1957 жылғы реформаның кемшіліктері :
1957 жылдан бастап аумақтық принциптер негізінде экономикаға басшылық ету ісін қайта құру ойдағыдай нәтижелер бермеді. Керісінше, 1) экономиканың жекелеген салаларына тұтастай басшылық жасауға мүмкіндік болмады, 2) жекелеген салаларды техникалық жағынан қайта жабдықтау ісіне нұқсан келтірді, 3) өндіруші мен тұтынушы арасында бұрыннан орын алған қатынастар өзгеріссіз қалды, 4) бұрын кәсіпорындар министрліктер тарарапынан бақылауда болса, енді оларды халық шаруашылық кеңестері жүргізетін болды, 5) экономикалық тетіктер дұрыс жұмыс істемеді. Қазақстан коммунистік партиясының съездері мен пленумдарында кәсіпорын жетекшілері жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформалардың тиімсіздігін ашық айтып жүрді.
Сәтсіздіктер күйгеліктік туғызды, экономиканы басқаруда ғылымға негізделмеген ойластырмай жасалған субъективтік шешімдерге жол берілді. Мұндай шешімдер көп жағдайда Н.С.Хрущевтің жеке басымен байланысты болды. 1962 жылы Қазақстанда халық шаруашылығын ірілендіру мақсатында реформа жасалды: партия орындары өндірістік белгі бойынша қайта құрылды. Олар өнеркәсіптік және ауылшаруашылық партия үйымдары болып бөлінді.
Сөйтіп, жасалған реформалар басқару аппаратындағы абдыраушылықты, бесжылдық жоспардың орындалуындағы іркілістерді туғызды. 1956-1960 жылдарға арналған (6-шы) бесжылдық жоспар 1959-1965 жылдарға арналған жетіжылдық жоспармен ауыстырылды. Жан басына шаққанда өнім өндіруден дамыған капиталистік елдерді ең қысқа мерзімде қуып жетіп, басып озу міндеті қойылды.
Ауыл шаруашылығы
1953 жылғы қыркүйекте болып өткен КОКП-ның ОК Пленумы ауылшаруашылығында орын алған жағдайға талдау жасап, оның даму болашағын анықтады. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық саласына көп көңіл бөліне бастады. Колхоздарға біраз дербестік берілді, ауыл-село еңбеккерлерінің өнім өндіруге деген материалдық ынталылығы арттырылды, ауыл шаруашылық өнімін дайындау және сатып алу бағасы көтерілді, аграрлық секторды техникамен жабдықтау біршама жақсарды, онда электр қуаты кеңірек қолданатын болды, колхоздар мемлекетке төлеуге тиісті қарыздарынан босатылды. Бірақ елде қалыптасқан басқару жүйесі ауыл шаруашылығының дамуын экстенсивті жолмен жүргізе берді.
Азық-түлік тапшылығын шешу, астық өндіруді арттыру мақсатында тың және тыңайған жерлерді идеясы пайда болды.
1954 жылы қантарда болып өткен Қазақстан Компартиясының VII съезінде Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов (1948-1954 жж.) қызметінен босатылды. Бірінші хатшылыққа– П.Пономаренко (1954-1956 жж.), екінші хатшылыққа – Л.И. Брежнев (1955-1956 жж.) сайланды.
1954 жылғы қантар-наурыз – КОКП ОК-нің Пленумы «Елімізде астық өндіруді одан әрі арттыру, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» қаулы қабылдады. Тың жерлер игерілетін аймақтар: Қазақстан, Сібір, Урал, Солтүстік Кавказ, Есіл бөйы. 1954-1955 жылдары 1 млрд. 200 млн. пұт астық алу белгіленді. Қазақстандағы тың жерлерді игеретін аудандар: Көкшетау, Акмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Төрғай, Павлодар облыстары.
Тың игеруге басқа республикалардан адамдар көшіріліп әкелініп, оларға көптеген жеңілдектер жасалды: дүние-мүлкімен тегін көшірілді, әр отбасына 500-1000 сом мөлшерінде бір реттік көмек көрсетілді, 10 жылдық мерзімге үй салу үшін 10 мың сом несие берілді, оның 35%-н мемлекет төледі. Бұдан басқа да материалдық, азық-түлік т.б. көмектер берілді. Тың игеруге келгендер ауылшаруашылық салығынан босатылды.
1954-1959 жылдары тың және тыңайған жерлерді игеруге 20 млрд. сом жұмсалды. 1954-1962 жылдары республикаға 2 млн.-ға жуық тың көтерушілер келді, оның ішінде механизаторлар мен партия, кеңес, ауыл шаруашылығы мамындарының саны 600 мыңнан асты.
1954 жылы Кеңес Одағында 13,4 млн. гектар жаңа жер, оның ішінде Қазақстанда 6,5 млн. гектар жер игерілді. 1956 жылға қарай КСРО-да егістік көлемін 28-30 млн. гектарға жеткізу көзделді. Тың жерлерді игеру ісі ерекше қарқыкмен, асығыс түрде жүргізілді. 1955 ж. 9,4 млн. гектар жер жыртылды. Ал жоспар бойынша 7,5 млн. гектар болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |