***
1993 жыл... Ол өте сирек кездесетін аурумен ауырды. Қоғамдағы адам қолымен жасалып жатқан небір әділетсіздіктерге, өзіне жасалған қысымшылық, қарсылыққа, күншілдікке төзе-төзе шаршаған жан мен тән ақырында имунндық қасиетін азайтып, денсаулығын бұзды. Ол- елі мен жұртының ен байлықтың үстінде отырып кедей болғанына күйзелді, ол- кен байлықтарының-қалай болса қазылып, шашылып-төгілгеніне қайғырды, ол- «отаршылдардың» Отанын аздырып, ұлтын тоздырып, тілінің жоғалып бара жатқанына жаны күйді. Осыған орай ақиық ақын Әбділда Тәжібаев шыншыл да, әрі әдемі естелік жазып кетіпті. Шахмарданның сөзі, ойы арқылы жан-дүниесін, ішкі әлемін, жүрек сырын, қысқасы, Адамдық асыл қасиетін танып білуге әбден болады. Сөз ақында:
«--Бір жылы Шахмардан екеуміз Алматыдан Қызылордаға бірге баратын сапарлас болып қалдық. Аз ғана күн болса да бірге жүретін болғанымызға екуміз де бірдей қуандық.
--Билетті бір купеге аламын, бірге отырамыз, бірге жатамыз. Қызылордаға жеткенше басыңызды қатырамын.
--Менің басымды қатыру үшін бірер күндік жол азд ық қылатын шығар,--деймін, інімді сөз жарысына шақырып.
Бір вагонда, бір купеде туған жерге тартып келеміз.
Мен пойыз жүре бастағанда қисайған едім, әжемнің бесігінде тербелгендей лезде-ақ ұйықтап қалыппын.
Едәуір уақыт өтіпті, оянсам күн батыпты, түн басыпты, купеде шам жанып тұр.
--Тамаша ұйықтадыңыз, Әбеке.
Мен бетімді салқын сумен шайып келіп, өз орныма отырдым. Екі кісіге шақталған кішкене столда қара көзі жаудырап француз коньягі тұр, ет те туралыпты, шоколадтар да қойылыпты.
--Бірінші тосты сіз айтыңыз, аға. Ана жылы Сәбеңмен ( Сәбит Мұқановты айтады) далада өткізген екі адамдық банкеттеріңіз сияқты екеуміздің банкетімізді басталды деп санаймын.
--Бұл ғажап болды, Шахатай! Улаған-шулағаннан кісінің басы қатады. Мен де Сәбит ағамыз сияқты осындай шағын банкетті жақсы көремін.
--Ал, енді іске кірісейік, бағынышты адам қашанда да жағынуға тырысады. Мен алғашқы тосты өзімді билеп басқарушы Есенов Шахмардан жолдастың саулығына арнаймын. Менімен соғыстырып болмай, ішіп болмай сөйлеуіне рұқсат жоқ.
Түн өтіпті вагонда, келер күнге ауысыппыз. Шахмардан екеуміз шайымызды ішіп болған соң, заулап бара жатқан пойыздың терезесінен дөңгелене түсіп, қалып бара жатқан далаға қарап отырмыз.
Мен осы жол бойында есіме түскендерді Шахмардан сұрамаса да айта бастаппын.
--1926 жыл болуы керек, ұмытпасам... Онда Шымкенттегі жеті жылдық Ғани Мұратбаев атындағы интернатта тәрбиеленеміз. Сол интернаттан жеті жылдық мектепке қатынап оқимыз. Жазда Ақмешіттегі шешеме барамын, күзде Шымкентке қайтамын. Сондағы жол бойында көргендерім әлі есімде. Ұзын жолдың бойында қатар отырған ауылдың жалғасу бір үзілмейтін. Жайылған млдың көптігі сондай бұған есеп жетпейтін шығар дейтінбіз.
Қырғыздың «Манас» деп аталатын дастанында қазақ туралы қызық сөздер көп-ақ. Солардың ішінде менің есімде «қазақ көп пе, қамыс көп пе?» деген жолдары қалыпты. Дастандағы осы сөздер есіме түскен сайын сол жылдардағы Ақмешіттен Шымкентке дейін қатар отыратын күздегі қазақ ауылдары мен олардың сан жетпестей малдары да есіме түседі.
Қазақстанға, Орталық партия Комитетінің хатшысы болып, қанішер, бұзық Голощекин келіп, ашаршылыққа ұшырамасақ не болар еді?
Құдай бізді қорлық үшін, бейнет үшін Ресеймен іргелес қылған ғой.
Жерінің асты алтынға бөккен, үсті жарық нұрға малынған қазақты Ресей бірнеше рет құрттым, бітірдім деп ойлады.
Он өлдік, он рет қайта тірілдік. Өміршең халық екенбіз, аждаһа қанша рет жұттым, бітірдім десе де біз бітпедік, таусылмадық.
Біз ән-күйімізді жоғалтпадық. Жылап жүріп ән айттық, күй шерттік, қатал тағдырмен беттесіп тұрып ұлы мекеннің иесі екенімізді дауыстап айтудан айнымадық.
Тағы да нең бар
Көрсетер маған, тағдырым
Қинайсың қанша
Қазақ болғаныма жазғырып?
Мен өзгермейтін
Және мәңгі өлмейтін халықпын,
Айыра алмайсың
Жылуынан мені жарықтың!
Шахмардан оң қалтасынан орамалын алып көзін сүртеді.
--Мұның не, Шахажан?—деймін күліп.
--Тағы да тыңдайын, қайта бір оқыңызшы жаңағы өлеңіңізді.
Мен екінші рет оқимын қайталап.
--Өлең дұрыс айтады аға, біз мәңгі өлмейтін халықпыз. Осындай ұлы мекені бар ел оп-оңай өле сала ма!
Мен «әрине» деймін ініміді қостап. Бірақ ішімдегі аласапыран ойлар—жарық үміттер мен көлеңкелі күдіктер жүрегімді қаттырақ қақтырады.
--Мен қойдым енді, Әбеке. Шаршатып алдым білем сізді, демалыңыз, аға...
Екеуміз де үндеспей отырмыз, екеуміздің де көзіміз—сонау бірден зымырап қалып бара жатқан кең далада.
--Сонау күннің шыққан жерінен, сонау батқан жеріне дейін бәрі біздің жер екен ғой,-- дейді Шахмардан терезеден көзін алмай отырып.—біз осы мекенімізге ие бола білуіміз керек.
--Бола алад ма екнсіңдер?
--Неге олай дейсіз аға? Сенбеймісіз, болашағымызға?
--Шынымды айтайын ба?
--Әрине, екеуміз ғана отырып бірімізге –біріміз өтірік айтамыз ба, аға.
--Өте кеңбіз де, өте баймыз ғой, Шахажан. Біздің қазыналы даламызға алып мемлекеттер қызығады. Мен солардан сескенемін, сенбеймін күштілерге.
--Сақтар, құдай, ағасы.
--Сақтансаң сақтаймын деген де құдайдың өзі емес пе?
--Дәл өзі,-- дейді Шахмардан күліп.
--Біздің жастарымыз барлық күштерін ғылымға салулары, ең мықты техникалар ойлап шығаратын дәрежеге жетулері керек.
--Тағы бір он жыл бейбіт өмір сүрсек, әжептәуір іргелі елге айналып кетуіміз мүмкін ғой.
Шахмардан менің сары уайымға салына беретін сөздеріме тойған болуы керек:
-Жарайды аға, жатыңыз, демалыңыз. Мен бой зазып келейін,--деп шығып кетті.
Біз осылай Қызылордаға да жеттік. Үш күн бойы ініміз екеуміз осы Қызылордада бірге боламыз.
--Мен, аға, мұнда көп жұмыс бітіруге міндеттімін, мен іссапармен келген адаммын. Бірақ бізбен бірге келгендіктен, жұмысым екі есе көбейіп тұр. Оған Сіз жазықтысыз аға!
Шахмардан кәдімгідей рахаттанып тұрып күлді.
--Мінекей, тізімі. Бүгін үш үйге шақырылып едіңіз, мен екеуіне «отказ» жасап, біреуін ғана қалдырдым. Сөздерін қимай үшеуіне де барсаңыз қандай шаршар едіңіз.
Бір жағы қонақтап жүрсек те қаламызға көктемде келген қатер жайлы да көп әңгімелер естідік. Тасыған дария қаланы басып кете жаздап, жұрттың зәресін ұшырыпты.
--Дарияның табанын тазалау, тереңдеті керек. Көп жылдар ағыспен көшіп кеп жиналған топырақ өзенді бөгеуге айналған, суы сәл тасыса қалаңды басамын деп қорқытады.
--Бұл халықтың баяғыдан көріп келе жатқан азабы ғой. Шиеліде күн жылып, су тасып жатқанда, Қазалыдағы аяз дарияны мұздан босатпайды. Осының бәріне төтеп беретін мықты техника керек.
Біз Шахмардан екеуміз ақылдастық та, әрқайссымыз өз тіршілігімізді жасайық, бір-бірімізге бөгесін болмайық деп шештік.
Институтта, мектептерде, кітапханаларда, шақырған жерлерге барып кездесулер өткіземін, неше түрлі сұрауларға жауап беремін, өлең оқимын.
Алматыға қайтатын мезгіліміз де шапшаң жетті.
--Қайтамыз аға, самолетке билет алып қойдым десем ұрыспайсыз ба?
--Сабауым да мүмкін,-- деймін күліп,-- өзің қалайсың, Шахажан? Келген сапарыңа ырзамысың?
--Ырзамын Әбеке. Мен де жолдастардың сұрауы бойынша екі жерде жастармен кездесу өткіздім.
--Қалай, ұнадыма жастарың?
--Ұнады. Мен жасырмай шынымды айттым оларға. Ұлтымыздың ертең азып-тозып кетпеуіне ертеңгі ұрпақ жауапты. Ал ұрпақтың мықты боп жетілуіне бүгін біз жауаптымыз дедім.
--Бұл сөз жастар ғана емес, бүгінгі біз сияқты кәрілерге де сабақ.
Қызылордадан Алматыға дейін екі сағат ұшатын кішкене самолет бар екен, сонымен астанамызға жеттік. Бізді күтіп алған Шахмарданның қызметтес жігіттері әуелі мені үйге әкеп салды. Есікке дейін мені қолтықтап шығарып салған Шахмардан:
--Ертең еш жаққа кетіп қалмаңыз. Біздің үйде қонақ боласыз. Мен бүрсігүні Жезқазғанға жүремін –деді.
Ертеңіне Шахмарданның үйінде түстік жедік. Кәмила келіннің әдемі шайын іштік.
--Жақсы отырдық, аға, Сізді өте көңілді отырған ажарыңызға қарап мен керемет ырза болдым, қуандым, келініңіз де қуанды. Жасай беріңіз, көбірек болыңыз ортамызда, Әбеке...
Бұл біздің ең соңғы рет бірге дәм татуымыз болатын. Мен жақсы інімді тірлігімде есімнен шығара алмайтын болармын. Оның батырларға ылайық тұлғасы, нұрлы жарығы төгіліп тұратын сәулесі көзін қай досы болса да еш уақытта ұмыта алмайтын болу керек.
Тіршілктің өз заңы, өз тәртібі бар, өмір кедесінде жаны бар, қимылдап жүрген адамды сан түрлі алаңдаудан босатпайды. Біз кейде жақындарымыздың да сыртынан күле сөйлеп отырамыз. Жүрген шығар қарақан басының қамынан артыла алмай дейміз.
Инженер, кенші Шахмардан тіршілігіндегі көбірек сөйлейтін, тілі—орыс тілі болса да , өзінің ана тіліне барынша ұқыпты еді және оны қадірлей де білетін. Сирек кездесіп жүргеніміздің өзінде де көріскен сайын тіліміздегі қызықты да қымбатты сөздерді көбірек естуге, есіне сақтауға құмар еді. Мен де оның осы қылығына қызығып, өзім білетін тәуір сөздерді оған көбірек естіртуге тырысатынмын. Мен осындай бір кездесудің үстінде:
--Мен саған монғол сөздерн үйретейін бе?—дедім күліп.
--Үйренейін аға,--деп, маған қарап қапты.
--Моңғолдар итті «ноқай», шошқаны «қуқай» дейді екен.
--Ағатай-ау, бұл өзіміздің сөз емес пе? «Ноқай» мен «құқайды» тартып алмаса моңғоларға бермеймін.
--Сен, Шахмардан, елде көп жүрсің, көбінесе қазақ арасындасың. Естіген жақсы сөздеріңді жазып алып жүрсең, филологтарға да жәрдемдескен болар едің.
--Оныңыз рас, аға. Жұмыс үстінде естіген қызықты сөздерді жазып ала қоюға уақыт бола бермейді. Әйтсе де кейде кейде жазып алған боп та жүрмін. Көрсетейін бе кейбіреуін? Көргіңіз келе ме?
--Әрине.
Шахмардан қалтасындағы күнделік сияқты дәптерін ашып оқи бастады:
Бірінші:
-- Сыйыр мүйізді өгіздің
Күші болмас.
Өгіз мүйізді сыйырдың
Сүті болмас.
Екінші:
--Ат болатын құнан
Саяққа үйір.
Үшінші:
--Жасында ұрыншақ,
Қартайғанда сүріншек.
Төртінші:
--Жаманның көңілін ауласаң да,
Дауын даулама.
Осылай кете береді аға.
--Қандай жақсы сөздер жазып алғансың, Шахажан.
--Сіз, аға, мен там-тұмдап жинаған әдемі сөздерді жазып алуға тырысасыз, ал, өзіңіз маған еитеңеңізді қимайсыз. Мен мұныңызды әділдік деп санамаймын.
--Қатырдың ағаңды, бауырым. Ал жазып ал, мен де саған айтайын білгенімді,--деймін оған...
Соңғы жылдардың соңғы күндерінің бірінде Шахмардан маған сәлемдесе келген екен, мен дәрігерлерге көрініп келгенше саяжайдағы үйде күтіп қалыпты.
Мен келсем, ол менің үстелімде ешегі жазғандарымды оқып отыр.
--Аға, мен сізге жаңа бір өлең жазып қойдым, оқиын ба, тыңдайсыз ба?—деді күлімсірей.
--Тыңдағанда қандай,--деймін отырып жатып. Ол оқи бастады:
Бірге тудым босағам-іргемменен,
Бір жасадым битіммен, бүргеменен.
Жерім менен суымнан ауады олар,
Қанша дәурен қожамсып сүргенменен.
--Бұл не, аға? Неге сонша қатты жазғансыз? Бір уақытта ұлы орыс халқын мадақтаушы ақын емес пе едіңіз?
--Иә, солай болған. Бүгін басқаша сөйлеймін. Өзгеруге, жаңаруға менің қақым жоқ па?
--Сіз қалай сөйлесеңіз де еріктісіз, аға. Әңгіме Сіздің еркіңіз туралы емес қой...
--Енді не туралы?
--Кешіріңіз, аға. Егер мүмкін болса, бұл тақырыптағы әңгімені осымен доғарайық.
-- Бір уақытта—қазақ болмаймыз, ұлы орысқа айналу керек деген ұран да тастағанбыз, біздің былшыл-ұятсыздығымызда шек болмаған. Сол кінәм үшін бүгінгі жас ұрпақ маған: «Сені дарға асамыз!» десе, мен басымды ұсынамын,--құлдық, қалқаларым!—деймін.
--Түһ, аға, не деп кеттіңіз? Жалынамын, қойыңызшы ұшындыра бермей.
--Қойдым, қойдым, бауырым.
Інім менімен қоштаса келген екен, қоштастық. Бұл біздің соңғы көрісуіміз, соңғы рет отырып бір дастарханнан дәм татуымыз еді.
Адамдар арасында туыстықтың, достықтан туатын жақындыққа ештеңе жетпейді өмірде. Ақ пейіліңмен ақтарыла отырып сенген кісіңмен бір сырласудың өзі үлкен бір оқиға, кейде тарихи оқиға...».
Бұған басы артық анықтама, толықтырудың керегі жоқ. Бірі--ақын, бірі-- ғалым. Айтарлары көп. Екеуінің де уайымы ел мен жердің, қазақ тілінің болашағы. Қайран, азаматтар-ай! Сол уайым, қазақтың басындағы сол тағдыр сол күйінде қалып келеді-ау...
«Ол-ұлтымыздың ертең азып-тозып кетпеуіне ертеңгі ұрпақ жауапты. Ал, ұрпақтың мықты боп жетілуіне бүгін біз жауаптымыз,- деп, күндіз-түні ойланатын, миына маза бермейтін! Осындай-осындай ойлар, әділетсіздік пен арсыздықтың миға түскен салмағы ақырында айықпас ісікке айналды. Адам темір емес, қанша салмақ салсаң да майыса беретін. Соңғы жылда бір емес бірнеше мәрте операцияға да түсіп шықты. Соңғы төртінші операциядан кейін жалғанып келген үміт үзілгендей, науқастың беті бері қарамай қойды. Ақылды адам ғой бәрін де түсініп, бәрін де сезді. Келген жаққа кетерін, мәңгілік мекенге қайтыстың боларын болжады. Жаратушыдан келіп, сол Жаратушысына қайту сапары тұрғанын мойындады. Сабырлы қалып, сырбаз мінез танытты. Ағайын-туған, жора-жолдас көңілін аулап, жанына жалау бола білді, жалғыз қалдырмады.
Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов басына ауыр операция жасатып, ауруханада жатқанында көңіл сұрай барып Шахмардан Есеновке былай депті:
Ардақты Шәке!
Сіз қазіргі халық зиялыларының алдыңғы легіндегі асыл азаматтарымыздың бірісіз.
Алтынның сынығысыз,
Құрыштың қиығысыз.
Алғы лектегі асылдар азайып барады. Арттағылардан да шығатын ардақтылар аз болмас. Бірақ алтынды рудадан ажыратып, қалың халыққа жарқырата көрсету Сіз сияқты ел ағаларының борышы ғой. Сол борышыңызды ақырына дейін аянбай орындауда жаныңызға жамандық келмесін деп тілеуші ағаларыңның бірі едім.
Алайда өмірдегі күншілдік пен қиянат, арсыздық пен әділетсіздік, озбырлық пен опасыздық сияқты қызыл көз пәлелер шаужайдан алмай, аяқтан шалмай тұра ала ма? Сол сайқалдар Сізге де жабыла шабуыл жасап, қорлық көрсетті, ақыры сондай ауыр ауруға душар етті.
Бірақ:
Ер азамат аяқтан екі шалғанды – елемейді,
Үш шалғанға-ұтылмайды,
Төрт шалғанға- төңкерілмейді,
Бес шалғанға- берілмейді,
Жеті шалдырғанға –жеңдірмейді.
Берілмеңіз, берік, бекем болыңыз, Бауырым!
Жеңілмеңіз, жеңіп шығыңыз, шырағым!
Досты сүйсінтіп,
Дұшпанды күйінтіп,
Өзіңіздің маңғаз қалпыңызбен,
Жан-жағыңызға жылы жымиып,
Жүректерге жылу шашып,
Жадырап,
Жарқырап,
Жайраңдап,
Қадірлі келінмен қолтықтасып,
Қасқайып, үйіңізге қайтыңыз.
Аман сау халқыңызбен қауышыңыз,
Мен осыны айтайындеп келдім Сізге,
Аяғым жеңіл болсын,
Ағалық ақ тілегімді қабыл алыңыз!
23. 8. 1992ж.
10. 00
***
Шаршаңқырап қалған Батырын төсегіне жатқызды, жастығын биіктетіп, суын бас жағына қойды. Осылай бәйек болып жүрген жары Кәмилаға:
- Батыр, отыр қасыма, --деді, Шахмардан. Баяғы қапсағай денелі, биік бойлы Батыры жоқ, жүдеген, еттен арылған. Кәмила салалы саусақтарын алақанына салып, баяу сипап отыр. Екеуі де үнсіз. Кәмила Батырының айтпағынан қорқады, баяғыдағы үлкендер айтатын «арыздасу-соңғы сөзін» естуге жүрегі дауламайды. Арыздасса-ақ болды сол мөнетте жүріп кететіндей жүрегі аузына тығылады. Бірін-бірі қимайды, жаратушы алдында дәрменсіз, шарасыз. Өкініштің өксігі Кәмила кеудесін кернеп, еркіне жіберсе болды-ақ моншақ-моншақ болып ағылудың аз ақ алдында. Осыны сезе қалған Шахмардан:--Батыр, сен жылайтын болсаң мен шаршап қаламын, сен жылама сондықтан ,-деп, біраз дамылдап отырды да,-- жаңа әке мен анамды босқа сөз еткен жоқпын, Батыр. Түсіме көкем кіріп жүр...,--тағы да үнсіздік. Кәмила «әкей не айтты?» деп сұраған жоқ, бәрі де белгілі болып тұрған жоқ па, несін сұрайды.—Мені уайымдама, балаларың бар құдайға шүкір, немерелер де келіп жатыр өмірге...Екеуміз бір кісідей-ақ өмір сүрдік, ащыны да, тәттіні де бірге бөлістік...Шахмарданның ауруы содан болды, сол кінәлі деп ертең біреулерге өкпе артып жүрме, ол ұсақтық болады, Алланың жазуы осы шығар. Ешкімге өкпелер жағдайым жоқ, Димекеңе не деп өкпелейін, жас демей министр етті, президент қойды...айналасындағы өсекшілер ғой көп нәрсені бүлдірген...ал, кім-кім де өз күнәсі үшін өзі жауап береді ... «бұл дүниенікі ол дүниеге кетпейді» деп көкем жиі айтып отырушы еді. Сондықтан бәрінің де жауап беретін кезі келеді, әлі... Сабырлы бол. Сен жылап, азып-тозба...балаларға бас- көз бол. Бір-бірімізге артық-кем кеткен кезіміз болса кешіріммен қарайық,-деді де Шахмардан бейне бір арыздасып, ақтық сөзін айтқандай болып және «бұныма не айтасың ?» дегендей Кәмилаға қарады. Кәмила: «Сен де кешір мені?» деп, аузын ашса болды ажал Батырын алып кетердей болып, үндемеді. Бірақ, осы үнсіздігі үшін әлі күнге дейін өлердей өкінеді, арыздасып, бұрынғы-соңғының жолын жасамағанына өкінеді. Өмірдің соңы осылай өкінішпен бітетіні несі екен?!
Шахмардан осыдан кейін ұзақ жатқан жоқ.
1994 жылдың 23 тамызында дүниеден озды.
***
КӘМИЛА БЕГІМБАЙҚЫЗЫ,
Шахмардан Есеновтің жұбайы.
«--Мен жастай жетім қалдым, әкем Бегімбай 1940-шы жылы, соғыстың алдында бар жоғы сегіз ай ғана ауырып дүниеден өтсе, анам Әсем әкемнен кейін 21 күн өткенде төрт-ақ күн науқастанып қайтыс болды.Ол кезде мен бар жоғы 11 жаста, төртінші класта оқитын едім. Қазақта «жетім қозы тас бауыр» деген сөз бар, бірақ мен тасбауыр болмадым. Өйткені әкем алты ағайынды еді, алты ұл: Ахмет, Ақбенбет, Бегімбай, Абзал, Әбдіхалық, Даңбай және бір қыз-Ақілгек. Олар әкем мен анамның орнын толтырып, бар мейірім, шапағаттарын аямай өсірді. Әлі күнге дейін «Айналайын!» деп, маңдайымнан искегендері ойыма түссе жүрегім нұрға толады. Жарықтықтардың жандары жәннатта болсын, бәрі де о дүниелік болып кетті.
Қазақта жақсы дәстүрлер көп қой, соның бірі, бірі емес бастысы—әулеттің ұйымшылдығы. Әулет ұйымшыл болса қандай қиындықтан да шығуға болады. Мен соны көріп өстім, дәмін татып өстім. Біздің әулетті әкемнің ең үлкен ағасы Ахметтің әйелі Хадиша басқарып отыратын. Әжеме бір адам қарсы келмейді, ол қандай шешім шығарса да басқалар бұлжытпай орындайтын.
Бір кезде соғыс басталды. Әулеттің ер-азаматтары соғысқа кетті, біздер Тереңөзек жақтағы Майлықұмға көшіп келдік. Әкемнің қарындасы Ақілгек, Хадиша әжеміз, бізді асыраушы немере апам Мәрипа (МТС-тің кассирі болатын) бәріміз бірге тұрдық. Бір күні Мәрипа ауырып қалды. Не істеу керек? Ол кезде мен бар-жоғы жетінші класта оқимын, содан немере апамның орнына кассиршы болып жұмысқа шықтым. Бас есепшіміз бір кәріс кісі болды, өте жақсы адам еді, ол ауданнан ақша, нанға берілетін карточканы әкеледі, мен оны жұмысшыларға таратамын. Кейіннен Мәрипаны аудандық парткомның хатшысына секретарша етіп қызметке алып кетті, ол орыс класын бітірген, орысша, қазақшаға сауатты болатын. Сөйтіп, менің бір жарым жыл кассирша болып жұмыс істеуіме тура келді. Соғыс кезі емес пе, жұмыс қолы жетіспейді, кімнің қолынан не келеді соны істей бердік қой. Жалпы халық қиындықты көп көрді. Біздер аса қиналмадық,өйткені жұмыс істеп, аз даболса табыс тауып тұрдық қой. Апам Жәмиланың күйеуі Жамбыл облысындағы Мерке аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Не дегенмен қолында билігі бар адам ғой, тамақтан, дүниеден олар таршылық көрмеді. Жәмила апам өзіне алған киімінен маған жіберіп тұратын. Әлі есімде, бір жолы маған қоңыр былғары плащь пен қоңыр туфли жіберіпті. Пединститутқа алғаш киіп барғаным есімде.
Әкемнің кіші інісі Даңбай мен анамыз Дәметтің балалары болмады, содан мені бірден қолдарына алды, еркелетіп, сыпырғы ұстатпай, ыдыс жудырмай, нағыз бұла қыз етіп өсірді. Мектепті жақсы оқыдым. Ол кісілер оқуыма жағдай жасады, мектеп бітірісімен Қызылордадағы педучилищеге түстім, оны өте жақсыға бітіріп Педагогика институтына түстім, оны да үздік бітірдім. Институт қабырғасында партияға өттім, Қазақстан Комсомолдар съезіне делегат, қалалық Кеңеске депутат болып сайландым. Не керек өз заманымның талабынан қалмауды ойладым.
Бірінші курста Батырмен (Шахмардан) таныстым. Жасыратын несі бар, бір бірімізді жақсы көрдік, егер жақсы көрмесе институт бітіргенше мені күтер ме еді?! Шахаңдай жігітке көзі түспейтін қыз болмас, тек бізді қосқан бір-бірімізге деген таза сүйіспеншілігіміз болар деп ойлаймын. Сол сүйіспеншілігімізді жоғалтпадық, аялай білдік, құрметтеп, балаларымызға бере білдік. Батыр өзі жалғыз болғандықтан ба, әйтеуір балаларын өте жақсы көрді, олардың болашағына, өміріне жүрдім-бардым қараған емес. Жар таңдауларына араласа қойған жоқ, ал, мамандық таңдауға келгенде бағыт-бағдар беріп, ақылдасып отырды. Ұлдары: Мақсұтбек, Ескендір, Сұлтан, үшеуі де әкесінің ақылына құлақ асып геолог, металлург болды. Қызымыз Шәйзаны да геолог етпек болып еді, мен биология факультетіне түскенін қаладым. Мұныма Батыр біраз ренжіп жүрді де: «жарайды, қыз баланың дала кезбей, лабораторияда отырғаны да дұрыс шығар» деп, келісті.
Шахаңның анасы өте ақылды адам еді. Жас болдым, білгенімнен білмегенім көп кез. Даңбай ағам мен жеңгем Дәмет еркелетіп, үй шаруасын аса үйретпепті. Соны түсінген енем көп білместігімді кешіре білді, ақылмен үйретті. Алғаш келін боп түскен күндерім, ол кезде Жезқазғанда этажды үйде тұрамыз. Менен апам сұрайды «пол жуа аласың ба?» деп. Мен «жоқ» деймін. Онда мына 10 сомды ал да көршінің қызына бер, содан пол жууды үйреніп кел деді. Ешқандай зілсіз, шын ниетімен айтып тұр. Полды бұрын жумасам да көргенім бар ғой, ешкімге барып үйренбей-ақ істеп кеттім. Менің балалық қылығымды қызық көрген басқа келіндер қатар-қатар тарелкелерді кіре беріс есік алдына жерге жайып қойыпты. Қайтер екен деген болулары керек. Мен оны жинаудың орнына үстінен секіріп-секіріп өте шығыппын. Бәрі ішек-сілелері қатып күліп жатыр. Апам оларға: «күлгенше үйретпейсіңдер ме, өңкей шуылдақ!» деп, ұрсып жатыр. Басқа ене болса «көргенсіз, түк көрмеген» деп, неше түрліні айтып ұрысып, жерден алып, жерге салар еді ғой. Жоқ, апам өз анамдай ақылын айтып, бір жылдың ішінде үй шаруасының бәрін үйретіп шықты. Балалардың бәрін баққан апам.Ойыма түссе көңілім босап кетеді, апам баланың сүт құйған бөтелкесін қойнына салып құшақтап жататын. Түнде жылаған кезде қойнындағы жып-жылы сүтті бере қоятын. Апам: «жассың ғой, қызметіңнен қалма!» деп, бала үш-төрт айға толған кезде жұмысқа шығарып жіберетін. Мектепте оқу ісінің меңгерушісі болдым. Алматыға келген соң ЖенПИ-де екі жылдай ғана сабақ бердім. Батырдың қонағы көбейді, іссапарға көп шығатын болды, балалар өсіп, ер жетті, бақылау, қарау керек, апам бұрынғыдай емес қартайды, не керек, бітпейтін үй шаруасы көбейді. Содан, жұмысты қойдым.
Өмір қызық, жас ұлғайған соң бар бітірерің естелік айту болады екен-ау.
Бір жылы Жезқазғанға төрт жеңіл машина «Победа» келді. Үшеуін комбинаттың директоры, шахтаның бастықтары алды да, төртіншісін экспедиция инженері Батырға берді. Ол кезде мұндай машинасы бар адам қазіргі самолеті бар адаммен бірдей. Содан машинаны алысымен сонау Жезқазғаннан «Победамен» Қызылордаға, Шиеліге екі бала, апам, мен, Батыр жолға шықтық. Жол-кәдімгі даланың қасқа жолы. Жезқазған мен Қызылорданың арасы 500 шақырым. Орта жолда ғана бір малшының үйі отырады, одан басқа жол бойында бірде-бір елді мекен жоқ, мидай жазық дала. Анда-санда даланы жосып жүрген киіктерден басқа тірі тіршілікті көре алмайсыз. Егер машина бір нәрсе болып бұзылып қалды ма, әй, білмеймін арам өлуге болады. Сол сапар туралы қазір ойласам, ойыма түссе қорқып кетемін. Жастықтың арқасы ғой. Демалысқа шықтық, жаңа машинаның буы бар дегендей...Бірақ, сол жолы көп туыстарды аралап, ағайын-тумаларды көріп, арқа-жарқа болып, бір жасап қайттық. Әсіресе, апам жарықтық жалғыз баласының өскен-өнгеніне марқайып, туыстар алдында шалқып қайтты.
Батыр ағайын-туғанға бауырмал, қамқор бола білді. Өзі: «Жасы үлкенге—іні, жасы кішіге-аға болуға жарасам болды» дегенді жиі қайталаушы еді. Енді барлап, ой елегінен өткізе қарасам, шынында да ол үлкенге іні, кішіге аға бола біліпті. Шахаңның шарапатын көрген адамдар әлі күнге дейін менен қол үзбей, амандық-саулығымды біліп тұрады. Ал, жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын. Өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаруға тырысатын. Батыр өмірде тым қарапайым, өте кішіпейіл болды. Өзінің аспандап тұрған қызмет-дәрежесіне, атақ-абыройына, бедел-біліміне қарап көкірегін көтеріп, менменсіген адам емес. Ол—бойындағы ілім-білімін, жүрегіндегі ізгілік, болмысындағы қажыр-қайратын елі үшін, халқы үшін жұмсады десем артық айтқандық емес.
Ол кезде Коммунистік партия қатарында болсаңыз болды, жұмысқа қайда жұмсаса сонда барасыз. Мынау маған ұнамайды, анау ұнайды деген таңдау берілмейді сізге. Батырды министрліктен түсірді де Балхашқа, геологиялық экспедицияның бастығы етіп жіберді. Қазір ойланып отырсам Батырдың ерік-жігері қандай мықты адам деп, президент, министр болып, президумдарда отырып жүрген адам бір күнде Бетбақтың даласынан бір-ақ шықты. Тағдырының осылай болғанына еш мойыған жоқ. Біріншіден, Батыр өмір бойы өзінің мамандығы геологияны жанындай жақсы көрді. Сол жақсы көретін ісіне қайыра оралғанына аса ренжи қоймады, ал, геологтар шын мәнінде қуанды десем өтірік емес. Таңертең ерте тұрып гаражға барып, барлаушыларды машиналарымен тиісті жұмыстарына жөнелтіп, сосын өзі де жүргізушісін қасына отырғызып, неге екенін білмеймін, машинаны өзі жүргізгенді жақсы көретін, даладағы кен қазып жатқан геологтарды аралап, станоктардың қалай жұмыс жасап жатқанын өз көзімен жиі көріп қайтатын.
Ол кезде Мақсұтбек, Ескендір Мәскеуде оқуда, Шәйза тұрмыста, Алматыда тұратын, тек кенжеміз Сұлтан ғана бізбен бірге. Шіркін, жастық-ай! Үйде отырып жалықты дейтін болар, кейде Батыр даладағы экспедицияға мені де бірге ала кетеді. Аптап ыстық, тоқтауы жоқ аңыраған жел, бірақ қызық! Барған жерімізде геологтар арқа-жарқа болып қарсы алады, Батыр станоктарын аралайды, далада отырып тамақ ішеміз, әңгіме дүкен құрамыз, түннің бір уағында шаң-шаң болып үйге келеміз. Қонып та қалған кездеріміз болды. Қандай қиындықтар көрсе де бір рет те шаршадым деп айтқан емес.
Екіншіден, Батыр атақ, лауазым, байлық қуған адам емес. Ол жан байлығын жоғары бағалайтын. Батыр оқымаған әдебиет, тарих жоқ шығар –ау! Жаны бай болғандықтан да өз басына түскен ауыртпалыққа философиялық тұрғыдан қарап, пендешілікке ұрынған жоқ. Ешкімді сөге –жамандап отырғанын көрген де, естіген де емеспін. Үшіншіден, айналасында өзіне адал берілген достары, әріптестері көп болды. Мысалы, Балхаш металлургия комбинатындағылар Шахаңның жұмысын әуелден біледі, үнемі қарым-қатынаста ғой. Балхашқа келісімен солар бар, өзінің геологтары бар бірінен кейін бірі қонаққа шақырып, сый-құрметтерін аямады, Батырға моралдық тұрғыдан қолдау көрсете білді.
Қызық болды, бір күні шақырған адамының адресін алмапты, жобамен іздеп келеміз. Батыр: «есігінің алдында ағаш жоқ болса ол соның үйі» деп, айтқаны сол еді шақырған адамы есігінің алды тып-типыл үйден шығып тұр. Батырдың жоба-жорамалына бәріміз де күліп жатырмыз. Балхашта орыстар көп тұрды. Олар есігінің алдына түрлі ағаштар, гүл отырғызып жайнатып қояды ғой. Ал, біздің қазақтардың малдың қиын үйіп қойып отыра беретінін Батыр байқаған ғой.
Тағы бірде, Батырды бұрын білмейтін, бірақ сырттай есітіп, құрмет тұтып жүретін бір қария үйіне қонаққа шақырды. Қойын сойғалы тұрып: «Айналайын Шахмардан, елдің атын шығарып жүрген азаматсың ғой, мына қойды тек қана алмаға байлап, өзім бордақыладым, саған арнайы сойып отырмын» деп, батасын сұрады. Міне, қарапайым жандардың осындай-осындай құрметі қандай қиындық, әділетсіздік көрсе де құлап қалмай, сүрініп кетпей жүруіне күш-қуат беріп, үмітін алға жетеледі-ау деп ойлаймын, осы күндері.
Әсіресе, Балхаштағы геологтар Батырдың келгеніне қатты қуанды, жұмысты құлшына істеп, жоспарларын асыра орындады. Бірақ, бұл да жоғарғы жаққа ұнамай, бір жылға жетер-жетпестен экспедиция бастығынан босатты. Өзі оқыған Қазақ Политехника институтына оқытушы болғысы келді. Ол жерде де көптеген кедергілер болды, бірақ Батыр өзінің мықтылығын дәлелдеп, конкурсқа түсіп, жеңіп, кафедра меңгерушісі болып өмірінің соңына дейін еңбек етті.
Қазіргі Елбасымыз Назарбаев Нұрсұлтанға да алғысым ерекше. Шахаңның еңбегін елеп, есімін қалдыру үшін сөз көмегін де, іс көмегін де аяған жоқ. Ердің қадірін ер ғана түсінеді.
Батыр үйде де, түзде де өте әділ болатын. Рас, ол ұлттық кадрларды көп өсірді. Өзге ұлт өкілдерін кеудеден итеріп, шетке шығарған жоқ. Талантты, дарындысы болса бәрін өсірді, көтерді. Ол мынау ағайын-тумам екен деп дарынсыздарды өсірген емес. Кім жұмысты белсеніп істеп, ортақ іске кімнің жаны ашыса ол сол адамның қолтығынан демеп, абыройын асырып отырды. «...Шахаңның алдынан үлкен де, кіші де риза болып шығатын. Ол шын мәніндегі азамат, қазақ халқының мақтанышы еді» деген пікірді мен емес, әріптестері, бірге талай жыл қызметтес болғандар жиі айтады және бұл пікрлерін баспа беттерінде жазып та жүр.
Шахаңның ұстазы атақты ғалым Қаныш Сәтбаев екенін көпшілік біледі. Ұстазының жетекшілігімен Батыр Жезқазғанда он бір жыл қызмет істеді. Қатардағы барлаушыдан экспедицияның бас инженеріне дейін өсті. Ол Қаныш ағаны өте құрметтейтін, сыйлайтын. Жұмыс бабымен Жезқазғанға келген кезде қонаққа шақырып тұрдық. Бірде шақырушылар көбейіп, біздің үйден таңғы шайды ішетін болды да, сағат сегізде келді үйге. Мақсұтбектің 4 жасар кезі болатын, үйге кірген Қаныш ағаның алдынан жүгіріп шығып: «А, это вы, за вас мы не спали, готовилис» демесі бар ма. Бала сөзі болса да Қаныш аға әжептәуір ыңғайсызданып қалды. Қаныш аға өте әңгімешіл, сөзге шешен адам еді. Әр кез Батырға ақыл-кеңесін айтып, өмірден көрген-түйгендерін айтып отыратын. Бірде Абайдың:
...Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді, ішіне қулық сақтап,
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,--
Еңбегің мен ақылың екі жақтап,-
деген шумағын Қаныш аға Батырға қарап екі рет қайталап айтты. Кемеңгерлігін көрмейсіз бе, Абай арқылы өз ақылын жеткізіп отыр, әдемі айтып отыр. Аз сөзбен көп мағыналы ойды, өмір сүрудің дұрыс жолын көрсетіп отыр, асыл аға. Әлдекімдердей шіреніп өзінің академиктігін, президент екенін бұлдамайтын, дастархан үстінде өте қарапайым, кең отыратын. Кейіннен, Алматыға жұмысқа ауысып келген кезде де Шахаң ұстазы Қаныш ағамен жақсы араласып, әр уақыт жұмыс барысында ақылдасып, сыйласып өтті.
Батырдың өмірі ылғи жаз бен көктем болды десем өтірік болады. Жүйкесін жұқартып, денсаулығын құртатын небір оқиғалар өтті ғой. Жазықты болса бір жөн-ау, жазықсыз жазаланғаны жанына батып, миына салмақ түсті. Ауруды содан тапты-ау деп ойлаймын. Бұл ойым үшін жаратушы мені кешірсін, бірақ, айтпасқа да болмайды. Ешкімге шағынбады, ешкімге барып өкпе-наз айтпады. «Қызмет-қолдың кірі, ең бастысы адамдық қалыпты сақтау керек!» дегенді бізге де, өзгеге де жиі айтып өтті.
Өмірде: «мен өзімді –өзім басқара алатын адаммын» дейтін. Сонысын өмірінің соңына дейін дәлелдеп өтті. Қандай ауыр төрт операцияны басынан өткерсе де шыдамдылық танытты. «Жаман-- жан-жағын ала ауырады, жақсы-- жалғыз ауырады» дегендей, тектілігін көрсетіп, ақыл-есінен алжаспай, бар қиындықты бір өзі көтеріп, өмірден өтті.
Арқа сүйер асқар тауымыз құлағандай күйде көп жүрдім, ендігі жерде балалардың амандығын тіледім. Сөйтіп жүргенде, 2004 жылы ортаншы ұлым Ескендірбек қайтыс болды. Балам әкесі секілді ақжүрек еді, кезінде Чернобылда атом электр станциясында жарылыс болғанда көмектесуге барды. Әкесі алып қалайын дегенде: «Басқалардан менің жаным артық па...ұят болады» деп кете барды. Соның ақыры осындай болды, сәуле өтіп, денсаулығын құртты, біраз жыл науқастың азабын көрді. Қазақ «қырсық- жеті ағайында» дейді ғой, сол рас-ау деймін. Ескендірбектен кейін үш ай өтер-өтпестен жан құдағиым, Мақсұтбектің жары Гүлнарымның анасы Сайда Шамсудинқызы қайтыс болып, одан сайын қайғыдан есеңгіреп қалдым. Әйтпесе, әжептәуір тың едім. Басқа салған соң бәріне де көнеді екен адам. Құдағиым Сайда ақылды, парасатты адам еді. Сырласым да, мұңдасым да бола білді. Батырым қайтыс болғанда күндіз-түні қасымда болып, қайғымды бөлісіп, күн сайын жағдайымды сұрап, көңліме демеу берді. Өмірдің аяғы осылай болды...»
***
Өмірдің соңы өлім. «Жалған дүние!» деп талайлар кетпеді ме, «аһх» ұрып. Талайлар арманына қол созым қалған сәтте өмір үзіліп, жарық сәуле сөнді. Өмір тәтті... тағдыр қатал... жарық дүниенің жұмбағы көп...
Шахмардан өзі айтпап па еді өзі бір сұхбатында: «халық үшін өмір сүргендердің өмірі шырғалаңға толы, соқтықпалы-соқпақты жолы көп болады, менің өмірге өкінерім жоқ» деп. Біз оған сенеміз. Американдықтар өмірінде ерекше орны бар президент Джорж Вашингтон: « Адамның мықтылығы қол жеткен табыстырымен емес, жеңген қиындықтарының санымен көрінсе керек» деген екен. Бұл формулаға Есенов өмірін салсақ, көрген құқайы аз емес, әрине. Оның бәрін де ол нағыз Азаматқа тән мінезбен, ерлерге тән қайсарлықпен жеңе білді.
Өмірі әділетсіздік пен қиянатқа толы болғанмен оның жарқын жақтары да аз болған жоқ. Жас геолог атанды, ең жас министр, президент атанды. Алған атақ-даңқы да жетерлік. Тізер болсақ: ол екі рет Геология министрі қызметін атқарды, Қазақ ССР Министрлер Советінің төрағасының орынбасары, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, әрі оның президенті болды. Жеті рет Республика Жоғарғы Кеңесіне, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат, екі рет Жоғары Кеңестің төрағалығына сайланды, КПСС Орталық Комитетінің мүшелігіне кандидат, Қазақстан Коммунистік партиясы тексеру комиссиясының мүшесі болды, СССР Ғылым мен техника саласындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі Мемлекеттік Комитетінің мүшесі болды. (Бұл комитетке бұрын ұстазы Қ.Сәтбаев қана Қазақстаннан мүше бола алған-ды.) Лениндік және Қазақ ССР Мемлекеттік, Ш.Уалиханов атындағы сыйлықтардың лауреаты, екі рет Ленин орденімен марапатталды. Бірнеше рет Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен наградталды.
Ол 12 кітап жазды, жеке өзінің 50-ден астам ғылыми еңбегі бар.
Ол жоғары дәрежелі тау-кен мамандарын даярлап, қабілетті шәкірттері арқылы ғылымдағы үрдісті ісін жалғастырды.Ұлағатты ұстаз атанды. Ең бастысы-- Адамдықтың ақ туын құлатпай, жүзі жарқын, рухы асқақ өтті. Ұяттан аттап, намысын жер еткен жері жоқ. Дос түгілі дұшпанына да адал болды. Ол адамгершілігі биік, кісілік келбеті дара, ғұлама ғалым ретінде қазақ халқының тарихында мәңгіге қалды.
Елімізде Ш.Есеновті мәңгі есте қалдырудың шаралары әлі жүріп жатыр. Қазірдің өзінде Алматы қаласында оның есімінде көше, Ақтау қаласында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті бар. Және осы оқу орнының озат студенттеріне, Ғылым Академиясының аспиранттарына Ш.Есенов атындағы стипендия тағайындалды. Өзі оқыған «Тартоғай» орта мекебіне есімі берілді. Бірге қызметтес болған ғалымдардың ұйымдастыруымен «Біртуар Шахмардан», «Главный геолог» атты екі кітап және бір «Академик Шахмардан Есенов» деген фотоальбом шығарылды.
Қазақтың данышпан ақыны Қадыр:
Ұятсызға қай кезде де күліпті-АР,
Мансабына тәуелді ғой ұлықтар!—дейді де, артынша оған жауапты өзі қайтарады:
Бұл табиғат берген болса саған бас,
Мықтап тұрып есіңде ұста,
Қ а л а м д а с!-
Ешқашанда,
Ұлылықтың күмбезі
Зұлымдықтың кірпішімен қаламбас!
Шахмарданның ұстанғаны да ұлылықтың күмбезін зұлымдықпен емес, адалдық, әділдікпен құру болды. Біз бүгін оны сол биіктерден ізейміз, бағалаймыз, сосын, осылай марапаттаймыз. Марапат әруаққа айналған Есеновке емес, тірі біздерге, болашақ жастарға керек. Кейде бізге бүгін жастар жол айрығында тұрған жолаушыдай, қай жолға түсерін білмей жан-жағына жалтақтап тұрғандай көрінеді. Ал, Шахмардан Есенов жолы-- өз Отанын барынша сүйген, елін бай, жерін қуатты етсем деген ғибыратты ғұмыр!
Достарыңызбен бөлісу: |