Әлдихан Қалдыбаев


ЕҢБЕК – РУХАНИ ҚАЙРАТ-ЖІГЕР



бет19/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,75 Mb.
#43802
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19

ЕҢБЕК – РУХАНИ ҚАЙРАТ-ЖІГЕР
Облыстық партия комитетінің саяси-ағарту үйінде «Қазақстан коммунисі» журналының оқырмандар конференциясы өтіп жатты. Шешендер бірінен соң бірі суырылып сөйлеп, журналды ал кеп мақтай бастады.

Облыстық партия комитеті насихат және үгіт бөлімінің дайындаған адамдары өңкей партия ұйымдарының хатшылары, насихатшылары екен. Жорнал редакторы Құрманбек Сағындықов облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникен Айдарханқызы Бибатыроваға бір нәрселерді сыбырлап ай- тып жатты.

Ғайникен Айдарханқызы – ысылған партия қызметкері, Құрекеңнің айтқанына мақұл болып жымиып, бас изеп қойды.

Мінбердегі шешен сөзін тамамдап, орнына қарай қошуақ көңілмен маңғаз басып бара жатты.

Әр жерден бір шапалақ естілді.

– Жорналдың бас редакторы Құрманбек Сағындықұлы бір еңбек адамының сөйлегені жон болар еді, деп отыр. Құрекең ағамыздың мұнысы өте орынды. Біздің жігіттер мұны ескермепті. Өкінішті-ақ! Ал, қане, бұл олқылықтың орнын қайсыларыңыз толтырасыздар? Сартай Есімханович, Сіз сөйлеңіз, - деп Бибатырова Есімхановқа қарады.

Сартай Есімханов сөзге келмей, мінберді бетке алды.

– Коммунист жолдастар, мен өзі бұл жорналды оқымаймын. Сонда да сөйлейін. Не айтсам екен? Осында талай адам сөйледі, бәрін айтты. Сол жетеді енді. Маған айтатын түк қалдырған жоқ. Мейлі, мен сөйлегендерге сонда да разымын, - деп Сәкең залға қарады.

Жұрт ду қол шапалақтап жіберді.

Сәкең:

– Жақсы! - деді де мінберден шапшаң түсіп, орнына қарай тез-тез басып бара жатты.

Құрманбек Сағындықовтың мына конференңиядан жазған есебіне бір мықты еңбек адамының сөзін енгізбек болған ниеті зая болды, томырайып отырып қалды.

Ғайникен Бибатырова Сартай Есімхановты жарыссөзге күні бұрын дайындап қоймаған, яғни айтатын сөзінің мәтінін қолына ұстатпаған қызметкеріне не шара қолдансам екен, деп бір қызарып, бір бозарды.

Сартай Есімхановтың ойына ештеңе кіріп-шыққан жоқ, тілінің ұшына келген сөзді айтты, бітті.

Қулық-сұмдығы көп партиялық жұмыстың қыр-сырына әбден қанық екеуге конференцияны жабудан басқа амал қалмаған еді. Екеуі өздерінен үлкен бастықтарға не беттерін айтады? Бәрінен сол – қайғы.

Ал, Сәкең бір Құдайдан басқаға жауап бермейді, екі қолға бір еңбек – ол кісінің ұстанары.

Осы сәтте маған төрде, құрметті орында отырған ана екеуінен төмендегі, көп ішіндегі орнына барып отырып жатқан Сартай Есімханов бақытты болып көрінді. Сәкеңді жасқандырмай, аузына келгенді ірікпей айтқызған күштің аты – еңбек-ау, дедім. Еңбек материалдық қана қуат емес, рухани да қайрат-жігер екен.
ЕКІ ҚОЛ
«Екі қолға – бір еңбек» сөзін мен алғаш рет әкемнен естідім.

Әкем үш жылдай төсек тартып жатып барып, қайтыс болды. Ауырып жатқанда оқтын-оқтын барып, қасында болып, қайтып жүрдім.

Шуға барған екенмін, жасымнан бірге өскен достарым тауып алып, думандатып кететініміз бар. Сондай бір жорықтың ертеңіне әкем:

– Әлдихан, тентек суға құмар екенсің, абайла! - деді.

Мен – нағашы апамның бауырында өскенмін, әкемді «жезде» деймін, ата жолын ұстаған болып ептеп қалжыңдайтыным да бар. Соным ұстап:

– Жезде, өзіңіз де ішуші едіңіз ғой, - деп қалдым.

Әкем екі алақанын ашып көрсетті.

– Мен ішсем, не, мына екі қолға сенетінмін. Екі қолға – бір еңбек. Мен сендерді осы екі қолыммен, еңбекпен асырадым. Сен ішсең, қызметіңді тартып алып, басқа жұмысқа жарамай, қор болып қаласың ғой. Қайтіп жан сақтайсың?

Әкемнің бір кездегі әр саусағы онша-мұнша кісінің білегіндей жуан саусақтарының, жаялықтай, тып-тығыз алақанының еті босап, сай-сай болыпты. Басымыздан сипағанда темір тигендей тітірететін шор-шор қасаңдар сарғайып, солған.

Менің оқыдым, білім алдым, шенеунік болып жүрмін деп кеуде керіп жүргенім әкеме әншейін екен. Әкем үшін мал таппақ, жан сақтамақ құралы екі қол екен. Екі қолдың құдірет екенін осылайша ұғып едім мен сонда.

Өзі ұста, тұрмыстық тірліктің бәріне бейім әкем біздерді кез келген шаруаны атқаруға жұмсай беретін. Сондағысы өзім білгенді балаларым да білсе екен деген игі ниет екен. Әсіресе, мұнысын шау тартқан шағында үдетті.

Еңбек демалысына шыққан сайын бала-шағамды ертіп алып, әкемнің үйіне келемін. Бір ай туған төрімде аунап-қунап, балаларымды ағасы мен апасына бауыр бастырып қайтатын сол бір бақытты шақ жоқ енді! Әкем де, шешем де, апам да марқұм болған.

Біз келген сайын әкем бір қойды атып ұрып бауыздап, пышағын маған беріп тұрып:

– Ал, Әлдихан, мынаны енді өзің жәукемде, істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы, - дейтін.

Әке сөзі – заң, білейін-білмейін орындауым керек.

Әкемнің айтқаны әбден рас еді, сол шақта қойдың сойылғаны әкеме жақсы болды, үйренгенімнің пайдасын мен өмір бойы көріп келемін.

Енді бірде әкем қолыма балға, шеге беріп, шарбақтың кеткен шабақтарын қақтырды. Әкем нұсқауларын беріп, менің шегені қалай қаққанымды жіті қарап отырды. Ұста әкемнің ойынан шығу оңай емес, бар өнерімді салып, балғаны айнытпай, дәл сілтеп, шегені қисайтпай түзу кіргізіп жатырмын.

Әкем разы болды әрі өкінді:

– Нағыз өзіме тартқан балам сен екенсің. Қап, оқу құртқан екен!

Әкем өзінің ұсталығын бәрінен жоғары қояды екен.

Адам өз өнерінің қадіріне өзі жетпейінше оны ешкім бағаламайды.
ҚУЛЫҚТА ШЕК ЖОҚ
Адам билік сатысымен биіктеген сайын оның өзгеге жасайтын жақсылығының игі, жамандығының жегі күші артады және бұлардың өзі қалағанын жүзеге асыруға мүмкіндігі жеткілікті болады.

Мені мұндай ойға мына жайлар жетелеп еді.

Жамбыл облыстық партия ұйымын біраз жыл Хасан Шаяхметұлы Бектұрғанов деген азамат басқарды. Ол – бұдан бұрын Қызылорда облысында бірінші хатшы, өзінің туған өлкесі Солтүстік Қазақстан облысында басшылық қызметте болған тәжірибелі, сұңғыла адам еді.

Хасан Шаяхметұлы Жамбыл облысын жақсы басқарды. Сол жылдары біраз уақыт тікелей қарамағында, яғни нұсқаушы болып істегенім бар. Әрине, нұсқаушылық үлкен қызмет емес, бірінші хатшы оларды көзіне іле ме, ілмей ме, белгісіз. Нұсқаушылардың кейін барар жер, басар тауы күні бұрын белгілі болушы еді, бәрі дерлік өздері жетік салалар бойынша аудандық, қалалық партия комитеттерінің хатшылары болып шыға келетін. Ал, мен атқарған баспасөз жөніндегі нұсқаушылардың беттейтін өрісі – облыстық газет пен облыстық телевизия және радиохабарларын тарату комитеті. Нұсқаушы – бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүретін, тек, бейнелеп айтқанда, бөлім меңгерушісі, ар жағында, әлбетте, хатшы тұрады, айдап салғанда қабатын, үретін пенде.

Облыстық партия комитетінде қызмет істеу – үлкен мектептен өту. Бұл мектептен әркім әрқалай болып түлеп ұшады.

Сол мектептің ең басты үйретері – қулық еді. Тәжірибелі саналатын бір ағай, онда да білдей бөлім меңгерушісі мені қулыққа үйрете алмай-ақ шаршайтын. Қайтейін, әке-шешем және апам мені қулық-сұмдыққа үйір болма, өтірік айтпа, кісінің ала жібін аттама, ақ-адал бол деп үйретті ғой. Бөлім меңгерушісі тұрмақ, одан зоры болсын, мен оның емес, өзімді өмірге әкелген, ақ сүтін, тәлімді тәрбиесін берген адамдардың айтқанымен жүріп, өмір сүріп келемін.

Қулықтың қаншалықты жексұрын қылық екенін мен сол партиялық жұмыста жүргенде көп көріп, өлердей түңілгенім бар. Майда-шүйдесін айтып қайтейін, бір-біріне ұқсас, үйренуге тұрмас екеуін айтайын.

Бірінші хатшының өз аймағында ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Не ішемін, не киемін дегенді ұмытқан, бәрі ас та төк, бір тойым жоқ.

Әлімсақтан табиғаттың заңы – жас өседі, жасамыс – қартаяды.

Бектұрғанов – облыс халқына билігін жүргізген тұлға болғанымен, табиғат перзенті, қартая бастайды.

Ол кезде қазіргідей бұлтақ жоқ, жасың алпысқа келген екен, бір сөзге келмей, қуана-қуана зейнетке шығасың.

Ал, Хасан Шаяхметұлының бір сөзі, анығырақ айтқанда ойға алғаны бар екен. Ол – бүгін-ертең үйленем деп жүрген кіші ұлын аяқтандыру.

Қазақстан Компартиясы Орталык Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Бектұрғановты қабылдап, зейнетке шығуы керектігін айтады.

Сонда Бектұрғанов:

– Дінмұхамед Ахметұлы, бір өтінішім бар еді, айтсам, қалай болар екен, - дейді.

– Айт, - дейді Қонаев.

– Айтсам, кіші балам келін түсіретін еді, рұқсат етсеңіз, соның тойын өткізгенше істей тұрайын.

– Рұқсат. Тойыңды тездетіп откіз.

Хасан Шаяхметұлы үйіне келе салып, той қамына кіріседі.

Бірінші хатшы той жасап жатса, оған қызмет ету – үлкен бақыт. Тек қожайын иек қақса болды, жанын пида етуге әркім әзір. Ал, тойға шақырылған қонақтар ылғи ығай мен сығай – аудандық, қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшылары, аудандық, қалалық атқару комитетінің төрағалары, облыстық мекемелердің қолы майлы басшылары.

Тойхананы Хасекеңнің өзінен басқа кім санасын, әрине, қарық болды.

Той өткеннен бір аптадан соң Хасан Шаяхметұлы зейнетке жіберілді.

Ұйымдық мәселе қаралған пленумнан соң бір ауданның беделді басшысы айтыпты дегеп сөзді естідік.

– Қап! Мына Хасан сұмдық екен. Осы елуге келген жасым ішінде талай зұлымдықты көріп едім, бірақ мынадайды кім көрген!

Бұл – бір ғана оның емес, дәуірі өтейін деп тұрған адамға алданып, үйіп-төгіп тойхана берген тобырдың да өксікті өкініші еді.

Өкінішке орай, сол жылдары Бектұрғановтың осы тірлігін қайталаған «шәкірттері» аз болған жоқ. Соның бірі – Нұрғали Торғаев. Жасы егде тартқан адамдар біледі, Торғаев Меркі, Шу, Сарысу аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болған, партияның ысылған жауынгері еді.

Нұрекең Шуда бірінші хатшы болып тұрғанда «Алға» кеңшарының директоры Қайып Кененбаев болатын. Қайып – иманжүзді, ақ жолдан айнымаған азамат, өзіндік беті бар басшы, ешкімнің жүндеуіне көнбейтін. Торғаевтың Шу ауданының барша басшы қызметкерлерін иіріп-жусататын қаһарына жалғыз директор Кененбаев қарсы тұра алған. Ол енді, әрине, пәре де бермеген. Сонысына бола Нұрғали Қайыпты қырына алғанын қоймайды.

Күндердің күнінде Торғаев Кененбаевты үйіне қонаққа шақырыпты.

Кененбаев жат та келіп таңданады. Мұнысы несі? Бір жағынан іші жылиды: Нұрекең бірдеңе біліп шақырған шығар, барайын.

Кешке қарай Кененбаев қызметтік машинасын мінбей ағайынының көлігімен әйелін ертіп алып, артынып-тартынып Торғаевтың үйіне келеді. Нұрекең Қайыпты қақпасын өзі ашып, қарсы алады.

Мұндай құрметке кім шыдасын, Қайып еріп кетеді.

Торғаев сағатына қарап тұрып машина жүргізушіге:

– Сағат онда кел, - дейді.

Жүргізуші дәл айтқан уақытта келсе, аузына арақ тұрмақ шарап алмайтын Қайып қызып алыпты, Нұрекеңмен қайта-қайта сүйісіп қоштасады.

Содан Қайып ертеңіне кешке дейін басын көтере алмай жатып, облыстық радионың кешкі хабарын тыңдауға әзер жарайды. Радионы қосқаны сол екен диктор:

– Бүгін Сарысу аудандық партия комитетінің пленумы өтті. Пленумда ұйымдық мәселе қаралды. Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Нұрғали Торғаев сайланды, - деп сөйлей бастайды.

Қайып орнынан ұшып тұрады.

– Түу! Бұл неткен адам еді?! Ақымақ болғаным-ай, қап! - деп төсегіне сылқ етіп отыра кетеді.

Шынында, неткен адамдар еді бұл бірінші хатшылар! Адамды аяу дегенді мүлде ұмытқан ол шіркіндерге бүгін теңеу іздеп, әуре болмағанымыз жөн шығар. Олар келмеске кетті ғой, ең жаманы – солардың орынтағына отырған әкімдер олардан асып түспесе, кем соқпай тұр. Бүгінгі күні бәрінен осы қайғы.

Елбасымыз сыбайлас жемқорлық пен парақорлықтың тамырына балта шабу жөнінде қадап айтып-ақ келеді. Жақсы шешімдер де бар, бірақ нәтиже жоқ, болмайды да. Өйткені аз болсын – көп болсын пәрені үлкен болсын – кіші болсын бастық алады. Бастықтың қолында қандай да бір билік болады. Билік бастықтардың жауға алдырмас кіреуке сауыты. Бастықтың дәрежесі өскен сайын сауыттың беріктігі артады, яғни оны аңдыған жауы азаяды. Нәтижесі олардың шанда біреуі болмаса, басқасы алдырмайды. Сондықтан ғой Елбасының қаржы полициясының қызметкерлеріне торға ылғи шортан емес, шабақ түседі, деп ұрсатыны.

Заң алдында бәріміз бірдей жауаптымыз деп қанша айтқанымызбен, бастықтар оны оп-оңай айналып кете береді. Заң, тек қана заң үстемдік құрған заманды біз көре алмаймыз, балаларымыз көрер ме екен? Балалар, олардың болашағы – үлкендердің жемісі. Олар бізден қалған мұраның иегері. Бастық болып, басқа болып, осыны біліп өмір сүрсек, қане.


ҰЛЫ КҮЙШІГЕ БІР ТІЛЕК


Билік пен шығармашылык ешқашан бір-біріне кірігіп, жымдасып кете алмаған. Билік жай адамды да, шығармашы адамды да өз еркіне бағындырудан бір танбайды. Биліктің айтқанына көніп, айдауына жүрген шығармашыл, жалпы өнер адамы өспейді, бір жеткен биігінде қалады.

Оның мысалы – өзімнің аға-досым, атақты күйші-сазгер Әбдімомын Желдібаев. «Ыдырыс», «Боз жігіт» тәрізді інжу-маржан күйлерін айтпағанда, «Ерке сылқым» күйімен-ақ бүкіл түрік әлемін тамсандырған бұл аса талантты (бір кезде мен оны ұлы дегенмін, сол айтқаным айтқан) сазгер біраз болды, жұртты елең еткізерлік шығарма бере алмай жүр. Оның әртүрлі себебі бар шығар. Меніңше, Әбекеңнің бұлайша бір деңгейде тұрып қалуы – биліктің әсері. Олай дейтінім Әбекең соңғы кездері билік басындағылардың тапсыр- масымен жазатын болды күйді. Кенен Әзербаевка арналған «Күй көкшолақ», «Жамбыл баба жыр толғайды», «Төле би толғауы» күйлері осындай тапсырыспен жазылған.

Ән мен күй тапсырыс емес, сезімнен туса керек. Жүректі жарып шыққан шығармалар ғана жетеді халықтың жүрегіне. Ал, мыналардай мерейтойларға арналған дүниелер сол тойларға арналып жазылып ілініп қойылған көрнекі үгіт құралдары іспетті. Той өткен соң үгіт құралдарын жинап алады, ал күй қалады, бірақ оның әсер күші азаяды, оқиғаны еске түсірерлік қана қасиеті сақталады. Халық Әбекеңнің күйлерінен гөрі Кенекеңнің «Көк шолағын» шырқағанды, Жамбыл жырларына қаныққанды, Төле бидің әділ билігіне, шешен сөздеріне тәнті болғанды артық көреді. Әбекеңнің күйлері тапсырысты орындаған сарамжалдығын байқату ғана болады.

Өткен жылы күзде Тараздағы Баласағұн мәдениет орталығында Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылық кеші өтті. Кеште Әбекеңнің күйлерін Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі орындап, әндерін респуб- ликаның жезтаңдай әншілері шырқады. Мұнда қуанбай қайда қуанарсың? Ең қуанарлығы – бұл оркестрдің Әбекең шығармаларын түгелдей алғаш рет орындауы емес, үшінші рет қайталануы.

Концерттен соң Әбекеңді құттықтаған сөздер айтылды.

Мен де сахнаға шығып, былай дедім:

– Бұл ұлт оркестрі – қазақ өнерінің қасиетті қара шаңырағы, қазақты ұлтсыздандырмақ болған тоталитарлық кезеңде «ұлт» деген сөзді өз атауында сақтап қалған санаулы ұжымдардың бірі. Осы даңқты оркестрдің Әбдімомын Желдібаевтың шығармаларына ден қоюы – бақыт! Бақытыңыз құтты болсын, Әбеке!

Жұрт аяғы басылған соң былай шыға бере әйелімнің пікірін білмек болып:

– Қалай екен? - дедім.

– Жақсы. Тарихи шығармалары көп екен, - деді Бану.

Банудың «тарихи» деп отырғаны арнау күйлер екенін түсіне қойдым мен.

Шынын айту керек, Бану қазақ күйлеріне онша қанық адам емес, соның өзі аңғарған мен жоғарыда айтқан жайды.

Мен бұрын айтқанмын Әбекеңе: «Сіз әкім-қараның ықпалынан аулақ жүріңіз. Кәдімгі адамдардың қуаныш-қайғысын, күйініш-сүйінішін, өсу-өшуін жазыңыз. Арнау күйлеріне үйір болып барады екенсіз, оныңыз, меніңше, артықтау».

Әбекең бұл күйлерінің халқымыздың бір туар ұлдарын құрметтеуден туғанын айтып, менің пікірімді елегісі келмеді. Мейлі ғой, өз ойлағаны бар шығар. Дегенде анаған да, мынаған да күй арнай беру оны бір қалыпқа салып, бір ізге түсірмесе болғаны да.

Шығармашылықтың жауы – трафарет. Бұл дегеніңіз – машықтанып алып, жаттанды ой айтуға бой алдыру, сүйреткі жолға түсу.

Адамның сай сүйегін сырқырататын «Ыдырыс», екі көзден жас ағызатын «Боз жігіт», қан ойнатып, қиял құштыратын «Ерке сылқым» күйлерінің авторы, аға-дос Әбдімомын Желдібаев біле жүрсін деп айтып отырмын мен бұл сөзді, басқалар да елеймін десе өзі білсін.
АМАНДАСУ – АДАМДЫҚ ӘЛІППЕСІ
Соңғы кездері денсаулығыма байланысты қалалық аурухананың жүйке аурулары бөліміне жатып, емделіп жүрмін. Бөлім меңгерушісінен бастап санитаркасына дейін таныс болып кеттік. Әділін айту керек, бөлімнің медициналық қызметкерлері ауруларды емдеуден аянбайды. Бәрі тап- тұйнақтай, пысық, қызметтерін орнықты орындайды.

Бөлім меңгерушісі Гүлқұмар Малаева – білгір, іскер дәрігер. Өз ісіне жан-тәнімен берілген Гүлқұмар – қатал, талап қойғыш та, айтқанын орындатады. Бөлім қызметкерлерінің бәрі одан ығып тұрады.

Гүлқұмар – сергек адам, аурулармен амандасуын үзбейді.

Неге екенін қайдам, осындай оңқай асықтай адамнан бөлім қызметкерлері мүлде үлгі алмаған, бірде-біреуі аурулармен амандасуды білмейді. Жас адамның үлкенмен амандаспағаны жараспайды екен. Ертеңгілік жапа-тармағай жұмыстарына келіп жатқан медбикелердің бетіңе қарап безергені қандай жаман.

Жасым үлкен болған соң, әрине, мен жастардан сәлем дәметіп, жауап қайыруға бейімделемін, бірақ шіркіндердің біреуі шіміріксе ше.

Сөйтсем, бұл медбикелер амандасуды айтам, жалпы әдеп атаулыдан мақұрым болып шықты.

Алғаш палатаға екпіндеп кіріп келген медбике қыз:

– Қалдыбаев, - деп қойып қалғанда «мен» деген сөз ауызыма зорға түсті.

Құдайым-ау, мына қыз менің немереммен жасты ғой, «Ата» яки «Аға» десе, қайтеді?

Теріс айнала бердім.

Қыз қадала кетті:

– Қалдыбаев, укол.

Үнсіз білегімді тостым.

Қыз машық тірлігіне кірісті.

Қап, мына жас қызды (бір бұл емес, бәрін) қазақтын үлкенді сыйлау дейтін тамаша қасиетінен айырған не, анығырақ айтқанда кім болады екен? Оған ойланатын түк те жок, ол – үлкенді «Сіз» деп емес, «Сен» деп сыйлайтын ағайын.

Солайы солай. Бірақ солай екен деп, бұл келеңсіз кеселді өрбіте беруіміз керек пе? Әрине, жоқ. Бұл жерде мен мына бедірейген қыздарды бетімен жіберіп отырған Гүлқұмар қарындасыма кейіс білдіргім келеді. Оны осы жайды көрмей, білмей жүр деп кім айта алады? Өзің әдемі, әдепті болып жүргенің жақсы, әрине, қарындасым. Ал сен, ең алдымен, ұжымның басшысысың, тәрбиешісің, егер қыздар сенің әдептілігіңнен өздері тәлім ала алмаса, қайтесің, кемшіліктерін бетіне басып айту керек шығар. Біздің дана халқымызда мұндай ғибратты сөз өте көп, соларды пайдалан. Мұның үстіне сіздердің қызметтік этикаларыңыз дәрігер науқасты дәрімен ғана емес, сөзімен де емдейді демейтін бе еді.

Қысқасы адамдар бір-бірімен амандасып жүру керек. Амандасу – адамдық әліппесі.

МАЗМҰНЫ
ДРАМАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР
Шертпектен шеке зардап шекпейді ........................................ ................6

Балалардың махаббатында неміз бар? ..................................................45

Сәлім – Сәлима ......................................................................................83

Әкімнің туған күні ...............................................................................119

Сауытбек пен Ақбөпе ..........................................................................163

ТӘМСІЛДЕР ........................................................................................195

Әлдихан ҚАЛДЫБАЕВ


ТАҢДАМАЛЫ ШЫҒАРМАЛАР
ІV том
Драмалық шығармалар

Тәмсілдер
Редактор А.Акишева

Дизайн Н.Цой

Техникалық редактор О.Пегова

Компьютерде беттеген С.Ыбраева


Басуға 21.09.12 қол қойылды. Қалпы 84х108 1/32. Қағазы офсетті.

Қаріп түрі «Таймс». Шартты баспа табағы 20,0.

Таралымы 1000 дана. Тапсырыс №7266.
«Раритет» баспа компаниясы,

050022, Алматы қ., Масанчи к., 98

Тел./факс: 8(727) 260 67 08, 292 88 36

E-mail: rarity_pc@mail.ru

www.rarity.kz
тапсырыс берушінің файлдарынан Қазақстан Республикасы

«Полиграфкомбинат» ЖШС-нде басылды.

050002, Алматы қаласы, М.Мақатаев көшесі, 41.

ISBN 978-601-250-179-7



9 786012 501797


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет