Алдаспан алтын жұмыртқа



Дата27.12.2016
өлшемі129,75 Kb.
#6070
АЛДАСПАН
Алтын жұмыртқа
Қылыш шағында-ақ әдебиет көгінен жарқырап шалынған Мұхтар Мағауиннің жұлдызы бүгін де тым биіктен, тым дара көрінеді. Қырық жылдан кейін баспасөз бетін көрген бозым қаламнан туған “Бір уыс бидай» аталатын алақандай әңгімеден бастап, байсал тұста жазылған “Қыпшақ аруы» психологиялық әфсана хикаятына дейінгі аралықта қалың оқырманның рухани жауһарына айналған талай тамаша туындылар жазушының аты-жөнін Темірқазықтай әйгілегені күмәнсіз ақиқат. Еш күлбілтелемей, міңгірлемей мойындаған жөн. Ал қаламгердің кілең кереметтерінің ішінен сүзіп алар інжу-маржандардың көшбастаушысы ретінде ұдайы “Қобыз сарынын» ойланбастан ауызға алатыны бекер емес-ау. Оны жіті байыздап, тап басу үшін жанкешті жазушының жан-дүниесіне тереңірек бойлап, сыры сан қатпарлы, сан қабатты шығармашылық қазынасына қырағы жанармен үңілуің керек…

Кез келген әңгіме-дүкенінде, сұхбат сәтінде, алқалы басқосуларда үкілеп, шоқтықтап, ардақтап айтатыны – “Қобыз сарыны» мен “Алдаспан». Мұхаңның аузынан талай мәрте естідік. Өзі де сан дүркін жазды. Ішіне ине айналмайтын ішмерездердің көңілін алаңдатып, ұйқысын қашырған ғажайып еңбектер – Мағауин үшін, бейнелеп айтсақ, алтын жұмыртқа еді. “Іштен шыққан шұбар жылан» дейтін баршаға ортақ қағида бұл жерге жүрмейді. Сондықтан да сұңғыла суреткер ғасырлар қойнауынан аршып алған әр сөзін, әр жолын, әр ойын қызғыштай қорғайды.

– Жас кезіңде жалғыз алтын жұмыртқа тапсаң, қалған ғұмырың соны қорумен өтеді екен, бауырым, – деген еді Мұхтар аға бір кездескенімде.

Тосын түйін. Пайымды пікір. Ордалы ой орамы.

Бір қуанарлығы, қаламгердің шаршаңқы жүзінен гөрі, келешекті барлаған өткір жанары мен жігерлі үні айрықша назар аудартқандай.
Әдебиеттің археологы
Майталман шебер Мұхтар Мағауиннің қалам қарымы кез келген туындысынан андыздап тұрады. Теңіз дәмі – тамшыдан. Жазушы тілінің шұрайлылығы, қанатты қиялының ұшқырлығы, мұхиттай ойының тұңғиық шалқарлығы мен көркем кестелігін сөз саптауынан ә дегеннен-ақ танисың. Зергердің әсем өрілген зеріндей қас шебердің қаламұшынан төгілген зерделі сөз әмәнда сан қатпарлы астарына те­реңірек үңілдірері анық. Қай тақырыпқа қалам сілтемесін Мағауин мерейін марқайтар айшықты дара қолтаңбасы атойлап қарсы алса керек. Сон-а-ау жаратылыс жаралғаннан, бәлки одан арғы ықылым заманнан бергі төрткүл дүниенің асты-үстінде болған жағдаяттардан бастап, бүгінгі бастан кешіп отырған атом дәуірін көктей өтіп, келешек көкжиектерден барлау-болжам сұлбалай алатын жазушы білімімен кез келген жанның пікір сайыстыруға жүрегі дауаламас. Мұхаң көп оқыған, көп тоқыған. Оның білімі мен білігі тар аяда, тек әдебиет төңірегінде ғана емес, әлемдік құбылыстардан білмейтіні жоқ. Бір қуаныштысы, оны ол айғайлап айтпайды, өзінің “менін» әр шығармасында – алақандай әңгіме-тәмсілінен бастап, көп планды шырғалаңға толы романдарына дейін, ең ақыры, дүбірлі дүниенің заманауи тыныс-бүлкілінен хабардар етер ой-толғақтарында шеберлікпен жеткізеді. Мұның бәрі қазақ атамның “Білекті – бірді жығар, білімді – мыңды жығар» дейтін ұлағатына саятындай.

Түйген-түйсігі шартарапты қамтыған жазушының қаламнан қалт еткен тұсында әлемдік жыр жауһарларын жастанып оқып, дүние жүзінде ең озық үлгі саналған туындыларға жанар сүзуі әрдайым өз жемісін беретіні де сөзсіз. Кітапқұмар жазушы бірде әдетінше Алматыдағы кітап дүкендерін шетінен адақтап шығып, жаңадан шыққан рухани қазыналармен асықпай танысады. Өзіне ұнаған құшақ-құшақ кітаптарды сатып алған ол сөрелерде жалт-жұлт етіп сірескен ежелгі тарихқа қатысты, археологияға арналған энциклопедияларға, том-том кітаптар мен кере қарыс альбомдарға қызыға қарайды. Әрқайсысын алақанына салып аялай ұстап парақтайды.

– Мұхтар аға, бұларды қайтесіз. Тікелей археология тақырыбына арналған кітаптар ғой, – дейді сатушы қыз қылаусыз кейіпте. – Оның үстіне бағалары да удай. Біразы көне тарих шежіресі сияқты. Әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

– Ой, айналайын, қарағым. Сізге қатысы жоқ, археолог емессіз дейсің бе? – Сәл-пәл үнсіз тұрған жазушы өзіне жылыұшырай кеңес берген таныс та, бейтаныс кітап сатушыға бар ықыласын аударған. – Қателесесіз, қалқам. Мен әдебиеттегі археологпын ғой. Археолог болмасақ, тарихи хикаят, тарихи роман қалай жазылады?! Бабаларымыздан жеткен тарихи тәбәріктей көрінер салхар даланың ескерткіш-жәдігерлері – тас мүсіндер мен биік қорым басындағы балбалдар сырын ұғып, бүгінгі буынға көркем туынды ретінде ұсыну үшін, бізге қалам ұстаған пақырыңа археолог болуға тура келеді. Тарихи деректер мен оқиғалардың қалтарысы мол қатпарларына әдебиеттегі археологтардың ой көзімен үңілгенде ғана шынайы келісті туынды туса керек…

– Түсіндім. – Ұшқары ойының қателігін аңғарған сатушы қыз риясыз жымия тіл қатқан.

Әдебиет әлемін орда бұзар отызға жетпей-ақ дүр сілкіндірген әуелгі туындысы “Қобыз сарыны» монографиясынан бастап, байсал шағында дүниеге келген “Қыпшақ аруы» хикаятының аралығында әдебиеттің ақиық археологы қашаған кесек те, шоқтықты шығармалар шоғыры талайлардың назарын әлі де өзіне аудара берері бек мүмкін.


Жазығы жақсы жыр жазғаны ма?
Қазақ даңқын аспандатқан Абай тойының дабылы саябырсымаған күйі жаңа дүбірге ұласқан. Алаш жұрты жыр алыбы Жамбылдың бір жарым ғасырлық мерекесіне жаппай жұмылған-ды. Ықылым заман көз жасы құрғамаған, мың өліп, мың тірілген бостан еліміздің тәй-тәй қадамымен келген түйдек-түйдек қуаныштарымызды көп көрген ішмерездер де ұшырасқан алас-күлес кез. Уысынан шығарып алған әккі империяның жымысқы мысықтілеу саясаты да қыбын тауып аяқтан шалып қалуда. Асыл арыстарымыздың ардақ атына қаңқу лепестерін жапсырып, асқақ арына кір жағуды мансұқ еткен пиғылы бұрыс мүскіндер әр-әредік әр тұстан бой көрсеткені жасырын емес. Өкініштісі, жат ниетті жандай­шаптар қатарында өзіміздің мәңгүрттердің жүруі.

Ұлы жырау тойы қарсаңында олардың оғаш ойларын өз құлағымызбен талай мәрте естідік те. Қызылкеңірдек боп керісіп, дай-дай боп таласушылардың ұшқары уәжі: “Өмір-бақи кеңестік дәуірді дәріптеген. Қызыл көсемдерді, партияны талмай жырлаған. Әдеби хатшыларының айтып бергенінен онша ұзап шыға алмапты…». Дүмбілез өркеуделердің өресіздігіне қаның қайнайды-ай! Сөздің нарқы мен парқын парасатпен пайымдай алмаған саңылаусыздар санасының саяздығына қарның ашады. Ал осындай доңайбат көрсетушілерге тосқауыл ретінде қара сөздің алдаспаны Мағауиннен естіген жалғыз ауыз орамды, әмсе көлденең тартамын.

Жазушылар одағының қасиетті шаңырағында өзім аса қастер тұтатын қаламгерді жолықтырдым. Мейірімді шуаққа толы көздері күлімдеген Мұхтар ағаны қаумалай ортаға алған ақын-жазушылар Төлек Тілеуханов, Зейнолла Тілеужанов, Тұрған Тох­тамов, Рафаэль Ниязбеков, Сәрсенбі Дәуітов қызу әңгіме-дүкеніне кіріскенге ұқсайды. Сөз тізгіні – Мұхаңда. Бар ынта-шынтымен ықыластана құлақ түрген өзгелері үн-түнсіз. Әдептен озбаған қалпы шырайлы әңгіме шырқын бұзбай, қас-қа­бақпен сәлемдесе әріптестер сапына тұра қалдым. Ә дегеннен елең ете түскенім рас. Пікірталас ой-бөліс Жамбыл жайында секілді.

– Оттай береді, – деді зілсіз жымиған жазушы жебедей қияқ мұртының ұшын ширата сипап. – Жәкеңнің отпен суарылған өрт өлеңдері болмаса, көрер ем гитарасын сабалаған селтекбайлардың әуселесін. Блокаданың шідерлі құрсауын тас-талқан етіп бұзған Жамбылдың қаһарлы толғауы. Ал, өздерің менен де жақсы білесіңдер. Балшабектердің күн көсемдері Ленин мен Сталин туралы бүкіл жер шары ақындарының арасында біздің Жәкеңдей кестелеп, келістіріп айтқан бірде-біреуі жоқ. Әлем әдебиетін саралайтын болсаңыз, сонау арғы заманнан бастап, эллин-рим дәуірінен бергі ақындардың арнау жырларын, одан кейінгі Шығыстың ұлы шайырларын қарасаңыз, өткен ғасырлардағы орыс ақындарының өнернамасына тереңірек үңілсеңіз, мадақ жанрының ежелден сорап тартатынын, өзіндік сипаты мен өзіндік заңы бар екенін аңғарасыз. Осы орайдан зерделесек ол мадақ өлеңінің шоқтығы биік, асқан үздік үлгісін дүниеге әкелді. Естеріңде болар, Лениннің 100 жылдығына арнап әлемнің өңкей аузымен құс тістеген дүлдүлдерінің өлеңдерінен құрастырылған жинақ жарық көрген. Менің байқауымша, соның ішіндегі ең дарасы да, ең данасы да Жамбыл жыры. Сонда деймін-ау. Жәкемнің кінәсі не? Жазығы жақсы жыр жазғаны ма?! Мінеки, өздерің құлақ түріңдерші:


Күнсіздерге күн болған,

Жер жүзіне нұр болған,

Ақылдың кені данышпан.

Жер жүзінің кіндігі –

Мавзолейдің тасында.

Жер жүзінің шырағы –

Кремльде – қасыңда.

Езілгенді теңедің,

Зарыққанды жебедің,

“Жер жүзіне шам-шырақ

Орнатамын!» – деп едің.
Құздан құлаған тас бұлақтай тегеурінді толғауды төгілте жөнелген Мұхаңмен жарыса күбірлегенімізді біз де сезбей қалғанбыз. Бұл – санамызда өшпестей қашалып, жадымызда жатталған мәңгі өлмес өлеңнің құдіреті.

Ақиқатын айтқан жөн. Жалпақ жұрттың жүрегінде құндақталған мұндай жауһар жырлар некен-саяқ.

Жоғарыдағы ой ұшқындарын көрнекті қаламгеріміз Одақта өткен Жамбылға бай­ланысты алқалы жиында тереңдете шегелей түскені де әлі есте.

– Осындайда ойға оралады. Бірде Мәскеуде әріптестермен бас қосқан әдепкі отырыста бір үлкен орыс жазушысы маған қиямпұрыстау сұрақ қойғаны бар. “Сіздер Жамбыл Жабаевты әлі де құрметтейсіздер ме? Ол Сталинді мақтаған ғой» дейді. – Мысқылдай күлген Мұхтар аға сөзін жалғаған. – Сонда мен бүйдедім: Сталинді ХХ ғасырдың ұлы ақыны Анна Ахматова мақтаған. ХХ ғасырдың ұлы жазушысы Пастернак мақтаған. Бүкіл дүние таныған Мандельштам мақтаған. Басқаларды тізбелемей-ақ қояйын. Бірақ солардың бәрі де Жамбылдан артық келістіріп жырлай алмаған. Өйткені, олардан Жамбылдың ақындық таланты артық еді. Міне, осы іспетті ілгішекті, біздің Жәкеңе тиісе сөйлеу, кекету қазіргі орыс басылымдарының сарынына да айналғандай. Бұл – империялық астамшылдық пікір, қазақты мұқатудың бір түрі.

Шынтуайтына келгенде ақын қиялынан туған асыл сөз тозбайды, уақыт озған сайын түрленіп, жаңара береді. Біз Жамбыл толғаған мадақ, марапат жырларының бәрін қазақ әдебиетінің, қазақ поэзиясының ескірмес озық үлгісі деп қарауымыз керек, қазақ сөз өнерінің мәңгілік ескерткіші деп қарауымыз керек. Сондықтан да жарқыраған жаһұт жырымызды келер ұрпаққа сол саф күйінде жеткізуіміз керек.

Пендешілікті қойсайшы. Әйтпесе, жақсы жырладың деп жыр-жүректі жосықсыз жазғырмас едік-ау…


Қастеріміз де, қасиетіміз де
Тәуелсіздік! Ақ түйенің қарыны жарылғандай ақжарылқап заман талай тұманың бітелген көзін ашқан. Бұрын-соңды естімеген батыр бабаларымыздың, әулие аталарымыздың, орақ ауызды, қырғи тілді шешендеріміздің, тарих шежіресінен сызып тастап, жадымыздан мүлдем өшіре жаздаған небір баһадүрлеріміз бен бәйтеректеріміздің есімдерін түйдек-түйдегімен жалғанның жарығына шығарып әйгілей бастаған.

Қазақтың ұзақ сағына күткен қуанышы жылдарға ұласқан еді. Орыс патшалары мен батырларының, АҚШ президенттері мен астронавтарының аты-жөндерін жөргегінен шықпай жатып жаттап өскен өзіміздің мәңгүрттер мен шүршіттер қалың ұйқыдан оянғандай. Тіпті, қайсыбірлері: “Бұ неғылған толып кеткен батырлар мен билер, әулиелер мен әмбиелер, жазушылар мен ғалымдар? Шынымен-ақ, бәрі де біздің қазақтан шыққан ба, осы?!» деп екіұдай күй кешкен. Есімдерін еміс-еміс білетін, күні кеше ғана өмір сүрген қазақ зиялыларының мерейтойларын бірінен соң бірі салтанатпен, дүрілдетіп өткізе бастағаны бар.

Қазекемнің ежелден қанына сіңген қасиеті емес пе. Үлкенді-кішілі, әртүрлі деңгейдегі той-томалақ ұлан-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде жарыса өткізілді. Жай ретімен, өлшемімен өткізілсе бір сәрі. Баяғы бәсеке, баяғы тыраш, баяғы даң­­ғаза. Шеттен шыққан астамшылықтың, дарақылықтың соңы ұлыларды ұлықтау емес, әркім жарыса өз ата-бабасын, өз руын дәріптеуге ұласқан. Мұндай аста-төкте көзге бірден оғаш көрінгені – оңды-солды шапан жауып, шапан үлестіру.

Алғашында жоғалып кеткен салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың үзігіндей жылыұшырайтын жоралғылар тым аз уақыттың ішінде жиіркентіп жібергендей еді. Осыны жан дүниесімен байқаған аса сезімтал ақынымыз, халқымыздың біртуар ұлы Олжас Сүлейменов бір аламан тойдың үстінде:

– Айналайын қазақтар, бұдан былай орынсыз шапанизацияны тоқтатайық, – деп әдемі ескертті. – Керісінше, өзіміз ел болып төбемізге көтеріп отырған бабаларымыздың, я болмаса үлкенді-кішілі юбилярларымыздың мерейін асқақтататын тамаша ілтипатымыз бен құрметімізді көрсетейік. Өзімізді танытайық.

Бұл ойды заматында қаузай түскен тұла бойы тұнған қазақ, әйгілі қаламгер Мұхтар Мағауин:

– Олжекеңдікі өте дұрыс. “Шапанизация» сөзінің астарына тереңірек үңілейік. Ол мына жалпақ жұртқа қазағымның ең қастерлі киімі – шапан мен қалпақты аяқасты етпейік, өзіміздің ұлттық дәстүрімізді қасиеттей білейік дегенді мегзеп тұр. Әсіреқызыл әрекеттің несі жақсы дейсіз.

Иә, ойшылдардың ордалы ойы әрдайым қарапайым сөздермен өрілсе керек. Олжастың аузынан шыққан сұңғыла сөз іле ғибратты тәмсілге айналып кеткені де баршаға аян.


Маған өз қаламдастарым қымбат»
…Бүкіл шығармашылық ғұмырының нобай-сұлбасын “Алтын дәптеріне» студенттік жылдардың өзінде-ақ шегелеп түзіп қойған Мұхтар Мағауин әр күнін емес-ау, әр сағатын текке жібермеген. Бәйге сәйгүлігіндей жараған қуатты қаламы әмсе керме көгінде. Бабы келісті де, керім. Сергек, серпінді, сенімді қаламы ұшынан ұшқан қанатты ойлар ешкімді де бейжай қалдырмасы және анық. Үлкен өмірдің тіршілік-тынысын қалт жібермей қадағалап отырар бейне барометрдей. Бәрі-бәрін мүлтіксіз сезеді-ай!

Қиял ұшқындары роман, хикаят, әңгімелер желісіне ұласып, ақ парақ бетіне төгіліп жатады мөлтілдеп. Ілкі сәт сол арынды ағыстарын ірке тұрып айнала-төңірегіндегі қым-қуыт құбылыстарға үн қосады. Дер кезінде қалам сілтемесе, көмейіне кептеліп, тіл ұшына жетіп келген кескекті пікірлерін шідерлемей оқырманмен бөлісу Мұхаңның ежелден қанға сіңген қасиеті. Өзгелерден әмәнда оқшаулап тұратын да өзіне ғана тән осынау серек мінез.

Сондықтан да былғары қолғаптың баһадүрі Бақтияр Артаевтың айдарлы жеңісіне ұлының жемісіндей, қазағының қуанышындай айғайлап жар салады. Ағынан ақтарыла, төгіле сыр шертеді. Тебірене, толғана қалам тербейді. Мұны “Егеменнің» төл оқырмандары ұмытпаса керек...

Әпербақан әкімдер мен топас тоғышарлардың жазықсыз сілтеген балта жүзінде оталған орман-тоғайдың мүшкіл де, мүскін халіне күйінеді. Не істемек?! Амалсыз керулі кермедегі зұлпыхардай қылпылдаған қаламына жүгінеді. Аһ ұрып, қара жерге сұлаған қарағайлардың сыңсуын естір құлаққа жеткізуге асығады. Табиғатқа араша дабылын қаламмен қағады. “Жанайқай» айдарымен газетіміздің бірінші бетінде жарияланған бұл өткір сын мақаланың да үлкен жаңғырық туғызғаны мәлім.

Әдебиет әлеміндегі әйдіктер мен жазу-сызуды төңіректеген әпіл-тәпілдердің жетістіктеріне қуанып, кемшін тұстарына кейістік танытатын қаламгердің қырғи қиығы қиядағыны шалады. Тізгінді тежемей, пікірін бүкпей, мұхит ойдың селін тасқындатады-ай!..

Осындай пікір-сайыс шарпысуы үстінде күмәнді де, күрмеуі көп сауалдардың түйіндерін шешер дәлелді жауаптарын ортаға салуды ұмытпайды.

– Менің ойымша, қаламгердің жазушы болсын, ақын болсын мықтылығы мен танымалдығы шет елде шыққан кітабының санымен өлшенбеуі керек. Әсіресе, ұлттық әдебиетіміз бен өнердегі үрдістерді бағалаудың жөн-жосығы бөлекше. Ең бастысы – өз жұртымыздың қажетіне жарау. Осы орайда өз басым пәленбай деген халықтың әлем таныған кереметін Абай мен Мұхаң тұрыпты, Шортанбай мен Мұратқа айырбастамаймын. Басқалардың классигі кім болса да, маған Нұрпейісов қымбат. Еңбегі танымал алдыңғы легіңіз тұрыпты, кейінгі жасы да, атақ-дәрежесі де ортаңғы топ санатындағы марқұм Марат Қабанбаев пен көп жасағыр Сұлтанәлі Балғабаевтардың деңгейлері өзгелерден көп биік. Сондықтан да маған, менің жүрегіме әлгінде айтқанымдай өз қаламдастарым әрдайым қымбат, әрдайым жақын.

– Қазақ әдебиетінің қазіргі күйін қалай бағалайсыз?

– Ұдайы алдымнан шығар бұл сұраққа мен бейнелі түрде жауап бергім келеді, – деді Мұхаң сәл ойланып тұрып. – Алатаудың үлкенді-кішілі көк тіреген шоқыларын көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші. Бірін бірі көтеріп тұр. Қазақ әдебиеті де жазаңдағы жалғыз шоқы емес, сол Алатау сияқты, іркес-тіркес, жүлгелі аумақ, айдынды, басы бұлтқа жеткен заңғар, ұлы тіл, ұлы рух, үш мың жылдық үздік дәстүр туғызған өзгеше құбылыс. Анық ақиқаты осы.
Жазушының ерлігі
Қаламгерлердің шығармашылық ұстаханасына тереңірек үңілген сайын көптен бері жоғалтқан әлденеңді тапқандай жан сарайың байып, көңілің марқайып, ойың қанаттанып рахат күй кешесің-ау. Түс қашып, түн қатып жүрген газетшілердің мұндай мезетті әмсе бастарынан өткізе бермейтінін жасыру мүмкін емес. Өйткені, кітап оқымайтын журналистер көп. Бая-ғы-ы “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» республикамыздағы әр баспадан тәулігіне бір кітаптан шығып жататын дәуірдің көзден бұл-бұл ұшқаны қаша-а-н. Сөйтсе де аузымызды қу шөппен сүрту асылық болар. Еңсе көтерген ежелгі баспаларымыздан, іскер кәсіпкерлердің жекеменшік баспаханаларынан аткөпір болмаса да, тұщымды тәуір дүниелер жарық көруде. Солардың өзін іздеп жүріп, бас көтермей оқитын журналистердің уақыты жоқ.

Күнделікті газеттің бес-он жол хабары үшін ертеден қара кешке шейін салбөксе желіске түсіп, бүкіл бір күннің оқиғасын қас-қағым мезгілде жылт еткізіп жүгіртіп шығатын электронды “басылымдардан» қалып қоймай, жандары танауларының ұшына келген журналист ағайын қайдан кітап оқысын. Тіпті, дені өз әріптестерінің жазған мақалаларын оқымайды, газетінде не жарияланып жатқанынан бейхабар. Ащы шындық! Бас қатырмай-ақ қойыңыз. Қасыңыздағы қаламдастарыңыздан сыр суыртпақтап, пікірлесіңізші. Бәрін жайып салады. Еріксіз бас изейсіз. Ешкімді кінәлай да алмайсыз. Заман, уақыт ағысы осылай.

Бұл жәйт ұзын санынан жаңылар үлкенді-кішілі газеттердің біразына тән. Себебі, күн сайын сенсация, жағаңды ұстатар оқыс оқиғаға жолықпасың айдай анық нәрсе. Ал ойландыратын, толғандыратын, келешек көкжиегіне жанар салғызар дүниелерді саралап оқитын оқырмандар қатары селдір-селкем. Даңғаза байбаламға ұрынған ұрпақтың бойынан ұшырасар қасіретті “қасиеттің» ең сорақысы да, ең қауіптісі де осы бейқамдық, айнала-төңірегіне жүрдім-бардым селқос көз тастауы…

Арагідік әріптестер ішке сыймаған осындай келеңсіздіктерді тілге тиек етіп, жазушының жанкештілігі жайында біраз ойлар ортақ арнаға ойысқанда өзара тоғысып жатқан-ды.

– Мұхтар Мағауин кесек тұрпаттағы жазушы. Бір ғажабы, өз позициясынан бір елі айнымаған. Кеше де, бүгін де. Еменнің қарсы біткен бұтағындай мінезін әркім әрқилы түсінеді. Сосын… анау бүйтіпті, мынау сүйтіпті деп жатамыз. Бәрі – бос сөз. Мағауиннің ерлігі – “Қобыз сарыны», “Бір уыс бидай», “Тіленші» тәрізді туындылары. Күні кеше ғана Солженицынның сандырағына, орыс тілді басылымдардың байбаламына алдаспан-қаламымен жауап берді емес пе, – деді журналист-жазушы Сүлеймен Мәмет пікірін түйіндеп.

– Дұрыс айтасыз, Сүлеке. Жазушы да ерлік жасайды екен. Көзі жұмылғанша қолынан қаламын түсірмей көкейіндегісін ала қағазға түсірген Рамазан Тоқтаровтың “Бітеу жара» романы нағыз жанкештіліктен туған. Опасыз жалған дүниенің бітеу жарасына айналған озбырлықтың, сатқындықтың, алаяқтықтың, аярлықтың, қатыгездік пен жағымпаздықтың қанын сорғалатқан дүние, – деген Нұртөре Жүсіп өз пайымын шегелеп.

Осы орайдағы әңгіме желісін басқаша тараптан жүлгелеген әріптес қаламдасымыз Қайсар Әлім шығармашылық тұрақты байланысы бар, бірнеше жылдан бері хат-хабар жазысып тұратын сүйікті жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың өзін тәнті еткен ғажайып қасиеті, мойымас мінезі жөнінде ақтарыла айтқан:

– Қараңдаршы, жігіттер. Таяуда Әз-ағаңнан хат алдым. “Үш кітаптан тұратын “Менің замандастарым» атты ғұмырбаяндық роман жазып жатқанымды жазған едім ғой. Оның екінші кітабын ауруханада бітірдім. Соңғы парақтарын қасымда палатада жатқан Халима апаңа ауызша диктовать еттім. Он бес күннің ішінде он рет өліп, тірілгендей болдым. Әйтеуір, дәрігерлер аман-есен алып қалды. Ар жағын бір тағдырдың өзі біледі…» Қандай жанкештілік десеңізші. Пәлен мәрте инфаркт. Сәл тыныс алса қаламына жүгінеді, ойы мен қиялына сүйенеді. Жазушының ерлігі емес пе бұл!



Расында, ерлік демей көріңіз.
Авторы: Жанат ЕЛШІБЕК.
Каталог: referats
referats -> ӘӨЖ 894. 342. 35 Ә 20 жамбыл әлем түркілері поэзиясының алыбы меңдібай Әбілұлы А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ
referats -> Саттар Ерубаев (1914-1973) Қысқаша өмірбаяны
referats -> ӘӨЖ 951/959 ортағасырлық ТҮркі ғалымдары мен жазушылары ф. М. Махашова №36 қазақ орта мектебі, Тараз қ
referats -> Еуропалық орта ғасыр әдебиеті
referats -> Торайғыров Сұлтанмахмұт
referats -> Ілияс есенберлин
referats -> Сүйінбай Аронұлы
referats -> Сүйіктісі халықтың
referats -> С‰йіктісі халыќтыњ
referats -> Өмірбаяны мен күрескерлік ќызметі с. Д. ¤мірзаќов Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз ќ


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет