Әлдихан Қалдыбаев



бет7/19
Дата20.06.2018
өлшемі0,75 Mb.
#43802
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19

Екінші көрініс
Сәлиманың үйі. Сәлім мен Сәлима шай ішіп отыр.
Сәлім. Үйің келіскен екен. Қалада мынадай пәтерің болуы – үлкен бақыт.

Сәлима. Қайдам, осыны малданып отырған жай бар әйтеуір. Осыдан басқа не қалды бізде енді?

Сәлім. Қой, тірі адамның тірлігі таусылған ба.

Сәлима. Қайдам?
Бет-аузы ұйпа-тұйпа Қайрат келіп, есікті керіп тұра қалады.
Сәлима (қысылып). Міне, менің балам. Қайрат, есікті керме, ағаңмен амандас.

Қайрат. Амандасып неге керек?

Сәлима. Балам, кергіме, жөндеп сөйле!

Қайрат. Мен басқаша сөйлей алмаймын, басыма не келсе, соны айтамын.

Сәлім. Дұрыс. Сөз – адамның мінезі.

Қайрат. Мен оны сенсіз де білемін.

Сәлима.Қайрат,қой! Бұл ағаң – Сәлім. Біздің Кербұлақтан, екеуіміз бір класта оқығанбыз. Әскерден босап келіпті.

Қайрат. (кекесінмен). Білемін. Біздің қолбасшы жерлесіміз, сенің алғашқы махаббатың, жас кездеріңде араларыңда роман болған.

Сәлима. Қой әрі!

Қайрат. Несі қой, рас. Сен бұған тигенде мұндай болмайтын едің.

Сәлім (сабырмен). Қайрат, адам анасына ауыр сөз айтпас болар.

Қайрат (екіленіп). Ал, мен айтамын! Мен – осының тәрбиесінің жемісімін. Бұл – сыртта басалқалы қызметкер, үйде – жеңілтек әйел болды. Жасымнан көргенім өңшең белі жуан, беті жылмаң, қылығы қылмаң ағайлар. Бұлар басқа бөлмеге кеткенде, мен шөлмектердің ортасында шошайып отырып қалатынмын. Сөйтіп жүріп сарқынды арақты қолқ дегізіп құлқыныма құя салатынды шығардым. Аяғы мынау – алапат ішкішке айналдым. Бәріне кінәлі – осы. Мен оны бетіне...

Сәлім (даусы қатты шығып). Тоқтат сөзді!

Сәлима (шошып). Сәлім, ойбай, қатты сөйлеме бұған. Бұл – бұзық.

Қайрат (сұрланып). Дұрыс айтады, бұзықпын. Қолбасшы, біліп қой, мен сенің салаға солдатың емеспін.

Сәлім. Солдаттан садаға кет! Сен әбден басынған екенсің Сәлиманы, оныңа жол жоқ енді. Адам анасын қорлаушы ма еді?!

Сәлима. Бұдан да зорын айтады бұл.

Қайрат. Мен шындықты айтып тұрмын.

Сәлім. Адамның ар-намысына тиетін шындықты сонша екіленіп айтудың қажеті қанша?

Қайрат. Шындық – бәрінен де қымбат.

Сәлім. Шындық осы екен деп көку – азу.

Сәлима. Сәлім-ау, қор қылмай-ақ қой сөзіңді. Бұл маған аузына келгенін айтып, ойына оралғанын істеп үйренген.

Қайрат. Иә, сөйтемін. Сен соған лайықсың.

Сәлім. Жетеді! Сен бала еркінси берме! Біліп қой, бұдан былай мұндай нөмірің өтпейді.

Қайрат. Өтеді!

Сәлім. Жоқ, өтпейді!

Қайрат (Сәлимаға). Айтшы, мына шалға не жоқ, неменеге түседі араға! Мүмкін, сен бұл ғашығыңа тиіп алған шығарсың. (Сәлімге). Полковник жолдас, сен мына кемпірді алуға тиіссің. Басында бұзған өзің, ал да түзе. Осы қазірден бастап қол ұстасыңдар да кетіңдер екеуің, үйді босатыңдар.

Сәлима (ашуға булығып, жылап жібереді). Не дейді мына жүгермек?

Қайрат. Не деймін? Соны да білмейсің бе? Таңданба, мұндай сөздің талайын естігенсің. Атқамінер, әуей болғанша әйел болу керек еді. Сонда өз балаң болатын еді. Ол саған мұндай ауыр сөз айтпас еді.

Сәлім. Әй, жетесіз, сен қоясың ба, жоқ, қоймайсың ба мына жосықсыздығыңды?

Қайрат. Қоймаймын.

Сәлім (Қайратты иығынан бүре түсіп). Жүр былай, екеуіміз еркектерше сөйлесеміз!

Қайрат (қаймықпай). Жүр-жүр! Көрейін мен сенің күшіңді!

Сәлима (шыр-пыр болып). Сәлім, қой! Қайрат, айналайын, сен де қой! Үлкен кісіні сыйла!

Сәлім (Қайратты итеріп жіберіп). Бар, көзіме көрінбе!

Қайрат (түсі бұзылып). Жоқ, бұл шалды жайратпай қоймаймын мен! Жуасыту керек екен мұны.

Сәлім. Әліңе қара! Сендейлердің талайын көргенмін мен.

Қайрат. Білемін. Сендер әскерде солдаттарға қоқиланған қораз болып, ойларыңа келгенді істеп үйренгенсіңдер. Ол әскер құрыған. Енді сен де біз сияқты жай адамсың.

Сәлім. Иә, адаммын. Әскерде ұстанғаным да, қазір ардақтайтыным да – адамгершілік.

Қайрат (кекетіп). Адамгершілік! Қолынан түк келмейтін адам ойлап тапқан сөз – ол.

Сәлім. Адамгершілік – арлы, иманды адам ардақтайтын асқақ сезім. Егер ол сенде жоқ болса, басқада бар. Мен енді саған Сәлиманы қорлауға бермеймін. Сендейлерді оспадарсыз дейді. Мен сенің әкеңнен үлкенмін. «Сіз» деп сөйлесең қайтеді?

Қайрат. Онда тұрған не бар? Сен – ол сенсің.

Сәлім. Қайран ғана қазағым-ай, арып-ашып келгендегі естігенім «Сіз» емес, «Сен» болды ма?

Қайрат. Полковник болмақ тұрмақ генерал болып кетсең де «Сен» деймін мен сені.

Сәлім. Мүмкін әкеңді де сен дерсің.

Қайрат. Сен демегенде кім демекпін? Сен деймін.

Сәлім. Онда шаруаң біткен екен, бар, «Сеніңді» серік қылып ала кет. Сәлимадан да, менен де аулақ жүр!

Сәлима. (кемсеңдеп). Апыр-ау, маған да ара түсетін адам бар екен ғой!

Қайрат. Қуанба! Бұл полковник мұнысы үшін жауап береді әлі-ақ! (Сәлімге). Осыдан көр де тұр, өкінетін боласың! (Сәлимаға). Мен кеттім бірдеңе тауып ішуге. Екеуің отырыңдар, мүмкін, махаббаттарың қайта қозар. Махаббатқа барлық жастағылар бас иген. Полковник (Сәлиманы нұсқап), бұл – көңілшек әйел, көп әуреге түсірмейді.

Сәлім. Кет әрі! Көргенсіз!

Сәлима. Бар-бар! Көрсетіп біттің өнеріңді.

Қайрат. Біткенім жоқ (иегімен Сәлімді нұсқап). Оған көрсететін көресі – алда. Күтіңдер!
Қайрат кетеді.
Сәлім. Қандай әдепсіз еді мына балаң! Қалай ғана бір шаңырақтың астында өмір сүріп жүрсің мұнымен?

Сәлима. Бәрі – арақтың кесірі. Арақ ішпесе, ол әжептәуір адам. Қайтейін, бір әулеттен қалған еркек кіндік, күдерімді үзе алмаймын. Мен түңіліп кеудесінен итерсем, қаңғып қалады ғой бұл байғұс.

Сәлім. Әйелі жоқ па сонда?

Сәлима. Бар.

Сәлім. Бар болса, сол ие болмай ма?

Сәлима. Ол да шаршап біткен әбден.

Сәлім. Сөйткен болар. Бұл жұмыс істемейтін шығар, әйелі екеуіңе масыл да.

Сәлима. Жоқ, істейді. Шағын кәсіпорын деген де бірдеңені айналдыратын сияқты. Арағына ақша табады.

Сәлім. Иә, сондай бір пәле шығыпты ғой.

Сәлима. Онысы кәсіпорын болып түк те өндірмейді, өңшең алыпсатар, алаяқ, аннан-мұннан қашқан алқаш жиналған жер көрінеді. Бұлардікі де сол. Не істеп, не қоятындарын адам білмейді, әйтеуір арақ ішпейтін күні жоқ. Күндіз-түні қызара бөртіп жүргені. Үйде күнде – ұрыс-керіс. Мен де, келінім де – бағы ашылмаған сорлымыз.

Сәлім. Сәлима – сұлу... Сәлима – хатшы...

Сәлима. Тоқта-тоқта, айтпашы сол құрғырларды. Менің бақытсыздығым да сонда, асқақтап өмір сүргенімде. Білсемші, аузыма ел қараған белсенді емес, бетіме ер қараған қатын болғанымда бақытты болатын екенмін.

Сәлім. Әлбетте.

Сәлима. Лаж қайсы, өмір ауаны осылай болды. Тоталитарлық жүйенің зардаптары аз айтылып жүрген жоқ, солардың ең сойқанын біз, әйелдер, көрдік. Токарь, слесарь, тракторшы, миллиционер, әскери қызметші болдық. Құдайым-ау, осылар әйел атқаратын жұмыс па еді?!

Сәлім. Жоқ. Бұрын-соңды бірде-бір ел мұндай тағылықты білмеген.

Сәлима. Әйел – мысық, арқасын кім сипаса, соған пырылдайды, деген рас. Біздің арқамызды сипаған алақан – номенклатура. Басшылар біз сияқты беті жылтыраған ұрғашыны номенклатураға жататын қызмет беріп, еліктетіп-солықтатып, ұлы сөзде ұят жоқ, ойнасы етіп, Хауа анадан бергі құқымыз – ана болудан айырды. Сол кездегі аупарткомның идеологиялық хатшылары, ауатком төрағасының орынбасарлары түгел әйел болатын, солардың бәрі дерлік қазір менің көрген күнімді көріп отыр.

Сәлім. Мүмкін.

Сәлима. Мүмкін емес, солай. Бірен-саран байға тигендері бар, әрине. Ұятты аттап, некесіз бала туып алғандары да жоқ емес. Оларды сол заматта коммунистік моральға жат қылыққа ұрындың деп қызметінен алып тастаған. Кезінде күліп едік, қазір солар озды, олжабайларынан немере сүйіп отыр. Қызметті күйттеген біз қу тіземізді құшақтап қалдық.

Сәлім. Әттеген-ай-а!

Сәлима. Сорлы басым мансаптың құлы болыппын! Қызмет дәмді тамақ, сәнді киім болды. Солардың буына мас болдым. Сөйтсем, бізді құдай қатын болып, бала табу үшін жаратыпты ғой. Басқа тірліктің бәрі алдамшы, баянсыз екен. Рас, мұғалім, дәрігер, есеп қызметкері сияқты әйелге лайықты жұмыстар бар, соларды атқарғанның өзі артық, айта берсең. Әйел – ана! Ал, ана болудан ауыр, абыройлы жұмыс жоқ бұл дүниеде.

Сәлім. Қоғамдық белсенді өмірден алыстап қалмай ма әйелдер онда?

Сәлима. Бізді құртқан – осы коммунистік түсінік. Байына жақсы жар болып, бала туып, тәрбиелеуден асқан белсенді тірліктің қажеті қанша әйелге?

Сәлім. Осының бәрін о баста білуің керек екен де.

Сәлима. Менің өкінішім де сол. Алғаш алдандым. Содан соң қызметімнен, беделімнен айырылып қалмайын деп қорқып, Базарбаевтың айтқанына көніп, айдауына жүрдім.

Сәлім. Кеңес адамы – қорқумен күн кешкен бейшара. Қорқыныш біздің бала күнімізден қатал әміршіміз болды. Кішкентай кезімізде бірдеңені бүлдірсем, әке-шешем ұрады, тамақ бермей қатырады, ойынға жібермей қояды деп қорықтық. Бізді есейген сайын жағымпаздарға талатты. Қорқыныш – адамды құл ететін зұлмат. Біздің замандастарымыз қорқа-қорқа адамдық қасиеттің бәрінен айырылып біткен.

Сәлима. Мен де солмын. Партиядан қорқып, қарғы баулы қаншығы болдым. Қызметімнен айырылып қаламын деп қорқып, жар құшу, бөпе әлдилеуден мақұрым қалған бейшарамын мен.

Сәлім. Бөпені қайдам, жар құшу мүмкіндігің бар әлі. Сәлима. Қалайша?

Сәлім. Екеуіміз үйленейік. Солайша.

Сәлима. Қойшы, құрысын! Не қызық көреміз деп үйленеміз қартайғанда?

Сәлім. Сәлима, айтшы, дүниеде не ауыр?

Сәлима. Екі қабат әйел ауыр.

Сәлім. Ғажап! Дәл тауып айттың. Мен сұрақты дұрыс қоймаппын, кәрі адамға не ауыр деуім керек екен.

Сәлима. Түн ауыр.

Сәлім. Неге?

Сәлима. Таусылмайды.

Сәлім. Дұрыс. Біз сол түн ауырлығын бірге көтеріп, бірге қысқартамыз. Сол үшін үйленеміз.

Сәлима. Мен – меншікті ерім болып көрмеген әйелмін. Әттең, жасымызда қосылғанда мен сенің сенімді досың, адал жарың болатын едім. Ендігіміз – тым-тым алыстап кеткен арманды аңсау, бір кездегі емінген сезімнің көн тұлыбына емірену болар.

Сәлім. Әйелдің күңкілі, еркектің күркілі шықпаған үй – қаңыраған қуыс. Жұртқа есік-тереземізден солар естіліп жатуы үшін үйленеміз.

Сәлима. Күңкілді айтасың, шаң-шұңды көрмедің бе жаңа?

Сәлім. Ол басқа. Маған қосылсаң, сен ол шатақтан құтыласың.

Сәлима. Қайрат – біздің әулеттен қалған жалғыз тұяқ. Мен – ендігі қалған өмірімді соны қатарға қосуға арнаған адаммын. Құтылуды айтасың, қайта ол теріс айналса, мен аяғына жығылуға әзірмін. (Шайын жаңартып). Одан да шай іш.

Сәлім. Шай бар болсын, маған жауабың керек.

Сәлима (күліп). Қызықсың сен, Сәлім. Айттым емес пе, қартайғанда басты қатырып қайтеміз? Қояйық бұл әңгімені.

Сәлім. Қоймаймын. Сен – менің өмір бойғы арманымсың. Жас кезімде жолымыз болмады, енді кеудемнен қақпа. Біз бір-бірімізге рухани жар боламыз. Қартайғанда адамға өткен-кеткенді айтып, мұң-шерді тарқатып отыратын серік керек. Екеуіміздің мына жарық дүниеде көргеніміз өле-өлгенше айтып отыруымызға молынан жетеді.

Сәлима. Сен өткенді айта аларсың, мен айта алмаймын.

Сәлім. Неге?

Сәлима. Партия ісінің бәрі – құпия. Партия – қызметкері адамның өмірін сүрмеген, ол нұсқаумен, сілтеумен қатып-семіп, шектеумен шегеленіп қалған, түкке тұрғысыз нәрсені құпия тұтып, ел-жұрттан жақсыны да, жаманды да жасыра-жасыра зымиян болып кеткен. Біз – жан адамға шалқып қуа- нышымызды, егіліп мұңымызды айта алмаған мұңдармыз. Темір болып қатып қалғанбыз, мұздай суықпыз.

Сәлім. Әскери құпия партия құпиясынан кем бе екен?

Сәлима. Қайдам?

Сәлім. Асып түседі. Сол құпиялардың барлығының құны көк тиын қазір. Архив ашылып, құлыптаулы құжат атаулы кәдеге жарап жатыр.

Сәлима. Білемін, бірақ менің өмірімде еске алып, әңгіме етерлік ештеңе жоқ болса, қайтемін?

Сәлім. Сәлима, сен өйтіп таусылма. Еске алар жай, ортақ мүдде де табылады. Екеумізге дүкеннен барып бір бөлке нан әкелудің өзі – жұмыс, әңгіме болады әлі-ақ.

Сәлима. Сәлім-ай, айтқаныңның бәрі рас. Жаңа айтпадым ба, Қайратты тастап ешқайда кете алмаймын мен. Оның үстіне (күмілжіп барып), басымда билігім жоқ.

Сәлім. Қой, зейнетке шыққан адамның басында билігім жоқ дегеніне кім сенеді?

Сәлима. Маскүнем балам менің аяғымды қия бастырмайды.

Сәлім. Қалайша?

Сәлима. Қанша арақ ішкенімен, ішкі есебі мықты Қайраттың. Менің бар жиған-тергенім, мына үш бөлмелі үйім – оның көзінің құрты. Жарты бұрауынан айырылса, жарылып өлуге әзір.

Сәлім. Онда таста бәрін соған. Маған бір қуыс беретін тәрізді, сонда тұрамыз екеуіміз.

Сәлима. Жоқ, болмайды. Мен болмасам, бұл үйдің оты өшеді. Оның үстіне ел-жұртты қайтеміз. Ұят-тағы! «Қартайғанда кәрі боз жорға шығарыпты!» деп дос күліп, дұшпан табалар.

Сәлім. Ел-жұрт қайта: «Ақыры армандарына жеткен екен!» - деп сүйсінер.

Сәлима. Қайдам? Кім білген?

Сәлім. Біз білеміз. Коммунистік мораль, темірдей тәртіп, ерен еңбек, көтеріңкі соңиалистік міндеттеме, асқаралы жоспар – адамды тұқыртып ұстау, құл етудің тағы басқа толып жатқан түрлерін ойлап тапқан партия жоқ. Енді еркін, ақылға сыйымды өмірді еншілесек, ешкімнің егініне түскендік болмас.

Сәлима. Не десең де, төрімізден көріміз жақын қалғанда үйленіп жатқанымыз ақылға сыймайды. Масқара ғой ол! Өлім! Өтінемін, ендігі әрі бұл сөзді аузыңа алмашы, босқа көңіл қалып, суысып кетеміз.

Сәлім. Сенен меселім қайтуы – маған таң емес. Бұл жолы кері шегінбен!

Сәлима. Сәлім, өйтіп қасарыспа, түбі жақсылыққа апармайды.

Сәлім. Мен айтарымды айттым. Ендігісі саған байланысты. Ойланып көр! Жақсылап ойлан! (Орнынан тұрып). Ертең келемін, жауабын сонда айт.
Сәлім кетеді.
Сәлима (Сәлімді табалдырыққа дейін ұзатып салып, бері беттеп тұрып). Құдайым-ау, қайттім енді?! Сәлім, мен сені, бір ғана сені сүйгенмін, сүйіп өтемін бұл өмірден! Тағдыр бізге қосылуды жазбаған. Басында жастығым жанастырмап еді, енді қарттығым қашқақтатады. Қайтпек керек? (Қалтасына қолын салады, асық шығады). Айналайын, ақ сақа, қашан ғана Қайраттың баласы ұстар екен?! Қанша иірдім, алшы тұрмайсың. Сәлімге иірейінші, қайтер екенсің. (Иіреді). Алшы! Ойбай-ау, мұнысы несі? Алшы тұрғаны қайткені? (Ойланып, мұңайып тұр).
Фатима келеді.
Фатима. Мама, неменеге көңілсізсіз? Не, Қайрат ренжітті ме тағы?

Сәлима. Ешкім ренжіткен жоқ. Жәй, бір нәрсе ойлап кеткенім.

Фатима. Ол қандай ой, айтыңыз, бірге ойласайық.

Сәлима. Кәрінің асқақ ойы – жасқа жасық. Қайтесің, білмей-ақ қой. (Әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып). Фатима, неге ерте келдің жұмыстан?

Фатима (күліп). Сағатқа қараңыз. Жеті болып қалды.

Сәлима (қосыла күліп). Ә, солай екен ғой. Алжиын деген шығармын мен, тегі.

Фатима. Қайда, сіз әлі жап-жассыз, айттырса да болады.

Сәлима. Айттыруын айттырар-ау, бірақ мен сендерді тастап, қайда бармақпын?

Фатима. Ешқайда? Мен сізді туған анамнан артық көремін.

Сәлима. Қайдан? Туған ана, туған бала! Жөні бөлек қой олардың!

Фагима. Білемін. Сіз маған шешемдейсіз.

Сәлима. Фатима, жүзіңде бір өзгеріс бар, жай ма?

Фатима. Мені облыстық әкімшіліктің аппаратына жұмысқа шақырып жатыр.

Сәлима (селк етіп). Қой!

Фатима. Рас.

Сәлима. Кім шақырып сөйлесті?

Фатима. Білмеймін, кадр бөлімінің бастығы-ау деймін.

Сәлима (күліп). Онда кадр бөлімі болмайды, бастықтардың бірі шығар.

Фатима. Қайдам?

Сәлима. Қайратты аямадың ба?

Фатима (жұлып алғандай). Не деп аяймын?

Сәлима (күмілжіп). Ая... Ая... Қойшы... Кейін білесің...

Фатима. Қызықсыз сіз! Нені білемін! Облыстық білім басқармасынан айлығым көп болады екен, соны білемін.

Сәлима. Ол білгенің аз. Ондағыларға әйелдің айлығының азы-көбі емес, әрі керек екенін ескер!

Фатима. Қойыңызшы, мама! Сіздің кезіңізде солай шығар, қазір заман басқа, адам өзгерген.

Сәлима. Өзгерген дәнеме де жоқ, бәрі бұрынғы қалпы. Бастық шетелдік машина мініп жарқ-жұрқ, қарапайым халық қалт-құлт етіп жүр қайта қазір. Бар болғаны бастық атаулы бұрынғы тонын теріс айналдырып киіп алған, ау- ыздарында – халық қамы, көкейлерінде өз құлқыны. Олар әйелге қызметкер деп емес, ойнап-күліп, көңіл көтеретін қуыршақ деп қарайтын. Қазір де солай. Қарағым, осы инспекторлығыңнан асқан қызмет жоқ, қойшы сол пәлесін!

Фатима. Мама, мен құжатымды беріп қойдым (ширығып). Біліп қойыңыз, мен ешкімнің ермегі бола алмаймын.

Сәлима. Сен кешір, айналайын! Бүгін бір ауыр күн болып тұр. Әлгінде паркте, мектепте бірге оқыған баламен, құдай-ау, не қылған бала, шалмен кездесіп қалып, үйге ертіп келдім. Ас үйде шай ішіп отырып, біраз әңгіменің басын шалдық. Ойламаған жерден біздің үстімізге Қайрат келіп қалып, сөзімізге араласа кеткені. Өзінен-өзі бұлқан-талқан болып, аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты. Әкесінен үлкен кісіге «Сен-сен» деп шап-шап етті. Маған айтып жүрген былапыт сөздерін де аямай ағыгты. Болмады бұл Қайрат, одан еститінім – өң бір қорлау. Оны өзің көріп те, біліп те жүрсің. (Жылап). Қайтем, қайтіп күн көремін?! Асылып өлгеннен басқа түк қалмаған сияқты!

Фатима (кемсеңдеп). Мама-маматай! Жоқ сұмдықты айтпаңызшы! Қайрат емес, айтқызып жүрген арақ. Арақ ішпесе, одан жақсы адам жоқ, білімді, ақылды.

Сәлима. Рас айтасың. Қайрат жасынан зерек, алғыр еді, мектепті де, институтты да кілең беске бітірді. Үлкен қызметкер болар деп едім, болмады.

Фатима. Араққа қалай салынған сонда?

Сәлима (ойланып қалып барып). Ащы да болса айтайын. Қайрат екеуіміздің түбімізге жеткен – менің жеңілтек жүрісім. Мен бастықтың көңілін аулап жынданғанымда, Қайратым өшін бөтелке түбіндегі арақтан алыпты ғой.

Фатима. Сіз кінәлі емессіз, өзі үйір болған ғой араққа. Мен білемін, небір алқаштың баласы аузына арақ алмайды.

Сәлима. «Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз, жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз» деген осы онда. Дегенмен, Фатима қарағым, мен бір адасқан әйелмін. Бай, бала керек екенін ойламай, желіктім, шен қудым. Сен де сөйтіп жүрмегін дегенім ғой – жаңағым.

Фатима. Менің күйеуім бар ғой.

Сәлима. Бар. Шақырған жұмысқа бара ғой, қарағым. Көппен араласасың, жақсылық көріп ашыласың, жамандық көріп ашынасың. Жаның байып, өрең өседі.

Фатима. Кім біледі?

Сәлима. Мен білемін. Қаншама кеңшілік кернеп, демократия орнасын, адам билік, мансап дейтін құдіреттерден қол үзе алмайды. Құзыры жоқ адам – қызыры жоқ адам. Билікке ие болатын жер – бұрын да, қазір де өзің барайын деп отырған – ақ үй. Онда аспай-таспай жүрген адам аз емес. Сен де сөйт! Жолың болсын!

Фатима. Рахмет, мама!
Қайрат келеді. Жаңағыдан гөрі қызулау.
Қайрат. Немене, әңгімелерің тағы да мен туралы ма? Айтыңдар-айтыңдар, мен оларыңа түкірмеймін де. Өмір "адамға бір-ақ рет беріледі, оны өкінбейтіндей етіп өткізу керек: ойнап-күл, ішіп-же!

Фатима. Бұл – бізге таныс әуен.

Сәлима. Әңгіме сен туралы емес, Фатима жайлы.

Қайрат. Е-е, Фатимаға не болыпты, бұл да ішіп алып па?

Сәлима. Фатима облыстық әкімшіліктің аппаратына жұмысқа алынатын болды.

Қайрат (шоршып түседі). Не дейді? Кім жібереді мұны онда?

Фагима. Кім жібередісі несі, өзім барамын.

Қайраі. Жоқ, бармайсың! Ондай жерде істейтін әйелдің қандай болатынын мен жақсы білемін. Менің аузым әбден күйген. Аузы күйген үрлеп ішеді. Маған бастықтардың алдында қылмаңдап жүретін желөкпе әйел емес, жар керек.

Фатима. Не десең, о де, барамын. Тар үйде алқашпен алысқанша, ақ үйде алшаңдап басып жүремін.

Қайрат. Мүмкін (Сәлиманы нұсқап), мынау құсап сондағы тәуір еркектермен ашына боларсың?

Фатима. Сен өйтіп шірене берсең, мен...

Сәлима. Қой, Фатима айналайын! (Қайратқа). Әй, ақылсыз, сен осы қашанғы менің бетімді күйдіріп, етімді шыжғыра бермексің?! Әр нәрсенің шегі бар шығар? Заманы, заманына сай адамы. Мен де өз заманымның адамы болдым.

Қайрат. Айттым, бітті, Фатима сенің жолыңмен жүрмейді, онда мен мұны талақ етемін.

Сәлима. Сен босқа күшейме, қарағым! Кім қалай өмір сүреді, оны өзі біледі.

Қайрат. Қатынының қалай өмір сүретінін еркегі біледі. Сендер, коммунистер, адамның бәрін бір қалыпқа салып тастамап па едіңдер. «Арақ ішпе, шылым тартпа, ойнап-күлме, аяғыңды аңдап бас, үстіңнен арба жүріп жатса, былқ етпе». Ауыздарыңды ашсаңдар, шығатыны өңшең осындай шектеулер еді. Енді келіп елге еркіндік беріп, көлгірси қалыпсың.

Фатима. Егер сол шектеулер болмағанда сендейлер қоңыз теріп кететін еді.

Қайрат. Саған не жоқ араға түсіп? Сен тыңда да отыр, біз айтысып алайық.

Сәлима. Айта бер ендеше айтатыныңды.

Қайраг. Айтсам, адамды шектеп, тұқыртып ұстауды коммунистердей қатыгездікпен, сездірмей, жымысқы жүргізгенді тарих білмейді. КОКП неге күйреп, КСРО неліктен быт-шыт болды? Олар – сол өздері жүгінген шектеу саясатының құрбаны. Олардың түбіне арақ жетті. Арақ – шектеудің шыңы. Адамға арақ тұрмақ, шарап татырмай, аттай жаратып саламыз жұмысқа, еңбек өнімділігі еселеп өседі, нәтижесінде тентек судан түсетін қаржы мөлшері артығымен өтеледі, сөйтіп халықты қарық қыламыз, деп лепірді партия.

Сәлима. Кім көрінгенге таба болған, қайран партия!

Қайрат. Шын сөз жақпайды ә, ештеңе етпейді, тыңда аяғына дейін. Сонымен, партия айтты болды, арақ-шарап зауыттары жаппай қиратылып, жүзім алқаптары парша-парша болып жыртылды. Шығарылған азын-аулақ арақ алыпсатарлардың қолына өтті. Адамдар арақты солардан удай бағаға сатып алып, ішіп жатты. Таба алмағандары әтір жұтып, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей өлтіретін уға тұншықты. Үйдің подвалдарынан сол удың құрбаны болған өліктің исі мүңкіді. Осы ма сенің қызғыштай қорғап отырған партияңның адамдары шектеп, шегелеп ұстап шеккізген опасы? Күткен молшылық емес, тапшылық орнады. Аяғы – алып ел тарап, социализмнен капитализмге қайта оралдық. Тарихтың доңғалағы кері айналды.

Фатима. Мейлі. Есесіне республикамыз тәуелсіздік алып, егемен ел атандық.

Қайрат. Тәуелсіздік. Егемен. Сорлылығымызды сорайтып тұрған сөздер.

Сәлима. Тәйт әрі! «Іріктің аузынан шірік шығады». Ұялсаң етті сөйлеуге!.. Мас та, сау да саудаға салған қайран саясат!

Қайрат. Қорықпа, кемпір. Менікі – қауіп. Егемендігімізге емініп, көз алартушы көп. Қоқан-лоққы да аз емес. Солардың бәрін көріп, біліп отырып, қалайша қауіптенбессің?

Сәлима. Мұның дұрыс.

Қайрат. Енді қалай, Қазақстан еш анықтауышсыз айтылатын күнге жету – арманым.

Сәлима. Мұныңды қалай түсіндік?

Қайрат. «Тәуелсіз Россия» деп көр орыстарға, мұрныңды бұзсын. Біз де «Тәуелсіз, егемен» деген сөздерге намыстануымыз керек. Оның астары – кемсіту.

Фатима. Мама-ау, айтпап па едім, арағын қойса, бұл – керемет ақылды жігіт.

Қайрат. Мен арақ ішіп жүріп-ақ өзімді ешкімнен кеммін деп санамаймын. Сен екеуіңнен басқа арақты жек көретін адам азайған қазір. Білсеңдер, мемлекетімізді ұстап тұрған екі ұлы күш – атом бомбасы мен арақ. Атом бомбасы – айбар, арақ – ақша. Екеуінің қосындысы – бейбіт, берекелі өмір. Соны білген облыс әкімінің өзі арақ ішкен адамның аузынан сүюге әзір. Неге? Өйткені облыс бюджетінің 60 пайызын арақтан түскен қаржы құрайды. Бүгінгі ұран – арақты көлдетіп шығар, бағасын көтер, көптеп сат! Жаса, арақ! Кеңес Одағының быт-шытын шығарған саған облысты оңалту не тұрсын!

Сәлима (Қайраттың сөзін бөліп). Қой, мынауыңды біреу естіп жүрер.

Қайрат. Естісін. Айтсын. Қаматсын. Айдатсын. (Қарқылдап күледі). Әбден су жүрек болып біткенсіңдер, ә. Біз қорықпаймыз, әуелі әндетеміз (әндетіп).
Шіркін, арақ,

Тұрса қарап,

Ішсең жарап,

Көңіл өсер,

Қайғың тарап.
Фатима (жиіркенішпен). Таныс әуен. Әні мен сөзі Қайрат Еркінұлыныкі.

Сәлима. Құрысын бүйткен әні мен сөзі. Еркіннен аулақ!

Қайрат. Еркін. Әке! Өзіңмен бір рет соғыстырып ішер ме еді! Әкесімен бірге бір дастарханда отырып, арақты бірге сыңғытып жүргендерде арман бар ма екен, шіркін!

Сәлима. Арманының түрін! Не құрыса, арақ құрысын! Әкең енді қайтіп тірілмейді, онымен соғыстырып іше алмайсың. Дастарханда балаңмен бірге отыр. Ол үшін Фатима екеуің өмірге перзент әкеліңдер. Еркіннің оты өшпесін!

Қайрат. Фатимаға кім бала тума депті?! Өзі білсін. Маған бәрібір. Өмірге келген адам өмір сүрсін, келмегенді аңсаудың, армандаудың қажеті қанша?

Сәлима. Ойбай-ау, елдің бәрі перзентке сен құсап немқұрайды қараса, қара жер қаңырап бос қалмай ма?!

Қайрат. Бос қалмайды. Бақытты тек бала деп білетін ақымақтар таусылған жоқ әлі. Солардың бірі сен екенсің, неге тумадың өзің?

Фатима. Сен білсең етті, адамға баладан асқан бақыт жоқ!

Қайрат. Онда ту.

Фатима. Арағыңды қой, адам қатарына қосыл, туамын.

Сәлима. Бәсе десеңші.

Қайрат. Тапқан екенсіңдер ақымақты. Ел арақтың өзіне ақшаны өлдім-талдым деп әзер тауып жүрсе, бала-бала деп тақылдайды ғой-ей бұл екеуі. Жоқ, тапқан-таянғанын улап-шулаған баласының аузына тосатын ақымақтарың мен емес. Бала – артық ауыз, аяққа оралғы, масыл.

Сәлима. Шаруаң біткен екен. Арақ жеп қойған екен мұның миын!

Фатима. Айтпаңыз.

Сәлима. Сенің де сөзің ұнап тұрған жоқ маған. Бала туу, тумауды талас қылу – қызыл империядан қалған кесел. Орталықтың мақсаты – бұратана халықтың санын өсірмеу болатын. Ол саясат Одақпен бірге опат болмап па еді, сендер оны несіне ұстанып жүрсіңдер әлі күнге?

Қайрат. Жаман әдет – итжанды.

Сәлима. Фатима, өтінемін, бала көтер! Бала туу, ұрпақты жалғастыру – ол әйелдің адамзат алдындағы бірден-бір қасиетті борышы.

Фатима. Білемін. Бірақ ол маған емес, Қайратқа байланысты.

Қайрат. Сөз-ақ! Мұныңды қалай түсіндік?

Фатима. Түсінетін не бар, маскүнемсің. Маскүнем – еліндегі адамға да, анаға да, беліндегі балаға да қаскүнем. Маскүнемнен кемтар бала туады.

Қайрат. Былжырапсың. Нағыз әйбат бала бізден туады. Жуырда оқыдым, арақ ұрықты әлсіретпейді, қайта күшейтеді.

Фатима. Сөзің құрысын. Арағыңмен бола бер онда, құшақтап жат бөтелкенді. (Сәлимаға). Мама-ау, Қайрат бір-екі күн ішпей қалса, құшағына кіргім, аймалап құшқым-ақ келеді, оны біліп жатқан бұл жоқ, қайтадан ләйлиді де кетеді.

Сәлима. Айналайын-ай, сенің қайғың менікінен де ауыр екен ғой. Мен бұл дүниеден байсыз өттім деп армандасам, сен некелі байың бола тұра бойың талмай, пүшәйман болып жүр екенсің ғой.

Қайрат. Босқа армандағанша, ана полковникке тиіп ал. Бала тап, Нағашыбайдың ұрпағын өсір. Әне, кеше оқыдым, газеттен жасы жетпіске жақындаған кемпір егіз бала туыпты. Сонда жазылған, ондайлар көп көрінеді.

Сәлима. Ой, ұятсыз!

Қайрат. Оның несі ұят! Көрініп тұр, полковник саған әлі ғашық. Соған ти де босат үйді, ең болмаса, біреуіңнен құтылайын.

Сәлима. Әуре болма, бұл үйден менің өлігім шығады.

Қайрат (есіріп, екіленіп). Солай де. Білдім-білдім, полковникті кіргізіп алмақ екенсің ғой. Жоқ, ол болмайды, мен оны ендігі әрі аяғын бұлай қарай аттап баспайтын қыламын. Қайда, қонақ үйде ме еді өзі? Осы қазір барамын мен оған, жайратамын.

Сәлима (ашу буып, Қайраттың жолын бөгеп). Ешқайда бармайсың сен! Сәлім – көресіні көріп, елге әбден арып-ашып келген адам. Оның жанына тыныштық, қамқорлық керек.

Қайрат (кимелеп). Бөгеме жолымды! Бол! Кімге айтып тұрмын мен?!

Сәлима. Мына оңбаған кімге әкіреңдейді-ей?!

Қайрат. Саған! (Сәлиманы қатты итеріп келіп жібереді. Сәлима етбетінен түседі. Оңбай жығылады). Жат солай!

Фатима (Сәлимаға көмекке ұмтылады, сүйемелдеп әкеліп диванға отырғызады). Қайрат, сен оңбаған екенсің. Адам емес! Мұның нең? (Сәлимаға). Бір жеріңіз ауырып қалған жоқ па, мама?!

Сәлима. Сынып неге қалмайды?

Қайрат (Сәлимаға). Айтқанға көнбесең, бұдан да зоры болады. (Фатимаға). Әй, саған бердім рұқсат, ертең бар әкімшілігіңе, жұмысқа тұр, үй сұра. Мынау күн көрсетпес екеуімізге. (Кіжініп). Полковнигін тезірек жайрату керек екен мұның!
Қайрат кетеді.
Фатима (жылап). Мама, маматай, мен ажырасамын. Шыдамым таусылып бітті. Құрысын бүйткен өмір! Кетемін!

Сәлима (қосылып жылап). Не дейін саған, күнім? Ажыраспа! Сен тастап кетсең, біткеніміз. (Бүйірін таянып, дауыс салып). Бауырым – Еркінім! «Ермек болсын сізге» деп бауырыма әкеліп салғанында бір жапырақ ет еді Қайрат. Еміреніп сүйгенімде тұла бойым тұнып, иіп, емшегімнен сүт шығып еді. Жасымда қуанышым болып еді, қартайғанда сүйенішім болар деп едім. Қасіретіме айналды ұлың. Өз құрсағыңда жатпаған бала жат екен! Сорлы басым, неге ғана бір еркекті еншілемедім? Ұрғашының күні еркекпен екен, соны білсемші, құдай-ау! Еркегі жоқ әйелдің жүзі – қара, көңілі – жара! Сол ғой, әйтпесе, мен де екіқабат болғанмын, алдырып тастағанмын. Аборт жасатқан әйел құрысын! (Еңіреп). Ол – кісі өлтіруші. Алла-ай, рас болса шарана қауіп төнгенін сезіп мазасызданады дейді. Сол бейшараға ит те, құс та мекен еткен мына кең дүниені қимаған мен адам емеспін! Алладан жар болып, жатырымды нәресте емес, торай жарып шықсыншы осыдан, бас салып бауырыма басар едім! Ондай атты күн қайда? (Кеудесінің түймесін ағытып). Жүрегім, жарылып кетсең етті. Өлсемші!.. Үһ-һ!..

Фатима (шыбын жаны шырқырап). Қойыңыз, қойыңызшы, мама, маматай!.. Қайрат құрысын! Осы қазірден бастап мен сіздің қызыңыз боламын. Сөйтіңіз, мені қызым деп санаңыз. Ендігі қалған өмірімді түгелдей сізге арнаймын.

Сәлима (көз жасын сүртіп). Айналайын, аяғаныңнан! Қайтейін, маған сендей қызым болу бақыты бұйырмаған! Мен — көктегі құдай, жо-жок, жердегі құдай – коммунистік партия аямаған адаммын. Тақтан тайған сол құдайымыздың қаңыраған жұртында қаңсып қалған шермендемін.

Фатима. Қойыңызшы, өзіңізді сонша тұқыртпай.

Сәлима. Қайтемін, шындық – сол. Фатима, қой, доғарайық бұл бітпейтін әңгімені. Кішкене бір жинап тастайық мына жерді. Ал, ертең бара ғой жаңа жұмысыңа. Неғыпты, біздің жолымызға түсе қоймассың. Ақ үйдегі адамдар да өзгерген шығар.

Фатима. Әрине, әрине.

Сәлима. Жақсы жағына өзгерсін, әйтеуір.

Фатима. Сөйткен. Сіз маған жол болсын айтыңыз енді.

Сәлима. Жолың болсын!

Фатима. Рахмет! Бірақ менің сұрап тұрғаным бұл емес, ақыл.

Сәлима. Ақыл, онда не десем екен? Алғаныңа адал бол!

Фатима (күлімсіреп). Түсіндім.

Сәлима. Түсінсең сол, ұрғашының күні – еркекпен. «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген сөз рас. Жүрегім біртүрлі байыз таппай тұрғаны.
Әйелдің таусылмайтын тірлігі басталады.

Екеуі столды жинауға кіріседі.

Телефон шылдырайды.
Фатима (телефон трубкасын алып). Иә... Бар... Қазір... Мама сізді телефонға шақырады.

Сәлима. Кім?

Фагима. Білмеймін.

Сәлима (трубканы құлағына тосып). Алло... Иә, мен... Қойыңыз... Тірі ме өзі? Мақұл-мақұл!.. (трубканы орнына қоя салып). Бүлдіріпті Қайрат!

Фатима (үрейлі). Не болыпты?

Сәлима. Не болсын, Сәлімді соққыға жығыпты. Кезекші дәрігер айтты. Сәлім ауруханаға түсіпті.

Фагима. Қайрат ұрыпты деді ме?

Сәлима. Жоқ, бірақ түсінікті емес пе?

Фатима. Түсінікті. Енді қайттік? Қайратты соттап жібермесе, не қылсын?

Сәлима. Соттатсын. Сөйтсе, сауап.

Фатима. Қойыңыз!

Сәлима. Қоятын не бар? Қолымен жасағанды мойнымен көтеруі керек адам. Бағы ашылмаған Сәлім! Елім, жерім деп келгендегі көргенің осы болды ма? Бәріне мен кінәлімін! Қайрат оны ұрғанша, мені өлтірсе етті. Мен кеттім Сәлімге.

Фатима. Барыңыз, тез барыңыз. Айтыңыз Сәлім ағайға, «Қайраттың ұрғанын ешкімге айтпа» деңіз.

Сәлима (жақтырмай). Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы. Өзі намыстан өртеніп жатқан адамға қайтіп айтпақпын олай деп? Ол адамшылыққа жатпас.

Фатима (мәре-сәре болып). Қайдам? Жауыз да болса жарым ғой Қайрат. Оған сіз екеуіміздің жанымыз ашымағанда, кімнің жаны ашымақ?

Сәлима. Оның рас. Қайрат түсінер ме екен, бірақ соны?

Фатима. Түсінеді. Ол түсінбесе, біз түсінеміз. Сол жетпей ме?

Сәлима. Жетеді. Білмеймін, қалай аузым барып, ара түсерімді.

Фатима. Қиын-қиын, бірақ басқа амал жоқ.

Сәлима. Қайдам? Қайтпек керек? Бара көрейін.
Сәлима кетеді.
Фатима. Апыр-ау, енді қайттім? Қайрат сотталса!.. (Шошып). Жоқ, оның беті аулақ! Байсыз, баласыз әйелдің көрген күні қандай болатыны белгілі маған. Ер-азаматты аман қыла көр, алла!

Екінші бөлім
Үшінші көрініс
Ертеңгілік.

Сәлиманың үй-іші үрпиісіп стол басында отыр. Көңілсіз.

Дастарханның берекесі кеткен.
Фатима (абыржып). Мама, сіз қазір Сәлім ағайға тағы барыңыз. Көңіліңізге келсе де айтайын, кеше түк бітірмепсіз.

Қайрат. Бітірмейді де. Ештеңесінің қажеті жоқ. Мен сотталамын, сен қуыласың қолың әрең жеткен әкімшіліктен. Қылмыскердің әйелі ондай жоғары лауазымды жерде істей алмайды. «Мама» дейсің тағы мұны, бұл жетіп тынды екеуіміздің түбімізге.

Сәлима (ашуланып). Не дейді мына шіркін! Сенің түбіңе жеткен мен де, ешкім де емес, арақ.

Фатима. Иә, арақ.

Қайрат. Мен арақты туғалы бері ішіп келемін, пәлеге ұшырағаным бірінші рет. Ішсем – ішіп, ішпесем – қойып, өзіммен-өзім жүрген адам едім, сенің ғашығың араласты да құртты.

Сәлима. Қой, әрі! Сәлім сен жазғыратын адам емес, ол пендешілік атаулыдан аспандай алыс тұр.

Қайрат. Аспаны сол екен ғой – үйі бар кемпірді жағалағаны.

Сәлима. Тоқтат сөзді! Ой, өнбес!

Қайрат. Сен абайла, кемпір! Сәлімнің қасына барып жатасың бүйтіп әкіреңдей берсең.

Сәлима. Мені де сойылға жықпақсың ба сонда? Қанішер болайын деген екенсің сен. Сені, соттатса аз. Сәлімге айту керек екен, аямасын, милицияға айтсын.

Қайрат. Айтып көрсін, мен онда оны өлтіремін.

Сәлима (шошып). Ей, сенде ес бар ма өзі? Шаруаң мүлде біткен екен сенің. Қайта алдына барып «ағатайлап» кешірім сұраудың орнына, қоқыраңдайды ғой-ей!

Фатима. Сөйт, бар, кешірім сұра!

Қайрат (безеріп). Өйтіп ит болғанша, түрмеде шірігенім артық.

Фатима. Сен неге түсінбейсің, маған зияның тиеді. Егер осыдан саған бола әкімшіліктен жұмыстан шығып қалайыншы, онда бітті дей бер, менің өзім тұрмақ көлеңкемді де көрмейсің.

Қайрат. Білемін, қатынға бай емес, мансап керек. Соның мысалы (Сәлиманы сұқ саусағымен нұсқап), міне, мынау.

Сәлима. Сен енді көп қоқилана берме, айтқанды істе!

Қайрат (өршеленіп). Істемеймін! Жалпы, аулақ жүріңдерші өздерің менен.

Фатима. Мен сізден сұранамын, мама, осы шаруаны өзіңіз реттеңізші.

Сәлима. Қайраттың мұрнына да адамгершіліктің иісі баруы керек шығар.

Фатима. Дұрыс қой, мұның мұрны арақтың иісінен басқаны ұмытқан.

Қайрат (ас үйден бір шөлмек арақ, қырлы стақан алып шығып). Фатима, өт-те дұрыс айтасың. (Шөлмек аузын мұрнына таяп) мұның иісі – жұпар, дәмі – бал. Іштің болды, қайғың қашады, әруағың асады. (Стақанға арақ толтырып, демалмай тартып алады). Уһ, міне, енді маған Сәлімнің де, Сәлиманың да, соттың да, прокурордың да кәпекке қажет емес. Тек сен керексің, Фатима. Қатыным менің, жанымда сен болсаң, дүние түгел маған! Келші, аймалап бір сүйейін.

Фатима (Қайраттың құшағына кіріп). Маған да ешкімнің қажеті жоқ. Арақ іш, тамақ іш, аман жүрші, әйтеуір.

Қайрат (Фатимамен сүйісіп). Осы сөзің, түсінігің ғой мені саған құл ететін.

Фатима. Махаббатым мені саған күң ететін.

Қайрат. Рас айтасың. Бүкіл әлемді ұстап тұрған ұлы күш – махаббат. Махаббатсыз адам бір ысып, бір суымай өлексеге, бір жанып, бір өшпей қара тасқа айналар.

Фатима. Мені сүйетінің рас болса, бар, Сәлім ағайдан кешірім сұра!

Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет