«5В050200» – «Филология: қазақ тілі» мамандығы үшін



бет7/10
Дата27.12.2016
өлшемі1,94 Mb.
#5620
түріЖұмыс бағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

$$$002-011-000$3.2.11 Дәріс №11.

Тақырыбы:Шығыс қазақстан аймағындағы шешендік сөзге қатысты тұрақты тіркестер

Дәріс жоспары:

  1. От ауызды, орақ тілді билердің шешендік үлгідегі сөздері – ұрпақтан-ұрпаққа тарап, ғасырдан ғасырға мирас болған рухани мұра

  2. ТТ-ң пайда болуының лингвистикалық және экстарлингвистикалық себептері

  3. Жер дауына,мал дауына,құн дауына қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестер

&&&

$$$002-011-001$3.2.11.1От ауызды, орақ тілді билердің шешендік үлгідегі сөздері – ұрпақтан-ұрпаққа тарап, ғасырдан ғасырға мирас болған рухани мұра

Қазақ тарихы мен заң жүйесінде, фольклоры мен көркем әдебиеті, мәдениеті және тіл білімі саласында – билер ерекше тұлға. Халқымыздың өткен дәуірлерінде елі, жері үшін, халық қамы үшін қара қылды қақ жара әділ билік айтқан билер, шешендер аз болмаған. Әр елдің, әр ауылдың сөз тыңдар өз ақсақал, өз билері болды. Олар қазіргі соттың, прокурордың, әкімнің қызметін бір өзі атқарды және «халық биі айтса, қалып айтпайды» деп оның билігіне тоқтам жасады [102, 5]. Халықтың әдет-ғұрпын, дәстүрін жете білумен қатар ел ішіндегі сөз таласында шешендігімен, дауласа келген екі жақтың ісін қарауда тапқырлығымен, ұтқыр уәж айта отырып, тоқтамға келістіру мәнерімен қазақ даласында атағы асқақтаған билер аз болмаған.

Жоғын жоқтап келгенді, қандас туыстары, руластары бірігіп қорғасқаны мағлұм. Міне, осындай жағдайда әр ауылға, әрбір руға айтыста сөзбен ағайынның мүддесін қорғайтын, қауымның әдет-ғұрпына жетік, ойға жүйрік сөзге шебер адамдар керек болды. Ондай шешендерді халық би деп атаған. Халық сотының алдында билердің бірі талапкерлердің, екіншісі айыпкердің сөзін сөйлейді, ал үшіншісі төбе би болып төрелік сөз айтады. Қазақ қауымында ертеден калыптасқан ел ішіндегі дау-жанжалды мәмлемен шешіп реттеудің осы бір қарапайьм халықтық тәсілі дәстүрлі шешендік өнердің дамуына әсер еткен. Халық алдында талқыланатын дау-жанжал, билік-бітім сөздерде жеңіске жету үшін қазақ билерінен халықтың салт-санасын, әдет-ғұрпын жетік білумен бірге ойға ұшқыр, тілге шешен болуды талап етті. Сонымен қатар халықтың тапқыр, шешен адамға көрсететін құрметі мен билік үшін беретін сыйы («би ақысы») шешендік өнерді дамытуда ынталандырушылық, қызықтырушылық қызмет атқарған[103, 6].

Бірақ шешендік сөздер ас-тойларда, жәрмеңке-жиындарда айтылатын дау-тартыс, ақындық, шешендік айтыстармен ғана шектелмеген. Ауылдағы ойын-сауықтарда, мәслихат-жиындарда, тіпті жай отырыстарда көпті көрген қарттар үлгілі, өнегелі сөз айтып отыратын салт болған. Сондықтан да бізге жеткен сөздер арасында шешендік даулармен қатар шешендік нақыл, насихат, әзіл-тақпақ сөздер де мол. Көшпелі қазақтар арасында хан елдің бас әкімі саналып, жалпы басшылыққа ие болғанымен, ел-ішінің дау-дамайын бітіріп, екі жақты татуластырып, төрелік, билік айтатын билер болған. Билердің қолданатын заңдары, көбінесе, ата ғұрыптары, яғни көне заманнан бертінге дейін атадан балаға ауысып келе жатқан жол-жобалар. Қазақ халқы ғасырлар бойы «ата заңын», «әдет заңын» қолданып келген [104, 57]. Қазақтың шешендік сөздерін жинап, халық шешендігін бағалаған адамдардың бірі – белгілі ғалым В.В. Радлов. Ол қазақ ауыз әдебиетінің нұсқаларынан өзі құрастырған жинаққа бірнеше шешендік нақыл сөздерді енгізген. Қазақтың шешендік – тапқырлық, нақыл сөздерін алғаш жинап жариялаушы ғалымдардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Қазақтың шешендік-тапқырлық сөздерінің алғашқы қағазға түскен нұсқаларын А. Васильевтің, Ә. Диваевтың, М.Ж. Көпеевтің т.б. қолжазбаларынан, кейбір мерзімді баспасөз беттерінен ұшыратуға болады. Шешендік сөздерді ауыз әдебиетінің жеке саласы ретінде алғашқы зерттеушілердің бірі – М. Әуезов. Қазақ әдебиетінің тарихын жасауға арналған бір еңбегінде [105, 48]«Билер айтысы» деген арнаулы тақырып енгізіп, шешендік сөздердің кейбір түрлерінен мысалдар келтіреді. Шешендік сөздерді зерттеу, оның ауыз әдебиетінде алатын орнын, халықтық сипатын анықтауда бұл алғашқы еңбектің мәні зор. Отызыншы жылдары шешендік сөздерді жинау, зерттеу ісіне үлес қосқан адамдардың бірі – С. Сейфуллин. «Қазақ әдебиеті» [106, 58] дейтін кітабына «Билердің сөздері» деген тарау енгізіп, шешендік сөздерді дербес жанр деп қарайды.

Әдетте, шешендік өнер айтыс-тартыста дамиды. Сондықтан ердің құны, елдің тағдыры талқыланатын парламент сарайлары мен сот залдары шешендік өнердің ежелгі мектебі болған. Дүниежүзіне әйгілі шешендердің, көбінесе, парламенттік қайраткерлермен заң қызметкерлерінен шығатындығы кездейсоқ емес. Мәселен, Афина шешені Демосфен мен Рим шешені Цицерон әуелі адвокат, кейін парламент мүшелері, басшылары болған. Ал ХІХ-ХХ ғасырлардағы орыс шешендері А.И. Урусов пен Ф.Н. Плевако заң қызметкерінен шыққан, сол сияқты қазақ шешендері Әлібекұлы Төле, Келдібекұлы Қазыбек, Датұлы Сырым, Қорлыбайұлы Досбол т.б. қауым ішіндегі дау-жанжалдарды реттеуден бастап, елшілік-мәмілегерлік қызметтерімен белгілі болған адамдар [103, 3].Атағы тарихта қалған Ұлы жүзде Төле би, Орта жүзде Қаз дауысты Қазыбек, Кіші жүзде Әйтеке тәрізді от ауызды, орақ тілді билердің шешендік үлгідегі сөздері ұрпақтан-ұрпаққа тарап, ғасырдан ғасырға мирас болған рухани мұра.

&&&

$$$002-011-002$3.2.11.2ТТ-ң пайда болуының лингвистикалық және экстарлингвистикалық себептері

&&&

$$$002-011-002$3.2.11.3Жер дауына, мал дауына, құн дауына қатысты қалыптасқан тұрақты тіркестер

Қазақтың байырғы шешендік өнерінің бір бай саласы – шешендік дау. Шешендік арнау – адамдар арасындағы қарым-қатынасты, шешендік толғау халықтың философиялық көзқарасын көрсетеді десек, шешендік дау – қазақ қауымының, заттық және рухани даулы, мәселелерді реттейтін ежелгі әдет заңы сияқты. Шешендік дауларды мазмұнына қарай жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы және ар дауы деп беске бөліпті Б. Адамбаев. Бірыңғай мемлекеттік заңы жоқ елде барлық дау-талап мәселесі ара ағайынның қазылығымен, жол-жоба білетін тәжірибелі қарттарға жүгінумен шешілген. Халықтың әдет-ғұрпына сүйеніп, әлінше әділ төрелік беретін ойға ұста, тілге шешен адамдарды ел «би» деп атаған. Халықтың осындай қарапайым тәжірибесінен қазылық, билік-төрелік айту салты қалыптасқан [104, 14].Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестердің біразы – жер дауы мен мал дауына және құн дауына қатысты мағыналық бірліктер. Атап айтқанда:

- жер дауына қатысты: момынның ақылы үш күндік; үйде Шоңы бар, түзде Шорманы бардың не арманы бар?; Көбелдестер би болып, көппен кеңес құрған жер;билік айтса Құлшыгеш, атаңның да құнын кеш; билікті ең әуелі Бәйел айтсын, Бәйел қате дегенге дәлел айтсын;жеті ер құнсыз болсын, Күншалмас Қанжығалынікі болсын т.б.тұрақты тіркестер қалыптасқан. «Фразеологиялық оралымдар тарихта болған кейбір жайлардың, дағдылардың негізінде пайда болуы мүмкін» [116, 182], –деген пікірге сүйене отырып, белгілі бір тарихи жағдайға байланысты қалыптасқан, бірнеше басылымдарда жарияланған жеті ер құнсыз болсын, Күншалмас Қанжығалынікі болсын атты тұрақты тіркестің қалыптасу уәжіне назар аударайық. Ерейментаудағы Күншалмас деген шүйгін жайлауға Қанжығалы мен Сүйіндік (Арғын – Мейрам – Сүйіндік – Құлболды –Күлік) рулары таласып, жеті адам оққа ұшады. Нұрқан және Бапан Қанжығалының бірі – төресі, бірі – биі. Бұлардың заманында Төртуылдың адамы – Шоң би мен Шортан би. Төртуылдың Қаржас деген еліменен Қанжығалы Ерейментауға даулы болған екен. Жер турасынан ұрыс-талас болып, Баянауладан қырық орыс алып шығып, Қанжығалы ұрыс-төбелес қылыпты, орыс мылтық атып, Қанжығалының жеті ері оққа ұшып өліп, кейін Керей, Қанжығалы дауына Шорман барады. Сол кезде Шоң би Шорманға былай деп ақыл береді: «Осы үш күнге шейін бітімге шықпай бөгелгейсің. «Момынның ақылы үш күндік» деген сөз бар-ды. Үш күннен соң, Момын баласы ақылын тауысып, «өзің білге» келетұғын», – дейді. Айтқандай үш күнге шейін билікке шықпай, кідіріп, төртінші күні шыққанда Керей, Қанжығалыдан шыққан би (Нұрқан төре) аузына басқа сөз түспей «өзің біл, өзің білден» басқа дәнеме айта алмапты. Сонда Шорман би: – Өзім білсем, жеті еріңнің құнын алып, Ерейменнен күллі Қанжығалы шығып кетсең де, ықтияр өзіңде. Жоқ, жеті ерің құнсыз қалып, Ерейменді түгелімен алып қалсаң да, ықтияр өзіңде...

– Өлген жеті кісіге бола, екі болыс ел қыстап отырған Ерейменді қалай тастап шығып кетеміз? – деп, жеті ердің құнын кешіп, Ерейменді Қанжығалы иеленуге ықтияр болды дейді. Ерейменде Қаржастың жеті-ақ қыстауы бар екен. Онан өзгесі Қанжығалының бұрыннан өз қонысы екен. Шорман бидің сөзді ұтып сөйлеп, ретін келтіргенінен Қанжығалының жеті ері құнсыз кетті дейді. Қанжығалы Қоскелді Досан ақын Қаржас Елтай ақынмен айтысқанда, былай деген екен:

Ұры Қаржас деген соң, ұры Қаржас,

Жанторсығың жаныңда, сірі Қаржас.

Жаз жіберген көбеңді қыс қоймайсың,

Тұқымың мұнан жаман, құры Қаржас.

Сонда Елтай ақын:

Керей мен Қанжығалы сен емес пе ең?

Байлаулы бұзауыммен тең емес пе ең?

Кешегі жеті еріңді құнсыз қылған

Балам-ау, әкең Қаржас мен емес пе ем, –дегенде Досан ақын дәнеңе айта алмай, жеңіліп қалыпты [117, 196].С.Мұқанов: «Онда екеуі де тапқырлық, шешендік танытып, қай жеңгені үстем болады. Қазақтың істің ағы білмейді, жігіттің бағы біледі деуі содан. Бұл қай жағының биі алғыр болса, сол жағының дау иесі де үстем болып, жеңіп шығады деген мағынада айтылады» [105, 59].Жер дауын шешуде ұтымды ұтқырлықтың, ұрымтал тұсын сөзбен қақырата сөгіп, дәлелін нық бекітіп, сөзден селкеу шықпастай шешілген даудың үлгісіндей осы бір ауыз сөз ел санасында жатталып қалуы да сондықтан шығар. Қазіргі кезде ретін тауып, ақылмен кез келген түйінді істі өз қолайыңа жағымды етіп шешуіңе болады деген сөз мағынасында айтылады.



- мал дауына қатысты: Тауда Сасан, ойда – Қосан, құт қонған Шаянбай, Кеңгірбай басқаның қойына тоқты, тоққарасына бесті қайтарадыт.б. Шешендік дау ұзын сүре айтыс немесе төрелік-билік сөз болуы шарт емес. Шешендер айтыс-дауда ұзақ сөзбен ұтпайды, бір ауыз тапқыр оймен ұтады. Шешендік дау дегеніміз – айтыс үстінде тауып айтылған сол бір ауыз ұтымды сөз. Ол кейде толғау, кейде төрелік, тіпті кіріспе сөз де бола береді [118, 125].Мысалы,Кеңгірбай басқаның қойына тоқты, тоққарасына бесті қайтарадытұрақты тіркесінің қалыптасуына ел ішіндегі мал дауына қатысты әрекет негіз болған.Тобықтылармен екі ортада болған кезек жортуылдан әбден мезі болған керейлер барымтаны тоқтатып, бітімге келуді сұрап, Кеңгірбайға елші жібереді. Кеңгірбай: «Барымта басынан қайтады. Жерімді барымталап алған сен. Алдымен жерімді босат. Сонан соң алған малды мен қайтарамын», – дейді. Оған Жобалайлар көнеді де Көксаладан өтіп қоныстанады. Керейлер: «Мен жеріңді қайтардым, ал Тобықты, сен барымталап алған малымды қайтар» дегенде Кеңгірбай бұрынғы сөзін қайталап: «...жерімді басып алып пәлені бастаған өзің болатынсың. Сен жерімді алмасаң, мен барымтаға бармас едім. Ал барымтаға, қуғынға түсіп қансоқта болған малдың құны төмендейді. Тоққараңа бесті ал да біт, оған риза болмасаң, қалағаныңды істе», – дейді. Ақыры сондай төлеу беріп Жобалай кереймен бітіседі. Осыдан барып «Кеңгірбай басқаның қойына тоқты, тоққарасына бесті қайтарады» – деген сөз тарап, бидің беделі өсе түседі. С.Мұқановтың «... Кеңгірбайға дейін Арғын руларының ішінде Тобықты еселі ел болмаған көрінеді. Кеңгірбай ел тізгініне ие болып, би атанғаннан кейін, Тобықты көршілес рулармен теңдесу былай тұрсын көбін сырғытып, Тобықтыға тиісті жерді кеңейткен, Тобықтының үстемдігін күшейткен », – дейтіні осындайдан айтылған болса керек [91, 57].Қазақы ұғым-түсініктің терезесінен қарасақ шешендік сөздердің көбі ел ішіндегі саяси-әлеуметтік мәселелерді реттеуші тетіктің бірі әрі бірегейі ретінде саналған.

- құн дауына қатысты:Төйкеден ұл туыпты, ел үшін күн туыпты. Төйке қажы баласы Ақшайықтың ел үстіне ағайыны қол бастап жау боп келгенде, ел састы, етек басты, басқа күн туғанда апатты сейілткендігіне қатысты осы сөз қалыпты. Елдің берекесін аман сақтап қалған Ақшайық кейінде Найман баласының бұлбұлы атанған. Мұрын балаларының бірі Құттықадамнан тарайтын Жармұхамбет байдың мәйітін Хабар асуынан тауып, жерлегеннен кейін кек аламыз деп ағайын Құттықадам мен Жанбикеден 500-ден аса қол жинайды да, Қаратай, Әшіп деген екі ұрыны әспенсітіп отырған Өкпеті болысына болыс болып отырған Тойке баласы Шынтемір деп ауыл үстіне қалың қолмен сау ете түседі. Бейғам отырған ауылдың зәре-құты қашқан. Сөйтіп, ел жақсылары мен ара ағайынның айтулы билері мен қажылары жиналады. Екі елдің сөзін ұстап, екі адам дауға түсетін болады. Құттымбет сөзін сол кезде он сегіз жасқа келген Ақшайық ұстайды. Құн даулаушылардың сөзін жасы елуден асқан ділмар шешен, сүйегі Жанбике Ырғайбай деген адам ұстайды.

&&&

$$$002-011-100$Дәріс №11.Өзін-өзі тексеру сұрақтары немесе тестер

    1. Қазақ даласындағы шешендік өнердің бастауы неде?

    2. Би-шешендердің қазақ арасындағы қызметтері қандай болған?

    3. «Жер дауы» неге ең қиын, күрделі жайттардың бірі болып саналған?

    4. Жесір дауының қандай әлеуметтік, салттық, халықтық себептері болған?

    5. Төбе би сөзі қандай ұғымды білдіреді?

&&&

$$$002-012-000$3.2.12 Дәріс №12.

Тақырыбы: Бата, тілекке байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестердің этнолингвистикалық сипаты

Дәріс жоспары:

  1. Қазақ халқының бата-тілек сөздері туралы қысқаша шолу.Бата-тілек сөздердің мағыналық мәні, сөздік жүйесі

  2. «Бата» алу, «бата» беру дәстүрінің тілдегі көрінісі. Бата алу, бата беру – халықтың магиялық, тотемдік сенімдерінің көрінісі

  3. Қазақ ескіліктері

&&&

$$$002-012-001$3.2.12.1Қазақ халқының бата-тілек сөздері туралы қысқаша шолу.Бата-тілек сөздердің мағыналық мәні, сөздік жүйесі

Салт-дәстүріміздің сәнін келтіріп, мәнін арттыра түсетін өміршең жыр жүлгесінің бірі бата-тілек. Өз топырағымыздан жаралып, өз жеріміздің ауасы мен суынан нәр алып, шынайы халықтық сипатқа бөленіп салтымызға сіңісті боп кеткен, бірақ кез келген жайға арналып айтыла бермейтін бата-тілектің тағылымдық мәнінің орасан зор екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Оның өн бойынан бәрін де – ой ұшқырлығын, ақыл-парасатты, өмірлік тәжірибені, кемелдік пен көсемдікті, шешендік пен шеберлікті байқауға болады. Әр кезеңде туған әрбір бата-тілек бүтін бір дүние іспетті. Ол өзінің терең философиялық астарымен, эстетикалық тағылымымен, көркем құнарымен, тілдік өрнегімен ерекшеленіп тұрады.

Бата сөздердің жиналып жариялануы ХІХ ғасырдың екінші жартысында ғана қолға алынды. Бұл ретте алғашқы аталатын еңбек – түркі тектес халықтардың ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жариялаған В.В. Радловтың «Түркі халықтарының халық әдебиеті үлгілері» деген он томдық еңбегінің 1870 жылы жарық көрген үшінші томында қазақ ауыз әдебиетінің басқа түрлерімен қоса бата сөздер де қамтылған. Бұл еңбектің «Бата сөз» тарауында 76 жолдан тұратын көне үлгідегі 5 бата сөз берілген. Бата сөздер енгізілген тағы бір еңбек –қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, бастырушы Ә. Диваевтың еңбектері жарияланған «Қазақ халық творчествосы» (1989). Мұнда 59 жолдан тұратын бата үлгісі берілген. Осы кезге дейінгі жарияланған бата сөздер мен ел аузында, сондай-ақ, мұрағаттарда қолжазба күйінде сақталған бата сөздерді топтастырған – С. Негимов. «Ақ бата» жинағы 1992 жылы жарық көрді. 1998 жылы М. Есламжанұлының «Баталар» жинағы жарыққа шықты. Сонымен бірге, З.Б. Үмбеталина, Б.Р. Оспанова, Б. Мамырбаевалардың осы бағыттағы зерттеулері батаның әдеби тұрғыдан қарастырылуына арналса, Ж. Нұрсұлтанқызы, Г. Абдвахитовалар бата сөздерінің түрлеріне, ұлттық мәдени ерекшеліктерін, ал Г.Смағұлова қолданыс ерекшелігін қарастырады. Сонымен қатар түрлі әдет-ғұрып, салт-дәстүр үлгілерін жинастыруға атсалысушы С. Кенжеахметұлы, А. Жүнісұлы сынды және т.б. этнограф ғалымдардың еңбектерінен бата және тілек мәнді сөздерді тұшынып оқуға болады. Бата-тілек сөздердің теориялық, тәжірибелік мәні, сонымен бірге олардың ақын-жазушылар шығармаларындағы стильдік қызметтері зерделенгенмен [92, 24],құрамында ру, тайпа, оның табы, танымал адамдар есімі қатысқан бата, тілек сөздері арнайы қарастырылған емес.

Бата-тілектердің өзіндік сөздік жүйесі, ұлағаттық үлгісі, мағыналық мәні болған. Шығыс Қазақстан аймағындағы ру-тайпа, оның табы, танымал адамдары есімдеріне қатысты да қалыптасқан тұрақты бата-тілек үлгілері жетерлік.



&&&

$$$002-012-001$3.2.12.2«Бата» алу, «бата» беру дәстүрінің тілдегі көрінісі. Бата алу, бата беру – халықтың магиялық, тотемдік сенімдерінің көрінісі

Қазақ өмірінде аузы уәлі деп саналатын атақты адамдардан іздеп жүріп «бата» алу дәстүрі қазіргі күнге дейін жалғастығын табуда. Мысалы, арғында Әлтеке Дос батырдың 7-8 жасар немересі Жидебайға түсінде атасы аян беріп: «Алашқа аты шыққан Қабанбай батырдың барып батасын алып қал», – дейді. Осы ретпен Қабанбайдан бата сұрап келген балаға Қабанбай: «Жарайды балам, түнде түсімде Дос батыр айтып еді», – деп, батасын береді: «Төрт киелі алмажайым бар еді, біреуін саған байладым, ал балам», – деп, Қабанбай батыр жорыққа аттанып кетеді. Сөйтсе, төрт алмажайының бірі қызыл түлкі дегені болады екен. Сонысын беріп кеткен екен... Абылай хан үш жүздің баласы қазаққа хан болғанда Әлтеке Сарым Жидебай атақты батырының бірі болып, Абылай ханға қолбасы болған екен. Бір жаққа аттанарда, қосын жүргізерде Үйсіннен ақ шабдар атты алғызып, Әлтеке Сарым Жидебайға мінгізеді екен. Жидебайға айсыз қараңғы түн тал түстей жарық, боран-соран ашық күндей, жан таба алмаған жерді көріп қойғандай табады екен. Біреудің пышақ, шақпағы бара жатқанда қалған болса, айсыз қараңғы түн болсын мейлі, жауын-шашын, боран болсын мейлі, жүріп келе жатып, найзасын шаншып тұра қалып, ал осы жерді қарай ғой дегенде, қалған-құтқан нәрсесін тауып алады екен. «Сен осыны қалай табасың?» – деп, сұрағандарға, жан сырын айтпайды екен. Абылай хан: Осының қызыл түлкісі бар, ұйықтап жатқанда, қойнын ашып қарашы», – деп, біреуге қадағала деп тапсырып қояды. Сол адам аңдып жүріп, қарауылда елсіз далада жатқанында ақырын басып барып қараса, өңірінің астында, төсінің үстінде жатқан қызыл түлкіні көріпті. Түлкі жалт қарағанда, үрейі ұшып, қаша жөнеліпті. Қайыра келіп көргенін айтыпты. Көргені бар болсын, екі көзіне шел қаптап кетіп, көзінен айырылыпты», – деген аңызды Мәшһүр Жүсіптен оқимыз [123, 37].Біз бұл мысалдан сөз құдіретінің, сөз магиясының ұлылығын көреміз. Сөздің сиқырлы күшінің құдіретін сезіне білгендіктен адамдарды желеп-жебеп жүретін тілек пен бата сөздері көпшіліктің санасына суггестиялық ықпалын тигізеді. Ю.Липс магиялық сөз құдіретіне байланысты өзінің пікірін былай тұжырымдайды: «Магия слова в наиболее яркой своей форме проявляется тогда, когда угрожающего жеста вовсе не делают и он заменяется исключительно живой речью» [124, 209].Тіптен, сөз магиясының құдіретіне соншалықты иланған адам, қарғысқа ұшырадым деп, өзін іштей азаптап, «жанын жегендіктен» де жоғарыда айтылғандай су қараңғылыққа ұшырауы. Қазақ халқының сөз құдіретіне үлкен сеніммен қарағанының бір көрінісі – бата сөздерінде. Кейінгі кездері бата беру, бата сөз жанрына қатысты белгілі фольклорист Едіге Тұрсынов Джеймс Фрезердің пікіріне сүйене отырып, көптеген батырлар жырында кездесетін бата сөз жанрының негізі – жорыққа кетіп бара жатқан адамның бойына күш-қуат беретін, жамандықтан қорғайтын сөз құдіретінің күшіне деген сенімнен туындағанын өзек етеді [125, 457]. Сонымен қатар, ҚСЭ-да: бата – қазақ халқының ғұрпында адал ниет, жақсы тілек білдірудің бір түрі. Өте ерте заманнан атап бата беру кейде өлеңмен, кейде тақпақ, қара сөзбен айтылып, ауыз әдебиетінің бір жанры болып қалыптасқан. Бата беру, бата алу салтында күнделікті өмірдің пайдалы жағын салыстыру сипатымен қатар анимистік-магиялық наным-сенімдердің элементі кездеседі. Белгілі бір істі бастауда, жолға, жорыққа, аңға шығар алдында белді, беделді адамнан немесе әз ақсақалдан бата алуда осы екеуінің де ізі бар екенін көрсетеді.

Бата беру, бата сұрау ұлттық дәстүрге айналып, тотемдік, магиялық сенімдердің негізінде нығайды. Бата сұрау кезіндегі екі қолды көкке жаю, тілек тілеп болған соң «әумин» деп бетті сипап, қайыру берілер жақсылықты қабылдап алдым, бойыма сіңіріп алдым деген магиялық ұғымды қалыптастырған, яғни жеті қат көктен келетін оң өрісті бойға дарыту. Жақсы тілекпен берілген бата адамның өзегін тіктер күш-жігер, қайрат үстейді.



&&&

$$$002-012-001$3.2.12.3Қазақ ескіліктері

Ұлт – тіл – мәдениет бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, ата-баба дәстүрін, салтын бойына сіңіре отырып, дәуірден-дәуірге құндылық ретінде таралып келе жатқан біздің зерттеу нысанамыз қазақтың ескіліктері де тіл мен мәдениеттің, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің байланысын бейнелеп, халықтың ұлттық мәдени ерекшеліктерін анық көрсетіп отырады. М. Әуезов өзінің «Әдебиет тарихы» атты еңбегінде: «Қазақ әдебиетіне көз салып жүрген адамдардың алдына ескіліктің нобай суретін қалқитып беруге жараса, өз міндетін атқарғаны деп білеміз. Алғашқы істің мақсаты сол болғандықтан бұл қызметтің тұсындағы қолданған әдісіміз: ескі күннен бастап Абай мезгіліне шейін қазақ тілінде шыққан сырлы сөздің түрлерін айырып, жік-жікке бөліп, әр дәуірден қадау-қадау қойып, сол белгілер бойынша тарих шаңы басып жатқан ескіліктің желісін созып шығу болды. Қазақ ескілігін тексерген тұңғыш қызметте біздің көздеген мақсатымыз: әуелі қазақ елінің өз қанынан туып, өз сүтімен өскен ескіліктің ұлы денесін тұрғызып алмақшы болдық... Қазақтың ежелгі ескілігі бұл уақытта ешкімнің де есінде жоқ. Сол себепті алысқа ұзатып кеткен заман туралы, қай тарихшы сөйлесе де нобаймен, долбар сөзбен айтады. Дәлді мағлұматтың болмайтын себебі: қазақ ескілігінің жазу күйінде сақталып қалған белгісі жоқ. Қазақ елінің ішкі өмірі екі үлкен дәуірге бөлінеді. Бұның біреуі – ісләм діні кірген соңғы мезгіл. Екіншісі – содан арғы ескі дәуір. Бұл дәуірдің біздің заманымызға жеткен белгілері болса, елдің кейбір әдет-салтында, өлең, жырында, ескілікті ұғымында қалған белгілер болады»[129, 11], – дейді. Демек, тілімізден көрініс тауып, ұлттық сипатқа ие болып келе жатқан қазақтың ежелгі салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының алуан үлгілері «ескіліктер» терминін иеленгендігін көреміз.

Олай болса, біздің қазақ ескіліктерін қарастырудағы негізгі нысанымыз бата және тілек сөздерінің де аталып отырған әдет-ғұрып, наным-сенімдер қатарынан орын алып, ескіліктердің тілдегі айрықша көрінісінің бірі екендіктері айқын танылады. Атап айтқанда, арғын болсаң алтай бол, найман болсаң матай бол, алшын болсаң адай бол, ол болмасаң, мейлің, Құдай бол!- әр іргелі рудың ішінде сауырлысы болса керек, яғни арғында – алтай, найманда – матай, алшында – адай, яғниәркім белгілі дәрежеде өз елін, өз жерін мақтан тұтады дегенге саяды [130, 43].Қазақ болсаң керей бол, алты алашқа мерей бол! Жоңғар шапқыншылығы кезінде Абылай ханның тұсында керейлер ерекше көзге түседі. Жәнібек Бердәулетұлы керей сарбаздарын бастап, жоңғар соғысы кезінде неше мәрте ерлік көрсеткен, елін, жерін жаудан қорғаған. Жәнібек батырдың ерен ерлігіне риза болған Абылай хан батырдың еңбегін бағалаған. Қазақ болсаң керей бол, алты алашқа мерей бол! – деген Төле бидің сөзі қанатты сөзге айналған [131, 36].

- Мұрындай мол қыл, сыбандай сырдаң қылма, қыржыдай қырысқақ қылма, ақымбеттей ұрысқақ қылма,– деп Мәмбетқұл бабамыз бата береді екен. Найман ішіндегі Байыс балаларының мінез-құлқы әртүрлі болса да, барлығын бір жерге ұйыстырып, бірлігін арттырып отырған қара шаңырақ [132].

Қазақ ескіліктерінің сырына терең үңілмес бұрын, алдымен «ескілік» дегеніміздің өзі не мағына беріп, қандай маңызға ие болып отырғандығына тоқталуды жөн көрдік.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: а) Ескілік – 1. сын. ескіге тән. Мысалы: Осы сияқты ескілік мінездерді өткір сынайтын мысалдардың бірі – «Мысық пен Шыбын» (С. Қирабаев); 2. кәрі, көне. Мысалы: Байқасам жігітімнің самай шашы көк бурылданып, өңінде ескілік әжім осылып жатыр (С. Бегалин); 3. ежелгі, ескі. Мысалы: – Рақмет, достым, – деді Сұлтан жымиып, – сенің арқаңда екі шал ескілік кекті қойды (Ж. Молдағалиев); ә) Ескілік – зат. Бұрынғы ескі қоғамның кертартпа салт-санасы, әдет-ғұрпы. Мысалы: Ескілік мықты отырған ауылда бұл ырымдардың ешқайсысына қарсы келуге болмады (С. Мұқанов); б) Ескілікті - сын. е. ежелгі, байырғы, баяғы, бұрынғы. Мысалы: 1. Біз көрген Дели, Бенарес тәрізді ұлы қалаларда және одан басқа ескілікті қалаларда театр жоқ (М. Әуезов); 2. Бұрынғы өткен заманда, Ескілікті адамда Әзімбай атты бай болды (Қамбар батыр) [133, 446].Үлкен қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздікте: а) ескілік – древность, пережиток, давность, старина, старый; б) ескілікті ырым – старинное поверье, ескі салт – древний обычай [134, 6].Жоғарыда келтірілген түрлі анықтамалардан «ескілік» терминінің әртүрлі мағыналарда, атап айтқанда, заттық, сындық мағынаны, сонымен қатар атауыштық мәнге ие болып тұрғанын да көреміз. «Ескілік» сөзінің негізгі мағынасы «ежелгі», байырғы болса да белгілі бір контексте «ескілікті ырым» мағынасында беріліп, белгілі бір әдет-ғұрыптың ежелден қолданыс тауып келе жатқандығынан көрініс береді. Сонымен бірге «ескілік» терминіне орыс тілінің түсіндірме сөздігінде: «Пережиток – то, что сохраняется от прошлого и не соответствует современным нормам. Пережитки прошлого – унаследованные от старого общества прежних социально-экономических отношений, взглядов, идей, нравов: равнодушие к интересам общества, нарушение норм общественной жизни» [135, 483]; Орыс тілінің синонимдер сөздігінде: старина, древность. а) Прежние, давнопрошедшие времена. Древность — очень отдаленные времена, глубокая старина. Например: Ты бы посмотрел, как в старину гуляли! (Л. Толстой). б) Все то, что относится к далекому, прошлому. Старина–старинные предметы, памятники, явления, обычаи и.т.п. далекого, прошлого; слово древность (обычно мн. древности) употребляется преимущественно по отношению к вещам, предметам очень отдаленного прошлого, глубокой старины; Например: Добытые нами древности 18 века в Хара-Хото оказались очень интересными (Обручев). в. Старинный, старый, древний. Относящийся к давним временам, к отдаленному прошлому. Старинный–созданный, возникший и.т.п в старину, в далеком прошлом, относящийся к далекому прошлому; слово старый указывает обычно на возникновение, появление и.т.п. к очень отдаленным временам, к глубокой старине. Например: на Онежском озере есть несколько старинных монастырей (М.Пришвин)[136, 498].

Сонымен, келтірілген орыс ғалымдарының «ескілік» ұғымына қатысты анықтамаларын түйіндей келе, ескіліктердің қазақ халқында ғана емес, орыс тіл білімінде де қолданысқа ие және өткен уақытқа қатысты, сонымен қатар, салт-дәстүрге де байланысты атау екенін көреміз.

Жоғарыда аталған түрлі пікір, анықтама, қағидаларды жинақтай келіп, қорытындылайтын болсақ, «ескілік» терминіне, «ол – әр ұлттың ежелден салт-санасында, әдет-ғұрпында сақталып келе жатқан, байырғы тұрмыс-тіршілігін, тарихын бейнелеуші, әрі жаңғыртушы тілдік бірліктер және ұрпақтан-ұрпаққа тіл арқылы жеткізіліп отырған рухани құндылықтар» деп тұжырымдауға болады. Ескіліктер жөнінде сөз қозғағанда, олардың тіл білімінің маңызды саласы этнолингвистиканың зерттеу көздерінің бірі – тұрақты тіркестерге қатыстылығына тоқталмау мүмкін емес.

Қазақ халқының бата-тілек сөздері туралы А.Байтұрсынов батаны ғұрып сөзіне жатқыза келіп: «Бата біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз. Батаны ақсақал адамдар айтады» [137, 430]– десе, Х.Досмұхамедұлы: «Өз ісінің әбден төселген, ысылған, тәжірибелі шебері, мәселен, би, ақын, бақсы, зергер және т.б. өзінің қасиетті өнерін ізбасар шәкірттеріне аманат етіп тапсырғанда ақ батасын береді», – дейді [138, 6]. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: бата - өлген адамға бағышталып оқылынатын дұға, құранның бірінші сүресінің аты; игі тілек, алғыс; ақ бата – жолың болсын, ісің сәтті болсын деген мағыналарды береді [139, 146].

Сонымен, Шығыс Қазақстан аймағындағы шешендік сөзге қатысты ру-тайпа атауларынан қалыптасқан тұрақты тіркестер белгілі бір мәселеге байланысты тапқыр ой, көркем тілмен айтылған және халық қабылдап, жиі қолданып, сөйлемдік құрамы қалыптасқан жүйелі, үлгілі сөздер. Онда халықтың басынан кешірген уақиғалары, ата заңына саятын жөн-жоралғы қалыптары тұрақты тіркес ретінде көрініс тапқан.

&&&

$$$002-012-100$Дәріс №12.Өзін-өзі тексеру сұрақтары


    1. Қазақ тіліндегі бата-тілек сөздерді зерттеген ғалымдарды атаңыз?

    2. «Бата» сөзінің этимологиясын қалай түсіндіруге болады?

    3. «Бата алу» салтының магиялық көрінісі неде? Бұл салттық бүгінгі жалғасы қалай орын алған?

    4. «Абай жолы» романында Құнанбайдың Әмірге қандай теріс бата бергенін есіңізге түсіріңіз? Сондағы Нұрғанымның жағдайы қандай болды?

    5. Ескіліктер дегеніміз не?


&&&


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет