Б. Ж. Абжаппарова


Ауыл шаруашылығы интеллигенциясының кәсіби және қоғамдық-саяси қызметінің тарихнамасы



бет14/16
Дата05.11.2016
өлшемі4,84 Mb.
#854
түріМонография
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16

5.2 Ауыл шаруашылығы интеллигенциясының кәсіби және қоғамдық-саяси қызметінің тарихнамасы

Кеңестік Қазақстанның ауылы мен селоларының әлеуметтік құрылымында ой еңбегінің адамдары елеулі орын алады. Қазан төңкерісі орнағаннан бастап кеңес мемлекеті алдына әлеуметтік үдеріс идеяларын алдына мақсат етіп қойды. 20-30-шы жылдары кеңестік интеллигенцияның аграрлық кадрларын қалыптастыруға алғышарттар жасалғанымен, Қазақстанда бұл үдеріс аяқталған жоқ. Көптеген ауылдар мен селоларда инженер-техникалық қызметкерлер жетіспеді.

1939 жылғы 30-желтоқсан – 1940 жылғы 4 қаңтардағы Қазақстан КП(б) Орталық Комитетінің Пленумында «зоотехникалық насихат пен мал шаруашылығындағы озат стахановшылардың жетістіктерін енгізу және оны кең көрсету жөніндегі бұқаралық жұмыс ең таяу уақыттың ішінде қайта құрылуға тиіс деп есептейді. Пленум партия, комсомол ұйымдарына, совет және жер органдарына мыналарды міндеттеді:

5. Мал шауашылығын өркендету және індеттерге қарсы зоотехникалық шаралар жоспарларымен қатар аудандық мал дәрігерлері мен мал зоотехниктер үшін мал шаруашылық колхоздары мен фермаларда ветеринарлық-зоотехникалық тақырыптар бойынша әңгімелер өткізу мен баяндамалар жасаудың міндетті минимумы тағайындалсын» [423, 125 б.]. Белгіленген шаралар арқылы ауыл-шаруашылығындағы өндірістік-техникалық мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, оны насихаттап отыруға көңіл бөлінді. Алайда қарарлармен, үндеулермен оны тез арада жүзеге асыру мүмкін емес еді, ол үшін білікті, маман, кадрлар жетіспеді.

Соғыс жылдарында майданға кеткендердің орнына 156 агроном және ауыл шаруашылығының басқа мамандары партия мүшелігіне кандидаттыққа қабылданды. Әрі ауыл шаруашылығының жетекші мамандар мен агрономдарын партияға алуға ерекше көңіл бөлінді [5, 287-289 б.].

Соғыс жылдарындағы сталиндік үгіт-насихат, бұқаралық-саяси және мәдени жұмыс жөнінде де Пленумдар өткізіліп, онда «... Саяси ағарту мекемелерінің жұмысына комсомол ұйымдары, село интеллигенциясы кеңінен тартылсын, әрі кеткенде үш айда бір рет аудан орталықтарында саяси-ағарту қызметкерлерінің семинар-кеңестері өткізіліп тұратын болсын, деп міндеттеді. Тоталитарлық басқару кезеңіндегі тарихи құжаттарда село интеллигенциясын қоғамдық-саяси жұмыстарға жұмылдыру, міндеттеу, оның орындалуын қадағалауды партия комитеттеріне жүктеді» [423, 353 б.].

Сталиннің тоталитарлық басшылық әрекеті көбіне бұйрықтар беру, нұсқауларды орындау сияқты әміршілдік-әкімшілдік басқару жүйесін соғыс жылдарында нығайтумен ерекшеленгендігін төмендегі партия құжаттары дәлелдейді: «... МТС-тің аға механиктерінің трактор бригадаларына техникалық басшылығы мен көмегі жақсартылып, аға механиктер үнемі бригадаларда болып, тракторлардың, оларға тіркелетін құрал-саймандардың жайын, тракторларды күтіп ұстау жөнінде бекітілген графиктің қолданылуын тексеріп тұратын болсын». Ауыл шаруашылығындағы өндірістік-техникалық интеллигенцияның кәсіби шеберлігінің арттырылуына мән берілгендігі де аңғарылады [423, 374 б.].

Соғыстан кейінгі жылдары да тарихнамада партияның иделогиялық жұмысын жандандыруға да көңіл бөлінді.

Қазақстан КП(б) ОК ХІХ пленумының қарарларында «..бесжылдықты төрт жылда орындау жолындағы бүкіл халықтық социалистік жарысты кең өрістету...оған барлық МТС-тардың инженер-техник қызметкерлерін қатыстыру міндеттелді [423, 488 б.]. Соғыстан кейінгі бесжылдық жылдарында тарихнамада ауылшаруашылығындағы инженер-техник қызметкерлердің социалистік жарыстарға қатысуы үлкен науқанға айналды.

1949 жылы КСРО Министрлер Кеңесі мен БКП(б) ОК-де «Мал шаруашылығына зоотехникалық және ветеринарлық қызмет көрсетуді жақсарту» жөнінде шаралар қабылданып, оны орындау жөніндегі міндеттер ауыл шаруашылығының аудандық бөлімдерінің бас зоотехниктері мен ветеринарлық дәрігерлеріне жүктелді. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығындағы өндірістік-техникалық интеллигенцияға кәсіби қызметтеріне жауапкершілікпен қарау керектігі баса ескертілгендігі жайлы «Большевик Казахстана» журналында атап көрсетілді [442, 18-19 б.].

1930-шы жылдардан бастап 1950-ші жылдардың ортасына дейінгі тарихнамада интеллигенция тарихы Сталин басқарып отырған партияның арқасында халықтың өз арасынан шыққан интеллигенция қалыптасты деген түсінік қалыптасты. Экономист ғалым М. Күленов 1952 жылдың №6-де жарық көрген «Большевик Казахстана» журналындағы «Развитие стахановского движения в сельском хозяйстве Казахстана» мақаласында стахановтық қозғалыс социалистік жарыстың жаңа жоғарғы кезеңі болды деп саралайды. Ресми метологиядан әрі аса алмаған мақалада автор стахановтық қозғлыстың ауыл шаруашылығындағы социалистік жарыстың жоғарғы формасы болып саналады деп, социалистік егіншіліктің стахановшылары, ауыл шауашылығының екпінділері агротехника, зоотехника негіздерін игеріп, өсіріп отырған өнімдерінен жоғары көрсеткіш алып, оны жүзеге асыруда және мал шаруашылығында жоғары жетістікке жетуде үлкен табыстарға жеткендігін жазады. Бұл қозғалыстың социализмді құру жолындағы қозғалысты басқаруда большавиктер партиясы басшылық жасады деген қорытынды жасайды. Біз автордың социалистік жарыс еңбек өнімділігін арттырудың жаңа үлгісі деген көзқарасын аңғардық [443, 22-23 б.]. Демек мұндай бұқаралық қозғалыстар халықтың сана-сезімін социалистік идеологиямен улап, алтернативті жолдарын қарастыруға жол бермеді.

1956 жылы КОКП-ның ХХ съезінде сталинизмнің әшкереленуі, кеңестік тарих ғылымына жаңа серпіліс әкелді. Кейбір бұрын тиым салынған мұрағат қорларының ашылуы мәселенің деректік қорын тереңдетті.

Ғалымдар Х. Бисенов пен Р.Б. Сулейменов Қазақстан ауыл селоларына партия мыңдаған мұғалімдерді, агрономдарды, дәрігерлерді, зоотехниктерді, фельдшерлерді, мәдени-ағарту мекемелерінің қызметкерлерін жіберіп, олар ауылшаруашылық өндірісін басқарып, селоның жоғары мәдениеті үшін күресіп, сауатсыздықты жойып, ескілікті дәстүрлер мен сарқыншақтарды жойды деген пікірде. Бұл қала мен деревня арасындағы қарама-қайшылықты жоюдың жарқын куәсі болды деген көзқарасын білдіреді [5, 197 б.]. Академик Р.Б. Сүлейменов «ауыл мен селоның мәдени потенциалы село интеллигенциясының сандық және сапалық елеулі өсуімен анықталады, ол өзінің негізгі мамандығынан басқа да әртүрлі саяси-мәдени қызметтерді жүргізеді: үгіт-насихат, ғылыми-ағартушылық, діни және көркемдік тағы басқа да жұмыстар»,-деп көрсетеді [5, 467 б.].

Селодағы тұрақты және кәсіби мамандар тек 50-ші жылдардың соңында да толық қалыптасқан жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығы өндірістік-техникалық интеллигенциясының тарихнамасының қалыптасуында Москва, Ленинград, Новосибирск, Киев сияқты ғылыми орталықтар үлкен үлес қосты. Әсіресе 1960-шы жылдардан бастап қарастырып отырған мәселелерге қатысты монографиялар көптеп жарық көре бастады. Олардың қатарында Ю.В. Арутюнян, З.И. Монич, , В.И. Староверов, А.И Сухарев., П.И. Симуш т. б еңбектері бар [399].

Қазақстанның аграрлық тарихын зерттеген Б.А. Төлепбаев, Ә.Б. Тұрсынбаев, И.Ш. Шамшатов, Х.М. Маданов, Г.Ф. Дахшлейгер, Ф.К. Михайлов, О.С. Сексенбаевтардың еңбектерінде колхоз, совхоздар мен МТС-ғы маман кадрлардың кәсіби қызметі жайлы мол деректер береді. Алайда біз қарастырып отырған аралықтағы мамандардың кәсіби, қоғамдық-саяси қызметі тереңнен зерттелмеген. Ғалым Б.А. Төлепбаев МТС-дың саяси бөлімдерінің ұйымдастырылуымен байланысты колхоз құрылысындағы партиялық басшылықтың жаңа түрі пайда болды деп есептейді [407, 150 б.]. Ғалым еңбегі партиялық идеологиядан аса алмай, оның саясатын ашық көрсетті.

Ауыл интеллигенциясының проблемалары алғашқы рет Х.З Ақназаровтың еңбегінде орын алған [403, 107-130 б.]. Автор Қазақстан ауылдарының алдыңғы қатарлы агрозоовет қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлерінің кәсіби қызметтеріне назар аударады. Біздің көзқарасымыз бойынша мақаланың кемшілігі ауыл шаруашылық интеллигенцияның әлеуметтік практикасы мен оның өсудегі жағымды ғана тенденцияны қарастырған.

Тарихнамалық тұрғыда алып қарағанда аграрлық тарих кеңінен зерттеліп жазылғанымен, ауыл шаруашылығы интеллигенциясының тарихнамасы жан-жақты зерттелді деп айта алмаймыз. Осы бағытта жазылған тарихнамалық еңбектің қатарына Г.Ф. Дахшлейгердің «Социально-экономические преобразования в ауле и деревне Казахстана (1921-1929 гг.), «Историография Советского Казахстана», «В.И. Ленин и проблемы казахстанской историографии» монографиялық зерттеулерімен қатар, «Вопросы историографии опыта ленинского кооперативного плана в Казахстане (1917-1940 гг.) т.б. мақалаларын, және К.Н. Нұрпейісовпен бірлесіп жазған «История крестьянства Советского Казахстана» еңбегін жатқызуға болады. Г.Ф. Дахшлейгер Қазақстан тарихнамасында соғысқа дейінгі механизатор кадрларын даярлау тарихымен қатар, кеңестік интеллигенция тарихын зерттеуге жете мән берілгендігіне талдау жасайды .

Партиялық басшылық тәжірибесі сараланған еңбектің қатарына А. Ержановтың ғылыми мақалаларын жатқызуға болады. Ғалым А. Ержанов еліміздің әртүрлі аудандары Қазақстанның жаңа тың совхоздарын кадрлармен қамтамасыз етті деп негіздейді. Москва мен Москва облысы 21 совхозды кадрлармен қамтамасыз еткендігін саралайды. Әсіресе тың аудандарының совхоздар мен МТС-тарын жоғары маманданған кадрлармен қамтамасыз ету үлкен маңызға ие болғандығын айта келіп, 1954-1955 жылдары басқа республикалардан Қазақстан совхоздарына 4500 инженерлер мен агрономдар тағы басқа мамандармен, сонымен қатар партия, кеңес қызметкерлерінің үлкен тобы келгендігі жөніндегі мұрағат құжаттарын ұсынады.

Туысқан республикалардың партия-кеңес қызметкерлері Қазақстанның тың аудандарында басшы және маман кадрларды таңдауға жауапкершілікпен қарады. Тың аудандары үшін кадрлар таңдау мәселесімен еліміздің өлкелер, облыстар, республикалардың партия-кеңес органдары құрған беделді комиссиялардың айналысқаны жайлы да мәлімет келтіреді. Мысалы 1954 жылы 28 қыркүйекте Татар облыстық партия комитеті тың игеріліп жатқан жерлердегі совхоздар мен аудандарда жұмыс істейтін басшы кадрлар мен мамандарды таңдау үшін арнайы комиссия құрды деп мақтаныш сезімді көрсетеді. Ғалым еңбегі кеңестік кезеңдегі идеология тұрғысында жазылғандықтан, кадр мәселесін шешуде орталықтың араласып, партияның басшылық рөліне мән беріп, басқа республикалармен теңестіруге тырысып, жергілікті мамандармен қамтамасыз ету жолына жете мән берілмегендігі айқын аңғарылады [359, 45-46 б.].

Тарихшы ғалым Х.М. Маданов 1950-ші жылдары артта қалған шаруашылықтарға барып ниет білдіріп, жұмыс істеуге таңдап алынған адамдар отызмыңжылдықшылар деп аталғандығын. Олар жиырмамыңжылдықшылдардың ізбасарлары екендігін атап көрсетеді. Отызмыңжылдықшылдардың жиырмамыңжылдықшылдардан құрамы жағынан айырмашылығы болғандығын ең алдымен ауылшаруашылық білімі бар, село, партия, кеңес, шаруашылық органдарында бұрын жұмыс істеген адамдар таңдап алынғандығын саралаған. Торғай облысының Амангелді ауданы Ә. Жанкелдин атындағы колхозға жіберілген отызмыңжылдықшы С. Оспанов агроном мамандығы бар көп жылдық еңбек тәжиребесін, артта қалған колхозды алдыңғы қатарлы деңгейге жеткізу үшін бар күш жігерін аямағандығын айтады. Гурьев облысының «Передовик» колхозына отызмыңжылдықшы С. Құбашевтың келуі колхоздың атағын бүкіл республикаға шығарды. Ол бұрын облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы қызметін атқарған еді. Жоғары зоотехникалық білімі бар білікті маман С. Құбашев шаруашылықтың жұмысын ғылым мен алдыңғы қатарлы іс-тәжірибені өндіріске енгізуде үлкен табыстарға жетті [288, 210-211 б.]. Х. Маданов отызмыңжылдықшылдардың қызметін пайдалану қаланың тәжірибелі басшыларын село шаруашылықтарына көмекке жұмылдыру 1958 жылға дейін жалғасқандығын жазады [288, 212-213 б.].

Ғалым М. Арғынбаев та тың игеру жылдары еліміздің басқа қалаларынан мамандардың келуі, мысалы Қостанай облысына Златоусттан 36 инженерлер мен техниктердің келуі, тағы басқа МТС-на осындай инженер-техникалық мамандардың келуі шаруашылықтарды нығайтты деп байыптайды [427, 160 б.].

1960-шы жылдардың басында ауылшаруашылығында коммунистік еңбек жолындағы қозғалыс үлкен маңызға ие болды. Алдыңғы қатарлы тәжірибені ауыл шаруашылығы өндірісіне енгізу жолындағы коммунистік еңбек ету қозғалысы республиканың барлық ауыл шаруашылық салаларында кең қолдау тапты. Ғылым мен техниканың жетістіктерін өндіріске енгізіп, жаңа адамды тәрбиелеу коммунистік еңбек жолындағы қозғалыстың басты міндеттерінің біріне айналды. Осы тұрғыда тарихшы Д.А. Искакова коммунистік еңбек екпіндісі атағын алу жолында 80416 жұмысшылар мен қызметкерлердің күрескендігін, оның ішінде 24464 адамның осы жоғарғы атаққа ие болғандығын жазады. Екпінділер артта қалған шаруашылықтарға көмек көрсеткендігін, экономистер, жоспарлаушылар, агрономдар, зоотехниктер бір-біріне агрономиялық және зооветеринарлық шараларды жүзеге асыруға қолғабысын тигізіп, ғылым мен техниканың жетістіктерін өндіріске енгізіп, жаңа адамды тәрбиелеу, жарысты ұйымдастыру коммунистік еңбек жолындағы қозғалыстың басты міндеттерінің біріне айналды деп тұжырымдайды [427, 69, 77 б.].

1970-ші жылдары жарық көрген еңбегінде Т. Балақаев соғыс жылдары еңбек озаттарын ынталандыру үшін «МТС-тың үздік механигі», «Совхоздың үздік механиктері» кеудеге тағатын белгілер берілгендігін жазады. Мұндай белгілердің берілуі соғыс жылдары ауылдағы техникалық кадрлардың еңбек белсенділігін арттыруға ықпалын тигізгендігін байқаймыз [405, 280 б.].

Біздің зерттеу еңбегіміз тарихнамалық мазмұнда жазылып отырғандықтан, мәселенің тарихнамадағы зерттелу деңгейі қарастырылады.

Осы уақытқа дейін Б.А. Амантаев, Х.Маданов, Ф.К. Михайлов, К.А. Нұрпейісов, Н.К. Капесов, Б.А. Төлепбаев, А.Б. Тұрсынбаев, С.Н. Соскин, И. Шамшатов, Г. Дахшлейгер т.б. зерттеу еңбектері мен мақалалары біздің пайымдауымызша өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Х.М. Әбжановтың 1980-ші жылдары жарық көрген еңбегінде ауыл шаруашылығы интеллигенциясының кәсіби, қоғамдық-саяси, мәдени, ағартушылық қызметіне талдау жасалған. Автор тарихшылардың ауылшаруашылығы интеллигенциясының тарихы жайлы жазғандарын талдай отырып, село интеллигенциясының мәдени және қоғамдық-саяси қызметінің негізгі бағыттарын көрсетеді. Х.М. Әбжановтың бұл еңбегі кеңестік кезеңде жарық көргендіктен, ауыл шауашылығы интеллигенциясының үгіт-насихатпен айналысып, болашақ ұрпақты тәрбиелеуге қатысқандығы, олардың саяси мәдениетін дамытуға үлес қосқандығы ресми идеология тұрғысында сараланған.

Ғалым кейінірек жарық көрген еңбегінде кеңестік кезеңнен кейінгі уақытта, бұл мәселені басқаша, жаңа көзқарас тұрғысында пайымдайды [149, 278-279 б.].

20-30 жылдары кеңестік интеллигенцияның аграрлық отрядтарын құру шаралары қарастырылғанымен, бұл үдеріс аяқталған жоқ деп тұжырымдайды. Көптеген ауыл мен селоларда инженер-техникалық қызметкерлер мен мұғалімдер, мәдени-ағарту мамандары, дәрігерлер жетіспеді дейді. Тұрақты, кәсіби жағынан маманданған селоның маман кадрлары 50-ші жылдардың соңында да толық қалыптаспады деп саралайды

Автор өтпелі кезеңнің соңындағы село интеллигенциясы жайлы жалпы көлемдегі мәліметтердің жоқ болуы, қазақстандық тарихнамадағы ақтаңдақтардың бірі болып отырғандығын айтады.

Осындай ақтаңдақтардың сақталуы кеңестік кезеңдегі ауылшаруашылығы интеллигенциясының кәсіби қоғамдық-саяси қызметінің тарихнамасын толығынан талдауда қиындық туғызды. Мемлекеттік идеологияның монополиялануы қатаң бір ізді шығармалардың жазылып, шығармашылықпен ойлауға шек қойылды. Тарихнамалық талдау көбінесе ауылшаруашылық интеллигенциясының қалыптасуы, құрамы, кезеңіне байланысты төңіректе болды.

Осы уақытқа дейін тарихнамада ұжымдастыру қарсаңы, кезеңіндегі, өтпелі кезеңнің аяқталуы кезеңіндегі ауыл шаруашылығы интеллигенциясы жайлы зерттеулер тарихнамада аз. Кеңестік кезеңдегі тарихнамашылар қарастырып отырған мәселе төңірегіндегі зерттеулерінде ғылыми қалыптасқан ұстанымдардан аса алмады. Барлық еңбектер партиялық-таптық идеяны негізге алып, әлеуметтік тарихты жазғанда ауыл шаруашылығы интеллигенциясына қарағанда негізгі таптарға мән берілді. Сондықтан кеңестік кезеңде интеллигенцияның әрбір әлеуметтік тобының тарихнамасы арнайы зерттеле қойған жоқ.

Кеңестік кезеңнен кейінгі тарихи зерттеулерде, диссертацияларда ауыл шаруашылығы интеллигенциясы кәсіби, қоғамдық-саяси қызметі жаңа теориялық-әдіснамалық тұрғыда тереңнен қарастырыла бастады. Тарихнамада жаңаша пайымдаулар, көзқарастар пайда болды.

Теориялық-концептуальды бостандықтың келуі, плюралистік пікір білдіруге кең жол ашылуы тарихнамалық жаңа шығармаларды тудырды.

1990-шы жылдардың басында Ғалым В.К. Куманев «село интеллигенциясына (мұғалімдер, агрономдар, зоотехниктер т.б.) қарсы ұйымдастырған үгіт-насихат шараларында деревняны қайта құрудағы көптеген ауырпалықтардың, қиындықтың себебі олардың «күмәнді шығу тегіне» байланысты деп түсіндіргенін жазады. Мұның арты қамаулар, заңсыз айыптар, орындарынан босату, көпшілік алдында масқаралау т.б. ұласқанын ашып көрсетеді [444, 35-36 б.].

Тәуелсіз Қазақстан тарихнамасында К.М. Төлеубаева [151]., М. Іліповтардың [152] тарихнамалық мақалалары мен диссертацияларында біз қарастырып отырған мәселеге қатысты мол мәлімет береді.

К.М. Төлеубаеваның кандидаттық диссертациясының «Ауыл шаруашылық мамандарының кәсіби қызметі мен оның нәтижелері» деп аталатын тарауда мал және жер шаруашылығы мамандарының іс-тәжірибесі, инженерлік-техникалық және есеп-экономика кадрларының қызметі зерттелген. Автор талдау жасалып отырған жылдары өндірістік-техникалық интеллигенцияның кәсіби қызметінің басты бағыттары мен нәтижелері жоспарлы талаптарына сай анықталды. Әміршіл-әкімшіл жүйе өзінің айтқанын міндетті түрде жүзеге асырды деп пайымдайды. Еңбекті ұйымдастыру мен ақы төлеудегі қайшылықтар мамандардың іс-тәжірибесіне қырсығын тигізді деп есептейді [151, 17]. Автор соғыстан кейінгі жылдары қазақстан ауылшаруашылығында еңбек еткен өндірістік-техникалық интеллигенция топтары білім деңгейі мен кәсіби шеберлігін шыңдай отырып, аграрлық экономиканы нығайтуға әрқайсысы өзіне тиесілі үлесін қосты. Колхозшылармен, жұмысшылармен иық тіресе еңбек еткен олар әміршіл-әкімшіл жүйенің әділетсіздігі мен қыспағына мойымастан мол тәжірибе жинақтап, оны жас мамандарға үйретуден жалықпады [151, 20 б.].

М. Іліпов «еңбек пен кәсіби қызметі жөнінен ауыл шаруашылық интеллигенциясының құрамы күрделі болды. Олар 1) инженер-техник кадрлары, 2) ауыл шаруашылық мамандары, 3) есеп-қисап және экономист қызметкерлері» деп жіктейді [152, 15-16 б.].

Қазақстан ауыл-селоларындағы өндірістік-техникалық интеллигенцияның ең көп тобы агрономдар, зоотехниктер, мал дәрігерлері, фельдшерлер мен веттехниктер. Олардың еңбегі жер шаруашылығы мен мал шаруашылығының өнімін өндірумен, егін шаруашылығының мәдениетін және әр гектарының өнімділігін көтерумен жанбақ. Құс және мал шаруашылығының өркендеуіне, оның берік жемшөп қорын жасауға қатыса отырып, экономиканың өмірлік қажетті салаларының бірінші қатарында еңбек етеді деп тұжырымдайды.

М. Іліпов ауыл-село инженер-техниктерінің кәсіптік қызметі, оның нәтижелілігі мен бағыты көптеген факторлармен анықталатындығын айтады. Бірақ олардың ішіндегі негізгісі ауыл шаруашылығын механикаландыру мен электрлендіру болып табылады деп пайымдайды [152, 18 б.]. Автор көп уақытқа дейін ауыл-село инженер-техник қызметкерлері құрамы жоғары сатыға көтеріле алмаса да, техниканы жақсы пайдалану үшін олар рационализаторлар мен өнертапқыштар қозғалысын кеңейте отырып, еңбек өнімділігін арттыруға көп еңбек сіңірді деп есептейді [152, 19 б.].

Осы мәселе төңірегінде тарихшы Х.М. Әбжанов «тоқырау заманында экономиканы басқарудың бір орталықтан жобасыз жүргізіліп отыруы өндірістік-техникалық интеллигенцияының белсенділігі мен дербестігіне тұсау болды. Еңбекке ақы төлеу, материалдық көтермелеу, әлеуметтік мұқтажды шешу және түпкі нәтижелер арасындағы алшақтық еңбекшілердің топтары арасында әлеуметтік прогреске мүлде қайшы психология туғызды. Жер туралы меншік туралы сталиндік ұғымдар, социализмнің әміршіл-әкімшіл жүйесі адамдардың мүддесін жыраққа алып кетті. Міне осындай үйлесімсіздіктен талай адал, іскер мамандардың қолға алған шаруалары оңалмай, тауы шағылды», - деп ойын қорытындылай отырып, мамандардың кәсіби қызметінде шешілмеген түйіннің аз болмағанын саралайды [445].

Кеңестік кезеңнен кейінгі уақытта ауыл шаруашылығы интеллигенциясының тарихы қайтадан ой елегінен өтіп, жаңаша зерделене бастады. Жаңа нақты тарихи материалдар өткен тарихымызға әділ баға беруге кеңінен жол ашты.

1990-шы жылдардан бастап идеологиялық қасаң саясаттан босаған зерттеушілер методологиялық жағынан нақты-тарихи зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алды.

1990-шы жылдардың аяғында Қазақстан интеллигенциясының әлеуметтік-саяси белсенділігін (1985-1995 жж) зерттеген ғалым Е.Т. Берлібаев Қазақстан интеллигенциясының өткен тарихын бүгінгі болашақ ұрпақ өзіне қажеттісін үйренуге тиістігін айта отырып, интеллигенцияның әлеуметтік-саяси қызметі саяси ыңғайға берілмей әділет пен демократиялық принциптерге сүйене отырып зерделенгендігін ортаға салады. Кеңес тұсында интеллигенцияның көпшілігі коммунистік адамгершілік, әділдік мұраттарына беріле сенгендігі сонша, сол қауіпті науқанды барынша дәріптеп бақты деп пайымдайды [22, 23 б.].

Қазіргі тарихнама кең көлемдегі деректік білім негізінде, бұрынғы идеологиялық ұстанымда талданған еңбектерге жаңаша баға беруге, жаңа жолдары қарастырылып отыр. Біздің пікірімізше, әлі болса ауыл шаруашылығы интеллигенциясының қоғамдық-саяси, кәсіби қызметінің тарихының тарихнамада қарастырылуы мұқият талдауды қажет етеді.



6 ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯҒА ҚАТЫСТЫ ТОТАЛИТАРИЗМ ҚЫЛМЫСЫН ЗЕРТТЕУ ТАРИХЫ

Тарихнамада қарастырылып отырған мәселенің жаңа ғылыми түсінігінің қалыптасуында қазіргі кезеңде біраз ілгерілеушілік байқалып отыр.

Тарихнамада өндірістік-техникалық интеллигенцияға қатысты тоталитаризм кезіндегі репрессиялық саясат тарихын зерттеуді біз бірнеше кезеңге бөліп қарастырамыз:

- бірінші 1928-1930-шы жылдардың басында. «Донбасстағы шахта ісіне» байланысты буржуазиялық мамандарды қудалаушылық, айыптау көрініс тауып, оның ықпалы Қазақстанға да әсер етті;

- екінші кезең 1937-1938 жылдар. Өндірістік-техникалық интеллигенция өкілдерін халық жаулары ретінде айыпталып, саяси қуғын-сүргінге ұшырауы;

- үшінші кезең 1940-шы жылдардың ортасы мен 1950-ші жылдардың басы буржуазиялық ұлтшылдықпен күрес;

- төртінші кезең 1960-1980–ші жылдардың ортасына дейін. Тоталитарлық жүйенің қазақ ұлтшылдарын айыптауы. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасымен байланысты болды.

1970 жылы көптомдық «КОКП тарихында» «шахта ісіне» байланысты берген түсініктемесінде «бұрынғы шахта иелері мен ескі мамандардан құрылған ірі контрреволюциялық ұйымның мүшелері көмір өндіруге іріткі салып, КРСО-ғы индустриализациялауды бүлдіріп, қорғанысын әлсіретуге тырысуда деп атап көрсетілді. Оларға шахта, заводтардың, электр станцияларының құрылысын қасақана дұрыс жасамай, шахтерлердің материалдық жағдайын төмендетуге тырысып отыр деген айып тағылды [446, 547-548 б.]. 1928 жылдың бас кезінде Донбасстың Шахта және басқа аудандарында буржуазиялық мамандардың зиянкестік ірі ұйымы әшкереленді», - деп жазылды [447, 389-390 б.]. Сот процестері арқылы интеллигенцияны қорқытып, үркіту арқылы, экономикалық саясаттағы кейбір келеңсіздіктер, іске аспаған міндеттер үшін барлық жауапкершілік интеллигенцияға жүктелуі интеллигенцияны идеялық жағынан тәрбиелеудің құралына айналды. Осы кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында сот процестерінің барысы кеңінен жарияланды. Л.Куманев «шахта ісі – алғашқы ашық сот спектаклі» деп бағалай отырып, Донбасс елдің кочегаркасы, КСРО-ның жетекші пролетарлық аудандарының бірі ретінде таңдалуы кездейсоқ емес екендігін, әрі буржуазиялық мамандарды жай қорқыту ғана емес, сол кезеңде генсекке ұнамай отырған кәсіподақ пен еңбекші бұқараның басында отырған М.Томскийге қарсы ұйымдастырылған әрекет екендігін пайымдайды [444, 44 б.]. Бұл жөнінде « барлығы көмір өнеркәсібінде жұмыс істейтін 53 инженерлер мен техниктердің сотқа тартылып, шахталарда жаппай диверсиялар ұйымдастырып, көмір өнеркәсібі мен транспорттың бұрынғы иелерімен байланыста болып, тікелей зиянкестік пен кеңестік насихатқа қарсы және шетелден ақауы бар қымбат құрал-жабдықтарды сатып алуға қатысты деп айыпталғандығын» саралайды [444, 46 б.].

1930-шы жылдардың ортасында Кеңес өкіметі мен үкімет ескі интеллигенцияны толығынан мойындатты. Жаңадан қалыптасқан кеңестік интеллигенция жаңа кеңестік құрылыстың негізгі элементтерінің біріне айналды. Репрессия жылдарында инженер-техникалық интеллигенцияға да сенімсіздік көрсетіліп, олардың қатарынан жау іздестірілді. Л.Мирзоян ҚК(б) П бірінші съезінде жасаған есепті баяндамасында: «Біздің өнеркәсіпте тек бірыңғай жетістіктер болды деп ойласақ, дұрыс болмас еді. Біздің өнеркәсіп жұмысында көптеген кемшіліктер мен көптеген артта қалушылық та бар. Бәрінен бұрын, атап өтуіміз керек, біздің кәсіпорын, партия ұйымдарының басшылары немқұрайдылық танытып, зиянкестік жұмыстарды дер кезінде байқағанда, біздің өнеркәсіп саласындағы жетістіктеріміз бұрынғыдан көп болар еді. Жапон-герман-троцкист агенттері Риддер, Шымкент, Ащысай, Қарағанды, Балқаш кеніштерінде өздерінің зиянкестік әрекеттерімен аз зиян келтіріп отырған жоқ. Кельмансон – Шымкентте, Вебер – Риддерде, Дрей – Қарағандыда, Горский – Балқашта – біздің адамдарымыздың арасында, партия ұйымдарының алдында ұзақ уақыт бойы біздің кәсіпорындарымызды бүлдіріп, бұзып, зиянкестік келтірген.

Кәсіпорындардағы зиянкестік қалдықтарын аяғына дейін қазып, тез арада шешу міндеттерін көрсете отырып, Л. Мирзоян шаруашылық кадрларының партиялық-саяси деңгейін көтеруге мән беру керек» деп есептейді [448, 32-33 б.]. Барлық зиялылардың басына түскен ауыртпалық өндірістік-техникалық интеллигенцияны да шарпыды. Қаншама жазықсыз инженерлеріміз мен техниктеріміз репрессия құрбандығына айналды. Жоспар орындалмаса жау саналды. Шолақ белсенділер кәсіпорын басшылары мен директорларын большевиктік қырағылық көрсете алмай отыр деп айыптады. Мемлекет қайраткері Мирзоян Л. баяндамаларында интеллигенцияға «зиянкестер» деген айып тағады.

П. Анискиннің «Большевик Казахстана» журналында жазған мақаласында да Балқаш комбинаты құрылысында командирлер мен инженер-техникалық қызметкерлер арасында халық жаулары стахановтық қозғалысты бұзып, жауапсыздық танытып отыр деп айыптады. Троцкистер бұрынғы Балқаш горком хатшысы Назаренко, КП(б)К Қарағанды обком хатшысы Пинхасик, Балқаш горком партиясы мен оның хатшылары Лаптев пен Юровскийлер Балқаш құрылысындағы зиянкестік әрекеттерді жоюға большевиктік түрде кіріспей отырғандығын сынады [449, 19-24 б.]. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Кеңестер Одағындағы көптеген халықтардың интеллигенциясының басым бөлігін тоталитаризм жойса, қазақ халқында қазан төңкерісіне дейін қалыптасқан, классикалық интеллигенттілік пен интеллигенттік сана-сезімнің жаршысы болып саналатын, интеллектуалдық элитаның барлығы дерлік жойылды.

1940-1950-ші жылдары ғылым мен мәдениеттің идеологизациялануы күшейе түсті. Шығармашылық атмосфераны буржуазиялық ықпалдан, формализмнен, космополитизмнен тазарту мақсатында республикамыздың көптеген ғалымдары қатаң сынға ұшырады. Сенімсіздік, түсініспеушілік нәтижесінде ғалымдарға саяси айыптаулар тағылды.

Қ.И. Сәтбаев жайлы еңбек жазған жазушы Медеу Сәрсекеев 1950-ші жылдары Қазақ ССР-і Ғылым Академиясының президенті Қ.И. Сәтбаевты да «Ер Едіге» халықтық эпосын 1927 жылы Москва қаласында баспадан шығартқаны үшін айыпталғандығын айтады. Мұнан басқа айтар айыптары да болмағандығын саралайды [450, 366 б.].

Қ.И. Сәтбаевқа өз еркімен президент қызметінен босату жөнінде арыз жазуды талап етеді. Ондаған ғалымдардың тағдыры шешіліп, Ғылым Академиясының жұмысына күмән келтіріп жатқан жағдайда, Қ.И. Сәтбаев күреспей, бір топ адамдарды тағдыр тәлкегіне қалдырып, сырттап кете алмады.

1951 жылы 23 қарашада Қазақстан КП(б) ОК Бюросының мәжілісі болып, Қ.И. Сәтбаевты қызметінен босатып, партиялық есеп карточкасына қатаң сөгіс берілгендігін жазу керектігі хабарланды. Сәтбаевқа үш пункт бойынша айып тағылды: 1. партияға өткенде әлеуметтік шығу тегін жасырған; 2. 1945 жылдан кейін, 1927 жылы Едіге жайлы фольклорлық басылымның алғы сөзін жазып, оған редакциялық басшылық жасап, қате шыққандығы айтылмаған; 3. Қазақ ССР-нің Ғылым Академиясының кадрларында жат элементтер пайда болды [450, 371 б.].

Қ.И. Сәтбаев 1954 жылы 10 мамырда Қазақстан КП(б)ОК-нің Бірінші хатшысы Пономаренконың атына хат жолдап, онда Қазақстан КП(б)ОК-нің Бюросында өзінен партиялық жазаны алып тастауын сұрады. Ол «Оглядываясь на весь свой жизненный путь, особенно на последние 28 лет своей зрелой жизни и деятельности в качестве инженера и геолога, которые протекали в Джезказгане (15 лет)» и в Алма-Ате (13 лет), я могу со спокойной совестью сказать что целиком и польностью были посвящены честному служению интересам горячо любимой Родины....что некоторые ошибки и недостатки, которые проистекали не по злой воле и исправлялись всегда в процессе работы» [451, 415 б.]. Тоталитарлық билік интеллигенция өкілдерін қудалағанда оны кезең кезеңімен жүзеге асырды. Мамандығы бойынша инженер-геолог, Қаныш Сәтбаев Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қызметінен босағанда 200 ден астам ғалымдар саяси жағынан сенімсіз немесе жақыны деген айыптаумен Ғылым академиясынан қуғындалған [452, 32 б.].

1987-1989 жылдары газет пен журнал беттерінде Сталиннің жеке басына табыну мен сталиншілдікті айыптауға арналған мақалалар топтамалары, жинақтар көптеп жарық көре бастады. Соның бірі - «Вождь. Хозяин. Диктатор», - деп аталады. Онда Федор Раскольниковтың «Сталинге ашық хаты» жарияланды. Сталиннің жіберген қателіктерін ашып көрсете отырып: «Вы уничтожаете одно за другим важнейние завоевания Октября. Под видом борьбы с «текучестью рабочей силы» вы отменили свободу труда, закабалили советских рабочих и прикрепили их к фабрикам и заводам. Вы разрушили хозяйственный организм страны, дезорганизовали промышленность и транспорт, подорвали авторитет директора. Инженера и мастера, сопровождая бесконечную чехарду смещений и назначений арестами и травлей инженеров, директоров и рабочих, как «скрытых еще не разоблаченных вредителей» [453, 18 б.]. Ф. Раскольников 1939 жылдың 17 тамызында «ерте ме кеш пе бәрібір кеңес халқы социализм мен революцияға сатқын, басты зиянкес, халықтың нағыз жауы, аштық пен сот әрекетін ұйымдастырушы ретінде сізді айыпқа тартады», - деп ашық көрсеткен еді [453, 22 б.].

1991 жылы академик А. Н. Яковлевтің редакциялық басшылығымен «Реабилитация: Политические процессы 30-50-х годов» аталатын жеке басқа табыну кезеңіндегі репрессия жайлы алғашқы жинақ жарық көрді.

Онда Коммунистік партия, КОКП ОК жанындағы Марксизм-Ленинизм институты, КСРО Прокуратурасы, КСРО Мемлекетттік Қауіпсіздік Комитетінің мұрағат құжаттары мен талдау материалдарының негізінде көптеген саяси үдерістің жүргізілгендігі айқындалды.

Біріншіден, жинақта 1928 жылы «шахта ісі» деп аталған «өнеркәсіптегі зиянкестерге» арналған бірінші ірі үдеріске байлайланысты Донбастың көмір өнеркәсібінде жұмыс атқарып жатқан 50 кеңестік тау кен инженерлері мен кеңесші ретіндегі үш неміс мамандарының сот алдында жауапқа тартылуы сенімсіздік тудыратындығын жазады. Сот бес адамды өлім жазасына кесіп, осы үдерістен кейін, екі мыңнан астам мамандарды тұтқындаумен аяқталғандығын көрсетеді

Екіншіден, 1930-шы жылы «промпартия» деп аталатын сот процесі бойынша ескі техникалық интеллигенцияның өкілдері «халық жауы» деп жарияланғанын саралайды.

Үшіншіден, 1930-шы жылы ірі экономист-ғалымдар А.В. Чаянов, Н.Д. Кондратьев және тағы басқаларға болмаған «контрреволюциялық еңбекші шаруалар партиясын» құрды деген жалған айып тағылды.

Төртіншіден, жинақта 1933 жылы В.В. Ульрихтің төрағалық етуімен «КСРО электро станцияларындағы зиянкестік істері» бойынша Москва, Челябі, Златоустов, Баку және тағы басқа ірі электростанция мамандары айыпталғандығы ашық жазылды [454, 8 б.].

1990-шы жылдардың басында Қазақстан интеллигенциясының соғыстан кейінгі тарихнамасындағы «ақтаңдақтарды» ашып көрсетуде Л.Я. Гуревич еңбектерінің алар орны зор.

Л.Я. Гуревичтің ғылыми концепциясы соғыстан кейінгі саяси науқандарды айқындап, тоталитарлық жүйе кезеңіндегі қатаң идеологиялық ұстанымдарды ашуға арналған [455]. Еңбекте интеллигенция жаңа идеологиялық шабуылдың басты нысанына айналды.

30-шы жылдары еліміздің ең таңдаулы интеллектуалдық күштерін физикалық жағынан жою интеллигенцияның қалған бөлігін өз ыңғайына көндіруді аяқтаумен жалғасуы қажет болғанымен, соғыс ол мақсатқа жетуге кедергі келтірді деп баға береді.

40-шы жылдардың екінші жартысы мен 50-ші жылдардың басындағы «идеологиялық шабуыл» алдын-ала нақты ойластырылып, жоспарланған саяси науқандар жүйесін құрды Л.Я. Гуревич олардың әрқайсысы нақты міндеттер қойып, әрдайым оны жариялап отырған жоқ. Әдебиет пен өнерде қатаң идеологиялық стандарттар қойып, халықтың өзіндік ұлттық санасына әсер етіп, кеңестік интеллигенцияның халықаралық байланыстарына шек қойды. Шын мәніне келгенде саяси компаниялар сталиндік жүйенің, ұлыдержавалық, империялық эволюциясының аяқталғандығын көрсетті деп ой қорытады. [455, 1-2 б.]. Сталин қайтыс болған соң тоталитарлық-деспоттық жүйе тоталитарлық-бюрократиялыққа ұласты. Алайда интеллигенцияға ұстанған мемлекеттік саясаттың мақсаты өзгерген жоқ. Оларды идеологиялық жағынан ноқталап, кейде ғана еркіндік беріп отырды. Сыни ойлау қабілетінен айрылған интеллигенция постиндустриалдық қоғамға аяқ баса алмағандығын айтады [455, 145 б.].

Қазақстан тарихында тоталитарлық режимнің ұлттық интеллигенцияға қарсы репрессиялық саясатын зерттеп, кезеңдерге бөлуде тарихшылар әртүрлі көзқарастар білдіруде. Солардың бірі зерттеуші Н.И. Мұстафаев соғысқа дейінгі республикадағы репрессия тарихының бірінші кезеңі 1929-1930 жж. қамтиды деген көзқарасын білдіреді. Осы жылдары ғылыми және шығармашылық интеллигенцияның революцияға дейінгі көрнекті өкілдері: А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, Е, Омаров, К Кемеңгеров, М. Күдерин т.б.айыпталғандығын көрсетеді. Әрине олардың қатарында қазақтың тұңғыш инженері М. Тынышбаевпен қатар қазақстандық экономист-ғалымдар С.П. Швецов, А.Н. Донич, Г.Ф. Прокопович, М.Г. Сириустардың «кондратьевшілдікпен» айыпталғандығын көрсетеді. Террордың екінші толқыны 1920-шы жылдың бірінші жартысында білім алған ғылыми кадрларларды қамтып, 1937-1938 жылдарға дейін созылды деп пайымдайды. Осы жылдары Т. Жүргенов, И. Қабылов, Ғ. Тоғжанов, С. Меңдешев сынды жеке басқа табынушылық пен тоталитаризмге қарсы идеялық күрескерлер болмаса да репрессия құрбанына айналғанын саралайды [456, 56-57 б.].

Д.А. Қонаев естеліктерінде де жазықсыз тұтқындалып, халық жауы атанып, жаппай репрессия құрбандығына айналған зиялылардың өз халқына опасыздық жасауы мүмкін емес екендігін ашына жазады. Әрбір құрылыстың, саяси жүйенің өз жаулары мен сатқындары болатындығы рас. Біздің ортамызда да сондай адамдар болды деп есіне алады мемлекет қайраткері Д.А. Қонаев. Белгілі құрылыс басшыларын жаппай қамау басталғанда, әсіресе инженер, құрылыс басшысы, Қысқы сарайды алуға қатысқан Ивановтың қамауға алынғанын естігенде халықтың көпшілігі үдеріп кетті. Ол жөнінде 1955 жылы ғана ҚазССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарып жүргенде анықтап, 1938 жылы атылғандығы жөнінде білгендігін еске алады [439, 30-31 б.]. 1937-1938 жылдардағы негізсіз репрессия нәтижесінде Иванов, Степанов, Богатиков сынды Балқаш құрылысындағы инженер басшылардың құрбандыққа айналғандығын қынжыла еске алады [439, 31 б.]. Қоғамдық қорғау, кешірім сұрау жайлы әңгіме болуы мүмкін болмағандығын еске алады. Д.А. Қонаев 1994 жылы жарық көрген «От Сталина до Горбачева» деп аталатын тағы бір ғұмырбаяндық естелігінде қандай құрылыстың, саяси жүйенің болмасын өз жаулары, сатқындары болатындығын айта келіп ондайлардың өз араларында болғандығын ескертеді. Қоңыратта саяси процестер болмаса да, чекистер тұтқындауларды түнде жүргізіп, түн орталарында келіп, еш ың-шыңсыз әкеткендігін саралайды [457, 34-35 б.]. Естеліктердің өзі тарихи факті болып саналатындықтан, бір басшылықтың орнына басқасы келгенімен, біз «зұлымдық империясын» құрған жоқ едік қой деген сөздерінің жаны бар.

Қазақ ұлттық зиялыларының ішінде шоқтығы биікте тұратын тұлғаларының бірі - Ә. Бөкейханов. Мамандығы бойынша инженер-техник ХІХ ғасырдың 80-ші жылдары Омбы қаласында техникалық училищеде білім алып, кейін Санкт-Петербургтегі орман-техникалық институтын аяқтайды. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының екінші жартысында қазақтарға берілетін жер нормасына байланысты алаштық интеллигенция мен отаршыл күштер арасында бітіспес күрес шырқау шегі өрбіді [458, 68 б.]. Бұл күреске белсенді түрде қатысқандардың қатарында, Алаш қозғалысының белсенді мүшелері сол тұстағы Жер Комиссариатының басшы қызметкерлері Мырзағазы Есболов, Тел Жаманмұратов, Сәлімгерей Қаратлеуов сияқты қайраткерлер болса, Әлихан Бөкейханов та Қазақстандағы отырықшылыққа көшіру қазақ шаруаларына тиесілі жер көлемін анықтау мақсатында КСРО Ғылым Академиясы жанынан құрылған экспедицияны (төрағасы С.П. Щвецов) ұйымдастыру идеясының авторы болумен қатар өзі де соның құрамына еніп, зерттеу жұмысына ат салысты [456,454, 69 б.]. Ә. Бөкейханов 1929 жылы мамыр айында ОГПУ тергеушілеріне берген жауабында: «менің жер саясатына қатысты көзқарасым мынаған саяды: жер үлесіне байланысты орыстар (қоныс аударушы) мен қазақтарды теңгеруге болмайды, өйткені орыстар мәдениеттірек, сондықтан да олар әрқашанда егіншілікте үстемділік көрсетіп, қазақтарды кіріптар етеді. Жер мәселесінде менің «ұлтшылдығым» осы», - деп атап көрсетеді [458, 69 б.].

1996, 1998 жылдары Қазақстан территориясында 30-50-ші жылдары саяси айыппен атылғандардың тізімі енген «Азалы кітап» шықты. 1998 жылы жарық көрген «Азалы кітаптың» алғы сөзінде академиктер М. Қ Қозыбаев, М. Баймаханов, пен т.ғ.к. К. Алдажұмановтар «30-шы жылдары кінәсіз миллиондаған адам өмірін жалмаған жаппай саяси репрессиялар халықтың жадында сақталып, жазылмастай жара салды. Осы қылмыстардың кең көлемде қанат жаюына тарихи бастау болған Кеңестер Одағындағы Қазан төңкерісі мен азамат соғыстары» деп есептейді [459, 5 б.].

Сонымен қатар ғалымдар өздерінің пікірлерін білдіріп: «кеңес өкіметі орнағаннан кейін, пролетариат диктатурасы мемлекеті өзінің саяси және тап жауларын қудалай бастады. Тоталитарлық жүйенің бекуімен байланысты ұлт-азаттық қозғалысқа, 1917 жылы революция кезінде Ресейдің шеткері аймақтарында әрекет еткен саяси партияларға қатысқандарға қарсы саяси қуғын-сүргін күшейе түсті. Әсіресе 1923 жылы Москвада ұлттық республикалар мен облыстардың жауапты қызметкерлерінің қатысуымен өткен РКП (б) ОК кеңесінен кейін қуғын-сүргін қатаң мазмұнға ие болды

20-шы жылдардың соңында большевизммен альтернативті партия мен қозғалыстар, атап айтқанда Қазақстанда «Алаш» қозғалысына қатысқандар тұтқындалып, жауапқа тартылды. Республиканың басшы қызметкерлері де өлкедегі кең көлемді әлеуметтік-экономикалық қайта құруларды жүзеге асыруда орталықтың жүргізіп отырған саясатына күмән келтіретіндіктерін білдіргендігі үшін қудалауға ұшырады. Орталық жергілікті халықтар мен олардың ұлттық ерекшеліктерімен есептеспеді [459, 6 б.].

Күштеу саясаты республикаға Ф.И. Голощекиннің БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы болып келуімен байланысты бұқараға жасаған қысымы күшейе түсті. «Кіші Қазан төңкерісі» деп аталатын идеологиялық науқан күштеп ұжымдастыру кезеңінде қазақ халқын қайғы-қасіретке ұшыратты. Орталықтың пікірімен келіспейтін қазақстандық басшы қызметкерлер ұлттық-жікшілдікпен айыпталып, 1937-1938 жылдары жаппай қуғын-сүргінге ұшырады. «Әлеуметтік тапсырыс» мемлекеттің барлық қуғын-сүргін, қарақшылық органдарын бар күшімен жұмыс істеуге мәжбүрледі. Қазақстан территориясы концлагерлер аймағына айналды» деп талдау жасады [459, 15 б.].

Академик К.Н. Нұрпейіс Қазақстандағы саяси репрессияны жан-жақты кең көлемді түрде алты кезеңге бөліп қарастырып, әр кезеңге анықтама төмендегідей береді:

- бірінші кезең - 1917-1920 жж. Бұл кезеңде кеңес өкіметі орнағаннан кейін азамат соғысы басталып, қоғамның «ақтар» мен «қызылдарға» бөлініп, бірін бірі қудалағанын;

- екінші кезең 20-шы жылдардың екінші жартысы. Бұл кезең жаппай моралдық репрессиямен ерекшеленіп, ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында қалыптасып, Кеңес өкіметі жағына өтіп, 1919 жылы алашорда қозғалысына қатысып амнистияланған, қазақ демократиялық интеллигенция өкілдеріне қарсы бағытталды. Осы кезеңде Қазақстанға Сталиннің төңірегіндегі және оның көңіліне жақпаған жекелеген мемлекет қайраткерлері мен ғалымдар жер аударылды. Осы кезеңде Қазақстанға Троцкий, ғалым-аграрниктер Чаянов, Кондратьев т.б. жер аударылды;

- үшінші кезең 20-жылдары 30-шы жылдардың басын қамтиды. Бұл кезеңде алаш қозғалысына қатысқандарды жаппай тұтқындау, 1931 жылы ауылшаруашылық өнімдерін күштеу жолымен жаппай даярлау дәстүрлі мал шаруашылығын дамытуды тежеп, ұжымдастыру барысында заңсыздық пен күштеумен ұласып, апатқа әкелді;

- төртінші – 1937 жылмен басталып, Кеңестер Одағының ұлы Отан соғысының аяқталуымен сәйкес келеді. Репрессияның бұл жылдары социалистік құрылыстың халық жауларымен және сатқындарымен арадағы күреспен ерекшеленді; Қазақстан лагерлер аймағына айналды. Соғыс қарсаңында және соғыс жылдары республикаға тұтастай халықтар депортацияланды;

- бесінші 40-шы жылдардың ортасы 50-ші жылдардың басы. Соғыс жылдары фашистік концлагерлердің тұтқындарына айналған кеңес солдаттары, жау оккупациясында болған кеңес қалалары мен селоларының халқы да қуғындала бастады. Ғылым, өнер, әдебиет, медицинадағы «буржуазиялық ұлтшылдар» мен «тексіз космополиттерді» жаппай қудалау жүргізілді;

- алтыншы – 60-80-шы жылдар. Бұл кезең тоталитарлық жүйенің дисседенттікпен және хрущевтік жылымықпен байланысты «қазақ ұлтшылдығымен» күресі кезеңі Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларымен жалғасты [460, 125-126]. Академик К. Нұрпеис жыл сайынғы өткізілетін Сәтбаев оқуларында 1951 жылдың күзінде Қазақстан КП(б) ОК-нің VІІІ пленумында Қ.И. Сәтбаев «буржуазиялық ұлтшылдардың қамқоршысы», «большевиктік сынды бүркемелеуші» деп айыпталғандығын айтты [460, 92 б.].

Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерін ашық көрсетіп, талай жоғалған тарихи, мәдени мұраларымыздың қайта оралуына үлес қосқан ғалымдардың бірі – академик М.Қ. Қозыбаев. Ол біз қарастырып отырған мәселе төңірегінде талай ғылыми пайымдауларын білдірді. 20-шы жылдардың соңы мен 30-шы жылдардың басында Қазақстанға ВКП (б) ішкі троцкистік оппозициясына қатысушылар мен басқа фракционерлердің жер аударылуымен байланысты республикадағы ішкі саяси жағдай шиеленісе түсті деген пікірін білдіреді. Нәтижесінде троцкистер мен оңшылдармен байланыстары бар деген айып тағылып, қазақ қызметкерлерінің де репрессияға ұшырағандығын ең алдымен 1927-1928 жылдары Жер комисариатының наркомы Ж.Сұлтанбеков, Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы Ы. Мұстамбаев т.б. шарпығандығын көрсетеді [461, 13-14 б.].

20-шы жылдардың соңы мен 30-шы жылдардың басындағы Кеңестер Одағындағының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы дағдарыстардың кең құлаш жаюына байланысты оған кінәлі және зиянкестерді, бүлікшіл антикеңестік элементтер мен құпия ұйымдарға қатысушыларды іздей бастады. Қазақстанда да ұлттық нұсқадағы жаулар іздеу басталды. Шахталар мен кәсіпорындардағы кездейсоқ авариялар, колхоздар мен совхоздардағы мал басының кемуі, өрттер мен басқа да стихиялы апаттар тап жауларының әрекеті, олар халық жаулары деп танылып, қылмыстық іс қозғалғандығын жазады.

М.Қ. Қозыбаев 30-шы жылдардың ортасынан бастап, орталықтағы «троцкистік-зиновьевшіл опппозициямен» және «оңшыл оппортунистермен» арадағы күрес ұлттық республикаларда ұлт-азаттық қозғалыс өкілдеріне, айыптарын өтегендерге, сонымен қатар партия-кеңес және шаруашылық қызметкерлеріне қарсы репрессия түрінде жүргізілгендігін айтты [461, 14 б.]. Кейін репрессия халық бұқарасын қамтып, оған БКП (б) ОК-нің 1936 жылғы желтоқсан 1937 жылғы ақпан-наурыз пленумдарының шешімдері серпіліс бергендігін атап көрсетті.

20-шы жылдардың соңында қазақ зиялыларының «буржуазиялық ұлтшылдар» деп, 1937-1938 репрессия құрбандары «ұлтшыл-фашист», «халық жауы» деп айыпталып, соңында номенклатуралық интеллигенцияның біраз бөлігі сенім мен шындық жолында қызмет етсе де, жүйенің тұтқынына айналғандығын ашып айтты [461, 15-20 б.].

М.Қ. Қозыбаев пен Л.Я. Гуревичтің пікірлері бір жерден шыға отырып, 40-шы жылдардың екінші жартысы мен 50-ші жылдардың басындағы интеллигенцияға қарсы «идеологиялық шабуыл» алдын-ала жоспарланған саяси кампаниялардың ерекше жүйесін құрды деп есептейді [461, 25 б.]. Тыйым салу саясаты жүйесі әсіресе кеңестік кезеңдегі зерттеулердің деректемелік базасына шектеу қойды деп, М.Қ. Қозыбаев таптар мен тап күресінің маркстік-лениндік интерпретациялануына арқа сүйенген қоғамдық өмірдің барлық құбылыстарына таптық-әлеуметтік тұрғыға негізделген методология үстемдік еткендігін саралайды.

Саяси репрессия құрбандарын ақтау ондаған жылдарға созылды. Бұл бағыттағы белсенді жұмыс «хрущевтік жылымық» жылдары басталғанымен, толық жүзеге аспай, тек 80-ші жылдардың соңында ғана қайта басталды.

Мәдениет тарихын зерттеуші ғалымдардың бірі А.Т. Қапаева «Культура и политика» 2004 жылы жарық көрген монографиясында еліміздің әлеуметтік-мәдени тарихының күрделі кезеңіндегі 1940-шы-1991 жж. партиялық тоталитаризм, ұлттық мәдениетке коммунистік идеологияның үстемдігі орнағандығын қарастырады. Нақты тарихи фактілер негізінде автор мәдениет, өнер саласы мен ғылымның дамуы барысындағы партиялық қысым көрсету, бақылаудың қатаң механизмін ашып көрсетеді. А.Т. Қапаева отандық тарихнамада тұңғыш рет жаңа концептуальды-методологиялық негізде Қазақстан мәдениетінің дамуының түйінді тенденцияларының дамуын кешенді түрде зерттей отырып, келеңсіз құбылыстарды анықтайды. Әсіресе автор методологиялық жағынан «мәдениет саясаты» кеңестік кезеңнің 50-60-шы жылдарында оның орнына «әдебиет пен өнердегі партиялық саясат» деген синонимнің пайдаланғанына ерекше мән береді. Кеңестік тарихшылар көбінесе «мәдениет құрылысы» терминін қолданғанын айқындайды [462, 10 б.]. Демограф ғалымдар М.Х. Асылбеков пен В.В. Козина «Интеллигенция қоғамның басқа әлеуметтік топтарына қарағанда еліміздің тарихи дамуында талай қиындықтарды басынан кешірді деп көрсетеді. Социализмге өтудің өтпелі кезеңі, Сталиннің жеке басына табынуы кезеңінде интеллигенцияның ең таңдаулы өкілдері физикалық жағынан жойылды. 70-80-ші жылдардағы келеңсіздіктер де инженер, дәрігер, мұғалімдер, ғалым мамандықтарының беделін төмендетті деп қорытындылайды [378, 28].

А.Т. Қапаева кітабының «Государственная научная политика второй половины 40-х-60-х гг.» деп аталатын бөлімінде 40-50 жж. ғылым мен мәдениетті идеологиялық жағынан ықпалын арттыру күшейгендігін ашып көрсетеді [462, 274 б.]. А.Т. Қапаева шығармашылық ортаны буржуазиялық ықпалдан, формализм мен космополитизмнен тазарту мақсатында республиканың көптеген ғалымдары қатаң сынға алынғандығын жазады. Шығармашылық интеллигенция мен идеология қызметкерлерінің кеңесінде ғалымдарға «саяси теріс кітап» «саяси қате сөз сөйлеу» деген тәрізді саяси айыптар тағылғандығына зер салады. Бұдан әрі А.Т. Қапаева арандатушылардың құпия хабар таратуының кесірінен ғалымдарға сенімсіздік көрсетіліп, үлкен жапа шеккендігіне әділ баға береді. Бұдан кейін автор орталық газеттердің «агенттер, шпиондар, диверсанттар біздің елімізге империалистерді жансыз қылып жіберуге тырысып отырғандықтан» оларды назардан тыс қалдырмау керек деп ұрандатып отырғандығын айқындайды [462, 274 б.]. Қазақстан ОК КП(б) буржуазиялық-ұлтшылдықпен бұрмалануын Қазақ КСР Ғылым Академиясы мен президент Қ.И. Сәтбаев БКП (Б) ОК шешімдері мен идеологиялық мәселелер бойынша Сталиннің бұйрықтарын орындамауынан көрді [462, 275 б.].

Ғалым Д.А. Махаттың тарихнамада соңғы жылдары тәуелсіздік алғаннан кейін шынайы бағасын ала бастаған Қазақстанның 20-30-шы жылдардағы қоғамдық-саяси өміріндегі себептерін ашуға, талдауға және объективті саяси баға беруге арналған еңбектерінде де Ф. Голощекин құйтыртқылықпен ойлап шығарған қазақ қайраткерлерін оның ішінде әрине өндірістік-техникалық интеллигенция өкілдерінің айыпталғандығының мәні мен шындығы жан-жақты ашылған [463]. Д.А. Махат «1920 жылдардың екінші жартысынан И. Сталин «Ленинизмді қорғау», «партияның бірлігі үшін», «фракцияға қарсы күрес» деген ұрандарды жамылып шыққан кезде, оған партияның басым бөлігі, еңбекші бұқара қолдау жасады. Сталинге халықтың қолдау көрсетуіне біріншіден, бастапқыда жалған ұрандардың астарында жатқан құйтыртқы саясатты сезбеуі себеп болса, екіншіден, 1928 жылдарда «Шахта ісінен» басталған қуғын-сүргін еріксіз тізе бүктіруге алып келді», - деп жазады [463, 140-141 б.].

Автор «Партия ішінде үлкен саяси толқу туғызған процесс «Шахта ісі» деп аталған еді. Шахтадағы жарылысқа, қажет емес шетелдік құрал-жабдық алуға, техника қауіпсіздігінің сақталмауына, еңбек заңының бұзылуына, жаңа шахта құрылысының дұрыс басталмауына жауапты Донецк көмір бассейнінің инженер-техниктері әдейі зиянкестік іс-әрекет жасады деп айыпталды», - деп атап көрсетеді. Бұдан әрі Д.А. Махат «Шахталықтар» деген сөз «зиянкестер» деген сөздің синонимі ретінде қолданылғанына назар аударады. Автор ақиқатына келгенде, шаруашылық жұмыстарында жіберілген кемшіліктерге біріншіден, машина, құрал-жабдықтардың ескі болуы, екіншіден,адамдардың біліктілігінің төмендігі, үшіншіден, жоспардың мүмкіндіктен жоғары болуы, төртіншіден, қуып жетіп, басып озу саясатының кесірі себеп болды деп орынды атап көрсетеді [463, 141 б.].

Д.А. Махат Қазақстанда еңбек еткен экономист ғалымдар, ауыл шаруашылығы мамандары да ғылыми-теориялық мақалаларында шаруашылықтың тиімді түрін, экономиканы көтерудің жолдарын ұсынғанын айтады. Агроном-ғалым М.Сириусты «Қазақстан жағдайында егіншілік тиімсіз, сондықтан мал шаруашылығына баса назар аударылуы тиіс деген пікірлерді айтқаны үшін, оны «Қазақстандағы ұлтшылдық пиғылды ғылыми жолмен уағыздаушы, ұлтшылдардың агенті», - деп айыптағанын атап көрсетеді [463, 142 б.].

Ғалым Д.А. Махат кеңестік пиғылдағы Б. Семевскийдің «А.Н. Доничті ғалым деп айтуға болмайды. Мен оны Қазақстандағы барлық буржуазиялық идеологияны уағыздаушы дер едім... Қазақстанда капитализмге соқпай, бірден социализмге өту мүмкін емес деушілер, олар ұлтшыл Байтұрсыновтың пікірін уағыздаушылар, ондайлар біздің арамызда әлі де бар. Олар индустрияландыру, ұжымдастыруға қарсы. Олар Мұстафа Шоқайдың «Түрксіб – бұл отарлау», «Түрксіб қазақ халқына арақ пен мерез әкелді», Қожановтың «Түйемен социализмге жетпейсің», Байтұрсыновтың «Тәркілеу дегеніміз - жұт» деген пікірін қолдаушылар, ұлтшылдар»,- деп айыптады деген мәліметтерін келтіреді [463, 142 б.].

Е. Тимофеев, инженер Р.Ф. Прокопович, экономист Кондартьевтердің концепцияларының ашық саяси арандатушылыққа ұшырап, оларды партия басшылығы «буржуазиялық зиянкестер», «кондартьевшілдер», оңшылдардың пікірін уағыздаушылар» деп айыптап, олардың ғылыми негізделіп жасалған жоспарлары ашық қуғындауға ұшырағандығын талдайды [463, 130-138, 149 б.].

1970 жылдары ғалымдар, әрі инженер-геологтар қудалаудың жаңа сипатын көрді. Ғалым Х.М. Әбжановтың пікірінше: «жекелеген тұлғалы ғалымдардың еңбегі әділ бағаланбады. Академик Ш. Есеновтың Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті, академик Е. Бөкетовтың Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметінен босатылуы әділдікті белден басудың нақ өзі еді» [464, 68 б.]. 1989 жылы Евней Бөкетовтың «Шесть писем другу» деп аталатын еңбегі жарық көріп, А. Брагин «Человек нашего времени» деген тақырыпта алғы сөзін жазды. Онда ол «Е. Бөкетовты қызметінен алғанда, оның талантына қызғанышпен қарағандар жоғары лауазымды қызмет керек болғандар оған қуанды. Е. Бөкетов жарқын, жан-жақты талант иесі еді. Оның ұзақ жылдардағы досы А.И. Перевертун өзіне 1951 жас аспирант металлург Е.Бөкетов қазақ кен металлургиялық институтының спектарлы лабораториясында орасан жағымды әсер қалдырғанын жазады. Ол өзінің «химиялық анализ оның ішінде спектарлы әдісті терең білетіндігін көрсетті. Оның ғылыми зерттеу жұмысына қабілеттілігі ешқандай талас тудырмайтын. Арада 30 жыл өткеннен кейін де қудаланған, әбден талқыға түскен ол өз лабораториясында табандылықпен терең ойлылықпен күлі жоғары көмір мен суды сферасплавпен қолдана отырып, жасанды мұнай алу тәсілін жасап шығарды. Қайтыс боларынан үш күн бұрын «Қарағандыжабдықтау» басқармасының бастығына «Құдай үшін жоғары қысымдағы насосты ең болмағанда біреуін пайдалана отырып, көмір бассейнінен болашақта бензин өзенін ағызуға көмектес» деп сұрады. Балқаш тау-кен комбинатында мыс кендерін кешенді өңдеудің технологиясын өндіріске енгізгені үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Ол өзі жайлы академик болған кезінде де мен өндіріс маманы, металлургпын деп мақтанышпен айтушы еді. Қазақстан мен Оралдың түсті металлургия кәсіпорындары оны өздеріндей көріп, өте қажет адам ретінде қарсы алатын. Ол кеңесші, рацинализатор, өнертапқыш. Жетпіске жуық авторлық куәлік пен шетелдік патент иесі. Ол қайтыс болғаннан кейін, Қарағанды химия металлургия институтына Москвадан ресми хат келіп, фосфорды электрохимиялық жолмен қышқылдандырудың жаңа тәсілі үшін оған авторлар аты «Бөкетов пен Баешев тәсілі» деген атқа ие болғандығын хабарлайды [465, 7-8 б.]. Ол коммунист, азамат, ақын, ғалым. Оның кемшіліктері мен қателіктері болғанымен, өзіне ғана тән еді, бірақ оның үлкен қайырымдылығы, қарапайымдылығы, өз туған мәдениеті үшін істегені болашақ ұрпақ үшін үлгі.

Интеллигенция тарихын зерттеген ғалым В.А. Куманев. «30-е годы в судьбах Отечественной интеллигенции» деп аталатын 1991 жыл жарық көрген еңбегінде: «империалистердің жұмысшылар мен шаруалардың бірінші мемлекетіне қауіпі төнуі мүмкін деген сталиндік насихат, бас хатшы мен оның төңірегіндегілердің қатаң күштеу әрекетін ақтаудың басты факторларының бірі болды. ЖЭС-ты жою, басқаша ойлағандарды қудалау, партиялық өмірдегі, өндірістегі, мәдениеттегі, биліктегі әміршілдік тәсілдерді «социалистік индустриализацияны» және «ауылды жаппай ұжымдастыруды» ақтау», - деп түсіндіруге тырысты. Мемлекеттік-партиялық механизмнің бюрократиялық «басшы кадрлары» пайда болды. В. А. Куманев партиялық және күштеу аппаратына ие болған Сталиннің мақсаты - самодержавиеге жетуде кедергі келтірген қаптаған адам топтарын аяусыз құрту болғандығын қарастырады [444, 31-32 б.].

Тоталитарлық бюрократтық жүйе кезеңінде әділетсіздікті көрген мамандығы бойынша инженер-геолог, көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, КСРО Лениндік және Қазақ КСР мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор-педагог Шахмардан. Есенов болатын. Шахмардан. Есенов жайлы «Біртуар Шахмардан», Абдолла Дәулетұлының 2007 жылы «Мәуелі әулет» деп аталатын еңбектері жарық көрді. «Біртуар Шахмардан»деп аталатын жинақта ғалым Сәдуақас Құрманов «Шахмардан Есенов қандай лауазымға, қандай атаққа, қандай дәрежеге ие болса да асып-тасып, болдым-толдым демейтін, өз еңбегін ел-жұртының еңбегіне санайтын ерекше жаратылған тұлға еді» баға береді.

Саяси қоғамдық «Ақиқат»журналының бас редакторының орынбасары Мәжитов Марат мырза, өзінің «Халқым деп соққан жүрегім...» атты Шахмардан Есеновпен болған арнайы сұхбатында: «...Шахмардан аға (Сіз Лениндік сыйлықтың лауреатысыз. Кешегі бір аумалы-төкпелі кезде сол сыйлығыңыз жөнінде де алып-қашпа, өсек-аяңдар болды-ау деймін?)» деп сұрақ қойғаны белгілі. Сонда Шахмардан тілшіге берген жауабында «...Маңғыстау өңірінде, әсіресе, Бозашы төңірегіндегі мұнай, газды зерттеп, оған әрдайым экспедиция ұйымдастырып, өзім де белсене араласқанымды ешкім жоққа шығара шығара алмақ емес. Менің басқаруыммен Жетібай, Өзен мұнай орындары ашылды. Бұлар кейін ашылған үлкен мұнай көздері еді. Мен бұл жолда білімімді де, тәжірибемді де ортаға салдым. Мұнай барын, мол қорын нақтылы дәлелдедім. Осы теңдесі жоқ мұнай - газ көздерін ашқанымыз үшін бес кісі Лениндік сыйлықтың лауреаты атандық. Жетеу едік, Мәскеу екі қазақты сызып тастапты. Менің жеке еңбегім болмаса, өзімді осы топтан өзім- ақ сызып тастар едім, оған адамдық арым да құдіретім де жетер еді. Мен жалпы өзімді билеп-төстей білетін кісімін. Ешуақытта біреудің айтқанына еріп, біреудің жетегінде жүріп көрмеген адаммын. Өз ақылым өзіме төреші, Отан алдындағы қызметім шығар, екі мәрте Ленин орденімен марапатталдым. Екі рет Социалистік Еңбек Еріне ұсынылдым, бірақ неге екенін қайдам, Еңбек Ері болғаным жоқ..., Екі рет Жоғарғы Кеңестің төрағалығына сайландым...» [466, 102-103 б.].

Қазақ ғылым әлемінің бір жарқын жұлдыздарының бірі, академик Қозыбаев Манаш «Ел баласы – Сыр баласы Шахаң туралы сыр» атты естелігінде «...Қазақтың ...әкеңнің баласы болма, елдің баласы бол» деп айтарындай, өз замандастарына «Шах аға» аталған Шахмардан Есенов – міне осыдай ұлт перзенті, ел баласы,. Осы арада толассыз жарға соғып, аласапыран заманы дабылдатқан ХХ ғасыр ұлысы Әлихан Бөкейхановтың өзін «Қыр баласы» деп атауы ойына еріксіз оралады. Әлекең бастаған ұлы шоғыр Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, «Елім-ай» деп зарлап өмірден өтті. Қуыршақ Кеңес Қазақ республикасының болмысына қарамай, даналықтарын танытып, «Құйрықты» жұлдыздай аспан әлемін қақ жарып, таңдандырып олар кетті. Міне сол кезеңде «ат тұяғын тай басып» «қыр балаларының орнына жас буынды бастап», «Сыр баласы» Шахаң келді...» деп баға береді [466, 105-103 б.].

1973 жылы Әбунасыр Әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуына арналған дүниежүзілік конференцияға Азия мен Африка және Европа елдерінен ғалымдар келіп, бас баяндаманы Ш. Есенов жасайды. Онда сөз кезегін алған пакистандық Фаиз Ахмад Фаиз «...Ғажайып өлке Қазақстанда қазір таңғаларлық Ғылым Академиясы, ғылыми-зерттеу институттары өсіп жетілді. Әлемге әлі де бір әл-Фараби емес, оның бірнеше ойшыл ұрпақтарын беретіндеріңізге сенемін. Соның бір мысалы, Қазақстан Ғылым Академиясының қазіргі президенті, осы жиынды ұйымдастырып, тамаша баяндама жасаған бауырымыз Шахмардан Есенов деп білемін» ағынан жарылады [466, 124-126 б.]. Мұндай шамадан артық мадақтауға бой үйретпеген Шахмардан Есеновке бұл тосын болғаны рас. Алайда халықаралық форумда айтылып, қонақтардың бүкіл дүиежүзіне айтып жүреміз деп жариялауы түбінде пайдасынан зияны көбірек болуға әкеліп соқты. Шахмардан Есенов өмір бойы «Үлкен кісі» деп ұлағатты ұстазым деп мақтан тұтып жүрген ағасы Д. Қонаевтың «Үлкен» жүрегі ретсіз шаншып, мен тұрғанда бұл батырдың атағы мен абыройы қалайша ғалам орбитасына көтеріледі деген пендешілік ой, сезім қысқа мерзімде бүкіл жан-дүниесін баурайлап алғандай күн кешсе керек. ...күншілдік, көре алмаушылық, көрсоқырлық деген қызыл көз пәлелерге кеңінен жол беріліп, өкінішке орай сол жылдардың қасіретіне айналғаны рас [466, 126 б.]. Халқының қамын ойлаған, мақтан етуге тұрарлық Шахмардан Есеновті ешкімге керексіз етуге тырысқан пенделер не ұтты.

Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Садуақас Құрманов Шахмардан Есенов жайлы жазған естеліктерінің бірінде «Шахаңның жүні жығылып, көңілі жүдеп жүрген кезінде мәскеуде іссапарда жүріп, бір топ астаналық жолдастарымен кездесуіне қатынастым. Жабырқаулау отырған Шахаңа бір мәскеулік ғалым «...Шаха, сені қалай кінәласа, олай кіналасын, саған не десе, о десін. Сендей қазақ болған жоқ, болса да өте сирек болды. Сен ұлы болдың, ұлы болып қаласың...». Әркімнің тарихтағы орнын, оның ішінде ұлылығын, тарих өзі сараптап шешетін болар. Бірақ сол мәскеулік ғалым айтқандай, біздің көзқарасымызша да Шахаңдар ұлылардың қатарына жата алатындай-ақ адам болған-ды [467, 55 б.]. Абдолла Дәулетұлы Шахмардан Есенов жайлы «Қолда барда алтынның қадірі жоқ дегендей сол дәрежеде жұмыс жасап келген, жасай беретін абзал азаматқа күншілдік пен көре алмаушылық атанған ауруларға душар болған пенделер, бір жылдан кейін министрлік қызметті де көп көргені белгілі. Оның үстіне Алматыда жүріп-тұрудың өзіне, отбасы, бала-шағасы қасында болуды артық санаған сұрқиялар Балқаштың бетпақ даласына қуғаны, есі дұрыс адамның ақыл ойына сыймайтын пасықтық, пақырлық, бишаралықтың шегінен шығып, кешегі министр, академия Президенті, Жоғары Кеңес төрағасы, дүние жүзіне танымал ғұлама ғалымды шағын кен барлау тобына жетекші боласың деп Астанадан айдап шығуы сол күндердің көсемдері аталған «азаматтардың» кісілік деген қасиеттен жұрдай болғанын» ашына жазады [466, 138 б.]. Ғалым Т. А. Акишев «Академик Ш. Есенов неге тіс жармады?» деп аталатын естелігінде «Балхаштың Қаратас молибден-мыс кенішінде жүрген Шахаңа арнайы соғып сәлемдескенін, бірнеше сағатқа созылған пікір алмасуларда Солтүстік Балхаштың геологиялық, тектоникалық, металлогениялық ерекшеліктерін тілге тиек етіп, бұл аймақтағы барлау әдістерін жаңаша ұйымдастыру қажеттігі жайлы жан-жақты сұқбат болғанына тоқталады. Мен шаршап, шалдыққан, уайым қайғыға кезіккен адамды емес баяғыдай жымиған күлкісі жайдары жүзі, ақ жарқын жүрегі ашық ойы бар Шахмардан Есенұлын көріп, ол кісінің қайраты мен қажырлы қайсарлығына тебіреніп отырып қуанған едім дейді» [466, 140 б.]. Өмірінің соңғы жылдарында өзі бітірген бұрынғы Қазақ политехникалық институтына қазіргі Қазақ Ұлттық техникалық университетіне пайдалы қазбалардың кен көздерін іздестіру және барлау әдістері кафедрасының меңгерушісі болып келіп, конкурстан өтіп, қызметке кіріскенде, Есенов рұқсатсыз ел билігіндегі білгіштермен ақылдаспай, Алматыға оралғанын, конкурсқа қатысу жөніндегі құжаттатырының күшін жоюды талап еткенімен, ректор бұл мәселенің ректорат құзырындағы іс екенін , оны өткізуде ешқандай ретсіздік, заңсыздық жоқ екенін айтады. Алайда кафедра меңгерушісі емес профессор ретінде қызметке алады. Ш. Есенов Қазақстанның халық шаруашылығы үшін жоғары білімді техникалық интеллигенция кадрларын дайындауға үлкен үлес қосады [466, 141-142 б.].

2000-шы жылдардың басында алаш қозғалысының белсенді қайраткерлерінің бірі, қазақ арасынан шыққан жоғары білімді инженер Мұхамеджан Тынышбаев жайлы зерттеу жұмысын жүргізген ғалым Г.С. Жүгенбаева «Бүкіл кеңестік индустрияландырудың алғашқы ұлы жеңістерінің бірі – Түркістан-Сібір темір жолы іске қосылып, бүкіл халық болып осы қуанышты тойлап жатқанда, оның басшысы, негізін cалушы инженер М. Тынышбаев кенеттен тұтқынға алынды. Бұл 1930 жылдың тамыз айының 3-ші жұлдызы болатын» деп атап көрсетеді [468, 9 б.]. Сонымен бірге сол жылдың қыркүйек, қазан айларында Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ж. Ақбаев, Ж. Күдерин, Қ. Кемеңгеров және басқа қазақ зиялыларының тұтқындалғандығын айтады. Олардың контрреволюциялық ұйым құрған деген айыппен тұтқындалғанын айқындай келе, «социализм жеңістерін мойындай қоймаған «халық жауларының» әрқайсысы өздерінің «қылмыстарына» сай жазаға тартылды. 1932 жылдың 20-шы сәуірде №2370 іс бойынша РКСФСР Қылмыс Кодексінің 58/3 баптарының тармақтарымен айыпталған М.Тынышбаев жазасын өтеу үшін, алғаш 1930 жылдан бастап, бес жыл мерзімге концлагерьге қамауға жіберіледі. Кейіннен бұл жаза Ресейдің Орталық Қаратопырақты аймағына (Воронеж қаласына) жер аударумен алмастырылды. Мұндай жазаға сонымен бірге Х Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ж. Ақбаев, Ж. Күдерин, Қ және т. б. қайраткерлер де кесіледі деген деректерді келтіреді [468, 10 б.].

Зерттеуші Г.С. Жүгенбаева М. Тынышбаевтың жер аудару мерзімі 1935 жылдың жазында аяқталғанымен, қуғын-сүргіннің мұнымен тоқтамайтындығын түсінген ол отбасын Қазақстанан тыс жерге Уфа қаласына жібергендігін жазады. Өзі Ташкентке үлкен қызы Фатанадбанудың жанына келгенімен, мұнда да Ішкі Істер Халық Комиссариатының қарамағынан құтылмағандығын айтады. Сталиндік қуғын-сүргіннің жаппай сипат алған екінші кезеңінде, яғни 1937-ші жылдың 21-ші қарашасында Өзбек ССР-і Ішкі істер Халық Комиссариаты тұтқынға алады. Бұл жолы оған таңылған айып 1917 жылы Қоқан қаласындағы Түркістан автономиясын басқарғандығы болды. Осындай «айыпты» арқалаған М. Тынышбаев 1938 жылы 20-шы сәуірде атылды деген анықтаманы алға тартады [468, 10 б.]. Зерттеуші Кеңес Үкіметі алашорда қайраткерлерінің өткенін ұмыта да, кешіре де алмады деп, тоталитарлық жүйенің 1920-шы жылдардың ішіндегі жеңілістерінің бәрі М. Тынышбаев тәрізді «тап жауларының», «қазақ еңбекшілерінің қас дұшпандарының», тонын теріс айналдырған зиянкестердің – Алаш қозғалысына қатысушы «буржуазиялық ұлтшылдардың» кінәсінен деп түсіндірілді деп пайымдайды. [468, 10 б.]. Автор осындай біржақты идеологиялық көзқарас ұлттық апатқа – саяси репрессияның қанды шеңгелінің Алаш қайраткерлерін түгелдей үрім-бұтақтарымен, туған-туысқандарымен қоса құртып жіберуге және қуғын-сүргінге ұшыратуға алып келді деп қорытындылайды [468, 10 б.].

Репрессияға ұшыраған Қазақстан интеллигенциясының мұрасын зерттеу қорының қолдауымен 2001 жылы «Арыс» баспасынан Федор Осадчийдің «Великий творец добра и света (страницы судьбы инженера М. Тынышпаева)», - деп аталатын еңбегі жарық көреді [469]. Еңбекте инженер М. Тынышбаевтың тағдыры жан-жақты сараланған. Федор Осадчий Мұхамеджан Тынышбаевтың қызы Фатима жайлы мәлімет бере келіп, әкесі Воронежге жер аударылғанда екі рет барғандығын, ұлы Ескендірдің де іздеп барғандығын жазады. Фатиманың «1937 жылы чекистер «халық жауларының» балалары біздерден ата-аналарынан бас тартуды талап етті, мұндай үрей мен қорқынышқа шыдамағандар келісімдерін берді. Ал мен қадірлі де сүйікті әкеме әрқашан адал болдым деп», - деп айтқан сұқбатын келтіреді [469, 97-98 б.].

Г.М. Какенова. 1930-шы жылдардағы тоталитарлық жүйе саясатын халықтың ең таңдаулы өкілдерін жою саясаты деп айтқан заңды. Осы жылдары Кеңес өкіметі интеллигенцияның шығармашылығына шектеу қойып, физикалық жағынан жоюға дейін барды деп пайымдайды [103, 359 б.].

Осы мәселе туралы енді-бір тарихшы-ғалым Т. Омарбеков 1930-шы жылдардағы ОГПУ құжаттарының мазмұнына қарай отырып, халық арасындағы беделді мемлекет және қоғам қайраткерлері билік тарапынан осы жылдары қуғын-сүргінге ұшырағанына айғақ бола алатындығын жазады. Олардың ұлт-азаттық қозғалысында жетекші рөл атқарып, кеңес өкіметін орнатуға үлес қосқанын айтады. Осындай тұлғалар «ұлтшылдық» «түркішіл» «исламдық» бағыт ұстанды деп айыпталып, оларға «шпиондар» «контрреволюционерлер» деген атақ берілгендігін ашып көрсетеді [470, 119 б.].

Жас ғалымдардың бірі Г. Идрисова «ғылымдарға деген бұндай әділетсіздіктің ең басты түрткісі тоталитарлық қоғамның ғылыми шығармашылық интеллигенцияның қызметін өз ұстанымы бойынша дамытуға деген мемлекетік бағдарынан туындап отыр», -деп баға береді [471, 80 б.].

Қорыта келгенде, өндірістік-техникалық интеллигенцияға қатысты мемлекеттің ұстанған саясаты мен тоталитаризм қылмысын зерттеу тарихында елеулі ілгері басушылық байқалды. Тарихшы ғалымдар кеңестік кезеңдегі үстемдік етуші идеологияның әрбір кезеңдегі өзіндік ерекшеліктерін айқындады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет