Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы


Жоғарғы оқудың басты мақсаты – нәтиже



бет6/21
Дата26.06.2018
өлшемі1,84 Mb.
#44344
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21

Жоғарғы оқудың басты мақсаты – нәтиже

Болонья процесі идеялары мен талаптары аумағында әрбір жоғары оқу орнының алға қойған мақсаты оқу нәтижесімен байланысты болуы керек. Ал оқу нәтижелері дегеніміз студенттердің оқу аяғында әртүрлі деңгейлерде (модульдік, институционалдық) қандай құзырлылықтарды меңгеретіндігін анықтап, көрсету:

- не білетіндігін және не жасай білетіндігін,

- қандай да бір бірліктермен өлшеуге келетін жетістіктерін.

Бүгінде жоғарғы оқудың реформасы білім нәтижелерін жоғары оқу орнының негізгі қызметіне (функциясына) айналдырып, нәтижені оның іс-әрекетінің аяққы нысанасы ретінде таниды. Сол себепті де жоғары оқу орны келесі мәселелерді жаңа тұрғыдан анықтап, соған орай өз қызметін де өзгертуі керек:

- «нені», «кімге», «қалай», «қашан», «не үшін» оқыту;



- «нені», «кімді», «қалай», «қашан», «не үшін» бағалау.

Білім нәтижелері оқыту, оқу, бағалаумен тығыз байланысты болғандықтан, әрбір жоғары оқу орны келесі мәселелерді жан-жақты анықтап алуы керек:

- жоспарлау,

- оқу/оқыту әдістемесі,

- бағалау мен оқу сапасын қамтамасыздандыру.

Бұл ұғымдардың мазмұны мен мағынасы түбегейлі түрде өзгеруі тиіс. Мәселен, бұрынырақта жоспарлау студенттердің «не» оқу/үйрену керектігін сипаттап, оқытушылар тарапынан оқытылатын/игерілетін тақырыптарды айқындайтын. Ал енді оқу жоспарлары мен бағдарламалары нәтиже терминдеріне сәйкес құрастырылуы керек: олар студенттердің «не білу» керектігін, «не жасай алатындығын» көрсетуі қажет, ал бұл үшін жоспарлар мен бағдарламалар «студенттер үшін» құрастырылмай, «студенттермен бірге» форматында жасалуы тиіс.

Ал әр мамандық пен пәннің оқу/оқыту әдістемесі студенттерді белсенділендіретін, олардың өлшелмелі білім, білік, дағды, машықтары мен құзырлылықтарын көрсете алатын интербелсенді технологиялар мен әдістерді оқу процесінде қолдануы тиіс.



Бағалау мен оқу сапасын қамтамасыздандыру дегеніміз әртүрлі деңгейлерде (модульдік, пәндік, семестрлік, курстық, толық оқу курсы, институционалдық) сапаны қамтамасыздандыратын стандарттарды, процедуралар мен механизмдерді айқындап, қолдану.

Стандарттар, жоспарлар мен бағдарламаларда студенттердің құзырлылығы келесідей деңгейлерде көрсетілуі керек:

1) Пән ерекшеліктеріне сәйкес құзырлылықтар (яғни, пән аумағындағы білім мен дағдылар тұрғысынан).

2) Әмбебап құзырлылықтар (барлық пәндерге қатысы бар білік пен дағдылар: сөйлеу, жазу, проблема шеше білу, ақпараттық технологияларды қолдана білу, бірлесе жұмыс жасау дағдылары, т.б.).

Осыған сәйкес оқу нәтижелеріне келесідей талаптар қойылады:

- пән немесе бағдарлама (оқудың толық курсы) тұрғысынан студентке (түлекке) қойылатын талаптар (стандарттар) мен күтілетін нәтижелерді көрсетуі керек;

- студенттің оқуды аяқтағаннан кейінгі нақты айқындалған (бақылауға боларлық және өлшеуге мүмкін) білімдерін, біліктерін, дағдыларын, түсінігін, оның алған білімдерді қолдана білуін, оларды талдай білуін, олардың негізінде жаңа білім құрастыруын, оларды бағалауын (Блум таксономиясы бойынша) көрсетуі қажет.

Оқу нәтижелері тек жазба жұмыстары арқылы айқындалуы мүмкін, сол себепті пән немесе оқудың толық курсы аяқталғаннан кейін студент өзінің «не нәрсеге үйренгенін» жазбаша түрде көрсетуі керек.

Жоғары оқу орындарында нәтижені оқу процесінің басты мақсатына айналдыру келесі міндеттер арқылы жүзеге асырылады:

1. Білімнің студентцентристік парадигмасын қабылдау.

2. Кәсіби дайындықта «біліктілік» ұғымынан «құзырлылық» идеясына ауысу.

3. Білім игеру ісін өмір бойғы үздіксіз процесс деген қағиданы ұстану.

4. Оқу процесіне іс-әрекеттерді өлшеу мен бағалау жүйесін енгізу.
Білімнің студентцентристік парадигмасын қабылдау

Сонымен бүкіл әлемде жүріп жатқан жоғары білім жүйесі реформасының басты мағынасы - оқытудың мазмұнын жоспарлауды (кешегі күннің идеясы) білім игеру процесінің нәтижелерін құрастырумен алмастыру. Бұл ұстаным оқу/оқыту процесіне келесідей өзгерістер әкеледі:

1. Басты назар оқытушыдан студентке ауысады.

2. Білім жүйесі «оқытудан/үйретуден» (оқытушыны басты тұлға деп танитын ұғым) - негізгі субъект ретінде студентті қарастыратын «оқуға/ үйренуге» ауысады.

Студентцентристік парадигма студенттерді шығармашылықтың өмір шығармашылығы деп аталатын жаңа түріне ынталандырады. Оның негізі Жак Делор (ЮНЕСКО) айқындаған білімнің басты төрт құндылықтарымен анықталады: Өмір сүре білу; Жұмыс жасай білу; Басқалармен бірге өмір сүре білу; Үйрене білу (Болонский процесс, 2006, 9).

Бұл мақсаттар бүгінгі күнгі қоғам мүшелерінің міндеттерін келесідей айқындайды:

«Тұлға білім алу ісіне өмір бойы берілу арқылы әлеуметтік-моральдік кеңістіктің жаңа энергетикасында бақытты түрде өмір сүруге міндеттеледі.

Тұлға әлеуметтену, ұйымдасу мен өндірістік қатынастардың жаңа формаларында жұмыс жасай білуге міндеттеледі.

Тұлға жаһандану мен мәдениеттердің сан алуандығы жағдайында өзге мәдениеттермен, өмір салттарымен, ұлттармен, этностармен, конфессиялармен ынтымақты өмір сүре білуді үйренуге міндеттеледі.

Тұлға өзінің өмірлік проблемаларын тиімді және рухани тұрғыдан (әлеумет талаптарына сәйкес) шеше білетіндей өмір сүре алуды үйренуге міндеттеледі» (Болонский процесс, 2007, 18).

Бұл идеялар бүкіл білім жүйесін оның негізгі «кейіпкері» студентке бағыт түзеуді қажеттейді. Студент өз білімінің параметрлерін, әдістері мен тәсілдерін өздігімен анықтауы керек, өйткені ол қоғам алдында өз біліміне деген жауапкершілікті терең сезінеді.

Студентцентристік парадигмаға бағытталу оқу процесіне келесідей өзгерістерді енгізуді талап етеді:

1) Оқу бағдарламаларында студенттердің өздік жұмыстарының үлесін күрт ұлғайту (бірінші мезетте жазба жұмыстар). Бұл ұстанымды ағымдағы, межелік және қорытынды бақылауларда практикалық мәні бар зерттеу жобаларын орындау арқылы жүзеге асыруға болады.

2) Оқытушының «үйретуші», «білім көзі», «білімді тасымалдаушы» рөлдерін «жетекші», «менеджер» рөлдеріне ауыстыру. Бұл ұстаным келесі әрекеттер арқылы жүзеге асырылады:

а) ұстаздардың қазіргі заман талаптарына сай интербелсенді технологияларды меңгеруі,

ә) оқу процесінде студенттердің дербестігін (ойлау, әрекет жасау, жоспарлау деңгейінде), өз біліміне деген жауапкершілігін қалыптастыратын интербелсенді әдістемелерді қолдану,

б) студенттердің бұрынғы «білімді қабылдаушы», «жинақтаушы» рөлдерінен «өздігімен үйрене білуші» рөліне ауысуы;

3) Оқу процесі мен жоғарғы оқу орнын басқаруда студенттер рөлінің өсуі, ал бұл ұстаным келесі әрекеттерді жүзеге асыруға қажет етеді

а) студенттерді оқу нәтижелерін айқындау ісіне белсенді түрде араластыру,

ә) студенттерді өз оқуының параметрлерін (оқу траекториясын) анықтауға қатыстыру,

б) студенттердің мобильдігін кеңейту.
Кәсіби дайындықта біліктіліктен құзырлылыққа ауысу

Қазіргі экономиканың біліми және ақпараттық сапасының өсуін дәстүрлі кәсіби біліктілік ұғымы қанағаттандыра алмайды. Экономикалық даму қарқыны біліктілікті жоғары кәсіби білімнің нәтижесі ретінде тануды жеткіліксіз деп табады.

Кәсіби білім саласындағы біліктілікке негізделген ұстаным адам өмірінде қандай қабілеттердің, дайындықтардың, білім мен қатынастардың қажет екендігін оқыту бағдарламасының айқындауы міндет емес деп есептейді. Біліктілік тұрақты кәсіп ауқымында әу бастан бекітілген әрекеттерді ғана меңзейді.

Қазіргі күні білімнің даму қағидалары біліктіліктен құзырлылыққа көшуді талап етуде. Құзырлылық ұстанымы білім жүйесінің мазмұнынын маман дайындаудың тар шеңберінде қалдырмай, оны кең көлемді дүниетанымдық, азаматтық, әлеуметтік, экономикалық, моральдік-этикалық, кәсіби ауқымда қарастырады.

Болонья процесінің аумағында 2004 жылы құрылған TUNING («Еуропада білім құрылымдарын сәйкестендіруге бағыттау») жобасы «құзырлылық» ұғымына келесі өлшемдерді жатқызады:

- «білім және түсінік» (қандай да болмасын ғылым саласындағы теориялық білім, білу және түсіну);

- «қалайша әрекет жасау керектігін білу» білімі (нақты ситуацияларда білімді практикалық және оперативтік тұрғыдан қолдана білу);

- «қалайша өмір сүру керек» білімі (әлеуметтік контексте басқа адамдармен өмір сүрудің ажырамас бөлігі болып табылатын құндылықтар) (Болонский процесс, 2007, 18).

Білім игеру процесінің аяққы нәтижесі ретінде құзырлылық парасаттық (интеллектуалдық) қабілеттерді дамытуға бағытталады. Ал ол қабілеттер өз кезегінде білім алушыларға техникалық, экономикалық және мәдени өзгерістерді саналы түрде түйсініп, әлеумет ішінде жұмыс жасай білу, бастамашылдық пен жауапкершілік, шығармашылық пен конструктивтік көзқарас, икемділік пен бейімшілдік сияқты қасиеттерді дамыту мүмкіншілігін береді.

Құзырлылық студентті өзін-өзі ұйымдастыру, басқару, бағалау, қадағалау, түзету әрекеттеріне ниеттейді, оны масылдық пен бәлсенділіктен арылтып, белсенді және өмірінің қалайша өтетіндігіне деген жауапкершілікті толық өз мойнына артуға бағыттайды.

«Құзырлылық» ұғымы келесідей ұстанымдарды жүзеге асыруды меңзейді:

- оқудың мазмұнын, оны жоспарлау қағидаларын қайта қарау;

- оқудың «мазмұн – білім - пән» аумағындағы парадигмасынан бас тартып, гуманистік қағидалар тұрғысынан өмір сүруді үйрену.

Құзырлылықтар оқу процесінде келесі әрекеттер арқылы жүзеге асырылады:

- интербелсенді әдістерді қолдану;

- жоғары оқу орнының «өмір стилін» өзгертіп, оны динамика мен қызыққа толы процеске айналдыру;

- оқытушылар мен студенттердің арасындағы қарым-қатынасты ынтымақтастық пен өзара әрекеттесуге негіздеу.

Құзырлылықтарды қалыптастыруда келесідей әдістерді оқу процесінде қолданудың маңызы зор:

- бірлескен интербелсенді әрекеттер,

- рөлдік және іскерлік ойындар,

- кейс-стади,

- презентациялар,

- кері байланыс,

- пікірталастар,

- тренингтер.
«Білім игеру - өмір бойғы үздіксіз процесс» деген ұстанымды қалыптастыру.

Қазіргі дәуірдің әлеуметтік және экономикалық даму ерекшеліктерінің бірі ретінде автоматтандырылған және ақпараттық технологиялардың тегеурінін атауға болады. Бұл тенденция тұрақты кәсіптердің өз қасиеттерін жоғалтып, өзгеріс пен уақытша сипаттарды иеленуіне әкелуде. Мұндай жағдайда үйрене білу және үйренуге ұмтылу маманның ең басты қабілеттеріне айналуда. «Өмір бойы үйрену» идеясының қазіргі білім жүйесінің негізгі тұжырымдамаларының біріне айналып кетуінің себебі осындай жәйттермен байланысты.

«Өмір бойы үйрену» тұжырымдамасының негізгі қағидалары нәтижеге бағытталып, оқу/оқыту жүйесінің студентцентристік парадигмасына сәйкес келеді. Өмір бойы оқып-үйрену дегеніміз тұлғаның әлеуметтік, азаматтық тұрғыдан жарқын болашаққа жету мақсатында өзінің білім, дағды, құзырлылықтарын үнемі жетілдіруі.

Өмір бойы оқып-үйрену келесі шарттарды ұстану арқылы жүзеге асырылады:

- үнемі жаңа білім игеру мен иемденуге ұмтылу;

- оқу/оқытуда жаңашыл және интербелсенді әдістерді қолдану;

- оқу/оқытуды бағалау.

Бүгінгі күнгі білімге негізделген қоғам әрбір тұлғадан өмір бойы оқып-үйренуді талап етеді. Мұндай қоғамның өміріне студенттердің (түлектердің) толыққанды қатысуы үшін оқу процесіне, оқу жоспарлары мен бағдарламаларына төмендегідей өзгерістерді енгізу керек:

1) Келесідей пән аралық негізгі біліктерді игеріп, оларды тұрақты түрде жетілдіріп отыру:

а) ақпараттық технологиялар, шетел тілдері, технологиялық мәдениет, кәсіпкерлікпен байланысты біліктер;

ә) әлеуметтік біліктер

- өздігімен оқып-үйрене білу,

- өзгерістерге бейімделе білу,

- ақпараттық ресурстарды қолдана білу,

- жаңа дағдыларды тез арада меңгере білу және жаңа проблемалар мен ситуацияларға бейімделе білу,

- команда құрамында бірлесе жұмыс жасай білу,

- таңдау жасап, шешім қабылдай білу,

- тәуекелге бара білу, т.б.

2) Оқу/оқыту процесін белсенділендіру, ал ол үшін:

а) студенттің өз білімінің мазмұны мен ауқымын анықтауда және білім игеру ісіне белсенді түрде қатысуына жол беретін оқу/оқытудың жаңа ұстанымдарын таңдау,

ә) студенттің оқуға деген қызығушылығын арттырып, оның аналитикалық ойлау қабілеті мен үйрене білу дағдыларын дамыту үшін оқу процесінде ақпараттық және коммуникативтік технологияларды қолдану.

3) Бағалауды келесі көрсеткіштерді анықтайтын механизмдердің жиынтығы деп түсіну:

а) жоғары оқу орнында оқытудың деңгейін,

ә) студенттердің оқу/үйрену процесіне қатысу деңгейін,

б) практикалық дағды мен біліктер арқылы сипатталатын студенттердің оқу нәтижелерін.
Оқу процесіне іс-әрекетті өлшеу және бағалау жүйесін енгізу

Сапа – білім жүйесінің негізгі мақсаты. Ол студенттердің үйрену процесінде қомақты нәтижелерге қол жеткізуіне пән, оқытушы (іс-әрекеттер, әдістеме арқылы) және жоғарғы оқу орны қалайша көмектесетіндігін көрсетеді.

Мамандарды дайындау сапасы дегеніміз жоғарғы білімді маман даярлау ісінің (процесінің, нәтижесінің) қажеттіліктерге (мәселен, мемлекеттің, қоғамның, жеке тұлғаның), мақсаттарға, талаптар мен стандарттарға сәйкес келуі. Мамандарды дайындау сапасы студенттің (түлектің) қандай қасиеттердің жиынтығын иеленгендігін көрсетеді.

Әрбір студент, жоғары оқу орны мен оның құрамдас бөліктері (факультет, кафедра) өз іс-әрекеттерінің сапасы жоғары болуына және оның үнемі жақсарып отыруына мүдделі. Ал сапа бағалау арқылы анықталады.



Бағалау – іс-әрекеттердің (оқыту/үйрету, оқу/үйрену) алдын-ала жоспарланған нәтижелерімен салыстырғанда өсу мен дамудың (жетістіктердің) деңгейлері туралы қорытынды жасау үшін қолданатын жазбаша, ауызша және практикалық тестердің, жобалар мен портфолиолардың жиынтығы.

Жоғары оқу орны өз жұмысының сапасын келесі деңгейлерде тұрақты түрде жетілдіруді мақсат тұтуы керек:

- жоғары оқу орнының дербестігі;

- оқу/оқытудың мақсаттары мен құралдары;

- оқу бағдарламаларының сапасы;

- профессор-оқытушы құрамының сандық және сапалық көрсеткіштері;

- студенттермен кері байланыс жасау;

- оқу кредиттерін жинақтау сапасы;

- пән аралық байланыс;

- инфраструктура мен жабдықталу;

- оқытушылар мен зерттеушілердің ынтасы (мотивациясы);

- жұмыс берушілермен байланыс;

- жаңалыққа (инновацияға) құштарлық.

Оқу процесіне іс-әрекетті өлшеу және бағалау жүйесін енгізу келесі әрекеттерді жүзеге асыруды талап етеді:

1) Сапа саласында терминологиялық аппарат құрастыру, ал ол үшін:

а) терминологиялық кеңістік құрастыру,

ә) Қазақстанда білім жүйесінде қолданатын жалпы қағидалар тұрғысынан жоғары оқу орнының қызметін сипаттайтын терминдердің сөздігін (глоссарий) құрастыру, мұнда бірінші кезекте келесідей сөздердің мағынасын айқындау: «оқу нәтижелері», «құзырлылық», «сапа», «бағалау», «бағалау құралдары», «жұмысқа орналастыру», «білім деңгейі», «стандарт», «біліктілік», т.б.

2) Оқудың/оқытудың статистикалық көрсеткіштер жүйесін құрастыру, ал ол үшін:

а) мамандар рыногы мен жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестендірілген мамандықтар және мамандырулар бойынша жоғары оқу орнының ішкі стандарттарын құрастыру және іс жүзінде қолдану,
Кесте №5

Нәтижеге бағытталудың мақсаттары мен міндеттері



Мақсаттар


Міндеттер



Білім жүйесінің студентцентристік парадигмасы

- Студентті білім жүйесінің басты тұлғасына айналдыру.

- Өздік жұмыс үлесін арттыру.

- Оқытушы рөлін «үйретушіден» «ұйымдастырушыға» ауыстыру.

- Жоғарғы оқу орнына басшылық жасауда студенттердің рөлін өсіру.

- Студенттердің мобильдігін кеңейту.





Құзырлылық идеясы

- Оқу процесінде интербелсенді әдістерді қолдану.

- Оқу процесін динамика мен қызыққа толы процеске айналдыру.

- Оқытушылар мен студенттер арасында тең құқылы қарым-қатынас орнату.





«Білім – үздіксіз процесс» идеясы

- Пән аралық негізгі (ақпараттық және әлеуметтік) біліктерді игеру.

- Оқу процесін белсенділендіру.

- Оқу процесін бағалауда әртүрлі механизмдерді қолдану.





Әрекеттерді өлшеу және бағалау жүйесі

- Сапа саласында терминологиялық аппарат құрастыру.

- Оқу процесінің статистикалық көрсеткіштері жүйесін құрастыру.

- Оқу процесін мониторингтеу және болжамдау жүйесін құрастыру.

- Әртүрлі деңгейлерде (модульдік, институционалдық) оқу сапасын бағалау жүйесін құрастыру.


ә) түлектерді аттестаттау үшін бағалау құралдарын құрастыру,

б) мамандықтар және мамандырулар бойынша түлектерді аттестаттаудың бағалау құралдарының қорын құрып, оны әдістемелік тұрғыдан қамтамасыздандыру,

в) көрсеткіштерді тұрақты түрде талдап отыру,

г) жұмысқа қабылдау үшін профессор-оқытушы құрамына қойылатын сандық және сапалық талаптардың жиынтығын құрастыру.

3) Оқу процесін мониторингтеу және болжамдау жүйесін құрастыру:

а) білім сапасының ішкі мониторингісін қалыптастыру,

ә) әр ай сайын сапаның ахуалы туралы аналитикалық есептер дайындау.

4) Оқу сапасын бағалау жүйесін құрастыру:

а) модульдік деңгейде (пән, курс),

ә) мамандықтар деңгейінде,

б) жоғары оқу орны деңгейінде.

Болонья процесінің басты идеясы мен ұстанымы ретінде танылатын нәтижеге бағытталудың негізгі ұғымдарын №5 кестеден көруге болады.

Сонымен, Болонья процесі студентті білім процесінің негізгі тұлғасына айналдырып, білім нәтижесін оның құзырлылықтарымен өлшейді. Бұл ұстаным оқу процесінде студенттің өзіндік және дербес әрекеттер үлесінің күрт өсуіне алып келіп, оқу әдістемесінде интербелсенді әдістер мен тәсілдерді қолдануды міндетті түрде талап етеді.
2. Интербелсенді оқу/оқыту дегеніміз не?
2.1 Интербелсенді әдістеме - өзара әрекеттесу, әрекет арқылы үйрену/үйрету
Бүгінгі күннің басты ерекшеліктерінің бірі «Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттігін 2006-2009 жылдарда дамыту тұжырымдамасында» келтірілгендей, ақпараттың «ақылға симайтын шамадан тыс, оны игеруде адамның биологиялық мүмкіншіліктерінен артық» мөлшерде дамуы. Сол себепті де оқу/оқыту қысқа мерзімде ақпараттың көлемді бөлігін тиімді түрде ұсынатын, сол ақпаратты жоғарғы деңгейде игеретін және практикада бекіте алатын әдістерді қолдануды талап етеді.

Бұл талап білім саласында инновациялық өзгерістерге әкеліп, оқудың/ оқытудың негізі ретінде тұлғалық дамуды қарастырады, өйткені динамика мен өзгерістерге толы ақпараттық дәуір экономикасы адамның білімді әрі білікті тұлғасына тәуелді, өйткені бұл дәуірдің идеологиялық, әлеуметтік, саяси сұраныстары адамнан келесідей құзырлықтарды талап етеді:

- ақпараттың ішінен өзіне қажеттісін таңдап, оны пайдалану;

- проблемаларды шешу және шешім қабылдау;

- өзіндік пікір, идеялар, тұжырым, түсінік келтіру, оларды дәлелдей және қорғай білу;

- социумда ауызша және жазбаша түрде қарым-қатынас құра білу, бірлесе жұмыс жасай білу, жанжалдарды болдырмау;

- өмірге деген көзқарасын, ұстанатын сенімдерін, қажеттіліктерін, құндылықтарын жалпы адами құндылықтармен байланыстыру;

- өздігімен үйрене білу, өз білімін әрқашан да дамытып отыру.

Сол себепті де тұлғалық даму ұстанымы білім игеру процесіне қатысушылардың (үйренуші мен үйретуші) бұрнағы авторитарлы-коммуникативтік қарым-қатынасын гуманитарлы-коммуникативтік қарым-қатынасқа өзгертуді талап етеді. Бұл ұстаным таным процесінің «білім беру», «оқыту», «үйрету» деген кешегі күнгі түсініктерін енді екі жақты процесс ретінде қарастырып, оларды «білім алу/игеру», «оқу», «үйрену» деп өзгертеді, бұл процесте үйренуші негізгі рөл атқарып, білімді өздігімен құрастырады деп түсінеді.

Егерде дәстүрлі «білім беру» өз мақсаты мен мағынасын нақты белгіленген (мемлекеттік стандарттарда көрсетілген пәндер, тақырыптар мен сабақтардың аумағында) білім жиынтығын игерумен шектесе, тұлғалық даму мен өздігімен білім құрастыруды негізгі идея деп ұстанған инновациялық көзқарас оқу/үйренудің негізін тек пәндер емей, ойлау мен рефлексияға негізделген интербелсенді (интерактивті) әдістер құрауы керек деп түсінеді. Ал интербелсенді әдістер мен тәсілдер үйренушілердің тұлғалық тұрғыдан өзіндік және дербес түрде дамуына әкеледі, оларды өз мүмкіншіліктері мен ұстанған құндылықтарын түсінуге және бағалауға жетелейді.

Таным әрекеттерін ұйымдастырудың арнаулы әдістемесі ретінде интербелсенді оқу/оқыту білім игеру процесіне қатысушылардың (үйренуші мен үйренушілердің) тиімді қарым-қатынасына негізделеді. Ағылшын тілінен келген «interactіv» сөзі де осы ұғымды білдіреді: «inter» дегеніміз «өзара» мағынасында, ал «act» - «әрекет жасау» дегенді білдіреді, яғни интербелсенді әдістер - үйренуші мен үйренушілердің өзара әрекеттесуін оқу/оқытудың негізі деп танитын және сондай қатынасқа жағдай жасайтын әдістер.

Басқаша айтқанда, «интербелсенді» дегеніміз біреумен қоян-қолтық қарым-қатынаста болу, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Ал «интербелсенді оқу» дегеніміз өзара қарым-қатынасқа (коммуникацияға) негізделген оқу/оқыту, диалог арқылы үйрену/үйрету, яғни «үйретуші – үйренуші», «үйренуші – үйренуші», «үйренуші - өзімен өзі» форматтарында жасаған қарым-қатынас («әңгіме», «сұхбат», «пікірлесу», «бірлескен әрекеттер»).

Интербелсенді оқу/оқыту білім игеру процесін келесідей ұйымдастыруға ынталы:


  1. Барлық үйренушілерге бірлескен таным процесіне белсенді араласуға мүмкіндік жасау.

  2. Әрбір үйренушінің өзінің үйренгені мен өз білімі туралы түсініктерін ортаға салып, бірлесе талқылап, олар туралы ой толғауына мүмкіндік жасау.

  3. Үйренушілер білімді өздігімен құрастыратын орта құру (№6 кесте).

Интербелсенді оқу/оқыту – әрекетпен және әрекет арқылы оқу/оқыту, ал мұндай ұстаным қомақты нәтижелерге жеткізетін ең тиімді жүйе деп есептелінеді, өйткені адамның жадында бірінші мезетте тек өзінің әрекеттері мен өз қолымен жасағаны ғана қалады. Кезінде көне қытай ғұламасы Конфуций (Кун-цзы) былай деген екен: «Маған айтып берсең – ұмытып қаламын, көрсетсең – есте сақтармын, ал өзіме жасатсаң – үйренемін!».
Кесте №6

Интербелсенді оқу/оқытудың негізгі қағидалары мен мақсаттары



Қағидалар



Мақсаттар


Орта

қалыптастыру


- Білім алушы оқып/үйренуде өз әрекеттерінің жемісті екендігін сезінетін жағдайлар жасау;

- Үйренушілер арасында ашық, еркін, шығармашылық қарым-қатынас орнату;

- Үйренушілерге білімді дайын күйде бермей, оны ізденуге бағыт-бағдар сілтеу.


Әрекет арқылы үйрету/үйрену


- Үйренушілерге білімнің өзіндік әрекеттер арқылы ғана тиімді түрде меңгерілетіндігін дәлелдеу;

- Үйренушілерді белсенді әрекеттерге баулып, олардың білім игеру әрекеттерін ұйымдастыру.



Өмірмен байланыстыру


- Үйрету/үйренуді практикалық әрекеттерге негіздеу, пән мен тақырыпты күнделікті өмірде туындайтын проблемаларды шешу деп қарастыру.



Өзінділік пен дербестікке

баулу


- Үйренушілердің дайын жауаптарын қанағат тұтпай, оларды ой-толғаныс арқылы өзіндік пікір құрастыруға, проблема шешуде өзіндік тұрғыдан жауап табуға ынталандыру (егер студент жауап бере алмаса, дұрыс жауапты өзі бермей, оны басқа студенттердің табуына ықпал жасау);

- Үйренушілерде сыни және аналитикалық ойлау дағдыларын қалыптастыру (күмәндану, өзіндік түсінікке ұмтылу, ақпараттан әртүрлі мағынаны көре білу, дәлелдеме келтіру).

Сол себепті де интербелсенді оқу/оқыту үйренушілердің оқу процесіндегі белсенді әрекеттерін үйренудің негізгі құралдары мен тәсілдері ретінде таниды. Сондықтан да интербелсенді оқу/оқыту оқу процесінің тиімділігі мен нәтижелігін үйренушілердің есте сақтау дәрежесімен өлшемей, олардың әрекеттерімен бағалайды, тек әрекет арқылы ғана үйрену ықтимал деген қағида ұстанады.

Интербелсенді оқу/оқыту студенттің өз тәжірибесі және өзге де студенттердің тәжірибесі тұрғысынан жасаған белсенді қарым-қатынасқа негізделеді. Ал үйренушілердің тәжірибесі дегеніміз олардың өзіндік пікірлері мен көзқарастары, ойлары мен идеялары, тұжырымдары мен қорытындылары, дәлелдері мен уәждері деп айтуға тұрарлық. Студенттер таным процесінде бір-бірімен осы тәжірибесімен бөліседі, міне осындай байланыста, қарым-қатынаста жаңа білім құрастырылып, саналы түрде игеріледі.

Интербелсенді оқуда/үйренуде білім алушылар келесідей білім, білік, дағды, машықтарға үйренеді:

- терең ойлану, жеке рефлексиялық қабілеттерді дамыту;

- өз идеялары мен әрекеттерін талдау және оларға баға беру;

- ақпаратты өздігімен түсініп, оны таразылап, екшеп, оның ішінен керектісін таңдап алу;

- ақпаратты жан-жақты талдау;

- өздігімен жаңа түсінік пен білім құрастыру;

- оқу барысында жеке басының құндылықтары мен сенімдерін қалыптастырып, белсенді өмірлік позиция (көзқарас, дүниетаным) ұстану;

- пікірталастарға қатысып, өз ойы мен пікірін дәлелдеу;

- басқа да балама пікірлерді ескеру;

- шешім қабылдау және қиын мәселелерді шешу;

- ортақ жұмысқа жұмыла білу;

- басқалармен тиімді қарым-қатынас құру, өзара әрекеттесу;

- үйренушілер ұжымына ортақ бірлесе жұмыс жасаудың рухани және моральдік ережелерді қабылдау;

- студенттік топты ұжым ретінде қабылдау.

Бұл біліктер тұлғаның тұрақты қасиеттеріне айналып, тек студенттік аудиторияда орын алып қана қоймай, сонымен бірге өмірдің басқа да жақтарынан тиянақты түрде көрінеді.


2.2 Интербелсенді оқу/оқыту бірлескен әрекеттерге негізделеді
Дәстүрлі оқытуда басты мақсат «нәтиже» болып, ұстаз өзінің барлық күш-қайратын «үйретуге» бағыттайды, шәкіртті қорытынды нәтижеге ең қысқа жолмен жетелеуге тырысады. Мұнда оқытудың нәтижелігі бірінші кезекте ақпаратпен байланыстырылады: үйрету процесі оқушыға ақпарат «беруге» бағытталады, оны жаңа мәліметпен қамтамасыздандырумен шектеледі. Дәстүрлі оқытуда білім беру процесі көп жағдайда оқушының сабаққа «таза парақ» (tabula rasa) күйінде келіп (немесе іші қуыс ыдыс секілді), мұғалімнің оны сабақта біліммен «толтырумен» айналысатын құбылыс деп түсініледі. Шәкірт сабақта ғана жаңа білім алып, сабақтан кейін оны бекіту жұмысымен ғана айналысты.

Ал интербелсенді оқу/оқыту басты назарды «процеске», яғни үйрену процесінің өзіне, оқушылардың «қалай» және «қандай әдіс-тәсілдер арқылы үйренетіндігіне» аударады. Мұндағы мақсат - оқушылардың өзара белсенді әрекеттер арқылы өздігімен білім игеруінде, оны ізденуінде, құрастыруында. Мұндай сабақтарға шәкірттер «таза парақ» күйінде келмей, алдын-ала дайындалып келеді, олар сабақ басында тақырып бойынша өз түсініктері мен пікірлерін келтіріп, әрі қарай оларды дәлелдеу жүйесін құрады, пікірталас жүргізеді, өзге пікірлерді тыңдап, балама көзқарастарды ескереді. Басқаша сөзбен айтқанда, шәкірт өмірде әр адамға қажетті білік-дағдыларды қалыптастырады. Ал сабақтан кейін сол білімдерін өздігімен дамыта түседі.

Сол себепті де интербелсенді оқу/оқытуда үйренушілер келесідей әрекеттерді атқаруға дайын болуы керек:

- бірлескен жұмыс,

- танымдық, коммуникативтік, әлеуметтік тұрғыдан белсенділік таныту,

- бастамашылдық,

- кері байланыс жасау,

- проблема шешу, шешім қабылдау.

Интербелсенді оқу/оқыту барысында үйренушілер әрқашанда белсенді болып, өзіндік пікір қалыптастырып, өз ойларын дұрыс жеткізе білуге, өз көқарасын дәлелдеуге, пікірталас жүргізуге, басқаларды тыңдауға, өзге пікірді сыйлауға және онымен санасуға үйренеді. Мұндай сабақтарда бір ғана дұрыс жауап болмайды, өйткені басты мәселе дұрыс жауапты табуда емес, керісінше үйренушінің жеке тәжірибесіне негізделген іздену процесінің өзі болып табылады.

Интербелсенді оқу/оқыту жоғары оқу орындарында келесі жұмыс түрлері мен әрекеттер арқылы жүзеге асырылады:

- бірлескен жұмыстар (жұптық, топтық, бүкіл аудиторияның),

- жеке және бірлескен зерттеу жұмыстары,

- рөлдік және іскерлік ойындар,

- пікірталастар,

- ақпараттың әртүрлі көздерімен жұмыс жасау (кітап, лекция, Интернет, құжаттар, мұражай, т.б.),

- шығармашылық жұмыстар,

- кейс-стади,

- презентациялар,

- компьютерлік оқыту бағдарламалары,

- тренингтер,

- интервью,

- сауалнама, т.б.

Интербелсенді оқу/оқыту бірлесе үйрену идеяларын ұстанғандықтан, бұл жерде әсіресе бірлескен топтық жұмыс әдістерінің маңызын баса айту керек: олар өзін-өзі мен басқа адамдарды танудың тиімді құралы болып табылады, дүниетаным қалыптастырып, тұлғаның өзіндік дамуы мен басқалардың іс-әрекеттері мен олардың себептерін түсінуге ықпал жасайды. Топтық жұмыстар барлық үйренушілердің жұмысқа белсене қатысуын қамтамасыз етеді. Мұндай жұмыста шәкірттер өздерінің коммуникативтік дағдыларын (тыңдай білу, ортақ шешім қабылдау, жанжалдарды болдырмау) іс жүзінде қолданады, өздері «ойнап шығады».


Кесте №7

Оқу/оқытудың кейбір тәсілдерін қолданғанда мәліметтің 24 сағат ішінде есте сақталуы

(А. Маслоудың идеялары бойынша Н.Сандерстің кестесі)



Тәсілдер



Есте сақталу мөлшері

Лекция




5%

Оқу (мәтін, кітапты оқу)





10%

Аудио- және видео құралдарды қолдану





15%

Көрсету


(жобалар, кестелер, басқа да көрнекіліктер)


30%

Пікірталас





50%

Практикалық іс-әрекеттер





75%

Үйренген білімді дереу қолдану, басқаларды үйрету





90%


(Интернет материалдары бойынша)
Бірлесе үйренуде әрбір үйренуші танымның (оқу, үйренудің) ортақ мағынасына және қорытынды нәтижесіне өз үлесін қосып, басқалармен өзінің білгенімен, идеяларымен, ойларымен алмасады, тиімді нәтижеге (білімге) қандай бірлескен үйрену әрекеттері арқылы жете алатындығын анықтайды.

Мұндай қарым-қатынастағы бірлескен әрекеттер бірін-бірі жақтыру, өзара сыйласымдық пен қолдау атмосферасында өтіп, тек қана жаңа білім игеруге жағдай жасап қана қоймай, сонымен бірге таным процесін ынтымақтастық пен бірлесу деңгейлеріне көтереді, яғни қарым-қатынас пен оның негізгі нысаны диалогты танымның басты құндылығына айналдырады.

Сонымен интербелсенді оқу/оқытудың келесідей идеялары мен қағидаларын келтіруге тұрарлық:

- Үйрету мүмкін емес, тек үйрену ғана ықтимал.

- Білім дайын күйде берілмейді, ол тек игеріледі.

- Білім игеру тек белсенді әрекеттер арқылы ғана жүзеге асырылады.

- Оқу/оқытудың негізгі мазмұнын «не нәрсеге оқу/оқыту» емес, «қалай оқу/оқыту» құрайды: білік, дағды, машық, құзырлық, білімді игеру практикасы.

- Өмір бойы үйрене білу.

- Білім тек өзіндік тұрғыдан игеріледі, өйткені «білім» дегеніміз жеке адамның қандай да болмасын мәселе мен проблема, ақпарат пен мәлімет бойынша құрастырған ойы, идеялары, пікірі, көзқарасы, түсінігі, дәлелдері, уәждері, тұжырымы. Ал оқу/оқыту - үйренушінің «МЕН-і» бірінші орынға қойылатын процесс.

- Білім бірлескен әрекеттер арқылы игеріледі: үйрену/оқу – коммуникативтік процесс.

- Білім дегеніміз өмірде қажетті және қолданбалы мәселелер болғандықтан, білім игеру процесі практикаға (күнделікті өмірге) негізделуі керек.

- Оқу/оқытудың негізі - өмір сүруге үйрену/үйрету.

- Оқу/оқытудың негізгі мақсаты – адам болуға үйрену/үйрету.

- Оқу/оқыту дегеніміз диалог, ал диалог – адамгершілікке үйренудің ең тиімді әдісі.

- Білім мазмұны үйретушінің талаптарымен айқындалмай, үйренушінің мұқтаждары мен мүдделерінен туындайды.

- Оқу/оқыту қоғамға қызмет жасау идеясы арқылы жүзеге асырылады.

- Әр сабақта үйренуші тұлғасында конструктивизм, оптимизм, позитивизм секілді жағымды қасиеттердің дамуына ықпал жасау керек.

- Рефлексия - дүниетаным мен өзін-өзі танудың негізгі тәсілі, рефлексиялық тұлға қалыптастыру - оқу/оқытудың негізгі мақсаты.


2.3 Ұстаздың өзгертілген қызметі

Білім игеру процесінің негізгі проблемаларының бірі ұстаз қызметімен байланысты. Мұнда мәселе келесідей сұраққа қандай жауап беруде болып отыр: «Ұстаз кім: «үйретуші» мен «білім көзі» ме, әлде «үйрену процесін ұйымдастырушы», «менеджер», «үйренуге жағдай жасаушы» ма?

Бүгінгі күнгі білім жүйесі үйренушіцентристік қағидаларды ұстанғандықтан, оқу/оқытуда басты тұлға шәкірт болып саналады. Егерде болашақ өмірде кезігетін нақты проблемалар мен қиыншылықтардың қандай болатындығы туралы ешкімнің де дерегі жоқ болып, қазіргі аласапыран, күнделікті өзгеріп отырған дүниеде олар жайында тіпті болжам жасаудың өзі де неғайбыл және қажеті шамалы дүние болса, онда оқыту процесінде басты салмақты ұстаздан шәкіртке ауыстырған жөн: үйренуші оқыту процесінің басты тұлғасына (субъектіне) айналуы тиіс. Шәкірт өздігімен үйренуі керек, сонда ғана оның білімі толығады, солай ғана ол білімді өз өмірінде қолдана алады. Шәкірт бұрынғы бәлсенді (пассив) күйден (әдетте сабақта оқушы/студент тек мұғалімнің/оқытушының айтқаны мен оқулықта берілгенді бұлжытпай орындайды емес пе?) белсенді әрекеттерге көшуі қажет. Шәкірт өздігімен және басқалармен бірлесе білім ізденіп, оны қандай тиімді әдіс-тәсілдер арқылы меңгеретінін шешіп, бұл білімнің өз өміріне қалайша қажетті болатындығын айқындауы керек.

Бұл ұстаным мұғалімнің маңызын тіпті де төмендетпейді – мұнда мәселе оның міндеттерінің түбегейлі өзгеруінде. Әрине, бұл жерде «Шәкірт ұстаздың көмегінсіз-ақ үйренеді» деп кесіп айтудың қажеті жоқ: ұстаз рөлін жоққа шығармай, оны тек басқа мазмұнға бөлеу керек. Шындығында да адам тек біреудің ықпалы мен көмегі арқылы бір нәрсені біледі емес пе? Ешкімнің көмегінсіз, өздігімізше, іздену мен қателесу арқылы білімді игеретін болсақ, онда өзімізге дейінгі адамзат тәжірибесін иемдену үшін бізге қаншама уақыт қажет болар екен? Өйтпеген жағдайда шәкірт үшін адамзаттың өзіне дейінгі барлық тәжірибесін игеру қиынға түспей ме: ол өздігімен табиғаттың бұрыннан белгілі заңдарын қайтадан ашып, «Американы тауып», өздігінше «дөңгелек немесе велосипедті ойлап шығару» істерімен айналысатын еді ғой. Ал оның қажеті қаншама?

Чарлз Темпл бұл туралы былай деп жазады: «Қайсымыз квадрат теңдеулерді, атомның құрылымын ашып, будда дініндегі формасы мінсіз медитацияда даналық пен құпияны біріктіретін тәсілді таба аламыз? Ешкім де бала кезінде ғалымдар мен өнер адамдарының көптеген ұрпақтарының еңбегімен құралған білімді жаңадан аша алмайды деген ой білімнің басты идеясы болып табылады» (Ч.Темпл, 2002, 31).

Ұстаз - білім алу, оқыту процесінде міндетті түрде қажет тұлға. Алайда мәселе ұстаздың бұрынғы «үйретуші», «білім беруші», «білім көзі», «бұлжымас бедел», «оқытушы» сынды рөлдерінен бас тарту қажеттігінде. Ендігәрі педагог үйрену процесін өзара әрекеттесу деп қабылдап, өз қызметін «ұйымдастырушы», «бағыт-бағдар беруші», «жөн сілтеуші» деп түсінуі керек. Бұл өзгеріс ұстаз еңбегінің маңызын тіпті де бәсеңдетпейді, керісінше ерекше мазмұнмен толықтырады, мәртебесін асқақтатады. Педагог білім тасымалдаушыдан (қара жұмыс) - білім әлеміне жол көрсетуші дәрежесіне көтеріліп (ізгі қызмет), нағыз ұстаздық харекетті атқарушы болады. Қытайдың ғұламасы Конфуций ұстаз қызметінің маңызы туралы былай деген екен: «Егер адамдарды жеті жыл бойы жақсы адам оқытса, оларды шайқасқа жіберуге болады».

Интербелсенді оқуда/оқытуда педагог үйренушілердің өзіндік таным процесін ұйымдастырушыға айналады, ол үйретпейді – үйренуге бағыт-бағдар сілтейді, өзі де әр сабақта үйренеді. Педагог - «білім көзі» емес, ол - студенттің шығармашылық жұмысы мен еңбегінің бастамашысы, ұйытқысы, студентті білім алудың белсенді әрекеттеріне ынталандырушы, студенттің үйрену процесіндегі серігі әрі үлгі тұтар тұлғасы. Оқытушы орасан зор көлемді ақпарат әлемінде студентке өзіндік көзқарас, түсінік пен құндылықтарды қалыптастыруда жанашыр көмекші іспеттес. Мұндай ұстанымның бірнеше себептері бар:

1. Үйренушілер арасындағы қарым-қатынас интербелсенді оқудың ең басты мәселесіне айналып, қатысушылардан өзара әрекеттесу мен ынтымақтастықты қажет етеді, ал ұстаз осындай коммуникативтік процесті ұйымдастыра білуі қажет.

2. Интербелсенді оқуда үйренушілер өз біліміне және өзгелердің біліміне деген жауапкершілікті өздеріне жүктеп алады. Сол себепті оқытушы да үйрену процесінің белсенді мүшесіне айналып, таным процесінің нәтижелігіне мүдделі болады.

3. Интербелсенді оқу/оқыту үйренушілердің жеке тәжірибесіне сүйенеді, ал ұстаз тәжірибені жаңа біліммен байланыстыру жолдарын бағыттап отырады.

4. Интербелсенді оқу/оқытуда іздену процесі қорытынды нәтижеден маңызды болғандықтан, оқытушы сол процесті ұйымдастыра білуі керек.



Лирикалық шегініс

Араласу

Ұстаз өз шәкірттерінің барлығына да өз бетінше өніп-өсу мүмкіншілігін беріп, ешқайсының да дамуын жеделдетпейтін. Өзінің бұл ұстанымын ол келесі әңгімемен түсіндіретін:

- Бір адам бірде қауызынан шыға алмай жатқан көбелекті көріпті. Көбелектің қимылдары оған тым баяу болып көрініп, әлгі адам көмектесейін деген ниетпен қауызға ақырын үрлей бастайды. Оның демінің жылуынан қауыз демде жарылып кетіпті. Алайда оның ішінен шыққан жәндік әдемі көбелек емей, қанаттары алба-жұлба болған ұсқынсыз бірдеме болып шығыпты.

- Өсу мен дамуды жеделдетуге тіпті де болмайды. Оларға араласу тек залал келтіреді, - деп ұстаз өз сөзін тұжырымдады.
ҚОСЫМША

Педагогикалық қарым-қатынас стилдері

Соңғы кездерде шетелде қарастырылған педагогикалық қарым-қатынас стилдерінің ішінде М.Тален ұсынған оқытушылардың кәсіби позицияларының типологиясы назар тоқтататындай.
1. «Сократ» моделі.

Мұндай ұстанымдағы оқытушы пікірталас пен пікірсайыстардың құптаушысы және өз сабақтарында оларды қасақана түрде тудырушы. Оның сабақ беру әдісінде белгілі жүйе жоқтың қасы, өйткені ол оқу процесінде әрқашан да біреулермен қақтығыста болады. Оның шәкірттері өз позицияларын ұдайы нығайта отырып, оларды қорғай біледі.

2. «Топтық пікірталастың жетекшісі» моделі.

Ол оқу-тәрбиелік процестің басты мақсаты үйренушілер арасындағы келісім мен ынтымақтастыққа жету деп есептейді. Ал өзін шәкірттерінің арасындағы делдал деп түсінеді, өйткені ол үшін пікірталас нәтижелерінен гөрі демократиялық ымыра мен бітімгершілік маңызды.

3. «Шебер» моделі.

Бұл ұстаз өз шәкірттеріне үлгі болуды қалайды. Үйренушілердің оның барлық әрекеттерін тек оқу процесінде ғана емес, сонымен бірге жалпы өмірге деген тұрғыдан бұлжытпай қайталауы керек.

4. «Генерал» моделі.

Қатаң талап қоюшы, қайткенмен де өзінің айтқанын орындатуға ұмтылады, өйткені өзінің сөзін әрқашанда дұрыс деп бағалайды. Оның ойынша, студент солдат тәрізді тек бұйрықтарға ғана бағынуы керек. М.Таленнің айтуы бойынша, оқытушылардың бұл типі педагогикалық практикада басқаларға қарағанда анағұрлым жиі кездеседі.

5. «Менеджер» моделі.

Студенттік топтың тиімді жұмысынан құралған атмосферамен тікелей байланысты. Оқытушы студент тарапынан бастама мен өзіндік әрекеттерді барынша қуаттап отырады. Педагог әрбір студентпен оның шешіп отырған проблема мағынасын талқылауға, студенттің әрекеттерін бақылап, оларға әділ баға беруге әзір.

6. «Жаттықтырушы» моделі.

Аудиториядағы қарым-қатынаста оқытушы мен студенттер бір-біріне жақын екендігін әбден сезінетіндей. Студенттер өздерін құдды бір команда ойыншылары ретінде сезінетіндей: мұнда жеке тұлғаның еш маңызы жоқ, өйткені олар тек бірлесіп қана көп шаруаны тындыра алады. Педагог мұнда ұжымдық ұмтылыстардың ұйытқысы рөлін орындайды. Ол үшін ең басты мәселе – аяққы нәтиже, табыс, жеңіс.

7. «Жол сілтеуші» немесе «Гид» моделі.

Бұл оқытушының «білмейтіні жер астында», ол – тірі энциклопедия тәріздес. Оқытушы өте байсалды, қысқа әрі дәл сөйлейді. Барлық сұрақтарға ол жауапт бере алады, тіпті оған қандай сұрақтардың да қойылатындығын біледі. Оның міні жоқ сияқты, сол себепті де ол көп жағдайда студенттерге қызықсыз көрінеді.



ҚОСЫМША

Ұстаз шебер ретінде
Педагогика ғылымында «оқытушы – ұйымдастырушы» тұжырымдамасымен бірге басқа да түсініктер қолданыста кездеседі. Олардың ішінде әсіресе өзінің өміршеңдігін практикада әлдеқашан дәлелдеген «ұстаз – шебер» тұжырымдамасын атауға болады.

Бұл тұжырымдама оқу мақсаттарымен тығыз байланысты. Шетел педагогтары оқу/оқыту нәтижелерінің төрт деңгейін ажыратады (оларды оқу/оқытудың мақсаттары деп те түсінуге болады):

1. Танысу (discovery) – белгілі бір сала (пән, мамандық) бойынша негізгі ұғымдар, атаулар, түсініктер мен әрекеттер ретімен танысу.

2. Негізін игеру (literacy) – белгілі бір сала (пән, мамандық) бойынша негізгі ұғымдар, әрекеттер мен олардың ретін қайталау немесе сипаттау қабілеті.

3. Игеру (fluency) – белгілі бір сала (пән, мамандық) бойынша негізгі ұғымдар мен әрекеттердің ретін нәтижелі түрде қолдану.

4. Толық меңгеру, шеберлік (mastery) – белгілі бір сала (пән, мамандық) бойынша негізгі ұғымдар мен әрекеттердің ретін нәтижелі түрде қолдану және басқаларға білім мен біліктерді игеруге және бекітуге көмек беру.

Осы тұрғыдан алғанда ұстазды - шеберлікке ынталандырушы, шәкіртті – шеберлікке ұмтылушы, ал оқу/оқыту процесін – шеберлікке үйрену/үйрету деп атауға тұрарлық. Таным процесін осылайша түсінуді Изабель Бек «таным шеберінің қолында көмекші болып жүру» деп атайды (Веск, Ісbаеl, аnd МсКеоwn, Маrgarеt. «Оutсоmеs оf Ніstоrу Іnсtructіоn: Раstе-Uр Ассоunts». Іn Соgnіtіvе Іnstruсtіоnаl Рrосеssеs іn Ніstоrу аnd Sосіаl Sсіеnсеs. J.F.Voss аnd М.Саrrеtеrо (Еds.). Ніllsdаlе, NJ: Еаrlbаum, 1994).

Әрине бұл ұстаным адамзат тарихынан мықтап орын алған түсінік. Сократ, Платон мен Аристотельдің шәкірттері үнемі ұстазының қасында болып, олардан адам болуды, шебер болуды, өмір сүруді үйренген.

Ислам дініндегі сопылық ағымда да үйренудің осындай үрдісі басым болған. Сопы атану үшін пірдің (ұстаздың) қол астында көптеген жылдар бойы шәкірт (мүрид) болып, оның айтқанын екі етпей (мүридтің басты қағидасы: «Пір алдында кебіншінің қолындағы мәйіт секілді болу керек»), одан көрген-білгенін көңілге тоқу керек болған. Бір-екі жыл ішінде пірден үйреніп шығу мүмкін емес деп есептеген сопылар. Сондықтан да олар ұзақ жылдар бойы пірдің қарамағында жүріп, ең ауыр да лас жұмыстарды атқарып (мәселен базарда қайыр сұрау немесе әжетханаларды тазалау), тәкаппарлығын жойған кейін ғана сопы шапанын (хирка) жамылуға рұқсат алған.

Мәселен, Әбу Саид Майхани (1049 жылы қайтыс болған) деген сопы ас-Сарахси есімді пірге он бес жыл тәліп (шәкірт) болған. Ал атақты сопы Бахауаддин Мұхаммед Накшбанд (накшбандийа тарикатының негізін салушы ) өмірінің талай жылдарын мүрид жолында өткерген. Ол алдымен Мұхаммед Баба Симасиден, содан соң Әмір Саид Кулаладан тәлім алып, тағы да жеті жыл Әриф Диггираниден оқып, сонан кейін Қашым-шайқының қолында болып, кейініректе он екі жыл Халил-атаның шәкірті болады. Осы сынды ұзақ уақыт бойы пірлерге тәліп болған сопылардың тізімін жалғастыра беруге болады.

Үйренушінің өз бетімен емей, біреудің жетекшілігімен үйренгені тиімді және нәтижелі болмақ. Ұстаз сонда өнеге тұтар үлгі және таным және ойлау әрекеттерін көрсететін шебер болып, ал шәкірт өзіндік білім құрастыру үшін ұстазының тәсілдері мен әдістерін таңдаушы әрі қолданушы рөлдерін иемденеді.

Психологтар Жан Пиаже мен Анри Валлон, физик Поль Ланжевен негізін салып, оқу/оқыту мен баланың (тұлғаның) қалыптасу практикасына интенсивті, белсенді әрекеттерді енгізуді мақсат тұтқан «Жаңа білімнің француз тобы» (JFEN) атты бірлестіктің педагогикалық идеялары да «шеберлік» ұғымына негізделеді. Олар оқу/оқыту процесін тұлға дамитын «шеберхана» деп атаған, демек мұндағы ұстаздар «шебер» рөлін атқарған. Бұл бірлестік білім саласында келесі қағидаларды ұстанған:

1. Үйрену/үйрету мақсаты – жаңа көзқарастағы тұлға.

Бұл - өзіндік пікірі бар, өзіндік тұрғыдан әрекеттене білетін, әлеуметтік жауапкершілігі мен ұйымдастыру қабілеттері жоғары, өз өмірі мен қоршаған әлемге позитивті ықпал жасап, оларды жағымды тұрғыдан өзгерте білетін тұлға.

2. Баланың бәрі де қабілетті.

Әрбір баланың барлық әрекеттерге деген қабілеті бар: кез келген бала жаратылыстану мен гуманитарлық білімдерді, барлық өнерлерді меңгере алады. Мұнда мәселе тек әдістемеде, яғни баланың қалай үйренуінде, оны қалайша үйретуде.

3. Тұлғаның дамуы мен үйрену/үйретудің интенсивті әдістері.

Мұнда келесі ұстанымдар қадағаланады:

- Ұстаз шәкіртін өзіне тең тұлға ретінде қабылдауы керек.

- Білімді дау мен күдік туғызбайтын ақиқат ретінде бермей, үйренушілердің білімді өздігімен құрастыруына жол беру. Үйренушілер ақпаратты күмән және сын тұрғысынан жан-жақты қарастырып, проблемаларды шығармашылықпен шешу керек.

- Пікірлер мен шешімдердің көптігі, басқалардың көзқарасы мен идеяларына деген төзімділік пен сыйласымдық қуатталады.

4. Ұстаздың жаңа тұлғасы.

- Ұстаз – шебер. Ол авторитарлы, бала тұлғасын жаныштайтын ұстанымдардан бас тартып, шәкіртін сыйлайды, оның үйренуіне мүдделі болады. Ұстаз сенім атмосферасын қалыптастырып, мейірім жайлаған орта құрастырады, қарым-қатынасты бірлесе әрекеттесу деп түсінеді.

- Ұстаз зерттелетін тақырыпқа шәкіртінің қызығушылығын тудырып, олармен бірге ізденеді, жұмыс жасайды, өзіндік білім құрастырады. Мұғалім берілген сұрақтарға дайын жауап беруге ұмтылмай, оларға шәкірттердің жауап беруіне оңтайлы жағдай жасайды.

- Ұстаз қандай да болмасын ақпаратты игеру ісі оңай болсын деп, оны бөлшектеп береді, шәкірттерінің ақпарат туралы ойлары мен түсініктерін анықтап отырады.

- Мұғалім шәкірттерінің жұмысын ресми түрде бағаламайды: журналға баға қоймайды, ұрыспайды, жекімейді, ешкімге шағымданбайды. Ол оқушыларының жұмыстарын жариялау арқылы (қабырғаға іліп қою, сынып ішінде оқу, қабырға газет іне басу, жинақ ретінде шығару, т.б.) оларды талқылау және өзгерту, түзету мүмкіншіліктерін береді.

«Шеберхананың» дамыту кеңістігі кең әрі ауқымды болуы керек, деп есептейді бірлестік идеяларын ұстанатын педагогтар. Мұнда тұлғаның дамуы үшін қажетті өмірлік ситуациялар орын алады, олар оқушылардың бірлесе отырып, өздігімен білім құрастыруына («білім ашуға») мүмкіншілік береді. Ұстаз мұнда «білім көзі» емес, ол - білімге апаратын жолды нұсқаушы, осы жолмен өзі де жүріп келеді. Ол тек қажет кезде ғана шәкірттеріне жәрдемдеседі: сұрақ қояды, тапсырма береді, ақпарат ұсынады.

(Педагогические мастерские. Франция - Россия./ Под ред. Э. С. Соколовой. – М: Новая школа, 1997. - 128 С.- кітабы бойынша).
ҚОСЫМША

Инновациялық технологиялардың негізгі қағидалары
Нидерландтық ғалым Карл ван Парререн келтірген төмендегі қағидалар қазіргі күнгі инновациялық (интербелсенді) технологиялардың идеялары мен практикасын толығымен келтіреді.
1-қағида. Студенттерде үйренуге деген тұрақты қозғаушы күш (мотивация) қалыптастыру.

Мотивацияны студенттердің жеке тәжірибесіне негіздеу керек.



2-қағида. Диалог арқылы үйрету/үйрену.

Оқытушы студенттермен «жоғарыдан төмен» қарай қарым-қатынас орнатпай, олармен тығыз ынтымақтастықта болады.



3-қағида. Қадағалау арқылы үйрету/үйрену.

Оқу әрекеттерін үнемі бақылау, яғни мониторинг және диагностика жасау; қажет болғанда студенттерді түзетіп және қуаттап отыру керек.



4-қағида. Білім беру мазмұнын қажетті оқу бірліктеріне және мақсаттарға бөлу.

Бұл ұстаным студенттердің әртүрлі таным және білім деңгейлерін ескеріп, көп варианттарға негізделуі керек. Сонда ғана үйренушілердің түрлі категориялары өздерінің танымдық мүдделері мен қызығушылықтарын қалыптастыра алады.



5-қағида. Оқу мазмұнын үйрену/үйретуге, пән мен тұлғаға бағытталған әрекеттермен қамтамасыздандыру сан алуан деңгейлерде жүзеге асырылуы керек (материалдық, танымдық, саналық).

Таным процесінің негізін белсенді әрекеттер құрайды, адам тек әрекет арқылы ғана үйрене алады.



6-қағида. Үйренуде қажетті қарқын және соған сәйкес тәсілдер (мысалы, оқу, сөйлеу, жазу, компьютерлік тілдер, графикалық модельдер мен символдар) таңдалуы керек.

Таным процесі оңайдан күрделіге қарай ойысып, қарым-қатынас пен өзіндік түсініктің қажетті құралдарымен қамтамасыдануы керек.



7-қағида. Үйрету мен білім игеруде көмектесу студенттердің оқу тапсырмаларын қандай деңгейде орындағанына байланысты оқытушының сырт көзбен пайымдаған мінездемесіне сүйенбей, олардың нақты қабілеттеріне (мәселен, қарым-қатынас жасау және ойлау әрекеттері, өз тәжірибесін жүзеге асыра білу) негізделуі керек.

Білім мазмұны оқытушы тұрғысынан субъективтік тұрғыдан анықталмай, үйренушінің мүдделерінен туындауы керек.



8-қағида. Студенттердің ой-толғанысы (рефлексия) мен өздерінің даму жетістіктерін бағалай білуі (құзырлылық сезімі).

Баға қоюды (мәселен, бес балдық немесе жүз балдық жүйемен) оқытушы мен студенттер бірлесе құрастырып, қабылдаған бағалау талаптарымен (критерийлермен) алмастыру қажет.



9-қағида. Студенттердің өзіндік тұрғыдан жасалатын жұмыстарына қажетті тапсырмаларды алдын-ала дайындау.

Осы әрекет арқылы студенттердің әрекеттерін, сөздерін, ойларын үйренішті қалыптан басқа жаққа бұруға болады.



10-қағида. Студенттердің бастамашылдығы мен шығармашылығын ынталандыру.

Бұл арқылы студенттердің танымдық қабілеттерін едәуір көтеріп, олардың оқу мазмұнына тереңірек үңілуіне ықпал жасауға болады.



11-қағида. Субъективтікті қалыптастыруға ықпал жасау.

Бұл ұстаным студенттердің оқу материалын жағымды тұрғыдан қабылдап, өзін-өзі анықтауына, өз әрекеттеріне деген жауапкершілігіне, өзіндік тұрғыдан өмір сүруіне бастайды.



12-қағида. Студенттік аудиторияда әлеуметтік қасиеттері басым және қоғамға кіріктірілген үйренуші тұлғасын қалыптастыруға бастайтын жағдайларды қамтамасыздандыру.

«Оқудың/оқытудың басты мақсаты – тұлға қалыптастыру» деген қағиданы растайтын ұстаным.


ҚОСЫМША

Чарлз Темпл

Жоғарғы мектепте оқытудың белсенді түрлерін қолданудың дәлелдері

Жоғарғы мектепте оқытудың белсенді түрлерін қолданудың басты төрт дәлелі бар.



Белсенді түрде оқу мен сыни ойлау өмірде қолданыс табатын білім береді. Көп жылдар бұрын философ Альфред Норт Уайтхэд (1910 – 1957) жазып, ал психолог Ховард Гарднер көрсетіп бергендей, білімнің ырықсыз, бәлсенді күйде қабылданатын (мектептік білім), тәжірибеден ойланбай алынатын (интуитивтік білім) және әлемді түйсініп, ақпаратты алумен қатар оны игеру арқылы проблемаларды шешуді меңзейтін ғылыми түрде дәлелденген тұжырымдамалар мен ойлау процестеріне негізделген (пән аумағындағы білім мен ойлау) білім түрлерін ажырату керек.

Жүйелі ойлау тек қана белсенді түрде ғана сіңіріледі. Ал егер де оны игермесек, онда біз күнделікті проблемалар туралы тек интуитивтік білім (оның кемшіліктерінің баршылық екендігін мойындауымыз керек) арқылы ғана ойланатын боламыз да, мектептік білім негізінде емтихан мен тестерді тапсырып, таныстарымыз алдында сол білімізбен мақтанатын боламыз. Жүйелі білім мен ойлау дегеніміз ғалымдар, әдеби сыншылар мен әлеуметтік философтар қолданатын ойлау түрі, ол жоғарғы білім беру жүйесінің ең лайықты және үйлесімді мақсаты болып табылады. Біз студенттеріміздің тек жеке пәндердің негізгі тұжырымдарын біліп қана қоймай, сонымен бірге алған ақпарат негізінде жүйелі түрде ойлай білетін дағды алуын қалаймыз, яғни олар осындай терең тұжырымдамаларды құрастыруға әкелетін білікті меңгеруі керек; кейініректе бұл дағды студенттерге бұдан да көлемді жаңа білім құрастырып, бүгінгі күні оқытушылар болжап біле алмайтын проблемалардың шешімін табуға мүмкіншілік туғызады.

Белсенді оқыту/оқу өздігімен білім алуды дамытады. Құрамына оқу дағдылары кіретін білім беру студенттің университетті бітіруімен ескірмейді. Шынтуайтқа келгенде ол студенттерді бүкіл Әлеммен ұзақ та парасатты (интеллектуалды) әңгіме жүргізуге, сол арқылы өзінің парасатты өсуін тоқтатпауға үйретеді.Белсенді оқыту/оқу басқа пікірлерге деген төзімділік (толеранттық) және әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларын дамытуға себепші болады. Шындығында да студенттік өмірдің ең құнды сабақтары әлеуметтік болып табылады. «Университет» деген сөздің өзі студенттердің осыған дейін таныс емес идеяларды ғана емес, сонымен бірге өздерінен өзге адамдарды да таниды дегенді меңзейді. Оқыту/оқудың белсенді әдістері мен сыни ойлауды қолданатын сабақтар адамдармен танысудың ең ыңғайлы орны. Тек жаңа жолдас табу үшін ғана емес, басқаларды түсініп, ерекшеліктерімізге қарамай қарым-қатынас құру үшін де.

Студенттердің қызығушылығы мен ынтасы оқыту/оқудың белсенді тәсілдерін қолданғанда анағұрлым жоғары болады. Соңғы он жыл аумағында Гарвард бағалау семинарларының аумағында «Колледжде алған білімнің сапасын қандай жәйттер өсіредідеген сұрақ зерттелген еді. Оқытудың тиімділігін арттыруға келесі шарттарды қадағалау жәрдемдеседі екен:

- нақты күтілетін нәтижелерді айқындау;

  • жазба жұмыстарын жиі орындау;

  • курс соңындағы бір ғана курстық жұмыс орындау мен емтихан тапсырудың орнына көптеген жобаларды орындау;

  • интербелсенді сұрақтар;

  • бірлесе оқу және жұмыс жасау;

  • оқу курсының Әлеммен, шынайы өмірмен байланысын айқындау.

(Кітапта: Ч.Темпл. Стратегии для использования в любых предметных областях. Развитие критического мышления через чтение и письмо в системе высшего образования. – Алматы: Фонд «ХХІ век», 2002. – 5-6 беттер).
ҚОСЫМША

Интербелсенді технологиялардың тізімі

(М.Құрмановтың материалдары бойынша)

Елімізде танымал интербелсенді (инновациялық) технологиялардың (модельдердің, жүйелердің, тұжырымдамалардың, жобалардың) тізімі М.Құрмановтың материалдары бойынша беріліп отыр. Бұл технологиялардың кейбіреулері Қазақстанда кеңінен таралған.




  1. Л.В.Занковтың дамыта оқыту жүйесі

  2. Д.Б.Эльконин-В.В.Давыдовтың дамыта оқыту жүйесі.

  3. Проблемалық оқыту теориясы (А.М.Матюшкин, И.Я.Лернер, М.И.Махмутов).

  4. Мазмұндық жалпыламалау теориясы (В.В.Давыдов).

  5. Бағдарламалық оқыту (Н.Ф.Талызина, Т.А.Ильина және басқалар).

  6. Ақыл әрекеттерін кезеңдеп қалыптастыру тұжырымдамасы (П.Я.Гальперин).

  7. Танымдық қызығушылықты дамыту теориясы (Г.И.Щукина).

  8. Оқытуды оптимизациялау теориясы (Ю.К.Бабанский, М.М.Поташник).

  9. Оқу әрекеттерін белсенділендіру теориясы (А.К.Маркова, Т.Н.Шамова, И.Ф.Харламова және басқалар).

  10. Оқытудың бейімделу (адаптативтік) жүйесі (А.С.Границкая).

  11. Гуманистік-тұлғалық тәсілге негізделген жүйе (Ш.А.Амонашвили).

  12. Интенсивті оқытудың әдістемелік жүйесі (В.Ф.Шаталовтың тірек-сигналдық жүйесі).

  13. «Тұңғиыққа шому» технологиясы (М.П. Щетинин).

  14. Модульдік технология (М.Жанпейісова және басқалар).

  15. Жаңа ақпараттық технологиялар (Кредиттік оқу технологиясы, Ақпараттық оқу технологиясы және басқалары).

  16. Оқытудың ұжымдық тәсілі (В.К.Дьяченко).

  17. Ұжымдық шығарымпаздық әрекеттер әдістемесі (И.П.Иванов).

  18. «Дамытатын орта» бастауыш оқыту моделі (И.П.Иванов).

  19. Әрекеттік-қарым-қатынас негізінді құрылған жүйе (Л.Ф.Климанова).

  20. Тәрбие технологиясы (Н.Е.Щуркова).

  21. Субъективтік критицизм теориясы (Л.Розенблатт, Д.Бляйхг).

  22. Схемалар теориясы (Р.Андерсон және басқалар).

  23. Үлкейтілген дидактикалық бірліктер теориясы (П.Б.Эрдниев).

  24. М.Монтессори жүйесі.

  25. «Вальдорф педагогикасы» (Р.Штайнер).

  26. Гуманистік педагогика (К.Роджерс).

  27. Толық меңгеру технологиясы (Б.Блум, Дж.Кэрролл).

  28. «Парасат құрылымы» моделі (Дж Гилфорд).

  29. Когнитивтік-аффектілік модель, когнитивтік ойлауға үйрету (Ф.Уильямс).

  30. С.Пейперттің «Оқу процесінде компьютерлерді қолдану» жүйесі.

  31. «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» халықаралық жобасы (Дж.Стилл, Куртис С.Мередит, Ч.Темпл).

  32. «Step by step» халықаралық бағдарламасы.

  33. «Пікірсайыс» халықаралық бағдарламасы (К.Поппер және басқалар).

  34. Эвристикалық оқыту технологиясы.

  35. «Ұжымдық ойлану әрекеттері – адамның өзін-өзі дамытуы моделі» технологиясы.

  36. «Өзін-өзі тану» үйрету моделі (П.Иванов).

  37. Метакогнитивтік оқыту (Э.Браун, Д.Грейвз).

  38. Оқу ақпаратары жүйесі. Ақпараттандыру технологиясы.

  39. Паоло Фрейренің «Езілгендер педагогикасы».

  40. Халықаралық «Street Law» жобасы.




Каталог: uploads -> doc -> 0b40
doc -> Сабақтың тақырыбы Бала Мәншүк ( Мәриям Хакімжанова) Сілтеме
doc -> Ана тілі №2. Тақырыбы: Кел, балалар, оқылық Мақсаты
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0b40 -> Сабақ: №23 Сынып: 11 а тақырыбы: Ұлыбритания. Экономикалық-географиялық жағдайы. Табиғат жағдайлары мен ресурстары. Халқы
0b40 -> Сабақтың тақырыбы Өзен шаяны. Тіршілік ортасы және тіршілік ету дағдысы. Мақсаты


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет