Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у



бет4/25
Дата23.10.2016
өлшемі5,7 Mb.
#29
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25

ІІІ

Жалпы қазақ өнері туралы ғылымның тарихын сөз еткенде, алғашқы әңгімені Фарабиге бұруға болар еді. Екінші ұстаз, Шығыстың Аристотелі атанған данышпанның еңбектері мәнін әлі жойған жоқ.

Сірә, көшу тек сахарада көшу ғана емес, тарих белестерінен, замана бетінен көшу, екінші бір қырынан өшу болса керек. Қазақ топырағында туған Отырар төңірегінің перзенті Фарабидің тағдыры біздің тарихымыздың символдық кейпі іспетті. Фараби әсемдік, көркемдік туралы, гармония заңдары жайлы Аристотельдің материалистік дүниетанымымен қабысып жатқан ойлар айтқан.

Бұдан кейін көп уақыттар бойына қазақ тарихында шөл ғасыр басталады. Халқымыздың өнері, әдебиеті туралы әр түрлі елдер ғалымдарының әр кезеңде айтқан пікірлері әлі жүйелі түрде зерттеліп, бүгінгі оқырман назарына ұсынылған жоқ.

Қазақ аспанында жұлдыз болып аққан Шоқан Уәлихановтың сөз өнерінің табиғаты, тарихи тағдырлар төңірегіндегі байламдарының ғылыми мәні ерекше, бағасы зор. Европалық цивилизацияның жемісімен Шығыс даналығын ұштастыра білген ғалым априорлы, болжал нәрселерге ұрынбайды.

Қазақ даласына отаршылықпен қоса қағазға басылған сөз келді, кітап келді, скрипка келді. “Түркістан уәлаяты”, “Дала уәлаяты”, “Қазақ” газеттерінің беттерінде, “Айқап” журналында әкімшілік мәселелері ғана емес, халықтың тарихы, психологиясы, этнографиясына байланысты бірқатар материалдар берілгендігі аян. Фольклор нұсқалары, көне әдебиет үлгілері жинастырылды.

“Қазақ” газетінде ұлттың рухани атасы Ахмет Байтұрсынов еңбектері, “Айқап” журналында болашақ революционер, асау тұлпар Сәкен Сейфуллиннің тырнақалды сын мақаласы, “Абай” журналында келешек классик Мұхтар Әуезовтің мәдениет, тұрмыс, әдебиет, салт-сана, ғылым, шаруашылық, саясат мәселелерін қарастырған зерттеулерінің жариялануы енді дүниеге келген қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа ізденістерін айқындайтын фактілер еді. Қазақ сынының алғашқы беттерін Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов еңбектері ашты.

Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-ғылыми мұрасының ішіндегі ең көлемді және айрықша тиянақталған тұжырымды еңбегі – “Әдебиет танытқыш”.

Шолу ретінде, ат үсті айтылғанмен, бұл еңбек дәлді зерттеліп, әділ бағасын әлі алған жоқ.

Бірден айту керек, “Әдебиет танытқыш” – Ахмет Байтұрсыновтың эстетикалық-философиялық танымын, әдебиетшілік көзқарасын, сыншылық келбетін толық танытатын жүйелі зерттеу, қазақ филологиясының ерекше зор, айтылған ойларының тереңдігі мен дәлдігі арқасында болашақта да қызмет ететін, ешқашан маңызын жоймайтын қымбат, асыл еңбек. Ұлттық әдебиеттану ғылымы қазір қолданып жүрген негізгі терминдер, категориялар, ұғымдардың қазақша өте дәл, ықшам, оңтайлы баламаларының басым көпшілігі тұңғыш рет осы зерттеуде жасалғанын ашып айтатын уақыт жетті. Бұл ретте, Ахмет Байтұрсынов – тіл терминдерін жасауда қандай кемеңгер, данышпан болса, әдебиеттану, өнертану, фольклортану терминдерін жасауда да сондай кемеңгер, данышпан.

Бұл еңбекте Ахмет Байтұрсынов фольклорлық, әдеби текстерді талдаудың, жанрлық түрлерге ат қойып, анықтама берудің тамаша шебері, әдеби дамудың болашағын көрсете алатын асқан сыншы, өмір, қоғам, адам табиғаты жөнінде терең пікір толғайтын ұлы ойшыл екендігін көрсетті. Ерекше қуанарлық нәрсе жазылғанына 70 жыл өткен еңбектің дәл бүгін көкейкесті, актуалды болып отырғандығында. Оның қай бетін ашып оқысаң да, көкейге қона кетеді. Ахмет Байтұрсынов “Әдебиет танытқыш” еңбегінде зерттеу объектісі етіп, қазақ ауыз әдебиетін, қазақ жазба әдебиетін, оның сан алуан үлгілерін алған. Автор қандай ғылыми еңбектерге сүйенгені туралы мәлімет, дерек келтірмейді. Ондай қайнар көздері қақында әр түрлі болжал айтуға болады. Ең алдымен ғалымның әдебиет теориясы, сыны, тарихы, текстологиясы, жанрлары жөнінде дүниежүзілік әсемдік ойдың негізгі тұжырым, идеяларымен терең таныстығы айқын аңғарылады. Қоғамдық, тарихи-эстетикалық, философиялық білім мығымдығы үнемі сезіліп отырады.

Өнер тарауларын сәулет (архитектура), сымбат (скульптура), кескін (живопись), әуез (музыка), сөз (әдебиет) өнері деп даралап, әрқайсысына дәлді анықтама беруінен, сөз жоқ, неміс ғалымы Лессингтің әйгілі “Лаокон” трактатымен таныстықты байқауға болар еді. Сол сияқты әдебиет тектерін таратқанда, ішкі ғалам (субъективті әлем), тиіс ғалам, түйіс ғалам (объективті әлем) ұғымдарын пайдалану ескідегі Аристотель, кейінгі Гегель, бергідегі Белинский, Веселовский концепцияларын еске түсіреді. Ал ауыз әдебиетін жалпылай топтау тәсілдерінен орыстың дәстүрлі фольклоршыларының сабағы аңғарылады. Бір ерекше жәйт, А.Байтұрсынов ұзақ-ұзақ цитата алып, өзгелерден бәтуа іздеп, басқаның пікіріне жығыла салатын әдеттен мүлде аулақ. Дәлірек айтқанда, “Әдебиет танытқышта” пәленшекең айтты деген бірде-бір пікір, тұжырымға сілтеме жоқ. Ғалым өзі қорытқан, өзі шындығына жеткен, ақиқат деп санаған ойларын ортаға салады. Мысал келтіре отырып, оқырманның көзін жеткізіп ұқтырып алған соң, пікір, тұжырым жасайды.

Таңқаларлық нәрсе, Ахмет Байтұрсынов төңкерістер, революциялар дәуірінде өмір сүрсе де, әдебиет мәселелеріне күнделікті науқандық жәйттерді, түрлі құжаттарды, қаулы-қарарды, партиялық талаптарды, қызыл танау саясатты, солақай социологияны араластырмайды, негізінен ғылыми өлшем, талғам арқылы, жеке бөлшектерге, бұтақтарға, тармақтарға назар аударады, қазіргі терминологиямен айтқанда, структуралық поэтика тұрғысынан талдаулар жасап, қорытындылар шығарады. Үнемі дәлдік, факт, дерек бірінші қатарға шығады.

Өнер туралы жалпылай мәлімдеп, көркем сөз өнерінің тарауларын жеке-жеке ерекшелеп көрсетіп сөз өнері, шығарма сөздің ақылға, қиялға, көңілге беретін әсерін анықтап алып, ұғыну, тану, ойлау, ұқсату, бейнелеу, суреттеу, түю, талғаудың айырмасын анықтап, тақырып, жоспар, түр дегендерді түсіндіріп, мазмұн алуандығын әуездеу, әліптеу, пайымдау деп үшке бөледі. Бұларды түсіндіру үшін Абай, Мағжан өлеңдері, М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек” трагедиясы, “Жәнібек батыр” аңыз әңгімесі мысалған алынған.

“Әдебиет танытқыштың” бірінші бөлімі “Сөз өнерінің ғылымы” деп аталып, бірнеше шағын бөлімшелерге, баптарға бөлініп, олардың әрқайсысында нақты мәселе қаралады.

Ең алдымен тіл, сөз өнері, шығарма дегеніміз не деген сұрауларға, ғылыми дәлді, ықшам, толық анықтама беріледі. Автор сөз өнері ғылымының: 1) шығарма тілінің ғылымы; 2) шығарма түрінің ғылымы деп екіге бөліп қарайды. Тіл өңі жағынан тіл я лұғат қисыны деп, мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі деп екіге бөледі.

Автор сөз өнерін үй қалау өнерімен өте қисынды салыстыра көрсетеді де, сөз талғау орайында шығарма тілі екі түрлі болатындығын айтады, олар – біріншісі – ақын тілі, екіншісі әншейін тіл. Сөз дұрыс болу үшін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулықты жақсы білу, өз орнында тұтыну, дұрыс есептеп, көптеп, ымыраластыру, сөйлемдерді дұрыс орналастыру, құрмаластыру, орналастыру шарттары алға қойылады. Тіл тазалығына анықтама беріліп, ол үшін орыстың жақсы жазушылары қойған талаптар үлгі етіліп алынады. Олар:


  • Ескірген сөздерге жоламау;

  • Жаңадан шыққан сөздерден қашу;

  • Өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан қашу;

  • Жергілікті сөздерге, яғни бір жерде айтылып, бір жерде айтылмайтын сөздерге жоламау.

Ахмет Байтұрсынов “Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-араластыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей, айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерін, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда, пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек”, - деген ұлы талабын өзі нақты іске асырды.

Тіл көрнекілігіне (қазіргіше – образдылығына, бейнелілігіне) жету үшін түрлі әдістер қолданылатынын айта келіп, зерттеуші ол әдістерді айқындау (эпитет), ауыстыру (метафора), теңеу (екі түрлі), бейнелеу, ауысу, кейіптеу, бейнелеу, әсірелеу, меңзеу, арнау (сұрай арнау, жарлай арнау, зарлай арнау), қайталау, еспелеу (анафора, эпифора), шендестіру, түйістіру (антитеза), дамыту (градация), түйдектеу, бүкпелеу, кекесіндеу деп тарам-тарамға бөліп қарайды, әрқайсысына анықтама береді, нақты мысал келтіреді. Бұлар күні кешеге дейін әдебиеттану еңбектерінде, оқулықтарда, тропа, фигура түрлері деп басқа тілде алынып келген, ал Байтұрсыновша айтқанда, көріктеу әдістеріне жататын төл ұғымдарымыз. Мұның үстіне себепті оралым, ұқсатпалы оралым, қайшы оралым, шартты оралым, жалғасыңқы оралым, серіппелі оралым, айырықты оралым, қорытпалы оралым секілді өрнекті сөйлемдердің үлгілері беріледі. “Әдебиет танытқыштың” ерекше бір ғылыми құндылығы – қазақ өлеңінің құрылысы, оның буын, бунақ, тармақ, шумақ, ырғақ, толқын, ағым, жік, кезең, орын, жорғақ, ұйқас, айшық заңдылықтарын ашуы болды. А.Байтұрсынов қазақ өлеңінің негізгі структуралық өлшемдерін барлық деңгейде схема, өрнек арқылы көрсетіп берді. Кейінгі өлең зерттеушілер сол ізді басып отырды десек, ешкімнің егініне түсіп, обалына қалған болмаспыз, ақиқаттың өзі солай.

“Әдебиет танытқышта” қойылған күрделі мәселенің бірі – қара сөз бен дарынды сөз жүйесінің, ғылым мен әдебиеттің айырмасы. А.Байтұрсынов қазақта бұрын бола қоймаған терминдердің баламасын тауып, не өз жанынан жаңадан сөз жасай отырып, өте күрделі ғылыми, философиялық, эстетикалық көзқарастарды айтады, қиын проблемаларды ұғынықты түсіндіріп береді.

Ұлы зерттеуші қазақ сөздің табиғатын жан-жақты талдай отырып, субъективті дүние (түйіс ғалам), объективті дүние (тиіс ғалам), шындық, ақиқат, жарастық келістік, жағымды, жағымсыз, тәртіп, үйлестіру, көрік, көңіл, зейін, қиял, ес, іс, сап даналық, салт даналық ұғымдарын қолдана келіп, жүйеленген білімнің ғылым аталатынын анықтайды. Пән (ғылым) шығармасының асылын пайымдама деп көрсетеді. Пайымдылық сипаттаудың бес түрін ажыратады, екі түрлі әдісін ұсынады: жалқылау (анализ), жалпылау (синтез). Пайымдама түрлері: 1) пән (ғылым); 2) сын; 3) шешен сөз; 4) көсем сөз.

Қара сөзбен әңгімелеудің шежіре (Шәкәрімнің шежіресі мысалға алынады), заманхат (Абай қара сөзі мысалға алынады), жаддерек (мемуар), өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме секілді түрлері ажыратылады.

Әдебиет сыны мен ғылым сынының ерекшеліктері көрсетіледі. Әсіресе, әдеби сын алдында өмір мен шығарма, шындық пен қиял, көркемдік пен шеберлік, қаһарман мен уақыт, мінез бен әрекетке байланысты нақты сұлулардың жауабын іздеу міндеттері қойылады, тысқы сын, ішкі сын деген ұғымдар қолданылады.

Шешендік сөздердің нандыру, сендіру, ұйыту, иман келтіру, қанға, жанға әсер етіп, адамның ойын да, бойын да балқытып, арбап, билеп, жүйесін босатып, арқасын қоздырып, намысын келтіріп, жадылап алатын сипаттарын көрсетіп, оларды саясат шешен сөз, уағыз шешен сөз деп жіктейді. Бұл сөз әлі күнге жете алмай келе жатқан саралау. Шағын да ықшам түрде публицистиканың қоғамдағы орны, қызметі, міндеті көрсетіліп, оған көсем сөз деген ат берілген.

Ғалым жер жүзі жұрттарының тілдеріндегі шығармалардың бір-біріне ұқсас болып келу себептерін тұрмыс-салт, өмір-тіршілік ұқсастығынан туатындығын кеңінен дәлелдейді. Адамзаттың балалық шағындағы табиғат құбылыстарын кереметке жору, жоққа илану, дәупері, жезтырнақ, жалмауыз секілділерден қорқып, құдай, пері-періштеге, аруаққа сену салдарынан тудырған шығармаларына баға береді. Жазу-сызу жоқ дәуірде туған жырлардың ауыздан-ауызға, заманнан-заманға көшуі, батырлар жырының бір адамның сөз болудан шығып, мың адамдікі, жұрттыкі, ұлттыкі болу себептері айтылады, “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр” сияқты жырлар мысалға алынады. Ертегі секілді ескі сөздердің әркім өзгертіп, өң беріп, құбылтуына орай жалпылық сипат алатынын түсіндіреді, олардың неге халық шығармасы, халық әдебиеті есептелетінін анықтап береді. Осы тұста Ахмет Байтұрсынов былай дейді: “Ауыз шығарманы (анайы әдебиетті) ауыз сөз деп қана атап, жазба шығарманы (сыпайы әдебиетті) ғана танушылар бар. Бірақ қалай да асыл сөздің бәрі де тілдегі әдебиет есебінде жүріледі” (“Ақжол”, 412-бет).

Бұл жерде, біріншіден, автор фольклорды әдебиет деп танымайтын ғалымдардың барлығын көрсетіп отыр. Яғни сондай еңбектерді оқыған, білген. Екіншіден, олармен келіспей отыр. Кейін тұтас концепцияға айналатын қазақ әдебиетіндегі ауызша сақталған әдебиет туралы тұжырымның бастауында Ахмет Байтұрсынов тұр деген сөз.

Осындай ғылыми байлам жасап алғаннан кейін барып, ауыз әдебиетін жұмсалатын орнына қарай екі салаға бөледі, олар: сауықтама, сарындама. Қазіргі әдебиеттану, фольклортану көбінесе әдебиеттің танымдық-информациялық мәніне, қоғамдық-әлеуметтік орнына, үгіттік-насихаттық рөліне ерекше мән беріп, өнердің сауық үшін, ойын үшін атқаратын қызметін мүлде көрсетпей келді. Мұндай идеялардың барлығының өзі сыналады. Ал, Ахмет Байтұрсынов болса, ауыз әдебиетінің мағыналық өнегелі жақын жақсылық пен жамандық, достық пен қастық, арамдық пен адалдық, батырлық пен қорқақтық, ептілік пен шорқақтық орайында тәлім-тәрбие берудегі орнын атай отырып, ертегілердің тіл жағынан керектігін, баланың рухын, қиялын тәрбиелеп, сөйлеуге үйрететінін, бұрынғы салт-санадан дерек беретіндігін ажыратып, сауықтама сөздерді ермек үшін сөйленетін бір тобын ермектеме деп те атайды да, оларды былай бөледі: ертегі, ертегісымақ, аңыз әңгіме, өтірік өлең, жұмбақ, жаңылтпаш, басқатырғыш, әрқайсысына анықтама беріліп, нақты мысал келтіріледі.


Өтірік өлең:

Бақа қызын беріпті көбелекке,

Жүріпті қара шыбын жеңгелікке.

Құмырсқаның бір туын ұстап сойып,

Той қылып, ат шаптырды төңірекке.
Ақ тышқанға күмістен таға қылдым,

Көртышқанның терісін жаға қылдым.

Көбелектің терісін жыртпай сойып,

Он бес қарыс жиындық саба қылдым.
Жұмбақ:

Дүниеде бір айдаһар, білесіз бе?

Жаны жоқ қимылдауға денесінде.

Ішінде сүйектері бақша-бақша,

Жарқылдар жалғыз көзі төбесінде.
Сауықтама сөздердің екінші тармағы ретінде көңіл көтеру үшін сөйленетін сөздер зауықтама (зауық сөзі) деп алынады, олар: ертегі жыр (батырлар), тарихи жыр, айтыс өлең, үгіт өлең, толғау, түрлі терме сөздер.

“Ертегі жыр деп бұрынғы өткен батырлар турасында шығарған өлеңдерді, әңгімелерді айтады”, - деп алып, автор олардың шығу себептеріне тоқталады. Шын жағы мен қиял жағының арақатынасына байланысты пікірлер айтады.

Батырлар әңгімесінің құны қандай деген мәселеге келсек, мұнда айту тиіс: “бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болғанда батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме, халықтың батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған. Ертек жырдағы батырлар сипатына қарасақ, ол жырлар халықтың рухы нағыз көтерілген шағында шыққандығын байқаймыз. Жеке мақсат жағымен азаматтары есептеспей, ұлы мақсат, ұлы мұратпен болып, жұрт үшін, көп үшін құрбан нәрсесі болмағанын көреміз. Әке-шеше, жұрт қамының жолында бір тиынға баламағанын байқаймыз”, - деп, алаштың ардагер азаматтарының басындағы ел дерлік, халық – қаһармандық, бедел – борыш қақындағы тебіреністі, көкейкесті ойларын әдебиетпен байланыстыра өрбіткен Ахмет Байтұрсынов Қобыланды бейнесін талдау үстінде осы толғамдарды нақтыландыра түседі, тағы да соны, терең байлам жасап, былай қайырады: “Елде жоқ рух ақын сөзінде де болмайды, елде бар рухты ақын ықтимал дәріптеп, күшейтіп, көптіріп, көркейтіп айтады. Бірақ жұртта жоқ рухты ақын өзінен шығарып айта алмайды. Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды. Халықтың батырлары кетіп, басқаға бағынып, рухы сөнген уақыттағы қазақ ақындарының сөзі әлі айтылғанды сипаттайды. Байларды, мырзаларды, төрелерді, бастықтарды кейібірі жақсы көріну мақсатымен, кейібірі нәрсе алу мақсатымен мақтап, ақындықты қайыршылыққа, жәрәукелікке айналдырған ақындарымыз аз ба?”

Батырлар жырының азайып бара жатқанын автор қазақ арасында сауықтың кемігенімен сабақтастырып, олардың бірте-бірте өлең түрінен айырылып, ертекке айналатынын, рухы, көркі жоғалып, құр сүлдесі қалатынын ескертіп, сондықтан жыршылар жоғалмай тұрғанда батырлар жырын жазып алуды ел ішіндегі азаматтардың халық алдындағы борышы деп көрсетеді. “Қара қыпшақ Қобыланды батыр”, “Нәрікұлы Шора”, “Алпамыс батыр”, “Ер Тарғын”, “Ер Сайын”, “Едіге”, “Қамбар” қазақ арасында көп айтылатын жырлар ретінде көрсетіледі. “Тарихи жыр” деп тарихта бар, мағлұм оқиғалар турасында өлеңмен шығарған сөздері айтылады” деп анықтама беріледі де, мысалға “Орақ-Мамай”, “Абылай”, “Кенесары-Наурызбай”, “Ерназар”, “Бекет” жырлары алынады. Айтыс өлеңдердің ерекшелігін екі палуанның күрескенімен, екі батырдың жекпе-жек ұрысқанымен салыстыра түсіндіреді, тақырып ретінде жұрттың, ұлттың, рудың, елдің кемшілік-олқылығы, осал-оңтай жерлері алынатындығы, жазу жайылған сайын айтыстың азаятыны аңғартылады. “Кеншімбай мен Ақсұлу”, “Жанақ пен бала”, “Есентай мен Балық”, “Жарылқасын мен Айқын” айтыстарының жалпы сипаты көрсетіледі.

Толғау, терме – қазіргі әдебиеттануда бар терминдер, ал үгіт өлең, үміт өлең – Ахмет Байтұрсынов әдебиет материалы негізінде дәл де айқын тұжырымдаған ұғымдар.

Сарындама сөздерді салт сөзі, ғұрып сөзі, қалып сөзі деп үшке жіктеп, әрі қарай тағы да таратады.

Салт сөзі: мысал, ділмар сөзі (афоризм), тақпақ, мақал-мәтел, ғұрып сөзі: тойбастар, жар-жар, беташар, неке қияр, жоқтау, жарапазан, бата; қалып сөзі: жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыры болып бөлінеді. Әрқайсысының анықтамасы және нақты мысалы бар.

Ахмет Байтұрсынов жаңа әдебиеттің пайда болуы туралы пікірлерін дамыта келіп, әдеби байланыс, әдеби ықпал орайында дәлді, нақты тұжырымдар жасайды. Мұсылман дінінің күшімен енген араб, парсы әдебиеттері әсерінен туған мазмұн, уақиға ауысуы, шығарманың жаңа түрлерінің пайда болуы, бұрынғы үлгілердің соны тақырыпқа қызмет етуі тұжырымды дәлелденеді.

Ал қазақ жерінің отарлануынан кейінгі орыс әсері, Еуропа ықпалы өмірдің барлық саласынан көрінгенін, әсіресе көркем әдебиеттегі өзгерістердің туғанын А.Байтұрсынов жаңа бағыттар, жаңа жанрлық үлгілерді талдау арқылы айқындап береді.

“Әдебиет танытқыштың” үлкен бір тарауы жазба әдебиет мәселелеріне арналған. Ахмет Байтұрсынов негізінен “жазу әдебиет” деген терминді қолданады, кейде “жазба әдебиет” деп айтады. Жазудың қазаққа дін арқылы келгенін кеңінен ұқтыра отырып, осы істегі қожалардың, ноғай молдалардың дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлең арқылы тарату әрекеттерін көрсетеді, олардың ақын болмағандықтан, әңгіменің қисынымен қызықтырып, тамұқ азабымен қорқытып, жұмақ рахатымен үміттендіргенін ескертеді. Қожа, молдалар ішінен Шортанбай, Ақмолда секілді ірі ақындарды көрсетеді.

Діншілдер қолынан шыққан әдебиеттің дінге қызмет етсе де, тілге қызмет қылмағаны, дін бесігіне бөленген әдебиеттің өсе алмағаны, мешел болып, аяғын баса алмағаны анық. Бұдан соң орыс қол астына қарағаннан кейінгі қазақты мұсылман дінінен христиан дініне аударып жіберу оңай деген ниетпен кіріскен орыс үкіметінің саясаты, қазақ балалары үшін мектептер ашу, орыс әрпімен кітаптар басу, орыс әдебиеті арқылы Еуропа жұрттарының әдебиеттерімен танысу мәселелері сөз болады. Әдеби даму, әдеби бағыт, әдеби құбылыс туралы ойларын қорыта келіп А.Байтұрсынов былай дейді: “Сөйтіп, жазба әдебиеттің өзі екі дәуірге бөлінеді: діндар дәуір, ділмар дәуір. Діндар – діншіл деген мағынада, ділмар – тілшіл деген мағынадығы сөздері. Діндар дәуірде араб, парсы, ділмар дәуірде орыс әдебиетінен үлгі алып, соларға еліктегендікті, мұндай тағылым барша жұртта барлығын, түп үлгі грек әдебиеті екені, орыстың Еуропадан үйренгені ұғындырылады.

Діндар дәуір әдебиетіндегі қисса, хикаят, мысал, насихат (үгіт), мінажат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, терме секілді үлгілері талданады. Олардың мұсылман дінін қастерлеу, шариғат бұйрықтарын орнына келтіру, зекет, ғұшыр, підия, пітір беру туралы насихаттары сөз болады.

“Зарқұм”, “Сал-сал”, “Сейфұл-Мәлік” секілді қиссалар аталып, Жүсіпбек Шайхы Ісламұлының “Мұса мен Қарынбай” қиссасы, Шортанбай, Әбубәкір, Молда-Мұса шығармалары талданады.

Жазба әдебиеттің бір кезеңін діндар дәуір, екінші кезеңін әуелде, ділмар дәуір, артынан сындар дәуір деп алған, Ахмет Байтұрсынов жаңа әдеби дамуға қатысты келелі эстетикалық-теориялық ой-тұжырымдар, пікір-байламдар түйеді. Сындар дәуір ұғымына автор бір жағынан сын арқылы шыққан, екінші жағынан мағынасы терең, мінсіз, толғаулы, классикалық әдебиет деген сипаттарды сыйдырады. Асыл сөз жасаудағы білімнің, үлгінің қызметін ашады да мынадай қорытынды жасайды: “Қазақ ақындарының өздерінің де, сөздерінің де міндері, кемшіліктері, жаман әдеттері өнерпаз Европа жұртының сындар әдебиетін көргеннен кейін байқалып көзге түскен. Сонан кейін ғана Еуропа әдебиетінен тұқым алып, қазақ әдебиетінің сүйегін асылдандырып, тұлғасын түзетушілер шыға бастаған”.

Қазақ әдебиетінің дамуына, әсіресе, әсері күшті болған Абай шығармалары екенін, сындар дәуірдің басы Абайдан басталатынын кесіп-пішіп тиянақтайды. Абайдың сөзге талғау кіргізгені, әдебиеттің басты-басты сипаттарын анықтағаны “Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы” өлеңін мысалға келтіру арқылы көрсетеді. Ахмет Байтұрсынов жаңа әдебиет тудыруда талғамның, өнегенің, үлгінің, ықпалдың, әсердің рөлін айта келіп: “Қазақтың сындар әдебиеті Еуропа үлгісімен келе жатыр. Және сол бетімен баратындығы да байқалады. Еуропа әдебиетіндегі сөз түрлері бізде әлі түгенделіп жеткен жоқ. Бірақ қазір болмағанмен, ілгеріде болуға ықтимал”, - деген көрегендік тұжырым жасайды.

Жазба әдебиеттің сындар дәуірінің дарынды сөздерін автор үш топқа бөліп қарайды, олар: 1. Әуезе. 2. Толғау. 3. Айтыс-тартыс. Бұлар қазіргі әдебиеттану тұрғысынан айтқанда – эпос, лирика, драма. Әуезенің түрлері былай бөлінеді: 1) Ертегі жыр; 2) Тарихи жыр; 3) Әуезе жыр; 4) Ұлы әңгіме (роман); 5) Ұзақ сөз; 6) Ұзақ әңгіме; 7) Көңілді сөз; 8) Мысал; 9) Ұсақ әңгімелер.

Бұлардың ішінен зерттеуші “Ұлы әңгіме, яғни роман деп тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды айтамыз” деген анықтама жасайды да, жанрдың негізгі белгілерін тұтас түгелдеп береді.

Роман тақырыбы, уақиға және уақыт, ұлы істер мен кіші істер, шиеленістер, тартыстар, амал-әрекеттер, мінездің іштен туатындығы, оның өзгеруіндегі үй-іші, мектеп, төңіректің ықпалы деген мәселелерді айта келіп, ақырында автор негізгі ойын кейіп (тип), кейіпкер (герой) проблемасына орайластырып, ақырында: “Ұлы әңгімеге жан беретін адамның ісі болғандықтан, мінезіне кейіп беретін тәрбие болғандықтан, тұрмысқа сарын беретін ұлы, кіші адамдардың ірі-ұсақ істері болғандықтан, ол істері біріне-бірі ұласып, біріне-бірі оралып, байланысып жатқандықтан, осының бәрін суреттеп шығару оңай емес”, - деген роман жанрының табиғатын ашатын терең ой қорытады. Қазақта әлі ұлы әңгіме жоқ деп келіп, Міржақыптың “Бақытсыз Жамалын” өресі мен өрісі шағын болғандықтан ұзақ әңгімеге жатқызады. Ұсақ әңгіме ретінде Мұхтардың “Оқыған азамат”, Ысмағұлдың “Қалайша кооперация ашылды”, “Автономия”, Міржақыптың “Қызыл қашар”, Бейімбеттің “Айт күні” шығармалыр мысалға келтіріледі. Әуезе жыр үлгілері қатарында Мұхаметжанның “Топжарған”, Шәкәрімнің “Жолсыз жаза”, “Қалқаман - Мамыр”, Мағжанның “Батыр Баян” (кітапта “Батыр Баян” деп жаңсақ берілген), ал аңыз ретінде Мағжанның “Қорқыт”, “Орман патшасы”, Пушкиннің “Данышпан Аликтің ажалы”, Абайдың “Ескендір” туындылары берілген.

Ахмет Байтұрсынов лириканы – толғау деп алып, осы әдеби тектің қыр-сырын ерекше тиянақты талдап, орасан терең пікірлер тұжырымдап, сұлулық, көркемдік, әсемдік, шеберлік табиғатына қатысты ойларын бажайлай жеткізеді. Ықшамдап, жинақтап айтқанда Ахмет Байтұрсынов лирикаға (толғауға) мынадай шарттар қояды:

1. ІШКІ ШАРТЫ: а) Толғау жалпы сырлы болуы керек. Ақын толғауы да өз көңілінің күйін айтады. Бірақ ол күй өзгеге түсінікті болуы тиіс. Күйі түсінікті болмаса, өзгеге әсер ете алмайды.

ә) Толғау шын сырлы болуы тиіс. Өтірік жай сөзге де жараспайды. Толғау сияқты сырлы шығармаға өтірік жараспақ түгіл, бүлдіреді. Сондықтан күйлі толғау көңілде шын болған күйден шығу керек. Бұрынғы қазақ ақындарының мақтау, құттықтау өлеңдерінің көбі қадірсіз болып кетуі шын көңілден шын толғау болып шықпағандықтан.

б) Толғау таза болуы тиіс – нас, былғаныш, нәжіс әдемі нәрседен шықса, көңілге қандай әсер етеді? Толғау сөзге былғаныш сөз, былғаныш пікір қатысса, о да сондай әсер етеді.

в) Толғау көңілдің тереңдігі күйінен хабар беруі тиіс. Көңілдің бер жағынан шыққан сөздердің әсері оқушының көңілінде терең із қалдыра алмайды.

2. ТЫСҚЫ ШАРТЫ: а) Толғау сөзі көңіл күйінің бейне билеуі сияқты болуы тиіс. Күй де, би де біріне-бірі үйлесіп келгенде, сұлу болып шығады. Күй мен бидің үйлесуі.

ә) Толғау қысқа болуы тиіс. Көңіл күйінің көбі-ақ бір қалыпта ұзақ тұрмайды. Көңіл күйінен шығатын толғау көңіл табиғатына қарай ұзын болмасқа тиіс, ұзын болмайды да. Нағыз толғаулардың көбі-ақ 4-5 ауыз өлеңнен аспайды.

б) Толғау әуезді сөзбен айтылуы тиіс. Адамның көңілінің күйін жақсы білдіретін – күй мен ән. Әннен соңғы көңілге көбірек әсер беретін - әуезді сөз, әуезді күшін көбейтетін өлең түрде айтылуы тиіс. Көбінесе солай айтылады да. Толғаудың құны қанша деген мәселеге келсек, толғау сөз өнерінің барып тұрған жері деп саналады. Толғаудағы көңіл күйлерінің бәрі өмір жүзінде адам біткеннің бәрінің басында бола бермейді. Көңілдің түрлі күйін әдемілеп айтып, сөзін келтіруге үлкен ақындық керек, толғау жақсы болса, оқығандар өз басында болмаған күйлерді толғау күшімен болған күйдей басынан кешіріп өтпек. Бұл өзгелердің көңіл күйін де дұрыс танып, дұрыс білуге үйретпек. Толғау көңілдің көркем сырларын өрнекті сөздермен айтып білдіріп, адамның көрік сезімін күшейтеді. Әдемі толғаудан алатын адамның көрік ләззаты басқа сөздердің бәрінен де артық болады” (“Ақжол”, 452-453 беттер).

Кейінгі қазақ әдебиетшілері орыс тіліндегі еңбектердің ізімен саяси лирика, махаббат лирикасы деп қана шектеліп келсе, Ахмет Байтұрсынов ұлттық өнердің өз табиғатынан шығарып, лириканың сап толғау, марқайыс толғау, налыс толғау, намыс толғау, сұқтаныс толғау, ойламалдау, сөгіс толғау, күліс толғау секілді түрлеріне анықтама береді, мысалға “Интернационал”, Абайдың “Адамның кейбір кездері”, Сәкеннің “Жолдастар” өлеңдері, “Маса”, “Оян, қазақ” кітаптарындағы кейбір өлеңдер алынған.

Толғау түрлері адамның көңіл күйі, пайым пікірі, қиял құсы, ұнамды, ұнамсыз көзқарасы, ренжу, мұңаю, ықыласы қайту, намысы қозу, қаны қызу, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық туралы ойлануына, ғаламның ұлылығына, табиғаттың сырына, қоғамның мән-мағынасына үңілуіне қатысты жіктелген.

Ахмет Байтұрсынов драманы қазақша “Айтыс-тартыс” деп алып, оған мынадай өте діл жанрлық анықтама береді: “Айтыс-тартыста ақынның айтқан әңгімесін естиміз, уақиғаның өзін, уақиғада болған адамдардың өздерін көреміз. Уақиға көз алдымызда болып, адамдардың тіршілік жүзінде айтысып-тартысып өмір кешкенін көреміз. Тіршілік майданында адамдардың ақылы жеткенше амалдап, қайратына қарай қару қылып алысқаны, арбағаны, қуанғаны, жылағаны, ойнағаны, күлгені, сүйінгені, күйінгені, жауласқаны, дауласқаны, бітіскені, жарасқаны өмір жүзіндегідей көрініп, көз алдыңнан өтеді”.

Бұл сөздер жазылған кезде қазақ драматургиясында М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің, Ж.Шаниннің алғашқы пьесалары ғана жазылған еді. Шынына келгенде, Ахмет Байтұрсынов әлемдік драма өнерінің биік тұғырлары Шекспир, Мольер, Гете, Островский, Чехов үлгілерін оқып, яки сахнадан көріп барып пікір айтып отырғандай.

Осы бөлімде ғалым эпос, лирика, драма тектерінің бір-бірінен айырмасы, ұқсастығы деген мәселелерді ұғындыру үшін ішкі ғалам (субъективный мир), сыртқы ғалам (объективный мир) деген ұғымдарды пайдаланады.

Драманың (айтыс-тартыстың) табиғатын ашу үшін зерттеуші мұрат жолына жұмсалған ғамал, мақсатты қайраттан туған ғамал, керме, кедергі, ұстасудың байланыс, шиеленіс, шешіліс тәрізді үш кезеңі деген сөздерді қолданады.

Байтұрсынов саралауы бойынша драма былай бөлінеді: 1) мерт, яки әлектегі тартыс (трагедия); 2) сергелдең, яки азапты тартыс (драма); 3) арамтер, яки әурешілік (комедия). Екінші жерде ықшамдап: 1) әлектеніс; 2) азаптаныс; 3) әуреленіс деп те бөледі. Осы түрлердің әрқайсысындағы тартыс табиғаты, кейіпкерлердің сипаты жеке-жеке, дәлді де нақты әліптеледі.

“Әдебиет танытқыштың” айрықша бір ерекшелігі – көркем текстерді берудегі дәлдік, талғампаздық. Бұл зерттеуде мысал үшін ең көп алынатын Абай мен Мағжан шығармалары. Кейде олардың тұтас туындысы берілсе, көбіне қажетті үзінді келтіріледі. Ыбырай Алтынсарин, Байтоқ, Нұржан Наушабайұлы, Шернияз, Мәделі Қожа, Бұдабай, Сәкен Сейфуллин, Орынбай, Досқожа, Әбубәкір, Алтыбас Ақмола, Молда Мұса, Шортанбай сияқты исі қазаққа белгілі ақындармен қоса, Сүгір, Қубала, Жарылғасын, Айқын, Сейдахмет, Жақып, Жорабай секілді өлеңшілерден де мысал алады. Батырлар жырынан, әсіресе, “Қобыланды”, “Ер Тарғын”, “Ер Сайынға” жиі жүгінеді, өз өлеңдерінен үзінді алғанда “Маса” жинағын көрсетеді, өз есімін атамайды. Мұнымен қатар, әсіресе ауыз әдебиеті үлгілерін тарата, жіліктеп талдайтын тұстарда көптеген авторы белгісіз шығармалардан үзінді беріледі. Бұлардың мазмұны терең көркемдігі күштілігін айту керек. Олардың бірталайы осы “Әдебиет танытқышта” ғана жарияланған ерекше қымбат, бағалы нұсқалар. Мәселен, бұл ретте ділмар сөз, тақпақ, жоқтау, бата, жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру өлеңдерінің мысалын айту керек. Автор кейде тексті кімнен алғанын “Ыбырайұлы Шорман жинағынан”, “Жиенғали жинағынан” деп нақты көрсетіп отырады.

Зерттеу барысында ғалам басқа елдер әдебиетін де ескерееді: “Орыстың асқан ақыны Пушкин жазған өлеңдерінің кейбіреуін 13 рет түзеткен. Орыстың асқан ойшысы, сөз өнерпазы Лев Толстой шығарған сөздерін баспаға беріп қойғаннан кейін де талай түзетіп, талай өзгертеді екен. Бұл ойындағы, қиялындағы, көңіліндегі нәрсені тілмен айтып жеткізу қиын екендігін көрсетеді”, - дейді “Сөз өнері” тарауында. Бұдан басқа Эзоп, Федр, Лафонтен, Крылов есімдері айтылады, жапон, француз, поляк әдебиеттеріндегі өлең құрылысы сөз болады. Абылай, Шоқан, Ақан сері, Торайғыров, Ядринцев, Потанин есімдері кездеседі.

“Әдебиет танытқыш” алғаш 1926 жылы шықты, 1989 жылы “Жазушы” баспасы, 1991 жылы “Жалын” баспасы шығарды. Соңғы басылымда бұрынғы жариялануда кеткен бірталай селкеуліктер жөнделді, олар – кейбір шатасқан сөздердің, баспа кінәсінен кеткен қателіктердің бұрмаланған текстердің түзетілуі. “Әдебиет танытқыштың” қазір Алматыда сақталған кітаптарының соңғы беттері жыртылғандықтан, еңбектің тексті түгел берілмей отыр. Зейін салған кісі аңғарса керек, А.Байтұрсынов былай дейді: “Ұстасу шығармалар қайраткердің түріне қарай үшке бөлінеді: 1) әлектеніс; 2) азаптаныс; 3) әуреленіс”. Осылардың біріншісі - әлектеніс пен үшіншісі әуреленіс талданады, ал екіншісі – азаптаныс жоқ. Сондықтан сақталған кітап бойынша болашақта “Әдебиет танытқыштың” толық текстін табу міндеті тұр. Тағы бір мәселе әр түрлі жанрлық формаларды талдап болғаннан кейін А.Байтұрсынов әр жерде бұларды нұсқалықтың пәленше номерлерінен қара деп ескертеді. Ендеше “Әдебиет танытқыш” оқулық, оның хрестоматиясы - нұсқалығы да болған ғой. Қазіргі дерек бойынша ол жарияланбаған секілді. Әлде қолжазба күйінде архивтің бірінде жатыр ма? “Мәдениет тарихы” деген еңбек бітіргені белгілі – ол да жоқ. Қайда? Қысқасы, Ахмет Байтұрсыновтың ұлы еңбегі “Әдебиет танытқыш” төңірегінде әлі де көп зерттеу жүргізу керек.

“Әдебиет танытқышта” Ахмет Байтұрсынов әдебиеттанудың әлемдік терминологиялық стандарт деңгейіне көтеріліп, шет сөзді араластырмай, қонымды, ықшамды, бір-бірімен сабақтас, ұйқас, ұялас ұғымдардың тұтас ұлттық қазақы жүйесін жасап берді. Олардың басым көпшілігі автор репрессияға ұшырап, кітаптың тыйым салынғанына қарамастан әдеби тілге кіріп кетті. Интернационализм дегенді желеу етіп, шет тілді зорлап ендіру науқаны тұсында әдебиеттанудың да шұбарланғаны анық. Әрине қазір роман, лирика, драманы ұзақ әңгіме, толғау, айтыс-тартыс деп өзгерту мүмкін болмас, бірақ А.Байтұрсынов жасаған бірталай терминдер, сөздер қолдануға сұранып тұр.

Қазақ әдебиеттану ғылымының кең өріс алып, даңғыл жолға түсуі, оның эстетика методологиясын меңгеруі бірте-бірте болған құбылыс. “Жан жүйесі мен өнер таңдау” (Ж.Аймауытов), “Әдебиет танытқыш” (А.Байтұрсынов), “Әдебиет тарихы” (М.Әуезов), “Қазақ әдебиеті” (Х.Досмұхаметов) секілді еңбектер туды.

Осы тұста әлеуметтік аренаға шыққан суреткерлер қаламды қару, көркем шығарманы – трибуна етіп пайдалану үшін барлық жанрда бірдей жазды. ХХ ғасырдағы қазақтың шын серісі, тас түрмені жарып шыққан рыцарь, Сарыарқасына “Аққудың айрылуы”, “Көкшетау” сынды туындыларымен ескерткіш орнатқан, “Банданы қуған Хамит”, “Тар жол, тайғақ кешуді” жазған Сәкен Сейфуллин әдебиеттану ғылымының негізін қалауда мол еңбек сіңірді.

Оның “Қазақ әдебиеті” кітабы – эпосты тануға, қадым заман ескерткіштерін зерттеуге мұрындық болған еңбек.

“Абай”, “Әдебиет және сын мәселелері”, “Қазақ театр өнері туралы” кітаптарының автор Ғаббас Тоғжанов – 20-30 жылдардағы профессионал сыншы.

Мұхтар Әуезовтің әдебиеттану ғылымының тарихындағы еңбектерін бірнеше жүйеге таратып қарау дұрыс деп білеміз.

Абайтанудың ғылыми негізін салған - Әуезов.

Көп қыспақтан азап шеккен украин халқының кобзары Шевченко, ХХ ғасырда Европа оқырмандарын селт еткізген данышпан индус Тагор, Грузияның ұлы ақыны Шота Руставели шығармаларын ғалымдық білгірліктен, ақындық шабытты ұштастыра зерттеген - Әуезов.

Қаламгерлік принцип, көркем шығарманы тудыратын факторлар, өмір мен өнер арасындағы күрделі байланыс – бұл төңіректегі Әуезов пікірлері, жазушының тәжірибесі негізінде туғандықтан өте қызық, әрі сенімді. Романның жанрлық табиғаты мен даму өрісі жайындағы Әуезов байламдарына жазушылар ерекше ден қойған.

Шекспир Мәжит Дәулетбаевтың аудармасы арқылы қазақ тілінде 1931 жылы сөйледі. Бұдан кейінгі асу - Әуезов асуы. Ол жалпы аударма теориясына байланысты, шығарманы бір тілден екінші тілге аударудың нақты тәжірибелерін қорытқан білікті тұжырымдармен эстетикалық ойды байытты.

Қазақ жазушыларының алғашқы буыны әдебиет сынына үнемі қолма-қол араласып отырды. Сәбит Мұқановқа тән нәрсе - әлеуметтік ойды ашық айту, әсіресе, отызыншы, қырқыншы жылдарда ол көркем әдебиеттегі тап күресінің көрінісі, әдебиетке пролетарлық көзқарас мәселелерін бірінші қатарға қойып келді.

Қырқыншы жылдарда қазақтың әдебиеттану ғылымындағы тереңдеу теориялық мәселелерге көңіл бөлу, негізгі ұғымдардың ұлттық баламасын іздеу бағытында жүрді. Рас, бірталай еңбектер, оқулықтар эпигондық, еліктеу, тәржімелеу ауқымынан шыға алмады.

Қазақ эпосы, Абай, Махамбет творчествосы, өлең құрылысы – Қажым Жұмалиев зерттеулерінің негізгі объектісі.

Ақындық табиғаты, оның ұлттық ерекшелікпен байланысты проблемалары, поэтика мәселелері, әдебиет теориясы Есмағамбет Ысмайыловтың еңбектерінде фактілік жағынан да, ғылыми жағынан да зерттелген. Оның “Ақындар” монографиясы орыс тіліне аударылып, одақтық сында жақсы бағаланды.

Еш уақытта әдебиеттану бір стильде, бір бағытта, бір ыңғаймен ғана жасай алмайды. Талант сипаты ғалым даралығын айқындайды: Б.Кенжебаев пен Е.Ысмайыловтың, Ә.Тәжібаев пен М.Қаратаевтың жазғандарын еш уақытта шатастырмаймыз.

Мұхаметжан Қаратаев – қазақ әдеби сыны мен әдебиеттану ғылымының қаз тұрып, өсіп өркендеп, жақсы өріс, кең жайлауға шығуына мол еңбек сіңіріп, сол сапарда көп іс тындырған қаламгер. Жас, қайратты кезінде абақтыға қамалып, қаламгерліктен қол үзуге еріксіз мәжбүр болған сыншы, әсіресе, өмірінің соңғы отыз жылында зор шабыт, айрықша құштарлықпен қыруар еңбек жазды. Мұның ішінде сын мақала да, зерттеу де, әдеби портрет те, эссе де, проза, аударма кітаптары да бар.

Өнер табиғатын байсалды түсіну, эстетикалық тереңдік, эрудиция байлығы, публицистік пафос, суреткерлік шеберлік – Қаратаевтың сыншылық талантына етене қасиеттер.

Ол әдеби процестерді бағалаған уақытта объектіні жан-жақты қамтып, түбегейлі қопарып, салмақты мәселе көтеріп, маңызды ойлар айтуға ұмтылады. Қаратаев жалғыз қазақ әдебиетінің аясында сөйлейтін томаға-тұйық сыншы емес, ол эстетика тарихы және әдебиет, Белинский, Плеханов, Луначарскийлердің мұрасы мәселелеріне арнап зерттеулер берген ғалым.

Сыншы еңбектерінде қазақ әдебиетінің әр қырлы қаламгерлерінің туындылары идеялық-көркемдік, шеберлік жағынан талданып, эстетикалық сарапқа түседі. Бүгінгі өмірді суреттеу, замандас бейнесін жасау міндетін іске асырудың практикалық жолдары айтылады.

Әдебиеттің берік құралы, мықты қаруы, өмірді объективті суреттеудің жемісті әдісінің қазақ прозасында қалыптасуына арнап жазған Қаратаев кітабы – материалдарының байлығы жағынан да, теориялық тереңдігі жағынан да, сапасы жағынан да, сыншыл ойдың биік талабынан табылған бағалы еңбек. Реализмнің қазақ прозасында қалыптасуын көрсеткен кітабында білікті сыншы, ғалым, публицист туған әдебиетіміздің даму жолына көз жіберіп, басты тенденцияның жазушыларымыздың тәжірибесінде іске асыру процесі қалай өткендігін ғылыми негізде баяндап, теориялық байламдар жасайды.

М.Қаратаев – одақ көлеміне мәшһүр болған сыншы еді. Оның мақалаларын “Литературная газетадан” да, “Вопросы литературыдан” да оқуға болатын.

“Мировозрение и мастерство”, “От домбры до книги”, “Вершины впереди” кітаптары – сыншының орыс оқырмандарының алдына қазақ әдебиетінің мәселелерін тартып, қабырғалы суреткерлердің шығармашылығымен таныстырған құнды туындылар. Бұл еңбектерде қазақ поэзиясының бейнелері, сын табиғаты, аударма жайы, көрнекті суреткерлер туралы, Лермонтов және қазақ әдебиеті, Белинский және қазақ әдебиеті сөз болады.

Академик М.Қаратаевтың тарихи үлкен еңбегі – 15 томдық қазақтың тұңғыш ұлттық энциклопедиясын Бас редактор болып шығаруы еді.

Қысқасы, Мұхаметжан Қаратаев зор белсенділікпен қазақ әдебиетінің көкейкесті проблемаларына арнап көптеген сын еңбектерін жазып, қыруар шаруа тындырды. Академик-әдебиетшінің үш томдық ғылыми-сын еңбектері қазақ сынының профессионалдық дәрежесінің өсіп, философиялық салмағының артып, биік өреге жеткендігінің куәсі.

Көзі тірісінде-ақ ғылыми жаңа мектеп қалыптастырған әдебиетші ретінде мойындалған ғалым Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, жиырма жылдан астам кафедра басқарған, ұстаз, қырықтың үстінде ғылым кандидатын, бес ғылым докторын даярлаған, Бейсенбай Кенжебаевтың қазақ әдебиеті тарихындағы орны ерекше.

Оның тырнақалды “Абай” атты көлемді әрі терең мақаласы “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Социалистік Қазақстан”) газетінің 1925 жылғы 28,29 тамыз күндеріндегі номерлерінде жарияланды. Абайды қазақ халқының ұлы ақыны деп дәлелдеген жас қаламгердің өткір де сенімді, ықшам да жинақы сөз саптауы, салмақты да сарабдал ой-тұжырымдары сол тұстағы біраз әдебиетшілерден үлгі алған білімді, ойшыл сыншының алғашқы талпынысы жемісті арнадан, көзді бұлақтан нәр алғандығын көрсетті. Мақала М.Жұмабаев әсерімен жазылған екен.

Осының алдында ғана небәрі төрт-бес жыл бұрын Ташкенттің жетім, панасыз, тентек балаларының тобында жүрген Бейсембайды сол кездегі Түркістан комсомолының жарық жұлдызы Ғани Мұратбаев өзі тауып алып, жетектеп әкеп балалар үйіне енгізіп оқытып, артынан Москвадағы Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетіне түсірген.

1922-1925 жылдары астанада терең саяси, тарихи, филологиялық жан-жақты білім алған жігерлі жас Қазақстанға оралғаннан кейін, жаңа қалыптаса бастаған советтік баспасөзде бел шешіп, білек сыбанып, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов сынды алыптармен бір тұста, қоян-қолтық қызмет етті. Әдебиеттің сан алуан мәселелеріне М.Әуезов, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов шығармаларын талдауға арналған көптеген мақала, рецензия, шолу жазды. Г.Моппасан, Я.Гашек, К.Федин, Э.Хемингуэй, Лу синь, А.Сорокин әңгімелерінен, Ф.Гладков, Ф.Панферов, Б.Полевой, Е.Мальцевтардың роман-повестерін аударды. Қиын кездердің өзінде М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов туралы естелік жазып қалдырды.

Бейсенбай Кенжебаев өнерпаздығының ең жемісті кезеңдері, оның ғалымдық пен ұстаздықты ұштастырған шақтары Қазақ мемлекеттік университетінде және Қазақ ССР Ғылым академиясында істеген уақыттарынан, қырқыншы жылдардың ортасынан басталады. Іскер оқымысты университетте кафедра басқарса, академияда сектор меңгереді.

Ғалымның күрделі, іргелі, ең көлемді еңбегі “Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары” (1958) монографиясында тұңғыш рет архивтердің бұрын белгісіз болып келген қорларынан, кітапханалардың сирек газет-журнал, кітаптарды сақтайтын бөлімдерінен, жеке адамдардың қолдарында жинақталған қазыналардан алынған орасан бай материалдар, қолжазбалар, әдеби-тарихи деректер, сан алуан шығармалар озық методология тұрғысынан екшеліп, әдебиеттанудың үздік жетістіктері, дәстүрлі үлгісі негізінде талданған болатын. Зерттеудің басты ұтымдылығы қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы қоғамдық жағдайы мен әдебиеті диалектикалық бірлікте, тарихи байланыста, ажырамас тұтастықта алынуында жатыр. Революциядан бұрын қазақша жазылған, жарияланған аса көп материалдарды зерттеуші әр жерден талмай іздеп тауып, көз майын тауысып, түгел оқып ой сарабынан өткізіп, қорытып, жүйелеп, оның ішінде, әсіресе, көркем әдебиетке қатыстыларын білгірлікпен саралап, арна-арнаға бөліп берді. Күні бүгінге дейін бұл кітап – баспасөз тарихына байланысты ең тиянақты, әдебиетші, журналистер ғана емес, тарихшылар, философтар, педагогтар, экономистер түгел жүгінетін беделді, абыройлы еңбек.

Демократиялық-ағартушылық бағыттағы ақын-жазушылардың дүниетанымындағы ортақтық, әдеби-тәсілдерінің ұқсастығы, шығармаларындағы идеяларының сарындастығы, көркемдік құралдардағы арналастық, жалпы сабақтастық, жалғастық проблемаларын ашу арқылы ғалым ең алдымен әдеби дамуды, әдеби қозғалысты нақты әрі жинақы, тарихи тұрғыдан көрсетіп шықты.

Демократтық бағыттағы көрнекті қаламгерлер – М.Сералин, С.Торайғыров, Ә.Тәңірбергенов, С.Дөнентаев, С.Көбеевтің өмірі, білім алған ортасы, шығармаларының жазылу тарихы, олардың басылуы, зерттелуі, идеялық-көркемдік ерекшеліктері – осылар секілді сан алуан мәселелерге зерттеуші көбінесе тыңнан, бірінші болып жауап берді; ғылыми, әдеби байламдар жасады. Ғалымның мұндай қорытынды ойларын, пікірлерін ХХ ғасыр басындағы әдебиетті зерттеген кейінгі әдебиетшілер өз еңбектеріне сүйеніш, тірек етті, ілгері жалғастырды, орынды пайдаланды.

Аз ғұмырында халқының рухани байлығына орасан зор эстетикалық игілік қосқан Сұлтанмахмұт Торайғыров мұрасын зерттеу, жариялау, бағалау, насихаттауда Бейсенбай Кенжебаев көп еңбек етіп, мол қажыр, қыруар қайрат жұмсап, ақын шығармаларының әдебиет тарихындағы қастерлі орнын айқындап берді. Ол Александр Блок рухтас, кекті, мұңды, ойшыл ақын Сұлтанмахмұт мұрасын дәйекті түрде қорғап шықты; ақын туралы диссертация, кітап жазды; университетте арнаулы курс оқыды, жаңа өлеңдерін тапты; шығармалар жинағын бастырды. Сұлтанмахмұттанудың негізін салушы Бейсенбай Кенжебаев екенін қазірде әдебиетшілер қауымы түгел мойындайды.

Осы монография негізіне жазылып, жаңа тараулармен толықтырылған “ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті” кітабы 1966 жылдан студент-филологтардың бірнеше буынының қолынан түспеген оқулыққа айналды; әлденеше рет қайта басылып, уақыт сынынан өтті. Профессор Б.Кенжебаевтың әр кезеңде, әр тұста әр түрлі басылымдардың бетінде, ғылыми кеңестерде, айтыс – диспуттарда ой-пікір, тезис-шолу, пікір ұсыныс, мақала, рецензия түрінде айтып келген тұжырымдары: қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу, оны қай уақыттан бастау керек, ежелгі әдебиет нұсқалары дегенде қандай шығармаларды білеміз дейтін пікірлері, ғылыми концепциясы, сарқынды, жинақы ойлары сәтті түрде тұтастырылып, “Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері” (“Ғылым” баспасы, Алматы, 1973) деген кітапта берілді. Бұл тұжырымға Бейсенбай Кенжебаев бірер жылда, яки аяқ астынан келген жоқ, ұзақ жылдар көне әдебиеттер үлгісін зерттеу арқылы, бауырлас халықтар тәжірибесіне сүйеніп, мың ойланып, жүз толғанып барып, халық тарихы мен әдебиет тарихы терең байланыста екендігіне әбден көзі жеткен соң ғана барған еді.

Алғаш 1941 жылы жарияланған “Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселелері туралы” атты еңбегінде жасаған Б.Кенжебаев саралауы өзінің ғылыми дәлдігін көрсетті. Көне ескерткіштер “Дивани луғат-ат түрік”, “Қиссасул әнбия”, “Кодекс Куманикус”, “Мұхаббатнама” секілді шығармалар туралы ғалым жеке-жеке арнаулы мақалалар жазып, олардың қазақ әдебиетіне қатысты арналарын терең ашып көрсетті, тарихи тамырластықты лингвистикалық-әдеби мысалдар арқылы дәлелдеді; бірқыдыру теориялық ойлар “Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу” деген мақалада айтылды.

Ғалымның негізгі концепциясы, басты тұжырымдары оның шәкірттері жазған еңбектерде дамытыла түсті, жаңа фактілер арқылы айқындалды, соны пікірлермен толықты. Бұл ретте қазақ әдебиетінің қалыптасу жолдарын зерттеген, көне түрік әдеби ескерткіштері мен қазақ әдебиет байланысын анықтаған, Алтын Орда дәуірі әдебиетін тексерген, ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясын қарастырған еңбектер, диссертациялар “Ежелгі әдебиет нұсқалары” оқулық-хрестоматия (1967) тұтаса келіп, қазақ әдебиеттану ғылымында Бейсенбай Кенжебаев қалыптастырған нақты-тарихи зерттеу мектебінің орныққанын жаңа ғылыми бағыттың өріс алғандығын көрсетіп берді. Сол жылдардың бір көрінісіндей болып “Күлтегін ескерткішінің” көшірмесі 2001 жылы Астана қаласына келіп орнады.

Қалың оқырман қолына Бейсенбай Кенжебаевтың “Жылдар жемісі” (1984) атты кітабы тиді. Қазақтың ең қарт әдебиетшісі жаңа буын, жас ұрпақпен жүздесіп отыр: халқының жан-жүйесі, абырой-намысын, мақтаныш мерейі, асыл сөзі, әдебиеті туралы сыр айтпақ, ой толғамақ, тебіренбек. Осы орайда Бауыржан Момышұлының “Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге бар ғұмырын арнап келе жатқан ол – нағыз қаһарман” деген сөзі еске түседі. Ғалымдықты ұстаздықпен ұштастырып, бар ғұмырын туған әдебиетіне арнаған ағаға берілген орынды баға осы.

Темірғали Нұртазиннің тағдыры өз тұрғыластарының көбінің тағдырымен ұқсас: жеңіс, жемістері де, соқпақты жолдары да.

Қорған қаласында, әр түрлі кәсіпшілікте жалданып жұмыс істейтін жатақ отбасында туған Темірғали қаршадайынан жоқшылық, жетімдік зардабын көрген. Бір жағынан жұмыс істеп, орысша оқып, білім алады.

Аласапыран дәуір, дүниені төңкеріп жатқан дүбірлі кезең сахараның жас перзенттерін тез марқайтқан. Темірғали өмірінде де уақыт салған іздер сайрап жатыр. Ол – қырға жарық сәуле шашқан ауылдық мектеп мұғалімі, алғаш ұйымдасқан колхоздың төрағасы,, Қызылжар қалалық партия комитеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі. Бұл – жас азаматты шыңдап, оң мен солын танытқан есейткен жылдар.

Бала күннен жүректі қытықтаған құштарлық - өлең-жырға, әңгіме хикаяға құмарлық Темірғали қандай жерде жүргенімен суымайды, қайта күшейе береді. Ол айтысқа да түседі, ұзақ дастандарды жаттайды. Бірақ мұның бәрі де өнер жолына біржолата берілу емес, тиіп-қашты, үзді-жұлды нәрселер еді.

Орыс әдебиетінен ауызданып, ерте аяқтанған Темірғали мәдениеттің, білімнің үлкен кіндігі – Ленинградқа тартады. Асылында, ол – бұл қалада оқыған алғашқы қазақ студенттерінің бірі. Тамаша әдеби орта, әлемдік даңқы бар ғұлама ұстаздар, ғажап бай кітапханалар – бұған алыс қыр перзентінің білімге деген ынтасы (тіпті қомағайлығы десе де болады) қосылып, жақсы жеміс бере бастайды. Тоқай, Абай, Сәкен, Ілияс туралы зерттеу еңбектерін Темірғали қазақ, татар, орыс тілдерінде жариялаған. Ленинградтың журналистика институтын бітірген Нұртазин 1936-1937 жылдары Қарағанды облыстық газетінің директоры болады. Репрессияға ұшырайды.

Ауыр кезең салқыны қаламгерлік еңбекпен айналысуына мүмкіндік бермей, ол Отан соғысынан кейін ғана түпкілікті жазушылық жолға түседі. Нұртазин “Абай жолы” эпопеясының алғашқы кітабын Анна Никольскаямен бірге орыс тіліне аударды, айтыс жанрының табиғаты жайлы ғылыми еңбек жазды. Л.Н.Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік” романын қазақшаға аударады (басылмаған).

Әдебитіміздің ең көрнекті өкілдерінің бірі – Сәбит Мұқанов шығармашылығын зерттеу саласында Нұртазин көп іс тындырды. 1951 жылы алғашқы монографиясы орыс тілінде жарияланды. Сол зерттеу тереңдетіліп, өңделіп 1958 жылы қайта басылды. Білікті ғалым бұл кітабында Мұқанов шығармаларын талдай келе, қазақ әдебиетінің туу, қалыптасу және өрлеу дәуірлері жайлы терең пікірлер, соны ойлар айтты. Ғылыми дәлдік, фактілердің молдығы, эстетикалық талғампаздық – аталмыш монографияның негізгі қасиеттері.

Көп толғам, шиырлы ізденістерден кейін туған, қазақ әдебиетінің проблемалық қыруар мәселелерін қозғайтын “Жазушы және өмір” зерттеуі бойынша Темірғали Нұртазин филология ғылымдарының докторы дәрежесін алды.

Өзінің алғашқы қадамын журналистикадан бастаған Нұртазин проза жанрында да еңбек етіп келді. Оның қаламынан туған очерктер отызыншы жылдарда “Казахстанская правда”, “Красная Татария”, “Молот” (Ростов), “Социалды Қазақстан” газеттерінде орыс, татар, қазақ тілдеріне жарияланған. Елуінші жылдардағы очерктері “Қызыл Өзбекстан”, “Советская Киргизия” газеттерінде де жарық көрді. Жазушы очерктерінің ең таңдаулылары сұрыпталып, “Адам бекерге жасамайды” деген атпен 1966 жылы басылып шықты. Нұртазин – қазақ документті прозасына үлес қосқан, өз қолтаңбасы бар очеркист.

“Біз әдебиет маманы емеспіз. Бірақ осы кітаптағы адамдар таныс, бейтаныс жандар болып көрінді. Бірге, қатар жүрген жұмысшы, инженер достарымыз. Солардың сыры, өз сырымыз айтылған секілді”, - деп жазды инженер Т.Нұрқышев пен Е.Лиманов Темірғалидың “Жаңа саты” кітабы туралы. Жазушының “Мұрат” повесін бағалағанда да осы пікірді құптай отырғанымыз абзал сияқты. Шығарманың стильдік бітіміндегі олқылықтар өз алдына, кітаптың құндылығы бұрын сирек көтерілген мәселені алуында жатыр. Жазушы бұл повесті толықтырып, өңдеп Москвада “Испытание” деген атпен бастырды.

Сыншы Нұртазин әдебиеттің көкейкесті мәселелеріне арнап көптеген еңбек берді. Қазақ әдебиетінің арғы-бергі өкілдерінің шығармашылығын тануда олардың орны айрықша. Зерттеушінің Шортанбай, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы жазғандары өткір полемикасымен қызықтырса, Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүс”репов жөніндегі мақалалары мәселеге соны қырынан келуімен, жаңа пайымдауларымен қымбат. Жамбыл Жабаев, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин, Сырбай Мәуленовтер поэзиясы төңірегінде ғалым айтқан толғамдар терең де дәлді. Әр кемерде, әр белде туған зерттеулер, мақалалар “Шеберлік туралы ойлар” кітабында жинақталған.

Қазақ әдеби сынының дамуында байқалған бір жақсы құбылыс қысқа, ойлы рецензия, іргелі проблемаларды қозғайтын қомақты мақала, көп түйіндердің басын біріктіріп, жинақтап айтатын шолулармен қоса, әдебиет тарихының үлкен дәуірлерін көрсететін, жеке жазушылардың шығармашылығын жан-жақты зерттейтін монографиялық еңбектердің тууы болды.

Темірғали Нұртазиннің “Бейімбет Майлин творчествосы” атты кітабын осы өреде танып, бағалау керек.

Майлин – қазақ әдебиетінің барлық жанрының профессионалдық дәрежесінің күрт көтеріліп, биік мәдениетке жетуіне айрықша еңбек сіңірген құнарлы талант. Оның туындылары белгілі бір кезең талабына үн қатып қалу ниеті ауқымынан биік тұр. Майлин шығармалары - өмірдің терең шындықтарын реалист суреткердің көзімен жіті байқап, кәнігі шеберлікпен бейнелеген туындылар. Әдебиетіміздің жас толқынының Бейімбет сынды қаламгерді ерекше қастерлеп, төтенше бағалауы, оның даңқына бас ұру ғана емес, бұл ең алдымен, шәкірттің ұстазына деген махаббаты.

Рас, Майлин еңбектерінің әр қыры талай сын-пікірлердің, ғылыми зерттеулердің объектісі болды. Жазушының мол мұрасын түгел алып, тұтастай қарастырған тұңғыш кітап Нұртазиннің айтылмыш монографиясы. Сыншы өзінен бұрынғы зерттеушілер еңбектеріне көз жұмып өте шықпайды, олардың қисынды, қисынсыз пікірлерін екшеп, жаңа байлау жасайды. Бейімбеттің ғұмырына қатысты көптеген жаңа материалдар тауып, соны деректер жинаған. Шыққан орта, алған білім, көрген тәрбиенің жазушы талантын қалыптастыруға атқарар қызметі ерекше екені аян. Сондықтан сыншының Майлиннің жастық шағын, оқуға берілген кездерін шұқшия зерттеуі табысты болған. Бейімбет зайыбы Гүлжамалдың, замандастарының естеліктерін пайдалануы да орынды.

Бұрын Майлиннің білім деңгейі, эрудиция мөлшері деген мәселелердің беті күңгірт еді. Уфадағы “Ғалия” медресесі қандай оқу орны болды, онда кімдер оқыды деген сұраулардың жауабы да мәз емес-ті. Айтылмыш монографияда осы түйін шешіліп отыр. Зерттеуші Майлиннің партиялық документтері, еңбек кітапшасы арқылы оның қанша жыл оқығандығын айқындайды. Қазақ тіліндегі материалдармен бірге татар, башқұрт тілдеріндегі мәліметтерді кең пайдаланып, “Ғалия” медресесінің прогрессивті оқу орны болғандығын дәлелдейді.

Түркі тілдес әдебиеттер жазушыларының көбіне жемісті әсер еткен мәдениетті қаламгер, үлкен білімпаз Ғалымжан Ибрагимовтың Бейімбет Майлиннің ұстазы болуы – тарихи қызық факт. Бейімбеттің жазушылық талантының ерте көрініп, тез жетілуіне татар ардагері Ғалымжан Ибрагимов ықпалы тигендігін сыншы әділ көрсеткен. Жалпы ХХ ғасырдың басында өрлеп-өскен барлық жанрда жақсы шығармалар тудырған татар әдебиетінің өзге түркі тілдес әдебиеттерге тигізген әсерін арнайы зерттеу қажет.

Жазушы дүниетанымының қалыптасуы күрделі эволюциядан өтеді. Қаламгер ұстанатын эстетикалық мұрат та бір күнде пайда бола қалмайды. Осы құбылыстың Майлинге қатысты көрінісін Нұртазин түпкілікті шешіп бермегенімен, өзекті, қызықты ойлар айтқан.

Монографияда Бейімбеттің шығармалары жанр-жанр бойынша алынып, сарапқа түсіп, жеке-жеке талданады. Бұлай зерттеудің бағалы жағы көп. Жазушы эволюциясын, өсу сатыларын көрсетуге мүмкіндік туады. Сыншы Майлин әңгімелеріне айрықша тоқталған.

Майлин – қазақ әдебиетіндегі әңгіменің ең озық үлгілерін берген санаулы жазушылардың бірі. Ол әңгімені көп жазған, сапалы жазған. Кезінде “Қазақтың Чеховы” аталуы да тегін емес. Бейімбет әңгімелеріндегі тақырыптар, өмір шындықтары, сарындар, идеялар монографияда байсалды сөз болады. Үлкен зерттеушінің ойлы көзімен тексеріледі. Әңгіме табиғаты, оның ерекшеліктері, стиль мақамдары, сюжет шырғалаңдары, композиция кескіні – осы орайда Нұртазин мақсаты Майлиннің жазушылық келбетін тұтас көрсету, шығармашылығын түгел қамту болғандықтан, сыншы көп ойларын тезис түрінде түйіп кетеді. Фактілермен, айғақтармен дәлелдейді.

Жанрлар арасын пышақпен кесіп тастауға болмайтындығы хақ. Әңгіменің хикаятқа, хикаяттың романға өте жақын тұратын реті көп. Көтеретін шындығының аумағы, қамтитын оқиғалардың көлемі, қаһармандар характерінің ашылуы сияқты түбегейлі критерийлер арқылы жанрды дәл айыруға болады. Сыншы Майлиннің “Раушан - коммунист”, “Берен”, “Әміржанның әңгімесі” тақылеттес идеялық-көркемдік ерекшеліктерін айқын ашып көрсетеді. Ол шығармалардың әдебиет тарихындағы орнын анықтайды. Қазақ прозасы енді қаз тұра бастаған шақта туған “Шұғаның белгісін” Нұртазин хикаят деп дәлелдейді. Майлин хикаяттарының реализмі, суреткерлік қуаты неде деген сауалдар байсалды жауап табады.

Сюжетті өлең, әлем-жәлем жалтырақ бояудан, айқай-шудан іргесін бөлек салған салмақты өлең, композиция беріктігі, ерекше нақтылық, өлеңдегі драма элементтері – мұның бәрі Майлин поэзиясының өзіне тән белгілері. Осыларды зерттеуші жеке-жеке тоқталып айтады. Майлин поэзиясындағы жаңалықтардың әдебиетіміздің даму барысында қанат жайып, өріс алуы, жаңа сапаға ие болуы екінші бір ізденістің өзегі.

“Роман – үлкен жолдағы айна” дегені бар Стендальдың. Өмір жолын, әлеуметтік тартыстар жолын, адамдар тағдырын айтып отыр. Майлин қазақ халқы өмірінің әр қырын суреттегенде, үлкен айнаны – романды да жақсы пайдаланды. Зерттеуші мұны айрықша көрсеткен. Ол “Азамат Азаматович” романындағы сатиралық сарынды бөліп қарайды. Бұл бұрынғы зерттеушілер пайымдауынан өзгеше тұжырым. Дұрыс тұжырым. Жазушыны толық ұғыну үшін оның әйгілі шығармаларын білу, зерттеу жеткіліксіз.

Қаламгерлік лабораторияға еніп, жеке шығармалардың қалай, қандай жағдайларда туғанын қарастыру ләзім. Жазушының жоспарлары, эскиздері, аяқталмай қалған шығармалары ғылыми тұрғыдан түгелдей тексерілген кезде ғана, біз ол туралы толық түсінікке ие боламыз. Қазақ зерттеушілері бұл өрістегі ізденістерге әлі тереңдеп бара алмай жүр. Сондықтан Бейімбеттің “Тартыс”, “Қоңсылар”, “Атылмаған оқ”, “Қызыл жалау” сияқты тәмамдалмаған, жоғалған, бірер тарауы ғана газет-журнал беттерінде жарияланған, қалың оқушыға белгісіз шығармаларын тұңғыш рет сөз ету – ғылымға қажет нәрсе.

Сахна заңы қатал. Аса қуатты драматургиялық туындылар болмаса, талай пьесалар бірер маусымнан артыққа төтеп бере алмай, сахнадан түсіп қалып жатады. Бейімбеттің “Майдан” драмасы отызыншы жылдар шындығын бейнелесе де, қазір жоқ типтерді суреттесе де, өзінің көркемдік күшімен, терең идеясымен бүгінгі көрерменді тебірентеді. “Талтаңбайдың тәртібі” комедиясындағы сатира уыты қандай? Сыншы Майлин драматургиясының рухын, биік мұратын, жанрлық ерекшеліктерін қарастырған.

Майлин – қазақ әдебиетінің классиктерінің бірі. Бұл – бүгін ешкім дауласпайтын аксиома. Классиктер шығармашылығын талай қырынан көрсететін қыруар зерттеулер жазылатыны және ақиқат. Т.Нұртазиннің айтылмыш кітабы осы сапардағы алғашқы, салмақты, бағалы еңбек.

Кезінде байыбына барған жоқпыз, қазір ойлап көрсек, елуінші жылдардың аяғы, алпысыншы жылдардың басында КазГУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасында республиканың ең білікті оқымысты-әдебиетшілері шоғырланған екен ғой: Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин, Есмағамбет Исмайлов, Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин. Әрқайсысы бір-бір мектеп, бір-бір арна. Алдағы күндерде олар туралы, олардың өнерпаздық даралығы, ұстаздық шеберлігі, ғалымдық келбеті, азаматтық тұлғасы туралы жеке-жеке еңбек жазыларына еш күмән жоқ. Сол шоғырдың жуан ортасында филология ғылымының докторы, профессор, белгілі жазушы, сыншы, аудармашы Темірғали Нұртазин тұрды.

Т.Нұртазиннің ғалымдық, зерттеушілік, өнерпаздық тағдырында Ленинград қаласының, ондағы филология мектебінің берген білім-дерегі, нұсқалық негізі, шешуші ықпал-әсері әрқашанда аңғарылып тұратын. Жүріс-тұрысынан, тұрмыс-салтынан бастап, еңбек ету дағдысынан, адамдармен қарым-қатынасындағы мәдениеттілігінен дәстүрлі орыс университеттерінің кәнігі профессорларының үлгісі, қалып сипаты көрінетін.

Текстен, архивтен, кітаптан шыққан сопы-педант оқымысты емес, өмірдің суық сынағынан өткен, өзі шоқ басқан, талант қанаты отқа шарпылған, арқасына ер батқан адамның сөзіне еріксіз сенер едің. Әрқашан әдебиетті, өнерді өмірдің көрінісі деп қарау, әлемдік мәдениет тарихының мысалдарымен астастыра көрсету, мол деректерді сұрыптай, жинақтай отыра ғылыми қорытындылар шығару – Т.Нұртазинге тән ерекшеліктер болатын.

Қазақ өмірін, фольклорлық әдебиетті жан-жақты да жіті білу, орыс тілін ерте меңгеру, арнаулы дайындықтың түбегейлілігі Т.Нұртазиннің өнерпаздық тағдырында, әсіресе оның аудармашылық өнеріне зор ықпал жасаған фактор. Тұңғыш ұлттық эпопея – “Абай жолы” романының алғашқы кітаптарын орыс тіліне аударуда ол Л.Соболев, А.Никольскаямен бірігіп тарихи іс бітірді. Жүктің ауыры Нұртазиннің мойнына түсті. Әуезовтің майы сорғалап тұрған, ұлттық бояуы қанық образдар жүйесін, этнографиялық, тұрмыс-салт көріністерін, төгіліп тұрған бейнелі суреттерді дәл жеткізу үшін қос тілді тең, қатар білу үстіне, өзің жазушы, өзің суреткер болуың қажет еді. Нұртазин осы биіктен табылды.

Ұзақ жылдар публицистика, проза саласында ізденіп “Жаңа саты”, “Ауыл тынысы”, “Адам бекерге жасамайды”, “Мұрат” кітаптарын берген Т.Нұртазиннің бұл саладағы ең үлкен арналы дүниесі – белгілі революционер, партия, совет, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов туралы жазған көлемді деректі романы. Автор көп уақыт Алматы, Фрунзе, Ташкент, Москва архивтерінде сарылып, жүйеленбеген, әр жерде шашылып жатқан сан-салалы документтерді, тарихи деректі материалдарды қопара қарап, көз майын тауысты; том-том дүниелерді ақыл-ой тарзысынан өткізе отырып тұтас әдебиет жинады; ксерокопия, фотокопияны былай қойғанда, өз қолымен көшіріп шыққан қағаздар едәуір жүк болардай. Бұлардың ішінде жалғыз Рысқұлов тағдыры емес, революция, азамат соғысы, коллективтендіру, Түрксібке байланысты, көптеген қоғам қайраткерлеріне қатысты қызықты, тарихи материалдар бар.

Бір адам емес, тұтас коллектив тындырар іс жасалған. Жеке адамға табынушылықтың кесепаты совет әдебиетіне, өнеріне көп кесір келтіргенін қайта құру кезеңінде бүгінгі күндері жарыққа шығып, жария болып жатқан фактілер, деректер тағы да айқара ашып берді. Өмір жолында, тірлік күресінде Т.Нұртазин көрген қиындық, шеккен азап аз болған жоқ, талап тұлпарына енді қонып, қылшылдап тұрған шағында, жала жабылып, қуғынға түскенін жасырмай айту керек. Тіпті еркіндікке шығып, ақталған пәле-жаладан құтылғаннан кейін де кесепат бұлты оның басынан оңай айыққан жоқ. Орасан күш жұмсап, көп уақыт жіберіп тындырған еңбегі Л.Толстойдың “Соғыс және бейбітшілік” романы аудармасының басылмай қалуын қиянат демей, не дейсіз. Төрт том аударма қолжазба күйінде жатыр.

Ұмытпасам, 1977 жылдың жазғытұрымғы аласапыран, көксоқта күндерінің бірінде Темірғали Нұртазиннің үйіне көңілін сұрай бардым. Ірі бітімді, етженді, зор адам арса-арса болып жүдеп қалыпты. Тек үлкен ойлы кезіндегі жарқыл мен ерніндегі кекесінді күлкі ғана өзгермеген. Бейдауа дертпен ұзақ күресіп шаршағанмен, өмір-тіршілікке, адам – пендеге өшпенділіктің көлеңкесі де жоқ, сабырлы күйде қайран жарық дүниемен қимай қоштасып жатқан сыңайы бар. Қалжың-күлкі араластыра отырып, айтқан әңгімелерін тұйықтаған тұста, көзі жасаурап, дауысы дірілдеңкіреп барып, сыр секілді, бақылдасу, қоштасу сипатындағы сарынға ойысқан еді.

- Арман еткен, ойға алған, мақсат тұтқан шаруалардың оннан бірін істей алмадық, шырағым. Сүйекке біткен жалқау керенаулығымыз, ұқсатымсыздығымыз бар, көлденеңнен келген кесепат бар, әйтеуір жетер жерге жетпедік. Ірі істерге жаз кезде бару керегін ұқпаппыз. Тұрар тақырыбына кеш, тіпті кеш кірісіппін. Алпыстан асқаннан кейін архивтерді ақтару, кітапханада жүру, үйден алыстап басқа шаһарларға бару оңай емес екен, содан асқазанды бүлдіріп алдым ғой. Шіркін, жас ғұмыр, қайратты күндер қайтып келсе, есіл уақытты уақ-түйекке, күйбең-тіршілікке жібермей, көрер едім-ау...

Қайтерсің, өтер өтті – кетті. Мың ойланып, жүз толғанғанда, сенерсің – жастар. Өзің жетпегенге солар жетсін, өзің істемегенді солар істесін деген арманмен өлгің келеді, - деп барып тоқтаған.

Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Әз ағаның соңғы сөздері әсте естен шықпайтын шығар-ау.

Біз Айқын Нұрқатовты қазақ сынының профессионалдық дәрежесін көтеруге күш жұмсаған, оның өткірлігі мен дәлдігін, ғылыми тереңдігі мен публицистік айшықтылығын құнттаған, бір сөзбен, эстетикалық деңгейін биіктеуге сапалы үлес қосқан қаламгер ретінде танып бағалауымыз керек.

Диссертациясын, “Идея және образ” кітабын, Абай дәстүрлері туралы еңбегін былай қойғанда, М.Әуезов жайлы мақала-зерттеулерінің өзі-ақ осындай байлам жасауға толық негіз береді.

“Абай жолы” эпопеясы хақында жазылған дүниелерді түгел жинап бастырса, шығарманың өз көлемінен әлденеше есе асып түсетін шығар. Дәл басқан, терең бойлаған, жіті аңдаған мақалалар, еңбектер баршылық, бұған ешкім дауласпайды. Алайда, Әуезов әлемін тұтас қараған, оның эволюциясын баяндаған, шыққан топырағын байсалды сөз еткен алғашқы дүниелер Нұрқатов қаламынан туды.

Жаңсақ байламдардың кейде өрескел концепцияға айналып кететіні болады. М.Әуезовтің кейбір қыры туралы күні кешеге дейін байсалды пікір айтылмағынын жасыра алмаймыз. Нұрқатов “Творчестволық бастау” деген мақаласында жалған социологиялық әдістен іргесін аулақ салып, жас Әуезовтің көркем шығармаларына - әңгімелеріне, пьесаларына әділ баға берген. Бұл ретте сыншы жас ойшыл Мұхтардан жас жазушы Мұхтардың ілгерілеп кеткендігін жақсы аңғарған. Соңғы зерттеушілердің еңбектерінде бұл пікір тереңдей, нақты дәлелдене түсті.

Көргіштік, өнер табиғатын, оның заңдарын нәзік түсінгіштік, өнер психологиясын жақсы ұғыну Нұрқатов еңбектерінен байқалып отырады. Бұл айтылғандар, әсіресе “Абай жолы” эпопеясын талдауға арналған зерттеуге тән. Құдіретті таланттың шалқар білімінің, қисапсыз мол еңбегінің арқасында туған халқы өмірінің қабат-қабат астарларын, дария тасқынындай асқақ рухын, елдік, жұрттық кескінін ғажайып шеберлікпен бейнелеп берген шығарма тұңғиығына бойлау оңай емес. Әсер етушілік қуаты ересен романның көркемдік кілтін, сырлы құпиясын зерттеушінің ақылды, сабырлы көзімен шолып, тиянақты сөз ету әуел баста қызықтырып, еліктіріп әкеткенімен, түптеп келгенде, мол жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Зерттеушілік бір төбе, сұңғыла тарихшылық және керек.

Жаһан мәдениетіне алтын жамбыдай қымбат қор болып қосылған туындының терең-терең иірімдеріне түп-түгел бойлап кете алмағанын сыншы өзі де ескертеді. Бұдан Айқын еңбегі ат үсті шолу, эскиз деген ұғым тумайды деп білеміз. Нұрқатов зерттеуі ұлттық эпопеямыздың мотивтерін, тұлғалар қатарын, бірталай көркемдік ерекшеліктерін саралап айтқан бағалы қасиеттерін келешекте де жоғалтпайды. Ал жеке бейнелер туралы жаңсақ ұғым, жазушы драматургиясын қомсыну тәрізді оғаш пікірлер автордың тереңдей зерттеуге мүмкіндігі болмай кеткендіктен кешірімді.

Абай данышпандығы, оның поэзиясының мәңгі жастығы, табиғаттың өзіндей мінезділігі бүгінде халық көкірегіне әбден ұялаған шындық. Елінің ақылдылығы мен ақындығының ғаламат бір көрінісі болған Абайдың поэзиясына оның өзінен кейінгі әдебиетке жасаған ықпалына тоқталатын зерттеуінде Нұрқатов әдебиеттің тылсым сырларын тебірене тербейтін жүрек қазынасын ақтарады. Сан оқып, сан жаттаған Абай тағы бір қырынан көрінгендей болады. Бекерге таңдай қағып, босқа сан шапалақтау емес, Абай поэзиясының көркемдік кестелері биік эстетикалық деңгейде талдауға түседі, әлемдік жырдың үздік үлгілерімен салыстырылады.

Шоқан Уәлихановтың өмірі, еңбегі “Ғасыр перзенті” атты мақалада өзгеше бір сүйіспеншілікпен баян етіледі. Көпке белгілі жәйттерді айта отырып, Айқын беймезгіл заманда қиракезік бұралаңды, бірақ ғажап мағыналы тірлік кешкен Шоқанды бүгінгі ұрпақпен жақынындай туыстыратын мән-мағынаны дөп басады.

“Дәуір және суреткер”, “Балалар прозасы жайында” атты мақалаларда әдебиетіміздің ең іргелі жанры сөз болады. Бүгінгі проза мойнындағы үлкен жауапкершілікті автор дұрыс ескертеді, бірсыпыра шығармаларды талдауға ден қояды, кемшіліктерді дөп басып көрсетеді. Шолу түрінде жазылғандық болар, бұл мақалаларда келте қайыру, пікір айту, бірақ дәлелдемеу, үстірт кету тәрізді олқылықтар бар.

Әдебиетіміздің өзге халықтар әдебиеттерімен байланысын, тарихи тамырларын тексеру – енді-енді белең алып келе жатқан өрісті сала. А.Нұрқатовтың “Шевченко және қазақ әдебиеті” , “Ғафур Ғұләмнің поэзиясы”, “Аңызға айналған өмір” мақалалары сол жақсы нышанның куәлары.

Жазушының қаламгерлік өмірбаяны (“Толысқан талант”), ғылыми-зерттеу (“Ғалым еңбегі”), драматург жолы (“Творчестволық өсу жолында”), төкпе ақын тағдыры (“Иса Байзақовтың творчествосы”) көсем және жыр (“Ленин образы қазақ совет поэзиясында”) – осындай қыруар мәселе сыншы қаламына ілігіп, тебіреністі ойлар тудырған.

Бір сәт Айқын Нұрқатовтың сыншылық, ғалымдық жолына шұғыл көз жүгірткенде мынаны айтуға болар еді: ол мақаладан мақалаға, зерттеуден зерттеуге, жылдан-жылға өсу үстінде кеткен арқалы талант. Алғашқы қалам сілтесі мен соңғы еңбектерінің арасы ұзақ бір сапардай. Нұрқатов стиліне Абай тілінің мәдениеті, Әуезовтің сөз қолданысы игі әсер етіп, ажар кіргізіп, қан құйған. Сыншы шеберлігін ақын рухы, жазушы құдіреті жебеп жіберген.

Абай мен Әуезов шығармаларын зерттеу үстінде Нұрқатовтың өзі де үдеп, өскен.

Әттең, өлім! Иә, ол жағдайыңа, жасыңа, атағыңа, талантыңа – ештеңеге де қарамайды. Айқын өлімді жеңгендер қатарына қосылатын жан. Еңбегімен, талантымен жеңген ғой. Әдебиетші К.Ахметов Айқын Нұрқатовтың мұрасы жөнінде кандидаттық диссертация қорғады (2002 ж.).

Қазіргі таңдағы қазақ әдебиеттану ғылымының барысы, даму тенденциясы төрт салаға ойысып отыр.

Біріншіден, сөз өнерін тарихи тұрғыдан бағалау бағыты.

Екіншіден, проблемаларды арнайы тексеру бағыты.

Үшіншіден, әдебиеттің дамуына әсер еткен көрнекті суреткерлердің шығармашылығын қарастыру бағыты.

Төртіншіден, көне нұсқаларды, классиктер туындыларын қайта жариялау, текстологиялық ізденістер бағыты.

Қазақ әдебиетінің ұзақ тарихын ғылыми тұрғыдан зерттеп, баяндаған алты кітап жарыққа шықты. Әуелде Мұхтар Әуезовтің бастауымен қолған алынған бұл көп томды әдебиет тарихын жазуда бір топ ғалымдарымыз, сыншыларымыз қажырмен еңбек еткен. Рас, бұрын да қу тақырда отырған жоқ болатынбыз: тұтас дәуір, белгілі кезең әдебиетін бағалайтын зерттеулер, жеке жазушы шығармашылығын қарастыратын монографиялар баршылық еді. Бірақ әдебиетіміздің баяғысынан бастап бүгінгісіне дейінгі асу-асу жолдарды түгел қамтып, жүйелі түрде саралаған еңбектің тұңғышы осы екендігін қайталап айтудың артықшылығы болмас.

Профессор М.Қаратаевтың редакциясымен шыққан айтылмыш еңбектің соңғы екі кітабы қазақ совет әдебиетінің тарихын сөз етеді. Кезең-кезеңді көрсететін шолу тараулар және көрнекті суреткерлерге арналған монографиялық бөлімдер бар. Бұл әдіс өзін-өзі жақсы атаған. Әдебиет тарихы жазылғанда, әр жерде осы аса ұтымды, ыңғайлы әдіс қолданылған болатын.

Қалың, берекелі жаңбырдан кейін қырдың сан алуан көк шөбі бұрқ етіп шыға қалмаушы ма еді? Осы ғасырдың елең-алаңында қоғамдық-әлеуметтік іске, қаламгерлік сапарға білек сыбанып кіріскен қазақ жастары сол мол шалғынды еске түсіргендей. Арпалыстар, тартыстар, революциялар даланың өзіндей сарылған сахараның талантты ұлдарын ерте марқайтты. Өмірдегі күрделі құбылыстар жиырмасыншы жылдар әдебиетінде бірнеше бағыт, әр түрлі арна тудырғанмен, негізгі, шешуші күш жаңа заман, жаңа дәуір өнерінде болғандығы кітапта көптеген тарихи мәліметтермен дәлелденеді.

Бастау көзі фольклордың бай, мағыналы аңғарында жатқан қазақтың жазба әдебиеті күрт көтеріліп, бұрын болмаған жанрлар тез туып, жылдам дамыды. Қашанда өнердің қарыштауы үшін басты ықпал сырт әсер, еліктеу, эпигондық емес, қоғамдық құбылыс қажеттілігі, әлеуметтік фактор заңдылығы болса керек. Қазақ жаңа әдебиетінің алғашқы кезеңін, өте күрделі мезгілді қарастырғанда, зерттеп бағалағанда, есте тұтар қағиданың бірі осы.

Жарқ етіп жанып, тез сөнген, ғұмыры қысқа болған қаламгерлер Баймағамбет Ізтөлин, Шолпан Иманбаевалардың әдебиет тарихындағы ізі бұрыннан белгілі болса, Мәжит Дәулетбаев, Ғаббас Тоғжанов, Жұмат Шанин, Елжас Бекенов, Жиенғали Тілепбергенов сынды жиырмасыншы жылдар әдебиетіндегі шоқтықты тұлғалар шығармашылығы тұңғыш рет жүйелі баяндалған. Сол уақытта газет, журнал беттерінде жарияланған шығармаларды, архив материалдарын пайдалана отырып, әдеби атмосфера тынысы бірсыдырғы дұрыс көрсетіліп, Қазақстан Жазушылар ұйымының құрылу жайы, ҚазАПП төңірегіндегі мәселелер айтылады.

Әдеби тілімізді байытуда, көркемдік биікке көтерілуде жақсы қызмет атқарған бірқыдыру поэтикалық, прозалық шығармаларды бұрынғы бағамен, көне көзқараспен қалдыра салмай, салмақты зерттеудің атына сай байыпты, ғылыми тұрғыдан тереңдей қарастырып, эстетика негізінде жаңаша пікір айту қажет.

Топтай қарау, дәуірлеуде шарттылық бар, әйтпесе қандай өнердің тарихын алсаңыз да желісі ілгері тартыла беретін сабақтастықты көрер едіңіз. Қазақ әдебиетін кезеңге бөлу мәселесі қоғамымыздағы маңызды, іргелі құбылыстармен кіндіктестікке, заңды байланыста алынған.

Дамудың диалектикалық сипатын отызыншы жылдар әдебиетінен де аңғаруға болады. Ұлы революция дауылы адамдар арасындағы қарым-қатынасты түбірінен өзгертті, мінез атаулы жаңғырды, дүние таным эволюциясы ең алдымен аса нәзік, аса сезімтал жандар – суреткерлер психологиясында көрініс берді. Жастайынан жұмысшылар ортасында өсіп, әлеуметтік күрестің қызу майданында ержеткен С.Сейфуллин қаламгерлігі салғаннан революция күйін жырлаудан басталса, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов секілді қиян қиырды жайлаған феодалдық шырмау-шылаулы ауылдардан шыққан сом таланттардың күрделі жолына жеке өздерінің көңіл ықыласы емес, әлеуметтік факторлар себепші болған еді.

Қазақ әдебиетінің отызыншы жылдардағы ең келелі принципиалды жеңісі үлкен дарындардың айдыны кең, аспаны таза қаламгерлік сара жолға түсуінде, өнердің ауыр жүгін солардың белсене көтеруінде екені хақ. Осы жылдар әрқайсысы өздеріне тән үнмен, соны, ашық бедерлі қолтаңбаларымен өнер есігін ашқан жастар қадамы, поэзия, проза, драматургия, әдебиеттану, сын жанрларының хал-жағдайы жеке-жеке сөз болады.

Зады, әдебиетіміздің жанр-жанрының қара шаңырақ – поэзиядан енші алып, өз алдына отау тігіп шығуы отызыншы жылдар тұсында. Өлеңі, ұйқастыра сөйлеуі аралас-құралас жүретін С.Көбеев, С.Торайғыров туындылары, шындап келгенде, қазақ прозасының берік іргесін қалай алмаған. Жиырмасыншы жылдары жанр шарттарына толық жауап беретін, озық әдебиеттер туындыларымен иық теңестіретін проза үлгісін жасаған қазақта М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезов, Б.Майлин секілді жазушылар бірен-саран. Отызыншы жылдарда С.Мұқанов қажырлы талантымен көрінді. С.Ерубаев, М.Дәулетбаевтардың қызықты кітаптары туды. Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндердің белгілі шығармалары жазылды. Аруақты ақындар С.Сейфуллин, І.Жансүгіровтер қара сөзге ойысты.

Соның алдындағы дәуірде нағыз пьесаны, сахна заңдылығын, характер, конфликт табиғатын терең ойластырып жазылған драманы М.Әуезов, Ж.Шанин, Ж,Аймауытов, Б.Майлин шығармашылығынан ғана көретін болсақ, отызыншы жылдарда драматургия шоқтығы биік жанрға айналды. Құр талас, тәжіке, дау-дабыраға құрылған күлдібадам нәрселер емес, үлкен идея айтатын, адам мінезін көрсететін құнарлы тілі бар шығармалар туды. Фольклор өкілдері – кәрі жырау, қарт ақындар қайта бір қайратқа мініп, заман сырын шертті. Олардың ортасында айдыны Алатаудай Жамбыл бар.

Осындай әдебиеттің даму барысындағы басты тенденциялар, құбылыстар орынды баяндалады. Конфискацияға, коллективтендіруге байланысты шамадан тыс асыра сілтеуден туған зардаптардың, қайшылық-қиындықтардың әдебиетке жасаған кесірі көрсетілген.

Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ әдебиетінің мойнындағы жүк батпан салмақпен ауырлай түскен-ді. Соғыс тақырыбын көрсету тәжірибесінің аздығы өз алдына, сол қарсаңда әдебиетіміз көп шеберлерінен, үздік таланттарынан айырылып қалған. Бұл ауыр қаза орнының толуына, жараның жазылуына уақыт талабы қаратпастай қатал да қиын еді.

Қаһарлы күндердің осы шындығы әдебиет тарихында әділ айтылған. Бұл арнаулы тарауда ел басына бұлт төнген уақыттағы жазушыларымыздың қаламмен, қарумен жасаған ерлігі сөз етіледі. Окопта тізеден қан кеше жүріп мойымаған, өмір жырын мадақтаған жауынгер ақындар, жазушылар шығармашылығының қымбат, бағалы қасиеттері алға тартылады. Поэзиямызға мол арна боп қосылған партизан, жорық жолдарының шындығын шертетін өлеңдер мен поэмалардың көркемдік, образдық ерекшеліктері пайымдалады. Бірақ соғыс кезіндегі әдебиет құбылысының негізгі тенденциясын, тілде қолданылған әскери терминдердің санын көрсетумен мүлде айқындауға болмайтынын зерттеушілер ескермеген. Осы күрделі прозалық шығарманы ат үсті атап өтпей, байсалдырақ талдау қажет еді.

Айтылмыш кезеңде ауыз әдебиеті, халықтық фольклор өмірдің үлкен ықпалымен өрістеп-өркендеген болатын. Сондықтан мынадай салиқалы, беделді зерттеу кітабында сол нұсқалар туралы пікір айтылмауы ағат. Асылында, соғыс кезіндегі қазақ фольклоры, ел аузында әлі жүрген өлең-жырлар арнаулы, қомақты зерттеудің объектісі екені хақ.

Бірінші кітапта С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің, І.Жансүгіровтің, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың монографиялық портреттері берілген. Әдебиетіміздің даму барысында үздік, мол, өнімді еңбек еткен бұл қаламгерлер туралы сын әуелі газет-журнал беттеріндегі рецензия, мақала түрінде көрініп, кейінірек очерктер, іргелі монографиялар туды. Тұрпайы сын етек алған жылдарда шығарманың көркемдік бітімі, бейнелер жүйесі, объективті идея ескерілмей, көбіне ашық мән, тура мағына ізделіп, жазушының орынсыз кінәдан жапа шеккені де рас. Сәкен, Ілияс, Бейімбет көп уақыт зерттеуден қақас қалды. Олардың қасиетті мұрасын шындап танып, әділ бағалауға бой ұруымыз соңғы жылдар ішінде ғана.

Жеке басы, өмірінің өзі аңызға айналған поэтикалық бейне революционер ақын Сәкен туындыларын зерттеуде бірталай жұмыстар істелді. Әсіресе, бұрын бимәлім болған мол тарихи, әдеби материалдарды, архив деректерін жинап, оларды тиянақты қорытып, бүгінгі әдебиеттану ғылымы жеткен өреден толғамды ойлар айтқан Е.Ысмайылов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев еңбектерінің мәні ерекше.

Кітапта берілген монографиялық портретте қысқа, тұжырымды түрде үлкен қоғам қайраткері, даңқты ақын, прозаик, драматургтың өмір жолы, өнер сапары жақсы баяндалған.

Бейімбет! Осы есім айтылғанда көз алдымызға көп нәрсе елестейді: толық жатқан кесек-кесек суреттер, жанды, тірі картиналар. Бейімбет Майлин болымсызын бар қылып көрсетіп, кеуде қағып, бір күндік, өткінші, дақпыртқа қалам тартқан суреткер емес, ол даңқтың бас айналар алапатты олимпіне қаражон талантын жегіп, маңдайдан сорғалата тер ағызып жеткен.

Үлкен, іргелі суреткердің сыңаржақ сыншылар тапқан “қателіктерін” қайта қопсытудың мүлде қажеті жоқ екендігі дұрыс ескерілген. Бейімбет секілді жазушының өміртарихын жаңа фактілер негізінде толықтыра, анықтай түсу талабы, шығармалардың идеялық мәнінің байыбына жету, стильдік өрнектерді айқындау мақсаты көрініп тұр. Талдауда бір сарындылықтан бойды аулақ салып, эстетикалық анализге ден қою дұрыс болатын еді.

Ілияс Жансүгіровке арналған бөлімнің ең ұтымды жері – салыстыра зерттеу тәсілін қолданған тұстар. Ақын өлеңдерінің құрылысын арнайы сөз ету, ол әкелген жаңалықты көрсету өте қажет нәрсе.

Сыншының мамандануы, өзіне етене тақырыппен ұзақ айналысуы әдебиеттану саласындағы жемісті жолдың біріне айналды. Бұл процесте зерттеуші объектіні жан-жақты бүге-шігесіне дейін білу арқылы суреткер шығармашылығындағы айқын, бедерлі құбылыстарды ғана емес, өзгелерге байқалмайтын, қалтарыстағы сарын-әуендерді жіті аңғарады. Осы орайда байсалды тұжырымдар, соны пікірлер туып жатпақ. М.Қаратаев Әуезовтің көркемдік қалың көпшілікке түсіндіруде, насихаттауда көп қызмет атқарды. Ұлы жазушы туындылары жайлы сыншы толғамдары күн сайын тереңдеп, салмақтанып келеді. Бұл жәйтты осы кітаптағы бөлімнен де көруге болады. Үлкен суреткердің үлкен жолы диалектикалық бірлікте көрсетіледі. Әуезовтің он алтыншы жыл оқиғасын баяндайтын әйгілі повесі туралы білікті сыншы шешіліп, кең, дәлелмен сөйлегенде дұрыс болатын еді. Хикаят жөніндегі кітаптағы пікірдің тиянақталмағаны көрініп тұр.

Романдардың, поэмалардың, пьесалардың, зерттеу еңбектердің авторы Сәбит Мұқанов суреткерлік сапардың ауыр, алыс жолында кібіртіксіз, ұзақ шауып кеткен жүйрік. Бұл жазушының өнімді қайратымен отызға келмеген қыршын жігіттердің өзі бәсекеге түсуден шайлығады. Мол қажырлы, берекелі таланттың айтулы шығармалары талданып, олардың әдебиетімізде кезеңдік қызмет атқарғаны көрсетіледі.

Екінші кітапта қазақ әдебиетінің соғыстан кейінгі дәуірі, қазіргі кезеңі жайындағы шолу тараулар және арнаулы бөлімдер бар.

Темір құрсау сынып түсіп, ел арқасы кеңіген жайлы заман – бейбіт күндер өміріміздің барлық саласын қайта жаңғырта түлетті. Соғыстан кейінгі әдебиеттегі өрлеу, бір жағынан, белгілі қаламгерлердің құлшыныс, шабытының өсуімен, екінші жағынан, қан майданнан, алыс қырдан келген жас талант, соны күш, жаңа толқын әрекетімен сабақтас. Әдебиетіміздің ауқымы кеңейді, шеберлік өрнектерде уақыттың қатаң шындығының өзі берген келісімдер дендей бастады.

Бейне орнына схема жасау, өмірдегі қайшылық-қиыншылықтарды реалистікпен бейнелеу орнына бояп-жарқыратып көрсету, өнердің ең қасиетті шарттарын ұмыту, сүреңсіздік, жасандылық сияқты кемшіліктер бұл жылдардағы әдебиетіміздің бойынан арылмаған кінәраттар екендігін зерттеушілер әділ көрсеткен. Поэзияда белең алған шайнам ақылы жоқ жалпылама, қарабайыр мадақ-марапат өлеңдері, драматургияны жайлаған “тартыссыздық теориясы” дейтіннен туған көкжасық пьесалар, прозадағы жақсы мен тәуір арасындағы кикілжің төңірегіне құрылған сала құлаш хикаялардың өнер тарихында із-түзсіз кеткендігін аңғарамыз.

Зерттеушілер көңілге жылы тиіп, жүрекке жақын келген туындыларды, ғұмыры бір-ақ күн емес, ұзақ жасайтын шығармаларды атап, оларды тиянақты талдайды. Алайда, соғыстан кейінгі әдебиетті сөз еткенде, ұзын-сүре тізімге, мазмұн баяндауға көбірек ден қойылғандықтан эстетикалық анализге, теориялық бағдарлы байламдарға орын азайып, кездейсоқ есімдерді айту, жұртшылық кәдесіне жарамай қалған шығармаларды әңгімелеу, нәрсіз баяндамашыға тән тәптіштеушілік көбейіп, ғылыми еңбектің сапасы төмендеген.

Уақыттың құдіретті қасиеттерінің бірі жылдар өткен соң көп нәрсені өзі екшеп, елеп, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айырады. Қара қылды қақ жарған әділ үкім – уақыт үкімі. Қоғамдық құбылыстар, өнер мұралары, әдеби шығармалар, дара тұлғалар жайлы түптің түбіндегі әділ қазы – уақыт. Күні кеше ғана қазақ әдебиетінің тарихы он сегізінші ғасырдан басталады деген тәңірі сөзіндей кесті-пішті пікір жайласа, бүгін ол концепция қаусап қалды. Шалкиіз тектес ұлы жыраулар мұрасын былай қойғанда, Орхон-Енисей бойындағы тастарға жазылған шығармаларды алып көріңіз:


Сөйтіп зауал жетіпті,

Ел іргесін сөгіпті.

Қыл өтпейтін арадан

Қара ниет өтіпті.

Қойт-қойтынан табғаштың

Ағайындар көкіпті.

Берік тізгін босаңсып,

Ата жауы бекіпті.

Бұдан дұшпан, әрине,

Бір ұтпады, екі ұтты,

Сөйтіп түркі тұқымы

Тоз-тоз болып кетіпті

Құрту қиын алыпты,

Жұрты босқа налыпты.

Қол жеті жүз болған соң

Қаһан ойын танытты.

Атағынан әйгілі

Айрылған халықты,

Қанатынан кәдімгі

Қайырылған халықты,

Құрыш болат қылыш қып

Намысына жаныпты.

Жау қанына суарып,

Күн нұрына малыпты.

Каталог: repository -> history
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет