Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет17/27
Дата29.11.2016
өлшемі7,42 Mb.
#2777
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   27

«Өзiн де, жауын да жетiк бiлгендер үнемi жеңiске жетедi: тек өзiн ғана бiлгендер – бiрде жеңiп, бiрде жеңiледi, сөйтiп итжығыс түсiп жүредi, ал өзiн де, жауын да бiлмейтiндер ешқашанда жеңiске жетпейдi», – деп Кун-зы (Конфуций) ғұлама айтқандай, ұлтымыз қайтып өзгенiң алдында тiзе бүкпеуi үшiн өзiмiздi өзiмiз жетiк бiлiп, ұлттық тұтастық идеясына келуiмiз парыз.

Дәл қазiргi таңдағы ұлттың алдындағы басты мiндет осы. Соның iшiндегi ең бастысы: қазақ мемлекетiнiң үш түрлi тамырына тарихи көзқарасты қалыптастыру.

Бiрiншi, қазiргi қазақ ұлты ежелгi көшпелi мемлекеттiң заңды тұлғасы ма, жоқ па? Скиф, сақ, ғұн, түркi құрамаларының бiзге қандай қатысы бар. Егер мемлекеттiк негiзiмiздi одан бастамайтын болсақ, онда тарихымыздың өткенiн өз қолымызбен кесiп тастаймыз. Көне ассирия, грек, рим, мемлекетiндегi ұлт пен ұлысты дәл қазiргi сол жердi қоныстанған ұлттың туған бабасы деп ешкiм де кесiп айта алмайды. Бiрақ тарихи көзқарас бұған күмән келтiрмейдi. Демек, ертедегi көшпелi жұрттың тарихи жалғасының бiрi – қазақ ұлты. Ендеше, бүгiнгi қазақ мемлекеттiгiнiң негiзiн сол дәуiрден бастап, оның iшкi-сыртқы саясатын, әлеуметтiк тамырын, ұлттық сыпатын түйiндеп тұрып тұжырымдап, қазақ мемлекеттiгiнiң көне құрылымы ретiнде сенiмдi түрде сыпаттауымыз қажет.

Екiншi, түркi қағанатынан бастап «Алтын ордаға» дейiнгi тарихи оқиғалар тiкелей қазақ жерiнде өттi. Барлық саяси орталықтың кiндiгi қазақ жерi болды. Жайылған қанатын қайыра алмай қалған тұстарын ашып айтып, қандай қағанат пен хандық құрылса да, соның ұйытқысы қазақ жұрты болды деп, оны сол мемлекеттiң негiзi ретiнде ұстану керек. Өйтпесе, бiздi жалпы түркi тарихына қосқанымен де, мұндай кеңқолтық идеяны өз қандастарымыз пайдаланып кетуi әбден мүмкiн. Өйткенi осыдан он ғасыр бұрын бөлiнiп кеткен түрiктердiң қанжығасына ежелгi тарихымызды байлап берiп отырмыз. Өзбек пен татар тарихшыларының да бүгiнгi мемлекеттiң негiзi етiп өз ұлтын алуға ұмтылуы және оны жан-жақты заңдастырып жатқаны белгiлi болып отыр. Олар қазақ даласынан бөлiнiп кеткеннен кейiнгi өз тарихын жазсын, бiрақ жер мен суы, елi орынында қалған қазақ қауымына менменсiп қарамасын, қайта ата жұрты ретiнде сыйлай бiлсiн.

Мұндай көзқарастық менменсу қандастарымыздың арасында бар. Мысалы, маған Өзбекстанның әдеби-мәдени мұражайының негiзiн қалаған тарихшының бірi: «Шыңғыс хан Керуленге қайтқанда бiздiң жазуымыз басылған тастар мен ескерткiштердi, мәдени мұраларымызды өзiмен алып кетiптi. Олар жолда шашылып қалыпты. Соны бiзге қайырудың мүмкiндiгi бола ма екен?», – дедi қымсынбай. Мен:

«Сiздiң тарихыңыз қай тарих? Шыңғыс ханның қанжығасында бөктерiлiп кеткен жартастағы таңбалар мен жазулар ма, балбал тастар ма? Әлде, Тоныкөк пен Күлтегiн жазуын Тураннан қотарып әкетiп пе? Көшпелiлерде мәдениет, жазу болмаған дейсiз бе? Сонда, сiздiң мәдениетiңiз қай мәдениет. Әлде таяу шығыстан ҮІ- IХ ғасырда ауып келген тәжiктердiң мәдениетiн «Алтын ордадан» бөлiнiп шыққан өзбектерге телiп отырсыз ба? Бұл қай басыну, өзбектi ме, қазақты ма?», – деп қарбыта сөйлеп, бiраз қазып едiм, кешiрiм сұрап орнынан тұрып кеттi.

Менiң көне тарихтан аздап хабарым барлығын, оның iшiнде, өзбек тарихшыларының арасында шығыстық және түрiктiк көзқарасты ұстанатын қарама-қарсы екi тарихи ағым барлығын, шығыстың атын жамылып отырып, өзбек тарихы мен жерiн парсының құрамдас бөлiгi ретiнде қарайтын «тураншылрдың» тұжырымдарын бiлетiнiмдi аңғарғаннан кейiн шегiнiс жасады. Бiрақ ол адам iшiнен шындықты мойындамай кеттi.

Ендеше, өз тарихымызды өзiмiз кеспей, қазақ хандығы – әлгi үлкен қағанаттың ұйытқысы және мемлекеттiгiнiң негiзiн құраған мекендегi мұрагерi, Керей мен Қасым сол тарихи мемлекеттiң мәйегiн iрiтпей, батыс пен шығыстың ықпалынан, оларға сiңiп кетуден сақтау үшiн тарихи көшпелi отанның дәстүрлi салтын ұстанып қалды деп пiкiр түюiмiз қажет. Онсыз, тексiз ұлт боламыз да шығамыз.

Үшiншi, қазақ елiнiң отарлану тарихын толықтай талдап, қалай боданға түстi, өз еркiмен бе, жоқ па, соны жария етiп, Ұлттық Азаматтық Идеяны орнықтыруымыз керек. Өйтпесе, ешқандай соғыссыз, тарихи келiсiмсiз, бопсадан қорқып ұлттық бостандығымызды Ресей патшасының қолына еркiмiзбен берген болып шығамыз. Бұл, қазақ ұлты құлдыққа өз еркiмен көндi, ежелден құл болуға бейiм ұлт едi, ұлттық тарихы жоқ қауым болатын деген емеуiрiндi растайды. Мұны, өзге емес, қандас түркi жұрттарының тарихшылары айтып жүр.



«Нағыз қателiк – түзетiлмеген қателiк», – деп Кун- зы айтқандай, бiз де қателiгiмiздi түзетуге тиiспiз.

Егер бодандықты өз еркiмiзбен қабылдасақ, онда жеке мемлекет, тәуелсiз ел болып өмiр сүруiмiздiң өзi заңсыз. Себебi: Тәуелсiздiкке ұмтылуымыз арқылы екi ел арасындағы тарихи келiсiмдi бұзған болып табыламыз. Онда Ресейден естiлiп жатқан:



«Қазақстан – ұлы империяның заңды құрамдас бөлiгi», – деген желеуге қарсы қояр уәж табылмай қалады.

Ең бастысы, мұны Азаматтық Мойындау, бас ұру деп бағалайды тарих. Ал қазақ ұлтының еркiндiк сүйген ел, ешкiмге құл болу үшiн жаратылмаған азат мемлекеттiң иесi екендiгi тарихи шындық.

Шындыққа қиянат жасағымыз келмесе, қабырғамызға батса да ашық айтып, ұлттың рухани мүддесiн жалған рулық, жүздiк, жеке тұлғаның мүддесiн көздейтiн ағайындық қылымсудан арылтуымыз парыз. Сонда ғана тәуелсiз мемлекеттiң өмiр сүруiн заңдастырамыз. Балтық жағалауындағы шағын мемлекеттер сияқты қазақ ұлтының да отарлануының заңсыз жүзеге асқанына төрткiл дүниенiң көзiн жеткiзу – тарихи мiндетiмiз...

Бұл – ұлттың ұлт ретiндегі қызыметiн, тарихтағы орынын, саяси құқын қалпына келтiруiмiздiң кепiлi және ұлттық идеяның негiзiн қалайды.

Демек, алға қарай дамуымыздың, тәуелсiздiгiмiздiң жолын аршып бередi.

Мұндай қасиеттi құндылық пен құқықты қалпына келтiмесек, тәуелдiлiктiң ықпалынан құтылмаймыз, өзiмiздi өзiмiз азат ұлт ретiнде сезiнбеймiз. Ортақ ұлттық идеяға жүгiнбеймiз.

Қазақ тарихына ортақ тарихи көзқарас қайдан болсын, ұлтымыздың Әлихан мен Ахметтен қалған зиялысының бiрi, жазушы ғалым Ахметов дегдардың өзi:

«Бiр кiсiнiң өмiрi iшiнде тарихымыз бес рет өзгертiлiп жазылса, одан қалай жөн тауып жүрерсiң!», – деп күйiнiп отырса.

Оның өзiнде де бұл тарих жаттың көзiмен жазылды. Ал олар қашанда империяның мүддесiн көздедi.



«Кавказ бен Орта Азиядағы оқиғалар Орта Шығыстағы ағылшын-орыс бәсекесiнiң тарихымен тығыз ұштастырылды... Бұрынғы концепцияларды қарауда керексiз асыра сiлтеушiлiктер орын алды: мысалы, патшаның отаршылдық саясаты жайлы немқұрайлы пiкiр айтылды. Орыстың қол астына қараудан зардап аз деген қорытынды шығару үшiн: «шығыс халықтары түгелдей патша империясына өз еркiмен қосылған», – деп пайымдалды» (Н. Дружинин).

Қазақтың ұлттық құқын қорғаған осы идеяны жанашырлары академик Панкратованың айналасына топтасты. Iле осылдардың iшiндегi сол ұлттың жалғыз өкiлi Е.Бекмаханов итжеккенге айдалды. Ал содан, он жыл бұрын ұлтының тарихы туралы тұтастық идеясын қалыптастыруға ұмтылған Санжар Асфендияров:



«Әлi күнге дейiн қалың оқырманға арнап буржуазиялық (отаршылдық деп түсiнiңiз – Т.Ж.) ертегiнi қайталап айтып, кiтап жазатындар да табылып қалады. Бiз А.Брискиннiң «Қазақтар»(«Московский робочий» 1931 ж.) деген кiтапшасын меңзеп отырмыз. Брискин «Қазақтар бодандықты өз еркiмен қабылдады», «қазақтарды алдаған – патша» деген аңызды қайталайды. Бұл – барып тұрған оңбағандық және өтiрiк, өйткенi орыс капитализмі – миллиондаған орыс шаруаларының сүйегi мен қанына малшынды, сондай-ақ бұрынғы Россия империясының құрамында болған миллиондаған еңбекшiлердiң де сүйегi мен қанына малшынды... Қазақтардың еркiмен қосылғандығы жайындағы ұлы державалық шовенистер мен ұлтшылдардың шығарған аңызын патшаның ұлығы Рычков көрсеткен деректер әшкерелеп бередi, бұл мәселе жөнiнде оны бұра тартып айып отыр деп ешкiмнiң аузы бара қоймас», – деп жазып едi.

Әрине, араға бiр жыл салып барып Асфендияровтың да көзiн құртты. Ал қазақ ұлтының Ұлттық Азаматтық Идеясын қалыптастырудағы жалғыз құрбан ол емес едi. Асфендияровтың «қазақтар орыстарға өз еркiмен қосылады» деген пiкiрдi – «оңбағандық, өтiрiк», «ұлы державалық шовинистер мен ұлтшылдардың шығарған аңызы» – деуi ақиқат шындық.



«Орыс халқының кеңiстiкке құмарлығы – оның рухының кеңдiгiнен туындайы», – деген пiкiрсымақтан қазақ ұлтының құлағы сарсыды.

Вогюэ деген француз саяхатшысының қол жазбасының мазмұны «Дала уәләйтiнiң газетiнде» жарияланады. Сондағы:



«...Каспий теңiзiнiң күншығыс жағында (қазақ даласына – Т. Ж.) жүзге жуық Тамбовтан келген мұжықтарға жолыққанын айтыпты. Ол әлгi мұжықтардан: «Отандарыңнан жырақ жүргендерiне қиналмайсыңдар ма?», – деп сұрапты. Мұжықтар қолдарымен күншығыс жақты сiлтеп: «Бiздiң отанымыз өзiмiзбен бiрге көшiп жүредi», – деп жауап бередi. Орыс халқына ғана тән, тек солардың өзiне ғана жарасатын бiр қасиетi бар: олар кез-келген жерде өзiнiң үйiнде жүргендей өздерiн емiн-еркiн сезiнедi. Орыс халқы отарлауға өте ептi. Керiсiнше, француздар мен ағылшындар өздерi жаулап алған жердегi ұлыстармен дөрекi сөйлесiп, менменсiп қарайды, олар билеп-төстеп, бұйрық берiп, өздерiне бас шұлғытуға тырысады, Алжир мен Индиядағы жайлар соған көз жеткiзедi, олар ешқашанда тағылармен тiл табысып, оларды түсiнуге не өзiн сыйлатып үйретуге тырыспайды. Орыс халқы бұған келгенде әккi. Мұндай бейiмдiлiк олардың бойында қалай қалыптасты, анықтау қиын, алайда бұл олардың қанына туа бiткен. Россияның Шығыстағы отарлау саясатының үлгiсi ретiнде Вогюэ мынадай мысал келтiредi», – деген сөзден-ақ әлгi пиғылды анық аңғарасың.

Бұл сөздерге қарағанда, орыстың мұжықтарының бұратана елге келуi – үлкен махаббаттың белгiсi сияқты. Тiптi, қымсынып отырған олар жоқ. Өйткенi, қазақтардың келiмсектерге құшағы ашық, елдiң өзi құл болуға дайын тұр екен-ау! Сонда «Алтын қақпаның кiлтiн» петрге ұстатқан өзiмiз болып шығамыз. Тiптi, «Алтын қақпаның кiлтiн» ұстатқан Петр емес, шоқынып кеткен өзiмiздiң қандастарымыз! Қазаққа денi дұрыс орыстың графтары мен княздары да, ханзадалары да бұйырмапты. Салпы етек көп тәржiмашының бiрiне елдiң еркiндiк тiзгiнiн берiп қоя берiппiз. Ол: Петербургта – Алексей Иванович Тевкелев атанған, қазақ даласына келгенде – Құтлұғмұхамед боп жүрген Тәуекелов деген шоқынды екен!

Неткен көмпiс ел едiк. Құдай-ау, сол кезде де әр тұста ұлт азаттық күресi жүрiп жатпап па едi. Жоңғарға қарсы ұлы шайқасты қайда қоямыз. Сондай ұлт өзiн-өзi құлдыққа байлап бере ме? Масқара!

Шоқынды Құтлұғмұхамед Тәуекелов өзiнiң мойнына түскен тағдырдың қарғыс қамытын қазаққа да кигiздi. Сөйтiп, тарихты жалған жолға салып жiбердi. Бiз болашағы жоқ, ұлттық идеясыз, ұлттық азаматтық намысы жоқ, Карл Ясперс айтқан:



«Тарихи дәстүрсiз, рухани танымдық негiзi салынбаған, алдынғы толқын ағалардың өсиетi ескерiлмеген, тек қана заман ауқымына бейiмделген құрғақ қағидаға құрылған» жалған тарихи жолмен жүрiп келемiз.

Ол ұлттық даму жолынан адастырып, жалған идеяға иландырып, ешқандай ертеңi жоқ тұйыққа әкеп тiрейдi. Қазақ ұлтының тарихи танымындағы жиi-жиi кездесiп тұратын тоқыраулар мен дағдарыстардың басты себебi осында. Ұлттық тарихи және танымдық жолы ұлы идеяға құрылуға тиiсті. Қандай қияметтi көрсе де әлгi Темiрқазықтан ауытқымауға мұқым ұлт боп бел бууы шарт. Ал тосын оқиғалар оның iлгерi жылжуын баяулатқанымен де, бағытын, iшкi алтын өзектi идеясын сақтап, iлгерi жылжи беруi керек. Мiне, қалыптасқан ұлттың тарихи жолы деген сол. Ал, шоқынды тәржiмашы Тәуекелов салып берген жол – қазақ ұлтының жүретiн жолы емес. Ол – шиыр! Шиыр болғанда да, ешқашан құтылмайтын, одан шыға алмайтын жылым! Басыбайлылықтың батпағы. Ұлттың тағдырын ең алдымен осы ластан тазартуымыз парыз. Онсыз қазақ тарихы өзiнiң күретамырлы даму жолына түспейдi.

Әрине, зиялы дегдар Ғалым Ахмедов дәл көрсеткеніндей, империяның отарлауы мен дiни жиhангерлiкке ерте ме, кеш пе, қазақ хандығы да ұшырар едi. Ағылшынның ба, Ресейдiң бе, Жапонның ба, мәселе онда емес, әйтеуiр бiр елге бодан болары тарихи шындық. Бiрақ, сол бодандық қалай жүзеге асты, бағындырушы және бағынушы екi мемлекеттiң арасындағы келiсiм қандай дәрежеде өттi? Бiр мемлект екiншi мемлекетке қандай талап қойды, қандай мәмілеге келдi, ашық майданда өткен шайқастардың мән-маңызы қандай, жеңiлген елдiң өзiн құртып алмас үшiн ерiксiз көнген уақыттың уәжi ме? Кейiн сол шарттың баптары бұзылды ма, бұзылса – қалай бұзылды, қай жақ бұзды, оның зардаптары қандай, қай жақ уағдасына тұрмады? Жаңағы Ясперс көрсеткен үш шарттың қайсысы ескерiлмедi? Ол шарт тең дәрежеде жасалған келiсiм бе едi, жоқ зорлықпен мәжбүр еттi ме? Бодандық шартының мемлекеттiк дәрежесi қандай деңгейде өттi? Қолбасшылардың арасында ма, мәмілегрлердiң арасында ма, патша мен ханның, яғни мемлекет басшыларының арасында ма? Осының қайсысы заңды?

Мұндай сұраққа бiз әлi жауап бергемiз жоқ.



Әкенiң келiсiмiсiз баланың мал мүлiкке иелiк ете алмайтыны сияқты, елдiң иесiнсiз кiм көрiнгеннiң берген уәдесi мен басқан мөрi мемлекеттiк кепiлдiкке жарамайды. Ендеше, қазақ халқының Ресейге бодан болуы қандай мемлекеттiк дәрежеде өттi? Тепе-тең келiсiм бе? Оған ұлттық ұйғарымға келген азаматтық, ұлттық идея негiз қалады ма? Бұл жөнiнде пiкiр тұтастығы жоқ. Халықтың тағдыры «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап жатқан кезде қазақтың сорына қарай пайда болған «үш жүздiк» құрылым ақыры сол ұлттық тұтастықтың тамырына балта шапты. Бодандық туралы тарихи көзқарасымыз үш түрлi сылтау себепке құрылды. Әңгiме бейне бiр өзара одақтастық уағдаға ғана бiрiккен үш мемлекет туралы болып отырған сияқты. Кенесары хан өзiнiң Николай патшаға қаратыла жазған хатында Абылайдың жүргiзген саясаты мен шартына тең дәрежедегi келiсiм ретiнде қарайды. Тек экономикалық байланыс жөнiндегi баптарды ғана мойындайды да, ел мен жердiң бостандығын қазақ елiнiң шешетiн мәселесi деп түсiнедi. Ол өзiнiң хатында мұны:

«Долгов мырза сiздiң құзырлы хатыңызды бiзге Қарақұмның қойнауындағы Үшөзек деген жерде отырғанымызда табыс еттi. Бұл хаттың мазмұнын бiз түсiндiк және риза болдық, бiрақ та осының iшiнде бiз орындай алмайтын және ақылымызға симайтын бiр мәселенi жүзеге асыруға жарлық берiпсiз. Бұл мәселе жөнiнде тура жауап беруге император ағзамның ашуынан сескенiп, жүрегiм тiтiркенедi, алайда сiзге үлкен бастық ретiнде түсiндiрмеске лажым жоқ, сол үшiн де бiзге жек көрiнiшпен қарайтыныңызды да бiлемiн. Бұл мәселенiң негiзi мынадай:

Сiздiң хатыңызда мынадай сөз бар: «Патшаның жүрегi тек бiр алланың қолында ғана болғандықтан, алланың жарлығына көнiп басыңызды жерге тигiзiп, құдайға құлшылық етуiңiз керек, сұлтан мырза, өйткенi бiздiң патша ағзамымыздың осы жарлығында қандай құдiреттi күш бар екенiн «Құранның» аят-сүресiнен оқып бiлiп, ойланыңызшы: осында жазылған жайларды сiз орындауға мiндеттi екенiңiздi және соны мойныңызға аманат ретiнде алуға парыздар екенiңiздi шын дiндар есебiнде сiз мойындарсыз! Сiз ең алдымен құдайға, содан кейiн сол құдайдың елшiсi – патша ағзамға және сол ағзам бекiткен әкiмшiлiкке бағынуға тиiссiз. Өйткенi, Пайғамбардың өзi: «Сендер патша мен әкiмдерге сөзсiз бағынуларың керек» деп өсиет қалдырған», – депсiз

Сiз мұны өте дұрыс жазып отырсыз, мұнда ешқандай жалғандық жоқ. Бiрақ та, Алла өзiнiң құлдарына жеке-жеке пайғамбарлар жiберiп, оларға әр түрлi дiни жол ұсынды. Әр пайғамбар өзiнiң дәргейiндегi халыққа лайықтап заң жасады. Кiмде-кiм өзi жiберген пайғамбарлардың жазған заңына қарсы келсе, өзiнiң ұлысын билеп отырған әкiмнiң айтқанын орындамаса, онда бiздiң қасиеттi кiтабiмiзда жазылғанындай, ол адам ерте ме, кеш пе, әйтеуiр алланың қарғысына ұшырауы тиiс.

Сiздер ғой қазiр бiздi өздерiңiздiң патшаларыңызға бодан бол және ол жiберген әкiмдерге бағын деп жарлық берiп отырсыздар: алайда осыларыңызды Алла-тағала қабыл қылар ма екен. Құдайдың өзi салып берген жолды тастап, басқа жолмен кеткен құлдарын жаратқан ием қолдай қояр ма екен! Сiздер үшiн де, бiздер үшiн де алла бiреу, тек дiни сенiмiмiз ғана басқа, сондықтан да бiздiң бодандығымызға көш және бағын дейсiздер, бiрақ та ойланыңыздаршы, бұларыңыз дәстүрге сай келе ме?

Егерде мен сiздердiң бодандықтарыңызға келiссем, онда Алланың тиымына қарсы әрекет iстеген боламын, мен Алланың қаhарынан қорқамын және мұсылманшылықтың жолынан тайғаныма қорланамын. Осының барлығын ойлай келiп: сiздер өзiнiң жеке басының қамы үшiн әкiмдердi алдап, сыртымен ғана бодан боп жүрген қазақ ордасының ақымақ сұлтандары мен билерінің сөзiн малданған екен-ау деген қорытынды жасадым. Шынымен-ақ сiздер әлгi сұлтандар мен билер: орданыңың билiгiне бойсынбайды, патшаның қызметiне шын берiлген және айтқанын бұлжытпай орындайды деп ойлайсыздар ма?

Бұған қоса мынаны мәлiмдеймiн: Ұлы Патша Императордың әкесi – Ақ Патша менiң марқұм әкем Абылай ханға үлкен еркiндiк бере отырып: әркiм өзiнiң елiн өзi билейдi, орыстар мен қазақтардың арасындағы өзара сауданы дамытады, ол үшiн сауда керуендерiне ешқандай кедергi жасалмайды, әркiм өзiне тиесiлi кәсiпшiлiкпен айналысады,– деген уағдаластыққа келген.

Сөйтiп, әркiм өз Әмiршiсiнiң қарауында бiраз уақыт тыныш өмiр сүрдi. Бiздiң әкемiз Абылай хан марқұм болған соң оның тағына Уәли сұлтан отырды. Бұл хан мен ұлы мәртебелi императордың тұсында халық ұзақ уақыт тыныштыққа бөлендi, ешкiм де қазақтардың жерiн басып алып, қысымшылық көрсетпедi, көшi-қонымыз жүретiн жердi ешкiм де саржалап өлшемедi, ол жерге ешкiм де бекiнiс салмады. Сол келiсiм марқұм әкесiнiң орынындағы қазiргi патша ағзамға өсиет ретiнде қалса да, Абылайға тиесiлi Жолдыөзек, Көкшетау, Қылшықты, Атбасар, Есiл-Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Жерайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Хаят пен Түңiлiктен Оралға дейiнгi аралыққа бекiнiстер қаптай салынды. Сонда патшаның әкесi жерiмiздi өлшеймiн десе – арқаны жетпедi ме, бекiнiс саламын десе – жер жетпедi ме, қысым жасаймын десе – күшi жетпедi ме, жоқ, керiсiнше мұның барлығы оның заң алдындағы әдiлеттiлiгiн көрсетедi. Қазiргi әкiмдер патшаның жаhангерлiк құдiретiн күшейту үшiн жерiмiздi өлшеп, бекiнiс салып жатыр, сөйтiп халқымыздың тыныштығын бұзды.

Бұл – болашағы жоқ әрекет, бүгiнгi күн үшiн де тиiмсiз.

Мынау жалғанда ешкiм де мәңгi жасамайды, мүмкiн шен-шекпен алып, даңқтан дәме ететiндер табылып қалар, алайда ешкiм де қулықпен патшаның күшiн асырып, бағын көтере алмайды, өйткенi осы екеуiнде де оған Алланың өзi ғана сыйлай алады. Жоғарыдағы жасалып отырған қысымшылықтар патша ағзамның назарына жетпеген сыңайлы. Мен бұл туралы оның сенген әкiмдерiне қаншама рет мәлiмдедiм, бiрақ та ешкiмен де жауап алмадым», – деп ашық жазады.

Мiне, мемлекет пен мемлекеттiң арасындағы мәміле осындай биiк дәрежеде және нақты уағдаластық бойынша жүргiзiлуi тиiс. Шарттың қай жерiн кiм бұзды, ол дер кезiнде көрсетiлiп, әуел бастағы қалпына қайта келтiрiлуi керек. Кенесары, Абылай қол қойған сол келiсiмнiң бұзылған жерлерiн бап-бабымен көрсетiп, Ақ патшаның антын оның мұрагерi бұзып отырғанын ескертедi. Мемлекеттiң iшкi бостандығына қол сұққандығы үшiн айыптайды. Егер бұл шарттар орындалмаса, онда оның өзi мемлекеттiң иесi әрi тақ мұрагерi ретiнде ашық күреске шығатынын мәлiмдейдi.

Заңды талап.

1916 жылғы көтерiлiстiң өзi де сол келiсiмнiң бұзылғандығы үшiн туды емес пе. М. Әуезовтiң «Қилы заманындағы» Жәмеңке мен Ұзақтың, Әубәкiрдiң атынан айтылатын «мүнәпiс те» осы. Олар:

«Егер Ақ патша ол шартымды бұзды десе, сертiмнен тайдым – деп қолқат берсiн. Онда басқаша сөйлесемiз. Ондай хат бермесе, бiзге көрсетiп отырғаны заңсыздық», – деген уәж айтады.

Осынау халық даналарының санасы жеткен заңды талабына тарихшылардың зердесi жетпедi. Өйткенi, Абылайдың тұсында да, Уәлидiң тұсында да, Кенесарының кезiнде де, Жәмеңке мен Ұзақтың тұсында да Ресейдiң қазақ жерiн билеуi заңсыз едi. Азаматтық Мойынсынбауды Ұлттық Тұтастық дәрежесiне көтерiп, көркем шығарма арқылы ұран көтерген тұлға – Мұхтар Әуезов қана болды. Ал мұның заңсыз отарлану екенiн І Думада дәлелдеп, заң жүзiнде әшкерелеген Әлихан Бөкейханов болатын.

Демек, қазақ ұлты Ресейге өз еркiмен қосылған жоқ. Тек экономикалық одақтастық дәрежесiнде ғана уағдаластыққа қол қойылды. Ендеше, қазақ жерiнiң бодан болуы – заңсыз. Еркiмен қосылды деген – «өсек, оңбағандық» (Асфендияров). Ал Әбiлқайыр ханның бодандық туралы хатының ешқандай заңдық құқы жоқ. Жалған құжат. Сондықтан мойынсынуға жатпайды. Неге дейсiз ғой? Талдап көрейiк.

IІІ. «Алтын қақпаның кiлтiн» ұстатқан кiм?

Тарихқа төрелiк жүрмейдi. Өткен iс өттi. Санаңды сарқа сабылсаң да заман көшiн қаз-қалпына келтiре алмайсың. Аз дерекке жүгiнiп, көп құбылысты қамту да мүмкiн емес. Дүниенiң басы мен аяғына адам санасының көзi жеткен жоқ. Сондықтан да екi ұшына қолың жетпейтiн арқанды қолға ұстағандай боп дiлмарси ой қозғаудың да қажетi жоқ. Тарихтың қадым қатпарын қазбаламай-ақ, тұйыққа тiрейтiн жолды iздемей-ақ, қазiргiсiн қатпарлап алсақ та үлкен олжа. Оның үстiне жанға тиетiн, жаныңды жаралайтын тақырыпта нең бар?

Деп өзiңе-өзiң тоқтау салуға болады. Егер жеке басыңа қатысты болса бұған көнесiң, ондай уәжге тоқтайсың. Ал ұлтың туралы және оның тағдыры қақында, оның iшiнде ең бiр намысты тұсы жөнiнде әңгiме қозғалса ше? Онда: «Платон менiң досым, бiрақ шындық одан да қымбат» – деуге тура келедi. Өйткенi, бiздiң бүгiнгi жасалып жатқан тарихымыз – ертеңгi қоғамның кескiн-келбетi, өткен заманның кесiп пiшiлген өлшемi болып табылады. Бүгiнгi тарихты санамызға терең сiңiру үшiн де кешегi күндi жадымызда жаңғыртуға тиiспiз. Себебі, «Тарихтың мәнi мен мiндетi» туралы толғаған ғұлама Карл Ясперстiң пiкiрiнше:





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   27




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет