Сакен Жунисов. Жапандагы жалгыз уй


Күргерей қарттың бесінші жыры



Pdf көрінісі
бет12/17
Дата17.12.2021
өлшемі1,65 Mb.
#102284
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Байланысты:
(pdf) Cәкен Жүнісов — Жапандағы жалғыз үй.apk

Күргерей қарттың бесінші жыры 
Отыз бірінші жылдың басында он үй, он бес үйден әр жерде жеке-жеке мойын серікке 
бірігіп,  шашылып  жатқан  ауыл  бір  жерге  басымызды  қостық.  «Жаңа  талап»  деген  жаңа 
артель құрдық. Осы отырғанымыз – сол колхоз. 
Рас,  артель  құру  оп-оңай  бола  қойған  жоқ.  О  кездегі  талай-талай  оқиғалардың  шет 
жағасын өзің де естіген боларсың. Ол да бір қызық заман еді-ау. Сонау ата-бұтасынан бері 
өз  бетімен  тіршілік  етіп,  өз  қазан-ошағының  бұтында  түртпектеп  өмір  сүрген  жұртқа 
колхоз деген ат алғашқыда біртүрлі жат естілді. 
Ел ішіндегі оқыған, сауатты жастардың ішінен Райхан бар, осы күнгі Оспан бар, аудан 
орталығында бір айдай жүріп колхоз жайымен танысып келгеннен кейін, бір күні үш-төрт 
ауылдың  ақсақалдарының  басын  қосты.  Тұңғыш  рет  мұндай  жиынға  кемпірлер  мен  жас 
келіншектер де қатысты. 
Ауданнан келген өкіл колхоз жайлы ұзақ сөйлеп, қазір оның еліміздің барлық түкпір-
түкпірінде  күн  сайын  көбейгенін,  мұның  өзі  партиямыздың  үлкен  жеңісі  екенін,  кешегі 
революциядан кейінгі биік бір белес екенін түсіндіріп жатыр. Отырған жұрт оның сөзінің 
жартысына түсініп, жартысына түсінбей бірінен-бірі сұрайды. Ақыры өкіл сөйлеп болған 


соң,  адам  аяғы  баспаған  меңіреу  бір  жынысқа  кезіккендей  дағдарып  отырғандар  тұс-
тұстан жамырап қоя берді. 
– Қарағым, әуелі колхоз деген сөзіңді түсіндірші. 
– Иә, ол кімнің аты? 
– Ой, кімнің аты болушы еді, бір болшейбектің аты шығар. 
–  Оу,  ағайын,  –  деп  өкіл,–  сендердің  бет-бетіңмен  сөйлейтін  құдалығың  емес.  Тәртіп 
керек. Біртіндеп сұраңдар. Қане, ақсақал, сіз не сұрадыңыз? 
Өкіл Жүсіп қартқа қарады. Жүсіп ол кезде тоқсанға таяған, әбден қартайған шағы еді. 
Сонда да жиыннан қалмай, елмен бірге келген. Таяғына таянып, орнынан тұрды. 
–  Балам,  айтқаныңның  нобайына  түсініп  отырмын.  Бірігіп  еңбек  етейік  деген  сөзің 
көкейіме қонды. Құлаққа жылы естіледі. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел 
болса,  төбедегі  келеді»  деген.  Бұрынғылар  да  қол  ұстасып,  тізе  қосып  ел  болуды  көп 
аңсайтын.  Оныңның  бәріне  түсініп  отырмын.  Әйтсе  де,  мыңның  түсін  білгенше,  бірдің 
атын біл деген. Қолқоз дегенің кім ол? 
–  Ә,  отырыңыз,  ақсақал.  Орынды  сұрақ,  –  деп  өкіл  бір  жөткірініп  алды.  –  Колхоз  – 
орыс сөзі,  ешкімнің аты емес. Коллективный хозайства деген сөз. Енді, былай, әртелнай 
хозайства дейді. 
Өкілдің  өзі  орысша  орашолақтау  екен,  жымиып  күлген  қасындағы  Райханға  қарап, 
қымсынып қалды. 
–  Жүсіп  ата,  –  деді  Райхан  орнынан  тұрып,  –  колхоз  деген  екі  сөз:  коллективное 
хозяйство. Яғни біріккен, ұйымдасқан көпшіліктің шаруашылығы. Жаңа өкіл ағай айтып 
кетті, қолда бар мал-мүлік бір орталыққа жиналады. Ол сіздің де, менің де меншігім емес, 
бәріміздің ортақ дүниеміз болады. Біз соны өзіміздің қажетімізге жаратамыз. Колхоз деген 
біріккен шаруашылық, мал-мүлік. 
–  Сонда  қалай?  –  деп  орта  тұстан  біреу  тұрды.  –  Мәселенки,  мен  қолқозға  түскен 
малдың  биыл  екеуін  соғымға  сойғым  келеді  дейік.  Ал,  енді  біреу,  мәселенки,  он  қараны 
жұмсағысы келеді екен. Оның арты дау-шарға айналмай ма? 
– Мұның жөні бола қояр ма екен? 
– Ай, қайдам. Бұл бір шатақ нәрсе екен. 
–  Қазақ  баласының  қолы  емес-ау.  Ортаға  түскен  малды  ертең  кім  күтіп,  кім  бағады? 
Қиын, қиын, – десіп тағы шуласып кетті. 
Сол  күні  біз  түні  бойы  айтысып,  әңгіменің  ұзын-ырғасын  түсінгенше  бақ-шақ  болып 
отырдық. Ақыры Райхан айтқан сөзге бәріміз ұйып, түсінгендей болдық-ау. 


–  Сіздер  орталықтың  мал-мүлкін  кім  қарайды  дедіңіздер,  –  деді  Райхан.  –  Колхоз 
шаруашылығының  бар  тетігі  осында.  Малды  бағып-қағатын  адамның  колхоздан  алатын 
табысы да көп болады. Яғни, әр күнгі жұмысыңызға ертең астықтай, майдай, сүттей үлес 
аласыздар. Кімде-кім бұрынғы замандағыдай қашан күн тас төбеге келгенше ұйқысынан 
тұрмай бей-берекет жатса, оның табысы да болмайды. Колхоз ондай масылдарға ештеме 
бермейді. Ұлы көсеміміз Ленин айтқан: «кімде-кім еңбек етпесе, ол ішіп-жемейді». Яғни. 
қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды. Ал, со л қимылдайтын қол неғұрлым көп болса, 
колхоз шаруашылығы да жақсы, әрқайсымыздың тұрмысымыз да жақсы болмақ. 
Сол  түні  көпшілік  алдында  бірінші  рет  ұзақ  сөйлеп,  Балта  аулын  колхозға  тұңғыш 
үгіттеп  тартқан  Райхан.  Бәрі  соның  аузына  қарап,  білмегеніне  намыстанбай,  қайта-қайта 
ежіктеп  сұрап  отырды.  Райхан  ортада  тұрып  алып  сөйлеген  сайын,  жиналған  жұрт 
күбірлесіп: 
– Айналайын-ай, заты әйел демесең, еркекке бергісіз-ау. 
– Айнымаған әкесі. 
– Шіркін-ай, Сұлтан көре алмай кетті-ау. 
–  Қарғам-ай,  болайын  деп-ақ  тұрған  бала.  Еркек  болса,  бір  елді  ұстап  отыратын-ақ 
бала. 
– Жасынан жұлынып орыс оқуын оқып еді. Әй, болар бала жасынан деген ып-ырас, – 
десіп, ауыздарының суы құриды. 
Менің  де  мерейім  өсіп,  айта  түссе  екен  деп  отырмын.  Ақыры  ел  ақсақалы,  үлкеніміз 
Жүсіп сөз алды. 
– Ағайын жұртым, – деді айнала қарап, күміс сақалын күсті алақанымен сипап. – Мен 
төрімнен көрім жуық адаммын. Осы шағыма дейін жақсыны да, жаманды да, жоқшылық, 
таршылықты  да  көріп,  кедейлік  тауқыметін  тартып  өстім.  Әйтеуір,  алла  берген  ризыққа 
ырза  болып,  асарымды  асап,  жасарымды  жасадым.  Соның  бәрі  қиындықпен  өтті.  Сол 
қиын тұрмыс мен секілді шалмен кетсін. Ендігі қалған өмір сендердікі. Бұл дүниеден алып 
кетер  ештемем  жоқ.  Бойымдағы  бар  еншім  ауруым  мен  өзімнің  кедейлігімді  ғана  алып 
кетсем болады. Ал, енді мына қолқоз дегенің маған ұнап тұр. Әйтеуір бәрің біріксеңдер, 
етек-жеңің  мол,  іргелерің  берік  болатынына  имандай  сенемін.  «Көп  түкірсе  көл»  деген. 
Жақсы лебіз жарым ырыс. Мына лебізге өзім тойып отырмын.  Жақсы ишара. Бірігіңдер. 
Иншалла беттерің түзеледі. Қадамдарың құтты болсын. Илаһи амин! 
Жүсіп сақалын сипап, бата берді. 
Сол-ақ екен, сірескен мұздың іргесі сөгіліп сең бұзылғандай, отырған жұрт шуласып: 
– Бірігеміз, несі бар. 
– Екі қолға бір жұмыс. Біз де елміз, жұртпыз. Басымызды қосамыз. 


– Дұрыс-дұрыс, – деп мақұлдай жөнеліп еді, мұрны шуылдап Боташ тұрды орнынан. 
– Қарағым, бір нәрсе сұрауға бола ма, – деді өкілге қарап. 
– Сұраңыз, сұраңыз. 
– Колхозға қосылмаймын деген адамға ерік пе? Әлде... 
– Оу, ақсақал, дүйім жұрт ұйымдасамыз деп жатқанда, елден ала бөтен шығатын адам 
табыла қояр ма екен. Оны несіне сұрадыңыз? 
Боташ  қибыжықтап,  басындағы  жыртық  тымағын  бір  шешіп,  бір  киеді.  Мұрнының 
астынан міңгірлеп тағы сөйлеп тұр: 
– Жас болса келіп қалды. Ертең көптің шаңына ере алмай жүрсек ұят болар. Үкіметіме 
ризамын.  Алдыма  он  шақты  қара  салып  берді.  Ендігі  қалған  өмірімде  әйтеуір  сол 
азбыншы малды керек етсем, маған ешкім ештеме демейтін шығар. Өзім дімкәспін. 
Өкіл  не  дерін  білмей,  қайта-қайта  жөткірініп  жұртқа  қарап  еді,  отырғандар  Боташты 
кекетіп ала жөнелді. 
– Мұның ежелгі әдеті. Кежегесі кейін тартып, қашанда кері сөйлемесе, іші ауырады. 
– Ой, қосылмаса, қосылусыз қалсын. 
– Кешегі алған байдың он қарасын жүз қара біткендей көріп отыр ғой. Мейлі... 
– Осыған қосыл деген кім бар. 
Жүсіп қарт Боташқа оқты көзімен қарап, атып жібере жаздады. 
–  Өзің  бір  сақалың  сапсиып  алып,  атан  түйеше  кері  шаптыратын  неме  екенсің. 
Жақсыға бастай ма десең, әркімнің теперішінде жүріп бір езу болған кәрі мәстекше үнемі 
қыңырайып бұра тартасың да отырасың. 
–  Ағайын,  шуламаңыздар,  –  деді  өкіл.  –  Колхозға  бірігу,  бірікпеу  әркімнің  еркінде, 
оған зорлық жоқ. Бірақ... 
– Е, бәсе. Кедейге теңдік емес пе. Қарағым, мыналарға солай дұрысын айтшы. 
–  Дұрысын  айтса,  ол  былай,  –  деді  Райхан.  Жұрт  тына  қалды.  –  Ертең  колхоз 
ұйымдасқан  соң,  жердің  бәрі  –  егістік,  шабындық  жер  сол  колхоздікі  болады.  Ал  оған 
қосылмаған адам жерден ешқандай үлес ала алмайды. Егер, бұл  арадан мүлдем іргеңізді 
аулақ салам десеңіз, басқаны лайламаңыз. 


– Қарағым Райхан-ай, – деп Боташ мысқылдай күлді. – Кеше ғана өзіміз өсірген жалаң 
аяқ, жалаң бас қаршадай бала едің. Бүгінде әкеңмен тұстас адамның бетінен алып, қалай 
болса солай сөйлейсің. Әйел бала деген сыпайы болушы еді. 
– Әй, Боташ, тіліңді тарта сөйле. 
– Сұлтанның садағасы кет. 
– Тұстас болмай кет, – деп жұрт тарпа бас салып еді, Райхан тоқтаңыздар деген ишарат 
білдірді. 
–  Ата,  –  деді  ол.  –  Мен  сіздің  үлкендігіңізді  әрқашан  сыйлаймын.  Бірақ  есіңізде 
болсын,  иә,  бәріңіздің  естеріңізге  салайын.  Әйел  бала,  ер  бала  деп  бөлулеріңіздің  алды-
арты  осы  болсын.  Әйелдерге  теңдікті  сіз  әперген  жоқсыз.  Ленин  атамыз  әперді.  Ендеше 
олай тіліңізді тигізбеңіз. 
–  Астапыралла!  –  деп  Боташ  шоршып  түсті.  –  Қарағым-ай,  жала  жаппа!  Ленинге  бір 
ауыз сөз айттым ба?! Жұртым-ау, айтшы. 
– Мейлі, сіз не десеңіз, ол деңіз. Әйелдер енді сол теңдігіне ешкімнің қолын тигізбейді. 
Ел  ішінде  іріткі  салып,  кейін  тартатын  адам  болса,  осы  бастан  аластаймыз.  Колхозға 
қосылмасаңыз қосылмаңыз. Бірақ ендігәрі «байтал шауып бәйге алмас» деген пасықтықты 
доғарайық. 
Сол түні отырған жұрттың көпшілігі мақұлдап, Райханды колхозға басқарма сайлады. 
Кейбіреулер: 
– Апырмай, жастау болмай ма? 
– Қанша оқыды дегенмен әйел адам, ертең бала басты болған соң қиын болмай ма?  – 
десіп жан аши сөйлесе, қайсыбірі: 
– Е-е, елді әйел басқаратын болды ғой енді. 
–  Жұртты  ұстап  тұруға  бұл  секілді  әлі  етегінің  ашылған-жабылғанын  білмейтін 
қыздың шамасы келер ме екен, – деп күңкілдесті де. 
Бірақ ондай көлденең сөз өз бетіне қалып, жиырма бір жасында менің қызым Райхан 
қазақ тұрмысында әйел затынан тұңғыш рет ел тізгінін қолына алды. 
Сүйтіп,  сол  жылы  Балта,  Асығат,  Қанай  ауылдары  басымызды  қосып,  «Жаңа  талап» 
артелін құрдық. 
Алпысқа тарта үйі бар колхозда, ұмытпасам, қырық-елу ат, жиырма шақты өгіз, он-он 
бес  сиыр,  отыз  шақты  қой-ешкі  бар.  Бәрі  арық-тұрақ,  қайсыбірі  қыстан  әрең  шыққан 
көтерем. 


Көктем  шығысымен  егін  салуға  кірістік.  Бүкіл  колхозда  үш  ағаш  соқа  бар.  Өгізге 
салатын  мойынағаш,  аттың  қамыт-сайманы  жоқтың  қасы.  Үш  ауылдан  шыққаны  төрт 
радуан, екі трашпенке, бір-екі арба. Айтқандай, Малжанның қара пәуескесі бар. Оның да 
құр қаңқасы қалған, доңғалақ шабақтарынан сау-тамтық жоқ, быт-шыт. 
Райхан  екеуміз  көрші  «Вишневка»  деревнясына  барып,  тамыр-таныстардан  қамыт, 
мойынағаш, арба жасайтын ағаш, құрал әкелдік. Мен құтты орным  – ұстаханада отырып 
алып, ертеден қара кешке күрек, айыр, ол-пұл керек-жарақтарды соғумен боламын. 
Сол  жылы  егін  салуда  жастардың  септігі  мол  тиді.  Жаңа  ғана  комсомол  қатарына 
кірген  жұтынған  жас  жігіттер,  қыздар  жұмысқа  құлшына  тиіскенде,  апай  таптырмайды. 
Бәрі де жұмыс қайдасың деп жайнап тұр. Бұрын өз үйінің қазан-ошағынан аса алмайтын 
қыз-келіншектер  де  енді  бірігіп  еңбек  еткен  соң,  бұрынғыдай  ұяң  емес,  ерлермен  қатар 
түсіп, алдына берген жұмысыңды тасқаяқша қағады. 
Ауыл  қотаны  да  бұрынғыдан  көңілді.  Таң  сәріден  көздерін  тырнай  ашып  тұратын 
өндірдей жастар қашан күн батқанша егін даласында жер жыртып келсе, түні бойы ауыл 
сыртындағы  киіз  үйде  сауық  құрады.  Қажу,  шаршау  жоқ.  Ойындары  да  ескі  ойынға 
ұқсамайды.  Жаңа.  Ел  ақсақалдарын,  кемпір-кепшіктерді  жинап  алып,  ара-тұра  ән  салып, 
би билеп ойын көрсетеді. 
Сүйтіп Райхан басқарған колхоз жаңа бір өмірді бастап жүре берді. 
Иә,  айта  берсе  әңгіме  көп.  Сол  жылы  пішен  де  шабылды,  егін  де  жиналды.  Рас,  жаз 
бойы  құрғақшылық  болып,  астық  онша  мол  шықпады.  Әйтсе  де  колхоз  мүшелері 
тұқымдық астықтан қалғанын қылдай ғып бөліп алып, жаңа нанға ауыздары тиді. Бәрі де 
алғаш  құрылған  артельге  дән  ырза.  Тұңғыш  рет  осынау  жатқан  кең  даланың,  құйқалы 
жердің иесі өздері екенін сезіп көңілдері толып, ел сабасына түсті. 
Бірақ...  Тағы  да  бірақ  деймін-ау,  көп  ұзамай  сол  көңілдің  шырқы  тағы  бұзылды. 
Мықтап бұзылды. 
Қара суық күз. Таң атысымен азынаған ызғырық жел бетегені тамырымен суырардай 
уілдеп,  тынымсыз  соғады.  Қашан  қар  жауғанша  ұзақ  сапарға  жолаушылап  кеткендей 
күннің көзі бір жылтырап шыққан емес. Аспан бетінде торы ала түтіндей кезген бұлт не 
жаумайды, не тарқамайды, дөңбекшіп, аунап, тынымсыз көшіп жатады. Шеті де, шегі де 
жоқ. 
Осы  бұлтпен  қатар  келіп,  ел  ішіне  қара  суық  желдей  мазасыз  тиген  салық  басталды. 
Бір  салық  емес,  көп  салық.  Аудан  орталығынан  келген  өкіл  атаулы,  ауыл  адамының 
апшысын  қуыра  береді.  Үй-үйді  аралап  жүріп,  табақтай  кінегесін  жайнамаз  құсатып 
алдына жайып салады да, есеп шотын бір қағып: 
–  Сіздің  үйге  пәлен  пұт  ет  түсті.  Қане,  қазір  кірге  салып  өлшейміз.  Қандай  малмен 
құтыласың, – деп ет салығын жинайтын әгінт бір-екі қарасын бас жібінен сүйретіп жөнеле 
береді. 


«Ет  салығынан»  құтылдым  ба,  құтылмадым  ба  деп  отырғанда,  ізін  суытпай  тағы  бір 
әгінт  есіктен  кіреді.  Ол  «жүн  салығын»  жинайтын  адам.  Бар  ешкісі  мен  қойын  қырқып, 
енді құтылған шығармын деп отырғанда, тағы бірі келеді. Ол  –  «май салығы». Не керек, 
күз  аспанының  көшпелі  сабалақ  бұлтындай  бірі  кетсе,  екіншісі  келеді.  «Өзара  салық», 
«астық салығы», «тері-терсек салығы», «орын салығы», «түтін салығы» – әйтеуір қаптаған 
салық. 
Аудан  жақтағы  қара  жолмен  шандатып  біреу-міреу  келе  жатқанда-ақ  ел  ішінің 
апшысы  қуырылып,  аза  бойы  қаза  болып,  тік  тұрады.  Бәрінен  де  ел  Қосимановтан 
қаймығады. Ауылда оны милиция Қосиманов дейді. 
– Тұра тұрыңыз, ол қай Қосиманов? 
– Осы күнгі аудандық милицияның бастығы! 
Со  кезде,  жас  шамасы  жиырманың  ішінде  болар.  Бұл  күнгідей  бой  түзеп,  жұрт 
алдында  керімсал  боп  отыру  жоқ,  басындағы  қоқырайған  фуражкесінің  шетінен  түлеген 
қара  ешкінің  жүніндей  сирек  шашы  тал-тал  шығып  тұратын,  қырма  таздың  өзі.  Ел  ол 
кезде  милиция  десе,  жаны  түршігіп,  құбыжық  көргендей  қорқады.  Соны  пайдаланып 
Қосиманов қараңғы елді қуырдақша қуырады. 
Аз  күнде  ел  іші  жүнін  жұлған  тауықтай  сидиып  шыға  келді.  Әйтеуір  қоймайды  екен 
деп, үй басы қолында қалған бірер малын қар түспей жатып сойып алып, еттігіне тұздап, 
жерге көміп, тып-типыл етті. Сонда да салық тоқталған жоқ. Қайта көбейе түсті. 
Жаңа  қар  жауған  мезгіл  болатын.  Бір  күні  ауыл  адамдары  жапа-тармағай  жүгіріп, 
Жаңыл  дейтін  жесір  әйелдің  үйіне  жиналды.  Бәрі  у-шу.  Райхан  екеуміз  де  сонда  келдік. 
Кішкене жаппаның асты толған адам. Жаңыл өз бетін өзі тырнап, дауыс қылып отыр. Беті 
дала-дала. Тырнақ осып кеткен жерден қан судай ағып, иегінен тамады. Ауданнан үш өкіл 
келіпті. Бірі – Қарабет, екіншісі – Қосиманов. Қарабет сол кезде аудандық ақша бөлімінде 
налоговой  агент  болып  істейтін.  Қосиманов  қай  үйге  кірмесін,  әуелі  жайғасып,  алдына 
дөңгелек  столды  алып,  тізесін  соғып  салақтап  жүретін  қамшының  өріміндей  бауынан 
мылтығын  шығарады.  Быт-шыт  қып  бөлшектеп,  қалта  орамалмен  әр  жерін  сүрте 
бастайды. Бұл жолы да сол әдетінен айнымапты. Жесір әйелдің зары кәперіне де кірмей, 
мылтығын тазалап отыр. Жұрт басу айтып Жаңылды әрең қойғызды. Жаңыл ықылық атып 
әрең сөйлейді. 
–  Жұртым-ау,  өздерің  айтыңдаршы.  Қолдағы  жалғыз  қара  сиырды  бір  әкетті.  Үш 
қойды  қозысымен  қосақтап  екі  әкетті.  Енді  міне,  мына  жаңа  апыл-тапыл  аяғын  басып 
жүрген  баламның  керегінен  айырмақшы.  Осы  қораның  мал  дегеннен  сауып  отырған 
жалғыз  ешкі  қалып  еді,  енді  соны  етке  аламыз  деп  отыр.  –  Жаңыл  тағы  ағыл-тегіл 
жылады. 
Жұрт не десін. Бәрі күрсініп: 
– Апырмай, бұл бір ғаламат болды ғой. 


–  Бәріміздің де  күніміз  осы.  Қайтейік,  – дегеннен басқа  ештеме  айта  алмайды.  Бөтен 
сөзбен қарсы келуге ешкімнің батылы жетпейді. 
Әлден  уақытта  Қосиманов  жиналған  жұртты  жаңа  көргендей,  басын  көтеріп,  едірейе 
қалды. 
–  Ой,  сендерге  жол  болсын.  Немене,  бұл  үйде  бас  асып  қойып  па?!  Қане  тараңдар. 
Әлде мені көрмей жүр ме едіңдер?! Қойғандарың суып бара жатса, қазір бәріңе де барам. 
Дайындай беріңдер. Ал, қане шығыңдар! – деп ақырып қалды. Босағадан бері аттай алмай 
тұрғандар жасқанып, жылыса бастады. 
Осы кезде бағанадан бері қабырғаға сүйеніп, түнеріп тұрған Райхан жайлап сөз бастап: 
–  Жолдас  Қосиманов,  осы  елдің  жайы  өзіңізге  белгілі  емес  пе?!  Алар  малы  алынды. 
Тігерге  тұяқ  қалмады  десе  де  болады.  Енді  қыса  бергенмен  не  шығады?  Аудан 
басшыларына  осы  сөзді  неге  жеткізбейсіз,  –  дей  беріп  еді,  қыздың  алдында  лезде 
жұмсарып Қосиманов ыржың етті. 
–  Бикеш,  сіз  түсінігіңіз  бар  адамсыз.  Мына  сөзіңізді  басқа  айтса  бір  рауа.  Сізге  ұят 
емес  пе?!  Контрдың  сөзін  сөйлеп  тұрсыз.  Бұл  елді  мен  бес  саусағымдай  білем.  Әлі  де 
тығулы мал көп. Бірақ Қосиманов тірі болса, көрдегіні тірілтіп алады. 
Жаңыл Райханның сөзін арқаланды ма, бетінің қанын етегімен сүрте салып, көйлегінің 
өңірін дар айырды: 
– Ал, ендеше, мә ал, ана  сәбиді  жалғыз ешкінің желінінен айырғанша, кесіп ал мына 
шандырды. – Келіншек тамыры білеуленген болбыр емшегін салақтатып шығарғанда төбе 
шашым тік тұрды. Қарттар бетін басты. Бірақ Қосиманов міз баққан жоқ. 
– Ол ешкімен құтылсаң құдайыңа құлдық айтарсың. Әлі де мойныңда үш пұт ет бар. 
Жерден қазсаң да табасың. Жиырма қадақ жүнді де төлеген жоқ қой? – деп жүн жинаушы 
Қарабетке қарады. 
Жаңыл  жынданып  кетті  ме  деп  ем:  сол-ақ  екен,  өз-өзінен  сақылдай  ала  жөнелді. 
Көзінен жас аққанша күліп, орнынан ұшып тұрды да: 
– Немене, ол жүнді қай қажетіңе тығын қыласың?! Ана таз басыңа жапсырасың ба? – 
деп  жүгіріп  барып  Қосимановтың  бас  киімін  жұлып  алмасы  бар  ма.  Қосиманов  та 
мылтығын ала ұмтылып: 
–  Aһ,  оңбаған  неме!  Мен  сені  үйретейін.  Көзіңді  жылтыратып  қамап  қоймасам  атым 
өшсін, – деп дірілдеп-қалшылдап әйелді бас салды. Үй іші ойран-топан. 
– Араша, араша! 
– Қой, қарағым, есің бар емес пе?! 


– Қайтсін енді, әбден ашынған ғой, – десіп жұрт ара түсті. 
– Жолдас Қосиманов, әйел адамға қол салмаңыз. Бұрынғының күні бар деп тұрмысыз. 
Бұл не бассыздық?! Тоқтаңыз,  – деп Райханның даусы ащы шыққан соң барып  басылды 
Қосиманов. 
Жаңыл  үйінде  болған  хикая  лезде  бар  үйге  тарады.  Сол  күні  жұрт  бұрынғыдан 
ширығып, алғаш рет есіктерін тас түйін бекітіп, Қосимановтарды енгізбей қойды. 
Бірақ  жағдай  онымен  түзелмеді.  Кешінде-ақ  артельдің  белді-белді  адамдарын  жиып, 
Қосиманов жиналыс өткізді. Бәрін айтып жатпайын. Оның ұзын-ырғасы былай болды. 
Ең әуелі сөз бастаған Қарабет. Жаялықтай кінегесін ақтарып тұрып, төтеше жазылған 
тізімді оқыды: 
–  Міне,  көріп  тұрсыңдар.  «Жаңа  талап»  колхозына  түскен  салықтың  үштен  бірі  ғана 
төленді. Сендер мына милиция баланы күстаналайсыңдар. Текке жазғырасыңдар. Бұл өзі 
қалтасына басып, бұдан бір пайда көрейін деп жүр дейсіңдер ме? Гәләшөкін мырзаның өзі 
айтыпты:  «Аша  тұяқ  қалмасын,  асыра  сілтеу  болмасын»,  –  деп,  бірге  отырған  адамдай, 
естіген сөздің жөн-жосығын түсінбесе де, өзінше көп білетін кісіше мардымси қалды. 
Ол  кездегі  ауылнайымыз  Шәлтік  деген  тәштиген,  қу  жақ,  сары  көсе  болатын. 
Ауылнайлыққа сайланбай тұрып-ақ көрінген жерде тілі мен жағына сүйеніп сары масаша 
ызындаған  нағыз  заржақ  шолақ  белсендінің  өзі  еді.  Қолына  тізгін  тиісімен-ақ 
қалтасындағы  мөріне  масаттанып,  жұрттың  апшысын  қуырды.  Бірақ  жұрт  өзін  сырттай 
мазақ  етеді.  Бірде  Қызыл  жалаудан  келе  жатып  жолдағы  он  үйлі  Қондыбай  аулына 
түспекші  болыпты.  Күн  алай-түлей  боран  екен.  Сипалап  жүріп,  әр  үйдің  есігін  қағады. 
«Қондыбай»  аулы  нағыз  аты  шулы  сараң  ауыл.  Айлы-күннің  аманында  жолаушыға  есік 
ашып,  қара  су  татырып  көрмеген  Шығайбайлар  ақ  боранда  қайдан  мейірімі  түссін.  Бірі 
есігін ашпайды. Сонда, бар дүниенің кілті өзімнің қолымда деп ойлайтын Шәлтік біреудің 
терезесіне  келіп,  «аш  есікті,  мен  ауылнаймын,  Шәлтік  ауылнаймын»  деп,  мөрін  алып, 
қырау  әйнегіне  баса  берсе  керек.  Жұрт  бертінге  дейін  күліп  жүрді.  Осындай 
қожанасырлығы  да  бар  сол  Шәлтік  қақ  ағашы  жарыла  бастаған  неше  жылғы  шоқпар 
сияқты, ойдым-ойдым қос жұдырықтай басы қалтақтап, шегір көзі шатынап суырылды-ай 
келіп: 
– Жолдастар, өкімет сендердің алдарыңа мал салып, бастарыңды қосып, теңдік әперді. 
Байларда  кеткен  еселеріңді  алып  берді.  Енді  бүгінде  өткендегі  күндеріңді  ұмытып, 
күпіршілік  жасап  отырсыңдар.  Өкімет  ет  бер  дейді  екен,  бересің,  май  бер  дейді  екен, 
бересің.  Мен  өзім  айналайын  өкіметімнен  жанымды  да  аямаймын,  керек  десе  қоң  етімді 
кесіп беремін. Салығын өтемей отырған адам контр. Ондайдың ініне су құю керек. 
Колхозшылар  мардымды  ештеме  айта  алмады.  «Бар  болса,  аянып  қаларымыз  жоқ. 
Бірақ титықтап біттік. Енді немізді берейік», – дегеннен басқа не десін. 
Райхан өткір ғой. Сол ғана орынды сөз айтты: 


–  Біз,  мына  Қосимановтарды  неге  кінәлаймыз?  Сендер  елдің  апшысын  қуыра 
келесіңдер.  Жоқ  нәрсені  табан  астынан  қазып  тап  деп,  дігірді  саласыңдар.  Егер  елім-ау, 
жұртым-ау  десеңдер,  көрген-білгендеріңді  аудан  орталығындағы  басшы  адамдарға  неге 
мөлдіретіп айтпайсыңдар? Одан қалса, неге жоғарғы жерге жазбайсыңдар? Бірақ сендерге 
кінә да жоқ. Не сөйлеп, не қойғанын білмей жүрген сендер секілді қараңғы белсенділерге 
не  дауа?!  Шолақ  сай  тез  тасиды.  Шолақ  ойлы  адамдар  да  сол  сай  секілді,  бар  қаруы 
ашуында. Елді қорқытпаңдар. Көп қорқытады, терең батырады. 
Жиналыс  даумен  тарқады.  Ертеңінде-ақ  Қарабеттердің  соңын  ала  Райхан  да  аудан 
орталығына жүріп кетті. Бірақ жеңген жоқ. Жеңіліп қайтты. Тауы шағылып қайтты. Өкіл 
Қарабет  пен  Қосиманов:  «Елде  жасырын  мал  әлі  көп.  Қораларына  тығып  бермей  отыр. 
Бәріне  жел  беріп  ұйтқытып  отырған  Райхан»,  –  деп  бар  кінәні  менің  қызыма  жауыпты. 
Аудан  «Райхан  Сұлтанова  –  оңшыл.  Колхоз  басқаруға  енді  қақың  жоқ»,  –  деп  орнынан 
алып  жіберіпті.  «Тұқыл  ешкі  мүйіз  сұраймын  деп,  құлағынан  айырылыпты»  десіп, 
Қарабеттер мазақтап, табаласа керек. Райханжанның адал жүрегін түсінуге олардың өресі 
қайдан жетсін. 
Міне, жұмыр бас нені көрмеді?! Жаңа жетілдім бе, үстегі жалбыр тон түсіп, аузымыз 
аққа, астымыз атқа енді тиді ме деп отырған жұрт осындай сұрқылтайды да көрген. Бірақ 
тап  ол  кезде  мұның  перегиб  пәле  екенін  қараңғы  ел  қайдан  білсін.  Оны  бертін  ғана 
аңғардық  қой.  Ешкінің  құйрығынша  шолтаңдаған  шолақ  белсенділер  шаш  ал  десе,  бас 
алған жоқ па?! 
Ел  іші  қыс  бойы  жерге  көміп,  шошаланың  бұрышына  тығып  қымқырып  қалған 
азбыншы  етін керек  етіп,  көктемге  жетті.  Бірақ  қар  еріп,  сай-сала  тасыған  уақытта  ауыл 
қотанында  тігерге  тұяқ  қалмады.  Аштық  шындап  келді.  Таң  саз  бере  орнынан  тұрған 
адамдар,  сүйектен  өтер  жел  өтінде  дірілдеп,  былтырғы  егістік  орнында  қара  құртша 
қаптайды. Жал-жал боп шабылмай тірі қалған бидайды жұлып, масақ теріп, өлмес қамын 
жасайды. Қар астында қалып үсік шалған шірік бидай қанша керек болсын. Ол да ұзаққа 
жетпей  таусылды.  Қайсыбір  пысықшалар  жан-жақтағы  ауылдарға  жаяу-жалпылап 
шұбырып, бала-шағасының тісіне басар бірдеме іздеп аласұрады. Бірақ бізден озып, оңып 
жатқан жер жоқ. Қайта бертін келе естідік, басқа аудандарға қарағанда Қызыл жалаудың 
халі, оның ішінде біздің колхоздың халі біршама жақсы болды. Оған екі себеп бар. Бірі – 
біз  тұрған  жер  Омбы  облысына,  орыс  деревняларына  жақын  жатқан  жер  ғой.  Әркім 
тамыр-таныстарын сағалап, картоп, ол-пұл жеміс алып, үзіп-жұлып дегендей біразға дейін 
талшық етті. Екіншіден, бұл ара бықыған көл, өзен. Бір «Жаңа талаптың» маңындағы өзен, 
көл, жайылма қара суларды қосқанда отызға тартады екен. Жер дегдіп, күн қыза келе жұрт 
су бойын қуалап, балық, құс аулай бастады. Жеті жасар балаға дейін тыным көрмей тұзақ 
құрып, борық тартып әлек. Жер жарықтық еңбек етсең барын аяған ба. Қара топырағы май 
емес пе. Шіркін, жұмыр жер, қасиетті жер, қалай қастерлеп, қалай аялауыңа тұрады ғой. 
Со жылы жазда Райхан Омбы қаласына кетті. Екеуміз жаяу үш күн жүрдік. Қолтығыма 
қысқан кішкене дорбада екі  уыс малта, азбыншы ірімшік бар. Тамағы тоймаған аш-арық 
адамда әл де болмайды екен. Жүрісіміз өндімейді. Жол бойы кездескен көл жиегінде жиі 


тыныстап, қолдағы тобатайға су қайнатып ішіп, әлденген боламыз. Ақыры, Ресейге қарай 
тереңдеген сайын деревнялар көбейіп, картоп жарықтыққа біршама кенеліп қалдық. 
Мен Райханды Шарбақкөлге дейін ұзатып салдым. Ол қоштасып тұрып, бала да болса 
байсалды сөздер айтып, жұбатып кетті. 
– Әке, «ел тарыққан уақытта мұнысы несі» деп іштей разы емес шығарсың. Оны өзім 
де түсінемін. Түсіне тұра кетіп барамын. Бірақ елден, ауыр тұрмыстан қашып, жеңіл өмір 
іздеп  бара  жатқаным  жоқ.  Ана  жылдары  қос  әкем  екеуің  бірлесе  жүріп,  елдің  қамқоры 
болдыңдар.  Білек  жұмсап,  қарсы  тұрып  бай  аулына  да  еселеріңді  жібермей  жүрдіңдер. 
Ендігі  заман  күштің,  білектің  заманы  емес,  білімнің  заманы.  Мен  білім  қуып  барамын. 
Сұлтан әкем өсиет етіп кетіп еді деп, мені шамаңнан келгенше оқыттың. Бірақ ол оқуым 
әлі  аз.  Кешегі  ел  ішіне  келген  қысылшаңда  арашаға  түсуге  білімім  де,  өрем  де  жетпеді. 
Бұл  күнде  тонын  айналдырып  киіп  алған  бай  баласы  Қарабеттердің  де  тізесін  бүктіре 
алмадым.  Қайта  олар  мені  сүріндіріп  кетті.  Егер  менен  басқа  бір  еркек  кіндік  ағам,  інім 
болса, әлі де көптің арасында тырбанып жүріп, соны оқытар ем. Бірақ сенің менен басқа 
кімің  бар,  –  дегенде  Райханның  даусы  жарықшақтанып  шықты.  Менің  де  сай-сүйегім 
шымырлап,  жүйкем  босап  кетті.  Қолаң  шашынан  сипап,  маңдайын  төсіме  басып, 
қызымның айдарынан иіскей бердім. Шуақты дала  сілтідей тынып, түймедей бұлты жоқ 
кіршіксіз көк аспан да жапан түзде жол жиегінде отырған әке мен балаға мейірлене қарап 
тұрған секілді.  Тас төбеге шығып ап, қанатының ұшы жыбырлап ән салған бозторғай да 
әке  мен  баланың  құшағына  қызыққандай,  тас  бұршақтай  көзін  жаудыратып  бір  арада 
тапжылмай  іліне  қапты.  Райханымнан  менің  де  айырылғым  келмейді.  Күнге  күйіп 
судырлаған  құрғақ  қалың  шашынан  иіскеген сайын  кешегі  жан  аямас  досым  Сұлтанның 
иісі, өз иісім келеді мұрныма. Адам баласы түгіл, бар хайуанатқа дейін баласынан ыстық 
не  бар?!  Райхан  басын  көтерді.  Жыламапты.  Бір  сәт  келе  қалған  көз  жасы  үлкен  көзінің 
шарасынан  төгілмей,  мөлтілдеп  тұр.  Ер  адамның  қолына  ұқсап  көкшіл  тамырлары 
білеулене бастаған қолының сыртымен көзін сүртіп тастап еді, әр жағынан тағы да жылт 
етіп от ұшқындады. – Әке, ал енді мен тұрайын. Сен екеуің мені ойлап жүдемеңдер. Егер 
оқуға түсе алсам, жылда елге бір келіп тұрамын. 
– Жарайды, жаным. Жолың болсын. Біз де жылда биылғыдай тарыға бермеспіз. Көлік 
тауып,  өзім  де  барамын.  Тірі  болсам,  сені  арқама  салып  оқытсам  да,  оқытамын.  Тек 
хабарыңды тез жеткіз. Ана Лиза шешең өзі ілбиіп, сүрініп жүрген арық неме, сенен хабар 
келмесе сары уайымға түсіп, өліп қалады. Есіңде болсын. 
– Жарайды, әке. Хабарласамын. 
–  Хош  бол!  Ұзақ  жүрме.  Қоналқы  жерге  жиі  түсіп  отыр.  Шаршап  қаласың,  –  деп 
соңынан айқайлап қала бердім. 
Ол кезде, жиырмадағы ел қыздарының танымайтын үлкен кентке Райхан секілді жаяу-
жалпылап оқу іздеп кетпек түгіл, екі ауылдың арасына да жападан-жалғыз жүріп, адаспай 
жол табуы неғайбіл. Омбы жаққа беттеген қызымның артынан, алыстағы тоғай тасасына 
кіргенше  көз  айырмай  мақтанышпен  қарасам:  «Апырмай,  алдынан  не  кездесер  екен, 


маңдайы  ашылып,  бағы  жанар  ма  екен,  пәле-жаладан  аман  болса  екен»,  –  деп  бір  жағы 
жүрегім алып-ұшып, кеудеме сыймайды. Әр соғысында бір қуаныш, бір қорқыныш тұрды. 
Ақ  жұлық  болған  көнетоз  етігі  қолтығында,  кішкентай  кенеп  дорба  арқасында,  қара 
жолдың ыстық топырағын жалаң аяғымен басып Райханым ұзай берді. Артына қарайлап 
барады.  Алыстаған  сайын  үстіндегі  көкшіл  көнетоз  көйлекті  қызым  әлі  бүршігін 
жармаған, бояуы ашылмаған жас гүлдей баяу ырғалып, көзден тасаланып барады. 
Қос бұрымындай қатарласа ұшқан қос қарлығаш уыз жасты алыс сапарға жетелеп, қос 
қанатымен екі жағынан алма-кезек сипай өтіп, серігіндей бірге кетті. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет