Шахмардан есенов



бет18/21
Дата04.11.2016
өлшемі5,66 Mb.
#306
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21

Оныншы бөлім

ТҮГЕЛ СӨЗДІҢ ТҮЙІНІ

Құрметті оқырман, түгел сөздің түйінін біз емес академик Шахмардан Есеновпен бірге қызмет істеген, әріптес болған және сол кездері партия мен Үкімет қызыметін атқарған, сол уақыттың қазанында бірге қайнасып, халықтық істер атқарған, мемлекет пен қоғам қайраткерлері түйеді. Олар Қазақстанның ішкі саясатын жасады, үлкен ортаның тіршілігіне араласты,үн қосты, өмір сүрді.

«Адам деген жолаушы, бақытын талмай іздеген...» демей ме ақындар. Бақытқа жету жолында Шахмардан тосын оқиғалар мен күрт бұрылыстары көп өмір соқпағымен жүрді. Оның алдында түзу, даңғыл жол болған жоқ. Жадыраған жазды да, күркіреген күзді де, ақырған ақ бораны мен аязды да көрді, басынан өткерді. Бірақ, бір білетін нәрсеміз-- қандай қиындықтар мен қиянаттар болса да Адамдықтың ақ туын жерге түсірмей, жаны мен тәні қанша жерден қиянатты, әділетсіздікті көрсе де, нағыз хас батырларша қасқайып тұрып қарсы алып, рухын құлатпады.Қанша жерден әміршіл-әкімшіл жүйе мойнына бұғаулық салып, өз дегендеріне көндіреміз дегеніне көнбеді, биліктегілерге өтірік жағынып, жарамсақтана алмады, өз болмысынан ауытқи кетпеді, халық мүддесі үшін әділін, ашығын айтты. Оның бақытқа барар жолы сондықтан да қиын, соқпақты болды. Бірақ ол сол тағдырына, өз өміріне өкінбей өтті. «Күннің жарық сәулесін, соққан желдің зуылын, ақан судың сылдырын есту үшін күресу керек, жолдастар!» дейді екен Шахмардан қиын сәттердің өзінде де қалжыңын қосып.

Ел тұтқасы бола алатын тұлғаның, кемеңгер басшының, ұлы ғалымның шуақты күндер мен шырғалаңға толы ғұмырын суреттеген, оның өз замандастарының, әріптестерінің жадында жатталып жатқан естеліктерінің біршамасын сөйлеттік. Бірақ, бәрібір біздің санамыздан «Есенов неге қудаланды?» деген сұрақ кетер емес. Бұл сұраққа жауап іздеушілер бізден де бұрын аз емес екен, оған осы кітапты жазу барысындағы ізденістеріміз үстінде көз жеткіздік. Ендігі кезекті біз сол кезде партиялық басшылықта болып, мемлекеттің маңызды істеріне араласқан ел азаматтарына көбірек сөз бермекпіз. Оның сыры мынада—олардың бәрі де партияның «қызыл солдаттары» болды, Қазақстанның жоспарлы экономикасы мен мәдениетін көтеруге қызмет жасады, саясатын жүргізді. Сол кездің, сол ортаның, ел басқарған басшылардың мінез-құлқын, әрекетін бізден көрі олардың жақсы білетіні де шындық. Шындықты білетіндерге айтқызғанымыз орынды шығар да. Тағы да бұл шындық не үшін керек дерсіз. «Тарихтан—тағылым!». Міне, осы үшін қажет.

Біріншіден, тарихты жасаушылар, яғни, ел басқарған адамадар өздерінің әділетсіздік пен қатыкездіктері туралы «жылнама» болып жазылып жатпаған соң, ол туралы келер ұрпақ білмейді, өзіміз ғана білеміз, ертең ұмыт болады деп ойлайды. Бізден басқа ешкім білмейді деп ойлайды. Бұл барша хан мен патшалардың қателігі. Олар өздерімен бірге басқалардың да қызметтес екенін, сол уақыттың саясатын бірге жасап, экономикасын жылжытып жатқан жандардың бар екенін, партия мен Үкімет адамдарының, тіптен көмекші, хатшылардың барын ескермейді. Бар әрекет өзіңді қоршаған адамдар санасында естелік болып жазыла беретінін ұмыт қалдырады. Адамның ес мен зердесі болған жерде ештеңе өшіп, жоғалып кетпейтінін жазу сызуы болмаған, бар тарихын жадында сақтаған біздер, қазақтар басқалардан гөрі жақсы білуіміз керек. Қысқасы, біздің қателік, кемшіліктерімізді, әділетсіздік, қысастықтармызды бізден басқа ешкім білмейді, келер ұрпаққа ол қажет емес, тарих бетінде қалмайды деп ойлау барынша қате түсінік. Әсіресе, бұл түсінік ел басқарған адамдарды түптің-түбінде абыройсыздыққа, өздерін өздері әшкерелеуге әкеледі.

Екіншіден, бұл біздің басты мақсатымыз: өсіп келе жатқан өреннің, ертеңгі Қазақстанның болашағы қолында болатын жастардың өткеннің қателігінен, мемлекет басшыларының әділетсіз әрекеттерінен сабақ алып, соны қайталамаса екен деу ғана. Тарихтан тағылым алу өсер елдің әрекеті болса керек.

Әрине, бар шындыққа көз жеткізу үшін біздің ортамызға Қонаев пен Есенов қайта келуі керек те, барша Адамзат алдында ағынан жарылып, күнә мен кінәларын айтысып, ақтарылуы керек. Жаратушы өз пенделеріне мұндай құдіретті әзірге сыйламапты, ол өз құзырында! Тек әруаққа айналған асыл ағалардың алдынан пейіштің нұры шалқығай, жаратушыға сабыр бергей дейміз де. Бүгінгідей ашық әңгімеге баруымыздың тағы бір себебі-- олардың кемеңгерлік пен даналық істерінен үлгі алуды жастарға аманат ету де бар.

Әр басшының күндіз-түні қасында болып, бар шаруасынан хабардар болып отыратын «көмекші» деген қызмет бар. Академик Шахмардан Есеновтің соңғы жылдары көмекшісі болған, геология ғылымарының кандидаты, доцент Асанов Мәдениет біраз шындықтың бетін ашқандай болды:



«-- Өз өмірімде абырой-беделі Шахмардандай зор адамды көрген емеспін. Қайдан есітіп қоятындарын қайдам Шахтың Мәскеуге келген сәтін біліп қояды ғой.Содан біреуі көмек сұрап келеді, екіншісі қызмет, шет елге шықсақ дейді... не керек қайтқанша қабылдауынан адам үзілмейтін. Тағы да бәрі беделді-беделді ғалымдар мен мемлекет қызметкерлері.

Ол КСРО Жоғарғы Кеңестің депутаты болды, Лениндік сыйлық беру комиссиясының мүшесі және Жоғарғы Кеңестің сыртқы саясат палатасының төрағасы Сусловтың орынбасары болды. Ой жүгіртіп қараңызшы, қандай бедел, қандай қызмет. Соның бәрін ол абыроймен атқарды. Бір жұмысына бір жерде ескерту болған емес. Мәскеуліктер ортасындағы Шахтың аса жоғары беделі, олардың құрметтеуі, оны сыйлауы біртіндеп-біртіндеп Қазақстан басшылығының қызғанышын тудыра бастады. «Не дейсің, Шахмардан Қонаевтың орнына дайындалып жүр екен» деген де қауесет шыға бастады. Өсек болса да Қонаевқа ұнайтын өсек деп айта алмаймын. Ақыры солай болып-та шықты. Шахтың беделінің өзінен асып бара жатқанын қызғана бастады. Қанша жерден кемеңгер, тұлға дегенмен оларда да пендешіліктің болатынын өзім көрдім. Әйтпесе, қызмет орнын пайдаланып ешкімге жәбір-жапа көрсетпесе де, мемлекет қаражатын талан-таражға салмаса да, жоқтан өзгені кінә етіп тағып, асыл азаматты азаптауға бола ма?!

Қызметке кіріскен бойда байқағаным Орталық Комитетің көз-қарасы Шахмарданға дұрыс емес екені. Бір күні Мәскеуден, ЦК КПСС-тен бір топ комиссия келді, қолдарында аты-жөні белгісіз біреудің Есенов Шахмардан үстінен жазған домалақ арыздары бар. Арыздың мазмұны: Есенов көппен ақылдаспайды, квартираны дұрыс бөлмейді, қазақтардан басқаны жұмысқа алмайды, тұрған бойы ұлтшыл...осы тектес. Есімде сол комиссияны Орталық Комитеттің қызметкері Шевченко деген адам басқарып келді. Бірақ біздер мұндай тексеріске әбден үйреніп алғанбыз, тіптен бірін шығарып салып, екіншісін күтіп отыратын жағдайға жеткенбіз. Қанша жерден үйренгенбіз десек те мұндай тексерістер жұмыстың берекесін кетіріп, Шахты да шаршатқан болатын. Ақыры, бұл комиссия да бір айдай тексеріп, қортынды справкасын жазды. Арыздағы жазғандардың көбісі жалған болып шықты, дәлелденбеді. Тек бір ғана квартирдің заңсыз берілгені анықталды. Ал, ұлтшыл деген жеріне, Есенов керісінше «шовенист» екен, академиядағы ғалымдардан басқа қызметкерлерді қосқанда ғана қазақтар саны 20% -ке әрең жетіп тұр деп жазыпты олар. Бірақ, біздің Орталық Комитет бұған қараған да жоқ, 1974 жылы қайта сайлау өткізіп, Дінмұхамед Қонаевтың інісі Асқар Қонаевты президент етіп сайлады. Бір Қазақстан ағайындылардың монополиясына айналды.

Ал, Есеновті Геология министрі етіп, бұрынғы орнына қайта тағайындады. Мен Геология институтында ғылыми хатшы болып қалдым. Бірақ, жаңа басшылық маған ашығын айтқанда күн көрсетпеді. Шахмарданның біраз кадрлерін қуғынға түсірді, академиядан кетуіне мәжбүрледі. Бір күні Асқар Қонаевтың өзі мені шақырып алып арызыңды жаз да қызметтен кет деді. Өз правомды өзім білетін кезге келіп қалғанмын, мен «жазбаймын арызды» дедім. Бір кезде мен хақында: « слушай, Шахмардан, где ты нашел такого парня?» деп едіңіз ғой. Енді неге бұлай болып қалдыңыз. Қызметімді бір кісідей атқарып жатырмын, мен кетемін деп арыз жазбаймын дедім.

Сөйтіп, алты айдай жүрдім, маған жұмыс та, тапсырма да бермейді, әйтеуір, келіп-кетіп жүрмін. Бірақ жұмыстан бір мөнетте қалмаймын, тоғызда келмін, алтыда кетемін. Шамалы тәртіп бұзсам болды статьямен шығарып жібергелі тұр, сеземін. Бұлай қашанғы жүруге болады, жұмыс іздей бастадым.

Бір күні институттан шығып бара жатыр едім Шахмарданның машинасы алдыма көлденең тоқтай қалды, жүргізушісі «сені Есенов шақырып жатыр» деді. Сөйтсем соның алдында ғана ....................... барып қызмет сұрап, шығып келе жатқан бетім еді. Ол мен шығысымен Шахқа телефон соғып Мәдениет жұмыс іздеп жүр деген ғой. Содан, ішіме жиналып қалған жаңа бастықтарға деген өкпемді ақтарып-ақ жатырмын. Ол да шерін бір тарқатсыншы дегендей үндемей тыңдады мені. Сосын маған айтқаны:

--Қой сен өкпені, қызбалыққа салынба, ол жақтан шық та, осында маған көмекші болып кел. «Битке өкпелеп тоныңды өртеме» деген қазақта сөз бар ма, бар. Одан да мен осында отырғанда үйіңді алып ал, кандидаттығыңды қорғап ал,-- деді. Академияда үйді алайын деп тұрған жерімнен сызып тастаған-ды. Соған өзін кінәлі кісідей сыңай танытып. Көмекші болып бір орыстың жігіті жүр екен оны тез басқа жұмысқа, жалақысы жоғары қызметке, ренжімейтіндей етіп орналастырды да, мені қайыра өзіне көмекші етіп алды.

Бәрі баяғы қалпына келді. Бірақ маған Шахтың «мен осында отырғанда» деген ертеңгі күніне сенімсіздеу айтылған сөзі ұнамады. Содан жұмысқа кірісіп кеттім. Шахты білемін ғой, ол бірсыдырғы, жанын күтіп ешқашан отырмайды. Мұнда да мәселені көтеріп, проблемаларды шешіп, жаңа бастамаларды бастап, жұмыстың көрігін қызыдырып-ақ жатыр екен. Қазақстанның Батысында да, Шығысында да, Оңтүстігінде де толған кен көзін іздеу, табылғанын өндіру... барлаушы мен геологтың тұрмыс жағдайын ойлау... Мәскеудегі Орталық Комитетке, Геология минстрлігіне хат жазу, ұсыныс жасау, не керек, бітпейтін, шеті мен шегі жоқ шаруалардың ортасына қайта түстім. Қанша дегенмен де Шахаңда баяғы көңіл-күй жоқ, бәсең. Білмеймін бір нәрсені сезе ме, қайдам.

Негізі Шах болашақта не болатынын болжады, ақылды адам ғой. Маған келісімен Мәдениет ғылыми жұмысыңды тездет, қорғап ал деді. Бір жылдың ішінде қорғап алдым. Сөйтті де мені минстрлікке қарайтын Геология басқарма бастығының орынбасары етіп, басқа жұмысқа ауыстырып қойды. Онда да әжептәуір жұмыс істедім. Бірақ көмекшілікті де қосымша алып жүрдім. Өзінің басы қатып жүрсе де менің жағдайымды ойлап, шешіп бергеніне әлі күнге риза боламын, әруағының алдында басымды иемін.

Бірақ, Есеновтің үстінен арыз жазу алғашқы жылы-ақ қайта басталды. Бәрі домалақ арыздар, жазатындары ұсақ-түйектің маңайы. Мемлекетті ойлап, халықтың қамын жеп жатқан ешқайссы жоқ, бәрінікі қатын өсек.

Өмірдің аты өмір, ол өз заңдылықтарын тоқтатпайды ғой.Шахтың да бабалары өсіп, ер жетті, қызы өсіп бойжетті. Бір күні балаларының үлкені, жалғыз қызы тұрмысқа шықпақ болды, той жасап,ұзатуға дайындалды.Ұзату тойын Панфилов паркінің ішіндегі «Жұлдыз» ресторанында жасады. Алқытып-шалқытқан артық ештеңе де болған жоқ, кәдімгі, сол кездегі екінің бірі жасап жатқан той. Бірақ, осы той Шахқа үлкен бәле боп жабысты. Арыз жазушы өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп, масқаралап жазған. Отыз телевизор, қырық кілем түсті деген арызда, тура подаркінің бәрін өздері қабылдап тұрғандай. Күйеу баланың жолдастары жиылып бір телевизор әкелген екен, оның өзін көпке көрсетпей машинаға салып тастадық. Сосын той үстінде бір секундтай жарық жалп етіп өшіп, жарқ етіп жанған –ды. Соны электор жарығы екі сағатқа сөніп қалды, барлық машиналар прожекторын жағып, тойды тоқтатпай өткізді деп жазған арызда. Сұмдық. Қазір ойлаймын, соны жазып отырған адамда ар-ұят деген бар ма екені деп. Көпе-көрнеу біреуге қиянат жасау күнәнің үлкені емес пе, оған да жауап беретін кез келеді ғой.

Не керек, жұмыстан да, өзімізден де тіптен береке кетті. Орталық Комитетке Шахты қайта-қайта шақырып, түсінік жазғызып әуреледі, мені де арасында шақырып алды. Мен ойлап қоямын, "Шахты, бұл орында да отырғызбайды-ау, бұлардың түрі жаман" деп...

Сол тұста Алтайда геологтардың үлкен бір жиыны өтті. Оған Түсті-металлургия министрі Ломака, Орта машина жасау министрі , Екі рет Еңбек Ері атанған Славский Мәскеуден арнайы келіп қатысты. Қазақстан делегациясын хатшы Коркин бастап барды. Біз де бардық. Жиналыс біткен соң кешке үлкен банкет болды. Столдың басына Ломака мен Славский келіп жайғасты. Коркин олардан төмендеу келіп отырды. Шахмардан болса президенттіктен түскен кезі, сондықтан аралықты сақтап Коркиннен көп төмен отырды. Дастарханды Ломака басқарып, жүргізуде. Бір-екі мәрте Қонаевты мақтап, сол үшін деп, тост көтерткізіп тастады. Сосын бір кезде орнынан тұрды да «Слушый Шахмардан, тұр, тұр, менің қасыма келіп отыр» деді де, болмай шақырып, қасына отырғызып қойды. Содан Ломака бірінен кейін біріне, өңкей Мәскеуден келген министрлерге сөз бере бастады. Сәлден кейін Шахмарданның атына жылы-жылы сөздер айтып, тост берді. Көңілінің аса хошы болмай жүрген кезі, ол көп сөйлеген жоқ, тек Ломака мен Славскийдің геология, металлургия саласына қосқан үлестерін айтып, сөзін бітірді. Қонаев үшін тост көтерткен жоқ. Қайтадан Ломака тосты мәскеуліктерге, басқа респубикадан келген министр, ғалымдарға бере берді. Коркин бір кезде «не, басқа сөйлейтін адам жоқ па?» деп, өзінің сөйлегісі келіп отырғанын жеткізді. Ломака оған жұлып алғандай: «Нет, нет, тепер ни кто не будеть говарит, тепер будем есть и пить» деді де тост беруді тоқтатты. Ломаканың осы әрекетіне, Шахмарданның шашбауын бір көтеріп тастағанына мен қатты риза болдым. Бұның бәрін ол әдейі істеп отырғандай, Шахмарданға көрсеткен әділетсіздіктеріне жариялаған қарсылығындай көрінді. Орталық Комитеттің хатшысы Коркинге бермей, қызметтен төмендетіліп жатқан Шахмарданға сөз беру үшін қандай абырой-бедел болуы керек екенін түсіне беріңіз. Ал, Ломака мен Славскийдің абыройы, атақ-даңқы Одақ емес шет елдерге де белгілі, құдіретті бір күш болатын. Ол екеуі де Шахмарданды өте құрметтейтін, кездесе қалса әңгімелері жарасып кететін. Бүгінгі әрекетінде жаны жүдеп жүрген Шахмарданға көрсеткен қолпашы болғанмен, Коркиннің жүйкесіне тигені рас, ал, оның «Орталыққа» жақсы әңгіме айтып бармайтыны да айдан анық нәрсе еді..

Өзімнің Шахаңмен қалай танысқаным, өз өміріме оның қандай ықпал жасағанын айту да маған ардақты.Түсінікті болу үшін әңгімені танысқан кезімізден бастайыншы. Менің геолог мамандығын таңдауыма Шахмарданның ел арасына тараған атағы әсер етті десем болады. Соғыстан кейін қазақ жастары жаппай оқуға ұмтылды емес пе, сол кезде біріміздің алдымызда «кім боламыз» деген сұрақ тұрды. Мен өзіме геолог мамандығын таңдадым. Себебі сол кезде біз жақта, Шиелі өңірінде «не дейсің баяғы Жорабектің баласы геолог екен, жердің астындағы байлықты табатын көрінеді, тұрмысы да жақсы екен» деген сөз тарап кеткен болатын. Геолог деген мамандықтың бар мәнін түсінбесем де мен де Шахмарданға ұқсағым келіп Қазақ политехника иеститутына түстім. Ойдағыдай бітіріп Жезқазғанда Кен –металлургия комбинатында бас геологтың орынбасары болып істедім. Ал, 1968 жылы жолым болып Алжир мемлекетіне барып жұмыс істеуіме тура келді. Ол кезде шет мемлекетке әркімнің де барғысы келетін, өйткені жалақыны жоғары төлейтін, біраз жағдайыңды жақсартып алуға мүмкіндік туатын. Төрт жыл геолог болып жұмыс істегенімде шынымен-ақ біраз тұрмысымды түзеп келдім. Содан Алматыдан басқа жаққа барғым келмей, жұмыс іздей бастадым.

Бұл 1972 жыл болатын. Ол кезде Шахмардан Ғылым академиясының президенті және соған қарайтын Геологиялық ғылымдар институттың әрі директоры. Сол институтта «Жезқазған зертханасы» деп аталатын бөлім болды, сол бөлімнің бастығы кезінде Қаныш Сәтбаевтың шәкірті, Шахмарданның досы Сайд Сейфуллин басқаратын-ды. Онымен мен баяғыдан, Жезқазғанда жұмыс істеген кезімде ғылыми зерттеуші ретінде және комбинат жұмысымен бұл зертханамен тығыз қарм-қатынаста болғаным бар-ды. Содан, жұмыс сұрап Сейфуллинге келдім.

--Дұрыс, қандай жұмыс ұсынсам екен саған, лабараторияда инженерлік орын бар,--деді маған ойлана қарап. Мен жұмыс таңдайын деп тұрған жоқ едім:

--Рахмет, Сайд Найымович, Сіз дұрыс десеңіз болды, мен істей беремін,--дедім, бірден жұмыс табылғанына қуанып.

--Олай болса Есеновтің атына арыз жаз, --деді. Мен тез арыз жаза қойдым. Бір бұрышына «мен келісемін» деп өзі қолын қонжитып қойып қойды. Бірақ бәрі бір көңілінде бір мазасыздық бар, ойы бір жаққа алып-қашып отырғанын байқадым. Бір кезде маған тесіле қарап отырып:

-- Осы мен, сені Шахмарданның өзімен неге таныстырмаймын. ол сенің жерлесің ғой,--деді де телефонға жармаса түсті. Сөйтті де менің Жезқазғанда істегенімді, Алжирде болғанымды, француз тілін жетік білетінімді, тура емтихан тапсырып отырғандай тарсылдатып айтып шықты. Шахмарданның не айтып жатқанын білмеймін, бір кезде қазір, бір жарты сағатта Сізде боламыз деп сөзін бітірді.

Шахмарданның кабинетіне келдік, алдындағы орындыққа жайғастық. Бұл менің бұрын атын естіп жүрген, бірақ көрмеген Шахмарданмен алғашқы кездесуім де, танысуым да еді. Келісті, өте әдемі адам екен, маған қатты ұнады.

Сейфуллин қайтадан менің өмірбаянымды тізіп шықты, бірақ Қызылордадан, Шиеліден екенімді айтпады. Мен де ішімнен айтпай-ақ қойса екен деп отырғанмын. Шахмардан менің арызыма «бұйрық берілсін» деп , бұрышына қол қойды да, шамалы ойланып отырды, сосын қол қойылған арызымды төрт бүктеп төс қалтасына салып қойды. Түсінбедім. Бір кезде:

--Сіздер сағат екіде институтта болыңыздар, мен барамын,--деді.Содан хош айтысып шығып кеттік. Сағат екіде келсем директордың кабинетінде үш орынбасары және ғылыми хатшы отыр екен. Шахмардан да келіпті, төрдегі орындықта таудай болып отыр. Ойымда ештеңе жоқ, мені коллективпен таныстырғалы отырған шығар дедім де қойдым. Бір кезде Шахмардан алдындағы қағаздан басын көтеріп, бәрімізге бір-бір қарап алды да, мені отырғандарға таныстырды, сөйтті де сөзінің соңында:

-- Сайд Найымович институттың ғылыми хатшылығына Асановты ұсынады, мен қарсы болмадым, өзі геолог, өзі Жезқазғанда, шет елде қызмет жасап келіпті, --деді. Бір сәт бәріміз де демімізді ішімізге тартып, отырып қалдық. Мен жәй лабороторияның инженерлігіне келісіп отырған адам енді ғылыми хатшы боласың дегенге қуанудың орнына бұрынғы хатшыға жалт қараппын. Неге екені белгісіз қызарып та кеттім-ау деймін. Ал, ғылыми хатшы бозарып бара жатқан секілді. Әбден қызық болды. Тура бір бізді қазіргі заманның тілімен айтқанда детектор лжыдан өткізіп жатқандай, өзі сырбаз отыр. Сейфуллин сасып қалды, бірақ білдірмеген болып, үндемей түйіліп отыр. Шахмарданға қарсы келетін кім бар ол кезде. Өзі президент, өзі директор, өзі Ленинский лауреат!

Бір кезде сөзін жалғап, —ғылыми хатшы міндетінен Наймулин босатылып, бірінші орынбасар қызметіне тағайындалады, оның орнына Асанов Мәдениетті бекітпекпіз. Жас қой бірер жылда қорғап алады, тақырыбы, жұмысы бар екен,--деді. «Ғылыми атағы жоқ ол қандай хатшы» деп айтылатын өсек-аяңның жолын біржола қиып тастады. Осылай, лабораторияға қарапайым инженер боламын деп отырған адам табан астынан ғылыми хатшы болып шыға келдім. Таң қаларлық іс емес пе?! Ал, Шахмарданның мұндай шұғыл шешімдерін кейіннен көп көрдім. Егер ұсыныс дұрыс болып тұрса сол сәтте-ақ шешіп, шара қолданып тастайтын.

Осы сәттен бастап мен қызмет бабымен Шахмарданмен жиі кездесетін болдым. Қызық болғанда, бірер айдан кейін президенттің көмекшілігін де мойныма іліп алдым.Сөйтіп, екі қызметті қатар алып жүруіме тура келді. Өзім осы уақытқа дейін Шахтың маған соншалықты сенгеніне таң қаламын, менен оның ешқандай жасыратын сыры да, құпиясы да болмайтын. Небір мемлекеттік, жеке құпия қағаздарына дейін маған беріп қоятын. Ресми орындарда «Шамардан Есенович» дегенім болмаса жәй кездерде мен оны «Шах» деуші едім, оған ол ренжімейтін және өзі де сол есімге ылайықты еді. Шынымды айтсам Шахтай біртуар адамға кезіктірген тағдырыма ризамын. Ол кісінің арқасында мен қайда бармадым, кімдермен таныспадым. Үлкен ортаның үлкен істерін көрдім, небір білімді, ғұлама адамдармен таныстым. Союзда біз бармаған қала, Қазақстанда біз араламаған кен орындары жоқ шығар-ау. Шет елде өткен конференцияларға да бірге барған кезіміз болды.

Осы тұста бір тарихты айта кетейінші, бұны маған әжем Алтын айтып еді. Шахмарданның әкесі Жорабек біздің өңірге аты белгілі адам болған. 1916 жылы патшаның жарлығымен тылға, окоп қазуға қазақтарды алады ғой. Сонда қара жұмысқа жасы келмесе де менің әкем Асанды бір байдың баласының орнына жіберейін деп тұрған жерінен, заңды жақсы білетін, орысшасы мықты Жорабек арашаға түсіп, алып қалады. Есеновтің институтына жұмысқа орналастым дегенімде әжем осы оқиғаны тебірене отырып, «сен Жорабектің баласын ұятқа қалдырма,қызметіңді адал істе...» деп, маған аманат еткендей болды. Әлі күнге сол сәт есімде. Бірақ, Шахмарданға жерлес, тіптен туыс кенімді мен білдім, ал, ол білмей кетті. Ол менен қай жақтансың, кімнің баласысың деп сұраған емес, мен айтқан емеспін. Біз бір-бірімізді іштей ұқтық, құрметтедік, сендік».

ххх


Исатай Әбдікәрімов,

Қазақстан Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы:

(жылдар?)

«--Келешектің қай деңгейде көрінеріне көз жетпейді.

Біздің заманымызда кадрді қызмет жағынан жоғарылатудың екі түрлі безбені болғаны даусыз. Бірінші, экономиканы , шаруашылықты жүргізу, екіншісі, көбіне-көп жеке бастың жоғары партия ұымдары мен қарым-қатынастарына қатысты. Осы екеуінің бірінсіз бірі шешілетін де заман болған шығар , бірақ алпысыншы, жетпісінші жылдары өсетін адамның қолға ұстайтын негізгі тұтқалары осылар -ды. "жең ұшынан жалғасыу заңнан да күшті" деген қағида бар, десе де жұртқа жалтақтамай-ақ уақыт талабымен ел бастаған адал да іскер басшылар және болғаны даусыз.

Қай қырынан алып қарағанда сол кезгі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Д.Қонаевпен өзара түсіністігіміз дұрыс болды. Жылдар өткен сайын қызмет бабаында бірлесе жүріп сыйластығымыз жақсарды, пікіріме ден қоятын-ды. Жалпы әділет үшін айтайықшы, көптеген кемшіліктеріне қарамастан ол кісі үлкен жүректі азамат, қазақ халқының сирек туатын бір туар перзенттерінің бірі. Әріден ойласақ оны да заманы мен ортасы қателестірген шығар. Біз бәріміз көңілдің құлы болып кететін пенде емеспіз бе? Қазақ: «қартайғанда дүние адамның көз алдына бітеді»-- деген сөзді неге айтты? Димекең дендеп дүние де жимаған адам, бірақ егделік меңдеген сайын алыстан гөрі айналасындағылар көзіне ыстық көрінетіндей, күтпеген құбылыстар пайда бола бастағандай. Қуаты кеміген егделік шақта адамды шектен тыс көңілшектік билейді. Жылы сөз пештің жылуындай әсер етеді, арқаңды оған сүйегенді тәуір көресің. Кәріліктің бірі міне сол—көңілшектік. Димекең де әзәзілдік сөзге бой алдырды. Ал, заман әзәзілсіз болған емес. Әсіресе, билігі жүріп тұрған дәуірде ондай жандар басшының төңірегіне көп топтасады. Бұның ұштығын өз басымыздан да өткердік. Әйтпесе, соңғы кезеңге дейін ағамыз ақ жолдан адаспай келген. Әулиедей айтылған сөзге сенгіш адам. Қара қазаққа қамқорлығынан кемісі жоқ еді, жарамсақтар сөзін жақсылыққа жаорып, тура жолдан тайып кеткенін сезбей де қалса керек-ті. Бәрін де уақыттың өзі саралап, бағасын халық береді ғой, бір байқағаным, ағамыз қызметкерледі бағалауда аяғын шалыс басып, көрер көзге бұра тартуды шығарды. Әсіресе, бұл кемшіліктер жақын қызмет істеген жылдары айқын көрінісін бере бастады. Әлі күнге дейін Димекеңді кінәраттауға қимаймыз, бірақ бір елдің ағасына айналған азаматтың қатесі халық үшін қаншама қиянатқа тұратынын кезінде ескеру де керек-ті.

...1970 жылдары академик Шахмардан Есеновпен екеуінің арасында қандай жақындастық болғанынан бейхабармын,кейін осы азаматты бұлынғырлау себептермен Қазақ ССР Ғылым академиясы президенттігінен алып, орнына інісін тағайындады. Ғалымдар ордасы дегенмен, Президенттік үлкен лауазым ғой. Кіндіктес ағайынды жігіттердің республиканың белді бір тұтқаларын қатар ұстап тұруы сырт көз үшін де сөлекет-ті! Онан соң Геология министрі кезінде де Шахмарданның ізіне шырақ алып түсіп жүр дегенді есітіп: «Димекең тарапынан осыншалық пендешіліктің болуы мүмкін емес қой»---деп, қаңқу сөзге қимадым. Ақыры қауесет шындыққа айналды. Шахмарданды құр атқа жайдақ мінгізгендей қылып, қиян шеттегі, Балхаш геологиялық экспедициясына жетекші етіп жіберді. Өзі сенім көрсеткен адамынан соншалықты Димекеңнің шығысуы ол кісінің бойында бар үлкен қарама-қайшылықтың хабаршысы еді. Әрі өштескен адамының басын жерге жеткізгенше қыр ізінен қалмай кектесу азаматқа жараспайтын іс-ті. Алматыға көшпей тұрып қайраткер деген ағамыздың бойында да пендешілік мықты екеніне көзім жете бастады. Енді мені да астанаға қызметке шақырып отыр. Елп ете қалатындай жағдайым жоқ, бәрін көкіректе шайқап, әбден пісіпріп алмаса болмайды. Оның үстіне өзімнің де ауызым күйе жаздаған.

Сол жылдары бір айлық демалысымды алып курортқа барғанмын. Мәскеуде Жоғарғы Кеңестің сессиясын өтетінін естідім де, қайту сапарры қатысып кетуге бекіндім. Мәскеуде Д.Қонаев пен Зухра жеңгеміздің осында келгенін есітіп,, резиденциядағы нөміріне соғып, сәлем бере шығуды ойладым.

Мен қонақ үй бөлмесі табалдырығынан аттағанда іште Димекеңнен де басқа өзінің екінші хатшысы В.К.Месяц, Министрлер Кеңесі төрағасы Б.Әшімов және Зухра Шәріпқызы отыр екен. Амандық-саулық сұрасып та үлгермедік- ау деймін, ағамыздың ашу-өкпесі оқтаулы мылтықтай әзір тұр екен, табалдырықтан аттатпай жатып маған тиіссін.

--Ал, сендер не бүлдіріп жүрсіңдер? Неге тыныш отырмайсыңдар осы?

Партиялықта, азаматтық мәдениеттің бой тұмарындай көріп, өнеге тұтатын азматтың бұлайша қатты кетуін бірінші көріуім. Таңырқап тұрдым да қалдым.

--Ол не, Димаш Ахметұлы? Ештеңе ұға алмай қалдым?

--Не ұқпайтыны бар?! Шахмардан Есенов «Алматы» ресторанын бір аптаға жалдап алып, қыз ұзатамын деп ағын-тегін той өткізеді. Тойға қырық телевизор, елудің үстінде кілем түседі. Оған Қызылорда облысы арнайы делегация жасақтап жібереді. Арасында өзің бар көрінесің.

--Димаш Ахметұлы, менің бір айлық демалыстан келе жатқан бетім осы. Барлық жағдайдан бейхабармын. Шынымен Қызылорда облысы сол тойға қатысқан болса, ақ-қарасын ашатын уақыт болар. Мен ешкімге де тойға адм жіберіңдер деп айтқан емеспін.

Димекең бұл сөзіме де тоқтай қойған жоқ. Ашу-ызасы Шахмарданның үстінде болғандықтан, қасындағы жігіттерге той жөнінде әңгімелеумен болды. Айтуына қарағанда той иесі қызын ұзату үшін «Алматы» ресторанын апталап жаптырып қойыпты. Оған бөгде біреулер жоламасын деп айналасын милициялармен қоршатқан көрінеді. Тойға жиналған халықтың есебі жоқ. Сый-сияпаттың түр-түрі бар. Осының бәрін сабақтай келе Димекең отырған орнында күйінді.

Кейінірек елге оралғасын еітіп жатырмыз, Мәскеуде Димекеңнің аузынан шыққан әңгіме қаңқуға айналды. Осы кісілерге өтіс-қатысым болмаса да , қосақ арасында бос кетіп, мен шет жағалап мен ауыр сөз естідім. Сол бір оқиғадан кейін-ақ бұл кісінің кәдімгі пендеміздей асығыс ойлап, байыбына бармай, шалт ашуланып, азаматтықтан айнып түсетін жерлері бар екенін тоқып қалдым. Бұдан да басқа ол кісі жөнінде айтылатын түрлі қауесеттен хабардармын. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды»-- деген дұрыс мақал, қауесет қаулаған сайын оның бәрін жел сөзге шығара алмайсың".

Шынымызды айтсақ біз дәл осы жерде той жасаймын деп басы шатылған Есеновті емес, ел басшысы Димекеңді аядық. Қисыны келмейтін қырық телевизор мен елу кілем түсті тойға дегенге сеніп, салиқалы ой ойлауға, байсалды мінез көрсететін ақсақалдық жасқа жеткенде балаша шәт-шәлекей болғаны несі? Бұл деген сөз, біріншіден, жүйкенің жұқарғанын, денсаулықтың болмай тұрғанын көрсетеді. Екіншіден, соған сендіріп отырған ортаның, оның ішінде өсекті жеткізген адамның «мықтылығын, шеберлігін» көрсетеді. Ол кезде бір айлыққа қарап отырғандар 40 телевизорды қайдан әкеле алсын. Әрі ол кезде телевизор қымбат тұратын. Біріншінің осал жерін, сенгіштігін әбден біліп алған орынбасарлар мен көмекшілердің асыра сілтеп жібергенінің ара жігін ажырата алмай қалып тұр ғой, Қонаев та. Аянышты, әрі күлкілі! Қартайған хатшыны қамырша илеуге көшкен-ау деп қаласың оларды. «Кемеңгер, ұлы» деп жұрт таныған басшы асықпай, байсалдылық танытып, ақ- қараны анықтап алып барып ашуланса да болар еді-ау деп, өз-өзіңнен ыңғайсызданасың. Бұның бәрі бір қызметте ұзақ-ұзақ басқарғаннан, шаршағаннан, өзіне-өзі сенбегеннен, менің орныма «қызығып» жүр-ау деген күдік пен күмәннан туындап жатқан әлсіздік еді, әрине. Ал, Есеновтің жаулары «Біріншінің» сенгіштігін ұтымды пайдаланды. Және олар оны «біріншіден» қатты қызғанды десе де болады. Өйткені алғашқыда Қонаевтың пейілі Есеновке деген өте жақсы болды. Білімді, алғыр, зерек екенін көрді де жастығына қарамай қиын іске салды. Сол кезде Орталық барлық рспубликаларда өндірісті дамыту керек деп, қаулылар шы,ғарып, қарбаласып жатқан. Кен көзі ашылмаса, ол өндірілмесе өнеркәсіп қайдан дамысын. Содан отыздың үшеуіндегі Шахмарданды Геология министрі етпеді ме?! Шахмардан да қажет кезде қажетіне жарады. Оның бәрі айтылды, қайталап жатпаймыз. Айтпағымыз, бәрінен асып бара жатқан Есеновтің абырой-беделі, Қонаевтың оған деген пейілін, ниетін қызғанды. Қызғаныш қарап қалдырмады, домалақ арыздарды жаздырды, сыбырлады-күбірледі, әйтеуір, Қонаевтың қабағын қырын қаратып қойды. Шахмардан оларға қолайсыз еді. Өйткені өзіндік пікірі бар ол олардың айтқанына көніп, айдауына жүрмейтінін түсінді. Есенов Шахмарданға жасылынған әділетсіздіктер мен «жазалардың» астары қырық қатпар, тамыры тереңде еді.

Қыздарын ұзату тойы туралы



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет