Стиль мен бейнелілік ұғымдары туралы


Лирика тілі мен автор бейнесінің зерттелуі



бет9/32
Дата25.03.2022
өлшемі195,32 Kb.
#136809
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   32
Байланысты:
Сыйлыгул-Диссертация
141-150 экология, instr regkz (1), Сарышұнақтар (лат. Spermophilus) — кеміргіштер отряды
1.2 Лирика тілі мен автор бейнесінің зерттелуі

Кез келген көркем шығарма – автордың туындысы. Сол себепті проза мен поэзияда жазушы немесе ақын өз қолтаңбасын қалдырары ақиқат. Әр адамның білімі мен білігі, сезімі мен дүниеге деген көзқарасы әртүрлі болатыны секілді әр автордың өзіндік ерекшелігі шығармаларынан байқалып тұрады. Бұл мәселе бұрын әдебиеттану саласында қарастырылып келсе, бүгінгі таңда автор бейнесі, жазушы стилі, автор қолтаңбасы турасындағы сұрақтар лингвостилистика төңірегінде де кеңінен зерттеле бастады.


Көркем әдебиетте сыршылдығымен, нәзіктігімен, астарлылығымен орын алатын көркем шығармалар – лирикалық шығармалар. Бұл туралы В.Г. Белинский былай деп жазады: «Жұбатқан, ашуландырған, қуантқан, ренжіткен, рахатқа батырған, қинаған, мазалаған нәрсенің бәрін де бір сөзбен айтқанда субъектінің рухани өмірінің мазмұны боларлық нәрсенің бәрі де субьектіге бойлап, субъектіде пайда болғанның бәрін де лирика деп қабылданбақ» [32, 72-б.]. Шынында, лирика адамның ішкі жан дүниесін суреттеп, оқиғаға емес, керісінше сезімге, көңіл-күйге ерекше мән береді.
«Лирика – адам рухы, адам сымбаты. Демек, ол тұтас алғанда бір ұлттық рух, халықтық сипат... Лирика барлық әдебиет жанрлары мен барлық көркем өнердің лүпілдеген жүрегі, танымның жүгінген ыстық қаны болуымен бірге, өзі де барлық жердің ысуы мен жарығынан, дыбысы мен бояуынан жаралған шексіз қуат» [33, 37-б.], – деген Ә.Тәжібаевтың пікірімен толықтай келісуге негіз бар.
Лирика осы уақытқа дейін тек әдебиеттану ғылымы саласында зерттеліп келгендігі белгілі. Бұл туралы З.Қабдолов «Әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі, шынайылықты, адамның ішкі көңіл күйіне бөлеп, ойы мен сезіміне астастыра суреттейтін терең психологиялық шығармалардың бірін лирикада ақынның ішкі дүниесінің сан алуан толқыны, қиялы, сезімі, арманы, көзқарасы ақиқат, шындық азабы мен күйініш, сүйініш сияқты нәзік албырт толқыныс күйлері қатар баяндалып суреттеледі» [34, 307-б.], – деп жазады.
Ал З.Ахметов: «Поэзия – сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі. Поэзияда тек тіл мен сөз ғана емес, ой да көркем, бейнелі. Өлең тіліне көркемдік сипат дарытатын, қуат беретін, сол ой-сезім тереңдігі, өткірлігі, әсерлілігі. Поэзия өмір шындығын асқан ойшылдықпен, ерекше сезімталдықпен ашып көрсетеді, бейнелеп суреттейді десек те, тіл, сөз әлгі ақындық, көркем ой-сезімді жеткізудің құралы ғана» [34, 5-б.], – деп, лирика табиғатын ашуда өз ойын білдіреді.
Лингвистикада бұл тақырып әлі де зерттеуді қажет етеді. Бұл туралы Р.Сыздық былай дейді: «Қазақ поэзиясы тілін жеке ақындардың шығармалары негізінде тіл маманы көзімен жан-жақты талдау – бізде, қазақ тіл білімінде, кенжелеп келе жатқан сала» [36, 10-б.]. Сондықтан поэзия тілін зерттеу – тіл білімі саласындағы басты мәселелердің бірі.
Осы турасында Қ.Мәшһүр-Жүсіп «Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік» еңбегінде «Жеке сөз мәнін, игерілу өрісін, сөз бен сөздің бір-біріне әсерін дәйектеу арнайы тіл мамандарының жұмысы екенін ұмытып отырған жоқпыз. Біздің назар аударғымыз келгені: белгілі бір шығарманың тақырып, идеясын, образдарын бөліп ақтарып, жеке сөз мағынасын дәйектеу атаулының бәрін тіл мамандарына қалдырудың орынсыздығы», [37, 319-б.], – деп пікір білдіріп, лириканы қарастырып, ақынның стильдік ерекшелігін анықтауда лингвистика мен әдебиеттану бағытындағы зерттеулердің бір-бірінен алшақ кетпей, керісінше бірін-бірі толықтыра отырып жұмыс жасағаны абзал деп есептейді.
Ақын М.Мақатаевтың айтуынша өлеңде бастысы сюжеті, оқиғасы емес, ақынды ақын қылатын ондағы құрылысы, сөз қолданысы, өзгелерден ерекшелеп тұратын, әр ақынды өз биігіне шығаратын – бейнелі сөздері [38, 41-б.].
«Көркем проза стилистикасымен қатар, поэзия стилистикасын қарастыру бүгінгі күннің өзекті проблемаларының бірі. Поэзия стилистикасын қарастырғанда біз сүйенетін негізгі объект ақынның өлеңдері, нақтылап айтсақ, образбен өрнектелген сөз өрнектері және олардың қолданылу мүмкіншілігі. Поэзияға келсек, мұндағы лингвистикалық ізденістен мүлде ерекше болмақ. Ең алдымен, поэзияның өзі «тұнып тұрған» образдылық (бейнелілік) болса, сол образдылықты жасайтын құралдар мен тәсілдерді зерттеу міндеті тұрады» [31, 5-б.], – деген пікір қазақ лингвостилистикасындағы лирика тілінің зерттелуінің үлкен ізденісті қажет ететіндігінің айқын айғағы бола алады.
Ғалым С.Кәрібаева мынадай тұжырым айтады: «Поэтикалық тілді зерттеудің әлемдік тіл білімінде өзіндік әдіснамасы қалыптасқан. Қазақ тіл білімінде поэтикалық тілді лингвистикалық, лингвостилистикалық, лингвосемантикалық аспектілерде қарастырған зерттеулер едәуір. Басын ашып алатын бір нәрсе, поэтикалық тіл мен поэзия терминінің әр уақытта бір-бірімен сәйкес келе бермейтіндігі. Поэтикалық тіл – прозаға да, ауызекі сөйлеу тіліне ортақ, бірақ оның ең жақсы көрінетін жері – поэзия. (Р.Сыздық) Поэтикалық тілді ғалымдарымыз көбінесе осындай жалпылама мәнде түсіне отырып, поэзия тілін немесе өлеңдердің тілін соның құрамындағы негізгі компонент ретінде қарастырады. Поэзия тілін зерттеуде назар аударарлық жаңа бағыттарды атап көрсетеді» [39, 5-б.]. Осы бағытта бірнеше зерттеу жұмыстары да жазылған, олардың кейбірі жеке ақын-жазушылардың тілін зерттеуге арналса, кейбірі сол жеке ақын жазушылардың стилін қалыптастыруда басты құрал болып есептелетін бейнелеуіш құралдардың табиғатын ашуға талпынады.
Олардың бірнешеуіне тоқталып кетер болсақ:
Д.Әлкебаеваның «М.Жұмабев поэзиясының тілдік ерекшеліктері» [40], С.Асқарованың «Тұманбай Молдағалиев лирикасының тілі» [41], З.Османованың «І.Жансүгіров поэзиясы тілінің көркемдік ерекшелігі» [42] атты зерттеу жұмыстарында ақындардың өлеңдеріндегі көркемдегіш-бейнелегіш құралдардың стильдік қызметі, олардың өздеріне тән даралық сипаты, поэзия тілінің көркемдік ерекшелігі тілдік тұрғыдан талданып, өлеңдер тілінің лексика-семантикалық ерекшелігі, авторлық қолданыстағы сөздердің әдеби тілді байытуға қосқан үлесіне ғылыми тұрғыда баға беріледі.
Қ.Тілешованың «Б.Күлеев шығармаларының стилі мен тілі» [43] тақырыбындағы жұмысында Б.Күлеев шығармалары лексика-семантикалық, грамматикалық, стилистикалық тұрғыдан зерттеліп, сонымен қатар ақын шығармаларының тілдік жүйесі, стилі алғаш рет қарастырылып, ғылыми тұжырымдар жасалады. Поэзия тілін талдауда тілдік поэтикалық құралдардың қолданылуы мен жасалу жолдары, синтаксистік айшықтаулардың қолданудағы ерекшеліктері, окказионал сөздер мен олардың жасалу жолдары, өлеңдер мен поэмалардың тілдік-композициялық құрылымы негізге алынады. Б.Күлеев шығармаларының лингвистикалық тұрғыдан арнайы зерттелмеуі осы жұмыстың жазылуына түрткі болған. Өйткені ақын поэзиясына стильдік тұрғыдан талдау жасау – лингвостилистика саласының жаңа дүниемен толығуына себеп болады.
«1960-1980 жылдардағы әйел-ақындар поэзиясының тілі (Ф.Оңғарсынова, М.Айтқожина, А.Бақтыгереева, К.Ахметова шығармалары негізінде)» [30] атты К.Есіркепованың диссертациялық жұмысында 1960-1980 жылдарды көркем әдебиетте сыршыл лирикасымен өз орындарын тапқан ақындар Ф.Оңғарсынова, М.Айтқожина, А.Бақтыгереева, К.Ахметова шығармалары тілдік және стильдік жағынан қарастырылады. Әйел ақындардың тілдік, көркемдік деңгейін, сөз қолданыстарындағы ерекшеліктерді табу, таладу – жұмыстың басты мақсаты болып табылады. Автор бұл ақындардың лирикалық шығармаларын талдау арқылы поэтикалық тілдік құралдарды қолдану жүйесін, көркемдегіш-бейнелеуіш тәсілдердің семантикалық, құрылымдық, стилистикалық ерекшеліктерін көрсетуді – жұмыстың міндеті етіп белгілейді. Ақындардың өлеңдерін салыстыра, топтастыра талдау барысында олардың арасындағы тақырып ортақтығы, ойды берудегі бейнелеуіш құралды қолданудағы ерекшеліктері ақын аңғарылады. Сол себепті бұл зерттеу жұмысы лингвостилистика саласындағы лирика тілі туралы зерттеулердің қатарында ерекше орын алады.
А.Бекбосынованың «С.Мәуленов өлеңдеріндегі теңеу» [44] еңбегі мен Қ.Маликовтың «Қалихан Бекхожин поэзиясындағы теңеу мен эпитеттің қолданыс ерекшелігі» [45] тақырыбындағы зерттеу жұмысында С.Мәуленов пен Қ.Бекхожин өлеңдері функционалды стильдік, ұлттық таным тұрғысынан талданып, ақындардың өлеңдеріндегі теңеулер пен эпитеттердің жасалу жолдары, тұрақты теңеулер мен авторлық қолданыстағы теңеулер, метафоралық, эпитеттік, метонимиялық, синекдохалық сияқты әртүрлі түрлерінің бейнелі-бағалауыштық қызметі, жан-жақты зерттелген. Ақындардың өлеңдеріндегі теңеу мен эпитеттің қазақ тіл білімінде алғаш рет тілдік-танымдық тұрғыдан талдануы мен жүйеленуі – жұмыстардың ғылыми жаңалығы. Сонымен қатар, зерттеу жұмыстарында ақындардың өлеңдеріндегі теңеу мен эпитеттің бейнелілік және көркемдік қасиетімен бірге ұлттық тілдің танымдық қасиеті де анықталады.
«Мұқағали Мақатаев лирикасының лексика-грамматикалық ерекшеліктері») [31] тақырыбындағы А.Қазанбаеваның диссертациялық жұмысында М.Мақатаев поэзиясында кездесетін сөздердің топтарын, құрылымдық ерекшеліктерін, лексика-грамматикалық сипатын, стильдік қызметін, айшықтау және көркемдеу құралдарының қолдану мүмкіншілігін және авторлық қолданыстағы сөздердің құпиясын ашады. Диссертациялық жұмыста ақын лирикасы тіліндегі соны, тосын сөз тіркестері, жаңа мағынаның пайда болуы, сан алуан лексикалық қабаттары лингвистикалық тұрғыдан қарастырылады.
Г.Боранбаеваның «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы тіліндегі фразеологизмдер» [46] атты еңбегінде автор тіл білімінде фразеологияның зерттелуіне шолу жасап, XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы тіліндегі фразеологиялық тұлғалардың функциональды-стилистикалық ерекшеліктерін атап өтіп, олардың поэзия тілінде өзгеріске ұшырау себептерін анықтап, ақындардың өлеңдеріндегі тұрақты сөз тіркестерін пайдаланудағы ұқсастық пен айырмашылықтарға ғылыми тұрғыда баға береді.
Осы бағыттағы, яғни тұрақты тіркестердің қолданысы туралы зерттеу жұмысын А.Қайыпбаева «Тұрақты тіркестердің поэзия тіліндегі қолданысы (Мағжан, Сәкен, Ілияс шығармалары бойынша)» [47] деген атпен жариялап, тұрақты тіркестің бейнелілік, стильдік сипатына талдау жасап, ақындардың өлеңдерінен мысалдар келтіру арқылы өз ойын дәлелдеген.
«Қ.Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдер» [48] деп аталатын Л.Еспекованың жұмысында Қ.Мырзалиев поэзиясындағы окказионализмдерді талдау арқылы тіліміздегі сөздердің пайда болу мүмкіндігінің шексіздігін көрсетіп, ақынның өзіндік стиль даралығы тілдік тұрғыдан зерттеледі. Сонымен қоса зерттеуде окказионализм мен тілдік норма арасындағы қайшылықтарды анықтауға, олардың қолданылу ерекшеліктерін сипаттауға, окказионализмнің поэзия тіліне қажетті элемент екендігін тантуға көңіл бөлінген. Жұмыстың тағы бір ерекшелелігі – бұл жұмыста Қ.Мырзалиев поэзиясындағы сөзжасаушы және семантикалық окказионализмдер арнайы қарастырылып, жалпы лирикада олардың пайда болу себептері, атқаратын қызметі, қажеттілігі жан-жақты айқындалады.
А.Носкованың «М.Мақатев өлеңдеріндегі анафора мен эпифораның қолданылуы» [49] атты зерттеу жұмысының мақсаты – М.Мақатаев поэзиясында кездесетін анафора мен эпифора қайталамаларды көркемдегіш-грамматикалық тәсіл деп қарастырып, олардың ішкі түрлерінің ерекшелігін таныту, қолдану мақсаттарын белгілеп, стильдік қызметін анықтау. Бұл еңбек Мұқағали лирикасында қайталаманың анафора мен эпифора сияқты түрлерін зерттеудегі алғашқы ізденістердің бірі болып табылады. Зерттеу жұмысында ақын лирикасындағы қайталаманың бірнеше түрлерінің лингвостилистикалық табиғаты ашылып, дыбыстық ассонанс пен аллитерацияға құрылған тармақ, шумақтардың дыбыстық гормониясын құрудағы үйлесілімділіктің өлеңнің құрылымына, фоникалық-ритмикалық жүйесіне ықпал ететіндігі дәлелденеді.
А.Махметованың «Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы фразеологизмдер: дәстүр мен жаңашылдық» [50] атты диссертациясында тұрақты тіркестердің көркем шығармаларда қолданылуы, фразеологизмдердің лексика-семантикалық ерекшелігі мен грамматикалық сипаты теориялық бөлімде қарастырылып, практикалық бөлім М.Жұмабаев лирикасындағы тұрақты тіркестердің синоним, антоним ретінде жұмсалуы, жаңашылдығы, сонымен қатар Мағжан поэзиясында мақал-мәтелдердің көрініс табуы, ақын афоризмдері, лирикадағы бейнелі тұрақты тіркестер жан-жақты талданған. Сонымен қатар, жұмыстың тағы бір ерекшелігі – М.Жұмабаев поэзиясының көркемдік жалғастығы, яғни ақыннын 1960-1980 жылдардағы қазақ ақындарына, қазіргі айтыс ақындарына әсері жеке тарауда қарастырылған.
«Абай өлеңдеріндегі ұйқастың фономорфологиялық құрылымы» [51] атты Б.Қалиевтің зерттеу жұмысында әдебиеттану ғылымында зерттеліп келе жатқан өлеңнің рифмалық құрылымын лингвостилистикалық тұрғыда зерттеу басты негізге алынады. Өлеңнің дыбыстық құбылыстарын қарастырудың әртүрлі амал-тәсілдері, өлең тілінің дыбыстық жымдасуы және оның сазды әуеннен әрі сөйлеу тілі мен көркем сөз тілі аясындағы ерекшеліктері сөз болады. Зерттеу жұмысында ұйқас тарихынан шолу жасалып, негізгі бөлімінде Абай өлеңдеріндегі ұйқастың фонетика-акустикалық сипаты, лексика-грамматикалық сипаты ашылады. Бұған дейін аз зерттелген ұйқастың тілдік табиғаты – лингвостилистикада терең зерттеуді талап ететін мәселелердің бірі. Зерттеудің жаңалығы – қазақ поэзиясында, ұйқас бұл еңбекте алғаш рет лингвистикалық, нақтылай айтқанда, фономорфологиялық тұрғыда қарастырылады. Сондықтан бұл жұмыстың лирика тілін зерттеудегі алар орны ерекше.
Ал өлең мәтінінің синтаксистік құрылымына арналған еңбек ретінде А.Таусоғарованың «Өлең мәтінінің синтаксистік ерекшеліктері» [52] атты еңбегін атай аламыз. Бұл зерттеу жұмысында өлеңнің құрылысы, өлең синтансисінің ерекшеліктері, жай және құрмалас, аралас сөйлемдердің ұйқасқа құрылуы, инверсия тәсілінің орын алуы жан-жақты қарастырылып, өлең мәтіндерінің өзгешелігі тіл білімі саласы тұрғысынан зерттеледі.
«Лингвистикалық стилистика көркем сөздің ерекшеліктерін зерттейтін болғандықтан, оған ырғақ, эмфония, поэтикалық синтаксис, сөз арқылы берілетін бейне сияқты тарамдарды қамтитын лингвистикалық поэтика кіреді. Поэзия тілін лингвистика тұрғысынан зерттегенде ең алдымен, ондағы образ жасампаздық тіл элементтерін жазушы өз қаламында жарата білуі арқылы пайда болады дегенді айтады. Сөз – образдардың түрлерін, оның ұлттық бояуын тануда поэзия стилистикасының міндеті ерекше» [53, 179-б.], – деген Р.Сыздықтың пікірі лирика тілінің зерттелуінің маңыздылығын аңғартады.
«Стилистикалық тәсілдердің тілдік табиғатын, солардың жүйелілігін, қолдану аясын зерттейтін лингвостилистикалық талдау шығарманы толық, тұтас қамтиды, яғни шығарма талдауға тілдегі деңгейлердің бәрі – фонологиялық, лексика-семантикалық, структуралық қатысады» [20, 43-б. ], – деген ойды негізге алатын болсақ, лирикалық шығарманы талдау дегеніміз – ондағы бейнелі сөздерді теріп шығу немесе ауыспалы мағынада, астарлы мағынада берілген сөздердің мағынасын ашу ғана емес, оны дыбыстық, мән-мағыналық, құрылымдық жағынан терең зерттеп, қаламгердің оқырманға ақпарат берудегі шеберлігін айқындап, сөз қолданысындағы ерекшеліктерді тауып, тілдік тұрғыдан талдау.
Шығарманы жасаушы, өмірге әкелуші – автор. Ал осы автордың шығарманың өн бойында қалай көрініс табатындығы лингвостилистика саласында зерттеушілер тарапынан сөз болды.
Кейбір ғалымдар бұл категорияны дара стилистиканың төңірегінде қарастырса, кейбірі көркем әдебиет стилистикасы немесе көркем әдебиет стилі саласында қарастырады. Жалпы автор бейнесін, жазушы стилін түсіндірер кезде, барлық зерттеушілердің ойы бір арнаға тоғысады.
Орыс филологиясында бұл мәселе төңірегінде зерттеулер жүргізген ғалымдар В.Виноградов, Г.О.Винокур, М.П.Брандес, А.Л.Шанина, Е.Ю.Геймбух, Л.А.Новиков жалпы көркем шығармадағы автор бейнесінің қалыптасуы мәселесін қарастырса, Е.П.Тетюхин, Л.В.Малов, Н.В.Драгомирецкая, С.Н.Филюшкина, Ю.М.Проскурина сияқты ғалымдар жеке авторлар шығармаларындағы автор бейнесінің көріну ерекшеліктеріне тоқталады.
Ғалым В.В. Виноградов өз еңбегінде автор бейнесіне былайша анықтама береді: «Тілдік құралдарды сұрыптап орналастыру нәтижесінде жүзеге асатын түрлі экспрессивтік-стильдік бояулар, бағалаулар мен олардың сипаты шығарманың идеялық мәні, суреткердің талғам-талабы, шығармашылығы туралы түсінік береді. Ал мұның бәрі шығарманың стильдік бірлігін белгілейтін автор бейнесінің тілдің құрылымында көрініс табады» [54, 83-б.]. Ғалымның пайымдауынша, автордың тілдік құралдары белгілі бір ретпен, талғаммен орналастыруы, оқырманға әсер ету мақсатында түрлі стильдік бояуларды қолдану ерекшелігі автор бейнесінің көрінісі болады.
Е.П. Тетюхин өз еңбегінде Ч.Диккенс шығармаларындағы автор бейнесінің көрінісін, автор бейнесін қалыптастырушы тілдік тәсілдерді талдап, эпитет, теңеу, перифраз сияқты көріктеу құралдарының автор бейнесін қалыптастырудағы қызметін көрсете келіп, автор бейнесіне мынадай анықтама береді: «Автор бейнесі – бұл тілдік мүмкіндіктердің нақты сөйлеуге ауысу тетігін бейнелейтін жалпы тілдік категория» [55, 5-б.]. Автордың ойынша, бұл – тілдегі ерекшеліктерді орынды қолдану арқылы жасалатын ерекше стильдік сипаттағы категория.
Қазақ филологиясында бұл салада Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, М.Серғалиев, Б.Шалабай, Х.Кәрімов т.б ғалымдардың еңбектерін атауға болады. Қазақ тіл білімінде бұл мәселеге кейінгі жылдарға дейін көп көңіл бөлінбей келді. Б.Шалабай өзінің зерттеу еңбегінде «автор бейнесі» ұғымын жан-жақты зерттеп, оның мазмұнын, құрылымын, түрлерін, баяндау формаларының автор бейнесін қалыптастырудағы қызметін анықтайды, алғашқы қазақ прозаларының және Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов шығармаларының тілін осы ұғым, категориялар тұрғысынан талдап, «автор бейнесі» – шығармадағы барлық тілдік құралдарды, стильдік құбылыстарды бір тілдік көркемдік жүйеге біріктіріп тұрушы орталық стилистикалық-эстетикалық категория, ол – шығарманың ішкі бірлігі мен сыртқы тұтастығының арқауы» [6, 4-б.], – деп анықтама беріп, автор бейнесінің тілдік құрылымын анықтау арқылы ғана көркем әдебиет стилистикасында орын алған мәселелердің бірқатарын шешуге болады деп есептейді.
Ал ғалым М.Серғалиев жазушының стильдік ерекшеліктерін көркем әдебиет стилінің ішінде қарастыра келе, өз ойын былайша қорытындылайды: «Көркем әдебиет тіліне қойылатын ең қажетті шарттардың бірі – автордың шығармашылық даралығының болуы... Жазушының қайсысына да қойылатын міндеттердің бірі – сөз саптау тұрғысынан өзгеге ұқсамайтын ерекшелігінің болуы» [3, 144-б.]. Ғалымның сөз саптау тұрғысынан қойылатын міндеттер туралы ойы мен В.В. Виноградовтың жоғарыда келтірілген тілдік құралдарды сұрыптап орналастырудың маңыздылығы жөнінде айтқан пікірі бір-бірімен байланыса, ұштасып жатыр. Сонымен қатар, М.Серғалиев жазушының шығармашылық өзгешелігі дегенде екі басты жағдайға назар аударуды жөн санайды. «Бірі – жазушының лексикасы мен грамматикасы, демек, жазушының тіл байлығы және оны пайдалану мүмкіндігі мен өнегесі, екіншісі – стилистикасы, автордың лексикасындағы сөздердің жеке күйінде, сөйлем түрінде, контекст ішінде қолданылу ерекшелігі» [3, 145-б.]. Бұл екі негізгі жағдай шығармадағы автордың жеке стильдік ерекшелігін қалыстастырудың басты шарттары бола алады. Өйткені жазушы немесе ақынның дара стилі туындысын өзге шығармалардан ерекшелеуге, автор бейнесін толықтай ашуға көмектеседі.
Жазушының сөз қолдану ерекшелігін, суреткерлік шеберлігін, дара стилін анықтауда, көркем туындыны стилистикалық тұрғыда талдауда автор бейнесінің берілу жолдарын, жазушының осы мақсатта қолданған тілдік-стильдік, көркемдік тәсілдерін қарастырудың да маңызы зор.
Расында, автор бейнесінің көркем шығармада алатын орны ерекше. Автор бейнесі стильдік ерекшелікпен қатар, шығарманың бүкіл құрылымымен тығыз байланыста болады. Оны көркем шығарманы оқырманмен тығыз байланыстыратын көпір десек те артық айтпаған болар едік. Себебі, белгілі жүйеде құрылған оқиға өзінің барысымен оқырманды қоса жетелеп отырады. Осыған орай тағы да ескерерлік жағдай, әр ақынның өзіне тән сөз қолдану, сөйлем құрау ерекшеліктері, стилі болғандықтан, ақындардың шығармаларында автор бейнесінің байқалу дәрежесі де әр қилы. Автор бейнесі кез келген шығармада болады және ол сол шығарманың тілдік құрылымымен, жазушының немесе ақынның стилімен тығыз байланысты.
Поэзия тiлiн зерттеудiң өзiндiк ерекшелiгi және қиындығы бар. Себебі поэзиялық туындыларда сөз өзiнiң тура мағынасынан гөрi астарлы мағынада қолданылып, сөз-бейнелер көбiнде контексте ашылып, тұтас бiр сурет жасап тұрады. Өлең тiлiнiң кереметтiлiгi сонда, ондағы образдардың тiлдiк элементтермен сомдалып оқырманға жетуi, жетiп қана қоймай оны ойландыруы, көңiлiнде түрлi ассоциациялар туғызуы, оның жан-дүниесiн жадыратып, сезiмiн селт еткiзiп, рухани деңгейiн көтерiп биiктетедi.
Лириканың тағы бір ерекшелігі – ақынның болған оқиғаны суреттеп баяндауы және сол оқиғаға өзінің тікелей қатысы болуы, суреттелетін жағдайдың қай уақытта болғаны маңызды емес, лирикада сол кезде кешкен көңіл-күй, сезім бірінші кезекте болады. Автор бейнесін талдау кезінде «субъектівті «мен» тұлғасындағы баяншы өзіне екі қызмет жүктейді: әрі ол оқиғаға қатысушы, оқиғаның кейіпкері, әрі баяншы (оқиғаны жеткізуші). Осыған байланысты ол – бейнелеуші субъект қана емес әрі бейнеленетін объект. Сондықтан оның тілі бейнелеудің құралы ғана емес, бейнелеудің заты да бола алады» [6, 53-б.]. Расында, лирикада автор оқиғаның ішінде жүреді, оның «мені» басты рөл атқарады. Біз қарастырып отырған лирик ақындардың өлеңдерінен автор бейнесінің берілу жолдарына мысал келтірер болсақ:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   32




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет