Қазақ философиясы


Абайдың философиялық ой-толғаулары – қазақ даналығының ең биік шыңы



бет8/11
Дата17.02.2022
өлшемі207,06 Kb.
#132245
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
annotation142365
4 апта дәріс, аза мемлекеттілігі эволюциясыны тарихи бастаулары, кезе дері , аза мемлекеттілігі эволюциясыны тарихи бастаулары, кезе дері , 1 апта семинар, 4 апта дәріс, Құқық Перизат
Абайдың философиялық ой-толғаулары – қазақ даналығының ең биік шыңы. Адамның жанын, халықтың өзінің рухын қалыптастыратын жазушылар, философтар, ақындар болады және оларсыз өмір сүрудің өзі қиын. Абай олардың қатарына жатады. Оның шығармашылығының адамгершілік деңгейі өте жоғары. Қазақтың бұл ойшыл-ақыны өз халқының рухани өмірімен, өзінің өмір сүрген дәуірімен берік әрі етене байланысты, ал өз заманымен біте қайнасқан адамның аты өшпейтіні, мәңгілікке қалатыны белгілі. Дегенмен, неге Абайға біз жаңашылдық іздеп қайта-қайта ораламыз? Мүмкін, ол үшін адамның әрқашан құпия екендігімен түсіндіруге болатын шығар. Өйткені Абайдың өзі туралы «мен бір жұмбақ адаммынң деп жазуы кездейсоқ емес.
Абайдың шығармашылық мұрасы терең философиялық ой-аңсарға толы: ол өзі үшін (дәлірек айтсақ, жалпы Шығыста) философияның негізгі мәселесі – адам проблемасын байыптылықпен өткір түрде алға тартып, адамның өнегелі қасиеттері туралы ілімді дамытады, адам баласының иман тұрғысынан жетілуінің адами қағидаларын қозғайды, философиялық, эстетикалық, этикалық тұрғыдан адамның таным қабілеттері мәселелерін қарастырады.
Абай қазақтың қоғамдық ой-санасыңда шындықты философиялық тұрғыдан ұғынуды жаңа сапалық деңгейге көтерді. Абайдан бұрынғы қазақ тұрмысының айнасы болған ой санамыздың ірі өкілдері, Абайдың ізашарлары: Бұхар жырау, Дулат, Шортанбай, одан ілгеріректе өткен Қазтуған, Шалкиіз, Жиембеттер, уақыт рухын, халықтың ой-арманын өз өлеңдерімен бейнелеген, жарқын да қайталанбас сөз суреткерлері, ерекше де терең ойшылдар болғанымен, олар негізінен өткенге қарайлаумен болды, дүниені тек шығыс мәдениеті тұрғысында қарастырды, ал өмірді көбіне статикалық тұрғыдан бейнеледі. Ойшыл ретінде тек Шығыс мәдениетінің бесігінде қалыптасып қана қоймаған, дүниетанымында Батыс пен Шығысты ұластыра білген Абайдың көзқарастары мүлде соны. Ол қазақтың қоғамдық ойында алғаш рет дүниеге даму мен өзгеру, жүйелілік, экзистенциалдық тұрғыдан зер салуға ұмтылыс жасады.
Ескеретін бір жай: қандай да болмасын ойшылдың фи­лософиялық көзқарастарын бағалағанда, оны біржақты және үзілді-кесілді қалыптасқан қандай да бір философиялық бағытқа жатқызу шындыққа келмейді, бұны жасау соншалықты қиын, өйткені «таза» материализм немесе «таза» идеализм болмайды, ал кез келген анықтама қарастырып отырған заттың қажеттілікке орай бір немесе бірнеше жақтарын айқындайды, сонда затта олардың саны шексіз болып шығады. Сонымен қатар біздің қоғамымызда материализм мен идеализмнің күресі философиялық тұрғыдан ойлау тарихыңда біршама үстірт қаралғанын, бұрмаланғанын айтуымыз керек, ал сол кезде белгілі болғандай, кейінгі Маркс – марксист, әрі ертеректегі – гегельшіл, ертеректегі Беркли – субьективтік идеалист әрі кейінгі – классикалық неоплатоншыл және т. б. Біздің көзқарасымызша, Абай Құнанбаевтың адами ой-аңсарға, адам баласының имандылық тұрғысынан жетілуіне, терең сенімге толы философиялық таным проблемаларына дәл осы тұрғыдан қарау керек. Соңғы жылдардың рухани таным жағдайы Абай өміріне және оның тамырларына, оның дүниетанымы мол шығармашылығына нәр берген бұлақтарға қатысты тарихи шындықты қайта бағамдауға және қалпына келтіруге мүмкіндік жасады. Ш. Құдайбердиевтің, Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың, М. Жұмабаевтың, Ж.Аймауытовтың есімдері мен мұраларының қайта оралуы, Абайдан кейінгі қазақтың қоғамдық ой-санасы картасындағы «ақ таңдақтардың толтырған, шәкірттері мен ізін жалғастырушылары болғандығы, ойшыл ақынның мұрасының дүниетанымдық қырларына жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Біз ойшыл-ақынның дүннетанымы туралы әдебиеттің алғаш рет ғылыми арнасына қосқан, олардың шәкірттерінің Абай шығармашылығына арналған екбектері, бүгінгі күні соны әрі бұған дейін абайтанудағы қалыптасқан еліктеулерден және таптық тұрғыдағы конфронтациялық қысымнан /бүркемелеуден/ арылған деп есептейміз.
Абай Құнанбаевтың дүниетанымының генезисі, оның өзекті мәселелері толық қарастырылған болып көрінгенмен, алайда өзіне бүгінгі заман тұрғысынан қарауды талап ететін кейбір қырлар, бұрын әртүрлі қасіретті тарихи жағдайларға байланысты жеткілікті дәрежеде ашылмады, ілгеріректе белгісіз болып келді.
Абайдың ең алғашқы әрі сүйікті шәкірті, үлкен ағасы Құдайбердінің ұлы, көрнекті қазақ ақыны, философ, діндар ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресің деген 1911 жылы алғаш рет Орынборда жарияланған еңбегінде, өзінің дүниетанымының бұлақтарын көрсетеді, өзінің ұстаздарын атайды.
Мұхтар Әуезов өз эерттеулерінде бұл ойларды шығармашылықпен дамытты және оларды Абай Құнанбаевтың өзекті мәселелерінің жайымен байланыстырып, оны теориялық жағынан жетілдірді. Абайдың шығармашылығы мен дүниетанымына нәр берген үш бұлақ туралы концепция 30-жылдарда М. Әуезовтың күшімен дамытылған болатын. «Солардың бірі, – деп жазады Әуезов, – халықтың өзі жасаған, өткен дәуірдің ауызша және жазба ескерткіштерінде сақталып қалған, ертедегі қазақ мәдениеті... Келесі бұлақ - бұл шығыс мәдениетінің таңдаулы үлгілері: тәжік, әзірбайжан, өзбек классикалық поэзиясы... Үшінші көз - бұл орыс мәдениеті, ал сол арқылы әлемдік мәдениетң (Әуезов М.О. Абай Құнанбаев. Алғы сөз. Шығармаларының І томдығы – М., Саяси баспа, 1954).
Қазіргі кезеңде бұл концепцияны көпшілік мойындаған болып табылады. Бұдан басқа көптеген зерттеушілер жоғарыда аталған бұлақтарды жалпы қазақ Ағарту ісіне әділдікпен қосып жүр.
М. Әуезовтің бұрын жарияланбаған, осыдан аз уақыт бұрын ғана жарық көрген еңбектері көрсеткендей, зерттеуші өз атына айтылған әртүрлі айыптауларға байланысты Абай дүниетанымының өзекті бұлақтары туралы айтылуға тиістінің бәрін жарыққа шығара алмағанын байқаймыз.
Қырық жасқа дейін Абай шығармашылығы екі бұлақтан нәр алды деп айта аламыз: қазақтың халық ауыз әдебиеті және шығыс ойшылдары мен ақындарының шығармалары. Абай ізашарлары мен замандастарының қолы жеткең табыстарының барлығын өз бойына қуатты күшпен сіңіре білді, игерді, қайта жаңғырта өңдеді және оларды жинақтап қорытты. Гете өзі туралы былай деп жазған еді: «Мен туындыларым үшін тек жеке басымның ақылдылығына емес, маған солар үшін материал берген мыңдаған адамдар мен менен тыс жай-жағдайларға қарыздармынң (Бельгер Г.К. кітабы бойынша: Гете және Абай. Эссе. Алматы, Жалын 24 б., 45 б.).
Абай да ұлы неміс ақынының бұл пікірінің өзіне қатысты екеніне келісер еді деп ойлаймыз... Әртүрлі дәуірлер мен халықтардың әртүрлі философиялық ілімдерімен таныса отырып, Абай ең алдымен өзінің дүниетанымына, өзінің рухани дүниесіне жақынын таңдап алды, бұлардың бәрін өз бойына сіңіріп, өзінің мәнеріне салып, қуатты шығармашылық рухының жалынында ұстап шынықтырды. Абайдың айрықша осы қасиетін М. Әуезов мына сөздермен атап көрсеткісі келгендей: «Абайдың ерекше өзіндік талғамы, зор таланты аталған үш қайнар-бұлақ көздерге қарап-ақ көрінеді, ол өз талантын не жалғандықпен, не еліктеушілікпен бұрмалаған жоқ. Абай кең тынысты суреткерге тән қасиетпен жаңа мәдениетті табиғилықпен өз бойына сіңірді дей тұрса да, ол бұл жерде өзінің суреткерлік және ойшылдық жарқын даралығын толық сақтадың (Әуезов М.О. Абайтанудан жарияланбаған материалдар. Алматы, Ғылым. 1988. 85 б. ) .
Абай мұрасы – бұл халық даналығының, шығыс мәдениетінің, орыс әдебиетінің, қоғамдық-саяси ойдың және өз бастауларын антика дәуірінен алатын батыс мәдениетінің синтезі /өзара ұласымы/. Замандар бойы қалыптасқан ұрпақтар даналығына негізделген халықтық дүниетаным – А.Құнанбаев дүниетанымының сөзсіз маңызды қайнар көздерінің бірі.
«Абай әке жағынан Тобықты руының әйгілі билеушілері мен билері тұқымынан шыққан. Ақынның бабасы - Ырғызбай, Тобықтының белді биі әрі батыры... Абайдың өз атасы Өскенбай туған даласыңда тура бидің даңқын шығарған, оған тіпті өз дауларына шешім іздеген алыстағы рулардың қырғыздары /қазақтары – автор/ келетін. Абайдың әкесі Құнанбайдың өзге рулардың қырғыздарына /қазақтарына - автор/ зор ықпалы болды, бұл билік текті сұлтандар қолына жинақталғанда, Құнанбайдың Қарқаралы округіне аға сұлтан болып сайлануынан айқын көрінді. Абайдың анасы Ұлжан Бошан руындағы атақты Бертіс би тұқымынан шыққан. Қырғыз /қазақ - автор/ даласындағы Қоңтай мен Тоңтай секілді ағайынды сықақшылар. Абайдың анасы Ұлжанның туған ағалары болатынң (Бөкейханов Ә.Н. Абай (Ибрагим) Құнанбаев. (Қазанама). Батыс Сібір Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбалары. ІІІ шығарылым, 1907. 1 б., 2 б., 8 б. ), - деп жазады Бөкейханов – өз заманының көрнекті қайраткері, терең білімді экономист, тарихшы-ғалым, әдебиеттанушы, жалынды публицист, орыстың ғылыми жұртшылығын ұлы қазақ ақынымен таныстырған талантты аудармашы (Ресей. Біздің еліміздің толық географиялық сипаттамасы. Санкт-Петербург. 1903. Т. 18. 203 б. ). М. Дулатов өзінің «Абайң деген мақаласында / Дулатов М. Абай. «Қазақң газеті. 1914. № 67. А.Н. Веселовскийдің «Шығыс жинағынаң (1914 ж.) Абай және М. Дулатов шығармалары енді. / жазғандай, 1909 жылы Петербургтен шықкан қазақ ақынының өлеңдерінің бірінші жинағын шығаруда үлкен рөл атқарған – Ә. Бөкейханов.
Көріп отырғанымыздай, әкесі жағынан да, анасы жағынан да Абай дың ата-бабалары халық таныған, әйгілі билер, әдет-ғұрып пен ха­лық дәстүрінің, қазақтың қалыптасқан құқықтарының, халық даналығының білгірлері болған. Осыған байланысты ұлының рухани бейнесі мен қалыптасуындағы Абайдың әкесінің рөліне тоқталғымыз келеді; өзінің сөз өнері, қазақтың дағдылы /қалыптасқан/ құқықтары және Ресей заңдары туралы бастапқы біліктерін Абай осы бір жарқын тұлғаның аузынан естіді, сондықтан да оның бейнесін қалыптасып қалған көшірмелерге салмай жасағымыз келеді. А. Янушкевич, - поляк жер аударылушысы, Қазақстан тарихыңда ізгі белгі қалдырған Адам Мицкевичтің досы, Құнанбай туралы – алғыр ақыл, үлкен ұйымдастырушылық қабілет иесі ретінде ашық сүйіспеншілікпен бағалап, оны пайғамбар данқына лайық «сатып ала алмайтын адалдықтың төрешісі және үлгілі мұсылманң деп атаған, одан кеңес алу үшін алыс ауылдардан жастар мен үлкендер, кедейлер мен ауқаттылар келіп жататын, ол «басқа байлар /ауқаттылар/ Құнанбайдың көбісін әперуге жарамайтын", - деп ашық айтады (Янушкевич А. Күнделіктер мен хаттар. Алматы, 1966. 62-63 бб.). Сөз соңында, Абайдың қадірсіз әкенің ұлын ұлы адам етіп тәрбиелеуі бұл өмірде болмаған жағдай деген сөзін еске аламыз.
Халық рухын, халық тарихын поэзия түрінде философиялық ойды бере білуді Абай өмір мен өлім туралы ойларға, қазақ халқының бірлігі мен топтасуы жөнінде ойларға толы, жеке адамның еркіндігі, адам құқы, махаббаты үшін күрес идеяларымен өткірленген қазақ эпосынан алды. Абай Құнанбаевтың дүниетанымы көптеген тұстарда қазақ эпосының дүниетанымымен үңдес.
Абай үшін ой қайнары болған шығыс мәдениетінің де орны ерекше. Ол барлық араб-парсы эпосын, шығыс классик ақындарының шығармаларын түпнұсқасынан оқыды, Табари, Рабғузи, Рашид-ад-дин, Бабыр, Абылғазы-Баһадур хан және басқалардың тарихи еңбектерін білді, Шығыстың діншіл ғалымдарының түсіндіруіндегі логика негізі мен мұсылман құқы негізін білді. «Жана кезең, - деп жазады Ә. Бөкейханов, - исламның табыстарымен және қазақ даласында нығаюымен суреттеледі, бұл Абайдың назарын араб, парсы және түрік тілдерінде жазылған кітаптардағы білімге аударды. Қабілеті мен бос уақытын жұмсай отырып, ол өз бетінше араб және парсы тілдерін игерді, ол тілдерде еркін оқи алатын және қасиетті кітаптардың білгірі деген атқа ие болдың (Бөкейханов Ә.Н. Абай (Ибрагим) Құнанбаев. (Қазанама). Батыс Сібір Императорлық Орыс Географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбалары. ІІІ шығарылым, 1907. 2 б.).
Шығыстың Абайға әсері жөнінде әртүрлі пікірлер бар: ол ойшылдың дүниетанымы қалыптасуындағы шешуші рөлді мойындаудан бастап, оның әсерінен болуының өзін түгелдей жоққа шығару.
Қазіргі уақытта бұл мәселені тереңдей оқып-білуге ұмтылыс байқалуда. М. Мырзахметовтың Абай туралы еңбегі үлкен қызығушылық туғызды. Зерттеуші көбінесе, Абайдың философиялық көзқарастарының қайнар көздерін Шығысқа көбірек саятынын атап көрсетеді, өйткені Шығыс ойшылдары мен ақындарының идеяларын игеру Абайдың көзқарасының гу­манистік аспектілерінің қалыптасуына әсер етті. «Әл-Фараби және Абайң мәселесінің қойылуы маңызды әрі қажетті болып табылады (Мырзахметов М. Әуезов және абайтану проблемалары. Алматы, Ғылым. 1982. 232 б.).
Араб мәдениеті, арабтық-мұсылмандық Шығыс - бұл әл-Фараби мен Абай үшін бірдей рухани бастау, олардың арасын жалғастырар арқау, үндестік, олардың кейбір идеяларының бір-біріне тіл қатып тұрғандығы, байланыстылығы болып табылады. «Әл-Фарабидің философиялық ойларының дамуының басталуы болып табылатын негізгі проблема, - дейді А.Х. Қасымжанов, - бұл сұлулық пен бақытқа адамның жетуі...ң (Қасымжанов А.Х. Әбу-Насыр әл-Фараби. М., 1982. 152 б. ).
Атап айтсақ, Абайдың және барлық қазақ Ағарту ісінің философиялық-әлеуметтік концепциясы бастауын адамды бағалау, оның бақыты мен адамдық болмыстың мәнін қарастырудан алды. Абай мұрасы «ұлы ақынның шығармашылығының өзегінде жатқан әсемдікке ұмтылумен бейнеленеді",- деп академик Ә.Х. Марғұлан әділ бағалаған болатын (Марғұлан Ә.Х. Шығармашылық сапардың басы. Кітапта: Мұхтар Әуезов – совет әдебиетінің классигі. Алматы, Ғылым, 1980. 68 б., 66 б.).
Әл-Фараби мен Абайдын жердің жаратылуы туралы ойлары және космогониялық және космологиялық түсініктері үндес. Әл-Фараби өзінің математикалық трактаттарыңда "8" санына баса назар аударған, ал Абай "Сегіз аяқты" жазган. ... Әл-Фараби былай деп жазған: “Әрбір адамның әлемде (дүниеде) өз орны бар, Абай оны жаңғыртады: “Сен де бір кірпіш дүниеге...”. Идеялардың мұндай өзектестігін жалғастыра беруге болар еді. “Әл-Фараби және Абай” мәселесін зерттеумен шұғылданушы - А. Машанов, екі ойшылдың арасын жалғастырушы арқау - өз еңбектерінде Әл-Фарабидің философия, музыка, жаратылыстану ғылымдары туралы трактаттарына кеңірек тоқталған, мұсылман-діншіл Шахабутдин Маржани есімімен байланыстырады. Ш. Маржанидің шәкірттері Абайға медреседе оқыған жылдарында дәріс берген. Абайдын Маржаниды көп оқығандығы жөнінде мәліметтер бар (Машанов А. Әл-Фараби және Абай. Өркен, 1989. 17. VІ.).
Шындығында, ортағасырлық араб-парсы тілді философияның, араб мәдениетінің, араб-мұсылмандық Шығыстың Абай Құнанбаев дүниетанымының өрістеуіне, қалыптасуына әсері, абайтануда қалыптасқан пікірлерден әлдеқайда жоғары. Арабтық Шығыспен Орталық Азия елдері, Қазақстан арасындағы байланыстар, бүгінде жалпыға бірдей танылған араб және батыс еуропа мәдениетінің байланыстары, өзара әсерінен әлдеқайда тығыз екені даусыз.
Шығыстың ұлы ақындары: Фирдоуси, Низами, Хафиз, Жәми, Сағди, Науаи, Сайхали және басқа тұлғалар Абайдың өмір бойы жанында жүрді, ол солардың поэзиясымен тәрбиеленді, олардың рухымен тыныстады, олардың поэзиясына тән поэтикалық жарқылға, әлемді таңдандырушылыққа, жоғары рухқа, үндестікке табынды. Олардың туындыларымен көптеген ұқсастықтарды Абай шығармашылығынан кездестіреміз, дегенмен шығыс ойшылдары мен ақыңдарының ойларымен әсіре­се, Абайдың Адамды түсінуі, оның адамға деген махаббаты, адамның рухани күшіне сенімі неғұрлым үндестік тауып жатады. Шығыстың ұлы ойшылдары секілді Абай өзінің адамдарға арнаған: "Адам бол!" деген атақты қағидасы - оның шығармашылығының негізгі желісіне айналды. Ақын қоғамның гүлденуіне адамның имандылығының жетілуі жолымен қол жеткізуге болады деп сенді.
Қазақ ойшылының гуманистік көзқарастарының қалыптауына үлкен әсерін тигізген Шығыстың рухани мәдениеті және қазақ фольклорында бейнеленетін халықтық дүниетаным Абайдың шығармашылық күш-қуатына ұзақ уақыт бойына /40 жасқа дейін/ нәр берген негізгі бастаулар болды.
Ұлы қазақ ойшылының дүниетанымына орыс әдебиетінің, қоғамдық-саяси ойының, жалпы орыс мәдениетінің әсері туралы қарастыратын болсақ, оның бірнеше жолдармен жүргені туралы айтуға тиістіміз: /әкесі жағынан/ інісі Халиолла Өскенбаев арқылы /Абай мен Халиолланың әртүрлі фамилияда болуы: Халиолланың өзіне фамилия етіп атасы Өскенбайдың атын алуы, ал Абайдың - әкесі Кұнанбайдың атын алуымен түсіндіріледі/, Семейдегі саяси жер аударылғандармен қарым-қатынас арқылы және орыс әдебиетінің туындылары мен қоғамдық-философиялық ойды өз бетінше оқып-танысуы барысында болды. Осы уақытқа дейін абайтануда - інісі Халиолланың Абай­дың қалыптасуына тигізген әсері жөнінде белгісіз себептермен толық, өз дәрежесінде айтылмай келді. Осылай болып келсе де, бұл ықпалдың әсері үлкен болды, Абайдың Лермонтов, Тургенев, Толстой, басқа да орыс жазушыларының шығармаларымен бастапқы танысуы Халиолламен байланысты. Г.Н. Потанин ол туралы "Қырғыздың соңғы ханзадасы отауында" деген очеркінде қызықты мәліметтер келтіреді: "Маған Омбы кадет корпусын бітірген, одан кейін өз Отаны Семей маңында өмір сүрген бір қырғыз /қазақ - автор/ сұл­таны /о дүниелік болған Өскенбаев/ туралы әңгімелеп берген еді: ол кешкі уақытта өз ауылдастарына орыс повестері мен романдарының мазмұнын әңгімелейтін және қырғыздар /қазақтар - автор/ оны ықыласпен тыңдайтын, оған өз әңгімелерін жазуды өтінетін, осылайша қырғызша /қазақша - автор/ жазылған Лермонтов, Тургенев, Толс­той және басқалардың туындыларының еркін аудармасы жасалған дәптерлер пайда болды. Кей кезде, осындай әдеби кештердің кезінде қырғыздардың /қазақтардың - автор/ киіз үйінде пікірлер тиегі ағытылғанда, өз көзімен көрген адамның айтуына қарағанда, Өскенбаевтың орыс беделдерін пайдаланғанын естуге болатын: "Тыңдаңдар, бұл туралы белгілі орыс сыншысы Белинский былай деген!" немесе "бұл туралы орыс сыншысы Добролюбов мынадай пікірде болған!” (. Потанин Г.Н. Қырғыздың соңғы ханзадасының киіз үйінде (Көкшетау уезіне сапардан). Уәлиханов Ш.Ш. Шығ. V томдығы. 5-т. Алматы, 1985. 331 б.).
Сібір кадет корпусында тамаша білім алған, орыс армиясының офицері - Халиолла оқыган қазақтардың арасында да өэінің даралығымен көзге түсетін. Өз халқының шынайы ұлы болған Халиолла оған барлық күш-жігерімен қызмет етуге ұмтылды. "Ол өз руластарын, олардың тар "қайсақ" дүниесінен басқа, өзгеше әлемнің: жарық пен білімнің, ғылым мен жоғарғы сатыға жетуге мәңгілік ұмтылудың әлемі бар екендігіне үйретті”. ...Халиолла кемеңгер ақын Абайға үлкен әсерін тигізді" ,- деп Ә.Х. Марғұлан М.О. Әуезовтің мерейтой кешінде жасаған баяндамасыңда атап көрсетті. Осы баяндамада Ә.Х. Марғұлан Халиолла Кавказдағы әскер құрамында /1877 ж./ Тифлисте болғанда, Абайдың бірнеше өлеңдерін орыс тілінде жариялағанын айтқан. Бұл өзіне зерттеушілер назарын аударатын, өте қызықты дерек деп ойлаймыз.
Абайдың Семейдегі жер аударылушылармен достығы, олардың әсері туралы, аз еңбек жазылған жоқ, бірақ Ә. Бөкейхановтың, А. Байтұрсыновтың осы мәселеге байланысты еңбектері, біздің ойымызша, әлі айтылмаған қарларын көз алдымызға тартады. Олардың атап көрсеткеніндей, Е.П. Михаэлистің, С.С. Гросстың Абайға қатысты басты сіңірген қызметі, ең бастысы, оның жер аударылушы достарымен қарым-қатынастан алғаны – Абай солардың арқасында поэтикалық және философиялық шығармашылығына көзқарастарында төңкерісті бастан кешірді. Ол енді өркениетті халықтарда поэтикалық және философиялық шығармашылықтың құрметті кәсіптердің бірі екенін түсінді. Егер халықта поэтикалық шығармашылық беделге ие болмаса, онда кінәлы өнер емес, өз өнерін қайыршылық, қол жаю кәсібіне айналдырған акындар кінәлы. “0рыс ақындарымен танысып, өлең орны қайда екенін білгеннен кейін Абай өлеңге басқа көзбен қарап, басқа құрмет ықыласпен күтіп алып, төр түгіл, тақтан орын берген" ,- деп жазады Абай шығармашылығына арналған мақаласыңда А. Байтұрсынов.
Сонымен, ақынның жер аударылушы достарының басты еңбегі -Абайдың өлең, ән, музыка шығаруы - сұраншақ /қайыршы/ ақындардың үлесіне тиген, сол арқылы нан тауып жейтін кәсіп деген түсініктерін /бұл сол кездегі қазақтардың қоғамдық санасында үстемдік еткен ұғым болатын/ қиратуы болды.
Абайға қатысты Е.П. Михаэлистің, С.С. Гросстың, Н.И. Долгополовтың басты жетістігі - енді ол дала аристократиясы жек көретін ақын атағынан өзін төмендетеді деп қорынбайтын болды. Абай шайырлық шығармашылық жолына түсе отырып, қазақ ақындарын өнерді ауқаттылардан ақша, мал алу құралына айналдырғаны, “әннің алтын сөзін мысқа айналдырғаны” үшін айыптады.
Абай орыс тілін өте жақсы білді, оны сезінді, тілдің нәзік тұстары мен реңктерін түсіне білді. Ол қазақ «тіліне Пушкиннің "Евгений Онегинін", Крыловтың мысалдарын, басқа да ақындардың өлеңдерін аударды, оның аударуындағы "Ойлар", "Қанжар", "Желкен", "Дұға" секілді Лермонтов туындылары аударма өнерінің күні бүгінге дейінгі маңдай алды үлгілері болып табылады. Академик Ә.Х. Марғұлан Ленинград университетінің тарих-әдебиет факультетінің студенті болып жүргенде, профессор В.В. Сипковскийге Абайдың 1909 ж. Петербургте жарық көрген өлеңдері кітабына кірген "Евгений Онегиннен" аудармасын көрсеткенін еске алады, профессор жылы жүзбен таңқалып: "Бұл өте қызықты. Басқа шығыс әдебиетінде біз мұндай жайды кездестірген емеспіз. Мен Абайды университет лекцияларына енгізіп, бұл циклді "Абай сағаттары" деп атаймын, өйткені студенттер онымен таныс болуы керек", - деген (Марғұлан Ә.Х. Еңбекпен өткен өмір. Жұлдыз, 1986. №1. 176 б.). Абайдың аудармашылық өнеріне бұл саладағы білікті адамның жоғары баға беруі, оның ақынды шығыс әдебиетіндегі бірегей тұлға ретінде құрметтеуі – бұл есте сақталатын, назар аударуды керек ететін дерек.
Орыс әдебиеті мен мәдениеті Абайға дәл осындай ықпалын тигізді, ол қазақ халқының соған араласуына қызу тілекте болды: "0рысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр... Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі" (Абай (ИбраҺим) Құнанбаев. Шығ. екі томдық толық жинағы. ІІ-том. Алматы, 1995, 161-162 бб.).
Орыстың қоғамдық-философиялық ой-санасы Абай Құнанбаевтың эстетикалық, кейбір этикалық талғамдарына едәуір әсерін тигтзді. Абай үшін дүниетанымның өрістеуі барысында мирасқорлық жеке, өзіндік бағыты – өз бастауларын антикалық /ежелгі/ дәуірден алатын батыс еуропалық мәдениеті болды. Қазақ ойшылы Сократтың, Платонның, Аристотельдің философиясын білген, ол жөнінде шығармалары куәгер. Ол Спенсердің "Тәжірибелерін", Льюистің "Позитивтік философиясын", Дрепердің "Еуропаның ақыл-ойының дамуын", Милль, Бокльдің және басқа көптеген авторлардың еңбектерін оқыды деп жазады Ә. Бөкейханов және Д. Кеннан. Оның қазақ тіліне аударған өлеңдері арасында Байрон, Гете, Шиллер, Мицкевичтің өлеңдері кездеседі.
Абай Гетенің "Жолаушының түнгі әнін" лермонтовтық "Таулы шыңдар" арқылы "Қараңғы түнде тау қалғып" деген керемет аударма жасады. "Гете және Абай" атты өте қызықты эссе-еңбек жазған Г.К. Бельгер Абай поэзиясының терең философиялығын ерекше атайды және Абай осы өзгешелігімен Гетеге керемет жақын деп есептейді. "Гете және Шығыс", "Абай және Батыс" – осы жолдардың түйіскен жерінде зерттеушілерді жаңалықтар күтіп тұр деп әділ бағасын береді Г. Бельгер (Бельгер Г.К. кітабы бойынша: Гете және Абай. Эссе. Алматы, Жалын 24 б., 45 б.).
Батыс, батыс өркениеті – өзінің философиясымен, қоғамдық ойдың тарихымен, ғылымымен өз дүниетанымында Батыс пен Шығыстың синтезін /ұласуын/ жүзеге асырған қазақ ойшылының рухани өсуі барысында маңызды рөл атқарды.
Біз, Абай Құнанбаевтың рухани өрістеуі барысындағы сабақтастық қалайша жүзеге асқанын, оның дүниетанымы мен шығармашылығы қандай қайнар көздерден нәр алғанын, мұндай топтастыруларда кездеспей қоймайтын кейбір схематизмдерге /еліктеушілікке бой ұру/ есеп бере отырып, көрсетуге тырыстық. Ойшылдың бұл әртүрлі мәдениетті игерудегі күрделілік, жинақтылық, өзара өрімдестік және өзара байланыстылық жайлары ешбір күдік келтірмейді.
Абай философия бойынша іргелі еңбек жазбаған, алайда оның қаламынан терең философиялық поэзиясынан басқа философиялық тол-ғаныстардан, төлтума философиялық идеялардан тұратын "Ғақлия" немесе "Қара сөздер" атты еңбек туды. 1918 жылы жарық көрген "Абай" журналында Ж. Аймауытұлы "Журнал туралы" деген мақаласында Абайдың философиялық дарынына алғашқылардың бірі болып баға бере келіп, былай деп дәл атап көрсетті: "Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда Абай қазақтан шыққан философ /данышпан/" (Аймауытұлы Ж. Журнал туралы. «Абайң. 1918. № 1.).
Абай жөнінде, бұл – "адам" дейтін орталық нүктеге қарап, тепе-теңдік ұстайтын тұтас әлем, Абай ғарышы деу жөн. Адамшылық мәні, оның этикалық һәм эстетикалық келбеті, өмірінің мәні мен мағынасы, зерде мен сезім дүниесі ойшылды тебіренте толғантқан. "Абайға келгенде, ... адам мен адамгершілік, ұждан, мораль, философиясына тікелей қатысы барң толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді, әр сапалы, терең ойлы пікірлері бар екені даусыз. Біздің білуімізше, Абайдағы философиялық көзқарастың көбі адамгершілік, мәселесіне тіреледі", – деп жазады М.О. Әуезов (Әуезов М. Абай Құнанбаев: Мақалалар мен зерттеулер. Алматы, 1967, 171 б., 353 б.).
Бұл пікірді мақұлдамау қиын, өйткені адам мәселесі және оның қоршаған дүниеге қатынасы, өмірінің мәні философияның жалпы өзегін құрайтыны, оның басты эерттеу нысанасы болып табылатыны ежелден белгілі жәйт. Абай үшін негізгі мәселе – адам мәселесі, ол және де кең ұғымда алынған. Дәлірек айтсақ, философиялық мәселенің бір-бірімен тығыз байланысты, сабақтас этикалық, эстетикалық, әлеуметтік, гносеологиялық және басқа қырлары болғандықтан адам мәселесіне Абай жүйелілік тұрғысынан келеді.
Сонымен, біз адамды Абайша түсінудің тұжырымдарына белгілі бір анықтама беруге ұмтыла отырып, бұны жасау қиынның қиыны екендігіне көзіміз жетті, шынын айтқанда, "осы ұғымды анықтаудың", – өзі жалпы қажет емес пе деп ойладық, өйткені: бұл оны тарылтып, төмендетіп жіберетіндей. Тіпті кез-келген анықтаманың өзі – қажеттілікке орай қолға алынған заттың тек бір ғана немесе бірнеше қырларын көрсете алады. Ал барлық затта – қырларының саны шексіз. Бұл, бірақ анықтаманың қажеті жоқ деген емес. Алайда ол барлық анықтаманың шартты әрі заттың мәнін түгелдей бере алмайтындығын білдіреді” (Лосев А. Ф. Отан. Лит. газета. 1999. 24/01, 6 б.). Біз А.Ф. Лосевтің осы бір нақты әрі өте нәзіктікпен түсіндірген түйінімен келісе отырып, бүл қазақ ойшылының философиялық тұрғысын анықтауда біз кездестірген қиындықтарды толық бейнелеп береді деп ойлаймыз. Абайдың адамды түсінуі оның философиялық көзқарастарынан ажыратып алғысыз дей тұрсақ та, ойшыл адам мәселесінің философиялық қырына өзінің негізгі назарын аударды деп айта аламыз, оның бүкіл шығармашылығының өн бойы "толық адам" - өз мәніндегі, иманды, үндестікке толы адам туралы терең ой-толғамдарға толы, ал оның басты мақсаты – Адам болу үшін неге жақын, неден қашық жүру керек екендігін үйрету, жақсылық пен жамандықтың ақиқаттық болмысын ашып беру еді. Абай өз рулас ағайындарына, қазаққа арнап, былай деген: "Екі сөздің басын қосарлық не ақылы, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр "өй, тәңір-ай!" деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам? " /33, 179 б./.
Абайдың өз шығармаларындағы негізгі ұстанған философиялық қағидасы – бұл "Адам бол!" деген үндеуі – ол ойшыл-ақынның шығармашылығының өзегіне айналды. Абай үңдеуінің философиялық мәні – адамның өмірдегі міндеті мен рөлін жоғары бағалау. Адам – ақын көзқарасында ақыл-ойдың, адамшылықтың, еңбексүйгіштіктің және білімділіктің, достық пен махаббаттың түгелдей көрініс табуы, жинақталуы. Ай мен күн – аспан әлемінің әшекейі, орман мен жемістер – таудың әшекейі, ал жердің сәні - адам. Абай үлкен мақтанышпен: "Адам деген даңқым бар!", – деп жар салады.
Абай Құнанбаев қазақтардың кенжелеп қалуы мен өмірдің барлық кемшіліктерін байлардың мал шаруашылығындағы шарасыздығымен, жалқаулығымен де байланыстырды. “Бұл кемшіліктер адамдардың көп мал табамын деп қана қам жеуінде, – деп жазды ол, –- әрі сол арқылы өзіне қоршаған ортасынан құрмет талап етуінде. Егер олар егін шаруашылығымен, саудамен айналысса, ғылымға және өнерге ұмтылса, онда бұндай жағдай болмас еді”.
Абай адамның рақымды болуы оның құдай тағаланың көрінен қо-рыққандығына байланысты емес, оның өз қылықтары үшін ар алдында, ақыл-ойы, өзін қоршаған адамдар алдында жауапкершілігін сезінуімен деп есептейді.
Абайдың философиялық тұжырымдамаларында "еңбек" ұғымының айрықша орны бар, өйткені қазақтың ойшыл-ақынының еңбектің адам өміріндегі мәні туралы айтылмайтын шығармасы жоқ деп әсірелеусіз айта аламыз. Еңбек әрекетін Абай адамның рухани, ақыл-ойының калыптасуының негізі деп есептеді: "Ақыл, ғылым – бұлар – кәсиби". Ол сонымен қатар, еңбек адам жанын түлетеді, ал еңбектен алыс жүретін жалқауларда жаман әдеттерге бейімділіктер көп кездесетінін келтіреді. "Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік - бәрі осыдан шығады", – деп жазады ол "Ғақлиясында".
Еңбек, халық атына еңбек ету – адамның мінез-құлқы мен іс-әре-кеттерінің өлшемі, ең жоғарғы игілікті іс деп сенеді ойшыл. Халыққа қызмет ету идеясы, өз мүддесінен халық мүддесінің басымдылығы Абай шығармашылығының арқауы болып өтті.
Адамның қалыптасу процесінде тәрбиенің, қоршаған ортаның рөліне үлкен мән бере отырып, Абай өзін-өзі тәрбиелеумен айналысудың қажеттілігі туралы ойды баса айтады. Адам өз-өзіне басқаша көзбен қарауға, өзіндік талдау, өзіндік баға беру, өзіндік бақылау қажеттілігі туралы есте сақтауға тиіс. "Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмысында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?" – деген тоқтамға келеді қазақ ойшылы (Абай (ИбраҺим) Құнанбаев. Шығ. екі томдық толық жинағы. ІІ-том. Алматы, 1995, 151 б.).
Жоғарыда тоқталып өткендей, Абайда адамды қандай да бір әреккеттер жасауға итермелейтін қажеттіліктерді қанағаттандырудан туатын жағдайлар деп атап кеттік. Бірақ қажеттіліктерді қанағаттандырудың да шегі бар, оның өз мөлшері бар деп есептейді ойшыл: "әрбір жақсы нәрсенің өлшеуі бар, өлшеуінен асса - жарамайды. Өлшеуін білмек - бір үлкен керек іс... Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық - бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар" (сонда, 222 б.). Бірақ мөлшерді қалай білеміз? Ұлтты сезіну, арлылық адамды парасаттылық пен асып-таспаудың жолында ұстап тұрады дегенге тоқталады Абай. Бұл жерде біз белгілі орыс философы Вл. Соловьев пен Абайдың ұлт туралы ой-пікірлерінің соншалық күтпеген үңдестігіне таңданушылықпен назар аударғымыз келеді. Вл. Соловьев ұлт сезімі, ұлт дегеннің өзі жалпы адамдықтың, моралъдық маңызды бірінші элементі деп есептеген, ұлтты мінез-құлықтың айрықша реттеушісі дей келіп, Де­карт сөзін былайша келтіреді: "Мен ұяламын, демек, мен өмір сүрудемін". "Ұятты жоғалту", яғни “адамдықты жою” деген байламға келеді орыс философы (Гулыга А. Владимир Сергеевич Соловьев. Мақала. Литературная газета. 1989. 18/01). Ал Абай “Ғақлияның” отыз алтыншы сөзінде осы ұғымды толық талдай келіп: “Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы”, - дейді. “Ғақлияның” он төртінші сөзінде қазақ ойшылы былайша ой қорытады: “ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?”. Екі ойшылдың идеяларындағы мұндай айқын үндестіктің, философиялық идеялардың мұндай жаңғырығын түсіндіру қиын. Абайдың Вл. Соловьев еңбектерімен таныс болды деген ұйғарымға келуге болады, өйткені олар Ресейде көптеген журналдарда жарияланған, кеңінен танымал болды, ал Абай бай кітап қорымен әйгілі Семей кітапханасының тұрақты оқырманы болғаны жұртшылыққа белгілі.
Ж. Аймауытұлы "Абай" журналында жарияланған жоғарыда аталған мақаласында, қазақ ағартушысының философиялық қағидаларына байланысты былай деп жазады: “Шеберлікті меңгер”, оқы, еңбек ет, тәрбиелі бол, адам бол, шамаңды парықтай біл деп Абай табаңдылықпен қайталайды. Ол халқыньң қамын ойлады, адамдық атына қызмет етуге, адамды туысындай сүюге шақырды”. Ж. Аймауытұлы сондай-ақ Абайға “дананың көрегендігі, ізгілікке құштарлық, әділдік, шыншылдық” тән деп тұжырымдап, ол өмір бойы “жаңылыс басқандарды дұрыс жолға бағыттауға ұмтылды” .
Біздің көзқарасымызда жазушы Абайдың философияның негізгі өсиеттерін талғампаздықпен өте дәл айқындады, оның өн бойында адамға деген гуманистік идеялар тұнып жатқан болатын.
Абай ғұмыр бойына адамдық идеяларын ұсынды, ол адамды шыққан тегіне, қоғамдағы дәрежесіне, ақсүйектігі мен байлығына қарап бағаламауға; адамның адамдарға жасаған жақсылығына, оны рухани дүииесіне қарап бағалауға үңдеді, рухани қасиеттер - адам өміріндегі басты нәрсе деп есептеді. Нұрлы ақыл мен ойлы жүрек адамды бастап жүруге тиіс, сонда ғана оның еңбегі мағыналы, ауқаттылығы орынды. Ол адамның ішкі әлемі әрқашан даму үстінде болатынын байқап, өзінің негізгі философиялық принципі "Адам бол!" дегенді имандылықтың жетілуі тұрғысынан түсінді.
Басқа да ағартушылар секілді Абай да қоғамның жақсаруына имандылықты жетілдіру жолымен қол жеткізуге болады деп, ал оның жоғарғы міндетін халық игілігіне жарауға ұмтылу деп білді.
Ойшыл-ақынның философиялық идеясы эстетикасымен тығыз өріліп жатыр. Абайда имандылықты жетілдіру – бұл этика мен эстетиканың бірлігі, ол белгілі бір эстетикалық құндылыққа ие. Ол үйлесімді тұтастықты іздеуді өнер, сөз, поэзия арқылы жүргізеді, тірліктің күйкілігін эстетикалық тәрбие жолымен жеңуге, шындық өмірмен байланыстағы сөз құдіретімен адамдарға әсерін тигізуге әрекет етеді. Өз поэзиясының өмірлік негізі жайлы былай деп жазады: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, жоқ-барды ертегіні термек үшін". Абай поэзияның мазмұнына, өлеңдердегі ойға үлкен мән берді: "Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын, Қазақтың келістірер қай баласы?".
Абайдың жанға жақын идеяларының бірі адамды табиғатқа жақындату: адам мен табиғат, табиғат пен махаббат, табиғат пен өмір, табиғат және өнер оның поэзиясының сүйікті тақырыптары болды. Абай шығармашылығында нақтылы пейзаждық, лирика көлемі аса көп емес, барлығы бірнеше өлеңдер: "Жаз", "Күз", "Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай", "Қыс", "Желсіз түнде жарық ай", "Жазғытұры" және басқалар. Дегенмен бұл шығармалардың Абай шығармашылығында алар орны салыстырмалы түрде ерекше, өйткені бұл өлеңдерде қазақ даласындағы жылдың төрт мезгілі толығымен суреттеліп қана қоймайды, табиғаттың көркемдігі айшықталып, ақынның дүниеге көзқарасы, оның идеялық-көркемдік кредосы, оның көшпелі өмір жағдайындағы әлеуметтік проблемаларды түсінуі, адамды түсінуі тұтастай көз алдымызға келеді. "Оның жылдың төрт мезгіліне /көктем, жаз, күз және қыс/ арналған ғажап өлеңдері Еуропаның көрнекті ақындарының өлеңдерімен қатар тұрар еді", – деп жазады Ә. Бөкейханов.
Абай үшін табиғат өэгеріссіз материалды, нақты, тамаша әрі адаммен, әлеуметтік ортасымен тығыз байланысты. Ол нақтылы шындықты ақын көзімен қабылдайды, яғни оны әсемдіктің тұлғасы ретінде ұғынады, Абай өзінің "Адамның кейбір кездері" өлеңінде: "Ызалы жүрек, долы қол, Улы сия, Ащы тіл. Не жазып кетсе, жайы сол, Жек көрсеңдер өзің біл", – дейді.
Абайдың эстетикалык көзқарастарына, оның қазақтың қоғамдық ой-санасындағы сұлулықты, әсемдікті жаңаша түсінуіне, қоғам өміріндегі өнердің орнын білуге жалпы орыстың қоғамдық-философиялық ойы, орыс эстетикасы үлкен ыңпалын тигізді.
Біз жоғарыда, Абайдың ақындық өнерге, поэтикалық шығармашы-лыққа, өнердің қоғам өміріндегі орнына көзқарастарында төңкеріс жасауға әсер еткен Семейдегі жер аударылушылармен қарым-қатынасы деп атап өттік, бұл түсініктер /сол кездегі қазақтардың қоғамдық үстемдік еткен/ бойынша, өлең, ән, музыка шығару – жарамсақ ақындардың өзіне нан табатын үлесі деп бағаланатын. Абай мұнан кейін - өзін сол кездегі дала аристократиясы жек көретін ақын деп атаудан қорынбады, ал поэтикалық өнерге құрметпен қарады. Ол шайырлық және философиялық шығармашылық жолына түсе отырып, өнерді бай-шонжарлардан сый-сияпат алу құралына айналдырып, сонысымен өнердің биік атағын төмендеткен, алтын сөзді мысқа айналдырған қазақ ақындарын әшкерелеген көптеген өлең жолдарын жарыққа шығарды.
Абай жасөспірім шағынан бастап өз дәуірінің бел ортасында болды, дәуірдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы оның әлеуметтек-саяси қөзқарасында, көркем шығармашылығында және іс-әрекетінде айқын әрі дәл көрінді. Абай өзінің көрнекті рухани сапарын ерте сезінді және де биік міндетіне қатысты қателеспеді деп ойлаймыз.
Абайдың ертерек жазылған шығармаларында бой көрсеткен әлеуметтік және азаматтық арқаулар, кейін оның шығармашылығында алдыңғы орынға шықты. Ол қоғамдық құрылыс, сайлау жүйесі /патшалық реформаға сәйкес енгізілген/, билер соты құрылымының мәселелеріне баса назар аударды. Қазақ ойшылы өз заманының рулық-патриархалдық қоғамының ұнамсыз жақтарын қоғамды жіктелген топтарға бөліп тастауынан, халықтың күшін бөлшектеуінен көрді. Абай шығармашылығының арқауына айналған ой – ру, тайпа арасындағы жанжал, дау-дамай, алауыздықты жою қажеттілігі, ұлттық сананың дамуына ықпал ететін ұлттық бірлікті нығайту еді.
Өзін ешқашан иектен арғыны көрмейтін рулық мүдделермен шектемеген Абай, шын мәнінде халық ақыны ретіңде сезінді. Әрқашан болашағын ойлаған ақын қазақ халқын бірлікте, бірегейлікте болғанын көрді, ол қазақтардың бірлігін өз бойына рухани өмір мен тіл саласында сіңіре білді. Ол: "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым", - деп жан айқайын білдіреді... Өз халқын шексіз сүйген, оның тағдырына қандастық білдіреді... Өз халқын шексіз сүйген, оның тағдырына қандастық ортақтастығын сезінген Абай ол туралы тура, аяусыз сөз найзасымен түйрей, сөз айтады. Философиялық тұрғыдан бұл түсінікті әрі ұғынықты. Лермонтов "жұмбақ" деп атаған махаббат осы болатын: “Мен Отанымды сүйемін, бірақ мендегі махаббат жұмбақ”... Жұмбақтық өз халқын: игілікті, биік, жоғары мақсаттар мен мұраттарға ұмтылған биіктен көргісі келген, үлкен тілектен туындап жатады деген ой түйеміз. Абайдан басқа ешбір адам, дәл осылайша, қазақтар бойындағы ұнамсыз қылықтарды, қазақ қоғамындағы теріс құбылыстарды аяусыз, уытты сөзбен әшкерелеген емес.
Қазақ ойшылы патша үкіметінің реформасына сәйкес енгізілген сайлау жүйесіне баса назар аударады. Сайлау жүйесін сынауда Абайдың көзқарасы Ш.Уәлихановтың “Сот реформалары туралы жазбасындағы” пікірлерімен үндесіп жатады:...“біздегі, даладағы сайлаулар қазіргі уақытта рулық тұрмыс заңы әсерімен рулық алауыздықтармен шектелуде және бай қырғыздардың /қазақтардың -авт./ даңғойлығын қанағаттандыруға қызмет етіп, әрі лай суда балық аулауды жетік меңгерген орыс чиновниктерінің баюына жағдай жасауда”. Абай да осы бір сайлау жүйесін кесірлі деп санайды, өйткені ол рулар арасындағы жанжалды күшейтеді, жаңа жағдайда мансап үшін күресті күшейтіп, даукестік пен парақорлықты туғызды.
Сот құрылымы туралы мәселеде қазақ ойшылы мерзімсіз сайланатын билерді /қазылар/ дұрыс деп табады. Ол билер саны жұп болмау керек деп есептейді, себебі “Би екеу болса, дау төртеу болады”. Қазақтар үшін қоғамдық ұйымның ең тәуір түрін іздеуде Абай таза рулық басқару тәжірибесін қолайлайды, ол былай деп жазады: “Ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш - қонды болса, дау - жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден бірге жүгірмек болмайды екен” (Абай (ИбраҺим) Құнанбаев. Шығ. екі томдық толық жинағы. ІІ-том. Алматы, 1995, 213 б.). Халық өз басшыларының соңынан ерді, өз табынушыларының кемшіліктерін көрмеді, олардың көрегендігін мадақтады, оларды құдайдай көрді, халықтың өзі де жақсы бола түсті деп есептейді Абай. Бұлайша болғанда: “бәрі де өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шынымен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?” - деп риторикалық сұрау қояды қазақ ойшылы.
Абай рулық басқаруды көтермелей көрсетеді, дегенмен кейбір тұстарда оның айтқандары дұрысқа келеді. Өнегелілік тұрғысынан келгеңде, ру басы рулық қоғамда халыққа әлдеқайда жақын болды, оның мүшелерінің қамын ойлап, боландық қоғаммен салыстырғанда, олардың ар-ожданына құрметпен қарады.
Рулық басқаруды көтермелей көрсетсе де, Абай оның кемшіліктерін көре білді. Бұрынғы “ел басы” мен топ басының кемшілігі олардың “білімінің болмауы” деген тоқтамға келеді. Ол күшті, ақылды, оқыған әрі бай билеушінің ру арасындағы алауыздықты жоюга қабілеті жетеді, халықты әлеуметтік өрлеу жолымен алып журеді деген терең сенімде болды. Рулық бытыраңқылықтан орталықтандырылған мемлекетке өту кезеңінде күшті де ақылды жеке адамға сену көптеген ойшылдарға тән болғаны бізге белгілі, бұл салада Абай көзқарастары жаңалық емес, бірақ олар қазақ даласында жаңаша естілді. “Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? – Ол –көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал”, – дейді Абай 1896 жылы “Ғақлияның” отыз жетінші сөзінде.
Күшті тұлғаның әрекет етуіне жағдайлардың жоқ екеңдігін ескере отырып, бірақ та өз идеяларынан бас тартпай, қазақтың ойшыл-ақыны халыққа қолайлы және қазақтың болмысына оңтайлы әлеуметтік жаңару жолын іздейді және әлеуметтік өсу /өрлеу/ адамның қоршаған дүниені тануына және бұл танымның адамдардың іс-әрекеттерінде жүзеге асуына тікелей байланысты деп біледі.
Абай адам үшін ұлы бақыт халықтың қайғы-қасіреті мен ауыртпалығын жеңілдету деп біледі, оның жоғары міндетін адамдарға зор пайда әкелу деп бағалайды. “Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың”, - деп жазды қазақ ойшылы. Абай өзінің бүкіл шығармашылық күш-қуатын адамдық игіліктерге, ақиқат адамдық болмысты іздеуге, Адамға лайық өмірге ұмтылуға сарп етсе, сондай-ақ оның ізбасарлары – Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытұлы өздерін ұлы қазақ ойшылының шәкірттеріміз деп есептеген, оның ісін жалғастырушылар болды.
Олардың шығармашылық мұраларына талдау жасау – бұл ойшыл-дардың көптеген мәселелерді мүлде тереңнен қозғағанын, ал олардың ұсынған ой-толғамдарының бағасын бүгінгі күні ғана нақтылай бағамдауға болатынын көрсетеді. Мәніне жете үңіле қарасақ, олардың өз заманынан оза туғандығын сеземіз, себебі қазіргі кезеңде олардың бұдан жетпіс-сексен жыл бұрын айтып кеткен проблемаларын шешу үстіндеміз. Абайдың ізбасарлары қазақ фольклорына, Шығысқа, Ресей мен Батыстың рухани мәдениетіне бет бұруды тоқтатқан жоқ, өз көзқарастарында Шығыс пен Батысты ұластыра отырып, олар Абайдың поэтикалық дәстүрлерінің, оның философиялық, этикалық, эстетикалық қағидаларының толыққанды жалғастырушылары, мирасқорлары болды. Абай секілді олар да өз шығармаларында адами тіршіліктің бірлі-жарым фактісін өмір туралы тұтастай философиялық жинақтау сатысына дейін жеткізді, ал адам проблемасы олар үшін өзекті мәселеге айналды, осыны шешу арқылы басқа да мәселелерге жауап табуға ұмтылды.
Абайдың шәкірттері, оның идеяларының өзіне тартар әсерімен рухтанып, ұлы қазақ философ-ақынының шығармашылығының желісін құ-раған әсемдікке, сұлулыққа ұмтылды, әсіресе оның мәңгілікке, өмірдің мәнін іздеуге құрылған, адам қасиетінің биіктеуіне бағытталған оның ой-толғамдарының құрылымын айрықша бағалады. «Талабым, таяғым, жігерім, азығым, маңдайыма ұстаған ақын Абай - қазығым...ң, деп шын ниетімен жазады Жүсіпбек Аймауытұлы 19І8 жылы “Абай” журналында.
Абай шығармашылығының, адамшылық жаңғырық-үні, оның тартымдылығы мен жоғары құндылығы - оның адамды жаңарту жолдарын іздеуде, оның рухани дүниесін байытуға ұмтылысында, оның күш-жігері мен қабілетіне сене отырып, жетілдіруге жағдай жасауға талпынуында жатыр. Абай, адам дүниенің жиынтығы, жаратылыстың шыңы, қоғамның негізі мен тамыры деген ұйғарым жасады. Оның әділдік мұратын, имандылық талаптарын қалыптастыруға үндеп, әрбір адамға арнаған "Адам бол!" деген қағидасының мәні күні бүгінге дейін көкейкестілігін жоғалтпаған.
Абай идеяларының дәл осы өзектілігі мен қажеттілігі қазіргі уақытта сегіз мыңнан аса атауларды құрайтын Абай туралы орасан зор әдебиетті өмірге әкелді. Бұл ұлы ақын-философқа деген қызығушылықтың кеңдігі мен тереңдігін ғана білдіріп қоймай, Абайдың өз заманының айнасы болғандықтан және бұл айнаға зер салмай қазақ халқының тарихын да, дәстүрін де, идеялық ұмтылысын да, өткені мен болашағын да танудың, ұғынудың мүмкін еместігімен сипатталатын белгілі бір заңдылықты түсінуден хабар беретін тәрізді.
Құдай – өз заңдары бойынша дамып жататын өлшемнің алғашқы себепшісі деп түсінді. Абай дінбасылары мен діни надандықты, фатализм мен екіжүзділікті атеизм тұрғысынан емес, Қазақстан ағартушы-демократтарының көбісінде кездесетіндей, “нағыз” дін немесе рационалдандырылған дін тұрғысынан сынады. Дінбасыларының насихаттап жүрген соқыр сеніміне Абай ақыл мен танымды қарсы қойды. Немесе, оның өз сөзімен айтқанда “алла табарака уа тағаланың шәріксіз, ғайыпсыз, бірлігіне, барлығына, ...хақтығына бірден дәлел жүргізелік болып, ақылы дәлел испат қыларға керек” (Қара сөздер, 13-сөз).
Абай Құнанбаев өзінің аса дарындылығы, ой-өрісінің тереңдігі, халқына деген қамқорлығымен әлемге танымал болды. Абайдың дүниеге көзқарасы ойы мен қыры мол, күрделі. Оны біржақты бағалауға, бір бояумен көрсету мүмкін емес. Дүние туралы пікіріне келсек, деизмге жақын деуге болады. Біріншіден, сыртқы дүниенің қисынды тұтастығын, өмір сүретіндігін қуаттайды. Мысалы, қырық үшінші қара сөзінде адам "... көзбен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады" (А.Құнанбаев Шығармаларының бір томдық жинағы. А., 1961, 48-бет), – дейді.
Сонымен бірге көптеген өлеңдерінде, отыз сегізінші сөзінде жан-жануарларды, адамды, тіпті, машина, фабрикаларды алла жаратты деген тұжырым жасайды. “Мен” және “менікі” деген философиялық мәселені қарастырып, өзіндік тұжырымға келеді. Ақынның ойынша “мен” – ақын, жан, “менікі” – адам тәні. “Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, “менікі” өлсе өлсін, оған бекі” деп, тән өлгенімен жан өлмейді деген қорытындыға келеді. Абай таным туралы құнды пікірлер қалдырды. Түйсіктеріміз арқылы дүниеден хабар аламыз, пайда, залалды айыратын қуаттың аты – ақыл дейді.
Көптеген өлеңдері мен қара сөздерінен диалектикалық тұжырымдардың бейнесін көруге болады. „Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек”деген өлеңінде:
Жас қартаймақ, жол тумақ, туған өлмек,


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет