АҚселеу сейдімбеков елтұТҚа тұмар



бет13/13
Дата27.12.2016
өлшемі2,14 Mb.
#6297
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

МҰҚАН ТӨЛЕБАЕВ

Төлебаев Мұқан (1913-1960) – қазақтың аса көрнекті композиторы, қоғам қайраткері, КСРО халық артисі (1959), КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1949), Қазақстан Республикасы гимні авторларының бірі. Туып-өскен жері – Алматы облысының Бөрлітөбе ауданындағы Қарашыған ауылы. Топырақ бұйырған жері - Алматы қаласы. Орта мектеп бітірген соң Алматы педагогикалық училищесінде оқиды (1933). Осы кезде аудандық «Жұмысшы жастар» театрын ұйымдастырады. Алматыда өткен халық өнерпаздарының бүкіл қазақстандық 1- слетіне қатысып (1934), әнші ретінде көзге түседі. Москва консерваториясы жанынан ашылған Қазақ студиясына оқуға түседі (1936). Қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері қызметін атқарады (1942-1944). Москва консерваториясын (Маяковский мен Ференнің композициясы класы бойынша) бітіріп шығады (1951). КСРО Композиторлар одағының мүшесі (1942). Қазақстан Композиторлар одағы басқарма мүшесі (1948). Қазақстан Композиторлар одағы басқармасының төрағасы (1956-1960). Мұқанның анасы Тәжібала мен туған нағашысы Апырбай ақындық, әншілік, күйшілік өнерімен төңірегіне танылған адамдар. Бұл болашақ композитордың өнерге жастайынан бейімделіп, бойындағы бұла дарынның қанаттануына себепші болған. Жалпы М. Төлебаев шығармаларындағы музыкалық – эпикалық үрдістің бел алып жататыны, оның ұдайы халық өнеріне табан тіреп, халықтың бай музыкалық қазынасынан шабыт алып отыратынын аңғартады. М.Төлебаев туындатқан опералардың, оркестрлік немесе вокальды-симфониялық шығармалардың, камералық-аспаптық пьесалардың, әндер мен романстардың қай-қайсысы да терең сезімталдығымен, музыкалық тілінің шыншылдығымен, өзіндік қолтаңбасымен дараланып отырады. Оның шығармаларының көркемдік қуаты тегеурінді, парасат-пайымы өрелі, көркемдік-идеялық бағыты айқын, ұлттық-төлтумалық бояуы қанық. М.Төлебаев қысқа ғана ғұмырында жүзден астам музыкалық шығармалар туындатып үлгерген. Бұлардың ішінде опералық, контаталық-ораториялық және ән-романстық шығармалары айрықша ден қойдырады. Әсіресе, «Біржан-Сара» операсы оның композиторлық дарынының шырқау шыңы ғана емес, сонымен бірге қазақтың ХХ ғасырдағы музыкалық мәдениетінің ең көрнекті табыыстарының бірі. «Біржан-Сара» операсы өзінің полифониялық болмысына қарамастан, ұлттық нәрі құнарлы туынды. Нағыз өнердің табиғатына тән төлтумалық «Біржан-Сара» операсының өнбойынан айқын аңғарылып отырады. М.Төлебаев қазақтың кәсіпқой музыкалық мәдениетін қалыптастырып, орнықтырушы хас дарындардың бірі.

ШӘКЕН АЙМАНОВ
Айманов Шәкен Кенжетайұлы (1914-1970) – қазақтың әйгілі әртісі, режиссер. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданы. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы. Орта мектеп бітірген соң (1928), Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түскен. Осы кезден бастап театр өнерімен әуестеніп, 1933 жылы Қазақ драма театрының құрамына алынады. Осы театр сахнасында жиырма жылдай еңбек етіп, әртістік шығармашылығын шыңдады. Театрдың бас режиссері болды /1951/. 1953 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ кино өнері саласында өнімді еңбек етті.

Шәкен аса дарынды суреткер актер, ойшыл режиссер ретінде қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен, өшпес із қалдырған дара дарын иесі. Ол М.Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрының сахнасында қазақ драматургиясының Ақан сері, Қобыланды, Қодар, Керім («Абай»), Алдар Көсе, Исатай (Жансүгіров, «Исатай Махамбет») бейнелерін, әлем драматургиясынан Кассио және Отелло (Шекспир, «Асауға тұсау»), Уәлиханов және Тихон (Островский, «Таланттар мен табынушылар», «Найзағай»), Сатин (Горький, «Шыңырауда»), Шадрин (Погодин, «Мылтықты адам»), Кидд (Лавренев, «Америка дауысы»), Бетт (Дж. Гоу мен А.Дюссо, «Терең тамырлар»), Хлестаков (Гоголь, «Ревизор»), Кривенко (Чирсков, «Жеңімпаздар»), Гельпак (Ф.Вольф, «Профессор Мамлок») бейнелерін сомдады. Ш.Айманов қойған «Абай» спектакліне 1952 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Ш.Айманов актер ретінде алдымен кейіпкерінің жан дүниесін ашуға және соған лайықты ұтымды әрекет қимылдар жасау шеберлігімен ерекшеленсе, режиссер ретінде шығармаға көркемдік идеялық мазмұнын дарытуға, ұлттық ерекшеліктердің бояуын қанық етуге, заман мен қоғам туралы философиялық ой толғам жасауға айрықша мән бере білетін дарынды суреткер. Шәкен кино саласында да осы ұстанымдарын шебер пайдалана білді. Оның «Махаббат туралы аңыз» (1953), «Дала қызы» (1954), «Біздің сүйікті дәрігер» (1958), «Алдар Көсе» (1965), «Туған жер» (1967), «Атаманның ақыры» (1970) фильмдері қазақ кино өнеріне көркемдік төлтумалық дарытқан өміршең туындылар.


НҰРҒИСА ТІЛЕНДІҰЛЫ
Тілендіұлы Нұрғиса (1925-1998) – қазақтың әйгілі күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы. Туып өскен жері Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылы. Топырақ бұйырған жері Жамбыл кесенесінің іргесі. Москваның П.И.Чайковский атындағы консерваторисының дирижерлік факультетін (проф. Н.П. Аносовың класы бойынша) бітірді. Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында (1953-1961), қазақтың Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Академиялық халық аспаптар оркестрінде (1961-1964) және тікелей өзінің ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде (1981-1998) бас дирижер қызметін атқарды. Сондай-ақ, 1968 жылдың «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы болып істеді. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО-ның халық әртісі. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Н.Тілендіұлына 1998 жылы «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіне композитор, дирижер, орындаушы ретінде өшпес із қалдырған суреткер. Ол 500-ден астам музыкалық төл туындылардың авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да қайран қалдырады: ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера, балет т.б. Сүйікті шығармаларынан «Достық жолымен» (1958), «Менің Қазақстаным» контатасын (1959), Қ.Қожамяровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсын (1961), «Ата толғауы» және оркестр үшін жазылған шығармаларын (1962), «Халық қуанышы» (1963), «Қайрат» (1964), «Жеңіс солдаты» (1975) сияқты увертюраларын атауға болады. Оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері мен «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Ақ құсым», «Өз елім» сияқты ондаған әндері халықтық бояу нақышының қанықтығымен, өзіндік қолтаңбасының айқындығымен жұртшылықтың сүйіп тыңдайтын рухани қазынасын айналған. Мұның сыртында қырықтан астам пьесаға және жиырмадан астам фильмге музыка жазған. Тілендіұлы Нұрғиса музыкасын жазған М.әуезовтың, Ш.Аймонвтың, Т.Ахтановтың, Ә.Тәжібаевтың пьесалары, сондай ақ «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан» фильмдері әлдеқашан қазақ сахнасын мен экран өнерінің классикасына айналған.

Тілендіұлы Нұрғиса қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал-серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Ол өнер туындату барысында уақыттың идеологиялық өктемдігіне, ассимиляцияшыл әсіре үрдісіне мүлде мойын ұсынбастан, өзінің тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды. Бұл ретте, Нұрғиса жерден қуат алатын Антей сияқты, қазақтың музыкалық дәстүріне табанын нық тіреп тұрып, өзінің арман аңсарын еш жасқанбастан дыбысқа айналдыра білді. Ол өз заманының музыкалық танымын терең игерген кәсіпқой музыкант бола тұра суырып салмалық дәстүрді ұдайы шабыт тұғыры етіп отырды. Былайша айтқанда, көргенді күйттеп, естігенді жаттап отыратын оркестрлік қасаңдыққа Нұрғиса буырқанған шабыт еркіндігін дарыта білді. Бұл ретте, Нұрғиса сахараның ақбас абыздары сияқты, өз үнін көп дауысқа тұншықтырмай, өз лебізін көп даңғазаға ілестірмей, қазақтың дәстүрлі музыкалық тіліндегі дарашыл қасиетті (монодийность) тәу етіп өтті.

Нұрғисаның композитор, дирижер, орындаушы ретіндегі ойы көпке ортақ, тілі көпке түсінікті. Егер, сал-серілер өнері адамның жан жүрегіне бағытталуымен дараланса, сол ұлы дәстүр Нұрғисаның да барша шығармашылық болмысында аста төк болып, шалқып шашылып жатты. Дәл осы тұрғыда Нұрғиса қазақтың дәстүрлі музыкасының әрін тайдырмастан, нәрін жоғалтпастан тек қана өзіне тән профессионализмді қалыптастыра алды.



МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ
Мақатаев Мұқағали Сүлейменұлы (1931-1976) – қазақтың әйгілі ақыны. Туған жері Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Шалкөде ауылы. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы. Балалық бал дәурені соғыста қаза болып, анасы Нағиман Мұқағалидың өкшесін баса туған үш ұлды өзі асырап жеткізген. Орта мектепті интернатта жатып бітірген Мұқағали еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, жетіжылдық мектептің мұғалімі болады. Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасып, қаламгерлікке ден қояды. Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») 1963-1965, «Жұлдыз» (1965-1972) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973) қызмет атқарады.

Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.

Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, өскен жері, Отан тағдыры, замана тынысы, замандастарының арман аңсары. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, әр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырған. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, мазмұнын байытты. Мұқағали поэзиясы тек өнер үшін туындаған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түсті.

Мұқағали аударма саласында да өзіндік шеберлік шалымымен толымды еңбектер тындыра алды. Ол Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін қазақ тіліне аударды.



Біртуар дара дарын Мұқағали Мақатаевтың қаламынан туған қанатты жырлар халқымен бірге мәңгі жасай бермек.
Ақпарат көзі: www.solai.de



Каталог: kitaptar
kitaptar -> Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі
kitaptar -> Сабақтың тақырыбы: «Кітаптар әлемінде»
kitaptar -> Ажал үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?
kitaptar -> Ай сәулесі жүдеп, қырқа үсті ақ шолаң тарта құлан иекте
kitaptar -> Құдай-ау, қайда сол жылдар, Махаббат, қызық мол жылдар?
kitaptar -> Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады
kitaptar -> Тіл төҢірегіндегі толғамдар ойлар, толғаныстар, пікірлер, ұсыныстар, іс-тәжірибелер, деректер мен дәйектер Астана қаласы, 2007 жыл тіл төҢірегіндегі толғамдар баспасөз және басқа да басылым беттерінен іріктеп, жинақтаған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет