Қазақ философиясы


Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық философиясы



бет7/11
Дата17.02.2022
өлшемі207,06 Kb.
#132245
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
annotation142365
4 апта дәріс, аза мемлекеттілігі эволюциясыны тарихи бастаулары, кезе дері , аза мемлекеттілігі эволюциясыны тарихи бастаулары, кезе дері , 1 апта семинар, 4 апта дәріс, Құқық Перизат
Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық философиясы. Ш. Уәлихановты терең толғандырған қазақ халқының тағдыры, оның жаппай сауаттануы, қазақтарды жалпыадамзаттық құндылықтар мен прогреске қосудың жолдары туралы маңызды мәселелер көрнекті қазақ ойшылы Ыбырай Алтынсарин үшін де басты мәселе болды. Зұлымдықпен, әділетсіздікпен және азғындықпен күрес идеялары екі ойшылдың да философиялық көзқарастарына тән.
Ыбырай Алтынсариннің жоғары өнегелілік пафосқа толы шығармашылық мұралары - әлемді философиялық түсіну мен гуманистік бағыттың жарқын үлгісі. Ы. Алтынсарин өзінің қалыптасуы барысында шығыстанушы В.В. Григорьевтің, К.Д. Ушинский бастаған педагогикалық қозғалыстың әсерін сезінді. Ол халықтың болашағы ең әуелі балалардың жаппай сауат алуына байланысты деп қарады. Өзі құрастырған “Қазақ хрестоматиясын” “ғылыми, әрі байыпты басшылыққа негізделген, қажетті танымдар мен пайдалы мағлұмат бере алатын ”жол нұсқаушы ретінде бағалады (Алтынсарин И. Собр. соч. Т.1. С. 78).
Ы. Алтынсарин халықтың қамын жеу қазақ зиялыларының адамгершілік парызы деп білді. “Біздің үлесімізге бәрін әлі құру, енгізу қажеттігі бар ең ауыр да жауапты ауыртпалық тиіп отыр ...қараңғы ортаға жаңалық енгізу, шамамыз жеткенше, қолымыздан келгенше жарық сәуле түсіру”,- деп жазды ол (Сонда. Т. 3. С. 63.). Ы. Алтынсариннің түсінігі бойынша, қоғам игілігінің, өз Отанының байлығын өсіру мен оның күш-қуатын арттырудың қамын жеу, оның экономикалық және мәдени дамуына ықпал ету  осының бәрінің орындалуы өмірінің мәні болып табылатын әр бір ұлтжанды азаматтың негізгі міндеті. Ойшыл ұлтжанды азаматқа тыныш, уайымсыз өмір жоқ, оның жаны өз отанының дамуына үлес қоспаса, өз қызметінің жемісін көрмесе жай таппайды деп санайды. Ол: “Менің үнемі ұмтылысым жан-тәніммен пайдалы адам болуға бағытталды, ал қазір осыған қол жеткіздім деген ой мені жұбатады”, – деп жазды (Сонда. С. 26. ).
Ы. Алтынсарин өзінің ағартушылық философиясында жас ұрпақтың тағдырына халықтың рухани қайта өрлеу үмітін артып, осыған байланысты педагогикалық (ұстаздық), психологиялық көзқарастарын дамытты. Өз көрінісін ақындар айтысынан, қисса, хикая, жаңа эпикалық поэмалардан тапқан эстетика жаңа даму кезеңіне шығып, жарқырай дамыды. Музыка (әуез) өнерінің өркендеуі Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Ықылас, Біржан сал, Мұхит, Ақан сері, Жаяу-Мұса, Зілғара, Құлтума, Сара, Сералы, тағы басқа ақын-әншілердің есімдерімен байланысты (Бес ғасыр жырлайды. 2-томдық. Алматы: Жазушы, 1989. 1-т. – 203 б. ). Әрине, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ философиясының биігі Абай шығармашылығынан көрініс тапты. Ол туралы кейінірек айта кетеміз.
Біз философиялық ой-пікірлері туралы айтайық деп отырған Ыбырай Алтынсарин, қанағат мәселелері туралы көп ой толғады. Ол мөлшерді сезінуді сақтамай бақытты болу мүмкін емес деп ойлады, онымен қоймай, ойшыл бақыт пен байлық - ынсаптылықта деп санады. Өзіңде барда қанағат қылудың қажеттілігі туралы Ыбырай Алтынсарин былай деп жазды: “Сараң адам қанша малды болса да, өз байлығына риза болмайды, ал керісінше малы аз болса да, өзінде барға қанағат қылған адамның жаны жай тауып, тыныштықта болады” (Алтынсарин И. Собр. соч. Т. 1. С.131.). Ы. Алтынсарин сараңдық, өзімшілдік және басқа да кемістіктер адам өмірінің мәнін жоғалтады деген пікірде болды.
Қанағат  адамда қызғаншақтық, сараңдық, нәпсіқұмарлық, ысырапшылдық тәрізді жағымсыз әдеттердің дамуына қарсы тұру қажеттілігінен туған моральдық құбылыс екенін айта кету жөн. Қанағат – тек қана адамның материалдық тірліктерді пайдалануда өзіне-өзі шек қоя білуі емес, сондай-ақ құмарлық әсерінен туған әр түрлі жамандықтардан сақтаушы рухани күш. Сабырлық, ұстамдылық адамды еңбек сүйгіштікке, мейірімділікке, жомарттыққа, қайырымдылыққа тәрбиелейді. Бір қызығы, қанағат адамға шек қоя отырып, оны еркін етеді.
Ы. Алтынсарин өзі философ әрі педагог ретінде бағалаған Я.А. Коменскийдің еңбектерін мұғалімдер үшін өте пайдалы материал деп есептеді. XVІІ ғасырдың көрнекті чех педагог-философының “Ұлы дидактикасымен” қазақ ойшылы таныс болды. Я.А. Коменскийдің идеяларымен Ы. Алтынсариннің оқушыларға “заттарға дұрыс көзқараспен қарау”, “табиғаттан” үйрену, “кітаптағыдай түсінумен” шектелмеу, “ғылым мен өнер” үлгілері мен тәжірибеге сүйену сияқты талаптары сәйкес келіп жататынын баса айтқан жөн.
Көне грек ойшылдарының философиялық ойларынан бастау алатын, тек қана ізгіліктік туралы біліммен шектелмейтін, сонымен қатар қоғам үшін практика жүзіндегі ізгілікті адам болу  Я.А. Коменский ілімінің талаптары. “Ұлы дидактикасында” Я.А. Коменский өзі философия саласының үлкен беделі деп санайтын, Аристотельге көп сүйенеді. Аристотельдің тәрбие жөніндегі негізгі ұстанымдары мен әдістеріне чех ойшылы бас иді.
Я.А. Коменский сияқты қазақ ойшылы да кісілермен тікелей қарым-қатынас жасау арқылы ғана адам тұрмыстық және адамгершілік тәжірибе жинайды деп есептеді. Ы. Алтынсарин Я.А. Коменскийдің адал еңбегіммен күн көріп жүрмін деп айта алатын адамдар ғана шын бақытты дейтін философиялық ұстанымдарына сүйенуге кеңес береді.
К.Д. Ушинский де жеке бастың қалыпты өнегелілік дамуына еңбектің ықпалы зор екенін айтқаны белгілі. “Еңбектің психологиялық және тәрбиелік мәні” деген мақаласында орыстың белгілі педагог-философы “адам денесі, жүрегі, ақыл-ойы еңбекті талап етеді және бұл талаптың күштілігі сондай, егер адамның қандай да бір себептермен жұмысы болмай қалса онда ол сара жолын жоғалтады, оның алдында екеуі де жамандыққа әкеп соғатын екі жол тұрады: бірі - өмірге еш уақытта риза болмаушылық, бейқам енжарлық пен түпсіз сары уайым жолы, екіншісі – балаларша шолжаңдау немесе жануарларша рахаттану сезіміне дейін құлдырауға түсіретін өз еркімен, байқаусыз, өзін-өзі құрту жолы” (Ушинский К.Д. Избр. педагог. соч. Москва, 1953. Т. 1. С 308.) деген.
Адам өміріндегі еңбектің рөлін терең түсіну, оған адам жанын жамандықтан, жалқаулықтан, әрекетсіздіктен қорғаушы деп қарау, еңбек адамның табиғи қажеттілігі деген пікірдің болуы Ы. Алтынсарин шығармаларына тән сипат. “Атымтай жомарт” деген әңгімесінде ойшыл адамның өнегелілік өміріндегі еңбектің мәні мен мағынасын сипаттайды, ал “Өрмекші, құмырсқа һәм қарлығаш” деген әңгімесінде қарапайым мысал арқылы тіршілік ету мен артына ұрпақ қалдыру үшін еңбектің табиғи қажеттілігін көрсетеді. Ы. Алтынсарин адам еңбек етуге және соңына ұрпақ қалдыруға тиіс деп біледі. Қазақ ойшылы өмірдің қызығы еңбекте, еңбектің арқасында ғана адам өзінің армандаған мақсатына жете алады деген байлам жасайды.
Оның ойынша, адал еңбек пен қанағатшылдық – адам бақытының негізі. Еңбек, ізгілікке ұмтылу, адамгершілік адамға лайықты өмірді қамтамасыз ететінін Ы. Алтынсарин “Таза бұлақ” деген әңгімесіндегі мысал арқылы дәлелдейді.
Қазақ ойшылы ізгілік деп халыққа пайда әкелетін іс-әрекеттерді санады. Оның көзқарасы бойынша, ізгілік жасау әр адамның адамгершілік парызы. Ы. Алтынсарин экономиканың дамуы, ақыл-ой прогресі өнегеліліктен ажырамау керек екенін пайымдайды. Дәстүрдің сақталуы, қазақтар бұрыннан тұрып жатқан жерді тартып алуға қарсы тұру, халықтың “өнегелілік саулығын сақтау қажеттілігі” – Ы. Алтынсариннің халықтың болашағы туралы ой-толғауларының басым бөлігі.
Ыбырайдың философиялық дүниетанымының қалыптасуына туған ел, халық ауыз әдебиеті, прогрессивті орыс әдебиеті мен Еуропа ойшылдарының еңбектері өз әсерін тигізді. Ш. Уәлиханов секілді Алтынсарин да өз халқының артта қалушылығын жоюдың бірден-бір жолы ағартушылықта деп сенді және Қазақстандағы халық ағарту ісінің ұйымдастырылуы мен дамуына белсене араласты.
Ыбырай Алтынсарин арнайы философиялық тақырыпта еңбек жазбаған, дегенмен ағарту және қоғам мәселелерін талдауға арналған шығармаларында дүниеге көзқарастық пікірлер қалыптастырған. Ыбырайдың көптеген өлеңдері мен әңгімелерінен оның қоршаған дүниенің сан алуандылығына назар аударылған. “Жаз”, “Өзен” сияқты өлеңдерінде табиғатты өзінше тамашалау ғана емес, сонымен бірге оның адам үшін маңызды екендігі сезіледі. Бұл – ұлы ағартушының дүние туралы көзқарасының бір жағы. Екінші, Ыбырай дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұл ойды ол көптеген шығармаларында қайталап отырады. Мысалы, “Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай!” (Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. А., 1988, 18 б.), “Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым” деген өлең шумақтарында, “Мұсылманшылдықтың тұтқасы” т.б. еңбектерінде осы пікірді қуаттайды. “Мұсылманшылдықтың тұтқасында” бүкіл дүниені, жан-жануарларды айта келіп, “мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық — қадір екендігіне дәлел болса керек” деп тұжырымдайды. Ойды қайырып айтқанда, Ыбырай қоршаған дүниенің объективті өмір сүретіндігін мойындайды, сонымен бірге дүниені жаратушы құдай деп біледі. Бұдан Алтынсариннің дүниеге көзқарасы деизмге жақын екенін көреміз. Кейбір зерттеушілер Ыбырайды стихиялық материалист, дінге қарсы болған деп айтып жүр. Мәселені нақты қарасақ, Алтынсарин Шоқан сияқты татар және Бұхарадан келген молдалардың дінінің озбыр түріне қарсы болған. Н.И. Ильминскийге 1882 жылы 12 қыркүйекте жазған хатында татар және Бұқара молдаларынан оқыған жастар өз діні жағынан толық мешеу, оның есесіне мұсылман еместің бәріне өшпенділікпен қарайтын болып шығады деп көрсетеді. Мұндай дүмше молдалардың барлық ақыл-парасатты тек Мұхаммед дінінен тапқысы келетіндігін қатты сынайды.
Қай идеология болмасын ресми және монополиялық түрге айналса, ерте ме, кеш пе, оның тоқырауға ұшырайтыны заңды. Ыбырай мұсылман дінінің монополиялық, ресми идеология болып тұрған кезіндегі озбыр түріне қарсы шықты. Мұнымен қатар Алтынсарин қазақ балаларына христиан дінін зорлап үйретушілерге де үзілді-кесілді қарсы болды. В.В. Катаринскийге 1888 жылдың 20 ақпанында жазған хатында Бессонов А.Г. деген мұғалімнің оқушы қазақ балаларына інжіл мен оның парыздарын уағыздағаны туралы қатты ренжіп жазды. Ыбырай “…мұнымен, оқушылар мектебінің келешегін ғана емес, онымен қабат жалпы орыс-қазақ мектептерінің бәрінің де келешегін мүлдем бүлдіріп алуымыз мүмкін ғой!” (Таза бұлақ. 306-бет) дейді.
Ыбырай Алтынсарин “қырғыздардың жас ұрпағы орыс тілі мен сауатына мәдениет пен білімінің жалғыз тілі ретінде қарайтын және оған құмарланып орыс дәстүрінде дами алатын” (Алтынсарин И. Собр. соч. в 3-х томах. Т. ІІ. А., 1976. 238-239 бб.) уақыт туралы шын жүректен армандады. Осы арманды іске асыру үшін Ы.Алтынсарин маңызды тәжірибелік нақты қадамдар да жасаған болатын. Отаршылық биліктің кедергілері мен жергілікті ескішілдіктің сарқыншақтары мен соқыр сенімдерін жеңе отырып, ол белсенді әрекеттер жасап, қазақ даласында қазақ балалары үшін бірнеше мектептердің негізін қалады. Оның табандылығы мен жігерлілігінің арқасында мектептерде балалар өз ана тілінде түрлі пәндерді өтумен бірге, орысша сауатын да ашты.
Ы. Алтынсариннің этикалық және эстетикалық көзқарастары құндылығы және маңызы жағынан ерекше орын алады. Мысалы, “Жаз”, “Өзен” деген өлеңдерінде табиғаттың сұлулығы, көкорай шалғынды көркі, күмістей сыңғырлаған суы, көкжиектің мүнарланған сағымы шебер тілмен суреттеледі. Бұл шығармалар жастарды сұлулықты, ғажайып табиғатты сүйе білуге, құрметтей білуге тәрбиелейді. Ағартушылық жөніндегі көптеген хаттары мен жазбаларында қазақ балаларына ән-күйден, суреттен сабақ беру керек екендігін мәселе етіп қояды. Бұдан Ыбырайдың жастарға эстетикалық тәрбие берудің маңызын жоғары бағалағандығын қөреміз.
Этикалық тәрбие жөніндегі оның пікірлерін, ой-тұжырымдарын бағалы асыл мұра деуге болады. Ең алдымен, Ыбырайдың өз басының өте жоғары дәрежелі мәдениет иесі болғандығын айта кету керек. Оның достары мен жолдастарына жазған хатында кішіпейілділік пен ізгіліктің белгісі айқын көрінеді. Ұстазы болған Н.И. Ильминскийге жазған хаттарында үлкен құрмет пен ілтипат сезімдерін білдіріп, ал өзінің шәкірті есебінде болған А.А. Мазохинге жазған хаттарын ұдайы “сүйікті досым” деп бастап жазды. Кейбіреулерге ағарту жүмысындағы кемшіліктері үшін қатты сөз айтып, реніш білдірсе, артынан артық кеткеніне кешірім сұраған көңілін білдіреді.
Жастарды инабаттылық пен адамгершілікке тәрибиелейтін Ыбырайдың шығармалары ерекше орын алады. Еңбекті сүю, үлкенді құрметтеу, мейірімділік, кішіпейілділік сияқты қасиетті қырда өскен балаларға түсінікті болатындай әңгіме, мысалдар арқылы жеткізе білді. Ыбырай әлеуметтік мәселелерді көптеген еңбектерінде талқылайды. Ресей оқу орындарынан білім алып, өркениеттен нәр алған Алтынсарин озық-ағартушылық идеяларын қазақ елінде жүзеге асыру үшін талай еңбек етті. “Кел балалар, оқылық”, “Өнер, білім бар жұрттар” сияқты өлеңдерінде жастарды өнерге, білімге шақырды. Ыбырай ағарту ісінің тек насихатшысы ғана емес, сонымен бірге аса көрнекті ұйымдастырушысы болды. Қазақ даласында білім бұлағы болатын мектептермен қатар өндірістік кәсіпкер кадрлар дайындайтын арнайы техникалық-кәсіптік оқу орындарын ашу жөнінде мәселе қояды. Бұдан Алтынсариннің өндірістің қоғам өміріндегі рөлін жоғары бағалағандығы көрінеді. Кейбір зерттеулерде ағартушылар сияқты Ыбырай да оқыту, ағарту ісі қоғам өмірінде шешуші фактор болатындығын мойындаған деген біржақты тұжырымдар жасалады. Мұндай пікірді марксизм әдістемесін сыңаржақтылық тұрғыдан дәріптеу деуге болады. Шындығында, сол кездегі қазақ елінде ағарту және сол арқылы өнеркәсіпті дамыту ісінен басқа қандай жол бар еді?. Айталық, қазақ жұрты көтеріліс жасап, патша үкіметін құлатып, байларды жойды дейік. Сонда басым көпшілігі сауатсыз қалың кедей өндіріс кәсібі жоқ елде жоғары дәрежелі әділетті қоғам құра алады деп айта аламыз ба? Әрине жоқ. Ендеше, Ыбырай айтқан ағарту ісі, өндіріс кәсібінің өркендеуі сол замандағы қазақ халқы үшін бірден-бір дұрыс жол еді.
Ұлы ағартушының істеген ісінен, шығармаларынан өз халқына деген зор махаббатын, үлкен қамқорлығын көруге болады. Н.И. Ильминскийге, В.В. Катаринскийге жазған хаттарында қазақ халқының көңілі ашық, қонақжай, мейірімді екенін, жаңаға талпынғыш, білімге құштар жұрт екенін үлкен сүйіспеншілікпен айтады. Халқының өзіндік мәдениетінің дамуын аңсайды, тілінің бөтен тілмен шұбарланбай таза болғанын тілейді. Н.И. Ильминскийге 1862 жылы жазған хатында “молдалар өздерінің адам басын қатыратын ерекше қасиеттерінің үстіне, қазақтың табиғи тілін де бұзып жүр” деп реніш білдіреді. Сонымен бірге Ыбырай қазақ халқы басқа халықтармен ынтымақтастықта болуын және олардың мәдениетінен үлгі алуы керектігін әруақытта уағыздап отыр. Ыбырай толығымен ағартуды жақтады, мектепті діннің ықпалынан ажырату үшін күресті, исламның кертартпа-клерикалды идеологиясын сынады, мұсылман дін басылыларын, олардың діни-схоластикалық білім жүйесін әшкереледі.
А. Алтынсариннің қоғамдық-саяси көзқарастарына шынайы да терең демократизм, өз халқының мүддесін қорғауға деген ұмтылыс тән. “Қырғыз қайғысы” деген жазбаларында ол 1868 жылғы отаршылдық қанауды күшейту мақсатында жасалған әкімшілік реформасына наразылығын білдірді. Халыққа пайдалы реформа қандай болу керек деген сұраққа берер жауабы Шоқан Уәлихановтың “Сот реформасы туралы” жазбаларындағы ойларына жақын. Тарих пен қоғамдық құбылыстар, қоғамды өзгерту жолдары турал мәселеде Ы. Алтынсарин ғылым мен ағартушылыққа, олардың түрленуші күшіне сенім білдіреді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет