У. А. Ажіғалиева Болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптастыру


Болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда халық педагогикасы құралдарының мүмкіндіктері



бет2/7
Дата25.08.2017
өлшемі2,15 Mb.
#25762
1   2   3   4   5   6   7

1.2 Болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда халық педагогикасы құралдарының мүмкіндіктері

Қоғам талабына сай білім мен тәрбие беру деңгейін көтеру, жеке тұлғаны тәрбиелеу, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар даярлауда халықтық педагогика мұраларын пайдалану мәселелері жоғары мемлекеттік құжаттарда арнайы бірнеше рет қаралып, жан-жақты сөз болды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-мәдени дамуының тұжырымдамасында «Тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-мәдени даму жолы дегеніміз – ең алдымен адамзат құндылықтарына баса назар аудару, прогресшіл халық дәстүрлері мен әдет-ғұрыпының толымды түлеуі, гуманитарлық ғылымдарға, өнерге, халықтардың моральдық байлықтарына қайтып оралу, мәдениеттің барлық салаларында ұлттық даралықты сақтау, барлық ұлттың мәдениетінің қазыналары мен дербестігін мойындау», – деп атап көрсетілген болатын [176].

Әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік құндылықтары қалыптасқан халқымыз осы асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл-парасатына азық ете білу үшін, әрбір тәрбиеші, мұғалім халық педагогикасын, сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар, өзінің бойына адамдық құндылықтарды терең сіңірген, рухани таза адам болуы шарт. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез-құлқы жетілген саналы адам қалыптасады. Жетілген мінез-құлық – бұл үш нәрсенің: жүректің, ақылдың және қолдың бірлігі мен келісімі. Егер оқушы өзінің жүрегін тыңдауға үйренсе және табиғатына сай үйлесімді дамыған жағдайда ғана, ол өмірден өз орнын табады. Бұл мақсатқа деонтологиялық даярлығы халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптасқан мұғалімдердің қатысуымен қол жеткізуге болады.

Қазақтың халықтық педагогикасын бүгінгі күннің проблемасы деп қарауға болмайды. Бұған түрлі тарихи кезеңдерде ұрпақ тәрбиесінің құралы ретінде ерекше мән берілген. Ойшылдар Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари т.б., ағартушылар Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев қазақ зиялылары Ж. Аймауытов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев т.б. еңбектерінен де халықтың бала тәрбиесі жөніндегі тәлім-тәрбиелік тәжірибелерін, ауызекі халық шығармашылығын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ұрпақ тәрбиесінде пайдалану туралы айтқан идеяларынан көруге болады [66; 67; 9; 12; 71; 10; 11; 72].


1 – кесте Ойшыл-данышпандар, қазақ зиялылары еңбектеріндегі болашақ мұғалімдерді басты адами қасиеттерге тәрбиелейтін негіздер



Ойшыл-данышпандар еңбектері

Олардың еңбектеріндегі мұғалімнің деонтология талабына сай қабілет-қасиеттер

1

2

Әл-Фараби Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы: Ғылым. 1975ж.

  • халыққа адал қызмет ету

  • алғыр, аңғарымпаз ақыл иесі болуы

  • тілмарлық

  • қанағатшыл

  • ар-намысты ардақтайтын жаны асқақ болуы

  • батыл, шешімпаздық







Ж. Баласағұни «Құтты білік». Алматы. Жазушы, 1987ж.

  • ақ жолды кесіп өтпеу

  • өтіріктен сақтанып, шын сөйлеу

  • ақыл-парасатқа тоқ болу

  • адамдарға дөрекілік жасамау

  • артық сөйлеуден жасқану

  • шынайы ілімге ынтық болу







М. Қашқари «Диуани лұғат ат-түрк». Алматы. Ана тілі, 1993ж.

  • рахымшыл болу, менмен болмау

  • іс істерде асығып, аптықпау

  • қиындыққа қарсы тұра білу

  • жомарттылық танытып, сый сияпат көрсету

  • кішіге қамқор, үлкенге ізет ете білу










1 – кестенің жалғасы


1

2

А. Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық жинағы. Алматы, Ғылым. 1977ж.

  • талапшылдық, еңбекқорлық

  • ғылым-білімді сүю

  • естігенді есте сақтау

  • көргеннен үлгі өнеге алу

  • ұстамды, шыдамды болу

  • өсек-өтірік, ғайбат сөздерден аулақ болу




Ы. Алтынсарин.

Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1990ж.



  • білім, оқу

  • тазалық

  • сезімділік, жылылық

  • жинақылық

  • түсінушілік

Міржақып Дулатов

«Оян, қазақ!» – Алматы: Алтын Орда, 1991ж.



  • зерделілік, зеректік

  • борышты ақтау

  • талаптылық, еңбек сүйгіштік

  • ұқыптылық, жинақылық

  • мәдениеттілік, байқағыштық

  • қамқорлық, дұрыс тәрбие беру т.с.с.

Ш. Құдайбердиев

«Үш анық еңбегі». Алматы: Қазақстан. 1991ж.



  • адам адамға дос (құрбы, ата, бауыр, ұстаз т.б.)

  • адам естілігі – көп білгенде

  • адам биіктігі – ақыл, ғылым, ар мінез

  • ақыл мен ой

  • сенім мен махаббат

  • ақиқат, жүрек, жылу (үш анық т.б

А. Байтұрсынов

Шығармалары.-Алматы: Жазушы, 1989ж.



  • тән саулығы – тамырда

  • жанның саулығы – тәнде

  • ізгілік нұры жан мен тәнде

  • жан мен тән тазалығы алдындағы пәктік т.б.

Х. Досмұхамедов

«Аламан». – Алматы: Ана тілі, 1991ж.



  • ұқыптылық

  • үнемділік, жинақылық

  • жан саулығына, тән саулығына зиян келтірмеу

  • парыздылық

  • мейірімділік

М. Жұмабаев

«Сауатты бол», «Педагогика» оқулықтары



  • дене, ақыл, сұлулық, құлық

  • жан мен дене байланысы

  • ақыл, сезім, қайрат

  • күш, қуат, ақыл, ой-дене тәрбиесі

2 – кесте Заманауи ғалым-педагогтар еңбектеріндегі болашақ мұғалімдерді деонтологиялық қасиеттерге тәрбиелейтін негіздер





Ғалым-педагогтар еңбектері

Еңбектеріндегі мұғалімнің деонтология талабына сай қабілет, қасиеттері

1

2

Қ.Б. Жарықбаев

«Аталар сөзі - ақылдың көзі». Алматы. Қазақстан, 1980.



  • тоқтамға келгіштік

  • табандылық

  • ұстамдылық

  • тәртіптілік

- сөз бен істе әділ болу

Ж. Наурызбаев «Ұлттық мектептің ұлы мұраты». Алматы. Ана тілі, 1995ж.

  • мәдениетті тұлға

  • өнегелілік

  • икемделгіш

  • жанашыр

- мәрттік (адамдарды жатсынбау)

С.А. Ұзақбаева

«Тамыры терең тәрбие». Алматы. Білім, 1995ж.



  • ізгілік, ізеттілік

  • әсемдік, әдемілік

  • шеберлік, алғырлық

  • салауаттылық

Ғ.М. Кертаева

«Рахат» мектебі: жаңа ғасырға жаңа мектеп. Павлодар, 2006.



  • кәсіби парыздылық

  • сүйіспеншілік

  • зиян келтірмеу

  • адамгершілік

  • эмпатия

Е.Ө. Жұматаева

«Этнопедагогика»

оқу құралы. Павлодар, 2004ж.


  • Шешендік

  • тапқырлық

  • кемелденген адам

  • батылдық

  • өнер-білімге құмар болу

Ж. Асанов «Тәлім-тәрбиенің ұлттық негіздері». Оқу бағдарламасы // Қазақстан мектебі, 1995. №6

  • сабырлылық

  • қамқорлық

  • достық, жолдастық

  • балажандылық

  • сүйіспеншілік

  • таза ниеттілік

Қ. Бөлеев «Мұғалім және ұлттық тәрбие». Алматы. Нұрлы әлем. 2000ж.

  • ұлтжандылық

  • мақсаттылық

  • ғылым-білімге деген талпыныс

  • ұстамдылық

  • әділдік, парасаттылық

- сөз, тіл өнерін меңгеру

Халық педагогикасы, этнопедагогика саласы бойынша 70-90 жылдар аралығында Е. С. Асылханов, М. Х. Балтабаев, А. Х. Мұхамбаев, М. Танекеев, Ж. М. Төлегенов, И. Оршыбеков т.б. ғалымдардың ғылыми-педагогикалық зерттеу жұмыстары жарық көрсе, 90-жылдардан бастап бұл проблемаға баса көңіл бөлініп, кандидаттық диссертациялардың Ұ. М. Әбдіғапарова, Б.Н. Әлмұхамбетов, Б. М. Досқараев, Т. Ш. Қуанышев, А. Қ. Қисымова, Б. Ж. Мұқанова, Г. Р. Бахтиярова білім беру саласындағы болашақ мамандардың парызы мен қарызына бағымдауларын қозғаушы күш болды [97; 28; 98; 99; 100; 101; 102; 103; 104; 105; 106; 107; 108].

Қазақ халқының педагогикалық ойларының тарихи қалыптасуы мен дамуы жөнінде Қ. Б. Жарықбаевтың, халықтық педагогикадағы эстетикалық тәрбие туралы С. А. Ұзақбаеваның, қазақ халық педагогикасының ғылыми-педагогикалық негізі жайында С. Қ. Қалиевтің, этностық-мәдени білім берудің ғылыми-педагогикалық негізін зерттеген Ж. Ж. Наурызбайдың және қазақ этнопедагогикасының теориялық-әдіснамалық негіздері туралы проблемеларды қарастырған К. Ж. Қожахметованың еңбектері жарық көрді [31; 39; 33; 36; 34].

Ал, орыс педагогикасының таңдаулы өкілдері К. Д. Ушинский, Л. Н. Толстой, революционер-демократтар В. Г. Белинский, Н. А. Добролюбов, Н. Г. Чернышевский т.б. халықтың педагогикалық тәжірибелері мен тәрбие жөніндегі көзқарастарына зор ықыласпен ден қойып, халық даналығын педагогикалық білімдердің сарқылмас бұлағы, негізгі көзі деп бағалаған [7; 109; 110; 111; 112].

К. Д. Ушинский халықтық тәрбие үдерісіне ерекше көңіл бөліп, жеке тұлғаның қалыптасып, дамуында халықтық педагогиканың маңызды орын алатындығына аса мән берген. Оның пікірінше, халықтық дегеніміз халықтың «менін» сақтауға және оның қоғам өмірінің барлық салаларын дамытуға, жәрдемдесуге ұмтылысы болып табылады. К. Д. Ушинский еңбектерінен өзінің бүкіл педагогикалық теориясында халықтық принципті ұстанғаны анық аңғарылады.

Халықтық педагогиканың озық идеялары мен тәжірибелерінің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы мен тәрбиелік мүмкіндіктерін жан-жақты зерттеуде ТМД елдері ғалым-педагогтары Г. С. Виноградов, А. Ф. Хинтибидзе, Г. Н. Волков, А. Э. Измайлов, Е. Л. Христова, А. Ш. Гашимов, В. Ф. Афанасьев, Ю. А. Рудь, Ш. А. Мирзоев және т.б. еңбектерін ерекше атауға болады [113; 114; 30; 115; 116; 117; 118; 119;120].

Көрнекті ғалым, педагогика ғылымының докторы Қ. Б. Жарықбаев халықтық педагогиканың көкейкесті мәселелері жайында, тәлім-тәрбие турасында ой-пікірлерге талдау жасап, ұлттық педагогика мен психологияның қалыптасып дамуын және халқымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі әдіс-тәсілдері мен құралдарын қазіргі кезеңдегі оқыту процесімен байланыстыра қарастырып «этнопедагогика», «этнопсихология», «халықтық педагогика» терминдерінің мән-мағынасына тоқталады.

«Этнос» гректің – etnos – тайпа, халық деген сөзінен шыққан. Этностардың шығу тегін ғылыми-методологиялық тұрғыдан терең зерттеп, тұңғыш рет өз еңбегін жазған атақты ғалым Лев Гумилев болды. Ол «этнос дегеніміз – жер бетіндегі белгілі бір тіршілік аймағы мен әлеуметтік ортаның бірлігінде жатқан салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылық кәсібі, мінез-құлқы, тілі мен мәдени мұрасы бір халықтар тобы» [121] – деп анықтама береді. Біз осы анықтаманы басшылыққа аламыз.

Этнопедагогика дегеніміз – ұлттар мен ұлыстардың әлденеше ғасырға созылған ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық салт-дәстүрлері мен мәдени ойлау процесінің озық үлгілерінің жиынтығы. Этнопедагогиканың пәні – халықтық педагогика, халықтық тәрбие, ал мәні – үш қасиеттен: ұлттың сақталу педагогикасы, тәрбиенің даналығы және жалпыға бірдей сүйіспеншілік педагогикасынан тұрады.

Қазақ халық педагогикасы мен этнопедагогикасының қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосқан белгілі ғалымдар С. А. Ұзақбаева мен К. Ж. Қожахметова этнопедагогика құралдары ретінде ауызекі халық шығармашылығын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді, т.с.с. бөліп көрсетеді [122, 22].

Этнопедагогиканың ғылымдық мәнін ашуда С. Қалиевтің еңбегі ерекше. Автор қазақ этносының пайда болу тарихын, халық тәлімінің тарихи дамуын, қазақ этнопедагогикасының ғылыми-теориялық мәселелері мен оның бастау көзін, қалыптасуы мен даму кезеңдерін көрсете келе, этнопедагогиканы фольклорлық шығармалар мен салт-дәстүрлердің тәлім-тәрбиелік мән-мағынасын, оны оқу тәрбие жүйесінде қолданудың әдіс-тәсілдерін зерттейтін педагогика ғылымының бір саласы деп түсіндіреді. Автор этнопедагогика құралдарына салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, халық ауыз әдебиетін, ұлттық ойындарды, шешендік сөздерді, ырымдарды, этикалық, педагогикалық ой-пікірлер мен идеяларды жатқызады [33, 64]. Сонымен бірге ғалым болашақ мұғалім даярлауда халықтық педагогиканың алатын орны туралы мынадай ой тұжырымдайды: «Кез келген халықтың адамгершілік-рухани өмірінің барлық кезеңінде халықтық педагогика үлгілері бай және әр алуан, өйткені ол сан түрлі этникалық ұлыстардың мыңдаған жылғы тәжірибесімен жасалған педагогикалық мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылады». Мұның өзі болашақ педагог даярлаудағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәжірибесінің педагогикалық мәдениеттің бір бөлігі ретінде халық педагогикасы құралдары болып табылатынын дәлелдейді.

Қ. Ж. Қожахметованың докторлық диссертациясында Қазақстанның бірқатар университеттерінде автордың «Қазақ этнопедагогикасы» курсының бағдарламасы (қосалқы авторы С. А. Ұзақбаева) бойынша студенттер этнопедагогикалық дайындықтан өткізіліп, олардың этнопедагогикалық даярлық деңгейлері анықталған. Профессор Қ. Ж. Қожахметова мектеп мұғалімдері мен болашақ мұғалімдерге этнопедагогикалық білім беру мақсатында бірнеше ғылыми, оқу-әдістемелік оқу құралдарын шығарды [122, 141]. Автордың «Мектептің ұлттық тәрбие жүйесі» атты оқу құралында бүгінгі таңда ұлттық мәдениеттің, әдебиеттің, тілдің, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің тағдыры мен болашағы мектептегі жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруге байланысты екені, ұлттық тәрбие туралы түрлі кезеңдердегі ағартушылар мен ғалым-педагогтардың мектептегі ұлттық тәрбиенің маңызы туралы және қазақ халқының зиялы азаматтарының ұлттық мектеп пен тәрбие туралы ой-пікірлерімен дәлелденген.

Тұңғыш рет Чуваш халқының көрнекті ғалымы, халық педагогикасымен ұзақ жылдар бойы айналысып келе жатқан Г. Н. Волков «этнопедагогика» деген ұғымды енгізді. «Этнопедагогика – халықтың жас ұрпақты тәрбиелеу тәжірибесі туралы ғылым… Халық педагогикасы – халықтың ауыз әдебиетінде, салт-дәстүрінде, әдет-ғұрпында, ырымында, ұлттық ойындарда мәңгі қалған педагогикалық мағлұматтар мен тәрбиелеу тәжірибесінің жиынтығы. Халық педагогикасы – халыққа қажет қасиеттерді қалыптастыру үшін пайдаланатын педагогикалық мақсаттың, міндеттердің, әдіс-құралдардың, тәсілдердің жиынтығы мен өзара байланысы», – дей келе, «… бұл білім мен мағлұматтар әдетте ауызша таралады. Оның зерттеу тақырыбы – тәрбие, ал тәрбие объектісі – адам, тұлға» - деп Г.Н. Волков ой-тұжырым жасайды [30]. Оның анықтамасы бойынша, егер халықтық педагогика тәжірибеге және оның сипатына қатысты болса, этнопедагогика – теориялық ой саласы болып саналады.

Біз өз жұмысымызда «халықтық педагогика» ұғымына берілген анықтамаларға мазмұн жағынан айқындауды жөн көрдік. (3-кесте)

3 – кесте «Халықтық педагогика» ұғымына берілген анықтамалар





Авторлардың аты-жөні

«Халықтық педагогика» ұғымына берілген анықтаманың мазмұндары

1

2

3

1

Волков Г. Н.

«халықтық педагогика дегеніміз – жеке адам санасын халықтық ұғым түсінігіне сай дамыту мақсатында халық қолданған тәрбиелеу мен оқыту, педагогикалық дағдылар мен тәсілдер мақсаттарының жиынтығы және өзара байланысы», «ол тәрбие мәселелері жөніндегі эмпирикалық мәліметтер мен білімдер жиынтығы», «ол ауызша тарайды және өзіне жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу жөніндегі халықтың практикалық қызметін қамтиды».

2

Афанасьев

В. Ф.


«... балалардың және халықтың өзінің күнделікті өмірі үшін қажетті білімдерді меңгеруін қамтамасыз еткен және қамтамасыз етіп келе жатқан халық білімдерінің жиыны халықтық педагогиканың мәнін құрайды»

3

Гашимов А. Ш.

«кең мағынасында алғанда халықтың тәрбие мәселелері жөніндегі көзқарастарының, идеяларының, әдет-ғұрыптарының, дәстүрлерінің жиынтығы. Оның нысанасы – тәрбие, ал тәрбие объектісі – адам».

4

Измаилов А. Э.

«...халықтың тарихи және әлеуметтік тәжірибесінің өнім ретінде көбіне ауызекі түрде ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келген, жинақталған және тәжірибеде тексерілген эмпирикалық білімдердің, мәліметтердің, іскерліктер мен дағдылардың жиынтығы...»

5

Виноградов

Г. С.


«...халықтың педагогикалық мәдениетінің құрамдас бөлігі, ...білім мен дағдылар жиынтығы».

6

Қалиев С. Қ.

«...ұлттар мен ұлыстардың ұрпақ тәрбиелеудегі әлденеше ғасырға созылған ұлттық әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерінің, мәдени ойлау жүйесінің эмпирикалық негіздегі озық үлгілерінің жиынтығы».

7

Ұзақбаева

С. А.


«...тәрбие мен оқыту саласындағы халықтың білімдерінің, іскерліктерінің, дағдыларының жиынтығы, солардың негізінде ұрпақтан-ұрпаққа халық шығармашылығы арқылы беріліп отыратын әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер қалыптасқан. Халықтық педагогиканың мақсаты – ата-бабалар тәжірибесінің ең жақсы мұраттарын бойына сіңірген рухани бай ұрпақты тәрбиелеу».










8

Жарықбаев

Қ. Б.


«...тәлім-тәрбиелік ой-пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы».

9

Төлеубекова Р

Жұматаева Е



«...тәрбиенің бастауы және қайнар бұлағы, тәрбие жөніндегі халықтың білімі мен тәжірибесі».

Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болуы, қазақ тілінің мемлекеттік тіл құқына көтерілуі, білім беру және мемлекеттік жастар саясаты туралы заңдардың қабылдануы тәрбие мәселесіне жаңаша қарауды талап етеді. Өкінішке орай, көлеңкелі іс-әрекетімен қоғамқа жат қылықтардың жастарымыздың бойынан жиі көрінуі ұлттық тәлім-тәрбиенің дұрыс жүргізілмеуінен туындап отырған құбылыстар. Осылардан құтылудың негізгі жолы – уақыт тезінен өткен ұрпақ тәрбиесінің пәрменді құралы - халықтық педагогика.

Халық педагогикасын оқыту арқылы жас ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беретін мамандар даярлай отырып, егемен еліміздің мәдениетті, еңбекшіл де іскер, бойында халықтық білімге негізделген парыздылық қасиеттері жоғары қалыптасқан «сегіз қырлы бір сырлы» ұстаз тәрбиелеу – бүгінгі таңдағы басты міндет.

Зерттеуші-ғалым С. Қалиев халық педагогикасының негізгі қағидаларын былай жіктейді [33, 62]:

1. Келер ұрпақтың ақылды, намысқор, арлы, өміршең азамат болуын тілеу. Жас нәрестенің дүниеге келуі ата-ана, ағайын-туыс, қауым-көпшілікке зор қуаныш әкелумен бірге, борыш та жүктей келеді. Дәлірек айтсақ, ұрпақты тәрбиелейтін халық мектебінің есігі сәбидің алғаш дүниеге келген күнінен бастап айқара ашылады. Ол белгілі мақсат-тілекпен байланысты туындайды.

2. Баланы жастайынан еңбексүйгіш, елгезек азамат етіп тәрбиелеу. Ол бесік жырлары мен тұсау кесер жырларынан, бата, тілек, терме өлеңдерден көкейкесті орын алған. Еңбек қағидаларын жастардың бойына сіңіру отбасындағы маңызды істерімен ұштасқан.

3. Халық педагогикасында «бірінші байлық - денсаулық» - деген ұғым өзекті орын алған. «Дені саудың жаны сау», «Ас - адамның арқауы», «Ауру астан» деп, рухани, материалдық байлықтың, тәрбиенің негізін жеке бастың, яғни тәннің саулығына байланысты қарастырған. Баланы туған күннен бастап тұзды сумен шомылдыру, маймен сылау, дене күтіміне ерекше мән беріп шынықтыру, мерзімінде жақсы ас беріп тамақтандыру мен ұйықтатудың бәрі тән саулығы үшін жасалған әрекеттер.

4. Халық педагогикасында адамгершілік қасиеттерді баланың бойына дамыту, ізгерлікке, имандылыққа, адамдыққа тәрбиелеу, ар-ожданды қастерлеу басты қағида болып есептелген. «Жаным – арымның садағасы» - деп, арды адамгершілік қасиетінің үлгісі ретінде санаған.

5. Гуманизм мен патриотизм - халықтық тәрбиенің басты қағидаларының бірі. «Отан от басынан басталады» деп, ұққан ата-бабамыз от басының, ананың, рудың, отанның намысын қорғауға, ауру, кемтарларға көмектесуді, басқа ұлт өкілдерін сыйлауға отбасы тәрбиесінің өзекті принциптері деп бағаланған. «Атаның баласы болма - адамның баласы бол», «Жақсы - көпке ортақ», «Ел үшін еңбек ет» деген өсиет тәрбиеден өзекті орын алған.

6. Елді, жерді қорғайтын еңбек ететін азамат болу үшін денені шынықтыру кажет. Халық педагогикасында «Шынықсаң шымыр боласың» деп ой қорытқан ата-бабамыз ұлттық ойынға жаттықтырып үйрету арқылы дене тәрбиесіне басты көңіл бөлген.

7. Тіршіліктің тұтқасы, өмірдің шамшырағы өнер мен ғылым деп түсінген халқымыз жастарға «Өнерлі өлмейді», «Білегі жуан бірді жығады, білімі жуан мыңды жығады», «Білім таусылмас кен, өнер өлмес мұра» дегенді насихаттап ертегі, өлең-жыр, мақал-мәтел, аңыз әңгімелер ұсынған.

8. Адам өмірі мәнгі табиғат құшағында өтетін болғандықтан, ата-бабамыз өз ұрпағын ағаш бесіктен жер бесікке жеткенше табиғи ортаны аялауға тәрбиелеп келген. Ол туралы әлденеше жұмбақ, өлең-жыр, ертегі, аңыздар шығарған.

Халықтық тәрбиенің аталған басты қағидаларының педагогика, педагогикалық деонтология, психология ғылымдарымен үндестігіне тоқталар болсақ:

1. Халық педагогикасында тәрбие ісін адамның жас ерекшелігін ескере отырып жүргізуді талап еткен. Мәселен, «Ұлыңа бес жасқа дейін патшадай қара, он бес жасқа дейін қосшындай сана, он бес жастан асқан соң ақылшы досыңдай бағала» деген мәтел баланы еркін тәрбиелеудің, көмекші деп үмітпен қараудың, ақылшым деп тең санаудың қажеттігін меңзейді. Ал, жантану ғылымының салаларына тоқталар болсақ, жас психологиясы – жантану ғылымының негізгі салаларының бірі. Оның зерттеу объектісі – адамның дүниеге келген күнінен бастап, қартайғанға дейінгі әртүрлі жас кезеңдеріндегі психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып тәрбиелеу.

2. Халық педагогикасында тәрбие ісін әр адамның жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескере отырып жүргізуді де ескертеді. «Бір биеден ала да туады, құла да туады», «Балаға үміт арту - әкенің парызы, ақтау - баланың қарызы» деп, ой түйіндеген. Жеке тұлғаның өзіндік ерекшеліктері және оның педагогикалық үдерісте ескерілуіне келер болсақ, әрбір оқушының танымдық іс-әрекетінің, ерік-жігерінің, мінезінің, жүріс-тұрысының тек өзіне ғана тән сапалық ерекшелігі болады. Жеке ерекшеліктерді есепке алу – бұл әрбір жеке тұлғаның қызығушылығын, бейімділігін, сапасын, қасиетін, талабын және мүмкіншілігін ескере отырып, өскелең ұрпақтың әлеуметтік қалыптасу процесінде сәтсіздіктер мен қателіктерді барынша кеміте отырып тәрбиелеуде педагогикалық құралдардың, әдістемелердің барлық түрлерін пайдалану. Тәрбиеленушінің жеке тұлғалық ерекшеліктерін есепке алу өте маңызды жағдай. Мұғалім бұл мәселеде шектен шығып кетпеуі керек, яғни, баланың мүмкіншілігін артық бағалауы да, ескермеуі де баланың жеке дамуына зиянын тигізеді. Бұл педагогикалық деонтология ғылымы бойынша ұстаздық кәсіптің ең негізгі мақсаттары: оқушының ден саулығын, жан саулығын сақтауды көздей отырып, оқушы тұлғасының жан-жақты дамуына жағдай жасау ұстанымына сай келеді.

3. Халық педагогикасы ұрпақ тәрбиесі туған, өскен ортасына, ата-ананың, отбасы үлкендерінің, ұстазының үлгісіне байланысты деп қараған. Мұғалімнің кәсібіне байланысты әлеуметтік, психологиялық қарым-қатынас аясына байланысты педагогикалық деонтологияның негізгі аспектілерінің бірегейі – мұғалім және ата-аналар (жанұя). Жанұя тәрбиесі туралы алғашқы педагогикалық түсініктер мен идеялар халық педагогикасында пайда болған. Педагогикалық ғылымның даму барысында жанұя тәрбиесінің мәселелері нақты ғылыми-теориялық және әдістемелік мазмұнға ие бола бастады. Жанұядағы тәрбиенің субъектілері – ата-ана мен бала, әлеуметтік мақсат, міндет, педагогикалық тәсілдер, әдістер. Осы элементтерді біріктіретін негіз – іс-әрекет. Ұстаз бен оқушы, бала мен ата-ана арасындағы сыйластық пен қалыпты қарым-қатынас тек бағыну мен бағындырумен шектелмейтіндігін, қайта баланың дербес өздігінен өмір сүруге дағдылануы керектігін педагогикалық деонтология ғылымы да қолдайды.

4. Халық педагогикасының тағы бір принципі - ұрпаққа үлкен талап қоя білуге, оның жеке басын қадірлеуге негізделген. Жастардың жіберген қателіктерін үлкендер дер кезінде бақылап, дұрыс жолға салуды мақұлдаған. «Ақырып айтқаннан ақылмен айтқан артық» деген мәтел тәрбиешінің жылы жүректі болуын, тапқырлық тәсілмен тәрбиелеуін көздейді. Осыған орай педагогикалық деонтологияда ең жауапты іс – тұлғааралық эмоционалды қарым-қатынас мәселесі. Педагогика негіздерін және педагогикалық деонтологияны терең меңгеру – мамандық тұрғысынан оқушыларға дамытушы әсер ететін психологиялық амалдарды зерттеп, қолдануға жол ашады. Мұғалім мен оқушылардың арасындағы нақты рухани, соның ішінде эмоционалды байланыс сауатты қарым-қатынастан байқалады. Баланың жан дүниесіне үңіле отырып, ұстаз оның жан-жақты даму жолын білуге тырысып, соған сәйкес әрекет етуге бағытталады. Оқушының мінезін, талап-тілегін, әуестігін, алға қойған мақсатын, көңіл-күйін білу ұстазға баланы жеке тұлға ретінде терең танып, оның жанына жайлы педагогикалық әсер етуге көмектеседі. «Балаға жақсы үлгі-өнеге көрсет, оны жаны мен тәніне келер қауіпті нәрселерден сақта», - дегені - ата-бабаларымыздың ойы мен тарихи тәжірибесінің асыл қорытындысы.

5. Шәкіртті тәрбиелеу, оқыту барысында ақыл-ойын дамыту - бүгінгі педагогиканың ең көкейкесті мәселелерінің бірі. Дамыта оқытып тәрбиелеу ісі асқақ арманмен байланысты. Осыны құптаған ата-бабамыз «Армансыз ұлан - қанатсыз қыран», «Арманы жоқтың пәрмені жоқ», деп, келешекті қиялдай білетін арманға, ой дербестігіне тәрбиелеуді мақсат еткен. Жаңа дәуірдің мектебі жаңаша өмірге лайық болу үшін жаңару үдерісіне бар ынтасымен бейімделуі қажет. Осы жаңалықтың бірі ұлттық ерекшелікке, ұлттық педагогикаға сүйене, уақыт ерекшелігін ескеріп, дамыта оқыту идеясын тәлім-тәрбие ісіне қолдану. Және бұл істе оқушы денсаулығына салмақ салмау үшін осының барлығын педагогикалық деонтология негізінде атқару қажет. Дамыта оқыту үрдісінде оқытушының басты міндеті өз тәрбиеленушісінің қасиеттері мен қабілеттерін зейін қоя зерделеу арқылы, басқаларға көрінбейтін оның ең жақсы рухани күштерін өмірге шығаруына жатады.

«Дамыту» деген сөздің анықтамасы психологиялық бағдарды білдіреді, яғни ол өзінің бағытталған ішкі ой-өрісі бар үрдісінде ықпал етуші, тәрбиеге өзінің көзқарасын ашып көрсетуші болып саналады [14, 112].

6. Халық педагогикасының негізгі принциптерінің бірі - тәрбиенің біртұтастығы. Халқымыз жас ұрпақты өмірге дайындап, «сегіз қырлы, бір сырлы», жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеу үшін бір мүмкіндікті сарқа пайдаланған. Кез келген тәрбие құрамына талдау жасасақ, тәрбиенің түрлері (еңбек, ақыл-ой, адамгершілік, әсемдік т.б.) іштей сабақтасып жатады. Оны бесік жырынан, бата тілектер мен терме-толғаулардан байқауға болады. Тәрбие ісін кешенде жүргізуді ғылыми-педагогикалық еңбектер де қуаттайды. Педагогикалық іс-әрекетте еңбек субъектісі мұғалім болады. Мұғалімнің еңбек құралдарының өзіндік сипаттары – ол оның білімі, білігі, тұлғалық қасиеттері. Осыған байланысты, білім «сананың біртұтас объектісі» болып есептелуі керек.

7. Тәрбие ісінің туғаннан өмір бойы үздіксіз жүргізілуін халық педагогикасы да, ғылыми педагогика да құптайды. Қазақ халқының да бала тәрбиесі жөнінде атам заманнан жиып-терген мол тәжірибесі бар. Халық өз бойындағы ең жақсы қасиеттерін жеткіншек ұрпаққа күнделікті тұрмыста үйретіп, оның бойына сіңіріп отырған. Ананың бесік жырынан басталатын қарым-қатынас, іс-әрекет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр – осылардың бәрі адамның дүниетанымын, сана сезімін, мінез-құлқын қалыптастыратын тәлімдік мұра.

8. Халық педагогикасы отбасы үлкендерінен бастап, ауыл ақсақалдары, өнер иелері түгел қатынасып ұжымдық тәрбие ісіне негізделген. Қазақ халқыңын бір керемет құдіреттілігі мен қуаттылығы олардың ұйымшылдығы мен бірлігінде болған. Бірлік-ынтымақ, ұйымшылдық - қай заманның адамына болса да қажетті ескермейтін қасиет. Сондықтан қазақ халқы қашаннан-ақ «Адам болсаң, қауым бол», «Ырыс алды - ынтымақ», «Саусақ бірікпей, ине де икемге келмейді», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп өздерінің ұрпақтарын татулыққа, достыққа шақырған. Ал, ұжымдық оқу-тәрбие ісін ұйымдастырудың педагогикалық-психологиялық мағынасы әрбір оқушыны іс-әрекет субъекті тәртібімен қамтамасыз етуде, оның өзін-өзі көрсетуіне көмектесуде. Орынды әдістемелік тұрғыда дұрыс ұйымдастырылған ұжымдық сипаттағы оқу іс-әрекеттері арқылы педагогикалық үдерістің қарама-қайшылықтарын шешуге, яғни әрбір оқушыны тұлға ретінде қалыптастырып дамытуға мүмкіндік жасайтыны сөзсіз.

Халық педагогикасының негізгі қағидаларын зерделей келе болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда пайдалану мүмкіндіктерін төмендегідей жіктедік:


  • оқушының жас ерекшеліктерін ескере отырып тәрбиелеу;

  • тәрбиеленушінің жеке тұлғалық ерекшеліктерін есепке алу;

  • ұстаз бен оқушы арасындағы сыйластықты сақтау;

  • оқушының жаны мен тәніне келер қауіпті нәрселерден сақтау үшін

мұғалімнің жылы жүректі болуы;

- шәкіртті тәрбиелеу, оқыту барысында ақыл-ойын дамыту;



  • тәрбиенің үздіскіз жүргізілуін, біртұтастылығын сақтау.

Ата-бабаларымыз ежелден өз ұрпағын жақсы адам, абзал азамат етіп тәрбиелеуді ерекше қастерлеп, мақсат тұтқан. Қай заманда болмасын жас ұрпақтың өнеге тұтар тәлім-тәрбиесі болатыны хақ. Егемен қазақ мемлекетінің болашақ ұрпақтарының сана-сезімін сонау ерте замандағы ата-бабалар жолымен сабақтастыра тәрбиелеу – қазіргі күннің ең өзекті мәселесі. Ұлтымызға тән асыл қасиеттерді, халық ұстанатын тәлім-тәрбиелік нормаларды жүйелі баяндап жас маманның бойына дарыту біздің зерттеуіміздің басты нысанасы болып табылады. Болашақ мұғалімдеріміздің бойында халқымыз ғасырлар бойы қастерлеп келген ар-намыс, ождан, парыз, борыш, имандылық, инабаттылық, кішіпейілділік, ата-мекеніне, еліне деген сүйіспеншілік сияқты асыл қасиеттерді тәрбиелеу – заман талабынан туындап отырған мәселе.

Болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың бірден-бір амалы ретінде біз халықтық педагогика құралдарын таңдаған себебіміз, бұл болашақ маманның өскен ортасына, ұлттық психологиялық ерекшеліктеріне, шыққан тегіне жақын, сондықтан басқа құралдарға қарағанда тиімді болып табылады.

Халықтық педагогика – өте бай, тарихи терең, тағылымдық мән мағынасы зор тәрбие құралы, қазақ халқының сан ғасырдан бері атадан балаға өлмес мирас, өмірлік мұра болып келе жатқан келер ұрпақты өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақталған тәжірибесі. Ол бір ұрпақтан екіншісіне ауысып, бірте-бірте қорланып, бай тәжірибемен кемелдене келе «халық айтса, қалт айтпайтын» кемшіліксіз, ақаусыз дәрежеге жеткен. Ізгілікке, кісілікке бастап, қоғамның моральдық принциптерімен іштей қабысып, үйлесім тауып жатады.

Ұлттық мектебімізге өз ісіне жан-тәнімен берілген талантты, толық қалыптасқан, тек қана өзі қалаған пәнін ғылыми-теориялық тұрғыдан өте терең игерумен қатар, педагогикалық технологияны асқан шеберлікпен жете игерген, моральдық санасы жоғары дамыған, имандылық, адамгершілік қасиеттерін басты парызы санайтын, халықтық педагогика қағидаларын бойына терең сіңірген, деонтологиялық даярлығы қалыптасқан тұлға (мұғалім) қажеттігі туындайды. Бұл іс еліміздің тәуелсіздігін алуына байланысты жаңа мазмұнға ие болды.

«Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», - деп ұлы Абай өте орынды айтқан. Барлық ұлттардағы секілді, қазақтардың халықтық педагогикасының да өзіне тән ерекшеліктері, өзіндік нақыш-белгілері, қолтаңбасы бар. Көне замандарда-ақ халықтың көркем шығармашылығының белгілі үлгілерін дүниеге келтірген өкілдері – білгір педагогтар, тәрбиешілер, ұстаздар болған, мұны халық фольклорының бастау көздері айғақтайды. Өз көзқарастары мен қызметінде олар халық тәрбиесі туралы белгілі бір дәстүрлі дүниетанымды ұстанып, халықтың мұраты мен арман-тілектеріне сүйеніп отырған. Өздерінің педагогикалық ой-пікірлері мен нақты іс-әрекеттерін олар да, сондай-ақ олардың замандастары мен ізбасарлары да жазбаша қалдырмаған. Бірақ олардың педагогикалық мұрасы бір ұрпақтан екінші ұрпаққа беріліп, үздіксіз дами отырып, халықтық педагогика қазынасына қосылып отырды [33].

Қазақ халқының педагогикалық ойларының тарихи қалыптасуы мен дамуы жөнінде Қ. Б. Жарықбаевтың, халықтық педагогикадағы эстетикалық тәрбие туралы С. А. Ұзақбаеваның, қазақ халық педагогикасының ғылыми-педагогикалық негізі жайында С. Қ. Қалиевтің, этностық-мәдени білім берудің ғылыми-педагогикалық негізін зерттеген Ж. Ж. Наурызбайдың және қазақ этнопедагогикасының теориялық-әдіснамалық негіздері туралы проблемеларды қарастырған К. Ж. Қожахметованың және т.б. ғалымдардың еңбектері жарық көрді.

Осы тағы да басқа ғалымдардың анықтамасына сүйене отырып халық педагогикасы құралдарының жіктемесін төмендегідей көрсетеміз:



ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА ҚҰРАЛДАРЫ




Халық шығармашылығы

(поэтикалық, сәндік-қолданбалы, музыкалық)






Салт-дәстүр

Әдет-ғұрып





Ақын-жыраулардың озық ой-пікірлері






Қазақ халқының моральдық-этикалық

Нормалары






Діни ілімдер



Ойшыл-данышпандардың және қазақ эиялылараның педагогикалық, этикалық көзқарастары


1 – сурет. Халықтық педагогика құралдарының құрылымдық жіктемесі.


Бұл құрылымдық жіктемені талдай келе, болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда ғасырлар шежіресі болып табылатын қазақ халықының шығармашылығы маңызды орын алатыны айқындалды.

Халық шығармашылығының таңдаулы үлгілері болашақ мұғалім-ұстазды тәрбиелеудің басты құралына, әдіс-тәсіліне айналды, олар болашақ мамандардың ақыл-ойын, тілін ұштап, дүниетанымын, ұлттық сезімін, еңбекке дұрыс көзқарасын, көркемдік-эстетикалық талғамын қалыптастырып жетілдіреді, әсемдік әлемінің сырын ұқтырады.

Ата-бабаларымыз сөзге, оның мағынасына терең мән берген. Сондықтан қазақ халқының ауызекі поэтикалық шығармашылығы – мол қазына, тәлімдік-тәрбиелік ой-пікірдің бастауы, көп буын қолданып келе жатқан даңғыл жол. Олардың қайсысының болсын педагог тұлғасын қалыптастыру ісіне берері мол. Оның ішінде мақал-мәтел, өсиет сөздер, айтыс өнері, шешендік сөздер.

Ауыз әдебиетінің бір саласы мақал-мәтелді тілге тиек етер болсақ, оның мұғалімнің жеке тұлғасын қалыптастырудағы тәлім-тәрбиелік мәні ерекше. Мақал-мәтел халықтың өмір заңдылығын, тұрмыс-тіршілік қалпын баяндайтын көркем шежіре іспеттес. Олар қоғам өміріндегі әлеуметтік құбылыстарды, адамның мінез-құлқын таныта отырып, терең ғибрат, үлгі-өнеге ұсынады. Әсіресе, ұстаздың адамгершілік мен ары турасында айтылған інжу-маржан сөздері жеткілікті, тарихы талай ғасырға тереңдейтін асыл мұра болашақ мұғалімді оқу-білімге шақырып, оларды адамгершілікке, кішіпейілділікке, парыздылыққа баулып, адалдыққа уағыздайды. Мысалы: «Балаға байқап сөйлесең, ақылыңа көнер, байқамай көп сөйлесең, көрсетер бір өнер», «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар», «Айқайлы күшіңмен емес, тындырымды ісіңмен таныл», «Адамдықтың нұры бол, адалдықтың құлы бол», «Жаным – арымның садағасы», «Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте…», «Ұлық болсаң, кішік бол», «Азамат туы ар болар, әділдік соған нәр болар», «Ана алдында аласа бол, ар алдында биік бол», «Ар-намыс – адамның ішкі сезімі және абыройды қорғайтын құралы», «Ережеден өнеге артық» т.б.

Көлемі қысқа, мазмұны нұсқа, мағынасы терең, тілі көркем философиялық мәні бар осынау даналық пайымдаулардың кез-келгені мұғалімдерді ұлағатты тәрбиеге, ізгі жолға жетелеп, адамгершілікке, төзімділікке, парасаттылыққа баулитыны күмәнсіз. «Елдің келешегі ұстаздың қолында», «Ұлылардың бәрі де ұстаз» т.б. мысалға алынған мақал-мәтелдер ауыз әдебиетінің мол қазынасының бір шетінен шертіп алғанымыз ғана. Айтар ойы мен мазмұны жоғарыдағыдай қанатты сөздер халқымыздың рухани мұрасында шексіз десек қателеспейміз. Солардың барлығы дерлік, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей педагогикалық деонтологияға талаптарына сай келеді. Мақал-мәтелдер – ұлы адамдардың ұраны, тәрбие қағидасы, атаның артында ізбасарларына қалдырған өнегелі өсиеті, олар халқымыздың бүкіл тыныс-тіршілігінің барлық жақтарын қамти отырып, адамгершілік, имандылық, еңбек, дене, ақыл-ой, эстетикалық тәрбиелердің мазмұнын, тәрбие мақсатын, әдіс-тәсілдерін, амал-жолдарын ашып көрсете алған.



Айтыс – халық фольклорында кең тараған жанрдың бірі. «Айтыс» - сөз айтысу сөз жарысы деген пікірді білдіреді. Қашанда шешендігімен, суырып салма ақындығымен ерекшеленген қазақ халқында айтыс өнері барынша дамып, көркемдіктің шыңына жеткен деуге болады. Айтыс жанры бірнеше түрге бөлінеді. Атап айтсақ: әдет-ғұрып айтысы, жұмбақ айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы т.б. Айтыстың қай түрін алып қарасақ та, одан халқымыздың музыкалық дарындылығы, қиыннан қиыстырар шеберлігі, тапқырлығы, ой-арманы, мақсат-мүддесі, туған жерге, халқына, оның өнеріне деген сүйіспеншілік сезімі айқын танылады. Айтыс өнері болашақ мұғалім-маманның білімін, ой-өрісін шыңдап, тілін ұштайды, сөйлеу тілінің мәдениеттілігін, сапалық көрсеткіштері мен техникасын арттырады. Айтыс өнері болашақ мұғалім тұлғасының деонтологиялық дайындығының барлық талаптарына қатысты. өйткені ол оның қызмет барысында ұтқыр сөз тауып, қисынды ой айтуға жетелейді. Болашақ мұғалімнің сөйлеу мәнері кәсіби шеберлігінің, педагогикалық іс-әрекетінің өте маңызды құралына айналуына жағдай жасайды.

Ғылымда сөзді ретімен айтып, оны өзгелерге таныта білген, суырып салма ақыл-ой кемеңгерлерін «шешен», ал олардың өнерін «шешендік» деп атаған [123]. Тарихта Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би, Жиренше есімдері шешендік өнерімен белгілі. Олардың бәріне тән қасиет – жағдайды дұрыс түсініп, асықпай кішкене нәрсеге де мән бере қарау, көңілге қонымды сөздерді таңдап алып, өзгелерге ықпал ету, білім беру. «Кімде-кім өзінің сөзімен тыңдаушыларына әрі білім берсе, әрі көңілін көтерсе, әрі оларға жағымды әсер етсе, жақсы шешен – сол. Білім беру – шешеннің міндеті», - деп жазды М.В. Ломоносов [124]. Шешендік өнердің тағылымдық мүмкіндіктерін жиып-теріп оны мұғалім тәрбиесінде пайдалану болашақ маманның рухани-мәдени қуатын арттырып, байыта түседі деп ой түйеміз.

«Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаны қайсы!» демекші, заманалар тәжірибесінен сұрыпталған тұжырымдар кейінгі ұрпаққа көздің қарашығындай аса қымбат болғаны да, болатыны да осыдан.

Қазақ фольклорының маман-ұстаз тәрбиесінде тәлімдік-тағылымдық зор маңызға ие көркемде құнды саласының бірі – эпостық шығармалар. Халық өмірінің тарихи даму кезеңдерінде түрлі оқиғалар мен жағдайларға байланысты туындап отырған эпостық шығармалар сан алуан тақырыпты қамтиды. Мәселен, қазақ эпосының бірі ел қорғау, отаншылдық сарынға құрылып, ерлікті, батырлықты дәріптесе, енді бірі феодалдық дәуірдегі әйел теңсіздігін арқау етіп, сүйіспеншілік сезімін жырлайды, өмірде болған нақты тарихи оқиғаларды баяндайды. Еңбекті сүю, ата-ананы қадірлеу, адамгершілік, батылдық, мейірбандылық, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсету, туған жерге, табиғатқа деген сүйіспеншілік т.б. эпостық шығармалардың идеясы саналады. Мысалы: Саққұлақ би өсиет сөздері - соның айғағы:

Адамның басшысы - ақыл.

Жолдасы – кәсіп.

Білім – таусылмайтын кен.

Қорғаны – сабыр.

Қорғаушысы – мінез.

Жетекшісі – талап.

Шолғыншысы – ой.

Эпостық жырларда суреттелген түрлі оқиғалар, адамдар арасындағы ізгі қарым-қатынастар, халықтың игі салт-дәстүрлері болашақ мұғалімдерді өз халқының өткен тұрмыс-тіршілігімен таныстырып қана қоймай, сөз қадірін білуге үйретеді, философиялық, данышпандық ой мен өткір сөздің мән-мағынасын сезініп, терең ойлауға, дер кезінде дұрыс шешім қабылдауға құлшындырады, ой қисындарын кеңейтіп, шыншылдыққа, елін сүйіп еңбек етуге үйретеді.

Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің түрлері де ұрпақ тәрбиесінің жетекші құралы болды. Қолданбалы өнерге тән ерекшеліктер – айналадағы ортамен, өнермен, еңбекпен тығыз байланыста болуы. Қолданбалы өнердің әлеуметтік-тәрбиелік ролі тек оның туындыларының өзіндік көркемдік, эстетикалық құндылығымен ғана бағаланбайды, сонымен қатар адамдардың өз заманына сай талғамын білдіруінен, өткендегі мәдениетпен, ұлттық дәстүрлермен сабақтастығын көрсетеді. Халық өнерінің туындылары, дәстүрлі бейнелеу өнерінің түрлері болашақ мұғалімнің көркемдік-эстетикалық сезімінің қалыптасуына, көркем өнерге деген түсінігі мен талғамның дамуына мүмкіндік туғызады.

Халық білімді, қолөнер саласын жетік меңгерген, эстетикалық талғамы жоғары, «өнеріне қарай - өрнегі» байқалып тұратын шебер адамды «бармағынан бал тамған» деп жоғары бағалаған. Оларды өздерінің ұл, қыздарына үлгі-өнеге етіп, мұндай жетістікке адам тек қолөнер кәсібінің құпиясын, қыр-сырын меңгергенде ғана жететінін ескерткен. Міне, сондықтан да сәндік-қолданбалы өнердің эстетикалық мәнін түсінуді, оның көркемдік қызметін бағалай білуді үйретудің болашақ педагог мамандарды мәдениетке, еңбекке, іскерлікке, адамдармен қарам-қатынас жасай білуге бағдарлау мүмкіндігі зор.

Атадан балаға мұра болып келе жатқан қазақ халқының музыкалық шығармашылығы да болашақ мұғалімнің парыздылық сана-сезімін қалыптастырудың құралы бола алады. Ғасырлар сынынан талмай өтіп, бүгінгі күнге жеткен асыл мұрамыздың бірі халқымыздың ән-күйлері. Халқымыз жақсы ән мен тәтті күйді жан азығы ретінде ерекше ардақтаған. Көрнекті музыка зерттеушісі Б.В. Асафьев халқымыздың музыка шығармашылығына үлкен құрметпен қарап, «Қазақтың аса бай ән-күйі шындықты көркем бейнелеуде шынайы нәзік сипатымен, саф алтындай тазалығымен, өмірге құштар көтеріңкі лебімен және тіршілікпен қатар жататын шынайылығымен ерекшеленеді. Халық жаратылысын ерекше асқақ адамгершілікпен толғаған, терең философиялық синтезге толы бұл шығармалар адамды ерекше әсерге бөлейді», - деп баға берген болатын [125]

Музыка – қоғамдық сананың формасы ретінде адамдардың эмоционалдық сезіміне тікелей ықпал етуші эстетикалық тәрбие құралы. Ол болашақ мұғалімнің эстетикалық талғамын, эстетикалық идеалын қалыптастырады, болмыстағы құбылыстар мен өнер туындыларындағы әсемдікті саналы түрде қабылдай білуге үйретеді және өзіндік шығарымпаздық қабілеттерін дамытады, халық ән-күйлерінің қайсысы болмасын болашақ ұстаз тәрбиесіне үлкен маңызға ие, олар адамның көңіл-күйіне, сезіміне әсер етіп, әдептілікке, ынтымақ-бірлікке, достыққа, төзімділікке, табандылыққа, үлкенге ізет көрсетіп, кішіге қамқор болуға жағдай туғызады. Сол сияқты, қоршаған орта, адамдардың іс-әрекеттері, мінез-бітімі, көңіл күйі, батырдың ерлігі, шешеннің тапқырлығы, тарихи уақиғалар арқау болған күйлер де болашақ ұстаздарға халқымыздың өткен тарихынан мол мағлұматтар берерлік шежіре іспеттес.

Халық педагогикасы құралдарының басым бөлігін құрайтын саланың бірі – салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар. Бұл ұғымдарға философиялық сөздікте: «Әдет-ғұрып – белгілі бір жағдайларға байланысты қайталанып отыратын үйреншікті мінез-құлықты іс-қимылдары. Әдет-ғұрыптарға көпшілікке ортақ еңбек ету әдістері, тұрмысқа және отбасына байланысты адамдар арақатынасының сол қоғамда кең тараған түрлері, дипломатиялық және діни салттар, тайпа, тап, халық өмірінің ерекшеліктерін бейнелейтін және түрліше қайталанып отыратын іс-әрекеттер жатады» [126, 54]; ал, «Дәстүр – тарих барысында қалыптасып атадан-балаға жалғасып отыратын әдет-ғұрыптар, салт-сана, қоғамдық тәртіп, заң, мұрат пен игілік, мінез-құлық қалыптары және т.б., қоғамдық, ұлттық немесе жекелеген әлеуметтік-мәдени мұра элементтері» деп анықтама берілген [127]. Демек, салт-дәстүр әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып, өзгеріп, жаңарып отырады. Ол ұлт үшін өмір, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесінде рухани байлық, тағылым өнеге тәжірибесін құраған. Салтқа жататындар: бесікке салу, қырқынан шығару, құрсақ шашу, босаға майлау, бастаңғы, әмеңгерлік, қалау, көрімдік, келін түсіру, айт, жарапазан, қазаншегелеу, жиенқұрық, ерулік, айырылысар көже, құйрық-бауыр, қызойнақ, енші т.б.

Дәстүр – рухани іс-әрекет көрінісі, бұған жататындар: шек беру, ас беру, құран оқу, топырақ салу, киім беру, жаназа, көрісу, жоқтау, естірту, ілу, жұмалық, айттық, қымызмұрындық, қол ұшын беру, наурызкөже, төркіндеу, сыбаға, сәлемдеме, сәлем беру, сарқыт, саумалық, қонақасы, кәде, жылу, жыртыс, аманат, ат тергеу, үй көрсету, киіт, селт еткізер, асату, базарлық, сірге жияр, байғазы, қалжа т.б. Осы салт-дәстүрлердің кейбіріне тоқтала кетсек.



«Қол ұшын беру» (дәстүр). «Жақсы істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, жұмыс істеп жатқан жерге келген адам сәл аялдап, көмек көрсетіп, қолғабыс тигізуге тиіс. Көпшілік жұмылған іске өз үлесін қосу – азаматтық борыш, парыз, міндет іспеттес. Мұндай жерде қол қусырып бос тұру тәрбиесіздік, әрі білімсіздік саналады.

«Қымызмұрындық» (дәстүр). «Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы». Бұл тойға көрші-қолаң, тума-туыстар шақырылады. Яғни, «көппен көрген ұлы той» демекші алғашқы қымыз «көпке бұйырсын» деген тілекпен туындаған дәстүрдің бірі. Ақсақалдар үй иесіне рахмет айтып, батасын береді. Бұл дәстүр халқымыздың қонақжайлылық, мәрттік қасиеттерін көрсетеді.

«Ерулік» (салт). Ел ішіне үй көшіп келіп қоныстанса, сол ауылдың байырғы тұрғындары «ерулік» деп ас пісіріп, табақ тартады. Бұл – жаңа қоныс тепкен адамдарды өз ортасына тартудың, сыйласудың үлкен белгісі болып табылады.

«Төркіндеу» (дәстүр). Ұзатылған қыздың төркін жұртына арнайы баруы төркіндеу деп аталады. Төркіндеу - әр қыздың парызы және ол бір-ақ рет төркіндеп баруға қақысы бар. Мұндай жағдайда қызды қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын беріп, риза етіп аттандыруға тиіс.

Жоғарыда мазмұндалған салт-дәстүрлердің қайсысын алып қарасақ та, олардың астарында терең тағылымдық мән-мағына, ізгілік, адамгершілік, тәрбиенің бастау бұлағы жатқандығын байқаймыз.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары арқылы болашақ мұғалімдерді парасаттылық, имандылық, ибадаттылық тәрізді ұлағатты қасиеттерге тәрбиелеудің мүмкіндігі мол. Сондықтан, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды меңгеру, олардың озық үлгілерін жаңартып, бүгінгі күні ұстаздың деонтологиялық даярлығын қалыптастыруда басты құралға айналдыру біздің басты міндетіміз.

Қазақ халқының рухани мұраларының бөлінбес бөлшегі ретінде ұрпақ тәрбиесінде маңызды орын алатын тәрбие құралының бірі дін, діни ілімдер. Дін имандылық, әдептілік, қайырымдылық тәрізді адамзат баласына тән жоғары адамгершілік қасиеттерді тәрбиелейді. Оның айғағы – мұсылмандардың Ұлы кітабы Құран негізіндегі саналы адамзат тәрбиесін мақсат еткен, тәлімдік-тәрбиелік маңызға ие қағидалар. Нақты ғылыми негізделген діни ілімдермен болашақ маманды таныстырудағы басты мақсат – халқымыздың сенім артқан күші – ислам діні арқылы ұстаз бойында адамдық асыл қасиеттердің дәнін егу, оларды халықтық имандылық негізінде жоғары рухани деңгейде тәрбиелеу болып табылады.

Діни ілімдердегі өзекті қағидалар да (обал, сауап, кішіпейілділік, өтірік айтпау, кісіге қиянат жасамау, жоқ-жітік кемтарларға қайыр-садақа беру, ұрлық-қарлық жасамау, күш көрсетпеу, тазалық сақтау т.б.), педагогикалық деонтология талаптарымен үндесе келе, ұрпақтың имандылық-адамгершілік, физиологиялық-гигиеналық тәрбиесіне өзіндік үлесін қосты. Мәселен, өзінің педагогикалық еңбегінде ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлгендердің бірі – Ы. Алтынсарин. Ағартушы еңбектері көбіне еңбекқор деген атаққа ие бол, еңбексүйгіш бол, кішіге қамқор бол, жат мінезден бойыңды аулақ сал деп уағыздайды. «Мұсылманшылық тұтқасы» еңбегінде «Шариатүл ислам», «Иман турасында», «Ахлық, яғни адамдарға тиісті мінез тұрғысында» деген бөлімдері болашақ мұғалімнің мінез-құлқын қалыптастыруға көмектеседі.

Ол мінез тұрғысында былай дейді: «Аят пен хадисте білдірілген жақсы мінез жетпіс сегіз түрлі. Бұларды мақтаулы, игілікті мінез-құлықтар деп атайды. Оларға: иман, әділет, адалдық, ақкөңілділік, сыпайылық, жомарттық, кеңпейілділік» және т.б. [128] «Иманды ұстаз – ибалы шәкірт тәрбиелейді» деп халық бекер айтпаса керек.

«Егер жас ағашты жас күнінде қисығын түзеп өсірсең түзу болып өседі, бір түзу болып өскен ағаш жаңадан қисаймайды. Ағаш ұлғайып, қатып кеткен соң түзетуге де келмейді, сынып кетеді» деп тұжырымдайды автор. Ы. Алтынсариннің басты көздегені - жастарды имандылыққа бет бұруының негізгі бағыты мінез-құлықты әрқашан бағдарлап қарап, түзету. Бұл пікір қазіргі кезде де болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын қалыптастыруға керекті бетбұрыс деп білуіміз керек. Қазақта ата-бабамыз адамның жақсы кісілік қасиеттерін хадиспен белгілеген. Хадистердің айтуы бойынша имандылық қасиетінің он тоғыз қағидасы бар. Олар: ар-ұят, намыс, әдеп, жомарттық, қажыр-қайрат, әділдік, әділет, кешірімділік, кеңпейілділік, мінез-құлық, мәрттік, кішіпейілділік, аманат, адалдық, уәде, сабыр-тағат, кісі ақысын өтеу, обалына қалмау, жақсылармен сұбхаттас болу. Жоғарыдағы көрсетілген қасиеттер ата-бабамыздың адамзатпен қатар жасар асыл қазынасындағы өздері аңсаған үлгілі адамзат бейнесі. Осындай сипатта болашақ мұғалімдеріміз нағыз Адам атанса, халқымыз адамзат көшінде әркез ардақты орында болары сөзсіз.

Халқының қамын ойлаған асыл ойлы ғұлама-ойшылдарымыз (Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Ж. Баласағұни, Қорқыт, т.б.) көзқарастары да халықтық педагогика қазынасының бір саласын құрайды. Мұғалімнің жеке тұлғасын қалыптастырып, дамытуда, оларға жақсы тәрбие беруде ұлы ойшыл Ж. Баласағұн шығармашылығы да ерекше роль атқарады. Оның түркі тілінде жазылған «Құдатғу білік» (Құтты білік) атты еңбегінің тәрбиелік маңызы зор. Ол өз еңбегінде адамның қадір-қасиетінің алдымен терең біліммен, ақылмен ғана қалыптасатынын сөз етеді:

Ақыл қайда болса, ұлылық толады,

Білім кімде, сол білікті болады.

Ақылды ұғар, білімділер біледі,

Түгел болар білімді, есті тілегі...

Білімсіздер бар кеселді көреді,

Емделмесе тектен-текке өледі… [129, 63-64]

Шығармада, сонымен қатар, сөз өнері, адамдар бойында кездесетін жақсы-жаман қасиеттер, парасаттылық, тәрбиелілік, білімділік туралы да кеңінен жырланады. Мысалы:

Тілесең сен есендікте жүруді,

Жаман сөзге қимылдатпа тіліңді,

Біліп айтқан сөз – білікті саналар,

Біліксіз сөз басыңды жеп, табалар, - деп айтуы әрбір айтылған сөзге мән беріп ойланып, ойтаразылап сөйлеу ақылдылық пен біліктіліктің белгісі екендігін көрсетеді. Ал ақынның:

Ер ажары - сабырыңды сақтай біл,

Сабыр жолы көк төріне бастайды.

Өлімді ойла, ұмытпа еш сарала,

Өзіңді ойла, қасиетіңді бағала.

Дос, туғаннан лебізінді аяма,

Кіші, үлкенді жылы жүзбен аяла.

Тұз-дәміңді бөліс, жаса қайырым,

Кешіре сал, көрсең кісі айыбын [129, 162-163], - деген жыр жолдары болашақ мұғалімдер үшін тәрбие тағылымының үлгі өнегесі іспеттес. Ол болашақ мамандарды адамдық қасиеттерді жоғары бағалауға, әділ болып, өтірік айтпауға, үлкен-кішіге құрметпен қарап, ынтымақ-бірлікті сақтап, өз ар-намысын жоғары ұстауға шақырады. Осының бәрі болашақ мұғалімнің деонтологиялық тәрбиесін жетілдіру қажеттілігіне сәйкес бойына дарытуды қажет ететін адамгершілік қасиеттер.

4 – кесте Ұстаздың деонтологиялық потенциалына қатысты ұлы ойшылдардың ой-тұжырымдары




Ұстаздың деонтологиялық потенциалының компоненттері

соған сәйкес ұлы ойшылдардың ой-тұжырымдамалары

Жеке тұлғалық компоненті

Әл-Фараби: Адамның ар-ожданы алдындағы адалдығы, шыншылдығы - әділ, өзіне-өзі қастерлі, жүріс-тұрысы үлгі болуынан. Ақыл-парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш.

Ахмет Жүйнеки: Адамгершілік кімде болса, сонны ер деп есепте. Кісілік қымбат емес, кішілік қымбат. Ұлық болсаң кішік бол.

Жүсіп Баласағұни (XI ғ.): Қандай болар мейірімі мол кісі, мейірбандық – кісіліктің үлгісі. Мейірімнен шынайы леп еседі, соны бақсаң – дәреже-бақ өседі.

Абай: Азамат туы – ар болар, әділдік соған пар болар, жадыңа тұтсаң осыны – жақсылық саған жар болар. Татулыққа – тамаша бол, ар алдында биік бол.

Шәкәрім: Әдептіліктің белгісі – иіліп сәлем бергені. Ұлық болсаң кішік бол.

Махмұт Қашғари (XI ғ.): Қайырымдылық – адам көркі, ал білім оның байлығы. Рахымшыл бол, ақылшы дана бол, білгеніңмен ортақтас. Кішілік пен ақ пейілділік – ұлылықтың белгісі.

Р.Роллан: Жер бетінде адал адамнан өткен тамаша ештеңе жоқ.

М.Әуезов: Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен.

О.Бальзак: Өзінің шәкіртіне еңбектен зор қуаныш табу қабілетін дарыта алатын мұғалім зор даңққа бөленуге тиіс.

Сабырлылық – мінездің түп қазығы.




4 – кестенің жалғасы

Ақпараттық-теориялық компоненті

Әл-Фараби: Өнер, музыка мен ән адамда эстетикалық сезімдерді туғызу арқылы кісінің өзін-өзі тәрбиелеуіне, бойдағы нашар қасиеттерінен арылуына ықпал етеді.

Абай: Парасат қайда болса, ұлылық сонда, білім қайда болса, биіктік сонда.

Шәкәрім: Білім-ғылымсыз өнер табылмайды, сол алған білім-өнерлерін адал еңбекпен жаратылыстың мол байлығын пайдалануға салса, табылмайтын нәрсе жоқ.

Сайф Сараи: (XIV ғ.) Біліктінің сөзі – жанып тұрған жас гүл. Білімді адам дәулетінен айырылсада қайғырмайды: оның байлығы – білім.

Жүсіп Баласағұни (XI ғ.): Барлық істің басшысы білім мен ұғым. Білім ал, ол өмірдің жолын ашар, кісіден білім берген бәле қашар. Бар ізгілік тек білімнен алынар, білімменен аспанға жол салынар.

Ахмет Жүйнеки (XII ғ.): Білімді кісі істің жөнін біледі, не істесе де біліп істейді, кейін өкінбейді.

Іс-әрекеттік компоненті

Әл-Фараби: Шын беріле қызықтаған нәрсе ғана адамның жүрегінен орын алады, сөз жүзінде емес, мінез-құлықты іс жүзінде шыңдау арқылы іске асыруға болады. Әрекет етудегі мақсатқа адам ең алдымен өзін-өзі жетілдіру, содан кейін басқаларды жетілдіру арқылы жетеді.

Жүсіп Баласағұни (XI ғ.): Басым көкке жетсін десең армандап, әр жұмысты біліп істе, қарма оңдап, барлық істі сарапқа сап істегің.

Ахмет Жүйнеки (XII ғ.): Ешқашан кісіге азар берме, зорлық-зомбылық жасама, жамандық жасаған кісіге сен жақсылық жаса. Әдептіліктің алды – абайлап сөйлеу.

Абай: Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тез қолға түседі.

Шәкәрім: Адам болып өмірге келген соң, адам боп өту тілегім, бәріңе соны тіледі.

А.Нүри: Білім алу жолындағы табандылықтан артық іс жоқ. Себебі ілім кісіні ізет пен абыройға жеткізетін құрал болып табылады.

Ф.Ницше: Ең жоғары адамгершілік қасиет – біреуді ұялудан құтқару.

Ж-Ж.Руссо: Шынайы сыпайыгершілік адамдарға тілектестікпен қараудан құралады.

Платон: Басқаларды бақытты етуге тырыса отырып, өз бақытымызды да табамыз .

Сайф Сараи: Ағаштың жемісін жеймін десең, түбіне балта шаппа.

Болашақ мұғалімдердің деонтологиялық даярлығын қалыптастыру ісіне ақын-жыраулардың өнегелілік-тағылымдық қырлары көп.



Жыраулар поэзиясының өріс алған кезеңі XV-XVIII ғасырлар болды. Олар әлеуметтік мәні зор ел тағдырын шешер ірі оқиғалар мен аса мәнді көкейкесті мәселелер жайында толғаған. Халық өзгелерден гөрі қайғырғанда демеп, қуанта қанат бітіріп, ақыл қосатын асыл сөз иесі жырауларды қатты қадірлеген. Сан ғасыр сынынан өтіп, халық көкірегінде жатталып, жыраудан жыршыға ұласып, біздің дәуірімізге жеткен сұңғыла сөз зергерлері Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Бұқар, Шал сияқты ақын жыраулар болды. Жырау шығармалары, әдетте, нақыл қанатты сөздерден құралған философиялық толғаулар түрінде келеді. Толғауларды жырау өзінің өмір жолынан түйгендерін, мораль, этика хақындағы ойларын баяндайды. Олар ізгілік пен инабаттылықты дәріптеген. Этика хақында да өшпес елеулі еңбектер қалдырған. Ал бұл еңбектерінің бүгінгі таңдағы маңыздылығы соншалықты әрбір азаматтың өзін-өзі жақсы, ұнамды жағынан көрсетуіне инабатты болуына, жақсылыққа, адамгершіліктің асыл қасиеттеріне баули білуіне қосар үлесі мол. Яғни, біздің этикамыз дамымай, моральды тұрғыдан жоғарыламай, біздің мәдениетіміздің өркендеуі, ұлттық дүниетанымымыздың қалыптасуы, жоғары сатыға көтерілуі мүмкін емес.

Ш. Уәлиханов «көшпенділер философы» атаған Асан Қайғының есімі қазақ елінің қай түкпірінде болмасын мәлім. Асан айтқан нақыл сөз, толғау жырлар өте көп болған. Асан атымен айтылып, халық арасына тараған нақыл сөздер мен толғау-жырлар қазақ халқының рухани тілегімен байланысты. Оған мына өлең жолдары айғақ:

Мінезі жаман адамға,

Енді қайтіп жуыспа.

Тәуір көрер кісіңмен

Жалған айтып суыспа, – деп адамды бойындағы қасиетіне қарай бағалай, құрметтей біл, ал жаманнан іргеңді ала қаш, - дегендей пікірлер айтады.

Ауылдағы жамандар,

Ел қадірін не білсін.

Көшіп-қонып көрмеген

Жер қадірін не білсін,

Көшсе, қона білмеген,

Қонса, көше білмеген,

Ақылына көнбеген

Жұрт қадірін не білсін! [130,42] – осы сияқты нақыл сөздері кейінгіге үлгі-өнеге болғандығы ақын-жыраулардың, шешен-билердің бізге жеткен рухани мұраларынан айқын аңғарылады. Асан Қайғының айтқандарының барлығы да халық игілігіне айналған, қазақтың келер ұрпақтары үшін тағылымдық-тәлімдік маңызы айрықша болған үлгілік-өнегелік сөздер, қазақтың ұлттық ар іліміне арқау боларлықтай этикалық ұғымдар, қағидалар жүйесі.

Асан Қайғымен тұстас жыр алыбы – Шалкиіздің өткір толғауларынан көне заман таңбасы түз тұрғынының дүниетанымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық, этикалық қағидалары айқын аңғарылады. Оның «Шағырмақ бұлт жай тастар» деп басталатын толғауы негізінен моральдық, этикалық сипаттағы ғибрат сөздер. Онда Шалкиіз жұртты әділдік пен жақсылыққа үндеп, барша жамандықтан аулақ болуды нақыл сөздермен термелейді:

Шағырмақ бұлт жай тастар,

Ағытқан қойды жол бастар,

Ақ желкенді жел бастар,

Әділ төре ел бастар,

Батыр жігіт қол бастар,

Шешен адам сөз бастар [131] - деген өлең жолдары бастан-аяқ өнегелі ақыл, өсиет, ғибрат сөздерден тұрады.

Имандылық, адамгершілік, жақсы-жаман, сараңдық, мырзалық, достық-қастық туралы этикалық сипаттағы нақыл өсиеттер Шалкиіз шығармаларының өзегі десе болады. Жыраудың пайымдауынша, адамның адамдық қасиеті оның ата тегінде, қоғамдағы орнында емес, жеке басының жақсылы, жаманды сипатында.

Жырау туғызған нақыл сөздердің талайы мақал-мәтелге айналып, Шалкиіз сөзі ретінде емес, ата-баба мұрасы – халық мақалы ретінде жұртшылық санасына сіңісті болып кетті. Әркімге таныс «ақылсыз достан ақылды дұшпан артық», «жаманнан туған жақсы бар, адам айтса нанғысыз, жақсыдан туған жаман бар, бір аяқ асқа алғысыз», «жақсылардың өзі өлсе де сөзі өлмейді» сияқты мақалдар алғашқыда Шалкиіз аузынан тараған еді. Шалкиіз шығармалары өзінен соңғы ұрпақ санасында елеулі әсер қалдырды. Төрт ғасыр бойына ақын-жыраулар оның афоризмдерін азық етті де, өлең өлшемін үлгі ретінде ұстады.

Әрі жырау, әрі қолбасшы батыр – Ақтамберді шығармалары негізінен нақыл, жыр-толғауларға толы келеді. Ақтамберді жырлары көшпенді қазақтардың ой арманына, мақсат-мүддесінен елес береді. Жыраудың кейбір толғауларынан халқымыздың мінез-құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көзқарасы айқын аңғарылады.

Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін-бірі қадірлеуінен, әсіресе, баланың әке-шешеге ерекше құрметпен қарауынан көрінеді. Осындай ұлағатты моральді ойға қазық, тілге тиек ете отырып, көпті көрген көне жырау:

Меккені іздеп нетесің,

Меккеге қашан жетесің.

Әзір Мекке алдыңда,

Пейіліңмен сыйласаң

Атаң менен анаңды! [132] – деп ата-анаға көрсеткен сый-құрметінің құдай жолын қуып, Меккеге барумен пара-пар деген ой қорытады. Қарт ата-ана мен әке-шешені сыйлау қай халықтың болмасын ежелгі тарихи дәстүрі болған. Ғасырлар бойы халық қастерлеп келген осы жаңа дәстүрді Ақтамбердінің қошамет тұтып, көтере жыр етуінің тәрбиелік мәні бүгін де жойылған жоқ. «Жақсыда жаттық жоқ», «Жақсының ісі көпке ортақ» деп ұққан жырау:



Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет