Сайділ талжанов 3 томды қ ш ы ғ армаларжина ғ Ы


ҚОЛЖАЗБАНЫ ҚҰРАСТЫРУШЫНЫҢ АЛҒЫ СӨЗІ



бет12/27
Дата31.12.2019
өлшемі2,11 Mb.
#54002
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   27

ҚОЛЖАЗБАНЫ ҚҰРАСТЫРУШЫНЫҢ АЛҒЫ СӨЗІ

МЕЙІРІМДІ, шапағатты Алламның атын аузыма алып айтайыншы!

Жарылқасын Аллам, біздің қожамыз Мұхаммедті!

Мәңгі сөнбейтін ақыл-сананың нұрына бөлеп, адамның ғажайып әзіз бейнесін жаратқан, оған береке дарытқан Алланы ардақтаймын мен! Аллам оны айрықша көрікті етіп: иіскеу, есіту, көру, сөйлеу тәрізді төрт түрлі сезім берді, тағы басқа да игі қасиеттерді оның бойына дарытты. Мен бір Алладан басқа қүдіреті күшті тәңірі жоқ деп уағыздаймын! Барлық жұрт өз тілдерінде оның атын жатқа біледі, мақтаныш етеді. Мұхаммед - Алланың сүйген құлы, бізге арнап әдейі жіберген елшісі, ғарышқа көтерілуі жарандар арасында өзіне ерекше маңыз береді, оның әзіз басында құпия сыр бар, сондықтан да жұрт оны жан-жағынан жамырай мадақтайды, мен бұған кәміл сенемін, тәубе келтіріп, шүкірлік етемін. Жер де, көк те бәз- баяғы қалпында тұрсын, сөйтіп оның әулетін де, сахабаларын да Аллам бетінен жарылқасын!

Ал мұнан кейінгі айтарым - ей, ізгі бауырым, екеуімізді де Аллам ақиқатқа бастағай! Мына Үндістанның көне замандағы данышпандары аңдар мен кұстар және басқа хайуандар тілінде жазып, бізге қалдырып кеткен кітабы осы «Кәлилә мен Димнә» екен. Олар бұған таңдаулы уақиғаларды, барынша мазмұнды өсиеттерді енгізіпті, бұларды ақыл иесі адамдар ғана ұғына алады.

Мұны ұққан жан ұмыта алмайды, жүрегі елжіреп еліге береді, осы кітап оның ақылына дем береді, сонда бұл жақұттан да, маржаннан да көрікті, гүлбақшадан да ғажап ләззатты болып құлпыра түседі.

Бұған дәйім көзіңді салып телміре қара, терең сырын ұғына біл! Егер сен бұған көбірек қадалып үңіле түссең, онда пайда таппай қоймайсың, мазмұнын үғынасың. Бұл өзі он алты тараудан құралған, оның бастапқысы - Қысырау Анушерванның дәрігер Барзуяны Ү ндістанға жіберуі, өз алдына бұл да бір тарау болып қосылды, ал екінші тарау - дәрігер Барзуя туралы. Оны

жазған Бузурджмихр 1 болса керек. Бұған жатпаса да ол мұны осы кітаптың бірінші тарауы етіпті.

«Кәлилә мен Димнә» негізгі он төрт тараудан тұрады. Бірінші тарауы арыстан мен бұқа туралы, екінші тарауы Димнэ ісінің тексерілуі жөнінде, үшінші тарауы әккі көгершін туралы, төртінші тарауы - жапалақ пен құзғын туралы, бесінші тарауы маймыл мен тасбақа туралы, алтыншы тарауы - сопы меп атжалман туралы, жетінші тарауы - Илад, Шадирам және Ирахт жайында, сегізінші тарауы мысық пен егеуқұйрық туралы, тоғызыншы тарауы патша мен фанза құс туралы, оныншы тарауы арыстан мен тақуа шибөрі туралы, он бірінші тарауы жаһангез бен зергер, барыс пен маймыл және жылан туралы, он екінші тарауы шаһзада мен беделді адамның, саудагердің, диханның балалары туралы, он үшінші тарауы аңшы мен қаншыр және шибөрі туралы, он төртінші тарауы - сопы мен қонақ жайында.

Осы тараулар түгел шықпаса, онда кітаптың толық болмағаны, ал бұл тараулардың үстіне қосылғандары болса, ол орынсыз жамалғандар.






1 Бузурджмихр – мұсылман әдибиетінде әйгілі, аңыз ретінде айтылатын Қысрау Анушерван патшаның уәзірі екен. «Кәлилә мен Димнәнің» пехлеви нұсқасына алғы сөзді әдемілеп, әрлеп осы Бузурджмихр жазыпты деген де әңгіме бар.

БАХУНД САХВАН - ҰЛЫНЫҢ АЛҒЫ СӨЗІ; БҰЛ БІР КЕЗДЕ АШ-ШАХ-УЛЫ ӘЛ-ФАРИСИ ДЕГЕН АТПЕН ӘЙГІЛІ БОЛҒАН КІСІ
МАҚТАП-МАДАҚТАУДЫ бітіргеннен кейін біз енді осы алғы сөзді үнді философы - браһман1 дінінің басшысы Бейдауаның Үндістан патшасы Дәпшәлімге арнаған, хайуандар мен құстарды сөйлете білген

«Кәлилә мен Димнә» кітабын неге жазғанын баяндай кетейік. Біріншіден, кітаптың түпкі мақсатын қара бұқараға түсіндірмеуге, беделін түсірмеуге тырысты, екіншіден, мазмұнын ақымақ жандардың қолжаулығы етуден қызғанды, үшіншіден, мұны тек қана өрісі кең данышпандарға бағыштады, сарқылмас бұлағы мол зор келешекке арнады. Сондықтан бұл кітап философқа ұлан-байтақ өріс, оның ақылына телегей-теңіз табыс, ұнатқан жанға естелік, ізденушіге игілі нысана болмақ. Парсы патшасы Қысрау Анушерван өзінің Барзуядай бас дәрігерін «Кәлилә мен Димнә» дейтін кітапты алып келу үшін үнді еліне қалай жібергенін ескертіп өтелік, ал Үндістанға барғаннан кейін, патшалық қазынада сақтаулы жатқан үнді ғалымдарының басқа кітаптарымен қоса, осы кітапты ұрланып жүріп, түнделетіп көшіруші бір адамды тауып алғанша, Барзуяның қандай амал-айла жасағанын да айта кетелік, солармен бірге ұзыны мен көлденеңі бірдей текше «он үйлік шахматты»2 ала келгенін де баяндалық.

Осы кітаптың қайдан, қалай шыққаны туралы Әл- Буктеханұлы Бузурджмихрдың алғы сөзді жазған себептеріне де тоқталалық. Мұның ерекше құнды жағын ескерте отырып, қолына түсірген кісінің оны зерттеп, дәйім пайдалы жерін келелі игілігіне жаратуын тілер едім. Міне, сонда ғана ол өзінің бұрын талай аңсап зарыкқан заттарының бәрінен де осының ләззатты екенін аңғарады да, сөздерінің терең сырын қарастыруға ынтығады. Егер осылай ете алмаса, бұл кітаптың



1 Брахмандар немесе (браминдер) ежелгі замандағы үнділердің алғашқы табынған дін иелері, кәдімгі браһманизм болып атанатын діннің жақтаушылары.

2 Шахмат Үндістаннан шыққан, содан кейін ол парсы, араб және Европа елдеріне тараған. Шахмат тақтасындағы текше квадрат саны әр дәуірде бір келкі мөлшерде болмаса керек.

нысаналы мақсатын ашуға оның ойы жете алмайды. Барзуяның елге келуін, кітапты жария етіп жұрт алдында оқуын және Бузурджмихрдың жеке бір тарауды өзі жазып, оны «Дәрігер Барзуя» деп не себепті атағанын ескертелік. Сол тарауда ол Барзуяның өмірбаянын, туғанынан бастап қалай оқығанын, дінге деген ынтасын, данышпандық ғылым салаларына қалай құлаш сермегенін толық жазды, сөйтіп кітаптың басындағы «Арыстан мен бұқа» туралы тараудың алдына апарып қойды, міне, осының да себебін аша кетелік.

Әли Аш-Шаһ ұлы әл-Фарисидің айтуынша философ Бейдауа

«Кәлилә мен Димнә» кітабын Үндістан патшасы Дәпшәлімге арнап жазды, міне, осында үлкен себеп бар еді:



  • грек халқының Іскендір Зұлхарнайыны1 батыс елдерінің патшаларын

жайғастырып болды да, енді шығыс патшаларына

  • парсы және басқа елдерге қарай бет алды. Жауларына қарсы үдере соғыс ашты, ерегіскендермен тынбай арпалысты, келісімге келген парсы патшаларымен ынтымақтасып бітім жасасты. Себебі бұлар тұңғыш рет кездесіп еді, ал соқтыққан жауын жеңіп, өзіне бағындырғанша Іскендір де тоқтай алмады. Парсылар ыдырай қашты, бет-бетіне жан сауғалап тозып кетті. Содан кейін әскерін ертіп қытай жұртына тартты, жолшыбай Үнді патшасымен ұшырасты, өз дініне кіргізіп, оған өз әмірін жүргізбек болды. Бұл кезде Үндістан патшасы әрі батыл, әрі батыр, жеңімпаз да айлакер Форек деген кісі еді. Зұлхарнайын жауласқалы келе жатыр деген хабарды ести сала ол да соғыстың қамына кірісті. Қан майданда кездесуге дайындалды, батырларын шақырып алып соғыс әрекетіне шынықтырды. Аз уакыттың ішінде-ақ соғысқа қаймықпай баратын пілдерді, шабуыл жасап тарпа бас салуға дайын тұратын жыртқыш аңдарды сұрыптап алды, онымен қатар таңбаланған арнаулы аттар да, сүңгуір сүңгі, өткір алмас қылыш, жалтылдаған найзалар да іріктеліп дайын тұрды.

Үндістандық Форектің бұған қарсы даярланған атты әскерлерінен жер кайысады екен, мұндайды бұрын әріптес болған патшалардың ешқайсысынан ұшыратқан жок еді, таяна келіп осы хабарды естігенде Зұлхарнайын қатты састы, асығыс



1 Александр Макендонскийдің (біздің заманымыздан 356-323 ж.) араб әдебиетінде, әдетте Іскендір Зұлхарнайын («Қос мүйізді») деп атайды.

кимылдасам пәлеге қалармын деп сескенді. Бірак Зұлхарнайын айлакер қу, залым да байыпты, тапқыр, әрі ысылған жырынды адам еді. Түрлі айла-әдіс жасап, тиіп-қашып, сақтана қимылдауға бет түзеді. Әскері жаткан жердің алдыңғы шебінен ор қаздырды да, орнынан козғалмай тып-тыныш жатты да қойды, осы патшаны қалай алдаудың, аңдаусызда қалай бас салудың жоспарын құрды. Жұлдызға қарап болжайтын балгерлерді де шақырып алды: «Үнді патшасына шабуыл жасау үшін қай күннің сәтті екенін, қандай мезгілдің қолайлы болатынын болжаңдар», - деп тапсырды. Олар бұған белсене кірісті. Қай қаланы басып өтсе де ондағы түрлі өнердің даңқты шеберлерін өзімен бірге ала кететін Зұлхарнайынның ежелгі дағдысы еді. Міне, енді ол ойланып-толғанып, қасындағы өнер иелерін шақыртып алды: «Мыстан іші қуыс ат жасаңдар, оның үстіне мыстан жасалған адам бейнесі мініп отыратын болсын, тағы сол мыс ат дөңгелекке қондырылсын, егер оған біреу тиіп кетсе, зырылдай дөңгеленіп жүгіре жөнелсін», - деп өз жобасын айтты.

«Осындай мыс аттар жасалып болған соң олардын ішіне мұнай мен күкірт толтырып, мыс адамдарды әскерше киіндіріп, қару-жарақ асындыру керек. Жауға шабуыл жасардың алдында, әскердің орта шенінен алға қарай осыларды жылжытып жіберу мақұл, әркайсысының ішіндегі мұнай мен күкіртке от қойылатын болсын. Сонда пілдер келіп тұмсықтарымен қапсыра ұстайтын болса, өртене қызған мысқа соқтығып, тұмсықтары күйіп кейін қарай тым-тырағай қашатын болады» деп ұйғарды. Ұсталарға осыны істеп тез бітіріңдер деп жарлық етті. Олар барынша тырысып, асығып істеді де, орындап шықты. Жұлдызға қарап бал ашушылардың да белгіленген күні таянып қалды. Зұлхарнайын өзінің елшілерін үнді патшасы Форекке жіберді, - мойынсұнып, құлдық ұрып, бағынуын талап етті. Бірак Форек патша жауласатынын білдіріп, қасарысып -қарсы шығуға даяр екенін хабарлады.

Патшаның мына шешімін естіген кезде Зұлхарнайын қару- жарағын алып, қаһарланып аттанды. Форек алдыңғы сапқа пілдерін шығарды. Сол уақытта үстінде адам бейнелі қарақшысы бар мыс салт аттыларды бұлар да ілгері жылжытып қоя берді, пілдер тұмсыктарымен қапсыра қармап, арпалыса түсті. Өртене қызған мыс тұмсықтарын қарығанда әлгі пілдер алды-

артына қарамай жөңкіле қашты, үстеріне мінген жауынгерлері жапатармағай жығылды, үріккенде еш нәрсені елемеді, жолай кездескенді басып-жаншып тапап кетті. Осының салдарынан Форек те, оның әскері де бет-бетіне бытырап, бордай тозды, ал Іскендірдің қолы соңынан түре қуып, ауыр апатқа ұшыратты. Осы кезде Іскендір айқайлап: «Уа, Үндістан патшасы! Кел бері, менімен жекпе-жекке шық! Әскеріңе де, өз үй ішіңе де рақым қыл, оларды ажалға айдама! Бақытсыздықка душар болған әскерді, сын сағатта қатерге ұшырату патшаға лайық емес! Жоқ, олай болмайды, жанын ортаға салып, патша соларды қорғауға тиіс! Әскеріңді таста да, бері кел, жекпе-жекке шық. Қайсымыз жеңсек, міне, сол олжалы болсын»,

- деді.


Зұлхарнайынның осы сөзін естіген заматта жеңеріне көзі жеткендей Форек қатты қуанды, бұлдыр үміт еріксіз билей жөнелді де, майданға жекпе-жекке аттанды. Іскендір оған қарсыласа шықты, екеуі де аттарын біресе тежеп, біресе арындатып әлденеше сағаттай сайысты, бірақ бірін-бірі оп- оңай түсіре алмады, сөйтіп дамыл алмай арпалыса берді. Бір мезгілде Іскендір ешқандай амал-айла таппай, әбден торығып қажыды да өзінің әскеріне қарап, ышқына айғайлады - нағра тартты, оның дауысынан жер тітіреніп, әскер сілтідей тұнды. Осы айғайды естігенде, өз әскерінің ішінен бір лаң шыққандай көріп, шіміркенген Форек артына жалт қарады. Дәл сол сәтте Зұлхарнайын бар пәрменімен салып кеп жіберді, ол ердің үстінде есі ауып теңселе бастады, тағы бір рет ұрып жібергенде, атынан тулақтай ұшып түсті. Патшаның ажал оғына кезіккенін көрген әскері онымен бірге өлуге бастарын бәйгеге тікті де, Іскендірге жабылды - аянбай соғысты. Ақыр соңында, Іскендір мейірімді болуға серт берді, осы ниетіне қарай тәңірім жарылқап оны жеңіске жеткізді. Бүкіл жұртты өзіне бағындырды да, бір сенімді кісісін патша етіп белгіледі. Өкіметі әбден нығайып, жарлығына жұрт түгел мойынсұнып, бір ауыздан қабылдағанға дейін аялдады да, сонсоң өз орнына сенімді кісісін қалдырып, Үндістаннан аман-есен аттанып, бет алған жағына қарай жүріп кетті.

Әскерін ертіп Үндістаннан ұзаңқырап шығысымен-ақ орнына қойып кеткен адамына үнділер бағынудан бас тартты, сонда:

- Өз ортамыздан, өз ұлысымыздан шықпаған бөгде біреудің бізді билеп, әкімдігін жүргізуі мемлекетіміздің атына да жараспайды, мұны ақ сүйек дегдар туған жандар да, қарапайым адамдар да ұнатпайды. Ол әрдайым бізді кемдікте ұстайды, мұкатумен болады, - деген сылтау айтты. Сөйтіп олар Іскендір қойған адамды орнынан түсіріп, әкімдіктен жұрдай етті де, бұрынғы патшаның бір баласы - Дәпшәлімді патша сайлады.

Әкімдігі орын теуіп, жағдайы әбден нығайған мезгілде бұл патша мүлде көкіп, өзін-өзі орынсыз жоғары көтеріп, тым масаттанып, өте дәсерсіп кетті, төңірегіндегі патшалықтарға күн көрсетуді қойды, үнемі шабуыл жасауды шығарды. Беті қайтпайтын жеңімпаз атанды, сондықтан басқа патшалар да, қол астындағы елдер де қатты сескенетін болды. Әкімшілігі нығайып, күш-қуаты зорайғанын білді де, ол өз жұртына да жүрдім-бардым қарап, орынсыз жазғыратын болды. Зорлық- зомбылығы күн санап күшейе түсті, ол көп уакытқа дейін өзін-өзі осылай ұстады. Сол патшаның тұсында брахмандар арасынан шыққан бір инабатты данышпан, атына заты сай адам болыпты, жұрттың бәрі соның сөзіне тоқтайды екен. Оны философ - Бейдауа деп атаушы еді. Патшаның мынадай әділетсіздігін көріп, қайткенде оны бұл беттен қайтарудың, әділдікке, дұрыс жолға салудың қамын ойлады. Осы игі ниетпен өзінің шәкірттерін жинап алды да: «Менің сендермен не туралы кеңескелі отырғанымды білесіңдер ме?» - деп сұрады. Олар: «Жоқ, білмейміз», - деп жауап қайырды. Сонда Бейдауа: «Ендеше, біліп қойыңдар, мына патшамыз Дәпшәлімнің жұртқа дәйім істейтін қиянаты, жауыздығы, өрескел істері жөнінде көп ойланып, ұзақ толғанудамын. Мұндай жағдайда біз өзімізді мынандай әдетке үйретелік: егер патшалар өрескел іс істесе, оларды жақсылыққа, әділ ниетке баулылық. Ал егер біз бұған ескерусіз селқос қарасақ, онда бұрын өзіміз қауіптенін қашып жүрген пәлеге ұшыраймыз, есуастықтың үйреншікті бойкүйез ауруына тап боламыз, олар бізді өздерінен гөрі ақымаққа санайды да қорашсынатын болады. Өз отанымды тастап ешқайда кеткім келмейді, ендеше халыққа жауыздық көрсетіп, зорлық-зомбылық істейтін патшамызды бетімен қоя беруге ұжданымыз да, даналығымыз да рұксат етпейді. Бізде онымен күресерлік тілден басқа қару жоқ, бөгде көмекшілерді іздеп

елден безіп бой тасаласақ, онда игілі ісіміз зая кетеді, еңбегіміз еш болады, ал егер біздің өзіне қарсылығымызды, арамза пиғылын ұнатпайтынымызды сезіп қойса, міне, біз үлкен апатқа сонда ұшыраймыз. Қандай әдемі жайда, тату-тәтті өмірде тұрғанымен ит пен арыстанның, жылан мен бұқаның коңсы қонуы қауіпті екенін өздерің де жақсы білесіңдер. Қырсықты нәрседен қашып, сүйкімдіге құмарта ұмтылу үшін басына келген зауалдан, бақытсыздық пәледен ебін тауып құтылуы үшін философтың көбірек ойлануы керек. Менің естуімше баяғыда бір философ өзінің шәкірттеріне былай деп жазыпты:

«Жауыз адаммен қоңсы кону, онымен қарым-қатынас жасау, кемеге мініп теңізді кешкен кісі тэрізді болады, өйткені суға кетпей аман қалған күнде де, корқыныштан ол құтыла алмайды. Егер қатерлі жерге қауіптің қайнар бұлағына біреу өзі барып соқтықса, оны есуас хайуанға балаңыз, өйткені пайдасы тиетінге ұмтылып, зиянды нәрседен қашу, бұл жабайы аңдардың да бойына туа біткен қасиет қой. Хайуандар да пәлеге ұшырайтын қауіпті суатқа өз үйірін айдап апармайды, алдымен кешеуілдеп байқайды, жаратылысына біткен сақтығы көмек береді де қауіпті болса жуымайды», - дегенді айтыпты. Мен сендерге осы туралы ақылдасу үшін жинап отырмын, өйткені маған ең жақын адам сендер, құпия сырымды сақтайтын көмекшім де өздерің ғой. Ойы, пікірі ешкімге үйлеспейтін оқшау жан, қайда барса да апатқа кезігеді, ол өзіне ешқашан жанашыр көмекші таппайды.

Осы жөнінде мынадай нақыл бар:

«Баяғыда бір бозторғай пілдің жүретін жолына ұя салып паналапты да, соған жұмыртқалапты. Сол арада пілдің су ішіп жүретін дағдылы бір суаты бар екен. Бір кезде піл әдетінше суатқа бара жатып, ұядағы жүмыртқаларды басып, жаншып кетіпті. Мынадай бақытсыздықты көріп бозторғай бұл пәленің пілден келгенін сезіпті. Ол ұшып барып пілдің төбесіне қоныпты, сонда жылап отырып: «Уа, патшам! Сен менің жұмыртқамды жарып, балапанымды тапап кеттің, мұның қалай? Мені өте әлсіз көріп, бойыңа теңемей, қорлау үшін осылай істедің бе?» - деп сұрағанда, піл оған: «Расын айтсам, дәл осы жағдай себеп болып еді?» - деп жауап қайырыпты. Бұл сөзден кейін бозторғай әбден түңіліпті де, бір топ құсқа барып, өзінің пілден көрген жапасын шағып зар еңірепті. Олар отырып:


- Біз өңшең әлсіз құстармыз, қолымыздан не келеді, оған қандай амал істей аламыз? - дегенді айтыпты. Осы мезетте бозторғай қара қарғалар мен сауысқандарға барып: «Сендер менімен бірге жүріп оның көзін шоқысаңдар екен, сонан кейін өзім-ақ басқа бір лажын тауып, сазайын тартқызар едім», - депті.

Осыған келісіпті де бірге ұшып барып, пілдің көзін олар жабыла шоқып, мүлде ағызып жіберіпті. Піл енді суатқа да, жайылымға да жол тауып бара алмапты, тек аяқ астынан қана қоректенетін болыпты.

Бозторғай мына жағдайды білгеннен кейін құрбақалар мекендеген қара суға келіпті, пілдің өзіне істеген озбырлығын айтып, мұңын шағыпты. Сонда кұрбақалар: «Мына шүкейттей сияғымызбен, орасан дәу пілге қалай қарсы бара аламыз, оны қалай жеңуге болады?» - дегенде, бозторғай: «Сендер маған еріп қапсағай құздың түбіне барыңдар да, бақылдап шулай беріңдер. Піл сендердің дауыстарыңды естігенде, сол жерде су бар деп кәміл сенеді де өңештей ұмтылады. Сөйтіп барып құздан омақаса құлайды», - дегенді айтыпты. Құрбақалар осыған келісіп, құздың түбіне барып, бақылдай шулапты. Бұлардың даусын естігенде, әбден шөліркеп титықтаған піл, шыдай алмай солай қарай жөнеп беріпті де кұздан құлап, опат болыпты. Бозторғай қанаттарын жебелей кағып, пілдің төбесіне келіп, калықтап тұрыпты да: «Ей, жауыз зұлым, мені қорлап, күшіңе сеніп, көзіңе шел қаптап еді-ау, сенің! Шынашақтай денеме қарамастан менің мынау істеген айлама қарашы, өзіңнің орасан зор денеңе біткен ақылыңның тапшылығын байқашы, міне, осылар енді саған қалай көрініп тұр екен?» - деп табалапты». Осылай бір толғап өтті де философ:

- Енді әркайсың өз ойларына келген пікірлеріңді айтыңдаршы, -

дегенде, шәкірттері бір ауыздан:

- Ей, философ, данышпанға лайык туған, әділ адамсыз! Біздің ішіміздегі ең бірінші айтуға тұрарлық жансыз! Сіздің пікірлеріңізге қарағанда біздің долбарымыз кәдеге асар ма? Сіздің ойыңызбен салыстырғанда біздікі неге арзиды? Суда қолтырауынмен қатар жүзудің қауіпті екенін біз білеміз және оның жатқан жеріне барған жанның өзі кінәлі екені де бізге айқын. Егер біреу жыланның тісіндегі уын алып, өзі дәмін татса,

онда, әрине, айып жыланда емес қой. Кімде-кім арыстанның үңгіріне кірсе, оның шабуылынан бас сауғалай алмайды. Біздің бұл патшаны ешбір бақытсыздық та, басына келген пәле де, ақыл сабасына түсіріп үйрете алмайды. Күткен жағдайында болмай, басқа бір көңіл-күйінде отырған мезгіліне килігіп, ұшыраса қалсаң, оның долы ашуынан, зорлык-зомбылығынан өзің де, біз де жан сауғалап, аман қалмаймыз ғой, - дегенді ескертті.

Сонда Бейдауа: - Тіршілігім куә болсыншы, осы сендер жақсы айттыңдар-ау, өте орынды жауап бердіңдер-ау. Алды- артын болжай білетін саналы адамның өзінен дәрежесі жоғары кісімен де, төмен жанмен де кеңескені жөн. Бір кісінің ақылы жеке мәселені шешуге де жеткіліксіз, ендеше жалпыға ортақ мәселені шешуге келгенде оның тіпті пайдасы да тимейді. Менің Дәпшәлім патшамен кездессем деп шешкенім дұрыс екен. Әлгі айтқан сөздеріңді тыңдап, маған шын дос екендеріңді аңғардым, өздерің туралы да, мен туралы да кауіптенетіндеріңді сездім. Бірақ та мен бір тиянақты жоспар жасадым, патшамен кездесіп сөйлескеннен кейін оның немен тынғанын сендер де естірсіңдер. Патшамен сөйлесіп шықты деген хабар жеткен мезетте, өздерің түгел жиналып маған келіңдер, - депті.

Осыдан кейін Бейдауа достарының тарап кетуіне рұқсат етті. Олар орнынан тұрып, тілеуін тілеп бата қылысты. Дәпшәлім патшаға баратын күнді белгіледі, сол күні үстіне брахмандардың кебенегін киіп, ордаға келді. Патшаның дарбаза күзетшісін сұрады, оны біреу соған қарай жөнелтті. Күзетшіге келіп сәлемдескеннен кейін ол өзінің бір іс туралы патшамен кездескісі келетінін, оған игілі кеңес айтпақшы екенін білдірді. Дарбазашы патшаға барып оны қабылдауына рұқсат сұрады. Патшаның қызметтен колы бос күні екен, келуіне рұқсат етті.

Ол патшаның алдына кіріп, иіліп-бүгіліп, басын жерге қойып, сәжде қылды да, орнынан қайта түрегеліп лэм-мим деп тіл қатпастан қалшиып тұрды да қалды. Дәпшәлім патша оның үндемегенін байқап, қалың ойға шомды.

- Бұл философтың мені іздеуінде екі-ақ мақсат болуы мүмкін, соның бірі өз қажеті үшін менен бірдеме алғысы келетін шығар, немесе бір бақытсыздыққа ұшырап, соны жайғастыруға шамасы келмей, көмекші іздеген болар, сонымен, өзінің әлгі

дұшпанын мұқатып, ауыр жазаға кіріптар ету үшін маған келген шығар, - деп топшылады. Соның артынша ол тағы да:

- Жоқ, философтарда мұндай жайт болмаса керек. Өйткені патшалардың

әкімшілігі астам болса, данышпандардың ақылы патшалардан анағұрлым басым жатады ғой, данышпандар өздерінің білімі арқасында, патшаға мұктаж емес, ал қаншама бай болғанымен, данышпандарды патшалар баса-көктеп өте алмайды. Мен ақыл мен ұятты бір-бірінен ажырамас дос деп білемін, егер біреуі жоғалса, екіншісі де табылмайды, бұлар адам арасында ұшырайтын қиыспас екі дос тәрізді; екеуі бір- бірінен ажырай қалса, өмір бойы көңілі қобалжып, сағынысып өтеді. Кімде-кім ғалымдардан ұялмаса, олардың басым екенін мойындап құрметтей білмесе, лайықсыз жағдайлардан құтқарып, қорлыққа душарласқан кезінде қорғамаса, міне, ондай жанды ақылынан айрылған, өмірі зая кеткен есуас деп білу керек. Ал егер данышпандардың кұқына әділетсіздік істесе, онда тұп-тура ақымақтар

қатарына қосылуы мақұл,

- деп түйді.

Әлдене уақыттан кейін ол басын көтеріп, Бейдауаға қарап:

- Менің байқауымша сен үн қатпай тұрсың, мұқтажыңды білдіріп, тілеген затыңның бетін ашпайсың-ау, сірә! Мен білсем, үндемеуіңде үлкен себеп бар - не бір зор қиянатқа кезігіп, қатты күйзелген шығарсың, немесе ажал азабына душарласқан боларсың. Сенің ұзақ үндемей тұруыңнан мен осыны аңғардым да, өзімше ойға кеттім: «Бейдауа дағдысынан жаңылып, біздің көркімізді көру үшін келген жок кой, бір ісі түсті де, ділгерлік қысып, лажсыз келген шығар. Заманымыздың ол ең ардақты адамы ғой, келуінің себебін мен одан сұрамай-ақ кояйыншы! Егер ол бізден басына түскен әділетсіздікке көмек сұрап келсе, онда ең абзалы оған қол ұшын беріп, жылдам көмектесуге, кұрмет көрсетіп, бар тілегін орындауға тиіспіз. Егер ол осы дүниедегі тұрмыстың рақатын тілесе, онда мен жарлық беріп, талабын өз калауынша орындатар едім. Ал енді лайықсыз іске патшалардың ұмтылуын, құмартуын тыйғысы келсе, оған бұл үшін қандай жаза беруді ойланып көрейін, бірақ патшаның өзіне тән ісіне қол сұғу үшін, ол әрине, маған келмеген де болар. Ал егер қол астымыздағы елдің ахуалына көңілімді

аударғысы келсе, оны да мен зерттеп байқаймын. Данышпан тек жақсылықты ғана хабарлайды, ал ақымақтың ісі керісінше келеді ғой», - деп ойлап едім. Ал, сөйтіп, мен енді саған сөз берейін. - Ойыңда не бар, айтып өтші! - деді.

Патшаның сөзін тыңдағаннан кейін Бейдауа корқыныштан мүлде арылды, ұялаған қауіп есінен шығып кетті. Ізет қылып иіліп, тағзым етті де:

— Патшаның өмірі ұзақ болсын, мемлекеті мәңгі бақи баянды болсын, міне, тәңірімнен ең алдымеп осыны тілеймін! Менен кейінгі ғалымдардың аруағы үшін, даналардың мәңгі өшпейтін белгісі есебінде патшам маған осы арада ұлы құрмет көрсетті, өйткені ол маған қалтқысыз бетін бұрды да, шын пейілімен мейірімді назарын аударды. Мені патшаның алдында сөйлетуге итермелеген жағдай мынау еді - мен оған бір жақсы кеңес беруге келдім, бұл кеңес басқаға емес, тек қана жалғыз өзіне айтылады. Патшаның данышпандарға лайық қарым-қатынас жасауын талап етемін, бұл жөнінде мені ешбір кедергі тоқтата алмайды, міне, естіген жұрт осы ниетімді анық білсін. Ал егер ол маған ойымдағыны айтуға рұқсат етсе, мені еркіме жіберсе, онда маған не істеймін десе де ерікті, ал егер менің сөзімді кабылдамаса, онда да мен өз борышымды толық орындадым, арыма дақ түспейді, өсектен аулақпын, - деді.

Сонда патша: — Ей, Бейдауа, сөйлей бер, мен сөзіңді ықыласпен тындайын. Айт ойыңдағыны, мен соған татырлықтай сый көрсететін болайын, - деді.

Бейдауа тұрып: - Ей, патшам! Толып жатқан хайуандардан да және дүниеге сыйып жүрген басқа заттардың бәрінен де адамды айырып тұратын төрт-ақ қасиет бар деп үғамын: соның бірі - даналық, екіншісі — ұстамдылық, үшіншісі — ақыл, төртіншісі - әділдік. Ал ғалымдық, оқымыстылық, ойлап сөйлеушілік - бұлар даналыққа жатады. Зерделілік, төзімділік, әдептілік және ізеттілік - ақылға жатады. Ұялшақтық, игі ниеттілік, өзін тежеп ұстау және өз басын қадір тұту - бұлар ұстамдылыққа жатады. Шыншылдық міндетін орындай білу, жақсы істі істей білу және мейірімділік — әділдікке жатады. Бұл қасиеттер жақсылықтың нысанасы, ал бұған қарсылардың бәрі жамандыққа тән. Егер осылар түгел қамтылып, бәрі бір адамның басында болса, ол адам бұл дүниеден жамандық көрмейді,

жоқтыққа ұшырамайды. Егер осы табыстары оны ракатқа жеткізбеген сэтте де, ол уайымдамайды, ал қолда барынан кейде зиян келсе де ол күйінбейді, қапа болмайды. Даналық

- бұл таусылмас қазына, қанша жұмсасаң да ортаймайды, жоқшылық

кесірін тигізе алмайтын қор осы. Даналық өмір бойы тозбайтып үр жаңа киім, ұзак өмірде ләззәті сарқылмайтын рақат. Егер патшаның алдында тұрып сөзге бірінші болып кіріспесем, ол менің ең әуелі одан қорыққаным болар, әрі ізет етіп сыйлағаным шығар. Қарғанып айтайыншы, оның дәрежесі өзінен бұрын өткен патшалар әбден лайык, әсіресе онын дәрежесі өзінен бұрын өткен патшалардың бәрінен басым болса, одан қаймығудың сөкеттігі жоқ.

Данышпандар айтқан екен: «Үн қатпауға тырыс, ол сенің қорғаушың, бос сөзге салынба, өйткені арты өкінумен тынады»,

- деген екен. Баяғы заманда бір патша төрт данышпанды шақырып алыпты

да: «Әрқайсың бір-бірден нақыл айтыңдар, олар өнегелі тәрбиенің негізі болсын», - депті. Сонда біріншісі: «Данышпан тіршілігіне ең лайықты қылық үндемеу», - депті, Екіншісі тұрып: «Ең пайдалы іс — өз ақылының шама-шарқын аңғармай тұрып, сөзге кіріспеу», - дегенді айтыпты. Үшіншісі:

«Адам үшін ең пайдалы іс — алды-артын ойламай тұрып сөйлемеу», - депті. Төртіншісі: «Адамға ең жайлы нәрсе - тағдырға көндігу», - депті.

Бір кезде Қытай, Үндістан, Парсы және Рум1 елдерінің патшалары бас қосыпты. Сонда әркайсымыз мәңгі сақталатын, бір-бір ауыз сөз айталық, - десіпті.

Қытай патшасы отырып:

- Мен айтқанымнан гөрі айтпағанымды кері қайтарып алуға еріктімін, - депті.

Үндістан патшасы:

- Мен мынаған таңданамын: біреу бір сөз айтса, ол сөзі сол өзі үшін айтылған күнде де оған пайдасы тимейді, ал оған қарсы айтылса, апатқа ұшыратады, - депті.

Парсы патшасы:

- Мен бір сөз айтсам, - ол өзімді билейді, ал оны айтпасам, оған мен қожамын, - депті.






1 Рум – Шығыс Рим империясының, немесе Византияның арабша аты (үстіміздегі дәуірдің ШУ-ХУ ғасырларында осылай аталған).
Рум патшасы:

- Мен еш уақытта айтпағаныма қынжылған емеспін, бірақ көбінесе айтқаныма өкіндім, - депті. Патшаның үндемегені, пайдасы тимейтін бос мылжыңдықтан анағұрлым артық. Адам көбінесе тілінен табады.

Алайда патшам (тәңірім өміріңді ұзақ етсін) менің мақсатымды алдын ала білмей тұрып-ақ кеңшілік еттің, сөйлеуіме ерік бердің. Сондықтан өз ойымды баяндаудан бұрын айта кетейінші, осының бар жемісі маған емес, патшама арналады, игілігін де тек сол көреді, менің сөзімнен келетін барлық пайдаға да, сый-сияпат, қызық-кызмет, атаң-даңққа да тек сол ғана ие болмақ. Мен өзімнің міндетімді ғана орындаймын. Сөйтіп менің айтарым мынау: «Ей, патшам! Өзіңнен бұрын талай қалаларды салып, талай елді аузына қаратқан, патшалық құрып, қызықты дәурен сүріп өткен әкелеріңнің, құдіреті күшті бабаларыңның мәртебелі орнын басып отырсың. Олар салтанатты сарайлар салдырды, қалың әскер ертіп шеру тартты, таусылмас қор жинады, өмірлері де ұзақ болды. Мінетін аттары да, сауыт-саймандары да мол еді, ғасырлар бойы бақытты әрі қуанышты өмір сүрді. Бірақ даңқты еңбек сіңіруіне бұлары кедергі жасамады, істеген мейірбандығы жұрттан алғыс алуына да көлденең тұрмады, ұлы мемлекетінің алдында сертті міндеттерін орындауға да кедергі болған жоқ. Мәз-мейрам өмір сүріп, құдіретті ісіне елігіп адаспады. Міне, енді жұлдызы оңынан туған, сәттілікке ие болған бақытты патшам, солардың жері де, салдырған қалалары да, барлық байлығы да саған мұра болып қалды, тәңірімнің бұйрығы бойынша патшалыққа да қолың жетті. Байлықты да, әскерді де мұрагерлікпен иелендің, бірақ сен мойныңа алған міндетіңді орындамадың, әкімдік иесі - патшаларға жүктелетін борышты ақтамадың. Олай істемедің, сен шектен астың, халқыңа зәбір көрсеттің, даңдайсып кеттің, қол астыңдағы елден өзіңді тым жоғары санадың, тәртіпсіздік істедің, қиянатыңның шегі жоқ. Ал саған лайықты ең ұнамды іс, аталарыңның жолын қуу еді, өзіңнен бұрын өткен патшалардың ізімен жүру керек еді, олардың саған қалдырған керемет әдемі өнегелі ісіне еліктеу кажет еді, өзіңді масқаралайтын, арыңа салмақ болар сорақы қылықтан тыйылуың жөн еді. Қол астыңдағы жұртыңа көзіңнің

қырын салып, олар үшін мейірімді, әділ заң шығарсаң, ол сенен кейін де сақталып, даңкыңды өршітер еді, ұзақ жылдар бейбітшілік бел алып, әділдік орын тепкен болар еді. Кімде-кім іс басқарғанда мансапқорлыққа елігіп, құрғак қиялдың соңынан еріп, сергелдеңге түссе, оны есуас деп біліңіз.

Патшалықты баскарғанда әрі мүләйім, әрі момын болса, міне, саналы да, ақылды жан сол. Ойланыңыз, патшам, мына менің айтқандарымды ескеріңіз, біраз ауырлап жүрмеңіз. Мен мұны бас пайдам үшін, не сізден сыйлық алу үшін, немесе басқа бір ілтипат көру мақсатымен айтып отырғам жоқ қой. Олай емес, мен сенің қайғыңа ортақ, шын досың ретінде келіп отырмын», - депті.

Бейдауа сөзін бітіріп, өсиетін тоқтатқанда, патшаның жүрегі қобалжып дір ете түсті, мейлінше жек көріп жауабын дөрекі қайырды. Сонда патша:

«Сенің маған айтқан мына сөздеріңді патшалығымдағы ешбір адамның айтуға батылы барады деп ұқпаймын, тек сен ғана белсене кірісіп отырсын. Тиер пайдаң шамалы, күш-куатың шағын, жасың да кіші, сөйте тұрып осы қылықты жасауға жігерің қалай жетті екен? Сенің өктем айтқан осы сөзіңді маған ешкімнің айтуға еркі жок. Мына шектен асқан сөзіңе, жүгенсіз тіліңе мен қатты таңырқап отырмын. Басқаларға тыйым салу үшін сені ауыр жазалаудан басқа еш нәрсені орынды деп білмеймін. Сенің менімен кездескеніңдей, мүмкін, бөгде біреулер де итініп, патшалардың алдына барып, озбыр талап қоюға ұмтылар, міне, сондықтан да сені жазаға тарту оларға үлкен бір өнеге болмақ», - деді.

Осыдан соң патша оны керіп тастауға әмір етті. Бірақ жарлықты орындауға алып жөнелгенде, бұрынғы бұйрығынан айныды да, патша оны кері қайтартты, ақырында қол-аяғын кісендетіп абақтыға қаматты. Осының ізінше патша оның шәкірттерін, тағы басқа төңірегінде жүргендерді іздетті, шапқыншылар жіберді, оларды да түп-түгел түнекке отырғызбақ болды. Олар жан-жаққа қашып, теңіздегі аралдарға барып паналаса керек. Бейдауа түнекте отырғалы бірталай күндер өтті, бірақ патша оған көңілін аудармады да, тірі жаннан сұрамады, басқалардың да сұрастыруға батылы бармады. Бір күні түнде патша ұйытай алмай зарықты. Төңкерілген тұңғиық аспанға көзін тікті, оның шыр көбелек айналуын, жұлдыздардын

қозғалуын ой таразысына салды. Осылай ойға шомып кетті де, аспан туралы бір мәселені шешуге көңілі ауды. Дәл осы арада Бейдауаны есіне алды да, өкіне бастады. Ол өзіне-өзі: «Бұл философқа мен қиястық істедім, оның айтқанына үстірт қарадым. Мені осыған итермелеген тегі, ашудың арыны ғой, ал бұрынғылардың айтуынша: - Патшада ашу болмаска тиіс, өйткені ең жексұрын дұшпан - ашу, себебі ашуланшақ кісіні әрдайым жұрт жексұрын көреді. Сараңдық та болмауға тиіс, неге десеңіз жеткілікті мол тұрмыста оған кешірім жоқ; жанына жан жуытпайтын өтірік те болмасын, мүләйім-момындық та қоңсы қонбасын, әуелі есалаңдық та оның бойына жараспайды. Мен өзімді шексіз адал сүйетін, кінәсіз ақ ниет адаммен кездесіп едім, бірақ оны керісінше қарсы алдым, оған лайығы бұл емес еді. Жоқ, бұл оның тиісті сыбағасы емес қой, өйткенше сөзін толық тыңдап соның акылын алуым керек еді», - деді.

Іле-шала Бейдауаны шақыртып, кісі жіберді, оны алдына алып келген шақта: «Ей, Бейдауа, сен жуырда маған әңгіме айттың, сонда менің ақылымды кемсітіп, ойымның бағасын төмендетпек болып па едің?» - деп сұрағанда, Бейдауа: «Уа, бақытты патшам! Мен тек сенің көркеюіңе, аузыңа қараған елдің игілігіне, мемлекетіңнің мәңгі өмір сүруіне арнап жөн сілтеуге тырыстым», - деп жауап қайырды.

Патша оған: «Бір сөзін қағажу қалдырмай сол әңгімеңді қайта пысықтап өтші», - деді. Бейдауа сөйлей жөнелді, патша ынтыға тыңдады, төмен қарап көзімен жер шұқыды. Кейін басын көтеріп оған барлай қарады да отыруын өтінді. Соның артынша ол: «Ей, Бейдауа, айтқан сөздерің маған қатты ұнады, жүрегімнің дәл түкпіріне барып ұялады. Берген кеңесіңді тәптіштеп зерттейін де соған орай іс істейін», - деді. Осыдан кейін қол-аяғын шырмаған кісенді ағыттырды да, оған патша киімдерін сыйлыққа тартты.

Сонда тұрып Бейдауа: «Уа, патшам! Айтқанымның бір парасы орындалса да игілігіңе жарар», - деді. Патша: «Сөзің рас, ей, әзіз данышпан! Осы жиылған топтын алдында бар мемлекетімді мен саған тапсырам», - дегенде, Бейдауа: «Уа, патшам! Мені бұл ауыр міндеттен құтқара көр. Мұндай келелі істі сен жоқ жерде мен игере алмаспын», - деп жауап қайырды. Патша тілегін қабылдады да, оны бұл міндеттен босатты.

Бірак табалдырықтан аттап, ол үйден шығысымен-ақ, патша өзінің кателескенін ұғынды, сөйтіп оны қайта шақыртты. Бейдауа кірген кезде патша оған қарап: «Әлгі міндеттелген істен сені босату жаза басу екен, енді ол ойдан айныдым, өйткені тек жалғыз сен ғана орындай аласың, өзіңнен баска ешкімнің қолынан келмейді. Енді сен бұл жөнінде қарсыласпа», - деді. Бейдауа да бұған көне кетті.

Сол кездегі патшалардың салты бойынша, біреуге уәзір атағы берілсе, оның басына тәж кигізіп, атқа салт мінгізіп, патша сарайының уәкілдері ортасына алып, қаланы қыдыртады екен. Патша Бейдауаға да осы құрмет көрсетілсін деп бұйырды. Тәж кигізіп, атқа мінгізді де Бейдауаға шаһарды аралатты, кейін ордаға келіп ол әділдік пен шындық бөлмесіне барып жайғасты. Әлсіздерді қолдап, күштілерге қарсы шықты да, озбырларға тыйым салды, сөйтіп әділ заңның негізін орнатты. Мұны естіген шәкірттері жан-жақтан жиналып келіп жатты, ұстаздарының қызмет орнына, патшадан алған сыйлықтарына қатты қуанысты. Бейдауаға көмек беріп, Дәпшәлім патшаны қисынсыз оғаш қылықтан ажыратқаны үшін ұлы тәңірге шүкірлік етіп, алғыс айтты. Осыдан бастап олар сол күнді мейрамдайтын болды, өз елінде ақыр заман болып өліктер тірілгенге дейін осы күн мейрам есебінде орын теуіп, белгіленіп қалды.

Кейін Бейдауаның Дәпшәлім қылығы жөнінде көңілі әбден тынды, ойы еш нәрсеге бөленбеді, сонымен, басшылық етуден артылған уақытын ол көптеген нәзік ойды қамтитын кітаптар жазуға бағыттады. Ал патша Бейдауаның көрсеткен жолымен жүріп, мейлінше мейірімді болды, жұртына әділдік істеді, қол астындағы барлык ел де, ордасында қызмет етушілер де оған жанаса жүруге тырысты. Бейдауа болса, өзінің шәкірттерін жиып алып, ғажайып өсиеттерін айтумен болды. Бір күні ол шәкірттеріне қарап: «Мен патшаға кеткенде сендер іштеріңнен Бейдауаның данышпандығы кұрыды, өрісі кең ойы сарқылды- ау дедіңдер, сендердің осыны айтқандарыңа, ешбір күмәнім жоқ. Құрған жоспарымның немен тынғанын енді түсіндіңдер! Ойымның дұрыстығына көздерің де жетті, патшаның мінез- құлқын да алдын ала білмей, құралақан барғаным жок еді, мұны өздерін де ұқтыңдар ғой. Менің естуімше бұрынғыдан қалған сөз бар: «Еліккіш бозбалалар тәрізді патшалар да қызба

келеді. Тек ғалымдар мен ысылған данышпандар ғана оларды жөнге салып, мастанудан айықтыра алады. Өнегелі сөз айтып патшаларды данышпандар тәрбиелеуге міндетті, олардың аумалы-төкпелі оғаш кимылдарына, кыңыр-қисык мінездеріне ұтымды өнеге көрсетіп, сара жолға түсіруі мақүл», - деген ғой. Мен патшалар туралы ғалымдардың айтқанын данышпандарға да міндет деп білемін. Оларды мастықтың ұйқысынан ояту үшін, дәрігерлер тәрізді ең әуелі емдеп, аурудың тәнін сақтау керек, содан кейін барып оның денсаулығын ежелгі қалпына жеткізуге тырысқан жөн. Мен бұл істі ескерусіз қалдырғым келмеді, өйткені ертең өлген соң, мені де, сендерді де бізден соңғылар: «Дәпшәлім патшаның заманында Бейдауа атты философ болыпты, ол патшаны киянат істерден тыя алмапты» деп кінәлайды ғой, міне, мен содан қаймықтым», - депті.

Егер біреу: «Ол өлімнен корқып еш нәрсе айта алмаған шығар» десе, басқалары оған: «Патшадан жэне оның төңірегінде жүрген қауымнан қашып кетсе, өзіне сол лайықты болмас па еді», - деп жауап қайырады ғой. Бірақ отанды тастан кету ауыр екен. Мен өмірімді құрбан етуге бел байладым, өйткені менен кейінгі шыққан даналар осы ісімді ақтар деп ұқтым. Не өлу, не ойға алған нысанаға жету үшін - шімірікпестен тайсалмай ажалға тура бардым, ал уақиғаның немен тынғанын қазір өздерің де көріп отырсыңдар ғой. Бір нақыл бар екен, сонда: «Үш нәрсенің көмегі тимесе, мысалы, адам өзі белсене еңбек істемесе, мал- мүлкін ретін тауып жұмсай білмесе немесе өз дініне нұқсан келтірсе, міне, мұндай әйенкес жан жоғары дәрежеге жете алмаса керек. Ендеше, кімде-кім қатерлі іске қасқия кіріспесе, оның көздеген мақсатына жетуі де қиын», - деген екен.

Елге мейірімділік істеп, патша да ұзақ уақыт өмір сүрді, ал Бейдауа істерін меңгеріп, өкіметке басшылық етті.

Кейінірек, мемлекеті нығайған кезде, патша қол астындағы жұртын басқаруды, дүшпандарының ізін аңдап, оларға қарсы аттанып, соғыс ашуды мүлде доғарды да, ата-бабаларына арнап Үндістанның философтары жазған кітаптарға үңілді, өйткені мемлекетті басқару ісін Бейдауаның өзі-ақ игеріп әкетті. Өз атынан жазылған бір кітапты патшалық қазынасында сақтағысы келді, ал мұны Бейдауадан басқа ешкімнің жаза алмайтынын да өзі жақсы білді. Бейдауаны шақыртып алып, екеуі ғана

оңаша әңгімелесті, сонда: «Ей, Бейдауа! Сен Үндістанның әрі данышпаны, әрі философысың. Дананышпандықтың қазынасын жасау жөнінде мен қалың ойға қамалдым, мұндай қазына менен бұрын өткен патшалардың бәрінде де болыпты. Кітап жазбаған біреуін көрмедім, сол кітапта өзінің аты аталып, жүргізген соғыстары мен өмірбаяны түгел жазылады екен, тағы онымен қоймай өзінің де, ордадағы нөкерлерінің де білімдарлығы көрсетіледі екен. Данышпандығын әлемге әйгілеп, солардың біразын патшалардың өзі жазыпты, ал қалғандарын данышпандар жазса керек. Солардың басынан кешкен тағдыр маған келмесіне кім кепіл, атын атап айтсам, ажалға ешкім ара тұра алмайды ғой. Сөйтіп ертең өле кетсем, бұрынғы патшалардың кітаптарында айтылғандай етіп, менің атымды көрсетіп жазған бір кітапты қазынамнан ешкім таба алмайды-ау, кейінгі патшалар оны окымайды-ау деген зор қаупім бар. Ендеше, мен туралы бір әдемі кітап жазсаң, бар даналығыңды сонда сарқа сөйлесең, халықты калай басқарып, қалай тэрбиелеудің жолын көрсетсең, патшалардың мінез- құлқын ашсаң, кол астындағы жұртын өзіне бағындырып, табындырып меңгерудің жөн-жосығын айтсаң, сонда мен үшін де, кейінгілерге де мемлекеттік мұң-мүдденің талайын жеңілдеткен болар едің, міне, мен сенен осыны қалаймын. Мен туралы тиянақты ескерткіш болып осы кітаптың кейінгі ғасырларға қалуын тілеймін», - деді.

Бейдауа осы сөзді естігенде иіліп тағзым етті де, басын қайта көтеріп: «Ей, бақытты патшам! Бақыт жүлдызың оңыңнан тусын да, бақытсыз жүлдызың батып кетсін! Өмірің ұзак болсын! Расын айтсақ, патшаның мінез-табиғаты, бойына сіңген мол ақылы оны осы жолға әкеп түсірді, казір құлағым естіп тұрған мына келелі іске беттетіп, оның ой-санасын мейлінше жоғары дәрежеге көтерді де, шарықтатып апарып, шегіне жеткізді. Алла тағалам патшаның бақытын мәңгіге ұзартсын, көңіліне алған ниетін іске асырсын, оны ойдағыдай орындауыма маған да себепкер болсын! Патшам калаған жарлығын берсе, мен бар ақылымды сарп етіп, оны мақсатына жеткізуге ұмтылайын», - деді.

Патша оған карап: «Ей, Бейдауа, сен әрдәйім әйгілі жансың, патшаның жарлығына бағынуың сенің дариядай мол акылыңмен

астасып жатады. Сенің бұл касиетіңді мен баяғыдан білем. Бар жігеріңді салып, күллі күш-қуатыңды жұмсап осы кітапты сенің жазғаныңды ұнатам; сонда салмақты ой да, кызғылықты жеңіл күлкі де, данышпандық пен философия да - бәрі де осының ішінде қамтылсын. Мұны оқыған данышпан ұлы даналықтың түңғиығына шомсын, биязы әзілін шерткенде көкірегін кере күлетін болсын», - дегенде, Бейдауа колын қусырып, басын иді де: «Мен патшаның әмірін қабылдаймын, бірақ оны орындауға аз уақыт мәулет сұраймын», - деп тілегін білдірді. Патша: «Ей, Бейдауа, қанша уақыт керек?» - деп сұрағанда, ол: «Бір жыл керек», - деп жауап берді. Патша: «Ей, Бейдауа, бердім тілегіңді!» - деді. Патшаның тапсыруы бойынша, кітап жазғанда тұрмыстан кажып, алаңдамауы үшін оған мол сыйлық, толық қаражат берілді. Осыдан кейін Бейдауа бірнеше күн кітапты жазуға қалай кірісуді, қай түрде жазуды және қандай ат қоюды ойланды. Ол өзінің шәкірттерін жиып алып: - Патша маған бір іс тапсырды, онда менің даңқым жатыр, сендердің де даңқтарың, әсіресе біздің еліміздің даңқы ғасырларға жетпекші. Мен сендерді соны ақылдасу үшін жиып отырмын. Дәпшәлім патша маған кітап жазу міндетін жүктеді, даналықтың түрлі- түрлі үлгісі осы кітаптан табылмақ, ал әрқайсың өздерің сүйген саладан ұнаткандарыңды жазып әкеліңдер, мен сол жазғандарыңнан сендердің акыл-парасаттарыңның шеңберін, жеткен даналыктарыңның шырқау шыңын ұғынатын болайын, - деді.



Сол кезде олар: «Ей, кемеңгер данышпан, ұшқыр да терең ойлы жан! Даналық пен тазалықты, парасатты ойды саған сыйға тартқан ұлы тәңірінің атын айтып ант берелік, бұл біздің үш ұйыктасақ ойымызға кіріп-шыкпаған нәрсе. Көш басшымыз өзің, ішіміздегі толымды жан да жалғыз сен, бетке ұстар беделіміз де сенсің, біздің берер көмегіміз де өз қолыңда. Біздер, әйтеуір, бұйрығыңды бұлжытпай орындауға тырысамыз», - деп түйді. Осыдан кейін Бейдауа оларға патшаның жаздыратын кітабы туралы және оны жазу жөніндегі өзі тізген тиянақты жоспарын түгел баян етті. Бірак патша тапсырған бір іс туралы әлгі шәкірттерінің еш нәрсе айтуға, ақыл беруге мұршалары келмеді. Бейдауа олардан іздегенін таппады, енді ол мәселенің ой-қырын шолып, шарқ ұрды, ақырында тек қана тегеурінді

терең ой, асқаралы ақыл арқылы осы істің орындалатынын ұғынды. Сонда ол: «Менің аңғаруымша, кеме теңізде жүзгенде оған тек теңізшілердің күші себепкер болады екен, өйткені басқаратын да солар ғой. Бірак тек бастықтың жеке дара бұйрығымен ғана кеме толқынды тіліп, теңізде жортады. Егер тиелген жүгі мөлшерден асып кетсе, жолаушылары шамадан тыс көп болса, онда кеме сөзсіз қарық болады екен», - деді. Осыдан кейін кітап жазу туралы ол үздіксіз ойланды, ақырында ақыл парасатына өзі күдіксіз сенетін бір шәкіртімен оңаша отырып, жалғыз жазып шықты. Бір жылға жетерліктей азық- түлік пен қағаз, қарындашты күні бұрын молырақ дайындап алып, оңаша үйге барып кірді де, есікті тарс жауып тастады. Сөйтіп Бейдауа кітапты жазуға кірісті. Ол өне бойы айтумен болды, шәкірті жазып алып, қайталап оқып отырды, сонымен кітаптың мазмұны байып, мөлшері белгілі бір шамаға келгенше тынбады. Оны он төрт тарауға бөлді, әркайсысын өз бетінше бөлек-бөлек құрды. Әрбіреуінде сұрау қойылып, оған жауап беріліп отырды, себебі жеке тарауын окығандар толық түсінік алсын деген мақсат көзделіп еді. Мұны ол «Кәлилә мен Димнә» кітабы деп атады. Өзінің негізгі ойын хайуандар мен жабайы аңдар мен құстар тілінде жеткізді, сырт көрінісін құйқылжыта күлтелеп, қарапайым жанды еліктіретіндей етіп жазды, ал ішкі мазмұнын таңдаулы адамдарға өнеге ретінде берді, ондағысы дін жолын тұткан кісінің бұл жалғанда да, ақиретте де мұң- мұңтажын түгел қамтуға тырысуы еді, сонымен қатар, патшаға ізгі қалыппен бағынуды, сонда өз пайдасына ұмтылып, барлық зиянды заттан аулақ жүруді өсиеттеді. Сөйтіп ішкі мазмұнын да, сыртқы түрін де даналық туралы жазылған басқа кітаптарға ұқсатып беріп еді, осының салдарынан хайуандардың сырт кескіні алдандырып еліктіреді де, ал сөздері даналық өнеге өсиет болып шығады.

Бейдауа кітаптын басында достық туралы баяндайды, екі достың қандай болатынын суреттейді, сонсын олардың сүйіспеншілігін көлденең бір қуақы аярдың қалай ажыратқанын келтіреді. Осыдан кейін патшаға берген уәдесі бойынша, егер дана сөзге сөлекет сөз араласса, онда даналық былапыттыққа ауысып, бүлінетінін ол өз аузынан айтып, шәкіртіне қадағалап жаздырып еді.

Қызғылықты жері кездессе, Бейдауа өзіне жазып алып отырды, ал байсалды ауыр жерін ойына тоқып пысықтай түсті. Сонымен кітапта аңдар сөз алып, олардың сөзінде даналық маржандай тізілді. Кітаптың сыртқы көрінісін былай қойып, олар енді мазмұнындағы өсиет пен даналықты, өнегелі сөздерді әрлендіруге көңіл бөлді. Өздеріне әдейі арналып жазылған осы мазмұнды - надандар ұғына алмайды да, аңдардың сөйлескеніне таңырқай қарап, әзілге балайды, қаншалық жатқа білсе де, сөздерінің негізгі мағынасына жете алмайды. Шығарманың түпкі маңызын олар ұқпайды, себебі философтың бірінші тараулары келелі ойы бауырластар арасындағы достықты баяндау еді, достықты нығайта түсетін шаралар туралы сөйледі, пасықтардан сақтандырды, жеке басының пайдасы үшін, жанын үзіп сүйіскен екі достың арасына от жағып, қастастыратын әзәзілдерден аулақ болуды ескертті.

Кітап бітіп, уәделі мерзім жеткенде Дәпшәлім патша Бейдауаға кісі жіберді: «Мезгіл жетті ғой, қалай уәдеңді орындадың ба?» - деп сұратканда, Бейдауа: «Мен патшаның тапсырғанын орындадым. Кітапты алып кел деп ол маған жарлық етсін, мен барғанда барлық зиялылар жиылсын, сөйтіп төрт көзі түгел отырғанда кітапты мен оқып берейін», - деп хабарлады.

Жұмсаған кісісі қайтып келгенде, Дәпшәлім патша шексіз- шетсіз қуанды, бір күнді арнайы белгіледі де, патшалығындағы жұртты түгел жинатты. Кітапты тыңдауға келсін ден Үндістанның түкпір-түкпіріне жар салды. Мезгілді күнге барлық жұрт түгел жиналды, патшаның жарлығы бойынша екі тахыт орнатылды біреуі өзіне, екіншісі Бейдауаға арналды. Жұрт түгел жиналып болған кезде, Бейдауа таққа көтерілді, үстіне даналар киімін киді, мұны ол үнемі ІІатшаның алдында киюші еді, онысы қара қылдан токылған кебенек болатын. Патшаға жақын барып, иіліп тағзым етті де, бағынышты екенін білдірген күйі басын көтермей тұрып қалды.

Сонда патша: «Ей, Бейдауа! Басыңды көтер. Бүгін жылайтын күн емес, қуанатын күн!» - деді. Кейін кітапты оқи бастағанда, ол әрбір тараудың мазмұны мен мақсаты туралы сұрау қойып отырды. Бейдауа оған әр тараудың міндетін, мақсатын түсіндірді. Патшаның барған сайын қуанышы арта

түсті. Бір мезгілде ол: «Ей, Бейдауа! Сен менің ойымдағыны бұлжытпай орындапсың, атап айтсам тілегенім осы еді. Енді сен қалағаныңды сұра, тілегіңді айт!» - деп бұйырды. Сол арада Бейдауа патшаның бақытты болуын тілеп, шын ниетін білдірді де: «Ей, патшам! Байлыққа келсең, маған оның керегі жоқ, ал басқа киімнің бәрінен мына үстімдегіні ұнатам. Бірақ өзі рұқсат бергеннен кейін патшаға өз мұқтажымды айтпай кету де лайық емес шығар», - деді.

Патша: «Не қажетің бар, қандай керегің болса да орындалады», - дегенде, Бейдауа: «Кітабымды көшіртіп жаздыруыңызды сұраймын, ата-бабаларыңыз өз кітаптарын қалай көшіртсе, сіз де солай көшіртіңіз, барынша ұқыпты түрде сақтатыңыз, өйткені Үндістан жерінен мұны біреу шетке алып кете ме деп қорқамын. Парсылар естісе бұл кітапты ұрламай коймайды, сөйтіп ол ұшты-күйлі жоқ болады. Сонымен бұл кітап даналар үйінен1 шықпаса екен», - деп тілегін білдірді. Сонсоң патша Бейдауанын шәкірттерін шақырып алып, құрметті киім кигізіп, мол сыйлық берді.

Кейінірек бұл кітаптың хабары Қысрау Анушерван патшаға жетті. Ол ғылым және өсиет кітаптарын өте жақсы көретін еді. Сондықтан осы кітапты алып келуге дәрігер Барзуяны жібергенше, ішкен асы жүрегіне батпады. Ал Барзуя барлық әдіс-айласын қолданып, кітапты үнді елінен ұрлап алып келді де, парсы жұртының кітап қоймасына тапсырды.






1 Даналар үйі – Аббас қайымы халифалық еткен дәуірде кітапхананы немесе архивты осылай атайтын еді.



Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   27




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет