Даулетхан Нагила Тарих пәнінің мүғалімі



бет1/3
Дата21.01.2017
өлшемі422,14 Kb.
#7522
  1   2   3
Даулетхан Нагила

Тарих пәнінің мүғалімі

«Гагарин орта мектебі» КММ

Қарағанды облысы Бұқар-Жырау ауданы

МАЗМҰНЫ

Кіріспе .............................................................................................................1



  • Ғажайып туынды «Алтын адам» ...............................................................4

  • Алтын адамның реконструкциясы ...................................................................10

  • «Есік» Мемлекеттік тарихи - мәдени мұражай қорығы ............................14

Қорытынды .....................................................................................................25

Пайдаланылған әдебиеттер ............................................................................26

Кіріспе

2003 жылы Президентіміз «Мәдени мұра» деген аса ауқымды мемлекеттік бағдарлама жариялады. Мұнда тарихи мұраларымызды зерттеп, оларды өңдеп, реттеп қалпына келтіру тапсырылды. Оған Елбасы үш-үш жылдан мерзім қойды. Есік обалары жәдігерлері туралы түсінік берген Алматы облыстық, Есік өлкетану мұражайынынң бас қор сақтаушысы, археолог Бекен Нұрмағанбетов ақсақалдың әңгімесі көптің көкейінен шықты. Бекеннің кезінде Кемел Ахышевпен бірге атақты Алтын адамды тауып, жалпақ дүниенің жарығына шығарысқанына осы арада айта кетсек артық болмас. Көкірек көзі зерек Бекеннің айтысына қарағанда, Алтын адам – ханзада, тақ мұрагері. Ал оның басындағы – бас киім емес, тәж көрінеді. Олар – патшалары шошақ төбелі тәж киетін сақтар. Назар аударсақ, біздің мемлекеттік Елтаңбамыздың негізі мен осынау тәждің арасында ұқсастық бар екенін байқаймыз. Бұл ел мемлекеттілігіндегі бағзыдан келе жатқан үндестік сабақтастығын аңғартса керек.



Қойнауында сақ қорғандары бар осы жерлер бұдан былай толықтай мемлекет қамқорлығына алынады. Тарихшылардың айтуынша, бұл қорғандар б.д. д. VII – III ғасырлырда пайда болған. Алматы маңындағы Есік қорғаны 1969 жылы әлемге әйгіленді. Сақ жауынгерінің мүсінін әлем жұртшылығы тамашалады. Талайды тамсандырған жәдігер табылған жер мемлекеттің арнайы қамқорлығында. Алайда, оны сақтап, елер ұрпаққа жеткізу шаралары тек «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылдағаннан соң, жүйелі түрде қолға алына бастады десек артық айтқандық болмас. Сонымен, әкімшілік, басқада құрылыс нысандарымен бірге алтын адам табылған негізгі қорған қайта жөнделеді. Жоба авторларының пікірінше, Есік мұражайы толық жөндеуден өткізілген соң ол отандық туризм дамуына өз үлесін қосады.

Еліміздегі мұндай қасиетті орындар шетелдік туристерді қызықтыруы тиіс деп ойлаймын. Бұл үшін жүйелі стратегия керек. Облыс, аудан басшылары ғана емес, министрлер бірігіп атсалысуы керек. Мұндай жерлерге тек мұражай ғана емес, этносаябақтар мен өзге туристік нысандар салыну қажет. Сонда ғана біз шетелдік туристерді тарта аламыз.



Зерттеу әдістері:

  • Көшпенді сақтардың тұрмыс - тіршілігін, салт - дәстүрін сақ дәуірінің қойнауында жатқан қызықты құндылықты зерттеу;

  • Сақтар дәуіріндегі және қазақ тарихындағы б.д.д. VIII-III ғ.ғ тарихи ескерткіштерге бай Жетісу және Есік аумағындағы сақтар заманының ескерткіштерін, обаларын зерттеу;

  • «Алтын адам» киіміндегі керемет көріністер ол сақ дәуірінің дәрежесін көрсететін әр түрлі хайуанаттар бейнесіндегі асыл бөлшектер ең маңызды екенін білдіреді. «Алтын адам» бейнесінің қайта жаңғыруын ғылыми деректерге сүйеніп зерттеу;

Зерттеу бөлімі: Тарихи деректерге сүйене отырып,мәліметтер іздеу.

Жұмысты зерттеу: «Алтын адам» киіміндегі алтын әшекей бұйымдарды тереңірек зерттедік.

Жалпы зерттеу: Сан ғасырдан жеткен мұраны жан-жақты зерттей отырып, көп құндылықтар жинадық.

1.Ғажайып туынды «Алтын адам»

«Алтын адам» Қазақстан аумағына жататын Есік қорғанынан табылған, біздің дәуірімізге дейінгі VII-III ғғ. өмір сүрген көшпенділердің тарихынан, өркениеті мен мәдениетінен хабар беретін, бүгін де әлемдік мәдени құндылықтардың қатарына енген бірегей туынды.

Қазақ археологиясы ғылымының дүниежүзілік мәні бар үлкен жетістігі –«Алтын адам» б.д.д ІҮ ғ. жәдігеріне жатады.Жаны таза,пиғылы пәк, жұлдызы жанған өршіл халықтың ешкімге ұқсамайтын дара болмысы сіңірген бедер – елтаңбамыздағы қанатты қос пырақ осы алғаш алтын адамның алтын тәжінен алынған.

Ал,екінші «Алтын адам» 1999 жылы Атырау өңіріндегі Аралтөбе қорғанынан табылды.Б.д.д. ІІІ ғ. жәдігері деп шамаланған бұл «Алтын адам»

ғалымдардың айтуынша сарматтардың көсемі .Оған дәлел, көсемнің өзімен бірге жерленген болат семсер. Аралтөбеден осы «Алтын адамды» тапқан белгілі археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Зейнолла Самашев.

2003 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы Шілікті жазығындағы көне қорғандардың бірінен тағы бір «Алтын адам» қазылып алынды.Бұл жәдігерді тапқан археологиялық экспидицияның жетекшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаевтың айтуынша, «Үшінші алтын адам» б.д.д. VІІІ ғ. Аяғы мен VІІ ғ. Басында өмір сүргшен сақ патшасы. Патша киімдеріне тағылған жапсырмалардың бәрі сом алтыннан құйылған әшекейлер. Олардың ең үлкені – арқар мүсіні. Тағы бір таң қаларлық жәдігер – бес жұлдыз бейнелі түйме. Міне, Қазақстан жерінен қазып алынған «алтын адамдар» саны үшке жетті.

Ал төртінші «Алтын адам» 2006 жылы Атырау облысынан табылды. Ғалым Марат Қасенов бастаған студенттерден құралған археологиялық экспедицияның бұл олжасы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологиялық-этнографиялық орталығына қойылды.

«Алтын адамның» қабірі табылған мекен Қарағандыдан 300 шақырым қашықтықта. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл – 40 жастағы ер адам, ежелгі сақ тайпаларының қолбасшысы болса керек. Қолбасшының қарамағында Орталық Қазақстан территориясы болған деседі. Басқа да деректерде «алтын адам» атақты рудан шыққан 30 жас шамасындағы әйел адам деген де болжам бар. Ежелгі обадан жүзге жуық әшекей бұйым мен алтыннан жасалған заттар табылған. Археологтер бұл обаның кезінде бірнеше мәрте тоналғанын анықтап отыр. Соған қарамастан, аталмыш қорғаннан тарих үшін өте құнды материалдар, сақ қолбасшысының қандай болғанын сипаттайтын дәлелдер табылған. Ендігі уақытта мамандарға орталыққазақстандық «алтын адамның» образын жасау мүмкіндігі туды. Қорғанды тапқан экспедицияның жетекшісі Арман Бейсеновтің айтуынша, «археолог үшін ең бағалы дүние – ескерткіштің өзі». «Орталық Қазақстаннан табылған «алтын адам» түгелдей алтынға малынған немесе тіпті белгілі бір детальдары алтын болмаса да, ғалымдар үшін ең құндысы – ғылыми дерек, ақпарат. Мұндай байлық күнде табыла бермейді», – дейді ғалым. Тарихшылар оба табылған орынды аспан астындағы ашық мұражай етіп қалыптастырмақшы. Құнды жәдігерлер табылған мекенге ғалымдар «Патшалар даласы» деген атау беріп отыр.

«Алтын адам» бас киімінің ұшар басындағы арқарды (тоқты) ғалымдар Тоқты дәуірімен байланыстырады. Тоқты белгісі Марс басқаратын От стихиясымен байланысты. Негізінде От стихиясын тығыз материяда жүзеге асыруға тырысқан шығармашылық бастау, ынта, ерік-жігер деп талдауға болады. Бұл белгі бастапқы идеяны, өзінің жеке қасиеттерінің бәрін жете, сезіне, түйсіне білетін, тың идеялар тудыруға, қалыптастыруға, өзін-өзі көрсетуге және экспансияға тырысқан тұлғаның идеясын толық мағынасында түсінуді білдіреді. Басқарушы Марс Тоқтының іс-әрекеттеріне, мінезіне пәрменді күш, мықтылық береді. Мінездері бойынша олар бірбеткей, пысық.

Тоқты дәуірі Христостың туғанына дейін, одан екі мың жыл бұрын басталған-тын. Жобамен осы кезеңде Ежелгі Шығыс елдерінде, Мысыр мен Месопотомияда, сондай-ақ Индияда кеннен темірді айырып алу тәсілін ашады. Бұл қола дәуірінің соңы мен темір дәуірінің басына келеді. Темірдің қолданылуы адамзатқа үздіксіз соғыс әкелген Тоқты дәуірінің күшіне енген кезін нақты сипаттайды. Бұл - Марстың басқаруымен, Тоқты белгісіне тән алға ұмтылушылықпен және экспансиямен түсіндіріледі.

Тоқты дәуірінің басталуымен алғашқы еуропалық өркениет – Крит аралындағы миной мәдениеті бастау алады. Христостың туғанына дейін, шамамен екі мың жыл бұрын, орта миной кезеңінде урбанизация үдерісі жүріп, қалалар, Кност, Мелия, Фест секілді алғашқы сарайлар салынады. Ғалымдар қоғамның бір типіне жатқызатын Грек және Рим өркениетінің барлық бастамаларын Тоқты дәуірінің идеясына сәйкестендіреді (осыған байланысты айта кететін бір жайт, Ежелгі грек аңызында Критте аты аңызға айналған Афин мен батыр Тезей «Жұлдызды бұқаны» өлтіреді – Минотавра). Десек те, адамдар Тоқты дәуірінен де кейін соғысты, әсіресе ХХ ғасырдағы болған соғыс көне дәуірде болған соғыстан асып түсті, алайда бұл соғыстың ХХ ғасырдағы соғыстан айырмашылығы, ежелгі дәуірде күнделікті маңызға айналған, батырдың жеке басының көзсіз ерлігін асқақтататын, ержүректілігін көрсететін құрметті соғыс болды.

Қорған қазбалары Қазақстанды 5 ғ. ЗБ мекен еткен ежелгі тайпалардың мәдениеті, өнері, діні жайлы құнды деректер берді.

Алтын адам — Алматы облысындағы Есік қаласының солтүстігіндегі Есік өзенінің сол жақ жағалауындағы темір дәуірінен сақталған сақ обасынан табылған алтын киімді сақ жауынгерінің мүрдесі (5 ғасыр). 1969 – 1970 жылы археолог Кемел Ақышев тапқан. Алтын адам киімі 4 мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін «хайуанат нақышында» жасалған. Бас сүйектің сол жағынан жаһұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылды. Бас киімі кейінгі қазақ киімі үлгілеріне ұқсас, биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70 см шамасында. Мойнында дөңгелек жүзік сияқты алтын алқа, іш көйлегі, көкірегінің тұсы, жеңі алтын тоғалармен өрнектелген, саусағында екі алтын жүзік, камзолы құрастырылмалы ауыр белбеумен буылған. Белбеуге аңға ұқсас бейнелер, 16 тоға жапсырылған, оң жағында қызыл қынапты ұзын семсер, сол жағында алтын пластиналар жапсырылған қынға салынған темір қанжар – ақинақ, шалбар балағы да алтын тоғалармен әшекейленген. Есік обасынан алынған археологиялық мәліметтерге қарап, бұл адамның біздің заманымыздан бұрынғы 5 – 4 ғасырларда өмір сүргені анықталды. Киім үлгісі, жерлеу рәсімі, Алтын адамның Жетісу жерін мекендеген сақтардың көрнекті елбасының ұлы немесе жас көсем, әскербасы екенін айқын көрсетеді. Көне дәуірдегі материалдық мәдениет, өнер, мифология, т.б. салалардан мол дерек беретін Алтын адам сол кездегі сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді. Алтын адам – Қазақстанның азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі елтаңбамызға енді

Жақында үлкен шараның куәсі болдық. Қазақтың алапатын асырып, десін көтерген Есік қорғанының орнынан мұражай-қорық ашылды. 38 гектар жерді алып жатқан бұл мұражайдың аумағына кіретін қырықтың үстінде ескі қорғандар бар. Соларды зерделеу мен ел қамқорлығына алу – біраз жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе еді. Әуелі бір жылдары қорған орналасқан аумақ қараусыз қалғандығын айтып баспасөз жоғары жаққа құлаққағыс еткен. Соны ретке келтірудің орайы енді келген сияқты. Әкімшілік ғимарат пен бірнеше экспозициялық залдан тұратын мұражай-қорықтың өскелең ұрпаққа берер тағлымы қаншалықты мол екенін айтудың өзі артық. Бұл жолғы айтулы қуанышқа еліміздің ғалымдарынан сырт, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан ғалым-тарихшылармен қатар, мұражай саласының мамандары келді. Олар мұражай-қорықты көріктендіру мен бе­зендіру, елге тағылым сыйлар іс-шараларды ұйымдастыру, көпшілікке насихаттау мәселелерін ортаға салып, өз елдерінің тәжірибесімен бөлісті. Ал бұл семинардың өтуіне «Дешті-арт» шығармашылық орталығы мен Нидерландының гуманитарлық институты мұрындық болғанын айта кету абзал.

«Алтын Адамды» киесі мен иесі бекем топырақтан өз қолымен аршып алған Бекен ата – археолог Бекмұхамед Нұрмұханбетовтің қуанышында шек жоқ. Ол осыған дейін де осы қорғанның тылсым сырлары мен тағдыры мен тарихы тереңде жатқан құпияларын зерттеуге өмірін арнап келе жатқан айтулы ғалым еді. Сонау бір жылдардан бері қорғанның қорғаушысы, зерттеушісі, әр рет келген қонақтарға өзінің білгендері мен көргендерін насихаттап, айтушы – осы қарт. «Бұл жай тас пен топырақтың үйіндісі емес, бұл – киелі де сырлы топырақ, бірегей ғимараттардың бізге жеткен шөгіндісі. Мұндағы әрбір түйір топырақтың өзгеше орны бар. Оны ұрпаққа жеткізу, түсіндіру, өз мәдениетіміздің тым тереңдегі мәніне үңілдіру – біздің міндетіміз. Суреттер мен экрандардан насихаттағаннан гөрі, жас ұрпақты осы жерге ертіп келіп көрсету – анағұрлым маңызды. Біз соған жұмыс істеудеміз», – дейді мұражайдың жетекші ғылыми қызметкері Бекен ата.

Саналы ғұмырын осы қорғанның елге насихатталуына сарп еткен ақсақалдың сөзіне бойлап, өзінің бұрынғы және жаңа тарихын білу мен түсіну – әрбір Алаш оғланына серт болуға тиіс. Себебі, сенің өткеніңнің әрбір сәтін қаз-қалпында сақтап отырған осы топырақ. Бәрі ұмытса да, өзінің қойнауында өткен жақсылық пен жамандықты, зұлымдық пен зұлматты топырақ ешқашан ұмытпақ емес. Топы­рақтың бойында біздің асыл тарихымыз, өнегелі өткеніміз жасырулы. Топырақтың қойнауында тағдырлы тарихымыз бен шерлі болса да шежіреміз көмулі. Ал сақ қорғандары соның бірегей дәлелі. Бекен атаның айтқаны осы. Ол кісі тағы былай дейді: «Бұл жерді шаң басып жатқан заттар қойылатын орын деп емес, оны тірі тарих деп қабылдауға тиіспіз». Тірі тарих десе дегендей, ойланыңызшы, еліміздің символына айналған «Алтын Адам» образы Сіз бен біздің кеудемізді нұрлы шұғы­ласымен шомылдырып тұрған жоқ па! Еске түсіріңізші, біз өзіміздің Ұлы Тарихымыз болғанын, Ұлы Қағанат құрып, дүниені тұлпарымыздың тұяғымен дүбірлеткенімізді нықтап сезінуімізге де осы Ұлы Бабалар рухы септескен жоқ па! Демек, жаңа мыңжылдық біздің қайтадан түлеу дәуіріміз болмақ. Демек, біздің арайлы болашағымыз 1969 жылдан басталған. Біз әлі-ақ әлемге Алтын Рухымызды, кемел келешегімізді паш етеміз. Қазақтың алар асуы әлі алда.Алдымен, Есік маңындағы Алтын адам арнайы ғылыми жұмыс нәтижесінде емес, кездейсоқ табылды. Сондықтан ол үстірт зерттеліп, Бесшатырдағыдай ең құрымаса обаның ішкі құрылысын елестетуге көмектесетін қарапайым фотосуреттер де түсірілген жоқ. Бесшатыр обаларына, ішкі-сыртқы кейбір ұқсастықтарына бола сақ дәуіріне жатқыза салынды. Ешкім ол арадан табылған заттарды Тарбағатайдың теріскейіндегі ескерткіштерді зерттеген ғалым Әбдеш Төлеубаев құсап екі бірдей шет елдің ғылыми лабораториясына жіберіп, қай ғасыр, қай заманның ескерткіші екенін арнайы анықтап жатпады.

Екіншіден, Есік обасынан екі адамның мәйіті шыққан. К.Ақышев ол жайында: “Бізге Есік қорғанындағы екі бейіт бір мезгілде пайда болған деген ой келді, себебі, екі бейіттің де үстіне үйілген топырақ бір, оған көмілген адамдар сүйегі де топырақтың астында жатыр, олай болса, олар не бір семьяның адамдары, не жақын қандастық қатынастары бар адамдар… Біздіңше, орталық бейіттегі жерленген адамның қырынан жерленген адамға қарағанда қоғамдық орны жағынан маңыздырақ екендігі даусыз”, – дейді (“Ертедегі ескерткіштер елесі”. Алматы. 1976. 13-бет). Ал мұны қазақтың қарапайым тілімен айтсақ, бірі хан да, екіншісі – ханзада.

Үшіншіден, Қытай елінде шыққан “Ежелгі Үйсін елі” кітабы: “Күнбидің он неше ұлы бар. Басқа ұлдарына қарағанда ортаншы ұлы Датлұқ … Датлұқтың ағасы мұрагер ханзада болып тағайындалған еді… Оның Семзеу деген ұлы болған, дүниеден ерте қайтқан мұрагер ханзада көзі жұмыларда Күнбиге: “Үйсін тағының мұрагері Семзеу болсын”, – деп тілек қойған еді… Күнби дүниеден көшкен соң, оның тағына Семзеу отырды. Семзеу деген – лауазымы. Өз аты – Күнсүй би. Күнби – ханның атағы, өз аты Лапкөк еді”, – дейді (Үрімжі. 2005. 249, 250, 251-бет). Дәл осы кітаптағы “Үйсін туралы жалпы шолу” деген мақаласында Нығмет Мыңжанұлы: “Үйсін Елжау бидің он ұлы болған… Күнбидің тақ мұрагері ерте қайтыс болып кетіп, оның Жөнші (Күнсүй) би деген баласы жетім қалады… Жөнші биді… Елжау би тақ мұрагері етіп бекітеді”, – деп жазады (17-бет). Ал жоғарыда айтқан Ата шежіре: “Жалпы, Елсау атамыз бес әйелінен 23 бала көріп, соның оны тіреп тұра қалыпты… Нулы атамыз әкесі Елсаудан бұрын жастай жиырма екі жасында кетіпті… Нулыны қатты ардақтап, Үш Қарашқа қойыпты. Осыдан кейін-ақ Елсаудың да денсаулығы болмапты… Елсау би дүние салып, осыдан 1980 жыл бұрын (б.д.д. 104 жыл – Б.Н.) қайтқан соң, оның көзінің тірісінде-ақ таққа отырған Санжар – Жөнше нар қытай қыздарына құмарлау болып”, – дейді (Қ.Тауасарұлы, “Түп-тұқианнан…”.1993. 43-бет). Бұл үш пікір де бір жерден тоғысады. Тек Н.Мыңжанұлы Семзеу таққа Күнби өлген соң, Қазыбек бек Күнбидің көзі тірісінде-ақ отырды дейді және 22 жастағы Нулыны Үш Қарашқа жерлегенін, әкесінің де ұзамай дүние салғанын айтады. Ал Үш Қарашымыз сол Есік қаласының үсті. Бас Қараш Асы жайлауының батыс бетінде, Орта Қараш пен Кіші Қараш Түрген өзенінің бойындағы сайда. Осының бәрін біріктіре қарасақ, Алтын адамымыз Нулы ханзада, ал “орталық бейіттегі” “қоғамдық орны маңыздырақ” адам Елсау Күнбидің өзі болып шықпай ма?

Төртіншіден, 2005 жылы 14 желтоқсанда сол кездегі Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев: “Біз енді тарихи қателікті түзетуіміз керек. Есік қорғанынан табылған Алтын адамды біз осыған дейін сақ, оның ішінде сақ-тиграхауд деп келдік қой. Қытайдың жылнамалық деректері мен ондағы ғалымдардың тарихи мәліметі бұл Алтын адамның үйсін, үйсін қоғамының адамы екенін бұлтартпай дәлелдейді… Алтын адам – …үйсін бекзадасы!” – деген мәлімдеме жасаған болатын (“Жас Алаш”, 15.12.05.)

Бесіншіден, Алтын адамның үйсін ханзадасы екенін алғаш жорамалдаған жазушы Тұрсын Жұртбаев болатын. “Осы арада Кемел Ақышев қазған Есік қорғанындағы “Алтын киімді ханзада” сол Ұлы Күнбидің ұлы емес пе екен деген ой ұшығы қылт ете қалады. Оның жас мөлшері жиырманың ар жақ, бер жағы деп айтылып жүр”, – дейді ол өзінің “Дулыға” атты екі томдық тарихи зерттеулерінде (Алматы, 1994.1-том. 292-бет).

Ғылымдағы бір қателік, дер кезінде түзелмесе, кейін дәлелденуі өте қиын көп қателікті тудырары даусыз. Алтын адамның үйсін емес, сақ болып және сақтың қазаққа қатысы жоқ халық боп қалуын қалайтын, ол табылған жерді қазақ жері дегісі келмейтін ішкі-сыртқы күштердің бар екеніне біз көз жұмып қарамауға тиіспіз. Тарих ғылымдарының докторы, қытай тілін жетік білетін ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы “Үйсін мемлекеті жөнінде” атты мақаласында: “Демек, қазір қытай тарихшыларында өзінің және өз елінде қалыптасқан ұстанымды негізсіз өзгерту байқалады”, – деуі бізді қатты сақтандыруы тиіс (“Жас Алаш”, 04.03.04). Бұған ежелден аталып келе жатқан “ғұнды” бір кезде “сиуңну” деп, “йүзіні” “жу-жы” деп, қазір “нүкіс” деп, Елжау деп оқылып келген Күнбиді Лапкөк, Мөде-Мүдені Бақтұғ деп, тағы басқа толып жатқан атауды жаппай өзгертіп жаза бастағаны да дәлел. Соның бәрін көре-біле тұрып біздің жайбарақат жүріп жатқанымыз ғылымға мән бермеушілік екені сөзсіз.

Сонымен, Есік қорық-мұражайының ғылыми негізін дұрыстап жасау үшін, алдымен сол Алтын адаммен бірге табылған бір-екі затты басқа екі мемлекетте бір-біріне қатыссыз жағдайда ғылыми-техникалық әдіспен қай заманның дүниесі екенін анықтайтын зерттеу жасату қажет.

Сонан соң Есік қорық-мұражайының құрамына бірінші кезекте көне Талғар қаласының орнын емес, Есік қорғанының қасындағы Рахат ауылының тепсеңінде жатқан қала орнын қосып, алдымен соны ашқан жөн. Себебі, оны ертедегі Үйсін мемлекетінің астанасы Шығу қаласының орны деген ғылыми болжаулар бар. Егер ол қаланың Шығу екені дәлелденсе, онда Алтын адамның үйсін екені де өз-өзінен дәлелденеді. Алтын адамды тапқан Бекен Нұрмұхаметов Есік маңындағы “Патшалар қорғанында” бұрын 600-700 оба бар еді, қазір 60-70-і ғана қалды дейді. Ал 600-700 обаға ел билеушілері құрығанда 6-7 ғасыр бойы жерленуі тиіс. Соншама уақыт бір жерге басшыларын жерлеген ел соншама уақыт сол араны тұрақты мекен етуге де тиіс. Біз әңгіме етіп отырған обадан табылған хан мен ханзада да, сөз жоқ, сол көне қалада өмір сүрген адамдар. Ал оны археологиялық жолмен дәлелдеу – өте мәдениетті елдің үлесі. Біз сол үлесті үнемі болашаққа сырғыта бермеуіміз керек.

Ата шежіредегі: “Ел астанасы Үш Қараш астындағы Шығу қаласы еді”, – деген сөз де (“Түп-тұқианнан өзіме шейін”. 45-бет) шындық пен болжамның арасын біржола анықтап, осындай ғылыми-археологиялық зерттеуді жедел түрде жүргізуге шақырады.

2. Алтын адамның реконструкциясы

«Алтын адам» - Алтын және бағалы металдар мемлекеттік музейінің бірегей, құнды жәдігері.

Ол 1969-70 жылдары Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тарих ғылымдарының докторы, ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткер Кемел Ақышұлы Ақышевтің қазба жұмыстары кезінде Алматы қаласынан 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан табылған, біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғғ.жатады.

Кемел Ақышұлы Ақышев 1924 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Әскери училищені аяқтаған соң майданға аттанады. 1950 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітіреді. КСРО ҒА Археология институтының Ленинград бөліміне аспирантураға түсіп, 1953 жылы Мемлекеттік Эрмитаждың Ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғайды.

Студенттік жылдары археологиялық қазба жұмыстарына қатысады. 1955 жылы Қазақ КСРО ҒА Тарих, археология, этнография институтының археология бөлімінің меңгерушісі, содан кейін Әлкей Марғұлан атындағы ҚР ҰҒА Археология институтының бас (негізгі) ғылыми қызметкері болады. 2000 жылы Астана қаласына көшіп, Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде археологиялық реконструкцияның лабораториясын құрады.

Археологтар алғаш рет әлемдік тәжірибеде барлық республика көлемінде Археологиялық карта жасап, онда материалдық құндылықтың 5 мыңға жуық ескерткіштері есептеліп, сипатталады. 50 жылдардың соңында К.Ақышевтің қазба жұмыстары кезінде табылған сақ дәуіріне жататын Бесшатыр қорымы оның ғылыми өмірбаянынан ерекше орын алады.

Одан жинақталған материалдарды талдай келе, К.Ақышев сақтардың таза көшпенді емес, олардың қыстайтын орны мен жылы баспаналары болғандығына көзі жетеді және осы тұжырымға нық тоқтайды. Сол жылдардың өзінде-ақ ол тағы бір ғылыми ізденістің бағытын – сақ өнерінің шығу тегін зерттеуді көздейді және ежелде Жетісуда дербес металлургия ошағының және қола құю өндірісінің дамығандығын дәлелдейді. Бұл бағыт Есік қорғанынан «Алтын адамды» тапқанда да әрі қарай жалғасын тапты. Қорғандардың көпшілігі ертеде тоналған, тек бүйірдегісі ғана, яғни жас сақ көсемінің жатқан жері аман қалған. Қазу тәсілі мен түрлі сызбалар арқылы «Алтын адамның» бейнесі қайтадан жаңғыртылды.

Сақтар түсінігінде ескірмейтін, шірімейтін алтын зат мәңгіліктің символы ретінде болған. Ғылымнан белгілі, тірі кезінде алтын бұйымдар тек патшалардың киіміне ғана жапсырылған. Ал о дүниеге алтын әшекей заттармен аттандыру оның өмірін мәңгілік ету идеясымен байланысты болу керек.

“Алтын адам” 1969-1970 жылдары тарих ғылымдарының докторы, академик Кемел Ақышев бастаған археологтар тобының қазба жұмыстары нәтижесінде Алматы қаласына 50 шақырым жердегі Есік қорғанынан табылған. Топырақ қорғандармен ұштасып жатқан зираттар солтүстіктен оңтүстікке қарай аумағы үш шаршы километрдей жерді алған. Бұл қорғандар патша қорғандары деп аталады. Есік қорғанының диаметрі 60 метр, биіктігі 6 метр. Бір қорғанда орталық зират және қырынан жерленгендердің зираты бар болғаны анықталған. Орталық зират бірнеше қайтара тонаудың нәтижесінде өзінің бұрынғы қалпынан өзгерген. Тонаушылар қырынан жерленген зиратты таба алмаған, ол ешкім тимеген күйінде түгелдей сақталған. Бейітте ұзындығы 1,5-3 метрлік Тянь-Шань шыршасынан жасалған табыт болған. Ағаш табыттың солтүстік бөлігінде ұзыннан жатқыза жерленген адамның қаңқасы, ал оңтүстік және батыс бөліктерінде ыдыс-аяқтар орналастырылған. Жерленген адаммен бірге киімінен алтын пластиналар, белбеу, қару-жарағы, жанынан қола айна, жақұт тастармен әшекейленген алтын сырға табылған. Әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, жылқы, түрлі құс бейнелерін беретін хайуанаттар стилі деп аталатын скиф-сақ зергерлік өнерінің үздік үлгісі. Жерленген адамның басынан бастап аяғының ұшына дейін 165 см.

Есік обасы біздің заманымыздан бұрын V-IV ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларының тарихы мен мәдениетінен хабар беретін аса көрнекті ескерткіш. Обадан табылған 4 мыңнан астам бұйымдардың көбі алтыннан жасалған.

Бас киім 150-ге жуық әшекей заттармен безендірілген. Биік, шошақ төбелі, ұзындығы 70см шамасындағы бас киімі әшекейлердің орналасуына байланысты үш бөліктен тұрады: көк әлемі, жер әлемі және жер асты әлемі. Арқардың алтын статуэткасы бас киімнің ең ұшында орналасқан. Ол таудың мәңгілік қар-мұз басқан шың құздарын мекендеуші жануар тәңірге бір табан жақын, «кіршіксіз» деп есептелген. Әсемдікті көрсетіп тұрған жан-жағындағы төрт жебе, әлемнің төрт жағын бейнелейді. Олар сабы жіңішке алтын лентамен спираль сияқтандырып оралған және жоғары жағы жапырақ тәрізденіп, ортасы қуыс болып келген. Бұл бас киімдегі жебе тәрізді әшекейлер әлемнің төрт жағын бейнелейді. Ал құстың қанаттары жоғарғы билікті, жоғарғы әлемді білдіреді.


Каталог: 2015
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы. Ғарышкер, техника ғылымдарының докторы
2015 -> Сабақтың тақырыбы: Реактивті қозғалыс Сабақтың мақсаты: Білімділік: Реактивті қозғалыс туралы түсінік беру
2015 -> Сабақың мақсаты: Білімділік
2015 -> БАҒдарламасы қазақ филологиясы кафедрасы Орал-2014
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Жердегі сұлулықтың мекені
2015 -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Жердегі сұлулықтың мекені
2015 -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2015 -> Абай және кітапхана
2015 -> «Бәріде Жеңіс үшін!!! Шығыстың қос шынары» Сыныбы: 7 Мақсаты
2015 -> Сабақтың атауы Құлын мінген бала Мақсаты


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет