Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет



бет16/29
Дата04.11.2016
өлшемі10,86 Mb.
#99
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   29

ІІІ бөлім

ДРАМА
ДРАМАДАҒЫ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ ҚАҺАРМАН
Қазақ драматургиясы жүйесінде драма жанр ретінде трагедия, комедиямен бір мезгілде дүниеге келді. Жалпы ерекшеліктері жөнінде қазақ драмасы жанрдың дүние жүзі әдебиетіндегі сипаттарының қалыбынан көп ауытқымайды.

Күнделікті тұрмыстың єр түрлі құбалыстары драмада жан-жақты бейнеленеді. Сан алуан тартыстар драма қаһарманын ауыр шайқастарға салып, оның рухани-адамгершілігік қуатын сынап күреді, алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күресі үстінде адамдар мінезінің неше түрлі қырлары ашылады. Уақыт, заман талаптары, әлеуметтік шарттар қалыптастырған нормаларды бұзу, шеңберден шығып, шекарадан өту секілді қаһармандар әрекеті тартысты психологиялық ситуациялар, драмалық жағдайлар тудырады.

Тұрмыстың, отбасының, жеке бастың сан қилы қақтығыстарын сюжет арқауы ететін драма гипербола, гротеск секілді көркемдік құралдарды сараң қолданады, оның есесіне дәуір, нақты детальдар, табиғи бояулар бұл жанрдың өмірді реалистікпен бейнелеуіне көбірек мүмкіндік береді.

Драма кейіпкері көптеген көген көздің бірі, ол ауыр күйзеліс, үлкен сынға түсіп, тіршіліктің қиын бір кезеңін басынан өткереді; сол тар жол, тайғақ кешуде не күйреп, рухани жүдеп, тозып, тоналып шығады, не жалаң аяқ жар кешіп, маңдайына тас тиіп, сонда да мойымай, басқа түскен таудай ауыртпалықты қайыспай көтеріп, арып-ашып жүріп белге көтеріледі, салқын сабыр иесі болып марқаяды. Ерекше ескеретін бір жайт – драмалық әрекеттің ширақтық сипаты.

Қатардағы жұмыр басты пенденің, көпшіліктің өзіне ұқсас қоңыр төбел жанның басынан өтетін драма ерекше оқиғалардың түйісуінен, ерекше характердің қақтығысынан туады. Кейіпкерлер басына бұлт үйіріліп, шешім қабылдайтын, күреске түсетін шақ туады; дос кім, дұшпан кім – осылар анықталады; сөйтіп кеше оң мен солын, ақ пен қараны дәл ажыратпай жүрген адам енді аяғын байқап-байқап басатын болады, өзгені де өзін де тартыс үстінде танып шығады, басынан белгілі бір драма өткізеді. Мұның бәрі сахналық шығармада әрекет, қимыл, күрес арқылы ашылмақ. Драма кейіпкері, негізінен, көпшіліктің қоңырқай өкілі, ол басын қанша тауға, тасқа соққанмен, аспандағы айды алатын трагедиялық қаһарман деңгейіне шыға алмайды; күтпеген күйге түсіп, керемет күлкі болатын, ішек-сілеңді қатыратын комедия кейіпкері де емес, ұмтылып құлап, қайта тұрып, тағы ентелеп жүріп, мақсатына жеткенмен, бәрібір қалыбынан аспайды, кµктемде б±лқан-талқан б±зылып, бір тасып басылған шолақ өзен іспетті арнасына түсіп, қайтадан жылап аға бастайды, бұрынғы мимырт тірлігіне қайта көшеді. Сондықтан да мінезі, іс-қылығы, дүниетанымы, сөзі, жүріс-тұрысы – күллі сипаты жөнінен бұл театрға ең жиі келетін қатардағы көрерменнің өзіне ұқсас, өзіне етене, өзімен туыстас кейіпкер.

Әдебиетіміздің көп жылдар бойы жиналған фактілеріне, көркемдік процеске сүйене отырып, қазақ драмасын мынандай салаларға жіктеуге болады: а) қаһармандық драма; є) саяси-әлеуметтік драма; б) тарихи-ғұмырнамалық драма. Бұған қазіргі әдебиетімізде көріне бастаған психологиялық, лирикалық, дискуссиялық драмаларды, түрлі инсценировка-пьесаларды қосу керек.



БІРІНШІ ТАРАУ

ҚАҺАРМАНДЫҚ ДРАМА

«Қызыл сұңқарлар» драмасының шығармашылық тарихи туралы не айтуға болады?

Рас, белгілі себептердің зардабынан С. Сейфуллиннің басқа шығармалары секілді бұл туындының да қолжазбасы, автордың алғашқы эскиз, жоспары секілді дүниелер жойылған. Дегенмен драматургтың эволюциясын аңғаруға, шығармашылық ұстаханасына енуге мүмкіндік беретін материалдар ретінде пьесаның әр жылғы басылымын тексерген жөн.

Шығарма 1922 жылы Орынборда басылып шықты. Пьеса революциялық драма, пролетарлық әдебиет принциптерін ұстанып жазылған туынды.

Шығарманың идеялық дәлді бағасы сол кезде «бұл пьесаны еңбекшілер табының төңкерісі туғызған, оның геройлары күллі еңбекші тап» деп («Еңбекші қазақ», 1923, 2 ақпан) көрсеткендей, негізінен әділ берілген еді.

1926 жылы пьеса екінші рет Семейде басылып шыққанда көркемдік талаптар тұрғысынан бірқыдыру редакция жасағанын С. Сейфуллин алғы сөзде ескертеді.

Үшінші рет, 1936 жылы драматург пьесаға қайта оралды, жаңадан жазылған екі перде жарияланды («Әбедиет майданы», 1936, № 9). Осы кезде пьесаның сахнаға қайта қойылуына байланысты бірқыдыру пікірлер айтылды. («Қазақ әдебиеті», 1936, 12 шілде; «Лениншіл жас», 1936, 12 желтоқсан; «Қазақ әдебиеті», 1936, 18 желтоқсан; «Қазақ әдебиеті», 1936, 24 желтоқсан).

Журналда жарияланған үзінді – «Қызыл сұңқарлардың» белгілі тексін қайта редакциялау, өңдеу, өзгерту негізінде туған нұсқа, вариант емес, мүлде тыңнан жазылған, жаңа оқиғалы, өзге кейіпкерлері бар дүние.

Негізгі әрекет Маштай байдың шаңырағының астында өтеді. Совдеп құлатылып, қаланы қайтадан ақтар алғандықтан, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қайтадан өзгеріс түскен. Кеше ақыр заман орнағандай көрген жуандар бүгін қайта тіріліп, ауыздарынан от шашады, кеше зорлық атаулы жойылып, енді теңдікке қолымыз жетті ме деген кедей-кепшік қайтадан тұнжырайды.

Айтылмыш үзіндіні «Қызыл сұңқарлардың» прологы, яки түрме сценаларының алдында келетін көрініс деп қарауға болады. Пьесадан белгілі Жұмаш, Байділда ақтардың қолына түсіп қалу қаупінен қашып, Маштайдың үйін паналайды. Маштайдың өз есебі өзінде: біріншіден, Жұмаш қанша қызыл болса да, Анапиямен көңілдес, екіншіден, Байділданы пайдаланып, Совдеп ақшасын қолына түсіріп алса, дәулет тұрғанда аспаннан қан жауса да мұртын балта шаба ма? Бірақ қатер таянғанда, Маштай қиналмай-ақ, большевик жігітті жау қолына ұстап бере салады. Мұхамеджан Қаратаев бұл жөнінде: «Маштайда нағыз байдың, керек болған жерде өз басының қамын тап күресі, капиталистер, помещиктер, қазақ байларының мүддесіне бағындыратын байдың кейпі берілген»,- деп дұрыс айтқан («Қазақ әдебиеті», 1937, 18 қаңтар).

Үзіндіде Дарабай болыс, оның інісі Төлеутай, Маһира, Анапия, Нұрила секілді әйелдер, комендант Чех, Джорж сияқты шетелдіктер мінез даралығымен ашылмаса да драматург ізденістеріне куә боларлық персонаждар.

Сонымен, біздің ойымызша, «Қызыл сұңқарлар» драмасының алғаш 1960 жылы жазушының көп томдық шығармалар жинағында жарияланған вариантын негізгі, жүйелі, тиянақты нұсқа деп тану дұрыс болмақ. Драматург шығармашылығын зерттеушілер үшін, пьесаны сахнаға шығармақ режиссерлер үшін айтылған үлгілердің қай-қайсысын қарастырып, пайдаланудың ерсілігі жоқтығы, әрине, дау тудырмайды.

«Қызыл сұңқарлар» драмасының жазылу мезгілі, бір жағынан, Сәкен Сейфуллиннің пролетарлық дүниетанымды ерте меңгеріп, көркем шығармашылықты төңкеріс платформасына бұлтақсыз, тура жолмен келгендігін көрсете, екінші жағынан, қазақ әдебиетінің эстетикалық-философиялық биік деңгейге тез, шапшаң көтерілгендігін дәлелдейді.

Белгілі монографиясында Әбділда Тәжібаев әйгілі «Бронепоезд 14-69», «Любовь Яровая», «Мылтықты адам», «Эскадра өлімі», «Оптимистік трагедия» шығармаларының «Қызыл сұңқарлардан» уақыт жөнінен кешірек туғанын айтады. («Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы». А., 1971, 121-бет.)

Өзбек совет драматургиясының тұңғыш туындысы Хамза Хакимзаде Ниязидің «Бай мен батырақ» пьесасының негізгі арнасы - әйел теңдігі мәселесі; ал алғашқы қырғыз пьесалары «Нәсреддин әпенді» (1927), «Ескі тұрмыс», «Ескіден қалған еншілерде» дәстүрлі оқиғалар айтылады. Сондықтан Сәбит Мұқановтың: «Қызыл сұңқарлар» қазақ драматургиясының тарихында саяси тақырыпқа бірінші рет жазылған пьеса. Мұнда жазушы семья тұрмысын суреттеу дәстүрінен шығып, әлеуметтік жағынан баса зер салған. Жеке адамның тілегі бұл пьесада әлеуметтік тілекке орын берген»,- деген («Қазақ әдебиеті», 1936, 21 шілде) пікірін жалғастырып, бұл пьеса арқылы Сәкен Сейфуллин түркі тілдес әдебиеттер тарихында жаңа бетбұрыс жасады дейміз.

Осындай саяси идеялы драма зақ жылдар ұлттық театрларымызда қойылумен бірге, қырғыз, қарақалпақ сахналарында шықты («Қазақ әдебиеті», 1964, 23 мамыр; «Қырғызстан мәдениеті», 1972, 19 қаңтар).

Сєкен Сейфуллиннің екінші драмалық драмалық шығармасы «Қызыл сұңқарлар» пьесасы тақырыбымен, образдарымен, идеясымен, стильдік көркемдік ерекшеліктерімен, бүкіл бітімімен қазақ әдебиетінің тарихындағы ерекше мәнді, кезеңдік туындылардың бірі болып қала бермек. Жиырмасыншы-отызыншы жылдарда, бір жағы, дөрекі вульгаризмнің салдарынан, екінші жағы, эстетикалық-әлеуметтік критерий - өлшемдердің ұмыт болуынан бұл шығарма терең, объективті бағаланбай келсе, кейінгі зерттеушілері (Ы. Исмайлов, С. Қирабаев), негізінен, әділ, пікір айтты. Дегенмен, осы туындының көркемдік структурасына, поэтикасына, идеялық нысанына, құрылысына байланысты тұжырым толық тамамдалып бітті деуге ешкімнің де аузы бармас деп білеміз.

Ең алдымен айтатын нәрсе, ұлт әдебиетінде әлі негізі, арнасы жоқ күрделі де қиын жанрда революция шындығын арқау етіп алу арқылы С. Сейфуллин жаңа санадағы қаламгер, қазақ әдебиетінде соны принциптерді көркем тәжірибеде бірінші болып қолданған жазушы екендігін танытты.

Жанрлық жаңалығы өз алдына, туындының тосын, соны идеялық-эстетикалық сипаттары салған жерден ашыла бастайды. Қазақ арасында ғасырлар бойы тұрақты мағынада жұмсалып келген сөздерге автор жаңа әлеуметтік мән беріп, соларды метафорлық, тіпті символдық ұғымда қолданады. Енді тұлпар, сұңқар емес, асау тұлпар, қызыл сұңқар. Енді шабатын жүйрік ат, самғайтын құс туралы айтылып тұрған жоқ. Кесепат атаулыны, зорлықшы, қара жүрек атаулыны, әлеуметтік, рухани, нәсілдік, экономикалық теңсіздік атаулыны түгел жоятын, дүниені жаңғыртатын ер туралы айтылып отыр, оны күллі әлем тілінде ортақ сөзбен революционер деп атайды.

Қолжазба, тіпті оқылатын кітап күйінде қалып қоймай, сонау шым-шытырақ төңкеріліп жатқан астан-кестен заманда, жаңа дәуірдің, болашақ күндердің дабыл үніндей болып сахнаға шықты. Ол ұлт өнеріндегі жаңа жанрдың басы, әдебиет тарихындағы сирек шығармалардың бірі.

Алғашқы перде қазақ әдебиетінде бұрын мүлде көрсетілмеген ерекше, оқыс объектіні бейнелеуден басталады. Ұлт өміріне тән дала, әки жайлау, күзеу, қыстау, тіпті киіз үй, тас үй де емес, сахара перзенттері – көшпенділер үшін мүлде жат абақты-түрме шығады алдыңыздан. Отаршыл озбырлар, қанаушы жауыздар әкелген, бостандық сүйгіш ерлерді тұншықтырып, су түбіне жіберетін, жаншып, езіп, құртатын жер осы. Сылдыр-сылдыр шынжыр, міз бақпайтын меңіреу қабырға.

Бұл тас қоршау, көр зынданда жатқандар арасында ұлт араздығы жоқ, әлеуметтік-таптың, антагонистік қайшылық – сырттағы жаулармен. Кеше Құрманғазы, Абай, Мәди, декабристер, Достоевский жатқан жер. Бүгін бұл түрмеде большевиктер жатыр: орыстар, қазақтар. Бұларға қысым көрсетуші ақгвардияшылар, Колчактың бөлтіріктері. Тағы да баррикаданың екі жағында кімдер тұрғаны айқын – революционер, контрреволюционерлер.

Бұрынғы қазақ әдебиетіндегі интернационализм басқа елдер туындыларын аударудан, өзге жұрттар тақырыбына барудан, шығармашылық құралдарды игеруден, жеке қайраткерлер арасындағы достықтан көрінсе, енді Сейфуллин шығармашылығында әр түрлі ұлт өкілдерінің революция жолында бірлесіп күресуін бейнелеу факторы өнердің интернационалдық пафосының жаңа сапаға көтерілгендігін дәлелдейді.

Психологиялық дағдарыстың дәл үстінен шығамыз. Ой жіберіп қарасақ: күні кеше ғана қару алып, патша әкімшілігінің жергілікті қазықтарына балта шапқан, пролетариат диктатурасын қарумен орнатқан революционерлер – Совдеп мүшелері қолға түсіп қамауда жатыр. Қанды балақ, қара жүрек контрреволюционерлер аянып қала ма? Ату, асу, шабу… Минут сайын бас салып, жұтып қоюға єзір жалаңдаған ажал.

Драматург осындай өте күрделі ситуациядағы адамдардың жан дүниесін, сезім күйлерін, негізінен, реалистікпен бейнелейді. Революцияға әркім әр түрлі жолмен келген: мінез, қайрат-жігер, тіпті дүниетаным әр түрлі. Адам ғұмыры өліммен бетпе-бет тұрған сәт. Жасаған іс, сөйлеген сөз, ойлаған ой, қысқасы, осы уақытқа дейінгі барша болмыстың қыл көпірге жеткенде бақа күйге ауысып, қымбат дегенің арзандап, ауыр санағаның жеңілдеп, болымсыз көргенің нәрленіп, мәнсізге балағаның асыл тартса, қайтер едің? Ер азаматтар үшін бәрі бәз-баяғы қалпында тұра ма?

Драма жанрының табиғатын терең түсінген жас Сейфуллин өмірде өзі, достары бастан кешкен қысталаң, ауыр оқиғаны пьесаға сәтімен арқау етіп алған. Бір камерада отырған қазағы бар, орысы бар кешегі Соведептің мүшелері әр түрлі характер танытады. Орынсыз патетика, тақпақты, қызылсөз жоқ. Іштей қыстыққан, тәні де жаны да шаршап шалдыққан, тіршілік үміті кесілгендей, шырағы сөнетіндей болып отырған адамдардың аузынан шығатын сөздердің сыртқы жарқыл, бояу-кестесінен гөрі астарлы мағынасы, түпкі салмағы басым. Сол кездегі қатардағы қазақтардай емес, шығарма кейіпкерлері заманның ең үлкен күресіне қатысу арқылы өскен нар өркешті адамдар, бұлардың сөйлеу мәнерінде бүкіл революционерге тән екпін, жаңа өрнектер бар.

Пъесаның осындай ерекше жаңалығы, эстетикалық байлығы, қымбат сапасы, жиырмасыншы жылдардағы социалистік мұраттар бағытындағы әдебиеттің әдебиеттің негізгі принциптерін ұғып болмаған қаламгерлер үшін олқылық, зор кемшілік, өнердің ұлттық дәстүрінен қол үзу болып көрінуі жеке бастың антипатия-симпатиясынан туған нәрсе еместі, сөз жоқ, бұл дүниетанымға, көркемдік мұраттарға тығыз байланысты құбылыс еді.

Адамдардың ішкі әлемі өлем балтасы желкеге таянғанда ең әуелі күйзеліс, күрсіну, қайғы арқылы көрініс береді.

Байділда, Еркебұлан, Ақметқали, Үсен…

Бәрі де қапыда қолға түскенге бармақ шайнайды, іш қазандай қайнайды. Байділда - орыс қимылдың, ұрт мінездің, қолма-қол әрекеттің адамы. Революция жолына түскен Ақметқали ата дәстүрінен ат кекілін мүлде кесісіп кеткендей емес, ертең не боларын тап басып айтып берер, адастырмас әулиедей көріп, малдас құрып алып, құмалаққа көз тігеді. Тар қия, тас босағадағы алғашқы тепкі Үсенді есеңгіретіп тастаған, қалтырап тұр, райынан қайтқан, әйтеуір абақтыдан шығарса екен дейді, мыналарды сол ретте сатып кетуден тайынатын қалпы жоқ. Бұлардың ішіндегі жігерлісі – саналы күрескер Еркебұлан, оның бойында ер жүрек революционерлерге тән оптимистік рух, трагедиялық жағдайда қалса да, ертеңгі күннен түңілмейтін, өршіл сенім бар. Совдеп мүшелері семсер жүзіне, оқтың өтіне келгенде, тұтас алғанда жұмылған бір жұдырық іспетті.

Қарсы топтың жауыздық ызғары гарнизон бастығының бейнесінде көрінеді. Бұл Ленин сөзімен айтқанда, халықтар түрмесі болған патшалы Россияның отаршылдық саясаты тудырған, қаны сорғалаған шовинистің дәл өзі. Совдеп мүшелерін, әсіресе қазақ азаматтарын, әлеуметтік майданның күрескері, идеологиялық қарсыласы деп білмейді, нәсілдік тұрғыдан жек көреді. Алтайдан Атырауға, Сібірден Самарқанға дейінгі байтақ өңірді ғасырлар бойы мекен еткен, мың жылдарға созылған тарихы бар, томырылып жатқан көл-көсір байлық иесі халық отаршыл жауыздар сайрандаған күнге тап болады. Орыс пролетариаты мен қазақ кедейі білекке білек қосып, бірге шауып, патшаны тақтан құлатқанда, ақгвардияшыл офицерлер мен адмирал Колчак болып, көзіне қан толып, құтыранған қасқыр секілді бастарын тауға, тасқа соғады. Сондай антогонияда жүргенде қолдарына революционерлер түссе, олар мынадай камерада жатса не істемек, қалай сөйлемек?

Арғысы Пугачев, Разин, декабристері бар, бүгінгі большевиктер – орыстар үшін патшаға қарсы шығу кісі таңырқар бұзықтық емес, ал мына көшпенділерге не жоқ екен, ақ офицер осыны ойлағанда зығырданы қайнап, селкілдеп кетеді.

Гарнизон бастығы мен Еркебұлан арасындағы диалог екі дүниетаным, кереғар, жат, қарсы идеологиялар шайқасының ұшқыны. Моральдық жеңіс, логикалық салмақ Еркебұлан жағында, мұны ақ офицер сезіп тұр. Қара көш, дәл қазіргі билік мұның қолында. Еркебұланды қылышпен ұру, камерадағыларға шынжыр салу әрекеттері онсыз да шатынап тұрған психологиялық күйзелісті асқындыра түседі.

Драматург жеке детальдарға, заттарға мән беріп, оларды қажетті сахналық, көркемдік құрал ретінде жұмсайды. Ақметқали мен Байділда арасындағы характер қақтығысына себепші – құмалақ. Теңсіздікке, әлеуметтік әділетсіздікке қарсы қару алып, революционерлер жасағына қосылған Ақметқали бойындағы қайшылық айқын. Бұл әлі құдайдың бар, жоқтығына күдік келтіретін, дүниенің жаратылу, даму себептерін ойланатын деңгейге жеткен кісі емес. Қызу қанды Байділда – жалаң қылыш, бұрын мұсылман баласы айтпақ түгіл, ойға алуының өзі күпірлік болар тентек сөздері оның оқып-тоқығаннан, не естігеннен түйіп қайталағаны емес, өмірдің өз тәжірибесінен, көрген қорлық, шеккен азаптан туған, тартқан тауқыметтен шыққан жан ашуы. Өлім - өмір ұстара жүзіндей лыпып тұрған сәт қашан да адам жүйкесі үшін ғаламат ауыр салмақ, осындай сәтте Байділданың шатасуын драматург реалист, психологиялық дәлдікпен береді. Мұндай ситуация классикалық шығармаларда көптеп кездескенімен, қазақ әдебиетінде тұңғыш рет жасалып еді. Кейін Мұхтар Әуезов Қарагөз образында бұл үлгіні жалғастыра түсті.

Жынданып кеткен Байділданы атып өлтіру, арестант хабары, жігіттердің басына төніп келе жатқан ажал – осының бәрі қат-қабат, күрделі, адамға айрықша әсер ететін трагедиялық әуездер. Парқына жетіп, зейін қойған адам драманың негізгі оқиғаларына шығарманың түп қазық кейіпкері Еркебұлан көзімен баға берілетінің байқайды. Авторлық идеал да осы кейіпкермен кіндіктес. Адамның қабырғасын қайыстыратын лашерьдің жан түршігерлік ауыртпалығынан мерт болған жағыпар өлімін көрсету үстінде драматург Ана бейнесін елес арқылы берумен сахналық шарттылық әдістерін меңгергендігін байқатады.

Пьесаның жаңашылдық сипаты бұрын қазақ әдебиетінде айтылмаған көптеген жаңа, интернационалдық реалдарды батыл да кең қолданудан көрінсе керек. Драматург Еркебұлан ақынның өлеңдерімен қоса «Марсельеза», «Смело, товарищи, в ногу», «Похоронный марш», «Варшавянка», «Мщение царям» секілді музыкалық шығармаларды пайдаланады, декорацияға, қимыл-қозғалысқа, жүріс-тұрысқа, психологиялық өзгерістерге байланысты ремаркалар толық та дәл.

Типологиялық тұрғыдан келген зерттеуші, әсіресе «Қызыл сұңқарлар» драмасының алғашқы екі пердесіндегі ситуациялардың адамдардың, дүниеге көзқарасын тұжырым ретінде айту сипаттарының, жалпы авторлық пафостың Максим Горькийдің классикалық «Шыңырауда» («На дне») пьесасымен сарындастығын аңғарар еді.

Үшінші передеде көрінетін скрипкашы Захар, алғашқы перделердегі Нестеров, Лозовойлар дара мінездерімен ашылмайды, бұларды тұтастырып, бір характер жасауға да болатын еді. Гарнизон бастығы, түрменің бастығы туралы да осы пікір айтылса керек.

Барлық оқиға түрме камерасында өтетеін алғашқы екі перде композициясы сәтті шыққан, назар әр нәрсеге аумай, трагедиялық, өлім мен өмір шарпысқан ситуация тылсымдай баурап отырады. Үшінші передеде әсіресе, төртінші передеде босаңдық бар. Еркебұланның шешесі, қарындастары шығатын эпизод драманың негізгі өзегінен бөлектеніп, кірікпей, оқшауланып тұр. Бұл тұтас бітімді пьесаның бір сценасынан гөрі, прозалық шығармадағы қосалқы эпизод секілді әсер қалдырады.

Партизандарға қосылып, ақгвардияшыларды қуып бара жатқан Еркебұлан аузымен айтылатын сөздерде патетикалық, революциялық пафос бар.

Сонымен, қорытып айтқанда, Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», «Бақыт жолында» драмалары әдебиетімізде жаңа эстетикалық мұраттарды орнықтырған, жаңа жанрдың туып қалыптасуына зор ықпал еткен, өнер тарихында ерекше орын алатын құнарлы қазыналардың қатарына жатады.

Ілияс Жансүгіровтың қолжазбаларын, аса бағалы архив материалдарын, басқа қаламгерлерге де қатысты көптеген құнды, қымбат тарихи құжаттарды, фольклор нұсқаларын қиын жағдайларға қарамастан, ұзақ жылдар көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жоғалмастай етіп қалдырған оның жұбайы Фатима Ғабитова былай дейді: «Ілияс драматургия жанрында көп жазған жазушы емес. Тек 1931 жылдан бастап қана колға алып, бес-алты жыл ішінде ірілі-уақты сегіз шығарма жазды.» (І. Жансүгіров. Шығармалар, 5-т. А., 1964, 3-бет.)

Дау туғызбайтын, дәл тұжырым. Бірақ Ілияс Жансүгіровтің драматургиядағы ізденістері туралы пікір қозғағанда, пьеса атымен жарияланған шығармаларды тексеріп қою аз. Ақын қазақ өлеңінің ырғақ, Ұйқас жүйесіне жаңалық әкелумен қоса, формалық тұрғыдан да бірқыдыру барлау жасаған. Осы қатарда автордың өлеңде диалог үлгісін жиі қолданғандығына айрықша тоқталу керек.

Ақын 1921 жылы жазылған жиырма үш тармақты «Қазақы қорытынды» деген өлеңін әкесіне баласының қалыңмал қалды деген хабарды жеткізген диалогы түрінде қиыстырған. Бала – жаңалық жаршысындай, әке – ескілік жоқшысындай. Сол жылы жазылған «Некешілдер» өлеңнің көлемі елу жеті тармақ. Жақсыбай, молда, келін секілді персонаждар арасында шағын болса да, тартыс бар. Молдаға жалпылдап, қазан көтертпек Жақсыбайдың ішкі есебі – інісі өліп, енді жесір отырған келінін шариғат жолымен әмеңгерлікке көндіру. Әуелде дін жолымен алдаусыратқан молда, артынан күшпен қорқыта бастайды, бірақ келіннің көнер түрі жоқ, қақ маңдайдан таяқпен соққандай, ауыр, ащы сөзбен балағаттап қуып шығады.

Осы шығармадан кейін автор поэзияда, оның ішінде, әсіресе көлемді өлеңде, диалог формасын жиі қолдана бастайды. Бұлар лирикалық сипаттағы, сюжетсіз туындылар емес, қысқа, шағын да болса оқиғалы, әрекетті, негізінен персонаждар қарама-қарсы ыңғайда алынатын драма тәріздес дүниелер.

Көлемі, жазылу әдісі жөнінен «Тапанша» (1922), «Ит-ай» (1923), «Жарқынбай, Беркінбай» (1923), «Бай, бәйбіше» (1927) өлеңдері бір-бірімен қарайлас. Бұларда таптық айқас тудырған қазақ ауылындағы психологиялық өзгерістер сөйлеу тілінің мүмкіндіктері арқылы беріледі. Ақын инверсия, градацияға мән береді, монологты пайдаланады. Сатиралық ыңғайда жазылған кейбір өлеңді формасы жµнінен бір көріністі шағын скетч деуге сыяды. Автор қимыл, қозғалысқа, мінез қалыбына байланысты ремаркалар беріп отырады. 1931 жылы жазылған «Шошқа» деген өлеңінде драмалық формамен қоса, шарттылық әдісі қолданылады, автор, бір жағы, атеистік мақсатпен, екінші жағы, шығарманың әсерін күшейтуді ойласа керек, шошқаны молдамен дауластырып қояды. Байқасаңыз, бұрын бұл доңызды бақайына отырғызбайтын молдадан енді дәрмен кеткен секілді, талпақ танау шіркін өкірештеп әкетіп барады ғой!

Сөйтіп, диалогты өлең формасы Ілияс Жансүгіровтің драмутргия жанрына бел шешіп, білек сыбанып барар алдындағы алғашқы барлауы, жемісті ізденісі болды.

Драматург қаламынан туған дүниелерді шартты түрде шағын жєне көлемді пьесалар деп екі салаға қарағанда олардың жанрлық, стильдік ерекшеліктерін ажыратып, көркемдік өзегін ашып, жалпы әдеби процестегі орнын айқындау негізгі нысана.

Шағын көлемді, бір перделі пьесалардың барлығы да өлеңмен жазылған. Оқиғаға қатысатын кейіпкерлердің жасы, мінезі, әлеуметтік отбасылық тегіне байланысты тәптіштелген анықтама берілмейді, тіпті дәл аттары да айтылмай, жалпылай көрсетіледі.

Бұл шығармалардың негізгі сарыны – енді ұжымдық өмірге бет алған ауыл тынысы, адамдар санасындағы жаңғырулар. «Мін де шап» атты бір перделі пьесада шарттылық тәсілімен берілген сатиралық мотив бар. Жаңа өмірдің мағынасын терең түсінбеген, дүмбілез шала-жансар, ұйқыдан бас көтермейтін колхоз бастығының сиырымен, атпен диалогы арқылы берілетін көріністерде улы мысқыл жатыр.

Сиыр сөйлеп тұр… Шаруашылықтағы қырсыздықты,оралымсыздыµты, еңбекке икемсіздікті айтады.

Ат сөйлеп тұр… Керенау, кердең, кер жалқау, шолақбелсенділерден келген кесепатты айтады. Формасы, идеясы жөнінен Сәкен Сейфуллиннің әйгілі «Қызыл ат» поэмасымен сарындас бұл шығарманың кезінде актуалды мәні болғандығында дау жоқ.

Ыбырай Алтынсарин шығармашылығында басталған балаларға арналған жазба әдеби шығармалар тудыру дәстүрі Ілияс Жансүгіров поэзиясында дамытыла түсті. Ақын фольклордағы орныққан, жемісті өрнектерді, дыбыс әуезділігін, тұрақты тіркестерді, қалыптасқан бейнелерді өнімді пайдаланып, көшпелі өмір суреттерімен қоса, жаңа заман тыныс-ырғағын көрсеткен шығармалар да жасады.

Балалар әдебиетіндегі ақынның татымды бір ескерткіші – «Мектеп» атты бір перделі өлеңмен жазылған пьеса. Автор шығарманың сахнада қойылуын ескеріп, қажетті ремаркаларды тиянақты көрсетіп отырған. Драматургтың бала психологиясын, баланың көркем шығарманы қабылдау ерекшеліктерін жақсы ескергені пьесадағы ситуациялардан-ақ сезіледі. Шығармада бала қиялына лайық шартты, ертгілік сипат бар. Бала мен қуыршақ арасындағы диалог сенімді берілген, әсіресе әрбір мамандық жайлы айтылатын монолог, екпін ырғағы, ұйқасы жаттап алуға ыңғайлы өлшем тапқан. Надандық, сауатсыздық, қараңғылық кішкентай көңілінен шығатын, фольклорда да үлгіні драмалық формада жаңғырта қолдану тәсілімен сыналады. Оқудың, білімнің керектігін бала өзі қажет санайтын халге жетеді.

Әрекет көлемінің ұлғаюы, персонаждар санының өсуі, композицияның күрделенуі жөнінен келгенде «Колхоз тойы» пьесасы драматургтың шағын көлемді сахналық шығармаларының ішінде оқшаулау тұр. Автор халық тұрмысында бар той салтанатындағы театрға жақын элементтерді пайдалана отырып, жаңа дәстүр, жаңа мазмұнды сәтті бейнелейді. Пьесада әрекет аясына байланысты өлең өлшемдері өзгеріп, жеті – сегіз буынды жыр ағымы, он бір буынды қара өлең ұйқысы кезектесіп отырады. Ақын поэзиясының стильдік өзгешілігін танытатын «Тақылда, тіл тақылда», «Қимылда тіл, қиымлда», «Айт, айт жырды, айт жырды», «Жорғала, тіл жорғала», «Соқ-соқ, өлең, балғала», «Сорғала, жыр сорғала» деген секілді градация үлгілері диалогтарда қолданылады.


Каталог: repository -> history
history -> Рымғали Нұрғали СӨЗ Өнерінің эстетикасы а ң д а т у
history -> Қазақ Әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана,
history -> Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат
history -> Қазыналы биікте. Р. Нұрғалидің азаматтық, ұстаздық, ғалымдық келбеті. –Алматы,
history -> Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!
history -> Халел досмұхамедов
history -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   29




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет