Тақырып Көркем шығарманы сюжеттік-композициядық түрғыдан талдау ерекшеліктері Мақсаты



бет6/6
Дата18.02.2022
өлшемі51,14 Kb.
#132363
түріҚұрамы
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
Дәріс №7 (2)

5. Сюжеттен тыс элементтер. Шығарма композициясында сюжеттен басқа сюжеттен тыс элементтер де орын алады, олар кейде тіпті сюжеттен де маңыздырақ болуы мүмкін. Егер шығарманың сюжеті – композицияның динамикалық қыры болса, ал сюжеттен тыс элементтер – статикалық қыры болып табылады. Сюжеттен тыс негізгі элементтерге суреттеу, авторлық шегіністер және қыстырма эпизодтар жатады.
Суреттеу – бұл табиғат құбылыстарын, кейіпкер портреттерін, заттық әлемді көркем суреттеу, ол, негізінен сюжет дамуына әсер етпейді. Суреттеулер – сюжеттен тыс элементтердің ішінде ең жиі тараған түрі және эпикалық туындылардың барлығында, әсіресе, табиғат құбылыстарын суреттеу көп кездеседі. Мысалы, Д.Исабековтің «Тіршілік» повесінде пейзаж шығарма экспозициясында оқиға болар орынды сипаттаса, повестің соңында жазушының философиялық тұжырымдамасына меңзейді.
Авторлық шегіністер философиялық, лирикалық, автобиографиялық және т.б. сипаттағы авторлық толғаныстар түрінде келеді. Авторлық шегіністер – шығарма композициясындағы міндетті элемент қатарынан табылмайды, алайда мәтін құрылымында кездескен жағдайда, талдау нысанына ілігеді, себебі авторлық ұстанымды танытуда маңызды рөл атқарады. Белгілі қаламгер О.Бөкеев туындыларында авторлық толғаныстар публицистикалық сипатта көрінеді.
Ал қыстырма эпизодтар – негізгі сюжетке қатысы жоқ, басқа кейіпкерлері бар, өзге уақыт пен орындағы оқиға болып табылады. Қыстарма эпизодтар негізгі сюжет дамуына қатысы болмағанымен, автор идеясын айқындауда, шығарма ауанын танытуда бірінші кезекке шығуы да мүмкін. Мысал ретінде М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі Күшікбай батыр туралы қыстарма эпизодты алуға болады.
Жалпылама алғанда, композицияның негізгі екі түрін ажыратып көрсетуге болады: қарапайым және күрделі. Қарапайым композицияның негізгі міндеті шығарма бөліктерін біртұтас етіп біріктіру, бұл біріктіру ең қарапайым және табиғи жолмен жүзеге асырылады. Сюжет құру барысында оқиғаның хронологиялық реттілігі, баяндау барысында шығарманың басынан аяғына дейін біріңғай баяндау типі сақталады.
Күрделі композицияға келетін болсақ, мұнда баяндаудың түрлері алма-кезек ауысып, хронологиялық реттіліктің бұзылуы байқалады, сөйтіп автор кейіпкер характерінің адамгершілік-философиялық сипатына назар аудартады.
Біз жоғарыда айтып кеткеніміздей, монтаж - композициялық тәсілдің бірі. Сондай-ақ, монтаж – композицияның бір түрі болып та табылады. Әдебиетке кино өнерінен келген бұл термин бірнеше бөліктерге бөлініп, «кұранды», «үзік-үзік» сипат алған шығарма композициясын білдіреді.
Монтажды композицияға Қ.Жанұзақова мынандай анықтама береді: «Монтажды композицияда шығармадағы кейіпкерлердің, оқиғалардың, детальдардың, әркелкі эпизодтардың арасында сырттай қарағанда қисынды байланыс жоқ сияқты көрінеді. Алайда олар алыстан ой арқылы қиыстырылған. Автор үшін кеңістіктік-уақыттық, себеп-салдарлық сыртқы байланыстан гөрі ішкі, эмоционалдық, мағыналық байланыс пен ой үндестігі маңыздырақ. Монтажды композиция көп жағдайда бір-бірімен қиысуы қиын әркелкі эпизодтарға, «кірме» эңгімелерге, лирикалық шегіністерге қүрылған, «оқиға ішінде оқиғасы» бар көп желілі сюжетті шығармаларда кездеседі» [5, 66].
Осындай монтажды композиция түрі Ш.Айтматовтың «Жан пида» романына тән болып келеді. Біз сөз етіп отырған романның архитектоникасы, яғни сыртқы композициясына келсек, үлкен үш бөлімге жіктелген. Сюжеттік байланыс, кейіпкерлер тағдыры жағынан келгенде, бірінші және екінші бөлімдер бірін-бірі қуалай, жалғастырып әкетеді. Ал үшінші бөлімде жаңа кейіпкерлер бой көрсетеді. Бірақ негізгі идея бірлігі соңында заңды шешімін табады.
Қорыта айтқанда, композициялық талдау жасауда, сыртқы композициядан басқа, образдар қатарын, кейіпкерлердің ара-қатынасын, баяндау түрлерін, сюжет пен фабула құрылымын, сюжеттен тыс элементердің ерекшеліктерін ескеру қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Хализев В.Е. Теория литературы. – Москва: Высшая школа, 2000. - 488с.
2. Поспелов Г.Н. Введение в литературоведение. – Москва: Высшая школа, 1988. – 398с.
3. Құралқанова Б.Ш. Филологиялық талдау. – Павлодар: ПМПУ, 1919. – 141б.
4. Левитан Л.С., Цилевич Л.М. Сюжет и идея. - Рига: Звайгзне, 1973. – 277с.
5. Жанұзақова Қ. Көркем шығармадағы монтажды композиция ерекшеліктері // С.Торайғыров атындағы ПМУ хабаршысы: филологиялық серия. – 2015. - №1. – 239 б
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
1. Сюжет пен композицияның өзара байланысы қандай?
2. «Сыртқы» және «ішкі» сюжет дегеніміз не?
3. Сюжет және фабуланың айырмашылығы қандай?
4. Сюжеттен тыс элементтерге не жатады?

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет