Сакен Жунисов. Жапандагы жалгыз уй



Pdf көрінісі
бет11/17
Дата17.12.2021
өлшемі1,65 Mb.
#102284
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17
Байланысты:
(pdf) Cәкен Жүнісов — Жапандағы жалғыз үй.apk

АЛТЫНШЫ ТАРАУ 
Шегін суырып алғандай ішін тартып шыңғырып жылаған ащы дауыстан шырт ұйқыда 
жатқан  Жәміш  оянып  кетті.  Қасында  Қарасай  жоқ,  әлі  келмепті.  Үй  іші  тастай  қараңғы. 
Терезе  тұсында  тұрып,  ойбайын  салып  бақырған  мысықтардың  даусы  құйқа  тамырын 
шымырлатып  барады.  Біресе  бір-біріне  айбат  шегіп  ырылдайды,  біресе  оқыс  шар  ете 


қалып,  қайтадан  ыңырсиды.  Жәміш  орнынан  тұрды,  кәрі  буындары  сырт-сырт  етіп, 
қараңғы терезеге барып сіңірлі арық қолымен кәсекті ұрғылады: 
– Пріс, кет былай, лағнет! Қайдан ғана қаптап кеткен бұл мұндар? Балаларды шошытар 
ма екен. Әлгі біздің ала мысық та жүр-ау ішінде. 
Даладағы  мысықтар  Жәміштің  терезені  тоқпақтағанын  да,  ұрсып,  зекігенін  де  елеген 
жоқ. Неше түрлі жан түршіктірер үнге басып бақырып, шарылдай берді. Мауыққан мысық 
нені тыңдасын. 
Жәміш тысқа шықты. Үйді айналып терезе түбінде жүрген мысықтарды қуалап: 
–  Осы  малғұндардың  даусы-ақ  жаман.  Пріс,  пріс  былай,  –  деп  үйдің  алдында  сәл 
бөгеліп аспанға қарады. – Батыр-ау жұлдыздар сиреп қалыпты. Таң атуға жақын-ау. Әлгі 
біздің үйдегі қайда жүр екен. Бұлай бөгелмеуші еді. Қайда болды екен? 
Жәміш күбірлей жүріп, сыртқы есіктің тиегін іліп, кебісін сүйрете басып үйге енді. Таң 
сібірлеп, бөлмеге жарық кіргенше көзі ілінбей ұзақ ойда жатты. 
Қарасай  алысқа  ұзаған  жоқ.  Осы  қораның  астында  еді.  Күн  бата  қоймадағы 
жұмысынан  оралып,  Агафия  Япишкинаның  үйіне  кірген.  Қолындағы  біраз  малын  осы 
әйел  арқылы  асханаға  өткізіп,  әбден  ым-жымы  біріккен  Агафияға  кейінгі  кезде 
шаруашылық  жайымен  жиі  келеді.  Оның  үстіне  күндіз  бір  кездескенде  Япишкина  көзін 
ойнақшыта қарап: 
– Дядя Қарапет, поздравляю, жаңа қызметіңізбен. Қойманың кілтін жумайсыз ба енді, 
– деп совхоздың құрылыс қоймасына меңгеруші боп орналасқан Қарасайды құттықтаған. 
– Көптен мұрным қышып жүр еді. Оның үстіне бүгін менің туған күнім. 
–  Солай  ма?  –  деп  Қарасай  да  Агафияға  емірене  қарады.  Бірақ  туған  күнімен 
құттықтаған жоқ. Ондай әдетті білмейтін-ді. – Сонда жасыңыз нешеге келді? 
–  Әйелдің  жасын  сұрамас  болар,  дядя  Карапет.  Кәртайып  тұрғамыз  жоқ,  әлі  де  жас 
қызға бергісіз емеспіз бе? – деп Агафия сықылықтап күлді. 
–  Әрине,  әрине.  Әңгіме  жаста  емес,  көңілде ғой.  Қазақта  мынандай  мақал  бар,  қалай 
аударуға  болар  екен.  Ім,  иә,  «бык  сам  стареет,  но  морда  не  стареет»,  –  деп  Қарасай 
«өгіздің өзі қартайса да, мұрны қартаймайды» дегенді долбарлай аударды. 
–  Тамаша  мақал  екен.  Ал  бүгін  біздің  үйге  келіңіз,  бас  қосайық.  Бір-екі  дос-жар 
әйелдерден басқа бөтен ешкім болмайды. Кемпіріңізден қорықпасаңыз келіңіз, подарканы 
да молырақ әкелерсіз, әйел заты дүниеге жақын ғой, – деп Агафия сыңси күлді. 
Бұрын  әйелдің  туған  күнін  тойлап  көрмеген  Қарасай  оған  не  алатынын  да  білмеді. 
Бірақ оның тігісін жатқызып, тауып кетті. 


Кешқұрым  бір  қораның  астында  тұратын  Япишкинанын  үйіне  қаға  берісте  жылт  ете 
қалған  Қарасай  жасаулы  столдың  үстінен  шыққан.  Аспазшы  боп  істейтін  бір-екі  жесір 
әйелден  бөтен  ешкім  жоқ.  Қарасай  келе  қалтасынан  етектей  жүз  сомдықтың  екеуін 
суырып тастады: 
–  Япишкина  жолдас,  мынау  менің  подаркам.  Қазақта  той-томалақ  болған  жерге  әйел 
адам  ғана  ырымын  жасайды.  Оны  «шашу»  дейді.  Но,  енді,  былай...  орысшалағанда 
подарка ғой. Мен әйел болмасам да, сен үшін... 
–  Рақмет,  рақмет!  –  деп,  Япишкина  Қарасайға  бетін  тақай  берді.  Бірақ  құттықтай 
тұрып, әйелдің не қолына, не бетіне ернін тигізуді Қарасай қайдан білсін. Тіпті Агашкаға 
сый  тартқанда  да  көңілінде  бөтен  ой  болған  жоқ.  Өзінше,  талай  септігі  тиген  асхана 
бастығына бармақ астынан кіші-гірім пара бердім деп түсінді. 
–  Қазақта  мынандай  да  мақал  бар:  «ім...  платок  не  за  шуба  пригодитца,  а  за  дорогу 
пригодитца». 
Екі  келіншек  дым  ұқпай  мырс  етіп  күліп  жіберіп  еді,  Агафия  Япишкина  оларды  ала 
көзімен атып: 
–  Дұрыс,  дядя  Карапет!  Орынды  айттыңыз.  В  знак  уважения,  в  знак  внимания  деген 
сөзге  келеді  ғой.  Түсінікті,  несі  бар,  өте  дұрыс,  –  деп,  әккі  әйел  сөздің  сыңайын  бірден 
ұғып,  жолдастарының  өрескел  қылығын  жуып-шайып,  стаканға  арақты  сылқылдата 
құйды. 
Бұл  үйде  көк  мойын  шынылар  жәшігімен  тұрады.  Түн  қатып  өтіп  жататын 
жолаушылар  үшін  бұл  үй  –  жабылмайтын  дүкен.  Әрине,  бейуақыттағы  товар  бағасы  да 
сәл қымбаттау болады. 
Біраз қызып алған соң Қарасай қалтасынан тағы бір жүз сомдықты суырып тастады: 
–  Япишкина  жолдас,  мұның  өзі  саған  тегін  құйылып  жатқан  құдық  суы  емес.  Мә, 
мынаны алып қой. 
– Қойыңыз, дядя Карапет. 
– Жоқ, жоқ, болмайды. Ал. Әйтпесе ренжимін, – деп Қарасайдың тілі күрмеле берді. 
Әйелдер  әлден  уақытта  үйді  басына  көтере  әндетіп,  біраз  барылдап  отырды  да,  түн 
жарымда үйлеріне қайтты. Бұл кезде Қарасай да, Агафия Япишкина да көздері бұлдырап, 
әбден  кемеліне  келген.  Көптен  бері  бұлай  көп  ішпеген  Қарасай  тәлтіректеп,  отырған 
орнында қылжалақтап қалды. Қалтасынан бір топ кілтті суырып алып: 
–  Құй,  Ағайша.  Өмір  қайтып  келмейді.  Дүние  бізді  таппайды,  біз  дүниені  табамыз. 
Қолдан  мал  кеткенмен,  бақ  кеткен  жоқ.  Мынау  емес  пе  бақыт  деген,  Ағайша!  –  деп 
сылдыратып стол үстіне бір топ кілтті бір соқты. Япишкина Карапет деп отырғанда, оны 
Ағайша деп қазақша атағанына өзі мәз боп күліп жатыр. 


– ГІр-р-равильно, ком-пон... компонион! – Агафия тілі күрмеле сұқ қолын шошайтып, 
стаканға тағы құйды. – Складқа тұр деп мен ақыл беріп ем ғой. Мені тыңдасаң өлмейсің. 
Совхоздың бар тетігі екеуміздің қолымызда. Ақша болса, бәрі болады. Сол үшін. 
Стакандар сыңғыр етті. Япишкина тәлтіректей басып, Қарасайдың тізесіне отыра кетті 
де,  мойнына  асылды.  Қарасайдың  бүкіл  өне  бойы  шымырлап,  бұғақты  әйелдің  жұп-
жұмсақ  тамағына  мұрнын  тығып  жіберді.  Әтір  аралас  жас  иіске  бойы  балқып,  ерніне 
қалампыр  араластырып  үккен  мол  насыбай  салғандай  елтіп,  қимылдауға  мұршасы  жоқ. 
Тақыр басын жұмсақ алақанымен сипаған Агафияның: 
– Шашың қандай қайратты еді. Өзің де қайратты боларсың. Мен шығыс джигиттерін 
қатты ұнатамын, – деп сыбырлағанын зорға естіді. Жүні түбіттей үлпілдеген сап-сары уыз 
балапанды алақанына салып үлбіреткендей, бауырына қысқан жұп-жұмыр әйелді босатар 
емес. 
Әлден  уақытта  Агафия  темірдей  қысқан  өлермен  құшақты  баяу  ажыратып  орнынан 
тұрды. 
– Ал мен халатымды киейін, сен қарама, – деп төсек басында ілулі гүлді халатын алып 
шешіне бастады. – Ай, мейлі, қарай бер. Жасыратын не бар. 
Бұрын-сонды кездестірмеген көк атлас лифчикпен ғана тұрған әйелдің аппақ тәні жалт 
еткенде, пейіштің иран бағындағы хордың қызын көргендей көзі тұнып, Қарасай ұмтыла 
берді... 
Таң  ата  көзі  ілініп  барады  екен.  Жәміш  шошып  оянды.  Бағана  қуып  жіберген 
мысықтар  терезе  түбінен  тағы  шар  ете  қалды.  «Қап,  мына  малғұндардың  ызасын-ай, 
балалардың зәресін алатын болды-ау». 
Мауыққан  мысықтардың  ащы  даусы  Жәмішті  түршіктіргенмен,  Қарасай  мен 
Агашканың көңіл күйіне үн қосқандай, құлақтарына жағымды естіліп жатты. 
Осыдан  көп  ұзамай-ақ  Япишкинаның  үйінде  түнеп  қалуды  жиілеткен  Қарасайдың 
суық  жүрісін  Жәміш  біліп  қалды.  Ішіне  мұз  тастап  жібергендей  жүрегі  қата  қалса  да, 
балаларына  сездіргісі  келмей,  «үй  шырқын  бұзбайын,  нендей  ауыртпалық  болсын  өзім 
жеке көтерейін» деп жүрген. Ақыры отыз жыл отасқан ерімен екі арасын қосқан арқанның 
түте-түтесі шығып, соңғы тал жібі үзіліп кетті. 
Көйлек-көншегін  кішкентай  қол  чемоданға,  бір  асым  сүр  етті  қоржынға  салып,  енді 
шығайын деп жатқанда Қарасай келген. 
–  Eh,  қайда  барасың,  буынып-түйініп,  –  деп,  басына  ақ  жібек  шалы  салып,  қара  ала 
кавказдатқан  күміс  қапсырмалы  қара  ши  барқыт  камзолдың  сыртынан  жасыл  қималы 
шапанын желбегей тастаған денесі тік, ұзын бойлы, ақ сары әйеліне тура қарай алмай зірк 
етті. 


– Қайда барушы ем, тойға барам,  – деп жеңіл кекесінмен жауап берген Жәміш, еріне 
тұңғыш  рет  шаншыла  қарап,  іште  жиналған  бар  запыранды  ақтара  салды:  –  Мені  үйде 
ұстап, торға қамап қояйын деп пе ең. Отыз жыл қамалғаным да жетер. Енді менде шаруаң 
болмасын. Үйдегіңді түзге білдірмей, түздегіңді үйге сездірмей, іштен тынып, жаманыңды 
жасырып  өттім.  Көмелімнің  де,  Халелімнің  де  өз  аузы  өзіне  жетті.  Тым  құрымаса  солар 
дардай  азамат  болып,  жақсы-жаманды  айырған  шағында  қымсынып,  бетің  бір  бүлк 
етпейді. Бетіндегі қара қал емес, харам қал. Ата сақалың аузыңа біткенше желігіп, ғұмыр 
бойы адамға ойлаған арамзалығыңнан танбай келесің. Бетің ғана қара емес, ішің де қара, 
ойлағаның бір қара басыңның қамы... 
–  Кергіме  олай.  Не  қылған  қара  бастың  қамы.  Осы  үйдің  босағасын  аттағаннан  бері 
әкеңнің  ризығын  жеп  келе  жатқан  шығарсың.  Шалқып-толқып  отырып  сандырақтауын 
мұның, – деп алдында Агафия туралы айтып қалар деп үндей алмаған Қарасай енді түтігіп 
кетті. Жәміш те тайсалған жоқ. Бірақ Япишкинаны аузына да алмады. Оны сөз қылуды өз 
бойына шақ көрмеді. Оған қорсынды. 
– Қит етсе сенің «шалқып-толқып...» Одан басқа білерің бар ма? Шалқып-толқитындай 
қай  адал  асыңды  алдыма  тартып  ең.  Өңкей  арамнан  жиналған  малыңды  айтамысың. 
Ғұмыр бойы ішкенім ірің, жегенім желім... 
– Жарайды, онда жылы-жұмсағын тосып отырған жеріңе бара ғой. 
–  Оны  сенен  сұрамаймын.  Жұмысың  болмасын.  Ана  Халел  мен  Ақбөпеде  де  енді 
шаруаң болмасын. Бірге туған балалардай боп өскен ол екеуін де ит пен мысықтай етуге 
аз-ақ қалдың. Бұл қораның астында қалдырмаймын оларды да. Аспан асты кең. 
– Бар, оларды да алып кет. Бәрің кет! – деп Қарасай беті долырып, әйелінің өңменінен 
нұқып,  есікке  қарай  итере  бергенде,  Жәміш  қолын  қағып  жіберіп,  чемоданы  мен 
қоржынын алды да шыға берді. Есік алдына ере шыққан Қарасай: 
– Төсек-орныңды ала кетпейсің бе? – деп мысқылдап еді: 
–  Өзің-ақ  жарылқап  дүниеңмен.  Бір  сабақ  жібіңнің  керегі  жоқ,  сенен  құтылғаныма 
құдая тәубә! Алда риза бол сын! – деп шоқ ағаштың бауырына қарай ұзай берді. Анадай 
жерде ойнап жүрген немерелері соңынан жүгіріп, етегіне оралған. Беттерінен сүйіп, «мен 
қазір  қайтып  келем,  барыңдар,  ойнаңдар,  құлыншақтарым»  деп  мөлтілдей  қалған  көз 
жасын  көрсетпей  ширақ  адымдап,  жүріп  кетті.  Жәміштің  қоржынына  қарай  берген 
Қарасайдың қара қалы жыбыр еткен. Үйге жан ұшырып кірді. Жалма-жан үлкен абдыраны 
«дызың» еткізіп ашып жіберіп, жаннаттан, күзеннен, түлкіден астарлап тіккен, нафталин 
сіңген  ішіктердің  арасына  сұққан  қолына  сандық  іліккенде  барып  жүрегі  орнына  түсті. 
Ұрлыққа,  жамандыққа  ғана  жаралғандай  қуыстанып,  қарашығы  бір  арада  тұрақтамай, 
әлденеден  қуыстанғандай  үнемі  жүгіріп  тұратын  ұры  көзін  сығырайта  түсіп  отырды  да, 
жалма-жан қол сандықты бауырына қысып, ең түпкі  қораның бұрышына келді. Төбедегі 
шелектің аузындай кішкентай тесіктен басқа сәуле түсер жері жоқ, қора іші ала көлеңке. 
Күн түспеген соң базданып, иісі шыға бастаған сыз жерді екі күрек бойы терлеп-тепшіп, 
ырсылдап  жүріп  қазды  да,  жез  белбеу  қол  сандықтың  ішін  ашып  отырып  қалды. 


Қақпағымен  біріңді  өңкей  шытырлаған  жүз  сомдықтарға  көзі  жайнап  қайта-қайта  қарай 
береді. Әлден  уақытта сандықты қайта жауып, қаппен орады. Мойны былқылдаған жаңа 
туған  нәрестені  ұстағандай  үлбірете  көтеріп,  шұңқырға  салды  да,  бетін  топырақпен 
жауып, бұзау бас былғары етігінің өкшесімен нығарлап тепкілей бастады. 
Сиыр  қорадағы  жуан  қақ  ашаға  сүйене  қалған  Япишкина  қараңғы  бұрышта  қарны 
салақтап  билеп тұрған Қарасайға  қарап,  іштей  мырс  етті  де,  аяғының  ұшымен  басып,  өз 
үйіне  жып  берді.  Соңын  ала  Қарасай  кіргенде  оң  босағаны  жаңа  аттаған,  әлі  беті 
ашылмаған  жас  келіншектей  көзінің  үстімен  ұялшақтана  қарап,  бұрала  басып,  еркелеп 
келді де, сырты күнге күйіп қызара бастаған толық, ақ білегін әжімді, жуан мойынға арта 
салды.  Қапсыра  құшақтаған  Қарасай  да  лезде  жадырап,  ақ  тамақтан  борпылдатып  сүйіп 
жатыр  еді,  Япишкинаның  жып-жылы  демі  құлағына  тиіп,  сыбыр  еткенде  сілейіп  тұрып 
қалды:  қуаныштан  ба,  әлде  күтпеген  жерде  тосын  естігендіктен  бе,  не  дерін  білмей 
есеңгіреп  тұр.  «Ка-ра-пе-ет,  ащы  бірдеме  жегім  келеді,  «мее-тис!»  деп  сыбырлаған 
Япишкина өз сөзінен өзі қысылған адамның мінезін танытып, төсекке етпелей түсіп құлай 
кетті... 
Ауданға қарай шыққан жолаушы машинаға отырған Жәміш артта қалып бара жатқан 
үйіне  жалтақтап  күрсінеді.  «Әттең  бауырымда  Кәмелім  мен  Жәлелім  болмағанда,  сенің 
етегіңнен  ұстамайтын  ем.  Басың  лаңға  түсіп,  екіталай  күн  туғанда  қасыңа  еріп,  ащы-
тұщыны  бірге  тартып жалғызсыратпап  едім.  Енді  менің  бұл  күнде керегім  болмады  ғой. 
Әттең не керек, бөрі кеш» деген миқата өкініш ішінде кетті. 
Сол  бір  жылдардағы  екіталай  күнді  ауданға  жеткенше  ойлады.  Ол  оқиғаны  да 
Күргерей қарт Жантасқа жыр ғып айтып еді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   17




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет