Әлдихан Қалдыбаев



бет3/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,75 Mb.
#43802
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Сәбит. Ал, отырыңыз, ақсақал. (Шаншар атай өзі тұрған тұстағы орындыққа отыра кетеді). О, болмайды мұныңыз, былай төрлетіңіз. (Сәбит атайды қолтығынан демеп тұрғызып, ілгері оздырып отырғызады).

Шаншар атай (ыңғайсызданып). Тіптен мені үлкен төреше қолпаштадың-ау, қарағым-ай.

Сәбит. О, не дегеніңіз, қария. Қошемет те, құрмет те сіздерге көрсетілмей, кімге көрсетілмек енді?

Шаншар атай. Сөз-ақ қой. Білгенге солай, білмегенге амал аз, айтарың – нала-наз.

Сәбит. Мынауыңыз есте болатын жай екен. Сіз осы Шаншар... (кібіртіктеп қалады).

Шаншар атай. Иә, Шаншар деген еріккен тентек шал мен боламын, шырағым. Адам жіберіп шақыртыпсың, соған келіп отырмын.

Сәбит (жымиып қойып). Келіңіз, келіңіз. Шақыртқаным рас. Оның өзі бір... (Сәл тоқталып, екі ойлы жүзбен, атайға аңдап қарап қалады).

Шаншар атай. Айта бер, балам. Ауызға келген түкірік – қайта жұтса мәкүрік. Аямай-ақ қой, айта бер.

Сәбит. Айтқанда, өзіңіз білесіз, қазір қат-қабат науқанның қызған шағы. Пішен дайындау, егін жинау, қант қызылшасын күтіп-баптау, осының бәрі қызып тұрған кезі. Үлкенге де, кішіге де сын болып жатқан осындай қарбалас, жауапты шақта арамыздан колхоз мүлкіне қол сұғушылардың шыққаны қатты қынжылтып отыр бізді. Сондай бір арба шөп ұрлаған баланы бригадир ұстап алса, сіз ара түсіпсіз. Әрі ойлап, бері ойлап, соның жөнін біле алмай дал болғаным. Осыған бір ауыз өз лебізіңізді естісем деп едім.

Шаншар атай. Солай де, қарағым. (Атай шилығып). Жөн-жөн. Ендеше, менің де бірер сұрағым бар өзіңе. Сендер сабылып жем-шөп жинап жатқан мал кімдікі өзі?

Сәбит. Қоғамдікі.

Шаншар атай. Шөп кімдікі?

Сәбит. Қоғамдікі.

Шаншар атай. Адам ше?

Сәбит. Қоғамдікі.

Шаншар атай. Қоғам ше?

Сәбит. Ол – сол қоғамды орнатып отырған адамдікі.

Шаншар атай. Өте дұрыс айттың, балам. Біз – қоғамдікіміз, қоғам – біздікі. Қоғам дәулеті – біздің дәулетіміз. Мұны жұрт әлдеқашаннан жақсы түсінеді. Тегі бір шектен шыққан, яки пір атқан адам болмаса, басқа жұрт ұрлық деген пәлені қойған бұл күнде. Ал енді арық жағасында, жол жиегінде, ой-шұқыр ортасында шалғыға ілінбей қалып қойған азын-аулақ шөпті орып алса, ол қоғам мүлкіне қол сұққандық бола қоймас.

Сәбит. Әрине. Оған сөз бар ма?

Шаншар атай. Әшірбектікі – сол. Бірақ баланың еңбегін осы сөзді өзіңе жеткізіп келіп отырған бригадирің иемденіп кетпек екен. Мұсатайдың бұл қорлығына шыдай алмай, ара түскенім рас. Мұндай әлімжеттілікке, әділетсіздікке кеудемде жаным тұрып мені шыдайды екен демеңдер ешқайсың да.

Сәбит (не дерін білмей абыржып). Бұл ғажап екен. Солай ма еді? Қатты кеттіңіз ғой тіптен. Мұсатай маған басқаша айтқан екен ғой. Сеніп қалып...

Шаншар атай (сабырмен жай). Сен бұған қапаланбай-ақ қой. Мұсатай пәтшағардың сыры маған жақсы мәлім. Өстіп бір кішкене бүлдіріп жүретіні бар.

Сәбит. Солай ма еді? Қап...

Шаншар атай. Мейлі енді. Кішкене сөз тыңдағын. Осы колхозды біз өз қолымызбен құрған адамбыз. Аша тұяғымыз бар ма, жұмыр тұяғымыз бар ма, бетіне қарап жатпай, түгелдей ортаға салғанбыз. Қазір де аянар ештеңеміз жоқ. «Еттің немесе сүттің планына әліміз келмей жатыр» деңдерші, қазір-ақ жиып береді халық. Мал жиып байимын деп отырған ешкім жоқ. Майын ғана пайдаланып отыр. Осыны білсеңдер етті, сендер.

Сәбит. Әбден жер еттіңіз-ау, ақсақал. Сол керек өзі де бізге.

Шаншар атай. Ал, қойдым онда. Қыста қысылмайық дейсіңдер де, әйтпесе, бір арба шөп деген не ол, тәйірі?

Сәбит. Бәсе, деген. Қайта дұрыс болды мұның өзі. Өстіп үлкеннің ақыл-кеңесін естіп тұрған жақсы бір мезгіл.

Шаншар атай. Осының өзі бір пайдалы әңгіме болғалы тұр, шынында. Ауылда шал-шауқан, бала-шаға аз емес. Басқаға шамасы келмегенмен, тракторың жүре алмайтын жердің шөбін жинауға жарайды бәрі. Ең бастысы – солардың басын қосып, жұмысқа жұмылдыру керек. Шөптің астында қаласыңдар сөйтсеңдер.

Сәбит (сергіп, көңілденіп). Е-е, бәсе... Мынауыңыз әбден дұрыс екен. Үлкендер бізге осылайша ақыл қосуы керек қой. Біз бұл мәселені бүгін басқармада мектеп өкілін қатыстыра отырып, талқылайық онда. Шынында, қарттар мен балалар бізге осындай қауырт науқан кезінде көмектесіп жіберсе, мүлде қатып кетер еді, шіркін. Осыған өзіңіздің де бір көмегіңіз болса қайтеді? Кейбір пенсиядағы қарттарды үгіттеп дегендей, былай...

Шаншар атай (көңілі өсіп, көтеріліп). Оған сөз бар ма? Біздің ауылдың шалдарын үгіттеудің қажеті жоқ. Көп болып қолға алған істен аянатын ешкім жоқ бұл ауылда. Әйткенмен, біраз шалдың басын қосып сөйлесу керек шығар. Ол жағын өзіме қоя бер. Ал, балаларды мұғалімдер білер. Балалар аянбайды, мен бірдеңе білсем. Барады бәрі.

Сәбит. Ақсақал, ал енді, меніңше, бұл істің басы-қасында жүретін, жұрт сыйлайтын бір адам керек сияқты. Мен сол адам сіз бе деп отырмын. Бұған қалай қарайсыз? Соны да бір ойлаңызшы.

Шаншар атай. Қалай қарайтыны бар. Солай деп ұйғарып жатсаңдар... Бірақ мен қауын-қарбызға қарауыл болып жүр едім. Оны қайтеміз?

Сәбит. Көкөніс пісіп қалған екен ғой.

Шаншар атай. Иә пісіп тұр.

Сәбит. Ендеше, ертеңнен бастап үзейік оны. Ертең бір машина бөлеміз.

Шаншар атай. Соның жөні қалай болар екен өзі? Желідегі қауын мен көгендегі қозы бір. Қауынды үзуге кәнігі бағбанның қолы керек...

Сәбит. Оған сөз бар ма? Көкөністің тілін білетін біреуді табармыз, ақсақал. Ал, сіздің шөпке шығатын адамдармен бірге болғаныңыз мақұл, меніңше.

Шаншар атай. Е, жөн ендеше. Сендер істің оң-терісін өздерің ескерсеңдер, бізге не жоқ қапталдасып.

Сәбит. О-о, қойыңыз, ақсақал. Мұныңызды біз қапталдасқандық емес, көмектескендік деп білеміз.

Шаншар атай. Жөн білген баланікі осы ғой, бәсе. Әмісе осылай ет, айналайын. Жұрт екі айтқызбай тіл алады сонда. Ал, жақсы, кетейін мен...

Сәбит. Ақсақал, жаңа сіз өзіңізді «еріккен тентек шал» дедіңіз. Оны қалай түсінеміз?

Шаншар атай. Сәбит, шырағым, ол бір ұзақ әңгіме. Жиын-терін бітіп, ел аяғы кеңіген соң айтармын. Сонда өзіңе ерулік беріп отырып, әңгімелесерміз бір, аспай-саспай. Жоқ, әлде сендер шал-кемпірдікіне бас сұққанға арланасыңдар ма?

Сәбит. О, не дегеніңіз, ақсақал. Қайта әлі күнге дейін ерулік бермегеніңізге дау айтпақ едім...

Шаншар атай. Уәде, ендеше. Рұқсат болса, қайтайын мен енді.

Сәбит. Рұқсат, рұқсат. Сау болыңыз. (Сәбит атайдың қолын алып қоштасып жатып). Сәл аялдаңызшы, ақсақал, шоферға айтайын. Жеткізіп салсын сізді.

Шаншар атай. Жо, қоя-ақ қой соныңды, қарағым.

Сәбит. Неге? Бір пәсте апарып тастап қайтады қазір-ақ.

Шаншар атай. Күнде мініп жүрмеген соң, жараспас сол құрғырың...

Сәбит. О, не дегеніңіз? Сіз мінбей, кім мінбек оны? Жарасады.

Шаншар атай. Кім білген тағы?

Сәбит. Несі бар? Мініп барыңыз.

Шаншар атай. Адамдікі емес, атақтікі шығар деп едім ол шіркінді, болмадың ғой, балам-ай. Мейлің, әкелші, шіреніп тұрып отырайын бір өз орныңа. Көп болса жұрт бір күлер: «Лөгкөбай мұның не теңі?» - деп.

Сәбит. Сөйтіңіз. (Сәбит риясыз күліп келіп орнына отырып жатып, хатшысын шақыртатын кнопкасын басты).
Бесінші көрініс

Бірінші көріністегі картина. Көшемен абыржып асығып-үсігіп Күләнда келе жатыр. Қолында шелегі бар Әлипа апай қарсы ұшырасады.


Күләнда (жүре амандасады). Сәлеметсіз бе, апа.

Әлипа. Күләнда қарағым, тұра тұршы. Тым асығыссың ғой, өзі. Тыныштық па, әйтеуір. Сәл аял қылшы.

Күләнда (асығып-үсігіп). Тыныштық. Балалар атамның қауынына түсіпті. Сөйтсе, ол кісі бәрін ұстап алып, оңдырмай жазалап жатыр дейді. Соған үйде отыра алмай, шын ба, жоқ, жай әншейін әңгіме ме білейінші деп шығып едім.

Әлипа (шелегін жерге қойып жатып). Бар болғаны сол-ақ па? Әй, келін қарағым-ай. Балаларды жазалап қайбір оңдырушы еді атаң? Жай, домбытып, қорқытқансыр да қоя берер.

Күләнда. Әй, қайдам? Ана ұста жәкемнің екі баласы ұстатпай, қашып кетіпті. Сөйтіп бұғып тұрып қараса, атам балалардың бәріне дәу-дәу қауын-қарбыз көтертіп қойыпты. Қозғалақтап, қимылдап, тыныш тұрмаған баланың жүгін ауырлата түседі дейді.

Әлипа. Қой, әрі, жауды жақындатып, итті тақымдатпай. Өсіріп айтқаны шығар балалардың. Атаңның балаларға қатал екені рас, бірақ ақылды тентек қой ол. Қазір-ақ кеп қалар балалар.

Күләнда. Сөйтсе бопты да әйтеуір. Балаларға ашуы қатты екен де атамның.

Әлипа. Кім айтып жүр оны? Жұрт солай ойлайды. Әйтпесе, түгі де жоқ.

Күләнда. Кім біледі?

Әлипа. Атаңның бала ұрғанын ел тұрмақ, елу жыл отасқан мен де көрген емеспін. Жазалайтыны рас. Шертпек алады, жұмысқа салады, қол диірменнің тасын көтертіп қойған кезі де болған. Соның бәрін балалар адам болсын, ширасын, пісе түссін деп әдейі істейді.
Мұсатай шығады.
Мұсатай (Әлипаға). Ал, амансыз. Иә, тұрыпсыздар. (Күләндаға). І-і, сен неғып жүрсің мұнда мезгілсіз уақытта?

Әлима. Аман-есен бе, Мұсатай шырағым. Бір шелек су әкеле қояйын деп шығып едім, Күләнда кездесіп қалып, тұрғанымыз. Сөйтсем, бұл баласын іздеп шыққан екен. Соған...

Мұсатай (Күләндаға). Оны неменеге іздей қалдың? Емешейің езіліп бара ма сонша?

Күләнда. Іздемейміз бе, кешіккен соң?

Әлипа. Осы ауылдың балалары топтанып барып сайдағы әгөреттегі қауынға түсіпті. Сөйтсе біздің үйдегі кісі бір тобын ұстап алып, ептеп жөнге салып жатқан көрінеді. Санатбай да сонда екен.

Мұсатай (аяқ астынан ашу шақырып, дегбірсізденіп). Жөнге салғаны құрысын оның. Қатыгез бе, дойыр ма, немене өзі? «Ептеп» деп жұқартқыңыз келеді сіздің, майып қылып жүрер ол балалардың біреуін. Бір қара көрінейін деген шығар өзіне. Жет демейсіңдер ме одан да ертерек ұшып. Жүр, Күләнда, кеттік.

Күләнда. Өзі-ақ келер балалардың.

Мұсатай. Келеді, иә. Тапқан екенсің жібере қоятын адамды. Әй, осы қырсық шалдан-ақ қалдық-ау пәлеге.

Әлипа (күйініп, қатқыл үнмен). О, не, дегенің, Мұсатай қарағым. Бәрің де бала болып өсіп едіңдер ғой, түге. Біздің қарт ағаттықтарың үшін бәріңді де жазалайтын. Ешқайсыңды алалап-құлалаған жері жоқ-тын. Өз балам деп жалғызына да бұрмайтын. Балабек те өздеріңмен бірдей тататын жазаның дәмін. Одан ешқайсың да кемдік көрген жоқсыңдар. Енді келіп ол байғұсты жерден алып, жерге салғаныңа жол болсын, «Шаншар адам ұрып өлтіріпті» дегенді естіген ешкім жоқ еді ғой осы ауылда. Ұрса ұрсын баланы. Кім қақпақ үлкеннің қолынан. Бала қайта сөйтсе, адам болады.

Мұсатай. Айтады-ақ екенсіз. Біз бен қазіргі бала бір ме? Қазіргі балаларға сол қаңбақ шалсыз да тәлім-тәрбие беретін адам әбден жеткілікті. Кім көп, көрінгені бір қыдыңдап, баланың миын жеуден басқаны білмейтін мұғалім көп қазір. Енді ол аз болғандай кәрі жілік желікті ғой бұл. Бүйтіп аты-жөні жоқ қоңаштатып қоя алмаймын мен оған баламды.

Әлипа (көңілі қалып). Қайдам, қарағым. Жау шапқандай шала бүлініп, шалшыққа жығылудың қажеті қанша дегенім ғой, тегі. Балаларды өзі де жіберген шығар ендігі.

Мұсатай. Жіберсін, жібермесін, онда менің жұмысым жоқ. Бір бала тұрмақ, жарты балаға қол тигізуге қақысы жоқ ол шалдың. Қағынайын деген екен өзі тіпті, үндемегенге. (Күләндаға). Жүр, Күләнда. Бар үйге, мен кеттім.

Күләнда. Қой әрі, мезгілсіз уақытта жау шапқандай дүрлікпей.

Мұсатай (екіленіп). Сонда қалай? Анда ол баланы шырылдатып білгенін істеп жатсын, біз мұнда жайбарақат қол қусырып қарап отырайық, ә? Жоқ, ол ешқандай адамгершілік атаулыға сай келе қоймас. Қазір барып, құдайын көзіне көрсетемін мен, ол қақпастың.

Күләнда. Жә, жетер. Тіл тигізбе үлкен кісіге. Еш болмаса, мына кісіден ұялсаң етті кішкене бір.

Мұсатай (кекетіп). Ұятшылын қарай гөр-ей, мұның. Ұят-сұятты тергеп жататын уақыт жоқ менде. Ал ана кәрі шөңгеге көрсетемін дедім бе көресіні, көрсетемін. Оған жаның ашымай-ақ қойсын.

Күләнда. Солай қарай аяқ басып көр осыдан, қолыңда өлейін.

Мұсатай. Өлмесең ома қап. Аяйтын не бар ол алжыған албастыны.

Әлипа (түңіліп). Түу, сөзің қандай ірі еді, қарағым-ай? Осы ауылда өскен бала дейтін емессің ғой өзіңді тіптен.

Мұсатай. Ә-ә, бұл ел білмей жүр екен әлі Мұсатайды. Баяғы қолда өскен бала деп жүрсіңдер ғой. Жоқ. Мен енді бригадир Мұсатаймын. Мен елдің емес, ел менің тілімді алуы керек қазір. «Бригадир Мұсатай келе жатыр» дегенде, аяғынан тік тұрғызамын әлі бұл ауылдың адамдарын.

Әлипа. Онда біткен екенсің әбден. Бар да шауып ал, жауың сол шал болса.

Мұсатай. Бітсін, бітпесін, вот, шауып алам. Енді қайтіп балалардан атын аулақ арқандайтын етемін. Көресіңдер вот. (Мұсатай бұрқан-талқан болып кетуге ыңғайланды. Күләнда шап беріп өңірінен ала түседі).

Күләнда (қатты ашынып). Бармайсың дедім бе, бармайсың. Сен ардан безген екен деп мен де безе алмаймын. Жібермеймін. Қане, солай қарай бір адым басып көрші!

Мұсатай (шошып қалып). Өй-өй, мынау қайтеді-ей? Жібер жағадан алмай. Ұят болады. Баламызды әкелмейміз бе енді? Жібер...

Күләнда. Солай де. «Ұят болады» де. Бәсе, ұятты шынымен қойған екен десем, бірдеңе бар екен ғой әлі. Бар. Бар да атамнан балаларды ептеп сұрап алып қайт.

Мұсатай. Тиіп нем бар ол қызыл көз шалда. Ертең оқуға алып жүрейін деп отырғанда, баланы бірдеңеге ұрындырып жүрмесін деп жатқаным да... (Мұсатай кетеді).

Әлипа. Мұсатайдың мінезі осындай ма еді, ә, келін? Өте нербней боп кеткен екен, бірдеңеге ұрынып жүрмесе жарар еді өзі.

Күләнда. Е-е, қайда барар дейсіз, апа. Әбден-ақ састырдым ғой өзін. Балаларыңыздың сырын білмеуші ме едіңіздер? Бұрқ-сарқ қайнауынан гөрі, бүлк етіп басылуы оңай жазған ғой ол.

Әлипа. Мейлі, әйтеуір аман-сау жүрсінші бәрі де... От болып кеткен, тегі, бұлардың бәрі бұл күнде. Бірдеңе десең, шап ете түседі өзіңе.

Күләнда. Атама қарап үні шықпайды енді оның. Өйтпейді екен, атама шекесінен біраз шертпек алдырып қайтады өзі-ақ.

Әлипа. Ия, деген-ау. Осы Мұсатайлар біздің қарттың шертпегімен, тәк-тәгімен өскен бала еді. Қара енді. Ұмыта қоятын уағы бола қойған жоқ еді...

Күләнда. Мінез ғой, апа. Әйтпесе, неге ұмытсын.
Алтыншы көрініс
Кешкі апақ-сапақ кез. Әріде далиған бір сала қауындық.

Желіде піскен қауын-қарбыз самсап жатыр. Қауындық шетінде, биіктеу жерде күрке тұр. Оның босағасында «Шертпек шарты» ілінген. Күркенін дәл көзінде Шаншар атай мен Бекен отыр. Қолдарына бірден-екіден қауын-қарбыз



көтерген балалар тұр. Бәрі әбден діңкелеп шаршаған.
Шаншар атай. Ал, енді не істейміз? Үн-түнсіз тұрасыңдар ма осылай, жоқ, болмаса, бірдеңе дейсіңдер ме?

Әшірбек. Не дейміз? Тұрамыз. Сіз жазаладыңыз, біз көндік.

Шаншар атай. Жазама мақұлсыңдар ғой, әйтеуір?

Әшірбек. Мақұлмыз.

Шаншар атай. Ендеше, осыны мына «Шарттың» соңғы жағына қосып қойса қайтеді?

Әшірбек. Сөйту керек...

Шаншар атай. Онда айтыңдаршы ал, не деп жазу керек соны? (Балалар ойланып қалады).

Әшірбек. Өзіңіз жаңа айтпап па едіңіз: «Қатырам», - деп. «Қауын ұрлағанды қатырам», - деп жазу керек.

Бекен. «Жақсылап жаза тарттырам» деп қосу керек оған.

Шаншар атай. Табылған сөз. Өздерің тіпті ақын екенсіңдер ғой. Бекен, сен осыны ертең (шартты нұсқап) мынаның соңына әдемілеп өз қаріптерінен айнытпай қосып жазып қой.

Бекен. Мақұл, ата.

Санатбай. Айнытпайды бұл. «Шертпек шартын» жазған осы болатын. Қайтіп айнытсын? (Балалар Санатбайға бір-бір алара қарайды).

Шаншар атай. Е-е, сен де осында ма едің? Оқу қайда?

Санатбай. Ертең кетем.

Шаншар атай. Жоқ, ертең кете алмассың енді.

Санатбай. Неге?

Шаншар атай. Бүгін түнімен тұрасың осында, мына елмен бірге өзің тілеп алған жүкті көтеріп. Ал ертең ертемен бәріңді апарып ауылсәбетке тапсырамын. Егер ол: «Ақсақал мұныңыз не? Бұлардың түк жазығы жоқ, жақсы балалар», - десе, сөз басқа. Әй, бірақ өйте қоймас. Сірә: «Е-е, сізді алдамақ болған екен ғой бұлар. Сіз өкімет адамысыз, халық дәулетінің қорықшысысыз. Бәрін тізіп әкеліпсіз, рахмет, ендігі билігін бізге қоя беріңіз», - дейтін шығар, ауылсәбеттегілер.

Бекен. Ой, ата, өз жазаңыз да жететін шығар. Басқаны араластырып қайтесіз бұған?

Шаншар атай (Бекенге). Сонда не, аяғаның ба жолдастарыңды? Жөн. Бұларды аяу керек, бір себептен аямаған да дұрыс. Аяйтын себебі – жаза көріп, жапа шегіп тұр бәрі, аямайтыны – бұлар екеуімізді алдап, бағып отырған малымызға суық қолдарын салды. (Балаларға). Өздерің айтыңдаршы, солай емес пе?

Әшірбек. Солай.

Шаншар атай. Әне. Жұрт мұны өліп-өшіп өсіреді, сөйтіп төккен терінің, еткен еңбегінің рәтін көргісі келеді. Бұлар ие бола кетеді. Мұның атын не демекпіз сонда?

Әшірбек. Оныңыз рас. Қауын жегіміз келіп еді...

Шаншар атай. Жегісі келген адам өсте ме екен? Мұның басында қарайған біреу отыр-ау, соған бір ауыз жолығу керек шығар деп ойламай ма екен адам деген.

Санатбай. Оны ойлағанбыз. Бірақ бүйтіп ұсталып қаламыз деп ойлаған жоқ едік. (Балалар күліп жіберді).

Шаншар атай. Айтады-ақ екенсіңдер. Көрдің ғой, Бекен, бұлардың қауын жегілері келген, біздің бергіміз келмеген. Бұлар соған шыдамай, әдептен озып, бізді басынбақ болған. Жоқ, Шаншарды ешкім тәлкек ете алмайды.

«Ата» деп келші, қайсыңның қолыңнан қағар екем. «Бәрекелді» деп алдарыңа үйіп тастамас па едім қауын-қарбызды. Тойғаныңша же де: «Рақмет, ата», - деші. Көтергеніңше арқалатпаймын ба мен жазған, соған-ақ көл-көсір разы болып. Сыпыра ғой бұл, оған ортаймас...



Санатбай. Соны білмей сорлап қалдық қой біз. (Балалар ду күледі).

Шаншар атай. Солай деңдер. Әй, Әшірбек, мен сені бір тәуір жігіт бола ма деп жүрсем, мұның не? Адам деген айласын өзгертпей ме екен? Әдіс-айла атаулыны сан құбылтып, өзгертіп отыру керек. Әйтпесе, жалғыз әдіс жетемсіздік қылар, жолың болғыр. Әне, былтыр қатырып-ақ кетіп едіңдер. Айқай-шу шыққанға қауындықтың арғы басындағы ұзын саланың аяғына барып жүрсем, сендер қырман басындағы егіншілерге жөнелтейін деп күрке түбіне жинап қойған бір арба қауын-қарбызды апай-топайын шығарып көтеріп кетіпсіңдер. Несін айтасыңдар, сонда бір разы болып рақаттанып едім, шіркін. Онда мен жалғызілік едім. Енді біз екеуміз. Бүгін жеңіс біз жағында.

Бірақ бізге жастармен кезектесіп сынға түсу неге керек? Барлық кезек сендердікі. Біз бәрін сендерге берген адамбыз. Ал енді өздерің осалдық жасап, сол кезекті берген екенсіңдер, аяушылық күтпеңдер. Жаза ауыр болса – аяғы тәуір болады. (Балалар бастапқыдай емес, сыр бере бастайды. Алдымен Санатбай сабырсыздық көрсетеді: қозғалақтап, қолындағы қарбызды жерге қойғысы келіп еңкейе береді).



Санатбай. Ой, ата, құрысын зіл қара тас екен.

Шаншар атай. Дұрыс айтасың. Сен өзі сөзге жүйрік жігіт боларсың түбінде. Ендеше, біліп қой, дүниеде диқан қолымен өсірілген дәннен ауыр еш нәрсе жоқ. Ең тәтті дәм де сол. (Санатбай атайдың сөзін тыңдауға мұршасы келмей, қарбызды жерге қоя береді). Мұныңа жол болсын, батыр. Сөз тыңдап ал алдымен.

Санатбай. Құрысын, өлдім. (Қираң етіп отыра кетеді).

Шаншар атай. Мынау қайтеді-ей? Тұр. Елден ерекше өтіріктен-өтірік қиқаңдауын, пәтшағар. Қолыңдағы аз боп тұрған шығар, мүмкін. Тағы қосайын онда. (Атай оған қарсы жүреді. Санатбай орнынан ыршып тұрады). Солай ма екен? Сенімен сөз басқа әлі? (Балаларға). Сендер көп қорықпай-ақ қойыңдар. Еш жаққа да сүйрелеп әурелемеймін мен сендерді. Өз жазам да жетеді. Бұл жаққа енді қайтіп жоламайтындай қылып сілелерің қатқанша өстіп тұрғызамын да жіберемін бәріңді. Оның үстіне мына Бекеннің де жаны ашып отыр екен. Екеуіміз қазір бір тілектің адамымыз. Санаспасам, болмас. (Санатбайға). Ал сені ұстағаным ұстаған. Оқуға да, ешқайда да бармайсың сен енді.

Санатбай (шошып). Неге?

Шаншар атай. Негесі несі? Сол. Әкең сені пара беріп оқуға түсіріп, бүкіл ауылды былғамақ. Бұған сен қуанбақсың. Жоқ. Біздің атаның балалары бүйтіп азып-тозбасқа керек. Азбайды, аздырмаймын мен.

Санатбай (безеріп). Барамын мен оқуға. Жібермейтін басқарма ма едіңіз сіз, немене? Көрінген қарауыл шалдың тілін алып жататын адамның соры ма едік біз соншама?

Шаншар атай. Басқарма керек екен ғой сендерге. Бір басқарма қайсыбірімізге жетеді? Өмірдегі арамшөпті отау, қисық өскен бұтақты түзету жалғыз басқарманың ғана пешенесіне жазылған іс пе екен? «Қызға – қырық үйден тыю». Жүгенсіз кеткенге мына біз сияқты қарауыл шал да жетеді. Қалай дейсіңдер, балалар? Дұрыс па мұным, бұрыс па?

Бекен. Дұрыс.

Әшірбек. Әбден дұрыс.

Шаншар атай (балаларға). Әп-бәрекелді. Бәсе? (Санатбайға). Сен бізді шал деп менсінбейді екенсің ғой. Жөн, жасы ұлғайып қартайған кісіні сыртқа сүйреп тастау керек шығар онда. Бір жақсы жері оның заманы өткен. Айналайын өкіметім бізді өмірден өгейсіретіп отырған жоқ, қайта бойыңдағы қайратыңды орнымен жұмсап, жастарға білгеніңді үйрет, қартым, деп отыр.

Мен – өкіметтің адамымын. Керек екен, біз басқармаға да ақыл айтамыз. Жөн екен, тыңдайды ол бізді. Қане, тұр былай жұрт қатарына жаныңның барында. (Атай қаһарланып бір ұмтылып қалады. Санатбай балалардың арасына сүңгіп кетеді. Балалар ду күледі).



Санатбай. Күліңдер, күліңдер. Енді біраздан соң мен де күлетін болам сендерге. Менің күлкім жарқын шығып жүрмесін сонда.

Шаншар атай. Е, бәсе, міне, жігіт деген өстімей ме екен. Намысқа тырысу керек қой адам деген. Адамға дос – ақыл мен намыс. Оқыған баласыңдар ғой бәрің. Абай да осылай деген емес пе еді өзі?

Бекен. Жоқ.

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», - деген Абай.

Шаншар атай. Ай, айналайын-ай, Абай-ай, десеңші. Данышпаным-ай, қалай тауып айтқан, шіркін-ай. Бұл үшеуіне намысты да қосып қойса, артық болмайды. Мұны ұмытып кеткен шығар, тегі, жарықтық.

Әшірбек (күліп). Атам Абайға да ақыл қосады енді...

Шаншар атай. Қосса несі бар екен? Абайдың айтпағаны аз деймісің? Адам қанша бір шешен, көсем болмасын, ол – жалғыз. Жалғыздың назарына бұл жаһандағы құбылыстың күллісі қалайша түгел іліге бермек? Ал, халықтан еш нәрсе қаға беріс қалып көрген емес. «Халық айтса – қалт айтпайды» деген, міне, осыдан барып шыққан. Сол халық мына сендер, мына мен. Біз де бір ақылды сөз айтсақ, онымыз ешкімнің егініне түсе қойғандық бола қоймас, сірә. Абайдың әруағы да өкпелемес оған.

Санатбай. Сонда да Абай сізден ақылды шығар, не қыпты?

Шаншар атай. Оған сөз бар ма? Бірақ сен Абайдың менен ақылды екенін біліп айтсаң етті бұл сөзді. Дария мен тамшыны, құз бен сазды салыстыру ақылдылыққа да, тапқырлыққа да жатпас. (Атай әңгіме қызығымен босаңсып кеткен балаларды шыбығын шыпылдатып жасқап). Әй, кәне, жөндеп тұрыңдар. Сендер мені сөзге алдандырып қойып, құртып тұр екенсіңдер ғой, бағанадан бері. Жоқ, болмайды бұларың. Әңгіме жақсы-ақ, бірақ жазаны ұмытпауымыз керек. Тәтті менен ащыны татқан біледі, жаза парқын жақсылап тартқан біледі. Тұрыңдар, былай жайылмай, жандарыңның барында! (Балалар атайдың қаhарынан қорыққанынан қайтадан жөнделіп тұрып жатады).

Әшірбек. Ата, жіберіңізші. Ендігәрі қауындығыңыздан он шақырым аулақ жүруге ант етейік тіптен.

Шаншар атай. Е-е, оның не сонша тарынып? Жоқ, елден бұрын сен шаршадың ба шынымен-ақ?

Әшірбек. Жоқ, шаршағаным жоқ.

Шаншар атай. Енді не онда?

Әшірбек. Осы күні таң сәріден тұрып жүрмін ғой мен. Ол үшін ерте жату керек. Әйтпесе, ұйықтап қалып, егіншілерге суды кешіктіріп апарамын ғой...

Шаншар атай (разы кейіппен). Міне, мұның дұрыс екен. Шаруаға араласқан бала осындай болуға керек қой, бәсе. Себебің орынды екен. Жарайды онда, қолыңдағыны көтерген күйі жөнел үйіңе.
Әшірбек саптан былайырақ шығын, қолындағы қауын-қарбызын жерге қойып, құрысқан белін жазып, атайға бір, балаларға бір қарап сәл тұрады.

Бәрі үнсіз Әшірбекке қарап қалған.


Әшірбек. Қауын-қарбызыңызға рақмет. Алмаймын. Үйге де қайтпаймын. (Әшірбек әлгінде ғана жерге қойған қауын мен қарбызын қолына қайтадан алып барып сапқа тұрады. Шаншар атай да, балалар да аң-таң қарап қалған).

Шаншар атай. Иә, бұл ненің ақысы? Өзің емес пе ең жаңа ғана жалынған?

Әшірбек. Онда кеткім келген. Енді кетпеймін.

Шаншар атай. Сонда қалай?

Әшірбек. Балалардың бәрін жіберіңіз. Сонда кетемін.

Шаншар атай (разы болып). Солай де. Міне, гәп қайда жатыр? Сөйтеді енді бұлар. Біріне жақсылық жасасаң, бәріне жасауың керек бұл сабаздардың.
Балалар шулап қоя береді.
Балалар. Ата, бізді де жіберіңізші. Сөйтіңізші, ата...

Санатбай. Бізге де өзіміз көтеріп тұрған қауын-қарбызымызды беріп жіберіңіз. Кетейік соны арқалап алып...
Шаншар атай не қыларын білмей, аңтарылып тұрып қалады. Атайдың қатал райдан қайтып, жібігенін байқаған балалардың алды әй-шәйға қарамай орындарынан қозғала бастайды. Шаншар атай әуелгі қаталдығына енді қайтып баса алмайтынын біліп, жымиып тұрады бір рақаттанып.
Шаншар атай. Оу-оу, батырлар-ау, бұларың не аты-жөні жоқ баса-көктеп? (Балалар батпай тағы дүрдисіп қалады. Атай қолын бір сермеп). Уа, мейлі онда. Жеткен шығар, ендеше. Ұйымшылын қарай көріңдер-ей өздерінің. Сендердің осы ұйымшылдықтарыңды сынайтын бір жер табылып тұр. Ертеңнен бастап шөпке жиналыңдар бәрің. Шөп жинауға ауылдағы барлық шал-шауқан, бала біткен түгел кірісетін болдық. Мына Санатбай мені менсінбей тұр ғой. Басқарма өйткен жоқ, бағана шақыртып алып: «Ен байлыққа ие бола алмай жатырмыз. Жұмыс қолы жетпей түр. Бұған не айтасыз?» - деп ақыл сұрады. Басқарма бар, мұғалімдерің бар сендермен ақылдасып, көмек сұрамақ екен. Басқармаға мен: «Барады балалар», - дедім. Қане, енді айтыңдаршы, түге, дәл осындай төрт көздерің түгелде. Бұған қалай қарайсыңдар өздерің? Мүмкін, мен артық айтқан шығармын.

Балалар. Қалай қарайтыны бар? Дұрыс айтқансыз? Шөп жинау да сөз болып па? Одан зоры болса да істейміз біз?

Шаншар атай (қуанып). Е, бәсе деп ем-ау?

Әшірбек. Мен де барайын онда шөпке.

Шаншар атай. Суды қайтесің?

Әшірбек. Тастаймын.

Шаншар атай. Жо-жоқ, болмайды оның. Иман жазылып, суына өзі шықса ғана барасың сен шөпке. Өйтпейінше, су тасуды тастауға болмайды.

Әшірбек. Қап, балалардан бөлектеніп, қызықтың бәрінен құр қалатын болдым-ау?

Шаншар атай. Неге бөлектенесің? Бұларға да су керек болады. Соны сен емей кім тасымақ?

Санатбай. Мен де барамын шөпке.

Шаншар атай. Иә, саған жол болсын. Оқуға бармайтын ба едің сен?

Санатбай. Балалармен бірге шөпке барамын мен. Маған оқу емес, осылар керек. Ел-жұртқа күлкі болып барған оқуы құрысын. Апам сол оқудан зәрәзап болып отыр. Бармаймын.

Шаншар атай (күліп). Бәрекелді, міне жігіт. Өте тауып айттың. Адамға алдымен жолдас керек. Осылар оқыса оқып, осылар шоқыса шоқы. Егер содан қор болсаң, әпкел бері қолыңды. Оның үстіне ол шіркіннің өзіне пара беріп түсіп неге керек? Оқуға адал жолмен, ешкімге телміріп көзін сатпай-ақ өз күшімен түсіп жатыр ғой осы ауылдың балалары. Әне, анау Ділдаханның Асқары, Сайлаудың Оразәлісі, Жүзжасардың Мұраты, Айтқұлдың Сапары әке-шешесін салпаңдатып соңдарынан ертпей-ақ, қойы мен тайын жетектемей-ақ бір шамадан кітап арқалап барып өздері-ақ оқуға түсті ғой. Күләнда келін ақылды екен, содан безіп отыр ғой. Жаның тірі болса, оқу қашпас. Кейін барарсың осылармен бірге, қол ұстасып.

Санатбай. Сіз осыны менің көкеме де айтып, көндіріңізші.

Шаншар атай. Несі бар оның? Айтамын. Көндіремін.
Мұсатай шығады.
Мұсатай (ашулы). Бұл не сұмдық өзі? Жеті қараңғы түнде бүкіл баланы иіріп қойып, үрейін алып жатқаныңыз неңіз бұл? Мұндай правоны кім берді сізге. Мұныңыз барып тұрған қылмыс, біле білсеңіз.

Шаншар атай. Өй-өй, тоқта, батыр. Амандық жоқ, саулық жоқ бастырмалатқаның қай сасқаның? Сен өзің екі сөздің біріне келмей жатып заң, прабадан кетеді екенсің. Іздегенің праба болса, мен айтайын, сен тыңда. Бұл прабаны маған осы балалардың барлығының әке-шешесі берген, сендердің әкелерің, әкелеріңнің әкесі, олардың әкесі – бәрімізді жаратқан Есенаман бабам берген. Ол ұрпағым азып-тозбасын деген ұлы тілек қалдырған артына. Мен де өстіп жүрмін бұл балаларға. Осымды бекер деп көрші, кәне. Дей алмайсың ғой. Қайқай ендеше. Өйтпейді екенсің, қара жерге қағып жіберемін қазық қылып осы тұрған жеріңде.

Мұсатай. (не істерін білмей абдырап, жуасып). Қойдық, қойдық, ал. Қатты кеттіңіз ғой тіптен сонша, ақсақал.

Шаншар атай. Енді қалай деп едің? Өз шолақ ойыңша бала жалғыз сенің балаң екен ғой. Жоқ, ондайды бұл ауылда ешкім істеп көрген емес. Үлкеннің қолынан қаға алмаған бәрі. Оның атын атам қазақ әдеп дейді? Кеудемде жаным барда мен сендерді сол әдептен оздырып, ата жолынан айныта алмаймын? Балаларды мен өзім де жіберейін деп отырмын. Ертеңнен бастап бұлардың бірі қалмай шөпке шығатын болды.

Мұсатай. Білемін. Жаңа басқармада әңгіме болған. Сонда қалай?

Шаншар атай. Білсең сол. Ал, «сонда қалайыңа» жол болсын. Санатбай ғой тағы да айта алмай тұрғаның. Санатбай да шөпке шығады балалармен бірге.

Мұсатай (күмілжіп). Оның жөні қалай болар екен?

Шаншар атай. Мұсатай, сен өйтіп мұрныңның астынан міңгірлегенді қой. Баланы қатарынан оқшауландыра берме. Ал мұны пара беріп оқуға түсіремін деп ойың тұрмақ, назарыңа да кіріп шықпасын. Онда ендігі ісім сенімен болады.

Санатбай. Бармаймын мен оқуға.

Шаншар атай (Мұсатайға). Міне, көріп тұрсың ғой, бала не дейді, сен дейсің? Санатбай оқуға кейін жұрт қатарлы мектепті түгел тауысқан соң барады. Қазір бұл ешқайда бармайды. Қатарының бәрі колхоздың шөбіне шығып жатқанда, сен екі қалтаңды ақшаға сықита толтырып алып, балаңды жетектеп қалаға тартпақ екенсің ғой. Жоқ, ол жарамайды.

Мұсатай. Түу, сізге сөз айтып қажеті жоқ екен. Біреу оқытып қойған-ай деймін өзіңізді.

Шаншар атай. Өмір оқытқан мені. Елден оқшауланғанның оңғанын көрген емеспін. Осыны неге білмейсің, қайтіп сезбейсің, сен? Жо, шекеңе шертпекпен сіңірейін бе, әлде?

Мұсатай. О-о, қойыңыз, қойыңыз!

Әріге жарығын жарқылдатып жеңіл машина тоқтайды.

Сахнаға колхоз төрағасы Сәбит Бегенов шығады.

Жұрттың бәрінің назары сол кісіге ауады.



Төраға атайды, Мұсатайды, қауын-қарбыз көтеріп тұрған балаларды жағалай жүріп бір шолып шығады.
Сәбит. Иә, бұларыңыз не? Үлкен жиын ба деймін өзі бір?

Шаншар атай. Кел, балам, кел. Осындай бір әңгіме болып жатыр.

Сәбит («Шертпек шартын» оқып шығады). Қызықтың көкесі мұнда екен ғой. Қалай қатырып жазғансыз өзін, шіркін. Бұлардан шертпек алып жатқан болдыңыз ғой, сонда.

Шаншар атай. Бұл жорамалыңның екеуі де дұрыс емес, Сәбит шырақ.

Сәбит. Сонда қалай?

Шаншар атай. «Шартты» мына балалардың өздері жазған.

Сәбит. Мұнысы қызық екен...

Шаншар атай. Мен бұлардан аузыма қай сан түссе, соншама шертпек ап жүрсем, өздері мынаны жазып әкеп: «Ата, осыған келісейік», - деді, көндім. Бүгін бұлар осы «Шартта» жоқ әбестік жасады. Мен де соған орай жаза қолдандым.

Сәбит. Бұлардың әбестігі, сіздің жазаңыз қандай сонда?

Шаншар атай. Бұлардың әбестігі – қауынға түсті, менің жазам – өз алғандарын өздеріне көтертіп қойып отырмын. Бар әңгіме осы.

Сәбит. Әбестік-ақ екен. Жазаңыз да орынды, сыйымды.

Шаншар атай. Сұрағың бітті ме, балам? Бітсе, ендігі сауал менен болсын. Сен: «Орынды, сыйымды» дейсің, бригадирің: «Мұның – қылмыс» дейді. Мұның қайсысына сенеміз біз сонда?

Сәбит (атайға). Сіздікі жөн. Солай ма, балалар?

Балалар. Солай.

Сәбит. Ал, онда, Мұсеке, сіз айтыңызшы, мұның несі қылмыс?

Мұсатай. Жо-жо. Б-былай...

Шаншар атай. Мұсатай, тұра тұр сен біраз. Басқармада тағы бір сұрағым бар: Інстәт бітірген баласың ғой сен осы, ә?

Сәбит. Жоқ. Жоғары партия мектебін бітіргенмін.

Шаншар атай. О-о, оқудың төресі өзіңде екен ғой. Онда шыныңды айтшы, сол оқуға пара беріп түсіп пе ең, жоқ, өз күшіңмен түстің бе?

Сәбит (шалт, жұлып алғандай). Пара берген деген не сөз ол?

Шаншар атай. Бәсе, деп ем-ау, тегі. Сен бірақ бұған қызарақтамай сәл тұра тұр. Алдымен сұраққа жауап бер, өзгесін кейін көрерсің. Сонымен парасыз түскен екенсің ғой оқуға.

Сәбит. Әрине. Райком жіберді. Оқыдық.

Шаншар атай. Міне, сөздің атасы осы. Бұл бір көңілдегі күдікті сейілткен әңгіме болды. Қо-о-ош... (Пауза). Ал, бірақ мен бір ашықауыздық жасап алдым, балам. Сендердін шөп шабуға жәрдем сұрап отырғандарыңды шыдай алмай, мына балаларға күнілгері айтып қойғанмын. «Бүлдірдім-ақ қой» деп едім әуелі, жоқ, оным бекер екен. «Шөпке барамыз» деп шетінен жұлқынып тұр балалар осы тұрғанда. Сөйтсе, мына Мұсатай елден ерекше: «Баламды қалаға апарамын, пара беріп оқуға түсіремін», - деп сыңар езулеп көнер емес.

Сәбит. Солай ма?

Шаншар атай. Қайдан шыққан пәле екенін: «Пара-пара» деп мына Мұсатайдың таңдайы тақ-тақ етеді. Осының теріс екенін түсіндіріп қоймайсыңдар ма? Бізді қойшы. Біз өріміз кетіп, ылдиымыз қалған адамбыз. Тыңдамайды бұлар бізді.

Сәбит. Оны білмедік қой біз. Түсіндіреміз, түсіндіреміз. Бригадир болғанның жөні осы екен деп, дікеңдетіп қоймаспыз ел-жұртқа аты-жөні жоқ.

Мұсатай (мүләйімсіп). Түсіндім, әбден түсіндім. Сәке, парасы да, оқуы да құрысын. Ол бізге қайбір қол дейсіз. Қойдым бәрін де.

Шаншар атай. Әуелден өстімейсің бе, Мұсатай-ау? Мейлі, адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң. Ал, балаларды ерт те, қайт ендеше. (Балалар апыл-ғұпыл қарбыздарын тастап кетуге жинала бастайды. Шаншар атай колхоз бастығына бұрылып). Жайшылық па? Қайдан?

Сәбит. Жайшылық. Ауылдан. Қызылшаның түнгі суын байқайыншы деп шығып едім, жолай сізге бұрылғаным ғой.

Шаншар атай. Жайбарақат жатуға бола ма, бәсе. Күн-түн демей жортып жүрсе бітеді де ер жігіттің шаруасы. (Атай кенет санын соғып). Әй, әй, балалар, тоқтаңдар. Қолдарыңдағы қауын-қарбызды ал дегенім қайда жаңа сендерге?

Әшірбек. Алмаймыз. Рақмет, ата.

Бекен. Мен де кетейінші ауылға, ата.

Шаншар атай. Неге?

Бекен. Шөпке шығам ертең балалармен бірге.

Шаншар атай. Оған рұқсат сұрамаймысың менен?

Бекен. Сұрап тұрмын ғой, міне.

Шаншар атай. Е, солай екен ғой. Бара ғой. (Балалар тастаған қауын-қарбызды нұсқап). Өзің де ал, аналарға да ал деші мынадан.

Бекен. Алмайды. Олар енді ел қатарлы еңбегімен жейді қауын-қарбызды. Ертең-ақ мұны шөпшілерге тасисыздар ғой, сонда жейді де.

Шаншар атай (мәз болып ағынан жарыла күліп). Бұл да дұрыс екен. (Атай қолына бір дәу қауынды ала салып, шулап жүріп берген балаларға қарай ұмсына бере көзі жасаурап тұрып қалады. Балалар қайырылмай сахнадан шығып кете барады). Қарай көріңдер-ей. Кім білген өсіп қалған екен ғой өздері, тегі. Тіпә, тіпә, тілім тасқа. Амандық болса, адам болды деген осы енді...
Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет