Қ 17 Шәкенұлы. Ж к – Ақ балапан: Өлеңдер мен мысал әңгімелер, Алматы: «Мерей» баспасы, 2015. – 167 б



бет5/7
Дата25.12.2016
өлшемі1.38 Mb.
1   2   3   4   5   6   7

БҰҒЫНЫҢ БҰЗАУЫ
Бұғының бұзауы енесінен алыстап жайылып жүріп бұрын көрмеген екі дәу аңды көріпті. Қайтып келіп шешесіне:

– Орманның арасынан екі дәу көрдім, бірі қатты қорқынышты екен, зәрем ұшып кетті, енді бірі сүйкімділеу көрінді, өңі де әдемі екен, – деді.

Енесі:

– Ол қандай аңдар екен, айтшы? – деп сұрады.



Бұзау:

– Оның бірі ерекше дәу, екі құлағы бар, иірілген сұмдық жаман тұмсығы бар, айқасқан екі тісі орсиған, күлгін қара көк түсті мақұлық, – деді. Енесі күліп:

– Ол піл деген дәу, бірақ ондай қорқынышты емес, басқаларға жәбір көрсетпейді, жақсы айуан, – депті. Әрі:

– Енді біреуі қандай аң? – деп сұрапты.

Бұзау:

– Әдемі құлағы бар, сұлу қара мұрты, шұбар теңбіл, ұзын құйрық, басқаларға қарауы да момақан, жүрісі жеңіл, – деп түсіндіріпті. Сонда енесі:



– Е, ол жолбарыс деген жауыз, оның түрі әдемі көрінгенмен, өзі нағыз жыртқыш, ол біздің ата жауымыз, балам, жауыздық пен бауырмалдықты түске қарап ажыратуға болмайды, – деген екен.

ТОРҒАЙДЫҢ БАЛАПАНЫ
Суық торғай кілеттің дөдегесінен бір қуыс тауып, оған мамық жүн тектес ұсақ жұмсақ нәрселер әкеліп ұя салды. Онан соң кішкентай балапандарының дүниеге келуің асыға күтіп жұмыртқа басты. Ақыры жұмыртқаны үшкіл сары тұмсықтарымен жарып шығып, балапандар да бір-бірлеп дүниеге келді.

Ең алғаш көзін ашқан балапанның бірі ұяның қабырғаларына қарап шиқ-шиқ етіп:

– Апа, апа, біздің ұя не деген кең, ә! – деп сұрады.

– Иә, біздің ұя кең, – деді шешесі аузына тістеген шегірткені оған беріп жатып.

Балапандар бір-екі күнде-ақ түгел жұмыртқа жарып шықты. Бір ғана жұмыртқа шіріген екен, оны ана торғай сыртқа шығарып тастады.

Балапандар енесіне жармаса шулап:

– Маған, маған, маған тамақ! – деп таласа аузын ашатын. Енесі әкелген азығын оларға бөліп беріп:

– Тағы да, тағы да әкелемін, – деп кең жайылымға, не болмаса жусаңды қырға қарай ұшып кететін.

Әлгі ересек балапан жанталаса ұяның ернеуіне жақындап енесінен:

– Апа, апа, ұяның аузы не деген кең, ә! – деп сұрады. Енесі оған:

– Иә, біздің ұяның аузы кең, – деді.

Қара қанаттана бастаған балапандар енді қанаттарын әлсіз қағып, ұяның аузына қарай ентелейтін болды. Енесі жоқта ұяның аузына келген әлгі балапан:

– Охо, дала не деген кең, біздің ұямыз не деген биік, – деп айғай салды. Жақын маңнан ұшып келген шешесі оған ұрсып:

– Енді ұяның аузына шықпа, домалап кетесің, домаласаң аңдыған ала мысық иә шұбар жылан қағып әкетеді, – деп зекіді. Балапан оған:

– Біздің ұя соншалық биік тұрса, олар қайтып шыға алсын, біздің ұямыз шынында биік, ә? – деді. Шешесі:

– Иә, біздің ұямыз биік, – деді оған.

Күндер өте келе балапандар қара қанаттанып, енесі оларға ұшу машығын үйретті. Онан соң бірден сыртқа шығарып ұшыра бастады. Бәрі де қанаттарын тырмыса сермегенімен, ұзақ ұша алмай жақын маңдағы ағаш басына қонды. Әлгі балапан тағы да:

Охо, ағаш не деген биік, ұядан да биік екен ғой, – деді. Енесі:

– Иә, ағаш биік, – деді.

Балапандар қанаттарын қаға жүріп, жанталасып ұшуды да үйренді. Енді олар биікке де ұша алатын болды.

Енесімен қатарласа биік тау басына ұшып шыққан әлгі балапан тағы да:

– Охо, дүние не деген кең! – деп алақайлады. Енесі оған:

– Рас дүние кең, сен балапан шағыңда ұямыз кең деп едің, онан ұяның аузы не деген биік деген едің, енді тауға шығып айналаны кең екен дейсің, бұдан биік шырқауға ұшып шықсаң, онан да көп нәрсені көресің, – деді. Балапан:

– Мен сөзсіз күн сайын ұшуға тырысып, мұнан да биікке, мұнан да алысқа ұшамын, – деп енесіне серт берді.

Сонан бастап әлгі балапан үзбей ұшуға жаттыға беріпті, жаттыға беріпті.
БАЛА МЫСЫҚТЫҢ КЕШУЛЕРІ
Дән теріп жүрген тышқан, кенет шөптің арасынан екі мұрты едірейген, құлағы тікірейген тарғыл бала мысықтың өзіне төніп келе жатқанын көрді. Көрді де тым-тырақай қашты, бала мысық тұра қуды. Зәресі ұшқан тышқан қашқан бойы ініне кіріп кетті. Бала мысық сыртта қалды. Бірақ інге кірген тышқанға іннің түбінен жылтырай жарқыраған екі көз көрінді. Мәссаған! Жылан екен. Тышқанды жеу үшін оның ініне кірген жылан енді тышқанды көре салысымен, оған тап берді. Іннің аузына қарай қашқан тышқан бала мысықтың едірейген мұртын көргенде, шошығанынан талып қалды. Сол кезде жылан оны қылғып үлгерді.

Іннің аузына шыққан жылан бала мысықты көргенде, басын қақшитып оған айбар жасай қалды. Бала мысық та келсек кел деп, оған қарсы жонын күжірейтіп, тырнақтарын жазып еңкейе тарбиып, айбар шекті. Жылан айыр тілін жалаңдатып жуытатын емес. Бір шама уақыт бір-бірімен арбасқаннан кейінгі бір әредікте жыланның көзі мысықтың көзінен тайып басқа жаққа жалт берген орайда бала мысық тырнағымен оның көзін шауып жіберді. Арпалысқан жылан ақыры жеңіліске ұшырады. Оны құйрығынан тістеп сілкілеген мысық жыланды өлтіріп жеңіске жетті.

Мысық енді жаным тыныш тапты-ау деп шөптің арасынан қалжырай аяңдап келе жатқанда, сылдыр-сылдыр еткен дауыс шығып, жалт қарады. Жүні тақырланған тазы ит құлағын жымырайтып, бұған атылып келеді екен. Бала мысық тұра қашты. Ит тықсырып қуып келеді. Бала мысық жан дәрменімен қашып келеді. Мысық ағаштың арасына іліне бере, жүгірген бойы теректің басына шығып кетті. Ит тілін салақтата арсалаңдап ағаштың түбінде қалды.

Ағаштың басына шығып, екі көзін иттен алмай, үрейленген бала мысық енді ұзақтардың өзіне шуласа жүгіргенін көріп, таң-тамаша болды. Сөйтсе, ағаштың басында ұзақтың ұясы бар екен. Ұзақтар шуласа, ұшып, барған сайын көбейіп, оның құлағының ыңғы-дыңғысын шығарды. Өзі жыланмен айқасып, иттен қашып келгенде, шуылдан басы айналып, ағаштан құлап түсе жаздады. Оған егескендей ұзақтар қанатымен соғып құлатып жібере жаздады.

Осы кезде орнынан ұйқысы қанғанда тұрған Елшат терек басындағы мысығын көріп, оны “мыш-мыш” деп шақыра бастады. Мияулаған мысық ағаштан дірілдей келіп, тұяғымен жеңіл секіріп, алақанына түсті.

Елшаттың құшағындағы бала мысық: “Дүние осынша көп күрестерге толы екен-ау!”, – деп күрсініп жіберді.


ПІЛДІҢ БҰЗАУЫ
Піл үнемі бұзауына әдепті болу, басқаларды силап жүру жөнінде тәлім береді екен. Пілдің бұзауы да шешесінің сөзін мүләйімдікпен тыңдап, айтқанын әбден ұғып отырыпты. Бір күні пілдің бұзауы орманға саяхатқа баратын болып, шешесі оған бірнеше ақкөңіл қарлығашты қосып беріпті. Олар келе жатып, жол-жөнекей жайылып жүрген көп сиырды көріпті. Пілдің бұзауын көрген сиырлар одан шошып, ығыса бастапты. Бірақ пілдің бұзауы оларға иіліп тағзым етіп:

– Қош тұрдыңыздар! – деп сәлемдесіпті. Мұны көрген қарлығаштардың біреуі:

– Пілдің бұзауы сиырлардан денелі бола тұра, оларға қалайша тағзым етеді, – деп қалыпты. Ал пілдің бұзауы оны елемей жүре беріпті. Жол-жөнекей оларға қалың қой ұшырасыпты. Қойлар пілдің бұзауынан үдере үркіпті. Пілдің бұзауы оларға тағы тағзым етіп:

– Қош тұрдыңыздар! – депті. Мұны көрген әлгі қарлығаш тағы да таңдай қағыпты.

Пілдің бұзауы енді жайылып жүрген көп қоянға кезігіпті. Қояндар одан шошып секеңдей қашыпты. Пілдің бұзауы оларға да мейірі жанарын төңкеріп:

– Қош тұрдыңдар, кішкентай достар! – депті. Әлгі қарлығаш бұған тіпті қайран қалыпты.

Пілдің бұзауы шешесінің қасына үйіне қайтып келген соң, әлгі қарлығаш оның неліктен әуелі сиырларға, одан онан да кіші қойға, тіпті қояндарға да тәжім еткенін сұрапты. Сонда пілдің бұзауы:

– Мұның бәрін анам үйреткен, олардың денесі менен кіші болғанымен, жасы үлкен адал жандар емес пе, сондықтан да кішілікпен оларға тағзым еттім, – депті. Мұны естіген піл ұзын тұмсығымен баласының мойнынан құшақтап тұрып, құшырлана сүйіпті. Қарлығаштар оның кішпейілділігін жыр етіп мақтанышпен сайрай жөнеліпті.


ШЕГІРТКЕНІҢ ШЕБЕРЛІГІ
Бір шегіртке торғайдан қашып жүріп шыныдағы сүтке түсіп кетіпті. Оны көрген торғай:

– Ей, бейшара, бидайдың баратын жері диірмен, қайда қашып құтылам дейсің, бір айналып келіп әлің құрығанда алып қайтармын, – деп күліпті.

Шынының ернеуі әрі майда әрі терең болғандықтан шегіртке қанша секірсе де өнімі болмапты. Әбден титықтаған оның есіне әлде бір ақыл орала кетіпті де, сүттің ішінде аяғын ескек етіп, тынымсыз секіріпті. Сүтті сабалап есе беріпті, есе беріпті. Аяқтары ауырып, сілесі қатқанша серпи беріпті, серпи беріпті. Ақыры сүттің бетінде түймедей май пайда болыпты. Майдың төбесіне секіріп шыққан шегіртке енді бір секіріп жағаға шығыпты. Анадайда оны көріп тұрған инелік:

– Керемет, керемет нағыз шеберлік, нағыз еңбек! Жанталаспай жан қалмайды, – деп алақайлапты.



МАҚТАНШАҚ МАШИНА
Жол бойында құйғытқан көк машина әнге басып барады:

Қара жолды таптаймын,

Ешкімге қол артпаймын,

Зырылдаймын тынбастан,

Бекер қарап жатпаймын.

Өзімді-өзім мақтаймын,

Мақтаймын, мақтаймын!

Мұны естіп қалған асфальт жол шамданып:

– Машина, байқа астында мен болмасам, белгілісің, – деді. Оны қостаған жүргізуші:

– Машина, мен болмасам, қалай жүресің, байқа! – деді. Оларды кәперіне алмаған машина онан ары даурығып:

– Біреуің табанымдасың, біреуің үстімдесің, барлығың менің садақама тұрасыңдар ма, а-ха-хай, о-ох-хой, – деп онан арман әндетті.

Машинамызда болған жүргізуші де газды күшейте берді. Ал асфальт жол үзігін төседі, ағынмен келе жатқан машина асфальт жолдың үзіліп, кедір жерге ұласқанын көрді. Бірақ күшті ағыспен келе жатқандықтан өзін тоқтата алмай, секеңдеп, секірген күйі жол шетіндегі сазға кірді. Төрт дөңгелегі батпақ-құйға белшесінен батты. Ол енді жүргізушіге мөлие қарап:

–Жүргізуші-ау, мені шығарып алсаңшы,–деп жыламсырады. Асфальт жолдан кешірім сұрап:

– Айтқаныңды ұқпап едім, ендігіде әсте ондай дандайсымайын, көмектесе көріңдер, – деді.

Миығынан күлген саз:

– Асқақтағандарға ескертеріміз көп, – деп солқылдап тұрды.


ТӨРТ ОШАҚТЫҢ ЕРЕГЕСІ
Ағайынды төрт ошақ бір үйдің балалары болатын. Оның ең үлкені көмір ошақ, екіншісі керосин ошақ, үшіншісі электр ошағы, төртіншісі газ ошағы.

Күндердің бірінде төрт ошақ бір үйде бас қосып қалды да, адамдар жоқ кезде қызу әңгіме қозғады, сөзді көмір ошақ бастады:

– Мен бәрінен үлкен ағамын, маған адамдар ағаш жақсы да, көмір жақса да, мейлі, үйін дереу жылытамын, тамағын дереу пісіремін, тұтыну құным да арзан және...

Оның сөзін керосин ошақ бөліп жіберді:

– Ағасы-ау, ол қасиеттер мына менде де бар ғой, несіне мақтанасыз, мақтануды білгенде кемдігіңді де айтсаңшы, бұрқылдап жататын күл-қоқырыңызды, адамдарды өлтіруге дейін барған ысыңызды қалай жасырасыз, ал мен болсам, керосин болса ғана болғаны, оның үстіне...

Оның сөзін электр ошақ бөліп жіберді:

– Ойбай, ағасы, сіз де айтады-ақ екенсіз, сізде қанша өнер бар, үйді жылытуды білмейсіз, үлкен ағаны сөгесіз, өзіңізден шығатын ыс, түтін аз ба, адамдардың қолын былғағаны қаперіңізге де кірмейді, сізге қарағанда мен жылмақтай жігітпін ғой, күл-қоқырым да жоқ, ток көзіне жалғаса болғаны, тамақты да пісіремін, жылу да шаша аламын, қатер аз болумен бірге ...

Оның сөзін газ ошақ бөліп жіберді:

– Кіші аға, сіз де кетіңкіреп қалдыңыз, тоқтың қатері аз деп кім айтады, талайлар өлді емес пе, оның үстіне жейтін тоғыңыз да баршылық, ток ақшасының өзі бір жерге барып болмай ма, ток жолынан өрт қаупін де тудырасыз, ток үзілсе, істемей қаласыз, ыс-түтін, күл-қоқырдан аулақпын, қажетке қарай аз болса аз, көп болса көп газ жіберіп отырамын, әрі пайдаланатын газым қасымда тұрады, бағам да арзан, адамдардың пайдалануына керек ошақпын.

– Менің қай жерім кем екен?! – деп айғайлады керосин ошақ.

– Электр заманы менікі болмай кімдікі? – деп әкіреңдеді электр ошақ.

Газ ошақ:

– Төрелігін заман айтар, дей беріп еді, сырттан бұлардың дабырын естіп бір адам кіріп келді. Барлығы шулап оған шағым айтты. Әркім өз құндарын асырып, біріне-бірі тебітіп, төбелесумен болды. Адам оларға басу айтып:

– Барлығың да белгілі ерекшелікке иесіңдер, алайда қоғамның даму қажетіне бағынбаса да болмайды. Қазір ең қолайлысы газ ошақ болып отыр, – деп түйіндеді сөзін. Барлығы жым болып, газ ошаққа қарады. Газ ошақ жымия езу тартты.



ҚАПШАҒАЙ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛҒАН
Ерте, ерте, ертеде Қапшағай деген еңбекқор жігіт болыпты. Сол жылдардың бірінде ерекше қуаңшылық болып, бүкіл даланы шөл жайлапты.

Мұны көрген Қапшағай құдық қазуға кірісіпті. Күнімен қазыпты, су шықпапты, түнімен қазыпты, су шықпапты айлап қазыпты тағы су шықпапты. Мұны көрген басқалар:

– О, Қабеке, қызыл тасты тырмалап мұнша әуре болғаның қайткенің, бәрі бір су шықпайды ғой, – деп күліпті. Ал Қапшағай болса:

– Бүгін шықпаса, ертең шығады. Биыл шықпаса, келесі жылы шығады, – деп жерді қаза беріпті, қаза беріпті.

Шөл далада сексеуілдің түбіндегі оның күркесін көрген басқалар енді:

– Нағыз ақымақ! – деп келеке ететін болыпты.

Мұны елең құрлы көрмеген Қапшағай әйелі мен балаларын ертіп әкеліп, бірлікте қазыпты. Темір ломдары инедей, қайлалары қасықтай болғанша қазыпты. Ломдары болмағанда инемен шұқып қазыпты.

Қапшағайдың еңбегіне риза болған Алла Тағала ақыры мөп-мөлдір суын сыйлапты. Мөлдір суға құмарлана еңкейген Қапшағай сонда ғана өзінің сақал-мұртының ағарып кеткенін көріпті. Қос алақанымен суды көсіп алып беті-қолын жуғанда сақал-мұрты дереу қарайып шыға келген екен. Адам мен жан-жануарлар суға қарық болыпты. Дала жап-жасыл түске ауысыпты.

Еңбегінің тәтті жемісін өз көздерімен көріп, қайран қалған халық:

– Еңбек етсең инемен құдық қазған Қапшағайдай бол, – деп тәмсіл етіпті.

Сонан бастап еңбеккерлік туралы сөз болғанда ел: “Инемен құдық қазғандай” деген мәтел қолданатын болыпты.

Ал, Қапшағай қазған сол құдықтан шыққан су күні бүгінге дейін “Қапшағай өзені” немесе “Қапшағай көлі” аталып кеткен екен.



ПІЛ МЕН ТЫШҚАН
Ерте, ерте ертеде піл мен тышқан дос екен. Күндердің бірінде екеуі бірлікте егін салып, астық жинапты. Қамбадағы астықты пілдің иеленіп алуынан қорыққан тышқанның ойына арамдық еніпті. Ол қамбадағы астықтың астынан ін қазып, жер астындағы өз қамбасына таситын болыпты. Әр күні түнде піл ұйқыға кеткен кезде тышқан ұрлық істейді екен.

Бір күні қамбадағы іннің аузын байқап қалған піл оны бітеп тастаса, ертесі тағы да ашылып қалыпты. Тышқаннан сұраса ол:

– Аллай, беллай, мен емеспін, көрген жоқпын! – деп зерезеп болыпты.

Ақыры тышқан бүкіл астықты ұрлап тауысыпты. Бар пәленің тышқаннан келгенін енді ғана сезген аңқау піл ашуы келіп оған тап беріпті, қуып жетіп табанымен таптап өлтірмекші болғанда тышқан інге кіріп құтылып кетіпті.

Осылайша олардың достығы жаулыққа айналыпты. Күні бүгінге дейін пілдің тышқанның інін көрсе табанымен басып тұрып қалатыны сол өшпенділіктен қалған екен.

АҚ БОТА
Ақ бота алғаш туғанда әдемі еді. Ақ шудасы желкілдеп өркештері шошаңдап ойнақ салатын. Енесін емірене еміп, уызға тойып тайраң қағатын.

Жаз бойы енесімен бірге жүргенде бұл дүниеде өзінен бақытты ешкім бар дегенге сенбейтін еді.

Алтай бойына қараша келіп, ақ мылтық боран соқты. Алыс керуен бойында енесіне еріп келіп жатқан ақ бота адасып кетті.

Олай жүгірді, қар ұшқындары ұрғылап ештеңе көрінбейді. Бұлай жүгірді, өзен жарына келіп тірелді. Нәзік мұңлы дауысымен боздай берді, боздай берді. Бірақ ақ боран оның үнін жұтып әкетті.

Кенет, ақ ботаның көзіне қалың қардың арасынан шоқтай жанған қос жарық көрінді, ақбота солай бұрылып еді. Мәссаған, қасқыр екен. Жота жүндері күдірейіп бұған тұра ұмтылды, ақ бота бар пәрменімен қаша жөнелді. Қасқыр қуып келеді. Ырсылдаған үні тірсегіне таяғанда ақботаның бойында жан қалмады, “бітті, бәрі бітті!” деп ойлады, тарс еткен үн шығып, ақ болат қасат басқан ұраға құлады.

Қасқырда үстіне бірге құлады “өлдім” деп ойлаған ақ бота ақырын көзін ашса қасқыр үстінде жатыр, бірақ ботаға тиіспепті. Сөйтсе, жар басында аңшы ағай тұр екен. Ол қасқырды атып алыпты, сөйтіп ақ бота аман қалыпты.

Аңшы ағай ақ ботаны үйіне алып келіп, қалың түйелерге қосты. Ақ інгенді енесіне ұқсатып жетіп барып еді, ол артқы аяғымен теуіп жіберді.

Ақ бота тағы да жылап жіберді, боздағанда мөлдір қара көзінен жас домалайды. Тағы бір інгеннің алдына барып шөп жей бергені сол еді, ол аузын арандай ашып бұған жынын бүрікті, әуелі алдынғы өркешінен тістеп үлгерді, тұра қашқан ақ бота тағы жылады. Ол дүниеде анасынан аяулы ешкімнің жоғын сезінді. Көз алдына анасы келді, тағы жылады. Ақ ботаның боздаған үні сай-саланы жаңғыртып жатты.

Енесінің ақ сүтін аңсаған оның таңдайына шөп жақпай әбден ашықты, әдемі тіп-тік өркештері жапырайып қалды. Аяз күндері басқа боталар енесінің бауырына тығылып жылынғанда, бұл дір-дір етіп жылап тұратын еді. Бірақ қанша боздасада енесінің енді оралмайтынын білді. Ендеше ақботаға қалайда өмір сүру керек болды.

Ақыры ақ бота қайратына мінді, тал басына мойнын созып бұтақтардың бүрін жеуді үйренді, ши түбінің ұйысқан қияқтарын жұлып жейтін болды. Асау інгендердің артына бая атандардың алдына тұрмайтын болды. Өзін басқа боталармен ұқсас санап, олармен тайраңдап жарысатын болды, жарысқанда ақбота бәрінен озатын еді.

Ақ ботаның басқа боталардан мықты болып, тез есейіп келе жатқанын көрген баяғы аңшы ағай оның өркешіне әдемі ақ үкі қадады. Бұл күні ақ ботаның қуанышында шек болмады. Ақ үкісі бұлғаңдап олай-былай шапқылады, адасқан енесі қайтып келгендей қуанды.

Ақ бота шынында тез өсті. Иесі оған аздап жүк те арта бастады. Арқасына жүк батқан ақбота алғашында бірақ тулап та көрді, ақыры бәрін көтерді.

Араға айлар салып ақ бота тайлақ болды, тайлақтан есейіп атанша болды.

Жұрт ақ ботаға шаңырақ салып, керуеннің бірінші бұйдасын тақты, көш алдында келе жатқан баяғы ақ бота, қазіргі ақ атан тағы да боздап қоятын еді. Оның көз алдында екі көзі мөлдіреген, ақ шудасы желбіреген, ақ уызын берген аяулы енесі тұратын.

Қазіргі түйелердің боздауы сол ақ ботадан қалған зар екен.
БАЛАНЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ
Ерте, ерте, ертеде қазақ даласын шегіртке жайлапты.

Егістіктер тақырға айналып, ағаштар жапырағынан айырылып, жалаңаш қалыпты. Киіз үйлерге қонған шегіртке туырлық екеш туырлықты да жеп кетіпті. Үйлер уық керегесімен ғана қалып, арса-арсасы шығыпты. Бұл апат патшаны састырып, уәзірлерді қарбаластыққа түсіріпті.

Шабармандар тұс-тұсқа шапқылап дал болыпты. Шегіртке әдейі басынғандай, патшаның алтын ордасына дейін басып кіріпті. Патша уәзірлерінен ақыл сұраса, бірі:

– Дәрімен құрту керек, – десе, енді бірі:

– Отпен құрту керек, – дейді екен. Енді біреуі:

– Оның жұмыртқа жасайтын жерін құртуымыз керек, – десе, тағы біреуі:

– Қыста барлығы үсіп өлмей ме? – деп бас қатырыпты. Шегіртке мәселесіне қатысты бірнеше уәзір орнынан кетіп, бір қанша шабарман зорығып өліпті.

Ақыры мұның шарасын табатындығын айтып, ордаға құс бағушы бала келіпті. Бірақ, оның сөзіне ешкім нанбапты. Әуелі уәзірлері келеке етіпті.

Амалы таусылған бала ақыры қара торғай қамаған құс шарбағының аузын ашыпты, сол-ақ екен, топ-тобымен дүркірей ұшқан қара торғай шегірткелерді жей бастапты, әбден тойған қара торғайлар дереу бұлақ бойын барып суға шомылып, тұмсығымен қанаттарындағы шегіртке майын жуып тастап, қайта шегіртке аулауға аттанады екен.

Халық бір жағынан баланың тапқырлығына таңқалса, бір жағынан қара торғайдың еңбекқорлығы мен тазалығына таңқалыпты. Орда уәзірлері өздерінің надандығынан қатты ұялып:

–“Ақыл жастан, асыл тастан” деген осы екен-ау,– дескен екен.

АЮ МЕН ҚАСҚЫРЛАР
Аюдың жайлай төсіндегі көгалда құнжыңдап жүргенін көрген бөлтірік енесінен:

– Ана аюлар не істеп жүр? – деп сұрайды. Енесі оған:

– Ол қыста жейтін азығын жинап жүр ғой, балам, – деп жауап береді. Ал бөлтірік тағы да:

– Апа, біз неге азық жинамаймыз? – деп сұрайды. Енесі:

– Е, балам, алжыған аюлар қыста азық таба алмай қаламыз деп қорқады, біз қыс болса да азық тауып аламыз деп мақтанады.

Күндер өтіп қыс болады. Даланы аппақ қар қымтайды. Жер бетінде ақ түтек боран соғады. Аю таудың қуысындағы жылы үңгіріне кіріп, өзі дайындаған азығына тойып алып, алаңсыз ұйқыға кетеді.

Неше күн, неше түн жорытқан қасқырлардың тырнағына ештеңе ілікпей әбден ашығады. Сонда баяғы бөлтірік:

– Апа, сіз қыста азықты оңай тауып аламыз деп едіңіз ғой. Аюлардікі қандай рахат. Менің қарным ашты, – деп жылайды. Бөлтірікке басқа жауап таба алмаған енесі:

– Келесі жылы болсын, келесі жылы..., – деп міңгірлейді.
БАҚЫТ ҚҰСЫ
Ерте, ерте, ертеде бақыт құсы деген құс болыпты. Жүндері ақ мамық бұлттай қауырсыны жасыл жапырақтай, тұяқтары ақ ірімшіктей, көздері түннің жұлдызындай, басы бармақтай ғана екен.

Ол тұста сауысқан бақыт құсының адамдарға жіберетін елшісі болыпты. Жер бетінде жақсылық болса, патша сайласа сауысқан неше күндік жерден бақыт құсына хабар жеткізеді екен. Ал бақыт құсы кімнің басына келіп қонса, сол өмір бақи бақытты болады екен.

Бақыт құсының ұясы алты қабат аспанның ар жағында болып оған тек қана сауысқан ұшып бара алады екен. Күндер өте келе бақыт құсының аспан мен жер арасында абыройы асып, адамдардың алақанына келіп қонғанын көрген сауысқанның қызғанышы қозыпты. Ол жүз жылда бір-ақ рет жұмыртқалайтын бақыт құсын аңдап жүріп, түн қараңғылығын жамылып, бақыт құсының жұмыртқасын жер бетіне алып қашыпты. Алайда қыраулы бұлттар қанатына мұз қатырған сауысқан жер бетіне күншілік жер қалғанда шоқтай жайнаған шолпан жұлдызынан таң атып келе жатқанын сезіп, қатты сасқалақтапты. “Үһ” деп шошына тыныстағанда, аузындағы жұмыртқа түсіп кетіпті. Не істерін білмеген сауысқан жұмыртқаны қайта қағып алмақшы болғанда, жұмыртқа жарылып кетіпті. Сөйтсе, енесі бауырына басып, шайқап болып, жұмыртқаны жарып шығуға айналған балапан жұмыртқа қабыршағын тесуге аз қалған екен. Әлсіз қанаттарын сермеген бақыт құсының балапаны таңның алғашқы арайында аспан мен жер арасында бағдарсыз ұша беріпті. Ал оның енесі болса, балапанының қасіретіне қайғырып, көз жасын көлдетіп жылапты. Осы кезде жердің бетіне жаңбыр жауатын болыпты. Әр жылғы көктемнің алғашқы жаңбыры сол бақыт құсының көз жасы екен. Сондықтан да көктем жаңбыры жер бетіне ырыздық әкелетін болған. Көктем жаңбырында сауысқандардың ұша алмай тасаға тығылуында да мән бар екен.

Бақыт құсы шиыршық атып айға қарай жанталаса ұшқанда оның қанатының желі көктемнің қоңыр самалы болып еседі екен. Ай толған кездерде ол айдың бетіне қонып алып, жер бетінен балапанын іздеп телміретін болыпты. Ай бетінен біз көретін дақ сол бақыт құсының көлеңкесі екен. Адамдардың айға қарап телміруі, оны арманға балауы да тегін емес екен. Ал, сауысқан болса бақыт құсынан күнәсі үшін қатты қорқып, жер бетінен алыстап ұшпайтын болыпты. Әрі адамдарға жақсы көріну үшін тынымсыз шықылықтап, бірден бірге өсек жеткізетін болыпты. Біз көрген сауысқандардың жер бауырлай ұшып ағаштан-ағашқа секеңдеп жүруінде әне сондай әңгіме бар екен.

Ал аспан мен жер арасында қалған бақыт құсының балапаны таң ата жер бетінен ұшып өтетін болыпты. Үлкендердің “Ерте тұрған адам бақытты болады, оған бақыт құсы қонады” немесе “Ерте тұрғанның ырысы артық, бақыт құсы қонады” деуі де сонан екен. “Алалық тұрған жерде бақыт тұрмайды” дейтін әжелеріміздің ақылы да сауысқан мен бақыт құсының бастан кешуінен қалған тәмсіл болса керек.

МАЙМЫЛДАР ЖИНАЛЫСЫ
Ерте, ерте, ертеде маймыл патшалығында үлкен жиналыс болыпты. Оған бүкіл орман, тау-даладағы маймылдар тегіс қатысыпты.

Маймыл патшасы жұрт алдына шығып:

– Күллі маймыл әулеті қош келдіңіздер! – деуі-ақ мұң екен, бүкіл орман ішін шапалақ үні кернепті. Алақандарынан қатты дауыс шығара алмағандары, ағаш қабықтарын бір-біріне ұрып, өзінше барабандатқан екен, – біз бүкіл дүниежүзіндегі маймылдар бір ғана атаның баласымыз. Сондықтан береке-бірлігімізді арттырып, жауларымызға қарсы тұра білуіміз керек!

Сөз кезегі тиген басқа маймылдарда ештеңеден тайынбай, езулері көпіршіп ұзақ сөйлепті. Біреуі:

– Біз бұдан кейін өте бауырмал боламыз, – десе, екіншісі:

– Біз осынша көп күшпіз. Басымыз біріккенде ешкімнен қорықпайтын боламыз, – дейді екен.

Жиналыстың соңы бала маймылдардың алманы доп қылып тепкен мәрі-сәре ойынына жалғасыпты.

Тойлың осындай думанды шағында кенеттен найзағай ойнап, дауылды нөсер тұрыпты. Маймылдар патшалығының алдындағы алып жаңғақ ағашына найзағай тұсіп, жемісі бүкіл далаға шашылыпты. Қатты жауыннан абдырап, тұс-тұсқа қашқан маймылдар мына тегін олжаны көріп, қайта қайрылыпты. Маймыл патшасы өзі бас болып жаңғақ тере бастаған екен. Мұны көрген орманның бүкіл маймылы ағашқа үймелепті.

Ағаштың жемісі азайған сайын талас көбейіп бір-бірімен қырқыса бастапты. Тіпті патшалдарының!: «тоқтатыңдар!» – деген қатал әміріне құлақ асқан бірде-бірі болмапты.

Осылайша орманның іші ұлар-шу болып, маймылдар бірінің қанын бірі судай шашыпты. Бақырған, ойбайлаған әр түрлі ащы үндер толастамапты.

Маймылдардың мұндай берекездігін көрген аспан тәңірі қатты қаһарланыпты. Найзағайдың от қамшысын үйіріп, оларды тұс-тұсқа қуыпты.

– Сендерге опа жоқ, тәңірдің қарғысына ұшырадыңдар! – депті, жер-әлемді күңірендіріп.

Ауызда ғана әдемі сөз айтқан маймылдар, іс жүзінде өздерінің әлсіз бейшаралығын бірден танытыпты. Бастары бірікпей, өз жайларына кетісіпті.

Маймылдар сол күннен бастап, орман-тоғайларда бет-бетімен өмір сүре бастаған екен. Сонан бастап адамдар да Тәңірдің қарғысын алған олардың берекесіздігі мен құбылғыш мінездеріне қаратып, бір-біріне: «маймыл болмаңдар!» – деген ақыл айтатын болыпты.



Каталог: 87A717FA9995D60B
87A717FA9995D60B -> Үй тапсырмасын сұрау Тест жұмысы
87A717FA9995D60B -> Апталықтың мақсаты
87A717FA9995D60B -> Бағдарламасы негізінде Ақмола облысы,Қоянды орта мектебінің
87A717FA9995D60B -> Бекітемін Қоянды орта мектебінің директоры Ж. Шәкенұлы 20 15ж
87A717FA9995D60B -> Сабақ жоспары Күтілетін нәтиже: Механикалық энергия ұғымын, энергияның потенциалдық және кинетикалық түрлерін
87A717FA9995D60B -> Қоянды орта мектебінің ІІ тоқсандағы тәрбие жұмысы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есебі
87A717FA9995D60B -> Армысың асыл жер, Армысың асыл күн, Армысың досым, Міне менің қолым
87A717FA9995D60B -> Қоянды орта мектебінің ІІ тоқсандағы тәрбие жұмысы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде есебі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©www.engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет