәл, әрі көркем болады. Бұлар бұрын-сонды шешендер мен көркем ақын-жазушылардың аузынан, қаламынан шығып жұртшылыққа тарайды да, олар бүкіл халықтың қасиетіне ие болып, жалпылық сипат алады. Мысалы, «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы», «Соқыр тауыққа бәрі бидай», «Сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды», «Ит үреді, керуен көшеді», «Сырдың суы сирағынан келмейді» сияқты қанатты сөздерді о баста қашан? кім? Айтқаны белгісіз, сондықтан олар халықтың нақыл сөздері деп айтылады. Бірқатар қанатты-нақыл сөздердің авторы белгілі. Мысалы, «Баяғы жартас бір жартас», «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» (Абай), «Достың сыры досына паш» (С.Торайғыров), «Жаңылмайтын – жақ, исүрінбейтін тұяқ жоқ». Қанатты сөздер – ұшқыр ойдың қанаты. Айтылатын ой-пікірдің көркем бейнелеудің құралы. Оны көп біліп, сөйлеуде, жазуда сөйлей алу – үлкен өнер. Қорыта айтқанда, көркем тілмен бейнеленген кестелі сөздерді жазған (не сөйлеген) кезде өз сөзінде пайдалану – тыңдаушылық құлақ құршын қандырып, ойына ой қосып, қиялына қанат бітіреді. Сезіміне әсер етіп, эстетикалық талғамын арттырады. Сөйлеуші тіліндегі қантты сөздер, мақал-мәтелдер, ұшқыр да ұтымды афоризмдер айтылатын ойдың ажарын ашып, көркемдігін арттырады. Тыңдаушының зейінін өзіне еріксіз аударады. Тілдік қарым-қатынаста кездесетін лексикалық тұлғаның бірі – тұрақты сөз тіркестері. Тілдік қатынастың жүзеге асуы хабардың (ақпараттың) айтылуына, жеткізілуіне, қабылдануына тікелей байланысты. Қандай болмасын, хабардың түрі тілдік қарым-қатынас арқылы лексикалық тұлғалардың қатысымен жүзеге асады. Осы тұрғыдан келгенде, тілдік бөлшектердің де, тұрақты тіркестердің де өзіндік атқаратын қызметі бар. Қатысымдық әрекетте басты көңіл бөлетін нәрсе – тілдік тұлғалардың жеке қолданылуы емес, олардың бір-бірімен өзара байланысқа түсу арқылы белгілі бір ойды, пікірді жеткізуге себепші болатын заңдылықтары. Тілдік бөлшектер өз алдына жеке, дербес тұрғанда қарым-қатынас құралы бола алмайды, сондықтан мұндай жағдайда түсінісу де болмайды. Белгілі бір хабарды жеткізу мақсатында әрбір сөз нақтылы мағынаны білдіру арқылы бүтіндей жүйелі байланысқа түседі де, адамның ойын екінші біреуге түсінікті етеді. Сөз жеке тұрғанда зат не құбылыстың аталымы ғана болып табылады. Ол басқа тілдік тұлғалармен өзара мағыналық байланысқа түсіп, ойды жеткізу арқылы қатысымдық қызмет атқарады. Бірақ сөздің жеке қолданылуының екінші жағы да бар. Егер сөз белгілі бір ойды жеткізу мақсатында атаулы сөйлем ретінде қолданылса, ол дербес лексикалық тұлға есебінде емес, қатысымдық тұлға тұрғысында жұмсалады. Қатысымдық тұлға ретінде жеке сөз бен тұрақты сөз тіркестерінің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Егер сөз хабар беру мақсатымен қоса жауап алуды қамтамасыз етсе, онда бұл қатысымдық әрекеттің жүзеге асқандығын білдіреді, ал тек баяндау үшін айтылса, ол хабарлау (информация) ғана болып табылады. Тұрақты сөз тіркестерінің қатысымдық ерекшеліктері олардың құрамында бірнеше сөздердің тіркесіп келуі жағынан көрінбейді, керсінше, сол бірнеше сөздердің қатыса келіп, әрі атаулы, әрі экспрессивті мағынаны білдіру арқылы қатысымдық және ақпараттық мәнге ие болуына қатысты қарастырылады. Мысалы, «қой аузынан шөп алмас» деп айту арқылы адам мінезінің жуастығын, момындығын атап қана қоймай, сонымен қатар оған мінездеме де беріп, оның өзіндік ерекшелігін сипаттаймыз. Осындай мінездеме берілген жанмен қандай қарым-қатынас жасауға мүмкіндік болатындығын да түсініп, соған қарай өзімізді бейімдейміз. Жалпы, тұрақты тіркестің мағыналық, экспрессивті-эмоциялық ерекшелігіне сай адамдар арасындағы қатысымдық байланыстың алғышарттары қалыптасады. Қатысымдық қасиеттеріне қарай фразеологиялық сөз тіркестері мағыналары жағынан ұқсас болып келуі арқылы бір-бірімен синонимдік қарым-қатынаста жұмсалады. Мұндай жағдайда мағыналары сәйкес бірнеше сөздер бірыңғай синонимдік қатар жасайды. Бұл тұрақты тіркестердің мағыналық, экспрессивтік сипаты бір-бірімен күшейе түседі де, сөйлеу тілінде заттың, құбылыстың сын-сипатын айқындай түсу үшін пайдаланылады. Мысалы: тайға таңба басқандай – соқырға таяқ ұстатқандай – бесенеден белгілі – айдан анық т.б. Мұндай бір синонимдік қатарға бірнеше тұрақты сөз тіркестері бірігіп келіп, ашық, белгілі, айқын деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар бұл тіркестер өте айқын, тым ашық, анықтың анығы деген экспрессивтік мағынаға да ие болады. Қазақ тіліндегі сын есім синонимдері бірде фразеологиялық сөз тіркестерінің жеке сөзбен синонимдес болып келуі арқылы жасалса, бірде фразеологиялық сөз тіркестерінің өзара синонимдес болып келуі нәтижесінде қалыптасады. Сондықтан ақпараттық және қатысымдық мәнге ие болатын сын есімге қатысты фразеологиялық сөз тіркестерін екі топқа жіктеуге болады. Бірінші – фразеологиялық сөз тіркестерінің бір-бірімен өзара мағыналас болуы нәтижесінде пайдаланылатын тұрақты сөз тіркестері. Екінші – фразеологиялық сөз тіркесінің жеке сөздермен мағыналық жағынан ұқсас келуі нәтижесінде қолданылатын тұрақты сөз тіркестері. Мысалы: мұрнын көкке көтерген, кеудесіне нан піскен, кеудесі зор; тонның ішкі бауындай-қыл өтпестей, сүттен ұйыған; бір ұрты май, бір ұрты қан шаш ал десе, бас алатын т.б. Немесе, аяғының желі бар – жүйрік; әліпті таяқ деп білмейтін –сауатсыз; ағаштан түйін түйген –шебер т.б. Тілдік қолданыста жеке сөздерге қарағанда, тұрақты сөз тіркесінің баяндау, хабарлау, әсіресе сипаттау ерекшелігі басым. Сондықтан да қатысымдық қызмет атқаратын фразеологиялық сөз тіркестері жеке сөзбен мағынасы жағынан сәйкес болғанымен, тепе-тең бола алмайды. Фразеологиялық тіркестер сөздерге тек балама болады да, эмоциональды-экспрессивті реңкті білдіреді. Осындай қасиетіне байланысты фразеологиялық сөз тіркестері көбінесе стильдік мақсатта жұмсалады. Қорыта келгенде, қазақ тілі пәнін оқыту кезінде лексикалық білім беру барысында оқушылар сөздердің лексикалық мағынасын игеру ғана емес, оның сөйлемде пайдаланылуы, грамматикалық мағынасы және ол мағынаның қолданылуы бойынша жаттықтыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл дағдыландыру жұмысы сол сөз бен сөз тіркестерінің сөйлеу әрекетіндегі мақсатқа сай қолдана білу икемділігін арттыра отырып, сөздік қорын саны жағынан ғана емес, сапа жағынан да арттыруға ықпал етеді. Мектеп оқушыларына лексика туралы білім берумен бірге ол сөздердің қолданылуы, лексикалық стилистика туралы мәлімет беру оқушының тілін дамытуға ықпал етеді. Мәселен, синоним сөздердің мынадай қасиеттері үйретіледі: 1) Лексикалық синонимдер белгілі бір стильге бағынып, ерекшеленіп қолданылады. Мұндай ерекшелікті белгілі бір синонимдік қатардың құрамындағы сөздердің қолданылуынан аңғаруға болады. Мысалы, «көк», «аспан» деген синонимдік қатардың құрамындағы «аспан» сөзі, «жер жүзі», «жер шары» деген синонимдік қатардағы «жер шары» тіркесі көбінесе ғылыми стильге (астрономияда) қолданылады. Мысалы: халық, жұрт, әлеумет, халайық деген синонимдік қатарлардың құрамындағы сөздерді қолданылу жағынан салыстырып қарағанда (жұрт, әлеумет, халайық) бірінші синонимдік қатардағы «халық», жұрт» дегендердің жалпылама қолданыла беретіндігін көруге болады. Осы синонимдік қатардағы «жұрт, әлеумет, халайық» деген сөздер көбінесе поэтикалық тілде қолданылады да, ауызекі тіл стилімен байланыста болады. 2) Синоним сөздер қолданылуда бір-бірінен мағыналық және стильдік ерекшеліктерімен көрінеді. мысалы, Базарлы науқасынан оңалып, қайтадан азамат қалпына келгенде, қараша үйлердің үлкен-кішісі түгел қуанды (М.Әуезов). Петербургтағы үлкен достар - Әбішке қатты сақтандыру айтқан. Бұнда жаңа басталуға мүмкін болып аңғарылған ауру бар. Қаны қатты азаюмен аралас өкпесіне ілінген сырқат бар (М.Әуезов) деген сөйлемдердегі «сырқат», «ауру», «науқас» деген синоним сөздер берілетін ойға таңдап алынған. Өйткені соңғы сөйлемдегі «сырқат» деген сөздің орнына «ауру», «науқас» деген сөзді қойса, ол сөйлемнің стильдік мәні бұзылған болар еді. Мұнда жазушы «сырқат» сөзді «ауру» деген сөздің мағынасына қарағанда тар, жұмсарта қолданылған. 3) Синоним сөздердің айтушы мен жазушы бір зат пен құбылысқа ерекше назар аудару мен оның сөйлемдегі мәнін өсіруде қолданады. Мысалы, бұның ар жағындағы ішкі тайталас тартыстың біреуін де Әзімбай айтқан жоқ. Бақ бұтақтан, гүл жапырақтан, дән нәрден айрылыпты (М.Әуезов). 4) Синоним сөздерді қолдану, тыңдауда сөйлемнің, сөздің экспрессиялылығы артады. Бәріміздің арамазда өте қайратты, өте қажырлы жолдас Катченко еді (С.Сейфуллин). Ақырын ғана қоңыр үнмен, бөгде бірулер естіп қоймасын дегендей жалтақ көзденіп айтады (М.Әуезов). Бөтенсің, жатсың демеймін (Ғ.Мұстафин). 5) Синоним сөздер тіл стильдеріне байланысты ерекшеленеді: кенеттен (жазба), байқаусызда (ауызекі), толық, жуан т.б. Мұндай ерекшеліктері игерілгеннен кейін синоним сөздерді сөйлеуде қолдана білуге жаттықтырылады: Мысалы: Синоним сөздерді мағынасына орай сөйлемдегі басқа сөздермен дұрыс тіркестіре білуге үйрету үшін мынадай тапсырмалар мен жаттығулар орындаттырылады: 1. Берілген сын есім сөздерді жақшаға алынған сөздермен дұрыс тіркестіріп, сөйлем құрату: ұзақ мерзімді, уақыт, кез; 2. Сөйлемдегі баяндауыш сөздің сәйкес синоним сөздердің бірін қойып көшірту. Оны неге дұрыс деп есептегенін түсіндірту: 1) Жазда балалар аулына (барып келді, оралды, барып қайтты); 2) Бала анасына (көмектесті, жәрдемдесті, көмек берді, қолғабыс етті) т.б..

Қазақ сөз мәдениеті туралы түсінік, ұғым, пайымдаулар ғылыми пән ретінде өмірге кездейсоқ келмегені белгілі. Тілдің қасиеті, сөз құдіреті жөніндегі өмірден түйген түйінді ойларын (тіл туралы мақал-мәтел, фразеологиялық сөз орамдарын т.б.) халықтың метатілдік рефлексиясы деуге болады. Әсіресе сөз мәдениетіне қатысты мақал-мәтелдердің мазмұнындағы терең пайымдаулар тілдің қоғамдық-әлеуметтік тіршілігімен байланысты екенін айқын аңғартады.

Сөз мәдениеті: советтік және постсоветтік кезең. Сөз мәдениеті жөнінде ғылыми ұғым, пайымдаулардың дүниеге келуі, сөз мәдениетінің жеке пән ретіндегі объектісі, көтеретін мәселелері, терминологиясы, зерттеу әдістері, бір жағынан, тілдің этос, пафос, логос тәрізді қоғамдық тіршілігімен, екінші жағынан, қазақ тіл біліміндегі лингвистикалық ойдың өрістеуімен байланысты қарастырылады.

Сөз мәдениетінің коммуникативтік аспектісі. Сөздің коммуникативтік сапасына “дұрыс” – “бұрыс”, “орынды” – “орынсыз”, “сөзі бай” – “сөзі жұтаң”, “бедерлі” – “бедерсіз” деп баға беруде (Р.Сыздықова, Х.Нұрмақанов, М.Серғалиев, Н.Уәлиев т.б.) мәтіннен (сөз құрылымынан) сәтті немесе сәтсіз фактіні бөліп алып, талдау негізгі әдістің бірі болды. Бірақ бұлайша талдау, бір жағынан, дұрыс болғанмен, екінші жағынан, мәтіннің тұтастай алғандағы коммуникативтік сапасының бағасы емес, оның үзігі жөнінде ғана баға. Алайда мәтінде кездесетін формалды құрылымдық сәтсіздік кездейсоқ, жекелеген ғана факті болуы ықтимал.

Сондықтан сөздің коммуникативтік сапасы сөз актісінің аяқталған нәтижесіне қатысы болуға тиіс. Мұндай талап тілдік фактіні тек сөздің құрылымының құрамында қарау жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сөз айтылғанға (жазылғанға) дейін де, яғни вербалданғанға дейін адресант-автордың “айтсам”, “жазсам” деген діттемі, “нені айтсам” (жазсам), “қалай айтсам” (жазсам), “кімге айтсам” (жазсам) деген мақсаты, қызығушылығы болады. Алдымен, сөйлеушінің/жазушының санасында болашақ сөздің ішкі нобайы жасалады.

Сонымен, коммуникация теориясында коммуникация тек вербалды кезеңнен ғана емес, коммуникацияға дейінгі кезеңнен, коммуникациядан кейінгі кезеңнен тұратынын, бұлардың ішінде вербалды кезең формалды тілдік құрылымға, ал коммуникацияға дейінгі және кейінгі кезеңдер тілдік емес құрылымдар екеніне көңіл бөлу қажет. Осымен байланысты белгілі бір мәтіннің сөз сапасын талдап, сипаттау, тексеруді ойдағыдай жүзеге асырып, сенімді нәтижелерге қол жеткізу үшін тілдік құрылымдарды объективті ақиқат, психология, когниция, әлеуметтік, эстетикалық, этикалық т.б. тілдік емес мәнділіктермен байланысты қарау негізге алынды. Мұның өзі сөз актісінің нәтижесі болып табылатын, мәтінмен ғана шектелмей, коммуникацияға қатысушылар факторына көңіл бөлудің, коммуникативтік ситуацияны мәтінмен байланысты қараудың қажеттілігін көрсетеді.


Бақылау сұрақтары:

1. Фразеологизмдердің стилистикалық қызметі.

2. Тілдің фразеологиялық құралдарының стилистикалық қолданысы

3. Сөз мәдениетіне қарсы құбылыстар

4. Тілдің фразеологиялық құралдарының стилистикалық қолданысына мысал келтіріңіз

Пайдаланылатын әдебиеттер тізімі:

1. Балақаев М. Томанов М. Жанпейісов Е. Манасбаев Т. Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1974, 264 б.

2. С.Хасанова, Ғ.Жексембаева Қазақ тілінің стилистикасы. Алматы, 1999

3. Мұсабекова Ф. Қазақ тілінің практикалық стилистикасы. Алматы, 1982

4. Е.Жұбанов Қазақтың ауызекі көркем тілі, Алматы, 1996

5. Сергалиев М.С., Нургожина Ш.И. Эмоциональная-экспрессивная лексика казахского разговорного языка. Алматы, 1995

6. М.Балақаев, М.Серғалиев Қазақ тілінің мәдениеті. Алматы, 2004
10-дәріс. Грамматикалық стилистика.

Сөйлеу қызметі, сөз сапалары.
Дәріс сабағының мазмұны:


  1. Грамматикалық стилистиканың жалпы сипаттамасы.

  2. Сөйлеу қызметі, сөз сапалары.

Стилистиканың басты мақсаты, бұдан бұрын айтылғандай, жеке сөздер мен грамматикалық тұлғалардың, сондай-ақ синтаксистік конструкциялардың қолданылу заңдылықтары мен экспрессивтік сапасын айқындау. Олай болса грамматикалық стилистиканың басты міндеті — грамматикалық категориялар мен синтаксистік конструкциялардың мәні мен мағынасын айқындау, сол мән-мағы-наның туу, пайда болу тәсілдерін көрсету және жеке тұлғалар мен шумақтардың қолданылу жүйесі мен сферасын белгілеу. Осы міндеттер тұрғысынан келгенде, стилистиканың грамматикалық саласының маңызы аса ден қоярлық. Өйткені оған мына тәріздес себептер бар: грамматикалық тұлғалар мен синтаксистік конструк-циялардың жеке сөздер тәріздес стильдік салаларға жіктеліп, қа-лыптасуы кең таралған құбылыс емес. Белгілі бір тұлғалар мен шумақтардың қолданылу заңдылығы олардың мән-мағынасы мен грамматикалық табиғатына тәуелді болады.

Арагідік жазуда, не ауызекі сөйлеуде жеке грамматикалық тұлғаларды оғаш қолдану олардың сыр-сыпаты мен табиғатын жете білмеуге байланысты болып отырады. Газет беттершен кездескен мынадай бір фактілерді талдап көрейік: Сауданың мұндай басшылары өз тұтынушылары нені қажет етіп отыр, нені талғайды — бұл жағын зерттеуге селқос қарайды (газеттен). Москвадан келген Колотов деген жолдас өте бір тығыз шаруа жөнінен сізбен сөйлескісі келеді (газеттен). Осы сөйлемдердің қайсысы да бір оқығанда сындарлы көрінгенмен, грамматикалық қателерден құр емес. Алғашқы сөйлем құрамындағы сауданың мұндай басшылары шумағын қарастырайық. Әдетте ауылдың басшысы, мекеменің басшысы деп ілік жалғау қолданылғанмен, жалпылық мәнде, әсіресе абстракт ұғьш туғызатын тіркестер құрамында ілік жалғау түсіріліп мемлекет басшысы, ел ағасы, сауда мәдениеті деп айтылып, жазылады. Бұл нормаға айналды. Олай болса, жоғарғы шумақты да мұндай сауда басшылары деп құру әлдеқайда жатық, түсінікті, құлаққа да жа-ғымды. Сол» сияқты, екінші’ сөйлемдегі тығыз шаруа жөнінен сөй-лескісі келеді шумағының құрамындағы жөн сөзінің шығыс жал-ғауында қолданылуы да аса жарасымды емес. Шығыс жалғаулы сөз әдетте іс-қимылдың шығар көзін, таралу мекен-орнын білдіреді. Ал мына сияқты реттерде жатыс жалғауын қолдану икемді(жөнінде). Баяндауыш қызметіндегі сөйлескісі келеді күрделі етістігі де сол жалғауды (жатыс жалғауын) қажет етеді.

Жазуда, сөйлеуде грамматикалық тұлғалар мен шумақтардың орнын айқын біліп, айырмау кейде қате түсінікке соқтырады. Мынадай бір мысал келтірейік:Сауда жұмысын жақсарту көп жағдайда сауда қызметкерлерінің өздеріне, олардың тапсырылған іске жан ашырлықпен қарауына, инициативашылдығы мен іскер-лігіне, тұтынушыларға жайдары, жұмсақ мінезбен сапалы қызмет көрсете білуіне байланысты (газеттен). Осы сөйлемді бір оқығанда алғашқы “Сауда жұмысын жақсарту көп жағдайда сауда қызметкерлерінің өздеріне” дейтін бөлігін бүкіл сөйлем мағына-сымен ұштастыра түсіну қиын-ақ. Өйткені бұл шумақ дұрысында, бүкіл сөйлем бойында айтылған мағынаны жалпылай қорытын-дылап тұр. Автордың айтайын дегені: сауда жұмысының жақсаруы сауда қызметкерлерінің іскерлігіне, инициативашылдығына, тұтынушыларға жақсы қатынас жасауына, қысқасы, олардың өздеріне байланысты деу ғой. Сол себептен жалпылауыш мәнді шумақты сөйлемнің соңғы жағына көшіру орынды, түсінікті бола-тын еді. Әдетте халық тілі мұндай реттерде: “алма, жүзім, жидек, өрік — бәрі жеміс” деп жалпылауыш сөзді ең соңында айтады.

Ұзақ текстерде бірінен соң. бірі айтылатын синтаксистік шумақ-тардың формалық жағынан да, мағыналық жағынан да бір-бірімей қабысып, үйлесіп келуі сөздіқ әуезділігін арттырады. Сондықтан әр шумақты тиянақтап, даралап тұратын грамматикалық тұлғалардың өз орнында, өз иінінде қолданылуы қажетті шарт. Осы орайда мынадай бір мысалға назар салайық: Әрбір сатушы тұтынушыларда биязы, кіші пейілдік мінез көрсете, мінсіз қызмет етіп қана қоймай, сонымен бірге сауданық осы заманғы жаңа прогрестік түрлері мен тэсілдерін кеңінен қолдану жолында табанды. күрес жүргізуге міндетті (газеттен). Осы сөйлемнің басқы әрбір сатушы, тұтынушыларға биязы, кіші пейілдік мінез көрсете дейтін бөлімі келесі шумақпен (“мінсіз қызмет етіп”) мағыналық жағынан да, формалық жағынан да қабыспайды. Өйткені шумақтың соңында -е тұлғалы көсемше айтылған. Ал бұндай тұлғалы сөздердің, бір ерекшелігі — өзінен кейін басқа бір тиянақты мән беретін сөздің айтылуын қажет етеді. Сондықтан бүл жерде -п тұлғасын (көрсетіп) қолдану қолайлы. Сонда бір-бірімен жалғасып, үндесіп жатқан екі шумақ форма жағынан да, мәні жағынан да қабысып тұрар еді.

Ұзақ текст құрамындағы дербес сөйлемдер жігінде де тұлға-лардың мағыналық жағынан қабыса, үйлесе айтылуы қажетті шарт екені мәлім. Мағыналары бір-бірімен ұласып жатқан дербес сөйлемдердің баяндауыштары мәні жағынан бір-бірімен қабыспай тұрса, логикалық ойдың жүйесі бұзылып, сөздің ырғағы кемиді. Мынадай бір үзінді келтірейік. Міне, партия мен үкіметіміз осы товарларды алдағы жылы жеткілікті мөлшерде шығарудың шұғыл шараларын қолдануда. Сонымен қатар, халықтың мал шаруашы-лығы өнімдеріне деген қажеттілігін тез арада толык, өтеудің мүм-кіндіктері де қарастырыла бастады. Жергілікті партия, совет ұйымдары мен ёауда мекемелері өздеріндегі қорларды шебер пай-даланып, халықты тұтыну товарларымен үзбей жабдықтауды қам-тамасыз етіп отыруға тиіс. Әйтсе де республикамыздағы сауда ісінде елеулі олқылықтар орын алып келеді (Газеттен). Үшінші сөйлемнің мәні оған дейін не одан кейін тұрған сөйлемдердің мәнімен ұласпайды. Өйткені баяндауыш формасы өзгеше.

Ойдың логикалық жүйесі әуелі істеліп жатқан шараларды ‘баяндап, содан соң болып отырған кемшіліктерді айтып, осыдан кейін ғана мін-деттерді көрсетуді қажет етеді. Бірақ автор грамматикалық фор-маның (отыруға тиіс) мәнін түсінбеуден ой желісін үзіп алған.

Бұдан шығатын қорытынды: грамматикалық тұлғалардың қа-лыптасқан қолданылу жүйесін айқындап көрсету қажет. Ал бұл — грамматикалық стилистиканың, міндеті. Грамматикалық стилистика жеке тұлғалар мен шумақтардың қолданылу жүйесін айқындап, дәлдеуде нормативтік грамматиканың деректеріне сүйенеді. Алайда, бұдан нормативтік грамматика мен стилистика бірдей деген қорытынды шықпайды. Нормативтік грамматика сөздердің құрылысы мен өзгерісіне көп көңіл бөлсе, стилистика грам-матикалық тұлғаларды мағынасы мен қолданылуы тұрғысынан ғана қарастырады.

Стилистика сонымен қатар сөзге қосымша жалғаудық тілімізде қалыптасқан нормаларын айқындау мәселелерін де қарастырады. Сөз мағынасы қажет етпейтін жағдайда, қандай қосымшаның болсын жалғанып, колданылуы тілдін. қалыптасқан нормасын, сыпатыи бұзады. Қазіргі уақытта күнделікті баспасөз тілінде әр-дайым жиі ұшырайтын кіші пейілділік мінез, балалар дәрігерлері, өндірістік технологиялык, процесс тәрізді тұлғалануды мағыналық қажеттіктен туған деуге болмайды. Қазақтың халық тілінде болсын, әдеби тілінде болсын, зат есімнің анықтауышы қызметінде жұмсалған сын есімге тағы басқа бір қосымша жалғамайды. Өйт-кені мағыналық тұрғыдан ешбір қажеті жоқ. Сондықтан кіші пе-йілділік мінез емес, кіші пейіл мінез болуға тиіс. Сөз тұлғасын орынсыз күрделендірудің қажеті жоқ. Осы қосымшаның (-лық,-дық) қолданылуында кейде басқа да ыңғай байқалады. Мысалы: Жеңіл өнеркэсіп орындарында осындай өрескел кемшіліктердің элі де болса орын алуының басты себебі өндірістік технологиялык, процестер тэртібінің бұзылуында болып отыр (газеттен). Сөйлем құрамындағы “өндірістік технологиялық процесс” шумағында-лық қосьшшасының қатарынан екі рет қолданылуы, әрине, орын-сыз. Алғашқы сөзге (өндіріс) -лық қосымшасының қажеті жоқ.-лық — сөз бен сөзді байланыстырушы емес, сөзге жаңа мән береді, сын есімге қосылып, зат есім туғызады, зат есімге жалғанып, сын есім жасайды. Бұл жерде -лық емес, ілік септіктін, қолданылуы қажет еді (өндірістің технологиялық процесі).

Қолдануда ұқыптылықты кажет ететін қосымшалардың бірі-лар көптік жалғауы. Әдетте қазақ тілінің нормасы бойынша екі зат есім тіркесіп жұмсалғанда көптік жалғау тек соңғысына ғана жалғанады да, алдыңғысына жалғанбайды. Сондықтан ғылым академиясы (ғылымдар академиясы емес), оқу орындары (оқулар орындары емес) деп жазып жүрміз. Ал балалар дәрігерлерітәрізді қолданыстар кұлаққа тосаң естіледі. Сол сияқты қазақ тіліндегі кейбір сөздер көптік жалғауды қажет етпейді. Ондай сөздер халық тілінде бір тұтас ұғым ретінде қалыптасып кеткен. Мына мысал-дарға назар салайық: Сондықтан менің еңбектес құрбыларымның Қазак, ССР Жоғарғы Советінің бүгінгі сессиясынан үлкен жақсы-лықтар күтуі де заңды… Менімен бірге жұмыс істейтіндердің бар-лығы осындай игіліктерге жетіп отыр (газеттен). Қазақ ұғымында игіліктің де, жақсылықтың да аумағы өлшеніп, оның мөлшері бел-гіленбейді. Ондай сөздер бір тұтас ұғым атаулары есебінде сол күйінде ұғынылады. Сол себептен ондай сөздерге көптік жалғауын қосудың ешбір қажеті де жоқ.

Кейде әдеби тілде қалыптасқан формалардың орнына диалек-тілік ерекшеліктерді қолдану да ұшырасады. Мысалы: Әсіресе республикадағы жеңіл ‘және тамақ өнеркэсібінің кейбір түрлері, суармалы жерлердің кейбір бөлегі осында шоғырланулы (газеттен). Сірә, мақала авторы батыс облыстардың бірінен болса керек, сол аймаққа тән ерекшелікті қолданған. Әдеби тілде бұл ретте -ған (шоғырланған) тұлғасы айтылады. Мұндай тұлғалардың әдеби нормаға жатпайтыны әдетте нормативтік грамматикада баяндалады. Сол себептен мұндай ауытқулар стилистиканың объектісі бола алмайды.

Стилистиканың айрықша көңіл аударатын мәселелерінің бірі — грамматикалық тұлғалар мен синтаксистік шумақтардың белгілі бір мағына беруде синонимдес қолданылуы. Мұндай синонимдік топтар — сөз қайталамаудың, жинақы да жатық болудың аса таптырмас құралы, тіліміздің икемділігінің дәлелі. Қазақ тілінің мор-фологиялық категорияларының ішінде де, сирек болса да, бір-бірі-мен синонимдес мәнде қолданылу фактілері кездеседі. Мысалы, сын есімнің шырай түрлерін жасайтын -рақ және -лау аффикстерін алайық. Сөйлем ішінде күштірек, күштілеу тәрізді сын есімдік тұлғалар бір-біріне балама есебінде қолданыла береді. Кейде олар, мағынасы жағынан синонимдес болғанмен, әр түрлі мәнде қолда-нылуға икем келеді. Немесе осы шырайлық тұлғалардыд гөрі сө-зімен келген синтаксистік шумақтарға синонимдес қолданылуын айтуға болар еді (Асаннан гөрі Мұрат икемді, Асаннан Мүрат икемдірек). Қейде сын есім сөздері басқа да синтаксистік шумақ-тардың синонимі бола алады. Мысалы: әңгімешіл кісі — әңгімені жақсы айтатын кісі т. б. Қазақтың әдеби тілінде де, халық тілінде де септік жалғаулары мен көмекші есімді тіркест,ер сан-салалы си-нонимдік қатар құрады. Бұлардың колданылатын мағыналық са-лалары да аса көп. Сондықтан бұндай синонимдік қатарлардың қолданылу өрісі де аумақты, кең болып отырады. Мысалы, мезгіл — уақыт мәнінде сағат 5-ке келу — сағат беске дейін келу, сол уақытқа үлгеру — сол уақытқа дейін үлгеру, мекен — кеңістік мәнінде үйде отыру — үйдің ішінде отыру т. б. синтаксистік шумақтар қолданылады.

Қазіргі қазақ әдеби тілінде үйірлі мүшелер мен жай сөйлемдердің (кейде құрмалас сөйлем) синонимдігі — кең таралған құбылыс. Әрине, қазіргі тіліміздегі үйірлі мүшелердің көп салалы тобы — әдеби тіліміздің кейінгі дамуының жемісі. Олар көбінесе сөзді жинақы айтудың тәсілі есебінде пайда болды да, жай сөйлемдердің синонимі болып қалыптасты. Мен сияқты жолдан оралып, бірақ уақиға маңайына менен бұрын жеткен Николай ағашты тасаланып, күбірлеп, балағат айтып тұр екен (Ғ. Мүсірепов).

Осы сөйлемдегі қарамен терілген шумақты (үйірлі анықтауыш мүшені) өз алдына бөліп алып, жеке сөйлем түрінде Николай мен сияқты жолдан оралса да, бірақ уақиға маңайына менен бұрын, жетті деп айтуға болар еді. Бірақ авторлық акцентуация Николайдың бұрын жетуін хабарлау емес, қазіргі күйге дейін болған уақиғаны жай ғана ескерту есебінде айтылып отыр. Ол үшій дербес сөйлемдік құрылыстан гөрі үйірлі мүшелік құрылыс әлдеқайда тиімді, жинақы, айқын. Сол сияқты мына сөйлемнің құрамындағы үйірлі мүшенің қолданысын байқайық. Ж ы л а у ы да ертеден кешке дейін бір-ақ үнмен шығатын жетім баланың бей-жай, үмітсіз жылауына ұқсайды (Р. Мүсірепов). Осы үйірлі мүшені дербес сөйлемге айналдырып айт ұға болар еді. Бірақ онда автор көздеген экспрессия бәсеңдеп, әсері азаяр еді.

Осылар тәріздес синонимдік қатарларды айқындап, олардың мән-мағынасын баяндау — тіл ұстартудың аса қажет тәсілдерінің бірі.

Бұдан бұрын айтылғандай, жеке грамматикалық тұлғалар мен синтаксистік шумақтардың белгілі бір сөйлеу, жазу стилі кұра-мында қолданылуға икемдігі байқалып отырады. Бұл, әрине, лек-сика саласындағыдай кең таралған құбылыс емес, бірақ арагідік кездесіп отырады. Мысалға морфологиялык, тұлғалардың ішінен -паз, -қор, -қой жұрнақтарымен келген сөздерді алайық. Әсемпаз, жасампаз, дүниеқор, намысқор, әзілқой, сауыққой, даңқой тәрізді сөздерді стильдік жағынан бейтарап сөздер деп қарауға болмай-тыны белгілі. Бұлардың әрқайсысы белгілі бір сөйлеу, жазу жүй-есінде қолданылуға бейім. Кез келген иінде айтыла бермейді. Егер әсемпаз, әзілқой сөздері жеңіл әзіл, зілсіз сықақ ыңғайында қол-данылуға икемді болса, дүниеқор, даңқой сөздері өткір мысқыл, шенеу мәніне лайық. Мұндай қабілет, әрине, сөз құрамындағы қосымшалардан туса керек. Немесе бармақ керек, баруға тиіс, ба-руы қажет тәрізді күрделі тұлғалар, сол сияқты -уда тұлғасы (мал шаруашылығының табыстары күннен-күнге артуда) көбінесе жазба тілге, оның ішінде публицистика тіліне тән. Әрине, бұлар ауы-зекі сөйлеуде де кездеседі. Бірақ сөйлеу тіліне тән элемент ретінде емес, жазба тілден ауысқан элемент ретінде ғана айтылады. Сөйтіп; морфологиялық құрылыстың да кейбір категориялары жеке стиль салаларында жиі қолданылатын элементтер ретінде көзге түседі.

Тілдің синтаксистік құрылысы, морфологиялық категорияларға қарағанда, стильдік қолданылуға біршама бейімдірек болады. Сөйлем ішінде сөздердің орын тәртібінің өзгеруінен туатын ва-риациялардың, әр түрлі қалыптасқан шумақтардың т. б. бір ғана стйль жүйесінде, соның сөз саптау тәсілі есебінде қолданылуын жиі кездестіруге болатыны мәлім. Іс қағаздарындағы стандартқа айналган синтаксистік шумақтардың қолданылуын, публицистика-дық стиль құрамында жиі кездесетін сұраулы сөйлемдер мен лепті сөйлем түрлерін алуға болар еді. Олардың сол салаларда қолданылу иіні мен сипаты әдеби тілдің басқа ыңғайында кездесе бермейді, сол стиль топтарын басқалардан ерекшелейтін сипат есебінде көзге түседі.

Сонымен, стилистика грамматикамен тығыз байланысты, оны-мен тығыз ұштасып жатады. Бірақ стилистика сөз бен оның фор-маларын синтаксистік тәсілдерді белгілі бір мән-мағына мен экспрессиялық мәнер туғызудың тәсілдері есебінде ғана қарас-тырады. Стилистика мен грамматиканың арасындағы түбірлі айыр-машылық осында жатыр.

Сол себептен де сөйлем мен сөзді стильдік жағынан талдау мен грамматикалық талдау әсте бірдей емес. Стильдік талдауда сөй-лемнің қолданылу мақсаты, сөздердің мағыналық, экспрессиялық жағынан сәйкестігі ғана еске алынады.

“Сөз мәдениетінің этикалық аспектісі” ұлттық этикалық ұстанымдардың, жалпыадамзаттық этикалық құндылықтардың этикалық нормаларды құрайтыны, ал этикалық нормалар дейтініміз қарым-қатынастың әртүрлі жағдаятына (ситуациясына) тән тілдісу ережелерінің жиынтығы болып табылатыны (Энциклопедический словарь) айтылады. Сөз этикасы – дүниетанымдық компоненттерден, этикеттік компоненттерден және эстетикалық элементтерден тұратын күрделі құрылым.

Сөз этикасының дүниетанымдық бөлігі адамзаттық құндылықтар жөніндегі ұғым, түсініктерден тұрады. Тілдік тұлғаның сөз әрекеті адамгершілік, ар-ұят, жауапкершілік, парыз, ізгілік, мейрімділік, әділдік, шыншылдық, ақиқат тәрізді жалпыадамзаттық құндылық принциптеріне бағынады. Тілдік қарым-қатынаста, сөйлеушінің саптаған сөз өріміне осы принциптер негіз болады.

Қарым-қатынасқа осы принциптерді ұйытқы етіп алушылық қазақтың байырғы ұлттық сөз өнері дәстүрінде, әсіресе шешендік сөз өнерінде айрықша орын алғандығын айқын аңғаруға болады: тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ; сөзді шын тоқтатады, суды шым тоқтатады.

Сөз этикасының дүниетанымдық компонентіне тіл субъектісінің (тіл иесінің) тілге, сөзге қатысты мақал-мәтел түріндегі пайымдауларын жатқызуға болады. Өйткені ұлттық сөз этикасы өнер алды – қызыл тіл; тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады; сиыр мүйізінен байланады, адам сөзінен байланады; таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді т.б. пайымдауларды да тірек-таяныш етеді. Сөз этикасының этикеттік бөлігі байланыс орнату, байланысты жалғастыру, байланысты аяқтау тәрізді қарым-қатынас тәртібінің ережелерін білу, сол ережелерді коммуниканттың мәртебесіне сай, қарым-қатынастың ресми/бейресми жағдаятында іс жүзінде қолдануға тірек-таяныш болады. Үлкенді сыйлау, құрметтеу; сөйлеушінің сөзін бөлмеу, сөйлеуші тыңдаушыны назардан тыс қалдырмауы, өзін төмен ұстауы, мадақ сөзден қашуы т.б. тәрізді ұлттық сөз саптау дәстүріндегі талаптар сөз этикетіне ұйтқы, тірек-таяныш болады. Сөз этикетінің қатысты мұндай талаптар мақал-мәтелдерде айқын аңғарылады: сәлем – сөздің анасы; бір күн үзеңгі жолдасқа қырық күн сәлем; анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без, атасы тұрып ұлы сөйлегеннен без; сіз деген – сөздің сынығы, сен деген – сөздің анығы т.б.

Қазақтың ұлттық сөз саптау дәстүрінде этикалық ұғымдарға қоса эстетикалық компоненттер де қабаттаса, қатарласа жүреді. Мысалы: құр айқай бақырған /құлаққа ән емес/ өнерсіз шатылған/ Жігітке сән емес (Абай); Аузынан сөзі түскен, қойнынан бөзі түскен (мақал); сөйлеуші желдей есілген, тыңдаушы бордай езілген (М.Әуезов); Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын (мақал) т.б. Сонымен бірге сөз этикасының құрамына сөз этикеті деген ұғым кіреді. Ал сөз этикеті ережелері сыпайылық принциптеріне негізделген. Сөйлеуші жақтың өз әріптесіне құрметпен қарауы негізгі ережелердің бірі болып саналады. Сыпайылық, сыйластық, ізеттілік – моральдың, этиканың түп негізі. Сайып келгенде, адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеу адамдардың бір-бірін құрметтеуінен, ілтипатшылдығынан (толерантность) басталады.

Жоғарыдағы айтылғандарды түйіндей келгенде, ұлттың дәстүрлі сөз саптау мәдениетінде этикалық, эстетикалық құндылықтардың мәні айрықша болады. Мейірімділік, ізеттілік, адамгершілік, жауапкершілік, дегдарлық, парыз т.б. эстетика-этикалық категориялар адамдар арасындағы тілдік қатынаста үйлестіріп-үндестіріп отырады. Сондай-ақ тілдік қарым-қатынаста дауыс көтеру, айқайлау, шәңкілдеу қарым-қатынас психологиясына кері әсер ететін, эстетикалық принципке қайшы сөз әрекеттері болып саналады. Мысалы, қазіргі кездегі сөз саптауда, тілдік қарым-қатынаста адамдардың өз дегеніне жетуді, өзіне тиімді жағын көздеуді өзара түсіністік, өзара ықпалдастықтан гөрі өзінің жеке басының мақсат-мүддесін алға тартуы, бейпіл сөздерді жария түрде қолдану (легилизациялау) қоғамдық сананы БАҚ арқылы дегеніне қарай бұрмалап отыру БАҚ арқылы өштескен адамы жөнінде жағымсыз пікір тарату; домалақ арыз жазу тәрізділер сөз этикетіне тән норманың бұзылуына саятын жағымсыз әрекеттерге жатады.

Сөйтіп, халықтың мәдени-ұлттық дәстүріндегі этикалық қатегориялар, эстетикалық, риторикалық принциптер тілдік ұжымның ішіндегі үндесім-үйлесім қызметін (гармонизациялау) атқарады.

Сөз мәдениеті деген терминге анықтама қазақ тілтанымында негізінен тілдік-нормативтік, коммуникативтік тұрғыдан берілсе, ендігі жерде бұл ұғымның құрамына этикалық нормалармен байланысты ерекшеліктері қамтуы жағынан назар аудару қажет. Олай болса сөз мәдениеті деген терминге – “белгілі бір мәдени тілдік қоғамдастықта қалыптасқан тілдік, коммуникативтік, этикалық нормалармен эстетикалық


Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет