Сакен Жунисов. Жапандагы жалгыз уй



Pdf көрінісі
бет9/17
Дата17.12.2021
өлшемі1,65 Mb.
#102284
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   17
Байланысты:
(pdf) Cәкен Жүнісов — Жапандағы жалғыз үй.apk

БЕСІНШІ ТАРАУ 
Көз байлана бере батқан машина түн ортасы ауғанша ырылдап қақпанға түскен аңдай 
тырмысып,  біресе  артқа  шегініп,  біресе  алға  ұмтылып  жанталасқанмен  төрт  доңғалаққа 
желімдей  жабысқан  ми  батпақ  адымын  аштырмады.  Уақыт  озған  сайын  еңселі  ЗИЛ 
шөккен нардай ащылы жерге бата берді. 
Дерягин мен Халел күрек алып, алды-артына жүгіріп, жолдың қыртысын қырып, қара 
суға түсті. Маңайда колға ілігер дәнеме жоқ. Екеулеп жүріп жол жиегіндегі қалың қауды 
жалаңаш  қолымен  жұлып,  доңғалақ  астына  салады.  Бір  орында  зыр  айналған  доңғалақ 
тікенек қауды  көзді  ашып-жұмғанша  сазбен  жентектеп,  үгіп  жібереді.  Екеуі  тағы  жұлып 
әкеп салады. Бірақ одан да ештеме шықпайды. 


Осы  арпалыста  жүргенде  бір  рет  машина  доңғалағы  батпақтан  сынық  сүйем  босап, 
қатты жерге табан тірегендей болып еді. Дерягин газдан аяғын босатпай жанталасып баса 
түсті.  Машина  да  жақтауына  дейін  дір-дір  қалтырап,  ойбайын  салып  төрт  тағандай 
тырмысқанмен  болмады,  артқы  доңғалақтың  бірі  тағы  шыр  айналып,  алдын  оя  бастады. 
Дерягин  да  машинаны  сөндірместен  астына  салып  жүретін  май-май  фуфайкесін  жұлып 
алып  табанына  басып  тұрып,  екі  өңірін  дар-дар  айырды  да,  доңғалақ  астына  күректің 
басымен  нығарлап  тұрып  тықты.  Машина  тағы  да  жаны  шыға  ойбайлап,  алға  ұмтылды. 
Болар-болмас  кедергіге  тиген  доңғалақ, тал  қармағандай  сөл  әлденіп,  алға  жылжи  беріп, 
енді шығам, енді шығам деп тұрғанда ми батпақ екі өңірді бірдей қылғып, жұтып жіберді. 
Доңғалақ  тағы  да  бір  орында  зыр  қақты.  Алға  ұмтылған  машинамен  бірге  изеңдеген 
Дерягиннің  кең  кеудесі  желі  шыққан  көрікше  басылып,  сылқ  етіп  отырып  қалды. 
Доңғалаққа еңкейе қарап  «иә сәт, иә сәт!» деп, бір қарыс жылжыса қуанып, маңдайынан 
шып-шып  тер  шығып  тұрған  Халелдің  де  еңсесі  түсіп  кетті.  Енді  құтылармыз-ау  деген 
үмітті қоймалжың батпақ фуфайкемен бірге жұтып жіберді. 
Дала  көзге  түртсе  көргісіз.  Жауын  сабалап  құйып  тұр.  Моторы  сөнген  машина 
қайранда қалған кемедей дәрменсіз. Бағанадан бері тырмысып-тырмысып қорыстан шыға 
алмай титықтаған малдай сауырын жауынға тосып, бүрісіп ұйықтап кеткен секілді. 
Әшейінде  ағылып  жататын  машина  атаулының  бүгін  бірі  жоқ.  Әдейі  қырсыққандай, 
алдынан  да,  соңынан  да  ешқайсысы  кездеспеді.  Ашу  үстінде  отырған  Дерягин  темекіні 
бірінен соң бірін тұтатады. Тар кабинаның іші  қара ала түтін. Халел болса, үн-түнсіз ол 
отыр.  Осы  сәтсіздікке  жалғыз  өзін  кінәлап,  ләм  деп  аузының  жігін  ашуға  батылы 
бармайды. 
Дерягин  мен  Халелдің  бел  шешпей  рейсте  дамылсыз  жүргеніне  бүгін  қатарымен 
бесінші  күн  болатын.  Бұл  уақытқа  дейін  Халел  де  машина  жүргізуді  игеріп,  әжептәуір 
төселіп қалған. Қазір Дерягин екеуі рульге алма-кезек отырып, бірі жүргізсе, екіншісі жол 
бойы мызғып алады. Сөйтіп, күні-түні Тұғыржаптағы карьерден тас тасып, машинаны бір 
күн гаражға қойған емес. 
Бағана,  күн  батар  алдында,  совхозға  таяна  бергенде  трактор  бригадасына  тамақ 
таситын  арбадан  комбинезон  киген  біреу  түсіп  қол  көтерді.  Рульде  отырған  Халел 
машинаның қасына келіп тоқтатқанда бір-ақ таныды: 
– Тамара! 
–  Халел!  –  Тамара  өз  көзіне  өзі  сенбеген  адамдай  тесіле  қарап  басқышқа  секіріп 
шықты. Бұйрасы тарқай бастаған қою шашынан су сорғалап тұр. – Поздравляю! 
–  Рахмет!  –  Оның  рульде  отырғанын  Тамараның  бірінші  көруі.  Халел  баранкені 
құшақтай ұстап, тәжірибелі шоферлерше маңғаздана қарап, шынтағымен сигналды басып 
қалды. – Отыр. Довезу! 
Алпамсадай денесімен бір жағына жамбастай құлап, ұйықтап отырған Дерягин басын 
жұлып  алды.  Алғашқыда  қайда  тұрғанын  білмей,  терезедегі  сорғалап  аққан  жауын 


бүршіктеріне  қарап  ұйқысын  аша  алмай  отырды  да,  Тамараға  көзі  түскенде  ез-ез  боп, 
ұйып қалған денесін бірден жинап алды. 
– Ә, көгершінім! Отырыңыз. Халел, валяй давай! Қызға орын бер. Енді өзім... 
Халел ыңғайсызданып: 
–  Иә,  иә,  Тамара,  ішке  отыр,  –  деп  кабинадан  ата  шығып  кузовтегі  тастардың  үстіне 
барып отырды. 
Дерягин  Халелдің  орнына  жайғасты  да,  екінші  жағындағы  есікті  шалқасынан  ашып 
жіберді: 
– Прошу, қарлығашым! 
Бірақ  Тамара  ойламаған  жерден  Халелді  таң  қалдырды.  Машинаның  үстіне  секіріп 
шығып, оның қолтығынан ала иық тақастырып үнсіз отыра кетті. Бұл не? 
Дерягин  есі  ауып  қалған  адамша  мең-зең  боп,  біраз  отырды  да,  шыдай  алмай, 
басқышқа шығып, кузовке көз тастады. Желкесін бере, жауын астында қолтықтаса қалған 
екеуді  көргенде  іштегі  асау  арыстан  аласұрды.  Аузына  жаңа  салған  папиросын 
тұтатпастан  жерге  түкіріп,  сарт  еткізіп  кабинаның  есігін  жауып  алды.  Жұлқа  тартқан 
машина совхоз көшесіне кіргенше, ойлы-қырлы жермен құйындай ұшқан. 
Халел  бүгін  бір  кең  көсіліп  жатып  демалармыз  деп  ойлап  еді,  бірақ  ол  ойы 
орындалмады.  Сол  кеште,  сол  ашу  үстінде  Дерягин  тағы  да  жолға  алып  шықты.  Халел 
оған  қарсы  сөйлеуді  өзіне  намыс  көреді.  Үйіне  барып  апыл-құпыл  шай  ішті  де,  қайта 
аттанды. 
Бұл  жолғы  ұйықтау  кезегі  Халелдікі  болатын.  Совхоздан  шыға  бере,  бұйыға  түсіп 
қалғи  бастап  еді,  Дерягин  тағы  бір  өнер  бастады.  Жәшікшеден  көк  мойынды  шығарып, 
қырлы стаканға толтыра құйып қағып алды да: 
–  Ал,  мен  ұйықтаймын.  Карьерге  жеткен  соң  бір-ақ  оят,  –  деп  еңсеріле  түсіп  қисая 
кетті. 
Дерягиннің  қыр  көрсете  сөйлегенін  сезіп,  Халел  де  үнсіз  келісті.  Және  оның  үстіне 
Дерягиннің: 
– Егер жүргізуге әлің келмесе, жолдан шығып тоқтатарсың, торғайым! – дегені батып 
кетті. 
Жол  бағанағыдай  емес,  үсті-үстіне  төпеп  жауған  жауыннан  езіліп,  кей  жеріне  қақ 
тұрған.  Жүксіз  ЗИЛ  бас  білмейтін  асау  тайдай  бұлтақтап,  жолдың  екі  езуіне  алма-кезек 
соғылып  келеді.  Бұрын-соңды  сазды  жермен  жүріп  көрмеген  Халелдің  арқасынан  шып-
шып тер шықты. Әшейінде тақтай жолға салып қойсаң, гуілдеп зымырай беретін машина 
енді  жалтыр  мұздың  үстіндегі  қол  шанадай  тайғанап,  әлсін-әлсін  ауып  кетеді.  Талай 


күннен бері шала ұйқы боп, қажып жүрген Халелдің қары талып, біраздан соң бойынан әл 
кете бастады. Толқын аударған қайықтағы адамша дәрменсіз халге түсті.  Әйтсе де анда-
санда  көзіне  тығылған  ұйқыны  серпіп  тастап,  жауынды  күнге  тесіле  қарап,  бар  күшін 
жинап, ыңылдап ән айтып, сергіп те алады. Бірақ онысы ұзаққа бармайды. 
Өстіп  келе  жатқанда,  Халел  жолдың  бір  бұрылысында  аңдамай  ескі  сүрлеуге  түсіп 
кеткен.  Сүрлеу  жол  көп  ұзамай-ақ  үй  орнындай  ащыға  әкеп  бір-ақ  түсірді.  Табаны 
жылбысқы май балшыққа тиген машина шыр көбелек айналып барып, төбеге ұрғандай бір 
орында  ызыңдап  тұрып  қалды.  Бұдан  арғы  әрекеттен  түк  шықпады.  Алпамсадай  «ЗИЛ» 
екі-үш рет ышқынып, жұлқып-жұлқып қалды да, үні өшті. 
Ұйқысынан  оянған  Дерягин  Халелдің  орнына  отырып  көріп  еді,  ештеме  шықпады. 
Одан кейінгі әрекеттері жаңағы. Ақыры амалы таусылып, міне, үнсіз отыр. Халелдің өзін 
кінәлі адамдай санау себебі де осы. Егер Тамара кездеспесе, бүгін бұл халге ұшырамас еді. 
Бағанадан түнеріп отырған Дерягин дәл осы ойдың тұсында Халелдің ішіндегі сырын 
тап басқандай, орнынан ызбарлы көтеріле берді. 
–  Тұр  орныңнан,  –  деп  қысқа  ғана  әмір  етті  де,  отырғыштың  астында  жататын  ақ 
балтаны суырып алды. Қайың сапты балтаны алқымынан сығымдап ұстап, төне қарағанда, 
Халел жасқанып қалды. 
–  Соңғы  рет  ескертемін,  –  Дерягин  Халелге  тесіле  қарады,  –  Тамара  екеуміздің 
арамызға  араласуыңның  алды-арты  осы  болсын.  Ол  менің  әйелім.  Егер  басыңнан 
айрылғың келмесе, онда шаруаң болмасын. 
Дерягин  кабинаның  есігін  сарт  еткізіп  жапқанда  барып  Халел  бір-ақ  есін  жиды. 
Ұйқысы шайдай ашылып, терезеден тысқа қарап еді, ештеме көре алмады. Түпсіз қараңғы 
түн  Дерягинді  жұтып  қойғандай  үңірейіп  тұр.  Тек  кабина  қаңылтырына  тиген  жүз  мың 
тамшы ғана тысыр-тысыр етіп Халелдің жиі соққан жүрегіндей билейді. 
Халел жалма-жан тысқа атып шықты. Машинаны бір айналып түсіп, асты-үстіне үңіле 
қарады. Машина алқымына тығылған қоймалжың батпақтан басқа ештеме көрінбейді. 
– Вася, Василий! – Халел екі-үш рет ышқына айқай салды. Бірақ ешкім оған қайырып 
үн  қатпады.  Тағы  да  айқайлады:  «Вася,  Васи-и-лий!»  Жел  аралас  қара  жауын  даусын 
тұншықтырып, машинадан өрі асырмайды. Бағанадан бері тері басылып, бойы тоңазыған 
Халел жауын астында біраз айқайлап тұрды да, денесі суық жауыннан тітіркеніп қайтадан 
кабинаға кірді. 
Далаға  қарағанда  кабина  іші  жып-жылы,  Халел  аздан  соң  маужырап,  буын-буыны 
талып  қалғи  бастады.  Бірақ  ұйықтай  алмады.  Оның  құлағынан  жаңағы  Дерягин  айтып 
кеткен сөз шықпай қойды.  «Тамара менің әйелім». Түсіндің бе? Онда шаруаң болмасын! 
Қалайша?  Шынымен  Тамара  Дерягиннің  әйелі  ме?  Онда  неге  бірге  тұрмайды?  Әлде 
айрылысқан ба? Егер олай болса, Тамара неге ол туралы айтпайды? Неге жасырады? Әлде 
өткен  істі  жаңғыртқысы  келмей  ме?  Жоқ,  мүмкін  емес.  Тамара  әйел  адамға  мүлдем 


ұқсамайды. Бірақ... бірақ әйел адамға неге ұқсамайды деймін. Әйелдің маңдайына басқан 
таңбасы  бола  ма,  мүмкін  әйел  шығар.  Жоқ,  жоқ,  мүмкін  емес.  Ал,  солай  болған  күнде 
менің не кінәм бар. Бар жазығым Тамарамен сырлас, ең жақын жолдасы болып жүргенім 
бе.  Иә,  мен  бар  болғаны  жолдасымын  ғой.  Әлде  жігіт  пен  қыздың  жолдастығы  сырт 
адамға ерсі көріне ме екен. Ә, мейлі, жұрт не десе, о десін, өз көңілімнің ақтығы өзіме аян. 
Ай,  әйтсе  де  мен  аңғармай  жүрген  шығармын.  Шынында  да  Тамара  сүюге  де,  өмірлік 
жолдас болуға да жарайтын қыз. Адамды еріксіз баурап әкететін ғажап бір күш бар өзінде. 
Күш.  Бірақ  сиқыр  емес.  Мен  өзім  қыз  баласының  қасиетін  осы  Тамарамен  танысқаннан 
бері біле бастадым. Өйткені ол ақ жарқын ғой. Өтірік қылымсу не тәлімсу жоқ. Тіпті өзің 
біле бермейтін кейбір жайларды әңгіме еткенде бүкпесіз ашық мінезіне іштей ырза болып 
отырасың.  Сынай  сөйлемейді,  шынын  айтып  ақтарыла  сөйлейді.  Бірақ  олай  болса, 
Дерягин туралы маған неге айтпады екен?.. 
Ұйқы  меңдеп  бұйығып  отырған  Халел  осы  ойдың  тұсында  елегізіп  басын  көтеріп 
алды. Құлағына алыстан тоқылдаған дыбыс келді. Жауын астында еміс-еміс естіледі. Бұл 
не болды екен? Балта үні  – мынау Василий ғой. Ол не шауып жатыр? Бұл маңда не бар 
еді? 
Халел  тысқа  шықты.  Жауын  әлі  құйып  тұр.  Бұл  қай  түс?  Шамасы  сабалақ  қопаның 
тұсы болу керек... 
–  Масқара...  Қап!..  Халел  балта  дыбысы  шыққан  жаққа  қарай  жан  ұшыра  жүгіре 
жөнелді.  «Василий!  Вася»  деп  ұшып  келеді.  Жүгірген  сайын  «сен  жеткенше  мен  де 
шаруасын бітірем» дегендей балта шыңылдап, өршелене түседі. Халелдің жүрегі ме, аяғы 
ма, балта ма, әйтеуір бүкіл дүние дүңкілдеп кетті. 
«Сабалақ қопаның» бергі қырында атам заманнан бері тұрған қартайған жалғыз қайың 
болатын.  Жергілікті  халық  мұны:  «Киелі  ағаш,  пышақ  тигізсең  қан  шығады,  кескен 
адамның үрім-бұтағы құриды, өспейді», – деп аңыз ететін. Содан ба, әйтеуір жапан түздегі 
осы  жалғыз  ағаш  қыз  бетіндегі  жалғыз  меңдей  жолаушыға  нысана,  белгі  болып  тұра 
беретін. Енді, міне, сол ағашты Дерягин құлатайын деп жатыр. 
Халелге  жалғыз  ағаш  кейінгі  жылдары  өте  ыстық  көрінеді.  Осы  арамен  өткен  сайын 
алыстан мұнартқан ақ қайың көзіне оттай басылып, оның селдір бұтақтарының арасында 
ағасы Жәлел отырғандай сезіледі. Халел дәйім Жәлелді есіне түсіретін-ді. Енді, міне... 
Дерягин  тыңға  келгелі  көресіні  осы  бір  «боқмұрын»  Халелден  көрді.  Тамара  екеуі 
кездесе  қалса-ақ  ертегідегі  ғашықтардай  сағынып  табысады.  Тым  құрымаса  иық 
теңестіруге жарайтын өзіндей еңгезердей, қомақты жігіт болса бір сәрі. Былай қарағанда 
тартысуға  да  тұрмайтын  көзге  қораш  баланың  мысы  басып  кеткеніне  Дерягиннің  қаны 
қайнайды.  Кейде  оған  шынын  айтып,  ағынан  жарылайын  деп  оқталса  да,  шынашақтай 
баланың  алдында  мүләйімсуге  намыстанады.  Бірақ  одан  да  ештеме  шығатын  емес. 
Тамараның бүгінгі қылығы жүрегіне қара пышақ сұғып алғандай мүлдем түңілдірді. 
Осы  уақытқа  дейін  Халелге  қыз  жайлы  сөз  етудің  өзін  артық  көруші  еді.  Бірақ  ол 
шыдамы  да  таусылып,  жаңа  барын  айтып  салды.  Шынында  да  Дерягиннің  өне  бойы 


қалтырап, дірілдеп кеткен. Егер Халел сол арада қарсылық білдіріп аузының жігін ашса, 
бір  сойқанның  болатынына  шәк  жоқ  еді.  Бірақ  қарсы  адамның  үндемегенінің  де  жанға 
бататыны бар. Шымырлап қайнаған ашу сыртқа шықпай, ішті өртейді. 
Міне, жауын астында жалғыз ағашты тауып алған Дерягин бойындағы бар ашуын кәрі 
қайыңнан  алды.  Ниеті  –  жалғыз  ағашты  құлатып,  машинаны  батпақтан  шығарып  алу 
болса да, ұрынуға қара таба алмай тұрған жігітке бұл да демеу болды. Жапанда жалғыз өзі 
әлденемен  айқасқандай  сілтей  берді.  Әлі  қайралмаған  жаңа  балта  шақ-шақ  етіп,  қақ 
ағашқа бойлай алмаса да, ашулы жігіт бар пәрменімен шауып, жуан қайыңның бір бүйірін 
үңгіп барады. Тоқтаусыз шаба берді... 
Жүрегі  аузына  тығылып,  алқына  жеткен  Халел  сөзге  келместен  көтеріле  берген 
балтаға жармаса кетті. Алғашқыда сасып қалған Дерягин бұл ісін басқаға жорып, балтаны 
ағаштың  түбіне  тастай  берді  де,  баланың  алқымынан  ала  түсті.  Бұрын  қарсылық 
көрсетпеген  адамға  қол  көтерудің  ретін  таба  алмай  жүрген  Дерягин  енді  аянбады. 
Халелдің жағасынан бүрістіре ұстап, өзіне қарай жұлқи тартты да: 
–  Сен  боқмұрын,  қыз  сүю  ғана  емес,  төбелесуді  біледі  екенсің  ғой,  –  деп  қақ 
шоқпардай жұдырығымен Халелдің жағынан сарт еткізді. 
Нәзік  бала  шылқылдаған  қалың  қауға  мұрттай  ұшты.  Бірақ  ет  қызумен  тәлтіректей 
басып қайта тұрды да, балтаға қарай ұмтылды. Ойы балтаны құлашы жеткен жерге дейін 
лақтыру еді. Бірақ Дерягин мұны да басқаша ұқты. Халелді балтаға жеткізбей ұстап, тағы 
да ұрып құлатты. Бұл жолы Халел қайтып тұра алмады. Еңгезердей жігіт оның өңменінен 
басып тұрып: 
–  Сен  мені  балтамен  өлтіргің  келеді,  ә,  көгершінім.  Еще  нос  недорос!  –  деп  мытып 
жіберді. 
–  Вася,  ағашты  шаппашы,  –  деді  Халел  тілі  күрмеліп.  Бұдан  әрі  басы  зеңіп,  ештеме 
айта алмады. 
–  Ағаш  түгіл,  сенің  басыңды  шабу  аз  әлі.  Енді  сен  менен  даланың  ағашын  да  аяйын 
дедің бе? 
Дерягин  тістенген  күйі  балтаны  алып,  жуан  қайыңның  екі  жағын  алма-кезек  кертіп, 
сілтей  берді.  Халел  бұдан  әрі  ештеме  естімеді.  Соңғы  сөзінен  кейін  көзінің  алды 
қарауытып,  бүкіл  жер  айналып,  дыңылдап  кетті.  Тек  жалғыз  ағаш  қана  мұңын  шағып, 
сыбырлағандай болды. 
Иә, оның көңілінде жапандағы жалғыз қайың сөйлеп, сыбырлап тұрды. Халел көзінен 
жасы сорғалап, тыңдап жатты: 
«Халел, сен мені көрген сайын көзіңе жас аласың. Білемін. Туыс жолы бір бөлек. Бірақ 
тумақ бар да, өлмек бар. Біреудің өлімі оттан, біреудікі судан. Бүгін, міне, маған да ажал 


жетті. Өкінбеймін. Әлі де бір кәдеге жарасам, сол жетеді. Сен мені арашалап алып қалмай-
ақ қой. Тек тыңдай бер, Жәлелдің жайын мен саған түгел айтып кетейін. Тыңдай бер. 
Сол жылғы март айы – боранды ай болды. Бұл өңірде март айында ұдайы боран соғып, 
көзді аштырмай алай-түлей түтеп тұратын ежелгі әдеті ғой. Әйтсе де сол жылғы боранның 
ұсқыны бөлек, төтенше еді. 
Қас  қарайған  мезгіл  болатын.  Түс  ауа  басталған  жаяу  борасын  бұл  кезде  көтеріліп, 
жапанды  кезіп  ысылдап  құтырынып  алды.  Менің  селеу  тартқан  селдір  шашымды  өткір 
жел қайта-қайта жұлқылап дудыратып жіберді. Кәрі арқамды қайыстырып, теңсеп-теңсеп 
қояды.  Сонда  да  бораннан  еңсем  биік  еді.  Осынау  жалпақ  өңірге  ақ  тозаңның  үстінен 
қарап тұрғам... 
О,  жасаған,  сол  бір  түнді  есіме  алсам-ақ  бүкіл  тамыр-тамырым  солқылдайды.  Мені 
әлдилеп,  тамырыма  нәр  беріп  өсірген  аяулы  жер  де  менімен  қоса  тебіреніп,  солқылдап 
жылағандай  болады.  Құндақтағы  сәбидей  мен  де  егілем.  Қазір  менің  қартайған  шағым. 
Көктем  шыға  екі  бұтағым  ғана  көгеріп,  жапырақ  жаяды.  Сол  жапырақтарым  әлгі  бір 
сұмдық түнді есіме алған күні, ертеңінде сарғайып үзіліп түседі. Енді мен сол түнді саған 
түгелдей айтайын. Саған ауыр тиетінін білем. Бірақ айтып кетуге қарыздармын. Себебі, ол 
жайында осы жалпақ  жонда менен басқа білетін ешкім жоқ. Иә, қас қарайып, ел орынға 
отырған мезгіл еді. Сонау алыстағы ауылдардың оты болмашы жылтырап тұрған. Біраздан 
соң олар да біртіндеп көздерін жұмып, жапан түз қайтадан үңірейіп, есіз тартты. Бүкіл ен 
даланы,  сай-сала,  қойнау-қойнауды  кезіп,  ұйтқыған  боран  ғана  емін-еркін  асыр  салып 
ойнақтайды.  Бір  мезетте  ақ  түтек  боран  астында  Сабалақ  қопаның  бауырынан  бері 
қыбырлап  шыққан  шаналы  біреу  көрінді.  Жалғыз  жолаушы.  Түн  қатып  келе  жатқан  ол 
сенің ағаң Жәлел-ді. Бетке сабалап соққан желге қарсы жүрісі шабан. Болдырған ат аяғын 
санай басып, ілбіп келеді. Алдамшы боран кейде сәл толастағанда, шана үстіндегі адам да 
анық көрінеді. Тіпті шана соңында келе жатқан иттері де бар. 
Иә,  мен  алғашқыда  осылай  жаңылдым.  Бақсам,  ит  дегенім  дала  бөрісі  екен.  Қысқа 
жүндері  түлеп,  жонданып  алған  азулы  қасқырлар  жалғыз  атты  жолаушыны  басынып 
алды-артын орай бастады. Боранмен бірге асыр сап, бірде шананы жанай өтсе, бірде тұп-
тура  ағып  келеді  де,  жолаушының  қамшысынан  сескеніп  кілт  бұрылып,  омбы  қарға 
омақаса құлайды. Бірақ соның бәрі олар үшін ойын секілді. 
Енді бірде екі қасқыр қатарымен ойқастай шауып аттың алдынан шығып шегіншектеп 
тұрды да, тайдың тұяғындай жалпақ табандарымен қарды бұрқыратып шаша бастады. Қар 
емес, жолаушыға  ажал шашып  тұрғандай. Бағанадан қыбырлап келе жатқан ат та төбеге 
ұрғандай мелшиіп тұрып қалды. Боран ішіндегі шаналы адам әп-сәтте түк көрінбей, аппақ 
құйынның  арасында  жоқ  боп  кетті.  Одан  арғысын  көп  уақытқа  дейін  байқай  алмадым. 
Ішін  тарта  уілдеген  асау  жел  тағы  да  ышқына  көтеріліп,  мидай  даланы  да  сапалақ  қарға 
көміп жіберді. Қолға түскен жалғыз адамды тәлкекке салып, бүркеп тастаған есірік боран 
біраз  уақытқа  дейін  жасырып,  көзден  тасалап  тұрды  да,  ал  енді  көре  ғой  дегендей  әр 
жерінен бой-бой боп сөгіліп аздан соң жыртиып тағы ашылды. Мен буын-буындарымды 
ұстай  алмай,  теңселіп  кеттім.  Жалғыз  адамның  тағдырына  қарап  тебіреніп,  бас  шайқап 


егіліп  тұрдым.  Лағнет  жауғыр  дала  тағысы  болдырған  дәрменсіз  жануардың  төрт  аяғын 
көктен  келтіріп,  қарнын  ақтарып  сапты,  үйірлі  қасқыр  аш  кенедей  жабысып,  жылы  етті 
қомағайлана  асап  жатыр.  Ал  Жәлел  болса,  қалың  қарды  омбылап,  бір  жығылып,  бір 
тұрып,  маған  қарай  ұшып  келеді.  Артына  да  қайырылып  қарауға  мұршасы  жоқ,  тек 
алдында қарайған менен пана іздеп, жанталасады. Осы бір қарға адым жер оған үлкен бір 
өмір өткеліндей. Қазір, міне қазір сол өткелдің омыртқасы үзіліп, терең бір тұңғиық құзға 
құлап  кететіндей,  екі  қолы  ербеңдеп,  адымдай  түседі.  Міне  жеттім,  енді  жеттім  дей 
бергенде,  тұмсығын  жылы  қанға  тыққан  қасқырлардың  бірі  басын  көтеріп  алып,  осылай 
қарай  оқша  атылды.  Тағы  бірі  шықты  соңынан.  Ақ  боранның  ішінде  кебінін  сүйреткен 
тажалдай азуын ақситып әлгіндей болмай жетіп қалды. 
Мен өз дәрменсіздігіме бірінші рет күйіндім. Әттең, аяғым жоқ. Менен пана іздеп келе 
жатқан  адам  баласына  қарай  жүгірер  едім.  Тезірек  қол  ұшын  берер  ем.  Қағып  алып 
иығыма  қондырар  ем.  Әттең,  аяғым  жоқ.  Ал  жолаушы  болса,  екі  қолы  ербеңдеп,  барын 
салып, жанталасты. Мен бұтағымды созып иіліп, құшағымды жайдым. «Жүгір, жүгіре түс, 
енді бір-екі аттасаң, жетесің», – деп бар бұтағым соған қарай ұмтылып, жел өтінде шулап 
тұрды. 
Жоқ, шулап тұрған жоқ, аянышты үнмен жылап тұрды. Сонау ойдағы ордалы қасқыр 
әлгіндей  болмай  аттың  орнын  жып-жылмағай  етіп,  бері  қарай  өре  шапқанын  көргенде 
Жәлелдің ендігі тағдыры да сол аттың халіндей елестеп кетті. 
Жоқ, адам қолы ілікті бұтағыма. Бірақ қан сорпа боп шаршап-шалдығып жеткен адам 
қолы  бұдан  екі-үш  жыл  бұрын  бойынан  жан  кетіп  қураған  қу  бұтаққа  ілігіпті.  Қанша 
ауырлағанмен  мықшия  көтеріп  бағып  ем,  болмады,  сықыр-сықыр  етіп  барып  кәрі  бұтақ 
шорт үзілді. Адам құлап түсті. Жан дәрменде атып тұрып тағы да созылып еді, бұл жолы 
биік бұтаққа қолы әрең жетті. Қайта-қайта тартылды. Бірақ өз денесін өзі көтеруге мұрша 
жоқ. Салбырап тұр. Неге ғана бұтақтарым төмен болмады екен деп күйіндім. 
Тап осы кезде дәу арлан да жеткен. Қанша дәрменсіз болғанмен адам баласын келе бас 
салуға батылы жетпей, ағып  өтіп қайта бұрылды. Екінші  жолы желкесі  күдірейіп, аузын 
арандай ашып тұра шауып еді, бағанадан бері есі шығып шешуге де мұршасы болмай келе 
жатқан  Жәлел  үстіндегі  қара  тұлыбын  сыпырып  тастап,  ақтық  күшімен  көтерілгенде, 
кеудесі  тиді  бұтаққа.  Осы  мезетте  қаптап  жеткен  ақ  кебінді  бөрілер  тұс-тұстан  арылдап 
кеп, төменде жатқан тұлыпты бас салды. Дар-дар айрылған жұмсақ тері жапырақ-жапырақ 
бөлініп, өр ауызда кете барған. 
Бірақ  қасқырлар бір атқа қанағаттанып, ұзай қоймады. Қайта ажал аузынан құтылған 
адамға  ызалана  түскен  секілді.  Биікке  шалқая  қарап  аласұрды.  Бір  орында  тағаттамай, 
үйіріле  соққан  долы  боранмен  бірге  шыр  көбелек  айналады.  Қайсыбірі  іші  күйгендей 
айнала шауып келеді де, дәл түбіме тұрып алып, аяғымен қар боратады. Енді бірі өшімді 
былай  алайын  деп  мазақтағандай,  аяғын  көтеріп  тұрып,  балтырыма  сарып  кетеді. 
Кейбіреуі  анадай  жерге  барып  шоңқиып  отырады  да,  тұмсығын  аспанға  көтеріп,  ішін 
тартып ұзақ ұлиды. Анда-санда алыстағы төбелердің бауырынан дала бөрілері бұған әлсіз 
уілдеп үн қатады. Тек бәрін бастап жүрген кәрі тарлан ғана қалың қардың үстінде сұлай 


түсіп,  басын  екі  аяғының  арасына  тығып  қанталаған  қызыл  көзінің  қиығымен  аңдып 
жатыр.  Тырп  етпейді.  Жәлел  болса  қымтана  түсіп  отыр.  Тым  болмаса,  тұлыбын  да  ала 
алмай  қалды.  Уілдеген  жел  өтінде  пана  таба  алмай  бұтаққа  жабыса  түседі.  Қырауытып 
шаңытқан бұтақ не пана болушы еді. 
Иә, жапырақ демекші, менің есіме өткен бір оқиға түсті. 
Бұдан бес-алты жыл бұрын, Халел, есіңде ме, Жәлел, Ақбөпе үшеуің шілдеде арбамен 
жидек тердіңдер ғой. Сен онда кішкентай бала едің. Ақбөпе де әлі аузынан мәйегі шыққан 
бүлдіршіндей  жас  қыз  болатын.  Сен  жидектің  қызығына  түсіп  қалың  шөптің  арасында 
жатып ап, біресе аузыңа, біресе тобатайыңа салып жүргенде, Жәлел мен Ақбөпе бірін-бірі 
қуып  ойнап,  маған  қарай  жүгірген.  Ақбөпе  Жәлелден  бұрын  жетіп,  бұтақтан  бұтаққа 
тиінше  секіріп,  жоғары  қарай  көтеріле  берді.  Анда-санда  төмен  қарап,  соңынан  келе 
жатқан  Жәлелге:  «Тез-тез  бассаңшы  аяғыңды,  өзің  шабан  екенсің  ғой»,  –  деп  аппақ 
маржандай  тістері  ақсиып  сықылықтап  күледі.  Жәлел  болса,  шалқалай  қарап:  «Жетеді 
енді,  тоқта,  басың  айналады»,–  деп  өрлеп  келеді.  Бір  кезде  «ой!»  деп  Ақбөпе  жуан 
бұтақтың біріне отыра кетті. «Не болды» деп көзі шарасынан шыққан Жәлел жан ұшырып 
Ақбөпеге  жетті.  Ал  Ақбөпе  болса,  жас  балаша  бұртиып  «өзің  кісіні  асықтырасың»  деп 
тізесін сипап отыр. Мап-майда мінсіз тізенің үстін бірдеме сызып кетіпті. Болмашы ғана 
қан көрінеді. Жәлел  «байқасаң етті» деп еңкейе берді  де,  аппақ тізені  қайта-қайта сүйді. 
Тап сол кезде сен де келіп, төменнен қарап тұрғаның қайда, Халел.  Онда мен қазіргіден 
биік ем. Қалың жапырақтарымды жерге қарай төгіп жіберіп, осынау өңірге сылана қарап 
тұратын  аппақ  сұлу  қайыңның  өзі  едім.  Әсіресе,  ең  биікке  шығып  екі  жас  құшақтасып 
отырғанда  мені  сырттан  қарасаң.  Менің  кемеліме  келіп  арудай  бой  түзегеннен  бергі  ең 
сұлу, көрікті кезім сол бір шақ болу керек. 
Енді,  міне,  сидиған  тарбақ  бұтақ  жылусыз  селтиіп,  Жәлелді  бір  түн  сақтауға  жарай 
алмай тұр. Жәлел көпке дейін аяқ-қолын қозғап, қалайда үсімеудің шарасын көздеп отыр 
еді,  біраздан  соң  одан да  қалды.  Жалпақ  белдігімен  өзін-өзі  маған  байлап,  айыр  бұтаққа 
атша  мініп  отырған  қалпы  қалғып  кетті.  Анда-санда  шошып  оянады.  Оянады  да,  далаға 
қарап қайта қалғиды. 
Қыс  түні  қандай  ұзақ.  Әсіресе  асыға  күткенде  түн  көрпесін  қалың  бүркеніп, 
томсырайып түнеріп тұратын әдеті емес пе. Ұзақ түн міз бақпай жатып алды. 
Әлден  уақытта  барып  түн  көрпесі  де  түріліп  шығыс  жақтан  ала  сәуле  көрінді.  Осы 
кезде ысылдай соққан боран да толастап басылған. Таң сәулесі бірте-бірте биіктеп аспанға 
мол жайылып келеді. Алағаншық жаяу сырғыма да түні бойы тынымсыз соққан ақ сапалақ 
боран  орнын  сылап-сипап,  шетсіз-шексіз  ұзын  жыландарша  қатар  түзеп,  батысқа  қарай 
ирелеңдей  шұбатылып  кетіп  жатыр.  Көшіп  жатыр.  Алыстан  ауыл  иттері  жылы  қораның 
ішінен бір-екі рет маңқ етіп тұншыға үрді. Біз де ояндық деп хабар бергендей. Сонау сай 
жиегінде қалқиған үйлердің төбесінен жіптіктей сұйық түтін көрініп, лезде қоюлана түсті. 
Уақыт  өткен  сайын  ауыл  маңында  адам,  мал  даусы  шығып,  шыңылтыр  қар  сықырлай 
бастады.  Ел  орнынан  тұрды.  Шығыс  жақ  аспан  беті  қара  қошқыл  сәуледен  күреңітіп 
барып, әлден уақытта қызыл арайға малынды. Қылт етіп отты күннің маңдайы да көрінді. 


Сонда ғана торуылдап жатқан салбөксе қасқырлар кебіндерін сүйретіп, жылысып кете 
бастады.  Әуелі  аяңдай  басып  еріншек  жылжыған  дала  бөрілері  бір  қыр  асқан  соң  ғана 
сөлеңдеп жеңіл жортаққа ауысып, қаралары өшті. 
Сол  таңда  қып-қызыл  боп  арайлап  шығып  келе  жатқан  алтын  табақ  күн  де  маған 
бұрынғыдан ерекше көрінген. Бар бұтағыммен иіліп, оған тәжім етіп тұрдым. Қуанышым 
қойныма  сыймай:  «Тұр,  Жәлел,  тұр.  Оян.  Мен  сені  бөрілердің  азуынан  сақтап  қалдым. 
Әттең  оларды  қуа  алмадым.  Оларды  қуған  күн.  Қарашы  әне,  күн  шығып  келеді.  Қандай 
әдемі. Ауыл да оянды. Тұр енді, Жәлел, әне ауылың да тиіп тұр. Үйіңе бар. Тұр»,– деймін. 
Бірақ, Жәлел оянбады. Ол мәңгі ұйықтап кетіпті». 
Су қауданда жатқан Халел басын оқыс көтеріп алды. Кәрі қайың ащы сықыр етіп, бір 
жамбасына  қарай  дүңк  етіп  құлады.  Мең-зең  болып,  ағасының  өлімін  еске  алып  жатқан 
Халелге  жалғыз  ағаштың  басында  отырған  Жәлел  де  қазір  бірге  сылқ  етіп  құлағандай 
сезілді.  Бірақ  оны  Дерягин  қайдан  білсін,  қарт  қайыңның  бұтақтарын  балтамен  отап 
түсірді де, қолтығына сыйғанша алып, дырылдата жөнелді. 
Тек  машинаға  жете  бергенде  ғана  Халел  маған  «ағашты  шаппа»  дегендей  болып  еді. 
«Онысы несі» деді іштей. Бірақ қайтып оған оралған жоқ. 
Ал  Халел  болса  көзінен  жас  парлап  келеді.  Олай-бұлай  машинамен  өтіп  жүргенде 
алыстан бұлдырап көрінетін жетім ағаштың ұшар басына қарап:  «Жәлел, мені көрдің бе, 
мен  шофермін,  жұмыс  істеп  жүрмін»,–  деп  іштей  үн  қатушы  еді.  Ағаш  басында  дәйім 
Жәлел  отырғандай  көрінетін.  Енді  қу  бұтақты  сүйретіп  келе  жатқанда  күнде  алыстан 
көретін Жәлелімен біржола қоштасқандай болды. Енді ол жоқ. 
* * * 
Таң  сәріде  келген  Халел  күн  көтерілгенше  тұяқ  серіппей  қатып  ұйықтап  жатыр  еді, 
бетіне  мұздай  су  тигендей  тітіркеніп  көзін  ашып  алды.  Басында  Ақбөпе  отыр.  Қолында 
суға малған мол шайы орамал, қалың қою шашы бір жақ иығына төгіліп, үлкен бота көзі 
мөлдіреп,  аянышпен  қарап  отыр.  Халелдің  көзінің  алдындағы  ісікті  орамалмен  қайта 
басты да: 
– Тұр, Халел, жұмысқа баратын уақытың болды, – деп естілер-естілмес сыбырлады. 
Халел  басын  көтерді.  Ісіктен  бе,  ұйқыдан  ба  –  көзі  жұмыла  береді.  Күн  сәулесі 
құйылған  тапал  терезеге  қарап  еді,  түнгі  жауын  ашылып,  дала  сергіп  қалған  екен. 
Аспандағы  ала  бұлт  жарықтан  қорғалаған  тарақандай  тым-тырақай  қашып,  жөңкіліп 
барады. 
Өкшесін қадай басып үйге Қарасай кірді. Түксиіп есік алдынан бері аттамай тұр. Үнсіз 
қалған Халелге бір, Ақбөпеге бір қарады да, аузынан жіп шұбатып тастағандай сыр еткізіп 
пешке  қарай  сыздықтата  түкірді.  Халел  де  көзінің  астымен  арбасып,  «құлағым  сенде» 
дегендей түнеріп отыр. 


– Өзіңді өлімші ғып сойған екен, бәлем саған сол керек, – деп Қарасай көзін тайдырып 
әкетіп,  қалтасынан  шақшасын  алды  да,  ерніне  жарты  уыс  насыбайды  сала  беріп,  «жас 
отаудың» отына май құя салды. – Ана бір шашы жалбыраған сары сайтанмен әмпәйлығың 
ұнамап еді, ақыры осыған әкеп соққан екен. Бұл аз әлі. Әлі далада өлігің қалады сенің. 
Ақбөпенің  айшық  қасы  дір  етіп  орнынан  тұрып  кетті.  Халел  үнсіз.  «Апырау, 
Дерягиннің ұрғанын қайдан естіп қойды?» 
– Өлетін бала молаға қарай қашады демекші, тұзшының итіндей ілесіп, бір машинаға 
таласып,  жабысып  жүрсің.  Сондағы  бір  айлық  табысың  бір  базардан  түскен  түсімге 
жетпейді.  Ата  тегінде  сендей  намыссыз  ешкім  жоқ  еді,  кімге  тартып  қор  боп  тудың. 
Айтпайын деп-ақ жүр ем. Түнеугүні  бар  малды қасқырға  жегізіп, айдалада жалбыр шаш 
періқауыммен  есің  шығып  жүргеннен-ақ  сезгем.  Ақыры  сол  үшін  совхозға  жұмысқа 
кірдің. Ақбөпе кімнен кем. 
Көзім  тірі  тұрғанда  бұлай  басындырмаймын.  Сен  керексіз  етті  деп,  біз  керексіз  ете 
алмаймыз. Тұрады екенсің – совхозға баруыңның алды-арты осы болсын. Барады екенсің 
– бір жола кет. Ақбөпеге де рұқсат бер. 
Қарасай жұлын тұтып шығып кетті. 
Халел  бетінен  басып  отыр.  Ақбөпенің  алдында  не  деп  ақталарын,  немен  арыларын 
білмейді.  Бірақ  ақталудың  қажеті  қандай?  Әттең,  Ақбөпе  Халелдің  Жәлел  үшін  таяқ 
жегенін білсе?.. Не істеу керек? Бәрін тастап оқуға кету керек пе? Сонда құлағы тыныш 
болар  еді.  Халел  Ақбөпенің  жүзіне  қарай  алмай,  жасқаншақтай  беріп  еді,  жеңгенің  өзі 
тілге келді. 
–  Халел,  тұр,  жуынбайсың  ба.  Тамағыңды  іш.  –  Тіпті  даусы  да  өзгерген  жоқ. 
Сыңғырлаған қалпы. 
Халел тамақ ішіп отырып күңк етті: 
– Енді жұмысқа бармаймын, – мұнысы әлгілерді жуып-шаю еді. 
Ақбөпе күліп жіберді: 
–  Ол  не  деген  сөз.  Бетіңдегі  таңбадан  ұялып  отырсың  ба?  Ештеме  етпейді.  Ертең-ақ 
басылады. Қане тездет. Жұмысыңа бар, – деді де бір шыны сүт, май, нан орап салған ескі 
портфельді есік алдына қоя берді. – Тағы да тас тасисыңдар ма? 
–  Иә,  күзгі  егінге  дейін  тас  тасимыз,  –  деп  арқасы  кеңіп  орнынан  лып  етіп  тұрған 
Халел жолдағы портфельді іліп алып тысқа шықты. 
Орайы келді деп, Халелдің ұрылғанын жебеу етіп Қарасай совхоз кеңсесіне дігірді сала 
кірген: 


–  Жолдас  Моргун,  бұл  не  бассыздық?!  Кімді  басынасыңдар?  Баламды  жұмысқа 
берсем,  таяқ  жесін  деп  бергем  жоқ.  Көгала  қойдай  ғып  сабайтындай  оның  жазығы  не?! 
Бүгіннен бастап Халелді босатыңдар. 
Моргун түсінбей қалды. 
– Ол не, ақсақал? Не жөнінде айтып тұрсыз? Түсіндіріңізші, дұрыстап. 
–  Қарамағыңдағы  адамдарыңды  білмейсің.  Оның  не  түсінетіні  бар.  Халел  соққыға 
жығылып  үйде  жатыр.  Таңертең  не  болса  да  ана  қасындағы  жігіттен  келді.  Мейлі  оны 
түтіп  жесеңдер  де  өздерің  біліңдер.  Менің  айтарым,  енді  Халел  жұмысқа  шықпайды, 
шаруаларың  болмасын,  –  деп  Қарасай  шыға  бергенде  Райхан  кірді  ішке.  Қарсы  келген 
Райханды  киіп-жарып  өте  алмай  кейін қағылған  Қарасай  алғашқы  қарқынынан  айрылып 
кібіртіктеп қалды. 
– Бұл не айғай! – деп Райхан орнына барып отырғанда ғана күмілжіп тілге келді. 
– Совхоз, совхоз деп Халел үйде отыра алмай жұмысқа тұрып еді. Совхоздарың мынау 
болса,  жетіседі  екенбіз.  Бір  ай  болмай  жатып  көрінгеннен  таяқ  жесе,  ертеңгі  күні  бір 
шұңқырда өліп қалмасына кім кепіл. 
Райхан салқын жүзбен сызданып отырды да: 
–  Сіз  совхоздың  болашағы  үшін  қам  жемей-ақ  қойыңыз.  Балаңызды  жұмыстан 
алғыңыз келсе  ешкім қолыңызды қақпайды. Ал енді  оның кімнен таяқ жеп, соққы көріп 
жүргенін  білейік.  Алдын  ала  апшыңыз  қуырылмасын.  Бізде  одан  басқа  да  жұмыс  жоқ 
емес. Бара беріңіз, – деп кеңседе отырған бір жұмысшыға бұрылды. 
Бұл кезде Халел кешегі  жауында салтақ-сұлтақ батпақ болған  гараждағы машинасын 
жуып  жүрген.  Путевка  толтырып  шыққан  Дерягин  оның  ту  сыртынан  келді,  бір  жақ 
шекесін шүберекпен байлап алған – жаралы Халелден іштей ұялса да, бағана Қарасайдың 
келіп кеткені есіне түскенде зығыры қайнады: 
–  Сен  немене  үйіңе  шағым  етіп  жүргенің.  Қиратарсың.  Сендейлердің  талайын 
көргеміз,  –  деп  қасынан  күжірейіп  өте  берді.  Халел  «шағым  етіпсің»  деген  жалаға 
намыстанып  өртеніп  кете  жаздады.  Бірақ  ештеме  демеді.  Кешегі  соққыдан  тамыры 
қызарып қанталаған зәрлі көзімен ызалана қарады. «Әттең кішкентаймын, әлім жетпейді. 
Шіркін-ай!»  деп  іші  қазандай  қайнайды.  –  Ал,  көгершінім,  менімен  жүру  бұдан  былай 
тіпті қауіпті болуы мүмкін. Кім біледі. Ертерек жылы орын тауып алғаның дұрыс болар. 
Халел бар өшін машина капотынан алардай, су  шүберекпен ысқылап жүр.  «Көрерміз 
кезінде». 
– Дерягин, Талжанов, – деді жаңа Райхан жіберген жұмысшы келіп, – сендерді кеңсеге 
шақырып жатыр. 
– Кім ол? – деп Дерягин кабинадан басын шығарды. 


– Моргун, Райхан Сұлтановна. Сендерге не жетпей жүр? Төбелескенсіңдер ме, немене? 
– деп әлгі жұмысшы кетіп қалды. – Ал тез келіңдер! 
–  А-а,  сен  бастықтарға  да  арыз  еткен  екенсің  ғой.  Мә,  –  деп  Дерягин  тұлданып 
кабинадағы  Халелдің  фуфайкасын,  тамақ  салған  портфелін  есіктен  лақтырып  жіберді.  – 
Бар, айт. Мен келмейді де. Бәрін айт. Мені ұрды, енді бірге барсам тағы ұрады де. 
Дерягин  машинасын  гүр  еткізіп,  кете  барды.  Халел  намыстан  жарылып  кете  жаздап 
келеді. Жалғыз қалған соң амалсыздан кеңсеге беттеді. 
–  Дерягин  қайда?  –  Моргун  көзінің  алды  көкпеңбек  Халелге  қарап,  бұған  кінәлі  кім 
екенін салған жердей білді. 
– Қайдан білейін... Мені неге шақырдыңыздар? 
–  Бетіңе  не  болған,  Талжанов?  –  Райхан  аянышпен  қарағандай  болды.  –  Кіммен 
төбелесіп жүрсің? 
– Ешкіммен де төбелескен жоқпын. Машинаға соғып алғам... Басқа сұрақтарыңыз жоқ 
па?! 
Ашына сөйлеген баланың мінезіне Моргун күліп жіберді. 
–  Сен  өзің  біз  ұрғандай  болып  тұрсың  ғой.  Машинаға  соққан  бет  ондай  болмайды, 
мынау  ғой,  –  Моргун  балғадай  жұдырығын  көрсетті.  Бұрын  боксшы  болған  директорға 
Халелдің  бетіндегі  әр  таңбаның  қалай  түскені,  қалай  соғылғаны  бес  саусағындай.  – 
Ештеме етпейді, тойға дейін жазылады. Бірақ сендерге не жетпей жүр? Дерягин ішіп алған 
жоқ па еді? Ол өзі ондайды ұнататын көрінеді. 
– Ештеңесін білмеймін... Маған енді кетуге бола ма? 
–  Жоқ,  әуелі  тыңдап  ал,  сосын  бір  жола  кетерсің  мүмкін,  –  деп  Райхан  әдейі  сынай 
қарады. – Сенің совхозда жұмыс істеуіңе туғандарың қарсы көрінеді... 
–  Меніңше  онжылдықты  бітірген  адамның  өз еркі  өзінде  шығар.  Жұмыс  істеймін  бе, 
істемеймін  бе,  оны  өзім  шешуге  праволы  болармын,  –  деп  Халел  әкесінің  бүлдіргенін 
түсіне қойды. 
–  Солай  болса,  біз  сендерді  бір  машинаның  ішінде  төбелестіріп  қойып  отыра 
алмаймыз. Не үшін Дерягин сені ұрды? 
–  Оны  несіне  сұрайсыздар.  Менің  жұмыс  істеуіме  оның  қандай  қатысы  бар.  Мен 
сіздерге  шағым  еткен  жоқпын  ғой.  Таяқ  жеген  мен  екенмін,  онда  жұрттың  шаруасы 
қандай?! 
Райхан  да,  Моргун  де  Халелдің  мінезіне  іштей  күліп  отыр.  Әйтсе  де  енді  оларды 
шиеленістіре беруге болмайды. 


–  Жарайды,  –  деді  Райхан,  –  егер  жұмыс  істегің  келсе,  Морозовқа  бар  да  айт. 
Мастерскойға ауыстырсын. 
Халел шоршып түсті: 
– Райхан апай, мен Дерягинмен бірге істеймін. Неге одан айырасыз. Менің кінәм не? 
Райхан апай, Федор Васильевич, – деп қанталаған қызыл көзі жасаурап екеуіне алма-кезек 
қарады. – Тым құрымаса біраз істейін де. 
–  Жоқ,  Халел!  Сен  түсінбей  тұрсың.  Мастерскойға  баруың  өте  қажет.  Сынған 
машиналарға ремонт жасауды үйренбей тұрып, жақсы шофер болуға болмайды. Тіл  ал... 
бар енді... Онда көзің қанады, өзіңе жақсы... Ал, Дерягинмен кейін сөйлесейік... 
– Райхан апай, мен үшін сөйлеспей-ақ қойыңыздар... 
«Қап, Дерягин енді Мені қорықты дейді-ау»,  – деп Халел іштей намыстанып гаражға 
қарай аяндады. 
* * * 
Қарасай  Райханның  шақыртуымен  совхоз  кеңсесіне  қарай  келе  жатыр.  Ол  осы 
шақыртуды  «Жаңа  талап»  колхозы  совхоз  бөлімшесіне  айналып,  партия  ұйымы  осы 
орталыққа  көшкеннен  бері  күткен  еді.  Сондықтан  да  алдын  ала  дайындап  жүретін 
сөздерін тағы да саралап, іштей пысықтап келеді. 
Бас  инженердің  шағын  бөлмесінде  төрт-бес  адам  отыр.  Бәрі  орыс.  Қарасай  ауыл 
қазағының дәстүрімен есікті қақпастан ішке енді де, табалдырықтан аттар, аттамаста: 
– Ассалаумағалайкө-ө-м, – деп даусын көтере шығарып, босағада тұрып қалды. 
Төрдегі  жұпыны  стол  басында  отырған  Райхан  күнде  араласып  жүретін  адамынша 
Қарасайға самарқау ғана басын изеп: 
–  Здравствуйте,  присаживайтесь,  –  деп  қатардағы  орындықтардың  бірін  иегімен 
нұсқады.  Қарасай  ойлағандай  Райханның  өңі  еш  құбылмады  да,  өзгермеді  де.  Салқын 
қалпынан ауған жоқ. 
Оның  орысша  амандасқанын  Қарасай  «менімен  орысша  сөйлесіп,  мына  адамдардың 
алдында  біраз  алқындырып  алайын  деп  отыр  екен»  деп  жорыды.  Жиі-жиі  қала  шығып, 
сауда  жасаумен  жүріп,  орыс  тілін  әжептәуір  игергенмен,  Райханның  алдында  шешіле 
сөйлеуге өзінің орысшасын қораш санады. Енді  көкірегінде сайрап тұрған талайдан бері 
жиналған сөздерін іштей орысшаға аударып, үнсіз отырып қалды. 
Бірақ Райхан тағы да ойлағанынан шықпады. Қасындағы адамдардың бас-басына жеке 
тапсырыс беріп, қоштасты да, жеке қалған Қарасаймен қазақша сөйлесті. 


–  Ал,  сізді  шақыртқан  себебім  мынау,  –  деп,  Райхан  орнынан  тұрып  терезе  алдына 
барды.  Бұдан  арғы  сөзі  «енді  совхозда  сен  тұрасың  не  мен  тұрамын»  дейтіндей  көрінді 
Қарасайға.  Бірақ  ол  сөз  айтылмады.  Жасынан  орыс  мінезді  боп  өскен  Райхан  бұрынғы 
еткендерді кек алмайтын да шығар. Оны уақытқа байланысты нәрсе деп ұмытып та кеткен 
болар.  Кім  білсін?  Әйтеуір,  ескі  жараның  аузын  ашқан  жоқ.  Тек,  Қарасайдың  бүгінгі 
тұрмысының  төңірегінде  байсалды  сөйлесіп  отырып,  енді  менің  шеңгелімдесің  дегенді 
сездіргендей болды. 
–  Өзіңіз  көріп  отырсыз,  тың  даласына  еліміздің  бар  түкпірінен,  жер-жерден  адамдар 
келіп,  үлкен  іске  үлес  қосып  жатыр.  Ал,  «Жаңа  талап»  колхозы  осы  совхоздың 
бөлімшесіне айналғалы біраз уақыт болды. Содан бері сіз секілді жергілікті адамның қол 
қусырып отыруын қалай көреміз?! 
– Мен, енді... 
–  Ия,  сіз  қол  қусырып  та  отырған  жоқсыз.  Қолыңыздағы  малыңыздың  төңірегінен 
шыға алмай жүрсіз. Оны қалай деуге болады? 
Осы  бір  сұрақ  қойылар  деп  келген  Қарасай  бұған  дайындаған  жауабын  осы  арада 
іркілмей айтты. 
– Сол малы бар болғырдың өзі бір-ақ күнде көбейді ғой. Колхоздың жылда еңбеккүнге 
берген  малын  алмаушы  едім.  Табында  жүріп  көбейе  беріпті.  Колхоз  тарағанда  малды 
ақшаға  шағыңдар  деп  ем,  правление  оған  келіспеді.  Енді  өзі  де  итке-құсқа  жем  боп 
таусылды.  Тіпті  содан  құтылғаныма  мың  да  бір  тәубе  айтып  отырмын,  –  деп  рабайсыз 
күлді.  Қанша  дайындалған  сөз  болғанмен,  жатық  шықпағанын  өзі  де  сезді.  Райхан  да 
сараң ғана езу тартты. 
–  Малыңызды  шаш,  итке-құсқа  жем  ет  деп  отырған  мен  де  жоқ.  Бірақ  қоғам 
жұмысына, халық қызметіне араласу ең басты міндетіміз емес пе. 
–  Әрине,  о  не  дегеніңіз.  Бірақ...  бірақ...  –  деп,  Қарасай  көмейіне  тірелген  сөзін  айта 
алмай қалды. 
– Иә, айтыңыз, айтыңыз. Онша удачный болмаса да: «ауызға келген сөз түкірік, жұтып 
қойса мәкүрік» деуші ме еді, қалай... 
– Басқа пәле тілден, – дейтін де мақал бар ғой. 
–  Сіз  сөзден  тартынбаңыз.  Кейін  өз  сөзім  өзіме  жау  боп  шығар  деген  ойдан  аулақ 
болсаңыз қайтеді. 
Қарасайдың  көңіліндегі  де  осы  қауіп  еді.  Тіксініп  қалды.  Бірақ  енді  жалтарарға  жол 
таба алмай, ойындағысын аңдаусыз айтып салды: 


– Бұрын совхоз жерінде қызмет етіп көрмеген басым қорқа берем. Аудан орталығына 
көшіп барып, ендігі қалған өмірімді қолымнан келетін бір кішігірім қызмет істеп, ондағы 
балаларыммен де бір жерде отырсам ба деген ойым бар еді. 
–  Сонда  қалай,  –  Райхан  Қарасайға  сәл  қабағын  шыта  қарады.  Қарасай  тіке  қарай 
алмай  көзін  алып  қашты.  –  Бұрын  жалғыз  үй  отырғанда  ол  туралы  ойламай,  совхоз 
орнаған  соң  ат-тоныңызды  ала  қашпақшымысыз?  Аудан  орталығынан  табылған  жұмыс 
совхоздан табылмайды деп қорқамысыз? 
–  Райхан,  сен  әлі  де  маған  өкпелейді  екенсің  ғой...  Әрине  оның  орынды.  Бірақ  сөзді 
осылай бұрмалауға бола ма? Мен адал, шын көңілімді ағымнан жарылып айтып отырмын. 
Егер  қолымнан  ауыр  жұмыс  келмесе  қайтем.  Қартайған  шағымызда  құр  шабуылдай 
бергенмен бола ма? Кеше соғыс жылдары, елде ер-азамат жоқ кезде атқардық. Ал қазір... 
–  Қазір  де  атқара  аласыз.  Көңіл  жүйрік,  жүрек  таза  болса  бәрін  де  істей  аласыз. 
Қолыңыздан  келетін  жұмысты  береміз.  Істейсіз.  Ойланыңыз.  Енді  бұлай  жүрудің  орны 
жоқ. – Райхан білегіндегі сағатына қарады.  – Ал ғапу етіңіз, бригада басына барушы ем. 
Есіңізде болсын, әлгіндей өкпе, бауыр дегенді бұдан былай жаңғыртпайтын болайық. 
Сөз осымен тамамдалды. 
Қарасай бір асылын жоғалтып, іздеген кісідей үнемі жерге қарап жүретін адам. Қазір 
де  кеңседен  шығысымен  басын  төмен  тұқыртып,  күдірейген  жауырынды  иығы  құнысып 
ойға  түсті.  Өзін  кінәлап  келеді:  «Апыр-ай,  мен  осы  бекер  үрейленіп  жүрмін-ау.  Әлгінің 
алдында  тым  жасықтық  көрсеткен  жоқпын  ба?  Неге  екі  иінім  төмен  түсіп  кетті?  Қайта 
бетінде шіркеуі бар ол жасқансын. Басқа жерге көшем деп несіне ағымнан жарылдым. Ол 
тіпті  бұрынғыны  ойлайтын  түрі  жоқ  қой.  Әлде  талайды  көріп,  жырынды  болып  келген 
әккі  әйел  сайқалсып  отыр  ма?  Ол  да  мүмкін-ау.  Бауырға  кіріп  алып  іштен  шалғысы 
келетін шығар. Жоқ, оның болмас. Аш белден мен бұрынырақ алармын». 
«Шіркін-ай,  –  деді  үйіне  жете  бере  тістеніп,  –  баяғыда  ғой,  осы  қатынның  орайы 
келмеді. Әттең, не керек, шолақ байталдай шолтаңдатпай, и ғып жіберетін едім. Әуселеңді 
сонда көретін ем». 
Бұл – Райханның бүлдіршіндей жас кезіндегі оқиға еді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   17




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет