«Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты



бет18/24
Дата04.11.2016
өлшемі6,67 Mb.
#330
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   24

САНАСЕЗІМ (лат. cum scіentіa – санамен бірге) — әрбір адамның өзінің тіршілігін және әрекеттерін сезінуі. Тіршілік ету аз, сол тіршілік етуіңді сезсең ғана саналы болғаның. Міне, осы қосарлану арқылы адам табиғат заттарынан бөлінеді. Бұл туралы Гегельдің тамаша анықтамасы бар: “Табиғаттың заттары тура және жалқы түрде тірлік етеді, ал адам болса, ол рух болғандықтан, қос тірлікке иелік етеді. Бір жағынан, ол табиғат заттары сияқты тірлік етеді, бірақ, екінші жағынан, ол өзі үшін де тірлік, өзін өзі зерделеп, өзі туралы ұғым қалыптастырады, өзі туралы ойланады және осы қызметінің арқасында рухқа айналады. (Гегель. Эстетика. 1835). Психология тұрғысынан сана бір жағынан жарық сияқты көрінсе (сезінілу дәрежесіне байланысты біздің ойларымыз анық, немесе, анық емес), ал екінші жағынан, ниеттену һәм назар аудару қуатына байланысты. Іс жүзінде сезіну барысы назар аудару күш–қуатын да, ұшқыр қиялды да қажет етеді. С–с. еске сақтау қабілеті және өз–өзіңді қайта тексеру арқылы жүзеге асады. Бұл тұрғыда рефелективтік сана–сезімнің жандануы үшін, әрекет тоқтатылуға тиіс (Гамлет ситуациясы). Егер адамзат тірлігінің ерекшелігі сол тірлікті сезінуге тәуелді десек, сана–сезім үшін де алдымен тірлік керек.Сана–сезім екі нұсқада тірлік етеді: тұлғалық және қоғамдық. С–с. мазмұны адамның қызметі арқылы жүзеге асады. Сондықтан ол ниет пен идея ретінде көрінеді. Идея тек қана білім емес, болашақты жоспарлау, практикалық әрекетке бағытталған ұғым. Идеяны жүзеге асыру үшін қайрат керек. Мұқтаждық пен қайрат С–с маңызды қосындысы. Әлеммен өзара байланысу арқылы адам оған қарым–қатынасын қалыптастырады. Ол үшін тек ой емес, сезім де қажет.Таным адам ішкі әлемінің қосындылары: мұқтаждық, қызығу, сезім, қайрат, еске сақтау қабілеті – бәріне де кірігеді. Осының бәрі адамды өз–өзін сезінуге, өзіндік С–с. әкеледі. С–с. зердеден тыс (бессознательное) нәрселерге де байланысты. Фрейдизмде зердеден тыс нәрселер табанды түрде санаға қарсы қойылып, адам ғұмырындағы ең маңызды нәрсе деп тұжырымдалады. Бірақ С–с. басты санайтын өзге де көзқарас бар. Зердеден тыс нәрсені санадан бөліп тастауға болмайды. Ол сана қызметінің жемісі. Бұрын санада бар нәрсе зердеден тыс нәрсеге көшеді. Сонымен бірге, адам психикасының тереңіндегі зердеден тыс нәрселер қайтадан С–с. айналуы мүмкін.

Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.


САРАЙЛАР – сәулет өнерінің әсем де салтанатты, бірін–бірі қайталамайтын көркем ғимараты. XIII – XV ғасырлардан мемлекеттік өкімет орындарының маңызды құрылыстарын, ал XIX ғасырдағы әр түрлі қоғамдық маңызы бар үйлерді де Сарай деп атады. С. құрылысына әр дәуірдің көрнекті сәулетшілері мен бейнелеу өнері шеберлері ат салысты. Жастар, мәдениет, неке, оқушылар мен спорт, т.б. С. түрлері болады. Қазақстанда С. ғимараттарын салу ісі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолға алынды. Республикадағы С. ғимаратын тұрғызу барысындағы ірі жетістік Алматы қаласында Республика сарайының (1970) салынуы болды. Алматы қаласында Неке Сарайы (1972), Оқушылар Сарайы (1983), Астана қаласында Жастар Сарайы (1974), Ақтау қаласында Мәдениет сарайы. (1977) т.б. Сарайлар бар.

Республика Сарайы – Алматы қаласында орналасқан мәдени орталық ғимараты. Аумағы 10 мың кв. м. 3000 орынды көрермендер залы бар. Сахнасының ені 48 м, төрі 18 м. С. жобасының авторлары КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған (1981). Р. с. Алматыдағы Абай даңғылын тұйықтай (архитекторлар В.Ю. Алле, В.Н. Ким, Ю.Г. Ратушный, Н.И. Рипинский, Л.Л. Ухоботов т. б.) орналасқан. Төңірегіне ірі ғимараттар шоғырланып, Абай алаңы архитектуралық ансамблін құрайды. Оның көлемдік композиция құрылымы 8 темір–бетон тірекке иек артқан алып қайқы шатырдан және астыңғы шаршы бөлігінен тұрады. Вестибюль мен фойенің тас баспалдақ арқылы ғимарат алдындағы серуен алаңымен жалғасуы перспективалық ұласымдылық туғызады. Р. с–ның негізгі композициялық кіндігіне 3 мың орынды көрермендер залы орналасқан. Зал орындары тұтас амфитеатр түрінде шешім тапқан. Сахнасы және залы күрделі инженерлік тетіктермен жабдықталған. Қабырғаларының төбемен ұласар жері ашық қалдырылғандықтан, шатыр еңсесі көкте қалқып тұрғандай әсер береді. Еңселі фойе (биікт. 13 м) төбесіндегі ақшаңқан шамдар интерьерді көріктендіре түседі. Ғимарат астынан ағып өтетін табиғи өзен суы ауаны тазартып тұратын қосымша желдеткішке айналған. Р. с–ның экстерьері мен интерьерінде ақ мәрмәр, ағаштың бағалы түрлері, Маңғыстау ұлутасы, алюминий құймасы пайдаланылды. 2011 ж. күрделі жөндеуден өтті

Неке сарайы – 1971 ж. Алматы қаласында (архитекторлар – М.Меңдіқұлов, А.А. Леппик, инжинер – Н.Оразымбетов) салынған. Композиция құрылымына бірінің үстіне бірі орнатылған сақина іспетті 3 шеңбер қабат алынған. Ортаңғы шеңбер қабат (диаметрі 34 м) радиусын бойлай екі қатар бағаналар тізбегі тартылған. Еңселі кең вестибюльден көтерілетін салтанат басқышы 2–қабаттағы некелесу залына апарады. 2–қабаттағы бөлмелер тұтас айналма галареямен жалғасқан. Ғимарат интерьерінің әсемделуі мен шеңберлі керегесінен дәстүрлі қазақ киіз үйіне ұқсас ұлттық нақыш көрінеді. Оның қабырғасын тұтастай шынымен қаптау, айналдыра өрнекті күнқағар шілтер ұстау ғимаратқа әсем сипат берген. Құрылыс ісінде мәрмәр, гранит, габбро, емен қолданылған.

Республикалық оқушылар сарайы — оқушылар мен жастарға мектептен тыс қосымша білім беретін оқу–әдістемелік орталық. Р. о. с. 1983 жылы Республикалық пионерлер сарайы болып ашылған. 1996 жылы «Республикалық оқушылар сарайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын болып қайта құрылды. Орталықта 212 адам жұмыс істейді, олардың ішінде 106 педагог 272 үйірмеде балаларға қосымша білім береді. Үйірме, клуб, секцияларға 7000–нан астам бала қатысса, ауыспалы контингенте (концерт залы, планетарий, мұражай, су алабы, түрлі мерекелер мен іс–шаралар) 60000–нан астам бала қамтылады. С. кешені 12 павильоннан, 80–нен астам ғимараттан, 760 орындық концерт залынан тұрады. Бұған қоса орталық еліміздегі мектептен тыс ұйымдарды ортақ дидактикалық, бағдарламалық және әдістемелік материалдармен қамтамасыз етіп отырады. Мұнда әр түрлі саладағы әдіскерлер мен педагогтардың біліктілігін көтеру курстары мен семинарлар, тәжірибе алмасулар өтеді. Орталықтан «Планета детства» газеті шығады. 2004 жылғы 28 сәуірде мекеме атауы «Республикалық қосымша білім беру оқу–әдістемелік орталығы» болып өзгерді.

СЕНІМ —белгілі бір құбылыстың ілімінің ақиқаттығына илану. Мәдениет тарихында С. деп әртүрлі құбылыстар, теориялар мен ойдан шығарылған таңғажайып жағдайларды ешбір дәлелдеусіз, шындық деп қабыл алуды атайды. Табиғаттан тыс күштерге С. кез келген діннің құрамдас бөлігі болып табылады. Күнделікті қарым–қатнаста С. деп әлі теориялық жағынан да, тәжірибе жүзінде де дәлелденбеген ғылыми болжамдарға күдіксіз қарауды айтады.

Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.


СИНКРЕТИЗМ (грек. synkretіsmos – біріктіру) — “жігі ашылмаған”, “біте қайнасқан” деген сөз тіркестерінің синонимі болып табылатын бұл ұғым қандай да болмасын құбылыстың жетілмеген, дамымаған, өзара жіктеле қоймаған бастапқы күйін білдіреді. Бұл ұғым көбінде алғашқы қауымдық немесе архаикалық мәдени кезеңге байланысты көп қолданылады. Өйткені, дәл сол мәдени кезеңде мәдениет салаларының жіктелінбеген, дербестелінбегендігін байқаймыз. С–нің мәнін миф, мифологиялық сана өте жақсы анықтайды. Мифтердегі субъект–объектілік қатынастардың жоқтығы, жеке тұлғалық бастаманың көрінбеуі, адамның өзін айналасын қоршаған әлемнен бөліп–жарып қарамауы т.б. С. көріністері болып табылады. Архаикалық мәдениеттегі ғылымдардың, өнер түрлері мен наным–сенімдердің жіктелінбеген бастапқы біртұтастық күйі – архаикалық мәдениеттің синкреттік сипатын танытады. Сондықтан да мәдениет тарихында зерттеушілер “алғашқы қауымдық С.” деген үлкен кезеңді айқындайды. Адамзат дамуының бұл сатысында қоғамдық өмір өзінің іріктелмегендігімен, біртұтастығымен, бір–бірімен етене тығыз байланыстылығымен сипатталады. Сол мәдени кезеңнің адамдарының дүниетанымындағы С. көріністерін алғашқы наным–сенім түрлерінен: фетишизм, анимизм, тотемизм т.б. айқын көруге болады. Қазірде бұл терминмен эстетика, өнертану, мәдениеттану саласында әртүрлі өнер түрлерінің элементтерінің бірлестігін айқындайды.

Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.


СОПЫЛЫҚ – Исламда XІІІ–ІX ғасырларда пайда болған діни–мистикалық ілім. Сопылық ілімнің ислам әлемінде кең таралуы Жәми, Руми, әл– Фараби, әл Ғазали, Хафиз, Омар Хайям секілді исламның классикалық кезеңінің ойшылдарына байланысты. С. ілім адамды жетілдірудің жеке дара діни–мистикалық жүйесі болғасын, онда эзотерикалық сипат басым. С. жолға түсу алдымен ұстаз табудан басталады. Кейін ұстаздың бақылауымен мүрит психофизикалық жаттығуларға көшіп, С. танымның ілімдік негіздерін ұғынуға көшеді. С. тәжірибе арқылы күнделікті білімнін сыңаржақтылығы әшкереленгесін шәкірт дүниені өзгеше тани бастайды: әртүрлі заттардың, дүниенің төрт бұрышының қарама–қайшылығы сыдырылып, бірлігі айқындала береді. Бұл бірліктің негізі ретінде сопымен байланысқа түскен Ақиқат көрінеді. С. жолға түскен танымның үш сатысынан өтеді: шариғатты тану, тариқатқа түсу, хақиқатқа жетіп, "фана" болу. Орта Азияға кең тараған Қожа Ахмет Ясауидің ілімі бойынша С–тың төртінші сатысы бар, ол – мағрифатқа жету. Христиан дінімен салыстырғанда исламның құдайы тұлғасыз болғандықтан, С. микрокосм макрокосмда жоғалады. Әл–Халладж, әл–Бистамилар өздерін хаққа балаған. Бірақ С. тұрғысынан "фана" буддизмдегідей жолдың ақыры емес, адам жанының мәңгілік ғұмырға көшуі хақтыққа ұласып жоқ болуы С. жолының өзге діндермен ұқсастығы оның көп мәдени ықпалдан өтуін айғақтап, көптеген философиялық және танымдық сауалдар туындатады. Қазіргі араб ғалымдары Еуропадағы көптеген рыцарлық, масондық (қасиетті Августин, Ассиздік Франциск, Фома Аквинский, Дунс Скотт және т. б.) христиан философтарын еуропалық сопылық дәстүрге жатқызады. Орта Азиямен Қазақстанда орта ғасырдан бері сопылықтың Ясауи және нақышбандиа бағыттары таралған.

Әдебиет: Мәдени–философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова ж.т.б.. Алматы, 2007.


сүйіспеншілік адамды шығарм–қа жетелейтін, өмірді терең түсінуге жол ашатын, басқалардың терең ішкі сырын аша алатын моральдық саланың ең биік көрінісі. Тек сол арқылы ғана адами болмысқа жетуге болады. Керісінше жағдайда адам толыққанды өмір сүре алмайды... Көне грек ойшылы Эмпедокл алғашқы рет С. ұғымына ғарыштық мән беріп, оны жек көрушілікке қарсы қойды. Оның ойынша, алғашында Ғарыш С–тің негізінде сапа жағынан әлі бөлінбеген біртұтастықты құрайды. Содан кейін жаугершілік С–ті ысырып біртектілікті бір–біріне қосып, әртектілікті бір–бірінен ажыратады. Келесі сатыда сүйіспеншілік қайта оралып, әртектіні бір–бірімен қосып біртектілерді бір–бірінен ажыратады. Соның арқасында тіршілік дүниеге келеді екен. Эмпедоклдың ойларының түйіні мынада: Дүние қайшылықтан жаратылған. Заттар мен құбылыстардың қарама–қарсы жақтары бір–бірінсіз өмір сүре алмайды, бір–бірін тартып, сонымен қатар, өз болмысын сақтау жолында – итереді (жаугершілік). Платон да өз еңбектерінде С. мәселесіне көңіл бөледі. Ол философиялық деңгейде грек мифологиясындағы Эротты (жыныстық С.) талдайды. Оның ойынша, Эроттың екі түрі бар: біреуі – жердегі, сезімдік құмарту болса, екіншісі – аспандағы идеалды құмарту, ой арқылы ғана жетуге болатын түрі. Эрот – байлықтың құдайы Порос пен кедейліктің құдайы – Пенидің баласы. Сондықтан, ол қайшылықты. Ол үнемі төменнен жоғары қарай және әсемдікке ұмтылады. Адамдардың ең үлкен арманы – өлместікке жету болса, Эрот шығарм. шабытын тудырып, С. арқылы жаңа ұрпақтарды дүниеге әкеледі, ал оның өзі адамға берілген мәңгілік пен өлместіктің бөлігі емес пе? Әсемдікке ұмтылудың екінші – ең биік жағы – Эрот жер мен аспандағы идеалды дүние арасындағы дәнекер. Ал нағыз әсемдік аспан әлемінде жатыр. Олай болса, платондық С. – ол Әсемдік, Ізгілік және Ақиқатқа деген құмарту. Өйткені, олар таза, мөлдір, материалдық қоспасы жоқ, құдіретті және біркелкі.

Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, С. деп адам мен адамды бір–біріне тартатын, қосатын, оларды әсемдік пен ізгілікке, шындыққа ұмтылдыратын, бүкіл адамзатты біріктіретін рухтың ең биік көріністерін айтсақ та болғаны. Ал оның қайнар көзі – Ғарыштың өз ішіндегі тартылыс күштерінде болса керек, сондықтан, көне заман ойшылдарының “Ғарыштық С.” туралы интуициялары философия тарихында оқтын–оқтын қайталануда.

С–тің ғажап түрі – жер бетіндегі барлық халықтардың мыңдаған жылдардағы жинаған ән–күйі мен дастандарының арқауына айналған махаббат сезімі. Қозы–Көрпеш пен Баян–Сұлу, Төлеген мен Қыз–Жібектің бір–біріне деген жалынды махаббаты Ромео мен Джульетта, Лейла мен Мәжнүннің тағдыры сияқты аянышты трагедиямен аяқталды. Әрине, махаббат сезімінің негізінде ғашықтардың бір–біріне деген сүйіспеншілігі жатыр. Ғашықтардың тілеуі бір–біріне қосылуының негізінде Дүниеге жаңа өмір келеді емес пе? Сонымен қатар, махаббатты толығынан жыныстық құмартуға теңесек, онда адамның басқа жануарлардан айырмашылығы неде? – деген сұрақ тумай қоймайды. Австрия ғалымы В.Франкл қазіргі батыс қоғамында кеңінен тараған көзқарас – махаббатты тәндік–сезімдік ләззәт алуға теңеу – қаншалықты жастарды жалған жолға түсіріп бақытсыздыққа әкелгені жөнінде айтады. Егер де адамның жүрегінде терең махаббат сезімі болмай, тек жыныстық ләззәтқа ғана ұмтылып, соны ғана ойласа, ол біріншіден, “Дон–Жуандыққа” әкеліп, екіншіден, сол тұрпайы мақсаттың өзін жетілдіре алмайды. Шындығында, адамның махаббат сезімі оның бүкіл жан–дүниесіндегі рухани күш–қуатпен безендіріліп толысады, неше–түрлі қиялдарды тудырып, шығармашылық шабыт әкеледі. Шын сүйген адам бүкіл дүниені ізгілік жолымен өзгерткісі келеді, дүниедегі сан–алуан құбылыстардың ғажаптығын, әсемдігін жете түсінеді, өзінің және сүйіктсіінің бойындағы бұрын ашылмаған жаңа қасиеттерді тауып, раушан гүлі сияқты ашылады, қуанышқа толы өмір тудырады. Нағыз өмірде болу дегеніміз – шын жүрегіңмен сүю, махаббатың отында лаулап жану

–Өзінің аса тереңдігі және риясыздығымен көрінетін С–тің түрі – әке–шеше мен балалардың бір–біріне деген сезімі. Әсіресе, ана махаббатын асыра бағалау мүмкін емес. Ана өз балаларын,– олар қандай да болмасын,– барлық жан–тәнімен сүйеді, өйткені, олар оның ішінен шықты. Ана әрқашанда өз балаларын қорғайды, оларды кешіре біледі. Әкенің балаға деген махаббатына келер болсақ, ол ана сезіміне қарағанда – өзгеше. Әке балаларын өзіне теңеп, өзіне ұқсас болғанын қалайды, олардың алдына үлкен талаптар қойып, олардың өмірде іске асуын армандап, тілейді. Әке баларын әрқашанда өз ырқына көндіргісі келеді. Ана баланың алдына қойылған талаптар орындалмаса да, оны шүбәсіз сүйеді, оның жалғыз ғана талабы – баласы бұл өмірде аман–есен болса екен дейді.

Адам қоғами пенде болғаннан кейін, әрине, жалғыз ғана әке–шешесі емес, сонымен қатар, басқа да туыс, жолдас–жора, көрші–көлемнің ықпалына түсіп, жақынды сүю сезіміне шомылады. Жақынды сүю дегеніміз – бізді қоршаған адамдарды өзімізбен тең құқықты ретінде қарау, оларға қамқорлық көрсету, өз жауапкершілігіңді сезіну, сыйлап, түсіністік дәрежесіне көтерілу, олардың өмірдегі жетістіктері мен қайғы–қасіретіне бірдей ортақ болу т.с.с.

Жақынды сүю адамды оның білімі мен мәдениеті өскен сайын өз халқын, оның аянышты да батырлық тарихын, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан әдет–ғұрыптарын, тілін, көркем сөзі мен өрнектерін, ғажап әуендерін т.с.с. сүюге итермелейді. Өз халқын сүйген адам, әрине, сол халықты тудырған жағалай ортаны – табиғатты да сүйеді. Қазақ жері – жылы теңіздер аймалап жатқан Италия, я болмаса Грекия емес. Біздің табиғатымыз қатал, ұлы өзендер елімізді қақ жарып ағып жатқан жоқ, теңіз бен мұхиттан да, өкінішке орай, алшақпыз. Десек те, басқа бір жұмақ жерге қазақ деген халық өз мекенін ауыстырмайды. Өйткені, осы топырақта ол жаратылды, бұл жерге оның кіндік қаны тамды, сансыз бұл өмірден озған бабалар осы жерді соңғы қаны тамғанша қорғай білді.



Енді міне, жоғарыда көрсетілген осы екі С. “Отан” деген терең ұғымды тудырады. Отанды сүю дегеніміз – туған жер мен сол елді мекендеген халыққа деген С. болып табылады. Осы екі сезім бір–біріне қосылып оны күшейте түседі. Отаншылдық (патриотизм) – өте күрделі сезім, соның арқасында адам өзін үлкен біртұтас елдің ажырамас бір бөлшегі ретінде сезінеді. Олай болса, ол оның жетістіктері мен қателіктеріне – бәріне де ортақ. Отанды сүю дегеніміз – елге жақсылық тілеп қана қоймай, өз үлесіңді белсенді түрде мейлінше соның гүлденуіне қосу. Отанды сүю дегеніміз – тек қана өз ұлтыңды ғана емес, сонымен қатар осы елде тұрып жатқан басқа диаспора өкілдерін сүю, оларды жаттатпау болып табылады. Өйткені, олар да біздің мемлекетіміздің гүлденуіне ат салысып, бізбен бірге өз тағдырын бөлісуде. Қазақ халқы осы мемлекеттің негізін құрағаннан кейін бұл мәселеге аса жауапты түрде қарауы керек. Сонымен қатар, Отанды сүюге “жақсымызды асырып, жаманымызды жасырайық” – деген ұран жараспайды. Отанын шын сүйетін адам елдің кемшіліктеріне қамығып, оларды әшкерелей біледі. Өкінішке орай, бүінгі таңдағы ұлттық өзіндік сын ұлы Абайдың заманындағы сыннан әлдеқайда төмен дәрежеде тұрғаны көпшілікке мәлім. Орынсыз қопыйып, өз–өзімізді мақтай бергенімізден еш нәрсе шықпайды. Өркөкіректік, тайыздық, асыра сілтеушілік, шыдамсыз Отансүйгіштік те жақсылыққа әкелмейді. Мұндай қасиеттегі адамдарға қиын–қыстау заманда толығынан сену де қиын шаруа. Нағыз Отанын сүйетін адамдар көп жағдайда оны үнсіз сүйеді. Отанын сүйетін адам өз елінің аянышты тарихын да жақсы біліп өз жүрегінен өткізіп, тарихтағы болған оқиғаларды өз өмірінде болған сияқты дәрежеде сезінеді. Сонда ғана ол халықтың болашағына ұқыпты қарап, оның қойнауында болып жатқан, бір қарағанда байқалмайтын, үрдістерді аша алады.
«СЫМБАТ» – сән өнерінің орталығы1947 жылы тігін лабораториясынан бастап,құрылып,Қазақстанның сәні туылды, бүгінгі күні ол «С.» Сән Академиясына өсіп отыр. 1947 жылдан бастап prêt–â–porter өніміне еліміздің әр екінші тұрғыны ие болды. Жылына екі рет сән театры жаңа үлкен орасан зор Haute Couture и prêt–â–porter халықаралық сән Апталығында топтамаларын көрермендерге ұсынды. 60 жыл ішінде 150000 эксклюзивті модельдері подиумдарда көрсетіліп өтті.

Қазақстанның тарихында «С.» бірінші болып Қазақстан сәнін 1972 жылы шет елдерде, содан 2003 жылы кәсіби fashion – Мәскеудегі сән Апталығына (Moscow fashion week), Ресейден басқа да жиі Дубайдағы (DIFW) сән Апталығында, 2007 жылы алғаш рет Вашингтондағы (DC Fashion week) сән Апталығын және сән Сібір Апталығына (SFW) қатысты. Жыл сайын Қазақстанда 20 жеке көріністер, және шамамен шетелде 10 көріністер көрсетіліп тұрады. 1972 жылдан бастап 40–тан аса халықаралық көрсетілімдер фестивальдарда және 30–дан аса сән байқауларына қатысты.

«С.» сән Академиясы өзінің шығармашылық қызметінің 60 жылдығы қарсаңында «CREATIVE WORLD» атты Халықаралық Дизайнерлер байқауын ұйымдастырды. Байқауға Қазақстаннан, Ресейден, Қырғызстаннан және Өзбекстаннан 135 дизайнер қатысты. Авторитеттік қазылар алқасын В.М.Зайцев – өнер докторы, профессор, Ресей суретшілер Академиясының корроспендент–мүшесі, РФ халық суретшісі, РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты басқарды. Байқауға Қазақстаннан, Ресейден, Қырғызстаннан және Өзбекстаннан 135 дизайнерлер қатысты. «С.» өзінің жаңа топтамаларын: Балнұр Асанованың имидждік топтамасы және Алла Петровна Птицынаның ұлттық киімдер топтамасын көрсетті.

Каталог: upload -> Book
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   24




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет