Исаев оқулары (ғылыми мақалалар жинағы) Алматы, 2016 ббк пікір жазғандар



бет11/28
Дата09.04.2018
өлшемі5,26 Mb.
#40093
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   28

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Серғалиев М. Стилистика негіздері. — Алматы, 2006. — 141-б.

2.Əлкебаева Д. Қазақ тілі стилистикасының прагматикасы. Монография. — Алматы, 2005. — 116-б.

3.Саткенова Ж.Б. Б.Соқпақбаев шығармаларындағы метафораның танымдық сипаты / ҚазҰУ-дын Хабаршысы

4. Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. — Астана, 2005. — 119-б. 5. Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. А.,1995 ж.

5.Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. Астана: Елорда, 2001 ж.

6.Хасанов Б. Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралы қолданылуы. — Алматы, 1966. — 205 б.
«Астана» астионимінің лексикалық мағынасы

ҚазҰПУ, 2-курс магистранты М. Кайимов
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Астана» сөзіне мынадай анықтама берілген: «Астана – 1. мемлекеттің әкімшілік, саяси орталығы, бас қаласы.

2. стил. Бір нәрсенің кең тараған шоғырланған орны, орталығы, шыққан жері» [1, 111 б.].

Академик Рабиға Сыздық өзінің «Сөздер сөйлейді» еңбегінде «астана» сөзінің этимологиясына байланысты мынадай төмендегідей ой айтады: «Батырлар жырларында, Махамбетте, Шернияз, Нұрым сияқты өткен ғасырларда жасаған ақын-жыраулар тілінде астана жұрт, астана халық деген тіркестер кездеседі. Мысалы, Нұрым жырауда:

Азын көпке теңгерген,

Астана жұртын меңгерген.

1878 жылғы А.Старчевский құрастырған екі тілдік сөздікте, 1897 жылы Орынборда шыққан «Қазақша-орысша сөздікте» астана жұрт, астана халық дегендерді «көп, сансыз көп халық» деп аударыпты. Л.Будагов бұл сөз түркі тілдеріне парсының астан, астана (табалдырық, есік, сарай) деген сөзінен ауысқандығын айта келіп, қазақ тілінде астана жұрт тіркесі бар екенін көрсетеді де, оны «сансыз көп, зор халық» деп аударады (Будагов, І, 40). В.Радлов бұл сөздің әзербайжан тілінде «табалдырық, сарай, сарай қызметіндеі адамдар» деген мағыналары бар екенін көрсетеді (В.Радлов, т. І, ч. І).

Сірә, қазіргі қазақ тіліндегі астана сөзінің белгілі бір мемлекеттің, елдің орталық қаласы» деген ұғымы бұл сөздің парсы тіліндегі «сарай, әміршінің сарайы» мағынасынан алынған болу керек, яғни үкіметтің резиденциясы орналасқан қала» дегенді білдіреді. Ал өткен ғасырларда қолданылған астана жұрт тіркесінде, біздің байқауымызша, В.Радлов көрсеткендей, «сарай қызметіндегі адамдар (орысша: придворный штат)» деген мән бар тәрізді, яғни белгілі бір «сарайға (хан ордасына) қараған жұрт» деген мағынада айтылса керек.

Жоғары текстерде бұл тіркес «қол астындағы, өзіне қараған, соңына ерген халық, жұрт» деген мәнде қолданылғанға ұқсайды. Сонда астана жұрт тіркесі «көп, ұлы халық» дегеннен гөрі, «біреудің (ханның, батырдың) қол астындағы («табалдырығындағы») ел-жұрт» деген мағынаны беретін тәрізді. Астана сөзінің «табалдырық» мағынасы қазақ тілінің жергілікті сөйлеу дағдыларында (говорларында) сақталған. Ж.Досқараевтың көрсетуі бойынша, Жамбыл облысының тұрғындары үйдің табалдырығын астана деп атайды» [2, 48-49 бб.].

Көпшілікке белгілі, Астана атауы парсының «астан» деген сөзінен шыққан, парсы тілінде «табалдырық, босаға» деген мағына береді. Әйтсе де, бұл түбір сөз түркі тіліне енген­нен кейін өзінің түпкі мағынасынан түбегейлі ауытқып кетті. Азия, Еуро­па және Африкаға сөзін өткізіп, жар­ты әлемге әмірі жүрген, кезінде Еура­зия кеңістігіндегі ең алып империяға айналған Осман түріктері Стамбул қаласын алғаннан кейін, оны Аста­на, дәлірек айтқанда, «Аситане» деп атай бастады.

Біздіңше, Сыр бойынан үдере көшкен оғыздардың ұрпағы «табалдырық» деген мағына беретін бұл сөзді империя астанасы үшін жайдан-жай таңдап алған жоқ еді. Табалдырық – түркі жұртының тәу етіп, қасиет, кие тұтатын орны. Қазақ әлі күнге дейін табалдырықта тұрғызбайды, табалдырықты бастыр­майды, табалдырықтан оң аяғымен аттайды. Ұлт жадысына жатталып қалған бұл сенім сол уақытта мұсылман түріктердің санасында да жаңғырып тұрды. Сондықтан олар үш құрлықты түйістірген, талайларға арман болған Стамбулды қасиетті құт мекенге балап, оны Астана деп атай бастады.

Астана сөзінің Осман түріктерінде бұдан өзге тағы бір мағынасы бар. «Қамус-и түрки» деген көне осман­лы тілінің сөздігіне жүгінер болсақ, Астана – әулие моласы, руханият ордасы, дәргәһ деген мағыналар береді екен. Мәселен, Мәулана Жала­леддин Руми негізін қалаған Мәулауи тариқатының орталығы мен әйгілі әулиенің қабірі орналасқан Қония қаласын Осман түріктері «Аситане и Мәулауи» деп атаған. Бұл – Румидің мәңгілік қоныс тепкен жері және Мәулана тариқатының орталығы де­ген ұғымды білдіреді. Ендеше, Астана атауының Ақмоламен сабақтасатын тұсы да бар екен.

Сол сияқты астана сөзін де бүгінде тек қазақ қолданады. Мәселен, оңтүстіктегі өзбек бауырлар бас қаланы «пайтахт», солтүстіктегі татар туғандар «пайтехет» дейді. Ал астананы «башкент» деп атайтын түріктердің көбі бүгінде «астана» сөзінің мағынасын түсінбейді де. Өйткені, Осман империясының құлауымен, жаңа республиканың құрылуымен бірге Стамбул өзінің мәртебесінен және астана деген атауынан айырыл­ды. Сондықтан Осман түріктерінің ұрпақтары бүгінде Анкараға «баш­кент» сипатын берген.

Егер Стамбулмен сыңарлас бол­са, бұл сөз қазаққа қайдан келген? Бұған түк те таңырқаудың реті жоқ. Біздіңше, астана сөзін осы Стам­булдан алған. Біріншіден, қажылыққа сапар шеккен бабаларымыздың әуелі Стамбулға, яғни халифат ор­дасына барып аялдағаны тарихтан аян. Міне, сол қажы болып қайтқан аталарымыздың «астанаға бардым, астананы көрдім» деп айтып келуі әбден мүмкін. Оның үстіне, Қырым, Қазан, Бұхара мен Ташкенттен келетін кітаптар мен басылымдар арқылы да қазақ арасына астана деген сөз етене ене берген. Бұған тағы бір дәлел, елордасын бұрын «пайтахт», «хан ордасы», «орда» деген қазақ Орынборды да, Омбыны да, тіпті, Ташкентті де «астана» деп атаған емес [3].



Орда – орта деген сөзден шыққан. Байырғы түріктер өз астанасын өзен жағасына және елдің ортасына салған. Ұлан-ғайыр аймаққа иелік еткен бабаларымыз ел астанасын жердің кіндігі деп есептеген.

Сөздікке жүгініп, парсы түбірінен қазақша түсінігін іздейтін болсақ, астана табалдырық, босаға, кіре беріс, сарайдың қақпасы, салтанатты орда есігі деген ұғымдарды білдіреді. Парсыша үндестігі астан (асетан) деп келеді. Келе-келе қазақта жұрт бас қосар орын, халық жиналып ақылдасар жер, ел ағалары байлам-бәтуа айтар орталық мәніне ие болғанға ұқсайды.

            Өйткені Махамбет ақынның:

            Астана жұртын айналған

            Атына тұрман болсам деп

            Жұртына құрбан босам деп,-

келетін Исатайды арқаландырар жырында астана деп ауыл-аймақ, ел-жұртын айтқан. Шығыс халықтарының өмірінде бір кезде араб, парсы тілдерінің ықпалы Еуропа үшін латын, француз тілдері атқарған қызметпен бара бар болды. Сондықтан қазақ тілінің бірқатар ғылыми, саяси, тұрмыстық ұғымдары әу баста осы тілдерден еншіленуі заңдылық. Алтын Орда тұсында билеушілер тағы орналасқан орталықтар парсының сарай сөзімен аталды. Сол кездегі Сарай-Батый, Сарай-Берке қалалары Еділ жағалауындағы осы есімдес хандар басқарған астаналарымыз еді. Яғни Батый мен Берке мемлекетінің орталығы екені тарихтан белгілі. Жайық бойындағы Сарайшық (яғни, кіші Сарай), Қырымдағы Бақшасарай, Балқандағы сарай (еуропалықтар Сараево дейді) – осының бәрі «сән-салтанаты асқан мекен» деген парсы сөзі.

Парсы тілінде мекен, жер, ел дегенді білдіретін стан сөзі де бүгінгі Қазақстан аумағына сол тұста енген. Түркі тектес халықтардың киелі астанасы Түркістан аталуы, бір қиырымыздың Моғолстан екені бұған дәлел. Сол кездегі ғылыми-тарихи әдебиетте түркі халықтары мекендеген өлкеге орай стан түбірінің кеңінен қолданылуы нәтижесінде кейіннен қазақ тілінде астана сөзі қалыптасқан деген болжам қисынсыз көрінбес. Аудармалары сәл алшақтау болғанымен, стан мен астана (астан) түбірлерінің мағына ортақтығы бүгінгі парсы елінің өз мысалынан аңғарылып тұр. Иранда әкімшілік бөліністер остан аталып, аймақтарының дені Систан, Белужстан, Лорестан, Хұзестан болып келеді.

Сарай. Орда. Астана. Билік орталығын білдіретін осынау ежелгі атауларды қазақ халқы мәңгіге еншілеп, мағыналас ұғымда қолдануының өзі тарихтың тамаша сыйы емес пе?! Сарайдың ордаға орын беруі ұлы оқиғаларға байланысты үрдіс.

            1925 жылдың сәуірінде Қазақстанның орталығын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім қабылданды. Орынбор алты жыл бойы әуелі Қазревкомның, кейіннен Қазақ АССР-інің үкімет органдары орналасқан қала болғанымен, ел астанасы деп ресми атала қойған жоқ. Сол кездің құжаттарынан, баспасөзі мен әдебиетінен астана деген атуды кездестіре қоймаймыз. Ал Ақмешітті Қазақ елінің шын орталығы ету жөнінде ұйғарым алынғанда, кеңестік республика астанасының атауында мешіт сөзінің тұруы сол кездің идеологиясымен үйлесе қоймағаны анық. Орталық ұғымындағы орда сөзінің кәдеге асқаны сонда. Революция символы қызыл сөзімен кірігіп, Қызылорда атаулы қала пайда болды. Алайда, бір қиындығы ендігі жерде «Қазақстанның ордасы Қызылорда» деген қосарлы тіркес тұрақты қолданылуы тиіс еді. Орталық ұғымына синоним боларлықтай тың сөз қажет еді. Зиялы азаматтар осылайша халық жадында, жыр-толғауларда айтылатын ежелгі астана сөзіне таңдау жасағаны аңғарылады. Жаңа ұғымның жұртқа әлі тосын екені Бейімбет Майлиннің 1925 жылдың 8 маусымында жазған «Астана» өлеңінен де аңғарылып тұр.

            Кәрі-жасы, бәрінің де

            Айтатыны – астана!

            Ел көгерген астанасы

            Осы ма, әлде басқа ма?

            Мен астанаң, мен ордаңмын!

            Мұнда түгел тілегің…

            Ел ордасы—астанасы,

            Шаш нұрыңды әлемге!

            1929 жылы астана Алматыға қоныс аударғанда Ілияс Жансүгіров «Жаңа астана» атты очерк жазып: «Алматыға Қазақстан орталығы көшіп келді. Алматы астана болды. Қазақстан ортасы ордасына орнықты. Қазақстан еңбекшілерінің ұйтқысы орталық, өкімет мекемелері басты ұйымдар жаңа қонысына ірге тепті» деп қуанды. Қазақстан орталығы, Қазақстан ортасы, ордасы деген түсініктерді Ілияс та астана сөзімен жарыстыра қолданады. Бір кездегі сарай, орда, астана сөздерінің елдің қоғамдық саяси өміріне, тарихи кезеңдеріне байланысты мәні, атқарар жүгі алмасып отырған тәжірибеге сүйенсек, астана енді қала атауына түпкілікті ауысып, ол ұғымның қызметін басқа балама атқаруы тиіс. Мыңжылдық қолданбасы бар, бір кездерде осы мағынаны білдірген орда атауының елорда түрінде қайта оралуы бүгінгі Астанамызға шартты құбылыс.

«Қайырымды қала» трактатында әл-Фараби әлеуметтiк әдiлеттiлiк пен еркiндiктi орнықтыратын – iзгiлiктi қоғам туралы ой қозғайды. Мұндай қоғамды ұлы ойшыл «әрбiр адам екiншi адамның өмiр сүруiне қажеттi үлесiн беретiн, бiр-бiрiне көмектесетiн адамдарды бiрiктiру арқылы ғана адам өз табиғатына сай жету дәрежесiне ие болатын» қоғам түрiнде елестетедi. Халықтың аз қамтамасыз етiлген топтарын мемлекеттiк қолдау туралы бұдан мың жылдан астам бұрын айтылған ғұлама идеясы бүгiнгi күнi де мемлекеттiң iшкi саясатындағы басты мiндеттердiң бiрiнен саналады. Осындай «жетiлдiрiлген қоғамда, әл-Фарабидiң айтуынша бiр-бiрiмен қарым-қатынас жасау, көмектесу, қолдау, ұжымдасу адамдардың өмiрлiк қажетiне айналады». Әл-Фараби мұндай қоғамды тумысынан табиғат берген он екi қасиетi бар ақылды, бiлiмдi, сабырлы, рухани билiктi iзгiлiктi билiкпен ұштастыратын, адам қасиеттерiн бағалауға қабiлеттi адам басқаруы керек дейдi [4].   

Жаңа ғасырдың табалдырығынан аттар тұста қазақ халқы өз астанасын орнатты. Батыс пен Шығыстың ор­тасына, Ұлы Жібек жолының бойына, Еуразия кеңістігінің кіндігіне орналасқан астанамыз өз бойына бүкіләлемдік, жалпыадамзаттық құндылықтарды жия білді. Осылай­ша «табалдырық», «империяның, державаның орталығы», «салтанат ордасы», «шығыс пен батыстың түйіскен тұсы», «бақытты қала», «құтты мекен», «әулие жатқан жер», «рухани орталық» деген сияқты мағыналарға келетін Астана мемлекетіміздің тарихи шешімдер қабылдайтын саяси орталығы ғана емес, руханият ортасына, мәдениет ордасына айналды. Елбасының «Қазақстан – еуразиялық мемлекет, оның жаңа астанасы алып Еура­зия құрлығының географиялық орталықтарының бірі. Тәуелсіз Қазақстанның астанасы етіп Ақмоланы таңдауда маңызы кем болмаған айқындаушы факторлардың бірі – бұл қала келе-келе осы орасан зор құрлықтың қуатты байланыстырушы орталығына айналатындығы еді» де­ген сөздері қазірдің өзінде шындыққа айналып үлгергендей.

Көк түріктер Күлтегін ескерткішіне: «Түрік қағаны Өтүкен қойнауында отырса, елде мұң жоқ. Өтүкен қойнауында отырсаң, мәңгі елдігіңді сақтайсың сен. Сонда түркі халқы тоқ» деп, тасқа жа­зып қалдырған екен. Одан беріде әл-Фараби «парасатты қаланы», Асан қайғы «Жерұйықты» аңсады. Бабалар армандаған Өтүкен мен Ергенеқон, ғұлама-ойшылдар аңсаған парасатты қала мен Жерұйық – соның бәрі бүгінде шындыққа айналып, Астанамен астасып жатқандай…

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақ сөздігі (Қазақ тілінің бір томдық үлкен түсіндірме сөздігі) / – Алматы: «Дәуір» баспасы, 2013. – 1488 бет.

2. Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. – Алматы: «Ел-шежіре», 2014. – 412 б.

3. http://www.astana-akshamy.kz/?p=3276

4. Алтаев Ж. Әмбебап әл-Фараби. – “Ақиқат” журналы, 1994, желтоқсан, 74-78 бб.

Қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстардың жіктелу ерекшеліктері

Ә.Т. Мұқанова

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе ӨМУ 4-курс студенті

Жетекшісі: ф.ғ.к., доцент Н.А. Садуақас

Қазақ фонетикасы мен фонологиясының теориялық жағынан дамуына І.Кеңесбаев зерттеулері ерекше ықпал еткені белгілі жай. Ол өз кезінде ғылыми ортаға фонетиканы зерттеудің бірізді пікірін қалыптастырып, екпін мен сингармонизмнің түркі тілдеріндегі қызметі қандай дәрежеде екендігі туралы өз көзқарасына сай зерттеулер жүргізген еді. Соған сай тіліміздегі дыбыстарды екпінге қатысты ерекшелігіне қарай зерттеуді ұсынды. Ал қазіргі қазақ тіліндегі дыбыстардың жіктелімі дауыс желбезегінің қатысына қарай қарастырыла бастады. Ғалым Ә.Жүнісбектің зерттеулерінде дауыс желбезегінің қатысымы жасалым белгі ретінде алынып, тіліміздегі дыбыстардың жасалым ерекшеліктері олардың тербеліс толқындары арқылы сипатталып жүр. Сонда дауыс желбезегі толық тербелсе - дауысты дыбыстар, мол тербелсе – үнді дауыссыздар, жартылай тербелсе – ұяң дауыссыздар, ал тербелмесе - қатаң дауыссыздар жасалады. Дауыс желбезегінің жартылай тербелуі арқылы ұяң дауыссыздар жасалады десек, олардың басқа да үстеме жасалым белгілері бар екенін ескеру қажет. Ерін қатысына, іргелес дыбыстардың әсеріне қарай дауыссыз дыбыстардың да түрленімі әр түрлі болды[1]. І.Кеңесбаевтың фонетика оқулығында: “Тілдегі дыбыстардың бір саласы тонмен байланысты: бұлар - дауыстылар. Енді бір саласы салдырмен байланысты: олар - дауыссыздар. Дыбыс тонмен байланысты дыбыстар (дауыстылар) музыкалы болып келеді де, салдырмен байланысты дыбыстарда (дауыссыздарда) бұл қасиет болмайды”- деген анықтама берілетін еді [2.223]. І.Кеңесбаев еңбектерінде дауыссыз дыбыстар дауыс қатысына қарай үш топқа (қатаң, ұяң, үнді) бөлініп: “Ұяң мен қатаң екеуі қосылып үнсіздер деп аталады. Үнділерді айтқанда дауыс басым болады да, салдыр кем болады, ұяңдарды айтқанда, керісінше, дауыстан салдыр басым болады, ал қатаң дыбыстарды айтқанда дауыстың қатысы (демек дауыс шымылдығының вибрациясы) болмайды деген қағида ұстанылды [2.256]. І.Кеңесбаев шұғыл (эксплозив) фонемалар: п, б, т, к, г, қ, д, ч, ц; Ызың (фрикатив) фонемалар: ф, в, с, ғ, ш, х, з, ж, һ”, - деп, үздікті-үздіксіз, жабысыңқы-жуысыңқы айырым белгілері арқылы жіктеді [2.257].

Қазақ тілі дыбыс жүйесін жаңа бағытта зерттеудің ғылыми ұстанымдарын негіздеп берген ғалым Ә.Жүнісбектің жетекшілігімен оның бірнеше шәкірттері де ғылым жетістіктеріне сай ізденіс жүргізіп келеді. Осы орайда, Ә.Бәйімбетованың тоғысыңқы дауыссыздардың дыбыстық түрленімі жөніндегі зерттеуін атап көрсетпекпіз[3]. Сөйлеу мүшелерінің өзара тоғысуы арқылы жасалатын тоғысыңқы дауыссыздарды сөйлеу мүшелерінің өзара жуысуы арқылы жасалатын жуысыңқы дауыссыздарға қарама-қарсы қойып, тоғысым-жуысым айырым белгілеріне назар аударады. Тоғысыңқы дауыссыздардың жасалымы, түрленімін көрсету бағытында сөйлеу мүшелері қозғалысының әр түрлі араласымын нақты талдап берген. Фонетикалық талдаудың нәтижесінде тоғысыңқы дауыссыздардың айтылым, жасалым, естілім ерекшеліктеріне жүйелі сипаттама жасаған.

Дауыссыз дыбыстар жүйесіндегі ызың дыбыстардың ерекшеліктері С.Оразалин зерттеуінде жан-жақты тиянақталды [4]. Ол соңғы кезеңдегі ғылым жетістіктеріне сай жүйелі зерттеу жүргізіп, қазіргі қолданысқа енген қазақша ғылыми атауларды сәтті пайдаланған. Дауыссыз дыбыстар жүйесіндегі дауыс желбезегінің қатысымына, дәлірек айтқанда, тербелісіне қарай тербеліңкі (ұяң), жасалу орнына қарай жуысыңқы дауыссыз болатын «с», «ш», «з», «ж» дыбыстарының жасалым түрленіміне құрылымдық талдау жүргізген. Тербеліңкі дауыссыздар жасалым ерекшелігіне қарай тоғысым-жуысым болып бөлінеді. С.Оразалин тербеліңкі жуысыңқы дауыссыздардың жасалым амалының түрі сөйлеу мүшелерінің өзара жуысуы екендігін көрсете отырып, жуысыңқы дауыссыздардың жасалым түрленіміне жүйелі сипаттама берген. Ғалым жуысыңқы дауыссыздарды жинақы жуысыңқы (с, з) және жайылыңқы жуысыңқы (ш, ж) деп бөледі. Әрбір жуысыңқы дауыссыздың фонетикалық варианттарына тоқталып, жан-жақты сипаттама берілген. Қазақ тілі дыбыс жүйесін тіліміз табиғатына сай, үндесім ерекшеліктері тұрғысынан, зерттеу жұмыстарына соңғы кезеңде ерекше назар аударыла бастады. Қазақ тілі дыбыстарының саны мен олардың жасалым, айтылым, естілім ерекшеліктері фонетикалық және фонологиялық жағынан жүйелі түрде жан-жақты зерттеуге алынды. Осы орайда, Б.Баймұхановтың «Қатаң дауыссыз дыбыстардың жасалым және түрленім жүйесі» атты зерттеуінде қазақ тілі дауыссыз дыбыстарының дауыс желбезегі тербелісіне қатысты жасалымының бірі қатаң дауыссыз дыбыстар мен олардың үндесім түрленімі нысанаға алынған [5].

Қазақ тілі дыбыстарының өзіндік табиғаты мен орыс тілі дыбыстарының ішкі ерекшелігін жасалым, айтылым, естілімі тұрғысынан салғастыра баяндап, тіл дыбыстарын айту мен жазу жағынан да шатастырмай, дербес қарастыру жолдарын түсіндіреді. Екі тілдің артикуляциялық базасының табиғаты, фонологиялық ерекшелігі жөнінде айтылған теориялық анықтамаларға сипаттама беріліп, қазақ тілі жасалым қорындағы қатаң дыбыстардың түрленім жүйесі жөнінде жүйелі талдау жасалған. Мысалы, «саз»сөзі құрамындағы қатаң жуысыңқы «с»дауыссызының жасалымы жөнінде төмендегідей сипаттама берілген: 1) тіл ұшы тіс пен қызыл иектің шегара тұсына жуықтап келеді; 2) тіл ұшы мен үстіңгі күрек тісі түбінің арасында аз ғана саңылау қалады; 3) дауыс желбезегі бейтарап күйде қалады, яғни тербеліске түспейді. Қазақ тілінде с қатаң дауыссызы тіл ұшы арқылы, ал орыс тілінде тіл алды арқылы жасалатындығы, естілімі жағынан орыс тілінде «ысқырық» күші басым екені, қазақ тілінде «суыл дауыссыз» деп аталып жүргенін ескертеді [5.14].

Тіліміз артикуляциялық базасындағы дыбыстар санын анықтап, олардың өзіндік айырым белгілерін көрсетіп, қазақ тіліндегі фонемалардың дыбыс қорын сингармофонологиялық тұрғыда зерделеген З.Бадамбекқызының зерттеуінің маңызы зор. Ғалым тіліміздегі әр дыбыстың айырым белгілерін, әр фонеманың дыбыс қорын жүйелі талдап көрсетті[6]. Тіліміздегі ұяң дауыссыз дыбыстардың жасалым ерекшеліктері А.Молдшева зерттеуінде жан-жақты қарастырылды. Дауыс желбезегінің тербелісіне сай ұяң дауыссыздардың жасалым моделі көрсетіліп, олардың жуан-жіңішке үндесім түрленіміне қарай ортақ және айырым белгілері анықталды. А.Молодашева ұяң дауыссыздардың шеп түрленімін сөз, сөз тіркесі және сөйлем құрамында қарастырып, оның артикуляциялық көрнекі үндесімін көрсетеді. Мысалы, «ғ-г» дауыссыздар сөз басында тығысыңқы, сөз ортасында жуысыңқы болып айтылатындығын айтады. Ұяң дауыссыздарыдың ерін және езу қатысына қарай түрленім үлгілері де көрсетілген. Қазақ тіліндегі үнді дауыссыз дыбыстардың үйлесім түрленімі Ж.А. Исаеваның зерттеуінде қарастырылды.

Ғалым Ә.Жүнісбеков қазақ тілі дауыссыз дыбыстарының санын 17 деп көрсетеді. Ғалым қ-к, ғ-г дыбыстарын бір дауыссыздың үндесім варианты деп есептейді [7]. «Дауыссыз дыбыстардың жасалымы - үш айырым белгісі (жасалу орны, дауыс қатысы, жасалу тәсілі), айтылымы - екі айырым белгісі (ауыз бен көмей қуысының өзара қатынасы, тоғысым-жуысым күші), естілімі – екі айырым белгісі (тоғысым-жуысым қарқыны, үн қатысы) арқылы сипатталады»,-дейді Ә.Жүнісбеков. Ғалымның айтуынша, дауыссыздарды қатаң, ұяң, үнді деп бөлу жасалым белгі емес, естілім белгісіне қатысты, дегенмен дәстүрлі фонетикада олар жасалым белгілер ретінде қалыптасқан.

Сондықтан ғалым олардың жаңа атаулар алғанын жөн санайды: қатаң (тербеліссіз), ұяң (тербеліңкі, үнді (тербелімді): «Дауыссыз дыбыстардың басты жіктелім белгісі дауыс қатысы» деп көрсетеді. Ғалым Ә.Жүнісбеков еңбектері бойынша жіктеу арқылы қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстардың өзіндік айырым белгілерін ғылыми нақты талдап, дұрыс қарастыруға мүмкіндік болды. Сондықтан дауыссыз дыбыстардың фонетикалық ерекшеліктерін де осы жіктеу аясында қарастырамыз.Жинақтап айтқанда, Ә.Жүнісбеков еңбегінде дауыссыз дыбыстар төмендегіше жіктеледі:

1.Дауыс қатысына қарай: а) қатаң дауыссыз дыбыстар жасалғанда дауыс желбезегі тербелмейді (п,қ-к, с, ш); ә) ұяң дауыссыз дыбыстар жасалғанда дауыс желбезегі жартылай тербеледі (б,д, ғ-г,з,ж) ; Б) үнді дауыссыз дыбыстар жасалғанда дауыс желбезегі мол тербеледі (м,н ,ң,р,л,и,у). ;

2. Жасалу орнына қарай: а) ерін-ерінлі дауыссыз дыбыстар ерін мен еріннің тоғысымы (не жуысымы) арқылы жасалады (п,б,м,у) ; ә) Тіл ұшы дауыссыз дыбыстар тіл ұшы мен қызыл иектің тоғысымы (не жуысымы) арқылы жасалады (т,д,н,с,з,р,ш,ж,л); б) Тілшік тіл ортасы дауыссыз дыбыстар тілшік (тіл ортасымен) мен тіл түбінің (таңдайдың )тоғысымы (не жуысымы) арқылы жасалады (қ(-к), ғ (-г), ң, и);

3. Жасалу тәсіліне қарай: а) тоғысыңқы дауыссыз дыбыстар сөйлеу мүшелерінің бір-бірімен тоғысымы арқылы жасалады (п,б,м,т,д,н,қ-к, ғ-г, ң); ә) жуысыңқы дауыссыз дыбыстар сөйлеу мүшелерінің бір-бірімен жуысымы (с,з,ш,ж,й,у,ғ-г, діріл жуысымы- «р», жанама жуысымы – «л» арқылы жасалады);

Дауыссыз дыбыстар дәстүрлі фонетикада тірек дауыссыздар (негізгі аллофон) ретінде дауыссыздардың тек жуан езулік үндесім варианттары алынып келгені аян. Осы мәселені ескерте отырып, Ә.Жүнісбеков дауыссыздарды үндесім ерекшелігіне қарай да қарастырады. Осы мақсатына сай, үндесім дауыссыздардың жасалым сипаттамасын беру үшін алдымен «ілгерінді- кейінді», «еріндік-езулік» деген атаулар енгізуді ұсынады. Осы жіктелу үлгісі қазіргі оқулықтарда да орын алуы тиіс деп білеміз. Бұлай жіктеу тіл дыбыстарының айырым белгілерін дұрыс оқып білуге көмектеседі. Ә.Жүнісбеков қазақ тілі дауыссыздарының санын 17 дыбыс деп есептеп, қазақ тіліндегі тірек дауыстыларды «үндесім фонема» деп, ал олардың үндесім варианттарын «үндесім аллофон» деп атауды ұсына отырып, қазақ тілінде 3 тірек бар болса, олар 9 үндесім аллофон ретінде тарайтынын айтады: 1) «А» үндесім тірек дауысты екі үндесім аллофонынан (а, ә) құралады; 2) «Ы» үндесім тірек дауысты 4 үндесім аллофонынан (о, ө, е) құралады; ал әр дауыссыз төрт түрлі үндесім әуезбен айтылады. Сонда 5 қатаң (п, т, қ-к, с, ш) дауыссыздың үндесім варианттары 20 дыбыс болады. Ұяң (б, д, ғ-г, з, ж) дауыссыздардың үндесім варианты да 20 дыбыс болады. Үнді дауыссыз (р, л, й, у, м, н, ң) дыбыстарының үндесім варианты 26 дыбыс болады, себебі «у» дауыссызы басқалардай емес, тек екі түрлі еріндік үндесім әуезбен айтылады, езулікпен айтылмайды екен. Жинақтап айтқанда, қазақ тіліндегі 17 дауыссыз дыбыс 66 үндесім дауыссыз бен 9 дауыстыны қосқанда , барлығы 75 дыбыс болады екен. 1) Жуан езулік дыбыстар саны 18 (2 дауысты, 16 дауыссыз); 2) жіңішке езулік дыбыстар саны 19 (3 дауысты, 16 дауыссыз); 3) жуан еріндік дыбыстар саны 19 (2 дауысты, 17 дауыссыз); 4) жіңішке еріндік дыбыстар саны 19 (2 дауысты, 17 дауыссыз) деп көрсетеді [7.62]. Ә.Жүнісбеков еңбектерінде қазақ тілі дыбыстары сингармонизм тұрғысынан да, одан тыс та қарастырылып, алғаш рет толық дыбыстық сипаттамасы жасалды. Қазақ тілі дыбыстары фонетикалық жасалым белгілеріне қарай жіктеліп, тірек дыбыстардың (әліпби дыбыстар) басы ашылды. Фонологиялық ерекшелігіне қарай үндесім белгілері анықталып, тіліміздің табиғатына сай жүйелі жіктелді.

Қорыта айтқанда, қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстарды жіктеуде Ә.Жүнісбеков зерттеулерде аталған айырым белгілеріне ерекше назар аудару қажет. Ғалым тіліміздегі дыбыстарды сингармонизмге қатысты және одан тыс екі жолмен талдап, оларды жіктеудің жүйесін қалыптастырды. Қазақ әліпбиіндегі дыбыстар саны мен олардың фонемалық қасиетін анықтап, жан-жақты сипаттама жасады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002. – 11-64 бб.

2.Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. - Алматы: Мектеп, 1975. - 304 б.

3. Бәйімбетова Ә. Қазақ тілі тоғысыңқы дауыссыздарының фонетикалық түрленімі КДА-Алматы, 1999.-28 б.

4.Оразалин С. Қазақ тілі жуысыңқы дауыссыздарының жасалым түрленімі КДА. Алматы, 2001-28б

5. Баймұханов Б. Қатаң дауыссыз дыбыстардың жасалым және түрленім жүйесі. КДА, Алматы, 2005-22б

6. Баданбекқызы З. Қазақ тіліндегі фонемалардың дыбыс қоры. КДА.-Алматы.-2001.-28 б.

7.Жүнісбек Ә. Қазақ фонетикасы. – Алматы: Арыс, 2009.-312 б.



Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі мен стилі

А.А.Оңалбек

Абай атындағы ҚазҰПУ-дің 3-курс студенті

Ғылыми жетекшісі аға оқытушысы А.Н.Юсуп

ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басы ақпаратық коммуникация мен жаңа ақпараттық технологияның қарқынды өсуімен ерекшеленеді. Дәстүрлі БАҚ-тың қарқынды дамуы – баспа, радио, теледидар, ғаламтордың пайда болуы мен таралуы – бірыңғай ақпаратық кеңістіктің, ерекше үздік те озық ортаның, көптеген медиа ағымдар жиынтығының пайда болуына алып келді. Осының бәрі сөздің пайда болуы мен таралуына, сөздік қолданыстың ерекшеліктеріне, тілдегі өзгерістердің сипатына ықпал етпеуі мүмкін емес еді. Осындай сөз қолданудың ауқымды ағымы бүгінгі бұқаралық ақпарат саласына да келіп жетті. А.Байтұрсынов мұны «Әдебиет танытқыш» еңбегінде баспасөз стилі деп атап кеткен болатын [1, 114 б.].

БАҚ – «бұқаралық ақпараттық коммуникация» сияқты кең ауқымды қамтитын қарым-қатынас құралдарының маңызды бір бөлшегі болып есептеледі. Бұқаралық ақпарат құралдары - Конституциядан кейінгі 4 билік көзі болып табылады. Ақпарат еркіндігін елімізде өмір сүріп жатқан адамдардың жариялылыққа негізделген мемлекеттік басқару жүйесіне қол жеткізуінің және демократиялық түзімнің басты қажеттілігі санайтын журналистер ретінде халықтың ақиқатты білу құқығын басшылыққа ала отырып, журналистиканың негізгі міндеті – шындықтарды ешқандай бұрмалаусыз, қоспасыз қоғамға білдіру. Журналистердің сөйлеу мәнері, сөйлеу дағдысы, сөз қолдану лексикасы ең әуелгі басты орында болады. Журналист белгілі бір контекстегі мәтінді оқу барысында сөздің мәнін, мағынасын ашу үшін үтір, нүкте, қос нүкте, нүктелі үтір, сұрақ белгісі, леп белгісі арқылы сөздің эмоционалды-экспрессивті болуын қамтамасыз етеді. Осы жазуда қолданылатын белгілерді ауызша жандандырады. Осыдан ақпарат жеткізуші журналисттің сөйлеудегі логикалық екпіні, темп, негізгі тоны, пауза,мелодика, ритм сияқты біршама интонациялық компоненттерінің септігімен орындалып отыратыны мәлім. Ақпарат таратушы журналист ақпарат қабылдаушыны өзінің дауыс ырғағымен, саздылығымен, әуезділігімен, табиғи мәнерімен баули білуі қажет. Бұл көпшілік көрермен қауымға әсер етуші фактордың негізгі аспектісі. Сөз мәдениеті тілдің басқа салалардан айырмашылығы оның күнделікті өмірмен тілді қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен тығыз байланыстылығында. Қазақ тілін үйренушілер көбінесе қазақ тілінің грамматикасын меңгеруге күш салады. Ал қазақ тілінде мәдениетті сөйлеу мәселесіне көп көңіл бөлмейді.Тілші ғалымдармен бірге басқа да маман иелері тіл мәдениеті туралы өз ойларын, құнды пікірлерін мәдениетті сөйлеуге қажетті ой-пікір, ұсыныс, көзқарастарын жиі айтады. Бүгінгі мәдени коммуникацияда сөйлеу мәдениеті қандай болу керектігі өте көкейкесті мәселе болғандықтан, ешуақытта әлеумет назарынан тыс қалмайды. Сөз мәдениетінің басты қасиеттеріне мыналарды жатқызуға болады:

Сөз тазалығы

Сөздің анықтығы

Сөздің дұрыстығы

Сөздің көркемдігі

Сөздің тазалығы дегеніміз не? Сөздің тазалығы сөйлеуші өз сөзінде ұлттық тілдік табиғи таза болмысын табиғатын сақтап сөйлеуі болып табылады. Сөздің анықтығы дегеніміз тыңдаушыға түсінікті сөз мазмұны. Сөз анық,түсінікті болу үшін айтушы тыңдаушыға жіберген ақпараты туралы толық мәліметі болу керек. Айтушы сөзінің дұрыстығы – сөз сөйлеуде, жазуда тілдік нормаларды сақтау. Сөздің дұрыстығы сөздің коммуникативтік сапасының басты межесін анықтайды. Коммункативтік сапаның нәтижелі болуы айтушының ұлттық әдеби тіл нормаларымен стилистикалық норманың түйіскен сәтінде анықталады. Сөздің көркемдігі – қабылдаушыға когнитивті-ассоциоциялық,эстетика-стилистикалық қызмет атқарады. Сөздің көркемдікке құрылған мәні адам санасына ерекше стилистикалық әсер тудырады. Адам сөзінің көркемдік мәні ұлттық тілдің байлығын ұтымды шебер қолдана білуінде [6, 3-5б.].

БАҚ-та белгілі бір ақпараттық-сараптау стильдерін қолдану және тарату үрдісі бар.Ақпараттық-тарату стилі бұқаралық ақпарат құралдарымен тікелей байланысты.Оқырмандармен белгілі және ерекше тонмен сөйлеу тәсілі арқылы іске асырылады, тыңдармандармен де, көрермендермен де әрбір бұқаралық ақпарат құралдарының өзіне тән сөйлеу, сөйлесу тәсілдері болады.Бұл–әрбір газетке, журналға радиохабар тарату мен телебағдарламаларға тән болып келеді. Республикада 2012 жылы зерттеу дерегі бойынша БАҚ саны төмендегідей болады:


Барлығы

Мерзімді

Басылымдар



Теледидар

радио

ақпарат агенттіктері




Саны

Газеттер 2039

Журналдар

988


230

70

21

Олардың ішінде

Газеттер

Жуналдар

теледидар

радио

Ақп.агент

Мемлекеттік

387

143

14

9

3

Тәуелсіз

1652

845

216

61

18

Теледидар – ең тиімді медиа, себебі оның радио бұқаралық ақпарат құралдарымен салыстырғанда бірқатар ерекшеліктері бар. Сонымен қатар теледидардың тұрақты көрермендері көп. Ел назарын еш тыс қалдырмайды. Ендігі кезекте, теледидар төрінде халықты жаңалықтармен қамтамасыз етіп, көрермен көзайымына айналған, ерекше сөз саптауы бар тележурналистер жайлы, ең үздік деп танылған бағдарламалар жайлы сөз өрбітейін.Ұлттық арнада Қ.Әуесбай мәтіндерінде бұрын таңсық болған талай тың жолдарды жазып, жастарға көрсетті. Есболат Айдабосын эфирден сөйлегенде аузыңның суы құриды, қазақтың күнделікті өмірде қолданбайтын сөздерін сөйлеп, ауыл мен қала халқын тамсантады. Қазіргі жас, жаңа қалыптасып келе жатқан журналистердің арасында әр таң сайын «Қазақстан» ұлттық телеарнасының шымылдығын ашатын «Таншолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасының жүргізушілері Берік Көшербекұлы мен Ирина Тенді ерекше атауға болады.

Сөз саптауы құлаққа жағымды, тілдері жатық, экранда өзін-өзі ұстау, сөйлеу мәдениеті жоғары тележүргізушілер. Бағдарламада айтылатын пікірлер мен ойлардың бәрі терең мағыналы, астарлы сөздер. Үлкендер арасында қызығушылықты тудырып, жастарға тәлім-тәрбие беретін «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі Бейсен Құранбектің сөйлеу мәдениеті өте ерекше. Ерекшелігі сол, қазақы сөздерді көп қолданып, мақалдатып отыратын ол, қай жерде де, қандай жағдаяттан да шығып кете алады. Форматы да, контингенті де, шығармашылық топ та мықты. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелер көтеріледі. Күнделікті тұрмысқа қатысты мәселелер талқыланады. Ұшқыр сұрақтар мен жауаптар бере алады. Сонымен қатар Қымбат Досжан, Лейла Сұлтанқызы, Зейін Әліпбек, Аида Боранбай, Майя Веронская, Гүлназ Әлімгерей, Асел Акбарова, Дана Нұржігіт, Оксана Петерс, Нұрсұлтан Құрман секілді журналистеріміз де бар. Еңселері биік қазақ десе ішкен асын жерге қоятын жандар. Тағы, «Шетелдегі қазақ балалары» - Қазақстан телеарнасындағы атышулы бағдарламалардың бірі. Рейтингі өте жоғары бұл секілді бағдарламар жоғары сұранысқа ие. Соған қарап, сөйлеу тілі мен стилінің ерекшелігін байқаймыз. Астана теларнасындағы «Сырласу» бағдарламасының тілшісі Әйгерім Сейфолланың сөйлеу тілі өте ерекше. Келген қонаққа жақсы көңіл-күй сыйлай алады. Айта берсек, тамаша қазақ журналистері көп-ақ. Соның бірі, өзіндік сөз саптауы бар, дара тұлға - Мейіржан Әлібекұлы. Айтқан әрбір сөзінен майдың иісі шығып тұратын журналист, қазірде барша қазақ жұрты біледі. Айбатты сөздерімен «Қазақстан Ұлттық» телеарнасының көрермендерін жүрегіне ұя салып, БАҚ – тың айбынды азаматтарының қатарында жүр. Оның сөйлеу тілі, стилі ерекше. Ешкімге ұқсамайды. Елбасымен бірге жүргізілетін форумдардың бәрінде Мейіржан Әлібекұлының рөлі ерекше.

Қазіргі жастардың пікірін білу мақсатында кішігірім сараптама қорытындысын дайындаған болатынмын. Яғни, халықтың дауыс беруі арқылы қазіргі таңда мына журналисттерді үздік деп таныдық. Қорытынды бойынша15-18, 19-25, 26-49жас аралығындағы көрермендер ең үздік деп төмендегі көрсетілген тележүргізушілері таңдады.



Қазіргі таңда тілші көп, бірақ бәрі де журналистика мамандығының түлегі емес екендігі айдан анық. Үздік деп танылып жатқан,сонымен қатар халықтың көру рейнтингін көтеруіне себеп болып жатқан мәселе әншілеріміз бен әртістеріміздің теледидар бетінен табылуы деп ойлаймын. Қарапайым күнделікті жастар болсын, ата-апаларымыздың болсын көріп жүрген шоуларын,концерттік бағдарламаларының өзінде басым көпшілігі сол тұлғалар екенін білеміз. Таң азанымен халықты жадыратып ұйқыдан тұрғызатын «Жаңа күн» бағдарламасы немесе езуінен күлкі кетірмей ұлттық шоу дәрежесіне көтеріліп жатқан «Жанды дауыс», «Қызық Times», «Ревю», «Екі жұлдыз», «Айгөлек», «Ән дария» сынды бағдарламалардың өзінде әнші-апаларымыз жүр. Бұл жағынан, әрине, журналист қауымының оларға деген көңілі қалып қалуы мүмкін. Дегенмен де, канал басшылығының өз рейнтингтерін көтеру мақсатында танымал тұлғалармен жұмыс жасауы да өзіндік себептері шығар. Алайда, рейтингті көтереміз деп сөз мәдениетін, сөз тазалығын,сөз жүйелілігін естен шығармаған дұрыс. Көркі мен танымалдығы үшін емес, сөз саптауы тасты жаратындай шешен сөйлейтін журналистеріміз жүргізсе нұр үстіне нұр болар еді. Әйтеуір соңында, барға қанағат етпей,тарға жолығып қалмасақ болғаны.



Статистикалық мәліметтерге сәйкес әр телеарналардың көрсеткіші әр түрлі. Төменге көз жүгіртсек, халықтың сұранысына көп ие телеаканал «Евразия» каналы. Одан кейін «КТК», «31 канал», «7 арна», «НТК » сияқты телеарналар халықтың көзайымына айналған десек те болады. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы көркем фильмдерді (39%), гуманитарлық бағытта (19%), саяси-әлеуметік бағытта (13%), жаңалықтар (10%) , спорт (6%), музыкалық (6%) ,ойын-сауық (5%) қамтиды екен. Ал «Хабар»телеарнасы еліміздегі жаңалықтармен қамтып отыратын,сонымен қатар басқа да шетелдік телеарналармен байланысы мықты арна. «31 арна»қазақ тілде (63), орыс тілде (26%) қамтыса, көркем фильм (78%), ойын-сауық (7%), музыкалық (5%), жаңалықтар (5%) қамтиды екен. «7 арна» көрермендерге көркем фильм (39%), ойын-сауық (37%), гуманитарлық (12%), жаңалықтар (6%) ,музыкалық (4%) көрсетіледі екен. "31 каналдағы" ақпараттық бағдарлама "Информбюро"тәулігіне 4 рет ана тілімізде жаңалықтар таратады. Кезінде "Елсойыл" сараптамалық, "Еркін сөз" ток-шоу, "Темірқазық", "Ай өрнегі", "Білгенге маржан", "Білекпен жүрек", "Салауат" сияқты хабарлары өз көрермендерін тауып, халық арасында танымал бола бастап еді. Қазір олардың барлығы атам заманда келмеске кетті. Оның орнын орыс тілді күнделікті жүргізілетін «Галилео» сынды бағдарламалар мен орыс сериалдары ауыстырды. Қазақ тілінде арасында «Әзіл студио» сатиралық бағдарламасы өз өнерін көрсетеді. "КТК" арнасында тек "Шарайна" ақпараттық-сараптама, "Ел-жұрт" публицистикалық, "Қоғамдық қабылдау" бағдарламалары ғана тұшымды ойлар айтып, өзекті мәселелер көтереді. Ал қазіргі таңда жаңалықтар тәулігіне 4 рет эфирге шығарылады. Публицистикалық "Ел-жұрт", "Қоғамдық қабылдау", музыкалық "Керуен сазы", "Аялдама", "Күнбағыс", "Қылмыс-ақпарат", "Дәмді және тез", "Шамшырақ" сияқты бағдарламалар жұмыс істейді, «Анда-санда», «Таң тамаша», жастар сүйіп көретін «Мәссаған» сияқты бағдарламалар көрсетіледі.

Тіл – өзінің табиғатында үнемі өзгеріске түсіп отыратын, сол өзгерістердің нәтижесінде әрқашан дамып, жетіліп отыратын қоғамдық құбылыс. Оның даму үдерісі, ең алдымен, тек өзіне тән қасиеттер мен мүмкіншіліктерді пайдалану, кеңейту, өрістету негізінде жасалады.Тілдің қалай өмір сүруі қоғамдық іске жататындықтан, бұл қабілет қоғам мүшелерінің саналы әрекетінін нәтижесі болып табылады.Ал әлеуметтік қоғаммен тікелей байланыс жасайтын – теледидар.Тележүргізушілердің тілі арқылы әдеби тіл нормалары қалыптасады, мемлекеттік тілдің мәртебесі артады. Осылайша әдеби нормалардың кодексі калыптасады. Сол себепті тележүргізушілер мынадай нормаларды сақтаса жақсы болар еді:

1. Орфоэпиялық норма, яғни дұрыс айту, дұрыс сөйлеу нормасы.

2. Акцентологиялық норма, яғни сөздерге дұрыс екпін қоя білу нормасы.

3. Интонологиялық норма, яғни сөйлеу тізбегінің дұрыс интонациямен көмкерілуін ескеру нормасы.

4. Дикциялық норма, яғни тіл дыбыстарының айқын, анық дыбысталуын қамтамасыз ету нормасы.

5. Семантикалык норма, яғни тілдегі сөздерді мағынасына сай қолдану білу нормасы.

6. Ономасиологиялық норма, яғни тілдің сөздік құрамындағы сөздерді іріктеп қолдану, тіл байлығына, тіл тазалығына баса назар аудару нормасы.

7. Морфологиялық норма, сөздердің дұрысграмматикалық тұлғада қолдану нормасы.

8. Дериватологиялық норма, сөздердің дұрыс жасалуы мен құрылуына мән беру нормасы.

9. Синтаксистік норма, сөйлемдердің грамматикалық дұрыс құрастырылуын қадағалау нормасы.

10. Коммуникативтік норма, сөйлемдердегі ой жеткізу жүйесінің дұрыс құрылуын қадағалау нормасы.

11.Этнолингвистикалық норма, ұлттың сөз саптау үрдісін сақтау нормасы.

12.Экспрессивтік норма, тіл әсерлілігі мен бейнелеуіштігін реттеуді қамтамасыз ету нормасы.

13.Прагмалингвистикалық нормасөйлеу постулаттары мен жағдаяттық сөйлеу тілдік актілердің дұрыс әрекет ету нормасы.

14. Сөйлеу этикеті мен сөйлеу мәдениеті нормасы.

Қорыта келе, БАҚ-тың тілі мен стилін өзгертуде, көркейтуде өз қолымызда дегім келеді.Телевизия идеяға келгенде тоқырап жатыр деген жөн болмас, бізде қорқақтық басым. Қазір рейтинг дегенді миымызға әбден құйып алғанбыз. Сондықтан тың жоба келсе, мұның көрермені қанша болады деген ой келеді. Сондықтан алма піс, аузыма түс деген қағидатқа қарамау керек. Себебі, Қазақстан – болашағы бекем, өзіндік ұлттық болмыс-бітімі қалыптасқан мемлекет. Қазіргі жаңару-жаңғыру дәуірінің жарқын мұраттарының бірі – шындықты жар салып айтатын, еркін және нанымды сөйлейтін «төртінші биліктің» өмір сүруі. Біз өршіл рухты қазақ халқының әлемдік дидарын қалыптастырып, мемлекеттік тілімізді өркендетіп, мәртебесін көтеру үшін және жаһандану заманынан ойып өз орнымызды алу үшін ақпарат кеңістігіміздің қауіпсіздігін сақтауымыз қажет. Бүгінгі күннің ақиқаты да сол .


Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   28




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет