Гүлсім Оразалықызы Нұртас Оңдасынов туралы естеліктер



бет7/21
Дата23.10.2016
өлшемі5,93 Mb.
#75
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   21

ХАЛЫҚ ҚАДІРЛІСІ
Уақыт қалай тез өтеді! Сенер-сенбесімді білмеймін, кеше ғана замандастарының арасында асау тайдай тулап, табиғат аямай сыйлаған мол дарынын дамылсыз баптаумен байытып, жарқын өнерін халқының игілігіне жұмсай білген Серәлі Қожамқұлов ағамыз да 90-ның асуынан асыпты.

Жиырмасыншы жылдардың орта шенінде қазақ совет өнерінің қара шаңырағын талантты халық өнерпаздары көтерді. Солардың бірі – аса қадірменді Сераға еді.

Ғаламда табиғаттай ғажап жоқ қой. Оның түрге де, сырға да байлығы есепсіз. Мысалы, адам сырттай бір-біріне ұқсас, бірақ әр адамның тек өзіне ғана тән сипаты болады. Тіпті егіздердің де сыртқы түрлері мен мінездерінде бірден байқалмайтын өзгешеліктері болатыны табиғатта белгілі. Осымен байланысты қоғамда әркімнің өзіне лайықты орны бар. Сол өз орнын тауып қаланған адам – өмір бақи бақытты.

Қайран Сераға өнерден өз орнын сәтті тапты. Ол сахнада алуан түрлі, көп бояулы, сан қырлы да бір сырлы, халық есінде мәңгі сақталатын көркем бейнелер жасады, ұлт өнерін жан-жақты байытты, жалпы көп ұлтты совет өнеріне лайықты үлесін қосты, ізбасарларына өнегелі өшпес із қалдырды.

Сераға жас кезінде тар заманның қиыншылықтарын басынан өткізген, оның айрықша ерекшелігі – жақсылық пен жамандықтың айырмашылықтарын дәл ұққан, халықтың адалдық, адамгершілік, шындық, даналық қасиеттерін бойына ана сүтіндей сіңірген, халық академиясында жалықпай оқыған, ерінбей тоқыған.

Баршаға белгілі, Сераға өз халқына дәйімі ізденіс үстінде барлық ынты-шынтымен қызмет етті. Ол жақсылық иелерін өнеге тұтып, мақтан етіп, ал жамандық иелерін даттап, әшкерелеп отырды. Бұл – адамзатты мейлінше ғибраттылыққа шақыратын, зиянды қылықтардан оны аман сақтап отыратын аталық қамқорлығы.

Өнер майталманы – Сераға халықтың мүддесіне лайықты да жарастығы асқан игілікті ісімен сүйікті Отанының құрметіне бөленген. Ол Қазақ ССР халық артисі, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, СССР мен Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты болып, екі рет Ленин орденімен марапатталды.

Серағаның өнері қай жағынан болса да айналасындағыларға өнеге, тәлім-тәрбие болған. Сондықтан болар, ол қатысатын жаңа қойылымдарға бармай қалған емеспін.

Мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің арнайы тапсыруымен республиканы киноландыру ісіне біраз уақыт қамқоршы болып, оған тікелей басшылық еттім. Ол кезде Қазақстанда көркем фильмдер шығаратын студия болмайтын, киноқондырғылар аз еді. Қазақ киноөнерінің қарлығашы – «Амангелді» 1938 жылы Ленинградта түсірілді. Онда Бекет ұстаның рөлін Сераға орындағаны жұртшылыққа белгілі. Артынша республика үкіметінің өтініші бойынша Мұхаң (Әуезов) «Райхан» фильміне сценарий жазып берді. Бұл фильмді «Амангелді» фильмін қойған М.З.Левин Алматыда түсірді. Бұған жетекші актерлер қатарында Сераға мен сол кезде Шымкент қазақ музыкалы драма театрында істейтін, қазіргі СССР халық артисі Хадиша Бөкеева шақырылған болатын. «Райхан» – қазақ киноөнері тарихындағы екінші көркем фильм. Бұлардан кейін белгілі кинорежиссер Г.Л.Рошаль жасаған «Абай әні» одақ экранына шықты. Осылардан кейін тез өркендеген қазақ киноөнеріне Серағаның қосқан үлесі аз емес.

Алысқа қоныс аударуыма байланысты көп жылдар бойы Серағамен кездесе алмай жүрдік. Жетпісінші жылдардың бірінші жартысында М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театры Москваға гастрольге келді. Оның ашылуына біздерді арнайы шақыртыпты. Біз оған ризашылық білдіріп, жерлестердің тамаша спектаклін көріп, құлаққа сіңімді, көңілге қонымды үндерін естіп, бір жасап қалдық.

Ойыннан кейін Серағаға арнайы барып сәлем бердік, шайға шақырдық, ол бұл жолы да өзінің жайдарылығын, қарапайымдылығын тағы көрсетті. Ертеңіне Сераға дәл уақытында Фаридамен бірге үйге келді. Үй іші нұрға бөленді, бәрі жарқырап кетті, қуанышымыз қойнымызға симай, көңіліміз жаздай жадырады!

Серағаның бойы толы хикая ғой. Оның сырлы әңгімелерін қанша тыңдасаң да зерікпейсің. Келіні Валентина Васильевнаның шайы мен дәмінің үстінде де ағаның өсиет әңгімелері бәрімізді ұйытып тастады. Бірақ, оның сарқылмас мөлдір бұлағының зәм-зәм суымен сусыныңды қандыру үшін бір кеш емес, он кеш те жеткіліксіз. Амал не, уақыт...

Талай-талай Серағамен кездесу, сырласу, бірге өткізген қызық күндер еш уақытта ұмытылмайды, оның қайырымды жарқын бейнесі кімнің болса да жүрегінде ұзақ сақталады.

Серағаның 90 жылдық тойы – халық тойы болды. Бұл күндері жұртышылық оның өткен жолын қорыта, артында қалдырған асыл мұрасын дәріптеп қана қоймай, оны әрі қарай байытып, халықтың мүддесіне асыру қамында.

Қымбатты ағаның творчестволық сипаттарын, адамгершілік қасиеттерін қанша айтсаң да жеткізе алмайсың. Одан алған өнегеміз бен тәлім-тәрбиеміз үшін бір ауыз сөзбен болса да шын жүректен алғысымызды айтып, оның шарапатты аруағының алдында көпшілікпен бірге бас июді өзімнің азаматтық парызым деп таптым.

Москва қаласы.

«Қазақ әдебиеті», 5 қыркүйек, 1986 жыл.
ҒАНИДАН ҒИБРАТ ӨМІРБАЯНЫМ
Отарба (поезд), сайтан арба (велосипед), электр шамы, тағы басқа «таңғажайыптар» туралы қилы-қилы әңгімелерді сенер-сенбесімді білмей, ауыз аша тыңдайтынмын. Ал, әлгіндей ғаламаттарды өз көзіммен көрген кезде де алғашқы әсерімнен айыға алмай аң-таң күй кешкенім есімде. Әрине, ол уақытта мен ғылым атаулыдан мүлдем бейхабар едім. Менің ойымша бүкіл жұмбақтың сыры орыс тілінде жатқандай көрінетін. Есіл-дертім осы тілді меңгеріп шығу болды. Бірақ оны қалай, кімнен үйренбекпін. Бұл жағы беймәлім еді...

Мен кейінірек Ташкентте құрылған кірпіш заводында қара жұмыспен айналыстым. Ал оған дейін бұл қалада жетімдер мен кедейлердің балалары үшін жаңа мектептердің ашылғаны жайында хабар тарап кеткен еді. Сәті түсіп, 1920 жылы №14 балалар үйінің табалдырығынан аттадым. Ол Ғани Мұратбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған тұңғыш интернаттардың санатына қосылатын.

Жас шамасының қатарлас болғанына қарамастан небәрі он сегіздегі мұғалім – Ғани Мұратбаевты балалар үйінде тәрбиеленушілер «Ғани ағай» деп атайтын. Ғани үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлай білетін тамаша тәрбиешілік қасиеттерімен шәкірттерінің орасан зор құрметіне бөленді.

Менің оған деген ықыласым елден ерек еді. Алғаш көрген бойда-ақ Ғани ағай маған ерекше әсер қалдырды, содан былай туған бауырымдай жақын тартып кеттім. Оның осыдан алпыс алты жыл бұрынғы бейнесі әлі де сол қалпынша көз алдымда. Ғани шынында да тумысы бөлек жан-тұғын. Ең әуелі ол өз-өзіне қатал талаптар қоятын. Бәрінен бұрын еңбекқорлығын айтсаңшы! Оның ұстанған девизі: кешегіге қарағанда бүгін көбірек жұмыс бітіру, ал бүгінгіден гөрі ертең молырақ шаруа тындыру. Барынша қарапайымдылығы да өзіне мейлінше жарасып тұратын. Достарының арасында кеңінен танымал болғанына қарамастан мақтангершілік атаулыдан бойын аулақ ұстайтындығы – бүкіл ғұмырын өз халқының мүддесі үшін жұмсаған Ғанидың мінез-құлқындағы тамаша қасиеттердің бірі еді.

Ғани бұқараның жүрегіне төте жол тауып, жұртшылықты тез арада баурап ала қоятын, әрі өз айтқандарына иландыра білетін. Оның әрбір сөзі сауатсыз адамдардың қараңғы санасына сәуле себезгілейтін, сөйтіп дүниенің тылсым сырларына ой үңгуге жетелеуші еді. Олардың өмірге деген құштарлығын оятатын. Бір бірте-бірте адамдар жарық дүниеге қайғы-қасіретті бастан кешіріп, уақыттың құлақкесті құлы болып өту үшін келмейтіндігін түсіндік.

Отан алдында тұрған қомақты әрі жауапты міндеттерді атқару үшін ең әуелі берік ұйымдасу қажет екендігін Ғани Мұратбаев ұдайы аузынан тастамай айтатын. Жұмысшы табының жас ұрпағының алдындағы бірден-бір жол – Коммунистік Жастар Одағының төңірегіне топтасу деп түсіндіретін. 1920 жылы Ғанидың басшылығымен интернатта комсомол ячейкасы құрылды. Біздер, яғни ересектеу тәрбиеленушілер комсомол жұмысына білек сыбанып кірісіп кеттік. Комсомол жұмысымен айналыса жүріп Ғани ағай орыс тілінен дәріс беретін. Ол бізді аз уақыттың ішінде орыс әліппесіне үйретіп шығарды. Оның сабақтары қызғылықты өтетін және тар ауқымда шектеліп қалмайтын. Өзіміздің сүйікті ұстазымыздың аузынан халықаралық пролетариаттың көсемі В.И.Лениннің өмірі мен қызметі туралы нақты мәліметтерге қанықтық. Ол шәкірттеріне «Ленин» деген қымбатты сөзді жазуды бірінші болып үйретті. Ғани ағай сабақ үстінде Октябрь революциясы, Совет өкіметі хақында, жастардың жаңа әділ қоғам құрудағы міндеттері мен орны жөнінде үнемі әңгімелейтін. Ол әрқашан біздің әрқайсымызға жақсы оқыңдар, Отан сенімін ақтаңдар деген ұлағатты сіңірумен болды. Біздің ұстаздарымыздың еңбегі жемісін берді. Отызыншы жылдары балалар үйінде тәрбиеленушілердің алғашқы үлкен тобы жоғары және арнаулы оқу орындарын бітіріп шықты. Советтік пролетарлық интеллигенцияның қатарын толықтырды.

Ғани ағай Түркістан комсомолы Орталық Комитетінің секретары болып сайланған соң педагогтық қызметінен қол үзсе де, біздің интернатпен тығыз байланыста болды. Оның енгізген игі дәстүрлерін ізбасарлары дамытты. Интернаттың жаңа директоры Сәдуақас Османов басқарған педагогикалық коллектив оқу ісін, қиын балалар тәрбиесін жолға қоя білді. Комсомол ячейкасы едәуір нығайып, интернат өмірінде елеулі рөлге ие болды. Нығайғандықтың айқын бір мысалы, интернатта оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесінің батыл енгізілуі еді. Ұстаздар мен комсомол ячейкасының бірлескен жұмысының арқасында кешегі қаңғыбас балаларды қайта тәрбиелеу қолға алынды. Осындай игі жұмыстар арқылы біздің балалар үйіміз үлгілі деп танылып, «Қалалық қызыл тақтадан» түспейтін болды. Ғани ағай біздің жетістіктерімізге балаша қуанатын. Кең байтақ республикамыздың түпкір-түпкірінен коллективіміздің озат тәжірибесін үйренуге делегациялар келе бастады.

Интернатта да, Қазақ орман шаруашылығы техникумында да (оған біздің балалар үйінде тәрбиеленушілердің көпшілігі ауысқан болатын) маған комсомол ұйымын басқаруға үнемі сенім білдірілетін. Бұл аудандық комсомол комитетінде, конференцияларда Ғани ағаймен жиі кездесуге мүмкіндік берді.

Бірде ешбір ескертусіз Ғанидің келмесі бар ма. Біз алғашында қатты састық, бірақ лезде бәрін де ойдағыдай ұйымдастырып үлгердік. Ол оқу процесімен, ячейканың қызметімен танысты. Өкінішке орай бұл біздің соңғы кездесуіміз еді. Біраз уақыттан кейін ол Москваға тұрақты жұмысқа ауысып кетті.

1925 жылдың сәуірінде төбемізден жай түсіргендей суық хабар келіп жетті. Бұл хабарды естігенде тек мен ғана емес, оны білетін адамдардың бәрінің жүрегі қан жылап, көпке дейін сене алмады.

Ташкенттің орталық стадионында болған қаралы митингіге мыңдаған комсомолецтер жиналды. Сөз сөйлеушілер оны еске алып, қысқа ғана ғұмырында Ғанидың Коммунистік партия төңірегіне жастардың тығыз топтасуына зор үлес қосқанын атап өтті. Митингіге қатысушылар Ғани үлгере алмай кеткен істі одан әрі жалғастыруға комсомолдық ант берді.

Москва. «Лениншіл жас», 29 қазан, 1986 жыл.
ҮЛКЕН ҰСТАЗ
Мұхаңдай үлкен адамдармен кездесу, жақын сырлас болу, олардан тәлім-тәрбие алу кімге болса да – үлкен қуаныш. Тағдыр сондай жандардың санатына қосқан біз сияқты адамдар өзімізді бақытты сезінеміз.

...Ташкенттегі №14-ші интернаттың балалары айрықша сәтті жолға кездесті. Бізге орыс тілінен алғашқы сабақты Шығыс жастары көсемдерінің бірі – Ғани Мұратбаев берді. Біз бұны осы уақытқа дейін мақтан етеміз. Мақтан етуге тұрарлық тағы бір жайт – Мұхаңдай азаматтарға шәкірт болу.

Интернатта оқып жүрген бір топ ересек қазақ жастарын жиырма үшінші жылдың басында Ташкенттегі Түркістан орман шаруашылығы техникумының жанындағы екі жылдық даярлық бөліміне ауыстырды. Біз онда қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен Мұхаңнан тағлым алдық. Ұстазымыздың жан-жақты хабардарлығы, үйрету, оқыту әдістерінің шеберлігі, тілінің көркемдігі мен жатықтығы сол кездің өзінде де бізді қайран қалдырған. Ол кісінің үлкен қасиеттерінің бірі – сабақ үстінде шәкірттерін өзіне тартып алатын. Сондықтан болса керек, Мұхаңның сабақтарынан қалушылар болмайтын, уақыттың қалай өткенін сезбей қалатын.

Біз Абаймен көп жұрттан бұрынырақ және тереңірек таныстық. Абайды дұрыс түсінуге қадірлі ұстазымыздың сабақтары тікелей себебін тигізді. Сол кезде Ташкентте жарық көрген Абайдың шығармалары басымызға жастанып оқитын өнегелі кітапқа айналды.

Мұхаң кезекті бір сабағында өлең туралы айтып тұрып, тыңдаушыларына бір-екі ауыз өлең шумақтарын ұйқастыруды өтінді. Сонда Райымбек Ахметов (қазір ол дербес пенсионер, Шымкент қаласында тұрады) деген бір оқушысы: «Бор, маған болдың ғой сор» деген ұйқасты айтып салды. Мұхаң сәл күлімсіреп, жылы лебізбен:

– Ұйқастың бәрі бірдей өлең бола бермейді, шырақтарым. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы» деп Абай аға тегін айтпаған. Нағыз өлең терең ойға құрылуы тиіс, – деді де, сабағын әрі қарай жалғастырып кетті. Мұхаңның бізге берген білімі сарқылмас кендей, мұқалмас құралдай, ұмытылмас нұсқадай осы уақытқа дейін шәкірттерінің жадында.

Ғасырлар бойы адамзат жасаған білім нәрімен сусындатқан қадірмен ұстарымыздың еңбектері зая кеткен жоқ. Олар аз уақыттың ішінде еңбекшілерден шыққан жастарға мәдениет пен шаруашылықтың түрлі салаларына қажет маман иелерін даярлап шығарды. Сөйтіп, отызыншы жылдары қазақ совет интеллигенциясы пайда болды.

Мұхаңмен 1939 жылы қайта кездестім. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысына сәйкес Бюро мүшелері өнердің әрбір жеке саласына қамқорлық жасауға міндетті болатын. Менің сыбағама кино өнері тиді. Ол кезде Қазақстанда кинотеатрлар аз болатын, ал кино өнері жоқтың қасы. Осы жағдай Мұхаң сияқты мәдениет қайраткерлерімен тығыз байланыс жасауға алып келді.

Қазақ тақырыбына байланысты кино өнерінің тұңғышы «Амангелді» фильмі болса, екінші көркем фильм Мұхаңның сценариі бойынша (Қазақстанда) 1940 жылы түсірілген «Райхан» фильмі еді. Ол уақытта көркем фильмдер жасау жаңа өнер болғандықтан, оның қиындықтары көп кездесті. Бұл жағдай киноға қатысы бар творчестволық қызметкерлердің жиі кездесіп, ақылдасып тұруын қажет етті. Жаңа өнерге зор үмітпен қол созып, ат салысқан қайраткерлер ізденісі күннен күнге арта түсті. Республикада кино өнерінің ірге тасы осылай қалана бастады. Мұхтар «Абай әні» фильмі түсірілгенде басынан аяғына дейін қатысты, оның негізгі ақылшысы саналды. Мұхаңдардың еңбектері айтарлықтай нәтиже берді. Қазақстанның топырағына сәтті түскен дәндей, кино өнері тез қанаты қатып, үлкен өнерге айналды.

Көп уақытқа дейін Абай творчествосы туралы бірыңғай көзқарас болмай келді, әркім өзінше баға беріп жүрді. Біреулер Абайдың творчествосын терең зерттеу қорытындысына сүйеніп пікір айтса, біреулер бәрін тек Абайдың ата тегіне байланыстырып, жанын ауыртпайтын жеңіл жолмен кетті. Осындай жағдайда Абайдың 100 жылдық тойына күні бұрын даярлық жүргізу мақсатымен Қазақ ССР Халық Комиссарлар Советінде арнайы мәселе қаралды. Сол кездегі Қазақ ССР Оқу комиссары М.Әбдіқалықов: «Абай – қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, қазақтың реалистік жазба әдебиетінің негізін қалаушы және классигі» деген тақырыпта баяндама жасады. Осы мәселе жөнінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Совнарком қаулы қабылдады, онда қазақ халқының тарихындағы Абайдың орны және оның творчествосына лайықты баға берілді, үкімет комиссиясы құрылды. Бұл қаулы абайтану ғылымының дұрыс бағытта өмірге келуіне үлкен ықпалын тигізіп, маңызды рөл атқарды.

Үкімет комиссиясының төрағасы орынбасарларының бірі болып М.Әуезов тағайындалды. Бірнеше жыл осы комиссияда Мұхаңмен жиі кездесіп, бірге жұмыс жасадық. Абай шығармаларының толық академиялық басылымын даярлау ісін комиссияның атынан Мұхтар басқарды.

Екі-үш жылдың ішінде Абай шығармалары қалың бұқара арасына кең таралды. Көптеген көшелерге, мектептерге, колхоздар мен совхоздарға Абай есімі берілді. Жоғары оқу орындарының озаттарына Абай стипендиясы тағайындалды. Абайдың ғылыми өмірбаяны жазылды, абайтану ғылымы пайда болды. Алматыда Абайға ескерткіш қойылатын боп шешілді. 1945 жылы Ұлы Отан соғысының ұлы жеңісінің қуанышымен қарайлас Абайдың 100 жылдығына арналған салтанатты той өтті.

1949 жылдың декабрінде Өзбек ССР-інің ширек ғасырлық тойы болды. Оған Қазақстаннан үлкен делегация барды. Құрамында республиканың белгілі кісілері Ш.Ермағамбетов, М.Әуезов, С.Дәуленов, М.Ерлепесов, К.Байсейітова, Ш.Жандарбекова, Нартай ақын, Б.Досымжанов және басқалар бар.

Мәжіліс басталғанша делегация жетекшілері бас қосып, әңгімелесіп отырысты. Бір кезде сөз «Абай» романы мен оның авторына ауысты. Бұл мен үшін онша жаңалық емес еді, өйткені, Мұхаңның есімі әлдеқашан елге жайыла бастаған-ды. Пікір алысу үстінде К.Е.Ворошиловпен болған бір кездесу ойға оралды.

К.Е.Ворошилов жолдас СССР Министрлер Советі Председателінің мәдениет жөніндегі орынбасары боп тұрғанда, мен Алматыда консерватория ашу мәселесімен ол кісінің қабылдауында болған едім. Климент Ефремович амандықты сұрастырғаннан кейін «Абайды» құмарта оқып шыққанын, сол уақыттағы партия-үкімет басшыларына оның ұнағанын жылы пейілмен айтып беріп, қуантқаны бар еді. Маған мына әңгіме осының жалғасы сияқты көрінді. Қонақтардың ықыластарын байқағаннан соң, отырғандарға Мұхаңды таныстырды. Олар үлкен жазушымен дидарласқанына өте риза болып, көңілдері көтеріліп қалды.

Ташкенттен елге оралайық деп тұрғанда, сол жақтан Москваға баруға тура келіп қалды. Мұхаңның да астанаға баратын шаруасы бар екен, бірге сапарға шықтық. Жолдағы Түркістан қаласында үш-төрт сағат аялдап, Ахмет Яссауидің мавзолейіне барып, әрі қарай жүріп кеттік.

Қиын соғыс жылдары, одан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру тұсында демалыс деген болмайтын, күні-түні жұмыс, кең отырып сөйлесуге де уақыт жетпейтін. Міне, енді біздің қарамағымызда – төрт күн, төрт түн уақыт. Осы жолы Мұхаңмен көп сырласып, рахатқа батып, бұрынғыдан да бетер жақындасып кеттік.

Әңгімелеспеген тақырыбымыз аз болар. Жан-жақты хабардар адаммен сөйлесу қандай ғанибет! Үлкен әңгіме түстік тарихынан басталды.

Мұхаң Түркістаннан шығысымен вагонның терезесінен Қаратауға ұзақ қарап тұрды. Маған терең ойдың шыңырауына түсіп бара жатқандай көрінді. Солай жүріп келе жатырмыз. Бір кезде Валентина Васильевна (менің зайыбым) бізді асқа шақырды.

– О, бажа (кейде осылай қалжыңдасатынымыз да болатын), көп тұрып қалдыңыз ғой, қарныңыз ашқан болар, балдызыңыздың дастарханы күтіп тұр, – дедім мен.

– Тарихқа тереңірек үңіліп қарасаңыз, – деп сөз бастады Мұхаң дастархан үстінде, – Оңтүстік Қазақстанның қазақ халқының қалыптасуындағы орны айрықша. Көне заманда сонау Жетісудан бастап Аралға дейін көптеген қалалар мен мәдениет ошақтары, төрт түлікті малдан басқа, алуан гүлді, жемісті бақтары мен жайқалған егіндері болған. Тараз, Отырар, Сунақ... олардың көбісінің аты осы уақытқа дейін бізге белгісіз. Бұл қалаларды шеттен келіп, ешкім салып берген жоқ, жергілікті халықтың туындысы, бізге қалдырған мұра. Демек, басқа халықтардай, қазақ халқының да өзіне тән көне тарихы бар. Бірақ, тар заманның қырсығы кемірген, сансыз жау жалмаған қымбат та аяулы мұралардың көбісі бізге жетпеген. Мұны былай қойғанда, қазақ халқының өзі қанша рет апатқа ұшырады. Мына кәрі Қаратау – осылардың куәсі. «Ақтабан шұбырындыда» жетім-жесірлердің қажалған табандарының қаны Қаратаудың әр тасын бояды емес пе, елдің зары – «Елім-ай!» осы күнге дейін бізге: «Ұмытпаңдар!» – деп тұрған жоқ па, – дейді Мұхаң. Мен де ел арасынан естіген әңгімелерімді айтып, ой қосып қоямын.

– Мұха, Қаратаудың шығысынан батысына қарай соғатын «Арыстанды-Қарабас» деген жел бар. Сол жел қиыншылық кезеңдерде зарлаған халықтың зарлы дауыстарына ұқсайтын көрінеді. «Жылағаната» деген жартас та бар. Содан ғасырлар бойы мезгіл-мезгіл су атып, тамшы тамып тұрады. Сол «Ақтабан шұбырындыда» жұрттың төккен жасы дейді мұны ел. Мұхаң «мынау бір ойландыратын ғажап нәрсе екен» деп сөзін әрі сабақтады.

Қазақ жерге мұқтаж болған ел. Сулы, шұрайлы жерлерін басқыншылар тартып алған, басқа жерлердегі арық-тоғандарын қиратқан. Содан халық шөлге қашып, күнелтуге мәжбүр болған. Халқының осындай ауыр халіне жаны ашыған Асан қайғы Желмаясына дамыл бермей, елінің өмір сүруіне қолайлы сулы мекен «Жерұйықты» іздеп, әуре болған, бірақ ондай жерді таба алмаған.

– Мұха, Асан ата жаңа «Өгізарықты» іздеген болар, – дедім мен. Мұхаң «ол қандай арық еді?» – деп сұрады.

Сыр бойында ертеден келе жатқан аңыз бар-ды. Ташкенттің тұсында, Сырдың сол жағында Шыңаз деген жер бар, оның тұрғындары диқаншылықпен шұғылданады екен. Бір диқан шаршаған өгіздерін тынығуға қойған шақта өзі ұйықтап қалады. Қостағы өгіздер Сырдың қыр жағымен төмен қарай жүріп кетеді, Қазалының тұсына келгенде бір-ақ тоқтайды. Жер ағаш салған табынның ізімен үлкен канал пайда болады, оның мол суымен көп жер гүлстанға айналады. Бұл атау ілгеріде Қазақстанның түстігін мекендеген Оғыз тайпаларымен байланысты болуы мүмкін. Кейін ол канал бұзылады, суы Сырдарияға қайтып кетеді, егістікті құм басады, қалалары қирайды. Бала кезімізде «өгізарықтың» орны деген кең арнадан талай рет өткенбіз. Бұл өңірде атам заманнан бері тоған салуды, арық қазуды, су шығаруды, суармалы егін салуды жақсы білгені тарихтан мәлім. Бірақ, халықтың аңызындағыдай бірнеше жүз шақырымға созылған алып канал болды ма, жоқ суға көксеген халықтың қиялынан шыққан ба, қалай болса да бұл аңыз осы уақытқа дейін елдің есінде сақталып келеді.

– Мұхаң бұл әңгімені ұйып тыңдады. Сәлден соң:

– Иә, ел қамқоршысы Асан ата сусаған халқының амалын таба алмай кетті. Ол ырысты шеттен іздеді. Керекті жақсылықты өз Отаныңнан таба алмасаң, басқаның бәрі бекер, опасыз.

Бүгінгінің адамдары қажет болса тауды да, теңізді де өздері қолдан жасап алады. Социализм тәрбиелеген адам жаңбырлы тауды арқалап алып келіп, жұртын жұт апатынан аман сақтап қалған бұрынғы аңыздағы Толағай сынды. Осы айтылған ойлардың айғағы ретінде қырқыншы жылдары адам айтса нанғысыз мерзімде салынған Киров каналын, Орал-Көшім сияқты ірі су жүйелерін мысалға келтірді.

Мұхаң таяуда республикада жүргізілетін істер жөнінде білігісі келетінін аңғартты.

– Мұха, өзің айтқандай, біз суға мұқтаж елміз ғой. Су ауыл шаруашылығына ғана емес, өндірістің барлық салаларына керек. Су мәселесін шешпей, ойдағыдай ілгері қадам баса алмаймыз. Республиканың бірқатар жерінде өзіне жетерлік суы бар. Әңгіме сол мүмкіндіктерді толық және тиімді пайдалана білуде. Осылай болып шықса, онда халық шаруашылығының мұқтажы өтеледі, мыңдаған гектар жерге су шығарылады. Осындай да жауапты міндетті таяу жылдарда іске асыру үшін, республиканың басты органдары Сырдария, Шу, Талас, Іле, Жайық сияқты өзендерді, көптеген бұлақтарды, бай жер асты суларын тезірек ұтымды пайдалану, сонымен қатар, Еділдің біраз суын Батыс Қазақстанға әкелу, Ертіс-Қарағанды каналының құрылысын бастау көзделіп отыр. Қазір осы жоспар бойынша Бұқтарма көлінің, Қызылорда тоғанының, Теріс-Ащыбұлақ су жүйесінің, Арыс-Түркістан каналының құрылыстары қызу жүргізілуде.

Мұхаң бұл шаралардың көп ұзамай іске асатынына қуаныш білдірді.

Сонда, – деді ол, – табиғат адам айтқысыз өзгеріп, барлық жер мәңгі көгереді, шөл деген сөз тек сөздіктерде ғана қалады. Осылай қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келеді. Асан қайғының таба алмаған «Жер ұйығы» осы емес пе? Қолына еркі тиген халық совет жағдайында қандай «ұжмақ» жасаймын десе де еркі, оны жасай алады!

Совет адамдарының осы қасиеттеріне тұрарлық жаңа бір шығарма жазуды арман ететінін айтты. Мен ол шығарманы оқырмандар қанша уақыт күтетінін сұрадым. Мұхаң:

– Өзіңіз білесіз ғой, «Абай» – еңбекті көп талап ететін, терең ойландыратын дүние. «Қайыр қылсаң бүтін қыл» дегендей, алдымен соны аяқтау керек болып тұр. Алда әлі де шешуін күтіп тұрған қиыншылықтар аз емес. Өйткені негізгі мақсат тек Абайдың өмірбаянын жазу емес, оның заманындағы қазақ халқының маңызды уақиғаларға толы өмірін көрсету, сонымен қатар, көптеген күрделі сұрақтарға ғылыми тиянақты жауап беру. Мысалы, бұрын қазақтар сияқты отар болған халықтар тарихсыз, төмен нәсілді, олардың мәдениетке қабілеті жетпейді, сондықтан ондай халықтардың жарыққа қол созып, әуре болуының қажеті жоқ деген сияқты шатпақтар осы уақытқа дейін етек жаюын тоқтатпай келеді. Табиғатқа артық-кем, биік-төмен жаратылған халық болмайды, әр халықтың өзіне тән қасиеттері бар. Олардың әр түрлі мәдени дәрежеде болуы табиғатынан емес, нақтылы жағдайларымен байланысты. Бұған өз тағдырын ө қолдарына алған халықтардың қысқа уақытта алдыңғы қатарлы елдерді қуып жетіп, олармен төрт құбыласы тең өмір сүруінен артық айғақтың қажеті жоқ. Көптеген халықтың намысына тиетін, негізсіз жала тағатын қанаушылар тобының нәсілдік теориясымағын әшкерелеу – азат тапқан халықтар өкілдерінің міндеті. Күрес жемісті болу үшін халықтар бір-бірін жақсы білулері керек. Міндет – басқа халықтар сияқты, қазақ халқына тән қасиеттерді Абай сықылды кемеңгер перзенттері арқылы паш ету, халықаралық жұртшылықты онымен кең таныстыру. Осы міндет жақсы орындалып шықса, – дейді Мұхаң, – онда замандастар алдындағы әлгі парызды өтеуге жол ашылуы керек.

Мұхаңның сөзінен жаңа тақырыпты көптен ойлап, материал жинап жүргені байқалады. Кейінгі жылдары жиі ел аралап, әсіресе, оңтүстік облыстарға көбірек баратыны, оның тарихымен тереңірек шұғылдануы кездейсоқ нәрсе болмай шықты. Кейін сол материалдар «Өскен өркеннің» арқауы болды.

Мен Мұхаңнан қазіргі қазақ совет әдебиетінің халі туралы айтып беруді өтіндім. Әдебиет – өмірдің айнасы. Өмірдің шындығын сипаттай алатын шығарма ғана әдебиеттің санатына жатады. Осы жағынан қарағанда, өзінің көп рет қазақ әдебиетінің өрісне риза екенін айта келіп, оның қиындықтары мен қазіргі жағдайларына тоқтап өтті.

Қиындығы дейтініміз – революцияға дейін қазақ әдебиеті сала жағынан тарлау еді. Поэзия қазақпен құрдас. Ал роман сияқты әдебиет салалары жоқтың қасы болатын. Қазақтар үшін көп салалы әдебиет жасауға белгілі уақыт керектеу еді.

Қазақ совет реалистік әдебиетінің ойдағыдай қалыптасуына, оның үлкен әдебиетке айналуына көптеген жағымды жайттар пайдалы әсер етті. Алдымен А.М.Горький негізін салған орыс пролетарлық әдебиетінің әсерін айту керек. Орыс тілі арқылы әлем әдебиетінің жақсы үлгілерінен нәр алдық. Еліміз халықтарының әдебиеттері өзара қайырлы ықпалын тигізіп, бір-бірін байытты, өрісін кеңейтіп келеді. Совет әдебиетінің күші осында. Ол әлемде де озат әдебиет болып қала береді, – дейді Мұхаң.

Жолдағы әңгіме Москваға барған соң да жалғаса түсті. Мұхаң бізді қазақ әдебиетінің досы Л.Соболевпен таныстырды. Сол кезде онымен бірге «Абай» пьесасын жазып жүр екен. Арнайы жиналып пьесамен таныстық. Көп кеңестік, пікір алыстық. Сөз көбіне қазақ халқына ғана тән, оның дәстүріне, әдет-ғұрпына, салтына байланысты ұғымдар немесе «Оңбағанды ит түйенің үстінде де қабады» сияқты пьесада кездесетін мақал-мәтелдердің мәнін орыс көрермендеріне жеткізу әдістері жөнінде болды. Бұл екі кісінің творчестволық достығы – әдебиет арқылы екі елдің жақындасуына, бірін-бірі жақсырақ білуіне дәнекер іспетті еді, тарихта да солай болып шықты.

Мұхаңмен 1954 жылы тағы бір рет ұзақ сапар шектік. Украинаның Россияға қайта қосылуының 300 жылдық тойына бірге бардық. Әсем Киевте біраз күн болып, оның қадірлі жерлерін араладық. Аудандарға шығып, Ұлы Отан соғысы кезінде ыдырап кеткен колхоз-совхоздардың тез қалпына қайта келген күйлері қонақтарды қуанышқа бөледі.

Қазақстан өкілдері Украина тойына шашу етіп Қостанай жылқы заводынан бір ат алып барған. Оны тапсырудан бұрын тойдың құрметті қонағы болып келген, Совет Одағының Маршалы С.М.Буденныйға көрсетіп алмақшы болдық. Мен ертелі-кеш Семен Михайловичтей жылқы баласын танитын адамды көрмек түгілі, есіткен емеспін. Делегация мүшелерімен танысқаннан кейін, атты көріп риза болды. Біз алғысымызды айтып Семен Михайловичті Қазақстанға қонаққа шақырдық. Семен Михайлович біздің өтінішімізді шын ниетімен қабылдады.

Той рәсімі біткен соң да Мұхаңды украиналық достары тағы біраз күн қонақ болуын өтініп, алып қалды. Мұхаңның бейнесі менің көз алдыма келгенде, ол осы уақытқа дейін сол сапарында жүргендей болады да тұрады.

Ел аузында бұрыннан келе жатқан нақылдарды Мұхаң аса көп білетін, олардың алтынын мыстан жақсы айыра алатын. «Жақсылығын асыра жүр» сияқтының «асыра жүруін» қабылдап, кемшілігін «жасыра жүруіне» өзінің табиғатына тән сезімдерімен жиренішін білдіріп отырған. Халқына шын жаны ашыған Мұхаң оның келешегіне кедергі жасайтын ескіліктің қалдықтарымен күресіп өткен. Бұл ерлердің ғана қолынан келетін іс. Мұхаңның сондай ерлік дауысы қай шығармасында болмасын анық естіліп тұрады.

Ол біреуді мақтауды, біреуді сыртынан өсек айтып, жамандауды білмейтін, өзіне тас атқандарға ас атумен жауап берген. Мұхаң ондайлардың кемшілік-қателіктеріне өкінетін, олардың Отанға пайдалы табыстары болса қуанған, оны мақтан еткен. Қорыта келгенде, Мұхтар ағаның барлық қасиеттерін тізбектеп шығу оңай емес, ол айрықша жаратылған адам еді ғой, шіркін!

Бүкіл адамзат жасаған байлықтан сусындаған, амандықтың бар қасиетін бойына жинаған, Мұхаң барлық саналы өмірін сүйікті халқының мүддесіне жұмсай білді. Ол халқының данышпан ұлы Абайды мәңгі-бақи қайта тірілтті, онымен бірге өзі заманының Абайы болып тарихқа енді. Керуеннің соңғы нарындай халқының жүктелген ауыр жүгін қыл көпірден таймай өткізіп, белі талмай оны межесіне алып барды.

Әлі де берері мол Мұхаң арамыздан ерте кетті. Оның ұрпақтарының қасиетті дәстүрін жалғастырып, заманының тілегіне сәйкес дамыта білу, бұл Мұхаңа соққан ескерткіштердің ең қымбатты да қадірлісі болмақ! Қазір көп елдерде «Абай десең – Әуезов, Жамбыл десең – Қазақстан, Қазақстан десең – Әуезов» дейді. Енді бұларды бір-бірінен айыруға болмайды. Еңбегіне сай Мұхтар ағаның күндей жарқыраған бейнесі ұрпақтарының есінде мәңгі сақталмақ, оның есімі халқының тарихында мәңгі қала бермек!



Москва қаласы «Қазақстан әйелдері», №8, 1987 жыл.
Каталог: uploads -> files
files -> Гүлсім Оразалықызы оржановтар әулеті қазақ МҰнайының ардақтылары «Қазақ мұнайының ардақтылары»
files -> Шахмардан есенов
files -> Конкурса научных работ среди школьников «turan-junior-2016» Секция «Физика, техника, науки о земле и космосе»
files -> «Қазақ мұнайының а р дақтылары»
files -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
files -> Махамбет қай жылы туғАН? Тұрлыбай Бақыт Серікқызы
files -> ҚазақТЫҢ хас батыры -аттила (еділ батыр)
files -> Формы и методы подготовки учащихся к итоговой аттестации по обществознанию


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   21




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет