Стиль мен бейнелілік ұғымдары туралы


ЛИНГВОСТИЛИСТИКАДАҒЫ СТИЛЬ МЕН БЕЙНЕЛІЛІК, АВТОР БЕЙНЕСІ МӘСЕЛЕЛЕРІ



бет8/32
Дата25.03.2022
өлшемі195,32 Kb.
#136809
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   32
Байланысты:
Сыйлыгул-Диссертация
141-150 экология, instr regkz (1), Сарышұнақтар (лат. Spermophilus) — кеміргіштер отряды
1 ЛИНГВОСТИЛИСТИКАДАҒЫ СТИЛЬ МЕН БЕЙНЕЛІЛІК, АВТОР БЕЙНЕСІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1.1 Стиль мен бейнелілік ұғымдары туралы

Стилистика, стиль ұғымының мәні тілдің коммуникативтік аспектісімен, тілдің қолданысымен, қызмет ету жағдайымен тығыз байланысты. Бұл мәселе ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы тілші ғалымдардың ізденістерінен көрініс табады. Солардың ішінен А.М. Пешковский, Л.В. Щерба, В.В. Виноградов, Г.В. Винокур, А.Н. Гвоздев, А.И. Ефимов, В.П. Мурат еңбектерін атауға болады.


Қазақ тіл білімінде ғымыми сала ретінде кештеу пайда болғанымен, жалпы стилистика төңірегіндегі мәселелердің зерттелуі А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов еңбектерінен бастау алады. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышындағы» [1] сөз өнеріне, көркем сөз бен көсем сөзге қатысты келтірген ой толғамдары, Қ.Жұбановтың Абай поэтикасына ғылыми тұрғыда баға берген «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» [2, 250-б.] атты мақаласы және басқа да зерттеулері бұл салада жазылған алғашқы еңбектер болды. Ал стилистика жеке ғылыми сала болып қалыптасып, өзінің мақсат-міндеттерін айқындағаннан кейін, бұл саланы С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, М.Томанов, Е.Жанпейісов, Б.Манасбаев, Р.Сыздық сынды тағы басқа ғалымдар жан-жақты зерттеп, құнды ғылыми еңбектер жазды. Сонымен қатар белгілі ғалымдарымыз М.Серғалиев, Х.Кәрімов, Т.Қоңыров, Б.Хасанов, Б.Шалабай зерттеулері қазақ көркем әдебиеті стилистикасының ғылыми сала ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосқан еңбектер болып есептеледі.
Ғалым М.Серғалиев өз еңбегінде стиль мәселесінде екі жағдайға баса назар аударудың реті бар деп көрсетеді: «Біріншіден, стиль сөзі адамның ғана қабілетіне, қимыл әрекетіне байланысты жұмсалады, адамның ғана бойына лайық қасиеттерді көрсетеді. Екінші жағынан, стиль сөзі өзі тектестердің ішінде ерекшелікті, өзгеге ұқсамауды танытатын мағынаны білдіреді» [3, 6-7 бб.]. Ғалымның бұл пікірі өте орынды, себебі кез келген нәрсе – ол өз жасаушысының дара туындысы, соған орай оның әрбір еңбегінде оның өзіндік дара қолтаңбасы, өзіне ғана тән стилі байқалып тұрады. Адамның әртүрлі ортадағы сөйлеу ерекшелігі, сөз қолданысының айырмашылықтары, сөздерді қолдану реті мен оны орынды жұмсаудың мәселелері – сөз өнеріндегі стиль мәселесіне алып келеді. Сондықтан бұл тақырып – тіл білімінде үздіксіз, жан-жақты зерттеуді талап ететін, қызық та күрделі тақырыптардың бірі. Қазіргі таңда стиль ұғымы тікелей адаммен байланыстырылып, ол жеке салаларда тереңінен зерттеліп жүр. Сондықтан ғалымның стиль турасында айтқан ойы бүгінгі таңға дейін өзектілігін жойған жоқ.
Сонымен қатар, М.Серғалиев стильдің 4 түрлі қасиетін былайша сипаттайды:
1) Стиль – тарихи категория;
2) Стиль – әдеби тілдің бір түрі, демек, сол тілде сөйлейтін баршаға түсінікті сөздер мен конструкциялар;
3) Стиль – қоғамдық қызметтің бір саласында жұмсалады;
4) Стиль – тілдік құралдардың қалай болса солай тіркескен тобы емес, шартты тұйықталған тобы. [3, 26-б.].
Біріншіден, стиль – тарихи категория. Тіл халықпен бірге ғасырдан ғасырға жетіп отырғандықтан, ол ең бірінші тарихпен тікелей байланысты болады және зерттеу барысында тіл мен тарих бір-бірін толықтырып, нақты тұжырым жасауға зор септігін тигізеді.
Екіншіден, стиль қазақ әдеби тілінің даму сатысымен қатар сөз болып жүр. Әдеби тілдің басты белгісі нормаланған, сұрыпталған тіл болу шартын көрсетсе, ол стильдің негізгі ұстанымы болып табылады.
Үшіншіден, стиль қоғамдық кызметтің бір саласында жұмсалады, сол себепті стильдерді жіктеген кезде әртүрлі ортадағы сөз қолданысының ерекшеліктері бірінші назарға алынады.
Төртіншіден, стиль тілдік құралдардың орынды қолданылуын және оның белгілі бір ретпен орындалуын жүзеге асырады.
Стилистика қандай ғылым екенін түсіну үшін, алдымен, оның басқа пәндердің ішінде алатын орнын анықтап алу керек. Стилистика да тіл ғылымының басқа салалары сияқты тілдік құралдарды, тілдік тұлғаларды (бірліктерді) зерттейді. Бірақ олардан айырмашылығы: тілдік тұлғалардың қарым-қатынастың белгілі бір саласы мен мақсат-міндеттеріне сай қолданылу ерекшеліктерін қарастырады.
Стилистиканың, тіл ғылымының басқа салаларындай, тек өзіне ғана тән тілдік бірліктері жоқ: ол фонетиканың объектісі – дыбыстарды да, лексикологияның объектісі – сөздерді де, морфологияның объектісі – морфемаларды да, синтаксистің объектісі – сөз тіркестері мен сөйлемдерді де, яғни солардың бәрінің жиынтығын қарастырады. Бірақ, жоғарыда айтқандай, басты мақсаты – олардың тілдік қатысымның саласы мен мақсат-міндеттеріне сай жұмсалу, қызмет етуін саралау.
Демек, стилистика тілдік құрылымның элементтерін фонетика, лексикология, грамматика сияқты құрылысы мен мағыналары жағынан зерттеумен шектелмейді, сонымен бірге олардың қолданыс кезіндегі ерекшеліктерін, мағыналық, эмоционалдық реңктерін айқындайды.
Лингвистикалық стилистиканың негізгі зерттеу нысаны – стильдік қолданыстар болғандықтан, оның көлемінен бұрын мазмұндық ерекшеліктеріне баса назар аударылатыны ақиқат. Сол себепті «стилистиканың мазмұны мен негізгі бағыттарын айқындайтын түрлері – функционалдық стилистика немесе тіл ресурстары стилистикасы деп аталады» [3, 21-б.]. Функционалды стилистика кейбір еңбектерде қолданыс тілі стилистикасы деп те аталады. Оның бұлай аталуы да өте орынды, себебі тілдің қолданыс аясына қарай топтастыру, өзіндік ерекшеліктерін атау, қарым-қатынас кезіндегі стильдердің бір-бірінен айырмашылықтары мен ортақ ұқсастықтарын табу – басты міндеттердің бірі.
«Функционалды стилистика өз ішінде стильдік жүйесі бойынша жіктеледі:
– ауызекі сөйлеу стилі;
– ресми стиль;
– ғылыми стиль;
– публицистикалық стиль;
– көркем әдебиет стилі (тілі)» [3, 21-б.]. Бұл стильдердің өзіндік ерекшеліктері мен қолданылу аясы бар.
Тілдің функционалдық стильдері – әдебиеттің белгігі бір жанрына, әлеуметтік іс-әрекеттің белгілі бір саласына немесе бір жағдайға сәйкес қалыптасқан тұлға-тәсілдер жүйесі. Олардың әрқайсысында кездесетін тілдік бірліктер – стильдердің жеке ерекшеліктері.
Стилистика мәселелерін зерттеу кезінде оны тарихи тұрғыдан қарастыру көптеген мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Сол себепті де стиль мәселесін зерттеу барасында диахрондық стилистика мен синхрондық стилистиканың көптеген сұрақтарды шешуге арқау болары сөзсіз. Бірі стиль мәселесін тарихи тұрғыдан қарастырып, өткен ғасырлармен сабақтастығын алға тарса, екіншісі дәл қазіргі кезеңдерде орын алған стилистика мәселелерін зерттеумен айналысады.
Стилистика ғылымы дамыған сайын жаңа мәселелер туындап отыратыны да түсінікті. Ал оның түрлерін (салаларын, бағыттарын) анықтауда ғалымдар арасында көп пікір алшақтықтары жоқ, бірақ жіктеу кезінде ерекшеліктер кездеседі. В.В. Виноградов стилистиканың өзара бір-бірімен байланысты, бірақ өзіндік мәселелері, өзінің міндеттері, өлшемдері мен категориялары бар үш түрін бөліп көрсетеді. Олар:
1) «жүйелердің жүйесі ретіндегі» тілдің стилистикасы немесе құрылымдық стилистика, ол тілдің функционалды стильдерін зерттейді;
2) сөйлеу (сөз) стилистикасы, ол ауызша және жазбаша сөздің қоғамдық шартталған түрлері мен жанрлары арасындағы мағыналық және экспрессивтік-стилистикалық сипаттағы айырмашылықтарды зерттейді;
3) көркем әдебиет стилистикасы, ол көркем шығарманың, жазушының стилін құрайтын барлық элементтерді зерттейді. [4, 20-б.].
Ғалым М.Н. Кожина стилистиканың төрт бағытын көрсетеді:
1) Тілдің стилистикалық байлығын (қорын) зерттейтін бағыт, бұл сипаттама стилистикаға жатады, өйткені ол тілдегі барлық құралдарды, сөздер мен тілдік тұлғалардың, құрылымдардың бейнелеуіш қасиеттерін, мағыналық-функционалдық мүмкіндіктерін зерттейді;
2) Функционалды стилистика. Ол функционалды стильдерді зерттейді;
3) Көркем әдебиет стильдері туралы ғылым.
4) Практикалық стилистика [5, 65-б.].
Ғалым Б.Шалабайдың жіктеуі бойынша:
1) Құрылымдық стилистика немесе тіл стилистикасы;
2) Қолданымдық стилистика немесе сөз стилистикасы;
3) Көркем әдебиет стилистикасы [6, 3-б.]. Ғалымның бұлайша үш салаға жіктеп, көркем әдебиет стилистикасын жеке қарастыруы – көркем мәтін стилінің терең, жан-жақты зерттелуіне жол ашады. Сонымен қатар, ғалым өз еңбегінде стилистиканың негізгі категорияларының бірі – «автор бейнесіне» баса назар аударады.
Стилистика ғылыми сала ретінде жаңа қалыптаса бастаған кезде стилистиканың функционалдық түрлеріне көбірек көңіл бөлініп, олардың өзіндік ерекшеліктерін сипатттап, қолданыс аясын анықтау өзекті мәселе ретінде қарастырылып келсе, қазіргі таңда стилистикатың тамыры тереңге жайылып, оның жаңа бағыттары туралы да сөз қозғалып жүр. Олардың бірқатарын атап айтар болсақ: ортостилистика, дара стилистика, мәтін стилистикасы, прагмастилистика, экспрессивтік стилистика, тарихи стилистика, салыстырмалы-салғастырмалы стилистика, кодтау стилистикасы, декодтау стилистикасы және тағы басқалар. Стилистиканың бұлайша жан-жақты зерттелуі оның қазіргі тіл біліміндегі маңызын, өзектілін байқатады. Стилистикада мұндай бағыттардың пайда болуына қазақ әдеби тіл тарихындағы стиль ұғымының пайда болуын қайта қарау, көркем мәтіндер тілін лингвистикалық поэтикамен, сөйлеу актілеріндегі құрылымының жетістіктері мен тиімділігін прагматикамен байланысты зерттеу сияқты мәселердердің себеп болғанын атап өту керек.
Жоғарыда аталған жіктеулер атауларында өзгешелік болса да, оларды мағыналық жағынан бір-біріне жақын деп айтуымызға болады. Мысалы, В.В.Виноградов, М.Н. Кожина, Б.Шалабай еңбектерінде аталған көркем әдебиет стилистикасында қарастырылатын автор бейнесі, жазушы стилі мәселелері М.Серғалиев еңбегіндегі дара (индивидуалды) стилистикада қарастырылатын мәселелерге сәйкес келеді.
Негізгі нысаны – көркем шығарма, автор даралығы, шырғарманың тілдік көрінісі болып есептелетін көркем әдебиет тілі Б.Шалабайдың пайымдауынша 3 түрлі қырынан немесе 3 түрлі аспектіде зерттелеліп келеді:
1) Тілдік – көркем әдебиет тілі таза тілдік тұрғыдан зерттеледі, яғни жалпыхалықтық не әдеби тілдің белгілі бір кезеңінің тілдік сипатын анықтауға қажетті материал ретінде қарастырылады;
2) Стилистикалық – әдеби тілдің функционалды стильдерінің ішіндегі ең бір күрделісі – көркем әдебиет стилінің қыр-сырын ашу көзделеді;
3) Көркем-эстетикалық – көркем әдебиет тілі көркем шығарманың көркем-бейнелі болмысын ұйымдастырушы маңызды компоненттердің бірі ретінде қарастырылады [6, 4-б.].
Көркем әдебиет стилистикасындағы жеке жазушы стилімен мазмұндас дара стилистика туралы Р.Әміров өз еңбегінде: «Дара стилистика – автордың не жеке шығарманың немесе бір жанрдың стилистикасын зерттеу нысаны. Дара стиль жеке адамдың ақыл-ойын бірінші кезекке қояды» [7, 8-б.], – деп анықтама беріп, ауызекі сөйлеу стилін де дара стиль ретінде қарастырады. Ғалымның ауызекі сөйлеу стилін дара стиль ретінде қарастыру себебі – ауызекі сөйлеу стилінде кездесетін сөздердің даралық сипатынан деп түсінеміз. Осы пікірді М.Серғалиев та еңбегінде: «Қаламгер ұғымын тек қана жазушы мағынасында қарау бір жақты болар еді, сондықтан қалам ұстап, шығармашылық дүние беретін авторлардың бәріне ортақ атау деп білген қисынды» [3, 25-б.], – деп түсіндіріп, жазушы стилі деген сөзге бір жақты қарамауға кеңес береді.
Сонымен қатар ғалым Д.А. Әлкебаеваның дара стильге берген анықтамасына тоқталсақ, ол: «Дара стиль – жазушының, ғалымның, деректі сөйлеушінің, т.б стилі. Дара стиль – танымдық-стильдік, аналитикалық-синтездік іс-әрекет қызметі» [8, 11-б.], – деп көрсетеді. Яғни дара стиль – жеке бір адамға тән ерекшелік, қайталанбас өзгешелік және сөз қолданысындағы ерекше бейнелілік.
Ал дара стиль мен жазушы стилін байланыстыра қарайтын болсақ, бұл мәселе төңірегінде ғалым Р.Сыздық: «Жазушының тілі – ол қаламгердің жалпыға ортақ тіл қазынасынан алып көпшілікке қолданған, көптеген жазушыға тән сөздік байлық пен грамматикалық тұлға-тәсілдер, орысша айтқанда первоэлемент, яғни жазушы тілінің сүйегі» [9, 139-б.], – деген анықтама беріп, жазушы тілінің көркемдігі, шеберлігі туралы мәселені оның мәнері (стилі) деген ұғыммен байланыстыра қарайды.
Шығармаға көркемдік беретін, оны басқа шығармадан ерекшелейтін басты құрал – бейнелеуіш құралдар. Көркем әдебиет туралы сөз болған кезде стиль, бейнелілік мәселесі қатар қолданылады. Бұл мәселе негізінен әдебиеттану саласында қарастырылып келсе, соңғы жылдары лингвистиканың да зерттеу нысанына айналды. Стиль және бейнелілік ұғымдары бірін-бірін толықтырып, бірін-бірі алмастырып отыратын ұғымдар секілді бірі екіншісімен тығыз байланысты. Бейнелілік – стиль жасаудағы басты құрал болса, стиль – бейнеліліктен туындайтын күрделі ұғым.
«Стиль» ұғымы бірнеше мәнге ие және ол әр түрлi ғылымдарда (әдебиеттану, өнертану, лингвистика, мәдениеттану, эстетика, т.б) кеңінен пайдаланылады. Сонымен қатар оның жан-жақты, тереңірек түсіндіріле бастауы («киiм стилi», «сән стилi», «мiнез-құлық стилі», «ойын стилі», «өмiр стилi», «ойлау стилі», «жетекшiлiк стилi», «жұмыс стилі», т.б) оның мәдени мағынасының ашыла түсуіне жол береді.
Стильді белгілі бір мәдениетті басқа мәдениеттен ерекшелеп тұратын мәдениетті қалыптастырушы конструктивтiк негiз ретінде қарастыруға болады. Мәдени маңыздылыққа, пәнге, стилистикалық көрсеткішке ие болған «стиль» ұғымы оның қандай да бір әлеуметтік-тарихи қабатқа жататынын дәлелдейді.
Стиль – адам баласының кез келген қызметінде қажетті болып саналатын ортақ феномен. Қазіргі таңда бір стиль басқа стильдерге қарағанда артығырақ деп дәл басып айту қиынға түседі. Бұл әрбір адамның жеке стилінің қарқынды дамуымен тікелей байланысты. Олардың барлығына тән ортақтық болса да, әр стиль өз бағыты бойынша дамып, жетілуде. Алайда бір дәуірдің, бір саланың аясында қалыптасқан стильдерде ортақ ерекшеліктің көрініс табуы – сол заманда сол стильдің басқаларға қарағанда басымырақ болғандығын дәлелдейді.
Туындының мазмұнын суретте, мүсінде, проза мен поэзияда немесе сол секілді кез келген шығармадағы сыртқы формасынан ажыратып қарауға болмайды. Сондықтан туындының ішкі мәні мен сыртқы стилі бір-бірімен үндесіп жатады.
Стиль мәселесін сөз еткенде Гегельдің әйгілі «Эстетика» еңбегінде берілген тұжырымды негізге алған жөн. Гегель «мәнер», «стиль» және «даралық» (манера, стиль, оригинальность) ұғымдарын қарастырып, олардың бір-бірімен тығыз байланыста болатынын ерекше атап өтеді. Сондай-ақ көркем туындыдағы стильдің көрінбеуін өзіндік бейнелеу тәсілін қолдануға қабілеттің жетпеуі, болмаса заңды талапқа бағынғаннан гөрі, өзінің қыңырлығына салынып, стильді нашар мәнермен алмастырғысы келетіндігінен болады. Стильдің барынша қалыптасып, жетілуі қайталанбас даралыққа әкеледі деп түсіндіреді [10, 304-б.]. Шын мәнінде, туынды даралық сипатқа ие болуы үшін автор оны басқа шығармалардан, басқа авторлардан ерекшелейтін бейнелеуіш құралдарды пайдалануы тиіс. Бұл автордың суреткерлік қабілетінің жоғары деңгейі мен оның өзіне ғана тән қолтаңбасынан хабар береді.
Стиль турасында А.Григорян: «Стиль әдіске де, дүниетанымға да, суреткердің жеке басы мен жазу машығына да, өз дәуірі жөніндегі ұғымы мен өз шығармашылығының ұлттық сипатына да бірдей қатысты. Стиль – айтылған ойлардың кемел тұтастығы» [11, 85-б.], – деген пікір білдіреді. Ғалымның бұл сөзімен толықтай келісуге болады. Себебі біз стиль арқылы автор туралы біліп, оның өмір сүрген ортасы мен ұлттық ерекшеліктерін де байқай аламыз. Стиль кейде жеке адамның ғана ерекшелігі ретінде қарастырылса, кейде бірнеше ерекшеліктерді тоғыстыра келіп, жалпы стильдік сипатқа ие болады. Осыған байланысты стильдің екі бағытын атап өтуге болады: бірі – жалпы стиль (дәуір стилі), яғни белгілі бір тарихи дәуірге тән стиль, екіншісі – жеке стиль (автордың стилі, қолтаңбасы).
Алдымен, жалпы стильге берілген анықтамаларға тоқтала кетсек: И.А.Бертенев, В.Н. Батажкова: «Стиль – өзгермейтін, қатып қалған нәрсе емес. Өнердің барлық кезеңдерінде стиль үнемі дамып, өзгеріп отыратын құбылыс. Алайда, өзгермелілігіне қарамастан, стиль белгілі бір кезеңдерде композициялығы, пластикалығы, ырғақтылығы сияқты көркемдік белгілерін сақтап қалады»[12, 239-б.], – дейді.
Көптеген ғалымдар өнердің әртүрлі салаларына ортақ стильдерді жалпы стильдің төңірегінде қарастырады. Н.А. Дмитриеваның пікірінше, «стиль, біріншіден, өз орбитасына пластикалық өнердің барлық түрлерін тоғыстырады, екіншіден, көркем тілдің ортақ тұтастығына, көркемдеуіш құралдар мен әдістердің жалпы жүйесіне ие болады» [12, 239-б.]. Бұл пікір стильдің өнерге қатысты жалпылама сипатын көрсетсе, О.Шпенглер «Еуропаның құлдырауы» атты еңбегінде стиль ұғымына мәдениеттің дәуірлік кезеңін сипаттайтын басты белгілерінің бірі ретінде ерекше баға береді. Оның ойынша, стиль – белгілі бір дәуірдің «рухани ортасымен» анықталатын «форманың метафизикалық жүйесі». Ол жеке тұлғаға да, материалға да, өнердің түріне де, тіпті өнердің бағытына да тәуелді емес. Керісінше, сол дәуір мәдениетінің метифизикалық стихиясы ретінде «жалпы стиль» өнерде тұлғаны да, бағытты да дүниеге әкеледі. Сонымен қатар О.Шпенглер стильді көркем-эстетикалық мағынадан да кеңірек қарастырады. «Стильдер толқындар секілді бірінен кейін бірі ілесіп отырады. Оның суреткер тұлғасымен, танымымен ортақтығы жоқ. Керісінше дәл осы стиль суреткердің типін жасайды. Өнердің, ойдың, мейлі өмірдің стилі болсын, барлық жағдайда да стиль мәдениет секілді алғашқы феноменнің бірі. Сонымен қатар стиль «табиғат» сияқты сергек адамның жаңа әсерлері, оның альтернативті тұлғасы (альтер – эго; лат. – «өзге мені») және қоршаған әлемдегі көрінісі. Қандай да болмасын мәдениеттің жалпы тарихи көрінісінде бір ғана стиль болады, ол – сол мәдениеттің стилі» [13, 257-б.], – деген ой білдіреді.
Өнердің қай түріндегі стиль болмасын барлығының да тарихи кезеңге байланысты бейсана, интуициялық түрде қалыптасатындығы белгілі. Ешкім ешқашан ерекше белгілерімен басқалардан ерекшеленетін стильді жасау үшін өз алдына мақсат қоймайды. «Жалпы стиль» белгілі бір мәдениеттің нақты кезеңінде өмір сүрген адамдарға ортақ рухани, метафизикалық, эстетикалық, дүниетанымдық, діни, әлеуметтік құбылысының көрінісін сипаттайды. Кей жағдайда стильге өнердің пайда болған материалы және оны шығармашылық процесінде іске асыратын техника мен технологиялар әсер етеді.
Жалпы стильдің аталған белгілерін қорытындылай келе, стильді зерттеуге мүмкіндік беретін бірнеше заңдылықтар қатарын байқауға болады.
Бiрiншiден, стиль өздігінен пайда болмайды. Мәдениеттегі әртүрлi үрдiстер белгілі бір мәдени ортада қалыптасып жинақталады. Алайда олардың бәрі бірдей кейін пайда болған стильдің формальды көрсеткіші бола алмайды.
Екiншiден, стильдің қалыптасуында саналылық, ойлаудың негiздерi, парадигмалар үлкен рөл ойнайды. Көркемдік-эстетикалық сипаттағы өнерде стиль айрықша көзге түседі, алайда тек осы салада ғана стильдің табиғатын ашу мүмкін емес. Зерттеу аймағы кеңи түскен сайын «алғашқы феноменді» (О.Шпенглер) анықтау мүмкіндігі арта түседі.
Үшiншiден, стильдің белсендiлiгi әр салада әр түрлі: бірінде көп байқалса, бірінде байқалмауы мүмкін. Адамның әр дәуірдегі тұрмыс жағдайы, киім үлгісі, сөйлеу мәнері сияқты ерекшеліктері сол дәуірде үстемдік еткен стильдің көрінісі болып табылады.
Төртiншiден, стиль бір ғана кезеңде үстемдік етуі мүмкін. Жаңа стильдік көрсеткіштермен бірге дәстүрлі формадағы «жалпы стильге» қарсылық тудырмайтын стиль түрі қолданыла береді. Ғасырдан ғасырға аяқ басқан сайын жаңа сатыдағы жаңа стильге өту жалғасып, дами түседі.
Бесiншiден, стиль өзгеріп, жаңарып, дамып, түрленіп отырады. Өткен ғасырларда бой көтерген әртүрлі ескерткіштерге зер салып қарайтын болсақ, ғасыр өткен сайын олардың стилінде ерекшеліктің, күрделіліктің орын алғанын байқаймыз. Дәл осындай жағдай көркем әдебиет әлемінде де көрініс береді. Олардың бірі екіншісінің бастауы болып толықтырып, дамытып тұр. Бұл сол жасампаз адамдар дүниетанымының кеңеюімен тікелей байланысты.
Жоғарыда аталған «жалпы стиль» туралы анықтамалардың лингвостилистикадағы стиль мәселесін анықтауда үлкен рөлге ие болатындығын байқаймыз. Себебі көркем әдебиеттегі стиль мәселесін зерттеген кезде біз стильді басқа өнерлерден, ғасырлардан бөліп алып жеке қарастыра алмаймыз. Енді жалпы стильдің қалыптасуында ерекше орын алатын «жеке стиль» ұғымына тоқталамыз. «Жеке стильге» берілген анықтамаларды жеке-жеке қарастырсақ:
«Мол көрініс – формалары жинақталып, кейін гүл жаратын бүршік секілді. Бiрақ бұл бүршік аяқталған форма арқылы гүл жаруы үшін менің қабылдауым өз ерекшелігін жоймай, өзге адамның дүниеге деген көзқарасымен толығуы керек. Мен дүниені сол адамның көзімен көріп, оның орнына өзімді қойып көруім қажет. Кейін, өз орныма қайта оралған соң, оның дүниетанымын өз дүниетанымыммен толықтырып, оны өз көріністеріммен, біліміммен, қиял, сезіміммен аяқталған орта қалыптастыруым керек. ...Бұл жерде өз ойын білдіру, монолог, субъективизм болмайды. Стиль – адамның басқалармен мәдени қарым-қатынасы процесіндегі құндылық өлшемi» [12, 254-б.]. Бұл –Т.Быстрованың стиль табиғатына берген анықтамасы. Ғалымның бұл пікірімен А.Григорян пікірінің ұқсас, үндес екенін атап өту керек. Ол: «Қалай болған күнде де біз суреткерден объективтілікті талап етуіміз керек. Бейнелеу – суреткер шабытының жемісі. Ол субъект ретінде затпен (құбылыспен) түбегейлі жымдасып, ішкі әлеміндегі құбылыстармен өз қиялын үндестіріп, көркемдік тұрғыда жүзеге асырады» [11, 302-б.], – дей келе, суреткер субъектісі мен бейнелеудің объективтілігі негізгі аспектіні құрайтынын айтады. Ол жерде қайталанбас даралық алға шығу үшін мәнер мен стильдің өзіндік орны бар деп көрсетеді. Дәлірек айтқанда, жеке стиль тек бір ғана индивидтен емес, оның басқа да адамдармен қарым-қатынасының нәтижесінде пайда болады.
Өз шығармасын жазу барысында жазушы «оқырманның ойын оқиды». Оның ойындағы оқырман – шығармашылық процесіндегі басты мақсат. Жазушы өз кезегiнде үнемі оқырманның санасында болады. Оның есімі, абыройы, кәсіби дәрежесі, көпшілік пікірі бойынша қалыптасқан бейнесі. Мұның барлығы және жазушының тұлғасы көрінетін бұрынғы туындылары оның бейнесін қалыптастырады. Шығармада оқырман мен жазушының «кездесуi» олар бір-біріне ұмтыла түсіп, бірін-бірі тануды мақсат етіп, өзара рухани «үндестік» орнаған кезде ғана жүзеге асады. Дәл осы оқырман мен жазушының кездесу нүктесі, олардың екі жақты талпыныстарының қиылысы тоғысқан жер – стиль болып табылады. Стиль арқылы жазушы шығарманың жеке фразасында, құрылымында, ырғағы мен интонациясында, жалпы алғанда, өн бойында көрініс тапқан өз тұлғасының белгілерін оқырманға жеткізеді. Шығарманың стилі арқылы жазушы танылады, оның реципиентке жақындық дәрежесі көрінеді. Стильде көркем коммуникация iске асырылады: ақиқат – суреткер – шығарма – орындаушы – реципиент –ақиқат. Бұл тізбек шындықпен аяқталады. Осыны суреткер қабылдайды да, өнердің күші арқылы халыққа жеткізеді. Бұл орайда стиль – шындықты мәдениет құралдары арқылы жүзеге асыру. [14, 416-б.]. Ал егер автордың жеке стилі турасында алсақ, бұл жерде өлшеуді шексіз деп қарастырамыз. Өйткені стильдің ерекшелігі автордың дүниетанымымен, жан-жақтылығымен, ізденімпаздылығымен тікелей байланысты. Өлшемді санмен шектеу мүмкін емес. Тип – стиль емес. Бір қаламгердің әртүрлі тақырыпта, әр түрлі жанрда өнер туындысын өмірге әкелуі – оның жан-жақтылығының, шығармашылық әдіс-тәсілдерінің молдығының көрінісі.
Әр саланың мамандары «жалпы стиль» мен «жеке стильдің» ара-жігін ажыратуда әртүрлі терминдерді пайдаланып жүр. Мысалы, әдебиеттанушылар мен тіл білімі мамандары кейде «стиль – жанр» терминін қолданса, өнертанушылар мен эстетиктер «дәуір стилі», «стильдік бағыттар» деген атауларды негізге алады. Бiз стильге қатысты ұғымдар мен түсініктердің, анықтамалардың жиыны ретінде «стилистика» ұғымын қолданамыз.
«Жеке стиль – белгілі уақытқа немесе өткен ғасырға тән, ортақ дәуірлік сипатқа ие бір немесе бірнеше стильдік бағыттардың заңдылықтарына негізделеді» [12, 251-б.], – деп көрсеткен Л.Г. Бергердің пікіріне сүйенсек, жеке стиль – жалпы стильден жеке-дара өмір сүрмейді, керісінше бұл екі ұғым бір-бірін толықтырып тұрады.
Жоғарыда шетел ғалымдарының жалпы стиль мәселесі төңірегінде берген анықтамаларына тоқталып өттік. Қазақ филологиясында стиль мәселесі көп жылдардан бері қарастырылып келе жатса да, толық зерттелді деп айта алмаймыз. Стиль туралы алғашқы түсініктемелер берген ғалымдардың қатарынан А.Байтұрсынұлын ерекше атап өтуге болады. Ғалым стиль мен стилистиканың өзара қатынасын дәл аңғарып, «сөз шығарушылар, әуелі сөз ұнасымына керек жалпы шарттарды орнына келтіріп, өзінің өзгеше әдісі болса, соның үстіне ғана қосады» [15, 343-б.], – деп көрсетеді. Бұл – біз сөз еткен жеке стильге қойылатын басты талаптардың бірі. Ал «Стиль ұғымына жазушының тілі, сөйлем құрылысы, мәнері, шығармаларының композициясы, оқиға дамыту әдістері, тақырып таңдаулары, жанрлық ерекшеліктері, тағы басқа компоненттер кіреді. Ең алдымен, орталық мәселе – идеялық мазмұн» [16, 13-б.], – деп тұжырым жасаған Қ.Жұмалиев стильдің жеке дара өмір сүрмейтіндігін, бір ғасырда өмір сүрген ақын-жазушы, суреткерлердің арасында тақырыптық, идеялық байланыстың, ортақтықтықтың болатындығын атап өткен. Ал Д.Ысқақовтың пікірін қарастырсақ, ол: «Стиль ұғымы қазір үш түрлі жағдайда қолданылып жүр. Жеке шығарманың стилі, жазушы стилі, ортақ стиль (немесе стильдік ағым). Дұрысында, стильдің жазушы стилі деген мағынада пайдаланылғаны ләзім. Алғашқы және соңғы жағдайлардағы қолданыстарын жалпының жекеге, жекенің жалпыға қатынастағы көрінісі деп ұққан жөн» [17, 200-б.], – дейді. Бұл жерде сөз болып отырған жеке шығарманың стилі – жазушы қаламынан туған туындының ерекшелігі болса, жазушы стилі – біз сөз қылған жеке стильге, ортақ стиль – жалпы стильге сәйкес келеді.
Лингвистикалық түсіндірме сөздікте стиль сөзіне мынадай анықтама беріледі: Стиль (латынша – қашалған таяқша, жазу мәнері):
1) лексикасы, грамматикасы, фонетикасы ерекше болатын тілдің түрі (тілдік стиль);
2) функциональды стиль;
3) жалпыға бірдей сөйлеу мәнері: шешендік сөз, газет мақаласы, ғылыми лекция, тұрмыстық диалог, т.б.;
4) жеке адамның сөйлеу мәнері;
5) дәуірдің тілдік парадигмасы.
Ж.Л. Бюффон: «Білімді, фактілерді, ашылған жаңалықтарды басқа адамдар тез игеруі мүмкін, бұлар адамнан тыс нәрселер, ал стиль – адамның өзі. Стиль басқаға берілмейді, өзгертілмейді, тартылып алынбайды». Қазақ тілінің стилистикасы бойынша стиль – өмірдің белгілі бір саласында қолданылуда танылып, тарихи қалыптасқан тілдік тәсілдердің жүйесі. Ең алдымен қолдануда өзіндік ерекшеліктері, айырым белгілері бар тілдік элементтер жүйесі немесе әдеби тілдің өзіндік құрамы, грамматикалық тұлғасы бар сараланған бөлігі» [18, 213-б.].
Қазіргі таңда стилистикада стиль мәселесі жан-жақты қарастырылып, стиль мәселесіне ғылыми тұрғыдан баға беріліп жүр. Солардың қатарына келесі зерттеу жұмыстарын жатқызуға болады:
Д.Алкебаеваның «Қазақ тілі стилистикасының прагматикасы» атты диссертациясы [19]. Бұл жұмыста қазақ лингвостилистикасының бағыттары мен түрлеріне, прагмалингвистика бағытына, стилистикалық категориялардың түрлеріне, тілдік прагматикалық факторларға ғылыми тұрғыда алғаш рет баға беріліп, қазақ әдеби тіліндегі бейнелелік тудыратын көркемдегіш амал-тәсілдердің стильдік ерекшеліктері жан-жақты қарастырылған.
А.Әділованың «Сентенцияның тілдік табиғаты және стильдік қызметі» атты диссертациясы (Қадыр Мырза Әли шығармашылығы негізінде) [20]; Бұл еңбекте автор сентенция туралы «Сентенция ықшам, әсерлі, өрнекті, мәнерлі ой тұжырымдарының біртұтас мағыналы, тиянақты даяр қолданыла алу мүмкіншілігіне үш түрлі факторлар – тұлғалық, мағыналық және дыбыстық үйлесімнің жымдаса келуі қызмет етеді» [20, 6-б.], – деп көрсетіп, оның лирикадаға көрінісін жаңа қырынан қарастырып, ғылыми тұжырымдар жасайды.
О.Бүркітовтың «Қазақ тіліндегі қайталамалардың лингвостилистикалық жүйесі» [21] жұмысында қайталамалардың зерттелуі, олардың іштей жіктелуі, шығармаларда қолданылуы, стилистикалық қызметі туралы жазылып, мысалдармен дәйектеледі. Бұл – қайталамалардың стилистикалық тәсілдің бір түрі екендігін дәлелдейтін, оған баға беретін ғылыми зерттеу жұмыстарының бірі.
С.Қоянбаеваның «Қазақ тілі экспресивтік стилистикасының негіздері» [22] атты еңбегінде жалпы стилистика ғылымы, олардың зерттелу жайы, оның ішінде экспресивтік стилистиканың мақсат-міндеті, зерттеу нысаны, көркем әдебиет тілі, оның стильдік ерекшелігі туралы сөз болады.
Лингвостилистика саласында жазылып жатқан зерттеулер қатары жылдан жылға толығып келеді. Жоғарыда аталған еңбектер ғана емес, бұл салада бірнеше зерттеу жұмыстары жазылған.
Стильдің негізгі нысаны – өмір, басты құралы – тіл, бұл екеуі де үздіксіз даму процесіндегі құбылыстар. Ал өмір дамыған сайын көркейе, гүлдене түсері белгілі, соған орай адамдардың да ортасы, дүниетанымы, көзқарасы өзгеріп отырады. Жаңа өзгерістер жаңа стильдің қалыптасуына түрткі болады да, қалыпқастан стиль қоғамның қай саласында болмасын көрініс табады. Стильді қалыптастыруға тұтас қоғам қатысады десек те, оның ерекшеліктерін белгілейтін – авторлар. Жеке автордың таным-түсінігі, қоршаған ортамен үздіксіз байланысы негізінде қалыптасқан өз стилі – жеке стиль ұғымының тереңдей түсуіне негіз болса, белгілі бір кезеңге тән ортақтық, бір дәуір мен екінші дәуірдің арасындағы көзге көрінбейтін байланыс, кеше, бүгін және болашақты байланыстыратын, ұштастыратын – жалпы стиль мәселесі – ғасырлар өткен сайын толыға түстетін, зерттелген сайын ашылып, жаңа қырларын тануға ұмтылдыратын мәңгілік тақырыптардың бірі.
Лингвостилистика саласында стиль ұғымымен қатар қолданылатын тағы бір ұғым – бейнелілік ұғымы. Бұл – стильді қалаптастырушы басты фактор ретінде де қарастырылып жүр. Бұл турасында Ә.Болғанбаев: «Сөздерге әртүрлі мән беріп бейнелеп қолдану арқылы ғана ақын-жазушылар өмір құбылысын әрі жанды, әрі көркем етіп суреттеп бере алады, сөйтіп солар арқылы өздерінің шығармаларын оқушылардың тіліне жеңіл тигендей етіп тартымды етеді» [23, 24-б.], – деген пікір айтады. Расында, автор бейнелі сөздерді қолдану арқылы ғана өзінің стилін қалыптастырып, шығармасын оқырманға жетізе алады.
Негізінде, бейнелiлік – ұғымның әртүрлi түсіндірілуіне байланысты стилистика, лингвистика, әдебиеттану, психология, философия, мәдениеттану, фольклористика салаларына ортақ күрделі категория. «Бейнелiлік» немесе «бейнелі» сөздері «поэтикалық», «шығармашылық», «көркемдік» секілді сөздермен қатар қолданылған жағдайда, жан-жақты, терең түсіндіруді талап етеді. А.Ф. Лосевтың түсіндіруі бойынша бұндай жағдайда «бейнелілік семантикалық реңктердің күрделі жолмен қалыптасқан салмағына ие болады» [24, 175-б].
Кең мағынасында алып қарағанда, бейнелілік – бұл жандылық, көркемдік, өнердің кез келген түрінің ажырамас бөлігі болып табылатын бейненiң мәнерлiлiгi, айналадағы бізді қоршаған шындықты әлдебiр эстетикалық идеалдың позициясы арқылы ұғынудың формасы.
Стилистика сөз бейнелiлігін көркем әдебиет тілінде толық көрініске ие болған стильдік ерекшелік ретінде қарастырады. И.Голубтың анықтамасына сәйкес «көркем контекске енген сөз шығарманың күрделi, бейнелi жүйесiне еніп, айрықша эстетикалық функцияны орындайды» [25, 271-б.].
Ал егер сөз бейнелілігін тар мағынасында қарасақ, ол сөздердің семантикасы өзгерген ауыспалы мағынасында қолданумен ғана шектеледі. Сонымен қатар, бейнелілік мәнге ие болған сөз көркем шығармада белгілі бір дәрежеде өзінің номинатив қызметін жоғалтып, мәнерлі, экспрессиялық мәнге ие болады. Сөз бейнелілігінің мағынасын зерттеу бағытында сөзге эстетикалық-көркемдік мән беретін лексикалық амалдардың қолданылуы негізгі нысанға алынады. Д.Б. Ольховиковтың тұжырымы бойынша қиындық тудыратын бір мәселе: «бейнелілік терминінің осы терминге мағыналас болып келетін «айқындық», «экспресивтілік», «метафоралылық» (кең мағынасында), кейбір авторлардың еңбектерінде «символдылық», «поэтикалық» деп берілетін семантика-стилистикалық категориялардың мағыналарымен астасып, жымдасып жатуы» [26, 341-б.]. болып табылады.
Бейнеліліктің берілу жолдарын қарастыра келе, металогия (көркем шығармада сөздерді ауыспалы мағынада, бейнелі түрде қолдану) ұғымымен қатар қолданылатын троптық бейнелілік пен автология (көркем шығармада сөздерді тура мағынасында қолдану) ұғымымен қатар қолданылатын троптық емес бейнелілікті бөліп қарастыруға болады [25, 280-б.]. Дәл осы пікірді өз жұмысында Д.Алкебаева былайша жазады: «Образ – троп өзінің функционалды стильдерде қолдану – қолданбау сипаты жағынан 2 түрде қарастырылады: әдебиет теориясы бойынша көркем шығармада сөздің тура мағынасында қолданылатын сөздер автология, ал бейнелі, образды мәнде жұмсалуы метология деп аталынады» [8, 115-б.].
Бейнелілік мәселесі тіл біліміне қарағанда әдебиеттану саласында зерттелетіндігі белгілі. Әдебиеттану троптарды әдеби шығарманың әлемін жасаушы негізгі құралдардың бірі ретінде қарастырып, сөз бейнелілігін шығарманың ішкі бейнесімен ұштастырады.
Егер әдебиеттануда «бейне», «бейнелілік» ұғымдары негізінде «троп» терминін негізге алатын болсақ, стилистикада «ішкі бейнелілік» терминіне, сөздер мен сөз тіркестеріне сүйенеміз. Тіл білімінде «сөздің ішкі формасы», «сөздің лексикалық мағынасы», «сөздің ауыспалы мағынасы» деген ұғымдар қарастырылады. Сөздің ішкі формасы – сөздерді құрайтын морфемалардың семантикалық және құрылымдық бірлігі. Iшкi форма нақты мағына не себепті дәл осы дыбыстардың бірлігі арқылы жүзеге асқандығын көрсетеді.
Сонымен бiрге, бейнелілік пен бейне ұғымы жаңа ғылыми бағыттар – когнетивті лингвистика мен когнитивті психология салаларында да қарастырылады. Когнитивизм психологиялық ғылымның жаңа бағыты ретінде ХХ ғасырдың ортасында пайда болды. Когнитивизмнің басты нысаны – адамның ішкі ойлау процестерінің ұйымдастырылуы. Когнитивті психологияда, Р.Солсоның анықтамасы бойынша, «бейне – болмыста жоқ объектінің немесе құбылыстың мидағы репрезентациясы (көрінісі)» [27, 252-б.]. Ал бейненің негiзгi мiндеті шын өмірде орын алған құбылыстарды «бастағы сурет» немесе «шындық әлемнен алынған көріністердің жобасы» ретінде есте сақтау. Бейне туралы мұндай пікірлер құрылымдық парадигма кезеңінде де орын алған. Бұл кезеңде «бейне» көрген құбылыстарды есте сақтау тәжірибесі ретінде ғана сөз болған. Алайда когнетивті психологияда «бейне» көрген нәрсенің көшірмесін ғана жасамайды, ол болған оқиғаларды сұрыптап, шындық өмірде мүмкін емес жағдайларды елестету арқылы оларды есте сақтайды. Ақпараттарды өңдеу процестерінің когнетивті жүйесiнде бейнелілік категориясы «ойдағы бейне» және «бейнелерді тану» контекстінде жан-жақты ашылады. Ойдағы бейнелердің негізгі белгісі индивидтің «когнетивті карта» бейнесін қалыптастыра білу қабілеті болып табылады.
Когнитивті лингвистика – когнетивті психологияға қарағанда жаңа ғылым саласы. Когнетивті лингвистикада бейне ұғымы «әлемнің тілдік бейнесі» ұғымымен тікілей байланысты. «Әлем бейнесі» ұғымы адамзаттық болмысты анықтайтын iргелi ұғымдардың біріне жатады. Дүниені танудың қанша амалы болса, әлемнің сонша бейнесі бар. Әлемнің тілдік бейнесі арнайы суреттердің, бейнелердің қатарынан тұрмайды, себебі тілді білмей әлемді тану мүмкін емес. Осылайша әлемнің тілдік бейнесі адамзат санасында оны қоршаған дүние туралы көріністерінен қалыптасады. Адам әлемді тану арқылы қоршаған орта туралы өз көрінісін қалыптастырады, яғни оның санасында белгілі бір «әлем моделі», соның ішінде «әлемнің тілдік моделі» туындайды. Егер әлем – адам мен оны қоршаған ортаның өзара ара қатынасы болса, онда әлемнің бейнесі – адам мен оны қоршаған орта туралы ақпараттардың нәтижесі. Сыртқы әлемнiң барлық заттары мен құбылыстары адам санасында ішкі бейнелер формасында көрініс табады. Бұл кейде «ұғымдық өріс», «мағыналар жүйесі» деп те аталады, яғни әлемнің бейнесі – тілде көрініс табатын бейнелердің жүйесі. Бейнелілік категориясын когнетивті лингвистиканың категориясы ретінде алдыңғы қатарға шығару бейнелілік мәселесін әдебиеттанудың шеңберінен шығып, лингвистикалық зерттеулерде қарастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бiрге сөздің ішкі формасы сөздің лексикалық мағынасын құрудағы номинациялық негізге тірек болатын басты белгі ретінде де қарастырылады. Бұған әр түрлі тілде бірдей құбылыстардың әртүрлі белгілеріне байланысты өзгеше аталатындығын дәлелге келтіре аламыз. Сөздің ішкі формасы туралы алғашқы зерттеулер В. Фон Гумбольд пен А.А. Потебняның есімдерімен байланысты. А.А. Потебняның пікірі бойынша: «сөздің ішкі формасы – ой мазмұнының санаға қатысы, ол адамға өзінің ойы қалай қабылданатындығын көрсетеді». [28, 98-б.]. В. фон Гумбольдт сөздің ішкі формасын тілдің сыртқы формасы арқылы бекітілген, белгілі бір тіл қолданушысының дүниетанымдық ерекшеліктерін анықтайтын ұғымдардың жүйесі деп түсіндіреді. Номинация теориясында маңызды мәселелердің бiрi – сөздің лексикалық мағынасы мен сөздің ішкі формасының ара қатынасы болып табылады. Лексикалық мағына – заттың немесе құбылыстың бастапқы мағынасы. Сөздің лексикалық мағынасында ол затқа немесе құбылысқа тән барлық ерекшеліктер мен оның белгілері қамтылмауы мүмкін, тек ең маңыздылары ғана есепке алынады. Лексикалық мағынаның басты қызметі – затты немесе құбылысты басқа нәрселерден ажырату. Сол себепті барлық сөздер бір ғана лексикалық мағынаға ие болмауы мүмкін, көп мағыналы сөздің әрбірі контексте ашылады. Сөздің негізгі лексикалық мағынасынан туындайтын, оған метонимиялық, метафоралық немесе кеңістік, уақыттық, басқа да мағына үстейтін мағына ауыспалы мағына деп аталады. Ауыспалы мағына кейде негізгі, кейде қосымша мағына ретінде жұмсалады. Сөздiң семантикалық құрылымындағы мұндай өзгерiстер эмоционалды-бағалауыш, ассоциациялық немесе әсер етудің басқа факторларына негізделеді. Біз сөздiң ауыспалы мағыналарында ғана бейнелілікті анықтап, оның сөздің ішкі формасымен арақатынасын белгілейміз. Бұл – лингвистикада сөз бейнелiгiн зерттеудің негiзгi аспектiсі.
Лирикалық шығармаларда сөздер өздерінің бастапқы лексикалық мағынасынан айырылып, ауыспалы мағынасында жиі қолданылады. Өлеңде қолданылған сөздердің мәні сол өлеңнің контексінде терең ашылады.
Көркем бейне ұғымының негізгі дүниеге келетін орны – көркем әдеби шығарма, бұл жерде тіл өнердің негізгі нысаны және басты құралы болып табылады. Көркем сөздің маңыздылығы оның тек форма болғандығы ғана емес, ол формаға айналған белгілі бір мағынаны беретіндігі. Бұдан біз «идея – бейне – сөз» үштігін аңғарамыз, яғни жалпы алғанда бейне – мазмұндық форма.
Бейнелі сөздер тек көркем әдебиетте ғана емес, басқа ғылым салаларында да кездеседі. Мысалы термин-метафоралар: таудың етегі, тау жотасы, компьютердің миы, т.б. Мұндай бейнелі сөздер сөздің ауыспалы мағынасында қолданылғанымен, онда эстетикалық сипат жоқ, олар табиғатынан көркем әдеби сөздер емес, ол жерде тек «басқа» нәрсенің сыртқы бейнесінің сипаты ауыспалы мағынасында сөз болып тұр. Ал көркем бейнелі сөз болу үшін сөздің ауыспалы мағынада қолданылуы жеткіліксіз болады, оған автордың қиялынан оқырман көңіліне дейін жететін суреттеу керек. Осы туралы Д.Әлкебаева былай жазады: «Экспревисті стилистика сөз образына арналады. «Образдылық», «бейнелілік», «көркемдік» – өте күрделі стилистикалық категориялар. «Образ» терминінің астарында семантикалық ерекшелік пен прагматикалық мақсат, стилистикалық әсер қатар үйлесіп айтылады... Сөздің образдылыққа енуі өзінің тура мағынасынан ауыспалы мағыналарға ойысуы, сөздің образды мағынаға ие болуы өзінің алғашқы номинативті мағынасының қызметін жоғалтып, ерекше бояуға енуі болып табылады, ал экспревистілік бояу стилистикалық әсер береді, автордың сөзі прагматикалық мақсатын айқын танытып отырады» [8, 114-б.]. Расында, көркем әдебиетте болған оқиғаны оқырманның көз алдына әкеліп, дәлме-дәл етіп бейнелеу үшін ақын-жазушылардың көптеген бейнелеуіш құралдарын пайдаланатыны сөзсіз.
Кейде бейнелілік ешқандай көркемдік сипаты жоқ сөздерден де жасалуы мүмкін. Бұл – бір авторды басқа авторлардан ерекшелейтін стилистикалық сыртқы деталь. Мысалы С.Жиенбаев пен Ж.Нәжімеденов өз өлеңдерінде «байғұс» сөзін жиі қолданады: боз көде байғұс; бұл байғұс; байғұсым; күрсінді байғұс (жауынгер); мен байғұс; байғұстың түрі мынау; қыңсылайды байғұсым; айрылғандай қазір байғұс еркінен; тұрмайды байғұс көздеуге; кемпір байғұс; әлгі байғұс; баянсыз байғұс кезбе бұлт; (С.Ж); байғұс самал; сөз байғұс; бас байғұс; көңіл байғұс; дәме байғұс; жел байғұс; байғұс әже; таңдай байғұс; жүрек байғұс; пенде байғұс; ақыл байғұс; байғұс есек-ғұмырлар (Ж.Н.). Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі берілген анықтама бойынша, «байғұс» сөзінің мағынасы – мүсіркеу мәндегі сорлы, бейшара, мүсәпір деген мағынаны білдіреді» [29, 98] – деп беріледі. Алайда ақын өлеңдеріндегі «байғұс» сөзі бұл мағыналардан гөрі «шарасыз», «бейкүнә» деген мағыналарға жуықтайды. «Байғұс» сөзін лирикада ақынның көңіл-күйін білдіруге қолданылып тұрған бейнелі сөз деп қарастыра аламыз. Себебі бұл сөз арқылы ақын өзінің ішкі жай-күйін, мұңын оқырманға жеткізуге тырысқан.
Жалпы бейнеліліктің жасалу жолдарын, яғни даму баспалдақтарын шартты түрде үш сатыда қарастыруға болады:

  1. бейне-индикатор (сөздің тура мағынасы);

  2. бейне-троп (сөздің ауыспалы мағынасы);

  3. бейне-символ (ауыспалы сөздердің жалпы мағынасы).

Егер жоғарыда аталған «байғұс» сөзін осы үш сатыда қарастыратын болсақ:
Бейне-индикатор – жаздыгүні байғұстың түрі мынау, күрсінді байғұс, т.б.
Бейне-троп – баянсыз байғұс кезбе бұлт; байғұс есек-ғұмырлар, т,б.
Бейне-символ – шарасыздықтың символы.
Сонымен бірге «бейне-индикатор – бейне-троп – бейне-символ» үштігін теориялық түрде бекітуге болады. Атап айтқанда, сөздің тура мағынасы – фактологиялық ақпарат, ауыспалы мағынасы – концептуалды ақпарат, ал терең мағыналы сөз – мәтіннің астарлы мағынасында берілетін ақпарат.
Сонымен, бейнелiліктiң жоғарғы сатысы – символ. Символдық мағынаның дүниеге келуі – күрделі процесс. Ол белгілі бір шығарманың аясында дүниеге келіп, кейде бұл шығармадан шығып, басқа шығармаларда көрініс табуы мүмкін. Сол кезде символ жан-жақты ашылып, таныла түседі. «Символ – сөзді қолдану шеберліктік бір түрі болса, сонымен қатар стильдік қызметті де атқарады. Жазушы сөзді символдық мәнде қолданғанда, белгілі бір стильдік мақсатты көздейді. Сөз-символ жазушының айтпақ ойын дөп басып, шығарманың бейнелілігін арттыру үшін қажет» [30, 104-б.], – дейді К.Есіркепова. Ал А.Қазанбаеваның пікірі бойынша «Символ – идеяның заттық нышаны, астарлы образы. Символ негізінен лирикалық шығармаларға тән» [31, 20-б.]. Астарлы мағынамен берілген символды тұтас шығармадан түсіну үшін оқырман автор шығармашылығынан бөлек сол тілдің, сол ұлттың дүниетанымын білуі керек.
Әдебиет пен тіл білімінің ортақ нысаны болған бейнелілік мәселесі күрделі мәселе ғана емес, сонымен бірге оның ішкі құпиясы да бар. Өйткені әр адамның дүниеге деген көзқарасы әртүрлі болғандықтан, дүниені бейнелеуде әртүрліліктің орын алатындығы заңды. Д.С.Лихачевтың сөзімен айтсақ: «Егер көркем шығармада барлығы анық, түсінікті болса, ол көркемдігін жояды. Көркем шығармада бір нәрсе құпия болуы керек» [25, 247-б.]. Бұл «құпия бірдеңе» көркем бейнелiлікпен тікелей байланысты. Негiзiнен метафора (сөздiң ауыспалы мағынада қолданылуы) тек көркем әдебиетке ғана тән емес, бірақ ол көркем әдебиетте ғана оккозионалды (жеке) түрде көрініс табады. Жеке авторлық метафора шығармашылықпен дүниеге келеді, сондықтан да оны алдын ала білу мүмкін емес және көркем шығарманың құпиялығының бір себебі осы. Оқырманның бұл құпияны түсінуі де шығармашылық процесс. Шығармада кездескен метафоралардың бірінің мазмұны түсінікті болса, бірінің мағынасы терең болуы мүмкін. Кейде оқырман автордың ойын түсініп, кейде тіпті автордан да терең ойға қалуы мүмкін. Бұл – әр адамның кез келген нәрсені әрқалай қабылдайтындығының, түсінетіндігінің дәлелі.
Көркем әдебиеттен басқа мәтіндерде бейнелілік сөздің ауыспалы мағынасынан әрі аспайды. Ол түсіндірме қызметін (ғылыми, әсіресе ғылыми әдебиет) немесе бағалауыш қызметін (газет мәтіндерін) атқарады. Осы аталған екі қызметте де бейнелі сөздердің ешқандай «құпиясы» болмайды.
Қорыта келгенде, лингвистикадағы бейнелілік абстрактілі ұғымға ие болып, ол тілде көрініс табады. Лингвистикалық бейнеліліктің материалдық негiзiн әр түрлi деңгейлердегi тілдік бiрлiктер қалыптастырады. Алайда сөз бейнелілін зерттеу кезінде сөздің лексикалық мағынасымен шектеліп қалуға болмайды, оны сөздің деңгейінде емес, сөз тіркесінің, сөйлемнің, фразадан үстем тұтастықтың шеңберінде қараған жөн.
«Сөз бейнелілігі», «бейнелілік» ұғымдарының лингвистика, когнитивтік лингвистика, стилистика саласында қарастырыла бастауы әдебиеттану мен тіл білімінің қарқынды дамып, жан-жақты зерттеле бастағандығының көрінісі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   32




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет