Сөйлеу мәдениеті


ТІЛ МӘДЕНИЕТІ БӨЛІМІНІҢ ТАРИХЫ



бет3/4
Дата07.02.2022
өлшемі32,58 Kb.
#85540
1   2   3   4
Байланысты:
Сөйлеу мәдениеті

ТІЛ МӘДЕНИЕТІ БӨЛІМІНІҢ ТАРИХЫ

Тіл мәдениеті бөлімі 1971 жылы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәулен Балақайұлы Балақаевтың бастамасымен құрылды. Бөлімнің ашылуына баспа өнімдерінің тілдік сапасына, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетіне қойылатын талаптарға деген қоғамдық сұраныстың күшеюі де түрткі болды.


Бөлімде алғашқы жылдары ғылым докторлары М.Балақаев, С.Талжанов, ғылым кандидаттары И.Ұйықбаев, Ө.Айтбаев, З.Бейсенбаева, Қ.Неталиева, Н.Уәли, Ж.Манкеева, А.Алдашева қызмет етті. 1971-1980 жж. аралығында бөлімді басқарған профессор М.Балақаевтың негіздеуімен қазақ тіл білімінде алғаш рет тілдік норма деген ғылыми термин, қалың жұртшылық үшін норма/норма емес деген жаңа талғау-түсінік қалыптасты. Тіл мәдениеті бұған дейін «әдемі сөйлеу», «этикетті сақтау» деген сияқты қарапайым түсініктерді қамтыса, ендігі жерде тілдік норма ұғымымен байланыста ғана түсіндірілді. Тілдік норманы сақтау қоғамда үлкен резонансқа ие болды, норма құрылымдық жағынан зерттеле бастады. Сөзді функционалды жағынан дұрыс қолдану, орфоэпиялық норма, көркем шығармалар тілінің стилі мен сөз мәдениеті, сөз мәдениетіндегі жөнсіз ауытқулар іргелі зерттеу тақырыптарына айналды. Көркем шығармалар тіліндегі нормадан жөнді/жөнсіз ауытқу түрлеріне алғаш назар аударылды. «Сөз өнері» (1976), «Өрелі өнер» (1978) ғылыми жинақтары жұртшылықтың назарына ұсынылды. Нормативтік сөздіктерді шығару қолға алынды. Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің тілдік тәжірибеге емес, ғылыми зерттеулерге сүйенген, академиялық сипаттағы 2-басылымы жарық көрді (1978). Көпшіліктің тіл мәдениетін жетілдіруге арналған құралдар шығаруға айрықша көңіл бөлінді: Мектеп оқушыларына арналған емле сөздігі (1972), «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі» (1977) жарыққа шықты. 1972 ж. «Тіл мәдениеті және баспасөз» атты ғылыми конференция ұйымдастырылып, қоғамда үлкен резонанс тудырды, бөлім қызметкерлерінің бірнеше зерттеу материалдары жарық көрді. М.Балақаевтың бастамасы және зерттеулері негізінде әдеби тілдің стильдік жүйесі дербес курс ретінде жоғары мектептерде оқытыла басталды. 50 жыл бойы ЖОО-да негізгі оқулық ретінде пайдаланылып келген «Қазақ тілінің стилистикасы» (М.Балақаев, Е.Жанпейісов, М.Томанов, Б.Манасбаев. Алматы, 1966, 1974) жарыққа шықты.
1980-1994 жж. бөлімді филология ғылымдарының докторы, Түрік Тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері, профессор Р.Сыздық басқарды. Бөлім «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» (1981-1984), «Қазақ көркем әдебиет тілінің мәдениеті» (1985-1989), «Қазақ поэтикалық тілінің сөз мәдениеті» (1990-1993) тақырыптарымен іргелі зерттеулер жүргізді. Олардың негізінде «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» (1983), «Сөз мәдениеті» (1984), «Көркем текске лингвистикалық талдау» (1989), «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988), «Сөз сазы» (Р.Сыздықова, 1983) еңбектері жарияланды. Соңғы зерттеуде сөз мәдениетінің іргелі мәселелерінің бірі ретінде орфоэпиялық нормалар айқындалып, әдеби тілдегі жеке сөздердің, біріккен сөздердің, ритмикалық топтардың дыбысталу нормалары көрсетіліп, орфоэпиялық ережелері түзілді. Сөйтіп, кодификациялау жұмыстары іске асырылды. Сөз мәдениеті функционалдық аспектіде қарастырыла бастады.
Бұл жылдары бөлім меңгерушісі Р.Сыздықтың бастамасымен және тікелей ұйымдастыруымен Тіл мәдениеті бөлімі қызметкерлері теле, радио, баспа («Жазушы», «Жалын», «Қайнар» баспалары) қызметкерлері, М.Әуезов атындағы драмалық театр актерлеріне, Қазақ мемлекеттік университеті, Қазақ қыздар педагогтік институты, Ауылшаруашылық институты, Театр және өнер институты, Семей, Ақтөбе, Қарағанды педагогикалық институттары оқытушыларына, бастауыш мектеп, қазақ тілін тереңдетіп оқытатын мектеп (№2, №12 мектептер) мұғалімдеріне сөз мәдениеті, көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, сахна тілі, әдеби тілдің орфоэпиялық нормасы, жастар тілінің мәдениеті, жазу нормасы, стилистика туралы іргелі тұжырымдарды таныту үшін семинар, баяндама, дөңгелек үстелдер, эфир арқылы берілетін арнаулы хабарлар («Сөзстанға саяхат»), тіл үйірмелері үзбей ұйымдастырылып тұрды. Институт көлемінде жүргізіліп отырған «Лингвистикалық жұма» теориялық семинарының ұйымдастырылу шараларына Бөлім меңгерушісі ретінде басшылық етіп отырды. Бөлім қызметкерлері қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне түзетулер мен толықтырулар жасалып, бекітілуіне (1983), осы ережедегі нормалардың қалыптануына, жұртшылықтың жеңіл қабылдауы үшін түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізді. Осы жылдардан бастап қазақ тілі орфографиялық сөздігі корпусын толықтыру, емле ережелеріне енгізілген түзетулер негізінде құрастыру, сөзтізбеге алынған бірліктерді іріктеу, жүйелеу жұмыстары үзбей атқарылып, 1988 ж. Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің 4-басылымы жарыққа шықты. Сөздіктердегі орфограммалардың кодификациялық талаптарын түсіндіру мақсатында 1989 ж. «Қазақ тілі орфографиялық анықтағышы» түзетіліп, қайыра жарияланды.
«Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988) атты ұжымдық монография жарық көрді. Іргелі зерттеулермен қатар бөлім үнемі қазақ тілінде пайда бола бастаған жаңа сөздер мен қолданыстарды тіркеп, жүйелеумен айналысты. Соның нәтижесінде 1985 ж. және 1990 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа қолданыстар» жинағы жарыққа шықты. 1988 ж. ақталған А.Байтұрсынұлы еңбектерін қазіргі графикаға түсіріп, 1992 ж. «Тіл тағылымы» кітабының жариялануына бөлім қызметкерлері үлкен үлес қосты. Баспа бетін көрген қазақ тіліндегі көркем әдебиеттердің тілі мен стилін зерделеу зерттеу нысаны ретінде үнемі назарда болды.
1994-2008 жж. аралығында бөлімді филология ғылымдарының докторы, профессор Уәли Мақажанұлы Нұргелді басқарды. Бұл жылдары «Қазіргі қазақ тіліндегі функционалдық стильдердің қалыптасуы мен дамуы» (1994-1996), «Тіл мәдениетінің ғылыми негіздері» (1997-1999), «Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі мен стилі» (2000-2002), «Қазақ тілінің лексика-фразеологиялық жүйесіндегі жаңа қолданыстар» (2003-2005), «Қазақ жазуының қалыптасу кезеңдері, даму жолдары мен бағыттары» (2006-2008) атты іргелі зерттеулер жүргізілді. Мұнда сөз мәдениеті функционалды тұрғыдан, сөз мәтінмен байланыста қарала бастады. Сөз мәдениеті мен тіл мәдениеті ұғымдарының аражігі ажыратыла сөз етілді. Сөз мәдениеті тіл мәдениетінің бір құрамдас бөлігі ретінде тілді қолдануды, жеке тұлғалардың сөз саптау мәдениетін нысан етті. Сондықтан Тіл мәдениеті бөлімі тілдік норманы, орфографиялық, орфоэпиялық норманы айқындайтын сөздік, анықтағыштар шығару, жұртшылықтың лингвистикалық біліктілігін көтеретін мақала, кітап шығаруды мақсат етті. Алдымен Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне түзетулер енгізілді (2000); «қазақ тілі орфоэпиясының негізгі ережелері түзілді. Осы негізде Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің үш (2001, 2005, 2007), «Қазақ тілі анықтағышының» екі (1996, 2000), «Сөз сазының» екі (1995, 2000) басылымы, «Қазақ тілі орфоэпиялық сөздігі» (2005), «Орфоэпиялық анықтағыш» (2004) жарық көрді. Сөз мәдениеті негіздері мектеп бағдарламаларына енгізіліп, пән ретінде оқытыла басталды: қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-сыныпқа арналған «Сөз мәдениеті» оқулығы, әдістемелік құралдар (2006), «Емлесі қиын сөздер» сөздігі пайдаланылуға енгізілді.
Р.Сыздықтың зерттеулерінде көркем мәтіндегі тілдік таңбалар эстетикалық мәнділік ретінде қарастырылып, эстетизм, функционализм тұрғысынан зерттелді.
Н.Уәли зерттеулерінің негізінде оған дейін мәселе ретінде қойылмаған жазба тіл мен ауызша тілдің аражігі ажыратылды; әрқайсысының өзіндік нормалары, құрылымдық ерекшеліктері қарастырыла бастады; сөз мәдениетінің коммуникативтік, этикалық және эстетикалық нормалары сараланды; сөз мәдениеті тілдік мәнділіктермен ғана шектелмейтіні, тілдік емес мәнділіктермен де байланысатыны, автор – оқырман, сөйлеуші – тыңдарман арақатынасы субъект-объект түрінен субъект-субъект түріне, екі тараптың да тең үстемдігіне құрылатыны туралы жаңа тұжырымдар айқындалды. Бұл зерттеулер Н.Уәлидің «Сөз мәдениетінің теориялық негіздері» (2007), Қ.Күдеринованың «Қазақ жазуының онтогенездік дамуы» (2006) атты докторлық, Н.Әміржанованың «1929-1940 жж. латын әліпбиі негізіндегі қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері» атты кандидаттық жұмыстарында қорғалды, «Тілтанымдық зерттеулер» (2009) жинағында жарық көрді. Бөлім қызметкерлері сондай-ақ «Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстанның және басқа да елдердің тәжірибелеріне ғылыми талдау жасай отырып, латын әліпбиіне көшу жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу» атты тәуекел зерттеу бағдарламасы бойынша зерттеу жүргізді (2007). Тақырып жетекшісі болған Н.Уәли қазақ жазуының жаңа латын графикасына көшу барысында атқарылатын жұмыстар мен қарастырылуы тиіс міндеттер туралы бастама пікірлер ұсынып, соны идеялар көтерді. Зерттеу нәтижесі «Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы» (2007 ж.) атты жинақта жарық көрді.
Қазір Тіл мәдениеті бөлімін ф.ғ.к. Әміржанова Нәзира басқарып келеді. Бөлімде филология ғылымдарының докторлары Р.Сыздық, Н.Уәли, А.Алдаш, Б.Момынова, Қ.Күдеринова және Phd-докторант Е. Маралбек, магистрлер Г.Рахман, Ш.Қазақбаева қызмет етеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет