Ғаділбек Шалахметов бейбітшілік бақЫТҚа бастайды астана, 2010 жыл Қызыл «мұзжарғыш кеме»



бет14/20
Дата28.01.2018
өлшемі4,03 Mb.
#34540
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   20

Қалыптасу

«Мир» телерадиокомпаниясының қалыптасуына «Останкино» ашық және жасырын түрде қарсылық көрсетіп келді. ОРТ біздің жарнама алуымызға жол бермей, қаражаттан қағажу қалуымызға себепкер болды. Егер дүние жүзінде бірде-бір телевидение жарнамасыз күн көрмейтінін ескерсек, бұл үлкен қиындық екендігі даусыз.

Біздің қаржылық ахуалымыз бен талай шайқастарда сыннан өткен қаржы директорымыз Инесса Канукованың жүйкесіне жасалған ауыр соққылардың бірін Ресей Үкіметі тарапынан алдық. Ресей Үкіметі бізді үкіметаралық келісімде қарастырылған кедендік жеңілдіктерден айырды. Әзербайжан, Армения, Беларусия сынды бірқатар елдердің үкіметі өздерінің келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін бұзды. Атап айтқанда, біздің филиалдарымызға тек теле және радиохабар таратуға ғана лицензия берді. Соның салдарынан осы елдердегі компания филиалдары коммерциялық және басқа да қызмет көрсету мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Қысқасы, жаңадан құрылған компанияға осы тектес кедергілермен күресе жүріп, тыңнан жол салуға тура келді.

Алғашында эфирге аптасына бір мәрте — сенбі күндері шығатынбыз. Осы бір күннің өзі «Мир» телерадиокомпаниясы туралы хабардар, оның бірқатар бағдарламаларын сүйіп тамашалайтын өзіндік көрермендер аудиториясының кеңеюіне жол ашты. Алайда, 1997 жылы Компанияға күтпеген жерден жасалған соққы есеңгіретіп кете жаздады. ОРТ басшылығы бізді хабар тарату желісінен шығарып тастады. Бұл қарапайым адами этиканы айтпағанда, барлық құқықтық нормаларға, Ресейдің мемлекеттік саясатына қайшы әрекет еді. Олардың тілге тиек еткен басты аргументіне сенсек, біздің бағдарламалар тақырыптық, стилистикалық тұрғыда және сапасы бойынша ОРТ-ның бейнесіне нұқсан келтіріп, көрермендерін бездіріп жібереді екен. Олардың пікірінше, рейтингіміз төмен, сұраныс жоқ, «Мир» тек өзін-өзі жарнамалаумен шұғылданады...

Ақиқатына келсек, олардың көздегені біздің эфирдегі уақытымызды, сәйкесінше жарнамадан түсетін қаражатымызды алу еді. Сондай-ақ, жаңадан күш алып келе жатқан коммерциялық және идеялық қарсылас ретінде көріп, ертерек жойып жіберуді ойлады деп санаймын. Әділеттілікті орнатып, эфирдегі заңды орнымызды алу үшін Г.Тихоновтың депутаттық сауал жолдауы, Никита Михалков, Рустам Ибрагимбеков, Реваз Габриадзе, Валентин Распутин, Сергей Соловьев, Юрий Яковлев және басқа да көрнекті тұлғалардың араласуы, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың, ТМД-ның Атқарушы хатшысы И.Коротченидің ТМД Үкімет басшылары кеңесінің төрағасы В.Черномырдинге хат жазуы керек болды. Мәселенің мән-жайын тексерген Төрелік сот біздің пайдамызға шешім шығарды.

Әрдайым теріс көзқарастағылармен күресуімізге тура келді. Бұқаралық ақпарат құралдарында, телевизия саласындағы әріптестеріміздің өзара әңгімелерінде де біздің жетістіктеріміз үнемі тасада қалып, сәтсіздіктеріміз насихатталатын. Бізді жақтаушылардың өзі «Мир» телерадиокомпаниясының идеясы мен көздеген мақсаттарын толыққанды түсінген жоқ. Оларды мойындатудың жалғыз жолы нақты іс пен қол жеткізген биік белестеріміз болды.

Бірде Надя Белканова «Останкино» телерадикомпаниясы төрағасының орынбасары Г.Шипитькомен арада болған әңгімесін жеткізді.

— Уайымдамаңыздар, «Останкино» мемлекетаралық компания болмайды,— дейді Шипитько. — Компанияның студияларындағы шығармашылық топтарды ТМД халықтарының өмірі қызықтырмайды екен.

Бұл «Мир» телеарнасының жаңа еңсе тіктеп келе жатқан мезеті. Надя Шипитькоға біздің телахабарларымыздың сапасы уақыт өте келе әлі де жоғарылайтынын түсіндіруге тырысқан. Ол үшін тиісті материалдық және кадрлық база да дайын.

— Ол сіздің компанияға не үшін қажет? Одан да провинциялық телевидение болсын. Батыста ұлттық азшылықтарға арналған телевидениелер бар емес пе?!

Осы әңгімеге қарап, бізді бастапқыда провинциялар, маргиналдар деп санағандығын аңғарасыз. Соған қарамастан, «Мир» өзін ұланғайыр кеңістікті бағындыруға арналған компания деп санады және сол мақсатына белгілі бір дәрежеде жетті деген ойдамын.

Бітімгершілік

«Мир» телекомпаниясы құрылған сәттен бастап біздің ең басты міндетіміз орын алуы ықтимал ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу, Еуразия кеңістігінде бейбітшіліктің салтанат құруы екендігін айқын түсіндік. Егер туындаған қақтығыстарды тоқтата алмайтынымызды түсінсек, ең болмағанда оны ушықтырмауға тырыстық.

Біздің компаниядан басқа бірде-бір компания бітімгершілік акцияларына «Мир» сияқты айрықша көңіл бөлген емес. Соғыс, атыс-шабыс, адам өлімі орын алған жерлер барлық телеарналардан көрсетіледі. Бір қызығы, тыныштық салтанат құрған жерден хабар тарататындар аз. Бейбітшілік — сенсация емес.

Төменде компаниядағы кездесулер мен талқылауларда, жіберілген хаттарда айтылған бірқатар ой-толғамдарды ұсынып отырмын.

Кинодраматург, «Мир» МТРК Көркемдік кеңесінің төрағасы Рустам Ибрагимбеков:

—Еуразия — бірнеше ұлы діндер өмір сүретін құрлық. Кімге, не үшін қажет екенін білмеймін, алайда біз уақыт өткен сайын Орта ғасырларға — конфессияаралық дүрдараздыққа шегініп бара жатырмыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та, күн тәртібіне өмір сүру мәселесі шықты. Бұл — ақиқат.

Шамамен өткен ғасырдың елуінші жылдарында адамзат біртұтас ағзаға бірікті. Егер бір клетка ауруға шалдықса, бүкіл ағза бүлінеді. Адамзат ауру ағзаға бірікті. Қазіргі таңда бір адам өзінің оқыс шешімі арқылы бүкіл адамзатты жойып жібере алатын жағдайға жеттік.

ХХ ғасырда адамзатқа қызмет көрсету міндетін телевидение өз қолына алды. Әдебиетте де, театрда да, поэзияда да дәл телевидение сияқты қарым-қатынас мүмкіндігі жоқ. Қазіргі телеарналар өшпенділікті насихаттайтын дүниелерге тойтарыс бермейді, тіпті оны өзі насихаттауға да қарсы емес. Осы орайда, «Мир» аса маңызды қызметті — адамдардың ой-санасын оятып, ізгілік дәнін егу міндетін атқара алады.

Толеранттылық, төзімділік проблемаларын көтеру — «Мир»-дың маңызды міндеттерінің бірі. Шындығында, қазір біздің көз алдымызда әлемнің тағдыры шешілуде. Адамдар мен адамдар, халықтар мен халықтар бір-біріне төзімділікпен қарап, өзара түсіністік танытуды үйренсе, онда әлем өмір сүруін жалғастырады. Үйрене алмаса, әлем жойылады.

Грант Матевосян, жазушы:

—Империяның күйреуі баршамызға ауыр тиді. Бұрынғы кеңес адамының иығына түскен осы ауыртпалықты басқа ешкім сезе алмайды. Ауыртпалықты жеңуге де, көмектесу де ешкімнің қолынан келмейді, тек өзіміздің күш-жігеріміздің арқасында ғана оны жеңе аламыз.

«Мир» компаниясын дүниеге әкелу сынды патриоттық, гуманистік бағыттағы жұмысты өзімнің дос-жарандарымның неліктен қолға алғанын өз басым жақсы түсінемін. Олар Ибрагимбеков, Габриадзе, Битов, Друцэ, Сүлейменов, сондай-ақ мен нағыз саясаткер деп бағалайтын Шалахметов. (Өзіңді өзің мақтамасаң, ешкім мақтамайтыны белгілі — Ғ.Ш.) Олар мен сияқты кәрі жалқаудың орнына жұмыс істеді. Қазір мен болашақта орын алуы ықтимал трагедияларды болдырмауға үлесімді қостым деп есептемеймін және менің үлесім «Мир» МТРК-дың үлесінен әлдеқайда артық деп ойламаймын...

Георгий Кузнецов, Мәскеу Мемлекеттік университеті телевидение және радиожурналистика кафедрасының меңгерушісі:

—Егер қабырғаның ар жағындағы көршің сен ұйықтағалы жатқанда даңғырлаған музыка қойса, қолына балғасын алып тасырлатып жұмыс істеуге көшсе, мазаңның қашары анық. Бірақ сол көршіңмен танысқаннан кейін өзің сияқты қарапайым адамдардың бірі екендігін көресің. Өзара қызықты дүниелер пайда болады, достасып кетулерің де мүмкін...

«Мир» телекомпаниясының мақсаты адамдардың бірін-бірін тануына көмектесу. Көршіңді тану оның мәдениетін, салт-дәстүрін, өнерін танудан басталады. Бұл жауапкершілігі мол жұмысты «Мир» телекомпаниясының журналистері мен режиссерлері лайықты деңгейде орындап келе жатыр.

Федерико Майор, ЮНЕСКО Бас директоры (маған жазған хатынан):

— Қақтығыстар кезінде оны одан әрі өршітіп жіберу немесе бейбітшілікті орнатуға ықпал ету БАҚ-тың қолынан келеді. Бейбіт мақсатқа қызмет ету үшін батылдық, тәуелсіз ой-пайым, жоғарғы біліктілік керек. Осы қасиеттер журналистің шынайылыққа құрылған репортаждарынан көрінеді. Ақпараттық соғысты тоқтату бейбітшілік жолындағы күресте аса зор маңызға ие. Сол себепті, мен «МИР» телекомпаниясының бейбітшілікті насихаттау жолындағы үлесін жоғары бағалаймын...

Алайда, осы айтылған ой-толғаныстардың барлығы бірдей іс жүзіне асып жатпағаны түсінікті. «Мир» компаниясы құрылғаннан бергі уақыт аралығында ТМД кеңістігінде, басқа да жерлерде қарулы қақтығыстар бой көтеріп үлгерді. Яғни, біз қаншалықты тырыссақ та, атқарған істеріміз үнемі жемісін берген жоқ. Федерико Майордың кекесінге толы сөзімен айтқанда, қақтығыстарды тоқтатуға бағытталған жұмыстар ол сәтсіздікке ұшыраған кезде ғана айқын көрінеді.

Бізді Қарабахтағы ахуал қатты мазалады. Әзербайжанның және Қарабахтың журналистерін жиып, соғыс болып жатқан аумақтағы ахуал туралы халыққа ақиқат ақпараттарды жеткізу туралы идея туындады. Оны қалай жасауға болады? Қарабақта соғыс өрті қайнап жатыр. Соғыстың аты соғыс. Шекара жоқ, автобус та, ұшақтар да өте алмайды. Ереваннан Бакуге, Бакудан Ереванға ұшақ ұшпайды. Кенет өзім құрмет тұтатын жандардың бірі, Федерация Кеңесі комитетінің төрағасы Вадим Густов хабарласты:

— Жігіттер, мен келістім. Бізге Ереваннан Бакуге дейінгі маршрутпен жүруге рұқсат ететін болды.

— Бұл жақсы жаңалық қой. Әрі сенің қамқорлығыңда боламыз!

Түсіру тобын алып, жолға аттандық. Бізбен бірге беларустық тамаша журналист Алена Лукашевич те сапарға шықты.

Мәскеуден Ереванға келдік. Ол кезде президент Тер-Петросян, Таулы Қарабах үкіметін Кочарян басқарады. Густов Президентпен кездесіп:

— Біз бітімгершілік мақсатты көздейміз. Ереваннан Қарабах арқылы Бакуге дейін барып, Әлиевпен кездесу біздің ар алдындағы парызымыз. Сапар барысында көрген-білгендерімізді халыққа көрсетеміз. Көздеген мақсатымыз осы ғана,— деді.

Тер-Петросян:

— Алдымен Степанакертке дейін жетіп алыңдар. Әрі қарай көре жатармыз...— деп сиырқұйымшақ жауап қатты.

1995 жыл. Ереваннан Әзербайжанмен арадағы бұрынғы шекараның төңірегіне тікұшақпен келдік. Одан арғы жол Қарабахқа бастайды. Автобусқа мініп Таулы Қарабахқа дейін бардық... Мен осы сапарды әлі талайға дейін ұмыта алмаспын.

Жол бойы қарға адым жер көрінбейтін қалың тұман. Лачинге жеттік. Сұмдық көрініс! Мұнда бұрындары армяндар мен әзербайжандар бірге тұрған. Лачиннің дәл іргесінде тек әзірбайжандықтар тұратын деревня орналасқан. Көрген кезде бұл жерге нейтрон бомбасы жарылғандай әсер аласың. Ештеңе қирамаған, барлығы қаз-қалпында... Тек тірі жан жоқ. Қаз-қатар тізілген үйлер. Тек автомат оқтарынан қалған іздер байқалады. Шағын дүкендердің сөресінде тауарлар да сол қалпында сақталған. Ештеңе тоналмаған. Бірақ бірде-бір адам баласы көзге шалынбады. Қырылып қалған сияқты. Тек қорсылдаған шошқалар мен үрген иттердің даусы құлаққа шалынады.

Басқа деревнялардағы жағдай да дәл осындай. Кенет аңырап қалған бір ауылдың тұсына келгенде Алена көз жасына ерік берді. Алена бұған дейін талай қарулы қақтығыстардың ортасында болған, Чернобыль апатымен танысқан, әбден шыңдалған журналист еді. Мұндай көрініске еті үйренген болар деп топшылағанмын.

— Сен несіне жылап жатырсың?

— Енді ғана түсінгендеймін. Мен Беларуссияның азаматы бола тұра, осы иесіз қалған далада не бітіріп жүрмін. Өлтіреді де тастайды. Бұл жерде қандай сұмдықтардың болып жатқандығын енді түсіндім!

Қараусыз қалған ауылдың ішімен келеміз. Қуғындалған әзірбайжандар бас сауғалап кеткен. Бізді күзететін әскерилердің мұндайға еті үйреніп кеткен сияқты. Кей-кейде түнде оқ атылады. Ондайда Аленаның зәресі ұшады.

— Назар аудармай-ақ қой.

Устов оған:

— Қорықпа, тисе де маған тиеді,— деп қалжыңдайды.

Степанакертке жеттік. Кочарянмен таныстық. Ол:

— Біздің жеңімпаз әскеріміз Таулы Қарабахты азат етті. Енді соңғы қанымыз қалғанша осы жерден ешқайда кетпейміз. Қару-жарағымыз жеткілікті. Яычарлар тістерін қайрап, бізді түп-тамырымызбен жойып жіберуді армандайды. Алайда, біз берілмейміз,— деді.

Жалпы, Таулы Қарабақ — Әзербайжан территориясының 20 пайызын құрайды. Жерінің бестен бір бөлігінен қай ел оңайлықпен айырыла қойсын?

Вадим:

— Автономия құрайық. Соғысты тоқтатудың содан басқа жолы жоқ. Қашанғы соғыса бермексіздер? Иә, сіздерге Армения қолдау көрсетуде. Бірақ ұйықтағанның өзінде автоматты құшақтап жату деген өмір емес қой. Бұл қашанға дейін жалғаса бермек?



— Қанша керек болса, соған дейін шыдаймыз?— деп жауап берді Кочерян.— бірақ 1915 жылғы геноцидті ешқашан кешірмейміз.

Біздің бітімге шақырған сөздеріміздің әсер етпейтінін түсіндік.

— Біз автобустарымызбен одан әрі кете берейік. Адамдарыңызға бұйрық беріңіз, бізді бөгемесін. Мәскеуден келген бітімгер екенімізді, сіздерді жақтайтынымызды, Әзербайжанға бара жатқанымызды айтыңыз.

— Жоқ, жібере алмаймын,— дейді Кочерян.

— Неге?

— Себебі әзербайжандықтармен бұл тақырыпта әңгімелесе алмаймын.



— Әзербайжан тарапы біздің келе жатқанымыздан хабардар.

— Егер қазір қақтығыс ошағына барсаңыздар, онда әзербайжандар маңдайыңыздан, ал біздікілер арқаңыздан оқ атпасына кепілдік бере алмаймын. Сіздер бейбіт адамсыздар, әскери стратегиядан бейхабарсыздар. Қорғаныс линиясы арқылы жүрулеріңізге болмайды. Оның үстіне, қастарыңызда журналистер бар.

Қысқасы, керуі қайтуымызға тура келді. Арнайы тікұшақ келіп, шекараға дейін жеткізіп салды.

Қарабахтан түсірген материалдарымыз жерде қалған жоқ. Әзербайжандағы және Армениядағы филиалдарымыздың белсенді түрде бірлесе ат салысуының арқасында жасалған «Народ на фоне дипломатий» бағдарламасы эфирден үш мәрте көрсетілді. Көрермендерден келген хаттарға қарағанда, бейбітшілікті аңсаған халықтың көкейінде үміт отын тұтатқаны байқалды. Бүгінде соғыстың тоқтатылғанына біздің Қарабахқа жасаған сапарымыз сәл де болса ықпал еткен шығар.

Бейбіт күнге дейін әлі ұзақ жолдар жатыр. Америкалықтар құрған «Интерньюс» қоры біздің көмегімізбен Армения мен Әзербайжан арасында телекөпірлер ұйымдастырып келеді. Адамдар бір-бірімен қарудың оқпаны арқылы емес, бетпе-бет сөйлескенде ғана ортақ тіл табысары анық.

«Мир» радиосы

Сергей Алексеевич Аверкиев бірнеше жыл бұрын дүниеден озды. Оны мас күйінде көлікке отырып, сағатына 120 шақырым жылдамдықпен заулап келе жатқан біреу қағып кетті. Біз «Мир» радиосының қалыптасуына ықпал еткен, Айтматовтың, Ибрагимбеков, Друцэ және Эфендиевтердің шығармалары бойынша тамаша радиоспектакльдер қойған ғажап адамнан ойламаған жерден айрылып қалдық.

Аверкиев соғысқа дейінгі жылдары Мәскеудегі театр институтын тәмамдаған, Ленинградта Товстагановтан тәжірибеден өткен. Мәскеу сахналарында рөлдер сомдап, фильмдерге түсуіне де болар еді, бірақ бар ғұмырын провинциялық театрларға бағыштады. Щадринскіде, Новозыбырковте, Қорғанда, Челябинскіде, Брянскіде театрлар ашты.

Кейін телевидение пайда болды, Аверкиев енді осы салаға бет бұрды. Сахалинде, Краснодарда, Челябинскіде аймақтық телевидениелердің ашылуына ат салысты.

Аверкиев қайда барса да, қасына үнемі әйелі мен қызы Ирина еріп жүретін. Жұбайы талантты актрисалардың бірі. Ресейдің танымал театрларынан шақырту түссе де, бар ғұмырын отбасына арнаған адам.

Аверкиевтің қызы Ирина кәсіби карьерасын өте ерте, 17 жасынан бастаған. Мектепте оқып жүріп-ақ Сахалин радиосында жастарға арналған бағдарламаны жүргізді. Кейін Челябинскі телевидениесінде жұмыс істеді, Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Телевидение мен радиоларда істей жүріп журналистиканың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, ұйымдастырушы ретінде де тәжірибе жинақтады. Жоғарғы партия мектебін бітіріп, саясаттанушы мамандығын иеленді.

Ол кезде Жоғарғы партиялық мектептің де қадірі кете бастаған еді. КСРО-ның енді жаңа бағытқа бет бұратыны аңғарыла бастады. Ертенгі күннің қалай өрбитіні беймәлім.

Аверкиева екеуміздің жолымыз кездейсоқ тоғыспаған тәрізді көрінеді маған. «Мир» идеясын Аверкиева өзінің ойында ертеден бері пісіп-жетілген идея ретінде қабылдады. Ол «Мир» МТРК-сының радиохабар тарату студиясының директорлығына тағайындалды.

Саясаттанушы ретінде «Мир» ұлттық қарым-қатынастарда айрықша рөл ойнайтындығын жақсы түсінді. Басқа радиолар саяси астары күрделі мәселелерді, қарулы қақтығыстарды, мафиялық топтарға қатысты дүниелерді көтеру арқылы рейтингтерін көтеріп алуға ден қоятын. Ал халықтар мен мемлекеттер арасындағы үзіліп қалған байланыстарды қалпына келтіру үлкен төзімділікті қажет ететін күрделі жұмыс екендігі түсінікті. Мәселен, бізде Тәжікстанда біреу-міреуді бір дорба алтын үшін өлтіріп кеткендігі туралы ақпараттар ешқашан берілмейді. Тәжіктер ұлы мәдениеті бар, озық салт-дәстүрі бар ел. Олар туралы жеңіл-желпі сенсация қуған қысқа хабарлар емес, одан әлдеқайда маңызды, ауқымы кең дүниелерді айтқан жөн.

«Мир» радиосы бүгінде тәулігіне 18 сағат «Маяк», «Радио-Россия» толқындарында, «FM»-нің «Надежда» станциясында таралады. Қазіргі таңда ультрақысқатолқынды FM радиосы сұранысқа ие тәрізді, мәшинелерде де, кеңселерде де, жағажайда да тыңдалады. Бір ғана Мәскеудің өзінде ондай радиостанциялардың саны жиырмаға жуықтайды. Олардың ішіндегі ең танымалдары «Русское радио», «Европа+», «На семи холмах», «Серебряный дождь», тағы басқалары. Барлығы бір қаланың ішінде, әртүрлі арнада таралады. Бірақ, егер «Мир» компаниясының жеке спутнигі болса, оларды алдымен Достастық елдері астаналарында радиостанциялар арқылы таратып, сосын оларды өзара спутник арқылы байланыстырған жөн. Яғни, осы арқылы бір-бірімен ақпарат алмасып, радиокөпірлер ұйымдастыра алады.

«Мир» радиосының осындай радиостанцияларының алғашқы қарлығашы қазір Минскіде ашылған, өте жақсы жұмыс істеп тұр. Оған қоса, біз «Надежда» радиостанциясын өз қанатымыздың астына алдық. «Надежда» қазір біздің техникалық базамызды пайдаланады. Оған «Мир» радиожүйелерінің болашақ ұйымдарының бірі ретінде қараймыз.

Бұрындары орындалмас арман тәрізді көрінетін радиокөпірлер бүгіндері қалыптасқан тәжірибеге айналған. Мәселен, композитор Морозов Мәскеудегі студиядан, ал оның әндерін орындайтын әнші Минскідегі станциялармен бірлесіп бір хабарға қатыса алады.

Радиокөпірлердің тиімділігі алғашқы күннен бастап айқын аңғарылды. Минскіден хабарласқан бойжеткендердің бірі бірнеше жыл бұрын Мәскеуге көшіп кеткен құрбысын тауып беруімізді өтінді. Бас-аяғы бірнеше минуттың ішінде оның жоғалған құрбысы бағдарламаға хабарласты. Сағынысқан құрбылардың қуанышты дауыстары эфирде табысты.

Радиокөпірлер халыққа өмір желі әртарапқа айдаған жақындарымен қайта қауышуға, олардың дауыстарын естуге көмектесті. Бұл «Мир» радиосының ғана қолынан келетін іс. Басқа станциялардың оған техникалық мүмкіндіктері жетпейді. Бізден өзге радиостанциялардың міндеті басқа. Олардың негізгі бағыты — шоу-бизнес пен коммерциялық таралым. Ақшасы барлар радионы өзіне мінбер ретінде пайдалануға сатып алады, оны өзіне ыңғайлау үшін білікті мамандарды жалдайды. Ақшасын төлеп, өзіне ұнайтын музыкаға тапсырыс береді. Біз заманауи теле-радиобизнестің коммерциялық негізіне қарсы емеспіз, себебі оларға да аса күшті бәсекелестік жағдайында өмір сүруге тура келуде. Алайда, өмірде барлық дүниелер сатылуға және сатып алынуға тиісті еместігін айта кеткіміз келеді.

«Мир» радиосының болашаққа жоспарлап отырған ірі жобалары жетерлік. Солардың бір парасын тізбелей кетер болсам — жастар аудиториясына бағытталған арналар ашу, «Мир» радиосының аясында жарнамалық агенттік құру, спутник арқылы радиобағдарламалар алмасу желілерін қалыптастыру. Сондай-ақ, «real-audio» режимінде ғаламтор арқылы таралу жүйесін құру да ойымызда бар. Әрине, болашақта ұлттық тілдерде таралатын хабарлар ауқымын кеңейту де маңызды шаралардың бірі.

Біз тыңдармандар аудиториясын жаулау үшін, өзіміздің ықпалымызды кеңейту үшін күресуге әзірміз. Алайда, ең бастысы «біз қандай мақсатта және не үшін хабар таратамыз?!» деген сауалға жауап іздеу болып қала бермек. Ол туралы осы кітапта біраз баяндалды. Телевидение мен радионың мақсат-міндеттерінің арасында ешқандай принципті түрдегі ерекшелік жоқ. Екеуі де бір мақсат жолында жұмылып жұмыс істейді.



Паритет (тепе-теңдік)

Бірде мен бет-жүзі мен бүкіл денесін тыртық басқан түрікменді кезіктірдім.

— Сені мұндай күйге түсірген кім?

— Өзім.


— Ол қалай болды? Айтып берсеңші?..

— Жетпісінші жылдары болған оқиға ғой. Ол кезде Түркімен Компартиясы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісі едім. Бізге Орталықтан мәртебелі меймандар келетін болды. Әрине, олар біздің өздеріне тәуелді екенімізді, сұрайтын дүниелеріміз көп екендігін жақсы біледі. Сол себепті қонақтарды дұрыстап қарсы алып, жағдайларын жасау қажет. Қонақтарды риза ету үшін не істеу керектігін білу үшін әдейілеп Мәскеуге келдім. Осындағы дос-жарандарымды түркімен коньягымен сыйлап, ақыл-кеңес сұрадым. Олар «Сендерде сауна бар ма?» дейді. «Ол не нәрсе?» «Сауна дегеніміз буының температурасы 100 градусқа дейін жететін құрғақ монша». Сөйтсем, соңғы уақытта сауна сәнге айналыпты. Мүмкіндігі барлардың бәрі сонда демалып, көңіл көтереді екен.

Сонымен, елге оралып, шеберлерге болашақ саунаның сызбасын көрсеттім. Шеберлер жұмысқа жандарын салып кірісіп кетті. Тіпті, Мәскеудегіден де мықты етіп салмақшы болдық. Орталықтан келгендер біздің де мәдениеттен хабарымыз бар екенімізді көрсін!

Ақыры, күткен қонақтар да келіп жетті. Ресейдің ауасы ылғалды, салқын ғой. Ашхабадтың құрғақ ауасы мен қайнаған ыстығына шыдай алмай, әбден мазалары кетті. Ыстыққа шыдамай, қайта-қайта газдалған су ішеді. Ішкен сулары денелерінен термен бірге шығып кетеді. Ал түркімендер бұл жаққа үйреніп алған. Шөлде туғандықтан, сексуіл сияқты ыстыққа әбден піскенбіз. Денемізде ылғал аз.

Қонақтарды арнайы салдырған саунаға алып бардық. Меймандос халықтың өкіліміз ғой, қаласақ та, қаламасақ та қонақтармен бірге ыстық буға кіруге тура келді. Әлгілер маған:

— Сенің денең біртүрлі екен. Біз терлеп-тепшіп отырмыз, ал сенің үстіңнен түтін шығып жатқан тәрізді,— дейді.

Сол саунаға түскеннен кейін денемде осындай тыртықтар пайда болды.

... Иа, Мәскеуге алақан жаятын әдетіміз қазір келмеске кетті. Қажет нәрсенің бәрін өз күшімізбен табуымызға тура келуде. Мәскеу бәрін беретін заман көзден бұл-бұл ұшты. Иә, «Мерседес» сатып алуға шамамыз жетпейді, бірақ «Ваз» мінетін жағдайымыз бар. «Мир» компаниясының филиалдарының әрқайсына «Ваз» сатып әпердік (Көпшілігі елшілік нөмірлермен жүреді, мемлекетаралық келісімнің арқасында осындай артықшылыққа қол жеткізгенбіз).

Біздер әу бастан «Мир» компаниясына мүлік алу барысында барлығының тең дәрежеде болуын назарға алдық. Мәскеудегі орталық кеңседе де, Душанбедегі немесе басқа да алыс аймақтардағы филиалдарда да мүліктердің бағасы мен сапасы бірдей. Айырмашылықтары жоқ. Себебі, компанияның біртұтас стилі болуға тиіс еді.

Бұл оңайға түскен жоқ. Бізге берілген ғмараттардың көпшілігі әбден тозығы жеткен аңғал-саңғал. Ондай жерге хан сарайындағыдай жиһаздарды қою қиын, әрине. Бірақ, соған қарамастан барлық филиалдарға бірдей көңіл бөлуді тоқтатқан жоқпыз. Қазіргі таңда «Мир» телерадиокомпаниясының барлық өкілдіктері бірдей техникамен жұмыс істейді. Әрбір филиалда телекөпір жүргізуге арналған блок-студиялар, нью-бокстар орнатылған. Ұлттық филиалдарымыздың баплығында ЗССС-тер бар. Әрқайсысының құны 500 мың мен 1 миллион доллардың аралығында.

Осыдан біраз жылдар бұрын ғаламторда қызықты оқиға орын алғаны белгілі. Бір кісі денесіне бейнакамера орнатып алады. Көңілі қалаған кез- келген адам монитордан оның күнделікті тыныс-тіршілігін тамашалауға мүмкіндік алды. Мұны телевидение емес деп айта аласыз ба? Телевидение! Бір адамның, оның отбасының телевидениесі. Әлгі адамның файлына енгісі келгендер оған ақша төлейді. Яғни, бұл дегеніңіз ақылы телевидение болып шықты.

Жапонияда таралатын 500 кабельдік арналардың ішінде біреуін бас-аяғы үш-ақ адам басқарады. Бұл арна тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді. Ескі фильмдерді көрсетіп қана қоймай, қызықты бағдарламалар мен жаңалықтарын жарыққа шығарады.

Біз жүздеген адамдар жұмыс істейтін әдеттегі телевидениені ғана тамашалауға үйренгенбіз. Алайда, қазір оның да заман талабына сай өзгеріске ұшырап жатқан жайы бар. Мәселен, қазіргі таңда Югославиядан хабар алу үшін міндетті түрде онда НТВ-ның немесе Си-Эн-Эн-нің тілшісін жіберу шарт емес. Бейнекамерасы бар кез келген адам оны компьютерге жалғап, түсірген дүниелерін қалаған арнасына жібере алады. Тіпті, қарапайым адамдардың балконнан түсірген бейнесюжеті озық техникалармен қаруланған репортердің түсірген дүниесінен тартымды болып шығуы да әбден мүмкін. Әрине, тілшінің артықшылықтары көп. Оған телекөрермендердің көзі үйренген, азды-көпті танымалдығы бар. Алайда, телекөрермендердің талғамы да өзгеріске ұшырап жатқанын ұмытуға болмайды.


Каталог: bitstream -> handle -> 123456789
123456789 -> Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰу хабаршысы №5 (84) 2011
123456789 -> Республикалық Ғылыми-әдістемелік конференция материалдар ы
123456789 -> Қазақ халық педагогикасы негізінде оқушыларды еңбекке тәрбиелеу
123456789 -> А. Ж. Кунанбаева
123456789 -> Б. О. Джолдошева из Института автоматики и информационных технологий нан кр, г. Бишкек; «Cинтез кибернетических автоматических систем с использованием эталонной модели»
123456789 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ministry of education and science of republic of kazakhstan


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   20




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет