Қамқор, Мейірімді Аллаһтың атымен!



бет2/5
Дата27.12.2016
өлшемі0,83 Mb.
#5558
1   2   3   4   5

БАЛА МЕН ПАТША
«Адам боп келдім өмірге, адам боп кетсем, деп едім», - деген ұлағатты сөзді ұстанып, ата-бабаларымыз адамдықты арман еткен. Ұғынғанға саналы өмірін, адам атына сай етіп ғұмыр кешу оңай шаруа емес. Ондай болмақ үшін жүрекке берік иман орнатуға ұмтылыс керек, жаныңа тыныштық орнататын таза білім керек. Иман мен білім тозбас үшін асыл жүректі ұдайы түпсіз ғылым тұнығынан сусындатып отырса адамдықтың асқар шыңына апарары анық. Иманның нәр алатын тұнық бастауы, білімнің таза қайнар бұлағы еш бір күдіксіз Құдіретті Алланың кітабы Құран. Құран қағидалары оқығанға түсінікті, адамның санасына тастай қатып тұрақтайтын ғажап ғылым. Онан кейінгі таусылмайтын асыл қазына Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, жолы – сүннет. Әрбір адамдықтан үміті бар иманға ұмтылған жандар үшін, одан асқан өнеге жоқ. 11

Құдіретті Алланың сөзіне бағынып, сүннетті өмірінің мағыналы үлгісі еткендер адамдық атқа сай - толық мұсылман. Бүкіл адамзат баласына іс-әрекетімен, мінез-құлқымен үлгі болып ерекше жаратылған адам, Пайғамбардың, оған Аллаһың игілігі мен сәлемі болсын, үмметіне қалдырған мыңдап саналатын хадистерінің бірін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.


Хабар бойынша, Сухайба, оған Алланың ризашылығы болсын, ол Алланың елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді:

Сендерге дейін өмір сүрген бір патша болған еді, оның қарамағында оған қызмет еткен бақсы болды. Ол қартайған соң, патшаға: «Расында, мен қартайдым, маған бір жас жігіт жібер, оны бақсылыққа үйретейін», - дейді. Патша оған бақсылығын үйрету үшін бір жас жігітті (бозбаланы) жібереді.

Бақсыға барар жолдың бойында жігітке бір машайық (монах) кездеседі. Жігіт оның жанына отырып әңгімесін тыңдайды, оған оның айтқаны ұнайды. Осыдан кейін жігіт әр күні бақсыға барар жолда оның қасына әңгімесін тыңдау үшін отырып бөгелетін болды, ал бақсы болса жігіт кешіккен сайын оны ұра бастады. Жігіт осыны айтып машайыққа шағымданғанда, машайық оған: «Егер сен бақсыдан қорқатын болсаң оған: «Мені үйдегілер бөгеді», - де, ал үйдегілеріңнен қорқатын болсаң, оларға: «Мені бақсы бөгеп қалды», - де», - дейді.

Осындай күйде жүрген күндерінің бірінде, адамдарға бөгет болып жол бермей жатқан бір үлкен хайуанға жолығады. Сонда ол өз-өзіне: «Мен бүгін кімнің шыншыл екеніне көз жеткізейін – бақсы ма әлде машайық па?», - дейді. Осыдан кейін ол қолына тас алып: «Иә Алла, егер Сен машайықтың ісін, бақсының ісінен гөрі ұнатсаң, онда адамдардың жолын босату үшін мына хайуанды өлтір!», - дейді. Содан соң ол тасты лақтырып хайуанды өлтіреді, ал адамдар болса ары-бері еркін өтулеріне мүмкіншілік алады. Сосын болған жайды машайыққа айтып бергенде, ол: «Балам, сен бүгін менен де асып түстің. Ақиқатында, енді сені сынақтар күтіп тұр, саған ол сынақтар келгенде мен туралы айтушы болма», - дейді.12

Осыдан кейін жігіт соқырлар мен алапестерді және басқа да ауруларды сауықтыра бастайды. Ол туралы сөз патшаға жақын болған соқырға да жетеді. Ол жігітке көптеген сый-сыяпаттарымен келіп: «Егер сен мені сауықтырсаң, осының бәрі сенікі болады», - дейді. Сонда жігіт оған: «Расында, мен ешкімді сауықтыра алмаймын. Сауықтырушы – Алла Тағала ғана. Егер сен Оған иман келтірсең, онда мен сен үшін Алладан сұраймын, сонда Ол сені сауықтырады», - деп жауап береді. Соқыр Аллаға иман келтіреді, ал Алла Тағала оның көзіне нұр береді. Сонан соң ол әдетінше патшаның алдына келіп отырады. Патша: «Сенің көзіңнің нұрын қайтарған кім?», - деп сұрайды. Ол: «Менің Раббым», - дейді. Патша одан: «Сенің менен басқа Раббың бар ма еді?», - деп сұрайды. Ол: «Менің де Раббым, сенің де Раббың – Алла», - депРаббымРРРРРРРРррр жауап береді. Сонда патша оны тұтқындауға әмір беріп, ол жігітті айтқанша қинайды. Жігітті алып келіп, патша одан: «Иә балам, сен бақсылығыңның биігіне жетіп, алапестер мен соқырларды емдейтін болыпсың», - деген. Бұған жігіт: «Мен емдеуші емеспін, емдеуші Алла Тағала ғана», - дейді. Сонда патша оны да тұтқындауға әмір беріп, жігіт машайық жайлы айтқанынша қинайды.

Сосын оған машайықты алып келіп: «Дініңнен қайт!», - деп ұсынады. Бірақ ол бұдан бас тартады. Сонда патша ара әкелдіріп машайықтың басына араны қойып, денесінің екінші жағы құлап түскенше аралайды. Сосын патша соқырлықтан айыққан қарамағындағысын шақырып оған да: «Дініңнен қайт!», - деп ұсынады, бірақ ол да оны істеуден бас тартады. Сонда оның да басының ортасына араны қойып, денесінің екінші бөлігі жерге құлап түскенше аралайды. Осының бәрінен кейін жігітті алып келіп, оған да: «Иманыңнан қайт», - делінеді. Бірақ ол да оны істеуден бас тартады. Сонда патша өзінің қызметшілеріне: «Бұны пәленше деген тауға апарып, өзімен бірге көтеріліңдер, ал таудың шыңына жеткенде, егер ол дінінен қайтса, оны босатыңдар да, ал дінінен қайтпаса, сол шыңнан төмен қарай лақтырыңдар!», - дейді.

Олар сол жерге жеткенде, жігіт: «Иә Алла, мені бұлардан Өзіңнің қалауыңша құтқар!», - дейді. Сол кезде тау тербеліп, олар таудан құлайды, ал жігіт патшаға қайтып келеді. Патша: «Сенімен болғандар не істеді?», - деп сұрайды. Жігіт: «Алла Тағала мені олардан құтқарды», - деп жауап береді. Сонда патша басқа қызметшілеріне: «Бұны теңіздің ортасына апарыңдар, егер иманынан қайтса босатыңдар, ал егер қайтпаса, онда теңізге лақтырыңдар!», - деп әмір береді. Сонымен олар оны жеткіз деген жеріне жеткізгенде, жігіт: «Иә Алла, мені бұлардан Өзіңнің қалауыңша құтқар!», - дейді. Сонда кеме төңкеріліп патшаның қызметшілері суға батады, ал жігіт болса патшаға қайта аман-есен оралады. Патша: «Сенімен болғандар не істеді?», - деп сұрайды. Жігіт: «Алла Тағала мені олардан құтқарды», - деп жауап береді. Сосын жігіт патшаға: «Егер менің айтқанымды орындамасаң, шындығында сен мені өлтіре алмайсың,!», - дейді. Патшаның: «Ол қалай?», - дегеніне, жігіт: «Адамдарды бір жотаның үстіне жина да, мені бір ағашқа байла, сосын менің садағымды алып, қорамсағымнан бір оқты садақтың ортасына қойып: «Мына жігіттің Раббы – Алланың атымен», - деп мені ат, шындығында осының бәрін істесең сонда ғана сен мені өлтіре аласың», - дейді. 13

Сонымен патша адамдардың бәрін бір жотаның төбесіне жинаған соң, жігітті бір ағашқа байлап, оның қорамсағынан бір оқты садағының ортасына қойып: «Осы жігіттің Раббы – Алланың атымен!», - деп оқты жіберіп қалғанда, оқ жігіттің дәл маңдайының ортасына тиеді. Ол өзінің маңдайынан ұстап өледі. Сонда жұрт: «Мына жігіттің Раббына иман келтірдік», - дей бастайды. Осыдан кейін патшаға оның жанындағылары келіп: «Сен өзіңнің қауіптенгенің орындалғанына не дейсің? Алланың атымен ант етеміз, сенің қауптенгенің орындалды, олай дейтініміз, адамдар Аллаға иман келтіріп жатыр!», - дейді. Сонда патша, қаланың қақпаларының жанынан терең орлар қаздырып олардың ішіне от жағып: «Кімде-кім дінінен қайтпаса, отқа тастаңдар!», - деп әмір береді. Қызметшілер лаулаған отқа бір әйел ұлымен жақындағанша бәрін лақтырып, патшаның әмірін орындап жатады. Әйел отқа түсуден қорқып шегіншектегенде, қолындағы кішкентай ұлы оған: «Анашым, шыда, расында, сенің дінің ақиқат!», - дейді. Имам Муслим риуаяты бойынша.



БАЛЫҚ ӨСИЕТІ

14

Қараңғы түнді жарық ететін ай. Аспан әлемін адамзат баласына анық етіп көрсететін, Алланың кереметімен көк күмбезіне орнатылған ақ күмістей ашық ай. Көктегі көрмеміздей, жаратылыстың ғажап көркін қызықтаймыз. Сол ғажайып кеңістікке тесіле қарап, тоймай таңырқап, тамсана тебіренеміз. Сонау ақыл да, көз де жетпейтін, сыры бізге беймәлім, көк әлеміндегі әсем айды айнала қоршап, жылт-жылт етіп бірі ақшыл, бірі сарғыш тартқан үлкенді - кішілі сансыз жұлдыздар, аспанымыздың әдемі әшекейі сияқты. Ғалымдар шырқау қияндағы жұлдыздарды айдан әлде қайда үлкен деседі. Сөйтсе де, біз үшін сол жұлдыздар алып айдан аса алмайтын сияқты. Тек қана, айналасына сұлу нұр төгіп тұрған әсем айды әшекейлеп, көркіне көрік, сәніне сән кіргізіп тұрған секілді көрінеді де тұрады.

Өз басым, түнгі аспанды нұрландырып тұрған әсем айды көргенде, анамның мейірлі, нұрлы ажарын көріп тұрғандай сезімде қаламын. Асыл ай анамды елестеткенде, айналасындағы қаптаған сансыз жұлдыздар, анамыз еркелетіп өсірген ұл-қыздары секілді. Олай дейтінім, расында менің анам ақ жүзді, әдемі өңді, қой көзі қашанда мейірім төгіп тұратын ерекше кеңпейіл жан. Шырайлы жүзі шуақты күндей, қашанда жайдары. Биыл жетпістің алтысында. Келіскен кең маңдайындағы терең түскен әжімдері, келелі өмірінің кепілдері секілді. Көңілденіп жылы жымиғанда көрінетін, Қызылорданың ақ маржан күрішіндей, аппақ тістері, көңілінің кіршіксіз таза екендігінің куәгеріндей.

Анамыздың асыл құрсағынан тараған сегіз ұл, төрт қыз. Бәрі жетіліп, отау құрып, ошақ көтеріп,балалы-шағалы болып кеткен. Сөйтсе де, айды айнала қоршап, жарығынан қуаттанған жұлдыздардай, біздерде анамызды айнала ортамызға алып, жылы жүрегінен шыққан кемелді кеңесіне кенеліп жатамыз. Қиын-қыстау, той-думанда да анамыздың даналығына жүгініп, келелі ойын тыңдамай еш нәрсеге кіріспейміз. Қашанда дау туғызбас пікір айтып, түйткіл ойдың түйінін шешетін өткір ой айтуға озық жан. Ежелде әкесі би болып, әділеттілігімен елге белгілі болған адам екен. Анамыздың кемеңгер болуы да, атамыздың тектілігінен болса керек деп ойлаймыз. Әркімнің өз анасы, өзіне жақын болғаннан кейін солай ойлаймыз ғой. Әрбір ана осындай болса керек.

Анамның жаратылысынан өмір тәжірибесінен алған асылын ойға түйе білуі, ақыл дәрежесінің биік болуына себепкер болған болса керек. Кез-келген іске қарапайым қарамай, түбіне терең үңіліп, егжей-тегжейлі зерттеген соң нәтижелі насихат айтатынын ес кіргелі біліп келеміз. Айтқандары әрқашан да ойға ұғымды, жанға жағымды, бұлтартпайтын шындық болып шығып жататыны, бізді қашан да болсын таңырқатып, таңдай қақтырады. Әдебиет пен пәлсәпәні игердік, деп жүрген ғалымдар біздің ақылды анамыздың жанында, алып Алатаудың қасындағы төбешіктей болып қалғанын талай көргенбіз. Өресі биік, ой өрнегі де ешкімге ұқсамайтын ерекше қызық, не нәрсе болса да орынын тауып айтуы, ойының озықтығын айқындап тұрады. 15

Бірде дастархан басында өзіммен тете өскен інім Мұсылманбек екеуіміз Қиямет күні жайлы тартысқа түстік. Мен оған, адам өлген соң өмір тоқтап, онан кейін өмірдің жалғаспайтындығын дәлелдеп әлекпін.

Ал, ол болса, адамның бұл өмірге келуі және О дүниеге қайтуы заңдылық екендігін, онан кейін Бақилық өмір басталатынын ұғындырып, ол - мәңгілік өмір, - деп, дәлелдейді.

Мен оған: - Жарайды, олай болса оны көріп келген біреу бар ма екен, ондай ешкім жоқ қой, -деймін де, - О дүниенің барлығына қандай дәлелің бар? - деп екілене сөйлеп, сөз сайысынан інімнен басым түскім келіп барады.

Мұсылманбек болса: - Мысалы, сен әр сәтімізде тыныстайтын, тіршілік тірегі болып тұрған ауаны көрсете алар ма едің?Әрине көрсете алмайсың,бірақ ол бар. Немесе әкемізге, анамызға, өз балаңа деген сүйіспеншілік махаббатыңды міне мынандай көлемде, деп көрсете аласың ба? Әрине, көрсете алмайсың. Олардың түрі де, түсі де жоқ. Тек қана адам баласы жүрегімен сезінетін, өлшеуге, көруге болмайтын нәзік сезімдер емес пе? Осылардың бәрін жоққа шығарсақ бізді ешкім ақылды, -деп айта қоймас,- дейді.

Сол кезде бізді мұқият тыңдап отырған анамыз, екеумізге алма-кезек қарап алып былай деді:

-Мұсылманбек дұрыс айтады, шындықпен таласу ақылдылықтың белгісі емес. Онымен тартысқа түскен түбінде соның зардабын тартпай қоймайды, - деп, жүзін сабырлылық салмағы басты. Қашанда анамыздың озық ойы бізді ымыраға шақырып, келісімге келтіретін әдеті. Пікірлерінің айрықша ерекшелігі - әдебиет туындыларында кездеспейтіні, ел арасына кең таралмаған тың болуы. Керек кезінде лып етіп жетіп келетін елгезек көмекшісі секілді, дәл басып орынды айтылуында.Жүзін әлгіндегіден де салмақтылық басып, маңызды сөз бастар әдетінше тамағын сәл қырнап алды да, бізге былай деді:

- Ежелде су тереңін мекен еткен кәрі жайын жар салып, маңына тіршілікті жаңа бастаған ұсақ балықтарды насихат айтпаққа шақырыпты. Абыройлы қарт жайынның өсиетін тыңдауға су түбінен үлкенді-кішілі шабақтар ағылып келіпті. Өзін айнала қоршаған жамағатынының мұқият тыңдауға дайын болғанын байқаған қарт Жайын былай деп, сөзін бастапты:

- Су әлемін жайлаған сүйікті шабақтарым, менің қартайып, бойымнан қуат кетіп, кәріліктің кәріне шалдыққанымды көздерің көріп тұр. Кезінде мен де өздеріңдей қолды-аяққа тұрмайын алаңсыз жас болғанмын, өмір таусылмас тіршіліктей көрініп, көңілімде алаң болмайтын. Енді міне бұл дүниенің ащшысы мен тәттісін көре-көре көнекөз қария айналдым. Әлімнен айрылып, қазір төрімнен көрім жақын тұр. Бұл өмірден өтерде, өздеріңдей артқы ұрпаққа өнегелі өсиет тастап кетсем деген ойым бар, - деп, ауыр күрсініп алды.

Сәл үнсіздіктен соң:

- Біз өмір сүріп жатқан су әлемінен басқа, судың арғы бетінде құрылық әлемі бар. Ондағы тіршілік иелері құрғақ жерде тұрмыс құрып, тек қана ауамен тыныстайды,- деді де, көзін көкке тігіп, - олар ана, судың арғы бетінде тұрады, - дейді. 16

Қарттың аузынан шыққан әрбір сөзін, қалт жібермей тыңдап тұрған шабақтар үшін, тарлан жайынның айтқандары бұрын - соңды өздері естімеген жаңалық еді. Бір-біріне аңтарыла қарап, ауыздары ашылып қалыпты. Тек қана, тентектігімен аты шыққан «Шыбжықай»,- деген атқа ие болған шабақ қана, әңгіменің осы тұсына келгенде өз-өзін ұстай алмай сақ-сақ күлген. Оның мына өрескел қылығын жақтырмай, осқырына қараған басқа шабақтар, «Шыбжықайды» бүйірінен түртіп тәртіпке шақырған еді.

Түрту оның қытығын одан сайын қоздырып, күлкісін тоқтатата алмай қайта бұрынғысынан да үдете түсіп:

- Ех- ех –ехе, ох- ох- охолап, арсыз күлкіге беріле, өз - өзін тия алмай,

сөзін үзіп – үзіп: -Алжасқан шалдың әңгімесіне күлмеске шараң бар ма? Өздерің ойлаңдаршы, судан басқа жерде тіршілік бар деуі - ақылға қона ма? Жоқ, әлде өзі барып көріп келіп пе? - деді.

- Көпті көрген қария айтқанына ақы сұрап тұрған жоқ қой. Жаман аты шықпаған абыройлы қарт, жақсыдан шарапат, құлақ салып тыңдалық, - деп, қасындағы шабақ «Шыбжықайды» сабырға шақырады.

Қолдаушысын таба алмаған «Шыбжықай» қанша ақымақ болса да, сәлден соң үні өшті. Қарт Жайын тыныштық орнаған соң, үзілген байсалды әңгімесін ары қарай былай деп, сабақтады:

- Сол жерде өмір сүретін мақұлықтардың ішіндегі ең қауіптісі - екі аяқты адам дегені. Олар өздері өте қу, аса әккі болады. Қарындарының қамы үшін, ешнәрседен де тартынбайды, әртүрлі қулықтар ойлап табады. Қажет болса, кейбір азғандары, бірін-бірі алдап-арбап, тіпті өлтіруге дейін барады. Енді, сол мақұлықтар бізді аясын ба?!

Біздің сүйіп жейтін тағамдарымызды жіпке байлап алады да, су бетіне салақтатып, біздің көзімізді қызықтырады. Егер, өз нәпсісіңді жеңе алмай соны бас салсаң, әлгінің арбауына түскенің. Езуіңнен іліп алып, сүйреткен бойы жаңағы айтқан құрылық әлеміне алып кетеді. Желбезегің желбіреп күн көзінде жатқанда, сусыз тынысың тарылып өз-өзіңнен тұншығасың. О дүние оларға жайлы болғанымен бізге қолайсыз. Ал, керісінше солардың өздері суда өмір сүре алмайды. Суға түсіп құтылып кетпесін дей ме екен, жерге бір ұрып есіңнен тандырады. Бала - шағасына алып барып, қарныңды ақтарып салады. Сонан соң, қабығыңды тақырлап қырып, ұнға аунатып-аунатып, майлы табаға салып, жақсылап қуырып, қылтаныңды ғана қалдырады да,етіңнен түйірдей қалдырмай, сүйсіне жеп қояды, - деп, тағы да күйзеле күрсініп қойды. 17

- Міне, менің сүйікті шабақтарым, мен сендерді көрсеқызарлық пен ашқарақтықтан сақ болып, нәпсілеріңе берік болыңдар, дегім келеді. Ақырын жүріп анық басып, О дүниенің азабынан аман болуларыңды қалаймын, - деп, қарт балық аса маңызды насихатын осылай аяқтаған.

Ауыр денесін әзер қозғап, қарт Жайын жәй жылжып, артына асыл өсиетін қалдырып, кете берді. Насихатқа қаныққан шабақтар, күнделікті күнкөріс қамымен, топ-топ болып жөңкіле жөнелген. «Шыбжықай» бастаған топ аз уақыттан соң, суда салақтап тұрған дәмді астың дәл үстінен түскен еді. Қарттың айтқан өсиеті ойларынан шыға қоймаған олар, абыржып қалды. «Шыбжықай» болса, өзінің ескі әдетіне салып, екпіндете келіп суды құйрығымен шалп-шалп еткізді де:

- Не қарап тұрсыңдар, аңсаған асымыз тұрғанда, - деп, едіреңдей алдыға шықты. Сол кезде, қалған шабақтар жамырай:

- Жаңағы қарттың айтқандары дәл келіп, масқара болып қалмайық, - деп, асылып тұрған асқа үрке қараған топ, -Қате басып қасірет тартқанша, сақтықта қорлық жоқ дегендей, сақтанайық, - дейді.

«Шыбжықай» оларды келемеждей күліп:

- Шал айтты екен деп, ақымақ болып алдымыздағы дайын астан айырылып аш қалмақпыз ба, қорыққанға қос көрінеді, деген осы екен ғой,міне қараңдар- деді де, аузын барынша керіп, орнынан атылған бойы ағып барып, асылып тұрған асты қауып алған. Сол-ақ екен, «Шыбжықай» өз еркінен айрылып, ауызына мықтап ілінген жіп, оны сүйреген бойы, О дүниеге әкете барды.

Езуінен ілінген пәледен, қанша бұлқынса да құтыла алмай, көзді ашып-жұмғанша денесі құрғақ құрылыққа қатты ұрылғанын бірақ сезді. Есінен танып бара жатып, бойын үрей билеп, өзегін өкініш өртеген «Шыбжықай», өз мекеніне енді оралмасын ұғынып:

- Шіркін-ай, су түбіне қайта барар мүмкіншілік болса, мен де бағанағы қарт секілді өз көзіммен көргенімді өнеге етіп айтар едім, - деуге ғана шамасы келген. Өкінішке орай бәрі де қарт Жайынның айтқанындай болды, - деп анамыз әңгімесін тәмәмдаған.

Анамның айдай жарқыраған жүзінен хикметтің сиқырлы сырын сезінгендей болдым. Осы өсиетін естігенде, өзімнің өрескел қылығымнан қысылып, бүкіл денем шымырлап, ұяттан өртенген бойымды тер басып кетті. Қараңғы түндей күңгірт тартқан ойымды, анамның айтқан ғибраты терең әңгімесінінің сәулесі, санамды жарық айдай айқындап берген еді.


ОРАЗБАЙДЫҢ ӨКІНІШІ
Оразбай ақсақал биыл алпыс беске келді. Дүниеге шыр етіп келісімен Совет дәуірінің тәрбиесін бойына сіңіріп өсті. Мектеп қабырғасынан шыққан соң ауыл шаруашылық институтын бітіріп, комсомолда, қалалық атқару комиетінде әр түрлі дәрежедегі қызмет атқарды. Ірі денелі, ұзын бойлы, жылы жүзді аса салмақты адам. Туған-туыс, өзі араласқан адамдардың арасында бедел-абыройы да жоғары. Оразбай ақсақалдың үш ұл, бір қызы бар. Ұлдары Талғат, Мұрат, Қайырлы, қызы Гүлжан. Талғаты мен Мұраты үйленіп өз жанұяларымен бөлек тұрады. Гүлжан да тұрмыс құрып балалы-шағалы болып кеткен. 18

Соңғы жылдары Оразбай ақсақал күрт төмендеп кетті. Ақсақалды қажытып, қартайтып жіберген кенжесі Қайырлының тағдыры. Өзі ерекше жақсы көріп, үлкен үміт артып жүретін ұлы Қайырлы, соңғы үш-төрт жылда көңілін мұқалтып, жанын жасытатын талай ауыртпашылық әкелді. Оқып жүрген институтындағы достарымен бірігіп, оқуға жаңа түскен баланың ақшасын тартып алып, үстінен қылмыстық іс қозғалып, соңында оқудан қуылуымен тынды. Енді алты ай болды түрмеде қамауда. Бұл жолғысы қала сыртында жол торып қарақшылық жасаған. Оңтүстіктен жүк әкеле жатқан жүк машинасы жүргізушісінің аяқ-қолын байлап, қару көрсетіп қатігездікпен тонаған.

Оразбай ақсақал Қайырлының осындай болуына аң-таң қалады. Кішкентайынан көкешім, құлыным деп еркелетіп, тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, адал бол, өтірік айтпа, арамдықтан аулақ бол, деп айтудан жалықпайтын. Ал осындай тәрбие көрген Қайырлының бүгінгідей күй кешу салдарына не себеп? Тамағы тоқ, көйлегі көк боп өсті. Ешнәрседен тарлық көрмеді.

Оразбай ақсақалдың ойына Қайырлының жетінші сыныпта оқып жүргендегі елеулі оқиғасы оралды. Қайырлы сабақтан кеш оралатынды шығарды. Әкесінің: «Қайда болдың?», - деген сұрағына, Ұлы: «Қосымша сабаққа барып жүрмін», - деп жауап қайтаратын. Іс-әрекеті, қимылына қарап баланың бойында үлкен өзгерістердің жүріп жатқанын байқамау мүмкін еместі. Кісіге қарағанда көзі ойлы, қимылы салмақты, ал сөзінде сабырлылық байқалады.

Оразбай ақсақал ұлының жанында ересек жігіттің жиі әңгімелесіп жүргенін бірнеше рет көзі шалып қалғаны бар. Бір күні әлгі жігітті аңдып жүріп Қайырлымен қоштасқаннан кейін дауыстап тоқтатып алды.

- Сен кімсің? Қайырлыда не шаруаң бар?, - деп, сұрақ астына алды.

Әлгі жігіт ерекше байсалдылықпен, биязы үнімен Арабиядан оқып келгендігін, қазір қалалық мешітте қызмет атқаратындығын мәлімдеді. Одан соң Қайырлымен жақында танысып, оған Құран үйретіп, намазға баулып жүргендігін баяндаған. Қайырлы шын ықыласты, өте зерек, деп барып оның осы жолды таңдағанына, өзінің үлкен қуанышта екендігін айтты.

Бұл сөздерді естіген Оразбай ақсақалдың түрі өрт сөндіргендей бүлініп кетті.

- Сен, - деді Оразбай ақсақал, - Ақылыңды кесеге сап езіп іш, сенің өз білгенің өзіңе, менікі өзіме. Менің баламның кім боларын мен ғана білем, онда сенің шаруаң болмасын, - деді, - Және де мен Қайырлының үлкен қызмет иесі болып, ғылыммен айналысуын қалаймын. Сен оның уақытын алып, бекер бөгет болма, - деп, өз ойының тоқ етерін айтты.

Жігіт сабырлы қалпын бұзбай:19

- Ақсақал, мен Қайырлыға ең адал да әділетті Алланың түзу жолын көрсеткеннен басқа жаманшылық ойламаймын, - деді.

Жігіттің бұл сөзіне Оразбай ақсақал ендігі жерде Қайрлының мазасын алушы болма, - деп үзілді кесілді талап етіп сырт айналып кете берген.

Үйге келген соң Қайырлының кітап сөресінен Құран кітабын, арабша үйренейік, намаз үйренейік, деген кітаптарын тауып алып, өз сандығына салып қойғанды.

Қайырлының әкесіне жалынып, кітаптарын қайтарып беру өтінішіне,

- Бос сөзді қойып, сабағыңмен айналыс. Ана жігіттің маңына жуушы болма, - деп қатаң тыйым салған.

Әке үкіміне қарсы келмейтін Қайырлы, жаңа сүйіп бастаған ісімен осылай хош айтысуға мәжбүр болды. 20

Иә, Оразбай ақсақалдың ойына бұл оқиғаның оралуы бекер еместі. Ішін өкініш оты жалап, жанын жегідей жеп барады. Осыдан он екі жыл бұрын Қайырлыдан тәркілеген қазақша Құранды сандығынан шығарып, алғашқы бетін ашқанда, көзінің бірінші түскені, Бақара сүресі:

«Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Алиф Ләм Мим. Міне осы Кітапта күдік жоқ, тақуалар үшін тура жол көрсетуші...»

Оразбай ақсақалдың тамағына тас тығылып қалған. Жүрегі тынымсыз тулап кеудесіне әзер сиып тұр. Көздерінен жас бұршақтай бұрқ ете түсіп, бұлақтай бұрқырап қоя берді. Құран ұстаған қолдары дірілдеп, өз-өзіне ие бола алмай көз жасына ерік беріп қоя берген. Әжімдерін бойлап аққан жас, сақалынан сорғалап кеудесіне құйылды. Жүрегі езіліп бара жатқандай.

Қандай керемет! Бақара сүресін ары қарай жалғастырды: «Сондай олар көмеске иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден Алла жолында жұмсайды. (Мухаммад,) олар саған түсірілгенге, әрі сенен бұрынғы түсірілгенге сенеді және Ахиретке анық нанады. Міне солар Раббылары тарапынан тура жолда және солар құтылушылар».

Міне ғажап! Құдіретті Алланың сөзін оқып қасиетін толық сезінуден артық бақыттың жоқтығын енді ғана ұғынды. Иегі кемсеңдеп, Қасиетті Құранды ерініне тақап сүйді де жүрек тұсына басып ұзақ отырды.

Бүгін Қайырлымен кездесуге рұқсат етілген күн. Дайындап қойған тағамдарын, таза көйлек-көншіктерін сөмкеге салған соң, ең бетіне ақ матаға орап Қасиетті Құранды қойды. Қағаз бен қалам алып: «Ештен кеш жақсы, менің жасаған күнәләрімді Алла кешірсін, сонан-соң алдыңда жасаған қателіктерімді, балам, сен кешір...!», - деп жазды.

Үш бүктеп хатты көйлегінің қалтасына салды.21

Бүгін күн жұма. Түрмедегі ұлына апарған аманатын тапсырған соң, ешқайда бұрылмастан орталық мешітке бет алды. Бұрын да жұма сайын Алла үйіне барып құран оқытып, қайыр садақа берумен шектелетін. Бұл жолғы келіс басқа. Таң ертеңгі оқылған: «Сондай олар көмеске иман келтіріп, намазды толық орындайды...!», - деген Құран аяттары жүрегінде жатталып қапты. Ендігі ойы, бар өмірін Алланың әміріне сай намазды толық орындауға белін бекем буған.

Жұма намазын жиылған жамағатпен оқыған соң, елдің соңынан қалып, Алладан тілек тілеп, дұға оқып біраз отырды. Байқаса өзінен де басқа біраз адамдар бөгеліп құлшылықтарын жалғастырып жатыр екен. Солардың бірі мінбердің жанында отырған жігіт. Әлгі жігіттің іс-әрекеті Оразбай ақсақалдың еріксіз көзін тартты. Сұңғақ бойлы, пішінінде сабырлылық тұнып тұр, қимылы байсалды. Ойлы көзбен маңын шолып, отырғандардың бәріне ізетпен сәлем бере келе, кезек біздің ақсақалға жеткенде, қоңырқай әсем даусын көтеріңкіреп:

- Ассаламуғалейкум, - деп сәлем берді. Оразбай ақсақал жазбай таныды. Жүзі жылы бұл жігіт, баяғы, Қайырлысының ұстазы еді.



ФАТИМАНЫҢ ПІКІРІ
Біз әңгіме еткелі отырған заманда ел тұрмысы қазіргіден әлдеқайда өзгеше еді. Алыс жерлерден хабар алу, олармен қатынас жасау апталар, айлар тіпті жылдарға да ұласып жататын. Негізгі көлік күші шөлге шыдамды түйе мен ұзақ жүріске төзімді жылқылар еді. Көл, теңіздерді желкенді қайық, кемелермен кезетін. Ел дәулеті қолындағы малымен және де алтын-күмісімен өлшенетін.

Сол кезеңде өмір сүрген Хамза, деген кісінің тоғыз ұл, бір қызы болған екен. Тұрмыстың тауқыметін тартқан тақыр кедей болса да, өзі аса тақуа адам көрінеді. Тоғыз ұлым бір төбе, жалғыз қызым бір төбе, деп балаларының кенжесі сегіз жасар Фатимасын ерекше жақсы көріпті.

Бір күні Хамза бала-шағасын жиып, өзінің биыл қажылық сапарына жүрмек ниеті бар екенін, жария етеді. Бұл сөзді естіген әйелі мен ұлдары, наразылық танытып:

- Сен кетсең, біздің күніміз не болмақ, қара нан мен қара шәйға зар болып отырғанда, қара суға да зар болып қалармыз. Бізді аямайсың ба, тұрмысымыз түзелгенше сапарыңды кейінге қалдыра тұрсаң болмай ма, - деп өзіне дүрсе қоя береді.

Сонда Фатима, өзінің байсалды ақылдылығымен:

- Бізге ризық беруші әкеміз емес, Құдіретті Алла ғой. Қайта әкеміз Алла алдындағы парызын орындап қасиетті жерде дұға жасап, бәріміздің тілеуімізді тілеп қайтса қайырлы болмай ма. Әкемізге бөгет болмай, сапарына сәттілік тілейік, - деп, өзінің қарсы еместігін, қайта әке ниетін қоштайтындығын білдіреді.

Түбінде қызының сөзі үстем болып, Хамза қажылықтың ұзақ сапарын шегіп кетеді. Әйелі мен ұлдары болжағандай күн өткен сайын тұрмыстары бұрынғыдан да төмендеп, күн көрістері қиындай түседі. Тағдырдың талқсына төзе алмаған ағалары Фатиманы ортаға алып жазғырып:

- Сенің кесіріңнен ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болды, әкеміз болса бұлай болмас еді, - деп, бәр бәлені Фаитмадан көріп, айыптауларын қоймайды. 22

Фатима болса:

- Бәрі Алланың қалауымен, Жаратқанның қайырымынан күдерімізді үзбейік, Алладан тілек тілеп шама шарқымызша еңбек етейік, - деп жұбатып, өзі бұрынғы сабырлы қалпынан танбайды.

Тағдырына тарылмай табандылық танытып, тілеуін Алладан сұрап салмақтыы қалпын сақтап жүре береді.

Күндердің бір күнінде, сол қаланың уәлиі бір топ жора-жолдастарымен аң аулауға қала сыртына шығып, сайрандап жүреді. Сулары таусылып, аптап ыстықтан әбден шөлдеп, ат басын сусындап шөл басу үшін қалаға бұрады. Қала шетінде орналасқан Хамзаның үйінің қақпасын қағып уәли дауыстап:

- Әй мұсылмандар, біздің шөлімізді басатын сусындарың бар ма?, - деп су берулерін өтінеді.

Бұл сөздерді естіген Фатима, бір ожауға толтыра су алып шығып уәлиге ізеттілікпен ұсынады. Уәли достарымен шөлдерін қандырып, қыздың ерекше инабаттылықпен көрсеткен қызметіне қатты риза болып, қолындағы барлық күмісін шешіп салып:

- Кім Алланы сүйсе, содан соң кім мені өзінің адал досы деп санаса, менің істегенімді қайталасын, - деп ожауды достарына жағалатып жібереді.

Уәлидің бұл ісін көрген достары жапа-тармағай жандарында жүрген бар асылдарын жарыса салғанда, ожау лық толып жиегінен асады. Мұнша байлық Хамзаның бала шағасының біраз өміріне жетерліктей еді.

Уәли достарымен рахметін жаудырып кеткен соң Фатима қолындағы байлыққа толы ожауымен үйге кіреді. Бұндай байлықты бұрын соңды көрмеген үй-іші мәз-мәйрам болып:

- Біз кеше ыңыршағы шыққан кедей едік, бүгін дәулеті асқан бай болдық, - деп шаттанады.

Фатиманың байсалды бойынан еш өзгеріс байқай алмаған ағалары:

- Сен неге қуанбайсың, әлде осыған көңілің толмай тұр ма?, - деп оған күмәндана қарайды. 23

Фатима:

- Қарапайым бір адамның назары бізге ауғанда осыншама байлыққа кенелдік. Ал егер бізге Құдіретті Алланың назары ауса қандай болар едік!, - депті.



Каталог: upload -> orig
upload -> 2011 жылдың 14 мамырында «Жалпы гигиена және экология», «Эпидемиология» кафедрасының ұйымдастыруымен және «Студенттік басқару ұйымының» ұйымдастыруымен Д. Е
orig -> 5-ші кітап; 1-ші бөлім Алматы-2011 Жазбадағы тақырыптар тізбесі
orig -> Сабыр түбі сары алтын, сарғАЙҒан жетер мұратқА ! Ата-жолы, Ақиқат бастауы 1-кітап; 3-ші бөлім. Алматы қаласы
orig -> Дін ділдің, тіл білімі иманның айнасы. Төртеуіміз түгел ме ағайын?
orig -> Байтасов Тоқберген Кескірұлы. Құлшылықтар құпиясы немесе намаздар мен амалдар 4-ші кітап Алматы-2011
orig -> Қиямет мезгілі мен пенделердің тозақтық сипаттары. Ата жолы хикметтері
orig -> Байтасов Тоқберген Кескірұлы. Құлшылықтар құпиясы немесе намаздар мен амалдар
orig -> Ясауи ілімінің намаздары және масһаб білімінің қателіктері. 5-ші кітап; 1-ші бөлім Алматы-2011
orig -> Ұлылардан ұлағат алайық! Көп адам дүниеге бой алдырған, Бой алдырып, аяғын көп шалдырған, Өлді деуге бола ма айтыңдаршы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет