«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



бет17/56
Дата05.02.2022
өлшемі6,67 Mb.
#6245
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   56
ИНСТИНКТ (лат. Instinctus – түйсік, ырықсыз сезім) негізінде туыла біткен, шартсыз рефлекстерді қамтитын, өмірлік маңызы болатын әрекетті жасауға бой ұрғызатын қасиет, түрлердің тұқым қуалайтын икемді мінез–құлқы. Инстинкт ұғымының ғылыми талдануы ХVІІІ ғасырдан басталды. Оны француз философы және дәрігер Ламетри жануарлардың дене құрылысымен, және жүйке жүйесімен байланыстырып, инстинктілік әрекеттердің автоматты жүзеге асатынын аңғарады. Кондиляк оны ақылдың редукциясы, Де Руа енді пайда болып келе жатқан ақыл ретінде анықтайды. Француз ғалымы Фредерик Кювье И–ге тән туа бітетін және таптаурындық белгілерді байқайды. Ламарк өзінің «Зоология философиясы» (т. 1 – 2) еңбегінде жануарлар И–сі пайда болуының түпкі тегіне байланысты екеніне, маңызды өмірлік қажеттіліктерді қанағаттандыруда пайда болғанына сілтеме жасайды.
ХХ ғасырда экспериментальді биологияның жетістіктеріне сай И. проблемаларының зерттеулері тереңдей түседі. И. түрдің туабіткен мақсатына лайықты мінез–құлық қызметі, сыртқа ортаның белгілі бір әсеріне, ішкі тітіркенулер, қан құрамының өзгеруі (гормональді факторлар) және ішкі секреция бездерінің (жыныс, гипофиз, қалқанша без және т.б.) жауабы ретінде пайда болатыны анықталады.
Сеченев пен Павлов жануарлар мінез–құлқы негізінде жататын физиологиялық механизмдерді ашты. Павлов И–ні ағзаның қоршаған ортамен тұрақты байланысы жүзеге асатын, күрделі шартсыз рефлекстер ретінде анықтайды. Ең басты инстинктілер: тамақтану (азық), өзін қорғау (қорғаныс жасау), көбейю (жыныстық, ата–аналық), бағдарлық, сұқбаттасу (топтық үйірлік). И–лік қызметтің қалыптасуы анатомды–морфологиялық құрылымның дамуымен, әсіресе жануардың осы түрінің жүйке жүйесімен тікелей байланыстырады. Омыртқасыз жануарларда И. қызметті реттеу бастың ганглиясымен, ал омыртқалы жануарларда мидың қабық асты бөліктерімен жүзеге асады.
Адамда И. бағынышты рөл атқарады. Оның мінез–құлқын әлеуметтік қатынастармен және өзіндік ерекшеліктерімен қалыптасқан жоғарғы жүйке жүйесі тежеп, өзінің бақылауында ұстайды. Сондықтан, адам мінез–құлқының саналы және рухани сипаты, психикасының жануарлар психикасынан сапалы айырмашылығы болады.

Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 12. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Астана: Аударма, 2007; Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.




ИННОВАЦИЯ (ағыл. іnnovatіon – жаңалық) — мәдениеттану мен социологияда этностың алғашқы даму кезеңінде болмай, кейіннен пайда болған мәдени құбылысты айқындайтын ұғым. И. мәдениеттің ішкі даму кезеңі, жаңаша тану және сыртқы даму кезеңі, байланыс, ұмтылыс нәтижесі. Мәдениеттануда И. — қоғамның динамикалық дамуының қажеттілігінен туындайтын мақсатты түрдегі байланыс арқылы дамыту (металлургияның дамуы, жануарларды қолға үйрету, өсімдіктерді қолда өсіруге бейімдеу, техниканы дамыту). И–ның келуінде кездейсоқтық пен сыртқы ықпалдың да әсері күшті. И–лық мәдениеттің этнос мәдениетіне енуі үш кезеңнен тұрады: 1) Таңдау, талдау кезеңі, сырттан келген мәдени құбылыс толық енбей, сұрыптаудан өтеді. 2) Модификация кезеңі. Онда этнос мәдениетінің ерекшелігі маңызды рөл атқарады. 3) Интеграция кезеңі. Сырттан келген мәдени құбылыс жаңа немесе өзгеше екені байқалмай, сол этностың дәстүрлі мәдениетімен үндеседі.

Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.




Интеллект (лат. Intellektus – түсінік, таным) – мәселелерді тануға, ұғынуға және шешуге жалпы қабілеттілік. И. ұғымы тұлғаның сезіну, қабылдау, есте сақтау, ұғыну, ойлау, қиялдау сияқты барлық танымдық қабілеттерін біріктіреді. Академик Н.Н. Моисеевтің айтуынша, И. ең алдымен, мақсат қою және сол мақсатқа жететін ресурстар мен стратегияларды жоспарлау. И–тің бастапқы нышандары жануарларда да болады және осы деңгейде де И. мақсат қою және мақсатқа жету арқылы жануарлардың дамуына ықпал еткен және ықпал етеді. И. ықпалы бір адам өмірімен шектелмейді. homo sapiens түрінің И–ті дамығаны сонша ол оны жануарлар әлемінен бөліп, әлеуметтік және өркениеттік дамуға көшірді. В. Прайдтың айтуынша, И. адамзат дамуының қазіргі және келешектегі динамикасын анықтайды.
И. қабілет ретінде басқа қабілеттер арқылы жүзеге асады. Олар тану, үйрену, қисынды ойлау қабілеттері, зерделеу арқылы ақпаратты жүйелеу, оның пайдалылығын анықтау, онан байланыстар, заңдылықтар және айырмашылықтар табу, ұқсас нәрселерді бір–бірімен салыстыру. Адам ақылының мәнді қасиеттері ретінде ақылдың сыншылдығы мен тереңдігін, елгезектігі мен икемділігін, қисындылығы мен уәжділігін атауға болады. Ақылдың кейбір қасиеттерінің дамуы бір жағынан генотипіне тәуелді болса, екінші жағынан өмірлік тәжірибесіне байланысты. Тоталитарлы әлеуметтерде тар ойлау шеңбері пайда болады, ол өз–өзіне тек мансапқор, пенделік мақсаттар қою, ол зерде балаңдығына әкеледі. Тұлға тек топтық, тобырлық стереотиптермен тірлік етеді. И. мазмұнында деформация пайда болады. Ондайда ой ригидтік нәрсеге айналады, өзгеріске көнбейді, бәріне тек шаблонмен қарайды. Бұл И–ің басты қасиеттерін жоғалтумен бірдей.

Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова. Алматы, 2007.




ИНТУИЦИЯ (орта ғасыр. лат. іntuіtіo, лат. іntucor – қадағалап қарау, үңілу) — алдын ала әр түрлі дәлелдеу арқылы талдауларға сүйенбестен ақиқат ілімді иелену. И. тікелей интеллектуалдық білім түрі (интеллектуалдық интуиция) ретінде қабылданды. Декарт өз ілімінде интуитивті түрде табылатын, дәлелдеуді керек қылмайтын айқын, ақиқат танымды И. мағынасында қарастырды. И. мен дедукцияны ақиқатты ашудың басты құралы деп біледі. Спинозаның пікірінше, танымның үш түрі болады: ең төменгісі сезім мүшелерінің көмегімен жүзеге асады; одан кейінгісі ақылға сүйенеді, бірақ әр түрлі дәлелдеуді керек етеді; ең жоғарғысы да ақылға сүйенеді, бірақ дәлелдеуді керек қылмайды, заттың мәнін бірден ашып береді. Бұл — И. болып табылады. Интеллектуалдық И. танымының ең жоғарғы түрі деп танылады. Фейербах И–ны танымның сезім арқылы әсерлену түрі деп таныйды. И–ны организмнің ешқандай алдын–ала түсіндірілмей келетін инстинктік қалыбы ретінде (Бергсон), шығарм.–тың санасыз келетін алғашқы шарты (Фрейд) деп те тану ғылымда орын алған.

Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.




КӘЛӘМ (арабша – сөз, пікір) – пайғамбар өмірден өтісімен пайда болған діни пікірталас барысында VIII ғасырда қалыптасқан ислам дініндегі философиялық ілім, араб–мұсылмандық теориялық рефлексияның алғашқы бағыттарының бірі. Рафидиттер, хариджиттер және мурджиттер арасындағы идеялық күрес барысында орнықты. Кәләмнің пайда болуы Уәсил ибн Атаның (748 жылы қайтыс болды) есімімен байланысты. Кәләмнің екі кезеңі бар: ерте кезең, мутазилиттік («дараланған») және кейінгі кезең ашариттік, Әбу әл–Хасан әл–Ашаридің (873 – 935) есіміне орай аталған. Кәләмда адамның еркі мен әрекеті үшін жауапкершілігі мәселесінен бастап философиялық мәселелердің тұтастай шоғыры талқыланды. Кәләм бойынша, Алланың аянында берілген ақиқатты қияс («салыстыру») арқылы бекітуге болады, бұл зерденің дербестігінен хабар береді. Әуел бастапқы жаратылыс пен оның жаратылған әлеммен байланысы құдайдың атрибуттары мәселесі ретінде көрініс табады. Құдайдың атирбуттары «өзіндік атрибуттар» (сифат аз–зат) және «қимыл атрибуттары» (сифат ал–фил) деп бөлінеді. Ең негізі атрибуттарға ілім, құдірет, ерік және өмір атрибуттары жатады.


КЕСКІНДЕМЕ, живопись–бейнелеу өнерінің бір саласы, белгілі бір заттың бетіне (кенеп, ағаш, қағаз, т.б.) бояу арқылы са–лынатын көркем шығарма атауы. К. заттың сыр–сипатын, нәрсе мен кеңістіктің қарым–қатынасын, сәуле мен көлеңкенің құлпырымын үндестіре бейнелейтін көркемдік және танымдық қуатымен ерек–шеленеді. Ол көрерменнің сезіміне, ойына әсер ету арқылы эстет. ләззат береді. К. туындылары жеке бір тұлғаны, дара көріністі бейнелеп қана қоймай, күрделі сюжетке, оқиғаларға құрылған шытырман соғыстарды да бейнелеп мәнін ашады. К. – тақырып аясы кең, көп жанрлы (тұрмыс–салт көріністері, соғыс жанры, хайуанаттар тақырыбы, т.б.) өнер саласы. Арналуына, орындалу сипатына, бейнелеріне қарай К. бірнеше топқа бөлінеді. Олар: 1) монументті–сәндік К. (қабырға бетіне, үйдің ішкі төбесіне (пла–фондар), қабырғасына (панно) салынатын суреттер); 2) қондырғылы К. – суреттер, яғни картиналар; 3) сәндік суреттер (театр, кино көрі–ністерін, ондағы киім үлгілерін әсемдейтін суреттер, икона салу, миниатюра, т.б.). Диорама, панорама да К. түрлеріне жатады. К. туындылары суреттің өңін келтіретін бояулардын түрлері мен оны салу әдістеріне карай да жіктеледі. Мыс, майлы бояулы К., фреска (кеппеген сылаққа сулы бояумен салынады.), темпра, желімді бояумен, балауызбен, сырлы бояумен салынатын суреттер. К–нің керамик. бояумен (тез балқитын әйнек–сырды күйдіріп жапсыратын), силикаттық бояумен (еритін әйнек) салынатын, т.б. түрлері бар. Мозаика мен витраж да К–мен ұштасып жатады. К. туындыларын жасауда акварель, гуашь, пастелъ, тушь та молынан қолданылады. Қайта өрлеу дәуірінің ең ірі суретшілері: Мазаччо, Ботичелли, Леонардо да Винчи, Микеланджело, Рафаэль, Джорджони, Тициан, Паоло Веронезе, Тинторетто (Италияда), Я. ван Эйк, П.Брейгель (Нидерландта), А.Дюрер, Х.Гольбейн (Гер–мания). XVIIXVIII ғ–ларда Еуропада К–нің дамуы одан әрі жалғасты. Франция (Н.Пуссен, А.Ватто, Ж.Б. Шарден, Ж.Л. Давид), Италия (М.Караваджо, Дж. Б.Тьеополло), Испания (Эль Греко, Д.Веласкес, Ф.Сурбаран, Ф.Гойя), Фландрия (П.П. Рубенс, А. ван Дейк), Голландия (Рембрант, Я.Вермер), Англия (Г.Гейнсборо, У.Хогорт) пен Ресейлік (Ф.С. Рокотов, Д.Г.Левицкий, В.Л. Боровский) К–нің ұлттық мектептері пайда болды. XIX ғ–дын аяғында жөне XX ғ–дың басында дүние жүзі бойынша К. өнерінің дамуы зор қайшылықтарға тап болды. Реалистік және модернистік ағымдар күрес үстінде қатар өмір сүрді. Азия, Африка, Австралия, Лат. Америкасы елдерінде К–нің жаңа мектептері туды. Постимпрессионизм К–сінің өзінде–ақ (П.Сезанн, В. ван Гог, П.Гоген, А.Тулуз–Лотерек), ішінара "модерн" К–сінде де XX ғ–ға тән кейбір ағымдардың ерекшеліктері айқындала бастады. XX ғ–дың бас кезінде көптеген модернистік ағымдардың (кубшылдық, футуризм, сюрреализм, т.б.) туындыларында көрініп түрған дүниенің оп–оңай аңғарылатын элементтері ретсіз сызықтарымен суреттеледі, кейде ойда жоқ абстракт формаларға айналады. Мұндай ағымдардің көбі бара–бара өзіндік бағытқа айналды. 1960 жылдардың орта шенінен бастап Бат. Еуропа мен Америка К–сі "топ–арттың" бір саласының бөлігін құрады. К. техникасында жаңалық іздеу үрдісі күшейді. Балауыз бен темпераны пайдалану жиіледі. Монументтік К–де жаңа бояулар та–былды.
Қазақ халқының бейнелеу өнері, оның ішіндегі К. жанрының ежелгі ескерткіштері палеолит және неолит дәуіріне саяды. Олар үңгірлерге салынған бейнелер ретінде кезігеді (Қаратау, Хантау, Жасыбай үңгірлері, т.б.). Сонымен қатар, Таңбалы тас шатқалында (Жамбыл обл.), Бұғытас қорымында (Шығ. Қазақстан обл.) жануарлар, адам кескіні түрінде кезігеді. Халық арасында көптеген кескіндемеші шеберлер болған, бірақ олардың көбінің аты бізге беймәлім. Казақтан шыққан алғашқы кәсіби кескіндемеші – Ш.Уәлиханов. Оның акварельмен салған портреттік, пейзаждық жұмыстары: "Сырымбет", "Сартайдың портреті", "Шақырым бағандары", т.б. бар. XIX ғ–да казақ халқының өмірі туралы В.Штернберг ("Түйе", "Киіз үй тұсындағы көрініс"), А.Горнович ("Ақмешітті алу"), А.Чернышев ("Қазақтардың көші", "Қонып жатқан қазақтар"), В.Верещагин ("Аңшы қырғыз (қазақ)", "Лепсі даласындағы таулар"), т.б. суретшілер өз туындыларын жазды. 1847 – 57 жж. Т.Г. Шевченко қазақ даласында қуғында жүргенде жергілікті халықтың өміріне байланысты "Байғұстар", "Киіз үйде", "Мемлекет жұдырығы" деген суреттер салды. Қазақтың бейнелеу өнерінің негізін қалауда Н.Хлудовтың еңбегі зор болды. Ол 1877 ж. Қазақстанға коныс аударып, қазақ халқы өмірінен көпте–ген суреттер салды. Оның алғашқы шәкірттері: Ә.Қастеев, С.Чуйков, т.б. Қазақ кәсіби К. өнерінің тарихы XX ғ–дың 20–жылдарынан басталады. Ол дамудың қиын жолдарынан өтті. Алғашқы қазақ К. мектебінің негізін салушы Ә. Қастеев. Одан кейін қазақ К. өнерінің тарихы бір топ дарынды суретшілер: Ә.Ысмайлов, ағайынды Қожахмет пен Құлахмет Қожықовтар, Б.Сәрсенбаев, О.Таңсықбаев есімдерімен толықты. 1960 – 70 ж. қазақ К. өнерінің атын шығарған суретшілер М.Кенбаев, К, Телжанов, Т.Ысмайлова, Антощенко–Оленев, К.Баранов, А.Ғалымбаева, Л.Леонтьев, С.Мәмбеев, Ү.Әжиев, С.Романов, Ж.Шәрденов, т.б. есімдері көпшілікке танылды. 1970 – 90 жылдары қазақ К–де жаңа леп, жаңа көзқарастағы суретшілер тобы (Е.Сидоркин, Ш.Сариев, С.Айтбаев, Б.Сыдыханов, М.Аманжолов, Е.Төлепбаев, Б.Түлкиев, З.Түсіпова, т.б.) келіп, К. өнерін жаңа биікке көтерді. Осы кезеңде бұрын жабық тақырып болып келген 20 ғ–дың 30–жылдарындағы зұлмат кезең, атом полигоны және Арал қасіреті, т.б. ашық жазылды. Ішінара өнердің жаңа ағымдарына бой ұру (мыс, Сыдыханов, Түлкиев, т.б.) байқалды.

Әдебиет: Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық / Бас сарапшы Әшірбек Сығай. – Алматы: Аруна Ltd, 2005. – 656 б.




киелі – ырыс–құттың нышанын, берекенің бастауын білдіретін ұғым. К. түсінігін кейбір зерттеушілер христиан халықтарындағы “сакральды”, “қасиетті” (священный) сөздеріне теліп және аталған ұғымды тек діни мағынада түсіндіреді. Шоқан Уәлиханов қазақтар екі тылсым күшті: “киелі” мен “кесірді” мойындайды деген. Дәстүрлі мәдениеттегі ырымшыл қазақ үшін К. нәрселер мнемоникалық рәміздер қызметін атқарды. Батыстық бағыттағы зерттеушілер үшін К. діни әдет–ғұрыптармен ғана байланысты болса, номадалық тіршілік тынысын терең зерделеген ғалымдар К. деген деңгейден табиғи тылсым оқиғалар, құбылыстар мен нәрселерден көрінетіндігін атап өтеді. Мысалы, аспан шырақтары, жапан даладағы жалғыз ағаш, бұлақ, қолдан жасалған балбалдар, пұттар, қорғандар табиғи құбылыс және т.б. К. қасиетке өзімен өзі емес, керісінше, адамға тигізетін оң ықпалы арқылы ие болады.
Қазақ даласын жете білген поляк саяхатшысы Бронислав Залесскийдің “Қазақтардың К. ағашы” деген суреттемесінен осы мәселе жөнінде түбегейлі ақпарат алуға болады. Саяхатшының әрі суретшінің бейнелеуі бойынша, К. ағаштың жанынан өткен кезде «қазақтар түйелерін шөгеріп, аттың жабуын немесе кілемшені жайып қояды да тізелерін бүгіп, немесе малдас құрып отырып дұға оқиды. Сонан соң өздері де ағаш бұтақтарына киімінен жыртып алған шүберек немесе қой терісінің қиындысын, тіпті болмаса ат құйрығынан кесіп алған қылды ақтық ретінде байлап кетеді. Олар К. ағашқа ақтық байлау бақыт әкеліп, ауру–сырқаудан қорғап–қоршайды, өмір жастарын ұзартады деп ойлайды. Сондықтан, тек биік ағаш қана емес, шөлдегі жол бойында кездесетін аласа бұталарда да ақтық байлаулы тұрады. Мұндай ағашты кесу қазақтар үшін күнәнің ең ауыры болып саналады, сондықтан оның тіпті қураған бір бұтағын сындырар бір жан болмайды. Сонымен, “К.” және “кесірлі” түсініктерін не христиандық “священный” және “не угодный богу”, не мұсылмандық “қасиетті” және “мәкрұх” ұғымдарына қарағанда ерекшелігі бар. Қазақы дүниетанымда бұл ұғымдар көшпелілік өмір салтынан туындаған және адам мен дүниенің арақатынасын айқындай түседі.


Көңіл – айналадағы қоршаған ортаға, ғаламға, ақиқатқа, дүниеге назар салумен, олармен өзара үйлесім табуы нәтижесінде туындайтын адам жанының сырлы әлемін білдіретін философиялық категория. К. жеке адамның аксиологиялық тұрғыдағы табиғатымен тікелей байланыста бола тұра, адамның құндылықтық пайымдарын қайталай парықтап пайдаланады. К. – адамның жаны мен тәні арасындағы тұрақты қарама–қайшылықты мәмілеге келуін және қайшылыққа түсуін белгілейтін ұғым. Адамның көңілі тоймай, жалғанды бүтіндей қамтығысы келіп, дүниенің толық иегеріндей күй кешеді. Қиянат қылмаған К. – адам өміріндегі аса маңызды моральдық сапа. Хадис бойынша, дүниенің бекзаттығы К–дің байлығында, ақыреттің бекзаттығы тақуалықта болып табылады. К. абстрактілі ұғым, сондықтан да К–дің сан алуан күйін және тұрпатын айқындай түсетін ұғымдар бейнелі ойлаумен ұштас меңзеу тіркестермен беріледі. К–дің әсршілдік және танымдық мүмкіндігі шексіз. Ғалам ғажайыбынан, сазды әуезден, сөз өнерінің құдіретінен эстетикалық ләззат алып, олардың “көңілге түрлі ой салар” қуатымен ғибраттанып, хақтықтың шапағатын иеленетін де осы К. Мыс. “Адам ата мен Хауа ана” қиссасында Алла тағала адам денесін жаратқан төрт затының бірі судан адамның төрт қасиетінің бірі – К–дің жаратылғаны айтылады.
Көңіл–күй – индивидтің психикалық өмірінде құптарлық немесе құптамайтын эмоциялық толқын немесе әлсіз сапада көрінетін біршама ұзақ, орнықты психологиялық күй. Ол адамның аңсары мен арманын, шындықтың болмысын, қайғы–қасіретін, ренішін, қуанышын, мұңы мен тілегін, күнделікті тіршілік тұрмысын тұтас, түгел қамтиды. К.–.к–ң ахуалдық эмоциядан немесе аффектіден айырмашылығы – ол белгілі бір оқиғалардың тікелей салдары емес, адам үшін оның жалпы өмірлік жоспарлары, мүдделері мен күтулерінен тұрақты туындап жататын, олардың мән–мағынасына қатысты қобалжуға толы эмоциялық реакциясы болып табылады. К. адамның өмірге жалпылама да, нақты өміршең көзқарасын жеткізеді. Қалыптасқан К., өз кезегінде болып жатқан оқиғаларға қатысты тікелей эмоциялық реакцияға бірде оң (көтеріңкі, қуатты, демей), бірде теріс (үрейлендіре, жабырқата, зарықтыра) әсер етіп, осыған орай адамның қабылдау және мінез–құлқы бағытын өзгерте алады. К.–ң белгілі бір аңғырт күйін тудыратын себептерді ұғу, әйтпесе ұғыну дәрежесіне байланысты ол жалпы сезімталдық рай ретінде (көтеріңкі, беймәлім пәс) немесе анық сәйкестендірілген күй (сергіту, мұң, сағыныш, керісінше, қызығу, қуаныш, асу, лепіру т.б.) ретінде өтеді. Өзінің көңіл–күйін бақылай алу, оны саналы түрде жөнге келтіру адамның өзін–өзі ұстай білудің, өзін–өзі тәрбиелеудің түріне жатады. Жақсы, жағымды көңілді сақтайтын әрі жаман, жеңіл күйден өзін сақтандыратын тәсілдерді іріктеу және меңгеру – адамның өз мәртебесі мен сенімін көтерудің кепілдігі. Көңіл–күйді іріктеу және үйлестіру адамның мінез–құлқында байқалатын көтеріңкі сезімдік әрі жалпы эмоциялық жағдай. Жағымды эмоция тұрақтанбай көңіл күйдің себепсіз ауытқып тұруы, индивидтік үрейшілдік, орнықсыздық, теріс эмоциялылық қаиеттермен астасып, тіпті патологиялық күйге айналып кетуі де ықтимал. Күйдің бір түрінен басқа түріне алмасуын лезде сезбей де қаламыз. Расында, адамның мұң–мұқтажы мен қобалжу қарқынын пайымдай алмағанда, осындай біржақтылық көңілді жиі билеп алады. Халқымыз адамдардың көңіл–күйіне қарап, оларды шат, жайдары, жылы жүзді, жарқын мінезді деп мадақтап, ақтап немесе түсі суық, ызалы, тұйық деп сақтандырып жатады. Сонқтан көңіл көтеретін қасиеттер мен қылықтарды – ойын–сауықты, қалжың күлкіні, «сіз–біз» сыйластықты, өзара жақындасу тілектерін әрдайым, ашық қолдап отырған. Көтеріңкі көңіл–күй адамның өзін өзімен жарастыратын, өзгемен таныстыратын және табыстыратын қуат көзі. Адамның көңіл–күйі кейде өмірге деген жалпы қатынасын сипаттайды. Үйткені көңіл–күй сыртқы ортадан туындайды. Мысалы, адамның әл–ауқаты тиянақты, қызметі жақсы, ұжымы ынтымақты, отбасы жарасымды болса, онда оның көңіл–күйі көтеріңкі, серпілісті, сергек болады. Дені саудың көңілі қуатты, тартымды. Ісін дұрыс орындаған адам шат–шадыман ширақ күйге түседі, сеніммен күшейеді. Керісінше, тұрмысында қысылып еркін жүре алмаған әрекетінде сәтсіздікке ұшырайды, көздеген мақсатына жете алмайды. Содан үнемі қиналып, назасыздыққа ұшырайды. Адамға ықыласпен, құрмет тұта қарау, оның бойындағы жақсы бастауларды демеу, оны жамандықтан сақтандыру әрі ізгілікке тәрбиелеу көтеріңкі К. күйін сыйлап, адамның қабілет–қасиетін ширатудың бірден–бір емі әрі оның ішкі өтімді мотиві.


Көркемдік мәдениет – адамның рухани байлығының көне түрі және адамзат өркениетінің қордаланған, эстет ләзат беретін көріністері. Адамның қабілет–қасиеттері мен білімдері дамып, есі–дерті мен жады жетіліп, ұлттық мінез–құлықтары қалыптасып, адамзаттың әлеуметтік тәжірибесі жаңарған сайын оның көркемдік–мәдени қызметінің түрлері жетіледі, бір–бірімен ұштасады. Адамның рухани өмірінің жаңаруына өнердің жаңа түрлері мен көркемдік шығар. тәсілдерінің қолданыс табуы, ғылыми білімдердің жаңа салалары мен бағыттарының қалыптасуы әрқалай ықпал етеді.
К.м. дегеніміз эстет. құндылығы жоғары өнер шығармаларын жасайтын, тарататын, зерттейтін және игеретін рухани–практикалық қызмет үрдістерінің жиынтығы. Сондай–ақ оған бұрын–соңды жасалынған және жасаланып жатқан көркемдік құндылықтар мен шығармалар да жатады.
К.м–тің мән–мағынасы дүниені көркемдік тұрғыдан игеру тәсілі мен философиялық–эстетикалық көзқарастар аясында анықталады. К.м. дамудың сипатын негізгі үш фактор – еңбектің мазмұны, халықтың К.м құндылығын жасауға және таратуға қатысуы, мәдениеттің демократиялық элементтері қалыптастырады. Халықтың мәдени құндылықтарды өндірудегі қарым–қатынасы әр қоғамдағы К. м.–ті бағалаудың өлшемін құрайды.
Қоғамдық өмір мен К. м. арасында қалыптасқан заңдылықтар бар. Олар: көркемдік мәдениет сипатының қоғамдық–экономикалық формацияға, өндірістің қоғамдық тәсіліне тәуелділігі; көркемдік мәдениеттің таптық, ұлттық сипаты; көпфункционалдығы және оның рөлінің артуы; адамның рухани дүниесіне кешенді ықпал ету; тұлғалық дүниеде эмоционалды–сезімталдық деңгейдің басымдығы. Осы заңдылықтардың бір–біріне алмасуы К.м.–тің мәнін аша түседі. Мәдениеттегі демократиялық және интегративті үрдістер, көркемдік құндылықтардың жеткіліктілігі, көркемдік білімнің кең таралауы, өнер мен әдебиетте гуманистік бағыт пен реалистік тәсілдің айқындылығы – осының бәрі бірдей мәдениеттің көркемдігін мазмұндайды.
К.м. қоғамдағы әлеуметтік–экономикалық өзгерістерді бейнелеп қана қоймай, сол өзгерістерге белсенді ықпал етеді. Материалдық және рухани өндіріс заңдарының аясында К.м. дүниені өзгерту және игеру тәсіліне айналады. К. м. құрамында саяси, философиялық, құқықтық, діни, эстетикалық саналар өзара байланыста өмірдің идеялық негізін құрайды,
К.м.–тің тиімділігі мен салыстырмалы тәуелсіздігі, оның басты функциялары жүзеге асырылады. Оның функциялары: эстет. функция өнердің эмоционалды–сезімдік сипатымен, оның рухани рахат пен қанағат әкелетін, адамның жан дүниесін қобалжыту арқылы оны тазартатын, ширататын мүмкіндігімен құнды. Эстет. сезім мен қобалжу қайталанбас индивидуалды баға мен К–дік қабылдаудың индивидуалды ерекшелігіне қатысты, сол индивидуалды қабілет–қасиеттерге негізделеді.
Танымдық функция. көркемдік. қабылдау адамның, әлеуметтік топтардың, ұлттың пихологиясын ашып көрсету арқылы қоғамдық өмірдің күрделі қайшылықтарын тануға мүмкіндікті кеңейтеді. К. м. білім алудың индивидуалды ерекше қайнар көзі. Өнердің көркемдік бағытын, суретшінің өмірлік көзқарасын, түрлі ағымдардың идеологиялық платформасын мәдениеттің танымдық қызметінің арсеналы арқылы жүзеге асырамыз. Суретші өзінің дүниетанымы тұрғысынан қоғамдық өмірдің әр түрлі қырлары мен сырларын бағалап, қоғамның идеялық өміріне араласады, ондағы басым көңіл–күйдің ағымы мен сарынын жеткізеді. Осыдан көркемдік мәдениеттің тәрбиелік қызметі айқындалады. Тәрбиелік функция адамның рухани дүниесін қалыптастыратын қабілетке демеулік етеді; өнер шығарм–да азаматтықты, адамгершіл бастаманы, сезім тереңдігін насихаттай отырып, түрлі қоғамдық күштер арасында алдыңғы мақсат–мұраттың қалыптасуына және тарауына қызмет етеді. В.Г. Белинский үшін нағыз поэзия адамгершіліктен ауытқымайды.
К.м. білімді, сезімді тарату арқылы адамның рухани байланысының құралына айналады. Оны көркемдік шығарманың коммуникативті функциясы дейді. К.м.–тің қызметі өмірдің, өндірістің, өнердің әр саласында әр қалай көрініс алады. Оның әлеуметтік–психологиялық қызметінің түрлі болуы өмірдегі, адам санасындағы алуан өзгерістерге еркін араласуға жол ашады. Оқырманның, көрерменнің, тыңдарманның талғам–түйсігін, ішкі бостандығын жетілдіруге, мақсат–мұратын қалыптастыруға септігін тигізеді. Ол адамның рухани дүниесіне – ақыл–ойына, сана–сезімге және еркіне жалпылай және кешенді тұрғыдан ықпал етеді.


Көрнекілік ойлауды қабылдау мен түсінік арқылы жетілдірудің бір түрі әрі оқытуда заттар мен құбылыстардың әрқайсысының өзіне тән жаратылыс бітімін, қилы сыр–сипаттарын сезім мүшелері арқылы байқауға, қабылдауға баулитын дидактикалық қағида. Дидактикада К–ке қабылдаудың көру, есіту, сезіну сияқты түрлері жатады. Заттың табиғатына, сұрақтың мағынасына орай түрлі көрнекі құралдардың пайдаланылуы әбден ықтимал. Техникалық, жаратылыстану, гуманитарлық білім саласында К–ті қолдану мүмкіндігі, методикасы бір–бірімен үйлесе бермейді. К–тің әр түрін мақсатқа және оқу материалының ерекшелігіне орай пайдалана білудің маңызы зор.Оқушы ықыласы қажетті мәселеге шоғырланады, образды түсінік ұғымның қалыптасуына әрі теориялық ойланудың жетілуіне ұйытқы болады.


Креативтілік (лат. creatio – жасау, іске жарату) – адамның шығармашылық қабілетті таныту арқылы алдындағы міндетті төтесінен, оң шешуге арналған ерекше қасиеті; шығармашыл ойлануды жүзеге асыратын үрдістің маңызды бағыты; қауымдасқан байланыстарда мәртебе, ақпарат, маркетингтік мақсаттарды жүзега асыруға бағытталған стратегиялық шығармашылық. К. адамның ойында, сана–сезімінде, іс–әрекеті мен қарым–қатынасының кейбір түрлерінде, әсіресе олар белгісіздіктен арылтар шешім қабылдау барысында айқын орын алады. Креативтілік белгісіздікті қабылдап қана қоймай, идея, объект сияқты өнімді жасауда соны, жаңалық әкелетін қабілетпен ұласып жатады. К–ті интеллектпен бірдей түсінушілік қалыптасқан. К–ті шығарм–та сұлулық пайдаға қызмет етеді, көркемдіктің ішкі ресурсы коммерциялық мақсатқа жету үшін пайдаланылады. К–тің құрамы күрделі, өлшемі көп. Бұл ұғым а) өнім жасайтын тұлғаны, ә) идеяны жасайтын когнитивті процесті, б) шығарм. жүзеге асатын ортаны, в) шығармашыл қызметтің өнімін қамтиды (М. Родес). К–ілікте шығарм–қа қабілеттілік, шығарм–ық үрдісі мен өнімдері ғана емес, адамның өзін–өзі реттеу және тұлғалық–интеллектік әлеуетті жандандыру әрекеттері қатар тоғысады. Содан жоспарсыз жұмыс барысында күтпеген түрлі соңғы, жаңа идеялардың туындауын тездететін, танымдық немесе тұлғалық реттеуді үйлестіретін қабілет–қасиет көріністері айқындалады. Проблемалық нақты жағдайда К. әр бағыттағы және мағынасы ұқсас дұрыс шешімдерді табуды, ұсынуды тездетеді. Кең мағынада К–ті – тәжірибеге жаңалық енгізетін, жаңа проблеманы күн тәртібіне қоярда немесе шешерде тың идеяны ұсынатын, жаңа проблема мен қайшылықты дер кезінде дөп түсіндіретін әрі оның жетіспейтін элементтерін саралап беретін, ойланудың қалыптасқан деңгейінен бас тартқызатын жалпы шығар–лық қабілетке балайды. Оның критерийі ретінде көбінесе интеллектуалды қызметтің мынандай ерекшеліктері ескеріледі: 1. тездік, жылдамдық (аз уақытта көп идеяның ұсынылуы); 2. түп нұсқалық, сонылық (қалыптасқан жауаптан тыс жаңа, сирек кезігетін идеяны кенеттен түйіндеу); 3. қабылдаушылық (ұсақ–түйекке, қайшылыққа және белгісіздікке ерекше сезімталдық таныту, бір идеядан басқа идеяға үйлесімді және тез көшуге бейімділігі); 4. сөздің бейнелі мағынада қолданылуы (өз ойын жеткізудің түрлі тәсілдерін қолдана білу, сондай–ақ қарапайым нәрседен күрделі құбылысты, күрделінің нақты түп негізін таба білу қабілеті). К. деп отырғанымыз: а) толыққанды қызмет жасай отырып шын өмірді қабылдау, затты, бар нәрсені ерекше қабылдаушылық, адамның өзін–өзі еркін сезіне отырып, қабылетін өнімді жағынан көрсете білу; талғамы жақсы ұқыптылық, сұхбаттасқан адамдармен өзін бірқалыпты ұстап, олардың өзін–өзі табуға көмектесу; қиын жағдайларда өзінің кәсіби шеберлігін таныту; шығар–ық өнімдегі шешімдері ерекше тартымды әрі мәнді болуы. К–лік – адам психологиясына тереңдеу, адам мніз–құлқын тұтастау, жігерлі әрекетке тұрақтау. К. болжаудың өтімді амалы және құралы. Осындай ойлану қабілеті белгілі затты пайдаланудың түрлі тәсілдерін тізіп береді; бір топқа жататын көптеген құбылыстардың ұқсастығын айқындай алады; қарапайым графиктік тұрпатқа сүйеніп, оның толық бейнесін жасау сияқты танымдық операцияларды жүзеге асырады. Жүзеге асатын идеяларды тұжырымдау мен оны іске асыру дәрежесін креативті ойланудың нышанына балаушылық қалыптасқан. К. шешімдерді іздестіру коммуникативті қызметтің стратегиялық бағдары мен тактикасының қалыптасуынан бастап, байланыс арнасы мен арнайы аудиториялармен жұмыс істеу түрлерін таңдаудан, көзге көрінетін бейнелерді жасауда және жеке іс–шаралардың идеясын тұжырымдауға дейінгі кезеңдерді қамтиды. Креативті қызметтің еркіндігін діни дәстүрлер мен елдің мәдени ерекшеліктері, этикалық принциптер кәсіби этикалық нормалар, құқықтық реттеу сияқты факторлар шектейді.
К. шешімдер интеллектінің орта деңгейімен – оның ауқымымен, шегімен, ресурсымен, функционалды жүйенің қабілеттерімен тығыз байланысты. Шығарм. жетістіктер факторлары екі бағытта зерттелінді: шығармашыл тұлғаның өмірлік тәжірибесі мен даралық ерекшеліктерін талдау; шығарм. ойлау мен оның өнімдерін талдау (креативтілік факторлары – ойлаудың жүйріктігі, икемділігі, нақтылығы, проблемаларды сезгіштік, оларды шешу кезіндегі бірегейлік, тапқырлық, сындарлық). Адами мүдделердің барлық салаларындағы шығарм. жетістіктер әрбір нақты салада тұлғалық қабілеттер мен қасиеттердің күрделі түрде ұштасуын талап етеді. К.–ң дамуына тәуекелге бармаушылық, жалтақтық, табыс үшін деп көзжұмбайлықтан бас тартпау, ой мен мінездегі таптаурындық, толғанбай бірден келісе салушылық, қиял–арманды дұрыс бағалаумашылық, ізденіске емес беделге бас июшілік сияқты факторлар теріс, керісінше ықпал етеді.
Адамдардың креативтілігі – олардың тұтастық және интегралдануының өнімдері; ол өзін–өзі қабылдау дегенмен парапар. Тың да таптаурын талаптар оқу процесіне ендірілген сайын оқушылардың өзінше ойланатын, жаңа тәжірибеге ашық талпынысы, жаңаға сезімтал, шығармашылыққа деген жоғары талап, қысқасы, өзінің іздемпаз қабілетін жетілдірмек мотиві артпақ. Тұлғаның шығарм. қабілеттерін бағалайтын әдістемелер мен тестілер жасалынғаннан кейін бұл қасиетті зияттылық қабілеттерінің арасында ерекше орын алатыны сараланды. Бұл бастаулар жалпы мен жалқыға деген пайымдаушылықты, өз әрекетіне деген жауапкершілік сезімді күшейтеді.


Күлкі адамның шындықты арнайы, ашық–жарқын бағалайтын импулсивті, төкпелі реакцияның мәдени–психологиялық феномены; іштегі сезім мен көтеріңкі көңіл–күйді сыртқа шығарудың түрі; сөз ұғарлық сұхбаттасудың шынайы да ширақ тәсілі; сыр мен сымбатты әсерлі де бастырмалата жеткізетін жарасымды сәт. Күлмегеннің көңілі де, күні де қараң. К. ашық көңілдің тынысы, жадыралы жан дүниенің айнасы, ақжарқын әдеп–мінездің айғағы, ойын–сауықтың, әзіл–қалжыңның жаңғырығы. К. органикалық эволюция барысында қалыптасатын табиғаттың тартуы, дені сау адамның өсімтал көңіл–күйінің қуанышы, адамның ішкі дүниесінен қайнап шыққан құндылыққа деген ыстық та ықыласты ынтызарлық. Адам ойының тапқырлығы мен өткірлігінен, сөзінің шешендігі мен шапшаңдығынан түрлі күлкі–мысалдар туындаған. Сұхбаттасар алдында адамның күлімсіреп қарауы оның ықыласын, шын ниетін аңғартады. К–ң түрлері мен қызметі жалқы да, жалаң да, жалпы да емес. Әр адамның және ұлттың күлетін нәрсесі, күлуге байланысты ұғым–түсініктері әрқилы болуы ықтимал. Олар оқиға мен әрекеттерге бірыңғай дәл үйлесе бермейтін эмоционалды реакция, психологиялық шиеленісті басатын, көңілді тепе–теңдікке жайғастыратын, ғұмырлық салмақты жеңілдететін бойдағы күш–қуат. Болмыстағы қуаныш үйді білдіретін, ерекше физиологиялық шаттығуды, эмоционалды сергектікті көтеріңкі ашық дауыспен бағалайтын субъективті рефлекс. Жақындықты білдіретін, татулықты аңғартатын рефлекс адамға дейінгі тірі организмге тән психологиялық қасиет. Адамда К–ң түрлері көп. Біреу қарқылдап, біреу сықылықтап, біреу шиқылдап, біреу жымиып, дегендей күледі. Әншейінде күлкі тудырмайтын нәрсеге шымшыма сезімдерді оятып, қалжың–сықақ тұрғысынан келемеждеп күліп жатамыз. Әйтседе, «әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы К. өзі де – қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рақаттаным күлсең, оның жақсылықты, жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл» (Абай). К. шындықтың ұнайтын, жағымды және ұнамайтын, тітіркендіретін теріс жақтарын білдіреді. Одан сезім мен көңілдің жоғары күйінен төменгісін, салтанаттан көншікті нәрсені аңғарамыз. К. тек жағымды, қуанышты сезім ғана емес, онда бұлыңғыр, әлсіз үміттен үмітсіздік күйдің, қалжыңға лайықты жеңілтек мінез–құлықтың орнығуы да ықтимал. Көкіректен келмейтін бояма К–де теріс жайлар тасып жатады. Олар дүниені тікелей өзгертуге мәжбүрлемейді, адамды психикалық тұрғыдан күткен айлалы жайға дайындайды, астарлап жөн сілтейді. К. – адамдық қарым–қатынастың құралы, адамдарды жақындатудың ыңғайы, өктем қысымды сейілтудің амалы, бостандық тынысының кеңеюі.
Қазақ болмысында К. мен күлу мәдениетіне үлкен мән берілген. Қазақ бөтенді көргенде емес, таныс адамдармен жүздескенде жымияды, әзілдесіп күледі. Болмысын шынайы, жарқын сезім билегенде, адам жасанды келемежге, зәлім күлкіге ұрына бермей, көз тартатындай әсерлі жымиған, әдемі күлген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» қағидасы бойынша жастардың үлкендер алдында сыпайы, ұстамды, әдепті болуын қаласа, үлкендер де көптің алдында одағай–оғаш күлкішілдіктен сақтанған. Халқымыз: а) сыңғырлаған сыпайы қыз К–ісіне масаттан сүйсініп, керісінше, оның қарқылдаған қатты К–сін қаламаған; ә) өнерлі жандардың көңіл көтеретін қалжың–әзілдерін дұрыс қабылдап, мұндай қылықтарды әрдайым жоғары бағалаған. Ауыз әдебиетіндегі Алдар көсе, Қожанасыр тілімен жеткізілген хикаялар, әзіл–қалжыңдар ойын–күлкінің сәні мен мәнін келтіріп, көңілді сергітіп жатса, бұл К–ң қазақ әлеуметіндегі орны мен салмағын көрсетеді. Бірақ қазақ қалжыңбастық пен қылжақбастықты жат дүние деп, ондай мағынасыздыққа ұрынуды жөн көрмеген. Мастықтан, жеңіл мінезден туындайтын күлкішілдік бас ауыртады, ол «не шаруадан, не істен, не ақылдан, не ұяттан құр қалдырады, ғафиздік көп өткізеді» (Абай). Орынсыз К. абыройсыздыққа ұшыратады. Арзан К–ге әуес болу, арсыздыққа жол беру. Соны ескерткен Мұхаммед пайғамбар (ғ.с.) хадисінде: «Аз күліңдер» деген. Ешкімге еліктемей, әркім өзінше ширақ, рахаттана күлгенге, сол шынайылықты сақтай білгенге не жетсін.


КУЛЬТ, Ғибадат (лат. cultus – күтім, құрметтеу) — ерекше тылсым күшке сену бағытында жасалатын қимыл, әдет–ғұрып, салт–жоралар жиынтығы. түрлі ғибадат етер заттары бар храм, табынатын үйлер. К. орталығы делінеді. Көп жағдайда көркем шығарм.–тың классикалық үлгісі де К–тік қызмет атқарады. К–тің негізі түрлері: магия (қоршаған ортаға бір тылсым күштің әсер етуі, арбау); тілек тілеп жалбарыну, шарапат күту (құдайға, рухқа, Аллаға, Аруаққа жалбарыну); қасиеттілер К–ті.
Күнә – (парсы. – қылмыс, айып) – діни ұғымда шариғат заңдарына, діни қағидаларға қарсы іс–әрекетті, мінез–құлықты білдіретін этик. категория. Ислам дінінде ең үлкен күнә – Алла Тағаланы жоққа шығару немесе оған тең келетін құдірет иесі бар деп сену. Ислам дінінде үлкен К–лар қатары туралы әртүрлі көзқарастар бар: ата–ана қарғысына ұшырау, сиқырмен айналысу, кісі өлтіру, жалған куәгерлік жасау, ұрлық, парақорлық, құмарпаздық, арам етілген нәрсені пайдалану, екіжүзділікке салыну сияқты мінездер. Кейбір исламдық ғалымдар үлкен К–лар санын 300–ге дейін жеткізеді. Ал кіші К–лар саны шексіз болып есептеледі. Құранда: “К. істеуге және шектен шығуда көмектеспеңдер. Алладан сақтаныңдар, Алланың жазасы қатты болады” – деп келтіріледі. Сондықтан ислам діні “…Алла сендердің К–дан аулақ болғандарыңды, мүлде пәк болғандарыңды қалайды” (Ағзаб сүресі, 33–аят) тазалықты баса дәріптейді. Әбу Ханифа К. жасаған адамның иман шеңберінен мүлдем шығып кетпейтіндігі туралы көзқарасты көрсетеді. Ол: “Иманы бола тұра кейбір парыздарды орындамаған адам К–һар мумин болып табылады” – деп айтады. Исламда К–ні адам нәпсіге жеңіліп жасайтыны баса айтылады. Осыған орай Әбу Ханифа: “Ол Алланы жақсы көрмегендігінен емес, нәпсісінен жеңіліп қалғандықтан Аллаға қарсы келеді” – деп жауап береді. К. муминге зиян келтіріп, тозаққа кіруіне себеп болады деп есептеледі. Аллаға және пайғамбарға иман етуде К–лі болған адаммен, оларға сеніп, иман еткен адамдардың К–сі бірдей емес. Әл–Ашари бойынша, кейбір үлкен К. жасаған муминдер пайғамбардың шапағатымен тозақтан құтыла алады. Соңғы шешім тек Алладан болады, Алла қаласа жазалайды, қаласа кешіреді. Хадис бойынша, “К–нің жуылуы – шын жүректен өкіну” болып табылады. Ислам дінінде К. істегені үшін шын жүректен өкініп тәубесіне келген адам Алланың ықыласына бөленетін болады. Тағы бір хадисте: “…Дін жолындағы күресте қиыншылыққа сабырлы болып, Алла тағаланың сауабымен үміт етсең, артқа шегінбей, тек алға қарай ұмтылып жан тапсыратын болсаң К–ларың кешіріледі” делінген. Ислам дінінде ата–ананы қадірлемеу – ауыр К. болып есептеледі. Осыдан ата–анаға не істесең, алдыңа сол келеді, әкесін сыйламағанды, баласы сыйламайды деген бар қазақ әдебінде. Ата–анаға қатігездік жасаған адам дүниедегі ең К–сі көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Сонымен бірге, мұсылмандық қағида бойынша, патша адамды К–лі іске бұйырса, оны орындамауға болады және оның әміріне көнбеуге болады. Ф.Ницше “К–нің әлемге енуін” тек ақылдың адасуымен байланыстырады.
К. ұғымы халық санасында ислам діні арқылы кең жайылған. Бұл Алланың қаһарына ұшыраған адамның басынан жиі кездеседі. К–ға жалпы адамгершілікке жатпайтын көптеген теріс қылықтар (нәпсіқұмарлық, арамдық, азғындық, опасыздық, екіжүзділік, жауыздық, т.б.) жатады. Өз К–сін кешіру үшін адам қателігін мойындап, ізгілік бағытында аянбай қызмет етуі тиіс. К–һарлық кешірілуі екі талай, сойқан мінездің көрінісі болса, кінә күнделікті өмірде жиі кездесетін құбылыс. Кінәні әдетте ықылас қойып түзеуге, жуып–шаюға болады. Кей жағдайда дұрыс секілді көрінген іс–әрекеттердің өзі де адамдарды кінәлі етіп қоюы мүмкін. Мәселен, аңдамай сөйлеу, қателесіп кету, осындай қылыққа жатады. Кінә мен К. ұғымдары қазақ ақын–жазушылары мен даналарының қашанда жиі талқыланған мәселесі болып келген. Оларды қазақ өмірінің айнасы деп қарастыруға болады. Мысалы, Шәкәрім өз заманындағы теріс қылықтармен күрес жүргізе отырып, ол замана мәселелерін, адамның өміріндегі адал еңбек пен маңдай тер төгіп, жасаған кәсіптің орны мен маңызын, адамзат қоғамының дамуы барысындағы өнер мен ғылымның, мәдениеттің пайдасын шабыттана айтып, мынадай тұжырым жасайды: «Өзінің қадір–қасиетін жақсы білетін адам өзгелерді де қорламайды. Ол ісінде де, сөзінде де ешқашан пасықтыққа бармайды, ол әрқашанда сабырлы, ұстамды болады. Өзін құрметтейтін адам өзі барда өзгелердің де өзін лайықсыз ұстауына, бейпіл сөздер айтуына немесе дауыс көтеруіне жол бермейді. Ол өзі орындай алмайтын жеңілтек уәделер бермейді. Ол берген сөзінде тұру қажет екенін біледі. Өзінің қадір–қасиетін сезінетін адам сенімді бағалай біледі».
К. ұғымы әр мәдени–өркениеттік жүйеде, әр түрлі мазмұнға ие болуы мүмкін. Мысалы, христианды мәдениетте басты К–ларға жататындары: өзін жоғары санау («грех гордыни»), пайдакүнемдік («грех корысти») және нәпсіқұмарлық («грех сладострастия») болып есептелсе, онда мұсылмандық өркениетке бұлардың қатарына шарап ішу, бес парызды орындамау, несиеге берген ақшадан пайда табу т.т. қосылады.


Кінә – адамның моральдық борышын атқармауынан, адамгершіл жанашыр сезімін орындамаудан туындаған мінез–құлықтық жай–күйі. Кәмелетті де белсенді адам қоғам алдында өз мінез–қылықтарына жауапкершілікпен қарауға тиісті, сондықтан өзіне жүктелген міндет пен жауаптылықтан жалтармай, елде қабылданған адамдық құндылықтарды елеусіз қалдырмайды. Адам ақыл–парасат пен ерік–жігеріне сүйеніп, өзінің мінезі мен іс–әрекет үлгісін таңдайды. Адамның әдейі (ықтиярымен) жасаған немесе лажсыздан (еріксізден), абайсыздан күнделікті тұрғысына жасаған қылықтары сараланады. Кесепатқа, жамандыққа ұшырататын қызғаншақтық, ашкөздік, ызақорлық сияқты адамның осал жақтары К–ні қоздырмаса кемітпейді. К–ні лезде сезіну бар немесе оны ұғыну ұят сезімінен, ар азабынан, опынудан білінетін ұзақ жетілу жолы бар К. бағалаудың моральдық және құқықтық нормалары қалыптасқан. Моральда бір адамның кінәсын басқалардың кемшілігімен ұштастыра жазғыру ықтимал. Заңдық тұрғыда К. құқықтық нормаларды бұзған, қылмыс жасаған адам тап болатын жағдайды білдіреді. Құқықтық талап Кінә–ліні жауаптылыққа тарту үшін және соттың тиісті жаза белгілеуі үшін негіз болып табылады. К–ніңң моральдық және заңдық мағынасын діндегі к.–ті талқылау, бағалау желісінен ажырата саралау абзал. Діни моральда К. адамға әуел бастан тән, Адам–ата мен Хауан–ана жасаған бастапқы күнәның салдары деп танылады. К. көбіне күнәдан басталады. Қазақ күнәнің жеті түрін айрықша атап отырған. Олар: Күншілдік, Қызғаншақтық, Тәкаппарлық, Ашушаң–ызақорлық, Жалқаулық, Қанағатсыздық, Сезім құштарлығы. К–дан арылудың тәрбиелік маңызы зор. К–ны мойындаудан жастың бойында моральдық тұтас сезім, құлықтық қалыптасу айқындалады. Алайда педагогикалық тәжірибе жазалаудың нәтижесінде К–лік сезімі міндетті түрде пайда бола бермейтінін көрсетеді. Мұның себебі балада құқықтық сананың қалыптасуы босаң, кемшіл болуы мүмкін, қылықты жазалаудың бір жолына баса көңіл аудару ықтимал. Содан бала өзінің теріс қылығының салдарын моральдық, құқықтық тұрғыдан тереңірек, нақты ұғына бермейді. Оның үстіне, жазалау дәрежесі мен туындайтын жаңа сезімнің тереңдігі арасында тікелей байланыс, тәуелділік бола бермейді. Бұл орайда ұрып–соғып тәрбиелемек дөрекіліктің нәтижесі ойдағыдай оң бола бермейді. Құлықтық жаза (жақсы көрмей қою, сөйлеспей қою және т.б.) баланың өзін–өзі ұғынуына әсерді нығайтуға, жиілетуге бағытталуы қажет. Мұсылман мәденеиетінде жалған сөз таратуды, жақсылыққа қол үшін бермеуді, имандылыққа жығылмауды үлкен К–ға жатқызады.


кісі.– “К.” – адам деген ұғымның мәнді бір атауы. Халық атауда К.атауын кез келген адамға бермейді. Мәселен, тілі шықпаған баланы, жан–дүниесі күйзеліске ұшыраған кем ақылдыны, өзіндік бағыт–бағдары жоқ адамдарды да “К.” деп айтпайды. Өзіндік іс–әрекеті, мінез–құлқы орнықты, өзге адамдармен қалыпты қатынас жасайтын адам. “К.” ұғымы жақсы адамды бейнелеуге де қолданылады. Қазақтың ”К. болар баланың К–лерде ісі бар, К. болмас баланың К–лерде несі бар” деген мақалын еске алайық. Немесе халық: ”Жақсылыққа жақсылық – әр К–нің ісі, жамандыққа жақсылық – ер К–нің ісі” дейді. Семантикалық жағынан алғанда “адам” мен “К.” синонимдер іспеттес және қазақ дүниетанымына тән синкретизмнің көрінісі (Тәңірі, Құдай, Алла сияқты). “Адам” – мұсылмандық мәдениеттен келсе, “К.” – түркілік атау. Абай бойынша, жақсы К–де үш қасиет: ыстық қайрат, нұрлы ақыл және жылы жүрек болу керек делінеді. Адамгершілік құндылықтары қашанда кісілік қасиеттерде көрініс табады. “Кішілік пен кісілік – ұлылықтың белгісі”, – деген Махмұт Қашқари.
Кісілігі бар адамның мінезінде ұнамды қасиеттер аз болмайды. Ол ақыл тоқтатып, жұртқа өнегелі сөз айтып, өзгені де тыңдай білетін адам. Кісілігі бар адам бір істі бастаса, оны аяғына дейін жеткізіп, тындыруы тиіс. Оның әрбір қимыл–қозғалысы, әрекеті діттеген мақсатына бағытталып отырады. Жүсіп Баласағұн “К.–адам” мен “К.–киікті” ажыратқан. Бұл қисын бойынша, тек әдепті К. ғана адам бола алады.
К–ні көрсең, есікке,
Жүгіре шық кешікпе.
Қарсы алмасаң мейманды,
Кесір болар нәсіпке,” – депті Үмбетай жырау.
Адам”, “тұлға” тәрізді ұғымдармен салыстырғанда “К.” қазақ мәдениетінде экзистенциалдық мазмұны айқын түсінікке жатады. К–нің басты қасиеті оның басқалармен қарым–қатынастың субъектісі деңгейіне көтерілуімен көрініс табады, көпшіліктің назарын өзіне қарата алады. Оның қасиеті “жарқын жүзді, шуақ көңілді, ыждаһатшыл, жылы жүзді, игі мақсатты, иманды” болуы қажет. Керісінше, К–лігі жоқ адам келбеті “қара бет, көк бет, қалың бет, т.т.” болып сипатталады. К–лік қасиеттер әл–Фарабидің “Қайырымды қала” ілімінде арнаулы қарастырылады. Оның пікірінше, К–лік белгілер, әсіресе, елбасыға тән болуы қажет. Осындай К–ге қойылатын талаптар: “Біріншіден, бұл қаланың мүшелері мүлдем мінсіз болуға тиіс: жаратылысынан өзіне айтылғаның бәрін жете түсінетін және істің жай–жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болуы шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан–анық айтып бере алатын ділмар болуы шарт; өнер–білімге құштар болуы, оқып–үйренуден шаршап–шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болуы керек; тағамға, ішімдік ішуге, сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болуы керек; шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік–жалған мен суайттарды жек көруі керек; жаны асқақ және ар–намысын ардақтайтын болуы шарт; оның жаны жаратылысынан пысық істердің бәрінен жоғары болып, игі істерге ынтазар болуға тиіс; дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да атрибуттарына жирене қарауы керек; жаратылыстан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты жек көру керек; қыңыр болмау керек; өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ер жүрек болуы керек”, – дейді. Сонымен, “К.” шығыстық мәдениетте инабатты адам мағынасына жақын қолданылатын адамдық келбет болып табылады.
Қазақтың дәстүрі мәдениетінде “К.” ұғымы өзіндік Менін және сөз өнерін жете меңгеру арқылы үлгі боларлық адамды да білдіреді. Бұл, әсіресе, ақын–жыраулардың перформативтік дискурсына тән . Бұл дискурста кісілік алдыңғы қатарға шығады.
Әрине, дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі ”кісілік” ұғымы тек эпикалық дәстүрден ғана емес, сонымен бірге мұсылмандық әлеммен қатысты ортағасырлық жазба мәдениетінен де бастау алады. Ұлттық қазақ философиясында “жетілген адам” мәселесі жалпы шығыс философиясы шеңберінде қарастырылып, адамды этика, адамгершілік тұрғысынан қарай отырып, сонымен қатар оны білімділікке, парасаттылыққа шақыруға ерекше көңіл бөлінеді. Жүсіп Баласағұн Конфуций сияқты адам мен адам, адам мен мемлекет арақатынасы, әсіресе мемлекетті басқару мәселесін айшықтағанына байланысты жетілген адам мәселесін осы тұрғыдан қарастырады. Ал әл–Фараби бұл мәселені “Мұрат қоғамды” ұйымдастырумен байланыстырады. Әл–Фараби бақыт мәселесіне, ең алдымен адамның осы дүниеде бақытты өмір сүруінің жолдарын іздестіруге өзінің философиясын бағыттады. Сонымен қатар, әрбір жеке адамның жетілуіне ақыл–ойдың, парасаттылық пен білімнің рөлін ерекше жоғары бағалады.
Азаматтың өз ортасында, елінде ісі жүріп, абыройы биіктеп кетуі үшін бар жағдай отбасынан басталып, көңілі тыныш, көкірегі жүйрік болуы керек. Бұлай болмаған жағдайда, яғни, отбасында түсінетін, ақыл бөлісетін кісі табылмаса бейне “арқаңа тұз артқандай” еңсең езіліп, ілгері басқан аяғың кері кетіп, күнкөрістің қамымен кеткені. Ақылгөй даналарды тыңдаған жас қауым іштей жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтыла жүреді, өзін ар таразысының алдында әрқашан салмақты, таза ұстауға тырысып бағады. Жыраулар өмірдің өткіншілігін, дүниенің опасыздығын айтып, пәлсапалық түйіндеулер жасайды. Пенделік көзі мен көңілі тойымсыз, ашқарақ көңілі ішсем, жесем, байысам, қуансам, құшсам, сүйсінсем деп, еш басылмайтын К. Дүниені жиған үстіне жинай берсем, жұрт менің байлығыма қызықса, тіпті кезі келгенде аяғыма жығылса деп армандайды. Тоқтамы, шүкіршілігі кем сол арманының соңына шам алып түсемін деп жүріп жарық тіршіліктің баянсыз боларын, бәрінің де бүгін бар, ертең жоқ екеніне ой жібермейді.


КІТАПХАНАЛАР – Кітаптарды басқа ақпараттық қорды сақтап, насихаттайтын ғылыми, көпшілік мекеме.Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы – 1910 жылы 31 желтоқсанда құрылды. Ағарту саласы жанашырлары Қоғамының қаражаттарына Верный қалалық думасы Л.Н. Толстой атындағы кітапхана–оқу залын ашу туралы шешім шығарды. К. ҚазОАК Президиумының «Қазақ АССР мемлекеттік көпшілік кітапханасын бекіту туралы» (1931 ж.) Қаулысымен 1931 жылы Республикалық кітап қоймасы мәртебесін алды. Қазақ ССР Министрлер кабинетінің 1991 жылы 9 желтоқсандағы N775 Қаулысы бойынша Ұлттық кітапхана болып аталды. ҚР ҰҚ ғимараты Қазақ Министрлер Кеңесінің 1982 жылы 26 қаңтардағы N38 Қаулысының және ҚР «Тарихи–мәдени мұраны сақтау мен пайдалану туралы» Заңының 11 және 19 баптарының негізінде тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді.
К. қорында әлем халықтарының әр тілдерінде 5 831 812 сақтау бірлігін құрайтын әмбебап жалпыұлттық әдебиеттер жинағы сақталады. Қор жыл сайын 100 мың данаға толықтырылып отырады. Күн сайын кітапханаға 3 мыңға жуық оқырман қатынайды. Оқырмандарға 1 жылда 2 миллионнан аса құжат беріледі. Оқырмандарға 15 оқу залы қызмет көрсетеді (жалпы және 14 мамандандырылған). Олар 1500 адамға бір мезгілде қатар қызмет көрсетуге есептелген. Оқу залдарында негізгі кітап сақтау және қосалқы қорлардан әдебиет беріледі, соның ішінде сирек кітаптар мен қолжазбалар, карталар, ноталар, дыбыс жазбалары, электронды басылымдар топтамалары да бар.
1990 жылы ҚР ҰК Халықаралық кітапхана қауымдастықтары мен мекемелері Федерациясының құрамына кірді. (ИФЛА) және Еуразия кітапхана ассамблеясының (ЕКА) тең құрылтайшысы болды. Толеранттылық, білім, диалогқа ашықтық «Ұлы Жібек жолындағы Керуен–сарай» жобасының негіз қалаушы идеялары болып табылады. ҚР ҰК–ғы шетелдердің мәдениет Орталықтары ақпаратты сақтауға, күшейту мен беруге, мәдени дәстүрлердің жаңғыруы мен халықтардың нақты өзара ықпалдастығына жәрдемдеседі және өздерінің қызметі арқылы «Ұлы Жібек жолындағы Керуен–сарай» бағдарламасын іске асырады. ҚР Ұлттық кітапханасында Ресейлік зерттеулер, Қытай, Пәкістан, Түркия мәдениет Орталықтары, Үндістанды зерделеу, Иран және Орталық Азия халықтарының мәдениетін зерделеу Орталықтары жұмыс істейді. Оқырмандарға әдебиет, Интернет–ресурстар, CD және DVD–материалдар, кітап және өнер туындыларының көрмелері, мәдениет және ғылыми қайраткерлерімен кездесулер арқылы түрлі халықтардың мәдениеті туралы ақпарат беріледі. 2007 жылы Америка мәдениет Орталығын ашу жоспарланды. Тепе–тең бастамаларда Қытай кітапханаларының бірінде Қазақстан мәдениет Орталығы ашылады. Осындай Орталықты Қырғызстан Ұлттық кітапханасында (Бішкек) және Ресей мемлекеттік кітапханасында Орталық Азия мемлекеттері мен Қазақстан ресурстары Орталығын ашу ұйғарылды (Мәскеу).

Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   56




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет