Әлдихан Қалдыбаев



бет8/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,75 Mb.
#43802
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19

Қайрат. Сені сүйетінім рас, бірақ кешірім сұрамаймын. Сенің қорқатының – менің сотталуым ғой. Ештеңе етпейді. Біліп қойыңдар, сотталған жақсы мына тар өмірде тарығып жүргенше. Сендер сотталған адамдар бізден бақытсыз деп ойлайсыңдар ғой, жоқ, өйтсеңдер, қателесесіңдер. Сотталғандардың еркіндігін алғанмен, ақылы, абыройы, ар-ожданы өзінде. Олар – адамдарды аздырып бара жатқан – баққұмарлықтан, дүниеқоңыздықтан азат. Әттең, тонның келтесі! Қолымда билік болса, мен түрме атаулының бәрінің есігін айқара ашып тастар едім. Енді түрмедегілердің саны өзі де азаяды. Қазір қылмыс жасайтындардың бәрі – қалталы, құқық қорғаушылар – парақор. Қылмыскерлер асата салады, заңгерлер қылқаның кетті демей, қылғыта береді. Нағыз бөрі тоқ, қой аман дейтін заман – бұл.

Сәлима. Фатима, айтшы, не сандырақтап тұр мынау? Құдайым-ау, сотталғандарды мақтаған адамды кім көрген?! Түрмеден өзіне орын дайындап қойғаннан сау емес шығар мынау, тегі.

Фатима. Мама, бұдан ештеңе шықпайды. Сәлім ағайға тағы барыңыз өзіңіз, жайды айтыңыз. Түсінер. Ұстап бермес. Арақ ішсе де аман жүргені жақсы Қайраттың. Жұмысқа жаңа орналасқанымда зиянын тигізе көрмеңізші мұның!

Сәлима. Екі оттың ортасында қалған, сорлы басым! Біреуіңе – арақ, екіншіңе – атақ керек екен ғой. Сонда Сәлімге не керек? Оның аяқ асты болған арын қайтпекпіз?

Қайрат. Аршыл екен, қорғай білсін. Қорғай алмай ма, жатсын ауруханада, жазылсын.

Фатима. Енді не істедік? Қой, онда мен өзім барайын, жалынып-жалбарынайын. Қайрат үшін мен отқа да, суға да түсуге әзірмін.

Қайрат. Міне, біздің махаббатымыз қандай! Бұл – ең бастысы. Қалғанының бәрі – пендешілік. Әлі-ақ Фатиманың қызметі өседі. Мен арақты қоямын. Қатыны бастық еркек – сорлы, оның теңі – қара су. Полковниктің қолы жазылады, жезде болады. Қазір кешірім сұрап керегі не, сол кезде құлағынан тартып ойнайтын боламын мен онымен.

Сәлима (шарасыз). Апырай, не десе болады енді мына күйдіргіге! Ар-ұятты мүлдем ұмытқан екенсің сен!

Қайрат. Ар-ұят қартайғанда керек адамға. Ал, жастар аяқ-қолын кеңірек сермесін. Сен де жасыңда ештеңені елемейтінсің, қартайдың, аршыл болдың.

Сәлима. Сен бүйтіп іше берсең, қарттыққа жете алмассың.

Қайрат. Біліп қойыңдар, ертеден қара кешке дейін коньяк қылқытып, сигара түтіндеткен Черчиль 83 жасында өткен бұл дүниеден. Аузынан қорқоры, қолынан грузин шарабы түспеген Сталин одан он-ақ жыл аз жасаған. Мен де сөйтемін, сексен-тоқсанға келмей, өлмеймін.

Фатима. Маған десең, мың жаса, арағыңды қойшы бірақ.

Қайрат (Фатимаға). Не деп қоямын? Қатыннан қаймығып, бастықтан қорқып қоямын ба? Қатын қорқытып, бастық басынатын заман өткен. Қазір бәрін ақша шешеді. (Сәлимаға). Ақша – сен айтып отырған ар, мен ішетін арақ. Ақша – қызық та ұзақ өмір. Тек оны таба біл, іш, же. Қой, менде сендермен салғыласып жататын уақыт жоқ. Уақыт – ақша. Кеттім мен ақша табуға.
Қайрат кетеді.
Сәлима. Фатима, жұмысыңа жинал. Мен де тұрайын, Сәлімге барып қайтайын.

Фатима. Сөйтіңізші, маматай! Сәлім ағай сіздің тіліңізді алады.

Сәлима. Өйтіп дегбірің қаша бермесін. «Кеше түк бітірмепсің» деп кінәлап отырсың ғой сен мені. Түсінген адамға көп нәрсе әлдеқашан біткен. Сәлім ешуақытта менің баламды ұстап бере алмайды.

Фатима. Мүмкін.

Сәлима. Мүмкін емес, солай. Мен бұл сөзді Сәлімге сенген соң айтып отырмын.

Фатима. Ал, мен сізге сенемін, мама!

Сәлима (разы кейіппен). Жұмысыңа бара ғой, Фатима! Кешігіп жүрересің, тездет!

Фатима. Міне, кеттім.
Фатима кетеді.
Сәлима. Айналайын, осы келін болмаса, Қайрат қайтіп күн көреді.

Төртінші көрініс
Аурухана палатасы. Сол қолы гипстеліп мойнына асылған

Сәлім мен тергеуші, милицияның лейтенанты сөйлесіп отыр.
Тергеуші (қадалып). Полковник жолдас, сіз босқа қасарыса бермеңіз. Одан да бұзақының ерекше белгілерін есіңізге түсіріп көріңіз. Жалпы ол туралы не білесіз, бірін қалдырмай айтыңыз.

Сәлім (жақтырмай). Айттым ғой, мен ештеңе айтпаймын. Сендерді кім шақырды өзі?

Тергеуші. Мұнда адам жарақат алып түскен екен, бізге сол заматта автоматты түрде хабарлайды.

Сәлім. Бізден сұрамай ма?

Тергеуші. Сұрамайды.

Сәлім. Қызық екен!

Тергеуші. Сонда қалай, біреуді ұрып-соғу, дене жарақатын салу қылмыс емес демексіз бе?

Сәлім. Қылмыс.

Тергеуші. Олай болса, көмектесіңіз бізге оны ұстауға.

Сәлім. Жоқ, менен ондай көмек күтпе.

Тергеуші. Сіз түсінсеңізші, мынадай қатыгездікке барған адам – айналасындағыларға аса қауіпті. Ол арамыздан аластатылуы керек. Бүгін ол сіздің қолыңызды сындырған екен, ертең біреудің басын жарып, көзін шығарады, тонайды, ұрлайды. Не, сонда сізге сол керек болғаны ма?

Сәлім. Маған ештеңенің керегі жоқ.

Тергеуші. Тергеуге әрбір азамат көмектесуі тиіс. Сіз – зорлық көріп отырған адамсыз. Меніңше, сіз жәбірлеушінің кім екенін білесіз.

Сәлім. Алысқа барасың, лейтенант. Білемін, айтпаймын. Мен өзімді жәбірленуші санамаймын. Ол да, мен де еркекпіз. Ол жастығын жасап, жарадар етсе, жеңгені де. Сол үшін біреуді сендерге кіріптар да, жем де қылғым келмейді.

Тергеуші. Кіріптарыңыз – мақұл, қамауға алынса, кіріптар болмай қайтсін? Ал, жеміңізді қалай түсіндік?

Сәлім. Түсінбей тұрған шығарсың, жаман қатты. Оным – сен ол сорлыны қорқытып-үркітіп, жиған-тергенін сыпырып аласың да қоя бересің дегенім.

Тергеуші. Сонда сіз мені парақор демекшісіз бе?

Сәлім. Әй, бала, сен мені тергемек ойдасың ғой өзі! Онда бар, жайыңа жүр.

Тергеуші. Тергесе несі бар, заң адамына тіл тигізсеңіз, тергейміз. Заңның әлі сізден зорға да жетеді.

Сәлім. Иә, заңның алдында бәріміз жауаптымыз, тең құқылымыз.

Тергеуші. Оны білсеңіз, жауап бересіз, беріңіз.

Сәлім. Балақан, сен біліп қой, мен жауап бере-бере шаршап біткен адаммын. Жаратқан құдайға да, өсіріп, оқытқан қоғамға да жауабымды беріп, есептесіп қойғанмын. Ендігі қалған өмірім – өзімдікі. Аулақ жүріңдер! Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде.

Тергеуші. Полковник жолдас, мен бұл істі аяқсыз қалдыра алмаймын!

Сәлім (түсін суытып). Лейтенант жолдас, бар, айт бастықтарыңа, менімен сөйлесуге полковник келсін.

Тергеуші. Сіздің әскери шеніңіздің түкке қажеті жоқ бұл жерде.

Сәлім. Шенім қажет болмаса, менің қажетім қанша, қайта бер.

Тергеуіні. Қылмыскерді қайтпекпіз сонда?

Сәлім. Ол қолынан келгенін істеді, жаны жай тапты. Жүре берсін енді өз жөнімен.

Тергеуші. Әрбір жәбірленуші өстіп, сіз құсап көлгірсіп, кеңшілік жасай берсе, қылмыскер қаптап кетер. Адам қылмыс жасаған екен, жазалануы керек.

Сәлім. Жазаң – түрмеге апарып тығып, соттап, колонияның тас бауыр дағдысына көндіктіріп, бұрынғыдан әлдеқайда қатыгез, қарақшы, бандит етіп шығару ма? Қой, аулақ жүр! Менің оны ұстатып бергенім – бір адамның тағдырын тәлкекке салғаным. Солай ұқ та бара ғой, қарағым.

Тергеуші (қасарысып). Жоқ, мен сізден қылмыскердің кім екенін білмей кетпеймін. Онсыз бұл іс менің мойнымда тұрады.

Сәлім. Мен саған айттым ғой, қайталап айтайын, сен қылмыскер атап отырған адам жөнінде мен ешуақыт жақ ашып ештеңе айтпаймын. Осымен сөз тәмам.

Тергеуші. Түсінсеңізші, айтқаныңыз, ең алдымен, сіздің намысыңыз, арыңыз үшін қажет.

Сәлім. Ешкімді жауапқа тарттырмай-ақ ардақтауға болады арды. Егер сен білсең, атам қазақ бір-бірін түрмеге жаптырып, соттатып көрмеген. Арға тисе, ат-шапан айыбын, жазым етсе, құнын төлеумен тынған. Соның өзі-ақ жетіп жатқан, бұзық пен содыр жұрт алдында кінәсін мойындап, ондай ағаттыққа қайтіп аяқ баспаған. Ал, сендер ше? Сендердің білетіндерің – соттау. Сөйтіп шын бұзықты да, аяғын шалыс басып алғанды да бір тордың ішіне қамап, «Бір-біріңнен үйреніңдер қатыгез, қаныпезер болуды» деп жағдай жасайсыңдар. Ақырында болмашы нәрсеге бола жас та, жасамыс та колониядан қулық-сұмдықтың бәрін меңгеріп, нағыз көкжал болып оралады. Осыдан менің қолым сынбақ түгілі, кесіліп тасталса да басқа айтарым жоқ. Қол да, ар да менікі, жоқшысы да өзім. Сендер аулақ жүріңдер, айна- лайындар!

Тергеуші. Ол сізді газ пистолетімен атқан. Ондай адам ұсталуы керек.

Сәлім. Мейлі, нағыз пистолетпен атсын, мен кесімді сөзімді айттым, бітті.

Тергеуші. Мен істі қайтіп жаппақпын сонда?

Сәлім. Іс ашу үшін мен арыз беруім керек еді, бермедім. Ендеше қозғалған ешқандай іс жоқ. Алдағаныңа иланатын ашықауызың мен емес. Қайта бер. Мен шаршадым, демалуым керек, босат палатаны.

Тергеуші (кекесінмен). Әй, әскери адамдар! Әттең, жарадарсың, ауруханада жатырсың, әйтпесе, шырқыратып тұрып шыныңды айтқызар едім!

Сәлім. Сендер сөйтесіңдер, қолдарыңа түскен адамды ұрып-соғып, ойларыңа келгенді істейсіңдер. Ол – маған белгілі.

Тергеуші. Жарар-жарар! Жат, жата бер. Сол қылмыскер екінші қолыңды сындырса да ешкім келмейді енді саған.

Сәлім. Келмеңдер. Милициясыз да қазақтың тауығы шақырып, таңы атқан.

Тергеуші. Пәлесің, шал!

Сәлім. Бағанадан бергі «сізің» қайда? Бала, біліп қой, шені бар адамдар «сіз» деп сөйлесер болар.

Тергеуші. Заңды, заңның өкілін сыйламаған адаммен «Сен» деп сөйлеседі.

Сәлім. Үлкенді сыйлауды мүлде ұмытқан екенсіңдер сендер, қазақ жастары. Мен сендей оспадарсызбен сөйлеспеймін, команда беремін. Тыңда менің командамды: Тік тұр! Артқа бұрыл! Бас аяқты! Босат палатаны! (Тергеуші не істерін білмей абыржып тұр. Сәлім одан сайын ашуға булығып). Мен кімге айтып тұрмын? Мен енді өз қылығым үшін жауап бере алмаймын. Бол! Жалтырат табаныңды!

Тергеуші. Абайла, полковник! Көзіңді ашып қара, кімге әкіреңдеп тұрсың өзі?

Сәлім. Саған, аға лейтенантқа.

Тергеуші. Олай болса, мен сені КПЗ-ға жапқызамын. Жүр, жинал!

Сәлім. Солай ма? Одан да мен біржола түрмеге жатайын. (Сәлім тап береді). Тергеуші шыға жөнеледі. Бәсе, су жүрек, қорқақ! Бар осы тойғаныңмен.

Тергеуші (есікті айқара ашып тұрып, әрі үрейлі, әрі ызалы). Саған керегі полковник екен ғой, күт онда! Сыйлағанды білмедің ғой ақыры, арманыңа жетесің, түрмеге отырасың.

Сәлім (ашудан түтігіп, есікке беттеп). Маған керегі сен! Көрсетейін мен саған! (Есік тарс жабылады, Сәлім кілт тоқтайды). Не істедім мен? Милицияның тергеушісі тұрмақ жау шапса, селт етпейтін қайран жүйкем, жұқарған-ақ екенсің. Сап-сап көңілім, сап! (Терезе алдына барып, бері бұрылып). Бұл қазақ жастарын үлкенді – үлкен, кішіні – кіші деуге үйрету керек екен қайтадан. Өзімізше елміз, бесігімізді түзейік! Өйтпей оңбаймыз! (Далаға қарап, ойланып тұрып қалады).
Палатаға лейтенант шеніндегі жас офицер Владимир кіреді.
Сәлім (кірген тергеуші екен деп, теріс қарап тұрған қалпы). Лейтенант, жетер енді! Бар, көзіме көрінбей, әйтпесе...

Владимир (таңданып). Сізге не болған?

Сәлім (тез бері бұрылып, қуанып). Владимир! Ұлым менің! Қандай жел айдап келді сені?!

Владимир. Әдейі келдім.

Сәлім. Кімнен естідің?

Владимир. Ешкімнен. Қонақ үйіне іздеп барсам, осында түсті деді. Қалайсыз?

Сәлім. Көріп тұрғаныңдай, тірімін.

Владимир. Не істеген сізге?

Сәлім. Ештеңе.

Владимир. Қалайша ештеңе? Бұдан артық өлтірмек пе сонда?

Сәлім. Қайдан өлтірген, қорқытпақ болды.

Владимир. Не үшін? Сіз танитын ба едіңіз ол адамды?

Сәлім. Танимын.

Владимир (қызынып). Онда болды. Аты-жөнін, мекен-жайын айтыңыз, мен кездесейін ол батырмен.

Сәлім. Қажеті жоқ.

Владимир. Неге?

Сәлім. Солай. Керек емес.

Владимир. Білемін, мені аяп отырсыз. Аямаңыз, сіз үшін өлуге дайынмын мен! Сіздің арыңыз бәрінен жоғары маған!

Сәлім (толқып). Мен осыңа да разымын, ұлым! Кек алу – кесірлі әдет. Ұрыс-керіс, пәле-жаладан аулақ жүрген жөн.

Владимир. Тыныш өмір сүрсін десеңіз, мені неге әскери училищеге бердіңіз оқуға?

Сәлім. Өз өмірімді жалғастырсын дедім.

Владимир. Папа, шыныңызды айтыңызшы, сіздің өміріңіз ұлың қызығатындай ма?

Сәлім. Жауабы сұрағыңның өзінде тұр. Жоқ!

Владимир. Ендеше, мені неге өзіңіз ығыр болған қатаң, шектеулі өмірге таңып, тағаладыңыз?

Сәлім (сәл ойланып барып). Мен – өмірде жолым болмаған, адасқан адаммын. Адамда бір жаман қасиет бар, оған өзінің бұралаң өмірінің өзі түзу болып көрінеді. Бір кезде менде де сондай бір осалдық болған. Сол тұста сені осы жолға салып едім.

Владимир. Бекер істегенсіз, папа!

Сәлім. Неге, әскери адамның бәрі адасқан деп кім айтыпты? Одақ әскері – орыс әскері болатын. Біз қатарлы орыс офицерлерінің жілігінің майы татитындары түгелдей арманына жетті – генерал болды. Біз, өзге ұлт өкілдері, полковниктен аса алмадық. Ал, сен менен асып түсесің.

Владимир. Қайтіп?

Сәлім. Сен – орыссың. Түріңе қарашы – қара орыс, атың – Владимир.

Владимир. Онда басында неге қазақша ат қоймадыңыз?

Сәлім. Володя, қояйықшы осы әңгімені.

Владимир. Қоймаймыз. Мен сізге біраз нәрсенің басын ашып алғалы әдейі келдім. Сөйтсем, мынандай шатаққа ұрыныпсыз. Сіз айтыңызшы, әкем қазақ бола тұрып, неге менің есімім қазақ емес.

Сәлім. Ол – менің қайғым, қасіретім. Есіміңді қазақша қоймаймын деді дейсің бе, жоқ, шешең қойғызбады. Менің саған қойған атым — Бақыт! Оны ести салысымен шешең жатып тулады. «Менің әкемнің есімін береміз, Сергей қоямыз атын» деп қасарысты. Екеуіміз алғаш рет жүз шайқастық. «Онда бұл Владимир болады. Владимир — ұлы көсеміміздің есімі. Сен не, Владимир Ильич Ленинге қарсысың ба?» деп жабыса кетті шешең. Есі дұрыс адам Ленинге қарсы болған ба ол кезде, жым болдым. Сен Владимир атандың.

Владимир. Жарайды. Орынды себеп екен. Енді, ең болмаса, қызыңызға қазақ есімін бермедіңіз бе?

Сәлім. Надежда – Крупскаяның есімі.

Владимир. Әй, мама!.. Қатырған екен!

Сәлім. Владимир да, Надежда да көсемге құрмет емес, сендерді орыс қылудың амалы екен. Ақыры орыс болып тыңдыңдар.

Владимир. Надяны қайдам, мен – қазақпын.

Сәлім (елең ете қалып). Шын ба? Рас айтасың ба?

Владимир. Рас айтам. Мен кішкентай кезімнен-ақ өзімнің қазақ екенімді сезіндім. Менің фамилиям мен қаралығым айқайлап айтып тұратын оны. Орыс балалар: «Терісі қара. Қысық көз. Қазақ», - деп кемсітпек болатын. Сол үшін қаншама рет бет-аузымды көгертті десеңізші, папа. Ал, мамам екеуіңіз бізді «қазақ, орыс» деп бөліске салып ұрысқандарыңызда, мен іштей ылғи сіз жағында болып отыратынмын.

Сәлім. Соны білсемші, қап!

Владимир. Өкінбеңіз. Мамам мені өз ұлтына қаншама тартса, мен соншама қазақ бола түстім. Міне, енді ақырында Ресей әскерінде қызмет еткім келмей келіп тұрмын мен сізге.

Сәлім. Жаса, балам!

Влалимир. Мен қазақ болмас бұрын қазақ елі, жері туралы біраз оқыдым. Қазақ: «Патшалық самодержавие бізді бұратана деп кемсітті, езді, ал, Кеңес өкіметі теңдікке жеткізді жарылқады» деп даусы қарлыққанша айқайлаумен болған халық екен. Ал, шын мәнінде, ол орыс та, бұл орыс та еш халықты өзіне тең тұтып көрген емес. Тіптен жарты қаным, жарым түрім, түгел тілім орыс мені де түртпектейді.

Сәлім. Расында да, әбден сорлаған халықпыз – біз. «Аврораның» қуатты үні, қазан төңкерісінің нұрлы шапағы арқасында феодализмнен капитализмге аттап өтіп, социализмге бір-ақ топ ете қалдық» деп соқтық. «Ұлы орыс халқы, оның озық ойы болмаса, тағы болып, босып, көшіп жүрер едік. Орыс ағамыздың тікелей қамқорлығы және көмегімен отырықшылыққа жеттік, жерімізғе зауыт, фабрика орнады, пойыз жүріп, ұшақ самғады. Тың көтеріліп, ғарышқа жол тартылды» деп сарнаумен өмір өткіздік. Ойлап қарасаң, мұның бәрі – өмірдің өз өсу заңы. Өмірдің тас дәуірде тұрақтамағаны, мұжықтың шәркей киген қалпы қалмағаны сияқты, біз де киіз үйде тұра бермейтін едік. Осы күйімізге орыссыз да жететін едік.

Владимир. Әрине, солай. Қайта коммунистік, шын мәнінде, орыстық идеямен уланбаған елдер ерен дамыған.

Сәлім. Амал қанша, коммунистік тоталитарлық империя, оның саясатын сарнап санаға құйған мәскеулік басшылар іліп алар атаулының бәрі – біздің жақсылығымыз деп түсіндіріпті. Аңқаулық па, қорқақтық па, әйтеуір біз, қазақтар, бәріне мақұл болып, бас шұлғи беріппіз.

Владимир. Жалғыз қазақ емес, орыстан басқа халықтың бәрі сөйткен: орысты мақтап, өздерін даттап күнелткен.

Сәлім. Мен қуаныштымын! Көп нәрсені түсініп қалыпсың, ұлым!

Владимир. Мен енді бала емеспін ғой, папа.

Сәлім. Иә, бала емессің, азаматсың.

Владимир. Қазақ елінің азаматымын! Папа, айтыңызшы, қазақ болуды неден бастасам екен?

Сәлім. Қазақ тілін үйренуден баста. Содан соң айтарым: осы бүгін Астанаға жүріп кет. Қорғаныс министрлігіне жет. Ондағылар Қазақстан Қарулы Күштерінде қызмет етемін деген қандастарымызды құшақ жая қарсы алады. Келген жағыңмен азын-аулақ келіспеушілігің болса, солар өздері сөйлесіп шешеді. Ондайың бар ма еді?

Владимир. Бар. Жібермей қойған, демалыс алып кетіп едім, біржолата босану керек.

Сәлім. Меніңше, бұл министрліктегілер үшін онша күрделі мәселе емес. Өйткені Қазақстан әскеріне қазақ офицері ауадай қажет. Соның бірі сен болсаң, арман жоқ менде. Өмірім босқа өтпеген екен. Қазақ халқына бір офицер өсіріп, тәрбиелеп берген әке бақытты емей, кім бақытты?

Владимир. Сіз жазылғанша күте тұрайын.

Сәлім. Бара бер, мен өлмеймін, жазыламын. Білгің келсе, айтайын, енді өлсем де арманым жоқ. Менің ұлым халқымның сардары болады. Келші, сүйейін!

Владимир (әкесімен сүйісіп). Папа, мен сенің бүйтіп қуанғаныңды бірінші рет көріп тұрмын.

Сәлім. Балам, ішіме қатқан шемен – Надя екеуіңнің өзге ұлт болып бара жатқандарың еді. Еңсемді зіл қара тас басып, езетін де тұратын. Сен қазақ болдың, мұнда қуанбағанда қайда қуанамын?! Ендігі арман – Надяның да өз ұлтымызға оралғаны.

Владимир. Надя қыз ғой, мамамның ықпалынан шыға алмайды. Табиғат заңы, бала – әкеге, қыз – шешеге жақын.

Сәлім. Сендер үшін талай-талай шыж-быж болғаным оның да санасына бір сәуле ұялатқан шығар, неғыпты?

Владимир. Иә, ұялатқан.

Сәлім. Володя, мен қазақ әйеліне үйленсем қайтеді?

Владимир. Үйлен.

Сәлім. Надя екеуің теріс қарап кетпейсіңдер ме?

Владимир. Не деп? Біз бәрін түсінеміз. Мама екеуіңіз енді бізге бірге де, жеке-жеке де қымбатсыздар.

Сәлім. Онда шындап ойланатын әңгіме екен бұл.

Владимир. Папа, қайтарда соғамын мен сізге. Оған дейін жазылыңыз!

Сәлім. Міндетті түрде кел. Екеуіміз ауылға, ата-баба жұртына барамыз, нағыз қазақ бола түсесің.

Владимир. Жақсы идея. Мен сіз туған ауылды, оның адамдарын көптен көргім келіп жүр. Сіз айтқан небір ғажап әңгіме мені көрмесем де ата-жұртқа әлдеқашан ғашық еткен.

Сәлім. Балам, айтшы, қазақ болуға итермелеген қандай күш?

Владимир. Қазақтығым. Папа, адам ұлтын таңдамайды, ол – өз ұлтының перзенті.

Сәлім. Жақсы айттың. Мен разымын саған В-в... Бақыт!

Владимир (қуанып). Сіз мені Бақыт дедіңіз бе? Мен – Бақытпын! Қандай жақсы есім!

Сәлім. Иә, сен – Бақытсың. Затың да, атың да қазақ сенің. Ал, енді Астанаға тарт, Бақыт. Алла жолыңды оңғартсын, Қызыр Әулие қолдасын!

Бақыт. Қандай қызық, жаңа ғана палатаға Владимир болып кіріп едім, Бақыт болып шығып барамын! Сау болыңыз, папа! Көріскенше!
Бақыт кетеді.
Сәлім (қуаныштан жарыларман болып). Ұлым менің шынымен қазақ болғаны ма?! Тәуба-тәуба! Ақсарбас! Балам тұрмақ өзім де орыс болып кетіп едім, бәрі орнына келді-ау ақыры! Шынында, Бақытты келісімен атажұртқа, ағайын арасына ертіп апарып, қуантайын бәрін! Үлкендердің батасын алайық!
Сәлима кіреді.
Сәлім (қуанышты). Кел-кел, Сәлима! Өте жақсы келдің. Қуаныштан жарылайын деп тұрмын мен осы тұрғанда. Балам келді. Ол қазақ екен!

Сәлима. Қазақтың баласы қазақ болмай кім болады?

Сәлім. Сәлима-ай, сен білмейсің, менің балам шыр етіп жерге түскеннен орыс. Мен одан күдер үзіп қойғанмын. Сөйтсем, оның жүрегі қазақ деп соғып жүріпті. Жаңа ғана, дәл осы жерде балам қазақ екенін айтқан кезде жүрегім жарылып кете жаздады, әлі де дүрсілдеп тұр.

Сәлима. Қуанышыңа ортақпын, Сәлім!

Сәлім. Рахмет! Бүгін мен – әлемдегі ең бақытты әкемін! Өз ұлтымды сыйлайтын ұлым бар менің!

Сәлима. Ал, мен – бүгін әлемдегі ең бақытсыз әйелмін!

Сәлім. Қой, неге?

Сәлима. Қайратты сенен кешірім сұрауға көндіре алмадым. Деместі десіп, жеместі жестік, ештеңе шықпады. Ол үшін мен сұрайын: Сәлім, кешіре гөр ақымақты!

Сәлім. Кешіретін түк те жоқ, өтті, кетті.

Сәлима. Тергеушіге де айтқан жоқсың ба?

Сәлім. Оның қажеті қанша? Балаңды соттатып, бетіңді қалай көрмекпін мен сенің? Жоқ, ол болмайды.

Сәлима. Сәлім-ай, менің саған көрсетпеген қорлығым қалмады-ау! (Көзінен жас мөлт-мөлт ете қалады). Жасыңда мен үшін жан азабын тартып едің, енді тән азабын шегіп жатырсың. Саған не жақсылық жасасам болар, немен өтермін кінәмді?

Сәлім. Қой, сен түк те кінәлі емессің. Бұл – тағдыр.

Сәлима. Тағдырды жасайтын адамның өзі. Сен кешір! Қайратты да, мені де кешір.

Сәлім. Бүгін менің көңілім сүттей аппақ, шайдай ашық. Ешкімге өкпем де, ренішім де жоқ. Бар болмысымды бір ғана сезім – балама разылық сезімі билеген. Басқаның бәрін тәрк еттім мен.

Сәлима. Мені де ме?

Сәлім. Сәлима, не дедің, қайталап айтшы!

Сәлима. Сен хош көрсең, мен ендігі қалған өмірімді саған, бір ғана саған арнасам деп едім. Тәрк етсең, қайтем енді, көнем де...

Сәлім (жарыла қуанып). Сәлима, «Хош көрсеңің» не, сен – менің арманымсың. Сен солай ұйғарсаң, мен әр кез жаныңда боламын! Бүгін, осы қазір шығамын ауруханадан. Қолымды мойныма асып жүріп те, жар бола аламын мен саған.

Сәлима. Бол!

Сәлім. Боламын, әкел қолды! (Екеуі қол алысып, сүйіседі). Алла-ай, арманыма жеттім бе, жоқ па?!

Сәлима. Жеттің. Жеттік. Мен енді некелі байым бар әйел боламын.

Сәлім. Мен енді қазақ әйелім бар қазақ боламын! Өз жарыңмен өз ұлтыңның тілінде сөйлесуден асқан бақыт бар ма екен бұл жалғанда?!

Сәлима (Сәлімнің құшағына кіріп). Неткен ғажап еді бұл – жар болу.
Екеуі өстіп өздерімен-өзі болып тұрғанда, Қайрат пен Фатима кіреді.

Қайрат бір нәрсе айтуға оқтала береді.
Фатима (аузын сұқ саусағымен басып). Тс-с-с...

Қайрат (тыңдамай, әкіреңдеп). Несі тс-с-с... Бұлар өстіп сүйісіп тұрсын, біз аузымызды жабайық. Осындай азғындаған адамнан кешірім сұра дейсің тағы. Оған керегі – кешірім емес, ғашығы. «Жүр-жүрлеп» сонша тыпырлап едің, жаның жай тапты ма енді? (Кекесінмен). Қыз Жібек пен Төлеген!..

Сәлім. Сен өйтіп кекетпе. Біз Қыз Жібек пен Төлеген емес, Сәлима – Сәлімбіз.

Сәлима. Әйелінен ерінің есімі бұрын аталады. Біз – Сәлім-Сәлимамыз!

Қайрат. Мәссаған, безгелдек, үйленіп те үлгерген бе бұлар! Фатима, жүр, кеттік, шаруа біткен екен.

Сәлім. Қайрат, сен өкпелеп бара жатқаннан саумысың өзі?

Қайрат. Енді қалай? (Көңілі босап). Ол – менің, менің ма... мен онсыз күн көре алмаймын.

Сәлім. Көресің.

Қайрат. Көре алмаймын, арам өлемін.

Сәлима. Қайрат, бұл – шын сөзің бе?

Фатима. Шын сөзі.

Сәлима. Онда қайттім? Сәлім, сен кешір, мен Қайратты тастап кете алмайды екенмін ешқайда.

Қайрат. Жо-жоқ!.. Мама, сен ең болмаса, енді бақытты болшы!..

Фатима. Бақытты болыңыз, мама! Қайрат үшін қам жемеңіз, мен бармын ғой.

Қайрат. Ия, Фатима бар! Бұл – ең бастысы.

Сәлім (ойланып қалған Сәлимаға жақындап). Біз бармыз.

Сәлима. Ия-ия, солай екен ғой.
ш ы м ы л д ы қ
ӘКІМНІҢ ТУҒАН КҮНІ
(Екі көріністі драма)
Қатысатындар:
Дүйсебаев Қасқабай Төреқұлович – облыс әкімі, 49 жаста.

Қордабаев Қасым Хасенович – облыс әкімі аппаратының жетекшісі, 64 жаста.

Мұсылманқұлов Ерік Көбенович – облыстың бұрынғы әкімі, қазір көрші облыстың әкімі, 58 жаста.

Сансызбаев Әбиірбек Рахымович – облыс прокуроры, 55 жаста.

Ахметов Нұрқат Асылович – облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор, 43 жаста.

Қарғабаев Құрман Өрісбаевич – Күреңсу ауданының әкімі, аудан әкімдерінің президенті, 58 жаста.

Сапар қария – зейнеткер, облыстың бір кездегі басшысы, 79 жаста.

Әсия – хатшы қыз.
Бірінші бөлім
Бірінші көрініс
Облыс әкімінің кабинеті. Төрдегі үлкен стол басында облыс әкімі Қасқабай Төреқұлович Дүйсебаев телефонмен сөйлесіп отыр.
Әкім.Түу, жадыңыз қандай керемет еді, Ерік Көбенович!.. Рақмет-рақмет!.. Өзіңізде көп жасаңыз!.. Көпті көргендігіңіз, ағалығыңыз деп білемін мен мұныңызды. Жылда бір болатын туған күнімізді өзіміз ұмытып бара жатқанда сіз ұмытпай құттықтағаныңыз қандай керемет!.. Бәрі дұрыс... Айтып едім ғой, барлық мәселеде сіздің бағытыңызды ұстанамын деп, ұстанып отырмын...

О не дегеніңіз, айну жоқ... Әлбетте, бірдеңе болса, телефон соғамын... Бәрі дұрыс. Жігіттер сол өзіңіздің кезіңіздегідей, қамшы салғызар емес... Жақсы-жақсы... Жеңгейге сәлем деңіз... Сіздің де жұмысыңыз жемісті болсын... Сау болыңыз!
Әкім телефон трубкасын орнына қояды. Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Қасым Хасенович Қордабаев кіреді.
Қордабаев (жасының үлкендігіне қарамай елпілдеп). Қасқабай Төреқұлович, бүгін сіздің туған күніңіз ғой, құттықтаймын! Деніңіз сау болып, қызметіңіз өсе берсін!

Әкім. Рақмет, Қасым Хасенович! Сіз, құттықтаймын деп келген ешкімді кіргізбеңіз маған.

Қордабасв. Неге?

Әкім. Біртүрлі ыңғайсыз (орнынан тұрып, терезе алдына барып, сыртқа үңіліп қарайды). Қасым Хасенович, мынау не сұмдық?! Кәдімгі бір тойға келе жатқандай, бәрінің қолында шоқ-шоқ гүл. Астындағы полицейлерге айтыңыз, қолына гүл ұстаған бірде-бір адамды кіргізбесін. Анау не пәле?!

Қордабаев (терезеге жақындап). Бұл – қала әкімінің сыйлығы. Ол: «Бір керемет гүл шоғын дайындап жатырмын», - деп еді, мынау – сол.

Әкім. Бір өзі бір машинаның қорабын алып жатқан қандай гүл шоғы ол? Сәуірбаевқа айтыңыз, әкетсін ана масқарасын. Тырақы! Барыңыз, айтыңыз, бүгін – мереке емес, жұмыс күні.

Қордабаев (ештеңеге түсінбеген кейіп танытып). Қайдам, бұрынғы әкім...

Әкім (сөзін бөліп). Мен сізге қанша айтам, бұрынғы әкімнің не істеп, не қойғанын, не ішіп, не жегенін ешуақытта айтпаңыз, деп. Ол кісі – өткен шақ, біз – бүгінбіз. Ол кісіден біз көп нәрсе үйрендік, әлі де үйренеміз, қара тұтамыз, бірақ біз өзіміз де өзімізді көрсетуіміз керек шығар. Тезірек барып, айтқанды істеңіз.

Қордабаев. Орынбасарларыңыз бөлім, басқарма, департамент бастықтарын жинатып, кіреміз деп оқталып отыр. Олар да кірмесін бе?

Әкім. Кірмесін. Сіз білесіз бе, Татарстан Президенті Минтемир Шәймиев: «Жағымпаздардың жексұрын қылығын көрмес үшін туған күнімде Қазаннан кетіп қаламын» деген. Өте дұрыс айтқан. Биылдан соң мен де сөйтемін.

Қордабаев. Аудан әкімдері қабылдау бөлмеңізде тұр, оларды қайтем?

Әкім. Оларды кім шақырды? Осының бәрі сіздің тірлігіңіз-ау шамасы.

Қордабаев (күмілжіп). Енді... Өздері келіпті.

Әкім (өңі бұзылып). Сонда бірде-бір әкімнің менің рұқсатымсыз жұмыс орнын, ауданын тастап, ауа жайылып кетуге құқы жоқ деген пәрменім қайда?

Қордабаев. Олар ешқайда лағып жүрген жоқ, өзіңізге келіп тұр ғой.

Әкім. Сонда менің пәрменім орындайтын оларға да, орындаттыратын сізге де түсініксіз бе?

Қордабаев (сасқалақтап). Жо-жоқ, түсінікті.

Әкім. Тараз аудан емес, облыс орталығы, немене, әкімдер соны да білмей ме?

Қордабаев (жеңілдеп). Біледі. Тараздан да, ауданнан да сіз қымбатсыз оларға. Сол үшін де келген сізге.

Әкім. Мынауыңыз қызық екен, менің ашуымды маған деген ілтипатпен сейілтпек боласыз. Жоқ, ол болмайды. Әкім пәрменінің орындалуы оның көңіл-күйіне немесе жеке тірлігіне тәуелді болмаса керек. Қалай да орындалуы тиіс.

Қордабаев (не дерін білмей, тосылып қалып). Ия, әкім пәрмені – заң. Оны аудан әкімдері де, мен де білеміз, бірақ осылай болып қалды.

Әкім (дауысы қатқыл шығып). Мұның аты – қояберсіндік. Біліп қойыңыз, мен оған ешқашан жол бермеймін.

Қордабаев. Мұныңыз өте дұрыс. Бұрынғы әкім...

Әкім. Мен сізге айттым ғой, бұрынғы әкім туралы ештеңе айтпаңыз, деп. Жақ ашпаңыз.

Қордабаев. Мақұл.

Аппарат жетекшісі мойны салбырап, шығып бара жатады.

Есіктен сау етіп аудан әкімдері кіреді.

Жапа-тармағай жалпылдап амандасады.
– Сәлеметсіз бе, Қасқабай Төреқұлович!

– Қасқабай Төреқұлович, ассалаумағалейкум!

Әкімдердің біреуі. Қасқабай Төреқұлович, мен – әкімдердің президентімін. Мына жігіттер мені алға салып келіп отыр. Туған күніңіз құтты болсын! (Қолындағы пакетті стол үстіне қояды). Мынау – аудан әкімдерінің Сіздің туған күніңізге арнаған сыйлығы.

Әкім (тіксініп). Бұл не сонда?

Әкімдер президенті. Әуелі алсаңызшы. Сосын көресіз.

Әкім. Жоқ, алмаймын. Сен айтшы бұл не өзі?

Әкімдер президенті. Отыз мың доллар. Аз да болса, көптей көріңіз.

Әкім (шарт кетіп). Пара екен ғой. Әрі тарт, көрсетпе көзіме!

Әкімдер президенті (сұры қашып). Бұл пара емес, сыйлық.

Әкім. Құрман Өрісбаевич, сен тәжірибелі әкімсің, пара сыйлық түрінде де берілетінін білсең керек. Параларың жатсын сол жерде. Өздерің Қасым Хасеновичтің кабинетіне барып отыра тұрыңдар. (Әкімдер шулап шығып кетеді. Аппарат жетекшісі состиып тұрып қалады). Қасым Хасенович, барыңыз, аналарды ешқайда жібермеңіз.

Қордабаев. Не боп барады өзі мына әңгіме?

Әкім. Немене, көрмей тұрсыз ба, олар маған пара ұсынды.

Қордабаев. Сіз жақсы білесіз, бұл – олардың әбден үйренген әдеті. Жылда Ерік Көбеновичтің туған күнінде осылай істейтін олар.

Әкім. Жоқ, бұл болмайды. Сіз бара беріңіз, ар жағын өзім бірдеңе етермін.

Қордабаев. Мақұл. Өзіңіз біліңіз.
Аппарат жетекшісі кетеді.
Әкім (ішкі телефон тұтқасын көтеріп). Әсия, маған прокурорды қосшы.

Әсияның даусы. Ол кісі осында тұр.

Әкім. Кірсін онда.
Прокурор кіреді.
Прокурор (өз бағасын білетін кісі кейпімен). Сәлеметсіз бе, Қасқабай Төреқұлович!

Әкім. Сәлематсыз, Әбиірбек Рахымович. (Алдындағы орындықты нұсқап). Отырыңыз.

Прокурор (отырып жатып, қойнына қолын салып). Қасқабай Төреқұлович!..

Әкім (шалт). Тоқтаңыз! Сіз қалтаңыздағы конвертті қоя тұрып, алдыңыздағы пакетке қараңыз.

Прокурор. Несі бар, пакет.

Әкім. Пәлесі бар, пара салынған пакет.

Прокурор. Дұрыс.

Әкім. Несі дұрыс? Жаңа аудан әкімдері кірді осында, мені туған күніммен құттықтап. Он әкім отыз мың доллар әкеліпті сыйлық деп осы пакетке салып. Айтыңызшы, мұндайда қайтпек керек?

Прокурор (пакетті үстелден алып, әкімге ұсынып). Мінекиіңіз, дереу сүңгітіңіз сейфке.

Әкім. Қалайша? Сонда мен пара алмақпын ба?

Прокурор. Аласыз. Алмасаңыз, ала қарға боласыз.

Әкім. Жөн-ақ.

Прокурор. Рас айтам, мұны алмасаңыз, бүкіл Қазақстанда пара алмайтын жалғыз шенеунік сіз боласыз.

Әкім. Жоқ. Ала қарға тұрмақ шұбар қарға болып кетейін, алмаймын. Сіз мыналарды қамаққа алуға санкция беріңіз. (Ішкі телефонмен хатшы қызға). Әсия, қабылдау бөлмесіне генерал келіп тұрған жоқ па?.. Онда қазір, прокурор шыққан соң кірсін.

Прокурор. Генералдың келіп тұрғанын қайдан білдіңіз?

Әкім. Маған енді бәрі белгілі. Сіз шыға тұрыңыз.
Прокурор шығып кетеді.

Генерал кіреді.
Генерал. Сәлематсыз ба, Қасқабай Төреқұлович! Туған күніңізбен! (қойын қалтасына қолын сала бастайды). Қасқабай Төреқұлович!..

Әкім. Тоқта!

Генерал (қойын қалтасынан конвертті шығарып үлгеріп). Неге?

Әкім. Әрі тарт! Андағы, алдыңдағы пакетті көрдің бе?

Генерал. Көрдім.

Әкім. Көрсең, ол – пара салынған пакет.

Генерал. Онда тұрған не бар, кім де болса, Сізді сыйлаған соң әкелген де.

Әкім. Апырау, бұл не сұмдық (пакетке қарап), аудан әкімдері анау, прокурор мен генерал мынау!

Генерал. Қасқабай Төреқұлович, сіз – жас әкімсіз. Әлі әкім болудың қыр-сырына қанық емессіз. Сіз пара деп ат-тоныңызды ала қашып отырған бұл пакет әлдеқашан айналымнан шыққан. Қазір параны пакетпен емес, дипломатпен береді.

Әкім. Сөз-ақ!

Генерал. Биліктің сіз сияқты ұшар басындағылар ешқашан пара сұрамайды, оларға бағыныштылардың өздері әкеліп береді. Әкімдеріңіздің тәжірибесі жоқ екен, әйтпесе, біреуі сізге жақындай беріп, «Өй, қой» - дегеніңізге қарамай, пакетті суырмаңызға сүңгітіп жібермей ме. Сонда сіз қарныңыз тиіп тұрған суырмаға пара салынғанын білмегенсіп, күлімсіреп отыра берер едіңіз.

Әкім (күлерін де, ашуланарын да білмей). Пара ал деп отырған құқық қорғаушыларды да көретін күн бар екен-ау, қап! Сен де бар прокурордың қасына. Ойланыңдар сәл-пәл, содан соң сөйлесеміз.

Генерал (бар пейілімен). Шын айтам, сіздің бұл әңгімені жылы жауып қойғаныңыз жөн. Қойыңыз.

Әкім. Жарар-жарар, бара ғой.

Генерал. Арты не боларын ойлаңыз, әйтеуір.
Генерал шығып кетеді.

Әкім ойланып отыр.
Әкімнің ойы (радиомен). Не істесе болады, ә?! Бұл бір көз көріп, құлақ естімеген әңгіме болатын болды-ау! Мұның аяғы неге апарып соқпақ? Прокурор мен генералдың айтып отырғаны анау. Қайтем? Қайтатартар жер жоқ. Парақорлық – тамыры тереңге кеткен індет. Прокурор дұрыс айтады, бүкіл елде пара алмайтын бір шенеунік жоқ. Ендеше, ала қарға болмай, кім боламын?! Жаңа прокурорға айттым ғой, шұбар қарға болайын, қайту жоқ. Тоқташы. Мыналар қаптаған парақорлар армиясы сардарларының санаулысы ғана. Бұларды сорлатқанмен, қалың қолдың мұрты бұзыла ма? Жоқ, әрине. Дегенде бір сілкуге жарар. Тұра-тұр, бұлардың «крышаларын» – көкелерін қайтем? Олар осы қазірден бастап кіріседі. Әкелейді, көкелейді, доңайбат көрсетеді, қорқытады, үркітеді, қатер төндіреді. Райдан қайтуым керек пе сонда? Қой, бастаған екенмін, тастау – өзіме өлім! Қарайларым да, қайтарым да болмасқа керек. Шегінсем, беделім түсіп, бабарым кетеді. Ауыр. Қатерлі. Бірақ қайтпан. Нар тәуекел!
Екінші көрініс

Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Қасым Хасенович Қордабаевтың кабинеті. Аудан әкімдері үрпиісіп отыр.
Әкімдер президенті Қарғабаев. Қасқабайдың мұнысы несі-ей?!
Әкімдер гу ете қалады:
– Кім білген? Түсінбей қалдық қой ініңізді.

– Бізді мұқатқысы келгені ме, неменесі бұл?

– О заман да, бұ заман өз әкімдерін бүйтіп сүмірейткен әкімді кім көрген?

– Өзіне жаман бұл, біле білсе.

– Құреке, сіз барыңыз, айтыңыз ініңізге, мұның залалы алдымен өзіне тиеді.

Қой!

Рас. Бұл – қоғамға қарсы атылған оқ. Қазір біздің қоғамды ұстап тұрған ұлы күш – пара. Парасыз аяқ басқан адам – ақсақ, жарымжан. Біздің әкім сол параға қарсы күрес ашпақ болады. Бос әуре. Параның барондары бұл сұмдықты қазір-ақ естиді, сөйтеді де дереу қорғауға кіріседі бізді.

Ия, сөйтеді. Уайымдамай-ақ қойыңдар, достар!

Кел, біреуіміз Ерік Көбеновичке хабарласайық, ол кісі қағып алады мұның жынын.

Сөйту керек.

Қарғабаев (ұялы телефонының нөмірін теріп). Ерік Көбенович, сәлеметсіз бе? Тараздан Құрман ғой. Иә, иә... Сізге жеткен екен ғой. Сондай бір пәлеге ұрынып қалдық... Ойбай, тіптен қарқыны жаман... Сөйтіңізші!.. Жігіттер түгел осында, Қасым Хасеновичтің кабинетінде отырмыз... Әрине, Сіздің тіліңізді алмайтын кім ол?.. Соны айтам... Сіз ғой оны қолдан қошқар қойып отырған. Енді келіп өзінше адал адам бола қалыпты... Қайдан қайқайған... Табаныңызды жалаушы еді ғой... Ұмыта қойған жоқ шығар... Сөйтіңіз, жақсы-жақсы. (Әкімдерге). Жігіттер, естідіңдер ғой, Ерік Кобенович реттейді бәрін.

Әй, қайдам-ау, біздің мазамыз кеткені кеткен енді.

Құрбандыққа шалынды деген осы.

Қарғабаев. Өй, койыңдар. Сендер не, Ерік Көбеновичке сенбейсіңдер ме?

Сенеміз. Бірақ бұл Қасқабай – бір қасарысса, қайтпайтын жігіт.

Ол сіз бен бізге қасарысады, күштілерге көнгіш.

Қарғабаев. Кім білген, көреміз.
Кабинет иесі – аппарат жетекшісі Қасым Хасенович Қордабаев кіреді.
Қордабаев (орынтағына отырып жатып). Жігіттер, көңіл-күй қалай?

Қарғабаев. Құрысын. «Бұл тоқсан көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді» дегендей заман болды ғой бұл бір. Көрген күніміз не болады енді?

Қордабаев. Ой, қойыңдар, сары уайымға салынбай. Ештеңе де болмайды, бәрі орнында болады. Мен жаңа Ерік Көбеновичке айттым: «Әкімдеріңіздің басына бұлт үйіріліп тұр» деп. Ол кісі қатты ренжіді. Қазір сөйлеседі Қасқабай Төреқұловичпен, реттейді.

Қарғабаев. Біздің әкім көнер ме екен?

Қордабаев. Көнбей қайда барады, көнеді.

Қарғабаев. Қайдам, сұры жаман ғой.

Қордабаев. Мен Ерік Көбеновичке көнбейтін адамды көрген емеспін әлі күнге.
Үшінші көрініс
Үлкен қабылдау бөлмесінің бір бұрышында прокурор мен генерал күбірлеп сөйлесіп отыр.

Прокурор. Айтыңызшы, Нұрқат Асылович, не істесе болады мынадай жағдайда?

Генерал. Бұл бір қиын іс болайын деп тұр, Әбиірбек Рахымович. Сіз не айтсаңыз, соны істейміз біз. Менің білетінім – аудан әкімдеріне обал.

Прокурор (сәл ойланып қалып). Біз әкімдерді емес, заңды қорғауымыз керек.

Генерал (лып ете түседі). Санкция беріңіз, қамаймыз.

Прокурор (байсалды). Нұрқат Асылович, сіз екеуіміз де кеңестік кезеңнен келе жатқан кадрлармыз. Сол кездің өзінде заңның адамгершілігі дейтіні, анығырақ айтқанда, гуманизмі болмайтын ба еді?

Генерал. Болатын. Ондай ұғым қазір де бар.

Прокурор. Ендеше соған жүгінейік.

Генерал. Әкімнің сөзін қайтеміз?

Прокурор. Әкім заңнан үлкен емес.

Генерал. Әкім – осы облыстың құдайы, не айтса, сол болады. Керек десеңіз, ол заң деп отырған бізді жоқ қылып жібереді.

Прокурор. Сіз алдымен әкімдерді изоляторға айдап апарып, тергеуді бастаңыз. Арғы жағын көреміз содан кейін.

Генерал. Көретін не бар? Заттық айғақ бар, куә бар.

Прокурор. Куә кім?

Генерал. Апппарат жетекшісі.

Прокурор. Соны қойшы. Тайғанақ.

Генерал. Қойыңыз. Ол онда қалай аппарат жетекшісі болып жүр?

Прокурор. Ол қызметке сондай адам керек. Су жұқпастың нағыз өзі істейтін қызмет ол. Ал, Қасым Хасенович үстіне бір шелек емес, бір цистерна су құйсаң, тырнағына тамшы тұрмастың өзі.

Генерал. Мейлі, құрысын ол. Басты әңгімемізге оралайық, меніңше, бұл – түк шықпайтын іс. Құр босқа облыс жалғанға жария болады.

Прокурор. Мейлі, болсын. Әкім талап етіп отыр. Орындамағанда қайтеміз, орындаймыз.

Генерал. Сіз... «Қой» деп айтпайсыз ба әкімге?

Прокурор. Ешқандай облыс әкімі ешуақыт ешкімнің тілін алып көрген емес. Әкімдерде бір-ақ түсінік болады – ол өзінен қызметі төменнің өзінен ақылы аз. Ұстанымдары да біреу – ол айтқанын сөзсіз орындату.

Генерал. Адамның өз өресі жетпейтін мәселелер болмай қоймайды. Ондай жағдайда қайтеді бұл әкім?

Прокурор. Қайтеді, қандай да бір шешімге келеді де, сол жөн деп біледі. Онысы дұрыс болса, жақсы, бұрыс болса, ел сорлайды. Мына жағдай да солай болайын деп тұр.

Генерал (сәл тосылып қалып). Түсінбедім. Сонда сіз парақорлықты жақтайтын болғаныңыз ба?

Прокурор (шамданып). Абайлап сөйлеңіз сіз, Нұрқат Асылович! Әкімдердің бұл әрекетін мен сыйлық емес, сыйлау деймін. Айтыңызшы, қылмыстық кодексте сыйлау деген статья бар ма?

Генерал. Жоқ.

Прокурор. Генерал мырза, шыныңызды айтыңызшы, жаңа әкімге кіргеніңізде сіздің де қалтаңызда конверт болды ғой.

Генерал. Болды. Сізде де болды ғой, прокурор мырза.

Прокурор. Болды. Мен сыйлаймын Қасқабай Төреқұловичты. Ілтипатымды құттықтау хатқа сыйғызып жазып, конвертке салып... (ойланып барып). Ну, енді... құрғақ қасық....

Генерал. Әбиірбек Рахымович, болды-болды... Мен де сыйлаймын әкімді.

Прокурор. Аудан әкімдері де сыйлайды.

Генерал. Түсінсемші! Сонда Қасқабай Төреқұловичтің сыйламағаны ма әкімдерді, бізді?

Прокурор. Бұл да маған түсініксіз.

Хатшы қыздың жанындағы үстелде жатқан көп телефонның біреуі шылдырлайды.
Хатшы қыз (телефон трубкасын көтеріп). Сәлеметсіз. Иә, өзінде. Қазір. (Телефонды әкімге қосып). Қасқабай Төреқұлович, президент аппаратынан Бұқарбаев.
Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет