«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



бет13/56
Дата05.02.2022
өлшемі6,67 Mb.
#6245
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   56
«ЖЕТІ ЖАРҒЫ» – Тәуке хан (1678 – 1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп–ғұрып заңдарының жинағы. XVII ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп–ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолы» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Ж. ж–ға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау–жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Ж. ж–дан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Ж. ж–ның өзі талап, тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол–жобалары мен қағидалары XX ғасырдың басына дейін қолданылып келді. (Мысалы, бұл қағидаларға Абай да үлкен мән бергені және кезінде өзі жасаған заң жобасында ескергені белгілі.) Ж. ж., қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен, афоризмдерден, мақал–мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Бұл жүйені мазмұндық–кезеңдік жағынан «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолына» негізделген және Тәуке ханның өз дәуіріне, саясатына сай енгізілген өзгерістер деп үшке бөлуге болады. Ж. ж–ның толық нұсқасы сақталмаған. Кейбір үзінділері К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806), А.Левшиннің (1832) жазбаларында кезігеді. Олардан басқа Н.Гродеков, Л.А. Словохотов, А.П. Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері мен айтқан ой–пікірлері шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді. Аталған нұсқада Ж. ж–ның аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады.
Онда жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық–қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдеп–ғұрып заңдары көрініс тапқан. «Жарғы» сөзі қазақша әділдік, шешім деген ұғымды білдірген. Түпкі мәні жарудан, нәрсенің салмағын бір жағына аудармай, дәл де әділ айырудан шыққан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық: «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтайды. Ол заманда бас кетсе де әділ сөйлеген.
Бізге белгілі, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Ж. ж–сы» осы хан кеңесінің шешімі арқылы жарыққа шығып, елге таралған. Жәңгір ханның ұлы Тәуке «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгеріс енгізгендіктен, ол өзгерістер «Тәуке ханның Жеті жарғысы» («Жеті жарлығы») аталып кеткен делінеді.
«Ж. ж–ның» баптары:
Бірінші жарлығы: «Халықтың ханы, сұлтаны, пірі–әзіреті қасастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін»;
Екінші жарлығы: «Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлтірілсе, олардың әрқайсысына (ақсүйектің, пірдің тұқымы деп) екі кісінің құны төленуі тиіс»;
Үшінші жарлығы: «Сырттан келген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан біреуді теуіп өлтірсе «бүтін құн», үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе «жарты құн», ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе тек «ат–тон» айып тартады».
Төртінші жарлығы: «Ата–анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп қол жұмсаса, онда ол баланы ата–анасы өлтіремін десе де ерікті, сұраусыз болады».
Бесінші жарлығы: «Кәмелетке жеткен баласы туған ата–анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) – қара сиырға немесе қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым іліп, бүкіл ауылды айналдыру керек».
Алтыншы жарлығы: «Құда түсіп, құйрық–бауыр жескеннен соң – ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалың мал жесір иесіне түгел қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалың малы төленсін».
Жетінші жарлығы: «Ұрыдан айыр түйеге – нар, атқа – аруана, тайлаққа – атан, тайға – ат, қойға – тана төлетеді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді».


ЖОМАРТТЫҚадамның риясыз кеңпейілдігін, қолымықтылығын қамқорлығын қайырымдылығын білдіретін, оң моральдық сапасын белгілейтін этикалық категория. Жарлыға, жарымжанға, жасқа, кәріге, мүгедек жандарға, яғни басқаның жәрдеміне мұқтаж адамдарға ешқандай ақысыз, пайда күтпестен көмекке келу Ж–тық мінез санатына жатқызылады. Ж. – бір адамның екінші адамға немесе оның тобына қарымтасыз, міндеттеусіз қызмет жасап, жақсылық жасауға шын пейілділігі, нақты ісі арқылы көрініс табатын оң моральдық сапасы. Тым шашылу Ж.–тан көрі ысырапшылдыққа жақын. Құранда: “Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да, бүтіндей ашпа да. (Өте сараң болма, барыңды да жайып салма). Онда сөгіске ұшырап таршылыққа қаласың” (Исра сүресі, 29–аят). Жасаған қайырымың Ж.–қа жатуы үшін алдымен, ниетің таза, түзу болуы, Алланың ризашылығын ойлап, ешқандай пайда, рахмет, мақтау күтпей жасалуы шарт. Адамзат тарихында мұндай Ж.–ты Пайғамбарлар және оның сахабалары жасаған. Мұхаммед пайғамбардың “Мың бір хадисінде”: “Ж. кісінің қателіктерін кешіріңдер, себебі Алла тағала, ол сүрінген сайын қолынан ұстап, құлатпайды. Төмендегі алушы қолдан, жоғарыдағы беруші қол жақсы” –деп айтылған. “Ж–тан асқан нарлық жоқ” (Қожбанбет би), “Ж. болар кісіні табағынан танимын. Бай болатын жігітті пейілінен танимын” (Балпық би), халық мақалы “Кең болсаң кем болмайсың”–дегендерден Ж.–тың адамды дұрыс мінезге қарай бағыттайтын әрі оң іс–әрекетті көрсететін моральдық жүйенің бір ұшы екендігін аңғартады. Жомарт адамның әлеуметтік беделі үстем болып, халық оны құрметтеген, ол тек пенденің сүйіспеншілігіне ғана ие болмаған, сонымен бірге, Алланың да махаббатына ие болған. Хадисте: “Жомарт кісі Аллаға жақын, жәннатқа жақын, адамдарға жақын және жәһанном отынан ұзақ” (Тиризми сүресі, 40–аят). “Дүниеде ең бақытты адам кім?” –дегенге, бұрынғының даналығы: “Өзінің әділдігімен, Ж–ғымен көзге түскен адам” – деп жауап берген. Бұл – жақсылық басқалардың да басында болсын деп қана қоймай, солай болуына іс жүзінде көмектесіп, шаттық сыйлау қабілеті. Ж. адам оңайлықпен бұл мінезін тастай алмайды. Ондай кісі қолында беретін ешнәрсесі болмаса да бұл мінезден ажырай алмайды, яғни адамның қолында ештеңесі болмаса да жомарт болуы әбден мүмкін. Сіз танымайтын адамның жанынан өтіп бара жатып, онымен өзіңіздің жылы шырайыңызбен бөлісе білсеңіз, онда сіз – жомартсыз. Біреудің қайғысын бөлісіп, көңілін ауласаңыз, онда ол – жомарттық. “Жомарттың қолын жоқ байлайды” – деген халық мақалы осыдан болса керек. Өзінің пайдасы үшін біреуге жақсылық жасаса ол жомарттыққа жатпайды. Ж. – бар жақсылық өз басымда ғана болсын, “Менің арбам жүре тұрсын, басқанікі тұра тұрсын” – дейтін мінезге қарама–қарсы, адамды биік мұратқа ұмтылдыратын қасиет қуаты. Ж. қоғам мүшелері арасындағы өзара сыйымдылықты, үйлесімділік пен жарасымдықты, сыйластықты, бірлік пен татулықты, сүйіспеншілікті нығайтуда маңызы зор моральдық құндылық, адами интеллект күші болып табылады. Қазақ мақалы: “Ж. дос көбейтеді, сараң мал көбейтеді” – дейді. Ұлықпан Хәкімнің патша–уәзір жайындағы әңгімесінде патша: “Ж–тың шегі қайда?” –дегенде, уәзірі: “Барын беру” – деп жауап беріпті. Қазақты: “Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – нар кісінің ісі” – деген мақалындағы “нар кісі” – Ж–тық қасиетті білдіреді. Ж. – адам болмысын құраушы элемент. Болмысыңмен болыс, басқаға жәрдем қолың соз, басқаға сүйіспеншілікпен қара, солай істесең, сен – Ж–сың. Ахмет Йүгінеки: “Ж. – ер, халайықтың құрметтісі” –десе, қазақ мақалы: “Ж–та жоқ болса да – тоқ” –деп айтылады. ХІ ғасыр ойшылы Қайқаустың пікірінше, адам ақыл, жомарттық және туралықсыз жұмыс істей алмайды, өйткені бұл үш қасиет болмайтын адам жоқ, бірақ салғырттық, енжарлық, парасатсыздық және даурықпалық адамға сол ұлы жолды жауып қояды. Оның айтуынша, жомарт адамдардың бірнеше өнері болуы керек: 1) ер жүректілік, мәрттік пен сабыр, қанағат, айтқан уәдеде тұру, көңіл тазалығы, шыншылдық; 2) өз пайдасын көздеп басқаларды азаптамау, оларға қамқорлық жасап, жәрдем беру; 3) жамандардың жамандығынан жақсыларды сақтай білу, тура сөз сөйлеу, әділ болу, жақсыларға жамандық жасамау және зиян келтірмеу. Сонымен бірге, ол Ж–тың шарттарын да анықтауға тырысады. Олар: 1) дауыс көтеріп дауласып біреудің бетін жыртпайды; 2) жұртты ант ішіп, талап қоюға әдеттендірмейді; 3) халыққа қатал емес мейрімді, ғаріп–ғасірлердің қатесіне кешірімді болып, бақыл болмау керек; 4) бұзық адамдардың жаман істерін жарияламайды және көпшілік алдында біреуге жекелей үгіт–насихат айтпайды; 5) біреудің қанын төгуді мақсат етпейді, халықты жаман іске үйретпеу керек; 6) менмендіктен, кесапаттықтан, біреуге қастандық жасаудан аулақ болу басты шарт.



Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   56




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет