«Гуманитарлық білім» факультеті «Қазақ тілі мен әдебиеті»



бет8/13
Дата10.11.2019
өлшемі364,26 Kb.
#51493
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
Байланысты:
хал ау ад прак 2018
хал ау ад прак 2018 , хал ау ад прак 2018 , хал ау ад прак 2018 , Хал-2017 Сил

2. Атымтай Жомарт

Мысырда хан сарайында уәзірлердің мәжілісі болды. Мәжіліске Атымтай Жомарт та қатысады. Сарайға жиналған уәзірлер Атымтайды алғаш көргенде, жомарттығы қандайлық дәрежеде екен деген сияқты кейбіреулері таңғырқасты. Содан бір сыпыра жомарттық туралы сөз басталды. Атымтайға таныс адамдар, Атымтайдың жомарттығын мақтады. Уәзірлердің ішінде Зейнілғабиден Атымтайдан Бағыдат шаһарындағы Бану Халима жомарт деді. Бұған уәзірлер екі жарылды. Кейбіреулері Атымтайды, кейбіреулері Бануды жомарт деді. Сонымен екшесіп келгенде Зейнілғабиден Атымтайды қасына ертіп, Бағыдат шаһарына барып Бануды көзімен көретін болды.

Зейнілғабиден мен Атымтай Бағыдатқа келгенде жұрт Банудың жомарттығын алдын ала мақтай бастады. Шынында Бану қоластындағы жетім-жесір, қайыршыларға күнінде бір неше рет қайыр тілеп келсе де, күніне бір-бір ділдә беріп қайтарып отырған. Бануды сынау үшін Атымтай қайыршы киімін киіп, кіріп келіп еді, бір ділдә берді де жөнелтті. Сол күні кешке таяу Атымтай киімін өзгертіп киіп, қайыршы болып және келіп еді және бір ділдә берді. Бұрылып есіктен шыға беріп, қайта оралды да рұқсатпа деді Атымтай.

– Сізбен танысып, біраз әңгімелесуге болар ма екен?

– Неге болмасын.

– Мен Атымтай едім, бұрын естуіңіз бар шығар. Бүгінгі күн екі рет қайыршы болып қолыңнан екі ділдә алдым, мен сияқты күнінде бір неше жүз мың қайыршылар келіп, бір-бір ділдәдан бір неше рет алып отыратын болса, көп қазына керек, бұған сіздің қазынаңыз соншалық таусылмайтын көп пе еді.

– Қазынаның таусылмайтын себебі бар. Мұны айту қиын. – деді.

– Қазынаңыздың таусылмайтын себебін білуге бола ма? – деп Атымтай жабыса кетті.

– Осы шаһардан алты айшылық жерде Гауһаршашба дейтін шаһар бар. Сол шаһарда өнерпаз Гауһаршашба деген адам болған. Қазір де сол адам тірі. Тәңертең базар жиналған соң базарға келіп Гауһаршашба гауһар шашады. Жиналған жұрт гауһар теріп еңбектеп жатқаны. Осының гауһары неге таусылмейды, себебін біліп келіп берсең мен де қазынамның таусылмайтындығын айтамын.

– Олай болса мен қалай да аралап барып қайтамын. Бірақ өзің сөзіңде бол, – деді де шығып жөнелді.

Зейнілғабиден мен Атымтай Гауһаршашба шаһарын іздеп талай жер жүріп, өмірі көрмеген жыныс қарағай, биік тауларды аралап, арып шаршап, Гауһаршашба шаһарына келді. Шаһарға келген соң Гауһаршашбаның пәтерін тауып бір неше күн демалып тынықты. Келген жұмыстарын айтты. Гауһаршашба Банудың айтқанындай қартайса да базардың жиын ортасына барып, өз қолынан гауһар шашып жүргенін Атымтай мен Зейнілғабиден көзімен көрді.

Гауһардың соншалық таусылмайтын қорының қайдан шығып жатқанын жабысып сұрап еді, Гауһаршашба осы шаһардан төрт айлық жерде бір қари алам бар, оның қарилығы сондайлық, таңертеңнен кешке дейін құранның бір ғана екі-үш аятын оқиды да отырады. Онан жалығу, басқа кәсіп істеу дегенмен жұмысы жоқ. Атымтай Гауһаршашбаның аузынан былай деп жауап естіген соң Зейнілғабиденмен ақылдасып, тәуекел барып көріп қайталық деп ұзақ сапар шекті.

Гауһаршашбаның айтуы бойынша, төрт ай жүріп әрең дегенде қаридың шаһарына келді. Шаһарға кеалген соң қариды сұрап келсе Гауһаршашбаның айтқанындай ауыз жаппай «Енна ағмалы бенниати» деп қайта-қайта дауыстап оқып отырды.

Арасында қаридан өздерінің келген жайларын айтып, Атымтай сұрақ қойды. Не себепті дауыстап ауыз жаппай бір-екі ауыз аятты оқисыз да отырасыз деді. Көзін сипап, иегін көтеріп, Атымтайға бұрылып қарады да, мұның мәні бар, – деді.

Бұл арасын толық түсіндіріп айту үшін ең әуелі осы шаһардан үш айлық жерде бір мініскер бар. Ол мініскер дүниедегі ең бірінші қолөнерші деуге болады. Сол мініскердің кім екенін біліп берсең әңгімені бастан-аяқ айтамын, – деді.

Атымтай көп ойланып отырды да мұны да іздеп жүріп кетті. Жолаушылық ұзақ сапарға үйреніп алған адамдар кешке дейін жүріп келіп біраз дамылдап, түнге тағы да шаһарға келген соң мініскерді тауып өзіне жолдықты. Мініскердің шеберлігі соншалық, ағаштан түйін түйеді. Бірақ, ағаштан қандайлық нәрсе істеп шығарса да әрі-беріден соң жерге ұрып быт-шытын шығарып жоқ қылады. Бұл арасы бір ғажап іс. Мұны Атымтай білмек болып және жөнін сұрап еді, ол шаһардан айшылық жерде үлкен шаһар бар, сол шаһарда дүниедегі ең биік, ең үлкен Ақмешіт дейтін мешіт бар. Соның азаншысы тәңертеңнен кешке дейін дамылсыз айғайлап азан айтады да отырады. Бес уақыт намазының орнына ол бір неше мың рет азан шақырады. Осының азанының мезгілсіз осынша айтылатындығын біліп келіп бер, сонан соң мен өз жайымды түсіндіріп беремін деді. Атымтай Зейнілғабиденді ертіпе мініскердің нұсқаған жолдарымен азаншының шаһарына келеді. Келсе мініскердің айтқанындай Ақмешіттің үстіне шығып алып, айғайлап азан шақырып тұрған азаншыны көрді. Іздеп келіп азаншының мезгілсіз азан шақыратын себептерін сұрап еді, осыдан он бес күндік жерде, жапан далада құдық бар, сол құдықтың басында күні-түні киік күзетіп отырған адам бар, киіктері мен киік күзетіп отырған адам, былайғы адамды көрсе үркеді. Жайы келсе киіктер тырым-тырақай болып қашып қалың жыныс қарағай арасына сіңіп кетеді де, құдықтың басында жалаңбас бір адам отырып қалады. Осының мәнісін біліп берсең, сонан кейін мен де өз жәйімді түсіндіремін деді.

Атымтай азаншының айтқан жолдарымен жүріп келіп, құдыққа таяп келгенде қалың мал көрінді. Жақындап келіп еді, мал дегенің киік болып шықты. Киіктер Атымтайды көргенде дүр етіп үркіп, қарағай арасына сіңіп кетті. Құдыққа келсе, құдықтың басында бағанағы азаншы айтқан жалаңбас еңгезердей шонжар бір қара жігіт отыр. Жөн саұрап сөйлесейін деп еді, Атымтайға жарытымды жауап бере алмады. Екі сөзінің бірінде қыз, қыз деген сөздер қыстырыла берді. Сірә есалаң адам болуы керек деп Атымтай қиналыңқырап қасында біраз дамылдап отырды.

– Сіздің жөніңізді кімнен білуге болады, – деді.

– Үш күншілік жерде мешіт бар, сол мешіттің қазіретінен сұра, – деді.

Атымтай бұлай деп жауап бергеніне ырза болып мешітті іздеп жүріп берді. Сұрастыра-сұрастыра мешітті келіп тапты. Елсіз, жұртсыз жерге салынған жалғыз ғана мешіт екен. Мешіттің ішіне кіріп қазіретті бөлмесінен тапты, басына дағардай ақ сәлде ораған, сақалы белуардан түскен аппақ қудай адам екен. Есіктен атымтай кіріп келгенде орнынан ұшып тұрып қол қусырып, амандасып қарсы алды.

– Е, балам, аман келдің бе? Жолың болсын, әңгімеңді сөйлей отыр, – деді.

Атымтай бастан-аяқ әңгімені уәзірлердің Мысырда болған мәжілісінен қозғады. Қазірет қабарын алып, жақсы шыраймен отырып тыңдады. Қазірет Атымтайдың сөзі аяқтағаннан кейін: «балам, – деді, енді бұдан былай қарай тағы жиһан кезіп, жиһаншы боламын ғой деп қорықпа, осыдан былай, енді кейін қайтасың», – деді.

– Анау құдық басында отырған жалаңбас қара бар ғой, оның қасындағы еріп жүрген көп киіктің бәрі де адам, бұлардың шаһары сол құдықтың оңтүстігінде мың шақырым жерде болады, анау жалаңбас қара бір күндерде сол шаһарда қан болған. Киіктер қанның әскері еді. Шаһарынан қыз жетпегендей, перінің қызын алымын деп, Періойнақ деген жердегі бір бастауға келіп, перінің қыздарымен айқасқан. Перінің тілін біледі ме, болмаса олармен үйлесе алмады ма, әйтеуір өздерін пері соғып, қанды дуана ғып, сол бойы отырғызып кетеді де әскерлердің барлығын киік қылып жібереді. Өзің көрген сол киіктер қанның әскерлері, ал, бұған жәрдем беріп, перімен сөйлесерлік шаһарларында еш бір адам жоқ. Жұрттың бәрі де Періойнақ деген жердің маңынан жүруге қорқып, екі күн, үш күншілік жерден бұрылып кетеді. Бұларды қайтадан адам қалпына келтіріп, шаһарына қайтару тек ғана менің қолымнан келер еді, бірақ, менің баруға уақытым жоқ. Олардан ешкім қабарласпайды, сонымен олардың жайлары осы еді.

Атымтай естігенде қазіреттің бетіне қарап отырды да:

– Қазірет, – деді, одан арғы жолдардағы азаншы, мініскер, қари, Бану тағы-тағылардың сырларын ашып бермейсізбе, – деді Атымтай.

– Олардың жайларының бәрі де маған белгілі, бірақ түпкілікті сырларын жол бойы өздері айтамын депті ғой, айтар, – деді.

Атымтай, қазірет бұлай деген соң көп қазып сұрамады. Әйткенмен, Банудың қазынасының түпкі қорының қайдан шығып жатқанын білуге ынта қойды. Атымтайдың ойын қазірет те біліп, былай деп жауап берді: «Бану қазынасының көптігін өзі айтар, бірақ Банудың өз басы саған құмар, түбінде Банудың тілегі орындалады, сен Бануды алуың керек», – деді.

Қазірет Атымтайға батасын беріп, шығарып салды. Атымтай келген ізімен бір неше күн жүріп азаншыға келді. Азаншы құрметпен қарсы алып, күтті. Атымтай азаншыға шешіліп барлық жағдайдың бәрін бастан аяқ сөйледі.

Азаншы өзінің жайын Атымтайға әңгіме қылып сөйлей бастады: мен осы шаһардың азаншысымын. Мезгілмен ғана бес уақыт намаздың алдында мешіттің жоғары мінбесіне шығып азан шақыратынмын. Менің дауысым мұңды, толқынды жанның бәріне сүйкімді еді, айтқан зікірімді жұрт ұйып тыңдай қалатын. Бір күні жұрт жұма намазына жиналып, мен намаздың алдында азан шақыруға шықтым. Екі қолды құлаққа қойып зікір салып тұрғнымда көз алдым қарауытып, басым айналып кеткендей болды. Көз алдыма жіпке тізілген қолға тотылық маржан тартыла қалыпты. Қызықтым, ұстай алып ем, көтеріп бойы мешіттен шығарып көкке алып жөнелді. Көз сол бойы жұмылып кетті, көкті аралап, көктің талай қатпарларынан өттім, әуені де аралап маржанның астында салбырап келемін. Ойлаймын, қолымнан шығып кетіп, жерге құласам, күл талқаным шығып қалады-ау деймін. Әйтеуір көзімді ашқым келмейді. Мүмкін көзімді ашсам, көкте жүріп жерді көріп, жүрегімнің қабы жарылып кетерме. Бір мезгілде сырылдап, тұйғындай түйіліп, жерге қарай зымырады. Мен астында салбырап қалмай жүрмін. Әлде не уақытта аяғым сыбдырлап шалғынға оралды, қолым босап қалыпты. Көзімді ашып жіберсем, құлазыған жапан дала екен. Шалғында белуардан бөленіп жатырмын. Маңайыма көз жіберіп едім, қалың жайылып жүрген қарала, торала таудан түсіп келе жатқан қойларды көрдім. Қуандым, қойшысына сөйлесіп неде болса елге барамын ғой дедім.

Орнымнан ұшып тұра келіп, қойға таман жүре бастадым. Қойдың артынан еріп келе жатқан қойшыға жолығып, ел сұрадым. Ол жауап берместен бұрын менің жөнімді сұрай бастады. Сұрағына қарай жауап беріп жатырмын. Бірақ, бүгін шықтым елден дегеніме сенбей, ашуланды. өзі де алпыстың ішіне келіп қалған ақсақалды адам екен. Шырағым мені алдауға айналдыңба деп тілге келмей-ақ қолындағы таяғымен салып қалды. Зәре қалған жоқ, қорықтым, ғапу сұрап жалындым. Әйтеуір жер таяқты жеп алған соң, неде болса елге жету мақсат болды. Қойшының нұсқауы бойынша елге таман бетімді түзеп тағы жөнелдім.

Бұл уақытта күн батуға таянып қалған еді. Мен бір белең асып түскенімде үлкен зиратқа кездестім. Енді ауыл зираттан көп алыс емес екенін білдім. Бірақта зиратқа түнеу ғадетім еді, сол ғадетім бойынша зиратқа түнедім.

Күн батып, көз байланған соң таудан туралап зиратқа қарай төнген, табақтай дөп-дөңгелек от көрінді. От барған сайын жақындап, зиратқа таяп келгенде, қорқып жасырынып жатып сығалап қарадым. Сүйтсем, от дегенім айдағардың көзінің оты екен. Келді де бір жалпақ есіктей тасты аударып, ішіне кіріп адам суретіне түсті. Бұл уақытта мен де орнымнан ұша түрегеліп әлгі қақпа тасқа келдім. Соңынан ердім, қуыстың ар жағы үй екен. Бір-екі есікті ашып кірді, үшінші есікті ашқанда, ар жағынан күн мен айдай бір сұлу қыз шықты. Қызды көзім шалды, бірақ айдағар жазым қылар деп ізімше шығып жөнелдім.

Қай уақытта шығар екен деп екі көзім қақпа таста, зираттың бұрышында аңдыдым да отырдым. Таң қараңғысында тағы айдағар суретіне түсіп тауға қарай жөнелді.

Ертеңінде мен өз бетіммен елге қарай тарттым. Үлкен бір шаһарға кездесіп, қайыршылық құрдым. өз шаһарымның қаншалық жерде екенін мөлшерлей алмадым. Жайымды айтып сұрайын десем тағы да таяқ жеймінбе деп қорықтым. Әйтеуір бір жақсысы, қайыршының жөнін сұрамайтын елдің ғадеті ғой, сол ғадет бойынша менің жөнімді сұрап білуге ешкім құмар болған жоқ.

Түнде қонып аттанған үйлерім ханның қызы жоғалып, оны айдағар, дию алып кетті деседі. Бірақ, соны мен көріп едім, тауып беремін деп оқыста біреуге аузымнан шығып кетті. Менің бір ауыз сөзім дереу қанға жетті. Хан дереу бүкіл шаһардан мені іздетіп, қонып жатқан жерімнен алдырды. Хан шақырды дегенде тағы да бір қылмыс тағып, жазалап тастарма екен деп қорқып, қашан алдына келгенше зәре құт қалмады. Сүйтсем жоғалған қызын сұрады, табамысың деді, іркілгем жоқ, табамын дедім. Менің табамын деген сөзім шыққанда қан қуанып орнынан ұша тұрып еді, олай-бұлай жүріп егер, – деді, қызымды тауып беретін болсаң, сол қызымның өзін, болмаса қызымдай уәзірлерімнің қыздарының ішінен таңдаған қызыңды өзіңе алып берем деп уәде берді.

Қыздарды шақыр деп еді, сау етіп қан отырған үйге оншақты қыз жетіп келді. Қыздардың сұлулығы соншалық, бірінен бірі өтеді. Төмен қарап үндемей отырдым да байыппен, «хан мынау уәзірлердің қыздарының ішінен өзіңіз лайықтаған біреуін берерсіз», – дедім.

Хан бетіме қарап алды да, ортада тұрған бір қызды нұсқап, қолын созып көрсетті. Мынау деді, Тайыр деген бас уәзірдің қызы Шолпан, олай болса сенің қалыңдығың деп қызға қарап еді, қыз ұялып төмен қарады. Басқа қыздар Шолпанды ортаға алып, хан рұқсат еткен соң орнындрынан қозғалып жөнелді.

Менің де көңілім өсіп қуанып, недәуір көтеріліп қалдым. Бақытыма қарай қан кез болды, енді жолым болар, ханның қызын тауып беруім керек, бұл маған қойылған серт деп ішімнен ойландым да қойдым.

– Жә, менен қандай жәрдем күш, құрал-сайман керек, – деді хан.

– Қырық жігіт, әскерлік құрал күштерімен ертең кешке дейін болсын, бірақ, ол жігіттеріңіз менің әмірімде болып, не бұйырсам соны орындайтын болуы керек, – дедім. Ертеңінде кешке таман сауыт, сайманмен қырық жігітті ертіп кәдуелгі зиратқа келдім. Жігіттердің бәрін де зираттың ішінде жасырып қойып, қазыр мынау таудан айдаһар келеді, соны аңдймыз. Анау қақпа тасты ашып қуысына кіргенде даяр тұрыңдар, шыға берісінде соғысамыз, – дедім жігіттерге.

Көз байланған соң күндегі әдеті бойынша таудан еңбектеп айдаһар да келіп қақпа тасқа ілінді. Қақпа тасты қопарып аударды да кіріп кетті.

– Әне көрдіңдер ме? – дедім жігіттерге.

– Көрдік, – деді.

– Біздің алысатын жауымыз осы. Егер өлтірсек қыз табылады. Барлық күшті жинап ол айдаһар суретіне түспес бұрын, адам суретіндегі күнінде айқасуымыз керек, – дедім.

Қырық жігітпен қақпа тастың аузын алдық. Өзім жігіттердің алдынан белсеніп қару сайманын қолға алып әзір болдым. Таңға жуық айдағар ысылдап шығып келе жатқанда демімен тартып еді, жігіттердің бәрі де қаша жөнелді. Мен семсерді екі қолыма көлденең ұстап, айдаһардың аузынан тіліп өте шықтым. Мен талып қалыппын, жігіттер қашып қанға барып, қайыршы айдаһармен алысып қалды, біз қорқып қашып кеттік деді. Хан екінші қабат кісі жіберіп, бұлар келсе айдаһар өліп қалғанын, менің талып қалғанымды көрді. Менің басымды сүйеп, есімді жинағаннан кейін қақпа тастың ішіне кіріп қызды алып шықты. Жұрт шапқылап ханға қабар жеткізді. Хан қырық күн ойын, қырық күн той жасап, екі той бір болсын деді. Шолпанды маған тигізді. Мен Шолпанды алған соң ханға уәзір болып қызмет істедім. Менің атымды хан Жолдыаяқ қойды. Бұрынғы өз атым Қакім болатын. Сонымен жақсы тұрмыста төрт жылды өткіздім. Үйлі-баранды, бала-шағалы болдым, ханға қызметім жақты. Хан сондайлық маған сенді. Басқа уәзірлерден жасырын сырларын маған ғана айтатын еді.

Бір күні түнде жүгіріп Сағила деген жеңге келіп, суық хабар жеткізді. Сағиланың сөзіне қарағанда, сол күннің өзінде қырық уәзір сыналып, ханның бұйрығы бойынша мені дарға аспақшы болыпты. Мұны естіп Шолпанға ақылдасып едім, Шолпан мен мұны естідім. Бірақ сен айтқан боларсың деген сұраққа сенбедім. Сенбеген соң саған айтпаған едім. Менің естуімше сені сынайды деді. Бірақ ханның қызы куәлік беріп, бұрын бір диудың соңынан қақпа тастың қуысына еріп кіргенін көріп едім, – депті дегенде менің зәрем ұшып кетті.

Көп ойландым. Ханның алдына барып бастан-аяқ қал-жайымды айтсам ба екен дедім, шырақ диудан өзі қорқып тұрған хан ұстап алып өлтіреді ғой деп ойлап және қорықтым. Қашу керек дедім ішімнен. Бірақ Шолпанға бұл сырымды айтпадым. Амал қанша Шолпанды тастап, сол түнде шаһардан шығып қашып жөнелдім. Соңынан менің қашып кеткенімді естіп іле бүкіл шаһар халқы болып, таңды бетке ала іздеді. Қарағайдың арасында маған жетіп жабыла шаһар болып, ортаға алып қуды. Мен қашып келемін, қалың жұрт қуып келеді, желдің лебіне түріліп көтерілген етегімнен әне ұстайды-ау, міне ұстайды-ау деген кезде менің көзіме маржан елестеді. Бас салдым, көтеріп алып жөнелді. Жұрт артымда шулап, не деген керемет деп қала берді.

Маржанның астында баяғыдай салбырап келемін. Әлде не замандарда бір қамысқа келіп аяғым ілініп еді, көзімді ашып жібердім. Ештеңе де жоқ, қалың қамыстың ішінде қалыппын. Жан-жағыма бұрылып қарап едім, биік құм таудан басқа көзіме еш нәрсе көрінбеді. Неде болса осы таудың басына шығайын деп екі етегін беліме түріп алып, әрең дегенде тауға шықтым. Таудың арғы жақ бетінде, тек қана жалғыз, көк шатырлы күмбез көрінді. Аяңдап отырып күмбезге келіп едім, есігінің алдынан күзетші әйел кез болды. Кіруге рұқсат сұрап едім, тұра тұрыңыз, сөйлесіп келейін деп, тұра жөнелді.

– Кіруге рұқсат, – деді.

Күзетші әйелдің соңынан есіктен кіріп, аралап сарайға келсем, асыр салып билеп жүрген қырықтай жас қызды көрдім.

Қадиша деген ханның жалғыз қызы, қасындағылары соның ерген күзетшісі екен. Бұрын ешкімді іштеріне жібермейтін тәртіптері болса да, бұл жолы маған ондай тәртіп қолданған жоқ. Не керек, өздерімен бірге күмбезде асыр салып ойнап көп уақыт өткердім. Қадишамен жақсы таныс болдым, мені сарайдан шығарғысы келмеді, бірақ мен ол өмірге риза болмадым. Менің есі дертім туып өскен шаһарым болды да тұрды. Жатсам, тұрсам осылардың есігінен қалай шығып құтылармын деймін. Бір үні барлық қыз жапа-тармағай сыртқа шықты, мен де шықтым, ойнап жүріп қыздардың арасынан сытылып қаштым. Тұра қуды, құтқармауға айналды. Састым, не қыларымды білмедім. Енді ұстаса оңдырмас, ханға айтып дарға асады ғой деп ойлаймын. Енді ұстайды-ау дегенде ойламаған жерден тағы да маржан сап ете түсті. Шап бердім, көтеріп ала жөнелді, қайда алып барады, қай жерге тоқтайды, онда менің жұмысым жоқ, шынында ондайды ойлауға мұршамды келтірмеді. Ұшқанда жылдамдығы сондайлық, көзіңді аштырмайды ғой. Не заманда табаным жерге тиіп, қолым босап, көзім ашылып кетті. Қарасам өз шаһарым, өзіміздің мешіт тұр, мешітке қарай жүгірдім. Келсем жұрт жиналып, намаз оқығалы жатыр екен. Мені көріп құшақтап бірінен соң бірі аузымнан сүйіп, төсіне қысып мәз болды да қалды. Менің қайда, қалай барып келгенімді сұрады, несін жасырайын бәрін айттым. Жұрт былай деп жорыды, ол сенің маржан дегенің бақыт құсы, анау бастапқы уәзірдің қызы бірінші жұбың, екінші құдай қосқан жұбың Қадиша, ол саған туғаннан ғашық еді, сені күтіп жатқан беті болатын. Сен онан бекер қаштың, – делі.

Мұны естігенде жаман өкіндім. Расында Қадишаны алып кетуім керек екен, ол бір өмірлік өкініш болды. Мен содан бері қатты өкінішті болдым. Қайғырып мешіттің төбесіне мінбеге шығып алып, мезгілсіз зікір шақыратын себебім сол. Бақыт құсы тағы келеме деп үмітті болам. Зікір салмасқа менде еш бір дәт қуат қалған жоқ. Еріксіз бақырамын да тұрам, кейбір шаһар қалықтары мені жынданған деп те сөз қылатын көрінеді. Олардың сөзі ішіме де кірмейді. Міне менің мезгілсіз зікір салатын себебім осы, – деді азаншы.

Атымтай азаншының аузынан әңгімесін естіп болған соң, рұқсат сұрап мініскердің шаһарына жүріп кетті. Көп уақыт жүріп шаһарға келді. Шаһарға келіп мініскерге азаншының мән-жайын, азаншының өзі айтқандай қылып түп-түгел айтып шықты. Мініскер: «Атымтай, – деді. Енді мен мініскерлік жайымды айтайын, сен құлақ салып түгел тыңда», – деді.

– Менің шаһарым осы арадан мың шақырым шамасында, шаһардан қашып келіп отырған мен бір қашқынмын.

Менің әкем жәй ғана қолөнерші еді, әкемнің тәрбиесімен мен де қолөнер жұмысына жасымнан берілдім. Қолымнан келмейтін өнер жоқ, он қолымнан өнер төгілді. Мен темір де соғамын, темірден түйін де түйемін, ағштан жасамайтын, түймейтін түйінім болмайды.

Атадан жалғыз едім, әке-шешем қартайып мені үйлендірмекші болды. Көп уақыт қыз таңдадым, лайықты сұлу қыз кездеспеді, осы қандай ай мен күндей сыншы болып кеткенімді білмеймін. Бір күні үйіме бір ақсақал келіп қонды. «Балам, – деді, қалыңдығың бар ма», – деп мені айналдырды. Жайымды айттым. Маған сұлу керек еді, сұлу таба алмадым дедім. Сенің көзің сұлу зат жасап әбден машықтанып қалған. Саған жуырмаңдағы өңі сұлу қыздар ұнай қоймас деді. Ақсақалдың мұнысы рас еді.

– Я ақсақал, өзіңіздің табар сұлуыңыз барма, – дедім.

– Менің табар сұлуым саған ұнайды, ондай сұлу дүниеде болмауы керек, болса мұнан артық сұлу бұл өмірде көргенім жоқ деді.

Шамасы ақсақалдың жасы алпыс жастан асқан еді. Алпыс жылдық өмірімде мұнен артық сұлу көрмедім дегенде, жүрегімді тас сендірді.

Ақыр ақсақалға еріп, ақсақалдың айтқан сұлуын іздеп бардым. Барсам дүниеде жоқ сұлу десе сұлу екен. Бар сын көзіммен қарап сынасам да, тұрған бойынан түймедей мін таға алмадым.

– Ақсақал, – дедім, сіздің мынау көрсеткен сұлуыңыз көңілге ұнады, мен мұндай сұлу көргенім жоқ едім. Мақтауға сөз таба алатын емеспін, – деп ем, ақсақалым қарқылдап күлді.

Сол жол ақсақалдың жәрдемімен құда болып, қалың малын төлеп сұлуды алдым. Сұлудың аты Айсұлу еді, Айсұлуды алғаннан бері жұмыс істеп кәсіп қылуға мойын жар бермеді, желкеден бір нәрсе тартып тұратын сияқты. Қасынан шықсам, көзінен таса болсам, жаным шығып кете жаздайды. Айсұлу да мойныма оралып қасынан шығарғысы келмейді, еңбек істеп, мал тауып күн көру керек еді. Ол менде болмады. Кемпір-шал өлді, тұттай болып кедейлендік, қолдағы бар таусылды, осы жоқшылықтың бәрі де Айсұлудың қасында отырғанда ойға кіріп те шықпайды.

Бір күні біреулермен еріп жолаушы шығатын болдым. Менің жолаушы шығатынымды Айсұлумен ақылдасып бір ай бұрын шештік. Сонымен жүріп кеттім. Жолаушының еркі өзінде болатын, «құдай қонақпыз» деп бір үлкен ақ ордаға келіп түсе қалдық. Бес-алты адам едік, күтті. Түнде бір құмалақшыға бәріміз де құмалақ салдырдық, менің кезегім келгенде құмалақшы бетіме бір қарап алды да, жәйіп қойған құмалағына қарап алып: «Балам, – деді, сенің ажалың әйеліңнен болады», – дегені ғой. Сенгенім жоқ, оттап отыр деп ішімнен ұрыстым, бетіме қарап маған сенбей ішіңнен ұрсып отырсың ғой, айеліңнің таңға жуық еті мұздап, еркекпен бірге тамақ ішпейтіні распа дегенде шошып кеттім. Осы иттің айтып отырғаны сандырақ, сандырақ та болса мынау сөзді тауып айтты-ау деп қорықтым.

Шынында Айсұлу басқа еркек түгіл өзіммен бірге отырып тамақ ішпейтін еді. Және таңға жуық еті мұздай болатын, ойлаушы ем, еркекпен бірге тамақ ішпеуін, таңға жуық етінің мұздауын бір себептер бар ғой, сол себептерін сұрасам көңілі қаларма екен дейтін ем. Барған соң енді сұрамай болмас деген ойға келдім.

– Ал бәлгер, рас-ақ болсын, енді барған соң сүйтіп ол әйелмен айырылысу керек бе? – дедім.

– Енді жан керек болса айырылысасың, болмаса әйеліңнен өлесің, бұл екі арасын өзің таңдауыңша, – деді.

Мен сол қорыққаннан қорқып, қорқынышты ұстай үйге жеткенше таудай қылып үйіп алдым. Үйге келген соң, әйелімнің бетіге қарасам, жүрегім аузыма тығылып, кеудемнен бір бәле тіреп тұрған сияқты болды да қалды. Қорықсамда қайтейін, «менімен бірге тамақ іш, және таңға жуық етің неге мұздайды, айт», – деп жабыстым. Ашулануға айналды, өңі өзгеріп бұрылып барады екен, табан тіреп сөзімде тұра алмадым. Ойпырмай сұлуым-ай, неге ашуландың деп қорыққанымнан мойныма оралдым. Жан тәтті ғой, жанымды қоярға жер таппай жаман сасқаным. Сонымен неде болса қашып кетейін, қашқын болайын деген қорытындыға келіп, сұлудан қайтып безудің ақылын таба алмадым. Бір күні мұрныма мақтаны тығып, ауа кірместей, шықпастай тығып тастадым да, сұлудың қасында өтірік ұйықтадым да жаттым.

Түн ортасында төсектен атып жерге түсті, сандықты ашып, жақсылап киінді, айнаға қарап таранды, бір нәрсені алып келіп мұрныма иіскетті, маңдайымды уқалап жіберді де шамды өшіріп үйден шықты. Бұл қайда бара жатыр, соңынан қалмайын деп мұрнымдағы мақтаны алып тастап, соңынан ердім де отырдым. Үлкен көшемен аяңдап отырып басынан шығып, ордалы жыланның ішіне келіп жылан суретіне кірді де кетті. Мұны өз көзіммен көрдім, бұрынғы қорқыныш қорқыныш па, қорқыныш онан жаман зорайды, ізімше қайтып келіп орныма жата қалдым. Мұрныма мақтаны тығып қойдым, ойлаймын, бұл сайтан ба, әлде диу, періме деймін де тағы да ойланам. Не заманда таңға жуық келді, шешініп келіп орнына жатып еді, еті маұздай екен. Әрине жер бауыры суық келеді ғой, жыланмен ойнап күліп, жерден шығып келген соң солай болу керек.

Сонымен ертеңінде түнде өз үйімнен өзім үркіп, қашқын болып шаһарымнан шығып, міне осында келдім. Мен келгелі бір қыдыру жыл болды, артымның не күйде болып қалғанын білмеймін. Мұнда келген соң ағаштан түйін түйіп, кімге не керек, керегіне қарай нәрсе жасап шығарамын. Сол қолымнан жасап шығарған нәрсем сондайлық сұлу болып шықса, отырамын да осы сіра сұлуда менің не жұмысым бар, басыма тиіп еді ғой деп жерге ұрып быт-шытын шығарамын да, өзімді өзім басқа ұрып ақырында қарқылдап күлетінім сол. Бұған да шүкіршілік, басым аман қалғанына қуануым керек деймін. Міне менің барлық қал жайым осы деп мініскер Атымтайға әңгімесін аяқтады.

Атымтай мініскердің жалпы жайымен танысып, әңгімесін естігеннен кейін аттанып жүріп кетті. Атымтай сол жүргеннен жүріп Қаридың шаһарына келіп, қарияның өз үйіне түсті.

Қарияға мініскерің жайын сөйлеп, енді қарияның өз жайын сұрады.

Қария:


– Мен ұры едім, ұры болғанда мал яки зат ұрлайтын кәдуелгі ұры емес, осы адам ұрлайтын ұры едім, – деді.

Ол күнде менде төл ат қып мініп жүрген Тобышақ деген атым бар еді. Атымның орамдылығы, шапшаңдыағы, шабысының дәрежесі сондайлық, атылған оқпен жарысатын. Сол атпен жүріп бір шаһардың адамын көшеден, кез-келген жерден алдыма өңгеріп, ала қашып екінші шаһарға алып барып, құлдыққа сатып жіберетінмін, осыны кәдімгі кәсіп қып жүрдім. Бір күні бір шаһардан бір адамды екінші шаһарға сатып келе жатсам, айыр жолдың тарауында бір ақсақал отыр. Жақындай бергенімде ұшып тұра келіп амандасты. Сол уақытта менің ойымда құдай сол ақсақалды оңынан берді ғой, өңгеріп ала кетіп бір жерге құлдыққа сатып жіберейін деген ойыма кірді. Бірақ, аман сәлемнен кейін: «балам дос болалық», – деді. Мен жөнді жауап бермеп ем, «менсінбей тұрмысың» деді. Және «балам қандайлық кәсіп істейсің деген сұрақты көлденеңнен қойып жіберді». «Кәсібім ұрлық» дедім. «Адал кәсіп істеуге болмай ма?» деді, «адал кәсібіңіз не?» дедім. «Дос болсаң мен адал кәсіпті үйретемін, дос болалық» деп жабысты. «Болсақ болалық» дедім.

– Олай болса ер соңымнан деп ақсақал алдыма түсіп жортып жөнелді. Шауып келемін, тобышақтан тері де шықты, нәсілі тобышаққа жеткізетін емес сияқты. Ол жүрген бетімен жүріп келіп сәскелікте үлкен дарияға кездестк. Ақсақал кәлімгі қара жерден жүгіргендей судың бетіне жүгіріп алып жөнелді. Мен суға келіп тіреліп тұра қалып едім, жүр деп айғайды салды. Мен де суға тобышақты салып жіберіп жүзіп өте шықтым. Алдымыз биік жартас еді, шатқа келіп тірелдік, атты саяға байлап жоғары шыңырауына шықтық.

– Балам, – деді қорықпа, сескенбе және масаттанба, – дегені ғой.

– Жарайды деп тәуекелге кірдім, келе үлкен жартасты етекке домалатып жердің құлағын тапты. Үңіліп қарасақ терең, үлкен аңырайған қуыс, ақырындап жел сызғып тұр. Жүр деп шал бастап кіріп кетті. Мен де соңынан еріп келемін, арырақ барған соң, арғы жағы үй болып шықты. Бір есікті ашып кіріп келіп еді, байлаулы тұрған дәл менің тобышағымдай он екі тобышақ тұр. Онан ары жүріп еді алдымыздан шалқыған жалын, сықырланған айдағар жылан не түрлі зиянды қайуандардың бәрі ауыздарын ашып, тілдерін жалақтатып қарсы шықты. Ақсақал қамшысын иіріп ашуланып еді, жолын сөніп, хайуандар бүйірін соғып жата кетті. Онан әрі және бір есікті ашып кіріп келдік, ай мен күндей бір сұлу қыз кездесті. Ақсақал қызды көре ақырып, «шешін» деп зекіріп қамшысын иіре беріп еді, қыз жалбарынып адамның ішіне кірерлік не түрлі тәтті сөздерді айтып шешінбеу айласына кірісті. Ақсақал онан сайын өршеленіп қамшыны қыздың арқасына түйілтіп қояды. Ақыры жанын қоймады, көйлегін шештіріп, енді іш киміңді шеш деп бұйырды. Қыз ғауретімді ашамын ба деп жыламсырап жабысып еді, ақсақал онысына көнбеді, еріксіз тыржалаңаштанды. Қыздың бұлшық еттері құйған шамдай, еті аппақ қардай адамның аққуы екен. Ғауретін ашқанға мазаланды білем, шалқасынан құлады. Қыз құлап еді аузынан ақ көбік бұрқырап ағып, үйдің ішін көбік басып кетті. Дәл сол уақытта ақсақалдың қызды жалаңаштағанына мен де ішімнен наразылық білдіріп тұр едім, ақсақалым көңілсізденіп, «Балам, – деді, сен көңіліңді мықтап ұста, маған да өзіңе де жаман болады, былқылдама», – деді. «Осы есіктен шыға алмай қалармыз, көңіліңді мықты ұстайық», – деді. Маған десе қызды қуырып жесін деп бекіндім. Қыздан өтіп және бір есікті ашып кіріп едік, адам айтқысыз жиһаз қазына мүлкіне кездестік. Кейін қалған он екі тобшақты айдап келіп қазына мүлік жиһазды теңдедік. Сүйтіп тобышақтарды мен сыртқа айдап жөнелерде, ақсақал қыздың аузынан шыққан көбіктен бір қуық көбік алды. Келген жолымызбен тобышақтарды айдап қосылған тарау жолға келдік. Ақсақал тұра қалып: «Ал балам, мынау қазынаның қаншасын аласың, дос едік және адал кәсіпке баулымақшы болып уәде берген едім», – деді.

– Досыңнан түйе сұрасаң қорыққаннан бие береді, – деп мен тобышақтың жүгімен қақ жарымын сұрадым. Ақсақал қынжылмады. «Балам бөліп, жартысын ал», – дегені. Алты тобышақты жүгімен айдап алдыма салып, ақсақалға қоштасып, жөніме жүріп кеттім. Былай шыққан соң ойыма келді, «апыр-ау бәрін неге сұрамадым, сұрасам да беретін еді ғой» деп көңіліме келе берді. Тұра қалып қолымды бұлғап айғайлап шақырдым, жетіп келді, «не айтасың досым», – деді. «Мынау өзі бір жақсы адал кәсіп екен, сізді шақырғаным анау алты тобышақты жүгімен маған беріңіз, керек болса өзіңіз тағы да аласыз ғой», – дедім. «Ал балам, достан кісі мал аяйма», – дегені. Сүйтіп ұялмай он екі тобышақты айдап және жөнелдім. Пендешілік қандай, көңіліме тағы бір жаман ой келді. Осы он екі тобышақтан анау қыздың аузынан шыққан көбік артық шығар деп ойладым. Шақырдым, аяңдап жетті, не айтасың балам деді. Көбіктің жайын сұрайын деп едім, ол неменеге керек, мүмкін ол көбік мынау он екі тобышақтан қымбатырақ шығар дедім. Ақсақал біраз үндемей тұрды да, мынау көбікті адамның көзіне жақса, дүниенің бәрі ұжымақ болып көрінеді деді. Жабыстым, ал ақсақал менің көзіме жақ, ұжымақты көрсет дедім. Қуықтың аузын шешіп, көбікті бармағына жағып алды да, екі көзіме жағып келіп жіберіп еді, көзім соқыр болды да қалды. Он екі тобышақты алдына салып ақсақал айдап жөнелді. «Ақсақал еке ақсақал, көзімді жазып кет», – деп жалынып ем, көзің жазылады «еннама ағләлі беннети» деп айта бер, – деді. Сол жолдың үстінде қақсадым да отырдым. Жүргіншілер кездесіп шаһарыма алып келіп тастады, сонан міне осы күнге дейін көзім жазылама деп күні-түні қақсаймын да отырамын. Былайғы жұрт менің не қылып отырғанымды білмейді, әйтеуір бір аят сөзді оқып отырған соң «қари» деп ұғынады. Мен қаншалық қари болайын, өмірі басым сәждеге тиіп көрген емес деді.

Атымтай қаридың әңгімесін естігеннен кейін, онан аттанып Гауһаршашбаның шаһарына, Гауһаршашбаға келді. Гауһаршашбаға қаридың барлық жайын айтқан соң Гауһаршашба гауһардың қайдан шығып жатқаннын айтты.

Он алты он жеті, шамасында Гауһаршашба өз шаһарында Зейніл деген байдың қолында малайлықта болады. Малайлық өмір, кісі есігі қандай қиын, адамның өмірі өксиді екен деп әңгімені өз өмірінің кісі есігінде жүрген күннен бастайды. Байдың қолында екі ақбоз тұлпары болды. Бір күні бай жолаушылап барып келді де, дәл түнде таңасып тұрған атты маған суарып отқа қой деді. Аттарды суарып құдық басында тұр едім, көлденеңнен екі ұры пайда бола кетті. Мен басында ұры екен деп ойлағаным жоқ едім, жәй адам ғой деп қашпадым. Жақындап келді де тізгінімнен шап беріп аттан аударып тастады, өзімді тіл ауыздан қалдырып өлімші қылып сабады. Беті-аузымды қан жауып кетті, ұрылар атты алып жөнелді. Есімді жинаған соң аяңдап байға келіп істің мән жайын айтып ем, сенбеді. Өзің қолыңнан жөнелтіп келдің деп басыма келіп міне түсті. Тепкілеп көгала қойдай қылып серейтіп босағаға салып қойды. Ыңырсып жатыр едім, мынау сорлыға обал болды-ау деген ешкім болмады. Есімді жинап алып, басымды көтеруге айналсам, бай және келіп ұрып өлімші қылып кетеді. Сол түн таң атқанша таяқ жеумен болдым. Бүйткенше өлейін, таудан құлайын деген оймен еңбектеп құздың басына шықтым. Құздың басында тұрып жерге қарасам, көз жетпейді. Тіпті алыс ойыма әр түрлі нәрселер түседі, сүйтіп отырғанымда қасыма бір ақсақал келіп пайла бола кетті. Мен енді құлауға ұмтылғанымда бағанағы ақсақал етегімнен ұстай алды. Егер мынадан құласаң дымың да қалмайды, өзіңді-өзің азапқа салғалы тұрған неткен жансың, мұның жарамайды деп тоқтау айтты. Және мұнан былай қарай өз күніңді көр бейшара деп бір қуық көбік берді. Көбікті топыраққа шашсам гауһар болып шығады, көбік және таусылмайды. Менің кәсібім бүкіл шаһарда бұрын өзім сияқты ғарып, қысірлерді гауһар шашып, солардың тұрмысын оңдау болып отыр. Менің атымды шығарған осы қуық еді деп қуықты жан қалтасынан суырып алды.

Бану жомарттығын сенен асырамын деп, қайыршыларға мырзалық құрып отыр. Оның қатынасын көтеріп, жәрдем беріп отырған мен. Үйтпеген күнде оның жомарттығы сенен анағұрлым төмен, – деді.

Және қазірдің өзінде Рум шаһарында хан сайлауы басталды, соған дейін жетуің керек деді.

Атымтай Гауһаршашбаның әңгімесін естігеннен кейін Бағыдатқа келді. Бағыдатқа келген соң Зейнілғабиденді Бағыдат шаһарына қандыққа сайлап, Бануды қырық күн ойын, қырық күн тойын істеп өзі алды.
Студенттің орындайтын тапсырмал ары

1. Тұрмыс – салт ертегілерінің шығу тарихы.

2. “Аяз би” ертегісінің сюжеттік желісі.

3. Қазақ ертегілерінің жиналуы мен зерттелуі.

4. Тұрмыс-салт ертегілерінің халықтық сипаты.

5. Тұрмыс-салт ертегілерінің түрлері.

6. Новеллалық ертегілер, олардың жанрлық белгілері

Әдебиеттер тізімі:
22. тақырып: Сатиралық ертегілер

Жоспар:

1.Сатиралық ертегілерде таптық теңсіздік, тұрмыс-тіршіліктің бейнеленуі

2.Сатиралық ертегілердегі Қожанасыр, Алдаркөсе және Тазша бала бейнелері

3.Сатиралық ертегілердің сюжеттік құрылымы мен тартымдылығы



Сабақтың мазмұны

Егер новеллалық ертегілер адамның басынан кешкен шытырманды, әрі қызғылықты, тіпті, әдеттен тыс уақиғалармен байланысты болса, сатиралық ертегілер қанаушылар мен арамтамақ адамдарды әшкерелеп, кәдімгі ауыл
өмірін бейнелейді. Новеллалық ертегілер ғибрат боларлық белгілі бір тұрмыстық шындықты жақтауды, қайсыбір кеселді келісті үлгі күшімен аластауды, әлдеқандай бір мораль уағыздауды мақсат тұтса, сатиралық ертегілер қоғамдық дертті кекесінді де, кесіп түсетін күлкі арқылы әшкерелеуді көздейді. Новеллалық ертегілердегі уақиға хан сарайлары мен қалаларда өтеді. Ал, сатиралық ертегілердегі уақиға орны – әдеттегі ауыл, кейіпкерлері – ауылдағы малшы мен бай, молда...

Сатиралық ертегілер – әлеуметтік мазмұны жағынан ширыға түскен, кемелденген сананың жемісі. Бай мен кедей бірімен-бірі тату тұрған ба? Сондықтан халық ертекте қанаушы тапты қатал әшкерелеп, қарапайым кедейдің байдан моральдық артықшылығын баса көрсетеді. Халықтың мәңгілік арманы – қанаушыларын тізе бүктіру сатиралық ертегілерде көрініс табады. Әмбе бұл арман қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған өмір аясында немесе құрғақ қиялда емес, күнделікті шындық өмірді бейнелейтін ертегіде жүзеге асырылып отырады. Сөйтіп, ертегі кедейдің өз күшіне деген сенімін арттыра түседі. Бұдан біз сөз өнері түріне айналған сатиралық ертегілердің халық прозасының басқа жанрларынан кешірек, таптық қоғамның кеселді дерттері барынша айқындалған дәуірде кең дамығанын көреміз. Сатиралық ертегілердің бізге жеткен сипаты, негізінен, XV-XVIII ғасырларда, яғни Қазақ хандығы тұсында қалыптасқан болу керек.

Сатиралық ертегіде ақымақтар мен қу тазша, Алдар көсе, Қожанасыр бейнелерінің болуы – жалпы ертегі жанрының жаңа көркем сапаға көшкенінің белгісі, өйткені, бұл кейіпкерлер қоғамның дамуына сәйкес өзгерген халық дүниетанымымен байланысты пайда болған. Басқаша айтқанда, ел енді ежелгі нанымдар мен салттарға сын көзбен қарап, оларды ұстанған кісілерді мазақ қылатын болған. Сол себепті ертегі кейіпкерінің бұрынғы жақсы қасиеттері (тектілігі, адамгершілігі, адалдығы, т.с.) басқаша бағаланып, кейіпкер өзгеше, тіпті, бұрынғыға кереғар сипатталатын болған. Дүние өзгеріп кетті, ал, ертегі кейіпкері сол қалпында қалған, сондықтан оның ескі салт пен түсінік-пайымға адалдығы елдің күлкісін келтіреді.

Ертегі кейіпкерінің өмір жағдайына бейімделе алмауы оны елге ақымақ қылып көрсетеді. Ол маңайындағы адамдарға ұқсамайды. Басқа жұрт есеппен өмір сүріп, өзіне қажетті шаруа істесе, ол керісінше істейді: қақпанға түскен аңдарды босатып жібереді, іші араға толы қапты сатып алады, өлген кісіні тірілтемін деп, таяқпен сабайды[911].

Алайда, бұл ертегілердің кейіпкері қаншалықты ақымақ болғанымен, ол – жаны таза, қайырымды, ешкімді жәбірлемейді. Осы қасиеттері оны ертегідегі басқа кейіпкерлерден әлдеқайда артық етіп көрсетеді. Ертегі де, халық та сол жақта, оны бақытқа кенелтеді. Ол – халық өте жоғары бағалайтын қасиеттердің иесі, сондықтан басқа адамдардың қадір-қасиеті сол арқылы бағаланады. Соның қасиеттері арқылы ертекшілер қайырымдылық пен әділеттіктің идеясы осындай болса деген өз ойларын айтады.

Мұндай ертегілерде кейіпкердің іс-әрекеттері күлкілі етіп суреттеледі, олардың ақымақтығы ғажайыпты (фантастикалы) емес, тұрмыстық (бытовой) қиял арқылы әшкереленеді. Ертегілерде көрсетілген жағдайлар (күйеуін шешесіне тамаққа қанша тұз салу керек екенін біліп келуге жұмсау, күйеуінің өз есімін ұмытып қалуы, өзіне келген еркекті әйелдің сандыққа тығуы, т. т.) өмірде болуы мүмкін емес, ертегі сынға алып отырған нәрсе – осы «логикаға сыйымсыздық». Болмыстағы шын нәрсені әдейі логикаға сыйымсыз етіп көрсету – тұрмыстық қиялдың көркем тәсілі.

Ақымақтар туралы ертегілерде тұрмыстық қиялдың ең басты шарты болып саналатын алогизм нығая түседі; оның істері мен сөздерінде әдеттегіден тыс сипат (эксцентричность) басым болады, сөйтіп, кейіпкер аңқау (чудаковатый) болып көрінеді. Бұл, әсіресе, Қожанасыр туралы ертегілерге тән (қазақтардың өте аңқау кісіні Қожанасыр деп атауы тегін емес).

Бірақ көркем жанр ретінде атқаратын қызметіне байланысты сатиралық ертегі ақымақтықты да, аңқаулықты да өз мақсатында пайдаланып, оларға басқа мағына береді. Ақымақ болып көрінетін кейіпкер шын мәнінде өте ақылды да, оның дұшпандары – нағыз ақымақ болып шығады. Бұл – жалпы ертегі эстетикасының заңдылығы.

Ақымақ бала туралы ертегілер өте кең тараған. Сараң, ақымақ та тасжүрек ағайындылар еті тірі, еңбек сүйгіш біреуін (ол көбінесе кенже бала болып келеді) қызғанышпен күндеп, қуғынға ұшыратады. Олар кенже баланың үйін өртеп, шешесін өлтіреді, өзін де құртпақ болып, құдыққа лақтыруға әрекеттер жасайды. Бірақ осының бәрінде жағымды кейіпкер өзін қуғындаушыларды қатырып алдап, қазаға ұшыратады («Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек», «Кейқуат»). Ол топас, қысқа ақылды жеті қарақшыдан да кегін қайтарады («Момынбай мен жеті қарақшы»). Әділетсіз, топас жан ақымақ баланың табылған алтынды қайда жібергенін де аңғара алмайды («Ақымақ бала»).

Ақымақ бала туралы ертегілердегі негізгі назар сараңдық пен әділетсіздікті әшкерелеуге аударылады. Адамның табиғатынан ақылды, я ақылсыз болып тууы заңды нәрсе, оған талас жоқ, ал, әділетсіздік пен тасбауырлық арқылы өз бақытын талап ету – әлеуметтік мәнді мәселе. Міне, осындай жолға түскен адамдармен күресте ақымақ бала да үнемі жеңіске жетіп жүреді.

Ақымақ бала мен тазша туралы ертегілер тобының жігі аса нақты ажыратылмайды. Мұнда әлеуметтік сатира онша күшті емес. Ертегі жалқаулық, сараңдық, дөрекілік сияқты тұрмыста кездесетін кемшіліктерді сынайды. Тазша сатиралық ертегілердің қаһарманы ретінде шығыс халықтарының көбіне мәлім. Тазша – кедейдің кедейі. Оның жалғыз байлығы – ақылы мен айласы, тапқырлығы мен табандылығы, қайраты мен қажырлылығы. Тазшаға кез келген қалың қалталыны алдау мен қалаған затын қағып алу сөз емес. Ол, тіпті, керек болған жағдайда ханды да ұрлап әкеткен, ал, екінші бір ханды өз еркімен тұзаққа асылдырған.

Жалпы, қазақ фольклорында тазша бейнесі екі түрлі болып келеді. Бірі – шын тазша да, екіншісі – жалған тазша. Алғашқысы – сатиралық ертегінің кейіпкері болса, соңғысы – қиял-ғажайып ертегі мен эпоста көрінеді. Мұнда бас кейіпкер әртүрлі жағдайға байланысты тазша кейпіне түсіп, болашақ әйелінің аулына немесе жау ішіне танылмай келеді. Бұл образ шығу тегі жағынан алғанда ежелгі замандағы бозбаланы ержету сынағынан өткізу салтымен байланысты. Ал, фольклорлық көркем шығармаларда тазша бейнесі жанрдың поэтикасына сәйкес бейнеленіп, әлсізді дәріптейтін халық эстетикасы тұрғысынан көрінеді.

Біраз ертегі халық арасына кең тараған кейіпкерлердің аттарымен байланысты айтылады. Орта Азияның басқа халықтары сияқты қазақтарда да Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр есімдері мен образдары төңірегіне топтасқан сатиралық ертегілер тобы бар. Бұл қаһармандар (Кожанасыр, Алдар көсе, Жиренше) қырғыздарға да, түркімендерге де, өзбек, әзербайжан, түріктерге де жақсы таныс.

Қазақ халқының сүйікті кейіпкерлерінің бірі – Алдар көсе туралы ертегілер циклы әлеуметтік мазмұны жағынан әлдеқайда өткір. Мұндағы кейбір сюжеттер шығу тегі жағынан ерте заманда пайда болған біраз сюжеттерді бойына сіңірген[912]. Сондай сюжеттердің бірі Алдар көсенің шайтанды жеңуі туралы ертегілер ақылды, қу, алды-артын болжағыш адамдарды дәріптейді, ақымақтық пен сараңдықты ашық әшкерелейді. Алдар көсе шайтанды ұста дүкеніне айдап кіргізіп, тең бөлеміз деген астықтан өзіне артық алады, дүниедегі қорқатын нәрсем деп қазы-қарта жейді, ақырында, шайтанның мойнына мініп, серуен құрады, т.т. Алдар көсе мен шайтан туралы ертегілерде әлеуметтік арна жоқ, онда жалпы адамзатқа тән жағымсыз қызықтар келекеленеді. Демек, мұның өзі осы сюжеттің өте көне екенін көрсетеді.

Ал, Алдар көсе мен Шығайбай және мазмұны жағынан онымен үндес ертегілер тобы басқаша. Мұнда Алдар көсе байды табан астында алдап, аузындағы майлы етті қорқытып алады, оның сараңдығын келекелейді, ақыры, алдап соғып, әлпештеп отырған сұлу қызын алып кетеді. Бұл ертегілер тобындағы күлкі объектісі – жай ғана ақымақ, сараң адам емес, бір тамшы су сұрасаң бермейтін, дүниесінің үстінде дірілдеп-қалшылдап отырған дүниеқор бай. Алдар көсе мен бай туралы ертегілер әлеуметтік мәні жағынан өте өткір.

Ертегі қанаушылар мен олардың қолшоқпарларының бойындағы ең жағымсыз қасиеттерді ашып береді. Байға тән қасиеттің бірі – шектен шыққан сараңдық. Олар өзіне қызмет қылушыларды аштықпен азаптайды, еңбек ақысын төлемей, оларды әртүрлі айла-тәсілдермен алдауға тырысады («Бай мен жалшы» және Алдар көсе туралы көптеген ертегілер). Мұндай озбырлыққа келгенде молда да байдан қалыспайды: Сары молда Өтежанның ала жазғы еңбегіне қауынның дәнін ғана төлейді.

Сатиралық ертегілердің өзіндік бір түрі – анекдот. Оның басты ерекшелігі мынада: анекдот белгілі бір ұзақ сонар уақиға туралы әңгіме емес, қысқа ғана, аса елене бермейтін, қалт еткен бір құбылысты күлкі арқылы көркем өрнектеп, маңызды қорытынды жасайды. Анекдотқа кіргізілетін құбылыс қаһарманның өміріне ерекше өзгерістер енгізбейді, тек оның кейбір сапалық қасиеттерін аша түсу үшін иллюстрация ретінде қолданылады.
Студенттің орындайтын тапсырмалары

1. Сатиралық ертегілердің жанрлық сипаты

2. Сатиралық ертегілердегі сатира мен юмор, аңқаулық пен қулықтың көрінісі.

3. Сатиралық ертегілердегі Қожанасыр, Алдар көсе, Тазша бала бейнелері


Әдебиеттер тізімі:

23. тақырып: Аңыздық проза

Жоспар:

1.Қазақ мифтерінің архаикалық сипаты

2.Аңыз-әңгімелер, олардың тақырыбы мен қаһармандары

3.Әпсана, олардың түрлері



Сабақтың мазмұны

Миф – адам және дүние туралы көне аңыз, әңгіме, мифошығармашылық, мифологиялық космогенез болумен қатар тарихи-мәдени рәмізделген айырықша сана күйі. Мифтік уақытты басқа типтер ауыстырғаннан соң да тотемдік түсініктер халық жадында архетиптік қызметін атқарып, басқа бір рәміздер мен таңбаларға айналады. Мысалы, түркілер мен моңғолдарда көкбөрі жаугершілік заманында қайсарлыққа шақырған рәміздік рөл атқарған. Мифтің тағы бір ерекшелігін мәдени дисперсия немесе синкретизм деп атауға болады. Әр түрлі әлемдер мен мәдениеттердің тоғысуы, уақыттық кезеңдердің бір-бірімен араласып кетуі, қиял-ғажайып оқиғалардың тұрмыс шындығымен бірге жүруі - мифтік санаға тән құбылыс.

Аңыз халықтық наным сенімнен қиял – арманынан туған. Осыған орай онда фантастикалық элементтер мол аңыз мазмұны бірде тарифи фактілерге негізделсе бірде нақты дерегі жоқ, қиялдан туған қызық ғажайып оқиғаларға құрылады.

Қазақ фольклорындағы аңыз мазмұнына, тақырыбына қарай шартты түрде былайша жіктеледі :

а) аспан әлемі, жер, су, қала, ауыл аттарына ;

ә) халықтық ру, тайпалардың шығу тегіне байланысты аңыз ;

б) діни – мистикалық;

в) әлеуметтік – утопиялық;

г) тарихи- қаһармандық яғни жеке адамдардың өмірі, іс - әрекеті жайлы аңыз.

Табиғат құбылысы, аспан әлемі, хайуанаттар жайындағы аңыз басқалардан бұрынырақ шыққан тәрізді олар жер мен аспан. Жеті қарақшы, үркер жұлдыздры, әлемнің жұмбақ сырлары жайындағы, самұрық құс, айдаһар, боз інген тағыда басқа хайуанаттар жайындағы аңыз. Ал жер, су, тау, қала, ауыл аттарының пайда болу жайындағы географиялық – топонимиялық аңыздар кейінірек пайда болған.

“Бурабай”, “Іле”, “Келіншек тау”, “Қалмақ қырған” тағыда басқа әр халықта өзінің шығуы, таралуы жайында этногеналық аңыздар бар.

Қазақ халқының оқиғасын болмыстан, шындық өмірден алып ауызша шығарған көркем шығармаларының елеулі бір саласы – аңыз - әңгімелер. Аңыз - әңгімелердің алғашқы үлгілері халық үшін қызмет еткен және тарихта боған адамдардың ісін, өмірін әңгімелеу негізінде туған. Мұндай адамдардың халыққа қамқор болып, халық намысын қорғағаны, бұл жолда жасаған әр алуан істері ел аузында аңыз - әңгімеге айналып, ұрпақтан – ұрпаққа жеткен. Олардың аты, ісі ерте кезде жазу – сызу өнері болмағандықтан хатқа түспеген, тек халықтың аңыз - әңгімелерінде сақталған.

Қазақ халқының оқиағасын реалистік болмыстан, шындық өмірден алып ауызша шығарған көркем шығармаларының елеулі бір саласы-аңыз-әңгімелер. Аңыз-әңгімелерджің алғашқы үлгілері халық үшін қызмет еткен және тарихта болған адамдардың ісін, өмірін әңгімелеу негізінде туған. Мұндай адамдардың халыққа қамқор болып, халық намысын қорғағаны, бұл жолда жасаған әр алуан істері ел аузында аңыз-әңгімеге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Олардың аты, ісі ерте кезде жазу-сызу өнері болмағандықтан хатқа түспеген, тек халықтың аңыз-әңгімелерінде сақталған.

Сондықтан да әуел басында тарихи шындыққа, нақтылы деректерге негізделіп туған әңгімелер кейіннен халықтың ауызша айтатын аңыздары болып кеткен. Бұл әңгімелер бертін келе әр түрлі қоғамдық жағдайларға, халық тілегіне сәйкес өзгеріп, жаңарып отырған, оған бергі заманның өмңр шындығынан туған жаңа оқиғалар, көзқарастар қосылған. Солардың бәрінде жаңағы адамдардың аттарын айнытпай сақтай отырып, соңғы кездің тілектерін көрсететінаңыздар да туған. Мысалға, Алдар көсе жайындағы қазақ аңыздарын алсақ, оларда әр заманның ізі жатқанын байқаймыз. Онда хандар билеген заманның да, бертінде байлар мен саудагерлер әкімдік еткен дәуірдің де елестері бар. Бұдан, бір жағынан, Алдар көсеге байланысты аңыздардың ерте заманда туғандығын аңғармақ; екіншіден, бергі кездің де жай-жапсары суреттелгенін көреміз. Ел қиялы ертедегі Алдар көсені бергі заманға алып келгенде, бұрынғы аңыздардың кейіпкерлері арқылы соңғы кездің суретін беруді беруді мақсат еткен деуге болады.

Аңыздардың әңгімесі тарихта болып өткен адамдар жайынан алынады дегенді біз шартты түрде (условно) айтамыз. Өйткені қазақтың аңыздарында аталатын Алдар көсе, Асан қайғы, Жиренше туралы тарихи деректер жоқ, тек аңыз-әңгімелер бар. Олардың қай ғасырда жасағанын да дәлдеп айту қиын. Бірақ солардай адамдар тарихта болуы мүмкін. Ерте кезде жазу-сызуы болмаған халық жаңағы адамдар жайында тек аңыздар қалдырған, онда тарихи адамдарды ауыз әдебиетінің кейіпкері етіп жіберген.

Қазақ арасында туған аңыз-әңгімелердің бірсыпырасы Алдар көсе жайында айтылады. Бұлардың бәрінде ол халықтың ақылды-айлалы ұлы, тапқырлығына қулығы сай, ер көңілді, өжет жігіті болып суреттеледі.

Алдар көсеге байланысты аңыз-әңгімелер тек қазақта емес, ағайындас қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікпен, елдерінде де бар. Осы елдерде айтылатын аңыздардың бәрінде Алдар көсе халық ұлы, көпшілік атынан күреске шыққан, қанаушы тап адамдары мен алысып өткен азамат бейнесінде келеді.

Қазақтың аңыз-әңгімелерінде Алдар көседе осындай ер жігіт, Қазақ аңыздарының қайсысы болса да оқиғаны күлдіргі халге, өткір мысқыл, ащы әжуаға құрады, олардың бәріне Алдар көсе халық өкілі ретінде белмсене араласып жүреді. Халықтың әңгіме-аңыздарының сүйікті кейіпкері болған Алдар көсе топас ханды, сараң байды, елді жегідей жеп жүрген саудагерді, әр түрлі діндар адамдарды мазақтап, күлкі етеді, олардың жағымсыз қылықтарын жұрт алдында жиренішті етіп көрсетеді. Осыған сәйкес аңыз-әңгімелерді халықтық тұрғыдан оның жағымды образы жасалады; Алдар көсені қалың көпшілік ортасынан шыққан және сол көпшіліктің мүддесі үшін күрескен адам етіп бейнелейді.

Алдар көсе жайында қазақ арасында айтылатын аңыз-әңгімелердің тақырыбы, мазмұны әр алуан болып келеді, соның бәрі еңбекші бұқараның тұрғысынан айтылады. Мұны біз “Алдар көсе мен Алаша хан”, “Алдар көсе мен шық бермес Шығайбай”, “Алдар көсе мен саудагер” т. б. аңыз-ертегілерден көреміз. Осы аңыздарда аталатын хан, бай, саудагерлерді Алдар көсе өзінің тапқырлығы, ақыл-айласы арқасында алдап соғады, ел алдында мазақ, күлкі етеді. Оларды Алдар көсе қара басының пайдасын көздеп алдамайды, халықтың намысын қорғау үшін, еңбекшілерді езіп келген қанаушылардан кек қайыру үшін алдайды.

Алдар көсе жайында қазақ арасында шығарылып, көпке тараған аңыз-әңгіменің күрделісі - “Алдар көсе мен шық бермес Шығайбай”. Бұл аңызда сараң, қалтырауық, пейілі тар байлар жөнінде халықтың сыны, көзқарасы қандай екенін айқындайды. Және де Шығайбай аңыз-әңгіменің жекелеп алған жексұрын кейіпкері ғана емес, ол сонымен қатар, өзі секілді ішетін асқа, киетін киімге жарымаған сілкіп саларға сырмағы жоқ ертедегі қазақ байларының кескін-келбетін, олардың өрісі тар, өресі аласа ой-жүйесін көрсетеді.



Студенттің орындайтын тапсырмалары

1.Халық прозасы туралы түсінік

2. С.Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» еңбегінің мәні, мазмұны

3. Мифологияны (аңыздық прозаны) зерттеу жолдары

4. Мифтің жанрлық ерекшеліктері

5. Мифтің танымдық қызметі

6. Миф – көркемдік ойлаудың бастау кезі

7. Аңыз-әңгімелердің жанрлық сипаты

8. Тарихи аңыздардың сюжеті мен қаһармандары

9. Дүниенің жаратылысы, әулие-әмбие туралы әпсаналар

10Аңыздың тарихтық және мекендік түрлері

Әдебиеттер тізімі:

1.Әуезов М. Әдебиет тарихы. – А., 1991

2.Садырбаев С. Фольклор және эстетика. – А., 1976

3.Бабалар сөзі 100 томдығы. – А., 2014

4.Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – А., 1974

5.Садырбаев С. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Хрестоматия. - А.,1977

6.Қазақ әдебиетінің тарихы 1-т, 1,2-кітаптар. – А., 1960,1964

7.Қазақ фольклористикасының тарихы. – А., 2009

8.Қазақ фольклорының тарихылығы. – А., 1993

9.Сейітжанұлы З. Қазақ халық әдебиеті. – А., 2013

10.Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. – А., 1985

11.Тұрсынов Е. Д. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері




24. тақырып: Эпостық жырлар

Жоспар:

1.Қазақ эпосының жанрлық құрамы

2.Көне эпостың анықтамасы мен негізгі белгілері

3.Батырлық жырлардың идеялық нысанасы, тақырыбы, халықтық сипаты



Сабақтың мазмұны

Қазақ фольклорының тарихи сипаты басым көркем де құнды саласы-эпостық жырлар. Эпос деп оқиғасы ел өмірінен алынып, образдары ірі әрі кемелді түрде жасалып, батырлық немесе ғашықтық сюжетке құрылған үлкен-үлкен эпикалық жыр-дастандарды айтамыз. Қазақ эпосының түрлері: 1.Көне эпос; 2.Батырлық эпос; 3.Ғашықтық эпос; 4.Тарихи эпос.

Қазақтың көне эпостарына: «Құламерген, Жоямерген», «Таласбай мерген», «Дотан батыр», «Құбығұл», «Мұңлық-Зарлық» жатады. Алғашқы адамдарының дүниетанымын көркем елестететін мифтік, ертегілік, аңыздық оқиғаларға құрылған эпикалық туындылардың ортақ белгілері:

1.Қиял-ғжайып оқиға күрделі орын алады, адам баласына қаскөй күштер:жезтырнақ, дию, аждаһалар, албастылармен күрес, оларды жеңіп барып мұратқа жету көрсетіледі.

2.Көне эпоста дүниенің жаралуы туралы мифтік ұғымдар көрініс тапқан. 3.Анаеркі (матриархат) дәуірінің ыдырап, атаеркі (патриархат) кезеңінің салты орныға бастаған шақтың сипаттарын танытатын оқиғалар кездеседі.

4.Көне эпосыта ертедегі аңшылық өмірдің суреттері неғұрлым көбірек сақталған.

5.Адамдардың сиқырлы күштерге сенуі (анимизм,тотемизм т.б.), жан-жануарлардың, өсімдік дүниесінің жаны, иесі бар деп есептеушілігі эпикалық шығырмаларда өз ізін қалдырған.

6.Баласыздық тақсіреті, әулиелер аралап, мінәжат етіп жүріп перзентті болушылық, түс көру, аян беру, болашақ қаһарманның ғажайып тууы тәрізді мотивтер сюжетке негіз болады.

7.Қаһарманның жедел есеюі, жүйрік ат таңдап мініп, қауіпті алыс сапарға аттануы, жол жөнекей алуан түрлі жыртқыш, сиқырлы қас күштермен кездесуі, батырлықпен үйленуі-көне эпоста кең таралған құбылыс.

Әрбір халықтың эпостық жырларының қатарынан батырлар жырының алатын орны үлкен. Батырлар жыры елдің сандаған ғасырларда бастан кешкен тарихын, салт-санасын көркем жинақтайды, түрлі оқиғаларға өзіндік көзқарасын белгілейді, алдан күткен арманын білдіреді. Тарихта болған белгілі оқиғалар мен істердің дәлме-дәл шежіресі, көшірмесі болғанмен қаһармандық эпос сондай құбылыстардың терең тұжырымын аңғартады. Батырлар жырында ерлік, отан сүйгіштік қасиеттер асқақтата жырланады. Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз мінез, қасиеттерді әсірелеп беру эпосқа тән қасиет.



Студенттің орындайтын тапсырмалары

Әдебиеттер тізімі:

1.Әуезов М. Әдебиет тарихы. – А., 1991

2.Садырбаев С. Фольклор және эстетика. – А., 1976

3.Бабалар сөзі 100 томдығы. – А., 2014

4.Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – А., 1974

5.Садырбаев С. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Хрестоматия. - А.,1977

6.Қазақ әдебиетінің тарихы 1-т, 1,2-кітаптар. – А., 1960,1964

7.Қазақ фольклористикасының тарихы. – А., 2009

8.Қазақ фольклорының тарихылығы. – А., 1993

9.Сейітжанұлы З. Қазақ халық әдебиеті. – А., 2013

10.Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. – А., 1985

11.Тұрсынов Е. Д. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. – А., 1976




25. тақырып: «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар батыр» жырлары

Жоспар:

1.«Алпамыс батыр» жырының сюжеттік желісі, идеясы

2.«Қобыланды батыр» жырының мазмұны мен пішіні

3.«Қамбар батыр» жырының көркемдік ерекшелігі, образдар жүйесі



Сабақтың мазмұны

1.«Алпамыс батыр» жырының сюжеттік желісі, идеясы

Алпамыс батыр” — қазақ халқының қаһармандық эпосы. Терең мазмұны, көркемдігі мен тарихи шындықты қамтуы жағынан “Одиссея”, “Манас”, “Калевала”, “Қобыланды батыр” т.б. жырлар секілді әлемге танымал эпостық жыр. “Алпамыс батырда” халықтың басынан өткен қаһармандық оқиғалар эпик. әсірелеу заңдылығымен берілген. Жырда талай заманның түсінігі, дүниетанымы, шындығы қат-қабат қорытылып, полистадиялы түрде жинақталған. Мұнда түрік қағандығы дәуіріндегі (5-7 ғ.) азаттық үшін күрестің сарындарынан бастап, 17-18 ғ-ғы қалмақ шапқыншылығына қарсы қаһармандық ұрыстардың нақтылы елестері де сезіліп отырады. Зерттеушілер (В.М. Жирмунский т.б.) “Алпамыс батыр” жырында көне дәуірдің салт-санасы, ғұрпы, неғұрлым айқын бейнеленгенін атап өткен. Жыр дәл қазіргідей класик. бүтіндікке замандар бойында жетілу, толығу арқасында жеткен. Әсіресе, жырдан батырлық ертегілердің жігі айқын байқалуы эпосты ең байырғы туындылардың бірі деп есептеуге мүмкіндік береді. Мыс.: жырда қарт ата-аналардың жаратқаннан перзент тілеп әулиелерге түнеп мінәжат етуі, болашақ батырды зарығып көруі; жас қаһарманнның жедел ер жетіп, айрықша қайрат танытып өзі таңдап жүйрік ат мінуі; жау шапқыншылығына ұшыраған елінің кегін қайтарып, туған елін бақытқа кенелтуі; өзіне өмірсерік болатын сұлу жар таңдап бақытты өмір кешуі секілді ежелгі батырлық ертегілерге тән тұрақты сарындар жырда мейлінше анық және толық көрсетіледі. Алпамыс жау зынданында жатқан кезінде оның қалыңдығы Гүлбаршынды Ұлтақұлдың зорлықпен алуға ұмтылуы, батырдың өз әйелі “тойының” үстінен шығуы бұл эпосты ертедегі гректің “Одиссеясымен” үндестіреді. Әлбетте жырдың ең қызықты тармағы қазақ халқының бертіндегі тарихи өмірінің сипатын беретіндігі. Қазақ халқының 17-18 ғ-да қалмақ жаулаушыларына қарсы күресі көптеген жырларда фабулалық шынайы көрініс береді. Жырда көрсетілген жер, мекен, адам аттары, елдің шаруашылық кәсіптері, салт-ғұрыптары эпостың қазақ халқының төл туындысы екендігін дәлелдейді. Қаһармандардың туып-өскен, өмір кешкен елі — Жиде байсын, нақтылы тайпасының аты — қоңырат болып көрсетілгені көптеген ғалымдардың, соның ішінде Жирмунскийдің дастанды қоңыраттардың тайпалық эпосы деп айтуына мүмкіндік берген. Дегенмен, эпоста сипатталатын оқиғалар, адамдардың іс-әрекетінің молдығы, сан-дәуірдің наным-сенім ерекшелігін танытатын тұстары эпостың шеңберін бүкілқазақтық көлемге көтереді. “Алпамыс батыр” жырының халықтың есінен мәңгілік ұмытылмастай орын алу себебі тарихи әлеум. шындықтың биік көркемдікпен жырлануында. Мұндағы бейнеленетін көріністердің бәрі де қазақтың көшпелі өміріне тән мейлінше етене жәйттер. Байбөрі мен Байсарының бір-бірімен уәде байласып құдандалы болуы, қадым замандағы нағыз қазақтың шындығы. Құдалардың көкпар үстінде бір-бірімен өкпелесіп, Байсарының жат елге көшіп кетуі, барған жерінде зәбір көруі, ақырында Гүлбаршын сұлуды Алпамыс батырдың іздеп тауып, көп қиыншылық, азапты оқиғалардан соң алып қайтуы ұзақ жылдарға созылған жаугершілік заманның елестері. Әлбетте Алпамыс та, Гүлбаршын да мейлінше әсіреленген. Идея, мұрат дәрежесіне көтерілген бейнелер. Батырға тән ерекше қасиеттер: жаудан сескеніп қорықпайтындық, қалың дұшпанға қарсы шабатын, намыс пен арды жоғары қоя білетіндік, еліне қамқорлық Алпамыстың басынан табылса, әйел атаулының ең ұнамды сипаттары болып табылатын ақылдылық, мінезділік, опалылық сынды белгілер Гүлбаршынға тән болып көрінеді. Бұндай бейнелер халықтың ең ізгі адамдар туралы ұғымына, арманына сәйкес келеді. Эпостың қай заманда да халық көңіліне дөп келетін қасиеттері мұнда болғанды ғана емес, болуы мүмкіннің де жинақталып берілуінде. Алпамыстың отқа салса күймейтін, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін болып көрінуі халықтың ешқашан жойылмайтын, жаңсылықтан үмітін үзбейтін дәл осындай ел перзенті болса дейтін аңсарынан туған.

“Алпамыс батыр” жыры ел арасында замандар бойында айтылып келгенімен баспа жүзін алғаш рет 1899 ж. (“Қисса И-Алпамыш”, Қазан) көрген. Қазан төңкерісіне дейін бұл жыр 7 рет қайталанып басылып шыққан. Жырдың ел арасындағы түрлі нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп орысша мазмұнда бастырған атақты фолькоршы Ә.Диваев. Ол бұл жырдың бір нұсқасын қарақалпақ бахшысы Жиемұрат Бермухамедовтан, тағы бірер нұсқасын Шымкент оязының тұрғыны Е.Ақылбековтің қолжазбасынан алған. Кеңес жылдарында өзге де батырлық жырларымен қатар “Алпамыс батыр” сан рет қайта басылды. Оның тарихи, көркемдік мәні мен орны туралы М.Әуезов, С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллин, Н.Смирнова, Т.Сыдықов сынды зерттеушілер арнаулы еңбектер жазды. Бұл қатарда орыс ғалымы Жирмунскидің түрік батырлық эпосы туралы монографиясын айрықша атап өтуге болады. “Алпамыс батыр” жырының дүние жүзіне мәлім болуына осы аталған еңбектің пайдасы зор болды. Жырдың аса тартымды, кең танымал болуының тағы бір сыры оның фабулалық желілерінің түрік тілдес халықтарда да ұшырауына байланысты. Қазақ халқының бірнеше ертегілерінде “Алпамыс батыр” жырының оқиғалық сарыны кездеседі. Татар, башқұрт халықтарында бұл тақырып ертегі түрінде айтылады. “Қорқыт Ата кітабы” мен “Алпамыс батыр” жырының тараулары арасындағы ұқсастық тарихтың тағы да бір терең қабаттарына бойлатады. Мұның өзі қыпшақ-оғыз халықтарының бір заманда Сырдария бойларында ұзақ уақыт аралас өмір кешкендігінің де куәлігіндей. Тәуелсіздік туын көтерген көптеген түрік халықтары егемендік алған заманда бұл елдердің ерте кездегі өнер байланысын, тағдырлыстығын, мүдделерінің ортақтығын, көркемдік ойлау мәдениетінің жақындығын көрсететін этник. туыстықты дәлелдейтін нағыз қымбат куәліктің бірі “Алпамыс батыр” жыры болуы оның халықар. деңгейдегі мәнін арттыра түседі. Алпамыс батырдың түп негіздерінің пайда болғанына 1200-1300 жыл толды деп тұжырымдауымызға да осы мысалдар айқын себеп. Жырдың үлкен, көркем поэзиялық нұсқалары туысқан қарақалпақ, өзбек халықтарында да кездеседі. Бұл көрсетілгендер “Алпамыс батыр” жырының көптеген түрік халықтарының бастан кешкен тағдыр-талайын еске салатын жалпы түріктік қасиетінің молдығын аңғартады. “Алпамыс батыр” жырының халық арасында айрықша қастерленуі оның түрлі нұсқасы көп болуына ықпал етті. Қазан төңкерісіне дейін бұл жырды Қазақстанның барша облысында айтып келгені белгілі. Сол нұсқаларда жырдың соны қырлары кездесіп отырады. Әсіресе “Алпамыс батыр” жыры Оңтүстік Қазақстан уәләятында мол таралғаны атап көрсетерлік. Бұл өлкеде осы жырдың түрлі нұсқаларын айтқан С.Аққожаев, Ә.Байтұрсынов, Е.Керімбетов, А.Нысанов, Ж.Жақыпов тәрізді ақын-жыршылар өмір кешкен. Әсіресе Сұлтанбек Аққожаевтың жазып алған нұсқасы “Алпамыс батыр” жырлардың ішіндегі ең толық әрі көркем түрі болып табылады. “Алпамыс батыр” күйтабаққа жазылған. Ауыз әдебиеті шығармаларының қымбат қасиетінің бірі жаңа жазба туындылар жасауға негіз болатындығында. “Алпамыс батыр” жырының оқиғалық, құрылыстық және көркемдік ерекшеліктері бірталай авторларды жаңа туындылар жасауға ұмтылдырған. Мысалы: Өзбекстан мен Қарақалпақстан қаламгерлері осы жыр негізінде пьеса жазды. Ал қазақ композиторы Е.Рахмадиевтің “Алпамыс” операсы (Либр. жазған К.Кенжетаев) құндылықтарымыздың қатарына қосылды.[2]


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет