Қазақ философиясы


Қазақ ағартушыларының философиясы



бет6/11
Дата17.02.2022
өлшемі207,06 Kb.
#132245
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
annotation142365
4 апта дәріс, аза мемлекеттілігі эволюциясыны тарихи бастаулары, кезе дері , аза мемлекеттілігі эволюциясыны тарихи бастаулары, кезе дері , 1 апта семинар, 4 апта дәріс, Құқық Перизат
Қазақ ағартушыларының философиясы

Жаңа дәуірде Ағартушылық феномені пайда болғаны белгілі. Онда рационалистік парадигма үстемдік етеді, адамзат ғылым мен білім ұстанымын бірінші қатарға қояды. Бұндай жалпыға бірдей тәртіптен Қазақстан да тыс қалмады. Дегенмен де, Еуропа және Ресеймен салыстырғанда Ағартушылық феноменінің себептері мен қызметтері бізде басқаша болды.


Батыстағы аграрлық өркениеттің дағдарысы жас әрі қайсарлы буржуазия мен оның идеялық жетекшілерінің өздерінің әрекеттерінің ортағасырлық қоғам қағидаларымен сай келмейтіндігін тез арада жеңу идеясымен шартталатын болса, Қазақстанда бұл үрдіс Ресейге қосылудың салдарымен байланысты болды.
Сондықтан да ағартушылыққа тән әлеуметтік-саяси құрылыстың жаңару қажеттілігін бейнелеуді, қазақ ағартушылығы өзіндік түрде білдіреді. Ол Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын нығайтуға шақыру түрінде, сөйтіп, қазақ қоғамының Ресейдің батысқа жақындау мәдениетін қабылдау ретінде көрінді. Қазақстанда ағартушылар қазақ халқының ортасына еуропалық, соның ішінде, орыс өркениетінің енуіне негіз дайындалады. Батыстағы ағартушылардың күресіне қарағанда қазақ ағартушыларының сауатсыздыққа қарсы күресі, қоғамда ғылым-білім тарату үшін жүргізген күресі, әділеттіліктің бекітілуі үшін күресі, отаршылдыққа, азиялық деспотизмге қарсы күресі, егемендік үшін күресі басқа мақсаттарды көздеп, басқа нәтижелерге алып келді. Қазақстанда ағартушылар күрескен кемел қоғамдық құрылым Қазақстанда нарық пен азаматтық қоғамның идеализацияланған құрылымы болмады және болуы мүмкін емес те еді.
Айтылғандардың барлығы қазақ ағартушыларының қазақтардың Ресей бодандығына қарсы жүйелі ойластырылған күресі барысында халықтың ғасырлық үміті мен еркіндік пен бақыт туралы армандарының бейнесі болып табылатын халық мүддесіне сүйенгендігін сенімді куәландырады. Халықтың сауатсыздығы мен қорғалақтығы, оның күштерінің бытыраңқылығы, ұйымшылдықтың болмауы және енжарлығы ағартушылардың “жоғары” жаққа, яғни Ресей үкіметіне мойынұсынуына мәжбүр етті. Бұл олардың либералдық қиялдарынан шыққан жоқ, олардың қалыптасқан жағдайды жақсы, дұрыс бағалап, парасатты және шынайы жолдар арқылы күрделі саяси мәселені шешу керектігімен шартталды.
ХІХ ғасырдың ортасындағы Қазақстан жағдайында халықты отарлық қанаудан босатып және қоғамның саяси жүйесін түбегейлі өзгертуге мүмкіндігі бар қоғамдық күштердің болмауы, ағартушылардың халық ауыртпалығын жеңілдету үшін дамыған Ресейдің көмегіне сүйену ынталары тарихи тұрғыдан ақталған әрекет еді. Демек, қазақ ағартушыларының пікірі бойынша, барлық сұрақ қазақтардың қоғамдық прогреске икемі бар ма әлде жоқ па дегенде емес, сол прогреске жетудің дұрыс жолдарын табуда. Осы сұраққа тынымсыз жауап іздеу оларды артта қалған халық өздерінің дамуы үшін және барлық адамзаттың дамуы үшін, дамыған халықтардың мәдениетінен үлгі алу керек деген қорытындыға алып келді. Қазақстанда қалыптасқан сол кездегі нақты-тарихы жағдайда ағартушылар тез арада алдыңғы қатарлы орыс ғылымы мен мәдениетін игеруге жән сол арқылы әлемдік өркениеттің таусылмас байлығына жол табуға табанды түрде шақырды.
ХІХ ғасырдың ортасында Қазақстанда қалыптасқан нақтылы-тарихи жағдайда патшалық самодержавиенің жағымсыз жақтары оның ұлтты отарлау саясатында, жергілікті жерлердегі патша әкімшілігінің реакцияшыл өкілдерінің тонаушылық әрекеттерінен көрініс тапты. Қазақстанға тереңдей кіруді іске асыра отырып, царизм оның территориясында өзінің шекараларын бекіте түсті. Царизм қазақ халқының өмірі мен тұрмысының жақсаруы үшін және оның қоғамдық прогреске қол жеткізуі үшін қам жеген жоқ. Керісінше, отаршылдық тонау мен өзінің Шығыстағы саяси беделін бекіту мақсатында, царизм қазақтардың орыс бодандығына кіруін өз мүдделері үшін пайдалануға тырысты. Патшаның далаға жіберген жоғарғы дәрежедегі шенеуніктері қазақтың қоғамдық өмірінің дамуын қолдан тоқтауға тырысты, қазақ халқының орыстармен достауына кедергі жасап, қазақтардың бұрынғы сауатсыздығын және артта қалуын сол күйінде сақтап қалғысы келді.
Ағартушылық дәуірдегі болашақ қоғамдық құрылыс мәселесіне байланысты қазақ ойшылдарының мұраты батыс ағартушыларының өкілдерінің мұратымен сай келмеді. Батыс ағартушылары өздеріің сенімдеріне қарамастан өз қоғамының сұранысына жауап беретін нарықтық құрылысты объективті идеализацияласа, қазақ ағартушылары қоғамның барлық мүшелері сауаттандырылған, толық еркіндік пен әділдік және адамдардың өз елінің саяси өміріне толық араласуын қамтамасыз еткен, білімге негізделген егемен тәртіп орнату үшін күресті.
Ресейге қосылу нәтижесінде Қазақстанда өндіргіш күштер мен халық ағарту ісін ұймдастыру және басқаруда ілгерілеу байқалды. Аймақтың халықтары тағдырында осы бетбұрысты байыптап ұғынуға деген қоғамдық қажеттілік туды. Ол қажеттілік ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған және қоғамдық сананың дамуында жетекші рөл атқарған ағартушылық ой түрінде көрініс береді.
Қазақстанда ағартушылық ойдың мәнін түсіну үшін мынадай әдістемелік және теориялық қағидаларды ескеруіміз қажет: біріншіден, қарастырылып отырған ағартушылық идеология нақтылы тарихи шындық болып табылады. Ресейге қосылу, оның мәдениетімен кең танысу және сол арқылы еуропалық өркениеттен сусындау – Ресейге бодан кезеңінің нәтижесі болып табылғанымен, қазақ ағартушылығы дүниежүзілік ағартушылық ойдан оқшауланбай, керісінше, онымен ортақтастықта - ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы жалпыресейлік қозғалыстың ықпалы тиген дербес құбылыс ретінде дамыды. Сондықтан Қазақстан ағарушылық идеологиясын зерттеуде жалпы ағартушылық құбылысқа тән белгілермен қатар, оны тудырған мәдени-әлеуметтік ортаның ерекшелігіне де баса назар аудару қажет. Екіншіден, осы ағартушылық идеологияның басты ерекшелігі оның азаттыққа, бостандық пен теңдікке ұмтылыс ниетіндегі Кеңес өкіметіне дейін және сол өкімет тұсында өз мәнін жоймаған негізгі идеялық бағыт ретінде сақталуында (М. Дулатов – “Оян қазақ!”, М. Жұмабаев — “Тәңір”, “Мен кім”, “Тез барам” т.б., А. Байтұрсынов – “Қазақ өкпесі”, “Тәні саудың жаны сау”, “Қазақша оқу жайынан”, Ә. Бөкейханов, Ш. Құдайбердиев, М. Шоқаев, Ж. Аймауытов т.б.). Патша өкіметі мен сталиндік репрессияның зардабын басынан өткізіп, әділет пен шындық жолында халқының мұң-мұқтажын жоқтаған қазақ зиялыларының халықты оянуға, білімге, оқу-ағартуға үндеген еңбектері халық бостандығы мен теңдігі жолындағы күреспен тығыз байланысты болды. Үшіншіден, қазақ ағартушылығы күрделі де қайшылыққа толы эволюциялық даму сатысынан өтті. Ол өз дамуында кертартпа идеялық бағыттармен күреске толы болды. ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасыр бас кезеңінің өн бойында ағартушылар кейбір діни түпнегізшіл-клерикалды идеологиямен және әр түрлі діни-мистикалық бағыттармен келісімде болмады. Қоғамдық-саяси өмірдің маңызды бағыттары мен ілімдері де жеткілікті болатын. Оларға ХІХ ғасырдың орта тұсында пайда болған дәстүрлі-консервативті тәңіршілдік бағытын, ХІХ ғасырдың аяғындағы діни-реформаторлық жәдидшілдікті, Ресейдің мұсылман халықтарының арасында кең тараған панисламизм мен пантюркизм ілімдерін жатқызуға болады. Қарастырып отырған рухани құбылыстың рөлі мен мәні нақтылы идеялық күрестің аясында көрінетіндіктен, берілген бағыттар мен ілімдердің табиғатын жете ұғыну қажет. Төртіншіден, Қазақстандағы ағартушылық ойдың қалыптасуына ХІХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы орыс ағартушыларының, әсіресе, «батысшылдардың», «славянофильдердің» ықпалы қатты әсер етті. Орыс «батысшылдарының», «славянофильдердің» қайсыбір мұраттары Қазақстан ағартушыларының жанына жақын келді. Олар (Ш. Уәлиханов, А. Құнанбаев, Ы. Алтынсарин) Ф. Достоевскийдің, Н.А. Добролюбовтың, А.И. Герценнің, В.Г. Белинскийдің т.т. еңбектерімен, ал кейбірі (Ш. Уәлиханов, Абай) олардың авторларымен таныс болатын. Халықшылдықты практикалық іс-әрекетке жетекші етіп, идеялық бағдарға ала отырса да, нақты тарихи жағдайда халық бұқарасының екіжақты - әлеуметтік және ұлттық қанаушылық пен жалпы аймақтық артта қалушылық себептеріне байланысты Қазақстан ойшылдары тұтас алғанда типтік ағартушылық тұғырды ұстанды. Яғни белгілі қоғамдық топқа, дәлірек, бұқара халыққа бағытталып, қоғамдық прогресті саны басым топтың мүддесі үшін күреспен байланыстырған революцияшыл-демократтарға қарағанда Қазақстан ағартушылары ХVІІІ ғасырдағы Еуропадағы секілді ешбір тап пен сословиені бөле-жармай, жалпы ұлттың атынан сөйледі. Бұл, бір жағынан берілген кезеңде берілген аймақтың қоғамдық қатынастарының пісіп-жетілгенін аңғартса, екіншіден, осындай ерекше жағдайда жалпы халықтық прогресс идеясы өте өзекті болғанын және оның аса маңызды қоғамдық қажеттілікті бейнелегенін көрсетеді. Бесіншіден, Қазақстан ойшылдары ағартушылық тұғырда қалғанымен, аңсаған қоғамды ұлт-азаттық күрес жолымен орнату әдістерін де бекерлемеген. Әйтсе де негізінде барлығы еркін, азат қоғам құрудың бейбіт жолын таңдады: жоғарғылардың реформасы көмегімен немесе "әділ", "таза" білім мен басқару және ағарту, ғылым-білім арқылы өз халқының көзін ашып, көңілін оятып, өздерін-өздеріне танытып, ескіліктен, езгіден арылтпақ болды. Бұдан тарихи құрылымы мен қоғамдық күштердің жіктелуі әлде қайда өзгеше орыс революционер-демократтары секілді төңкеріс жолын қуаттап, оған бірден-бір шешуші әдіс, айқын жол деп шақырмауын кемшілікке жатқызу орынсыз болар еді. Керісінше, рух пен тән арасындағы, жалпы Аспан астындағы үйлесімділікті іздеп, сол жолда бойды сезімге емес, ақылға жеңдіртіп, мәселенің шеті мен шегіне ауытқымай асыл ортасын ұстануды үйрететін дана Шығыс философиясының көрінісін аңғарғандаймыз. Алтыншыдан: “тоқырау” “семіп қалу”, “артта қалушылық”, «дәстүршілдікң ұғымдары, жалпы Шығыс мәдениетінің мәңгі-бақи арылмайтын атрибуттары деген сияқты абстрактылы және табиғатынан ғылымға, тарихи объективтілікке сай келмейтін тұжырымдама, бірыңғай, іштей біркелкі Шығыс феноменінен принциптік айырмашылығы бар тек Батыс феноменін мойындау, екіншіден “тоқырау”, “артта қалу құбылыстарын метафизикалық абсолюттендіру және оларды тек Шығысқа иманентті деген түсінікке негізделген. Дұрысында, қай халықтың болмысын мәдениеті дамуының кейбір кезеңіндегі тоқырау, құлдырау құбылыстары адамзат дамуы тарихи жалпы диалектикасының белгілі кезеңі ретінде қарастырылуы тиіс. Өйткені ол өзгеріс бола қалғанда өз қарама-қарсылығы өрлеу, өркендеу, дамуға көшетін нақты тарихи жағдайлардың нәтижесі. Қазақ халқының тарихи өткеніне келетін болсақ, шетелдік және отандас шығыстанушы ғалымдардың зерттеулері берілген аймақтың Таяу және Орта Шығыстың ежелгі заманнан (біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мың жылдықтан бастап) ХІІ ғасырда бұл аймақтар барлық критерийлері бойынша Шығыс пен Батыс мәдениетінен әлдеқайда озық және жоғары тұрады. ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін ғана даму қарқыны бәсеңдеп, ХVІ ғасырдан кешеуілдеу процесі белең алды. Жалпы алғанда, бүкіл Таяу және Орта Шығыс ежелгі заман мен орта ғасырдың өн бойында көрсетілген дәуірлерде Шығыс пен Батыс арасындағы экономикалық, саяси, мәдени байланыстардың – бүкіләлемдік мәдени-тарихи процестің “орталық зонасына” айналды. Яғни, қарастырылып отырған аймақ әлемдік өркениеттің шалғай ауданы емес, керісінше, ХV ғасырға дейін Шығыс пен Батыстың ирандық, үнділік, сириялық, византиялық, грек-эллинистік мәдени дәстүрлерімен тығыз байланыста дамығанын көреміз.
Демек, Қазақстан мәдениетінің тоқырауы жөнінде сөз қылғанда, бұл ұғымды сол аймақ мәдениет дамуының өн бойына емес, тек белгілі кезеңінде – ХV ғасырдан ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейінгі аралыққа қатысты алынатынын жадымызда тұтуымыз қажет. Ресейге қосылу бұл аймақ халықтарына әлеуметтік-экономикалық саладағы түпкі зардаптарын қозғамаса да, жалпы кешеуілдеуді жою, қоғамдық прогреске жету мүмкіндігін әперді деп айта аламыз. Жетіншіден, Қазақстан ағартушыларына қоғамдық прогресс жолындағы күресті француз немесе орыс ағартушылары сияқты феодализмнің немесе крепоснойлық тәртіптің ыдырауы жағдайында емес, үзілмей жалғасып келе жатқан дәстүрлі қауымдық қатынас үстемдігі кезеңінде жүргізуге тура келді. Осыған байланысты олардың көзқарастарында қоғамдық прогресс идеялары ұлтаралық ынтымақ, достық, орыс халқы мәдениетінің жетістіктері мен игі әсері жайлы ойлармен астасып жатады.
Қазақ елінің Ресей империясына қосылуының тарихи салдарын түсіндіруде үш концепция бар. Олар О.А. Сегізбаевтың жоғары оқу орындарына арналған қазақ философиясының тарихи жөніндегі оқулығында былай жіктелген:
Бірінші концепция бойынша, Қазақстанның Ресейге қосылуының салдары тек қана реакциялық нәтиже берді.
Екінші концепция бойынша, қазақ халқы үшін Қазақстанның Ресейге қосылуы соншалық теріс құбылыс емес еді.
Үшінші концепция бойынша Қазақстан үшін Ресейдің жүргізген саясаты шын мәнінде реакцияшыл отарлау саясаты еді, оған қарамастан ол прогрессивті құбылыс деп бағаланады (Сегизбаев О.А. История казахской философии: От первых архаичных представлений древних до философии развитых форм первой половины ХХ столетия. Алматы: Ғылым, 2001. 456 с. ).
Бірінші концепцияны қолдаушыларға ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлттық интеллигенциясы саяси элитасының қатарындағы А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, С. Торайғыров және т.б. жататындығы айтылады. Олар қазақ жеріндегі тәуелсіз, дербес мемлекеттің құрылуы халықтың болашағы үшін қажеттілік деп түсінген еді.
Екінші концепцияны А. Асфендияров және оны жақтаушылар қолдады. Олар қазақ елінің Ресеймен қатынасы көрші жатқан Орта Азия хандықтарына, Қытай, Англия сияқты елдерге тәуелді болумен салыстырғанда тиімді деген тұжырымды келтіреді.
Үшінші концепция Кеңес үкіметі кезеңінде, әсіресе, ХХ ғасырдың 50-жылдарынан кейін оның негізгі басымдық танытқан тек прогрессшіл мәнін қолдайтын ұстанымға айналды. Оның себебі социалистік жүйенің кеңестік идеологиясын жүзеге асырудағы кейбір қолайлылықтарда жатқан болатын.
Бұл үш концепция да ғылыми бағасын алуға немесе пікір ретінде өмір сүруге хақы бар және сонымен қатар олардағы айтылған дәйектемелердің көбісі әлеуметтік практикада көрініс бергенін мойындауға болады. Қазақстан - Ресей арасындағы қатынастардың саяси астарларын талдауда, бағалауда бұл құбылыстардағы тек қана теріс процестерді ғана тұжырымдамай, әлеуметтік-мәдени саладағы оң сипаттағы үрдістерді де байқау керектігін философия тарихын зерттеуші О.А. Сегізбаев атап өтеді (Сегизбаев О.А. История казахской философии: От первых архаичных представлений древних до философии развитых форм первой половины ХХ столетия. Алматы: Ғылым, 2001. 456 с. ).
Қазақ ағартушылығының негізін салушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (1835-1865) ұлттық мәдениетіміздің көрнекті өкілі. Энциклопедист-ғалым, философ, шығыстанушы, саяхатшы, публицист және қоғам қайраткері Шоқан Уәлиханов өз бойында шын мәнінде еуропалық білімділік пен Шығыс халықтарының мәдениеті жайлы терең түсінікті үйлестірді және қысқа ғұмырында мол да жан-жақты шығармашылық мұра қалдырды.
Ш. Уәлихановтың азамат, ғалым және ойшылдық қалыптасуында орыстың озық мәдениеті мен ғылым қайраткерлерінің маңызды рөл атқарғанын атап өтуіміз қажет. Шоқан В.Г. Белинскийдің, Н.Г. Чернышевскийдің, А.И. Герценнің, Н.А. Добролюбовтың еңбектерін оқып-үйренді, олардың кейбір көзқарастары мен идеяларын қуаттады.
Ш. Уәлиханов шығармашылығын 1) қалыптасу кезеңі (Петерборға барғанға дейінгі уақыт, яғни 1855-1859 жылдар аралығы) және 2) кемелдену кезеңі (1859-1865) деп екіге бөлуге болады. Петербордан басталатын қызықты да мазмұнды соңғы кезеңі Шоқанның туған жерге қайтып оралғаннан — өмірінің соңына дейінгі жылдарды қамтиды. Омбыда кадет корпусын бітірген Шоқан өзінің 30 жылдық аз өмірінің ішінде этнография, Қазастан және Орталық Азия тарихы мен мәдениеті саласында еңбектер қалдырған ғалым, ағартушы, мәдениеттанушы. Ш. Уәлиханов тікелей философиялық мәселелер жөнінде еңбектер жазбаған, алайда, көптеген шығармаларынан философиялық пікірлер мен тұжырымдарды байқауға болады. Ол “Қазақтардағы шамандықтың іздері”, “Сахарадағы мұсылмандық жөнінде”, “Тәңір (құдай)” деген еңбектерінде философияның басты мәселелеріне қатысты пікірлер айтады. Ең алдымен Ш. Уәлихановтың табиғат пен адамның үйлесімді өзара қатынаста болатындығына шек келтірмейтіндігін айту керек. Қазақ жеріндегі шамандықтың орын алу себебін түсіндіргенде “сыртқы дүние — күн, ай, жұлдыздар және жер — алғашқы құдірет болып табылады” деп көрсетеді. Сонымен бірге шамандықтың шығу тегін мұқият зерттеулерінен және басқа да еңбектерінен Шоқанның себептілік заңдылығын құптайтындығы, себепсіз құбылыс болмайтындығына кәміл сенетіндігі байқалады. Мысалы, “Тәңір (құдай)” мақаласында қазақтардың малды қасиет тұтатын ырымдарының себебін халықтың күн көрісі малға байланысты екендігімен түсіндіреді.
Қазіргі кезде философияның негізгі мәселелерінің маңыздысы есебінде адам, оның қоршаған дүниеге қарым-қатынасы аталынады. Уәлиханов бұл мәселенің маңызды екенін сонау ХІХ ғасырдың орта кезінде-ақ айтып кеткен. “Қазақтардағы шамандықтың іздері” деген еңбегінде табиғат пен адам, өмір мен өлім әрқашан түпсіз сырға толы ғажайып таңданудың пәні болды деп көрсетеді. Ғажайып әлемді, өмір мен өлім мәселесін, адамның табиғатқа қатынасын танып білу қажеттілігін шамандықтан туды деп тұжырымдайды. Бұдан Ш. Уәлихановтың адам мәселесіне, оның фәни дүниедегі орнына, өлім мен өмір мәселесіне ерекше мән бергендігі көрініп тұр. Шамандықтың шығуының бір себебі табиғатқа құштар болу дейді. Екінші ғажайып нәрсе адам, адамның терең ойға және танып білуге ұмтылған рухы деп көрсетеді. Яғни, адамның ішкі дүниесі, оның қоршаған дүниеге қатынасы зерттеуді қажет ететін мәселе есебінде қаралды.
Шоқан діннің, әсіресе, қазақ даласында татар және Бұхара молдаларының таратып жүрген діни қағидаларының халыққа тигізіп жүрген зияндығын баса айтады. Қазақ жұртына бұл молдалардың айтып жүрген уағыздары “ой мен сезімнің дамуын тежейтін өлі схоластикадан басқа ештеңе әкелмейді” деп көрсетеді. Кейбір ислам дінін жақтаушылардың Мұхаммед ілімін тазартуға болмайды деген пікіріне ол қарсы шығып, онда ешқандай реформа болуы мүмкін емес дегенді бекерге шығарады.
Шоқанның прогресті халықтың материалдық тұрмыс жағдайының жақсаруымен тікелей байланыстыруы қоғамды дұрыс философиялық түрғыдан түсінудің бірден-бір белгісі деуімізге болады. Ерекше назар аударарлық нәрсе – Шоқанның демократиялық көзқарастары. Мысалы, “Сот реформасы жөніндегі жазбалар” атты еңбегінде патша үкіметі тағайындаған соттан қазақ даласында әзірше табиғи түрде сұрыпталатын билер артық деген қорытындыға келді. Себебі би болу үшін ол адам әділдігімен, шешендігімен көзге түсу керек. Егер әділ болмаса оған ешкім билік айтқызуға келмей қояды, ал патша үкіметі сайлаған сот билігі уақытқа шейін сот міндетін атқаратын болады, оның іс-әрекетінде немкетерлік пен мансапқорлық жайлап, әділетсіз, парақор болатынын дәлелдейді. Халық дұрыс даму үшін, алдымен оған қажет нәрселер – өзіндік даму, өзін-өзі қорғау, өзін-өзі басқару және өз соты болуы шарт. Осы өзгерістер енгізіліп және сақталып қалу үшін реформалар халықтың материалдық мұқтажына сәйкес және ұлттық сипатына бейім болуы да керек деген пікір айтады. Уәлихановтың ойынша, дерексіз теорияларға негізделген немесе басқа елдің өмірінен алынған реформалар күшпен енгізілсе халыққа орасан зияндығын тигізеді. Сонымен бірге Шоқан халық өзімен ғана тұйықталып, жекеленіп, өмір сүруі керек деген ойдан аулақ. Керісінше, еуропалық, жалпыадамзаттық мәдениетті меңгеру қай елдің болмасын алдына қоятын мақсаты болуы керек деген ойды қолдайды. Әрине, еуропалық мәдениетті меңгеру үшін қазақ халқы ағарту мәселесін іске асыру қажет. Бұл ретте қазақ жұрты үшін орыс мәдениетінің маңызын Шоқан ерекше жоғары бағалады. Осы себептен де көптеген мақалаларында қазақ даласында орыс мектептерін ашуды, басқа да білім ошақтарын көбейтуді кеңес етеді. Қазақ жеріне дәрігерлік жағдай мен жәрдемнің төзімсіз екендігіне қинала көңіл аударады. Алғашқы кезде осы қиыншылықтардың бәрін патша үкіметі шеше алады деп сенді. Ресейдің мәдениетті көтермелемек тәсіліне үлкен үміт артады. Шоқан Ресейдің оқу орнын бітіріп, Еуропадағы ғылыми жетістіктерді жақсы меңгерсе де өз халқынан ажырамады, халқының мұңын, әсіресе, қалың бұқараның жоғын жоқтады. Г.Н. Потанин Еуропаға құштарлық Шоқанды өз халқынан ажырата алмады, керісінше, ол тәрбиеленген еуропалық рух өз елінің қызметшісі болуын міндеттеді деп жазды.
Ресей үкіметінен нәтижелі істер күткен Шоқан бірте-бірте үмітін үзе бастады. Әсіресе, генерал Черняевтің жорығына қатысқан ол орыс әскерлерінің отаршылдық озбыр істеріне наразылық білдіріп, қызметтен шығып, ел ішіне кетеді. Н.М. Ядринский Шоқан туралы естелігінде: бұратана халықтың өкілі өркениет нәрін татып, білім алса да бөтен мәдениет халқының ырқын ығыстырғанын көзімен көргенде, біржақты ықпалдың болашағына сенбей өз жұртына оралуды жөн көрді дейді. Қоғамды ұйымдастырудың жолдары мен әдістерінде Ш. Уәлиханов әкімшілік жолмен жасалатын реформаға шешуші мәселе деп қарады. Сондықтан отаршыл үкімет орындарына бірнеше рет ұсыныстармен барып та жүрді.
1864 жылғы 26 наурызда Шоқан Уәлиханов “Қазақтың көші қоны” деген мақаласында өткен ХVІІІ ғасырда қазақ елі қаншама қантөгіс соғысты, барымташылдықты бастан кешірсе де малы қазіргіден әлдеқайда көп, тұрмысы анағұрлым жоғары болғанын еске сала келіп, ХІХ ғасырда мал жылдан жылға азайып, қазақ шаруаларының тұрмысы төмендеп кеткенін үлкен қынжылыспен атап көрсеткен. Олардың себебін қазақ жеріндегі құнарлы аймақтарды үлкен өзендер бойын жағалай салынған қамалдар мен бекіністерге, казак станицаларына берілуімен байланыстырады. Сөйтіп, малдың өрісі тарылып, өсімі баяулап, өнімі азайып кетті.
Ресейдің ықпалды таптарының өкілдерінің қазақтарға деген бұндай қатынасы қазақ ағартушылары тарапынан наразылық туғызды және олар отарлаушыларды қатал сынға алды. Олар, шын мәнінде, Қазақстандағы патша әкімшілігінің шенеуніктерінің тонау әрекеттерін қатты сынады. Мысалы, Ш. Уәлихановтың “Сот реформасы туралы жазба” деген мақаласы, Ф.М. Достоевскийге, А.Н. Майковқа, К.К. Гутковскийге және т.б. жазған хаттары, жұмыс нұсқасындағы еңбектері Қазақстандағы патша үкіметінің шенеуніктері қазақ халқының артта қалуы мен сауатсыздығын пайдаланып, ауқымды байлық жинағандарын көрсетіп жазады. Ш. Уәлихановтың пікірі бойынша, “рулық тұрмыс заңы” қазақтардың “табиғи” даму кезеңін жақсы көрсетеі, “ол тек қана, - деп жазды Ш. Уәлиханов, - бай қырғыздардың мансапқұмарлығын қанағаттандыруға және лай суда балықты жақсы ұстай білетін орыс шенеуніктерінің баюына қызмет етті” (Валиханов Ч. Собр. соч. Т. 4. А., 1985. 93 б. ). Ф.М. Достоевскийге жазған бір хатында ол өзінің шынайы тапқырлығымен және айқын көрініп тұрған жек көрушілік сезімімен губернаторлық хатшы, туған жері Мюнхенді тастап, аты "сһен"-мен аяқталатын қарындасымен бірге тәуелсіз Татариядағы қырғыздарды алдап, олардың ақшасына әйеліне арнап “цитрондық лентасы бар померанцтық көйлек тіктіргісі” келетін бавар немісі туралы жазады (Сонда. Т. 5. 151 б.).
Қазақстандағы отаршылдық үкіметтің жоғарғы дәрежедегі шенеуніктері жеке бас пайдасы үшін бір-бірімен үздіксіз қырқысып, бір-бірлерінің артынан сөздер айтты және әр біреуі өз шаруасын бітіруге тырысты. Осының нәтижесінде өлкеде тәртіпсіздік, озбырлық және шенеуніктердің өз білгенін істеуі кең етек алып, онсыз да қазақ еңбеккерлерінің қиын жағдайын ауырлата түсті.
Зардап шеккен халықтың ауыр тағдырын жеңілдету жолдарын табу үшін шын ниетімен қам жеген Ш.Уәлиханов Ресейдің прогрессивті адамдарына үндеу тастап, күреске көмектесуді сұранды және олардан қолдау іздеді. Ш.Уәлиханов қатты ашу-ызамен әлгілердің алдында қазақ даласына орныққан орыс қанаушыларының халық байлығын бөлу үшін өзара күресін және олардың шексіз сараңдықтарын, еңбекшілер арасында шексіз пайда табу ниеттерін ашық көрсетіп, 1864 жылдың наурызында К.К.Гутковскийге былай деп жазады: “Облыстық басқарма мен канцелярия өзара соғысуда. Канцелярия жағынан жауынгер болып Крохолев шықты және қырғыздардың ақшасын өзіне алды, басқаруға ешкім аяқ баспайды. Ивашкевич ашулы және Майделді азғыруда, бірақ тікелей әрекет етуге батылы жетпейді, дегенмен де клуб ішінде ұрысып-керісуде. Барлығы да жаңа тәртіпті күтуде және жартылай патшашылдық күйді пайдалануда. Ашық әрі сұмдық алады, жұмыстан кетті деп бүгін жазады, ертең ақшаны алып, шешімді жояды және де тағы сол сияқтылар” (Сонда. 162 б.).
Н.Г. Чернышевскийдің “Философиядағы антропологиялық принцип” атты Батыс Еуропа экономистерінің, оның ішінде Ст. Милльдің идеяларын қарастыратын еңбегінде автордың реформа мәселелеріне көзқарастарын қолдауы көңіл аударарлық. Уәлиханов соңғысының жұмыстарымен де жақсы таныс болған. Чернышевскийдің ойын дамыта отырып, реформа қарастырып отырған әлеуметтік қауымдастықтың тұрмыстық, ұлттық, тектік, топтық психологиялық және салт-дәстүр ерекшеліктері ескерілуі тиіс еді.
Революцияшыл демократтар реформа мәнін теріске шығармағанымен, алдыңғы қатарға революциялық күрес жолын қойса, Ш. Уәлиханов типтік ағартушылықты ұстанып, халық бұқарасының өмірін материалды және рухани жағынан жақсарту көзі реформа деп білді. Қоғамдық прогрестің бірінші шарты ағарту мен ғылым, білімді таратуда, содан соң реформа жүргізуде деп түсінді. Ш. Уәлиханов жалпы әлеуметтік бақытсыздықтың себебін жаппай сауатсыздықтан іздеді. “Әділетті басшы” идеясын жақтады. Мәдениет дәрежесінің экономикаға шарттылығы жайлы айтылған жеке ойлары болғанымен жалпы алғанда ағартушылық позицияны ұстанды. Бірінші кезекте қалың бүқараның надандығы мен қараңғылығын жою қажет. Олай болмаған жағдайда жүргізіліп жатқан экономикалық, әкімшілік және сот реформаларының мәнін бұқара түсінбеуі мүмкін. Ал түпкі мақсат – әлеуметтік теңсіздік пен ұлттық қанаудан арылған еркін, тәуелсіз қоғам құру.
Ш. Уәлиханов мәңгілік шексіздік идеяларын негіздеді, дамытты. Дін түрлерінің ішінде Уәлиханов ислам мен христиандыққа қарағанда буддизмді “гуманды ілім” деп бағалады. Жалпы алғанда, Ш. Уәлиханов дүниетанымы, оның шығармашылық мұрасы мен практикалық іс-әрекеті Орталық Азия мен Қазақстанның рухани қалыптасуы жолындағы үлкен белес болып табылады.
Ш.Уәлихановтың шығармашылық мұраларының мәні өте зор. Оның ғылыми дарыны этнология, тарих, география, әдебиет, тіл білімі, заңгерлік, әскери ғылым, философия саласында танылды. Ш. Уәлиханов өзі зерттеген ғылымның барлық саласында айқын із қалдырды. Ойшыл өмір сүруге тура келген, қазақ халқы үшін қасіретті кезең оның шығармашылығында көп қырлылығымен, көп жақтылығымен, қасіреттілігімен және қарама-қарсылықтылығымен сипатталады. Қазақстанда отарлау, яғни мемлекеттікті ғана жоғалту емес, сонымен бірге ұлт азаттығын жоғалтумен сипатталатын қазақ тарихындағы өзгерісті кезең, Ш. Уәлиханов дәуірін сипаттайтын ерекшелік. Ұлттық рухтың маңыздылығы, осы рухты білдіруші Ш. Уәлихановтың ұлылығы сол  ол көшпенділердің іргелі негізін – бостандығын – жоғалтқанына қарамастан бұл жағдайды түсіне білді. Қазақ ағартушысының әлем ғылымы мен өзінің халқының алдындағы сіңірген зор еңбегі – ерекше этнос ретіндегі қазақ халқының тарихи құқығын анық және логикалық дәлдікпен қалпына келтірді, оны ғылыми тұрғыдан әлем халқы қатарына қосты.
Ш. Уәлиханов – жаңа заманда Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан, аймақтың нағыз өзегіне, оның адамына жол ашқан алғашқы ғалым. Адам мәселесі ойшылдың дүниетанымында маңызды орын алады. Бұл тақырыпқа ол жан-жақты қарайды: өлкенің географиясы, тілі, салт-дәстүрі, этнографиясы, фольклоры, этносы, тайпалар мен халықтар тарихы, қоғамның әлеуметтік құрылымы. Қазақ ағартушысының шығармаларында адамгершілік тұжырымдар, адам өмірінің мәнін орынды бағалау мен адам жер бетінде толыққанды, бақытты өмір сүруге толық құқылы деген түйін бар.
Ш. Уәлиханов шығармаларында адам мәселесінің әлеуметтік-философиялық мәселелері көп қаралған. Адам тұрмысының мәні мәселесін шешуде ол бақыт ұғымына баса назар аударады. Ойшыл қоғам мүддесінің өмірде жүзеге асуына ықпал етпеген адам бақытты бола алмайды деген нық сенімде болды. Бақыт мәселесіне осындай көзқарас қазақ ағартушыларының бәріне тән. Олар қоғам игілігі ең жоғары игілік деп санады. Қазақ ойшылдарының, оның ішінде Шоқан Уәлихановтың да, әлеуметтік-этикалық көзқарастарының өзегі – халықтың бақыты, сонымен бірге жеке адам бақытты. “Пайда”, “игілік” ұғымдары “мүдде” ұғымымен сәйкес. Бұдан жеке адам мен қоғам мүддесі қатынастары мәселесін шешуге ұмтылу байқалады.
Жеке адамның және қоғам мақсаттары мен міндеттерінің үндесуі (халықтың пайдасы, қоғам игілігі, халық қажеті т.б) Ш. Уәлиханов үшін жеке бастың, да сондай-ақ қоғамның мүддесін де ескере отырып, жүзеге асыруды күтіп тұрған әлеуметтік-этикалық мұрат болды. Ойшыл сол кезеңдегі қазақ халқы өзінің мүддесін түсінбегеніне қатты өкінді.
Жеке бас пен қоғам мақсаттары мен міндеттерінің үйлесуіне кедергі келтіріп тұрған нәрсе ағартушылықтың жетіспеуі деп санады Ш. Уәлиханов. Ол үндестік пен бірлікке ағарту іс-шараларын жүргізу арқылы жетуге болады деп есептеді. Ойшыл білімге негізделген заңдар ғана адамдар арасындағы қайшылық-тарды жоюға, нағыз бақытқа жетуге және адамды жақсы қасиеттердің дамуына қажетті алғышарт бола алады деген сенімде болды.
Ш. Уәлиханов білімділік пен ар-ұждан туралы түсінік болмай тұрып өнегелілік туралы сөз қозғау артық деп есептейді. Бұл қасиеттердің болмауы дегеніміз өнегелілік жоқ деген сөз. Яғни оның орнын өнегесіздік басады деген қорытындыға келеді ойшыл. Ол өнегелілік түсініктердің белгілі бір шегімен анықталады, ал тазалық дегеніміз адамның ішкі дүниесінің таза болуы деп түйіндейді. Білімділік пен ар-ұждан, нағыз өнегелілікті қамтамасыз ететін, адами құндылық. Ш. Уәлихановтай оқымысты, Ш. Уәлихановтай ақсүйек үшін білімділік пен ар-ұждан әрі биік адами құндылық болып саналады.
Қазақ ағартушысы еркіндік адамда жағымды өнегелілік қасиеттің дамуына ықпал етуге ең қажетті нәрсе дегенді баса айтты. Бірақ толыққанды өнегелілікке жетуге бір ғана еркіндік жеткіліксіз, себебі сол еркіндікті дұрыс пайдалана алу керек. Осы еркіндікті көзі ашық адам ғана пайдалана алады, надан адамның қолынан бұл келмейді. Мұнымен қоймай ойшыл надандық еркіндікті дұрыс пайдалануға кедергі жасап қана қоймайды, сонымен қатар адамдарды азғындауға итермелейді деп түйіндейді.
Ш. Уәлиханов өзінің “18581859 жылдардағы Алтышар немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының шығыстың алты қаласының (Кіші Бұхарлығы) жағдайы” еңбегінің “Жергілікті тұрғындары” деген бөлімінде еуропалықтар үшін жат дәстүр, бұл елде әйелдердің осында келген жат жергіліктермен уақытша некеге тұратыны туралы айтады. “Әйелдерге таңдауы мен сезіміне толық еркіндік берілсе де, білімділік пен ар-ұждан туралы түсінік болмағандықтан, осы дәстүрдің әсерінен некелік одаққа мән бермей қарау пайда болады және Шығыс Түркістанның әйелдері керемет өнегелі деп айтуға келмейді”, – деп жазды ол / Валиханов Ч.Ч. Собр соч. в пяти томах. Т. 3. Алма-Ата: Главная редакция Казахской советской энциклопедии, 1985. С. 166. /. Ойшылдың осы және басқа да айтқандарының білімділік пен ар-ожданның мәні адамда нағыз өнегелілік қасиеттің дамуына еркіндіктен кем емес екендігі анық байқалады.
Өзінің мәдениет туралы ой-толғауларында Ш. Уәлиханов өркениет дегеніміз тек қана материалдық мәдениет емес, ол – өркениетті адам деп түйеді. Сауатты, әрі бай елде тұрып жаңалық ашып жүрген адам, поэзияға, әдебиет пен ғылымға жақын адам. Ойшыл ілгері ұмтылушылық пен ағартушылық идеяларына қаныққан өнегелілік тәрбие мен білім ұлттың өзіндік даму болмысы болып табылады, ал мәдени жаңғыруға жасалған алғашқы қадам – бұл жаппай сауаттылық деген тоқтамға келеді. Ш. Уәлиханов халықтардың мәдени дамуына қажетті шарт олардың өзара бірігіп әрекет етуі мен жақындасуы деген идеяны ұсынды. Ол “Сот реформасы туралы жазбасында” былай дейді: “Біз еуропалық, жалпы адамзаттық сауаттылыққа үйренуге тиіспіз және осы мақсатқа жетуге кедергі келтірушілерге қарсы қажырлы күрес жүргізу – мәдениетке, дамуға мүмкіндігі бар барлық халықтар үшін түпкі мақсат болуы керек деп ойлаймыз” / Сонда. 1984. Т. 4. С. 80. /.
Сот реформасын дайындауға Ш.Уәлиханов та тікелей қатысты. Бірақ оның әрекеті патша әкімшілігі мен қазақ компрадорлық аристократиясының істеріне қарама-қарсы келді. Ш.Уәлиханов “Сот реформасы туралы жазба” деген аталған еңбегінде үкіметтік комиссияның жұмыс жасау әдістерін қатты сынға алды, себебі олар қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері мен даму деңгейін елемей, халық пікірімен санаспай, өз тұжырымдарында тек қана даланың жоғарғы аристократиясының пікіріне сүйенеді. Комиссия жұмысының негізі болып табылатын әдістерінің жамандығы мен жарамсыздығын Ш. Уәлиханов деректермен дәлелдеп, ашып көрсетті, яғни ауызша сауалнаманың сауатсыздық жайлаған және басылып, қорғалақ болып қалған халықтың шынайы мүддесі туралы дұрыс көрініс беруі мүмкін еместігін көрсетті. Билеуші таптың пікірлеріне келетін болсақ, қазақ ағартушысының талабы бойынша, олардың пікірін көңілге алуға да болмайды, себебі реформа жеке сословиенің пайдасы үшін емес, жалпы ұлттың пайдасы үшін жасалып отыр ғой. " Сұлтандардың және билердің пікірі аз құрметке лайық, - деп жазды ол, – өйткені бүтіндей ұлттың мүддесі, әділдікке орай, жеке сословиенің пайдасынан да артық көріну керек” (Сонда. 1984. Т. 4. С. 80.). Ол батыл түрде: “Қоғамда артықшылығы бар таптардың пікірлерін, халық қажеттілігінің керісінше бейнесі ретінде қарастыру керек, себебі жоғарғы өркениетті қоғамдардың өзінде де олар көп жағдайларда көпшіліктің мүддесіне қайшы келеді” (Сонда. 77 б.).
Бай-феодалдардың билерді сайлауды формалды сайлауға бағындыру әрекетіне орай қазақ ағартушыларының үрейленуінің негізі болды. Бұл сайлау олардың қолында әртүрлі келісімдер арқылы мансапқұмарлық мақсатқа жету және халықты қанау құралына айналып кетуі мүмкін деген қорқыныштар негізсіз емес еді. Ол осыған орай былай деп тікелей жазды: “Егер де қырғыз шенеуніктері мен бай жылқы табындарының иелерінің мансапқұмарлық ынталарына сүйенсек, билерді сайлау формалды сайлауға бағындырылады, бұл өз алдына даладағы сот төрелерінің ақшалай келісімдер және де т.б. істер арқылы табын-табын жылқылары бар байлар мен бай саудагерлердің қолына өтеді...” (Сонда. 93 б.).
Осындайдан құтылу үшін Ш.Уәлиханов орыс үкіметіне “қазіргі уақытқа дейін жеткен қазақ халқының билер сотын бұрынғы күйде сақтап қалуын ұсынады, яғни сотқа жүгінген қырғыздың сотты істерде renomme-сі бар кез-келген адамға жүгінуге құқығы бар, тура біздегі сияқты, ауру адам медициналық беделі бар адамға баратын болса, сол сияқты болмақ. Сотталушы атақты қорғаушыларға (адвокаттарға) жүгінеді” (Сонда).
Ресми сайлауға келсек, Ш.Уәлхановтың пікірінше, “жоғары талаптарды ешқашан қанағаттандыра алмайды”, себебі, ол әрі қарай былай деп жазады “сайланған шенеунік болып алғаннан соң, олар (яғни билер – О.С.) біздің басшыларға ұқсап кететін болады, олар барлығынан пара алады және барлығына өзі де пара береді” (Сонда ).
Ш. Уәлихановтың мәдениетке біртұтас әлеуметтік феномен ретінде қарауы, даму логикасы ойшылдың саяси-идеялық эволюциясына сәйкес келетін, біршама тиянақталған тұжырым-дардан тұратынын айта кету жөн. Мәдениет мәселелері оның аса көпқырлы мұраларын іштей жақындастырып тұрған шиеленісті де, өткірі де болып табылады. Ш. Уәлихановта “мәдениет” ұғымының өзі, оның әр жақты әрі шын мәні, тек нақтылы кең мәтінде ғана айқындалады. Көбінесе, “білімділік”, “сауаттылық” сөздері “мәдениет” сөзінің синонимі ретінде жұмсалады. Сол сияқты “мәдениет” тәрбиелілік, өнегелілік жай-күй, адам мен қоғам ізеттілігі ретінде түсіндіріледі. Жоғарыда айтылған мағыналарды жинастыра келе Ш. Уәлиханов “мәдениет” деп адамның іс-әрекеттерінің нәтижесін (рухани немесе материалдық, не екеуін де қоса), табиғи және құдай жаратқан әлемнен ерекшеленетін, адам өз қолынан тұрғызған әлемді түсінеді деп айтуға болады. Ол адамның шығармашылық күшін іске асырушы мәдениеттің ізгіліктік мәні туралы терең ой айтты.
Ш. Уәлихановтың Шығыс халықтарының өмірлерін терең зерттеу барысында олардың мәдени және мәдени-тарихи даму процестері туралы айтқандары, сол кезде пайда болған прогресшіл бағыттағы шығыстануға қосылған баға жетпес үлес болып табылады. Оның мәдениеттанулық тұғырнамалары (тұжырымдары) шығыстанудағы нәсіпшілдік, шовинистік және еуропаорталықтық теорияларға қарсы бағытталған. Оған “ғылыми еуроорталық” (Н.И. Конрадтың термині) (Конрад Н.И. Запад и Восток. М., 1972. С.24.) деп аталатын көзқараспен де, яғни Шығыс туралы Еуропа ғылымындағы теріс экстраполияциялық өлшеммен де күресуге тура келді.
Қазақ ағартушысы қазақ халқының төл мәдениетін қорғауға бел шешіп кірісті және дәстүр мен жаңаның үйлесімді қосылуы нәтижесінде мәдениеттің интернационалдануы туралы терең прогресшіл идеялар айтты. Ш. Уәлиханов, шын мәнінде, этникалық тұйықтықтан шығуға және әлемдік мәдениетке қосылуға бағдарланған жаңа қазақ мәдениетінің бастамашысы болды. Бұл жерде ол өз халқын тіпті де орыстандырғысы келген жоқ, өз Отаны, Қазақ даласының, мәдени өрлеуі – көне ұлттық дәстүрлердің жалпыеуропалық мәдениет элементтерімен үндесе қосылуы, әлемдік өркениетті елдердегі жағымды нәтижелерді сіңіруі деп түсінді. Оның айтуынша, барлық жаңалықтар дәстүрді ескере отырып, енгізілуі керек. Жаңа өміршең мазмұн ала отырып, мәдениет өзінің ұлттық төл тумалылығын сақтауы керек.
Ш. Уәлихановтың көшпелілердің рухани мәдениетінің ерекшеліктері мен көшпелі өмір салты жағдайындағы сабақтастықтың өзіне тән формалары туралы ой-толғауларының орны бөлек. Ол көшпелі халықтардың поэтикалық шығармашылыққа, әсіресе суырып салма ақындыққа ерекше бейім екендігіне алғашқы болып назар аударғандардың бірі. Көшпелілердің өлең-жырға бейімділігінің, суырып салма ақындық өнердің болуының себептерін Ш. Уәлиханов олардың өмір сүру салтымен байланыстыра түсіндіруге тырысты (Валиханов Ч.Ч. Собр.соч в пяти томах Т. 1. Алма-Ата: Главная редакция Казахской советской энциклопедии, 1984. С 304.).
Көшпелі халықтардың ауызекі өнерінің ерекшелігі  ұрпақтан ұрпаққа тарихи, генеалогиялық, құқықтық, тұрмыстық мәліметтері, салт-дәстүрі, өнегелері беріліп отырады. Ол мұндай ерекшеліктерді ауызекі өнерге, оның ішінде “...бір рудан бір руға, ұрпақтан ұрпаққа көне Грекияда рапсодтардың Гомер жырларын жеткізгені сияқты, қазақ ақындары да ауызша жеткізген” (Сонда. С. 285-286. ), дей келе, халық поэзиясына талдау жасай отырып, соны ашып көрсетеді. Ш. Уәлихановтың ойынша, халықтың ауызекі шығармашылығы, әсіресе көшпелілерде, “өмірдің очерктері, олардың өзінің қоғамы туралы түсініктері мен оған қатысы болып табылады”, әрі қазақ халқының және басқа да көшпелі халықтардың тарихын зерттеуде құнды қосымша материал бола алады.
Философияың маңызды саласы - эстетика мәселелеріне өзінің қатынасын қазақ ойшылы, әсіресе халықтың ауызекі өнерін зерттеу барысында ашып көрсетті. Қазақ, қырғыз халықтары өздерінің ауызша жеткен поэзияларының бірнеше варианттары туралы толық мәліметтерді алуда, тіпті кейбіреулерінің мазмұнын білуде де Ш. Уәлихановқа қарыздар десек асыра айтқанымыз емес. Ол тарихта бірінші болып қырғыз халқының атақты эпосы “Манасты” жыршының айтуы бойынша қағазға түсіргені белгілі. Шығыстанушы зерттеушілер мен фольклоршылардың арасында бірінші болып бұл поэмаға білікті әрі жоғары баға берді. “Манас” – халықтың ертегілері, аңыз-әңгімелері, географиялық, діни, ақыл-ойлық танымдары мен адамгершілік ұғымдары біртұтас, бір уақытқа, бір адамның – Манас батырдың – төңірегіне топтастырылған энциклопедиясы. Манас – тұтас халықтың туындысы, ғасырлар бойы өсіріп, жинаған жемісі, Дала Иллиадасы іспеттес халық эпосы”, – деп жазды Ш. Уәлиханов (Валиханов Ч.Ч. Собр. соч в пяти томах. Т. 1. Алма-Ата: Главная редакция Казахской советской энциклопедии, 1985. С. 70.).
Халық ауыз шығармашылығына ойшыл халық даналығының туындысы деп қарады және оқиғаларды сипаттауда әсірелеушілік басым болса да, өмір шындықтары көрініс тапқан деп санайды. Қазақтардың поэзиялық ой-толғауларындағы аңғал реализм мен айтушылардың берілген материалдарға аса ұқыптылықпен қарайтыны сияқты ерекшеліктерді көрсете отырып, Ш. Уәлиханов қазақ ауыз әдебиеті “...бір адамның аузынан шыққан тәрізді сезілетін халықтық туынды” (Сонда. Т. 1. С. 302) және бұл шығармалар тарихи мәліметтерге сәйкес келеді деп жазды.
Ол өнер, яғни халықтың ауызекі өнері, өмірді сипаттайды дейді. Қазақ ойшылы бұл оның мәні мен мағынасы деген байламға келді. Онымен қоса Ш. Уәлиханов халық ауыз шығармашылығының құндылығын оның адам қоғамындағы нақтылы тарихпен, өмірмен байланысына қарай бағалады.
Қазақ ойшылының эстетикалық ой-толғауларында халықтың ауызекі өнер туындылары әр уақытта шындықты барлық ерекшеліктерімен қоса сипаттайды дегенін ескеру керек және оның фольклордың формасы мен мазмұны туралы түсінігінде, өнердің теориялық мәселелерін шешуінде оған ғылыми тұрғыдан келу үрдісі бар екені байқалады.
Ш. Уәлиханов этикалық және эстетикалық теорияларды жасауды алдына мақсат етіп қоймаса да этика, эстетиканың негізгі мәселелеріне өзінің көзқарасын біршама айқын көрсетті. Адамдардың өнегелілік мінез-құлықтарының, олардың эстетикалық түсініктерінің табиғи негіздерін және жалпы көркем туындылардың заңдарын ашуға үнемі тырысқаны оның ең басты әрі ең маңызды ерекшелігі деп бағалауға болады. Шоқанның ой-толғауларының өзегі ойшылды өмір бойы толғандырға ең күрделі мәселе – халқының өмірінің қайнар көзі, халқының тағдыры, оның жалпы адамзаттық құндылықтар мен прогресске қосылу мүмкіндігі. Ш. Уәлиханов ғұмырын ақыл-ой мен ізгілік идеяларының салтанат құру үшін күреске арнады, бұл жолда аянбай еңбек етті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет